Толымбек ӘБДІРАЙЫМ. КӨЛБАЙДЫҢ КӨМЕГІ

Балаларға арналған әңгімелер

Биылғы қыс жылдағыдан аса суық. Күн түске тақағанымен ызғар беті қайтар емес. Көлбай бастаған балалардың ауыл шетіндегі төбе басында ойнап жүргендеріне біршама уақыт болған. Жылы киініп шыққанымен тоңа бастады. Ара шағып алғандай шың-ң ете түскен беттерін уқалап-уқалап қояды. Қалқан құлақ Келдібек мойнындағы бөкебайымен көзін ғана жылтыратып бет-аузын орап тастапты.
– Келдібайды қараңдар? Не деген қу?! – деді тапал қара Қайырбек жерден жеті қоян тапқандай алақайлап.
– Оған неменеге таң қаласың? – деді Айбар. – Уақытша ғой, қазір-ақ сыпырылып түседі. Одан да жалаңаш қолыңмен ысқылап уқала. Іп-ілезде жылынып кетеді
Айбардың айтқаны келді. Сәл өтер-өтпестен Келдібайдың бөкебайы мойнына ысырылып түсті. Оны елейтін Келдекең емес. Ойын қызығына беріліп, төмен зулап барады шанамен.
Бір сағат өтті ме, өтпеді ме балалардың беті-қолдары қатты домбығып үсуге жақындаған соң үйлеріне ылажсыз тарады. Беттері құдды піскен алмадай қып-қызыл. Ойын қанша тәтті болғанымен, ащы аяз дірдектетіп жіберді.
Ұшып-жығылып үйіне жеткен Көлбай сырт киімдерін шеше сала пешке жылынды:
– И-й, қандай жақсы! – деп қояды аяз сорып, тоңған қолдарын ыстық пешке тақай түсіп.
Әкесі ұлына:
– Сабағыңды қарамайсың ба? Бір мезгіл үйдің шаруасына да қолқабыс жаса. Шешең ренжиді ғой жұмыстан келгенде, – деді.
Көлбайдың көкесі үш-төрт күн бұрын мал жайлап жүргенде жазатайым құлап, аяғын мертіктіріп алған. Содан түнімен қиналып шықты. Таңертең емханаға барғанда, рентгенге түсіріп сол аяғының тізесі жарықшақтанғанын анықтап, гипске салып тастады.
Қазір балдаққа сүйеніп жүр. Тізесі бүгілмейтін аяқпен жеңіл машинені де жүргізе алмайды. Көкесі Көлбайды жеңіл машинамен күнде мектепке апаратын. Енді недәуір жерге жаяу баратын болды.
– Бейнет аяқ астынан. Қайта сынбағаны шүкір! – дейді көкесі.
– Неменеге риза боласыз? – дейді Көлбай таңырқап.
– Алғашқы күндегідей қатты ауырып, сырқырамайды. Балдаққа сүйенсем де үй ішінде жүремін, – дейді әкесі төрт құбыласы түгел кісідей сабырлы қалыппен.
– Айтқаныңыз жөн! Аяғыңыз сынса, ауруханада жатар едіңіз. Анам екеуміз қорқатын едік. Үйде болғаныңыз қандай жақсы.
Кешқұрым жел екпіні күшейді. Ізінше жапалақтап қар жауды. Көлбай таңертең тұрғанда аула ішін қалың қар басып қалғанын көрді. Ауыл үйлері мен ағаштар, көшелер бәрі-бәрі аппақ.
– Алақай! Аққала соғамыз! Шана тебеміз!
Есік алдына шығып келген Көлбай көңілді. Алдағы қызық ойындарын көз алдына елестетіп өтті…
Мезгіл бесіннен әлдеқашан ауған. Мектептен келетін Көлбай кешікті. Әкесі уайымдай бастады. «Баламысың деген, достарымен ойнап жүрген шығар…»
Көлбайдың көкесі көз шырымын алуға жантайған. Соның арасынша ұйықтап кетті. Оянса сағат тілі төртті көрсетіп тұр. Екі сағат өткен бе? Көлбай қайда жүр? Ә-ә, үйге келген екен ғой?! Бәсе-бәсе, мектеп формасын ұқыпты етіп киім ілгішке іліп қойыпты. Түскі шәйін ішіп, ыдыс-аяқты да жинапты, өзі пысық.
Кенет тықыр-тықыр дыбыс естіген Сүлеймен аға есік алдында қараңдаған біреулерді байқады. Терезеден үңілсе, Көлбай және екі-үш бала қар күреп жүр. Аула іші таза, жып-жинақы.
– Талабыңнан айналдым! – деді жүрегі елжіреген Сүлеймен аға баласының көмегіне қуанып.

