ТОҚАЕВ ФЕНОМЕНІ

Билікке үш жолмен қол жеткізуге болады. Олардың бірі – мұрагерлікпен ие болу, зорлық-зомбылық арқылы күш көрсетіп басып алу және демокра­тиялық негізде сайлауда жеңіске жету. Тарих осы үш әдісті қолдану арқылы билікке қол жеткізген көптеген жағдайларды бастан өткерді.
Саясат – ең қауіпті мамандық. Оған бірінші рет қадам басқан күннен тәуекелділік пайда болады. Ұлы көшбасшылар өздерінің алдына үлкен маңызды мақсаттар қоя білген. Олар ұлы болу үшін емес, ұлы істерді орындау үшін жоғары лауазымдарға ұмтылған. Ұлыбританиялықтар өздерінің лайық­ты өмір сүруінде Черчилльге, Франция – де Голльге, Батыс Германия – Аденауэрге, Италия – де Гаспериге, Жапония – Иосидеге, Израиль – Бен-Гурионға, Үндістан – Неруге қарыздар. Олардың барлығы демократиялық саясаттың прозалық элементтері арқылы өз мақсаттарына жетті. Олардың ешқайсысы саясатты құрал емес, мақсат деп санауда қателескен емес.
Принцип, позиция үшін емес, іс үшін қызмет еткенде ғана ілгері басады. Қалыпты стандарттар бойынша Қазақстан Президенті билікке байлық жинау жолымен келген жоқ. Ол материалдық жағынан орташа қамтамасыз етілген зиялылар отбасынан шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев саясатқа ерте араласты. Егер оған президенттікке кандидатурасын бұдан ертерек ұсыну мүмкін болғанда, оның ықтималдығы зор болған болар еді.
Саясатта бәріне бірдей жағымды тұлға жоқ. Ол ешқашан өзімшіл болған емес, реалист бола отырып, Мемлекет басшысы рөліне дайын саясаткер ретінде зор сенімге ие болды. Оның ұзақ жылдар бойғы таза репутациясы, сыртқы келбетінің тартымдылығы оған деген сенім ұялатты. Бірақ оның саяси билікке келу жолы ұзаққа созылды. Ол саясат жолында бар уақытын құрбан етуге, саяси қарсыластары мен бұқаралық ақпарат құралдарының шабуылына да төтеп беруіне тура келді.
Билеуші алдына белгілі бір жоғары мақсат қоймаса, ол ескексіз қайыққа отырғанмен бірдей болары анық. Бұл жолда Қасым-Жомарт Тоқаев байыпты ісімен де, сөзімен де ерекшеленді. Оның ойлары жоғары идеалдарға толы болды, ол оған ықпалын кеңейтіп, рухани күш берді. Сондықтан Президент ақыл-ой ұлылығын өзімшілдік мүдделерінен жоғары қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің бел ортасында жүріп бәрін өз көзімен көрді. Маргиналдық элементтердің беталды жосығы мен халықтың биліктен алыстап бара жатқанын байқады. Қарапайым халықтың билікпен қарым-қатынасқа түсуге деген ынтасының тежелгенін де сезді. Осының бәрі қордалана келе жеке және ұжымдық іс-қимылдың барлық бітімін, әлеуметтік және мәдени шындық бітімдерінің көзін байлағанын да көрді. Қоғам мен мәдениет «билік – бағыну» қарым-қатынасында сенімсіздік пайда болды. Билік өзін адамдық қарым-қатынастардың барлық деңгейінде – саяси доктринадан қарапайым диалогқа дейінгі аралықта жеңіліс тапқанын өз көзімен көріп, құлағы естіді.
Алматыда дүниеге келіп, Ресейде білім алған талғампаз кәсіби дипломат өзін саяси ортада дипломатия джентльмені ретінде көрсете білді. Ол КСРО-ның сахна сыртындағы саяси өмірін жақсы білумен қатар, кеңестік саяси ойын ережелерінің негізгі ойыншыларының біріне айналды. Кеңестік биліктің саяси әрекетіндегі немесе халықаралық саясат істеріндегі жетістіктерін сырын жақсы меңгерді. Мемлекеттік саясат процесінен бастап, триумвираттың әліппесінен өтті. Ымыраға келу және тіпті ең атышулы жауларды біріктіру қабілетін меңгерді. Осы қабілет оны тұңғыш Президенттің командасына алып келді. Тәуелсіздігіміздің бастауында Қазақстанның саяси пирамидасының шыңына шықты. Ең қиын жағдайлардан шығу жолында абсолютті феноменальды қабілетін көрсетті. Оған сыртқы саясатта бойына әлемдік дипломатияның исін молынан сіңірген Громыконың тәрбиесін көруі оның бұл жолда еркін болуына аса қиындық тудырмады. Тоқаевтың ең сындарлы мәселелерді шешуге практикалық позициялардан, кәсіби білігі бар адамдарға сүйеніп, нақты нәтижелерге қол жеткізу қабілеті оның басты қасиетін ашып берді.
Оның сыртқы саясат ведомствосына келуімен Қазақстанның сыртқы саясатындағы баяу жүргізіліп келген талдауына сілтеме жасай отырып, қандай да бір жаңа, ауқымды ұсыныстарды ұсынуда қарқындылық таныту керек болды. Ол саяси шешімдерді әзірлеудің одан арғы үдерісіне айтарлықтай ықпал етті.
Адамзат тарихында мемлекет қалыптастырудағы көрнекті тұлғалардың рөлін айқындайтын мысалдар көптеп кездеседі. Халықаралық қауымдас­тықта Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның динамизмін және өзіндік даму жолындағы стратегиялық көзқарасын мемлекет мүддесі тұрғысына қарай бейімдеді.
Мемлекет билейтін таққа отырушы тұлға билік басына келместен бұрын үлкен дайындықтан өтуі керек. Бұл – саясаттағы басты талап. Тарихқа талай билеушілер, президенттер мен корольдар келіп кеткен. Алайда олардың санаулысы ғана өзіне міндеттелген аса ауыр жүкті арқалап, сыннан сүрінбей өткен. Мемлекет билейтін тұлға сан тарау жолдардан шындалып өтетіні айқын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – әлемдік геосаясат, дипломатия, халықаралық қатынастар, идеология және атқарушы билік баспалдақтарынан өткен қайраткер. Ол жалпы теориялық тұрғыдан терең ойлар әлемін қарастырып, өзіндік философиялық тұжырымдасын ұсынды. Оның бұл көзқарастары сол бір қиын кезде қоғам пікірімен үндестік тауып, қақтығыстардың алдын алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін оның алдында ең алдымен, әлемде болып жатқан реформалардың біз үшін де қажеттілігін түсіну тұрды. Ескі жүйемен қалыптасқан тұлға ретінде ол тоталитаризмнен – демократияға, экономиканы реттеудің командалық-әкімшілік әдістерінен өзге нарықтық әдістерге көшудің жолдарын іздеді.
Президент саяси және экономикалық құрылымдардың ескі ғимаратын бұзу кезеңінің басында өзінің көзқарасын жаңаша құрды. Өзін ескі түсініктер құрсауынан босату үшін айналасына моральдық және интеллектуал­дық күштерді тартып, саяси қарсыластарымен диалогқа түсті. Оның басшылығымен қабылданған шаралар елді терең дағдарыстан шығару да маңызды рөл атқарды. Ол бұдан былай ескі билікті асырауды ысырып қойып, оған қарсы әрекеттерге көшті.
Басқару форматындағы интеллектуальдық коэффицент логика мен мінезге қатысты. Оған қосымша топ-менеджерлік қасиет те керек. Бұл жерде өзгермелі әлем Қазақстаннан өз саясатына түзетулер енгізіп, жаңаша ойлауды талап етіп жатты. Ал уақыт Мемлекет басшысына жұмыс динамикасына шұғыл өзгеріс енгізіп, тұтқиылдан форсажын қосуды талап етті. Осыған екпін түсірген Президент бірден аболиционизм (бұрынғы биліктің заңдарының күшін жою) фишкасын қосты. Оған іштей инсайд жасамады. Алайда басқару мандатында императивтілік танытты. Ең шешуші сәтте дағдарыс табалдырыққа келіп тірелгенде Президент ескі сүрлеудің ізін сыпырып тастап, Конституцияға сүйене отырып, Үкіметті отставкаға жіберіп, мемлекеттік билікті қолына алуға мәжбүр болды. Бұл шешім үкіметтік дағдарыстар мен кабинеттердің өзгеруі жиі болатын еліміздің ішкі саяси өмірінің ерекшеліктерін жақсы түсінуге мүмкіндік берді. Ол мемлекеттік биліктің жеткілікті тұрақты механизмінің жұмысына қауіп төндірмейтін-ді. Жағдай талап еткенде, Президент қимылды да ширата түсуге дайын болды. Ел экономикасын сауықтыру мақсатында Президент шенеуніктердің жалақысының өсуін уақытша тоқтатуға, мемлекеттік шығыстарды азайтып, бюрократиялық аппаратты күрт қысқартуды қолға алған кезде қатты байқалды. Оған жартылай шаралар ұнамады сондықтан мәселені төтесінен қойды.
Қазақстан экономикалық жетістіктерге жету үшін «үнемдеу» кезеңінде тұрлаулы шешім жасай білді. Президентке бұл жетістіктерді адамның игілігі үшін – оның өмір сүру деңгейін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйесін дамыту, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту және т. б. үшін пайдаланылуы керек болды. Оның идеялары түсіністік пен қолдау тапты, алайда бұрынғы қалыптасқан принциптерден бас тартқаны үшін оны сынға алғандар да болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланысымен бірқатар күрделі дағдарыспен бетпе-бет келді. Бұл оның көшбасшылық рөлі үшін айрықша сын болды. Ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған күрделі жолдардан өту мүмкіндігі шектеулі болды. Кім еркіндіктен гөрі уақытша қауіпсіздікті қаласа, ол еркіндікке де, қауіпсіздікке де лайықты болмаған болар еді. Сондықтан бұл эпицентрдегі жеңістің ең басты формуласы – адамдармен қарым-қатынасты жақсы жолға қою еді. Оның үстіне жан-жақтан анталаған «достардың» да ортақ дүниеден жыртыс алудан дәмесі болмай қалмайтыны білініп жатты.
Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстанды әр мемлекет өз мүддесіне бұрғысы келіп, шалғайынан тартқысы келді. Ал Қазақстанға бәрінен бұрын ұлттық мүдде қымбат болды. Президентке олармен компро­мистік шешімге келуге уақыт үнемдеуге тура келді. Адамзат жаһандану, жаңа технологиялар, геосаяси шиеленістер мен пандемия сынағымен бетпе-бет қалды. Мұндай кезде алғашқы соққыны билеушілердің алатыны айқын. Біздің геологиялық дәуіріміз – антропоценге, яғни, адамзат планетасының тағдырына әсер ететін кезде төнетін сын қауіп-қатерге толы болды. Пандемия кезіндегі адамзат тағдыры бір кеменің үстіндегі ауыр халде болды. Оның жан-жарасы басылмай жатып, тағы бір қатерге ұшырадық. Президент оған асып-саспады, бәрін екшеп, ақыл-парасатынан өткізді.
Саясат болатын дүниені ғана жүзеге асыратын өнер, сондықтан болмайтын бағытқа әуре болмау керек. Президент осы талмауыр кезде өз пәрменімен биліктің барлық тармағына «Халық сөзіне құлақ асатын мемлекет қағидасын» енгізді. Президент осы пәрменімен қазақ ұлтының мүддесін көздемейтін адамдар халыққа қызмет ете алмайтынын бірден аңғартты. Президентті ескі мұраны бірден төңкеріп тастамады деп сынаушылар да болды. 2019 жылы Тоқаевтың Президент болып сайлануы экс-президенттің ойдан шығарған ойыны деушілер де тығырықтан тез шығуға кесірін тигізді. Экс-президенттің 30 жылға созылған ұзақ билігінен кейін, мемлекетті демократиялық жолмен басқаруды бірден бастау мүмкін емес еді. Ол кезде демократиялық бағытта жұмыс істеп тұрған институттар болған емес. Авторитаризмге деген белгілі тенденциялар болды. Заң талаптары авторитарлық жүйе мен жеке тұлғаға табынушылықтың, культтің шылауында қалуы көптеген кедергілер жасады.
Ел Конституциясы бойынша бірде-бір саясаткерге индемнитет берілме­ген. Тұңғыш президенттің әбден сеніміне кіріп алып, байыған үстіне байып, мемлекет қазынасына салық төлеуді міндет санамағандар күшейіп кеткені бұрыннан байқалған-ды. Онымен тұрмай олардың әрқайсысы бір-бір камондорларға айналуы адамдардың ашу-ызасын туғызды. Президент экс-президентке арқа сүйеп келген олигархтарға жанын ауырпайтындай етіп, анестизия жасауды қолға алды. Осылайша дандайсыған плутократтарға бір бүйірден соққы берді. Отбасы калодасындағы кейбіреулер өз амбицияларын көрсетіп те бақты. Ол реакциялық, консерваторлық күштердің алдын-ала ойластырған схемалық жоспарын шашып тастады.
Әлемде ешбір төңкеріс демократияның шынайы институттарын алмастыра алмаған. Қаңтар күндері көтерілісті ұйымдастырушылар осыны ескермеді. Олардың арасында классикалық арандатушылар да болды. Қазақстан Қаңтар оқиғасы кезінде перманенттік соғыс жағдайында қалды. Президент шахмат тілімен айтқанда цейтнот жағдайында тұрып, жедел түрде ұтымды жүріс жасады. Ол билік тұтқасын қолында сенімді екенін көрсетіп, қоғам өмірінің барлық саласын паршалап тастауға жол бермеді. Көтерілісшілер алдында бас иілмейтінін, Мемлекет өзінің алған бағытынан ешуақытта кейін шегінбейтінін білдірді. Бұл айтуға ғана оңай. Бас-басына билікке ұмтылып, сын сағатта өрт қоюға тырысқан топтар саяси үйлесімділіктің бұзылуына себептер іздеп аласұрды. Президент осы алмағайып кезеңде қоғамдық пікірлермен санасатынын байқатты. Сондықтан ол қоғамда саяси тайталасқа жол бермей, колаборацияға – ынтымақтастыққа шақырды. Бұлай өмір сүру мүмкін емес еді. Президент өзара қарым-қатынаста үнемі өктемдікті басты құрал ету, қысым жасаумен өмір сүру аса қатерлі екенін білді. Сондықтан қоғамды жайлаған ауыр сындардан сауықтырудың жолын тез қолға алды. Ол Қаңтар қасіреті кезінде тәуелсіздік идеалдарын толық қамтамасыз ету жолында кез келген ауыртпашылықты жеңу үшін ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Бүгінгі қолға алынып жатқан іс-қимылдар болмысы сипатының мәні осындай болғанын және осы түйіннің растығын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шынайы және сенімді демократ. Ол абсолютизм режиміне және оның қызметшілеріне қарсы күрес ашты. Халықтың мүдделерін жанкештілікпен қорғады, тек бұрынғы иерархиялық жүйені ғана емес, сонымен бірге байлықтың шығу төркінін де әшкере етті. Ескі Конституция пайдасыз кітап болды және ол халықтың бостандығын жөргегінде тұншықтырды. Мұндай кітаппен өмір сүрудің ендігі мәні жоқ еді.
Конституцияны өзгерту қашан да оңай болмаған, ол батылдықты талап етеді, оған мінездің беріктігі қажет, ағымға қарсы тұру үшін, бәріне немесе барлығына дерлік қарсы тұру үшін де, оның дұрыстығына берік сенімділік қажет болды!
Өткен отыз жылда Қазақстанда бір ғана президент ауысты. Мемлекет 30 жылда бір орнында батпақтап, тұралап қалды. Заңның аясында, тудың әділдігі астында сөз алып, әрекет еткен тираннан асқан жау жоқ. Өткен 30 жылда экс-президент билікті «нақсүйеріне» айналдырды. Билікті бейбіт түрде тапсырғанмен қоғам алдында оны десакрализациялаудың классикалық процесін жүргізіп бақты. Оған қарсы наразы топ бейбіт түрде күрес жүргізді, нәтижесінде ол бәрі жек көретін узурпатор – тиранға айналды. Әрине, экс-президент пен іс басындағы президент бір-біріне кереғар тұлғалар. Осыған орай, Француздың атақты президенті де Голльдің: «Тек бір ғана президент билікті қолында ұстайды және оны жалғыз өзі ғана беруге құқылы», – деген фразасын еске алсақ та болады. Қасым-Жомарт Тоқаев – күшті президент бола отырып, билікті премьер-министрмен, Парламентпен бөлісуді қалады. Экс-президенттің кезінде бұл үш билік институты іс жүзіндегі міндетті жұмысын дербес жүргізуге мүмкіндігі формалды болды. Президенттің бүкіл атқарушы билікпен бір қатарда бір саяси партияға мүше болуы, күндердің күнінде дұшпандыққа айналатынын елестету, қиын емес еді. Сондықтан ол ойын ережесінің орнын ауыстырды.
Экономика – ешқашан өтірік айтпайды. Үкімет экономиканы жақсы басқарса, ол дамиды, ал басқара алмаса, кері кетеді. Сондықтан Президент ең алдымен, әлеуметтік дамудағы дағдарысты шешу жолдарын қолға алды.
Президент сол кезде әлеуметтік қайта құрудың ықтимал жолдары туралы белгілі бір стратегиялық тұжырымдарға барды. Ол жаңа раундты – экономиканы реттей отырып, өзара келісімге баруды алдын-ала болжап, кейнсиандық емес, тіпті нео-кейнсиандық та емес, мемлекетті басқарушы, өз қызметкерлеріне қамқорлық жасайтын мемлекеттік менеджер ретінде іске батыл кірісті.
Мемлекеттік аппаратты жаңа жағдайларға сай түбегейлі өзгерту қажеттігі – бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі. Радикалды реформалардың негізгі тежегіші ретінде Президент атқарушы биліктің бұрыннан мызғымай келген белгілі бір принциптерді бұзудан қорқатынын атап көрсетті. Бұл шын мәнінде ұзақ уақыттар бойы догматизмнің тұтқынында болғанымызды көрсетіп берді.
Оның дипломатиядағы файльдары бай, полифониясы толық қуатталған. Президент БҰҰ-ның 5 тілінің 4-ін жетік меңгерген. Бірақ оның іскерлік қасиеттері елдің премьер-министрі болған кезде ашыла түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өте қиын уақытта билік басына келді және оның алдында қиын уақыттар күтіп тұрды. Адам тұлғасының өзіндік құндылығы түскен жылдары оның ойының өзгергені анық еді. Бірақ президент ретінде оның бар мүддесі – өз халқының үмітін қорғап, қорқынышын сейілту болды. Президент өз принциптеріне адалдық таныта отырып, «Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын» деп уәде берді.
Президент тарихқа еуропалық көкжиектегі жарқын жұлдыз ретінде ене ме, әлде саясат аспанында метеормен құйрықты жұлдыздай жарқырай ма, оны болашақ көрсетеді. Бірақ халықтың өз Президентіне деген ниет қалауы дұрыс. Қасым-Жомарт Кемелұлына ізгі ниет пен демократия тән. Осы қасиеттердің арқасында ол билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюдың қиын жолымен жүруіне тура келді. Ол бұрынғы идеологиялық және саяси догмалардан алшақтап, жаңа тұрпатты категориялармен қадам басты. Оның көзқарастары, жалпы алғанда, ескі формациядағы адамдармен қатар айтарлықтай эволюцияға ұласты.
Президент үшін қазақ ұлтының ерекшеліктерін, ұлттық дәстүрлерді, Қазақстанның тарихи тәжірибесін ескеру қажеттілігі ең маңызды болды. Тоқаев және оның командасы Қазақстан қоғамының жаңаруын бұрынғыны жеңу, командалық-әкімшілік жүйеден бас тарту, қоғам дамуының демократиялық, гуманистік мәнін жандандыру деп ойлады. Сондықтан ол таңдау шегінде саяси және экономикалық реформаларды батыл қолға алды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елді Елбасы билеген 30 жыл бедеріндегі «күйреу дағдарысынан» ауыр мұра қалды. Ұлтты сақтап қалудың, жеке ел, мемлекет болудың ең бір сындарлы сәті қыл үстінде тұрды. Осы бір қиын сәтте Президент ұлттық мемлекетті сақтап қалу жолында ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Бізді ұлы халық ететін, біздің байлығымыз емес, біздің оны қалай пайдалануымыз керектігі анықталды. Президент «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы қағидатын қалыптастырды. Ескі биліктен қалған «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласы өзгеріске түсті.
