ЖҮРЕГІ ҚАЗАҚ ЖАНҰЯ

Өмір шіркіннің бұраңдаған бір қисық жол екеніне бүгінде ешкім де таласа алмайды. Асау тағдыр пенденің басын қайда апарып соқпаған десеңізші! Сонда да пенделер жарық дүниеден, атар таңынан күдер үзбейді. Алға ұмтылады. Тырысады. Тырбаңдайды. Бұл – өмір заңы. «Қимылдаған қыр асады». Осыны негізге алғандар үнемі алға жылжумен болады. Сан тараулы соқпақтар адамдарды биіктерге де сүйрейді, өкпеңді өшіріп, жарға да құлатады. Бірақ, адамдардың үміті үзілмеуі керек. Үміт үзілген күні болашаққа жол жабылады. Сол бір жарық сәулені өшіріп алмас үшін жанталасып бағамыз. Бәлкім, өмір сонысымен де қымбат шығар-ау!
Бүгінде парасат биігінен қарап отырсақ, кешегі кеңес өкіметі тұсында адамдар қандай қиындықтарды бастан өткергенін көреміз. Алғашқы серік­тестік, артель, колхоздастыру, қызыл отау ұйымдастырған жылдарға қарасақ, миллиондаған қаракөздеріміздің мұңлы жүздерін көреміз. Сайын далада тау-тау болып үйіліп қалған обалардан бабаларымыздың ащы айқайы естіледі. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кімдердің алтын басын далада қалдырмады десеңізші. Осы аласапыран жылдары талай тұлғалар толарсақтан қан кешті. Ұлы Отан соғысы деп аталып жүрген кеңес және фашизм арасындағы қиян-кескі соғыс та елімізге зор зұлмат алып келді. Соның өзінде мың өліп, мың тірілген Қазақ халқы бұл сын-қатерлерден де аман өтті. Қисайған шаңырағың түзетті. Ұрпақ өсірді. Жоғалтқанын тапты. Іздегеніне жетті.
Өзі көңін сүйретіп жүріп, өзгеге көмек көрсететін бір халық бар десе, әлем жұртшылығы ең әуелі қазақты атайтыны сөзсіз. Оған сан мыңдаған мысалдар айта аламыз. Әлемнің әр түкпірінде Қазақстаннан кеткен бір шаңырақ болса да табылады. Олар ешқашан жүрегінен қазақ елін өшіре алмайды. Қазақтың кеңпейілдігі, дархандығы, қонақжайлығы, адам жатырқамайтыны, даласындай ашық мінезі шетелдік талай жиһанкездерінің күнделіктеріне де түскен. Олардың барлығын санамалап отыру ауырлық етеді. Біз бүгін түрлі тағдырлар тоғысында топшысынан қиылмай, түтінін түзулеп алған бір отбасы жөнінде әңгімелемекпіз. Олардың сан қатпарлы өмірі оқырмандарды да бейжай қалдырмас деген ойдамыз.
…Сол жылы Жамбыл облысы Ленинск (қазіргі Диқан) ауылына Волгадан еңбекші армиясынан Мария Лейхнер деген неміс қызы келді. Бүкіл ауыл сары шашты, ажарлы өңді неміс қызына таңдана да, тамсана қарады. Мария сұлу бойжеткен еді. Түзу балтыр, аршын төс, қызыл ерін, қыпша белдің нағыз өзі. Мария өте пысық қыз болып шықты. Адамдармен тіл табысуға келгенде алдына жан салмайды. Өте елгезек те тілалғыш сұлуға сұқтанбаған адам аз. Өзгеше бітімді, басқаша байыпты бойжеткеннің жүріс-тұрысы расында да бұл ауылдағылардан бөлек болатын. Ауыл қыздарында бір ашықтық, жайдарылық сияқты мінез бола береді ғой. Мария әуелгіде қазақ тілін түсінбеген соң ба, бұйығыланып, ортаға бейімделе алмай оңашалана берді. Жат орта, тілі де тәрбиесі де, әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де бөлек халық. Бір жақсысы, қазақтар адамдарды ұлтына қарап бөлектемейді екен. Әсіресе, қарттары «қызым» деп емексіп, елжіреп тұрады. «Қай ұлттансың?», «Қайдан келдің?», «Қашан кайтасың?» деп бірде-біреуі сұрамайды. Қасқырдан қашып келіп адамдардың қойнына тығылатын қоян болады ғой. Мұндайда адамнан асқан мейірімді жан жоқ. Ол қоянды қасқырдан қорғап қана қоймайды, басына түскен ауыр жағдайды жан-жүрегімен түсініп, қорғаныш іздеп келген тіршілік иесіне пана да, ана да болады. Тапқанын ауызына тосады. Барын бөліп береді.
Міне, қазақтар дәл осындай халық екен. Ешқайсысы Марияның өткен өмірін қазбалап сұраған жоқ. Тіпті, оның кеше ғана балаларын, бауырларын өлтірген неміс ұлтынан екеніне де мән беріп, шұқшиып жатпады. «Осылардың бауыры біздің әкелерімізді өлтірген» деп балта ала ұмтылса қаршадай қыздың жасарға амалы бар ма еді?! Иә, Марияның жат мекенде осындай да қаупі жоқ емес-ті. Бірақ, нәзік жанды пана іздеп келген бойжеткенге бірі әке, бірі ана болғысы келді. Құшақтарын ашты. Алдына бауырсақ, құртын шашты.
Енді ол бар қауіптің сейілгенін сезініп, айналасына бажайлап қарай бастады. Қазақтардың өмір сүру дағдысымен танысты. Осы ортада біржола қалып кетерін білгендей, қазақы тіршілікке бейімделе бастады. Қазақтар тіршілігі басқа болғанмен, олар да еңбекқор жандар екен. Неміс ұлты тиянақтылықты, жинақылықты, тазалықты, ұқыптылықты, дәлдікті ерекше сүйеді емес пе? Қарап отырса, қазақ ұлтының бойында да осындай қасиеттер молынан кездеседі екен. Бір тәуірі, қазақтар қыз баласына ерекше құрметпен қарайды. Оларды төріне шығарады. Бар тәттісін солардың ауызына тосады. Осы бір ұлттық ерекшеліктер Марияның жүрегін елжіретті. Ол алыста қалған ата-анасын сағынып, мұңайғанда қазақтың кеңпейілді көңілінен бойына жылу алатын. Сол жылу оның бойына көпке дейін дәру болып тарайтын.
Әрине, туған ауылынан тым шалғай жер, бөтен орта, үйреніспеген адамдар, қарым-қатынастың қиындығы, тіл жұтаңдығы Марияға көп қиындықтар тудырды. Ол осы бір түпсіз тұңғиықтай көрінген азаптан ертерек құтылсам деп ойлайтын. Ал, құтылудың ең төте жолы-адалдық, мәдениеттілік, имандылық және ізеттілік болатын. Бұған енді тіл білу міндеті де кіреді. Сонау Волга бойынан тағдырдың айдауымен келген қаршадай қыз Дешті Қыпшақ даласындағы жауынгер халықтың тілін қайдан білсін? Ол енді қамқор болып жүрген әжелер мен аталар сөзіне зейін сала жүріп, қазақтың бірер сөзін жаттап алды. Бірде бір орысы не немісі жоқ шалғайдағы ауылда қашанғы ымдап сөйлесе береді? Мұнда аудармашы деген атымен жоқ. Сөздік түсіңізге де кірмейді. Мария енді теңізден жалғыз жүзіп өтпек болды. Ұланғайыр да түпсіз терең теңіз саяз болушы ма еді? Қайығы қайырылып қалмас үшін Мария екі ескекті де қолына алды. Бірінші ескегі – адамдармен тіл табысу болса, екінші ескегі – тіл білу болатын. Міне, шалқар айдында жалғыз қайық желкенін керіп келеді. Қайық үстінде ақ көйлегі желбіреген, жанары мөлдіреген неміс қызы!
