Сабырбек ОЛЖАБАЙ. АҚІЛГЕК

Еңселі үш қабатты үйге кіріп келген Болатбек аңырады да қалды. Жо-жоқ, оны таң-тамаша қалдырған зәулім сарайдың алтынмен аптап, күміспен қаптап қойған көз суарарлық сұлу да сымбатты көрінісі мен қымбат жиһаздары емес еді. Қарсы алдында үріп ауызға салғандай келісті келіншек тұрды. Япырай, мынадай да сұлулық болады екен ғой, гүлді халатының алдыңғы өңірі сәл ғана ашық қалыпты да, қос алмасы серіппедей сыртқа теуіп тұрған келіншектің мойылдай қарашығына тұсалды да қалды. Тұла бойында бір мін болсашы. Аққудың көгілдіріндей келіншек бейтаныс жігіттің ұрлана да сұқтана қарағанына қымсынған да жоқ. Қайта «қарай түс, тіміскелене түс» дегендей әнтек жымиып, тостағандай көздерін төңкеріп, сүйкімін арттыра түсті. Ол «не үшін келдіңіз?» деп сұрамады да, тап қазір өзінің осы бір ерке болмысты тұрысының үстіне бөтен еркек кіріп келетінін күткендей екі көзі боталап, Болатбекке қиыла қарады.
Болатбек не үшін келгенін айта алмай тұтықты да қалды.
– Сізге мынаны басекең беріп жіберді, – деді әлден соң есін зорға жинаған Болатбек не үшін келгені есіне түсіп.
Келіншек сыңғырлап кеп күлді. Күлкісі күміс қоңыраудың сыңғырыңдай жүрек қытықтайды екен.
– Сіз Талқанбайдың жаңа шопырысыз ғой, – деді райы да, шырайы да келіскен келіншек оның тұла бойын тінтіп қарап шығып, – иә, жаңа ғана қоңырау соқты. Қолыңыздағыны мына жерге қоя салыңыз.
– Иә, Тауаға жіберді, – деді Болатбек сөзін қайта пысықтап.
Ол келіншектің күйеуін неге Талқанбай деп тұқыртып атап тұрғанын түсінген жоқ. Жұмыста ғой, бастықты барлығы да «Тауаға!» деп атап, алдында құрақ ұшады. Сонда келіншегі оны неге Талқанбай деп тұр?
– Менің есімім – Ақілгек. Әжем қойған, – деп әдемі келіншек қолын ұсынды.
Ып-ыстық та ұлпадай жұмсақ сүйріктей саусақтар жүргізуші жігітті майдай ерітті. Болатбек қолын тартып ала алмай, ұзағырақ бөгелді. Ақілгек ақ маржандай тістері жарқырап, ақтарыла күлді.
Олар осылай танысқан еді.
Содан бері Болатбек бастығының да, Ақілгектің де айтқанын екі етпейді. Көбіне іс-сапарда, тығыз-таяу жұмыстарымен қауырт жүретін бастығының қызын балалар бақшасына апарып келу мойнында. Аракідік Ақілгек қаладағы супер маркеттерді аралайды, сән ательесінде ұзақ бөгеледі.
Жүргізушіге керек басты қасиет – төзімділік пен шыдамдылық. Сосыңғысы қанша ұрысып жатса да мылқау адамдай тіл қатпау. Үшіншісі, бастығың туралы басыңа мылтық тіресе де, тіпті өліп бара жатсаң да сыр шашпау. Міне, осыларға шыдасаң, бастығыңның да, оның отбасы мүшелерінің де оябын тауып, сенімінен шықтым дей бер.
Болатбек мұның алдында да бір мықтының көлік жүргізушісі болған. Тәжірибесі толық, тісқаққан жігіт. Бастыққа ұнаудың, сеніміне кірудің жөн-жосығын бір кісідей біледі.
Болатбектің бұрынғы бастығымен танысуы да, қоштасуы да қызық. Онда Болатбек қоғамдық көлік жүргізетін. Таңертең ерте тұрып, кеш жатады. Белгілі бағыттағы автобуспен қаланы таңғы сағат алтыдан түнгі онға дейін айналады да жүреді. Жұмысы ауыр болғанымен, табысы тәуір. Оған тәжірибелі жүргізуші ретінде басшылары үнемі жаңа автобус береді. Құрмет-сыйы, қомақтылау қаржысы бар жұмыстан кім қашады? Оның құтты орнынан қозғалғысы да жоқ еді.
Бір күні ойламаған жерден алдынан «Джип» автокөлігі шыға келді. Болатбек тежегішті басып үлгермеді, екі көлік соғысып, дүние төңкеріліп жүре берді. Салон толы жолаушылар ұлардай шулап қоя берген. Бір есін жиғанда ол дәрігердің алдында отыр екен.
Кінәлі «Джип» жүргізушісі еді. Рульде арыстай болып Ақылбектің өзі отырыпты. Сол күні ол жолдас-жорандарымен мейрамханалардың бірінде бөгеліп қалады да жүргізушісін үйіне қайтарып жібереді. Мейрамханада қанша уақыт отырды, қаншама ішімдік ішті, бұл арасы бұлыңғыр, әйтеуір, Болатбек оның теңселіп тұрып тепсініп жер-жебіріне жеткенін еміс-еміс біледі.
Қалай дегенде де «Аққа Құдай жақ». Жол-көлік апатының қалай болғанын көргендер бар, жолаушылар бар, Ақылбектің рульге ие бола алмай, көлігімен автобусқа өзі келіп соқтығысқанын бұлтартпас дәлелдермен мойынына қойып берді. Бірақ Ақылбек алдырмайтын да, шалдырмайтын да жуан ортаның жолбарысы болып шықты. Не керек, ол өзің де, Болатбекті де тығырықтан алып шықты. Оған себеп – Болатбектің бір сөзділігі. Ол ішкі істер басқармасының тергеушілері, анықтаушылары алдында да, сот отырысында да «кінәлі менмін» деп тұрып алды.
Жоғарыдағылар үшін бір кісінің апат салдарынан о дүниеге аттанып, бір келіншектің түсік тастап, екі-үш адамның қол-аяғы сынғаны бұйым болыпты ма, Ақылбек судан таза, сүттен ақ болып шыға келді. Дегенмен өзі мәрт жігіт екен. Сөзінде тұрды. Болатбекті темір торда көп телміртпей, суырып алды.
Автобусынан айырылған, жұмысынан қуылған Болатбекті сындарлы сәтте сыр бермегені үшін ұнатып-ақ қалыпты. Көп кешікпей өзіне жүргізуші етіп жұмысқа қабылдады.
Ақылбек ойға да шапқылады, қырға да шапқылады. Неше түрлі қылмыс та жасады. Саудасы да жүрді. Саунасы да қызды. Болатбек сол бұралаң-бұлтарысты, бұқпантайлы тайғанақ жолдардың бірінің де жымың білдірмей, жібін ілдірмей өткелдерден таза да аман өткізіп отырды.
Бірде Ақылбек тау баурайындағы саяжайында биліктегі дүмді орындарда отырған дос-жарандарымен үлкен мереке ұйымдастырды. Кілең ығай мен сығай мынадай оңашалықты аңсап қалған ба, көз байланғанша ішіп-жеді, қалағандарынша көсіліп бақты, ойнақ та салды. Олардың әр қайсысының жанында бір-бір сылқым сұлу бар еді. Не ойлағанын өзі біледі, бастығы екі күлімкөзді бірге ала келіпті. Саяжайда қонып қалатын болған соң, екі сылқымның бірін кері қайтаруға шешім қабылдапты.
– Болатбек! – деді бастығы оны қасына шақырып алып, – Мына қарындасты үйіне жеткізіп сал. Байқа! Бір тал шашы түсетін болса, менен жақсылық күтпе.
– О, не дегеніңіз, басеке!
Былай шыға Гүлбанудың ызадан әлде қызғаныштан тызақтап келе жатқанын аңғарды. Өйткені басекең мұны емес, оны таңдады ғой. Ішіне от түскен Гүлбану ұятты жиып қойып, мұның мойнына асыла кеткен. Ішіп алғанымен бұл бойжеткен аса ажарлы еді. Ажарлы адамның да аузынан албаты сөз шығады екен-ау. Жол-жөнекей оның айтпағаны жоқ. Әсіресе, Ақылбектің жанында қалып кеткен құрбысы жөнінде ауызына келгенін ақтарды. «Салдақы», «кәззап», «албасты» деген теңеулер Болатбектің сөз қорынан баяғыда өшіп қалған екен. Тұла бойы тітіркенді.
Бір рет кездейсоқ көлік апатын жасап, жүрегі шайлығып қалған Болатбек иығына асылып, рульге жармасқан Гүлбанудан әбден ығыр болды. Бәлдене қарап, бұлдана сөйлеп келген Гүлбанудың үйінің тұсына жеткенде және бір қылық көрсетті.
– Міне, қарындас, үйіңізге де жеттіңіз, – деген Болатбек ойында ештеңе жоқ.
Гүлбану көліктен түсе қоймады. Тіпті, түсу ойына да келмейтіндей. Кенет ол жүргізушінің мойынына асыла кетті. Болатбектің мойыны жыбырлағандай болды. Сөйтсе, Гүлбану оны мойнынан сүйіп жатыр екен. Жігіт қыздың құшағынан зорға босады.
– Пәтеріме дейін шығарып салмайсың ба? – дейді үздігіп.
– Әне, тиіп тұр ғой. Сіз ішке кіріп кеткенше кетпеймін. Сыртыңыздан бақылып тұрамын, – деді Болатбек азар да безер болып.
– Жігіт емес екенсің. Шығарып салуды да білмейсің.
Гүлбану темекі тұтатты.
– Қорықпаңыз, жеп қоймаймын. Үйге түсіңіз. Олар саяжайда сайран салып жатқанда біз немене сыбағадан құр алақан қаламыз ба? Болсаңшы енді. Өкінбейсің! – деді Гүлбану мұның қолынан тартып.
Шошақай қыздың шолжаң қылығынан мезі болып келген шопыр мына арсыздықты есітіп, бойын тартып алды.
