Сабырбек Олжабай. Тоғысқан тағдырлар

Ел мақтаны ­– Севич апа

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз» деп бүкіл қазақстандықтарды ауызбіршілікке шақырды. Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқан Қазақ елінде, қазақтың қасиетті жерінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың, этностардың бізге айтар алғысы шексіз. Олардың басын бірлікке топтастырып, өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын нығайтып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы да ауқымды жұмыстар жасап келеді. Иә, кезінде зобалаң- зұлмат оқиғалардың салдарынан шалғайдағы Мақтаарал ауданына да түрлі ұлт өкілдері келген болатын. Олардың талайы тағдырлары туралы топтамамызда біршама жәйттерді айтып өткенді хош көріп отырмыз.
Атакент кентінде орналасқан «Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі» мекемесінде түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олар бір отбасының мүшелеріндей тату-тәтті, ынтымақты тұрады. Солардың ішінде Әзірбайжан ұлтының өкілі Севинч Хамедованы әріптестері ерекше құрметтейді.
Осы мекемеде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол мұражай қорына келіп түскен жәдігерлерді құжаттау жұмыстарымен шұғылданады екен. Музейдің кіші ғылыми қызметкері Салтанат Саметова С.Хамедованы өз ісіне мығым, жоғары білікті, ұжымда беделі жоғары маман екенін айтты.
– Севинч апайымыз музей қорына келіп түскен жәдігерлерді құжаттаумен бірге, тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын «Көшпелі көрмелерімізді» де қажетті экспонаттармен қамтамасыз етіп отырады. Апайдың отбасы өнегелі. Ұлы «Назарбаев университетінде» магистратураны оқып жатса, қызы Астанадағы медициналық академияда грантпен оқиды, – деді.
Севинч апайдың талай жылғы тынымсыз еңбегі басшылық тарапынан елеусіз қалмай ол бірнеше мәрте Алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталған. Жуырда «Мақтаарал ауданының 90 жылдығы» мерейтойында аудан әкімінің Алғыс хатын алса, бұған дейін әр жылдары облыстық «Нұр Отан» партиясының және облыстық мәдениет басқармасының дипломдарымен марапатталыпты.
Севинч Хамедова өз кезегінде әріптестерімен өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, жас қызметкерлерге қолынан келгенше ақыл-кеңесін айтып жәрдем беріп отырады. Ұжым арасында осындай сый-құрметке ие Севинч Хамедова барша аудан тұрғындарын 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, былай деді:
– Біз бақытымызды Мырзашөлден таптық. Қазақ елінде өсіп-өндік. Бірінші Мамыр бұрындары «Халықаралық ынтымақ күні» ретінде мерекеленсе, қазір Қазақстанда тұрып, өмір сүріп жатқан ұлыстардың бірлігін паш ететін күн. Сыйластық пен түсіністік салтанат құрған жерде қашанда ынтымақтың ырысқа бастайтыны белгілі. Сондықтан бүгінгі күні еліміздегі бейбіт өмір, барлық этностардың ауызбірлігі – бұл біздің бағымыз. Біз мұны бағалап, қадірлей білейік, – дейді ол.
Севинч Хамедова бүгінде ұлтаралық татулықты кеңінен насихаттап жүр. Ол өзінің осынау дархан халық арасынан пана, достар, туыстар тапқанына қуанады. «Бақытымызды Мақтааралдан таптақ» деп ұдайы айтып отырады.
Бесінші ұрпақтың өнегесі
Ал, Гутовтар отбасын мақтааралдықтардың бәрі үлгі тұтады, мақтаныш етеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Жұбы жарасқан Зинаида Ивановна мен Михаил Егорович 58 жылдан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келеді. Бұл шынын айтқанда екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт.
Зинаида Ивановна 1935 жылы туылған. Атасы Киров каналын қазу жұмысына сонау Ресейден келіп, құрылысқа басшылық еткен. Ал болашақ өмірлік жары Михаил Егорович болса біздің елге Кемерово қаласынан келген болатын. Бұлардың таныстықтары да қызық өрбиді. Алматы қаласында жолдары түйіскен екі жас сонда кездесіп, танысады. Бұл таныстықтың соңы Зинаида Ивановна мен Михаил Егоровичтің болашақ өмірге қол ұстасып бірге аттануымен аяқталған.
Гутовтардың төрт ұл-қыздары бар. Ұлдары Валерий, қыздары — Наталья, Ольга және Людмила. Осы ұл-қыздарынан Зинаида әжей мен Михаил атай 8 немере мен 7 шөбере сүйіп отыр. Зинаида Ивановна мен Михаил Егорович Мырзашөл өңірінің өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен жандар. Зинаида әжейдің еңбек өтілі 50 жыл. Ол кісі еңбек жолында бір-ақ жерде қызмет еткен. Мырзакенттегі мақта тазарту зауытына алдымен комсомол бригадасына жұмысқа қабылданған, кейін қойма меңгерушісі болып ауысады, осы қызметтен зейнеткерлікке шықты. Михаил атайдың еңбек кітапшасында екі-ақ жазба бар. Біріншісі автобаза жүргізушісі, екіншісі Мырзакент мақта тазалау зауытының слесары. Атай да Зинаида әжей секілді осы зауытта қаншама жыл абыройлы еңбек етіп, осы жерден құрметті демалысқа шықты. Зинаида Ивановна мен Михаил Егоровичтің суреттері зауыт Құрмет тақтасынан түскен емес. Әрқашан озаттар қатарында жүретін. Ата жолын жалғастырған Гутовтардың Мырзакент мақта тазарту зауытында бүгінде 5-ші ұрпағы жұмыс істеуде. Олар мұны мақтаныш етеді. Еңбек сүйгіш қарапайым жандарды зауыт басшылары, кейінгі толқын буындарға, жастарға үлгі етіп келеді. Осыншама жылғы адал еңбектерінің белгісіндей Зинаида әжей мен Михаил атайдың кеуделерінде «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері» медальдары жарқырайды. Онан бөлек алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Күні бүгінге дейін зауыт ұжымы Гутовтарды әр мерекеден, даталы күндерден қалдырмай шақырып, құрмет көрсетіп тұрады.
– Біз бақытымызды Қазақстаннан таптық. Осында тағдырымыз түйісіп, отбасы болдық. Бала-шағаларымыз да Мырзаның қасиетті жерінде өмірге келді. Бірнеше жыл алдын Ресейдегі туыстарымыздың елге келіңдер деп шақырған кездері болды. Бірақ біз Қазақстанды тастап ешқайда да кетпейміз. Біз қазақтармен, осындағы өзге де ұлттармен бауырдай болып кеткенбіз. Бауырларыңды тастап қайда кетесің, – деді Зинаида әжей мен Михаил атай күліп.
Өз бақытын Мырзашөлден тапқан қос қарияға қазақстандықтарға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейді. Біз де оларға баянды бақыт тілеп аттандық…