Айжанардың арманы
Ертегі-әңгіме

Айжанар үйге өкпелі оралды. Моншақтаған көз жасы бетіне тамып-тамып кетті.
– Орысша дым білмейсің сен! – деді Кенжегүл әлгінде.
– Сен қазақшаға шорқақсың! – деді Айжанар.
– Ол не сөз? Не деп тұрсың?
– Не естісең, сол!
– Мамбетка! – деді көршінің қызы тап беріп.
Ұрыс-керісті ұнатпайтын Айжанар бұрылып жүре берді.
– Әже-е! – деді есіктен енген бетте. — Ә-ж-е-е! Қайда-а-сың-ң?!
Барлық бөлмелерді қарап шықты. Бір жаққа шығып кеткен бе?
Әжесінің бауырында өскен Айжанар адал әрі шыншыл еді. Кішкентайынан жақсы тәлім-тәрбие алған қыздың қазақ тіліне деген құштарлығы ғажап. Ақындардың ойлы өлеңдерін, мақал-мәтелдерді табан астында жаттап алатын. Орыс тілін араластырып сөйлейтін, бесінші сыныпта оқитын Айдос ағасына жиі ескерту жасайтын.
– Осы жарығым не таңдайы жарылған шешен, не ел бастайтын көсем болады, – дейді әжесі риза пейілмен.
Айжанарлар жазғытұрым қалаға қоныс аударды. Ата-анасы көп қабатты үйден пәтер алды. Әкесі компьютер сатып әперді. Интернетке қостырды. Қалағаныңды қарай бер. Бірақ құйтақандай қыз кітап оқығанды жақсы көретін. Интернет алдында көп отырмайтын. Оқта-текте ғана қызықты мультфильм көретін.
Айжанар көпке дейін ауылын, ондағы сыныптас құрбылары Айнұр мен Асылды сағынып жүрді. Қазір ғой олар, Мықтының тауы етегінен бүлдірген, қарақат, жидек теріп жүрген шығар. Ауыл жақсы ғой! Әке-шешесі неге көшті екен? Қалаға несіне қызықты?
Айжанардың түсінбейтіні, аулаға шықсаң ылғи орысша сөйлеген балалар. Үлкен кісілер де солай. «Ой, Алла-ай! – дейді Айжанар тура әжесіне ұқсап. – Қазақ тілін менсінбей ме?! Әлгіндегі Кенжегүлдің сөзі, әне!..»
Кішкентай қыз жүгіріп барып дүкеннен елу шар сатып әкелді. Қызыл, сары, жасыл көк шарларға керемет қызықты.
– Оһо! – деді шаттанып.
Жылдам басып үйге жетті де, өзіне ерекше жарасатын әдемі көк көйлегін киіп аулаға шықты. Тақау жерде саябақ бар еді. Ортасы алаңқай. Әр жер-әр жерге темірден оюлап сәнді сәкілер қойылған. Кешке таман бұл жерде өз ара әңгімелесіп, ойын көрігін қыздырған немерелеріне қарап қойып қариялар отыратын.
Саябақ іші қазір бос. Күн ыстық. Көп уақыт өтпей жел соқты. Ол қолындағы жылтыр пакеттен бір шар алып үрлей бастады. Торсиып үлкейгенде үрлеуін тоқтатып, жіңішке жіппен түбінен мықтап байлады. Сөйтіп барлық шарға ауа толтырды.
Әттеген-ай! Шарының біреуі жарылып қалды. Жә, дәнеңе етпес! Әлі қырық тоғызы бар. Сыбдыр қаққан ағаш жапырақтары кішкентай қыздың ісіне сүйсінді.
– Дұрыс Айжанар! – Жапырақтар жамырай тіл қатты. – Біз сені қолдаймыз!
– Рахмет! – Қыз қуанды.
– Арманыңа жет! – деді тал-теректер де иіліп.
Шарлар аспанға ұмтылды.
– Шыдаңдар! Қазір қызық болады! – деді қыз.
Айжанар мойнына қызыл сөмкесін асып алды. Жуандығы бас бармақтай жіпті беліне байлап, екінші ұшын шарларына жалғай орап тастады.
– Ал ұшыңдар!
Сәл өтпей қызыл, жасыл, көк, сары шарлар жоғары көтеріле берді. Әуелеп үйлердің төбесінен де асып барады.
– Ана қызды қараңдар! – Аулада ойнап жүрген бір бала Айжанарды көріп айқай салды.
– Қайда?
– Қара аспанға!
– Кім ол?
– 2 «ә» сыныбында оқитын қыз ғой!
– Солай ма?!
Балалардың айқай-шуынан құлақтанған «Самал» шағын ауданы тұрғындарының қарасы молая түсті. Арасында ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар да жүр.
Айжанардың көңілі орнықты. Бастапқыда қорқып еді, енді үйренді. Дүрсілдеген жүрегі орнына түсті. Биіктік қандай тамаша! Бағанадан кең ауланы әлденеше айналды. Әжесі үкідей ұшып келеді. Айжанарды көріп үрейі ұшқаннан:
– Ботам-ау! Жібің үзіліп, құлап түссең не болдың?! Алла сақтай гөр! – деп буыны құрып отыра кетті.
Айжанардың әке-шешесі де келіп жетті. Қыздарын көріп, жалына бастады
– Түспеймін! – деді қыз. – Қала әкімі келсін! Сауалым бар қоятын.
Ікерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен қалалықтардың құрметіне бөленген ұзын бойлы, жылы жүзді қала басшысы жақсы кісі еді. Төтенше оқиғалар жөніндегі департаменттің бастығынан жай-жапсарға мейлінше қанықты.
– Талабыңды айт? – деді дыбыс күшейткіш арқылы көк көйлегі желбіреп аспанда қалықтаған кішкентай қызға қарап.
– Қазақ тілінің мәртебесі неге төмен?! Қазақ – қазақпен қазақша қашан сөйлеседі?
– Айтқаның дұрыс, – деді қала әкімі. – Мына жиналған жұрттың көзінше уәде беремін. Мемлекеттік тілдің абыройын көтереміз!
– Уәде беріп айнып кетпейсіз бе?!
– Өтінішіңді орындаймыз.
– Мақұл, – деді Айжанар.
Сөйтті де сөмкесінен түйреуіш алып, шарларын пыс-с еткізе бір-бірлеп жара бастады. Қалықтап келіп жерге қонды. Содан бері қала халқы да, «Самал» мөлтек ауданындағы балалар да қазақ тілінде сөйлесетін болды. Кенжегүл қателігін түсініп, Айжанардан кешірім сұрады.