– Жо-жоқ, – деп тартынды ішкі бұрауы мықты бастықтың көлік жүргізушісі,– кешіріңіз, мен асығыс едім. Уақыт та бірталай болып қалды. Үйде отбасым күтіп отыр.
– Ә-ә, сенің отбасың бар екен ғой. Қалай есіме түспеген? – деп күлді Гүлбану.
Болатбек тосылып қалды. «Мына бойжеткен не деп тұр? Есіне түскені несі? Мен оған қашан отбасылымын деп едім?» деп ойлады.
– Сен саяжайда сайран салып жүргенде келіншегің етегіне намаз оқып отырмаған шығар,– деп сықылықтап күлді Гүлбану.
Болатбек тіксініп қалды.
– Сен оған тіл тигізуші болма. Ол сен сияқтылардан емес, – деп тарс кетті Болатбек.
– Сонда кім сияқтылардан? Білеміз ғой, әйел атаулыны. Әсіресе сен сияқты күні-түн бастығының қасынан жетім қозы сияқты жалбақтап қалмайтын жүргізушісымақтардың келіншектері екі көзі төрт болып босқа жата қоймас. Сондықтан бүгін оны ұмыта тұр. Мен саған әдемі түн сыйлаймын, – деді аярланып.
Болатбектің қаны басына шапты. Мұндай қорланбас. Ол енді Гүлбанумен кермалдасып тұруды артық көрді. «Мына азғыннан іргемді аулақ салайын» деп ойлады да, Гүлбануды көліктен сүйреп шығарып, есікті тарс жапты.
– Өзің бір есің жоқ, дәндүріс, көк ми екенсің. Жындыбас. Бар, кет. Мәз боламын дейсің бе? Келіншегіңнің өзгемен тояттап жатқанының үстінен түсерсің. Осы ма еді күткенің? – деп Гүлбану түнгі аспанды жаңғыртып долы ашумен айқайға басты.
«Бәледен машайық қашыпты» деген бар. Болатбек мына дүлейден құтылғанша асықты. Ажарлы деген бойжеткен мұнша азулы, азғын ойлы болар ма? Болатбектің үйге жеткенше қаны тасып, миы солқылдап келді.
Ол көлігін қаңтарып, үйіне кіргенде бөлмесінде алаңсыз ұйықтап жатқан жарын көрді. Балаларының бетінен сүйіп, сүйіктісінің жанына келіп жантайды.
– Келдің бе? – деп Зағипа бері бұрылып жатты.
Болатбек көпке дейін дөңбекшіп, ұйықтай алмады.
Арада екі-үш күн өткенде сыртта жігіттермен темекі шегіп тұрған Болатбекті бастығы шұғыл шақырытты. «Тағы бір жерге жұмсайтын болды ғой» деп темекі тұқылын күл-қоқыс салатын жәшікке тастай салып, алып-ұшып жеткен мұны Ақылбек ақиланып, елірме, ожар мінезбен қарсы алды. Болатбек оның тап осылай жарылғалы тұрған сыздауықтай сызданып тұрғанын алғаш көруі. Көздері шапыраштанып, сөздері қотыраштанып тұр. Қолдары безгек тиген адамдыкіндей дір-дір етеді. Болатбек дүлей дауылдың қай тұстан соққанын долбарлай алмады. «Не жазып қойдым?» дегендей Ақылбекке аңтарыла қарады.
– Әй, сасық теке! Гүлбануда не әкеңнің құны бар,ә? Қатынқұмар болсаң, саған басқа әйел құрып қалды ма? Неге тиісесің оған? – деп ұрып жіберердей тап-тап берген бастығына не деп жауап берерін білмей тосылды.
– Не істеп қойыппын оған? – деп Болатбек ашына сұрақ қойды әлден соң.
– «Қонақүйге түсейік. Менімен бол», – депсің ғой.
Болатбек аяр адамның өз есесіне келгенде аянбайтынын білуші еді. Бірақ Гүлбанудан тап осындай аярлық күптеген. Япырай, ындынның ырқы, қызғаныштың құрты осыншама шақар болар ма? Саяжайда қалған сылқымның тоят түні үшін Гүлбану мұны жазалағаны несі? Түкке түсінсе, бұйырмасын. Болатбектің беті өрттей алаулап, нені бүлдіріп қойғанын білмей дал болды.
– Былай. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қандауыр бай­лапты» дегенді білуші ме едің? Өзің мұнда сиыса алмай жүріп, қатынға қырындаған неңді алған? Оның үстіне Гүлбануды мен ертіп барғанымды көріп-біліп отырсың. Сонда не, сен маған қыр көрсетпекпісің? Бастығыңның көңілдесіне сөз айтуға қалай ғана дәтің барды? «Сенген қойым сен болсаң» дейтін бе еді? Ертең, бәлкім, кеше ғана саяжайда бірге қонып, қойынымды қыздырған Хадишаға да қырындарсың. Сенен қорқайын дедім. Боқшаңды жина да, қараңды батыр! – деді Ақылбек ашудан қалш-қалш етіп.
Онымен ерегісіп марқадам таппайтынын білетін Болатбек ләм-мим деместен бастығының бөлмесін босатты.
Сөйтіп ойда-жоқта Болатбек тағы да жұмыссыз қалды. Енді не істеу керек? Баяғы өзі еңбек еткен автобаза болса-болмаса да маңайына жолатпайды. Қайда барады? Үйіндегі ұлардай шулап отырған бала-шағасын қалай асырайды?
Осылай дел-сал болып жүрген күндерінің бірінде күтпеген жерден ескі көзтаныс Жұман жолығып қалды. Ол бір таксопаркте жұмыс істейді екен.
– Болатбек, біздің таксопаркке келсеңші. Бастығымыз – жақсы адам. Екі-үш таксистің орыны бос. Тәжірибелі жүргізушілер керек. Бастықпен өзім сөйлесемін, – деді ол.
Сәтін салғанда таксопарктің бастығы ашық-жарқын, қақ-соқпен жұмысы жоқ жайдарлы жан екен. Еңбек кітапшасымен танысқан соң сөзге келмей Болатбекті жұмысқа қабылдады. Үйде отырып, отбасының ұсақ-түйек күйбеңінен мезі болушы еді, жүдә жақсы болды. Бәрінен бұрын Зағипаның зілсіз айқайынан құтылды.
– Әкесі, ет таусылды.
– Әкесі, үйде ұн бітіп қалыпты.
– Әкесі, бұл үйде май да қалмапты, – де-е-еп мидың құртың жеуші еді.
Автобус жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргенде де, Ақылбектің «оққағары» ретінде алшаң басып, арындап тұрғанында да мынадай тапшылықты көрген жоқ-ты. Әлдебір контейермен қазы-қарта дейсіз бе, жал-жая дейсіз бе, қойдың еті дейсіз бе, тайдың еті дейсіз бе, ағылып келіп жатушы еді. Шопырлықтан шеттетілген соң бұл бастаудың көзі бітеліп, Зағипасына кіріптар болып қалған. Осы кіріптарлықтан құтқарған Жұманға дән риза. Күректеп таппаса да әйтеуір алақанына бірдеңе түседі. Бұрынғыдай артылғанын әке-шешесіне, бауырларына дорбалап та, арбалап та жіберіп тұратын тоқ та бақуат күндер келмеске кеткенімен, жұрт қатарлы күнелтіп жүргеніне шүкіршілік етеді.
Такси жүргізушісі деген бір рахат жұмыс екен: басыңда әңгіртаяқ ойнатып, бақырып бастығы тұрмайды, автобус айдап жүрген күндеріндей күн сайын таңмен таласа жылы төсегінен атып тұрмайды, әрі-беріден соң ешкімге есеп те беріп жарытпайды. Қайда барады, үйіне қашан қайтады, бұл да өз шаруасы.
Бір күні ойламаған жерден оның таксиін Жомарт тоқтатты. Кезінде Ақылбектің компаниясында бірге жұмыс істеген жігітті көріп, Болатбек те қуанып қалды. Болса-болмаса да бір-бірінен хал-ахуал сұрасып, қауқылдасып отырып, біраз жерге ұзап та кетіпті.
– Ал компанияда не жаңалық бар?– деп сұрады Болатбек бір кездері өзі жұмыс істеген ұжымның жағдайын білгісі келіп.
– Бәрі де бәз-баяғынша. Өзгерген ештеңе де жоқ. Айтпақшы, басекең сені сұраған. «Көрсеңдер, маған алып келіңдерші», – деп еді. Жақсы кездестің ғой, – деп Жомарт ұмыт қалдырған затын тауып алғандай қуанып қалды.
– Е, оның менде не шаруасы бар? – деп Болатбек иығын қиқаң еткізді.
– Итім біліп пе? Бірақ қайта-қайта сұрағанына қарағанда бір зәрулік бар сыңайлы,– деді Жомарт та «мен қайдан білейін?» дегендей иығын қушитып.
– Тағы да сол Гүлбану болмасын! – деп қалды Болатбек.
– Гүлбануың кім?
– Білмейтін бе едің, бастықтың көңілдесі.
– Естісем, құлағым керең болсын.
Задында, бастықтың шопыры – құлты берік сандық болуы тиіс. Сыр шаштым дегенше сирағымнан айырылдым дей бер. Сондықтан шопыр атаулы ауызын суға толтырып алған адамдай бұртиып жүреді. Жақ ашпайды. Ашты екен, жағынан да, бағынан да айырылады. Бұл Болатбектің көкірегінде көмулі жатқан құпия сыр болатын. Ақылбектен кеткеннен соң ба әлде ескі жараның беті қайта ашылған соң ба Болатбек абайсызда жасырын сырды ақтарып алды. Алайда Болатбек бұрынғы бастығынан есе қайтарғысы жоқ еді. «Қыртты езген жеңеді, Езгенді Құдайдан безген жеңеді» деседі ғой, Ақылбек сияқтыларды сүріндіремін деген ой оның басына үш ұйықтаса да келмеген.