Біздің Сара тәтей

Сара Біләлқызы Багирова 1936 жылы Әзербайжан елінің Нахичеван қаласында дүниеге келген. Ұлты – әзірбайжан. Сонау бір зұлмат жылдары Қазақстанға еріксіз жер аударылған отбасылардың бірі. Сара әжей өз ана тілімен қатар қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді, ойын емін-еркін жеткізеді. Қазақтың және өзге де ұлттардың салт-дәстүрлерін бес саусақтай біледі, қадірлеп, қастерлейді. Бүгінде жасы 83-ке келген әжей осы өмірінде көпті көрді, көппен араласты, оқыды-тоқыды, білмегенін білуге тырысты.
Сара Біләлқызы өткен өмірін былай еске алады:
– 1936 жылы әжем, анам және біз, бес-ұл қызды құлақ тұқымы деп осы жаққа қоныс аударды. Қазақстан бұрын-соңды ата-бабаларымыздың аяқ басып көрмеген жері. Кәрі әжеміз бен анамыз белгісіз елде жағдайымыз, тағдырымыз қалай болар екен деп қатты уайымға салынған екен. Мен ол кезде 10 жаста болатынмын. Сол кездегі жағдайдың ауырлығынан болар жас-кәрі демей ауыр жұмыстарға жеге беретін. Мен де Қазақстанға келе көппен қатар қара жұмысқа бел шеше кірісіп кеттім. Ол кезде жаспын, кәрімін, шамам келмейді деп ешкім де шағынбайтын. Өйткені, мұның бәрі де ел үшін, болашақ үшін жасалып жатқанын білетін. Бір-бірімізге көмектесіп, жоспарды орындауға тырысатынбыз. Осылайша мен аз ғана уақытта жүрегі жомарт қазақ халқымен тез-ақ араласып кеттім, тіптен бауырластай болып кеттім десем де болады.
Осылай деген Сара әжей 1956 жылы Багиров Мамедке тұрмысқа шығады. Жас отбасылардың көп бала-шағалы болсақ деген армандары орындалып, отбасыларында бірінен кейін бірі 7 бүлдіршін өмірге келеді. Қыздарына Франчуз, Хошкадам, Лала, Сакин деп, ұлдарына Ислам, Алик, Хасан деп есім қояды. «Қазақтардың бір жақсы мақалы бар ғой, «Баланың өзін туғанмен мінезін тумайсың» деген, сол айтқандай әр баламның мінезі әртүрлі, сонысына қарамай әр балам менің байлығым, мен үшін ең қадірлім, – дейді «За материнство» медалінің иегері Сара әжей Багирова.
– Бүгінде жасым 83-ке келді, бұл әрине оңай жас емес. Бірақ осы ғұмырыма дейін қусырып қарап отырған жан емеспін. Қандай еңбек болсын ынты-шынтыммен, ләззат ала атқаратынмын. Осы адал еңбегімнің арқасында елге, көпке сыйлы болдым. Соңғы жылдары сауда саласында істедім. Сол жерден абыроймен зейнеткерлікке шықтым. «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері» т.б. медалдармен марапатталдым. Жалпы менің Қазақстанға, қазақ халқына деген алғысым шексіз. Қашан болмасын барын алдымызға тосып, мейірбандық көрсеткеннен басқа ешқандай жамандықтарын көрген емеспіз. Күні бүгінге дейін бәрі де «Біздің Сара тәтей» деп құрақ ұша сыйлап тұрады. Рахмет. Жер бетінде қазақтай қолы ашық, жүрегі жомарт, мейірімді халық жоқ шығар. Қазақстан менің Отаным. Қазақтар мен туысым, бауырым – дейді Сара әжей.
Иә, қазақстанды Отаным дейтін өзге ұлт өкілдері Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында толып жатыр. Олар мұнда жергілікті тұрғындармен тату-тәтті тұруларымен бірге бүгінде қыз берісіп, қыз алысып, құдандалы болып кеткендері де көп. Олар туралы айта берсек, әрине, әңгіме ұзап кетеді. Бүгін біз олардың арасынан үш отбасын ғана алдық. Елімізде бірлік пен татулық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік болса, Мәңгілік Қазақ Елі өркениетті, дәулетті ұлыстар қатарында болып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құрмақ. Ал, осыған бар ынты-шынтысымен үлес қосып келе жатқан оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Пікір қалдыру