Президент элитарлық топтардың партикулярлық мүдделерін бәрінен жоғары қойып, мемлекеттік мекемелердің атынан антиәлеуметтік сипатта жұмыс істегендердің бет-пердесін ашып берді. Ықпалды топтардан тұратын саяси элитаның арасында көлеңкелі жасырын бизнес дамып, ол елдің тұрақтылығының бұзылуына әкеліп соқтырған әрекеттерінің сыры ашылды. Президенттің алдында осынау талмауыр кезеңде екі таңдау тұрды. Бірі – ескі сүрлеумен жүріп, байлыққа кенелу, екіншісі – мемлекетке адал қызмет етіп, ескі мұрадан бас тарту. Президент екінші жолды таңдады. Керексіз заңдар, керек заңдарды әлсіретеді, деген қағида бар. Тәуелсіздіктен бергі 30 жылда бәсекеге қабілетті экономикада да, кемелденген саяси конструкция жасай алмадық. Саяси партиялар болғанмен, зайырлы саяси жүйе қалыптаспады. Парламент болса да, парламентаризм болмады. Соттар жұмыс істегенмен құқықтық мемлекет құра алмадық. Бұл жолда жалаң лозунг көтеріп келдік. Халық ел экономикасынан пайда көре алмады. Бұл бағыттағы саясатты билік пен олигархтар кеңесіп шешіп отырды. Өткен 30 жылда олигархиялық топтарды іштей балалатып жібердік. Олардың басқару тетігінде еркін жүзу мүмкіндігі жоғары болды. Осыдан келіп, жемқорлық экономикалық ресурстарды бөлісіп, көлеңкелі механизм орнықты. Ат төбеліндей бай шағын топтың уысында жинақталған ұшан-теңіз байлықтың қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатып, тек жекелеген миллиардерлердің ғана қалтасын қампайтты.
Бұрынғы билік иесі жеке шаруашылығын жүргізетін домен қалыптас­ты­рып кетті. Президент риторикасы – әділдік принциптерінен қаланды. Президент бизнес-элитамен кездесуде бір адамның қолында бизнестің орасаң зор шоғырланғанын айта келіп, мұндай жүйенің қоғамда сенімсіздік пен депрессияны тудыратынын, оның соңы әділетсіздікке әкеліп соқтыратынын атап өтті. Экономиканың жағымды тұстарын тарату кезінде фаворитизмнен бас тарту қажеттігін де атап өтті.
Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының 2022 жылғы 77-сессиясында сөйлеген сөзінің лейтмотиві: «Менің елімде әділдік салтанат құруы тиіс» деген тезис болды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны өзінің саяси бағытының негізгі қағидасы деп жариялай отырып, қоғам мен мемлекеттің негізгі салаларының қызмет етуінің түйінді принциптерін айқындады. Олар – ашық және еркін қоғам, адал бәсекелестік бар инклюзивті нарықтық экономика халыққа қызмет ететін кәсіби мемлекет. Жүйе өзгеріске түсіп, Әділетті Қазақстанды құруға алғышарттар жасалды. Президент студенттермен, болашақ жас мамандармен жүздесу барысында ендігәрі Қазақстаннның қазба байлықтары табиғаттың берген тартуы «олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады» деді. Оны Конституция деңгейінде бекітті. Арнайы қор құрылып, ол халыққа қарай бұрылды. Қазақстан байлығы 162 байшікешті құраған квесторларға (қазынаны ұстаушылар, саяси қайраткерліктің алғашқы баспалдағын аттаушылар) айналған болатын. Олардың бәрі бірдей дүние-мүліктік цензге ие болған адамдар тобын құрап, центурияға айналғанын бәрі көрді. Олардың көпшілігі клаузуланың қарапайым шарттарын бұзды. Ал ол өз кезегінде ұлттық пиасаның (рыноктың) арасында делдалдық етуші жергілікті саудагер немесе кәсіпкер, бұрынғы метрополияның ірі монополистерімен тығыз байланыс құра отырып, жасырын байшігештер армиясын балалатып жіберуге апарып соқты. Құқықтық қарым-қатынас құрып, мәміле жасауға яғни, конклюдентті іс-әрекеттердің жолын жапты. Нәтижесінде азаматтық қарым-қатынастағы контрагенттік келісім шарттардың талаптары қалыптаспады.
Президент алғашқы кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерінің жолын кесті. Бизнес саласындағы рейдерліктің жолын кесіп, креативті ұлттық экономиканың моделін енгізуге жол ашты. Сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің шынайы платформасын қалыптастырды. Сыбайластыққа қарсы «Уотергейт принципін – Үкіметтегі коррупцияның үкімет орнынан түскен соң хабарлану тәртібін бұзды.
Президент ең алдымен саяси биліктің динамикасына назар аударды. Мемлекет басшысы прерогативасы құқығында репрезентативтік өкілдігін ақылмен қолданды. Жоғарғы бас қолбасшыға Қауіпсіздік Кеңесінің төр­ағалығын алғанға дейін күш құрылымдары декларативті түрде ғана бағынды. Мұндай практика (Қытайдан басқа) әлемдік тәжірибеде бұрын орын алмаған. Қаңтар оқиғасынан кейін олардың барлығы өз қызметтерінен босатылып, кейбіреулеріне іс қозғалды. Қоғам оның түзіліміне калейдоскопиялық түрде ерекше мән берді. Қоғамның протестік талабын тыңдап, оны түзету мақсатында Ұлттық Құрылтай шақырды. Құрылтай өз кезегінде азаматтық қоғамның билікпен сөйлесуінің платформасына айналды.
Қылмыстық сот статистикасында көрініс таппайтын, сырттай байқал­майтын, дамудың латенттік-жасырын құбылысының жолы кесілді. Бұрын­ғы құрылған демократияның декорациялық пердесін ысырып тастап, легисатуралық (заң шығарушы өкілдік) орган белгілеген өкілеттілік мерзімі қызметін қолдады. Қаңтар оқиғасынан кейін, мемлекет, қоғам мен оның экономикасы күрделі экзогенді және эндогенді дағдарыстармен бетпе-бет қалды. Осы жолда Президент Мемлекеттің экономикалық саясатына басымдық берді. Алғашқы ретте демоэкономикаға – яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуындағы негізгі 4 бағытты – өркендеу, жарқын болашақ, тұрақтылық, өркендеу жолдарындағы үндестік гармониясын қалыптастырды. Ел экономикасын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар жүргізді. Жаңа Қазақстан «Назарбаев синдромынан» толық азаттық алып, инвестицияның жаңа көздерін табуға әрекеттенді. Оны әлеуметтік топтар бойынша жіктеу, қалалардың дамуы, оның инфрақұрылымы туралы тұжырымы қоғам тарапынан қолдау тапты. Қазақстандық институционализм Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бағытының қалыптасуына идеялық негіз қалады.
2022 жылғы Президент сайлауы ерекше жағдайда өтті. Сайлау кезінде Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси бейтараптық ұстанды. Партиялар мен елуге тарта түрлі қоғамдық ұйымдардың саяси ұстанымдары мен сайлауалды бағдарламалары Президенттің стратегиялық бағдарламасымен сәйкес келуінің өзі, олардың Тоқаевты қолдауын білдіреді. Түптің түбінде олардың баршасы Президентті қолдау бойынша коалицияға бірігуге алып келді.
Демократия – бүгінгі әлемнің айшықты сипаты. Демократиялық жүйенің түбегейлі орнығуында саяси, экономикалық салалардағы алғышарттардың маңызды екені белгілі. Алайда азаматтардың құндылықтары мен ұстанымдарынан ол нақты орын алғанда ғана демократияның өміршеңдігі мен баяндылығы қамтамасыз етілмек. Ал оның деңгейі, өз кезегінде, елімізде озық ілім-біліммен, саяси орнықтылықтың қалыптасуымен, оған барлық азаматтардың қолы жете алатындығымен өлшенбек.
ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне аяқ басар тұста – халқымыздың тарихи дамуының беталысын айқындайтын маңызды оқиғаларға толы болды. Қазіргі заманғы адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы іспетті демократиялық саяси жүйеге нықтап аяқ бастық. Ал мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген саяси, экономикалық, рухани салалардағы түбірлі өзгерістерді қажет ететіндігі белгілі. Барынша күрделі де жауапты бұл құбылыс, сайып келгенде, еліміздің бүгіні мен ертеңін саралап қана қоймай, әрбір жеке адамның саяси болмысына да игі ықпалын тигізіп келді. Егер біз өмір сүріп отырған қоғамды өзіндік ұстаным мен бағдарға ие еркін азаматтардың бірлескен ортасы ретінде қарастыратын болсақ, онда осынау өзгерістер адам санасының саяси ой-оралымының жемісі деп айтуымызға әбден болады.
Сайлау да өтті, қабылданған реформалар жүзеге асырылуда. Бұған дейін Конституциялық реформа өткізілді. Президент сайлауы өтті. Ұлттық құрылтай өткізілді. Сәтті басталған бастамалар ұлы мұрат жолындағы бағытымыздың мақсаты мен міндетін айқындап берді. Мемлекет басшысы өзінің былтырғы халыққа арнаған Жолдауында аралас сайлау жүйесін енгізуді бастама етіп көтеріп, пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін бірге қолдануды ұсынды. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі де осында. Өткен сайлауды Қазақстан тарихының жаңа кезеңі деп толық айтуға болады. Ол өз кезегінде – елдегі саяси реформалардың шыңына жеткенін айғақтап берді. Ол туралы Мемлекет басшысы нақты айтып та берді. «Біздің болашағымыз – айқын нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек», деді. Осы жерде бұл сайлау соншалықты маңызды ма еді деген сауалдың туындауы да мүмкін. Жауап бар, иә, маңызды, өте маңызды! Өйткені, Қазақстан қоғамы бұл сайлау үшін өте қымбат құн төледі. Біз енді «Қасіретті қаңтар» оқиғасының ұмтылмауына ғана емес, қайталанбауына да жауаптымыз. Оның нақты жауабы – әділет салтанат құрған елде өмір сүру болса керек. Мәреге жеткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау – әділдік жолындағы тағдыршешті әрекеттің айғағы.
Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – Конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауды қолға алды. Сонымен Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланды. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтті. Ал, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс берді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталды. Енді сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне де мүмкіндік барынша жасалды.
Мәжіліске депутат болудан барлығы – 892 кандидат үміткер болды. Осылайша, кандидаттар саны бойынша бұл сайлау 19 жыл бұрынғы рекордты жаңартуға жол ашты. Егер фактілерге жүгінсек, Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет 1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикаҫы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары сайланды. Сол тұстағы бір палаталы парламентке сайлануға – 910 кандидат таласты. Соның ішінде – 177 кандидатқа парламенттен орын бұйырды. Заң шығарушы органға – 135 депутат мажоритарлы жүйе, 42 депутат (Президент тағайындаған) мемлекеттік тізім бойынша өтті. Байқасақ, 19 жыл бұрынғы сайлаудағы кандидаттардың саны қазіргіден 18 адамға артық болғанымен, бірақ сол тұңғыш сайлауда бір мандатты округтердің саны қазіргі сайлаудан 4,5 есе көп болды. Мажоритарлы жүйе арқылы әр орынға орта есеппен бұрын б кандидаттан келсе, бұл жолы 21 кандидаттан келді. Бір жарым жылдан кейін Жоғарғы Кеңес таратылды. Оның орнына қос палаталы парламент – Сенат пен Мәжіліс пайда болды. 1995 жылдың соңында мажоритарлы жүйе бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. Саяси додаға – 321 кандидат тіркелді. Соның ішінде 141 кандидат өзін-өзі ұсынды, 180 кандидат партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің атынан түсті. Демек, 67 мандатқа орта есеппен 5 кандидаттан келді. Мәжілістің келесі сайлауы алғаш рет аралас жүйе бойынша өтті. Дегенмен, 1999 жылғы сайлауда бұрынғыдай 67 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланды. Барлығы 597 кандидат депутат болуға ниет білдірді. Әр орынға орта есеппен 9 кандидаттан келді. Оның үштен екісін өзін- өзі ұсынғандар құрады.
