СЕНДЕ ТУДЫМ, СЕНДЕ ӨСТІМ, ҰЛЫ ДАЛАМ…

ӨЛЕҢІМ

Өлең деген болады 
                            құйып қойған секілді,
Иір-иір еменді
                            иіп қойған секілді.
Дүниеге бір келер
                            хас сұлудың ернінен
Шөп еткізіп бір рет
                            сүйіп қойған секілді.
Өлең деген болады
                            төгіп қойған секілді,
Ешкім көрмес дүниені
                            көріп қойған секілді.
Ұйықтап жатқан арудың
                            қызғалдақтай ернінен
Самал болып есіп кеп
                            өбіп қойған секілді.
Өлең деген аққудың
                            ақ мамығы сияқты,
Жүрегіңнің бар сырын
                            ақтаруы сияқты.
Өлең құран ырғағын
                            жайып салған жаhанға,
Өмір жайлы толғану
                            Хақ тәңірі сияқты.
Өлең кейде аспаннан
                            жауған ақ қар сияқты,
Түн қойнында шатырлап
                            жанған оттар сияқты.
Тас бұлақтың суындай
                               буырқанып, сарқырап,
Мөп-мөлдір боп мөлдіреп
                               таудан аққан сияқты.
Біле алмадым жүрегім
                               не нәрседен жаралы,
Білетінім  – сүйемін
                               жел өлшеген даланы.
Қақтаған ақ күмістей,
                               сақтаған сары алтындай
Не бар екен өмірде
                               Өлең сенен бағалы.
Демін тартқан өзендей
                               тына қалған өлеңім,
Он сегіз мың ғаламдай
                               тұна қалған өлеңім.
Жанарымды жас болып
                               жуа қалған өлеңім,
Көз алдымда көктем боп
                               тұра қалған өлеңім.
Мен бар жерде-сен барсың,
                               сен бар жерде – мен бармын,
Ұлы Абайдай бабамнан
                               мұра болған өлеңім. 