Сол қаршадай неміс қызының ұқыптылығына, зеректігіне қазақтардың қайран қалғаны-ай! Кей әжелер тіпті оны келін етіп алғысы келіп айналшықтағаны ұмытылар ма? Аршыған жұмыртқадай аппақ келін үйінің сәнін келтіріп жүрсе, кім марқаймайды.
– Әй, мынау сенің келінің бе? Аспаннан түскен қордың қызы ма? Әлде судан шыққан су перісі ме? Өзі қандай әдемі! Өзі қандай ибалы? Ибай-ай, өзі қазақ тілін қайдан үйреніп алған? – десіп тамсанып отырса.
Диқан ауылындағы дархан адамдар енді Марияға осылай қарай бастады. Кім келінінің әдемі де ажарлы, ақылды, инабатты, пысық, икемді әрі сауатты болғанын қаламайды? Диқандықтар Волга бойынан келген бойжеткенге осындай туыстық көзқараспен қарай бастаған. Оны әркім-ақ өз үйінен көргісі келді. Жақын туыс болғысы келді. Бойында адам жатырқауды білмейтін қазақ шіркінде сұлулыққа құштарлық сезім де молынан бар ғой. Сұлуға кім сұқтанбайды? Сұлуды кім сүймейді?
Үлкендер осылай шымылдық пен ақ орамал іздеп әуреленіп жатса, мұрты енді тебіндеп келе жатқан бозбалалар мен ат жалын тартып мініп, жігіт атанып жүргендер ұйқыдан қалды. Бәрі де Мария жүрген көшемен жүргісі келеді. Барлығының да Мариямен тілдесіп қалғысы келеді. Жігіт атаулының Марияның ай жүзін бір көруінің өзі үлкен бақыт. Үйленіп кеткендері сан соғып, үйлене алмай жүргендері аһ ұрып өткен сол күндер-ай, шіркін!
Бойжеткеннің сұлу жүзіне бір қарап өтуді арман еткен ауыл жастары көбейді. Елесіне мас болып, елтіп қалатындар да табылатын. Жігіттер жанап өткенінің өзіне мәз болып қалушы еді. Бірақ көпшілігі ашық сөйлесуге бата алмады. Өйткені, Мария бұл кезде орыс тілінде сөйлеп жүрді. Өмірі орыс көрмеген қазақ оның тілін қайдан білсін! Арадағы дәнекер жібі жалғанбаған соң достық, одан сүйіспеншілік шоғы, махаббат маздағы тұтана қоймаған. Сонда да Диқан ауылында Мариядай бойжеткеннің бар екені қандай қуаныш еді!
Лейхнер деген бойжеткеннің тегі де таңсық еді. Бригадирлер оның тегін үнемі бұрмалап жазатын. Лейхнер. Қазақ тегі ат қоюға келгенде шебер халық қой, Марияның тегіне келгенде мүдіретін Диқан ауылының бас көтерерлері оны кімнің үйінде жатса, сол кісінің фамиласымен де атай беретін.
– Әлгі Қамбарбектің қызы қайда?
– Сәния апамыздың сұлу қызы, – деп атай салатын.
Ал, құжатқа келіп тірелгенде Лұқперінің қызы деп те жазып қойып еді-ау. Қалай дегенде де Мария есімі Диқан ауылының үлкен-кішісіне етене ыстық болды. «Біздің Мария» деп оны іш тартып тұратындар көбейді. Осы іштартатындардың көбісі сұлу бойжеткенді өздеріне меншіктеп алғысы кеп тұратын. Солардың бірі ауыл мұғалімі еді. Қалай болғанда да оқып келді деген аты бар емес пе, аздап қара танырлығы бар. Сол да сүйретіліп Марияның соңынан біраз салпақтаған. Дегенмен, Мария оған мойын бұрмады.
Күн артынан күн аунап өте берді. Мария жаңа ортаға бейімделіп те, үйреніп те келе жатты. Ол ауыл әйелдерінің қалай сиыр сауатынын, оны ұйытып қалай айран жасайтынын көріп жүрді. Қазақ әйелдерінің де қолдарынан келмейтіні жоқ, ірімшік, қаймақ, сүзбе жасайды. Неміс қызына бұлар аса таңсық та емес. Қаймақ, сүзбені ол бұрыннан білуші еді. Бірақ, қазақтардай сүттен ірімшік, құрт жасағанды тұңғыш көруі. Сап-сары ірімшіктер ауызға салса болды, майдай еріп кетеді. Шіркіннің дәмін айтсаңшы. Ауызыңның суы құриды. Құрт дегені тіптен керемет болады екен. Кәмпит сияқты ауызыңа салып жүресің. Құрттың азықтық және шөлді қандыратын да қасиеті бар. Ауыл балалары ұрттарын томпитып жүреді. Бастапқыда Мария «бұлардың жағы ісіп кеткен бе?» деп үркесоқтап қараушы еді, кейін оның құрт екенін білгенде әбден күлгені-ай келіп.
Қазақтар сиыр сүтіне ешкінікін қосып айран ұйытады екен. Мұндай тәтті айранды Мария Германияда да көрмепті. Қоп-қою айранға қасық шаңшысаңыз, тікесінен тік тұра береді. Кейіннен білді ғой, ешкі сүті өте құнарлы екен. Кейде сүті шықпай қалған аналар балаларын осы ешкі сүтімен асыраған. Ешкі сүті онкологиялық аурулардың алдын алады дегенді де бір жерден оқығаны бар. Шұнаңдап бір орнында тұрмайтын, талдан талға өрмелеп жүретін ешкінің еті де пайдалы деседі. Оның жүнінен тоқылған жемпір сол заманның өте сәнді киімдерінің бірі болатын.
Волгадан келген қыз жорға болып шықты. Бәріне. Оның ішінде бұрын-соңды көріп-білмеген шаруаны тез меңгеріп алуға. Мария аз күнде сиыр да сауды, нан да көмді, тезек те терді. Сонау алыстан, мәдениеттің мәйегін еміп келген ақсаусақ қыздың белі бұралып, тезек теріп жүргені сырт көзге қораш та көрінуі бек мүмкін. Бірақ, сол зұлмат жылдары адам жұмыс таңдады ма? Колхоз бастығы қандай жұмыс берсе де, соңынан ілбіп кете беруші еді ғой. Келіншектер науқан кезінде бесаспап болып шықты. Керек жерінде олар арба айдап кете береді. Қол күші жетпей жатқан жерде орамалын беріне шарт байлап алып, ерлерден қалыспай жер аударады, тырмалайды, орақ орады, шөп шабады. Ол шөпті кепкен соң маялап жинайды. Арбаға артып, қыстау басына жеткізеді. Бұл жерде сені тосып отырған және ешкім жоқ. Әкелген шөпті маяға жинап кету тағы бар. Нардың нары көтерер осы жұмыстарды әйелдер жапырып тастайды. Не деген күш? Не деген жігерлілік?