Ғасырлар тоғысындағы парламент мінберінен депутаттар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді ашық көтере білді. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бес жыл бұрынғы талап пен тәртіп сақталды. 67 мандатқа 681 кандидат таласты. Орта есеппен бір орын­ға 10 адамнан келді. Бұл жолы өзін-өзі ұсынғандар саны аз болды. Оған сайлауға 12 партияның қатысуы ықпал етті. Парламент Мәжілісінің үшінші шақырылымынан кейін Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас жүйесінен бас тарту туралы шешім қабылданды. Келесі төрт сайлау науқаны кезінде, атап айтқанда, 2007, 2012, 2016 және 2021 жылдары қазақстандықтар тек партияларға ғана дауыс берді. Ал, партия мандатты тізім бойынша бөлінді. Осы жүйенің салдарынан Мәжілісте көпшілік тани бермейтін депутаттар пайда болды. Әрине, парламентті қалыптастырудың қай қағидасы оңтайлы екендігі туралы көп пікірталас жүргізуге болады. Оған қатысты әркімнің өз айтар уәжі бар. Бір жағынан, сайлаудың пропорционалды жүйесі партия­лардың елдің саяси өміріндегі рөлін арттырды. Басқа қырынан қарасақ, партиялық тізімдер бойынша депутаттарды сайлау олардың сайлаушылар ал­дын­дағы жауапкершілігін төмендетеді. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейтінін ескерсек, сайлаудың аралас жүйесіне бұрын жіберілген қателіктер арқылы қайта оралғанымызға түсіністікпен қарауға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылық еткен саяси реформасымен Мәжіліс депутаттарын сайлаудың мажоритарлы жүйесі қайта оралды. Президенттің шешімі дұрыс болғаны осы сайлау науқанында бір мандатты округтер арқылы өзін өзі ұсынған кандидаттардың көптігінен байқалады. Бәсекелестік деңгейін арттыру, интриганы күшейту, саяси амбициясы бар белсенділердің төбе көрсетуі, олардың өз мақсаттарын өркениетті түрде – сайлаушылардың дауыстары үшін күреске қатысу арқылы жүзеге асыруы сияқты факторлар мажоритарлы сайлау жүйесінің артықшылығын көрсетіп берді. Бір сөзбен айтқанда, семіп қалған сайлаудың тамырына қайта қан жүгірді. Сайлаудың пропорционалды жүйесі елдегі онсыз да саны аз партиялардың саяси рөлін арттыра алмады. Оған Мәжілістің соңғы төрт шақырылымында жалғыз «Нұр Отан» (Amanat) партиясының басым мандатқа ие болғаны дәлел. Бұл – бір. Екіншіден, бәсекелестік жағдайда, елде саяси партия құрудың күрделі талап-тәртібі 20 жылдай уақыт бойы жаңа партиялардың пайда болуына мүмкіндік бермеді. Ата заңдағы соңғы өзгерістер осы олқылықтардың орнын толтырды. Енді мажоритарлы сайлау жүйесі жаңа тұлғаларды таңдауға жол ашты. Саяси реформа былтыр жаңа екі партияның («Respublika» мен «Байтақ») тіркелуіне алып келді. Сайлауға келер болсақ, өте жоғары деңгейдегі прогресс байқалады. Аралас сайлау осының дәлелі. Сайлау кезінде келісім мен үйлесім байқалды. Сайлаушылардың мәдениеті, белсенділігі жоғары деңгейде болғанын көрсетіп берді. Жалпы, Қазақстанда демократия деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын көреміз. Қазақстан демократияға жетуге қадам жасап отыр. Әрине, оған көп уақыт қажет, ұзақ жолдан өту керек, бірден демократия орнай қоймасы анық. Алайда қазақ елінің оған деген ұмтылысы жоғары, «барлығына қарсымын» деген графаны осы сайлауда ғана көрдік. Бұл бағалауға тұрарлық нәрсе, демократиялық елдің көрсеткіші. Мәселен, ешбір партияның ұстанымымен, қадамымен келіспейтін тұрғындардың болары хақ, олармен де санасу керек. Осы жерде адамдардың барлық санатына таңдау жасауға мүмкіндік бар, тіпті ол келіспейтін позицияда болса да. Барлығы стандарт бойынша дұрыс, анононимдік ереже сақталған. Дауыс берушілердің емін-еркін таңдау жасап, лебіздерін білдіруге де мүмкіндік болды. Жалпы алғанда, сайлау үдерісі, реформалардың орын алуы, саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан бірқатар ТМД елдерінің алдына шықты десек те болады. Қазақстан – БҰҰ-ның негізгі конвенциялары мен хаттамаларының бәрін ратификациялады және ұлттық деңгейде адам құқықтары саласында өзара белсенді іс-әрекет механизмдерін жасады. Өзін өзі ұсынған 400-ден астам кандидат бір мандатты бәсекеде бақ сынауының өзі демократияның белгісін білдіреді. Орталық сайлау комиссиясы қосымша екі партияға пропорционалды бәсекеге қатысуға рұқсат берді. Бәсекелестіктің кеңеюі электоратқа қуат берді.
Бүгінде халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Ел Президенті халық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жедел қарқынмен, толымды түрде оны жүзеге асырып келеді. Президент былтырғы наурыз Жолдауындағы бастамалардың жаңа міндеттерге, соны жобаларға арқау болуы озық идеяларға деген ізденістің, кемелдікке ұмтылыстың жалғасып отырғанын паш етеді. Қазақстан осы бір ғана жыл ішінде күрделі де тарихи жолдан өтті. Бұл, шын мәнінде, ғасыр жүгін арқалаған ғаламат кезең болды. Оны Қазақстан елден, жерден айырылмай, алауыздыққа ұрынбай, абыроймен өткерді. Бұл бізге алда тұрған асқаралы асуларды еңсеруге рухтандырып, серпінді сенімділік пен қуатты күш берді. Осы жолдан айнымасақ, бірлігіміз бен берекелі тірлігімізден жаңылмасақ, талай биіктерге еліміздің басы аман, бауыры бүтін болып жетеріміз сөзсіз.
Президент VІІІ сайланған Парламенттің І сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, жаңадан сайланған депутаттарға нақты ұсыныстар берді. Мемлекет басшысы: «Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеші болды, дей келе, алған бетімізден қайтуға болмайды, деді. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс» деді.
Мемлекет заңдарына бас иіп, азаматттық қоғамды қалыптастыруда бір ғана күшті танып, оған өз еркімен бағынып және қоғам ауыртпалығын көтергенде ғана алға басамыз.
Кез келген шынайы демократияда Парламентке артықшылықтар беріл­ме­ген, бірақ ол әділдігіне келгенде, басқасынан гөрі бір адамға жүктеуге бол­майтын ауыр міндет. Тек заң ғана осы ауыртпалықтарды депутаттарға ғана жүктей алады. Демек, депутаттардан осы іске адал болуларын сұраған болар едік.
Әр нәрсенің өз бағасы болады. Әлемнің түрлі елдерінен келген халықаралық байқаушылардың көптігі Жаңа және Әділетті Қазақстандағы жаңа мемлекеттік модельге деген халықаралық қызығушылық бар екенін көрсетіп берді. Өткен сайлау ел халқына қажет өзара сенім туғызатын осы мемлекеттік модельді іске асырудағы нақты кезең болды. Сайлау – қазақстандық қоғам мен демократияны дамытуда, билік пен халық арасындағы қарым- қатынаста ілгері жасалған қадам посткеңестік елдердің тәуелсіздік алып, гүлденген кезеңі деп айтуға болады.
Қазақстан қазіргі жағдайда ерекше даму жолына түсіп отыр. Кеңес Одағының құрамында болған 12 ел әлі де болса ішкі, сыртқы қақтығыстардан арылған жоқ. Аймақта бейбітшілікті қазақ елі ғана үкілеп сақтап тұр. Әрине, жасырып қалуға болмайтын жәйттер де бар. Ішкі қақтығыс жағдайларды да өткердік, алайда оның шешімін тауып, елдегі татулықты сақтап қалдық. Бұл әлеуметтік-экономикалық наразылықтар. Мемлекет басшысы қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтудан кенде қалған емес. –Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық берілуі беріледі. Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бірауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ, – деді Президент.
Мемлекет басшысының бар ойы қоғамдық даму институттарына үлкен міндеттер жүктейді. Азаматтық қоғамның арқа сүйері – демократия. Бұл жерде биліктің үш тармағы бір-біріне бағынбауы тиіс. Бұған жоғарыда айтқанымыздай, азаматтық қоғамның алғышарттары дәйек болып табылады. Мемлекеттік билік пен азаматтардың арасындағы белгілі байланыс азаматтық қоғам арқылы өлшенеді. Бұл – әлемдік үрдіс. Дамыған елдерде азаматтық қоғам өкілдері қоғамда болып жатқан бастамаларды сараптап, өз ойларын ортаға салып отыратын дәстүр бар. Еліміздегі азаматтық қоғам соңғы 5 жылда ғана тұрақты қалыптасып, дамып келеді. Партиялар мен қоғамдық институттардың бастамалары жанданып, позитивті позицияларда дамып отыр.