ПАРИЖДЕ ӨЛГЕН БЕЛГІСІЗ ҚАЗАҚ ТУРАЛЫ РЕКВИЕМ

1948 жылы Парижде Сена өзенінің бойындағы суық тас көпірдің қасынан белгісіз адамның мәйіті табылады. Оның қойын қалтасынан бір парақ қағазға жазылған осы хат қана шыққан. Соны оқып, оның Қазақ екеніне көз жеткіздік, –
дейді Стамбул қаласында тұратын қандасымыз Қызырбек Қайратолла. Ол хатта былай жазылған: «Бір күннің я таңында, я түсінде, я кешінде, Сен Сена өзенінің бойында өлесің. Өлігің табылады. Кім жерлейді? Қайда қояды? Мен бейшараны қоқыс сияқты шұңқырға тастай салады.
…Сенің Кім екендігіңді кім білсін! Арыс бойында Ақбоз аттың құлағында ойнағаныңды, Ақ үй, Ақ жайнамазда құдай үшін қол жайған кешегіңді кім білсін!»
Көне Париж. Бұл қала не көрмеген,
Аты шыққан ғажайып өнерменен.
Парижды емес таңдар ем Алматыны
Қайта тусам өмірге егер де мен.
Париж дейін сән шаһар әлемде аз-ақ,
Көрмесең де туады өлең ғажап.
«Кісі елінде сұлтан боп жүргеніңше,
Өз еліңде ұлтан бол!» – деген қазақ.
…Тағдыры бар әркімнің бірақ, бірақ,
Елді сүю бәрінен қуаттырақ.
Парижде өлген қазақтың хатын оқып,
Болып отыр жүрегім құрақ-құрақ.
Жер айналып мәңгілік аспан көшкен,
Тағдыры бар әркімнің бастан кешкен,
Парижде өлген қазақтың сөзі жетіп,
Болып отыр жан-дүнием астан-кестең.
Таяқ жедік момындық, жуастықтан.
Аз ба қазақ елінен жырақ шыққан.
Бәлкім аштық, кінәлі, бәлкім соғыс,
Еуропадан сол қазақ бір-ақ шыққан.
…Айналысып әр кәсіп, әр шаруамен,
Өмір сүрді ол, сабылып сарсаңменен.
Дүниенің төрінде жүрсе-дағы,
Туған жерді өтті ол аңсауменен.
Абыр-сабыр, күйкі өмір – қала заңы,
Дархан болды қазақтың дала жаны.
Тамақ табу, ұйықтау – әркімге тән,
Қиын екен бәрінен жан азабы.
Оңашада самғатып алысқа ойын,
Бір ғаламат кернеді ағыс бойын.
Сена өзенін жағалап келе жатып,
Сағынды ол өзі өскен Арыс бойын.
Ақ жайнамаз. Ақ боз үй. Сағым дала.
Көзін жұмса ілесіп ағынға да.
Арыс бойын думанға бөлеуші еді,
Қара сирақ шулаған қалың бала.
Елестердің жылынып шуағында,
Оқып жүрді ол ұмытпай құранын да.
Түсті есіне бәйгеге шапқан кезі –
Ақ боз аттың ойнаған құлағында.
Елеспенен оянып таңдарда да,
Қыран-қиял самғады заңғарға да.
Көзін ашса – бөтен жұрт, жалған қала,
Көзін жұмса – қазақтар, арман дала.
Жаңбырымен сабалап ұрынды күз,
Ішті шарап. Ішетін бұрын қымыз.
Көзін ашса – тас көше, тас дуалдар,
Көзін жұмса – тұлымды ұл, бұрымды қыз.
Елге жетсе, шіркін-ай, бар тілегі.
Соны ойласа ес жиып, серпіледі.
Көзін ашса – ағылған машиналар,
Көзін жұмса домбыра шертіледі.
Бірақ бәрі кеш болды. Бекер бәрі.
Өткелінен өмірдің өте алмады.
Маңдайына жазғаны – жырақта өлу.
Арманына сол қазақ жете алмады.
Ішқұса боп  шараптан  ұрттап алды,
Күбірледі: «Бәрі ата-жұртта қалды.
Тағдыр жазған шеңгелден шыға алмастан,
Қанша қазақ сүйегі сыртта қалды».
Дүниенің төнсе де бар ажалы,
Хатпен жетер халқына жан азабы.
Туған жерге жазды да сағынышын,
Өзіне-өзі шығарды ол жаназаны.
…Өртенемін, өксимін, жанамын мен,
Ұшып жетті сол бір хат қара күннен.
Қабіріне белгісіз сол Қазақтың,
Осы өлеңмен топырақ саламын мен.

Дүние

Дүние – бір сұлу қыз бұраңдаған,
Ақындар көркін көріп жыр арнаған.
Ал, кейде бұл дүние тау секілді,
Шыңына ешбір адам шыға алмаған.
Кей-кейде түпсіз мұхит сияқтанып,
Тұрады жұмбақ жайдан күй ақтарып.
Көгінде Күн туады дөңгеленіп,
Аспанда Ай туады қияқтанып.
Дүние, неткен ғажап  тұңғиықсың,
Біресе қол жетпейтін бір биіксің.
Ризамын маған берген тағдырыма,
Жаныма туа сала жыр құйыпсың.
Дүние, ата-бабам тастап кеткен,
Солар ғой барлығын да  бастап кеткен.
Дүниеге келген жанды жел құшақтап,
Алтын Күн ақ сәулесін шашпақ көктен.
Аллаға адам басын мың иеді,
Жаратқан жаныңдай сүй, бір Иені!
Келген соң кеткің келмей, қимайсың-ақ,
Құлпырған қызыл-жасыл дүниені.
Жері бар қазағымдай ел бақытты,
Көзіңмен Қазақстан, көр жақұтты.
Дүниеге бір-ақ рет келетұғын,
Жырыммен мың келетін мен бақытты!

