Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
САРҚЫЛМАУ ҮШІН ТУҒАНБЫЗ!..
«…Батыр болмақ ойдан-ды»
Махамбет
Құдай емес… Пендесің!
«… Алты ғасыр бұрынғы Гамлет есімді ойшыл-максималистің ауызымен айтылып, әлі күнге алты құрлықты кезіп жүрген «Быть или не быть?» дейтін ұлы Шекспирдің мәңгілік сұрағы…
Адамзат өмірін қатер қорығына айдап әкелген сыңайлы…»
«Іштегі дауыс»
(Короновирус тұсындағы күнделіктен).
23 наурыз, 2020 жыл.
Жер – Кейуана…
Көк – Құдырет…
Егер шын
Жаратушы қаһарланса… Не дерсің?!.
Жайына қап Ібіліс пен Сайтаның,
Жүрегіңнің айтқанына көнерсің!
Көктен алыс жаңғырығып жетер үн,
Еске түсіп өтерің мен кетерің.
Жалғыз қалып сезінерсің,
Ей, пендем!
Тәннің – қонақ,
Жанның олжа екенін.
Адалдығың жолды кесіп мың аршын,
Мәңгіліктің сыр-сипатын ұғарсың.
Не құларсың…
Не тынарсың…
Тәуекел!
«Парасаттың майданына» шығарсың.
Кең дүние құшағынан сең көшкен,
Кішілігің шығар алдан селбескен…
Өткіз бәрін жүрек, сана арқылы
Адамдарды…
Замандарды ел көшкен.
Ісің ақ па?
Айтқаныңа ел сенер.
Қарау болсаң…
Тұрған жерің теңселер.
Қияметтің қылкөпірі – ел сыны,
Кісілігің ісіңменен өлшенер.
Адал болсаң – міндетіңді ұғарсың,
Арам болсаң – шыныдай боп сынарсың.
Ой мен сөздің өртінде қап бір басың,
Аспан ауып, мұхит мөңкіп, құлар шың…
Ей, Жұмырбас!
Өмір сүру – ерге сын.
Жүрегіңмен өлше бәрін, келгесін.
Сен – адамсың!
Тұмарың бар кеудеңде
арқалаған бір дәуір мен жер көшін.
Ұмытпағын!
Құдай емес… Пендесің!
05 мамыр, 2020 жыл.
* * *
Үнсіз…
Тілсіз…
Көк аспан…
Жырақта Айым…
Қара жердің қабағы – сұрақтайын.
Өмір көшіп барады көкжиекке,
Дәуір заулап барады құр аттайын.
Жүрегімді бүреді сұрақ дәйім.
Сұрақ…
Сұрақ…
Миымды жаулап алған.
Жылдарымды іздеймін дауда қалған.
Тау басында – найзағай, күн күркіреп,
Қара нөсер жауардай саулап алдан?!.
Келем іздеп ғасырды дауда қалған.
Алты құрлық мазасыз…
Қағысуда…
Ой-санасы пендеңнің жарысуда.
Күбірлейді ақсақал киіз үйде:
«Кетпесін, деп, жыйғанның бәрі суға…»
Қалың сұрақ кеудемде алысуда…
Қағысуда…
Бисмилла!
(Ұлыма)
«Емен ағаштың иілгені – сынғаны…»
Халық мақалы
Арындысың!
Ағындысың!
Сеземін…
Толқын атып жатыр іште өзенің.
Дәуір дейтін құр асауды тізгіндер,
Біссіміллә!
Келді Сенің кезегің!
Тіл бітіріп қорғандарға, жал, құмға,
Үн бітіріп ормандарға, шалғынға…
Кесіп айтар…
Шешім айтар жұртыңа
Заманың тұр…
Амалың тұр…
Алдыңда!
Дәуірің тұр бағынбастай жұлқынып,
Ноқтасына басы сыймай бұлқынып…
Өмір дейтін – долы теңіз… Ұмытпа!
Бола бермес ойлағандай кіл тұнық.
Тау да,
Тас та,
Сарыарқа да өзгерді.
Алатаудың өзгергенін көз көрді.
Мынау Ұлы Даласына Қазақтың
Сөзі бөлек, ісі бөлек кез келді…
Біздің заман өзгеше еді… Өзгеше!..
Тағдырменен ойнайтұғын жездеше.
Асау жылдар аңыз болып қалды енді,
Бермейтұғын мінез бенен сөзде есе.
Кезең келді таразылап пендесін,
Екшейтұғын аламанда ел көшін.
Заманыңа сенің, Ұлым, алаңмын:
Ісің…
Сөзің…
Соғатұғын Жел де – сын.
Құбыладан соғатұғын дем – егіз,
Егіз…
Егіз!..
Айдынымыз, Төбеміз.
Солтүстіктің мұздықтары қозғалса,
Оңтүстікте жыртылардай көбеміз.
Батыс…
Шығыс…
Қызыл жалын, жерік үн.
Ібілістің үні сынды – Пері мұң.
Құдайсыздар құбылуда күн санап,
Қияметтің үрлеп қара көрігін.
Сәби ғалам… Бұлдырайды дара шың –
Тәңір салған ұлы сурет!
Жарасым!
Кезең келді майдан ашып, жалғайтын
Жүректер мен жүректердің арасын.
