СЕКЕР ҚЫЗ

Айгүл ЕРМЕКОВА

Тайсойған топырағында небір дүлдүл шешен, аузымен құс тістеген, небір ақын, алдаспанын ай нұрымен тоғыстырып, қалың жауға жалғыз кірген жүрегінің түгі бар небір батырлар, «түйе балуан» атанып, күшімен аймақты сүйсіндірген Қарымсақ Садыр баласы (ХVI ғасыр), әйтеуір, тарих шеңберіне еніп, көкжиегіне көз жібере бастасаң, қилы-қилы тағдырларға кездесіп, көзіңді сүріндіресің. Солардың бірі – халық аузында аңыз боп тараған, періште қыз Секер Жарылқап би қызы. Бұл періште қыз шамамен 1694-1695 жылдары дүниеге келіп, 1711 жылғы қалмақтармен қантөгісте қаза болған. Төмендегі поэма осы батыр қыз жөнінде, оның асқан ерлігі туралы баяндалады. Бір маңдай тірер сөз-ақ Жайықтың Хазарға (Каспий) сүңгитін тұсынан-ақ Еділге қол созымдай жерде, шамамен XIV-XV ғасырда Ноғайлы жұртында тағы да бір Секер есімді батыр қыз өмір сүріп, ғашық жігітімен суға батып өледі. Аңызда тап осылай деп жырлайды:
…Секер қыз қылыштасты, найзаласты,
Саны көп жау қоршауға-ап, жанталасты.
Қан кешіп, ғашығымен Секер сұлу,
Беттетпей, қалың жауды тайталасты.

Қапыда найза кірді ғашығына,
Жүрегін жұлып берер асылына.
Құшақтап махаббатын суға батып,
Аңыз боп қала берді, ғасырына…

Талай-талай тағдырларды тарих-шежіре ашып береді. Тек ерінбей-жалықпай еңбектеніп, іздену керек. Қызықты қараңыз, Бату ханның тұсында, оның Қызбелдегі сарайында Секер есімді ай десе айдай, күн десе күндей сұлу Ханзада өмір сүрген. Ол да батыр, әрі көреген болған. Оған Бату Сарайшықтың шығыс бетінен айдын көл сыйлаған деген аңыз бар.

…Секер қыз айдын көлде жүзеді екен,
Дүбірді тым алыстан сезеді екен!.
Атылып, айдын көлден шыққан кезде, –
Жын, шайтан, пері, мыстан безеді екен!
Басы мен аяғына, жылдары мен ғасырына қарамай, осы аңыз-хикаяларды шатастыра беретіндер, әсіресе Тәуелсіздік жылдарында қанат жая бастады. Кейбір «Көріпкелдер» ойына не келсе, соны айтып, оқырмандарды оңбай адастырып, әрі-сәрі етіп тастады. Мысалы, осыдан екі-үш жылдай бұрын бір газеттің бетінде Самай қожа мен Секер қыз бір-біріне ғашық болыпты. Әттең, қосыла алмапты дегендей мазмұнда мақала ма, әлде хабар ма, әйтеуір миға қонбайтын өтірік жолдар жарияланыпты. Самай қожа мен Секер қыздың арасы бір ғасырдан астам екеніне жазғышымыздың тіпті көңіл аудармағаны көңіл құлазытады. 1985 жылы Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасында аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевпен кездесу болды. Бір топ студент бардық. Сонда Әбіш ағамыз 1716-1780 жылдары арасында поляк зерттеушісі Степ Карлович Лысных Батыс өлкесін аралап зерттеген, 1718 жылы Әбілхайыр хан таққа отыруына қатысқан дегенді айтты. Сол зерттеушінің еңбегінде Секер қыз жөнінде, оның қаптаған қалмақтарға қарсы қол бастағаны туралы аталып кетіпті. Оның өлімі де сүйекті-сүйекті сөздерге толы дегенді баса айтқанын өз құлағымызбен естідік. Секер қыз турасында көрнекті жазушы, жерлесіміз Сәтімжан Санбаев 1967 жылы жарық көрген «Белая аруана» кітабында да жазған (орыс тілінде).
Енді Самай қожа жөнінде бірер сөз:
Самай қожа Тайсойған өңіріне мұсылман дінін уағыздаушы өкіл ретінде, шамамен 1824 жылы Ақмешіттен келген. Келе-сала қазақтарды надан, сауатсыз, кәлимаға тілі келмейді деген жебеумен біраз тықсырып, менсінбеуге айналған соң, Таз руының батыры Төремұрат, Өтен, Нарынбай Самайды бір бас қосуда ептеп қысқан сыңайлы. Менменсіген қожа Төре­мұратқа: «Қасарыссаң қара таз, қазаныңа қара тасты салармын», деп шіренген көрінеді. Сонда Төремұрат: «Әй, сен қожа болсаң, өзіңе қожасың, сөзіңді қайтіп алмасаң, қара тас өз қабіріңнің басына белгі болар», депті.
«Білгеніңді, қолыңнан келгеніңді істеп көр, өлі денеңді өртеп жіберейін», – дейді ғой Самай.
Содан ызаға булыққан батыр ешкіммен ақылдаспастан қожаны өлтіруге бел буады. Ойылдың айдынына аптасына бір рет шомылатынын біліп, қарсы беттегі қоғаның арасына екі күн бұрын жасырынады. Жиырма шақты жігіттері төңіректі сүзіп шыққаннан кейін барып, қожа суға түседі. Сол кезде су астымен жылжыған Төремұрат қожаны екі жүзді кездігімен жарып өлтіреді де тайып тұрады. Бірақ, атына міне бергенде, бақылаушының біреуі танып қалады. Самай баласы Сақтапберді шетелде оқиды екен, келіп қуғын салады, бірақ, нәтижесіз, Төремұрат адайларға қосылып, отаршылдарға, түрікпен аламандарына қарсы соғысады. Данай сұлуға үйленеді. Түрмеден қашқан Құрманғазыны қамқорлығына алып, паналатады. Төремұрат түрікпенмен соғыста қаза табады. Құрманғазы Төремұратқа арнап, «Төремұрат», «Төремұраттың ақ арғымағы», тағы басқа күй шығарады. «Төремұрат» күйін атақты күйші Қали Жантілеуовтен кейін тек қана талантты күйші Шәміл Әбілтаев орындайтын көрінеді. Өйткені, орындалуы асқан шеберлікті қажет ететін күйге, менмін дейтін күйшілердің не дөкейлерінің батылы бармапты, олар Шәмілдің алдында домбырасын тізесіне қойыпты дегенді естігенім бар. Енді, Данай сұлудың Төремұратты жоқтауынан екі шумақты руы жеменей адайдың бір кейуанасынан естіп, жазып алғанмын. Жазып алғаным бар болсын, жоқтау көкірегімді қыздырып, көзімнің жасын еріксіз төктірді:

