Сабырбек Олжабай. ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰҒЫРЫ

Барлық игілік ел бірлігінің арқасында жүзеге асып келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әр азамат еліміз алға қойған маңызды мақсаттарға бірге жетсек деп ойлайды. Осы жолда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ынтымағымызды, достығымызды, ауызбіршілігімізді нығайту – ел ертеңінің кемелдігін таныта түседі.
Елімізде қаншама этнос тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Отанымыз бір болған соң мүддеміз бір. Осы арада «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру үшін сан ұлттың өкілдері бір атаның баласындай топтасып, Мәңгілік Ел болашағы үшін күресуі тиіс. Осы жөнінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Мұратқа — жолын тапқан жетеді» дегенін әркез ұмытпауымыз керек. Мұратқа жеткізетін жол — бірлік, ынтымақ, түсіністік және патриоттық сезім. Әрбір тұрғынның бойында осы қасиет табылуы тиіс. Түркістан облыстық татар-башкұрт этномәдени бірлестігіне топтасқандар да, міне, солай ойлайды. Олар қандай игі мақсатқа да жетеріне сенімді. ТО татар-башқұрт этномәдени орталығының төрайымы Сайма Акбердиева қазақ жерін – «Жерұйық» санайды. «Қазақ елі – кұтты мекен, достық ордасы. Сол орданың бір уығы болып татар-башқұрт ағайындардың жүргені жүрегіме куаныш сезімін ұялатады», – дейді Сайма Ақбердиева.
Сайма Нажипқызының айтуынша, татар ұлты шартты түрде Орынбор, Астрахан, Қырым татарлары тағы да басқа бірнеше атауға ие. Айналып келгенде, соның бәрінің түбірі бір.
Төрайымның түбі Астрахан татарларынан тарайтын көрінеді.
Атасы Зұлқарнай Акбердиевті отбасымен 1934 жылы Сібір жеріне күштеп көшірген. Еділдің төменгі етегіңде егін егіп, өз арбаларын өздері сүйретіп жүрген оларды бір тәулік ішінде опалаң-топалаң етеді. Жолға ештеңе де алғызбайды. Үй, дүние-мүлік, мал Еділдің бойында қала береді. Қолдарына азын-аулақ азық алған топ Сібірдің қақаған аязына тап болады. Еділдің бойы ен тоғай еді. Жазы жаймашуақ, күзі көктемдей, қысының өзі майтоңғысыз болатын. Осындай жәннат жерден үскірікті өңірге келген соң іс оңа ма, жер аударылғандар жаппай қырыла бастайды.
Арада жыл өткенде олардың зары Құдайдың құлағына шалынады. Оларды Сібірден өзге өңірге көшуге рұқсат етеді. Міне, сонда Ақбердиевтер әулиеті өзге де қандастарымен қазақ елін тандайды. Өйткені, бұл халықпен олардың діні де, тілі де, діні де ортақ болатын. Құшағы кең қазақтың оларды өзектен теппесін білген-ді.
Ойлағандай кеңқолтық қазақ татарларды кеудеден итерген жоқ. Бауырластардың ыстық кұшағы, табиғаттың аса қолайлығы оларға жайлы тигені сондай, осында тұрақтап қалды. Өсіп-өңді. Қанаттарын кеңге жайды. Казақпен құда-кұдаңдалы да болды.
Қазақ жеріне татарлардың тағы бір легі 1950 жылдары келді. Кеңес билігі кәсіби мамандарды КСРО-ның түрлі аймақтарына жіберіп жатты. Шымкент — өндірісті қала. Мұнда инженерлік-техникалық мамандық иелеріне сұраныс көп-ті. Сондықтан Ресейдегі татарлар облысқа жолдамамен ағылып жатты. Осындағы бауырларымен табысып, қазақ жеріне біржола сіңісті.