Қауырт жұмыстар ортасында шашы желбіреп ту-у алыстан, батыстан келген неміс қызы да жүрді. Қолының қары талды. Шыдады. Шыдап бақты. Алдынан арайлап таң атарына ол сенімді еді. Өйткені, бойында қуаты, ойында үміт таңы тұрғанда ол жерде қалмайтынын білді. Оған тек жолына бөгет болмайтын орта керек-ті. Құдайға шүкір, сол орта табылды. Мұнда оны ешкім «Сен неміс қызысың. Сені бұл жерден кетіру керек» демеді. Қазақтардың жылы құшағы, ыстық ықыласы, бауырмалдығы, қонақжайлығы оны мөлдір бастауға жетелей түсті. Жағалауға жақындаған сайын оның тынысы ашылғандай болды.
Иә, әркімде де Атамекен, туған жер, өскен орта бар. Мария Лейхнердің де өз отаны бар еді. Бірақ, сталиндік зұлмат оны қия бастырмады. Тағдырдың басқа салғаны осы болғаннан соң көнеді екенсің. Әйтпесе, тағдырдың бұралаң жолы оны Қазақстанға бастап әкелмесе, ол туған жерінде, әке-шешесінің бауырыңда, аға-сіңлілерімен көл-көсір бақыт құшағыңда жүрмес пе еді? Ауық-ауық туған жерін еске алғанда Мария да көз жасын сығып алушы еді. Соның өзі оның сағынышын басқандай, бір сергіп қалатын. Қойынына салып, талайдан сақтап жүрген суретке ұзақ үңілетін. Жүрегіне жазылып қалған сол сурет көңілінен ешқашан өшкен емес. Өшпейді де.
Бір күні Мария қойдың күзетіне шықты. Бұл да ойламаған жерден болды. Малшы соқырішек болып ауырып қалды да, отарды күзететін адам табылмай, бригадир ақыры Марияға қолқа салды.
– Несі бар? – деді Мария, – бір түнге шыдауға болады!
Бригадир қуанып қалды. Бір қолды екеу ете алмай жүргенде Марияның түнгі күзетті өткізіп беретіні қандай жақсы болды. Бұл істі кейде мен деген жігіт те атқара алмайды. Әлден соң шыдамы таусылып ұйықтап қалады. Не қойдың бірін қасқырға алдырады. Қасқыр демекші, сол жылдары дала тағысы шектен тыс көбейіп кетіп еді-ау. Сыртқа жалғыз-жарым шыққан адамнан тайсалмайтын. Кейде жеп кетіп те жатты. Келіншектер қырманға астық тасығанда топ-тобымен жүруші еді. Олардың кейбірінде қасқыр үркітетін қару да болады. Шиті мылтық болса да қасқырды үркітуге жарайды.
Ана бір жолы қырманға астық тапсырып қайтып келе жатып бір үйір қасқырға жолыққан. Шын мәнінде олар бұларды аңдып келеді екен. Бір қыраттан көтеріле бергенде соңдарында бір топ қасқыр келе жатқанын көріп, Зағира шыңғырып жіберген. Артынша келіншектер, әйелдерге қосылып балалар жылап қоя берді. Сонда ғой, Мария мен Сандуғаш батылдық танытып, құс мылтықпен қасқырларды жасқағаны.
Мұнан соң аттарға қамшы басып, ауылға қарай зымырай қашты. Аттар да болдыртып қалған екен, сүріншектей береді. Асыққанда уақыт тоқтап қалғандай көрінеді. Аттардың шабаң жүрісі, арбадағылардың қорқыныштан бақырып-шақырғаны бар, осы мезет тым ұзаққа созылғандай сезілген. Әйтеуір, ауылдың қарасы да көрінді-ау. Қасқырға да жан керек екен, бірте-бірте сытылып қала бастады. Сонда арбадағылар «уф!» деп демді бір алып еді.
Түнгі күзетте жүрген Мария осыны ойлап күліп қойды. Аспанда сан мыңдаған жұлдыз жымыңдайды. Олардың ортасындағы Ай еркін жүзіп барады. «Балапандарын соңына ерткен мама қаз сияқты екен» деп ойлап қойды Мария. Осы теңеуіне өзі мәз болып қалды.
Ол аспандағы Айға ұзақ қарап отырды. Ол туып, өскен поселкеде де Ай осылай туушы еді. «Япырай, аспан бізге ортақ екен ғой» деп ойлады қыз. Аспан да, жер де, су да, ауа да ортақ. Сонда адамдар бір-бірімен не үшін соғысады? Не жетпейді оларға? Адамдар дүниеге келгеннен соң, бірімен-бірі тату тұрулары керек қой. Онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамдар неге бір-бірімен қастасады екен? Егер Жер жүзіндегі осы опалаң-топалаң болмаса, Мария да өз отанында, әке-шешесінің қасында жүрер еді ғой. Мына жалған өмірде адамдардың бірін-бірі сыйлап өткенінен асқан бақыт болар ма?
Біз тегі, бақыт дегеннің не екенін түсіне бермейміз. Бақыттың үлкені өз ортанда жүру. Мұны Мария сияқты өз үйірінен ажырап қалғандар ғана сезінеді, түсінеді, түйсінеді. Мына қазақтар үйірінен ажырап қалған құлынды бауырына басып, оны қайтсек бақытты етеміз деп алаөкпе болып жүргенінің өзі адамгершіліктің үлкені емес пе? Жер бетіндегі адамдар неге қазақтардай болмайды? Әлде олар дүние-байлықтың құлына айналған ба?
Сансыз жамыраған жұлдыздарға қарап отырған құнтақандай қыз осылай ой кешті. Ол бейбіт жатқан жерге тұтқиылдан шабуыл жасаған Гитлерге де, адамдарды саяси қуғын-сүргінге салып, қырып-жойған Сталинге де разы емес-ті. СССР деген алып мемлекеттің ішінде де қаншама ұлт пен ұлыс мидай араласып, өріп жүр. Солардың көбісін атамекенінен айырған сталиндік соқыр саясат екенін Мария бойжеткенде ғана түсінген.
Марияның да әке-шешесі қай жерде жүргені белгісіз. Өзі Волгадағы еңбек армиясына алынып, онда ауыр еңбекті бастан өткергеннен соң да Марияға даладағы еркін жұмыс жеңіл сезілген. Мұнда арқаңнан мылтық кезеніп тұрған ешкім жоқ. Жұмыс ауыр болғанымен, еркіндік бар. Ал, түсіне білген адамға бақыттың ең үлкені еркіндік, азаттық, тәуелсіздік. Осы тәуелсіздік үшін қаншама адам жанын құрбан етті десеңші.
Иә, жүрек түкпірінде жатқан мұң шер шайқалғанда сыртқа теппек. Бұл түн Мария үшін өз қиялымен оңаша қалып, жүрек үніне құлақ түру іспетті болды. Асау қыздың асау жүрегі не дейді? Әрі ойлап, бері ойлап Мария ендігі жерде осы ауызын ашса жүрегі көрінетін қазақтар арасында тағдырының байланатынына көз жеткізді.
