Сағатбек Медеубекұлы. АҚЫН ТІЛІН АДАҚТАҒАН СӨЗДІК

Сағатбек Медеубекұлы

АҚЫН ТІЛІН АДАҚТАҒАН СӨЗДІК

Сөз басы немесе Мұқағали тілімен алғашқы таныстығым

Ол кезде оқуға бару да, «абитуриент» атану да мәртебе әрі мақтаныш. Бірде үш абитуриент кезекті кеңес алу сабағынан шығып келе жаттық.
– Өлең оқиық, – деді Райхан Нәкеева. Бұл – күні кеше оныншыны оқып жүрген кезінде республикалық үшінші ақындар айтысында үшінші орынды жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған, Қорам мектебінен келген дарынды қыз. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары түгел айт-ты, көрсетті, жазды. Атағы аспандап тұрған кезі.
– Оқысақ, оқиық, – деді қасындағы Нұрмира Әлішева. Бұл да – әр түрлі басылымдарда өлеңдері мен мақалалары жиі жарияланып жүрген, Кеген орта мектебінен келген аты белгілі қыз.
Мен ғой Қарқара орта мектебін осыдан төрт жыл бұрын бітіріп, оқуға бірнеше рет түсе алмай, екі жыл әскер қатарына барып келген, жазған сызғандары жарияланып жүрген сақа жігітпін. «Өлең оқығаны» несі деп таңмын. Қолдарында кітап жоқ, не дәптер ұстамаған. «Қайда, неге қарап оқиды?» деп ойланып келем. Көп ұзамай Райхан:
– Мұқағали Мақатаев. «Елім барда», – деп сәл үнсіз қалды да бір жөткірініп алып сөйлей жөнелді:
…Не сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса, тірі тұрсам, көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің…
Дауысы саңқылдап, дәп бір өз жүрегінен шығарып жатқандай жандүниесімен беріле, ұждандана айтып келеді, айтып келеді. Мүдірмейді де жаңылмайды. Мектептегі тақпақ айтқан оқушының айтымына қарағанда мына айтым мүлде бөлек:
…Не істемекпін, алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман, сірә да,
Туған елім болса екен бақытты…
Райхан осылай әр сөздің мағынасына мән бере, мәніне қарай дауыс ырғағын құбылта, бірде бәсеңдетіп, бірде екпіндетіп, тағы бір шумақ айтып барып кідірді. Ол демін ішіне алып болғанша Нұрмира үн қатты:
– Мұқағали Мақатаев. …Туған жердің топырағын сүйе алмасам мәңгілік…
Бір-екі адым үнсіз аттағаннан кейін сызыла, үздіге өлеңдете жөнелді. Мұның айтымы жұмсақ:

…Содан жаз кеп, ен жайлауға – Шалкөдеге көшкенде,
Алдымыздан аңқушы еді Айғайтастан ескен жел.
Туған жерін өмірбақи ұмытпасын деген ғой,
Айналайын Аналарым кіндігімді кескенде.

Содан ба екен, қалам тартсам, жыр тумайды жерімсіз,
Мен сеземін, күтіп жатыр, күтіп жатыр тек үнсіз.
Туған жердің топырағын сүйе алмасам мәңгілік,
Онда мені қалды деңдер көмусіз де кебінсіз…

– Ғажап! – деп дауысын көтере саңқ етті Райхан.