Демократия дамымаса, қоғам да, экономикада дамымайды. Демократия­ның басты талабы – адам құқығы мен меншікке кепілдік. Өткен референдум бойынша оған барлық жағдай жасалған. Бұл қатарға кешегі өткен сайлау науқанын да қосуға болады. Сайлау туралы заң кейбіреулер қалағандай өзгерістерге ұшырамаса да, оған партиялық тізімнен бөлек, өзін-өзі ұсынушылар да бір мандатты можаритарлық жүйе тәртібінің енгізілуі – бұрын-соңды еш партияға мүше болмау себепті сайлаудан тысқары қалатын азаматтардың азаматтық позициясын білдіруіне қызмет етті. Бұл да халықтың оянып, азаматтық белсенділік танытуға шақыратын механизмдердің бірі болды. Мұның өзі отыз жылдық авторитаризмнен кейінгі қоғамның санасының бір сілкінуіне жол ашып берді. Демек, саяси тұрғыда алға жылжу бар деп айтуымызға болады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Бәріне бірдей жағатын заң жоқ. Қарнының ашқанын биліктен көретіндер елімізде демократия жоқ деп көкезуленеді. Шындығына сайсақ, оның үлкен бір себебі, экономикада жатыр. Экономика да көтерілер, бірақ әлгі адам сол кезде де тағы бірдеңені ойлап табатыны анық. Ал біз ондайлармен Жаңа Қазақстанды ілгері дамыта алмайтынымыз анық. Бізге қазіргі ең маңыздысы – бұл бағытта билік пен халықтың мақсат-мұратын бір арнадан шығуы болып тұр.
Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарынын сайлауына орай «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы 16 сағаттық «Сайлау-2023» онлайн марафонын үйымдастырды. «Сайлау-2023» онлайн марафоны – еліміздегі саяси науқан кезіндегі ең басты ақпараттық алаңға айналды. Онлайн трансляциялардан бөлек, барлық республикалық телеарналар дискуссия және дебат алаңдарынан бір мезетте тікелей қосылымға шықты. Естеріңізге сала кетейік, бұл – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының мұндай ауқымдағы іс-шара өткізудегі үшінші тәжірибесі. Марафон жаңалықтары арнаның Telegram-каналында 16 сағат бойы үздіксіз жарияланды. Марафонға 2 мыңға жуық адам қатысса, ауқымды жобаны республикалық арналар эфиріндегі белгілі деген 18 тележурналист жүргізді. Атап айтқанда, «Дискуссия», «Дебат», «TEDx», «Экспресс-камера», «Брифинг» алаңдары сәт сайын түрлі тақырыптарда талқылаулар, жедел брифингтер ұйымдастырып, дауыс беру белсенділігі бойынша аймақтардан және шетелдерден тікелей қосылымдар жасалды. Марафонның «Брифинг» алаңында сайлаушылардың саяси белсенділігі бойынша әр сағаттың басында жедел баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас проку­ратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісті. «Сайлау ерекшеліктері», «Парламент пәрмені», «Мәслихат мінбері», «Мемлекеттік басқару реформасы», «Инвестиция», «Монополия және олигополия» сияқты саяси-қоғамдық тақырыптар талқыланатын «Дискуссия» алаңында спикерлер өз пікірін білдірді. Осы тұста халық өкілдігінің билігі идеясының кеңейе түскенін айту керек. Халықтың саяси элита болуға мүмкіндігі ашылды. Қоғамда саяси амбициясы бар адамдарға, қоғамда өзін танытқысы келген азаматтарға жаңа тетік пайда болды. Сондықтан өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдалануға болады.
«Еліміздегі өкілдік басқару формасына сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік басқару ісіне өз өкілін тағайындайды, өз өкілін сайлайды. Яғни өз өкілі үшін дауыс беру үдерісі «сайлау» деп аталады. Азаматтар сайлауға бару, дауыс беру, өз дауысының қалай әсер ететінін бақылау дегенге жауапкершілікпен қарай бастағаны байқалды. Ендігі кезекте олар өз округтерінен сайланған депутаттардың жұмысын бақылайды. Бір жыл ішінде олар депутаттардың жұмыстарына көңілім толады немесе толмайды деген пікір білдіре алады. Қайтарымды мандат бойынша азаматтар ең алдымен сол округтегі сайлаушылардың он пайыз дауысын жинап, қайтару үдерісін бастайды. Одан кейінгі кезекте сайлау комиссиясына барып, округтегі халықтың 50 пайызының сол кандидатқа қарсы екенін айтып, дауыс береді. Одан кейін басқа депутат сайлау үшін дауыс беруге болады. Яғни бір депутатты қайтару үшін азаматтар үш мәрте азаматтық ұстаным танытуы керек. Сондықтан өте жауапты және азаматтық қоғам тұрғысынан оның дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «мәслихаттар осыған дейін гибридтік қызмет атқарды. Олар мемлекеттік жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару қызметін бірлесе атқарды. Президент осы орайда олар өзін-өзі басқаруды қолға алу керегін нақты айтты. Бұл дегеніміз мәслихаттар бәрінен бұрын жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуі керек. Ол жергілікті жерлерге берілген жер қатынастары, шағын және микробизнес салығы мәселелерін олар өз құзырына алуы қажет. Жергілікті жерлердің абаттандырылуы мен экологиялық жағдайы да жергілікті деңгейде шешілуі керек», деді ол.
Мемлекет басшысы сайлау туралы да өз ойын ашық білдірді. «Шын мәнінде, бүгінгі сайлау – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы елімізде жүріп жатқан саяси трансформацияның ажырамас бөлігі. Сондықтан жаңа құрам алдында тұрған міндеттің жүгі ауыр. Олар қоғамның ішінен шыққан білікті маман болғаны ләзім. Себебі әр саланың өзіндік қордаланған мәселесі бар. Демек, жаңа құрам сапында әр саладан келген сауатты және ең маңыздысы ұлттық мүддені қорғай алатын, ұлттық мүдде үшін күресе алатын адамдарға деген сұраныс жоғары», деді.
Қазақстандағы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылаған шетелдік байқаушылар сайлау үдерісінің барысына жүргізген мониторинг нәтижесінде өрескел заң бұзушылықтардың тіркелмегенін мәлімдеді. Қазақстанға келген халықаралық байқаушылардың айтуынша, оларға өз жұмыстарын кәсіби түрде орындауға барлық жағдай жасалған. Жалпы, Мәжіліс сайлауын 793 шетелдік байқаушы қадағалады. Олардың 131-і – 41 шет мемлекеттен және 662-сі – 12 халықаралық ұйымнан келген. Әсіресе, Еуропа елдері парламенттік сайлауға елеулі үлес қосты. Саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылады. Сарапшылардың айтуынша, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың тарапынан Қазақстанға мұншалық назар аударылуы – еліміздің халықаралық ұйымдармен белсенді әрі нысаналы жұмысының нәтижесі, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі. Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келген халықаралық байқаушылар сайлауда дауыс беру ашықтық, айқындық жағдайында және сайлау заңнамасына толық сәйкестік жағдайында өткенін бірауыздан мәлімдеді. Сондай-ақ олар сайлаушылардың азаматтық санасының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Өйткені таңертеңнен бастап сайлау учаскелері жабылғанға дейін еліміздің әр шалғайында тұратын адамдар партиялар мен кандидаттарды іріктеуге белсене қатысқан. Сарапшылардың айтуынша, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың тарапынан Қазақстанға мұншалық назар аударылуы – Қазақстанның халықаралық ұйымдармен белсенді әрі нысаналы жұмысының нәтижесі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі. Сайлау кезінде ұйымдастырылған халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) және АҚШ байқаушылары атқарған миссияларының қорытындысын жариялады. Жалпы, сайлау учаскелерінің ашылуы ұлттық заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Сайлау учаскелері, техникалық жарақтармен, қызметкерлермен қамтамасыз етіліп, байқаушыларға арнайы аумақ бөлінген. Сайлау барысына тиісті мониторинг жүргізілген, онда елеулі кемшіліктер орын алмаған. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өткен. Осыларды ескере отырып, Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халыкаралык стандарттарға сәйкес, сайлау ашық, бәсекеге қабілетті болғанын мәлімдеді.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау заңға және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін, бюллетеньдер беру, көрнекі үгіт-насихат құралдарын орналастыру, дауыс беру үдерісін ұйымдастыру, дауыстарды санау тәртібі бойынша заң бұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті. Мұның өзі Қазақстан Республикасында жүйелі және мақсатты саяси реформа жүргізіліп жатқанының белгісін білдіреді.
Халықаралық байқаушылар сайлау органдарының сайлаушылар үшін ауқымды және инклюзивті ақпараттық науқан өткізуін, сайлауға тиімді дайындықты және дауыс беру күнін ұйымдастыруды жоғары бағалады. Алғаш рет аралас жүйе арқылы өткен Парламент сайлауы халқымыздың ғана емес, шартараптың назарын аударғаны белгілі. Партиялар да, сайлаушылар да саяси доданың қорытынды нәтижесін асыға күтті. Еліміздің тағдыршешті кезеңі саналған бәсекенің түпкілікті қорытындысы жарияланып, төменгі Палатаға 6 партия өтті. Кейінгі жылдары Парламентке мұншалықты көп партия енген емес. Оның үстіне, өзін-өзі ұсынған 6 үміткер мандат иеленді. Ендігі жерде Мәжіліс қабырғасында елдік тұрғыдағы қызу пікірталас болатыны айқын.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек», деді. Осыған орай Президент өзінің саяси тұғырнамасында «Қазақстандағы олигопольдік капитализм әлеуметтік теңсіздікті тудырғанын», сондай-ақ «кедейлік тұзағынан» шығу қажеттілігі туралы, оны құрудағы монополистердің айтарлықтай теріс рөл атқарғанын, олардың үлесіне сарапшылар есептегендей, ұлттық табыстың үштен екі, ал халыққа үштен бір бөлігінен азы ғана тиесілі болғанын ерекше атап өтті. Ал шын мәнінде бұл «көрсеткіш» керісінше болуы керек еді. Әрине, мұның себептері тереңде жатыр. Ең алдымен, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жылдар бойы қалыптасқан теріс трансформациялық үдерістерді атап өту қажет. Шынында да, қабылданған шешімдерге жауапкершілік болмауы, ведомостволық бөліністе сапа мен кәсібиліктің төмендеуі байқалды. Тәуелсіз реформалар жылдарында көптеген мемлекеттік, салалық және аймақтық даму бағдарламасы қабылданды. Данышпан Конфуций: «Қоғамда кетік пайда болса, ол жабылмағанша ілгеру жылжу болмайды, көпшілік қарағайға қарсы біткен бұтақты дер кезінде шауып тастамаса, кейіннен одан опық жейді» деп айтқан екен. Дәл қазір бізге экс-президенттің мәртебесін асырған 30 жылдық жалғыздық емес, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы ынтымақ қажет.