Дәуір Ұлы…
Сынға салды Сені Елім,
Сенде менің:
Тәңір!
Тағдыр!
Өлеңім!
Сақтау үшін Қара Жерді, Жарығым,
Сақтау парыз – Ұлы Дала көлемін.
Арындысың!
Ағындысың!
Сеземін…
Буырқанып жатыр іште өзенің.
Ұлым!
Ұлым!
Дәуіріңді тізгінде!
Біссіміллә!
Келді Сенің кезеңің!
Өзге сарын
Біздер, досым, өлу үшін келмедік!
Өмір үшін…
Қаталадық, шөлдедік.
Өлмеу үшін…
Тауды шарлап, құм кездік,
Дауылда қап,
Жауында қап, селдедік.
Шыңға шықтық…
Шыңырауды ұғындық…
Көкжиекке көз жеткенше үңілдік.
Асылдардың асыл ойын серік қып,
Жасықтардан… Жерідік те, түңілдік…
Үңілумен…
Түңілумен…
Өтті өмір!
Өтті жылдар…
Жапырағын төкті өңір.
«Өлу үшін келмедік!» деп жүргенде,
Талай асыл…
Ұшып кетті көкке жыр…
Талай жайсаң жұлдыздай боп өтті ағып,
Жоқтау айттық…
Күңіренді көп халық…
Өмір өтті… Боз даланы боздатып,
Ажал шіркін, боздақтарды кетті алып.
Көрінбеді. Қырларымды қозғап ем…
Естілмеді. Дауысымды созған ем…
Талай досты алып кетті аңдаусыз,
Сөзі жұмбақ…
Өзі жұмбақ өзге әлем…
Өтті бауыр… «Өлу үшін келмеген»
Өтті дәуір қаталаған, шөлдеген…
«Өлмесін!» деп әкетті ме Тәңірім,
Жеті түнде…
Құлағыма келді өлең?!
Өзге сарын…
Өзге сарын…
Өртенбеген…
Өлмеген…
* * *
Көңіл дейтұғын сығырды
басатын кім бар?
Қайда күш?
Жыр болып қонған сыбырды
ұшырсам ба екен Айға алыс?!.
Болар ма, пенде, дегенің,
көнер ме заман ырыққа?
Жұлқылап ойдың көгенін,
қайыру бермей құрыққа…
Сипатпай жалын, сауырын
Боз аттай тіліп даланы,
андыздап Асау Дәуірім
барады көкпен…
Қара, әні!
Көнетін түрі жоқ білем,
шаң қауып қалды тау үсті,
кеудемді қарып отты дем,
қара түн таңға ауысты…
Жеткізер емес…
Ұзады!
Ғаламның шулы дүбірі!
Мойында – тағдыр дұзағы,
Көңілде – көктем сыбыры.
Аспан мен Жерді тыңдадым,
Асау ойларым – көкберен,
Жеткізбей кетті жылдарым
Бас бермей бірге кетті Өлең!..
Бір елес жүр…
Қала…
Дала…
Құбылуда адамдар,
Көріп соны жүрек шіркін алаңдар.
Құбылуда көк пен жердің арасы,
Құбылуда алқара көк – ғалам бар.
Құбылуда дүниенің кескіні,
Құбылудан ескі әндердің өшті үні.
Өзгерді өмір…
Өзегімде – көк жалын,
алыстырған жаңа менен ескіні.
Қоңыр түске бояп тау мен қыр өңін,
Қарашада елегзиді жүрегім.
Кешкі уақыт…
Көшті бақыт ұстатпай,
Қозғалғандай діңгегім мен тірегім.
Құбылуда аспан мен жер арасы,
Құбылуда Адам Ата баласы.
Әлдекімдер тағдырымды тәлкек қып,
сыздайтындай жанның бітеу жарасы…
«Жұмақты әпер» деп сұраман, Айдағы…
Аман болсын Адамзаттың Айлағы.
Айдың астын кезіп елес жүргендей –
Ібілістің бір алапат майданы.
Бір үрей бар көкті кезіп тараған,
Мен ғана емес…
Алаңдаулы бар адам.
Алаңдаулы алты құрлық анасы –
Қара Жер де тамтығы жоқ жарадан.
Құнығуда…
Жұлынуда Заман-қар…
Құбылуда:
Қала…
Дала…
Алаңдар…
Ойланыңдар!
Тәңір Ұлы неге үнсіз?!
Бір елес жүр…
Сақ болыңдар, Адамдар!
Құбылуда ғалам бар!
Жалғыздық үні
Ей, жалғыздық!
Жабықтым.
Тіл қат маған.
Сен тіл қатсаң, сілкініп, жырғап қалам.
Үндемесең – дүние мылқау, керең,
тұрған сынды өзен, көл, құрғап ғалам.
Жалғыздығым – Құдырет!
Қуат…
Әнім…
Сеніменен көңілді жұбатамын.
«Жаман достан мың артық»… әрбір сәтім,
қарсы алатын даланың құла таңын.
Сенің тылсым үніңде бәрі бардай,
Ем болатын жүрекке, дәрі бардай.
Тылсым дауыс – қалғыған жанартаудай,
Тіл қатпасаң…
Жанартау жарылардай.
Тұрған сынды бір сезім қарып, Алла-ай!