Есебін тапқан Ерасыл

Бір күні 3 «ә» сыныбында газет-журналға жазылу жайлы әңгіме қозғалды.
– Мен «Балдырғанға» жазылам. «Балдырған» өте қызықты.
– «Өзің бояп ал» деген беттегі суреттер қандай әдемі!
– Мен де соған жазылам. Әрі көп басылымнан арзан, – деп жатты балалар.
«Балдырғанның» өте жақсы журнал екенін Есболат та білетін. Оқта-текте көрші үйде тұратын Айтқазыдан сұрап алып оқығаны бар. «Сөзжұмбақтар» мен «Сканворд» қандай қызық! «Балдырғанның» сурет галареясына оқушылар салған суреттерді тұрақты жариялайды. Атақты ақын-жазушылардың өлең, әңгіме, ертегілерін оқу тіпті ғажап! «Шіркін-ай, үзбей оқыр ма еді, алдағы жылы жаздырып алмасам ба?» – деп ойлады.
Кешке үйге келген соң анасынан ақша сұрады.
– Сол тиыны құрғыр болмай тұр, балам. Әкеңнің де жалақысы кешігіп жатыр, – деді анасы қиналып.
– Енді қайтсе болады? Нендей амал бар? Есболат әрі ойланды, бері ойланды.
Көкесі былтырдан бері шылым шекпейді. Тастап кеткен. Ал шифоньер тартпасында қағазға ораулы жиырма пәшкі темекі жатыр. Соны дүкеннің қасында сауда жасап отыратын тәтелерге өткізіп жіберсе.
Жұмыстан келген көкесін Есболат сауал астына алды.
– Көке, сіз шынымен шылымды мүлдем қойдыңыз ба?
– Иә.
– Сол аты өшкірді он тоғыз жыл шегіппін. Рульде келе жатқан адамға ермек болғанымен, әй, бірақ денсаулыққа аса зиян.
– Жиырма пәшкі темекі көрдім үйден. Тартпасаңыз, оны қайтесіз?!
– Жата берсін.
– Сатып жіберсе бола ма?
– Сатып-п… Неге?
– Маған керек.
–Не үшін?
– Үйде ақша жоқ екен. «Балдырғанға» жазылсам…
– Ұқсата алсаң, сата ғой.
Ертеңіне сабақтан соң Есболат жиырма пәшкі темекіні алып дүкеннің қасына келді. Ақ жаулықты апа-тәтелер тізіліп отыр. Сатқандары – кәртөп, пияз, сағыз, темекі, шәй, шемішке…
Есболат ары-бері жүрді. Темекіні сатудың ретін таппады, ұят сықылды. Ұят болғанда, сыныптастары көріп қалса, не айтады? Шет жақта кәкір-шүкір, оны-мұны сатып көрші апа Кәтеп отыр. Жақындап келіп:
– Апа, жиырма пәшкі темекі аласыз ба? – деді амандықтан соң аптығып.
– Қаншадан?
– Білмеймін-н…
– Өз затың ба, әлде ұрлық па! Бағасын неге білмейсің?
– Ешкімнен ұрлаған жоқпын. Үйден көкемнің рұқсатымен алдым… Ақша керек… «Балдырғанға» жазылуға…
– Қай сыныпта оқисың?
– Үшіншіде.
– Журналға жазылам деген ниетің дұрыс екен. Бірақ мен арзан бағамен алам.
– Мейлі.
Кәтеп апа темекінің ақшасын санап берді. Есболат жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Аяғы-аяғына тимей, үйге қарай үкідей ұшып келеді.