Бірде Болатбек жолаушылар тасып жүріп, бұрынғы жұмыс орнының жанынан өтіп бара жатты. «Мені неге іздеді екен?» деген бір әуесқой сауал көкейіне келіп қалды. «Гүлбанудың әр кешіккенін менен көріп жүрген шығар» деп бір қойды. «Көйлегімді шешіп алып қалмас, не де болса бара көрермін» деген бір ой оны ширықтырды. «Себепсізден себепсіз қорқақ не ұры атанбайын. Төбемнен тастап жіберер тасы болса, оны да көріп алдым» деп батылданды. Өйткені ол өзінің адалдығына сенді.
Ақылбек оны арада ештеңе болмағандай сыпайы-сырбаз қабылдады. Хатшысына қоңырау соғып, екі шыны кофе алдырды. Бұрынғы шопырының хал-жағдайын, денсаулығын, көңіл-хошын, отбасының амандығын түгін қалдырмай сұрап шықты.
– Шүкір, бәрі де жақсы, – деп қысқа қайырды Болатбек.
– Менің не үшін шақырғанымды білесің бе? – деп Ақылбек төбеден түскендей күтпеген жерден сұрақ қойды.
– Қайдан білейін? – деп Болатбек екі алақанын жайды.
Бірақ іші қылп ете қалған еді.
– Сенен кешірім сұрағалы шақырдым, – дегенде Болатбектің аң-таң қалғаны соншалық, ауызы ашылып қалды.
– Рас айтамын. Менен бір ағаттық өтті. Кешір мені.
Ақылбек кінәлі адамдай-ақ алдында шынында да тұнжырап отыр.
Болатбек не айтарын білмей, қипақтады. Анау-мынау емес, білдей бір компанияның пілдей бастығы кешірім сұрап отыр ғой. Иә, кезінде ойнақы күлімкөздің жаласына бола мұны жұмысынан қуып еді. Мас болып көлік жүргізіп, мұның автобусын соғып, сотталып кете жаздаған кезінде Болатбектің бар кінәні өз мойнына алып, құтқарып қалғанын да ескермеді. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген де бар-ау. Жарайды. Өткен іс өтті. Не айтар екен? Бұл кешірім қай кешірім?
– Не үшін кешірім сұрайсыз? – деп Болатбек дегбірсіздене түсті.
Ақылбек көп бөгелген жоқ, орнына жайғасып отырып, асықпай әңгімесін бастады.
– Сені бекер кінәлаппын. Саяжайға барып, сайран салғанымыз есіңде ғой. Сонда мен Хадишаны алып қалып, Гүлбануды қайтарып жіберген едім. Гүлбану Хадишаны менен қызғанып, сенімен көңіл қоспақ болыпты. Сен, әрине, оның ырқына көне қоймадың. «Бәлкім осылай десем, мені қызғанып, бауырына тартар» деп ойлады ма әлде басқа да есебі болды ма, білмеймін, сені «қонақүйге шақырып, бірге болайық деп мазалады» деп айтып келді емес пе? Артынша бұл сырын бір құрбысына айтады. Ол Хадишаға жеткізеді. Сонымен, сені сүріндірмек болған сылқымның сыры ашылып қалды. Кейін өзі де мойындады. Сен кінәлі емессің, – деді Ақылбек.
– Қалай сонда? – деп Болатбек аң-таң болды.
– Еш қалайы жоқ. Солай! Кейін ол басқа бір жігіттің басын айналдырыпты. Қызығы сол, қылмыстарының үстінен түстім. Ол осының барлығын қызға­ныштан істеп жүргенін айтып, ақталды.
– Қызғанғаны несі? Қылмысы несі? – деп Болатбек тағы да таңырқады.
– Иә, олар саунада мауығып жатыр екен. Қас қылғанда тап сол саунаның екінші бөлігінде біз демалып отырмаймыз ба? Қыздар шақырғанбыз. Кешіккен соң әкімдіктегі кезекшіден сұрайын деп дәлізге шықсам, қарсы алдымнан ойқастап шыға келгені.
– Гүлбану ма?
– Енді кім деп едің?
– Расында, қызық болған екен, – дей салды Болатбек аузына басқа сөз түспей.
– Несі қызық? Өз обалы өзіне. Жұмысқа аламын ба деп те ойлап жүр едім. Жұмысын тауыпты. Енді сол жұмысымен болсын, – деді Ақылбек күйініп.
Ол тағы да кофе алдырды. Болатбекке мына кермек дәм ұнамады. Ауызы ашып бара жатқандай сезінді.
– Қаласаң, компанияға қайта орал. Саған қашан да есігім ашық. Бірақ мені кінәламай, бәрін ұмытып кел, – деп Ақылбек бұған барлай қарады.
– Бір рет сынған көзе қайта қалпына келмейді, басеке! Қалған көңіл – шыққан жан. Ниетіңізге рахмет! – деді Болатбек орнынан тұрып жатып.
– Маған қатты ренжулі екенсің ғой…
– Болар іс болды. Өтті, кетті. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! – деп Болатбек бұрынғы бастығымен қоштасып, есікке беттеді.
– Қалаған уақытыңда келіп тұр. Саған есігім қашан да ашық, – деп Ақылбек соңынан дауыстап қалды.
Адамды толық білмей тұрып, сырттай баға беру – ұшқары ойдың белгісі. Болатбек өзі ер жігіт деп бағалап жүрген Ақылбектің қайдағы бір жеңілтек қыздың жаласына сеніп, шүйліккені қалай есінен шығар? Қанша жерден ұмыттым дегенмен, алдынан қайта айналып кездесе кеткенде кеуде тұсы шым ете түскені қалай?

* * *

Талқанбайдың тіршілігі таусылмайды. Үйге керекті азық-түлікті, керек-жарақты Болатбек тасиды. Осы екі ортада Ақілгек оны балалар бақшасына жұмсайды. Үйге үш жасар Ақбілекті алып келгенде келіншектің қуанғанын көрсеңіз ғой. Ақбілек те анасына қарай құлдыраңдап жүгіреді. Олардың шұрқырасып табысқандарына сырттай сүйсініп қарап тұрып-тұрып үйіне қайтады.
Ақылбектен жертезек болып жасып, «бұдан былай бастық атаулыны желкемнің шұңқыры көрсін» деп есеп айырылысқан Болатбек ойда-жоқта Талқанбайға тап болды. Таксопарк басшысы басқа мекемеге жоғарылап кетті де орнына келгені такси жүргізушілердің күндік өткізетін теңгесін еселеп арттырды. Тапсырыс пен талап үдесінен шыға алмағандар амалсыздан жылы орындарын тастап, басқа жерлерден жұмыс іздеп, сарсылды. Міне, осы тұста Ақылбек бұрынғы шопырын өзінің досы Тауағамен таныстырған. «Өте сенімді жігіт» деп мақтауын асырған болар, мұны бірден өзіне көлік жүргізушісі етіп жұмысқа қабылдады. Өмір дегеніміз осылайша бірде сыртын, бірде ішін беріп, өз арнасымен ағып жатты. Дегенмен Болатбекті өзі де күтпеген өзгешелеу сүрлеу-соқпағы күтіп тұр еді.
Сырт көзге сыр бермегенімен, Ақілгектің көзіне тұнып қалған бір мұң бар. Сымбатты да ерке болмысты келіншек әлдебіреуді зарыға күткендей елегзиді. Оның алаңжарлы көңіліңде не бар екенін Болатбек түсінбей-ақ қойды. Кейде жадырап-жайнап отырып-ақ тұңғиық бір терең ойға шым-шым батып, торығып қалады. Мынадай дәулет, Талқанбайдай табысты күйеуі, Ақбілектей тәп-тәтті қызы барда басқа бақыт іздеп не керек? Оның көңіл толқынында қандай қайық шарқ ұрып тербетіліп жүр? Әдетте қағанағы қарқ, сағанағы сарқ адамдарда есірік сияқты бір дерт болады. Бәлкім, оны дерт деп сипаттауға келмейтін де шығар. Әйтсе де желкөкірек сияқты әлдене оларды байыз тапқызбайды. Адамға шыр біткенде пенде шіркін осылай өзгеріп кете ме екен? Ақілгектің бойындағы өзгешелеу өзгерісті көрген сайын жүргізуші жігіт құпияны таба алмай басы қататын. Былай шыға «басқаның қайғы-мұңында менің не шаруам бар осы?» деп жаңа ғана өзін байыз таптырмаған жұмбақ жанарды ұмытқысы келгенімен, гүлді аймаққа қайта айналып келе беретін арадай шешімін таба алмай-ақ қойған сауалына тағы да оралады.
Ой, несін айтасыз, Ақілгек те оңай ілдірер көгершін деймісіз, құлыптаулы сандықтың кілтін берік ұстайды, сыр шашпайды. Ол – «әмиянның түбі мен жүрек түкпірін кісіге көрсетпес болар» деген тұжырымға қазық байлаған тастүйін жан. Болатбек Самархандағы мешіт мұнарасының алыстан арбап, мың құбылмалы түске еніп, ғашығына қол бұлғап, сағынышпен сарғайып тұрған арудай көрінгенімен, жақындай түссең түксиіп, тәкаппарлана қалатын тылсым бір сыры бары жайлы бір кітаптан оқығаны бар. Ол Ақілгекті көрген сайын осы жәйтті есіне алады. Күліп отырып мұңая қалатын, мұңайып отырып күле салатын бір еркетотайлар болады ғой. Ақілгекті ондайлардың қатарына жатқыза алмайсыз. Сонда бұл қандай жұмбақ? Болатбек келіншектің кілтипан құбылысының кілтін таба алмады.