Тіл қатпасаң…
Көк пен Жер тарылардай.
Сен тіл қатсаң, жарқырап аспандағы Ай,
Күнәсінен боз ғалам арылардай…
Айналайын, Жалғыздық!
Тіл қат маған,
Ойларыма қуат қос құндақтаған.
Жүректерді қалғыған сілкіші бір,
Сілкінші бір!
Өзіңе сырды ақтарам.
Ей, жалғыздық!
Жалғыздық!
Тіл қат маған!
Ескі жұрт
Бұл арада бақ болатын алмалы,
Алмасының тіл үйірер бал дәмі.
Қарт болатын күзететін сол бақты
Жұмақ сынды төңкерілген жан-жағы.
Тауды сүйіп көк тұманның балағы,
Көктен алыс ғарыш күйі тамады…
Жататынды күні-түні ән салып,
Көмейдегі көне диірмен шанағы.
Қоңыр ауыл өзі жағып өз отын,
(Қайран шалдар өмір сырын сезетін?!.)
Сайдың ішін салқын самал аралап,
Алма дәмі…
Ұнның иісі кезетін.
Жұмбағы мол тылсым таңда мұң басқан,
Шырылдайтын бозторғайы тынбастан,
Ерекше еді ертегідей Бақағаш,
Көз тартатын қалың жұлдыз…
Түнгі аспан…
Ерекше еді көкті кезген Ай-дағы,
Көк өзен де буырқанған сайдағы.
Ғайыпқа ұшып кеткен сынды киелі,
Қайран ауыл, бұзылмаған қаймағы?!
Бақ оталған… Қайтып енді көктер ме?
Өткен өмір – өрт шарпыған көк перде…
Диірмен де жоқ…
Қартым да жоқ күзетші,
Ескі жұрттың орны жатыр бөктерде…
* * *
Қорған бол, Алла, жаныма!
Бере көр жалын қаныма!
Жалынсыз, отсыз күндерді
Жолата көрме маңыма!
Шындығым: Мен де пендемін…
Жайлымын, кейде шөңгемін.
Өмірім: күнгей, көлеңке,
Еңбегім, Елім – сенгенім.
Жүрегім, жаным – жыр айдын,
ширығып өлең құраймын;
жағымпаз, сатқын жандарды
жолата көрме сұраймын!
«Олаймын», кейде «бұлаймын»,
күрсінем, күліп, жылаймын.
Жағымпаз да емен, жасық та,
Құлымын Тәңір-Құдайдың.
Қорған бол, Алла сұраймын!
Ескі әуен
Мың сан нұрдың арасынан өшпеген
бір жарықты іздеймін де… Екшелем…
Жалт-жұлт етіп жанарымен шақырып,
со бір жұлдыз жаздырады кешке өлең.
Қою түнде мың құбылып реңі,
дүрс-дүрс етіп соғатындай жүрегі.
Со бір жұлдыз – бала күннен сырласым,
арманымның қанаты еді, тірегі.
Тербеп тауды, өлең шөпті, қияқты,
көкіректен талмаусырап күй ақты;
со бір жұлдыз түн ауа кеп туатын,
әлі күнге ән салатын сияқты.
Сәулесіне шомылатын түнгі Айдың,
балаң едім, бозбала едім, ұлғайдым.
Дәуір өтті… Бірақ жұлдыз орнында…
Әнін…
Күйін…
Баяғыдай тыңдаймын.
Со бір жұлдыз – көңілімнің көрігі,
өмірімнің өрнегі мен серігі.
Көк аспанды бұлт басса, іздеймін,
басылардай жырларымның желігі.
Қалатындай жер үстінде от өрмей,
өткен өмір, кешкен көңіл бекердей.
Со бір жұлдыз… Болмаса егер аспанда
ғалам ұлы көшіп мүлдем кетердей.
Тағдырымды….
Қалай?
Қайтып сөгейін?
Бер, Тәңірім!
Ойдан азап шегейін.
Со бір жұлдыз өшпесін дер көктегі
Айтақырға жырдан жаңбыр төгейін.
Маңғыстау
«Осынау түсі суық болғанымен, алпыс екі
тамырыңды жаулап алар жаны,
жүрегі жылы өлкені он күн бойы ертіп жүріп,
таныстырған, аймақ туралы ғажайып
білік-білімімен, тереңдігімен бәрімізді
тәнті еткен ұлы суреткер,
терең ойшыл Әбіш Кекілбайға арнадым.»
Автор
Ой меңдетіп, сөз шаршатқан көркем ұл,
Көңіл атты домбыраңды шерте біл!
Бұл Маңғыстау – көгін кезген аруақтар,
әулиелер мекен еткен өлке бұл.
Аңызы көп… Ашылмаған сыры көп,
Сақ… Дайлардан қалған өрттей жыры көп.
Оғыландының басына кеп тәу етіп,
Дұғаңды арна!
«Пір Бекет!» деп жүріп өт.
«Біссміллә!» деп бастағын сөз басын,
Ойың – жырды, жырың жұртты қозғасын.
Үш жүз алпыс әулиеге күш берген
«Тамшалының» сүрт ақырын көз жасын!
Шерің болса, «Шерқалада» тарқасын,
сипа келіп әр жусанын, әр тасын.
«Айрақтының» жазығына ат шалдыр,
жомарт халық алға тартар марқасын.