Маңғыстау

Дүниенің артқа тастап тар қыспағын,
Ұшырдың бауырыңнан таң құстарын.
Армысың, бір өзіне әлем сыйған,
Әулиелер мекені Маңғыстауым.
Армысың, ақ мекені Адайлардың,
Төсіңде тағдыры бар талайлардың.
Келдім мен жанарымнан жыр маздатып,
Елінен Шәкәрім мен Абайлардың.
Үстіртте орны қалған көне жұрттың,
Соққан жел, самалыңнан әуез ұқтым,
Қазақты бар дүниеге таныстырған
Сәлемін алып келдім Әуезовтің.
Мен келдім шаңқан шабыт буған жерден,
Есілген сөз мәйегі тұнған жерден, 
Шертпе күйдің атасы Тәттімбет пен
Ән тәңірі Әміре туған жерден.
Армысың, Маңғыстауым – мың қыстауым,
Өзіңе сәлем айтты Шыңғыстауым.
Келдім мен кие қонған көкірегіңнен
Дүр етіп ұшыруға жыр құстарын.
Ақ сәлем әр қазақтың шаңырағына,
Сүгір мен Қашағанның қоңырауына.
Пір тұтып, бар мұсылман тағзым еткен 
Бас идім Бекет атам әруағына.
Сөз бастап, кенеп қойып көмейімді,
Нұрыммен бір өсірдім мерейімді.
Бармысың әруақты Мұрын жырау!
Армысың, атақты Ақтан Керейұлы!
Әбіштің шыңырауынан қанып іштім,
Фариза апам жырымен жанып ұштым.
Алауын жағып тұрмын саған келіп,
Мәңгілік тарқамайтын сағыныштың.
Каспийдің толқындары тербеледі,
Қалың ой басып алды сенде мені.
Төрткүлден ескен желің сарайды ашып,
Жан-дүнием құлан таза емделеді.
Сапарда бір күннен бір күнім артық.
Уақыттың ырғын көшін ыңырантып,
Түйелер бара жатыр маң далада,
Өткеннің болашаққа жүгін артып.
Інілер, қарындастар қаумалайды,
Қалайша ақын жырын толғамайды?!
Көгіңнен көрдім сенің тоғызыншы ай,
Толықсып тоғызында толған Айды.
Келгеннен шуағыңды құя салдың,
Басталса басылмайтын күй аша алдың.
Мен сенің жыңғылыңа жырымды ілдім,
Сен менің жүрегіме ұя салдың.

Шопан Ата қорымындағы ой

Жарықтық Маңғыстаудың бұйраттары,
Атой сап тұс-тұсыңнан күй қаптады.
Бар сырын ғасырлардың ішке бүгіп,
Тастардан тіл қатады зираттары.
Қорымы Шопан Ата мынау жатқан,
Басынан талай күн мен түн аунатқан.
Тізіліп тіршіліктің нотасындай,
Тырналар бара жатыр тыраулатқан.
Осында орнап қалған сандықтасың,
Аралап, зиярат ет барлық тасын.
Біреулер қызыл тастан бесік қойған,
Айырылып перзентінен қан жұтқасын.
Күмбезі асқақтатып, Хан, төресін,
Елге сыйлы адамның мәртебесін.
Бір жерден көріп тұрмын  тасқа айналған,
Ерте өткен жас келіннің сәукелесін.
Қосылып сыңсығанда Еділ, Жайық,
Болған ғой талай өндір өмір ғайып.
Сынтастар, құлпытастар құран тілеп,
Жатқандай тірілерден қолын жайып.
Таң сайын арайымен Күн де жуар,
Нұрымен Ай сәулесі түнде жуар.
Имамға қойылған-ау анау зират,
Молданың сәлдесіндей күмбезі бар.
Ыбырайым – жол бастаушы болар атам,
Шежіре, дархандығы далаға тән.
Тірлікте елге еңбегі сіңген жанның,
Басына салыныпты Сағана там.
Қойтастар, жүзіктастар, сандықтастар,
Үштастар, тәжтастар мен барлық тастар.
Күмбезтас, кимешектас, кітаптастар,
Миыңды не бір мұңға шандып тастар.
Бір тұсқа әйел таққан жүзік орнап,
Пенденің көзмоншағын тізіп алмақ.
Құранды қырағаттап біз отырмыз,
Жүректен үзілдіріп үзіп арнап.
Бір жерден қылаң берсе, балбалтасың.
Өзіңнің тірі екеніңді аңғартасың.
Молдаға садақасын беріп жатыр,
Бір жігіт сипай салып, жан қалтасын.
Ұстазы Пір Бекеттің Шопан Ата,
Есімін Яссауимен қатар ата.
Саналған қойшылардың пірі болып,
Келеді есімі өшпей тірі болып.
Әкесі болған екен Баян баба,
Барып қайт төбе жаққа аяңда да.
Бағышта Фатихаңды шын ниетпен,
Аруаққа дұға, қолды жай Аллаға!
Шопан Ата қорымы үнсіз жатыр,
Жиналған тірлік жүгі мінсіз жатыр.
Төрткүлден ескен желмен жебеп қойып,
Ата аруақ, баба аруақтар тілсіз жатыр.
Аспаннан Күн де нұрын төгіп берді,
Жеті қат қабырғасын сөгіп берді.
Аңғартып Маңғыстаудың қасиетін,
Бір түйе қасымызға шөгіп берді.
Шөл бастық сол түйенің шұбатына,
Аялдап Үстірттің бір қыратына.
Кезінде Жібек Жолы өткен жердің,
Бас идік мың ғасырлық қуатына.