– Иә, керемет! – деп қоштады Нұрмира. «Екеуінің оқыған өлеңдерін мен неге оқымағанмын?» деп пұшайманмын. Өзім талаптанып («тыраштанып» дегенім дұрыс шығар) өлең жазып жүргеніммен, өзге ақынның өлеңін жаттап, жатқа айтуды машық көрмеген екенмін. Бұлардың «оқиық» дегені «жатқа айтайық» дегені екенін түсіндім. Ортада үнсіздік. Сірә, қыздар менің де Мұқағали өлеңдерін жатқа айтқанымды күтіп келеді. Реті солай өзі де. Бірақ мен ол ақынның өлеңдерін осы екі қыздың аузынан бүгін ғана естіп келем ғой… Өзім мектеп бағдарламасы бойынша жаттаған басқа ақынның өлеңін айтсам, ұят секілді. Не айтарымды білмей кідірдім. Райхан өжет, өршіл, намысқой қыз екен. Бірден:
– Өзіңнің қазағыңның Мұқағалиының бір өлеңін жатқа білмесең, несіне Алматыға келдің?! – десін.
Қапелімде аузыма орынды уәж түспей, Мұқағалидың ең болмаса бір өлеңін жатқа білмегенім үшін осы қазір ауылға қайтуым керек секілді алаң көңілмен мүдіріп қалғаным.
Нұрмира жаны нәзік, адам көңіліне қарағыш қыз екен:
– Райхан, ол Мұқағалидың кітабын алып үлгермеген шығар. Өткенде екеуміз барып ең соңғы екі кітабын сатып алған жоқпыз ба дүкеннен? – деді. Мұқағалимен бұлар бұрыннан таныс, сырлас, өздерінің ең жақын адамы секілді есімін еміне, елжірей атайды. Райхан естісе де естімеген болып тағы да:
– Мұқағали. «Арман қуып…»
… Айтпашы… айтпасаң да білем, білем,
Білемін де күлемін, ренжімен…
Мұқағалидың өлеңіндегі әр тіркес, әр сөз, әр дыбыс дәп бір менің жан дүниемнің шертілмей жүрген шектерін шерткендей, жүрегімнің басылмай жүрген пернелерін басқандай, тұла бойым шымырлап, көңілім толқып, алақұйын сезімге бөленем.
…Адам сірә, бақытын місе еткен бе?
Армандайық,
армансыз кісі өткен бе?
Байламы жоқ бақытқа құлдық ұрмай,
Не жетсін арман қуып, іс еткенге…
Мұқағали өзімен емес, менімен сырласатын, менің тіліммен сөйлейтін сияқты. Сөздері де таныс, ойы да түсінікті. Қарапайым адамдардың бәрінің басында бар жәйттерді бәрі ұғынатындай мәнермен, қиыннан қиыстыратын ұйқастарды еш қиындықсыз шумақ-шумағымен, түйдек-түйдегімен төгілте айта салады екен.
Райхан тоқтаса, Нұрмира Мұқағалидың келесі өлеңін суыртпақтай жөнеледі:
…Ей, бауырым, неге сонша мұңайдың,
Мен мұңайсам, сенен бетер жылаймын…
Төмен қарап ойланып келе жатқан ем, мына сөз дәл маған айтылып жатқандай естілді де еңсемді тіктеп алдым. Ең жанашыр жан досыңның өзіңе қарата айтылған жүрекжарды сөзіндей санаңды да, сезіміңді де бірден өзіне баурап, тербетіп ала жөнелетін өлеңдерді бұған дейін оқыдым ба, оқымадым ба, бірақ дәл осы сәттегідей әсерленбедім-ау деймін.
Сөйтіп, ауылдан Алматыға жаңа келген екі абитуриент ақын қыз бірінен кейін бірі пәтерлеріне жеткенше тоқтамай Мұқағали өлеңдерін жатқа айтып, сол жылы жаңа шығып, саудаға түсе салысымен қолма-қол тарап кеткен «Өмір-өзен» деген жыр жинағымен мені осылай таныстырды, сусындатты. Мен намыстан жарылардай, ұяттан өлердей мазасызданып, ертесі Алматыны күні бойы аралап жүріп, ел назарынан елеусіз жердегі дүкеннен «Өмір-өзеннің» сөреде қалған жалғыз данасын сатып алып бас алмай оқыдым. Оқып қана қоймадым, жаттадым. Келесі кезіккен кездерде Райханмен Нұрмирадан қалыспай мен де жарыса Мұқағали өлеңдерін жатқа айтатын болдым.