Талқанбай аса маңызды шаруасымен әлдеқайда шұғыл аттанатын болды да, Болатбек оны діттеген жеріне шығарып салып кері қайтты. Бастығының бұйрығы бойынша біраз затты жолай үйіне тастап кетпек. Күн кешкіріп қалған кез еді. Үйге жетемін дегенше қас қарайды. Аспанда үкінің көзіндей жарқырап ай шыға келді. Есік ашылғанда ай жарығымен Ақілгектің ақ торғын көйлегімен көзкөрім жерде күлімсіреп тұрғанын көрді. Ақ көйлегі аппақ денесімен дене болып, құлын мүшесі айқындалып тұр екен. Жібектей толқынды қара шашын бос жібере салыпты. Соңғы кезде көңіл күзі ортайып, жүдеп жүрген Болатбек кенеттен «япырай, іздегенім осы емес пе еді?» деп қалды. Ақілгек те сусаған сезімінің ырқына бой алдырып тұр-ау, шамасы, жігіттің қапелімдегі көңіл толқынын тап басып түсінген тәрізді. Болатбек асқақ арманының қалықтап зау-заңғар биікке көтеріліп кеткенін аңғаратын халде емес еді. Оған мына аппақ та ажарлы келіншек ақ торғын көйлекпен алдынан арнайы дайындықпен шыққандай көрінді.
Ең ғажабы, сұлулық дегеніңіз – сиқырлы бір әлем ғой. Оның алдында тұсалмайтын, есін жоғалтпайтын пенде болмайды. Мейлі табиғаттың тұмса сұлулығы болсын, мейлі әйелдің ажарлысы болсын, олармен ұшырасқан жан қорқау озбырлықтың құрбанына айналады. Сұлулық атаулыны тек өзі ғана меншіктеп алғысы келеді. Осындай бір лап етпе сезім Болатбектің де бойында бұлқынып жатты. Тіпті, есі шығып кеткені соншама, ол адамгершілік, имандылық, сабырлылық деген ізгі қасиеттердің барын ұмытты. Осылай көңіл күншуағына шомылып, өзімен-өзі болып тұрғанда Ақілгек: «Сәлеметсіз бе? Осылай тұра бересіз бе?» – деп сыңғыр етіп күлген. Ол ұйқысынан шошып оянғайдай селк етті.
Болатбек Зағирамен сүйіп қосылды. Бүгінде сол махаббаттарының жемісіндей екі-үш қарадомалағы құлдыраңдап шауып жүр. «Қандай әзәзіл еліктірсе де аяғымды қия баспаймын» деп сүп-сүйкімді келіншегіне де, өзіне де уәде бергені бар. Сонда бұл қайдан бас көтерген желкемді желік? Зағирасы барда, ақ махаббаты барда Болатбек Дон-Жуан сияқты жігітшілік жасаймын деп әсте ойламайтын. Оның үстіне Тауағадай бастығының келіншегіне көз сұғын қадау қандай айуандық десеңші! Болатбек жепкетерлер жұрағатынан емес. Сондықтан лап ете қалған жалынды өшіріп, қияс ойдан бойын аулақ салғысы келді.
Ол бастығы беріп жіберген артық заттарын Ақілгек көрсеткен бөлмеге тасып бітті де, тезірек шығып кетуге тырысты.
– Бір шыны шай ішіп кетпейсіз бе? – деді келіншекке кенет тіл бітіп, есікке қарай беттеген Болатбекке.
– Жо-жоқ, рахмет! Үйде қожайын бар кезде жайғасып отырып, бәлкім он кесе шай ішермін.
«Бәлесін-ай, өзінің?». Ақілгек оны қоштағандай күлімсіреп, басын шұлғып қойды.
Талқанбайдың түгесіліп бітпейтін шаруасы көбейді де, көпке дейін кідірістей берді. Ақбілекті бақшасына жеткізіп салу, алып қайту, анасын айтқан жерлеріне апару, компанияның басқа да тіршілігі бар, уақыт өз ағымымен сырғып өтіп жатты. Ол күн сайын қожайынның үйіне кемінде екі-үш рет келіп, кетеді. Неге екені белгісіз, алдынан кермаралдай керіліп Ақілгек шыға келгенде тұла бойы бір ысып, бір суып, жүрегі атқақтап соғады.
«Құрысын! Сұлулық деген де сиқырлы қақпан ғой. Қандауырға ілігіп қалып жүрмейін» деп ішінен сақтық ойлай бастады. Осыдан соң көрікті келіншекке көз салмауға бекінді. Бірақ, ол қанша қашқақтағанымен, жігіттің ішкі сырын бәлекей келіншек сезіп-біліп тұрған сияқтанады.
– Болатбек аға! Сауалыма жауап берсеңізші! Немене саңырау болып қалғанбысыз? – дейді зілсіз күліп.
Жүргізушінің меңіреу болғысы келіп, өзін зорға тежеп жүргенін жайнаң­көз келіншек біледі. Әй, білмеуі мүмкін емес. Біледі. Көңіл – шиша, көз – таразы емес пе? Сол шишадан іште бұғып жатқан адамдық та, надандық та көрінбейді деймісіз?
Асау аттай ала қашқан алапат сезім-серпілісіне құрық салғысы келіп өзімен-өзі арпалысқанымен, іштегі бір дүлей күш ырыққа бағынбайды. Кейде адамның желкөрік көкірегі бой бермей аласұратыны бар ғой. Болатбек кірнесіз көңілін сарқып, бұлдыр байлам жетегіне еріксіз ілеседі. Сезім мастығы-соқыр әрі саңылау. Оның құрығына бір іліксең, құрдымға кетуің ғажап емес.
Қалай дегенде де Ақілгек мұның келетін кезін күтіп отыратын сияқтанады. Сараң сөйлесіп, сырт айналып, қашқақтап тұрғанымен Болатбекті көргенде ақ жүзіне алау жүгіріп, еріксіз жымың ете қалады. Осылай ол қанша бүркемелегісі келгенімен, қуанғанын сездіріп алады. Ал Болатбек кетерде сыртынан жәудірей қарап, көзімен ұзатып салады.
Өзі де бір еліктей ойнап тұрады, еркелігі де басым. Хас шебердің қолынан шыққандай құлын мүсінін айтсаңшы. Оған қандай киім болса да қона кетеді. Кейде спорт киімімен жүретіні бар. «Шіркін-ай, суретші болсам, оның осы бір мінсіз мүсінін салар едім-ау» деп кез-келген адам қиялдайтынына бәс тіге алады. Ақілгек қашан да асып-саспайды. Қақпа ашылған соң бір шетке ығысып, кіріп келе жатқан көлікке қарап тұрады. Оның осы тұрысына қараудың өзі бір ғанибет. Түп-түзу де жұп-жұмыр аяқ, тоқ балтыр арасынан саңылау таппайсыз. Көріктей көтеріліп, басылып тұратын қос алмасына қарауға көз ұялады. Кейде халатын асығыстау киіп, алдынан жүгіріп шығатыны бар. Мұндайда тоқ балтыры ақ сазандай жарқ ете қалғанда көз қарықтырады.
Болатбектің сұлу суретке сұқтанып ұзақ қарағысы-ақ келеді. Әдеп деген тосқауыл оны үнемі тұсаулап тастайды. Керім келіншекке бір рет қарағанының өзі жетіп жатыр: бойы балбырап, жан дүниесі жадырап, көңіл кептері қалықтап шыға келеді. Осы бір санаулы секундтардың өзі санаулы өміріне сәуле шашады. Ол жүрегін әлдилеген сезімнің ырғағында жүріп өзіне тапсырылған тірлікті үнсіз атқарады. Ақілгек әлденені сұрамаса, өздігінен ләм-мим деп лепес шығармайды. Бір ауыз сөз! Осы бір ауыз сөзден-ақ ол от тұтанып кететінін біледі.
Қаншама келіп-кетіп жүріп өздігінен бір ауыз сөз айтпаған Болатбек көңіл күмбезіне қоңырау ілген келіншектен көп нәрсе сұрағысы келгенімен, батылы бармады. Әсіресе, керім келіншектің көзіндегі мұң оның жан дүниесін астаң-кестең еткенімен, мұның мәнісін сұраудың қисынын таппай-ақ қойды. Не деп сұрайды? Біреудің тағдырында қандай шаруасы бар? «Менің мұңым сіздің арқаңызға аяздай батып жүр ме? Одан да келіншегіңіздің көңілін табыңыз» деп тастаса ше? Ақілгек ондай бейауыз бетпақтардың қатарынан емес. Сонда да жүрегі дауаламай-ақ қойғаны.
Қалай дегенде де заттың сынығын жамау оңай болғанымен, көңілдің сынығын жамай алмайсыз. Сондықтан Болатбек өзгенің көңіл ауанына жығылғысы келмеді. Иә, әркімнің басына пешенесінің шақтап жазған тағдыры бар. Оның бәріне араласып, қисығын түзеймін, құлағанын тұрғызамын, жылағанын жұбатамын, сүрінгенін сүйеймін дегенмен ғұмыр шіркін жетер ме? Әрі ойлап, бері ойлап Болатбек бұдан былай бастығының үйіне көп жоламауды жөн көрді. Иә, тәтті сезімге пәк көңілдің жауабы болмаған соң, босқа әуреленіп не керек?
Соңғы кезде жүргізушінің қашқақтай бергенін Ақілгек те аңғарғандай ма, қалай өзі? Оның санасында «осы бір жүргізуші жігіттің шылауында кетіп жүрермін» деген қарауыл үнемі қырағы күзетте тұратын. Қанша дегенмен бай-бағыланның жары емес пе, күйеуі құлша жұмсап отырған әлдебіреуге сыр алдыра қояр ма?!
Әйтсе де осы бір қой аузынан шөп алмастай момын да бұйығы жігітке бүйрегінің бұрып тұратыны несі? Қанша жерден сыр алдырғысы келмегенімен, шоқ шашқан жанарын қайда жасырады? Ол кіріп келгенде атқақтай жөнелетін жүрегінің дүрсілін қалай басады?
Әдеттегідей Ақбілекті бақшасынан әкеліп, көліктен түсіргені сол, қуыршақтай қыз анасына қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Ақілгек кіп-кішкентай қызын жерден көтеріп алып, кеудесіне басты. Қызының екі бетінен алма-кезек шөпілдете сүйді. Осы бір елжіремелі сәтке сүйсінген Болатбек:
– Бақыттысың-ау, Ақілгек! – деп қалды.