Ән салардай… (Сірә, шағыл, сірә, құм),
көрген сәтте «Шопан Ата» тұрағын;
Өлең етіп, көшір үнсіз кеудеңе,
Сағым қуған «Сейсем Ата» шырағын.
Бата жүріп, тілек қонса, болғаны,
қалың адай барын берер қолдағы.
Батыр да өзің… Ақын да өзің – ұнасаң,
ұнамасаң…
Көшің ауар қомдағы.
Бұл өлкенің мінезі бар «тым қатал»,
Ұнадың ба?
Таң атқанша жырлатар.
Абыл апшып, Жеті қайғы безілдеп,
желдей есіп, Қашағанды тыңдатар…
Тарту етіп отты сезім, төре мұң;
ақ жарылып, он күн берген берерін.
Туғаныңдай бауыр басып кеттім мен,
Беу, Маңғыстау!
Неткен ғажап жер едің!
«Үстірт» пенен «Бозашының» арасын,
жалғап сарын, сиқыр, сұлу жарасым…
Дәуірлерге ұйқыдағы тіл бітті,
тыңдағанда Кекілбайдың баласын.
Ей, көркем ұл! Жүрегіңді түрік ет!
Заманалар шымылдығын түріп өт!
Күйге жерік, сөзге берік өлкеден
бабалардың қолдар Сені Пірі кеп!
Біссіміллә!
Біссіміллә!
Дұғаңды арна!
Жүріп өт!
Күз. 1992 жыл.
Тәңірге аян…
«Он милосерд: он Магомету
Открыл сияющий Коран,
Да притечем и мы ко свету,
И да падет с очей туман.»
Александр Пушкин
Байқаймысың… Ертегіге айналдым…
Өтеуіне бірде – шаттық, қайғы алдым.
Еңку-еңку жалыны мол кештім күн,
кешіп жүріп,
ақ алмастай қайралдым.
Отқа түстім…
Мұз кемірдім…
Өкіндім…
Дауға түстім.
Жағаласып – бекіндім.
Өмір атты аламанда жарысып,
қалып бірде, озып бірде – жетілдім.
Қилы сәттер аз өтпеді бұл бастан,
Өтті уақыт қуанған да, мұң басқан…
Үгілмедім…
Бүгілмедім…
Мойымай
Ел іздедім…
Жол іздедім тынбастан.
Жасырмаймын:
Жанұшырып жарда мың,
Үрей буып, қияларды қармадым.
«Нем бар еді құз басында?» деп іштен,
қиналғанда шайналды сан бармағым…
Дос іздеумен аспаннан да, жерден де,
Алыстады, арман шіркін, шерменде!
Жас ұлғайды…
Шаш ағарды…
Айнадан
тындым іштен
өзімді-өзім көргенде.
Түн қараңғы…
Көңіл төрі – қара аспан…
Кеңшілік жоқ…
Сағат та жоқ, Жарасқан.
Күрсініп тұр Алматы мен Қарт КазГУ,
Бозбала күн бақ ішінде адасқан.
Алатауым…
Апас-қапас сай қашқан,
Қалың аруақ…
Қалың жұлдыз…
Айлы аспан…
Кеңсай үнсіз…
Әділбек пен Сайлаубек,
Әшірбек пен Ризабектер жайғасқан…
Үнсіз қала…
Үнсіз аспан…
Үнсізбін…
Кебін киді кең дүние мінсіздің.
Иранбектер…
Неге, неге хабарсыз?
Ақ қағазға достарды іздеп, жыр сыздым.
Сұлу ғалам ұйқысынан тұрды ма?
Естісін жұрт…
Тыңдасын тау, қыр мына…
Баққожа мен Шөмішбайға, Ырымға,
Жүр, Смағұл!
Бағыштайық бір дұға!
Көңіл шіркін, су қараңғы…
Түндеймін…
Бітті ертегі. Жуасытып мінді ой, мұң…
Covid пенен көп ит кезген дәуірдің
не берері – Тәңірге аян…
Білмеймін?!
Су қараңғы түндеймін…
Шарасыздық
Өтінемін!
Ақыл қос, Ием ішкі!
Бір ақ сәуле күні-түн сүйеді ішті.
Мертіккендей Сенімім…
Шарасызбын.
Кімнен барып іздеймін…
Сүйенішті?!.
Көгін сұлу кезетін жарасып ән,
Қара Жердің көзінде…
Қарашы!
Қан…
«Бақсыларды» көремін адамдардың
жақсыларды іздесем арасынан.
Алты құрлық…
Ақылын тауысқандай,
Әулие мен әуейі ауысқандай…
Мүләйімсіп аярлар «шындық іздер»,
көкті кезген сиқырлы сауысқандай.
Бір күн пері болатын,
Бір күн – ұлан,
Іші – құзғын, тәрізді сырты қыран.
Қорқаулардан жерідім «жел торыған»,
Сөзі – бөрі…
Жүрісі – түлкі бұлаң…
Заманадан түңілдім «еліктеген»,
Сұрақ қалың…
Жауап аз…
Көріп келем…
Ау, Құдырет!
Ақыл қос!
Шарасызбын.
Ой сүлесоқ…
Қан салқын…
Өлік денем…
Жеріп келем!
