Сәулеш Шәтенова. БІР ТАМШЫ ЖАСТЫ КӨРДІМ ТАСҚА АЙНАЛҒАН…

ӘЖЕ

Қызы едім мен әжемнің жекеменшік,
Қызы еді ол ал өзі бір адайдың.
Еркелігім ол барда кетеді өршіп,
Көлеңкесіндей қасынан ұзамаймын.

Көлеңкесіндей қалмаушы ем қасына еріп,
Жолыма болушы еді жаны құрбан.
Қырық бұрым қып ылғи шашым өріп,
Ұзын көйлек кигізіп тобығымнан.

Әкемді «аға», анамды «жеңге» көріп,
Әжемді мені туған «анам» дегем.
Жолаушылап кеткенде, түйесі өліп,
Қалған ботадай боздап қала берем.

Бала едім, бақытты қып үлгермедім,
Ақ жаулықтай ары аппақ, жаны асқақ.
Ғайып болып кетті әжем бір күндері,
Иісі сіңген қамзолын маған тастап.

Қалай қиып кетті екен бұл қарғасын?
Қалай қиып кетті екен бұл еркесін?
Жылап-жылап, түсіндім оралмасын,
Қалдырып кете барды көлеңкесін.

ОТ – АНА

Ақ жаулығы ақ бұлттан аумайтын,
Дегдар кемпір отқа майды тамызды.
Қызыл жалын жанарыңды жаулайтын,
Еске салды тайпалық бір аңызды.

– О,От – Ана, жас отауды қорғай гөр,
Пәле-жала, түнектегі жындардан!
О,От-Ана, күні-түні жанғай дүр,
Ошақта от лаулап, өршіп бұл жанған!

Сықырлауық, кереге мен босаға,
Жас келіншек оң аяқпен аттаған.
Күс-күс қолмен ағашты иіп жасаған,
Құс секілді көшіп-қонған сақ бабам.

Аласалар қарайтындай шалқайып,
Сәукелесі келіншектің тым биік.
Қара қазан ортада тұр қалқайып,
Қақпақтарын аймалайды Күн сүйіп,

– О.От-Ана, – дейді кемпір күбірлеп,
Оты үрлейді деміменен: «Суф-суф!».
Керегеден жел үрлейді жүгірмек,
Шаңыраққа шаншылады көп уық.

Шөмішпенен отқа майды құяды,
«Аластайын, аластайын», – деседі.
Аласұрған от сәулесі ұялы,
Кейуананың көздеріне көшеді.

От сөнеді жанардағы-сөнсе өмір,
Он бес ғасыр- жете алмайтын арамыз.
Ақ кемпірдің көздерінен сарышегір,
Қарап тұрды тиграхауда бабамыз.

БАҚСЫ ҚЫЗ

Ысқышпен қобызынан сарын үзген,
Ілесіп Күн астында сағым ізбен,
Бақсы қыз күй шалады – әні ерек,
Қыпшақы сәні ерек бәрімізден.

Ішекке жанып алып қыл ысқышын,
Қадаған тақияға құс үкісін.
Бақсы қыз қобызымен қосық айтып,
Емдейді жан-ағзаның мың мүкісін.

Дөңгелек жүзі аумайтын сары Күннен,
Бақсы қыз көзді арбайды жарығымен.
Емдейді дерт мүжіген жүректерді,
Биенің саумалындай сарынымен.

Шанағы қобызының жылап-сықтар :
– «Аз ба еді адам жасаған қиянаттар?
Мың ғасырда өшер ме Жер мен көкке,
Жағылған жамандықтар – қара дақтар?!».

Осылай нар қобызы зар жылаған,
Бақсы қыз Күндей жүзі албыраған.
Жаралғалы тынбаған тас ғасырдан,
Өксиді кәрі қобыз қалжыраған.

Жер ұғар, аспан ұғар ұқса мұңын,
Ұқсатқан қиқулаған құсқа үнін.
Бақсы қыз сұңқылдайды, төбесіне,
қадаған қауырсын мен құс мамығын.

ҚАССАҚ

Сені әкеткен тағы мінген тас дәуір,
Атақ-даңқың алты құрлық асқан дүр.
О, сақ бабам, үш бұрышты тәжі де,
Жарқыл қағып жер-жаһанға шашқан нұр.

Сарыала кіл киімің саф алтыннан,
Тағы жылқы мінген тарпаң қалпыңнан.
Айнымаған күйі аспанға ұшқансың,
Ал дарияң емес әсте сарқылған.

«Ұры-қары моламызға қауіпті»,-
деп қассақтар қара түндей қамықты.
Обаларын жермен-жексен көмсе де,
Тіміскілеп тыңшы уақыт тауыпты.

Алтын, алтын… жерді болса қазатын,
Қаздың атын қосамжарлап жазатын.
Алтын адам мүрделері үстінде,
Мәңгі ұмытқан ұрпағың бар өз атын.

Көзге ілмейтін бізді шетелдік мырзалар,
Бабаларым киіміне жүз қарар.
Күн шыққанда оқырсыздар биіктен,
Атын жазып кеткен еді құзға олар.

Менің елім – дала, таулар, ормандар,
Толғанады толысып Ай толғанда әр.
Алтын тәжі шағылысып Күнге анау,
Сақтар өмір сүрген жер, сан қорғандар…

АҚ ТЕРЕК, КӨК ТЕРЕК

– Ақ терек, көк терек,
Бізден сізге кім керек?
(Түркі халықтарының ортақ ойыны)

Бүкір дөңге шыққанда Ұлы Күн өрлеп,
Қолұстасып, шуылдасып, еркелеп.
Күн астында тақиялы топ бала,
Ойнағаны Ақ терек пен көк терек.