Содан бері, міне, табаны күректей қырық жылдан асыпты. Менің жүрегімдегі Мұқағали сол биігінен бірде бір төмендемей, одан сайын асқақтап келеді. Оның өлеңіне, жырларына ынтықпайтын жан жоқ. (Менің Қыдырбай Аманжолов деген сазгерағам Мұқағалидың үш жүз (!) өлеңіне ән шығарды). Қазақтың кез келген баласы Мұқағалиды біледі, өлеңін жатқа айтады. Ол тым болмағанда Мұқағалидың ән мәтініне қосыла шырқайды.Қазір Мұқағалиды білмеу – Абайды білмегенмен бірдей намыс.
Әр қазақтың жүрегінің төрінен осылай орын алған ұлы ақынның «құдыреті неде?» деген сұрақ туса, әрине, Алла берген дарынында, қабілетінде екенін ешкім жоққа шығармайды, соған қоса оның тағы ұлы қасиеті мен құдыреті тіл байлығында дер едім. Бұл – шындық.

Наркітап
немесе нар тұлғалар еңбегінің нәтижесі

Сол шындықты дәлелдейтін наркітап (фолиант) жақында жарық көрді. Ол «Мұқағали тілі сөздігі» деп аталады. Ендігі әңгіме осы наркітап туралы болмақ. Өзім бұрынғы баспагер болғандықтан, алдымен наркітапқа баспагерлік көзқараспен сипаттама бере кетейін.
Кітап Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Ғылыми кеңесінің ұсынысымен 2019 жылы «Сардар» баспасынан 1064 бет (!) болып жарық көрген. Басуға жолашар пікір жазғандар – филология ғылымының докторлары, профессорлар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Телқожа Жанұзақов пен академик Әділ Ахметов. Алғы сөзін жазған – қазақ тіл білімінің абызы, академик Әбдуәли Хайдаров. Кітаптың басуға дейінгі үдерістерін атқарған редакторы – Серікжан Бақытжан, техникалық талаптарға сай әзірлеген редактор – Саят Ақылов. Сыртқы мұқабасын да, ішкі құрылымын да мазмұнына сай безендірген безенші – суретші Алмас Сырғабаев. Пішімі 84х108 1/ 16, шартты баспа табағы 66,5.
Кітаптың авторлары: Байынқол Қалиұлы – Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінің» негізгі авторларының бірі және осы он томдық сөздіктің сегіз томының жауапты редакторы болған. Осыдан 45 жыл бұрын жарық көрген, қазір іздеп таба алмайтын, әр қазақтың төрінде тұруға лайық аса қажетті бұл он томдықтан өзге әр түрлі 24 сөздіктің де авторы. Келесі автор – Жансейіт Қансейітұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілі», «Қазақ тілі: грамматикалық анықтамалық» және бұлардан басқа орыс тілінде жарық көрген жеті-сегіз кітаптың, сондай-ақ осы салада жүздеген ғылыми-замансөздік мақалалардың авторы. Тағы бір автор – Шерубай Құрманбайұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент – мүшесі. Ғылыми еңбектерінің негізі терминология, лексикология, аударма, лексикография, терминография, ономастика, тіл саясаты бағытында. Осы салаларда 30-дан астам кітаптың, ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының және 300-ге жуық ғылыми-заман сөздік мақалалардың авторы. Авторлардың бірі – Сәбира Сағынбекқызы. Бұл да филология ғылымының докторы, профессор. Ғылыми зерттеу ісінің бағыты – лексикология, терминология, салыстырмалы, салғастырмалы тіл білімі, когнитивтік тіл білімі. Осы бағыттарда жазылғын 80-нен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монография, 5 оқу құралы, 3 электрондық оқулық және 2 сөздіктің авторы.