… Ой. Дүние-ай!
Сұңқарым өлді, қапыда,
Қанатын бұлтқа күйдіріп.
Ей, Ажал бері жақында,
Өртеші, мені күл ғылып,
Гу-гу, пай-пай,
Қасыма келіп, Бекзатым,
Сүйеніп маған жантай.
Ой, Алла-ай!

Уһ, ой, дүние-ай!
Айым сөнді-ай,
Күнім сөнді-ай,
Құдай көмді-ай,
Одан не өнді-ай!

Гу-гу, пай-пай,
Жарқыраған ақ Төрем,
Қасыма келіп жантай,
Мен өлікпін!

СЕКЕР ҚЫЗ
Поэма

Тарихтың бір бұрышын араладым,
Үңіліп, қарап көрдім дала маңын.
Тарпаңдау бел-белестің соқпағымен,
Жүрдім де, қия, жарға жоламадым.

Айналып, құба белге із тастадым,
Көктемде жолға шығып, қыс қыстадым.
Үңгірге таңғажайып, кіріп көріп,
Жыланмен айбат шеккен қастаспадым.

Түйе мінбей, ат мінбей, өгіз мінбей,
Қонатұғын кешқұрым ел іздемей.
Жаяулаттым, іздікпен баба басқан,
Өзен демей, көл демей, теңіз демей.

Мақсатыма, мұратты қосып алып,
Арғымағын арманның тосып алып,
Жүре бердім, жетектеп қиялымды,
Жігерімді жаныған қасыма алып.

Өрнегінен өмірдің тәлім алдым,
Лапылдаған отынан жалын алдым.
Көкжиектің толқыған ғажабынан,
Ирек-ирек жосылған сағым алдым.

О, Жасаған, жолымды оңғара гөр,
Қате бассам, қатемді аңғара гөр!
Өткен шаққа оралып, будым белді,
Ұшқыр ойым, жан, сезім қармана гөр!
* * *

Бір мың жеті жүз он бірдің көктемі еді,
Ақ қайың, бүршік жарып, көктеп еді.
Балбырап, жердің беті-көкпеңбек боп,
Аспаннан күн шуағын төккен еді.

Армансыз құстар шулап, ән салған-ды,
Әніне қарағайлар тамсанған-ды.
Мақпалмен көмкерілген Жер-Ананың,
Төрінде жан-жануарлар алшаңдады.

Бұрқырап, өзен тасып, ағып жатыр,
Моншағын гүл дестесі тағып жатыр.
Көктемнің шуағында қазан қайнап,
Көршілер бір-біріне барып жатыр.

Домбыра екі шекті қолға алғандар,
Күйіне дүбірлеткен таң қалғандар,
Шанақтың іші-сырты әуездетіп,–
Ұққанға неше түрлі армандар бар.

Па, шіркін, күйші жігіт қалықтатты,
Әуезі көкжиекке барып-қайтты.
Сұлу қыз, арғымағын ойнақтатып,
Әніне сал Тұйықтың салып қайтты.

Сазды әуен айдын көкте қалықтайды,
Қыз-жігіт ән салудан жалықпайды.
Көкшулан бөрі де жүр қаншығымен,
Атып бізді тастар деп қорықпайды.

Суыр шығып інінен қылтыңдайды,
Жұптасып-ап оларда ән тыңдайды.
Жылқышы жүр, құрық сап асауына,
Ноқталауға қол созып құр-құрлайды.

Жігіт біткен шеп құрып сыбырласты,
Аттан түсіп, сұлу қыз дымын басты.
«Әне, Секер, Секер қыз», деп біреуі, –
Бір-біріне ымдасып, жымыңдасты.

Күннің көзі жарқ етіп, сәуле шашты,
Бұлбұл сайрап, сандуғаш әнге басты.
«Секер сұлу, Секер қыз», деген сөздер,
Кете барды, аралап, алты Алашты.