Қыз жүрегі бір тоқтамға келмейді. Келсе сол айтқанын орындамай қоймайды. Мария да ендігі тағдырын Қазақстанмен байланыстырып қойған болатын. Болса да оны кері қайтармайды. Амалын тауып қайтқан күнде де әке-шешесімен қауыша ала ма? Сталиндік зұлмат саясат оны бұл жерден кетсе тағы қандай тағдырдың толқынына лақтырмақ? Осыны ойлап, Мария түні бойы тебіреніп шықты.
Таң бозамықтанып атқанда ол тәтті ой құшағында отырды. Тәтті тілек, алдағы арман, базарлы болашақ оны өз иіріміне тартып бара жатты. Ол орнынан сергек түрегелді. Айнала мүлгіген тыныштық. Күзетте дәрменсіз қуыршақтай қыз қалғанын қайдан білсін, қасқырлар да қора маңайлай қоймапты. Ертесіне бригадир келіп, Марияны ауылға алып кетті. Ауылдың бір ақсақалы шопан жазылып келгенше отарды қарай тұрмақ.
Ынтымағы берік, кішісі үлкенінің алдын кесіп өтпейтін қазақтың осы бір игі дәстүрі-ай десеңші! Мария қазақтардың осындай салиқалы саясатына, қайырымды қарым-қатынасына қарап, «бұл неткен дархан халық» деп сүйсінеді. Осы сүйіспеншілік қазақ халқына тамырын біржолата байлап қоятынын ол сол кезде сезді ғой деймісіз?
Сол бір сүреңсіз күндердің бірінде Диқан ауылына Нариман Сәлімов деген жігіт Қызылорда облысы жағынан келе қалмасы бар ма? Кейін білді ғой, Нариманның да көрмеген құқайы жоқ. «Бай-кулактың тұқымысың» деген бе, «Жапон тыңшысысын» деген бе, әйтеуір жаппаған жаласы қалмаған. Ал, мұндай кезде не істеу керек? Әрине, соңындағы «саққұлақтардан» сытылып кеткен жөн. Ары ойлап, бері ойлап Нариман туған ауылынан кетпекке бекінді. Соңындағы «қоңырау» бәрібір оны тыныш таптырмас еді. Сөйтіп ол беті ауған жаққа жүріп кетті. «Алматы жаққа барсам, мені кім танып жатыр?» деп те ойлады. Ол кезде қазіргідей жүйткіп жатқан көлік қайда? Жаяу-жалпылап Түркістанға арып-ашып зорға жетті. Осында бірер күн туыстарын сағалап тыныққан соң тағы да жолға шықты. Өйткені, Түркістанның өзі де жанып тұрған өрт еді. Ал, өрттің ішінде қалуға болмайды. Жанып кеткің мүмкін.
– Нариман, Түркістанда тіміскелейтіндер толып жүр. Бірде болмаса бірде сені танып қалса, қамап тастайды. Тамақты қызғанғанымыз емес, сені ойлап, жаным ашып отыр. Уақыт өтер. Заман тыншыр. Сол кезде туған жеріңе ораласың ғой, – деген туыстарының бірі.
Осы үмітпен жолға шыққан Нариман бүгінгі Байзақ ауданы, Диқан ауылында тұрақтап қаларын сезді ғой деймісіз?
Оны үміт алға сүйреп отырды. Жанына жалау болатын жандарды іздеді. Өйткені, оның жүрегі шұрқ тесік, жамау-жамау болатын. Сол жаралы жүрегіне дауа, қамыққан көңіліне пана болар адамдар алдынан шығарын да ол кезде кім біліпті?
Шулы Шымкент те Қызылорда жақтан келген жігітті жатырқай қарсы алды. Ол мұнда да басынан қауіптің сейілмейтінін жақсы білді. Біраз күн әлдекімдерге ілесіп, қара жұмыс істеп жүрді де, қалтасына азырақ қаржы түскен соң тағы да жолға шықты. Оның ендігі көздегені Жамбыл қаласы еді.
Жамбыл шағын қала болғанымен, мұнда да тыңшылар толып жүр. Әсіресе, Нариман сияқты жалғыз-жарым жүрген жігітті көздерінен таса қылмайды. Нариманның қайдан келгенін, неліктен басқа жерде жүргенін біліп қойса, ұстап алып, әлемге жар салары анық. Жалғыз жолаушы Жамбылда да аялдай алмады. Тез жиналып, жолға шықты.
Ақырғы аялдама. Иә, Диқан ауылы оған ақырғы аялдама болды. Арып-ашып келген жігітті диқандықтар жатырқаған жоқ. Колхоздың өмірі бітпейтін жұмысына жегіліп кете барған. Бір жақсысы бұл жерде одан «Қайдан келдің?», «Кімсің?», «Не үшін жүрсің?» дегендер болған жоқ. Онсыз да жұмыс күші жетпей жатқан ұжымға Нариман секілді білекті жігіттер ауадай қажет еді.
Бір күні Нариман жұмыстан қайтып келе жатып, Марияны көріп қалды. Диқан ауылының қыз-келіншектері сияқты емес, басына тартқан орамалы да өзгеше, жүріс-тұрысы да басқарақ, тіпті, киімі де тұла бойына құйып қойғандай шап-шақ әрі жарасымды. Өзгелерден ерекшелеп тұрған тағы бір дағдысы ауыл қыздары сияқты тым ұяң емес, айналасына жасқанбай тік қарайды. Тал бойында бір мін жоқ, сұлу сымбатты бойжеткен Нариманның жүрегіне шоқ салды.
Бұл кезде Мария қазақ әйелдерімен жұмыс істеп жүріп, қазақшаны бір кісідей біліп қалған болатын.
– Сәлеметсіз бе? – деп ол алдынан шыға келген жігітке бірінші болып тіл қатты.
Өйткені, ауылдың әжелері «біздің салт бойынша үлкендерге кіші бірінші болып сәлем береді» дегені еске түскен еді.
– Сәлеметсіздер ме? – деп Нариман бір топ қыз-келіншек, әйелдермен жалпы амандасты.
– Аман бол, айналайын!
– Өзі бір ибалы жігіт екен!
– Амансың ба, қарағым?
Жамырай сәлемдескен топ адамның ішінен ол Марияға ерекше ықыласпен көз салып тұр еді.
– Әй, мына бөтен жігіт қайтеді-ей! Бәрімізге көз қырын да салған жоқ. Ортамыздағы аруымыз – Марияны қайдан ғана байқап қалды? – деп бір келіншек сыңғырлай күлді.
– Жігіттің көзі қырғи ғой. Олар қиядағыны алыстан шалады, – деп тағы бір келіншек оны қоштады.
Әйелдер ду күлді. Марияның беті ду ете қалды.
Міне, осы бір сәттік кездесу екі жастың жүрегіне шоқ тастап еді.
Кейіннен колхоздың ауыр да бітпейтін қауырт жұмыстарынан екеуі ұзақ уақыт кездесе алмай жүрді. Түннің әлдеқандай бір мезгілінде оралатын колхозшылар кешкі тамақтарын сүрініп-қабынып жүріп ішетін де төсектеріне киімшең құлай кететін. Осындай тығыз-таяң кезеңде олар қыз бен жігіт болып барқыт түндерде бір-бірімен сыр ақтарысып отыруға шамалары келіп пе?
Дегенмен, аққа Құдай да жақ. Екі мұңлықтың есебін тауып оңашалана қалатын кездері де бар еді. Нариман орысшаға да ағып тұр. Волгада еңбек армиясында жүргенде орыс тілін бір кісідей меңгерген Мария да ойын орыс тілінде жатық жеткізеді. Әйтсе де қалың қазақтың арасында жүргендіктен де екеуі де қазақша сөйлеуге тырысады.