– Сіз де айтасыз-ау! Қайдағы бақыт? «Бағы жоқ басқа жаудыраған көз бітеді, Дауысы жоқ адамға саудыраған сөз бітеді» дегенді естімеп пе едіңіз? Бұл жаудыраған көз маған бақыт болып жарытып па? Үлде мен бүлдеге оранып отырғанымды көріп, мені бір бақытты жан санайсыз-ау…
Бұлақтың тұма бастауынан мөп-мөлдір су әкеле жатқан келіншек ойда-жоқта сүрініп кетіп шелегін ақтарып алатыны бар ғой. Мұндайда ол әлдебір қымбатынан айырылып қалғандай аһ ұрады. Ақілгек те осындай халде тұр еді. Ол өзінен басқа жан білмесе екен деген сырын қалай шашып алғанын білмей, тілін тістеледі.
– Иә, бақытты санаймын.
– Қателесесіз! – деді Ақілгек тұнжырап.
– Иә, қателескен болайын. Шын мәнінде бақыттысың ғой.
– Сізге, сырт көзге, айналамыздағыларға солай көрінетін шығар. Бірақ, Абай атамыз айтқандай, жүрегім – қырық жамау. Оның бәлкім емі де табылмас, – деп күрсінді Ақілгек.
– Япырай! Қандай да бір аурудың емі табылмаушы ма еді?
– Таба қалсаңыз, маған әкеліп берерсіз.
Бұл жолы да Ақілгектің дауысы қатқыл шықты.
Құбырдағы суға қолыңызды жуып тұрғанда кенет суық су келіп қалса, шошынып, алақаныңызды тартып ала қоясыз ғой. Үнемі сыпайылық шеңберінен шықпайтын үлпершектей келіншектің болмашы ғана қатқыл сөзіне Болатбектің іші қылп ете қалды. Демек, Ақілгектің де ішкі әлемінде бұлдыр бықсық бұғып жатыр ғой. Сонда оның жүрегін жаралаған нендей жағдай? Болатбек жанары жасаурап қалған келіншекті қазбалап, сұрақтың астына алғысы жоқ-ты. Сондықтан сөзді созбалақтамай тезірек шығып кеткісі келді. Өйткені ол «қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді» дегенді жақсы біледі. Келіншектің ішінде шемен болып қатқан бір қоясын ақтарса, екіншісі қылтиып бас көтермесіне кім кепіл?
Болатбек өзінің аппақ әлемін былғап алудан қорықты. Таза заттың таза күйінде қалғаны жақсы ғой. Шыныдай мөлдір затты сындырып алса, қиюына келтіре алар ма? Осыны ойлап Болатбек келіншекті одан әрі сөйлеткісі келмеді.
Содан бері екеуі мысық пен тышқан ойнағандай, бірін-бірі көрсе қашқақтап жүреді. Әсіресе, Ақілгек жүргізушінің келіп-кеткенін елемеген болады.
Әйтсе де қапқа мөлшерінен тыс көп салса, жем ернеуінен асып-төгілмей ме? Ақілгектің де ішіне жинаған сыры, бәлкім мұңы бір күні кемерінен асып-төгілді. Онда да ойда-жоқта Болатбекпен оңашада аз-кем әңгімелесіп қалған.
– Ағай! – деді Ақілгек бірде көлігіне қарай кетіп бара жатқан мұны кідіртіп.
Болатбек «не айтпақ екен?» деп оған жалт қараған.
Ақілгектің түрі боп-боз еді. «Ауырып қалмаса игі еді».
– Иә!
– Ағай! – деді Ақілгек тағы да бөгеліп.
Аздан соң бойын жинап алды да:
– Сізден бірнәрсе сұрайын деп едім, – деді күмілжіп.
Оның ыңғайсызданып тұрғаны айтпаса да белгілі еді.
– Сұраңыз.
– Ағай! Сіздің сыр шашпайтыныңызды білемін. Мұны екеуіміз ғана білуіміз керек.
Болатбектің іші бүріп өткендей болды.
Ақілгек «айтсам ба, айтпасам ба?» дегендей ойланып тұрып қалды да ішіндегі әлдебір күш сыртқа лықсытып шығарғандай батылданып:
– Мен Талқанбай туралы сұрайын деп едім. Ол жайлы жөні түзу сөз есті­ме­генім қашан. Құрбыларымнан есітіп жатамын, соңғы күндері сұйық жүрістері тым көбейіп кеткен көрінеді. Компаниядағы бетінің қызылы бар қыздарды құр жібермейді екен ғой, – деді қызарақтап.
– Қой, шырағым! – деді Болатбек жұлып алғандай.
Ол енді ересек адамдардай салмақты сөйлеуге тырысты.
– Тауаға – үлкен қызметтегі адам. Ондай адамдарға көре алмайтындар күйе жаққыш келеді. Қайдағы біреулердің қаңғырған сөздеріне құлақ түріп қайтесің?
– «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой.
– Желсөз! Тауағаның теріс қылығын көрсем, көзім шықсын! Көре алмайтындар, іші тарлар, қызғаншақтар не демейді? Олардың сандырақ сөздеріне құлақ сала берсең, бір күні сені де жолдан тайдырады. Есіңді жи, қарағым! Тауағаны ұжым түгел құрмет тұтады, бастарына көтереді. Қызметіне түзу келіп, түзу кетеді. Әй, біз тегі, біреуді сыртынан қаралап жүрмесек, бойымызға ас батпайды. Қашан адам боламыз? Қызғаныштың қызыл итін босатып, айтақтап отырғаннан не ұтамыз? Ақілгек, ақылың бар адамсың, мұндай қаңқу сөзге сенбе!
– Иә, ағай! Сенгім келмейді-ақ. Бірақ соңғы кездері осы сөз қамысқа тиген өрттей қаулап барады. Осы өрттің жалыны шарпымаса болғаны, – деді Ақілгек жүзін ала қашып.
– Шарпымайды, қалқам, шарпымайды. Оған толық сенемін, – деді Болатбек күтпеген жерден айтылған күдік-күмәнді тұншықтырғысы келіп.
Бірақ ол өртті де, күдік-күмәнді де тұншықтыра алмаған екен.
Бықсып жатқан қоламта үрлей берсең шоққа айналады. Шоқ өрши келе жалыны бет қаратпайтын отқа айналады. Қанша жерден жасырып-жабулағанмен Талқанбайдың Дон-Жуандық жігітшілігі жария бола бастаған еді. Оқ жарасы жазылады екен. Тіл жарасы жазылмайтын көрінеді. «Көп жортқан жылан аяғын көрсетіп алады» деседі ғой, саяжайдан саяжай, саунадан сауна қалдырмаған Талқанбайдың терісқақпай теріс жолы әшкереленіп те қалған еді. Қолы қалт етсе-ақ билік басындағы дос-жарандарымен, одан қалды сұлу келіншектермен әмпей-жәмпей болып жүрген ол талайды көрген зымияндығына бағып, абыройсыздығын қанша жерден жасырып-жабуласа да елдің ауызына қақпақ бола алмады.
«Ауруды қанша жасырғаныңмен, өлім әшкерелейді». Талқанбай қаншама рет тырысып, аяғының тысырын сездірмеймін деп тыраштанып баққанымен, студент қызды жүкті етіп қойғаны, оны жеке пәтерде ұстап отырғаны туралы сыбыр күздің ызғарлы желіндей сумаңдап, әр бөлмені аралап өтті.
Күнді қолмен көлегейлеп тұра алмайсың. Қанша жерден қымтамақ болғаныңмен, оның сәулесі жалпақ әлемге нұр шашып, таңның атқанын сүйіншілеп жеткізіп тұрады. Шындық та солай. Шындық қашан да шыны сияқты өткір. Ол шипа болып та дариды, дерт болып та жабысады. Болатбектің пайымдауынша, шындық Ақілгекке дерт болып жабысқан тәрізді.
Жадыраңқы жаз күні болса да Ақілгектің көңілі күз кезіндегідей ыбылыңқы-сыбылыңқы, бірде нөсер болып төпелесе, бірде ызғырықты жел болып соғады. Жүрегі қатты жүдеп, көкірегін әлдебір ыза қысқандай. Осындайда ол екі көзін шарт жұмып, тынысы тарылғандай үнсіз тұрып қалады. Әдемі ажары бірте-бірте солғын тартып, беті домбыққан. Күлімдеп тұратын жанары жасаурап, адамға жасқаншақтай қарайды. Ол көзін жұмғанда қараңғылықтан дөңгеленіп жүрген көптеген суреттер көреді. Сақина сияқты дөңгелектер шыр айналып, мың құбылып, біресе алыстап, біресе жақындай түскенде шошынып, көзін бақырайтып ашып ала қояды. Осы кезде ол жүрегінің жарылып кетердей дүрсілдеп тұрғанын сезеді. «Япырай, қан тамырларым бырт-бырт үзіліп кетер ме екен?» деп шошынады. «Біраз ұйықтап, тынығып алсам, мына пәлекеттерден құтылармын» деп төсегіне қисайғанымен, кірпігі айқаспайды.
Ақілгек күйеуінің шектен тыс дүниеқоңыздығына дал. Дүниеқоңыздың іші қашан таза болып еді? Мың-сан шайтан ішінде ойнақ салып, есірте түседі. Ішке кіріп алып, адамды ығына біржолата бағындырған шайтанды бұғалықтау мүмкін емес. Кейде адамның ішіне кіріп кеткен шайтанды ғұлама молдалар дұғамен қуып шығып жатады ғой. Ал дүниеқоңыздық дертіне шалдыққан жанның ішіндегі шайтанға ешбір амал жүрмейді. Әйтпесе, Ақілгек сол шайтанды қуып шығуға әрекет жасамады ғой деймісіз.
Шіркін-ай, Ақілгек кімнің арманы болмады. Бірінші курстың студентіне сұқтанбаған жан қалмаған. Тәңірім адамды мұнша сұлу етіп жарата салады екен-ау. Аршын төс, нәркес көз, қиғаш қас, тоқ балтыр, құлын мүсінді қызды одан сайын ажарландыра түсетін.