Сұлуын-ай, Секердің айдан аппақ,
Бата алмады, жігіттер, қорғалақтап.
Кібіртектеп, шіркіннің мысы қашып,
Табандары тұрғандай тайғанақтап.
Ақбоз аттың тізгінін ұстағанға,
Ізет етті бас иіп, қысқа ғана.
Қос жанары жарқырап, көзін тікті,
Қоршап тұрған дүйім жұрт, астанаға.

Шұбатылған ақ көйлек жерді сызды,
Ақ көгершін қалықтап, көрді қызды.
Оң иыққа қонақтап, содан кейін,
«Көрдіңдер ме» дегендей, енді бізді.

Аққу мойын аппақ қыз арай шашқан,
Аң-таң болып, сұлуға қарайды аспан.
Пері ме, әлде, сұңғыла періште ме,
Көрінбейді іздері аяқ басқан.

Басты ма, әлде, аяғын баспады ма,
Дуылдаған жастардың сасқаны ма?
Жым-жырт болды, айнала су сепкендей,
Айналғандай, ертегі, дастанына.

«Қош келдің-ау, қарағым, төрлет енді,
Айдай аппақ жүзіңмен тербет елді.
Ақбоз үйдің шырайын бір шығарып,
Құлақ құрышын қандырып, әндет енді.

Алла өзіңе қос-қостап, бәрін берген,
Сұлулықтың шынайы нәрін берген.
Таң сәріде дүниеге келгеннен соң,
Арайланып ататын таңын берген.
Сыбызғыдай сызылтып, уа, дүние, –
Таңғажайып, үні мен әнін берген.

«Ел қорғайтын, ер бол» деп жүрек берген,
Алдаспанды сермейтін білек берген.
«Жұртым үшін жан пида», бір ауыз сөз,
Алла өзіңе осындай тілек берген.

Ал, аппағым көктемнің бір жаңасы,
Дүр сілкінді, қазақтың ен даласы.
Бисмилла деп атта босағадан,
Құтты болғай елімнің таңдағы асы, –
деп, қария серпілтті сөз парасын,
Сұлу сөзге таңданып, таң қаласың.
Ақсақалдың жан тербер жақсы сөзін, –
Ертеңіңе нұсқау ғып қамданасың.

«…Ой, шіркін-ай, көктемнің самалын-ай,
Құлпырды ма, сезбеппін, дала мұндай.
Ақ тілекпен, өмірдің өрнектерін,
Ғұмырыма тәу етіп орадым-ай!»
деп, іштей Секер сұлу күбірледі,
Қуаныштан бет-жүзі күлімдеді.
Шаңырақтан түскендей еміс бір сөз,
«Ала шапқын болады, қызым» деді.

«Бұл не сөз, құлағыма сыбырлаған,
Мұндай жай болмап еді, бұрын маған.
Апырай, әлдеқалай елес пе, екен,
Жел сөз боп, желмен жетіп, жымыңдаған»

Ата аруағы сыбырлап, ескертті ме,
Әлде, әлде, бір жаққа көш кетті ме?
Жайдан-жайға айтылар сөз емес, бұл,
Әлде қас жау ғаскерін иектетті ме?»,

деп, ойлап, жан-жағына жалт қарады,
Сәулеге шағылысып, ақ тамағы.
Сезім шіркін, бір нәрсе сезгендей боп,
Көңіл ұйтқып, бір тұрақ таппағаны.

Аласұрып, ішкі ойы, сермеп қанат,
Пайыз таппай, кеудеден өрлеп барад.
Бұл не сыбыр, бұл не сөз, деген бір ой, –
Көкіректің жан-жағын қармап барад.

Қазан-қазан сүр еттер қайнап жатыр,
Бота, құлын, желіге байлап жатыр.
Ай-хай, дәурен, ән шықты, шеткі үйден,
Күй естілді, күмбірлеп, ойнап жатыр.

Сапырып, сары қымыз, дастарханда,
Көктем той енді-енді басталғанда.
Шырқалды, шіркін, дауыс шыңылтырлау,
Орын беріп, сазды әуен, дастандарға…

Секер сұлу сөз айтты: «Құтты болсын,
Көктем тойы – малымыз сүтті болсын!
Өркенді де, ғұмырлы, мына өмірде, –
Достығымыз, іргелі мықты болсын!

Көк сүңгіміз, әрқашан көк тіресін,
Жауға шабар жігіттер текті келсін!
Тілегіміз бір жерден тоғыссында, –
Барымыз бар, ал, Алла – жоқты берсін!»

Қарақат көзі-мөлдіреп,
Қып-қызыл ерін – үлбіреп,
Қиғаш қасы – қиылып,
Аппақ жүзі – елжіреп…

Қолаң шашы – төгіліп,
Омырау бұлты – сөгіліп,
Аппақ тісі – меруерт,
Жалт-жұлт етіп, көрініп.
Аққу мойын, тік иық,
Қос жауырын – тұр ұйып.
Ақ маңдайы-ай жүзі,
Алма бетке – нұр құйып.

Үнінде сиқыр – арбайды.
Үніне үнін – жалғайды.
Тілінен шіркін, бал тамып,
Құрғатпайды, таңдайды.

Әкесі – Жарылқап би діндар адам,
Қазанда медресе құрған адам.
Анасы Қызылғұрттың қызы екен,
Төгілтіп, көмейінен жыр қалаған.