«Жақсылардың тілегі бір, жаспен жастың жүрегі бір» деген бар. Нариман мен Мария уақыт тауып жиі кездесетін болды. Айлы түндерде қос ғашық бір-біріне сыр ақтарушы еді. Мария артта қалған төркіндерін айтып мұң шағады, жігіттің иығына басын қойып жылайды. Нариман қызды жұбатқысы келеді. Бірақ оның өзінің де жүрегі жаралы емес пе? Сөйтсе-дағы жігіт емес пе, жігерін жанып, өз-өзіне тоқтау салып, алыстан келген қызды жұбатқысы келеді.
Нариман қанша дегенмен өз отанында жүр. Уақыт өте ауылына оралуына болады. Ал, Марияның ертеңі не болмақ? Ол Германияға өте алар ма? Сталиндік темірсауыт саясат оны сыртқа жіберер ме? Осыны ойлағанда Мария қатты жабырқайды. «Әке-шешемді бір көрсем-ау» деп армандайды. Туыстарын, бауырларын сағынады. Жүрегінде шемен болып қатқан түйінді Қызылордадан келген жігіт тарқатады деп ол сол кезде ойлапты ма?
Иә, Мария Нариманға бауыр басып қалды. Ол ендігі сүйеніші де, тірегі де осы жігіт боларын сезгенде кеудесіндегі жұдырықтай жүрегі оқыс бүлк етті. Ол тағдырын енді Нариманның қолына табыстағанды жөн көрді. Өйткені, ол жігіттің адалдығына, табандығына сенді. Сенім деген үлкен күш. Оның бағындырмайтын белесі болмайды. Жүрекке сенім ұялаған соң қыз сезім айдынына сүңгіді. Екі жас махаббаттың айдынында еркін жүзді. Бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын халге жетті.
Дегенмен, олардың алдында үлкен тосқауыл бар еді. Сол тосқауылды бұзып өтерлік күш болса ғой. Аңсарлы арманға қашан қол жетеді? Екеуі шаңырақ көтерсе, түптің түбінде «салпаңқұлақтар» сезіп қойып, бұларды екіге айырса ше? Осыны ойлап екі жастың басы қатты.
Бір күні «Сталин қайтыс болыпты» деген қаралы хабар тарады. Ауылдың бас көтерерлері жиын жасап, жылап жүр.
– Енді күніміз не болады? – деп жылайды пақырлар.
Қайта күні енді туатынын сталиндік саясатқа, жүйеге байланып қалғандар қайдан білсін?!
Арада бес жыл өткенде екі жас соңғы шешімге келіп, шаңырақ көтерді. Бұл 1958 жыл еді. Оны бүкіл ауыл болып тойлады. Жылымық жылдар келген соң Нариман Қызылорда жақта қалған туыстарымен қарым-қатынас жасай бастады. Хаттар кідірмей келетін болды. Мария да Волга жақта, Германия жағында қалған туыстарымен хабарласуға бар күшін салды.
Бастапқыда Нариманның туған-туыстары мен Марияның жақындары екеуінің некесіне күмәнмен қарағанмен, шынайы махаббаттарына көздері жетіп, екеуінің бақытты болуларына тілектестіктерін білдірді. Мария өмірге перзенттерін әкеле бастады. Шаңырақ балалардың бал күлкісіне балқыды. Өмір өз арнасымен ағып жатты.
Нариман Сәлімовтің шаңырағын шаттыққа толтырған балалардың бірі Әсия атты қыз еді.
Міне, осы жерде тағы бір тарихтың парағы жазылып, махаббаттың жапырағы бүр жарып келе жатты.
Анатолий Кравчук Қарағанды облысының Асакаровка ауылынан Михайловка (қазіргі Сарыкемер) елді мекеніне көшіп, жұмыс істеп жатты. Бұл кезде Әсия балалар бақшасында жұмыс істеп жүр еді. Қазақ пен неміс ұлтынан дүниеге келген бойжеткен расында сүп-сүйкімді еді. Анатолий келген беттен Әсияны торуылдай бастады. Сылаңдаған сұлу сері жігітті көп әуре еткен жоқ. Екеуі қыдыра бастады. Алғашқы таныс-білістік достыққа, достық ыстық сезімге, ыстық сезім үлкен махаббатқа ұласып, екеуі 1979 жылы шаңырақ көтерді. Әсия келесі жылы шекесі торсықтай ұл тапты. Оны Александр деп атады. Александрдан соң араға 13 жыл салып, дүниеге Евгений келді.
Сарыкемердегі балалар бақшасына барған Александрдың да, Евгенийдің де тілі қазақша шықты. Олар отбасында қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйледі. Олар бала күнінен қазақы болмысты, қазақы әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрлерді бойларына сіңіріп өсті. Қазақтың кең жүрегі оларды әлдиледі. Өздерін қазақ сезінетін бұл отбасы татулықты ту етіп көтерді.
Евгений ер жетіп, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түсті. Ол осында жүргенде «Көңілді тапқырлар клубының» белді мүшесі болды. Университеттің сол кездегі ректоры Дария Қожамжарова қазақша сайрап тұрған орыс жігітіне ерекше ықылас танытты.
Женя да жетілді, жігіт болды. Айналасына қарады. Оқудан бос кезінде әлеуметтік желіге кіріп, ақтарып шығу оның да әдетінде бар еді. Бірде оның парақшасында Надежда деген қыз пайда бола кетті. Надежданың қазақшасы үміт екенін Женя жақсы біледі. «Мына қыз менің үмітім болмасың» деп ойлап қойды. Сәті түскен бір күні екеуі кездесті. Бойжеткен Женяға бір көргеннен ұнады. Қыз да кет әрі емес еді. Надежда кәріс қызы болып шықты. Тегі Ким. Отау құрған соң Кравчук болды ғой.
Міне, осы Үміт Женяның үміт шырағын жақты. Екеуі бас қосты. Бүгінде екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Евгений Кравчук бүгінде Сарыкемердегі Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияда география-биология пәндерінен сабақ береді. Оның мектептегі әр күні көңілді өтеді. Білікті ұстаздар, озат оқшылар оның жан сарайын аша түседі. Женя қазақ балаларына сабақты мемлекеттік тілде береді. Олардың білімге деген құлшыныстары қуантады. Ұлты орыс бола тұра қазақ балаларына қазақша білім беріп жүргенін мақтаныш тұтады. Ол қазақ тілін ана тілім деп санайды. «Ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ» дегенді ол іс жүзінде де дәлелдеп келеді.
Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Мұхит Нәметқұлов Евгенийді үнемі қолдап, демеп жүреді. Жас ұстазға көп нәрсені үйретіп, білгендерін айтып отырады. Мектеп ұжымы Евгений Кравчукті өз бауырларындай ішке тартады. Бауыры санайды.
Жас ұстаз Евгений Анатолийұлы гимназияның қоғамдық жұмыстарына үзбей атсалысады. Облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларға да үзбей араласып, оларды мемлекеттік тілде жүргізеді. Осылай барлық ұлт өкілдерінің бір үйдің баласындай болуларына тамшыдай болса да үлес қосып жүргеніне мақтанады.