Ол Талқанбайдың қармағына ілінемін деп әсте ойлаған жоқ. Бәленің бәрі курстасы Жұпардан басталды емес пе? Бір күні ол:
– Менің бір ағам бар. Үйіне қонаққа шақырып жатыр. Жалғыз баруға ыңғайсызданып тұрмын. Оның үстіне ағатайым «курстастарыңды да ерте кел» деген. Талқанбай көкем өте бай тұрады. Ет жеп, сорпа ішіп, бір жырғап қалайық, – деп қолқалап қоймады.
Ақілгектің әуелгіде барғысы келмеп еді, басқа құрбылары да үгіттеп, «барайық, барайық» деп тұрып алды. Бөлмеде бір өзі қалатындықтан, Ақілгек амалсыз ілескен.
Ол Айсұлуды сонда алғаш көрді. Бет біткеннің сұлуы екен. Майысып жүріп қызмет етті. «Мынадай дәулетті, бай-бақуат адамның келіншегі осындай болуы керек қой» деп ой қорытты Ақілгек. Расында, Жұпардың ағасы мен жеңешесі егіз қозыдай жарасып, бір-біріне әзіл тастап қойып, қонақтарды жақсылап күтіп, риза етіп шығарып салды.
Бұл кезде Ақілгек Айсұлудың орнын басамын деп ойлапты ма?
Күзгі сынақта Ақілгек бір сынақтан сүрінді де Жұпар оны қояр да қоймай ағасының үйіне ертіп барды.
– Ағатайымды білесің ғой. Бүгінде оны осы қалада танымайтын, сыйламайтын жан жоқ, – деді Жұпар жол-жөнекей мақтанып.
Расында, Талқанбайдың тасы өрге домалап тұр екен. Оның профессорға бір рет қоңырау шалғанының өзі жеткілікті болды. Ақілгек «үштікке» риза болып жүргенде қаталдау көрінетін ағайы ортаңқолдай «төрттік» қойып берді.
Бір байқағаны, бұл кезде Айсұлу бір баласын жетектеп төркініне кетіп қалған екен. Неге кетті? Араларынан қандай шайтан жүгіріп өтті? Бәлкім төркіндеп қайтатын шығар? Ақілгек бұл жағын қазбалап сұрамады. Қызға тән ибалықпен сыпайылық сақтады. Бірақ Жұпармен Талқанбайдың үйіне екі-үш рет барғанда ұялы көздері мен жылы сөздерімен баурап алған Айсұлуды көре алмады.
– Ерке қатын не істемейді? – деп түсіндірді мұның мәнісін Жұпар құрбысы.
Содан бастап Талқанбай Жұпарды үйіне шақыруды үдетті. Әр шақырғанында «Ақілгекті ала келсейші» деп өтінетін. Екеуінің де сабағына да, тамағына да көмектесіп жүрген соң одан пәлендей жамандық күтпеген болатын. Сөйтсе, бір бармағы бүгулі екен ғой.
Екінші курсқа өткенде де Жұпар құрбысының қасынан бір елі ажыраған жоқ. Күн сайын бай-бағлан ағасын мақтап, оның сыйға беріп жібергендерін көрсетіп, шаттанумен болды. «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» дегенді ол кезде Ақілгек қаперіне де алмаған. Қамқор ағатайының құрығына қалай түсіп қалғанын өзі де түсінбейді.
«Сол күнді қарғыс атсын!» Бұл – Ақілгектің соңғы кезде ауызынан бір түспейтін қаралы сөзі. Бәрі де Жұпардың туған күнін ағасының зәулім сарайында атап өтуінен басталды емес пе? Жұпар бүкіл курстастарын ағасының үйіне шақырды. Мынадай алтынмен аптап, күміспен күптеп қойған келісті үйді бұрын кім көрген? Курстастар, құрбы-құрдастар кең де келісті бөлмеде тартынбай ішіп-жеді. Дастарханда құстың сүтінен басқасының барлығы бар еді. Мұндай бай дастарханды сирек көретін студенттер тартынуды ұмытты.
Ақілгек өмірінде татып көрмеген шарапты алғаш рет сол түні ішті. Онда да құрбыларының «Жұпарды сыйламайсың ба?» деп зорлағандай болуынан соң. Алғашқында басы сәл айналғандай еді, бірте-бірте жадырап, жүрегі сөйлеп тұрғандай күй кешті. Жұпар да жабысып, өлердегі сөзін айтып, жанынан шықпай қойды.
– Менің қуанышыма ішпегенде, қайда ішесің? – деп үсті-үстіне бастырмалатты.
Тағдырдың ызалы мазағындай, Ақілгек ертесіне Талқанбайдың төсегінде оянды.
Міне, содан бері осы үйдің отынымен кіріп, күлімен шығып келеді.
Болатбек кейде ақ борықтай келіншекпен оңаша қалғанда Талқанбай туралы сұрағысы келгенімен, оның ретін таба алмай жүрді. Талқанбайдың талтаңбай жүрісі жиілеп, ожар мінез көрсете бастаған бір күні Ақілгек жүргізуші жігітке өзі ақтарылып еді.
«Е, мұндайлардың қармағы қапқыш келеді. Бірақ жайқалып тұрған гүлді мал ғана таптап өтпей ме?» деп ойлады Болатбек.
– Енді не істемек ойың бар? – деп сұрады Болатбек оның не діттегені бар екенін білгісі келіп.
– Білмеймін, аға! Екі оттың ортасында қалғандаймын. Кетіп-ақ қалайын десем төркінімнен қаймығамын. Олардың ықыласыңсыз күйеуге тиіп кеттім ғой…
Болатбек келіншекті тығырықтан алып шығудың жолын таба алмай дал болды. Талқанбайдай күзірлі капиталистің отбасының тағдырына араласып, опа таппасын жақсы біледі. Ақілгекке ақыл айта алмай күмілжіген жері осы.
Әйтсе де ол Ақілгектің бір байламға келе алмай жүргенін аңғарды. Ол қандай байлам? Өзегін өкініш өртеген Ақілгек күйініш уытында жүріп әлденеге ұрынып қалса ше? Осыны ойлағанда жүргізуші жігіттің жүрегі жұлқынды. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың» күйін кешті.
Ымырт үйіріліп, көз байлана бастады. Кенет бір бүйірден алақұйын бұрқасын көтерілді де артынша суырсын жүріп өтті. Мұның соңы алай-дүлей боранға айналды. Жан-жақтан ұшып түсіп жатқан қар көліктің терезе көзін бітеп тастады. Тоңази бастаған жүргізуші маторды оталдырып, жылынудың қамын жасады. Бұл уақытта қызметкерлер де, жұмысшылар да үйлерінде ыстық шайларын ішіп жайланып жатыр еді. Жұмыста әкесінің құны қалғандай Талқанбай ғана тапжылмай отырып алды. Жүргізуші оны күте-күте жалықты. Тіпті, алаңдай да бастады. Дүние астаң-кестең болып жатқан мынадай мезетте жылы үйіне ертерек жетіп алғаны жақсы ғой. Бастықтың не ойлайтынын өзі біледі.
Уф! Жалықтырып, зарықтырып барып кеңсесінен шықты-ау әйтеуір.
– Күтіп қалдың ба? Ештеңе етпес. Мен бір жігіттерге қонаққа баратын болдым. Сен үйіңе қайта бер. Айтпақшы, мынаны жолай біздікіне тастай кетерсің, – деп Талқанбай оның қолына мұқият оралып, сырты скотчпен қапталған бір затты ұстатты.
– Сіз ше? Баратын жеріңізге жеткізіп тастайын да.
– Жоқ, әуре болма. Қазір кезекші көлік апарып тастайды. Ал не тұрыс? Жөнел! – деп Талқанбай кері шегіне берді.
Болатбек бастығының құпия сапарының талайын көрген. Сондықтан таңданған жоқ.
Бұрқасын басылар емес. Желтоқсанның жентек қары үсті-үстіне төпелейді. Сырттағы бұрқасыннан жүргізушінің ішіндегі құйын қатты ұйытқып, өршелене түскен. Ол бұл бұлқыныс-бұрқасынның қайдан бас көтергенін ойлап та жатпады. Әйтеуір, іші ызалы кекке толып қалғандай. Келесі бір көшенің қиылысынан өте бергенде көлігі шайқатылып, теңселіп кеткендей болды. Тәжірибелі жүргізуші емес пе, көлікті лезде-ақ жуасытып, қалыпты жүрісіне салды. Көлік тайғанақтамай, шайқатылмай жүрісін түзегені сол, оның ойына не үшін ашуға булығып келе жатқаны сап етіп түсе кеткені. «Иттің ғана баласы, әлгі студент қызына кетті ғой» деп ойлап қойды. Ақілгектей ажарлы жары бар адам да аяғын қия басады екен-ау! Оның зығырданы қайнады. Ызаға булығып отырып зәулім үйдің қақпасының алдына көлігінің тұмсығын қалай тірегенін өзі де сезбей қалды.
Есікті әдеттегідей Ақілгектің өзі ашты.
– Тым кеш қайттыңыз ғой. Қарныңыз да ашқан шығар, – деді мұны көрген бетте.
– Ештеңе етпейді. Мынаны басекең беріп жіберді. Үйге алып кете алмадым. Ертең-ақ әкеліп тастауға болар еді. Кім біліпті…
– Үйге кірсеңізші. Мен шай қойып жіберейін.
Құдауанда, әншейінде кетуге асығып тұратын Болатбек тырп ете алмай қалды. Бұл жолы Ақілгек жігіттің бөгелгеніне қуанып та, құп алып та тұр еді.
– Мына жерге аяқ киіміңізді шешіңіз, – деп Ақілгек ішкі бөлмеге кіріп кетті.
Әлден соң буы бұрқыраған шай да келіп қалды. О, несің айтасыз, бақуатты адамның дастарханы емес пе, үстел үсті көздің жауын алатын дәмге толды.
Бұл олардың алғашқы бетпе-бет отырулары еді.
– Басекеңді таныс-тамырлары тамаққа шақырып, сонда кетті, – деді Болатбек үнсіз отырғаннан бірдеңе деп отыру керек қой деп ойлап.
– Е, әлгі сайқалына кеткен ғой, – деп ауызынан жалын ата күрсінді Ақілгек.