Руы Қара – кемпір Шеркеш еді,
Түйенің қомындағы өркеш еді. –
Қазанға – қап, балтаға – сап болатын,
Сөйлесе, сөз маржанын ақтаратын,
Жұртының топ бастайтын серкесі еді…

Ал Секер Жарылқаптың жалғыз қызы,
Алты ұлының ішінде таң жұлдызы.
Қас сұлу – көк аспаны таңырқаған, –
Күн батса – аймалаған айдың жүзі.

Қолына жеті жаста найза ұстаған,
Жебені орай тартса, қайыспаған.
Семсерін жалтылдатып, сермегенде,
Серпіліп, жолын берген, арыстан аң.

Ал қазір жаужүректі терген кезі,
Он алты-он жетіге келген кезі.
Тартыста ат үстінен жер қаптырып,
Белді, белді жігітті жеңген кезі.

Мінгенде арғымаққа өзгереді,
Қаталдық ақ жүзіне тез келеді,
Сіресіп, тұлабойы долы күшпен,
Алпауыт айдынында тербеледі.

Дауысы ұрандаған күркірейді,
Шошынып шарбы бұлттар сіркірейді.
Алдынан қаптаған жау шықса-дағы
Тізгінін арғымақтың іркімейді.
«“Шағырайлап» кіргенде қарсыласқа,
Қасқыр тиген қойша олар дүркірейді.

Осындай Секер қыздың қасиеті,
Дүйім жұрт алдында оның бас иеді,
Шатырлап, бұлт сөгіліп, астан-кестен,
Түсетін оқ боп жерге жасын еді.
Алла берген аруақты қыз боп өсті,
Құбыладан соғатын жел боп есті.
Аспан мен жер, ата-ана махаббатын,
Өн бойына сидырып, теңдеп өсті.

«Сапырып, сары қымыз құйылғанда,
Қыз-жігіт ақбоз үйге жиылғанда.
Ащы дауыс естілді «Аттан, аттан!»,
Мұндай дауыс жоқ еді, бұрын маңда.

Сыпырылып, ақбоз үйден бәрі шықты.
Тек жас емес, шал-кемпір, кәрі шықты.
Үсті-басы қызыл қан, жаушы жігіт.
Шамасы жаумен біраз алысыпты.

Түсе алмай, арғымақтан тұрып қалды,
Не істерін жұрт білмей тынып қалды.
«Түсіріңдер, атынан», деді Секер,
Қыз үнімен төңірек құрықталды.

Жаушы жігіт есі жоқ, тілсіз қалды,
Қоршағандар мелшиіп, үнсіз қалды.
«Иттің ғана жаулары не істеген», – деп,
Бір қария ашудан қалшылдады.

«Сабыр, көке, сабырға жол берейік,
Шолақ ойға қылышты сермемейік,
Есін жисын, ал, сосын тілге келсе,
Сөзі арқылы өзіміз жөнделейік!

Шешіндіріп, жарасын таңыңыздар,
Үш-төрт жігіт осында қалыңыздар.
Су тамызып аузына үстін жуып,
Көлеңке жайнамаз жайыңыздар», –
деп, Секер қыз жігітке нұсқау берді,
Қарбаластық әрекет басталды енді.
Көк жүзінен көкпеңбек елес төнді,
Танығандай дәл қазір аспан жерді.

Сүт пісірім мезгіл бір өтті-ау, деймін,
Алла жәрдем жаушыға етті-ау, деймін!
Көзін ашып, сол жаушы тілге келіп,
Айтқан сөзі құлаққа жетті-ау, деймін!

«Қаптап келед, қалмақтар,
қаптап келед,
Жолда не бар, бәрінде таптап келед.
«Жаман қазақ сүйретіп, ат көтіне,
құл қыламыз», дегенді қақсап келед.
Айтақырда шеп құрып айқасып-ек,
Жекпе-жекке шақырып байқасып-ек.
Жиырма екі жігіттен екеу қалдық,
Қаза тапты, басқасы сол қасірет.

Жүре алмады, жолдасым бөгет болды,
Кірген найза санына себеп болды.
Ат-матымен жасырып, жер кепеге,
Алға қарай жортақтау керек болды.

Өліп кетсем, міне, енді, арманым жоқ,
Әйтеуір жарты жолда қалғаным жоқ.
Секер қайда, сәлемде шеп құрмасын,
Алды күшті, арты әлсіз, қорғаны жоқ…»

Деді де, жаушы жігіт демсіз қалды,
Ататын арайланып, таңсыз қалды.
Иегін бір қақты да сұлқ жатып,
Денесі бірте-бірте жансызданды.

Секер сонда жар салып, қол жинады,
Қару-жарақ, сәйгүлік мол жинады.
Кіші бесін кезінде атқа мініп, –
Жолай соғып, алдырды Алдиярды.

Батыр еді, Алдияр топқа түскен,
Талай-талай бетпе-бет отқа түскен.
Жау дегенде, жасанып шыға білген,
Жұрт атаған есімін мақтанышпен.

Сай қылады, сақадай жігіттерді,
Топ-топ құрып, жігіттер іріктелді.
«Туған жер мен туған ел – жаным құрбан»,
деген ұран кеудені керіп келді.

Сорқуысты жағалап,
«Перінің көлін» сағалап,
Қол бастады, Секер қыз,
Ой қорытып, даралап.

Жаушының айтқан сөзіне,
Салды ойдың терең тезіне.
…Орағытса оң жағын,
Көбіне не, жаудың азы не?!

Бөлшектеп кіріп сыналап,
Қапталдан тосын шыға ғап.
Ат басын іркіп, сәл ғана,
Найзаны салса, тұра ғап.