Шыңырау

Шопан ата қорымында бар екен бір шыңырау,
Суын ішсең, жасарасың, құдай сүйген құлым-ау.
Мен де таттым кермек судан тұз татыған киелі,
Бұл қорымға келген жанның бәрі басын иеді.
Әулие де жатыр мұнда Маңғыстаудың жеріне,
Асатаяқ алып келген Яссауидің төрінен.
Жаугершілік замандағы шейіт кеткен батырлар,
Туған жерді жырлап өткен орақ ауыз ақындар.
Жатыр мұнда періште боп ұшып кеткен сәбилер,
Аяқ асты келген дерттен құрбан болған нәбилер.
Енді келін болып түскен жас келіншек үзілген,
Сұлуларға ғашық көзбен жігіт те өткен сүзілген.
Арманына жете алмаған қанша қыршын жас кеткен,
Ақымақ тіл кесір болып талай-талай бас кеткен.
Өмір көрген, ақсақалды Абыздар да осында,
Дүниенің зарын төккен қобыздар да осында.
Бірақ бәрі қана алмаған шәрбатына өмірдің,
Ақырында кермек дәмін татқан бәрі өлімнің.
Сондықтан да мұндағы су ішсең кермек татиды,
Көз алдыңа әкеледі фәни менен бақиды.

Туған жерде

Үріккен қойдай бұлттар көшті үргедек,
Туған жерде сурет көрдім бір бөлек.
Абай туған топырақта өсетін,
Ақ селеуді, тербететін жыр керек.
Туған жерде ататұғын таң да ерек,
Сен дегенде кеудемдегі жан бөлек.
Өскен жердің толқытатын жусанын,
Әсем сазды әуезді бір ән керек.
Көделерін бозторғайы оятқан,
Қарағаны шалып қалар аяқтан.
Ақша бұлты аққу-қаздай мамырлап,
Қара бұлты қабағынан жай атқан.
Ақ қайыңы самалға елтіп,билеген,
Ақ шилері қарт шашындай сиреген.
Сенің мөлдір бұлағыңнан су ішіп,
Тұнықтық пен тазалықты үйренем.
Жел құлашы жете алмаған кең далам,
Құшағыңда ойнақ салған мен балаң.
Самалыңмен сүйші менің бетімнен,
Қуат берер, шуақ төгер сол маған.