Әбестік

Олжастың қалаға сапарлап кеткенін пайдаланған Жандос, ағасының үш кішкентай қобдиша асығы мен екі құлжа сақасын ұтқызып, ойыннан шаршап келіп отырған. Қалай болды өзі? Асықты тәп-тәуір ойнайтын. Әлде, рұқсатсыз алған соң солай болды ма? «Рұқсатсыз алу! Ол ұрлық қой?!. Жоқ, ұрлық емес, – деді қалқан құлақ қара бала. – Олжас маған бөтен емес, туған ағам. Әрі, ол асықтарды ойнау үшін жинадық қой!..»
Жандос ойланды. Қандай амал бар? Әуелгі ниеті Олжасты қуантып, көп-көп асық ұтпақшы еді, ол жоспары іске аспады. Кешелі бері екі жүздей асықтан айрылып отыр. Аз емес, екі жүз асық!
Жандосқа бұл ісі ұнамады. Өзіне-өзі ренжіп, ұнжырғасы түсті. Қалайша ұтылды? Әлде, асық ойнаған балалар, өзінен үлкен болған соң жеңілді ме?! Жылағысы келді. Көңілсіз, мең-зең отырып қалғанымен, жылай алмады. Көздің жасы да оңайшылықпен шықпайды екен-ау! «Қалай болғанда да менікі дұрыс емес, – деп уайымдап жүрді ол кешке дейін. – Қателік жібердім…»
Жандос ертеңінде достарымен жидек теруге ауылдан ұзап, Талдыбұлақ сайына кетті де, асық жайлы ұмытып үлгерді.
Бір аптадан соң оралған Олжас, ауладағы балалардың қолынан өзінің құлжа екі сақасын көріп, жағдайды біліп, үйге келе сала Жандосты іздеді. Інісі атасының қасында әңгіме тыңдап отыр. Моп-момын, тәртіпті бола қалыпты. «Бәрін бүлдіріп, түк білмегендей, тымпиып отыруын қарашы?!.»
– Сен менің сақаларым мен асықтарымды ұтқызып жіберіпсің ғой! – Жандос әй-шайға қарамастан Жандосты қатты итеріп қалды.
Аңдаусызда жығылған қара бала, алашаның үстіне құлай кетіп, айқайға басып жылады. Кереует үстінде көзі жұмулы домаланып ұйқыда жатқан ақ мысық, Жандостың дауысын естіп, елең етіп басын көтеріп алды. Өксіп жылап жатқан Жандостың қасына жетіп, Олжасқа бір, балалардың атасына бір кезек-кезек қарай берді. Неге ұрды дейтіндей, көзінен баланы аяғаны көрініп тұр.
– Олжас, бұның не?! Сенде ақ мысықтай ақыл жоқ екен! Қарашы, мысық екеш мысық та, Жандосқа жаны ашып, араша түсіп жатыр. Асыққа бола, өзіңнен жеті жас кіші ініңе қол көтеруің дұрыс па? – деді атасы кейіп.
Олжас атасынан мұндай уәжді күтпесе керек. Ақ мысықтың жанашыр­лығына қайран қалды. Өзінің ашу үстінде әбестік жасағанын білді.