Кіргізбей, есін жаныштап,
Жақындап, бірде, алыстап.
Өзіндік тәсіл болмаса, –
Қаптаған жаумен апырай,
Қалайша бұлар соғыспақ.?!

Секерді осы сұрақ мазалады,
Жау беттен байқалмайды, тозаң әлі.
Құлан жортқан төскейден қосылды кеп,
Отыз-қырық жігітпен Базаралы.

Балуан еді, аймақты сүйсіндірген,
Қандай жауды көрсе де күрсінбеген.
Ат үстінен Секерге тағзым етті,
Ойы шығар, ойымды білсін деген.

Жасы оның алпыстың бесеуінде,
Құла арғымақ қапталда жетегінде.
Сәлемдесіп, Секерде иді басын,
Кездесіп ед, соңғы рет Текеліде.

Дауласып, шеркеш, ысық, Қаракөлге,
Шығатын дарқан шағыл Құбабелге.
Секер кеп, осы дауды шешіп берген
Өз қолымен қаттатып мұрагерге…

Жаушылар жау барлаған қайтып келді,
Көрген, білген жайларды айтып келді.
Қаптаған қалмақтардың ызғарынан,
Өздері үрейленіп, қорқып келді.

Мінді енді, Секер сонда қайратына,
Жүгіртті ой-санасын ойға, қырға.
Бет-алды жүз құбылып, жүз өзгерді,
Кім шыдар, арыстандай айбатына.

«Үш топқа бөлінейік, ағаларым,
Іріктеп, болжауымды шамаладым.
Оң жақ топты Алдияр аға бастап,
Сол жақ топты бастайды, Намазалым»

Қақ жарып, жауды бөліп, ұрыс салам,
Сол болар, дұрыс тәсіл, дұрыс қадам.
Қасыма алпыс жігіт топтасады,
Бұл әдіс, тарихтан таныс маған.

Қақ жарып, өтіп кетіп, қайта оралам,
Састырар жаудың өтін қайталаған.
Сол сәтте екі бүйірден қысасыңдар,
Қалмақты аузын ашып, анталаған.

Абдырап, бір сәтке олар сасып қалар,
Маңдайдан соққы тисе жасып қалар,
Ақ көкем Базаралы ұрандатып,
Бұрыштан кірсе жауға нәсіп болар…
Қақ орта ашылғанда шеңберленіп,
Әдісті қолданамыз «Теңгермелік».
Айналып тұра қалып, топтасқанда,
Жебені жаудырады мерген келіп,

Мергендер сұр жебені жаудырады,
Қалмақтың артқы шебін қан қылады.
«Қуайт, қуайт», деп олар айқайласар,
Кімге қажет олардың сандырағы…

Ал кеттік, Ата шағыл шеңберіне,
Алла өзі жар болғай ендігіге.
Ата аруағын шақырып, қан кешейік,
Ата жаудың айналмай ермегіне…»

деп, Секер сөз айтты да, ұрандады,
Бұлттар шөгіп барады, қияндағы.
Қыз Секердің астында – қылқұйрығы, –
Ақбөкендей ағызған қылаңдады.
* * *
Үш топтың беталысы құбыла еді,
Таң қуып, түн қараңғы түрінеді.
Қара жерді тұяқтар дүбірлетіп, –
Шапқан аттың тынысы – білінеді.

Арайланып, шұғыла таң атқанда,
Таң жарығын жан-жаққа таратқанда.
Ата шағыл қуысы қарсылады,
Үш жүз жетпіс сарбазды санап қана.

Әрбір сарбаз жетекте қос-қос аттан,
Суыт жүріс, түн бойы тоқтамастан.
Секер бастап, босатты аяқтарын,
Үзеңгіден – кіл сұңғыла бақтары асқан.

«Орта шеңбер қалады, осы арада,
Сәл тыныстап алыңдар, бас аманда.
Содан кейін екі топ екі жаққа,
Аттаныңдар сыйынып Жасағанға!

Жау әзірге топ-топқа бөлінген жоқ,
Шаң-тозаңы – қалмақтың көрінген жоқ.
Барлап келген жігіттің айтуынша,
Аттарына қамшы сап тебінген жоқ.

Мәз болып, жиырма адамның өлгеніне,
Мәз болып, жиырма адамды жеңгеніне.
Мәз болып, кездескенді бірен-саран,
Найзамен көкірегіне төнгеніне.
Иттерді қыңсылатып, ит қылайық,
Шамамыз жеткенінше жоқ қылайық.
Иттерді жапошкіше қалап қойып,
Садақпен нысанаға ап атқылайық»,

деді де, Секер тұрды орнынан,
Жан еді, әрқашан да жолы болған.
Періште көктен түскен сияқтанып,
Басына адамзаттың бағы қонған.
«Тар жол, тайғақ кешуде» ұрандатып,
Елім, халқым, дегенді жанына алған…
* * *
Қалмақтар аттан түсіп дамылдады,
Түйенің азық-түлік қомындағы.
Алынып, апыл-ғұпыл шайнама жеп,
Қанағат еткендей боп қарындары.

Басшысы ойрат қалмақ Түмен еді,
Риза боп жүрісіне күле берді.
Төрт ауылдың малы мен жанын бірдей,
Тонағанға мәз болып, күмпиісті,
Шауып алып келгендей тәмәм елді.