Көңіл толқыны

(Секен Тұрысбекке)
Көңілдің толқынына сүңгігенде,
Тайпалтып мінгендейсің бір күреңге.
Жаныңның мың дертіне дауа тауып,
Ғайыптан жолығасың мың бір емге.
Құлаққа құйылады небір әуен,
Туады осындайда керім өлең.
Анамнан қайта туған сәбидейін,
Секен дос, сен күй тартсаң,тебіренем.
Елтимін «Ақ жауынның» сібіріне,
Төгілді домбыраның сыры міне.
Балқимын  енді бір сәт жүрек тосып,
Таудан аққан өзеннің гүріліне.
Құстардың мың сан үнмен сайрағаны,
Бабамның мыңдап жылқы айдағаны.
Тарихтың мың сан қатпар жаңғырығы
Күй деген құдіретке айналады.
Көремін ұшқан күндер керуенін,
Бұлақ боп енді бірде егілемін.
Өзіндей дүниенің шыр айналған,
Ұқтың ба Секен сері серуенін.
Шақырсаң, күй-кешіңе кеп тұрамын,
Жанымның жайлауына жетті ме ағын.
Сен шерткен құдірет боп оралады,
Күйлері бір заманғы Кетбұғаның.
Сен күй шалсаң,маңайда жел еспейді,
Аспан мен Жерде ешкім теңеспейді.
Шашың да толқынданып төгілгенде,
Абыл мен Құрманғазы елестейді.
Қолыңа домбыра алсаң,ақтың кеттің.
Ақ сезім пернелерін таптың көптің.
Сен күй шертсең болады тірілгендей,
Күйлері кешегі өткен Тәттімбеттің.
Түсіну жан-дүниеңді қайда бізге,
Батасың ақ қайың боп ойға күзде.
Барады түсіп алып бір топ бала,
Күйдегі өзің салып,жайған ізге.
Ендеше бір өзің бір мектеп болдың,
Көктемде көк бүршіктей көктеп көрдің.
Өтеуі – тек қана күй мәңгі өшпейтін,
Маңдайдан тамшылатып төкпек тердің.
Ерттеп ап күй – арғымақ, Алшағырды,
Көтеріп қалай жүрсің сонша мұңды.
Күйіңді дала тыңдап, тау сағынды,
Бар қазақ өнеріңе тамсанулы.
Аудырып бар көңілім, аңсарымды,
Келеді қанып ішкім кәусарыңды.
Домбыраң шіркін қандай бақытты еді,
Сүйетін күнде сенің саусағыңды.

Ұлы далам 

Шәкәрімнің шындығын 
          сезіп өскем,
Керуен-керуен Мұхтардың 
сөзі көшкен.
«Желсіз түнде жарық Ай» сәулесімен
Кіндігімді Абайдың өзі кескен.
Жас ағызып туғанмын қара көзден,
Перзентімін даланың бала кезден
Мен туғанда, күйі ойнап Тәттімбеттің, Әміренің әуені
дала кезген.
Менің далам ғажап қой,
ойхой далам,
Бойда қаным күй болып 
қайта ойнаған.
Көрген адам көліңді, өзеніңді,
Қыратың мен тауыңды, 
пай-пайлаған.
Сенде тудым, сенде өстім ұлы далам,
Қанат берген қазы мен қуы маған.
Өлеңдерім туады күндіз-түні,
Күн мен Айдан тараған шұғыладан.
РУХЫМНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ 
Ақ таңда атқан арай бар,
Көк шалғын дерсің көп ойлар,
Абаймен құрдас ақ шилер,
Тоғжанмен құрбы  тоғайлар.
Аспанда туса Алтын Ай,
Тұрар ма көңіл шалқымай.
Әйгерім аты қойылған,
Шілікті кезең көркін-ай!
Аспалы бақтың сыңғыры,
Қасқабұлақтың сылдыры.
Саятқорадан табылар
Шәкәрім ақын шындығы.
Басынан серпіп мұнарды,
Орда тұр тағып тұмарды.
Ұшар басына қондырған
Мамайдай алып қыранды.
Иілген көктен имек Ай,
Әнге бай, жырға, күйге бай,
Сүйемін сені жаныммен
Киелім менің Жидебай.
Сүйеді сені күн көзі,
Қайнардан шыққан жыр көзі.
Төбемді көкке жеткізген
Кеңгірбай бабам күмбезі.
Бәйгеге жүйрік қосқан бел,
Мәреден тұлпар тосқан жер.
Айнасы болып аспанның,
Жарқырап жатыр Оспанкөл.
Қарауылтөбе, Қарауыл,
Даналар туған дала бұл.
Ақ күмбезінен Абайдың
Қара өлең болып тара нұр.
Шыңғыстаудағы көп шоқы.
Мәңгілік өлмес жақса оты.
Құнанбай қажы әулетін
Бауырына қысқан Ақшоқы.
Қосылмас олар өлдіге,
Қазағым үшін төр міне.
Ат басын бұрмай өтпеңіз.
Әуезов туған Бөрліге.
Көктемде күтіп жыл құсын,
Самғатқан көкке жыр құсын,
Рухымның алтын бесігі –
Тербей бер мені, Шыңғысым.