Ормандағы оқиға

Жанат пен Қанат көрші тұрады, екеуі де бір сыныпта оқиды. Қашан көрсеңіз де жұбы жазылмай жүргені. Екеуі де табиғатты жанындай сүйеді. Ауыл шетінде қалың орман бар. Көбінесе қарағай мен ақ қайыңдар. Мұнда келген достар жырғап қалады. Орман ішінің ауасы саф, таза. Құстар ән салады. Бұтадан-бұтаға секірген кішкентай сүйкімді, ақшыл тиіндер бастапқыда балалардан үркетін. Қорқыңқырап, биік тал басына шығып кететін. Екі бала қалталарына салып нан, болмаса шемішке алып келеді. Әкелгендерін айтақыр жерге шашып, алыстан қарап бақылап отырады. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған, құйрығы ұзын құйтақандай тиін бір басып, екі басып жердегі нан қоқымына жақындайды. Ешкімнің жоқтығына, тиіспейтіндігіне көзі жеткен соң, тинәмдәй аузымен жей бастайды. Жылдам-жылдам нәпақасын жеп тауысқан соң қарағай басына өрмелеп шығып кетеді.
– Өстіп-өстіп үйренеді ғой, – деді ұзынтұра Қанат, тиін өрмелеп шығып кеткен діңі жуан қарағай басына көз тастап.
– Оның рас, – деп досының әңгімесін іліп әкетті көзілдірікті, тапал бойлы Жанат. – Қанша айтқанмен, жабайының аты жабайы. Бірақ өзі адамға жақын сияқты. Тығылып қалғандықтан, бізді көрмесе де сезетін шығар. Аң-құстарда инстинкт керемет дамыған ғой.
– Тиін немен қоректенеді екен? – деді Жанат досына қарап.
– Соны да білмейсің бе? – Танымдық кітаптарды көп оқитын Қанат Жанаттың сауалына таң-тосын. – Мына орман ішіндегі ағаштардың бәрі оған қорек емес пе?
– Сонда қалай, ағаш кеміре ме?
– Емен жаңғағы, грек жаңғағы, орман жаңғағы, бадам, гүлдің қауызы, саңырауқұлақ, жаңа ағаш қабықтары, жәндік, ұлулар, осының бәрін жейді.
– Бұл жер қара, күн жылы кездегі қорегі ғой. Қыста не істейді?
– Азық қорын жаз күндері ұясына апарып жияды.
– Ұясы қайда?
– Ұясын ағаш басына, кейде кеуегіне, не жартас жарығына немесе тоқылдақ тескен ойықтарға салады.
– Қызық екен! Не деген ақылды жануар!
– Неше метрге дейін секіреді екен? – деді Жанат.
– Артқы аяқтары ұзынырақ және мықты болған соң ағаштан ағашқа қарай 10-12 метрге дейін секіре алады. Мұншалықты ұзындыққа секіруге оның үлпілдек құйрығы көмектеседі.
– Қанша жыл өмір сүреді?
– 10 жылға дейін. Ғылыми болжамдар бойынша дүние жүзіндегі миллиондаған ағаштар тиіндердің көміп-сақтаған, кейін ұмытып кеткен қауашақ сортты ағаш тұқымдастарынан жетілуде көрінеді.
Екі дос әңгімелесіп қалың орман ішіне ене берді. Біраз жүрген соң тарс-тұрс дыбыс естілді. Олар қалт тұра қалып, тың тыңдады. Әлгіндегі тарсыл ағашқа тиген балта дыбысына ұқсайды.
– Біреулер ағаш шауып жатыр, – деді Қанат.
– Тападай-тал түсте ме?
– Ұрылар ғой?
– Қайдан білесің?
– Бұл орман алқабының мемлекет меншігінде екендігін, оны қоритын қорықшы барын естіген шығарсың.
– Естігем.
– Естісең сол, бұл ұрлық!
– Көзімізді жеткізейік әуелі. Екеуміздің айтып тұрғанымыз, әзірше жорамал.
– Оның да жөн.
– Жақынырақ барайық, сонда анықталады ақ-қарасы.
Балалар дыбыс шыққан тұсқа тақап барған. Аспанмен таласа жайқалған қарағай түбін балталап жатқан екеу дереу тоқтай қалды. Біреудің жүргенін олар да біліп, кілт кідірді. Жан-жақтарына жалтақтай қарап тұрді да, балта, араларын көтеріп жылыстап кетті. Арырақ тұстағы үш аяқты мотоциклдеріне жетіп, тез от алдырып тайып отырды.
– «Ұрының арты – қуыс» дейтін атам ылғи айтып отыратын мақал есіме түсті.
– Тура айтасың. Бұлар – ұрылар! Әйтпесе қаша ма?
– Заңды түрде қолдарында рұқсат қағаздары болса, бүйтпес еді.
– Қандай амал бар?
– Қорықшы Күнес ағайға барып айтайық.
– Сөйтейік.
Екі дос күннің кешкіргеніне қарамастан шапшаңдата ауылға жетті де, Күнес ағайларына болған жағдайды бастан-аяқ баяндады.
– Рахмет сендерге! Өткенде де орманның ішкері жағында біраз ағаш кесіліп, қолды болғанын көргем. Әбден дәндеген ғой. Бұл, олардың кезекті ұрлығы. Аңдып жүріп, дәл үстерінен түсуім керек. Әйтпесе мойындамайды.
– Біздің қандай көмегіміз бар, аға? – деді балалар қосамжарлана дауыстап.
– Уақыттарың болса, екі-үш күн қатарынан кешқұрым әлгі жерге барайық. Сабақтарың қай уақытта еді?
– Түске дейін оқимыз, түстен кейін боспыз, аға.
– Онда келістік, ертең түс ауа дайын болыңдар. Ауыл шетінде кешкі бесте жолығамыз.
…Орман қорықшысы мен екі дос екі күннен соң ұрыларды ұстады. Көрші селоның адамдары екен. Күнес аға акт жасап, нәтижесінде ұрылар недәуір сомадағы айыппұл ақша төледі.

Екі жүз теңге

Биылғы ақпан айы солтүстік өңірінің қысына ұқсамайды. Қариялардың әңгімесіне карағанда, осыдан жиырма-отыз жыл бұрынғы қыс «қыс-ақ еді, шіркін!». Қазір түсініп болмайсыз.
Жақында жаңбыр жауды. Көше, жол, дала бәрі-бәрі көк тайғақ. Бейне әйнек төсегендей, жып-жылтыр. Ой, рақатын-ай! Бәрінен де балаларға жақсы. Айнала-төңірек түгелімен мұз айдыны болды да шықты. Конькиің болса, аяғыңа байла да, зырғыта бер. Ал үлкен кісілердің жығылып, тайғанап құлап жатқанын көру тегін концерт! Әлішер мен Айдос аулада ойнап жүрген. Орталық көшемен тіркемесі бар дәу КАМАЗ мәшинесі ақырын жүріп келе жатты да, артқы жағы бұлғалаңдап жолдан шығып кетті.
– Әй, бітті-ау!
Жоқ, аударылмады. Жүргізуші тәжірибесі мол кісі болуы керек. Тежегішті басып тоқтай қалды. Сәлден кейін алға жүрмекке ниет етіп қозғалып еді, доңғалақтар бір орнында зыр қақты-ай! Берілісті іле ауыстырып, артқа шегінді. Онда да доңғалақтар зыр айналды. Ілгері-кейін, ілгері-кейін. Көп әуреленді ағай. Болар емес. Сосын моторын сөндіріп жерге түсті. Жан — жағына қарады. Көшеде бірде-бір көлік көрінбейді.
Қазіргі кездері жұмыстары болмаса машина, трактор текке жүрмейді. Себебі белгілі. Жанар-жағар майды үнемдеу керек. Қат. Тапшы. Сол үшін ауыл ішіндегі жеңіл-желпі жұмыстар ат шанамен-ақ атқарылады. Нарық экономикасының талабы қатал. Олай етпесе болмайды. Бұрынғы заман емес.
Әлішер мен Айдос жүгіріп трактор іздеді. Ешқайсысы маңайлатар емес. Бұларды баласынып сөздерін жүре тыңдады.
– Дәу де болса, бұл қаланың машинасы, – деді Әлішер.
– Оны қайдан білдің?
– Біздің ауылдың көлігіне ұқсамайды.
– Оның рас. Бірақ біздің ауылда да КАМАЗ бар емес пе?
– Бары бар, екеу ғой деймін.
– Иә, екеу.
– Есіме түсті. Жүргізушілері Әлібек аға мен Сырымның көкесі емес пе ?
– Солай екен-ау.
– Жә, кім болса да қол ұшын беруге тиіспіз.
– Дұрыс айтасың.
– Әжем айтып отырушы еді: “Адам үйінен қырық қадам шыққан соң мүсәпір” деп.
– Охо, идея! – деді Айдос қуанып – Тоқтарбек ағаның үйіне барайық. Ақкөңіл, қайырымды кісі.
– Дұрыс айтасың.
– Кеттік!
Ауыл шетіндегі көк шатырлы үйдің қасында «ДТ-75» шынжыр табанды трактор анадайдан көрінді. Әлішер мен Айдос “жолымыз болды” дегендей біріне-бірі қарап жымыңдасып қалды. Тоқтарбек аға балалардың бұйымтайын естіген соң киіне бастады.
«ДТ-75» дәу КАМАЗ-ды жолға сүйреп шығарды. Жүргізуші қатты қуанды. Тоқтарбек ағаның қолын қайта-қайта қысып ризашылығын білдіріп еді, ол кісі Әлішер мен Айдосты нұсқады
КАМАЗ-дың жүргізушісі екі балаға алғыс айтып, әрқайсысына екі жүз теңгеден ақша ұстатты.