2019 жылы Жамбыл облысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапармен келді. Міне, сонда облыс педагогтары атынан сөз сөйлеу бақыты Евгенийге бұйырды. Ол Президент алдында мұғалімдердің қазіргі ахуалы жайлы айта келіп, халықтар достығы туралы да толғамды ойлар айтты. Мемлекет басшысы орыс ұлтының өкіліне ықылас танытып, сөздерін мұқият тыңдады.
– Біздің отбасының басты тірегі – қазақ. Нағашы атам Нариман Сәлімов бізді қазақы дәстүрмен тәрбиеледі. Мен қазақ балалар бақшасына бардым. Қазақтың балаларымен ойнап өстім. Өзімді қазақпын деп ойлайтынмын. Олар да мені бөтенсіген жоқ. Солай біз бауырлас болып өстік. Қазақстанды мекендеген барлық ұлт өкілдері достықты, ынтымақты қалайды. Қазақстанды Отаным деп білеміз. Өйткені, кіндік қанымыз осында тамды. Осы жердің нанын жеп, ауасымен тыныстадық. Адамдарының ыстық құшағына көмілдік. Ендеше, бізге бұдан артық не керек? Тәуелсіз еліміз – Қазақстан барша қазақстандықтардың басты құндылығы, атамекені. Әрбір жас бүгінгі таңда мемлекетіміздің қамқорлығын сезініп отыр. Халықтар достығы, ел бірлігі бәрінен де қымбат. Мен ұлтым басқа болса да қазақтардың қамқорлығын көп көрдім. Жергілікті ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Менде жалғыз Отан бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан! – дегенде жиналған жұртшылық ду қол шапалақтады. Презедент Қасым-Жомарт Тоқаев та оған сүйіспеншілікпен қарады.
Міне, қазақ ортасында өскен, қазақтарды туысым деп ержеткен Женяның бүгінгі өмірі осылай шат-шадыман өтіп жатыр. Ол Қазақ жерінен Надеждадай жар тапқанына риза. Ұл-қыздарының қазақ ортасында өсетініне қуанады. Нағашысы қазақ екеніне мақтанады.
– Менің бойымда да қазақтың қаны бар ғой. Ендеше, мен неге қазақ емеспін, – деп толғанады ол.
Таяуда оның отбасында Наурыз мерекесі аталып өтілді. Әкесі мен анасы кең дастархан жайып, көрші-қолаңдарды шақырған. Әсия Нариманқызы бауырсақ пісіріп, наурызкөже дайындады. Надежда енесіне көмектесті. Қонаққа ағасы Анатолий де отбасымен келді. Қазақтың дәстүрі бойынша наурызкөжеден дәм татып, домбырамен ән шырқалды. Бір-бірлеріне ізгі тілектерін айтып, бақытты ғұмыр тілесті. Қазақтың барлық салт-дәстүрін білетін Анатолий мен Евгений қонақтарды достық рәуішпен күтіп алды. Бар тәттіні ортаға қойды. Әңгіме барысында Наурыз мейрамының қайдан шыққаны да сөз болды.
– Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі екені белгілі. Наурыз – бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл мейрам Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы екені баршамызға аян.
Бұл көне мереке Наурыздың тарихына көз салсақ, әлем халықтарының басым бөлігі аталмыш мейрамды әлі күнге дейін тойлап келеді. Бұл мейрам көбінесе Наурыз, Невруз, Навруз, Новруз Байрам деп атаса, ал тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», чуваштар «норис ояхе», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи» деп түрліше атайды.
Наурыз сөзі «Жаңа күн» деген мағына береді. Мейрам кезінде тазалыққа мән беріліп, мерекелік «Наурыз көже» дайындалады. Көже – еліміздің әр өңірінде әр түрлі жеті түрлі дәмнен жасалатынын да байқауға болады, – деп әңгіме бастады Анатолий.
Сосын ол әр елде Наурыздың қалай аталатынын термелеп айтып шықты.
– Әзірбайжанда Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңескен күні ретінде аталып өтеді. Ел тұрғындары бұл мейрамды қатты ұнатады. Мереке күні ас дайындайды, адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған. Мерекелік дастарханны басты тағамы шекербура дайындалады. Ол – Ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Ал, өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары «Күн символын» білдіреді. Бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады. Әзірбайжан халқында Наурыз күні жаңбыр жауса, «келер жыл өте жақсы, берекетті» болады деген сенім қалыптасқан.
Көрші айыр қалпақты ағайындар елінде бұл мейрам айрықша тойланады. Мейрамда дастархан жайылып, май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сумелек (сүмөлөк) және көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты «су» және «мелек»(періште) сөздерінен құралған. Және бұл тағам жәннәт тағамы, қасиетті екендігі айтылады. Қарызынан құтылып, адамдар бір-бірімен татуласады. Кейбір жергілікті сенім бойынша мейрам күні нәресте дүниеге келсе, есімін «Нооруз» деп қояды. Ал, қар жауу да – жақсылықтың нышаны. Қазіргі таңда, Қырғызстанда бұл мейрамда алаңдарда жалпыхалықтық серуендер, мерекелік концерт пен ұлттық ойындар өтеді.
Көктемгі Наурыз мейрамын оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан да ерекше құрметтеп атап өтеді. Наурызды қалай күтіп алса, жыл толығымен солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленген. Өзбекстанда жыл сайын 21 наурыз күні тойланады. Дәстүрлі түрде жәрмеңкелер, жалпы халықтық шерулер, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы ұйымдастырылады. Ұлттық киімдерімен ән айтып, би билейді. Көпшілігі қазіргі күнге дейін ежелгі дәстүрлерін сақтап келеді. Негізгі тағамдары – сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам) самса, хош иісті палау, халим (бидай етпен) мен жасыл желек қосып дайындалған нишалда тәтті бәліші әзірленеді. Сумаляк – өмірді, денсаулықты, молшылық пен жылықты білдіреді. Сонымен қатар, Өзбекстанда аналар қыздары мен келіндерін жанына алып түрлі жеміс пен көкөніс тағамдарын жасап, дастархан жаяды. Қазанды толтырып тамақ пісіреді. Бұны «қазан толды» дейді, онысы «ризығымыз толы болсын» деген ниетке саяды.
Түрікмендерде көктем мейрамы Наурызға байланысты қазіргі таңда халыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, «Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа-райы маусым айына дейін созылады» деп күткен немесе «Наурызда қар немесе жаңбыр жауса – жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады» топшылаған. Наурыз мерекесінде алғашқы жаңа маусым басталады. Яғни сол мерзімде, шопандар қасқырларға шабуыл жасайтын алабайлар шайқасын ұйымдастырады. Сонымен қатар, тағы бір жаңашылдық үрдістің пайда болып келеді. Түрікменстан «Наурыз Байрамы» кезінде әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің танылуы мақсатында Әйелдер күнін, Аналар күнін атап өтіп келеді. Әдетте, мейрамда ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді.
«Навруз» деп атайтын Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен ерекше түрде сәлемдеседі: «Наврузотан пируз бод!» немесе «Навруз муборак бод!» («Наурыз мейрамы құтты болсын!»). Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде палауды ерлер дайындайды. Тәжіктерде Наурыздың басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қойып, көрсетілімдер орын алады.