Өрт
«Австралияның мың жылдық ұлы тоғайлары
екі айдан астам көк жалынға оранды.
Сұлулық жермен-жексен болды…»
«Іштегі дауыс» (Күнделік беттерінен).
Ақпан, 2020 жыл.
Жап-жасыл тоғай көркем-ді,
Жалын орады өртеңді.
«Алла!» деп ұшты көк жалын.
Табиғат-Ана өрт емді!
Себебі неден?
Айта алман…
Өрт құшты орман жайқалған.
Кінәлі Жер ме?
Аспан ба?
Адам ба әлде…
«Шайқалған?!»
Жұлмалап, жұлқып жұлынды,
Қыртысы Жердің тілінді.
Күрсінді мұхит «Алла!» деп,
Мың жылдық тоғай бүлінді.
Бұзылды сұлу жарасым,
Көмілді күлге қара шың.
Жайпады қызыл айдахар
Тау менен таудың арасын.
Өртеніп қала-тұрағы,
Тартылып таудың бұлағы.
Сұлулық жермен-жексен боп,
Күрсініп аспан жылады…
Жап-жасыл тоғай көркем-ді,
Тіршілік көркем өртенді…
«Алла!» деп әлсіз күрсініп,
Ішіме менің өрт енді!..
Көк ала жалын – түсің бе?
Жүгенсіз…
Жөнсіз ісің бе?
Ойланшы бір сәт,
Ей, Пендем!
Адасқан сайтан ішінде.
Жылады бір жан ішімде!..
Кетісу
Шалқая берме! Шалқима!
«Жақсы дос үшін жан пида»
деуші едің бір кез…
Өзгердің…
Өктемси берме!
Қалқима!
Алдында жұрттың «ерледің»,
сойылды оң-сол сермедің…
Амал жоқ…
Сатқан пенденің
алды-арты ма еді көргенім?!
Көк жалын жұтып өзегім,
Қамауға түстім, сеземін.
Қара жер үнсіз, көк аспан,
шіміркпей найза кезедің…
Үзе алмай күрмеу, көгенді,
Бұза алмай шектеу, шегенді,
Өрт кешіп, отқа орандым,
Көргенде оқ пен жебеңді…
Қайралды намыс, егелді,
Аямай сұқтың тебенді…
Жеңілдім…
Жеңдің, демеймін…
Мен үшін жоқсың сен енді!
Аулақ жүр! Әкет төбеңді!..
Қарсы ағын
«…Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады…»
Майқы би
Бір күн – бай, бір күн – кедеймін,
Бір күн – сой, бір күн – өгеймін!
Таразы басы тең емес…
Сұраған жұртқа не деймін?!
«Мықтымсып» дөкей тантыды,
шәлкестеу сөйлеп, шалқыды.
Кісәпір неме… Сөтілді…
Қалмады сөздің тамтығы.
«Аңызды» желдей боратқан,
ауызына елін қаратқан;
Тыңдаушы-жұртын қажытты
кескіні – «құдай жаратқан…»
Өзі де мығым, сөзі де,
түбі жоқ құдық – көзі де…
Тоқтайтын емес «шешенің»,
есіп тұр салмай тезіне.
Кеудені кезіп қар, сағым,
шапшыды бойда қарсы ағын.
«Сайғақтай пана таппаған»
шаршады жұртың…
Шаршадым!..
Бір күн – бай, бір күн – кедеймін.
Бір күн – сой, бір күн – өгеймін.
Таразы басы бүлінді…
Сұраған елге не деймін?!
Намыс жыры
«Есесін жіберген ел ел емес…»
Асқар Сүлейменов
Дүние Ұлы!
Пәктігімді алдың – келістім,
ақтығымды алдың – келістім.
айлар мен жылдар қалды артта,
шаттығымды алдың – келістім;
Мойымай қанат сермедім,
Уақытпенен тең ұштым…
Жастығымды алдың – келістім,
мастығымды алдың – келістім;
арзымас сәттер қалды артта,
бастығып алдым – келістім;
Асуларымды електеп,
өкпесін бастым еңістің.
Тілегімді алдың – келістім,
тірегімді алдың – келістім;
жүйкеме сызат түсірдің,
білегімді алдың – келістім;
Ұрпағым, ұлтым үшін деп,
басында жүрдім көп істің…
Дүние Ұлы!
Дауыңа салғын – келісем,
жауыңа салғын – келісем;
Тіліме тие көрме тек,
тексіз деп ұқпа мені сен;
Қиындау болар қозғалса,
іштегі жатқан өлі сең!..
Дертіңе салғын – келісем,
Сертіңе салғын – келісем.
Жеріме тие көрме тек,
Жігерсіз деме мені сен;
Жер үшін…
Міне!
Иманым,
иілмей тұрып керісем!
Отыңа салғын – келісем,
Сотыңа салғын – келісем.
Еліме тие көрме тек,
Намыссыз деме мені сен:
Ел үшін…
Міне!
Иманым,
Бүгілмей тұрып өлісем!..
Қара жаңбыр
Қара жаңбыр себелеп,
аласұрды жел түнде;
көңіл – ессіз көбелек,
қоңыр күзім,
келдің бе?!.
Алаң үнсіз. Бақ мұңды.
Тұман басты көшені.