Ғаскер басын шақырып, ақылдасты,
Жоба сызып, жорыққа мақұлдасты.
Тайсойғанды түгелдей басып алып,
Шикемер мен Жетікөл – Жекендіге,–
Ту тігуге ынта ғып топырласты.

«Қарсыласар біздермен күштері жоқ,
Бір ортаны құрайтын ғаскері жоқ.
Бар болғаны – кешегі жиырма шақты,
Өлгенімен тіпті де істері жоқ.
Найза ұстайтын қарттары кәрі шығар,
Жастарының сірә да піскені жоқ», –

деп, Түмен аузын ашып есінеді,
Сарсылған санасы да тесік еді.
Мыңға жуық ғаскерін мақтан тұтып,
Ауық-ауық құрт сорып, есіреді,
Ақ Еділдің сағасы аздық етіп,
Есіл-дерті Тайсойған көшу еді.

Естіп еді, Тайсойған құлпырған жер,
Есі кетіп талайлар ұмтылған жер.
Құлан жортып, құмына бұлан қыстап,
Топ-топ арқар, қара аю қонжығымен,
Тарпаң аунап, ұжмақта, бұлқынған жер…

Шөбі шүйгін, жаз-қысы көкорайлы,
Бөлек-бөлек самырсын, қарағайлы.
Түртіп қалсаң, зәм-зәм су атқылаған,
Жазда аңызақ, қыста қар борамайды.
Ал жемістің түр-түрі өседі екен,
Ақбөкендер пейішті кешеді екен,
Ал суық қол бұл маңға жоламайды,

дегенді естіп, сілекей ағып еді,
Кеудесін тосын хабар жарып еді.
Күндіз-түні Тайсойған елес беріп,
Ұйқысынан бұл мүлдем қалып еді,
Ғаскер жинап, үн-түнсіз жаулап алу,
Көкірегінде жалын боп жанып еді.

Содан ғой аттанғаны арманына,
Ешқандай кедергісіз жолда мына.
Мақсатым еш күмәнсіз орындалар,
деп кірді арманының орманына.

Қалың жау, қаптаған жау бөлінбеді,
Өйткені, қарсыластар көрінбеді.
Мінекей, Қосқұлақтан өтіп кетті,
Көзіне бір қарасын ілінбеді.
«Сәл жортсам, Тайсойғанның есігі ашық», –
деп, Түмен езу тартып күлімдеді.

Ата шағыл Тайсойған қақпасы еді,
Әй, қалмақтар сәл ғана топтас енді.
Ажал аузын ашып тұр өздеріңе,
Табаныңды күйдірер шоқ бас енді.
Қалғып-мүлгіп келеді қалың ғаскер,
Алға аяғы олардың баспас енді.

Сәске түсте бір жасын сарт етті де,
Бір топ қарға ду ұшып қарқ етті де!
Құйын соғып, әуелеп, бір ғажап үн,
Көктен түскен диюдай тарс етті де,
Қарғып шығып дөңеске бір ақ боз ат,
Қара жерді шаңдатып бұрқ етті де,
Ата аруағын шақырып айқай салды,
Алдаспанын суырып жарқ етті де!

Сасып қалды, қалмақтар сасып қалды,
Секер қыздың сыңғыры – басып қалды.
Қақ ортаны алмаспен кескендей ғып,
Қып-қызыл қан қалмақтан жосып қалды.
Қыз соңына ілескен алпыс сарбаз,
Қарсыласқа бермеді, қасық қанды,
Ал қалмақтар бұларға нәсіп болды!

Талай-талай қалмақтың жаны шықты,
Шырылдаған кеудеден жаны шықты.
Не екенін, пері ме, түсіне алмай,
Түсінетін ілезде кісі қандай,
Орақпенен орғандай тәні шықты!
Ер үстінен лезде ұшқандары, –
Ат тұяғы астында алысыпты.

Жарып өтіп ортасын көгін көктеп,
Қысқандарға бүйірден көрінсек деп.
Қос бүйірден қысқандар жапырып кеп,
Мергендерге жол берді, шегіншектеп.

Жауып кетті, жебелер, жауып кетті,
Жау дегенді жебелер, танып кепті.
Біраз санын қалмақтың жауған жебе,
О дүниеге құшақтап, алып кетті.

Сол кезде Базаралы ұрандады,
Астында қыл құйрығы қылаңдады.
Сол жақ бұрыш – ойсырап қалмақтардың,
Басы айналып, көздері тұманданды.

«Апырай, бұл не ғажап», деді Түмен,
Алысып, арғымақпен келді Түмен.
«Қалмақтар сілкініңдер», деп шыңғырып,
Аппақ атты бір қызды көрді Түмен.

Батыр ед, талай-талай ұрыс салған,
Қол бастап, қарсыласын қырып салған.
«Жекпе-жек», «Жекпе-жек», деп
қалмақ басшы,
Ортаға атып шықты, тұйықтардан.

Сол кезде есін жиып, барлық қалмақ,
Түсірді жүректерге әйдік салмақ.
Шеп құрып, алға ұмтылып ұрыс салды,
дегендей, «Неге біздер қалдық зарлап»

«Жекпе-жекті» қабылдап бір өзіне,
Сай келді ме, күші мен мінезіне.
Қақ ортаға ұмтылды, Базаралы,
Түмен басшы тигендей үлесіне.

Шуылдасып, қалмақтар мазаны алды,
Көрінгендей оларға дозақ алды.
Қара саннан қарсылас найза ұрып,
Ауып аттан құлады, Базаралы.