Дастарханда «с» әрпінен басталатын ең аз 7 түрлі тағам дайындалады. Олар: суманак пен сипанд, сирке мен сэмени, сабзи және т.б. Бұл тағамдардан басқа үстелде айна, балауыз және боялған жұмыртқалар болады. Осы барлық аталғандардың символикалық мән-мағынасы бар: балауыз – адамды жаман рухтан сақтаушы жарық пен от, ал жұмыртқа мен айна – ескі жылдың аяқталуын білдіріп, жаңа жылдың алғашқы күнінің басталғанын сипаттайды. Үстелдің сәні ретінде самбуси (самса), сабси (көкөніс) және өсіп тұрған жас бидайдың сабағы қойылады.
Қытайда күн мен түннің теңелген Наурыз мейрамын этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек, дүнген т.б. халық мекендеген Шыңжаң-ұйғыр автономиялық округінің тұрғындары атап өтеді. Адамдар ашық түсті киімдер киіп, ғибадат үйлеріне барады. Мерекелік киімдердің түстері – ақ, қара, жасыл және сары болады. Олардың әрқайсысы от, су, ағаш, металл және жерді әспеттейді. Мұнда дәстүрлі тағам ретінде жеті түрлі дәмнен дайындалған ботқа жасалады. Мерекеде би билеп, ән айтылады.
Үндістан мұсылмандары да шырайлы көктем Наурыз мерекесін атап өтеді. Оларда айрықша ырымдар мен сенімдер жоқ. Керемет үстел дайындап, әдемі киім киініп барлық нәрсені гүлмен көркемдейді. Мұнда да үлкен етіп от жағады және үндістер «түтінмен бірге кетер жылдың барлық сәтсіздіктері осы отпен бірге кетеді» деп сенген.
Ауғанстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 21-наурызда тойла­нады. Мынадай оғаш салт-жоралғылары бар: 20-наурыз түнгі сағат 1-ден, 21-наурыз күндізгі 12-ге дейін ешкім көшеге шықпауы тиіс. Яғни, бұған байланысты сенім: егер кімде-кім сол уақытта үйден шықса, онда келе жатқан жылда жанұясының бір мүшесі дүниеден өтеді деген наным болған. Біраз уақыт мейрамға дейін жанұяның барлық мүшесіне жаңа киімдер тігіледі.
Жақындарына сыйлықтар беріліп, үйге тазалық жасалады. Мейрам күні дастарханда жемістер мен дәндер, жеті түрлі жемістен дайындалған компот және 5 түрлі тағам болады. Атауы «с» әрпінен басталатын бұл тағамдар барлық достар мен таныстарға ұсынылады. Әдетте, жанұядағы баланың санына байланысты алдын-ала жұмыртқа пісіріліп, түрлі-түске боялады. «Бақытсыздықты өзімен бірге алып кетеді» деген ырыммен, жанұядағы әр балаға кем дегенде бір дана жұмыртқа жегізетін болған.
Ирандықтар Наурыз мейрамын 13 күн тойлайды. Алғашқы 5 күнін дос-жаран, туыс жақындарымен бірге наурызды күтіп алуға арнаса, тоғызыншы күн Шахрйаран Навруз (шах Навруз) ретінде тойлайды. Ал, он үшінші күн Сизда‑бедар («Он үшіншісі үйден тыс») ретінде атап өтіледі. Дәстүр бойынша ирандық әйелдер, мейрам қарсаңында «осы уақытқа дейін болған барлық жамандық атауы кетсін әрі өздері үшін денсаулық пен әсемдікті қалау» ниетімен оттан секіретін болған.
Ерлер болса, қызыл түсті киім киіп беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп қала көшелерін серуендейді. Наурыз – басқа мемлекеттер сияқты Иран елінің де маңызды мерекелерінің бірі болып саналады. Мерекелік дастархан «хафт-син», яғни «с» әрпінен басталатын 7 түрлі тағаммен әрленеді. Олардың арасында міндетті түрде болуы тиіс: монета (секке), сірке су (серке), сарымсақ (сир), дәмдеуіштер және мерекелік тағамдар бар. Үстелде міндетті түрде айна мен жанып тұрған балауыз қойылады. Ал, тазаланған зығыр дәні немесе бидай – денсаулық пен жаңарудың символы іспеттес дастархан көркін келтіретін болған.
Наурыз – Aнадолуда «Султан-ы Невруз», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. Салт-дәстүр бойынша Наурыздың алғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты. Сол себепті, мейрамда Түркияда алдын-ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады.
Түркияның Наурыз мейрамынының негізгі атрибуты – қасиетті от болып саналады. Ол – қазіргі таңда бірте-бірте отшашулармен (фейерверк) алмастырылып келеді. Сонымен қатар, фольклорлық аспаптар тобы да өз өнерлерін көрсетеді. Мейрам қарсаңында көптеген тағамдар жасалады. Олар – жапырақшамен дайындалған бөрек, юфка, леблеби, локум және тәттілердің сан алуан түрі… Түркияда 23-наурыз Наурыз мерекесінің алғашқы күні ретінде аталып өтеді. Ол күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барып дұға жасайды және шәй, кофе ішеді. Содан кейін, бәрі бір дастархан басына жиылып ас ішеді. Сол мезетте аспаптар ойнатытылып, жыр-ән, өлеңдер айтылады.
Ағашқа әткеншектер құрады. Балалар «байрақ» жазуы бар батпыра­уық­тарды ұшырады. Мейрамда туыс-жақындары мен көршілер бір-біріне қонаққа барады. Әулеттің үлкендеріне барып құттықтап, батасын алып қайтады. Мейрамның тойлануы елдің әр өңірінде түрлі болғанымен, жалпы ұқсастықтары өте көп байқалады.
Қазақ халқы «жер мен көктің жаңаруы», «тіршіліктің бастауы» және «күн мен түннің теңелген уақыты» деп Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ұлттық мереке ретінде атап өтіпп келеді. Еліміздің батыс өңірлерінде Наурызды 14-наурыздан бастап «Амал мерекесі» немесе «Көрісу күні» ретінде тойлай бастайды. Еліміздің басты көшелері мен алаңдарында ақ киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттер өтеді. Ұлттық спорттық ойындар ойналады және құсбегілер де өз шеберліктерімен халықты тәнті етеді. Мейрамның басты тағамы – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Қазақтар, «ырыс-береке молаяды» деген сеніммен құйылған Наурыз көжені тауысып қою керек деп сенген.
Наурыз көжеден басқа бауырсақ пісіріп, ұлттық сүт өнімдерінен жасалған тәттілер мен ет тағамын дайындайды. Қазақтар – наурыз айында туған бота, құлын, бұзау және қозы-лақты «Наурыз төл» деп атаған. Мейірімділік пен қамқорлықтың айы болған Наурыз мейрамында ізгі тілектер айтылып, ізетті қамқорлықпен қарсы алған. Өзіміз байқап отырғандай, «Наурыз», «Невруз», «Ноуруз», «Невруз Байрамы» мерекесінің тойлануы мен уақытының өзгеше болуы әр елде түрліше болса да, мақсаты тек – бір болған, – барып тоқтады Анатолий.
– Мұның барлығын қайдан білесің?, – деп сұрады көршісі.
– Біз қазақ емеспіз бе? – деді Евгений.
Барлығы жамырай күлді. Сосын мерекеге арналған дастарханнан дәм татты. Қазақ, орыс, кәріс, азербайжан түрік көршілері ортақ әңгімеге араласып, қауқылдасып қалды.