Соңғы екі онжылдықта көптеген бастама сәтсіздікке ұшырады, бағдарламалар мақсатты бағыттар бойынша орындалмай қалды немесе керісінше, мерзімінен бұрын орындалды да үнемі түзетулер енгізіліп отырды, Ал мұның барлығы бағдарламалық құжаттардың қатаң ғылыми-әдістемелік негіздеу сатысынан өтпегендігінен болды. Осылайша, индустриялық-инновациялық негізде экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру үлкен сәтсіздікке ұшырады. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды, бірақ іс жүзінде экономиканы әртараптандыру сезілмеді. Экономиканың өңдеу секторы өз өнімдерінің едәуір бөлігі бойынша әлемдік экономикада ғана емес, ЕАЭО-ның жалпы нарығында да бәсекеге мүлдем қабілетсіз екенін көрсетті. Басқаша айтқанда, ұлттық жоба шеңбері аясында аз немесе мүлдем тиімсіз бағдарламалар мен ішкі бағдарламалардың көптеген түрі жасалды. Бұл құжаттар, шын мәнінде, бағдарламалық жасақтама бола отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқаруға біршама кедергі келтіреді. Өйткені олар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға кайшы келіп, жанама жұмыс істейтін кейбір мемлекеттік бағдарламаларды немесе олардың жеке міндеттерін толығымен қайталады. Басқарудағы бұл сәйкессіздік іс жүзінде барлық экономиканың «Forbes Қазақстан» тізіміндегі «ықпалды» деп танылған бірнеше адамның қолында болуымен байланысты еді. Өйткені жекешелендіру кезінде мемлекеттік меншік мүдделі тараптардың шағын тобының пайдасына шешілді, Ұлттық қор қаражатына қол салу басталды, мемлекеттік сатып алу жүйесі де заңсыздықтар арқылы жүзеге асырылып келді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы сайлануына байланысты сөз алып, Үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын жариялады. Сондай-ақ Үкіметтің атқарған жұмысына қысқаша тоқталып, шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өскенін, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалғанын жеткізді. «Біз соңғы жылдары жаһандық және жалпыұлттық ауқымдағы көптеген қиындықты бастан өткердік. Үкімет күрделі кезеңдегі жаңа талапқа тез бейімделді. Сол арқылы экономиканың тоқырауына жол берген жоқ. Жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап қалды. Шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өсті. Халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалды. Мұның бәріне билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткіздік. Осы ынтымақтастықты нығайта беру керек», деді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс екеніне екпін түсірді. Елімізде аз уақыттың ішінде ауқымды саяси реформа жүргізілгенін атап өтті. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашқанын жеткізді. «Бұл жұмыс жалғаса береді. Бірақ экономикалық өзгерістер саяси жаңғыру үдерісінен кенже қалмауы керек. Сондықтан Үкімет әлеуметтік экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыруға тиіс», -деді.
«Бұл – өте жауапты жұмыс. Азаматтарымыз Үкіметке зор үміт артады, жоғары талап қояды. Ел сенімін ақтау – бәрімізге сын. Мен кеше Парламент сессиясының ашылуында нақты міндеттерге тоқталдым. Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, мынадай мәселелерге баса мән беруге тиіс. Бірінші. Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру», деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ Президент елімізді басты өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі ұстанымын күшейтуді тапсырды. Кейінгі жылдары монополиясыздандыру және шынайы бәсекелестік орта құру аясында байыпты жұмыс жүргізілгеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, қол жеткізген жетістікпен тұрып қалуға болмайды. Үкіметтен экономикалық еркіндікті одан әрі кеңейту және мемлекеттік нарықтық үдерістерге ықпалы деңгейін төмендету үшін жүйелі іс-шаралар талап етіледі. Бұл әдістерді жүзеге асыру еліміздің институцоналды кемеленденуін, оның түрлі ішкі және сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік бермек.
Ең қауіптісі, өңірлердің даму деңгейіндегі, барлық тұрғын халықтың өмір сүруіндегі алшақтыққа алып келді. Өңірлерді дамытудың экономикалық деңгейлерін теңестіруге бағытталған аймақтық саясаттың бұл ұстанымы мемлекеттік басқарудың бұрыннан келе жатқан идеясы болғанымен, алға қойған мақсатқа жетудің нақты нәтижесін көрсете алмады. Пайымдап қарасақ, бұл мақсатқа жету мүмкін емес, өйткені бұл меже методологиялық мағынада әртүрлі табиғи ресурстары бар дамыған елдерде де сынға төтеп бере алмайды. Салалар мен салалық кешендерді мамандандыруда бәсекелестік артықшылықтарды тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірлік кластерлерді қалыптастыру негізінде өңірлердің әлеуетін барынша арттыру қажет. Биліктің барлық тармақтарының, негізінен атқарушы биліктің міндеті болып саналатын ықтимал шешімнің егжей-тегжейіне үңілмей-ақ, осы мәселеге қатысты ойларды жалпылама түрде айтуға болады. Ең алдымен, үйлесімділіктің теңгерімді механизмін ескере отырып, дамуды басқару міндеттеріне мемлекеттік көзқарастың бұрынғы басымдығын қалпына келтіру қажет. Ол үшін ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың әлеуетін тарту негізінде ағымдағы, орта және ұзақмерзімді дамудың мақсаттары мен міндеттерін жоғары тиімді болжау, қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін сараланған, ойластырылған түрде жоспарлау қажет. Басқару жүйесінің жоспарларын жүзеге асыру үдерістерін қатаң мониторингтеу негізінде іс-шараларды орындау үшін жауапкершілік енгізу сияқты мәселелер шешімін табуға тиіс. Бірақ ең сорақысы сол кезде мемлекет мүддесіне қайшы келетін топтық кәсіпкерлік мүдделер пайда болды. Одан кейін кадр саясатында «кәсіби мемлекеттік қызметкерлерге» сүйену тәсілі басым болған 2001 – 2010 жылдар кезеңі келді. Бұл іс жүзінде «сұр пиджактар» ортасына сыймайтын адамдарды басқару жүйесінен ығыстыру кезеңі еді. Ақырында 2011–2021 жылдары билікте шенеунік кейпіне еңген, «биліктегі бизнесмендерге» айналған және өздері басқарған салалар туралы әлсіз түсінікке ие адамдар тобы қалыптасты.
Президенттің қоғамдық өмірдегі ерекше рөлі, оның халықаралық масштабтағы үлкен беделі, елордалық «дарность тұзының» қайраткерлерінің ешқайсысы дауласуына мүмкіндік бермес еді. Бұл топтар уақыт өте келе Мемлекет басшысы лауазымы олардың оппонентінің қолына өтуі мүмкін емес екенін кеш түсінді. Сайлау науқаны оның саяси ұстанымдарын одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін фаворитпенромға алып келді. Тоқаев ешқашан уақытша мақсатқа ұмтылған емес, ол нақты мүмкіндіктерді ескере отырып, оны уақытында пайдаланудың ең ықтимал жолын іздеді.
Президент ұлықтауынан кейін Тоқаев халық трибунасына айналып бір сатыға көтерілді. Ол әлемде орын алып жатқан «күзетшіні ауыстыру» сценарийімен өткен жоқ. Ұлықтау рәсімі «Ынтымақтастық шатырын» қайта тігу парасатында өтті.
Қазақстан Республикасының жаңа Президентін алда не күтіп тұр? Оның себебін, Бүкіләлемдік құрылым, әлемдегі құндылықтардың тәртібі белсенді қозғалысқа түсіп отырғанынан іздеген жөн.
Қазақстан Президенті Еуропалық қоғамдастықтың барлық мүшелерінің теңдігін қамтамасыз ету және шешім көпшілік дауыспен қабылданатын демократиялық қағидаттан бастау керектігін күн тәртібінен түсірген емес. Оның үстіне Еуропалық елдердің экономикалық интеграция автономиясы да біркелкі емес. Нарықтық экономикаға, тауарлардың, қызметтердің, капиталдардың ашық нарықтарындағы бәсекелестікке мүмкіндік беру, адамдарға толық қозғалыс еркіндігін беру маңызды. Еуропа біртұтас нарықтық экономика ретінде – оның негізгі либералды идеясы іске аспай отыр. Бұл жерде демократия, әлеуметтік әділеттілік, мүмкіндік теңдігі, нарықтық элементтердің кеңеюінен, әлсіздерді күшпен шектеусіз басып тастаудан тұрмауы тиіс. Қазақстан Президенті экономика дамуының серпінділігін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етумен байланыстыруды көксейді. Президент бұл жағдайда өте нәзік психолог, ол қарым-қатынас тәсілі мен стилін елдің ұлттық қоймасы мен әдет-ғұрпына қарай өзгертуді көздейді және өзгелерді оның дәстүрлеріне құрмет көрсетуге үндейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – табиғаты бойынша өте аскет, шыншыл адам. Бірақ оны мақтанышпен, сыпайылық үшін сипаттауды қажет етпейді. Ол өз ортасында интеллектуалды дуэльдердің, ұтқыр полемикалардың жанкүйері ретінде танымал. Ол саясаткер тұлға ретінде барлық қатаң клишелерден мүдірместен өте білген. Стандартты сөздерді жаны қаламайды және ол файльға өзінің жеке ойын енгізуге тырысады. Оның көзқарастары ерекше, дипломат-маманның нақты тұжырымдары өмірдің мәні туралы философиялық және поэтикалық ойлармен үйлесім тапқан.
Ол саясаттағы бүкіл өмірін бітімгершілік миссиясына арнап келеді. Бітімгершілікке шақыру, қайшылықтарды шешу, қарама-қайшылық, жалпы саяси аренада ақылмен «күресу» оған жат емес. Табиғаты бойынша ол татуластырушы. Тоқаев уағызшы да, морализатор да емес, практик, саясаткер-прагматик. Ол біртұтас «Дүниежүзілік ішкі саясат» деп аталатын халықаралық терроризмге қарсы күресте барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруге шақырудың динамикасын да терең меңгерген.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт бірлігіне қол жеткізуде демократиялық принциптерді ұстану арқылы жүзеге асырылатын жолда прогрессивтілік таныта білді. Батыстың жетекші жеті елінің көшбасшыларының жыл сайынғы кездесулерінің әрқайсысы бір рәсіммен өтуі мүмкін емес. Жүздеген фото және кино линзаларының астында сүйкімді күлімсіреп, бес континенттің тұрғындарына жақсы таныс мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары өздерінің біліктілігімен бір-біріне деген жақсы қатынастарын көрсетіп жатады. Оны осы ортадан көп көруге болады. Дипломаттық дресс-кодымен ерекшеленген ол өзге әріптестерін өзіне назар аударта біледі.
«Саясат – бұл мүмкін болмайтынды болдыратын өнер». Ол ежелгі максимумды қайталағанды ұнатады. Бұл жолда Президенттің риторикасы айқын. Ал айқындық ешуақытта адастырмайды. Идеолог әрқашан асығады, ал прагматик өзгеріс болғанша күте алады. Ол кез келген мәселеде байыптылық танытады, әліптің артын бағады.