Көріп отырғанымыздай, көлемі алпыс алты баспа табақтан астам (!) осындай алып кітаптың дүниеге келуіне атсалысқан авторлардың кәсіби білігі де, білімі де, мамандыққа сай машығы да жеткілікті болған. Әрқайсысы да – өзінің ғылыми бағытының «жілігін шағып, майын ішкен» құзыретті мамандар. Демек, «Мұқағали тілі сөздігінің» сауатты түзілуіне, жүйеленуіне, құрастырылуына, саралануына, салалануына, салғастырылуына, жазылуына еш күмән тудырмайтын көрнекті ғалымдар тобы еңбек еткен. Осы топ Мұқағали шығармаларында қолданылған он үш мың үш жүз қырық сегіз сөз (!) бен бес мың отыз бес тұрақты тіркесті түгендеп шыққан. Мұндай аса сабырлылықты, ұлан-ғайыр ыждаһаттылықты, таймас табандылықты, сарқылмас сергектікті, ересен еңбекқорлықты, үлкен жауапкершілікті талап ететін ерен еңбекті аяғына дейін еш дабыра-даңғазасыз, жарнама-жарламасыз атқарып шығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ғылыми-танымдық маңызы да, азаматтық-патриоттық мәні де зор игілікті іс. Оны тек азаматтық ұстанымы айқын, ғылыми мұраты биік, ұлттық мүдделері ортақ, ары таза, жаны адал, нағыз патриот ғалымдар ғана атқарып шығады. Біз сол атқарылған істің нәтижесіне куә болып отырмыз.
Кітаптың шыққанынан шығадысы «қызық»
немесе оймақтай ойдан орасан нәтижеге жету азабы

Бір тақырыпты қолға алған ғалымның алдымен өзіне дейінгі отандық және шетелдік тәжірибелерге арқа сүйейтіні – ғылыми әдепке жатады. «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары да сол әдептен аттап кетпеген. Олар Отанымызда да, әлемде де жарық көрген осы тақілеттес сөздіктерді – У. Шекспир тілінің сөздігін (1874 ж.), А.С. Пушкин тілінің сөздігін (1956 ж.), Абай тілінің сөздігін (1968) қарап шығып, бағытын біліп, өздеріне бағдар алған. Демек, жеке адам тілі сөздігін түзіп, шығаруда олар алғашқы емес. Әрине, соңғы да емес. Бірақ бұлардың сөздігінің бұрынғылардан мазмұндық-пішіндік жағынан өзгешелігі бар және оны дүниеге әкелу машақаты да басқаша болған.
Алдымен осындай сөздік шығару туралы ой дүниеге келген. Ол ойды жүзеге асыра алатын білікті де білімді, мүдделес ғалымдар топтасқан. Топтасқан ғалымдар жоспар құрған. Сол жоспарды орындауға кіріскенде әуелі Мұқағали шығармаларының барлық басылымдарын түгел қарап шыққан. Жай қарамаған, жарық көрген жинақтың бәрін, әр түрлі басылымдарда жарияланған шығармалардың барлығын түгел сүзген. Сөйтіп, олар Мұқағалидың туындылары түгел қамтылған және сөздік жасауға толық ғылыми негіз боларлық басты тұғыр – 2013 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген бес томдық шығармалар жинағы екендігіне көздері жеткен. Осы бес томдықтың өзін бастан-аяқ өзге басылымдармен, басқа жарияланымдармен тағы бір қайта салыстырып, салғастырып көрген. Сонда бес томдықтың алғашқы үш томында Мұқағалидың 1064 өлеңі және шетел ақындарынан тәржімалаған 81 аударма өлеңі, яғни барлығы 1145 өлеңі барын анықтаған. Осыған енді 4-5-томдардағы авторлар айқындаған бір дастанын, 13 поэмасын, А.Дантеден, И.М.Гревстен аударған 163 беттік өлеңдерін, 4 әңгімесін, 2 повесін, 1 пьесасын, 5 сын-мақала және хаттарын қосыңыз. Сонда Мұқағалидың хатқа түсіп, тасқа басылған 1177 шығармасы барын түгендеп шығудың өзі қаншалықты машақатты жұмыс екенін біле беріңіз.