Заты әйел емес пе, әлден соң көңіл әуеніне ырық берді. Бөтен еркекпен отырмын-ау деп ойламады-ау шамасы, көз жасы сорғалаған күйде ашына сөйледі. Әйелдің әлі көз жасына ғана келеді ғой. Тұншыға жылап алмаса, шемен шері тарқатылар ма?
Бәлкім, Болатбекке мұң шаққысы келген болар.
Болатбек оны қалай жұбатырын білмей абдырады. Осылай отырып, Ақілгек жігіттің иығына басын сүйеді. Болатбек мынадай жұмсақ та жұпар иісті шашты алғаш рет дәл иегінің астынан көріп отыр. Ол келіншектің шашынан иіскеді. Бұрын ол Ақілгектің қолын алуға да именетін еді. Бұл жолы қорыққан жоқ. Бойын бір батылдық биледі. Бұдан арғысы еміс-еміс есінде қалыпты. Ақілгектің шоқ шашқан шие ерніне сүліктей жабысқаны жадында. Сосын… сосын… Соншалықты жалынмен жігітке бой ұрған келіншек бойындағы бар қызуын ірке алмаған.
Әйел табиғаты жұмбаққа толы. Тыйым салынған тамырдың дәмін татып, әбден құмарынан шыққанша тоятынан тартынбайды. Бұл жолда қанша қиналғанымен шыдап бағады.
Ақ ұлпадай аппақ төсек. Ақ сазандай толықсыған келіншек. Толқындай төгіліп жатқан жұпар шаш. Көріктей көтеріліп-басылып тұрған қос анар. Ақілгектің құшағы барып тұрған от екен. Болатбектің құр сүлдері ғана қалды. Әлден соң құмарлықтың әбден шегіне жетті-ау шамасы, келіншек бар дауысымен айқайлап жіберді.
Бой-бой болып терлеген Болатбек әлден соң келіншек үстінен сусып түсті.
Қыстың талмауыр түні қашан да ұзаққа созылады. Бұл түн олар үшін қас-қағымдай ғана уақытта өте шыққандай.
Таң қараңғысында Болатбек ыстық құшақты қанша қимаса да, орнынан амалсыз тұрды. Ол келіншектің от бүркіген аузынан, шиедей ернінен ұзақ сүйді.
Ақілгек ағыл-тегіл жылап қалды…

* * *

Ертесіне Болатбек жұмысына әдеттегісінен кеш барды. Оған Талқан­бай­дың уыз қыздың құшағынан кеш босап қайтатыны себеп емес-ті. Ол бір байламға тоқтаған болатын. Көп ойланған ол жұмыстан босату жөнінде өтініш жазды. Оның жүрегін мазалаған «көзіңді ойып берсең де дос көңілін қалдырма» деген тәмсіл болатын. Қанша жерден жүрісі суық, ісі бұлыңғыр дегенмен, Талқанбай өзіне қандай қысастық жасап еді? Ай сайын көтеріңкі еңбекақы алады. Тоқсан сайын сыйлықтан да құралақан қалмайды. Сұранған жағына жібермей қалған кезі жоқ. Бұдан жайлы жұмысты қаланы мың айналсаң да табуың қиын. Сондықтан әріптестері «бекер кетіп бара жатырсың» деп өкініш білдірді.
Болатбек көлігін инженерге тапсырып, бухгалтериядан тиісті еңбек­ақысын алды да ғимараттан суыт шығып кетті. Талқанбай оның жұмыстан суыт шығып кетуінің себебін түні бойы сарсылтып күттіріп қоюымнан деп жорыды.
Былай шыға иығынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды.
Ол енді Ақілгектің есігін ешқашан бұрынғысынша еркін қаға алмайтынын ойлап қамықты. Іші удай ашыды. Әлден соң өзінің жылап келе жатқанын ауызына түскен кермек дәмнен білді. «Жігіт те жылай ма екен?». Әкесі көшеден жылап келгенде оған үнемі осылай деуші еді. Қалтасынан жалма-жан дәсорамалын алып көзін сүртті.
Уақыт шіркінге тоқтам бар ма, диірменнің тасындай зыр айналып, өте берген. Болатбек талай мекеменің есігін қаққанымен, ыңғайлы жұмыс таба алмады. Бүгінде бастық біткен бәлекет болып барады. Сырт адамды оңайлықпен қабылдай да бермейді. Қабылдаған күнде жылы қабақ танытпайды. Мызғымас жартастай сазарып отырып алған бастықтардың талайын көрді. Үндеріңде сұмдық салқындық бар. Осындай киіз көкірек, тұман кеуде жандарды кезіктіргенде Талқанбайға жасаған сатқындығы есіне түсіп, қыбы қанатын бір әдет тапты. Томсырайып отырған адамға өтініш айтып, опа таппайды екенсің.
«Ат айналып қазығын табады». Өзіне қолайлы жұмыс табыла қоймаған соң Болатбек тағы да такси паркіне келген. Бір көнелеу көлік бұйырды. Жүруінен тұруы көп. Үнемі су жаңа көлік жүргізіп үйренген Болатбекке мұның өзі ауыр соқты. Басқа түссе, адам не істемейді? Ескі көлікті жөндей-жөндей ол нағыз шебер болып шықты.
Қай адамда да кәсіби дағды деген болады, дәрігер адам көрсе – науқас па екен деп ойлайды, полицей кездейсоқ кезіккенге күдікпен қарайды, оқытушы жастар көрсе – лекциясы есіне түседі, ал таксист біткенге көшедегілердің барлығы да жолаушы сынды көрінеді. Болатбек те көше-көшемен жолаушы іздеп келе жатып, не такси шақырған қоңырауға құлақ түріп отырып: «Шіркін, алдымнан Ақілгек жарқ етіп шыға келсе ғой» деп армандайды. Қас қылғанда көрікті келіншек сағымға сіңіп кеткендей кездеспей-ақ қойғаны.
Пенде шіркінді талдырмай алға сүйрейтін бір күш болса, оның аты – үміт. Үміт үзілген күні адамның мұнар түні басталмақ. Болатбекті бір үміттің жетектеп келе жатқанына қаншама уақыт өтті. Алайда ол белгісіздіктің белдеуіне сіңіп жоғалып кетпеуге бар күшін салып бақты. Қаншама діңкелесе де, деміксе де діттеген жеріне жетпей қоймайтын жаны сірі адамдар болады ғой. Ол қиналған сайын солар сынды ширыға түсті.
Қорқақты қуа берсең батырға айналады. Бір күні Болатбектің бойына батылдық бітті. «Азар болса ашуланып, ұрысар. Себепсіз кетіп, не үшін қайта келдің?»деп сұрар. «Табан жолыңнан жаңылып, менен кетіп тапқан барқадарың, тапқан ұшпағың қане?» дер. Бірақ Ақілгек екеуіміздің арамыздағы үздікпе құмарлықтың құлына айналған түнімізді қайдан біледі? Мұндай құпияны айта қоятын Ақілгек ашықауыздар қатарынан емес. Ендеше бастықтың маған ұрысатын реті де, жөні де жоқ. Босқа үрейленбей, компанияға соға кетейін. Мүмкін Ақілгектің бір хабарын біліп қалармын» деген ой таксисті бұрынғы жұмыс орнына сүйреп келді. Ескікөз таныстар оны құшақ жая қарсы алды. «Қайдан жүрсің?», «Қандай жел айдап келді сені?», «Оралу ойыңда бар ма?», «Жеке кәсібіңді аштың ба?» деген сауалдармен бастырмалатып жатыр.
Әлден соң сауал-жауап та, сағыныш та сарқылғандай болды. Осы кезді пайдаланып Болатбек:
– Әңгімелерің бітсе, мен басекеңе сәлем беріп шығайын. Менің осында келгенімді естісе өкпелеп жүрер, – деді.
– Бөке, қай бастықты айтып тұрсыз? – деді байырғы көзтаныс Есенәлі көздері ұясынан шыға жаздап.
– Талқанбайды айтамын да.
– Естімеп пе едіңіз, Талқанбайдың талқаны шыққан. Істі болып сотталып кетті. Үш әйелі дүние-мүлікті бөлісе алмай қырқысып жатыр деп естігенбіз. Одан арғысын білмейміз, – деді Қайрат.
– Япырай, қиын болған екен-ау! – деп қалды Болатбек.
– Қиын ештеңесі де жоқ. Өзіне өзі істеді. Қарамағындағыларды қан қақсатып бітіп еді. Қайта сауап болды ма деп отырмыз, – деді Есенәлі.
– Сүрінгенге сүйсінбес болар. Кінәлі болса жазасын тартып жатыр екен ғой. Енді сабасына түсер, – деп Болатбек ысқырып тұрған зәрлі өшпенділікке басу айтпақ еді, жиналғандар өршеленіп кетті.
– Қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді сығып алушы еді. Сауап болды!
– Өзі де бір тойымсыз екен.
– Қызыл көрсе шүйлікпей қоймайтын бүркіт сияқты болып шықты ғой біздің бұл бастық.
– Шіріген байлығына қарамастан, сараңдығында есеп жоқ еді. Сол сараңдығының жазырын тартты ғой ақыры. Қасықтап жинаған мал-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, – деді Есенәлі шытынап.
– Ендеше, байлар да жұтайды екен ғой, – деп сөз қосты Болатбек.
– Жоқ, жұтамайды. Байлар да жылайды, – деп түзетті оны Қайрат.
Болатбек өзін осы уақытқа дейін қыл үстінде жүргендей сезінуші еді. «Енді қорқатындай ештеңе жоқ» деп ішіне әлденені түйіп қойды. Сөйтті де бұрынғы әріптестерімен асығыс қоштасып, ауладан шығып бара жатты.
«Шешінген судан тайынбайды» деп бір қойды ол. Сөйтті де жоспар, тәртіп дегендерді жиып тастап, бұрынғы бастығының үйіне қарай құстай ұшты. Өзіне таныс зәулім үй көрінгенде жүрегінен сәуірдің желіндей леп есіп тұрғанын аңғарды. «Алдымнан жарқ етіп Ақілгек шыға келсе ғой,шіркін» деп ойлаған ол үйреншікті қақпаның алдына келіп, тежегішті басты. Жүрегі атойлап кеудесінен шығып кете жаздап тұрса да өзін-өзі сабырға шақырған болып, қоңырауды басты. Іштен мошқал әйел шықты.