ОРАЛДЫҢ АҚ  ТҮНІ 

Аппақ қар жауған
Оралымның ақ түні 
Ақ қарды сүттей сапырады.
Аппақ қар елімнің
                ырысы, шаттығы,
Ғажап бір тұңғиық ойға
            батырады.
Жанары мойыл қара
Төлеген түсіме енеді.
Талып-талып алыстан естіледі
Қыз Жібектің ақ боз атының
                    кісінегені.
Түйдек те түйдек ойларды шашып,
Сырым Датұлының үні келеді.
Бөкей ордасындағы
қайнарды ашып,
Жәңгір ханның нұры келеді.
Жұбан ақынның жадымда 
мың бір өлеңі,
Қайрат Жұмағалидың сыбдыр өлеңі,
Ұшырып жібереді әуеге мені,
Динаның күйінің күмбірлегені,
Ғарифолла әнінің әуелегені.
Бұл Оралда,
Жау әскерін өткізбеген,
Жайықтың қатты ағыны да бар.
Өткен күндердің еелсі менен
Санаға шашқан сағымы да бар.
Халел мен 
Жанша Досмұхаметтер құрған 
Батыс Алашорданың дабылы да бар.
Үйір-үйір жылқының дүркірегені,
Жауған ақ қар Абдолланың
                  мүмкін  өлеңі,
Мүмкін Қадыр жырының
                  сіркірегені,
Тайыр жыр оқып күндей
                        күркірегені.
Сонау соғыс жылдары
Ауыр-ауыр составтар
                      басып өткен Орал,
Талай жас өрімді
                    ғашық еткен Орал,
Майданға Қасым өткен Орал.
Майданға кеткен белгісіз жігіттің,
Ботадай боздап беймәлім
            қызы қалған Орал.
Нобель сыйлығын алғанда
Шолоховтың құс атып жүрген
                күзі қалған Орал.
Ұлы Пушкиннің ізі қалған Орал.
Басылмай бір сәт аптығы,
Дүсірлетіп шапқан аттылы,
Қалың составтардың қатты үні.
Төсектен жұлып алып
                оятып жібердің 
сен мені
Оралдың ақ түні. 

Суықтөбе суреттері 

Суықтөбе сарыторқа гүлді беткей.
Көз алдымнан суреті тұрды кетпей.
Тау суына шомылған сырғалы қыз,
Құшағыма келсеңші дір-дір етпей.
Жамбыл-Жәкем жүрген 
жер атқа мініп,
Маңдайымнан сүйеді мақпал үміт
Екі таудың құз бөлген ортасынан,
Түсетіндей көк аспан ақтарылып.
Тау өзені суығы мидан өтер,
Асау Қастек үстіме құйма бекер.
Елеусіз бір үстірттің қойнауынан
Қураған тал сирағы сидаң етер.
Қожыр тастар, қой тастар,
                      арқар тастар.
Найза тастар, нар тастар,
                    қалқан тастар.
Мықты болсаң, аспанға
                        шығып көр деп,
Түз қыраны аршадан арқан тастар.
Күннен шыққан отпенен
жанған тастар,
Балбал  тастар, обалар,
қорған тастар,
Құз басында сырласқан 
зеңгір көкпен,
Адам қолы жетпейтін арман тастар.
Ентелеген дәу жартас
құлайтындай,
Құлатпа, – деп, құдайдан
сұрайтындай.
Суықтөбе не деген жәннат едің,
Саған келсем, қоймайды
сыр айтылмай.
Сыр айтылмай, қоймайды
жыр айтылмай,
Бұлт жақын кеп көз жасын
бұлайтындай
Қына басқан жер тастар алуан түсті
Ғажайып бір мозайка құрайтындай.
Кісі бойы көк шалғын,
арналы сай,
Ат тұяғы мөр басқан
таңбалы сай.
Биіктіктен басыңды айналдырар,
Төмендемес тәкаппар 
тау намысы-ай!
Суықтөбе Сүйінбай
ізі қалған,
Тау суында барады
жүзіп арман.
Сарыжазықтай жайлаудың жүрегінен
Бір сұлу қыз
                  бүлдірген үзіп алған.
Шерттім сонда іштегі
  күйімді көп,
Ақ қайыңдар алдыма
иілді кеп,
Таудан ескен самалдың
сәруарынан
Осынау өлең кеудеме 
құйылды кеп. 