Енді «осы түгенделген шығармаларда бар сөздің бәрі сөздікке алына ма, әлде белгілі бір сынталап болуы керек пе?» деген сұраққа жауап іздегенде, алдымен өзімізде 1968 жылы жарық көрген «Абай тілі сөздігі» тексерілген. Онда ақынның 170 өлеңі және 45 қарасөзі түгел қамтылған екен және мұнда нені алуға болады, соның бәрі назардан тыс қалмаған, кісі есімдері де, жер-су аттары да түзілген. Дәл осы бағытта жасауға да болар, бірақ көлемі жағынан Мұқағали шығармалары әлдеқайда көп, онда поэзиялық шығармалар, прозалық туындылар, драмалық жаратындылар, сындар, мақалалар, күнделіктер, хаттар бар. Соның барлығы санға кіргенмен, санатқа алынбауы да мүмкін. Егер осылардың бәріне ғылыми сынтез жасалмаса, сөздік толыққанды дүние болып шықпайды. Ғылыми сынтезге келгенде, «сөздікке нені кіргізбеуге болады?» деген сұраққа жауап табу да оңай шаруа болмаған. Нәтижесінде мақсатты түрде: бес томдыққа енген басқа адамдардың Мұқағали туралы естеліктері мен арнау жырларының тілі сөздікке ілінбеген; Мұқағалидың орыс тіліндегі жазғандары сөздікке алынбаған; Мұқағали өз жазындарында тілге тиек ету үшін өзге адамдардың туындыларынан алған үзінділер сөздікке енбеген; ақын шығармаларында кездесетін адам есімдері (268 есім), жер-су, қала аттары (барлығы 226) сөздікке кірмеген; АДантенің «Құдыретті комедиясының» аудармасына жасалған қосажарлар (комментариийлер) тілі сөздікке бармаған. Өйткені қосажарларда алынған сөздің бәрі поэманың ішінде бар; ақынның ҚазССР КП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев­қа жазған хатының орысша мәтіні сөздіктен тыс қалдырылған. Сондай-ақ кейіпкерлердің ныспылары, газет, журнал, кітап, туынды атаулары, мекеме, кәсіпорын, ұжым, ұйым аттары, бас әріптерімен ғана қысқартылып қолданылатын орысша сөздер сөздікке енгізілмеген. Бұл ақынның төл тілінің құнарлылығын айқындауға жол ашқан.
Авторлардың сөздікті шығарғанға дейін атқарған жұмыстарының тағы бір соқталысы – ақынның әр жылдардағы жарияланымдарында кездесетін екіұдай сөздердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін анықтау дер едік. Мысалы, кейбір жинақтарда ақынның кей шумақтары екі жерде қайталанады. Жарыса қолданылған ондай шумақтар отыз рет кездеседі. Сөздікке осылардың біреуін ғана пайдалану керек. Демек, отыз рет қайталанған шумақтардың бір сыңары назардан тыс қалдырылуы жөн. Немесе, әр жинақта әр түрлі жарияланған сөздер мен тіркестер және қате жазылып, мағыналық жағынан өлеңнің мазмұнына нұқсан келтіріп тұрған сөздер де кездескен. Сондықтан да сөздік авторларына Мұқағали шығармаларының жарияланымдарын белгілі бір деңгейде текстологиялық тексеруден өткізуге де тура келген. Сонымен бірге авторлар редакторлық көзбен де қарап, кейбір мағыналық сәйкессіздіктерді анықтаған. Мысалы, 3-томда жарияланған: «Жұрттарын іздеп қауымның, Уақыт біраз текке өтті. Орнына ескі ауылдың, Жоңышқа