Бір үзім нан

Бес қабатты тұрғын үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай-жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайыра үйіне жүгіре жөнелді.
Бұны көзі шалып қалған Ғаббас қария:
– Әй, балам-ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подьезд есігіне зып бере кіріп кетті.
Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші қарияның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.
– Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді сәлемдескен соң.
– Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз он-он бір жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Жанасыл оянбай қалып бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Жанасылдың шырқырап жылағаны есімнен шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде.
Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз.
Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай жасауға болмайды! Бір үзім нанның қадір-қасиетін білген жөн! Обал-сауап деген қайда?!.
Нұржан қарияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады.

Өтірік өрге баса ма?

Бастауыш сыныптарда оқитын Әсел мен Асқар бестік бағаға оқыса ынталандыру мақсатымен ата-анасы қалаған заттарын әперетін. Оған ағайынды екі бала дағдыланған еді.
…Әсел мен Асқар мектептен келе жатыр. Жайшылықта ауыз жаппайтын әңгімешіл Асқардың көңіл күйі пәс. Осыны аңғарған әпкесі:
– Не болды саған? – деді сыр аулап.
– Математикадан екі алдым.
– Бәсе-е, кешегі ойының тым ұзап кетіп еді.
– Өзім де өкініш үстіндемін. Ертең әке-шешеміздің күнделік тексеретін күні. Сен болсаң сыйлық аласың, ал мен ұрыс естимін.
– Қиын.
– Нендей амал бар, айтшы Әсел?
– Білмеймін-н.
– Маған мынадай ой келді. – Асқар әпкесін тоқтатып сыбырға көшті. – Екі қойылған күнделік бетін жыртып тастаймын.
– Біліп қойса ше?
– Сыйлық алған соң біле берсін.
– Ондай істі мен қолдамаймын, – деді Әсел. – Бірақ өзің біл.
Кешқұрым. Асқар аулада ойнап жүрген. Оның көңілсіз жүргенін аңғарған көрші келіншек шайқымазақ Сандуғаш тәте ұлды қасына шақырды.
– Қабағың келіспей тұр ғой?!.
– Екілік алдым.
– Соған ренжисің бе?
– Сыйлықтын қағыламын.
– Ол қандай сыйлық?
Асқар көрші тәтеге отбасындағы жағдайды түсіндірді.
– Баламысың деген. Бас қатырып кайтесің. Екілік қойылған беттерді жыртып таста!
– Шынымен бе? – Асқар қуанды. Сандуғаш тәтенің уәжі ойынан шығып тұр.
– Саған керегі сыйлық емес пе?
– Иә-ә.
Ағайынды екеу ертеңінде әке-шешелерінің тексеруінен мүдірмей өтті. Көңілдері қалаған заттарына ие болды.
Ата-анасын алдап сыйлық алғанымен Асқар қуыстанып жүр. Өтірігі шығып ұсталып қалатын сияқты. Алайда уақыт ұзаған сайын ұмыт бола бастағандай еді, Әсел мен Асқар бір нәрсеге келіспей әпі-шәпі керісті де қалды. Ашуланған Әсел:
– Анадағы алдағаныңды айтып қояйын ба? – деді.
– Осыдан айтып көр.
– Қорқытпа!
– Қорқытпаймын.
– Айтам, қазір айтам.
Ашу-ызадан түтіккен ұл әпкесін итеріп қалды. Қыз жүгіріп ас үйдегі шешесіне келді де, інісінің күнделік туралы хикаясын бастан аяқ баяндап берді.
Аяқ астынан Асқардың қулығы әшкере болды.
Өтірік өрге баса ма, айтыңдаршы балалар?!