– Ау, Ақ терек, ақ терек пен көк терек,
Ал таңдаңыз, бізден сізге кім керек?
Көшіп- қонып жүргенде құс сияқты,
Бабамыздан қалған бізге бұл дерек.

Қолтаңбасын қалдырып көк тастарға,
Баба көші ұшып кетті аспанға.
Соны айтады кәрі құлақ қобыз да,
Күй мен қосық, мақам, терме, дастандар.

Түркі деген тараймыз бір ағаштан,
Бұтақтармыз тәніне оның жарасқан.
Сары Күннің ғарыштағы дөңгелек,
Сәулесіміз қараңғыда адасқан.

Қобызда ойнар оғыз – қыпшақ сарыны,
Түркіні арбап бұл дүниенің сағымы.
Иір бұтақ бет-бетіне безсе де,
Жібермейді қара жерден тамыры.

Жүйесінде толғанады Күн дана,
Бәрімізді толғатқан-ды Ғұн ана.
Иір бұтақ, қайда безіп барасың?
Өзімшіл-ау, өнген дәнің бір ғана.

Баба ойыны – Ақ терек пен көк терек,
Топ бала ойнар қос қолдарын кермелеп.
Ойлансаңшы, түркі емес пе ек түбі бір,
Сары Күні, киіз үйі дөңгелек?!

ТҮЙЕТАС

(Ресейдің Орынбор облысындағы табиғаттың
өзі соққан ғажайып-түйетасты көргенде)

Далада жағылған сан оттар қалды,
Шың тектес шошақ бөрік сақтар ма әлгі?
Қайтқан құстай тізіліп көшкен кезде,
Кім ұмытып кетті екен шөккен нарды?

Күн шыққанда Ай тозып жатыр ауып,
Бір бозторғай әндетті ауық-ауық.
Бір қоспағын бір бабам қалдырды ма,
Көшке ере алмас кержелке, бақырауық?

Сан көш өтер өмірден аты жалған,
Айналдым ботакөзді осы нардан.
Бұйдасын шұбар тасқа байлап мәңгі,
Туған жерге тұрмастан жатып алған.

Қалып қойған қыпшақтан, сақтардан ба? –
Ел таңғалып қарайды шөккен нарға.
Дүниенің жауһары шығар еді,
Теңдеулі қомын алып ақтарғанда.

Селт етпес бет алдынан кескестесе,
Жібектен жабу жауып көлкештесе.
Иемденген жат тілін ұға алмай жүр,
Тұрар еді орнынан «Көс-көс» , – десе.
Асылым алты қырдан аспай қалған –
Жетім бе енесінен жастай қалған?
Ел не көрді, білмедім, қызықтаған,
Бір тамшы жасын көрдім тасқа айналған.

АЛТЫН ШАТЫР

Сары даладан шатыр көрдім алтын арқау, жез баулы,
Қара шағи жібекпенен көздеріңді байлайды.
Сосын сені төрге бастап, жүрегіңді жаулайды,
Дутар, сырнай, рубаб, дойра бейне құстай сайрайды.

Сол шатырда мұңлы аспаптар мың бір әуен ойнайды,
Қымыздай күй, бозадай саз мас болмасқа қоймайды.
Отыз күн ойын, қырық күн тойын кернейлетіп тойлайды,
Ал ортада бір жалын от таң атқанша жайнайды.

Сәмбі талдай сұлу қыздар билегенде сәндене,
Ғашық болдым әншіге ме, әлде әсем әнге ме?
Жүрегімді тұсаулап ап әнші ме, ән ме…әлдене,
Алтын сырлы сол шатырда қалып қойдым мәңгіге.

БАТЫРДЫҢ ҚҰЛПЫТАСЫ

Көне қорым көптен ешкім бармаған,
Жоқтау айтып ішінде жел зарлаған.
Міне, мынау құлпытасы батырдың,
Тербетіп тұр бесігінде сары далам.

Жалау ұстап, сала шапқан жауға ұран,
Батыр шығар ер намысын қайраған?
Шейіт болу- мұрат болған заманда,
Бар ғұмырын бір-ақ оққа байлаған?

Бәлкім оны жоңғар жауы сұлатты,
Жүрегіне қадап арсыз бір оқты ?
Әттең мынау басындағы құлпытас,
Жел жұлмалап, Күн тоздырып құлапты.

Бәлкім, жанын жалдамай қор күні үшін,
Өлген шығар сала жүріп ұрысын?
Құлпытасқа шебер ойып салыпты,
Айбалтасын, найза менен қылышын.

«Жері кең» деп таң болмадық кімдерге,
Қызғанышпен себеп қой күндерге.
«Қалай ғана ие болған қазақ деп,
Қазыналы ұлан-ғайыр бұл жерге?»

Бұл төбеде ұрыс болды-ау бір сойқан,
Бабалардай жүрек жұтқан, әй, қайдам,
Қайтарар ма ек шабар болса жау қайта?
Ұлан-ғайыр жерді бізге қалдырған –
Мынау қылыш, найза менен айбалта.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Жұлдызговорит

    Қандай керемет жыр!

Пікір қалдыру