шығып көктеші» деген шумақтағы соңғы ұйқастың қате жазылғанын анықтаған. Сөздікшілер ол ұйқасты «көктеші» емес, «көктепті» деп дұрыстаған. Мұндай дұрыс жасалған редакторлық түзетулер бірнеше жерде кездеседі. Мыс.: «Масақтан дән айырып, тұлып бастым» деген жолдағы «тұлып» сөзін алайық. Тұлып сөзі қазақ тілінде бірнеше мағынада қолданылады. Ол – қыста киетін тоннан да, ішіктен де қалың, үлкен жылы сырт киім. Сондай-ақ, тұлып – өлген бұзаудың ішіне сабан тығып, томпитып қойған терісі. Енесі сауылар кезде иіскеп, ийуі үшін қолданылатын қуыршық. Және де тұлып – екі айлық қозы терісінен жасалған қапшық. Оған әйелдер ісмерлік бұйымдарын салып қояды. Көрдіңіз бе, бір ғана әріптің ауысуы қаншама мағынаның ашылмай қалуына себеп болған. Ал ақынның айтпақ болғаны тұлып емес, қырманда орылған астықтың масағынан дән айыру үшін атпен сүйретіп жүретін, жан-жағы қырланып, тіс шығарылған үлкен жұмыр да ауыр тас. Оны қазақ «тұлық» немесе «тұлықтас» дейді. Авторлар ақын қолданысын дәл тапқан да сөздікке «тұлық» деп енгізгін. Осындай біліктілік пен білімділікті қажет ететін сәттерде дұрыс шешім қабылдаған авторларға разы болмасқа әддің жоқ. Олар әр сөзді жеке теріп, жазып қана отырмаған, сөйлем мағынасына қарай қолданылуына да редакторлық түйсік деңгейімен де, ғылыми таным биігінен де аса ыждаһаттықпен мән берген. Жарияланған шығармалардың мәтіндеріне түзеткерлік (корректорлық) дұрыстау жұмыстарын да жүргізген. Мыс.: жоқ (жөн), зер(зәр), кез (көз), қол (көл), қор (көр), лақ (дақ), тон (тоң), жанышқан (шанышқан), жердем (жәрдем), өлсірет (әлсірет), т.б. Сөздік шығарушылар басылымдарда кеткен мұндай ұсақ-түйек қателерді баспадан немесе басқадан мін іздеу үшін емес, сөздіктің сауатты шығуы үшін анықтаған.
Мына мәселе де – қызықты және назар аударуға тұрарлық шешім. Кейбір сөздерді Мұқағали қазақтың дыбыс үндестігіне сәйкес айтымы бойынша яғни, халықтық сөз саптау әдеті бойынша саналы түрде шайды «шәй», жайылымды «жәйілім», жаннатты «жәннәт», уайымды «уәйім» деп қолданған. Ал бұл қолданыстар ресми бекітілген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі» талаптарға сәйкес келмейді. Ендеше, сөздікке оларды ресми құжатқа сай өзгертіп қолдану керек пе, әлде мұқағалилық нұсқада енгізу керек пе?.. Қиын. Көзі тірі болса, ақынның алдынан өтіп, бір келісімге келуге болар еді. Ақынның сөзі бар да өзі жоқ. Егер «өзі жоқтың көзі» жоқ деп, өлең жолдарындағы дыбыс үндестігіне, сөз ұйқастығына, мазмұн ағысына қарай жымдасып кеткен ондай сөздерді ресми бекіген талапқа сай өзгертіп жіберсеңіз, өлеңге нұқсан келеді. Оны ақын әруағы кешіре ме? Оқырман қалай қарайды? Қалай қабылдайды? «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары ақынның сөз саптау мәнерін сақтап, оны ақынның тіл қолдану ерекшелігі ретінде қабылдап, сол қалпы қолдану дұрыс деп шешеді. Ең аз кездескенін және өлеңнің мазмұнына нұқсан келтірмейтінін ғана түзеп, жиі қолданылатындарын Мұқағалидың тіл қолданудағы өзіндік ерекшелігі ретінде сол қалпы қалдырған. Бұл да – сөздік авторларының біліктілігі мен ұлтжандылығының айғағы боларлық шешім.