«Шағырайлап» Алдияр жетіп барды,
Бірін-бірі ала алмай қатып қалды.
Кенет тиген шоқпардан шүйдесіне,
Ұшып аттан Алдияр жатып қалды.
Қаһарланып, қан ішкен Түмен басшы,
Ауыздықпен алысқан күрең бесті
Бір-біріне екеуі сай болған соң, –
«Осы тұсын қазақтың білем», десті.
Айбарланып, басшысы қалмақтардың,
Боқтық сөздің қазаққа жолдап бәрін.
«Түбірімен қарсылас шейіт болсын,
дайын болған ұрысқа ардақтарым».

дей бергенде, Секер қыз ұмтылды кеп,
Ақбоз тұлпар астында жұлқынды кеп.
Секер қыздың үстінен бұрқырады,
Тұншықтырар Түменді сиқырлы леб!

Шауып өтті, жанынан ағып өтті,
Осал тұсын Түменнің тауып өтті.
Сиқырлы леб қалмақты қармап алып,
Тәлтіретіп тастады, нағылетті5.

Дәл сол кезде көк сүңгі, сүңгіп кетті,
Тура, тура бетке алып кіндік бетті.
Торлы сауыт сөгіліп, ал қалмақтың, –
Қазасына құдірет жарлық етті…

Күрең бесті иесіз шапқылады,
Қалмақтардың қанынан қақ тұнады.
Айқай-ұйқай сартта-сұрт қазақ-қалмақ,
Бірін-бірі шоқпармен басқа ұрады.

Ет пісірім мезгілдей қан төгілді,
Ат үстінен денелер–төңкерілді.
Жан ұшырған талапай ұрыс болды,
Ойламады, ешкім де ертеңгіні.

Қалмақтардың арасы сетінеді,
Қазасына Түменнің өкінеді.
Шегіншектеп барады, шегіншектеп,
Бір-біріне айқайлап, жекіреді.

Сарбаздары қазақтың ақырады,
Ат үстінде мықты ғой тақымы әлі.
Жарқылдатып семсерін орай сілтеп,
Қарсыласты қан ғылып жапырады.

Секер қыз жарқ еткізіп қос жанарын,
Көзінің төңкеріп ед, тостағанын.
Талай-талай боздақтар қаза бопты,
Жарқылдаған жүзіндей ұстараның.

Жүрегі дір етті де, жаншып кетті,
Өзегі кепкендей бір қаңсып кетті.
Сабырды сақтап қана өн бойына,
Шыдамды көкірегіне талшық етті.

Кек пен ыза қосылып, қайрат берді,
Ата аруағын шақырып, айбатқа енді.
Қалың топқа жау жақтың кірді-дағы,
Алдаспанын сілтілеп, самғатты енді.

Кесіп түсті, бөлініп дене қалды,
Бір-ақ сәтте жарығы сөне қалды.
Қайратына Секер қыз мінді-дағы,
Төбесінен қалмақтың төне қалды.

Сілтеп-сілтеп, семсерін екі жүзді,
Талай жаудың өмірін кесіп-үзді.
Қарсы келген қақбасты қағып өтіп,
Қақыратып қарынын жарып өтіп,
Біреулердің мойнынан басын үзді…

Қақыратып кеудесін кескіледі,
Жанайқайы көш жерге естіледі.
Ертеректе ақ Еділ бойында бір,
Атам қазақ қалмақты өстіп еді.

Қыруар қалмақ бірігіп топтаспады,
Жанталасып, ұрандап жақ та ашпады.
Шегіншектеп, піл көрген бұқаға ұқсап,
Ең болмаса, өлгенін жоқтаспады.

Басшы өлгесін бір қосшы табылмады,
Серпілтетін сарбазын жанындағы.
Қорқасоқтап, шегініп, ұрыс салды,
Жеріген құландай боп қағындағы…
«Қашқан жауға қатын ер» үрей қысты,
Сермей алмай, семсерін қолындағы.

Тайсойғанды таптауды ойлағандар,
Арманына ат жегіп, «тойлағандар»,
Бірін ішіп, бірін жеп, Ұжұмақты,
Қиялына кіргізіп, жалмағандар.

Сілекейін шұбыртып, езуінен,
Ұжұмақты қиялдап, көзін ілген.
«Тайсойғанға артылса иегіміз,
Дәулет, ырыс, бақ пен тақ өзі келген»,

деп, сыбырлап, бір-бірін
түрткіледі,
«Алдымызда қазына» деп күледі.
«Тайсойғанды тездетіп, иеленсек,
Кешер едік, байлықты» деп тіледі.
Ал тілегі не болды, тұйық болды,
Ақтарылып арманы ұйып қалды.
Ажал дейтін аждаһа аузын ашып,
Бірін бірлеп, жұтуға келіп қалды.
…Қолдан семсер, бойынан әл кеткесін,
Өмір гүлдеп қалайша өрнектелсін.
Дірілдесе денесі – ат үстінде,
Төрт аяқтап, талмаурап еңбектесін,…

дегендей бір көкшулан бұлттар төніп,
Әкелгендей, қалмақты сырттан теріп.
Төніп келіп, шоғыр бұлт сырт айналды,
Топ құландай үріккен қақтан жеріп…

Жаудан кетті, берекет ез болған соң,
Найза менен қылышқа жем болған соң.
Аяғы жоқ, басы жоқ, ғаскерінің,
Топтастырар басшысы кем болған соң.