– Сізге кім керек?
– Осында Талқанбай деген кісі тұрып еді, – деді Болатбек асып-сасып.
– Иә, тұрса тұрған шығар. Бірақ бұл үй қазір Жандар Керімұлынікі.
Бұл сөзден Болатбектің аңғарғаны, Талқанбай үйін әлдеқашан сатып жіберген. Сонда Ақілгек қай жерге көшіп кетті екен? Бәлкім, Талқанбай оған басқа үй сатып әперген шығар? Мынадай зәулім үйден үш келіншегіне де көп-көрім үш үй алуға болады ғой. Не ғыпты сонша, келіншектерін далаға тастамаған болар.
– Осы үйде Ақілгек деген келіншегі тұрып еді, – деді енді Болатбек үйдің жаңа иесі бірдеңе айтып қалар деген үмітпен.
– Саған қандай жақындығы бар еді?
Болатбек жауап таппай мүдірді.
– Қарағым, мен бұл үйде бұрын кімнің тұрып, кімнің кеткенін қайдан білейін? Біз көшіп келгенде бұл үй қаңырап бос тұрды. Ешқандай да иесін көргенім жоқ, – деді әйел.
Болатбектің Ақілгектің бір хабарын біліп қалармын деген дәмесі адыра қалды.
Содан бері жүрегінің басына бір түйін пайда болды. Түйін берішке айналып кетсе, мұның соңы – қарақұрым терең құз. Одан оңайлықпен шыға да алмайсың. Жүректің емі қайда? Бүгінде бағамдап отырса, Болатбек сол ем-дауаны іздеумен келеді екен. Абайсызда қымбат та қимас затын қанқасап қарақшыларға алдыртқан аңғал адамдай айналасына алақтап қарай беретін күйгелек бір әдет тауыпты. Сол сұғанақ ұрыны тапса жаны жай табар ма еді, қайтер еді?
Қоңыр күз саябақтардағы, көшелердегі, жол бойларындағы, аулалардағы тал-теректердің, жеміс ағаштардың, сан алуан гүлдердің жапырақтарын сарғайтып, төңіректі ерекше реңкке бөлеп тұр. Мұндайда көкіректегі тырналар тыраулап, кімді де мұңға орап қоятыны бар-ау. Болатбектің де көлдей көңілі көнетоз тартып, әлдебір мұнардың ішінен шыға алмай-ақ қойған. Өміріндегі бар қызығын күздің бодауына беріп, жан дүниесі босап қалған. Сынық көңілінде шарасыздық сызы бар.
Ол жол бойында қол көтеріп тұрған келіншекті бірден байқады. Сырғып келіп жанына тоқтаған таксидің артқы есігін ашқан жолаушы:
– Жаңақалаға дейін ала кетесіз бе? – деді сыпайы ғана.
– Отырыңыз.
Келіншек лып етіп артқы орындыққа жайғасты. Такси орнынан баяу қозғалып, бірте-бірте жылдамдығын үдетті.
Таксист біткенде көлігіне мінген қандай да жолаушыны бір шолып өтетін үйреншікті әдет бар. Негізінен бұл – кәсіби дағды. Таксиге кімдер мінбейді? Араларында мүсәпірлері де, кісәпірлері де толып жатыр. Сондықтан жолаушыға бір сәт көз қиығын салып қою теріс болмайды. Осы қанға сіңген әдетпен алдыңғы айна арқылы жолаушыға қарап қойды. Келіншек тым сымбатты еді. Болатбек еркінен тыс жолаушыға екі-үш мәрте тесіле қарады. Жүрегі шым ете қалды. Қайдан көрді, япырау!
– Сіз, сіз…
Сасқалақтаған таксистің ауызына басқа сөз түспеді.
– Иә, аға! Бұл – менмін. Ақілгекпін! Танымай қалдыңыз-ау, шамасы.
Ақілгек бұрығысынша «аға» деп отыр.
Ақ бұлттар арасына жасырып жүрген аппақ арманымен ойда-жоқта қауышамын деп ойлап па? Ол көлігінің артқы орындығында отырған жолаушыға бұрылып қарай бергенде рульге ие бола алмай қалды.
– Алдыңызға қарасаңызшы,аға! Соқтығысасыз ғой!
– Япырай, Ақілгек! Өңім бе, түсім бе? Расымен, бұл сенбісің? – деді көлігін жолға салып алған Болатбек қайта тілге келіп.
– Өңіңіз, аға! Сенбей келесіз-ау.
– Мен сені көп іздедім ғой, Ақілгек!
– Міне, таптыңыз, – деді Ақілгек сыңғырлай күліп.
– Түк те өзгермегенсің. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деуші ме еді? – деді Болатбек ендігі сөздің қисыны осы шығар деген оймен.
– Сіз де айтасыз-ау! Өзгермеген неміз қалды? Бұл баяғы Ақілгек емес, аға!
– «Отқа салып ерітсең де алтын сірә жез болмас, аяққа шұлғау қылсаң да асыл жібек бөз болмас» дегенді білуші едім. Асыл туған жансың ғой, қалқам! Қанша қиналсаң да, арада қанша жыл өтсе де алтын күйіңде қаласың! Сенің бағаң қашан да жоғары ғой. Әлі сол сұлу да сымбатты қалпың!
– Ұялтпаңызшы, аға! Сіз ғана ғой солай ойлайтын. Ал басқалар сіз сияқты ойламайды.
Болатбек көлігін жол жиегіне тоқтатты.
– Мен сені үйіңе іздеп бардым, – деді Болатбек.
– Босқа әуре болғансыз. Талқанбай ол үйді сотталарының алдында сатып жіберген.
– Саған үй әперген шығар?
– Қайдағы, аға! «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді ғой, бір сабақ жібін де алмадым.
– Содан?
– Содан өз күнімді өзім көрейін деп жұмыс іздедім.
– Тапқан шығарсың?
Болатбектің ішіне мұз түсіп кеткендей болды.
– Табуың таптым-ау, бірақ…
– Жұмысқа қабылдамады ма?
– Бұл – ұзақ әңгіме.
– Мен сені жылдап тыңдауға дайынмын.
Ақілгек айтсам ба, айтпасам ба дегендей біраз үнсіз қалды.
– Иә, сонымен…
Болатбек дегбірсізденді.
– Сонымен, Талқанбайдан түпкілікті құтылған соң жұмыс іздеп әр мекемеге кірмеймін бе? Сенесіз бе, аға, ажар деген адамға бақ та, сор да болып бітеді екен ғой. Маған сор болып біткен екен. Мені көрген мекеме басшыларының есінен танып қалмағаны аз. Өн бойымды тінте қарап, ауызынан суы құрып отырғандары мезі етті. Олардың көздегені белгілі ғой.
– Иттер-ай десеңші!
Болатбек отқа түскен тұздай шыртылдады.
– Босқа күйіп-піспеңіз,аға! Мен олардың құрығына іліккенім жоқ. «Ағайын өкпеге қиғанмен, өлімге қимайды» дейді ғой. Құдайға шүкір, бауыр­ларым бар. Олар мені күресінге тастамады. Кешірді. Барлық күнәмді. Қазір бір бауырымның фирмасында жұмыс істеп жүрмін.
– Уф! – деп терең күрсінді Болатбек, – Жақсы болыпты. Телефоныңды берсеңші. Хабарласып тұрайық. Кездесейік.
Болатбектің есіне сол бір тоят түннің тәтті елесі түсті.
Ақілгек те осы сәт тұла бойын бір ысытып, бір суытқан сезімін іркіп қалды. Сол тәтті түннің өшпес белгісіндей болып, құрсағына шарана бітіп еді. Шекесі торсықтай ұлын ол Болатбектің құрметіне Бекболат деп атаған. Бұл сырды білсе, Болатбек соңынан қалар ма?!
– Жоқ, аға! Ырду-дырду қызық қуатын, жыртың-жыртыңы көп жастан әлдеқашан өттік. Қазір мен дін жолындағы адаммын. Бес уақтылы намазымды қаза қылмаймын. Әурелеп қайтесіз. Өткен іс өтті. Енді өткен күндерді кері қайтара алмаймыз, – деді Ақілгек сабырлы қалыпта.
«Ақілгек ары мен намысының, ұятының есігіне ешқашан ашылмайтын аппақ ілгек салып қойған екен-ау» деп ойлады Болатбек. Сонда да:
– Сені қайта кездестіре алмаймын ба, жаным-ау! – деді толқып.
– О, не дегеніңіз. Бір қалада тұрамыз. Бәлкім осылай оқта-текте кездесіп қалармыз. Осы жақсы емес пе?
– Несі жақсы?
– Сирек кездесеміз.
– Жоқ, сені күн сайын көрсем деймін.
– Ол болмайды, аға! Менен достықтан, сыйластықтан артық ықылас күтпеңіз.
– Сағынамын ғой…
– Бос сөз. Отбасыңыз, бала-шағаңыз бар.
– Оны бұрын да білгенсің.
– Иә, білгенмін. Ол кездегі менің жағдайым мүлде басқаша еді. Бір жағынан жастықпен әрі ызалы кекпен ырқыңызға көніп қалған шығармын. Оны ұмытыңыз.
– Ұмыта алмаймын. Сені күн сайын көріп тұру үлкен қуаныш, бақыт болар еді.
– Бақыт құсы басыңызда, аға! Оны ұшырып алмаңыз.
Ақілгек сыңғырлай күлді.
Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. Кенет Болатбектің басынан аяғына дейін ыстық бір ағын жүгіріп өтті. Ол оқыс жадырады. Бұл жолы жүрегі әдемі ырғақпен лүпілдей соқты.
Болатбек өзінің көп жыл сырттай болса да қызғыштай қорып келген аппақ айдынының тұнық та таза сақталғанына жүрегі жарыла қуанып келе жатыр еді…

Пікір қалдыру