Мұқағали тілі сөздігін шығарарда авторлардың аса бір ыждаһаттылықпен орындаған, ең қажетті де маңызды еңбегін айырықша атап өту керек: авторлар – ақын шығармаларында алдымен қанша сөз барын анықтаған. Одан соң қанша сөз тіркестері барын айқындаған. Бұдан кейін ол сөздер мен тіркестерді қандай мағыналарда қанша рет қолданылғанын санап шыққан. Ақыр соңында әлгі тілдік бірліктер Мұқағали туындыларында қанша рет қайталанатынын да тізіп шыққан.Мұндай ұлан-ғайыр жұмысты тиісті талапқа сай атқарып шығу үшін ақын шығармаларында бар әр сөзді, әрбір фразеологизмді жеке-жеке түгендеп, реттеп, жүйелеп, солардың әр қайсысына жеке-жеке кәртішке жасаған.
Наркітаптың шыққанынан шығадысы осындай қисапсыз қиын істерден тұрғанын және ол қиындықтарды авторлардың үлкен жауапкершілікпен жеңіп шыққанын ауыз толтыра айтқан ләзім.

Шыққан кітапты ұққан адам
ғана бағалайды
немесе сөздіктің ерекшелігі неде?

Сіз осы «Мұқағали тілі сөздігін» қолыңызға алып көрдіңіз бе? Көрсеңіз, алдымен көлеміне қарап, «мынадай наркітап бір институттың арнайы мемлекеттік тапсырыспен бір емес, бірнеше жыл үзіксіз жұмыс атқаруы нәтижесінде дүниеге келген шығар» деп ойлап қаласыз. Ойыңыз қате. Бұл – ешкімнің тапсырмасынсыз, бар-жоғы төрт ғалымның азаматтық-патриоттық бастамаларымен жасалған және жарыққа шыққан кітап.
Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ сөздік шығарудың халықаралық талаптарына сай үйлескен академиялық білік пен білімнің әлеуетін аңғарасыз. «Алғысөз», «Сөз басы», «Сөз арасы», «Сөз соңы» деген тақырыптардан наркітаптың мазмұндық болмысына бағыт аласыз. Осыларды зейін қоя оқып шықпасаңыз, сөздікте қолданылған ғылыми талаптарды, нормативтік қалыптарды, шартты белгілерді де толық түсіне алмай қалуыңыз кәдік. Оқып шыққаннан кейін әліпби бойынша басталған әр сөзді және оның мағынасын әрі ақын шығармаларындағы қолданысын тану арқылы бірте-бірте Мұқағали әлеміне ене бастайсыз. Мұқағали сөзі арқылы қазақ тілінің нәрінен сусындайсыз, байлығына кенелесіз. Кейбір сөздердің ақын қолданысында қазақыланып, қасаңдықтан арылып, ана тілінде бұрыннан бар сөзге айналып кеткенін де аңғарасыз. Мыс.: ағұс, әсфәлт, әнсәмбіл, зауыт, кіреміл, кереует, әпелсін, деректір, сәнтім, т.б. (жат сөзге әуестер бұл сөздерді «август», «асфальт», «ансамбль», «завод», «кремль», «кровать», «апельсин», «директор», «сантиметр» деп тілін бұрап айтады да жазады), болмаса сіз бұрын мән бермеген, мағынасына үңілмеген сөздерді де кездестіресіз.: мыс.: әурей, әтуер, дөңгей, делбетап, бізгек, бөдірет, болатнай, бейаруақ, башмақ, зәндемі, зәре, зәкір, жырғалаң, жың, жылым, жалман, жалқық, қайыл, қағанақ, күсін, күзек, кеусен, кебір, бетдүздік, мұзойнақ, миқы, мекер, мәңгу, маңыт, лақа, құлақшын, дүбін, ереңде, жаншақ, жыпқы, кеспет, мүре, мүсіре, сірді, т.