Тараздың арулары

Хафиз сүйген  Тараздың сұлулары,
Бұлаң қағып барады бұрымдары.
Қазақтың қыздарындай
қайдан болсын,
Ұрымдағы арулар Қырымдағы.
Жалт қараса жанары оттай жанған,
Жігіттердің жүрегі соқпай қалған.
Диірменнің тасындай шыр айналған
Дүниенің өзі де тоқтай қалған.
Сұлулары-ай Тараздың
сұлулары-ай,
Көрмей жүрген  екенмін
бұрын қалай.
Көз тоқтатсаң, ай маңдай ақ жүзіне
Тұла бойың қала алмас
                                     шымырламай.
Алма мойын, шие ерін,
гүлдер айым,
Жерден көрдім аспанның
Күн мен айын.
Арулары Тараздың – Ақ қайыңдар
Ақ қайынды орманға бір барайын.
Бөтен көзді шәй көйлек тұр        өткізбей,
Мен қайтейін сөзбенен сурет тізбей.
Қалам қасты, ай қабақ, күміс кірпік,
Жүрегіңді қоймайды-ау дір еткізбей.
Беу, қыздар-ай, жырымды төкпелетем,
Көңілімді көркіңмен көктем етем.
Ұлы Хафиз бір кезде ғашық болған,
Хас сұлулар бізге де жеткен екен.

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫ 

Қанша рет мені құшақтап,
Қанша рет мені ұшырдың.
Көремін ылғи түс аппақ,
Самғаған сенің құсыңмын.
Төрт мұхит , алты құрлықты,
Аралап жүрмін арқаңда.
Мөріңді басып бір мықты,
Қанша рет бердің қолтаңба.
Білдіріп бүкіл қуатын,
Кеңістік деген кеуденің.
Тынымсыз соғып тұратын,
Жүрегімдейсің сен менің.
Үкілеп байлап үмітін,
Әкем де ұшқан әуежай.
Көз ілмей ойлап күні-түн,
Анам да ұшқан әуежай.
 Аңсаған ғашық жандардың 
Танысқан жері әуежай.
Талай бір асыл арманның
Тоғысқан жері әуежай.
Әншілеріне әлемнің,
Ақ бесік болған әуежай.
Президенттерін сан елдің,
Қарсы алған осы әуежай.
Ақынға шабыт сыйлаған,
Ақжарма жырдың бастауы.
Шертілер өзің жинаған,
Өмірдің бітпес дастаны.
Өзіңмен егіз өмірмен,
Өріліп жатыр өлеңім.
Аттанып ыстық төріңнен,
Сені аңсап ылғи келемін.
Құлагер жортқан құба бел-
Табыстарыма тамсанып.
Шығарып салып тұра бер,
Сапардан қайтсам,қарсы алып.
Кезімде көкке жұтылған,
Өзіңсің алғаш көргенім.
Томағамды тұңғыш сыпырған,
Құсбегімсің ғой сен менің.
Қыраның болып қалықтап,
Ұшуға бір сәт қанбаймын.
Шабыттың құсы шарықтап,
Сағынып сені самғаймын.
Өзіңнен ұшып,өскенмін,
Мейіріңді  маған бөле жай!
Жетпейді саған қастерлім,
Әлемде ешбір әуежай. 