Бір кездері басынан бағы тайған башқұрт халқының да Казақстанға қоныс аударуының осындай себептері бар. Қазір ресми мәліметтер Түркістан облысында 18 мың татар мен 600 башкұрт бар екенін көрсетеді. Бұдан да көп болар ма еді, токырау жылдарында екі халық өкілдері Ресейге кері қайтқан. 1989 жылы облыста 84615 татар мен 2401 башқұрт тіркелген екен.
Қазақстанды Отаным деп тұрақтап қалғандар ырыс алды – ынтымақ екенін жақсы түсінеді. Ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жөнінде күресіп келеді. Қазақстанда қай халықтың да өз ділі мен тілін сақтап, дамытуға кұқы бар. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысында (бүгінгі Түркістанда) 1989 жылдың 15 сәуірінде татар-башкұрт этномәдени орталығы құрылды. Міне, осы уақыттан бері орталық түрлі іс-шаралар өткізіп, елдің қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді. Олардың «Замандашлар» атты ансамблі бар. 2013 жылы осы өнер ұжымының 35 жылдығы атап өтілді.
Әр халықтың өзінің мәдени дәстүрі болады. Олар әр жылы көктемнің соңы мен жаздың басында Сабантуй өткізеді. Облыстан бастау алған бұл мереке республикалық, тіпті халықаралық деңгейге дейін ұласады. Бізде де «Сабантой» деген үрдіс бар. Егін жиналып, қамбаға кұйылған соң жасалынады. Ал оларда керісінше. Қар еріп, тоң жібіп, жерге тұқым себіліп біткеннен соң басталады. Бұл «егін бітік болып, елде тоқшылық болсын» деген ырымнан туындаған. Мамыр айында татар-башқүрт халқының өкілдері «Сабантуйды» бастап кеп жіберді. Қыз-келіншектері ұлттық нақышта киініп, дөңгелене билейді. Ән салады. Ал жігіттері күресіп, күш-қайраттарын көрсетеді. Мереке барысында спорттың басқа да түрлеріне кезек берілді. Содан кейін олар Қызылорда облысында бас қосып, мерекені мерекеге жалғастырады.
Татар-башқұрт өкілдерінің арасынан шыққан білікті мамандар, оқымыстылар көп. Татарстаңдағы Қазан университетімен тығыз байланыста. Құжат онлайн жүйесімен тапсырылады. Интернет арқылы орыс тілінен тест тапсырған соң сынақтарды университетте жалғайды. Казан университетінде де өзіндік тәртіп бар. Жоғары оку орнын бітірген жас өзі келген елге барып жұмыс істеуі керек. «Осында университет бітірдің, осыңда қалуға міндеттісің» деген қағиданы ұстанбайды.
Зұлмат жылдардың бір зобалаңы да шығар, бүгінде отбасында татар тілінде сөйлейтіндер жоқтың қасы. Көпшілігі бір-бірімен орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Қазақ тілінде сөйлеседі. Ана тілі қай халыққа да ардақты. Оны құрметгеу керек. Ұлттық рух ана тілі арқылы бойға дарымақ. Сондықтан этномәдени орталығы әр жексенбіде жастарды жинап, татар тілін, әдебиетін оқытады.
Қазан қаласында әр бес жыл сайын дүниежүзілік татарлар кұрылтайы өтіп тұрады. Замана ағымымен жер шарының түкпір-түкпірінде жүрген татарлар осы басқосуда қауышып жатады. Жалпы, Қазақстан бойынша 240 мындай татар бар. Башқұрттар 20 мындай. Олар — Алматы, Қарағанды қалаларында көбірек қоныстанған. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстанда да татарлар мен башқұрттар едәуір. Олар бір-бірімен этномәдени орталықтар арқылы байланысып жатады.
Сайма ханым Шымкент шаһарында 9 мыңдай, Мақтарал, Сайрам аудандарының әрқайсысында 1500-ге жуық татар бар екенін айтты. «Төле би ауданы, Түркістан, Арыс қалаларында да қандастарымыз бар», – дейді ол.