б. Ақын ойды дәл де анық әрі көркем жеткізу үшін пайдаланған қазақ тілінде бар, бірақ ұмытыла бастаған мұндай сөздерді әлі де тізе беруге болады. Бірақ біздің айтпағымыз – сөздік авторларының осындай сөздердің барлығының мағынасын тауып, ақын қолданысындағы түрленуін де назардан тыс қалдырмағандығы. Осы арқылы ақын тілінің шұрайлылығын айқындағаны көңіл қуантады. Мысалы, Мұқағали шығармаларында «жан» деген сөзді сан мәрте қолданған. Әр қолданғанда мағына үстеп, түрлендіріп отырған. Сөздік авторлары ақын қолданысындағы «жан» сөзінің әр тіркесте қандай мағынаға ие болғандығын ерінбей-жалықпай анықтаған. Ерінбей санап отырсақ, ақын қолданысында «жан» сөзімен тіркесіп мағыналық өзгерістерге ұшыраған 93 тілдік бірлік бар екен. Дәл осы секілді «қара» сөзін Мұқағали 84-рет түрлендіріп қолданыпты. Сол сексен төрттің де ақын айтқысы келген мағынасын дәл тауып түсіндірме берген авторларға еңбекқорлығы үшін разы боласың. Осындай жанкештіліктің нәтижесінде Мұқағалидың тіл байлығы ол қолданған жеке сөздерден ғана емес, сол сөздердің қатысуымен жасалған фразеологиялық тұрақты тіркестердің санымен де, сонымен қатар тілдік бірліктердің тура және ауыспалы мағынасында қолданысымен де өлшенетіндігін дәлелдеп, ақын қолданған 13348 сөз бен 5035 тұрақты тіркеске осы сөздер мен тұрақты тіркестердің 21453 мағыналық қоданысын қосып, Мұқағалидың тіл байлығы 39 836 тілдік бірлік болатындығын анықтаған.
Сөздік соңына авторлар қосымшалар берген. Қосымшалар 15 кестеден тұрады. Бұл кестелерден ақын қолданған сөз таптарының түрлену формаларын; тәуелдік, көптік, жіктік жалғаулардың қолданысын; сын есімнің шырайларын, етістіктің болымсыз формаларын, шақтарын, райларын, шылауларды, есімдіктерді қалай, қанша рет пайдаланғанын; атау сөздер мен тұрақты тіркестердің әріптер бойынша сандық көрсеткішін; жиі және сирек қолданылған сөздердің үлгілерін; танымал кісі аттарының, сондай-ақ ел, жер, су, қала аттарының сандық көрсеткішін; Мұқағали шығармаларының бес томдық жинақтарында қате жазылған сөздердің қай томда, қай бетте екендігін және ол сөздің дұрыс жазылуы үлгісін көресіз.
Осынша мазмұны бай, ішкі-сыртқы пішіні үйлесімді, мағынасы да, мәні де зор сөздіктің дүниеге келуі-шын мәнінде қазақ тіл білімінің үлкен жетістігі дер едік. Бұл сөздік арқылы Мұқағали сынды қайталанбас тұлғаның тілін, тілі арқылы дүниетанымын түсінеміз, нәтижесінде ұлт тілінің байлығына, бай тілдің құнарына кенелеміз, қазақ деген халықтың ана тілінің шұрайлы да құнарлы бай тіл екендігіне көз жеткіземіз. Бұл сөздік – мұқағалитану ғылымының зор табысы. Бұл сөздік – сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа ұласар, ғасырдан ғасырларға жалғасар ұлт мұрасы.

Пікір қалдыру