Шулы тоғай лақтырды
жапырағын кешегі.
Талдың сабап кекілін,
жауды жауын бөктерге;
сай қуалап жетім үн,
көтеріліп кетті өрге.
Терезені ұрғылап,
төкті жаңбыр,
ақты ағын.
Көктен мұңды жыр құлап,
қақты ойлардың қақпағын.
Тауға қарап күрсіндім,
жұттым үнсіз күз демін.
Жүректегі дүрсілдің
жаңғырығын іздедім.
Көңіл – ессіз көбелек
қайыруға көнбеген…
Қара жаңбыр себелеп,
қоңыр күзде келді өлең…
***
Өтті уақыт бір демде,
қалғыды үнсіз қайқаңда Ай,
Іні болып жүргенде
Аға боппыз байқалмай.
Қалды жырақ жаз әні,
сылқым самал, бал түні;
бойды буып, сазады,
суық күздің салқыны.
Беу, дүние!
Көзің – нұр…
Қиял асау – ғарышта.
Жыл құсындай сезім бір
барады ұшып алысқа.
Өзімді-өзім жүндедім,
жеткізбеді жол, сағым.
Тағам қалай?
Кімге мін?
Шашты ғалам моншағын?!
Жұлдыз жауып, мұң қашқан,
кезді бір үн тау ішін.
Жаңғырығып түнгі аспан,
алыстады дауысым…
Өтті уақыт бір демде,
Таң себездеп, төкті шық.
Жетеміз, деп жүргенде
Жылдар құстай кетті ұшып…
Өмір…
Өмір…
Төкті шық…
Шарпысу
Көрінуді көксеп ем ер іспенен…
Өмір өтіп келеді керіспенен.
Біреуге ұнап, біреуге ұнамаймын…
Адаммын ғой…
Пендемін…
Періште емен…
Жайлымын ба?
Білмеймін…
Жайсызбын ба?
Қалғандаймын қара түн, Айсыз, құмда.
Қаталаймын…
Шөлдеймін…
Тұншығамын…
Тұтқын болған жандаймын
жайсыз мұңға…
Жұмсақпын ба?
Білмеймін…
Қаталмын ба?
Мылтық берді тағдырым…
Ата алдым ба?!
«Жауды аяған жаралы…»
Сұрақ іште…
Өкінемін…
Өртенем…
Батам мұңға…
Толығын да…
Сезініп жартысын да,
Шоқ жаладым тірліктің тартысында.
Арман қуып,
Бақ іздеп,
Сүрең кештім,
«Көзсіз ойдың» айналды арты сынға.
Ер істердің ілесіп арты шуға,
Керістерді…
Қарашы!
Қарпысуда…
Адам едім – әуелде…
Пенде болдым.
Майдан ашып,
Қу жүрек тартысуда…
Басы – жалын…
Өмірдің арты – суда…
«Махаббат пен ғадауат…» тартысуда.
Кім жеңіліп?
Кім жеңбек?
Сұрақ!
Сауал!
Алты құрлық жүректе…
Шарпысуда!..
Түс. Туған үй.
«Жартастың жонын ұрғылап,
Сұрар ма екен бір бұлақ:
– Сол бала қайда кетті? – деп…»
Мұқағали
Түгенделмей, бүтінделмей көш, бауым,
Ес жиғалы жолда келем,
Кеш, Қауым!
Сағындым ба?!
Орны бар да, өзі жоқ,
түске еніп жүр туған үй мен ескі ауыл.
Қия белден қара орманның сыбыры,
естілердей әжелердің күбірі…
Қыр астынан көкпар үні жетердей,
бойды сілкіп қалың тұяқ дүбірі…
Шекаралы тар қолтықтан жел ескен,
жететіндей бір ескі әуен дөңестен.
Мына арада болмағандай тіршілік,
ұл өсіріп, қыз ұзатып, ел өскен…
Өткен өмір…
Ойы, сөзі, ісінде
бір міні жоқ, отын жағып ішімде…
Қозы, лағын маңыратып ескі жұрт,
қара шалдар қауқылдап жүр түсімде…
Әкем…
Анам…
Түсіме еніп бауырым,
Ертегідей көшіп кеткен дәуірім.
Мен туған үй шақыратын тәрізді,
қолын бұлғап кіндік кескен ауылым.
Күзгі жазық – тозған ескі шекпендей,
Көктен жұлдыз жарысып нұр төккендей.
Қара жорға…
Кісінеп жүр, жануар,
бала күнім құсқа айналып кеткендей.
Үйсінтаудың бұлт оранып бөктері,
Көкбастаудың жем іздеп жүр кептері.
Ұлар құстың үні естіліп Қыржолдан
Ойырмадан ұлитындай көк бөрі…
Сырға айналып, жырға айналып көш, бауым,
Ес жиғалы жолда келем…
Кеш, Қауым!
Мен туған үй…
Орны жатыр. Өзі жоқ.
Аян беріп, түске еніп жүр ескі ауыл…
* * *
Дүние мылқау… Тұманды…
Өмір өзгерді…
Күмәнді…
Болар-болмасты малданып,
Жұмырбас пенде жұбанды.
Алданып адам сәл немен,
күрсінді үнсіз таңғы емен.
Аспаннан жауған жұлдыздай,
қаңтарда қарлы жанды өлең.