Ақ шүберек көтерді берілдік деп,
Ұрысуға шама жоқ жеңілдік деп.
Ал қазақтар қуалап қашқандарды, –
Мазақ етіп күледі, ойыншық деп.

«…Топтастырып, жаралы, жаяуларды,
Өліктерді жинаңдар, таяудағы.
Көр қазыңдар, көміңдер, терең етіп,
Болмаса егер басқаша амалдары…»

деп, Секер қыз жау бетті нұсқап қалды,
Тұрғандарды сөзімен жасқап қалды.
«Жау жағынан өлгендер
үш жүздей бар»,
деп, бір сарбаз әңгіме бастап қалды.

«Біздерден отыз бестей қаза болды»,
деп, сарбаз төмен қарап, назаланды.
Көз жасын сүртіп тастап әлгі жігіт,
Қолына ошақ пенен қазан алды…

«Денесін ат сауырына таңыңыздар,
Әрбіреуін жетекке алыңыздар.
Суыт жүріп, жеткізсек өз үйіне,
Әйтеуір кеудемізде жанымыз бар.
Қимылдайық, жігіттер, қимылдайық,
Батар күн мен ататын таңымыз бар»,

деп, Секер қыз толғанып сөз айтты да,
Қос жанары мөлдіреп наз айтты да,
Құсып-құсып жіберді, қап-қара қан,
Талмаусырап, қимылын азайтты да,
«Шалапқа жаңағы ішкен у қосыпты»,
деген сөзді сыбырлап қоса айтты да…

Құлап түсті, қас сұлу құлап түсті…
Аяқ-қолы дірілдеп сұлап түсті.
«Жарқыраған жалғызым не болды? деп,
Намазалы батырдан сұрақ түсті.

Қалың сарбаз Секерді қаумалады,
Ешкімде де шалап жоқ, сан қарады.
Тәуіп жетіп қарады, қыз денесін,
«Адам ғой бұл у берген жалдамалы,
Шыққыр көзім қалайша байқамады»,
деді де, жер сабалап ойбайлады.

Күн тұтылды, шекелеп, ай тұтылды,
Уды берген таптырмай, жан құтылды.
Қан көл болған қара жер дірілдеді.
Тыңдай алмай жар салған жалқы үнді
«Секер, Секер, Секер қыз деген дауыс,
Аспаннан да, жерден де шалқыды енді.

Көктен түскен періште демін салды,
Шығып кеткен қайтарып, жанын салды.
Бірақ, бірақ, Құдырет пәрмен беріп,
Ай менен Күн бір мезет шағылысады.
Соған орай Секердің тәні қалып,
Тірі жанын періште алып ұшады.

Жаны көкке ұшқасын сәні қалды,
Сәнмен бірге арманы, әні қалды.
Сол күйінде бұзылмай қас сұлудың,
Ұйықтап жатқан арудай тәні қалды.

Кірпігімен жабылып, көзі қалды,
Көкіректе сөйлейтін сөзі қалды.
Көлегейлеп, пердемен көлеңкесін,
Періште боп Секердің өзі қалды…

Жаббар хақ, періштеге Жарлық етті:
«Қара жер қас сұлуға тарлық етті.
Көтеріп ақша бұлтқа ораңыздар,
Серуендеп, жүре берсін, айдын көкті.

Ал жерге қалдырыңдар, Алдаспанын,
Көресің, ғұмырының жалғасқанын.
Көресің, ғасырлардың тоғысында,
Арманы бұл пендемнің ойға асқанын!
Төрт ғасыр белесінде бір періштем,
Секерге арнап жазар жыр-дастанын…»
Айтақыр ат тұяғы таптаған жер,
Секер қыз – арғымағын баптаған жер.
Мүрдесі жерде қалған із-қайым боп,
Тек қана көлеңкесін сақтаған жер.

Аңызда айтылғандай көкте жаны,
Жаратқан айырды ғой ақ-қараны.
Уақытша деп тігілген ақбоз үйден,
Мүрдесін Секер қыздың таппағаны.

Апырай, іші күзет, сырты күзет,
Құбылаға қаратқанды бетін түзеп.
Буылған ақ киізге ақ мүрденің, –
Бір сәтте жоқ болғаны – бұл не құдырет!

Шапқылап, төңіректі із кеседі,
Аруақты ізшілер кеп іздеседі.
Ақ киіз мүрде ораған сол қалпында,
«Мені іздеп енді әуре болмаңыздар»
деген дауыс кенеттен жер теседі.

Аң-таң боп, аузын ашып, жұрт қалады,
Іштегі мұң мен шерін ақтарады.
Жалма-жан атан сойып садақаға, –
Дүйім жұрт көз ілдірмей, ала таңда,
Терістікті бетке ұстап аттанады.

Айтақыр құпияны бүгіп қалды,
Аңыз боп, қыздың үні құрықталды.
Сан ғасыр дүбірлетіп өтсе-дағы,
Айтақыр сол қалпында тұрып қалды.
Дүние шырқ айналып, тұрса да бір,
Бүкірейген бүк төбе ұлықталды…

Шынайы шындықты жел біледі,
Сұңқылдап аққу қонған көл біледі,
Алланың Әмірімен періште қыз,

Жұлдыздай көк жүзінде тербеледі.
Жаздым мен қаламымды ұштап алып,
Жалған сөз бен өтірік тыста қалып.
Өрлетіп өз ойымды көп іздендім,
Сөзімде теріс жол жоқ, күстәналық…

Пікір қалдыру