– Қазақстан – құтты шаңырақ, құт мекен. Біз өз бақытымызды осы жерден тауып отырмыз. Түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы арқылы елде көптеген игі істер атқарылып жатыр. Бастысы тұрақтылық бар. Ал тұрақтылық тұғырға қонған жерде қайыр бар. Біз сол бақтың, берекенің ішінде жүрміз, – дейді Сайма ханым салмақты түрде.
Енді оған біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Шәмілдің шаңырағы

Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Созақ ауылындағы Шәміл Тагиевтер отбасын өңірдегілер түгел таниды. Бұл көпұлтты отбасы екенімен де белгілі. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан олар жайлы айтарымыз жеткілікті.
Шәміл Тагиев 1926 жылы 8 мамыр күні Әзірбайжан Республикасы Карабах ауданы Косалар ауылында дүниеге келген. Әкесі Махмұд Әлиев бақуатты адам болыпты. Үш әйелі бар екен. Махмұдтың қол астында 150 адам жұмыс істеген. Ол кісі жайлы дерек Әзірбайжан еліндегі кітапқа енген.
1937 жылы Тагаевтің отбасы сталиндік репрессияға ұшырап, Қазақстанға жер аударылады. Онда Шәміл 10 жаста екен. Созақ ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте оқиды. Жетінші сыныптан соң, Ақсүмбе ауылының мектебіне мұғалім болып барады.
1941 жылы Шәміл әскер қатарына шақырылады. Курск маңында 6 айлық даярлықтан өткен соң Днепр өзені үшін шайқасқа қатысады. №25 гвардиялық атқыштар дивизиясының 370-ші полкында минометші-көздеуші болып қызмет атқарады. Көздеуші өте қырағылықты, дәлдікті талап ететін мамаңдық. Соғыста небір қиян-кескі шайқаста жаңбырша жауып тұрған оқ ішінде ауыр минометті әрі-бері жылжытып тұру оңай емес еді. Минометші Шәміл бірде барлауға жіберіліп, немістің екі «тілін» алдына салып айдап келеді. Осы ерлігі үшін командирі оны марапаттаған.
1941 жылдың соңында ол ауыр жараланады.
Украина астанасы Киевтегі госпитальда емделеді. Екі-үш айдан соң оны тағы да соғысқа жіберген. Бұл жолы ол Венгрия мен Румыния жерін азат етуге қатысады.
Бірде зеңбірек оғы дәл жанына келіп жарылады.
Сонда Шәміл топырақ астына көміліп қалады.
Шайқастан соң топырақ астынан шығып жатқан қолды көріп майдандастары оны казып алған. Топырақ астында қалған жауынгердің кеудесінде жаны бар екен. Жарықшақ оның қарнын ақтарып жіберіпті. Қолынан да жарақат алған. Көретін жарығы бар екен. Тбилиси қаласында госпитальде емделіп, 1946 жылы ауылға оралады.
Соғыстағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген медальмен марапатталады.
Енді оны еңбек майданы күтіп тұрған еді. Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтының агроном мамандығы бойынша бітіріп шыққан Шәміл Созақ кеңшарында ширек ғасырға жуық қызмет істеді. Шәміл жеміс-жидек, оның ішінде жүзім өсірудің білгір маманы болды. Іс-тәжірибесі облысқа тарады.
Кұрметті зейнеткерлікке шыққан соң да ол қол қусырып отыра алмады. «Изенді» шаруа қожалығын құрып, мал өсірді, егін екті. Балаларын осы іске баулыды.
Шәмілдің жұбайы Рақия апа — қазақ қызы. Екеуі 11 ұл-кыздан 41 немере, 70 шөбере сүйіп отыр. Тагиевтер өздерін «интернационалды отбасымыз» деп мақтан етеді. Айтқандайын, Ританың жұбайы Нариман — түрік ұлтынан, Мәликаның күйеуі Шәріпжан — қазақ.