Қысқы таң бейне ақ перде,
жаңа жыр қонды дәптерге.
Не бермек мына күн алдан?
Қанатын үміт қақты өрге…
Шыңылтыр аяз… Жер тоңды…
Ақ түтек көмді өртеңді…
Үміт пен күдік арбасып,
Жандырып ойды өрт енді.
Өртенді жүрек…
Өрт емді…
Қарлы таң неткен көркем-ді!
Сұрқылтай-заман…
Сұрақ көп…
Не болмақ өмір ертеңгі?!
Қош, сары күз!
Сағым – арман…
Сағым – ой…
Сағым – ішім…
Қанатымен таулардың қағып ұшын,
қалың тырна барады «азандатып»,
сары күздің арқалап сағынышын.
Сарсаң дәуір…
Саумал ән…
Самала мұң…
Сары көлді қиялмен жағаладым.
Сары қамыс…
Адасқан айдынынан
кейпіне еніп, шарқ ұрдым
шағаланың.
Ұлы таулар ұзатып жыл құстарын,
сардаланы кезді кеп бір құштар үн.
Көк аспанды теңселтіп қараша мұң,
еске салды ызғарлы бір қыс барын.
Дүниені жетелеп бір күшті арын,
қанат қағып ұзады жыл құстарым.
Өзгерткім кеп өмірді өлең жаздым,
біле тұра өзгертпес бір күш барын…
Сағым дала…
Сағым көл…
Сағым – ішім…
Қанатымен шыңдардың қағып ұшын
қараша-құс ұзады, ноқат болып.
Қош, сары күз!
Сағынышым!
* * *
Дүниенің қызығы бардай не бір
жүруші едік…
Ортайды нардай көңіл.
Сағым қуған ай, жылдар алыс қалды.
Қазан ұрды…
Күз келді…
Сарғайды өңір…
Сарғайды тау…
Сары жел…
Дала…
Белең…
Күн еңкейді.
Бұғыты ала көбең.
Қыр астында – қараша, қара суық,
сора-сора аспаннан тамады өлең.
Сарғайды қыр…
Сарғайды ән…
Сарғайды көк…
Сана жетім,
сары бел сарнайды кеп.
Сартоғайдың байғызы
сұңқ-сұңқ етіп,
Шошанайдан адасқан
зарлайды үлек.
Сарытауда – көк тұман… Тарады шық.
Сарыжұртты кезіп жүр қара күшік.
Қазан ұрды…
Күз келді…
Сарғайды өмір…
Үйсінтаумен топ тырна
барады ұшып.
***
Өмір шіркінге не дерсің?!
Өртеніп, жанып, сөгерсің.
Өзіңді-өзің кінәлап,
өлеңге бәрін төгерсің.
Бүлініп іштей жіктерсің,
үгіліп үнсіз үптерсің.
Өткен-кеткенді саралап,
сағынып, бойды тіктерсің.
Жүректі жалап от-өрім,
ғарыштан жұмбақ жетер үн.
Сарсаңға салар сен ішкен
бал менен уың, шекерің.
Шырқырап ойдың шанағы,
шарпиды жалын сананы.
Өтеді бәрі қас-қағым,
тамшыдай тасқа тамады.
Тамады-дағы теседі,
Құбыла желі еседі.
Келу мен кету – Тәңірден,
Өтеді бәрі, көшеді…
Тербеліп дала, тау әні,
Көкала бұлт ауады.
Көктемде, жазда, қазанда,
ақпанда өлең жауады…
Мәңгілік көші ауады…
Жерге түс!
«Адамның күні – адаммен…»
Халық сөзі
Ес жыйғалы іздеп ең…
Таба алдың ба?
Кең айдынға шықтың ба? Қамалдың ба?
Арман дейтін асау ат кетті ме ұзап,
жел суырған айналып сағал құмға?!
Сәуле-нұрды көрінбес өзге ешкімге
есің кете іздеп ең…
Кездестің бе?
Ой дейтұғын биік шың бағынды ма?
Тізгін бермес жан едің
өзге ешкімге?!
Адамдарға жақтың ба?
Жақпадың ба?
Сызығынан иманның аттадың ба?!
Арбасқанмен арбасып,
шыныңды айтшы,
Ар отына жүректі қақтадың ба?!
Алу…
Беру…
Пендеге серт еді ме?
Айналды ма кешегің ертегіге?
Байқадың ба?
Қу тірлік – қас-қағым сәт.
Тағдыр-бейбақ – көк жалын.
Өртеді ме?!
Сезсең соны…
Айыл жый!
Асқақтама!
Ей, Жұмырбас,
кеудеңе тас қаптама!
Қысқа өмірді қысқартпа. Мәңгі ешкім жоқ.
Қара жұртың күтіп жүр…
Қашқақтама!
Қуан!
Жұбан!
Жерге түс!
Асқақтама!
* * *
Бір күн пенде боламыз, бір күн адам,
Артық емес бір кінә бір кінәдән…
Арылсын, деп алдында бір-бірінің,
Тарту еткен адамға Жырды ғалам.
Қиналғанда байқалып дір еткені,
Сілкінеді бір дауыс жүректегі.
Жұмырбасты пендеге қуат берер,
Өлең шіркін!
Өмірдің бір от-кені.