Біз өзіміз өндірмей, алға жылжымаймыз. Президентке бұрын ешқашан болмаған нәрсені армандауға қабілетті адамдар немесе алға жылжы, бол­ма­са жолды босат!,- дейтін адал адамдар керек. Дағдарыс жағдайында эконо­миканы әртараптандыруға, өндірушілерді қолдауға мән беру керек. Сон­дықтан Президент алдымен, кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін кедер­гілерді жоюға күш салды.
Саяси басшының баршаға үлгі боларлық үлкен қасиеті – болашақты болжай білу және алға қойған мақсатын орындау ісінде табандылық көрсетуі болып табылады. (Аристотель). Президент ешқашан жеңіл жол іздеген емес. Ол уақыттың ығына жығылған жоқ, қарапайым халықтық прагматизмді басшылыққа алды.
Халықаралық қауымдастық демократия жолына түскен Тоқаев билігінен үлкен үміт күтеді. Қазақстан Президентінің батыл мәлімдемелері Батыстың Орта Азияға қатысты ұстанымын өзгертті. Осыған орай АҚШ, Батыс әлемі – Орта Азияға қатысты қолданыстағы қатаң саясатын өзгертті. Қазір Батыс әлемі Ресейдің соңғы саясатына қарсылық ретінде бизнес саясатын өзгертіп, Қазақстанға көшуге дайын. Өткен 30 жыл бойы Ресейге ағылған шетел инвестициясы Қазақстанға ауысып, лакациясын ауыстырды. Жаңа Қазақстан олардың 50 шақтысымен өзара ортақ мәмілеге келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – өте ақылды саясаткер, толерантты, ашық конфликтерге бармайды. Осы байсалдығымен кез келген ситуациядан шыға біледі. Саяси серфиннің өте шебері. Қазақстан Президенті саясат тақтасында тіс қаққан «кірпілермен» қатар жүрудің тактикалық моделін жетік меңгерген. Саясатта партнер таңдауда өте талғампаз. Бұл жолда ол хирург, сондықтан ол кейбір сырқаттарға қалай ем қолданып, ауруды қалай сылып тастаудың жолын біледі. Әйтсе де ол, өзінен пұт жасауға тиым салды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – саяси ғылымдар докторы. Ол – 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы Мәскеу халықаралық қатынастар институтына оқуға түсіп, бесінші курста КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде дипломаттық тәжірибеден өткен. 1979 жылы КСРО CIM аппаратында жауапты қызметте болған. 1983 жылы Бейжің лингвистік институтында он айлық іс-тәжірибеден өткен. 1984-1985 жылдары КСРО CIМ-де қызмет атқарып, 1991 жылға дейін КСРО-ның Бейжіңдегі елшілігінде екінші, бірінші хатшы және кеңесші лауазымын атқарған. Оның еңбек жолындағы өмірінің көп бөлігі Мәскеуде өтті. Әсіресе КСРО Сыртқы істер министрлігінде және Кеңес Одағының Қытай мен Сингапурдағы елшілігінде жауапты қызметтер атқарды.
1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1994 жылы сыртқы саяси ведомствоның басшысы болды. 1999 жылдың наурызында Премьер- министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1999-2002 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарды. 2002 жылы Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол он жыл Қазақстанның Сыртқы істер министрі болды. Сыртқы саяси ведомствоның басшысы ретінде ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. 2007-2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарды.
2011 жылдың наурызында Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. 2013 жылдың 16 қазанынан – Парламент Сенатының төрағасы 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. БҰҰ Бас Ассамблеясының оныншы сессиясының жұмысына белсенді қатысып, ТМД және ШЫҰ Сыртқы істер Министрлер Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Төтенше және Өкілетті елші мәртебесіне ие. Ана тілінен өзге орыс, ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерген, француз тілін де біледі. Өзінің дипломатиялық қызметке құрылған өмір жолында Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қатынастар бойынша тоғыз кітап пен көптеген мақалалардың авторы. Бүкіләлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, «Даналар» кеңесінің мүшесі, Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры, РФ СІМ Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы. Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан Кеңесінің құрметті президенті.
Сыртқы саясатта Президент тәуелсіз бағытынан жаңылған емес. Кейінгі кезде халықаралық шекаралардың күштеп өзгеруіне қарсылық білдіруі оның Ресейге қатысты көзқарасынан аңғарылады. Өйткені Қытаймен және Еуропалық Одақпен жақынырақ қарым-қатынас орнатуға ұмтылыс танытуы көп нәрсені білдіреді. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда дәлізіндегі Қазақстанның шешуші геосаяси ұстанымы Қытай төрағасы Си Цзиньпин саясатымен астасатынын байқатып берді. Осылайша Қазақстан Президенті 30 жыл бойы бір рельстің бойымен жүріп келген саясатты басқа арнаға бұрып жіберді. Мемлекеттік басқарудың жаңа саяси моделін қалыптастырды. Ресей билігі өздерінің ұлттық мүдделерін бұрынғыша көршілерінің мүддесіне нұқсан келтіре отырып, анықтауды көздейтіні белгілі болып қалды. Ресейдің Украинаға жасаған озбыр саясаты әлемдік демократияны қолайсыз дилеммаға тіреп қойды. Орта Азия елдерінің русофобиядан зардап шегетіні соңғы кездері ашық айтылуда. Оның сыртында тарихты интерпретациялау жайында да әңгіме қозып тұр. Тарихи оқиғалардың Кремль тарапынан бұрмалануы – ақиқатты ғылыми тұрғыда қақпақылдауға жаттығу ғана емес. Бұл – ашық ұрысқа шақыру. Бұл бұрмалау – біздің айтқанымызға көнбесең, сенің шынайы тарихыңды мойындамаумен пара-пар деуге болады. Бұл саяси тұрғыдан ревизионистік процестің басталуының айқын мысалы. Екіншіден, Ресей айнала қоршаған елдерге өз тарихын кеңестік тарихтан бөліп қарамауды талап етіп, бұрынғы билік сателлиттеріне қатысты деструктивті саясатты қабылдауға мәжбүрлегісі келеді. Осы арқылы олардың қауіпсіздік рухын әлсіретпек бар. Осынау қиын-қыстау кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей саясатындағы жағымсыз үрдістерге яғни, Кремльдің іс-қимылына көзжұмбайлықпен қарауға болмайтынын бағамдай білді. Қазақстан Президенті Ресейге сындарлы көзқараспен қарайды. Оны Ресеймен 7,5 мың шақырымға созылатын ортақ шекараның болуы да ойландырмай қоймайды.
Қазақстанның канселлинг (саяси-әлеуметтік) бағытындағы іс- қимылын бақылайтын белгілі бір күштер бар. Оны сыртқы күштер қадағалайды. Бірақ Мемлекет басшысы оның бәрін келісім арқылы шешуге тырысады. Президенттің Ресейдің түбі бір ешбір нәтиже бермейтін саясатына қарсы шығуының астарында авантажын (олжасын) осыдан іздеуге болады.
Қазақстан Президенті Санк-Петербургте өткен халықаралық экономи­калық форумында Луганск пен Донецкіге қатысты пікір білдіруі осыны меңзейді. Президент – «Түрлі пікір бар, біздің қоғам ашық. Қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарма-қайшы, түрлі түсіндірме бар», – деді. Президенттің айтуынша, егер әр ұлттың өз таңдауын жасау құқығы жүзеге асырылатын болса, онда жер шарында 500 – 600 мемлекет пайда болар еді. «Дәл осы себепті біз Тайванды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша, квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецскіге де қолданылатын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президентінің Ресейге қатысты бұл соңғы ұстанымы емес. 2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Президенті Ресейге жасаған жұмыс сапарында Путин Орталық Азияның беделді екі елі Қазақстан және Өзбекстанмен бірге «Газ одағын» құру туралы ойын ортаға салды. Ресейдің ұсынысы іске асса, Ресей өзінің көгілдір отынын құбыр арқылы Қытай, Пәкістан, Ауғанстанға шығуға күш салар еді. Оның соңы «Газ соғысына» алып келуі ықтимал еді. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері ортақ шешімге келіп, Ресей ұсынысын қабылдамай тастады.
Оған жол берілген жағдайда Ресейдің саяси-әлеуметтік өмірінде бұған дейінгі исматтық негізде салтанат құрып келген – институционалдық көзқарастар жүйесі көңілден шыға бермесі анық еді. Ол көңіл-күй бұқаралық санада реставрациялық көңіл-күйлердің салтанат құруымен қоса, этатизмге «оннан» да, «солдан» да төнер жағымсыз төмпештеулерге әкеліп соғар еді. Президенттің жоғарыдағы сөзі этнократия – ұлттың ұжымдық құқықтары мен мүдделерінің жеке дара құқықтары мен мүдделерінен басым түсетін ықпалын арттырды.
Қ-Ж Тоқаев билігінің басталуымен Қазақстан әлемдегі аса маңызды геосаяси полюске айналды. Билікке келгеннен бұрын ол әлем саясаткерлерінің радарынан түскен емес. Тоқаевтың барлық кардинаттары ашық жұмыс істеді. Сөйтіп ол «Тоқаев бағыты» деген трактаны жолға қойды.
Қазақстан Президенті үшін демократияның мәні оның бостандық, әділдік идеясында жатты. Қоғамда ортақ іске емес, жеке тұлғаға қызмет көрсету принципі басым болғандығын да көрсетіп берді. Президент ұлттық социум, қазақ қоғамы деп аталатын жүйе қалыптастыруға үндеді. Осы жүйеге ұлттық деген сөзді қосудан тайынған емес. Қазақ ұлтының мүддесін көздемеген мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қызмет ете алмайтынын да естен шығармады. Жаңа Қазақстанның алға қойған мақсаты адалдық, әділдік үшін күрестен басталды.
Мемлекеттердің тарихи дамуын зерделеген реалист ретінде Президент Вольтер сияқты оған ойын-сауықты оқу үшін емес, сабақ бере алатын сабақтар үшін күресуге жүгінді. Сондықтан ол сол тұстағы Үкімет билігіне салқын скептикалық көзқараспен қарады. Қоғам, әсіресе, Конституцияны құруға белсенді қатысқандар солай жасағанды қалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген тұста – «Адамзаттың ақыл-ойына» сенім артты. Өзін-өзі басқаратын адамдар қателіктер жіберуі мүмкін, бірақ оларды түзету мүмкіндігі бар екеніне сенді. Ал билік еткен адамдардың азап шегуден, шыдамдылық танытудан немесе зорлық-зомбылықа төзуден басқа амалы жоқ еді.