Бір қызығы, тап осы әулетте әр ұлттың дәстүрлі мейрамдары бөле-жармай аталып өтіледі. Мәселен, Наурыз мерекесімен бірге мұсылман халықтарының Құрбан айт, орыстың пасха, немістің рождество, басқа да мерекелер қатар тойлана, аталып өтіле береді.
– «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді ұлы Абай текке айтпаған. Жалпы, адамзат бір-бірімен туыс, тамырлас. Міне, осы тамырластықты жойып алмауымыз керек. Бала туғанда әке-шешесін таңдамайды ғой. Ол қазақ болып туа ма, орыс болып туа ма, қырғыз болып туа ма, бәрібір адамзат баласы. Ендеше, ол адамдардан неге бөлек болуы керек? Мен осылай ойлаймын.
Тарих беттеріне шолу жасасақ, талай ұлт өкілдері 1937 жылғы қиын-қыстау зұлмат кезеңде, одан беріде соғыстан соң да Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болды. Кіндік қаны тамған жерінен үдере көшіп, жер ауып келген халықты қазақтар жатсынған жоқ. Жатсыну былай тұрсын, құшақ жая қарсы алды. Өздері нанға жарымай отырса да соның бір үзімін шаңырағының астына паналауға келген көгенкөздерге бөліп берді. Мұны қалай ұмытуға болады. Біз сондықтан да бауырмал қазақ халқын шексіз сүйеміз. Біздің жанымыз да, қанымыз да, тіпті, малымыз да араласып кеткен. Біз Кравчуктер отбасы түгелдей Қазақстанда дүниеге келдік. Осында қазақ балаларымен асық ойнап, ләңгі теуіп, ойнап-күліп, еркін жүріп, білім алып, болашаққа нық қадам жасадық. Жеке тұлға ретінде қалыптасуыма барлық мүмкіндіктер жасаған Қазақстаныма, қазақ жұртына алғыс айтамын. Қазақ жері-менің туған жерім! – деп тебіренеді Евгений.
Дәл осындай тілекті оның келіншегі, кәріс қызы Надежда да айтып отыр.
– Мен Қазақстанда туып, өстім. Адам қай жерде туылса, сол жер есінде қалады. Біз – ынтымағы жарасқан елміз. Қиын-қыстау кезеңде тағдырлары табысқан көптеген халықтар бір шаңырақтың астында сүттей ұйып, өмір сүріп жатыр. Қазақстандай байтақ елімізді мақтан тұтамын. Қазақтар даласы қандай кең болса, пейіл-ықыластары да сондай дарқан халық. Оған көптеген ұлт пен ұлысты кең қолтығына сидырып отырғаны дәлел. Осы үшін қазақ халқына мың алғыс айтамын, – деп толғанады Надежда келін.
Надеждаңыз да қазақшаға ағып тұр. Көзі сығарайып, тіпті, қазақ келіндерінен аумай қалған. Ол да Сарыкемер сынды сұлу ауылда тұрады емес пе? Ендеше, қазақ келіндеріндей, ерте тұрып сиыр сауу, нан пісіру, кір жуу, айран ұйыту, тағы басқа да шаруаларды тап-тұйнақтай етіп тындыру оған да тән.
Надежда қазақ келіндерімен аралас-құралас. Солармен бірге мерекелерге барады, тұсаукесер, бесікке салар, құрсақ тойына қатысады. Әжелерден үлкеннің алдын кесіп өтпеу, үлкендер сөйлегенде сөздерін бөлмеу сияқты қазақы дәстүрді үйренді. Сайып келгенде, бұл дәстүр барлық халықта да бар ғой. Сондықтан бұл үрдіс оған жат көрінген жоқ. Апалардан, өзі құрыптас келіндерден қамыр илеу, нан ашыту, бауырсақ пісіруді үйреніп алды. Жас келіннің ендігі арманы- бие байлап, қымыз ашыту. Өйткені, Евгений қымызды жақсы көреді. Қымыздың адам ағзасына пайдалы екенін үнемі айтып отырады. Несі бар, қымыз ауруға – ем, дәтке – қуат. Денсаулыққа өте пайдалы. Еліміздің біраз жерінде туберкулезді қымызбен емдеу тәжірибесі бар. Жалпы, қазақтар осы құрт ауруын ежелден қымызбен емдейді. Қымыздың пайдасын әбден біліп алған немістер жылқы фермасын ұйымдастырып, қымыз дайындап жатар дегенді ол көптен біледі. Бүгінде елімізде қымыздан ұнтақ жасап, оны жылдың кез-келген мерзімінде тұтынуға жағдай жасап қойды. Жақында қымыз саумалы шығыпты. Пакетте. Оны суға салсаңыз, саумалыңыз дайын. Шіркін, қазақтардан үйренетін нәрсе көп қой, көп!
Өнегелі келін Надежда ендігі жерде аталардың ақ алғысын алу үшін сәлем салуды бастасам деп ойлап жүр. Несі бар, алғыс алғанның алар асуы алда, оның сауабы үлкен. Енесі Әсия Нариманқызы да келіндеріне осыны жиі айтып отырады. «Бұдан кішірейіп қалмайсыңдар. Қайта сый-құрметтерін арта түседі» дейді. Ендеше, өскен ортаға сай неге бейімделмеске?!
Айтпақшы, енесі Әсия келіндеріне қазы айналдыруды да үйреткен екен-ау. Қойдың қай жілігін кімнің алдына қою керек екенін де бірсыпыра үйретіп шықты. Сонда отбасы мүшелерінің қазақ болмағанда несі қалды? Евгенийдің «жаным-қазақ!» деп тебіренетіні де осыдан ғой. Сол Евгений Кравчукты тыңдайық:
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын өте көрегендікпен ұйымдастырды. Ортақ Отанымыздағы ұлт пен ұлыстардың, этностардың арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған бұл ұйым-еліміздің қадірлі де қасиетті, өшпес құндылығы. Тәуелсіздікті тірегі, сыйластық пен ынтымақтастықты көрсетудегі ел бірлігінің басты құралы және тұтқасы. Осы ретте біз кім болмайық, қай ұлт пен ұлыс өкілі болмайық, Қазақстан халқының тұтастығың сақтауға барынша үлес қосуымыз керек. Тәуелсіздікті көздің қарашығыңдай сақтап, оны қорғау үшін мемлекетімізді одан әрі нығайта беру үшін ең әуелі бірлік керек. Бірлік бар жерде тірлік бар.
Осылай деген Евгений Кравчук Сарыкемердің жазығына , сұлу келбетіне ұзақ қарады. Ал, оның қасында жас келін Надежда жарасып тұрды.
Осы мақаланы жазуға барғанымызда Наурыз мерекесі тойланып жатқан. Сарыкемердің салқын адырлары бұл күні самал желмен толқып тұрды. Ауыл адамдары үй сыртына самауырындарын шығарып, су құйып, ішіне отын сала бастады. Әр үй ауласындағы ошақтардан түтін көтерілді. Ауылды, өз ошағымыздан шыққан түтінді сағынып қалыппыз. Ауылдың ақжарылқап адамдарымен қоштаса алмай, ұзақ жүріп қалдық.
Қоштасарда Надежда келін «жолда жерсіздер» деп түйіншек ұстатты. Екі-үш қырдан асып, түйіншекті ашып қарасақ, құрт пен ірімшік, жент, бауырсақ, қазы екен. Дәмдері тіл үйіреді. Аңсар жүрек атқақтай соқты. Ауылдан шыға ауылды сағындық…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Пікір қалдыру