Сол от бізді жібермей үгілуге,
Сол от бізді жібермей бүгілуге.
«Адамзаттың бәрін сүй,
бауырым, деп»,
Үйретумен келеді жүгінуге.
Адамдардың алдырмай миын уға,
Қиын тұста үйретіп жиылуға.
Үйретумен келеді сол от бізді,
Ақиқаттың алдында сыйынуға.
Жүрек – төре…
Бағынып әміріне,
Дұға арнаймыз өлгендер қабіріне.
Сол От бізді келеді бағындырып,
Табындырып келеді Тәңіріге.
Бір күн пенде…
Боламыз бір күн адам…
Артық емес бір күнә, бір күнәдән.
Арылсын, деп… Алдында Жаратқанның
Тарту еткен адамға
Жырды ғалам…
Арылу
Ей, ескі дос!
Ерік беріп сезімге,
Шынымды айттым…
Сырымды айттым…
Безінбе!
Жұмбағымды…
Құндағымды қозғадым,
Өзің…
Сөзің…
Жарасқан бір кезімде.
Ақ нөсердей ағыл-тегіл
ой кеп бір,
Жүрегімде күмбірледі
сөйлеп қыр.
Іштегі, асау шерім,
мұңым сілкінді,
Жуылғандай болды көңіл –
көйлек кір.
Кетті деме, артықтау сәл көпіріп,
Өтті деме, өтпес жерден секіріп.
Кінәласәң…
Кінәлассәң…
Өзің біл!
Ақтарылдым.
Айта алмадым өтірік.
Айтып, шыным, жеңілдедім бүгін мен,
Сәттеріме «Шүкір» айттым жүгінген.
Тәңір нұры шайып өтті кеудемді,
ұмыттырып күндерімді үгілген,
түндерімді түңілген…
Көріп тұрмын!
Сауал тұрды көзіңде.
Әр пенденің өз жұмбағы – өзінде.
Шынымды айтып,
Сырымды айтып, арылдым.
Өзің…
Сөзің…
Жарасқан бір кезіңде…
* * *
Інім!
Ойлану үшін бас берген,
егілу үшін жас берген.
Күш берген, қуат Адамға
көтеру үшін тасты өрден.
Жұмбағы қалың ғаламда,
Міндет көп артар адамға;
бүлінбей ғұмыр кешу – сын,
бүлінген мына заманда.
Басыңды сұқпа құрыққа,
жаңыла көрме!
Құнықпа!
Әр ісің менен әр сөздің
сұрауы барын ұмытпа!
Жүрекпен тыңда қыр үнін,
жүрекпен өмір сүр, інім.
Сұлулық…
Сымбат – Жер үсті.
Тарқата көрме бұрымын.
Тіршілік дейтін сағымға
алдана көрме!
Алынба!
Өмір – шөл..
Бірде қара орман,
адасып кетпе қалыңда.
Оттанбыз!..
Желден!..
Суданбыз!..
Көк мұхит, қалың нуданбыз.
Адам Атаның сарқыты
сананы оймен жуғанбыз…
Сарқылмау үшін туғанбыз!
Інім!
Дұға
Лә-Иллаһи! Ил-Алла!
Сыбырласып…
Терек пен тал, құрағым,
Қара түнде көшіп өтті бір ағын.
Жерлеуіне бара алмаған жандардың
аруағынан кешуді үнсіз сұрадым.
Тірлік шарты…
Өмір салты өзгерді…
Алты құрлық аласұрды. Көз көрді.
Ғарыш…
Ғалам…
Қылкөпірде тұрғандай,
Айла жетпес, ақыл алмас кез келді.
Бір ұлы Күш айналдырды ұршықты.
Айналымға кімдер кіріп…
Кім шықты?
Есебінен қайтқандардың жаңылдық.
Ұлы Ғалам қасыреттен тұншықты…
Мәре-сәре қуанышқа тоймаған,
Қалды күндер
ат шаптырып тойлаған.
Боздақтарын жоқтап үнсіз Боз Дала,
қайғы-шерден көз ашпай
бір қойды Адам?!
Жүгін жиып үлгермеген жас үйдің
қаншауының қабіріне тас үйдің?!
Ей, ағайын!
Жан-Азада болмаған
Аруақтардан кешу сұрап, бас идім.
Намыс ойнап бір сұрапыл қанымда,
Нәлет айтып Ібіліс пен Залымға,
Арыстарға бағыштадым Дұғамды,
Жанып кеткен
Тажал атты жалында.
Оймен үзіп, шамырқанып көгенді,
Сөзбен үзіп шектеу менен шегенді.
Жаратушым!
Қадыр түнгі қабыл ал,
Өлгендерге бағыштадым Өлеңді!
Ұйқы көрмей…
Күлкі көрмей түнедім…
«Лә-Иллаһи! Ил-Алла!» деп түледім.
«Жер, Тіршілік оралсын!»
деп қалпына
Жаратқаннан тіледім!..
Қадір түні. 19 мамыр,
2020 жыл.
Комментарий (1)
Н. Байсаловговорит
10.05.2021в19:37Нұрлан Оразалин ағамыз өте мықты ақын, тұтас поэзиясында қазақтың қайғы-мұңын арқау еткен, мен-мен деген ақынсымақтар Нұрекеңнің қолына су құйып бере алмайды!