Еңлік пен Кебектің үйтасы

Тығылған мүнда Еңлік пен Кебек,
Сұраған елден теңдік пен көмек.
Соғады бұл жер қысы да жазы,
Уілдеп тұрып жел біткен бөлек.
Осынау үйтас ықтасын еді,
Жартасын қына,мүк басып еді.
Еңліктің мөлдір көз жасындай боп,
Таң сайын көкке шық та сіңеді.
Заманның салқын сызы қалған жер,
Түймесін Еңлік үзіп алған жер.
Тасына таңба басқандай болып,
Кебек батырдың ізі қалған жер. 

Мәукенұлы бұ Нұрлан
(Элегия) 

Қарға бойлы Қазтуған,
Қайта туған секілді.
Жадыраған жаз тұлғаң,
Ой сапырған секілді.
Мәукенұлы бұ Нұрлан,
Келген кезде өлеңге.
Сенің терең жырыңнан
Нұр төгілді әлемге.
Қара сөзден қамшы өріп,
Тістеп едің тарланым.
Болдың маған жансерік,
Азулы едің арланым.
Арна бұздың ,аптықпай,
Ағыстарға қарсы ақтың.
Шабаланып,шаптықпай,
Бар қазақты тамсанттың.
Үндемей-ақ үдеттің,
Үп еткенін самалдың.
Өлеңіңді үкі еттің,
«Бойтұмарды» таға алдың.
Тамсанып біз сан жүрдік,
Ғажабына ғазалдың.
Болашаққа арзу ғып,
«Хұснихатты» жаза алдың.
Көкорай шалғын жастанған,
Жаны жайсаң,сері едің.
Өлеңдегі басталған,
«Сұңқарбұлақ» сен едің.
Салды өмірдің тезіне,
Абай, Мағжан пірлерің.
Сонда-дағы өзіңе,
Тіл тиді ме білмедім.
Көз тиді ме білмедім,
Қанатыңа  сұңқарым.
Сұқ өтті ме білмедім,
Тұяғыңа тұлпарым.
Махамбет пен Қасымның
Жетпей кеттің жасына.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
Алды сені қасына.
Мағжан, Мұқағалидың,
Жұматайдың жасы да .
Жеткізбеді жаны игім,
Сенің ғазиз басыңа.
О дүниеге аттандың ,
Қырық үшке толғанда.
Жан-дүниеңді ақтардың,
Кете бардың арманда.
Төгіледі көз жасым,
Жастық шақты еске алып.
Сөгіледі қабырғам,
Дос құшақты еске алып.
Алма менен өрік жеп,
Қызға барған түндер-ай!
Қара нанды бөліп жеп,
Бірге жүрген күндер-ай!
Құлындайын құлдырап,
Құла дүзді кездің бе?!
Отырушы ең тұнжырап,
Тағдырыңды сездің бе?!
Ал күлгенің ғаламат,
Жадырайтын бар ғалам.
Қара өлеңді паналап,
Бар ғұмырын арнаған.
Өлең болды сырласың,
Өлең болды серігің.
Тұңғиық бір тұлғасың,
Өлең болды өмірің.
Инеменен құдықты,
Терең қазған сияқты.
Перзентіңе ат қойдың,
Өлең жазған сияқты.
Гүлрең мен Гүлденің,
Гүлдеп өсіп келеді.
Назданыңнан тараған 
Қос ұл өсіп келеді.
Әруақтар бар дейді,
Бәрін біліп жатырсың.
Уақыт бәрін емдейді,
Сен өлмейтін ақынсың.
Сағынады Гүлмираң,
Сағынамыз бәріміз.
Жанарға жас келеді,
Жабырқайды жанымыз.
Сен жұмғалы көзіңді,
Кетіпті өтіп жиырма жыл.
Сағынуға өзіңді
Ескерту ғой бұл да бір.
Сірі жердің зар-мұңын,
Салмақ қылып салмай жүр!
Тірілердің барлығын,
Әруағыңмен қолдай жүр!
…Қара бала жас,бұла,
Қайталанбас ақынсың.
Қара жердің астына,
Қалай сыйып жатырсың?!

Комментарий (1)

  1. Reply
    Жүкел Хамайговорит

    Беу, шіркін, Бəукеңнің өзегінен өрілген, өзіңді бей-жай күйге жетелеген өрімі берік, керім өлеңдер топтамасы екен

Пікір қалдыру