Екі достың ерлігі

Тал түс. Шіліңгір шілденің күні күйіп тұр. Бұл кезде үлкен қаладағы қайшыласқан адамдардың нөпірі де азайған ба, қалай? Тоғыз-он жастардағы біреуі ұзын, екіншісі аласа бойлы Рүстем мен Дастан балмұздақ жеуге үйлерінен жүгіре шыққан еді. Олар аяқжолмен жүрмей, атшаптырым саябақтың ішімен төтелей тартып келеді. Кенет кең даңғылға тақау қағаберісте, шөп үстінде шалжиып жатқан ер адамды көздері шалды. Сұлқ түскен кісі қозғалмайды. Анадай жерде ары-бері ағылған жаяу жүргіншілер. Ешқайсысы оған көңіл аудармайды. Өтіп жатыр, өтіп жатыр.
– И-й, байғұс-ай!. Әуе айналып жерге түскен ыстықта ішпесе қайтті атау кересін!
– Маскүнемге аптап не, аяз не бәрібір ғой!.
– Сырдың суы сирағынан келеді деген!
Ұзын тұра Рүстем асыға адымдаған досын тоқтатты.
– Ана кісі неге жатыр деп ойлайсың?
– Естідің ғой, үлкендердің әңгімесін. Әрине мас адам… – Дастан досының сауалына мән берген жоқ.
– Олай болмауы мүмкін, жақынырақ барып көрейікші.
– Балмұздақ жегім кеп тұр. Қайтар жолда қарасақ болмай ма?
– Ерініп тұрсың ғой, сен жүре бер, мен өзім барам. – Рүстем бұрылып әлгі кісі жатқан тұсқа бет алды. Досының бетінен қайтпайтынын білетін Рүстем аз-кем кідірді де, әбес қылығынан қысылғандай Рүстемнің соңынан ерді.
Екі бала шөп үстінде жатқан кісіге тақау келді де, тұрып қалды. Расында мас адамға ұқсамайды. Киімдері таза, ретті. Жүзі де реңді.
Екі дос жүгіргеннен жүгіріп үйлеріне келді. Ата-аналары жұмыста болатын. Дереу жедел жәрдем станциясына хабарласты. Арғы жақтан телефон құлағын көтерген қыз бұларды баласынып, айтқандарына сенбей, әбден тергеп-тергеп, ақыры соңында телефон құлағын қоя салды. Енді не істеуге болады? Балалар көрші үйдегі Қасымхан ағаларына оқиғаның жай-жапсарын түсіндірді. Ол кісі дереу емханаға телефон соғып, айналасы жиырма минутқа жетпей төбесіндегі сиренасы жарқ-жұрқ жанып, ию-қию ысқырып жедел жәрдем машинасы жетті. Рүстем мен Дастан Қасымхан ағаларынан қалмай саябаққа бірге келді. Ақ халатты ағайлар шөп үстінде сұлқ жатқан кісіні тексерді де, жүрек талмасынан құлап жатқанын анықтап, зембілге салып, машинаға тиеп алып кетті.
Рүстем мен Дастан бұл істеріне қатты қуанды.

Үпілмәлік

Көзі боталаған ақсары қыз Үпілім мен әжесінің нағашыларына мейманшылап келгендеріне айдан асқан. Қалалық кішкентай қызға ауылдағы әрбір оқиға таң. Қой мен сиыр, жылқы, үй құстарының түр-түсін кітап арқылы білгенімен жақыннан алғаш көруі.
Бүгін көрші үйге жиналған бес-алты қыз әр түрлі тақырыпта әңгіме айтты. Кезек қалалық мейман Үпілімге жеткенде екінші сыныпты үздік тәмамдаған Гүлайым:
– Үпілім, сен бізге есімің жайында мағлұмат берші? – деді әдеттегідей тықылықтап.
– Есімім, кәдімгі есім.
– Үпілім екенін біз де білеміз, бірақ бірдеме жетпей тұрғандай.
– Ол туралы ойланбаппын.
– Үпілім. Расында сирек ат, – деді Сая да таңырқап.
– Онда былай болсын, – деді Гүлайым. — Әжеңнен сұрашы…
– Ол бір қызық хикая, – деп бастады әңгімесін Үпілімнің әжесі. – Ұлы Отан соғысы басталған қысылтаяң шақта үлкен атамыз, жарықтық қатты ауырады ғой. Кеше ғана ат құлағында ойнап, шапқылап жүрген атпал азамат бір-ақ күнде орнынан тұра алмай жатып қалады. Асқазанға байланған қатерлі ісік – жаман аурудан күннен – күнге шөге береді, шөге береді.
– Е-е, Алла тағала жіберген сырқатқа не дауа! – деп ойлайды қария.
Сөйтеді де аузына нәр алмастан жатады да қояды. Ертеңінде құдайы қонақпын деп бір ақсақал келеді үйге. Түнеп, таңертең аттанарда:
– Тағдырдың салғанына мойын ұсынған жөн, – дейді әлгі жолаушы, – Алайда ауру жіберген Алланың беретін шипасы да болады.
Үпілмәлік деген өсімдік бар. Жапырақтары ірі, салалы. Ағаш тәрізді. Биіктігі кісінің бойындай. Қазір міне шілде айы. Осы уақытта піседі. Сол емдік өсімдіктің қос уыс дәнін қуырып, ұнтақтап, балға араластырып, ыстық сүтпен ішсе жазылады. Осыны жасаңдар. Ертең ақ құр аттай шауып кетеді.
“ Қырықтың бірі қыдыр” – деуші еді. Ақсақалдың айтқаны дәл шықты. Шөптен дәрі жасайтын Мырзахмет емші дайындап берді. Айға жетпей-ақ, аурудан құлан-таза айықты атамыз.
Тоқсан жеті жасқа дейін қыңқ етіп ауруды білмеген екен жарықтық. Қайтарында «шөберемнің есімін Үпілмәлік қойыңдар”, – деп өсиет қалдырыпты. Сөйтіп сенің атыңды мына мен Үпілмәлік деп қойғыздым. Мәлігі түсіп, Үпілім деп кеттік. Осы қарғам, – деді әжесі әңгімесін тәмамдап.
– Енді білдім атымның қайдан шыққанын, – деді Үпілім жерден жеті қоян тапқандай шаттанып.