Жұлдыз да қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Хұршиданың күйеуі Фердаус – әзірбайжан. Малахаттың күйеуі Василий – грузин. Фарида да қазақ жігітін тандады. Қарлыбек екеуі тату- тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Хурият өзбек жігіті Мұхитдинге ұзатылды. Зоя да Нұрмұхамедтей өзбек жігітіне күйеуге шықты.
Шәміл атаның үлкен ұлы Кадыр түрік қызы Зуһраға үйленді. Эльбрустың үйіндегі Адала келін әзірбайжан қызы. Фаридасынан өрбіген жиені тәжік азаматына ұзатылды. Сондай-ақ ол биыл Светлана есімді келіншекті күйеуімен бірге жұмысқа қабылдады. Қарап отырсақ, Шәміл атаның шаңырағында жеті ұлттың өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр екен.
Шәміл ақсақал «Біз кезінде сталиндік куғын-сүргінді көп көрдік. Бала кезіміз ғой, сол кездегі қиындық санамызда өшпестей болып жазылып қалған. Қуғын-сүргінде көптеген қандастарымыз жер жастанды.
Ал біз қазақ арасына келіп, жан сақтадық. Олар бізге қолындағысын бөліп берді. Сондықтан бізге ынтымақтың, бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың құны тым қымбат. Елдің амандығын, тыныштығын тілейміз.
Біз көрген нәубетті, соғысты кейінгі жастар көрмесін деп тілейміз. Адал еңбек етіп, мандайдан сүмектеп аққан ащы термен келген нанның дәмі ауыздан кетпейді. Біз несібені Жер-Анадан теріп жеп үйренген жанбыз. Қазақтармен еншіміз бөлінбеген. Олар да мал және егін шаруашылығын жақсы меңгерген. Жер-Ана баптай білгенге қашан да жомарт. Біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сара саясатшы, көреген басшы. Алыс-жақынды соншалықты дәл болжай біледі. Халықты түрлі қиындықтан қиналмай алып шықты. Мұндай көреген көшбасшының айналасына тығыз топтасып, оны қолдауымыз керек. Шалғайдағы қарияның қандай көмегі бар демеңіз. Ауыл қарттарын ауызбіршілікке үндей білсек, мемлекеттің тілін, жергілікті халықтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын кұрметтеп, сақтай білсек, міне, елге деген қызмет осы болады. Елімізде көп ұлт өкілі бір атаның баласындай ғұмыр кешіп келеді. Бұл, әрине, еліміздегі саяси тұрақтылықтың арқасы, – деді тебіреніп.
Шаруақор Шәмілдің шаруашылығында түйе, жылқы, қой-ешкі, сиыр бар. Одан бөлек қаз да өсіреді. Үйіне таудың суы жерасты кұбыры арқылы келеді. Қыстық қоймасында банкіге консервіленген өнім тау болып, үйіліп тұр. Оны қаладағы балаларына жібереді. Өздеріне де қысы-жазы толық жетеді.
Оның үйінің бір шетін қойма ма деп қаласыз. Ауыл шаруашылығына қажетті барлық техника бар. Кейде отбасымен тауға барып, тыныққысы келсе «Газельге» отырып тартып кетеді.
Ауласында жеміс ағашының 20 түрі бар. Алма, алша, алмұрт, долана, өрік, шие, тау шиесі, кара өрік, жиде, тұт, жүзім, тағы басқалары жайқалып өсіп тұр. Бақшасында қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, қырыққабат, жуа, баклажан, сәбіз, тағы басқалары көздің жауын алады. Бұл агроном Шәміл атаның отбасына жасаған игілігі.
Барқадарлы бақытын қазақ ауылынан тапқан Шәміл ата бүгінде мәуелі бәйтерек сияқты көлеңкесін көпке түсіріп, жемісін беріп тұр.

Пікір қалдыру