Отыз мың теңге

Тілі қазақша шыққанымен, орыс балабақшасына барған Досымжан уақыт өте келе ана тілін ұмыта бастады. Өзі жақсы көретін немересінің тілінің шұбарлануына атасы Нұрғазы қатты кейіді.
– Болашағы қалай болар екен? – деп ренжіп жүрді. Қолына алайын десе, үлкен баласының үйі қаланың шетінде. Күнде көріп тұруға мүмкіндік жоқ. Жұмыс бабымен кейде бірер аптаға іссапарға да баруға тура келеді.
Баласы мен келінге кінә артпайды. Бұл қалада қазақ бала бақшасы аз. Атасы анда-санда Досымжанмен қазақ тілінде сөйлескенімен, нәтиже ойдағыдай емес. Немересі үйден шыға бере орысша сайрап жөнеледі. Ауладағы достары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, кешке шейін шүлдір-шүлдір. Қайтсе болады?!
Досымжан ер жетті. Атасының ұйғарымымен қазақ сыныбының табалдырығын аттады. Әке-шешесі қуанды. Қазақша оқуға Досымжан да бірден келісті.
Арада жиырма күн өткен. Мектептен келген ұл көңілсіз, біреу ренжіткен сияқты.
– Не болды, балам? – деп анасы Айнұр жік-жаппар.
– Ертеңнен бастап қазақ сыныбына бармаймын, — деді Досымжан.
– Біреу тиісті ме??
– Ешкім тиіскен жоқ.
– Онда не болды?
– Мұғалім апайдың қазақша сөйлеген сөздерін жақсы түсінбеймін.
– Сол ма өкпең?
– Иә.
– Қазақша оқығаның жөн! Үйде қазақша сөйлейік. Сабағыңды қарап болған соң, күнде бір-екі сағат қазақ тілінде кітап оқы. Еңбексіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Жиырма күн аз! Бір тоқсан шыда! Ана тілінде оқу сенің қолыңнан келеді.
– Мақұл, – деді Досымжан.
Анасымен арада болған әңгіме атасына да жетті. Ести сала атасы мен әжесі кештетіп үйге келді.
– Досымжан, сабағың қалай? Үлгерімің жақсы ма? – деді атасы.
– Жақсы ата, – деп күмілжіді ұл. – Айтайын десем…
– Сен кішкентайыңнан шыншыл едің ғой, ештеңені жасырма?
– Ұялып отырмын.
– Оқу – инемен құдық қазғандай. Оңай емес! Білім негізі – бастауыш сыныпта қалыптасады.
– Мұғалімнің көп сөздерін жақсы түсінбеймін.
– Орыс сыныбына ауысам деген ойды ұмыт. Намыс қайда? Жігер қайда? Әлден қазақша оқымаймын деп тауың шағылса не болғаны?! Олай жасама! Мен саған сенем! Сен өз ана тіліңді әлі-ақ меңгересің! Жай ғана меңгермейсің! Үздік оқушы боласың!
– Шын ба, ата?!
– Бірінші сыныпты үздік бітірсең, отыз мың теңге сыйлық беремін.
Досымжан ойланды. Бақандай отыз мың теңге!
– Келістім, – деді қуанып. – Мен оған велосипед сатып аламын.

ХХХ

Төртінші тоқсан бітуге таяды. Досымжан үздік оқушылар қатарында. Қолы боста әдеби кітаптарды көп оқып, қазақша таза сөйлейтін деңгейге жетті. Сынып жетекшісі Ақайдар ағайы өзге оқушыларға Досымжанды үлгі ететін болды.
Немересінің жақсы бітіргенін естіген атасы қуанышты. Сынып жетекшісіне келіп жолықты.
– Досымжан табанды, білімге өте құштар. Сізге көп рахмет! Алдағы уақытта да осы алған бетінен қайтпас деп ойлаймын.
Атасы уәдесінде тұрып, немересіне отыз мың теңге берді.

Пікір қалдыру