Сол бір күндері Президентті сынаушылар көбейіп кетті. Бірақ олар сол кездегі түбі неге апарып соғатын ситуациялық жағдайды нақты бағамдай алмады. Оларға Тибет көсемі, Нобель сыйлығының лауреаты Далай Ламаның: «Біреуге кінә артпас бұрын оның жүріп өткен жолымен жүр, оның қайғысын сезіп, көз жасыңды көл ет. Ол сүрінген әрбір соқпаққа сүрініп көр! Сонда ғана дұрыс өмір сүру туралы сөз қозғауға болады» – деген сөзімен жауап беруге болар еді. Оған АҚШ президенті Теодор Рузвельттің: «Оқиға ауанын қаперге алатын мазасыз адам да, оларды сынайтын қатал адам да құрметке лайықты емес. Кімнің маңдай тері бетін жуып, қан сөлі бет-әлпетіне шапшып, осы жолда бар күшін салып, ашық алаңға айқайлап шықса, сол адам қателеседі, жолынан адасады. Иә, ол бірнеше рет қайталануы мүмкін, өйткені кез-келген мәселеде қателіктер болады. Нақты іс-әрекет жасайтын, шынайы ынта-ықыластың не екенін білетін, өзін толығымен лайықты игі іске арнайтын, егер ол бақытқа қол жеткізіп, жолы оңынан туса, жеңістің керемет сезіміне бөленеді, ал егер үмітсіз күресте жеңіліп қалып жеңілгенін сезінсе, дәл сол адам аса жоғары құрметке лайық. Жүрек құмырасы таза жан, ешқашан жеңісті де, жеңілісті де мойындамайтын суық адамдармен және немқұрайлы жандармен бір қатарда тұра алмайды»,-деген сөзін де қосып қоюды жөн санадық.
Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз ұрланған ақша, тоналған байлық елге қайтарыла бастады. Осы уақытқа дейін республикалық жер комиссиясы 3 миллион 200 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайта алды. Шетелдерге кеткен 600 миллиардтан астам қаржы елге қайтарылды. Бұл қысқа мерзімде іске асырылған аз жұмыс болмаса керек.
Тұңғыш президенттің әулетіне тиесілі жер телімдері де мемлекет меншігіне қайтарылды. Экс-президент кеңсесін мемлекет есебінен қаржыландыру қысқартылды. Осылайша биліктің отбасы кланына тиесілі «тәтті бәліш» ел игілігіне қайта алынып, экономиканың нақты секторына бөлініп берілді. Эгалитаризмнің (жеке меншікті бөлу мен теңдікті көксеу принциптері) негізі қаланды. Ескі гвардияның аппарат пультінің «кащейлері» ықпалды ортадан аластатылды. Осылайша Қазақстан клептократияның ықпалынан арылды. Президент сындарлы сәтте отбасының лакейіне айналмады. Тұңғыш Президент – Елбасы туралы Конституцияда көрініс табуының жолын кесті. Тұңғыш президенттің «супервертикальды билігі» облыс әкімдерін бір тетікке мықтап матап тастаған ережесінің түйіні шешілді. «Тұңғыш президент отбасының» тәтті тоқашына «ине шаншып», отбасына жақын адамдарды қоғамнан оқшаулауды қолға алуы Президенттің ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген топ пен олигархтарды және бұрынғы билік иесінің төңірегіндегі ескі элитамен «соғысты» бастап жібергенін қоғам оңды қабылдады.
Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Бұл қадамдар соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайтуға саяси негіз қалады. Осыған орай, Президент Жолдауда айтқан саяси бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған 6 заңға қол қойды. Төрт саяси реформа пакеті іске асырылып, соның аясында 13 заң қабылданды. Қабылданған заңдардың бәрі баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға, Әділетті Қазақстан құрудың құқықтық іргетасын қалап берді.
Қазақстан аймақтағы – ең тұрақты, ең қауіпсіз және ең тиімді басқарылатын мемлекет. Қазақстан қоғамының тұрақты болуы ел басқарудың қайырымдылық, әділдік моделінде жатыр. Онда демократияға, теңдікке және адалдыққа баса назар аударады.
ХХ ғасыр басындағы Ресейдің премьер-министрі Столыпин Мемлекеттік Думада оппозициямен пікірталас барысында «Сіздерге ұлы сілкіністер керек, ал бізге ұлы Ресей керек», – деген болатын. Бұл сөзді Қазақстан тұрғысында біздің радикал оппозицияға да айтуға болар еді. Бүкіл Ресейді уысында ұстаған сол Столыпин жаңағы сөзін «Бізге 20 жыл тыныштық беріңіздер, сонда сіздер, Ресейді танымайтын боласыздар», деп аяқтаған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігінің штурбалы қолына тиісімен бұқара ойындағыны дөп басып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын ұсынды. Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуге бастама көтерді. Референдум бойынша Конституцияның 33 бабына 56 өзгерту енгізілді.
Конституция ең біріншіден, Конституциялық сотты қалпына келтіруімен құнды болды. Конституциялық сот референдум арқылы өтсе, ол заңды болатыны анық. Бұл ереже демократиялық басқару принциптеріне қайшы келмеді. Мұндайда Қазақстанның Тәуелсіздік және Демократия институттары адамдардың біріккен күшімен құрылуы мен идеяларының жүзеге асуына жол ашатын еді. Қазақстан Президентінің Конституцияға қатысты ең маңызды еңбегі, оның өмір сүруіне мүмкіндік беруімен құнды. Ол мемлекетіміздің алға жасаған ұмтылыстары мен мүдделерін үйлестіруімен де құнды болды. Жаңа Мемлекеттік кеме, өзінің жүзу бағытын өзгертпесе, ол белгісіз су асты тастарына соғылары сөзсіз еді. Әрине, түрлі пікірлер де болды. Мұндай да әртүрлі пиғылдағы элементтерді біріктіру үшін ерекше ақыл қажеттігі анық. Президент олардың барлығын ортақ игілік үшін жұмылдыра білді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жауапты сәтте рөлді өз еркімен қабылдап, оны қоғам игілігіне қарай бұрды. Ол бұрынғы өзгертілген Конституцияның сөзсіз жанашыры болған емес, бірақ ол өз позициясын «еркіндік пен әділеттілікке апаратын ең жақсы шешім» екенін түсінді, сондықтан оған барлық күш-жігерін жұмсап, жалпыхалықтық референдумға алып шықты. Ол осы шешімі арқылы қоғамдық игілікке құрбандық шалды. Алайда сенім артқандардың ішінде қоғамның белсенділігін тежейтін топтардың бар екенін де ұмытпады. Ондай кертатпалар қоғамда әлі де бар. Алайда халықтың Президенттің бастамасына сенімі зор болды. Халық Конституцияға өз ұсыныстарын ашық айтып, өз талаптарының енгізілуіне құрметпен қарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке аса ауыр уақытта келіп, өз картасын алдын-ала ашпастан бұрын, келешектегі салмақты реформа­торлыққа дайындалып, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешуі тиіс болды. Өйткені, ұзақ күтуге болмайтын еді. Бұл тұрғыда саяси модернизация жүргізбей, экономикалық реформа жүргізу мүмкін емес болды. Сол себепті ел ішін жайлаған үргедек көңіл-күйді оның шұғыл, қарқынды әрі батыл түрде қолға алған іс-қимылдары ғана баса алатын еді. Сондықтан Президент ел ішінде қайта құрудың төтенше жобаларын ұсынды. Президент ең алдымен, Конституцияға демократиялық өзгерістер енгізуді қолға алып, суперпрезиденттік басқарудан, партия төрағалығынан бас тартты, Парламенттің өкілеттілігін күшейтіп, саяси партиялардың қоғамдық рөліне басымдық берді. Жаңа мемлекеттік модельдің негізін қалап, Конституцияда адам, мемлекет, заң үстемдігі мен мораль постулаттарына басымдық беруді ұстанды. Осы ұсыныстары арқылы қоғам дамуының контурын сызып, халық арасында консилидация құндылығын қалыптастырды. Елді дағдарыстан құтқаруға байланысты Президент қабылдаған іс-шаралар мемлекет аумағындағы кең ауқымды қиыншылықты жеңуге ықпал етті. Ол белгілі бір деңгейде халықтың сана-сезімінің өсіп, бұқара халықтың қарқынды іс-әрекеті негізінде олардың экономикалық талаптары саяси сипаттағы тілектермен астасып жатты. Осыған орай, Президент 2021 жылы 10 Ұлттық Жобаны бекітті. Ол қоғам өмірін ілгері жетелейтін аса маңызды жобалар еді.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында өз қағидатын жария еткен экономист Майкл Портер де адамзатқа бәсекелестік идеясын көлденең тартты. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні табиғи географиялық факторларға сүйенетін абсолютті және салыстырмалы артықшылықтардан гөрі білім, ғылым және инновацияларға негізделген бәсекелестіктік артықшылығы айрықша рөлге ие болып отыр. Қазақстан Президентінің де бар мақсаты – ғылым, білімге сүйенген инновациялық тартымдылыққа негізделген. Қазір осы мақсатта ел Үкіметі жан-жақты бағдарламалар қабылдап отыр. Қазір бұл бастама бойынша табысты шаралар қарастырылуда. Әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамдардың, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштер де сақталып отыр.
Президенттің бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттер – айрықша темперамент, күш-қуат, стратегтік көрегендік, иілгіштік, қалыптасқан жағдайды бағамдай білу, ескіден бас тартып, өзгеріс жасау керек екендігін мойындау сияқты қабілеттер еді. Халық арасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың риторикасы оң сипатқа ие.
Саясатта үнсіздік риторикасы ұзаққа созылмайды. Қазақстан өзінің саяси ұстанымында үнсіздік нотасынан бас тартып, саяси мәдениет үлгісін көрсетті. Осылайша «Тоқаев доктринасының» негізін қалады. Қазақстан Президентінің бастамасымен Орталық Азия елдерінің басшылары қысқа мерзімде үш рет бас қосып, бірлік, достастық туралы уағдаластыққа келді. Әйтсе де, аймақ елдерінің арасында да өз мүдделерінен туындап жататын проблемалар, тіпті кикілжіңдер аз емес. Проблемаларды уақытылы зерттеп, шешіп отырмасаң, әлдекімдер пайдаланып, бықсыған шаланы үрлеп, от тұтатып жіберуі де мүмкін.
Президентті ресейшіл деп сынайтындар да бар. Бірақ Мемлекет басшысы сын айтқан объектіні тұншықтыруға тырысқан емес. Керісінше, оның мәніне назар аударуға тырысады. Бұл жерде Президент толеранттылық пен жұмсақтықты қалайды.
Жауды соғыссыз жеңу – соғыстарда жеңіске жетудің ең керемет тәсілі. Ежелгі Қытайдың соғыс шебері Сун Цзы: «Соғыс өнерінің ең жоғарғы өнері – барлық соғыстарда жеңіске жету емес, жауды соғыссыз жеңу» дейді. Қытай тарихын жақсы білетін Президент өз саясатында осы теорияны ұстанады. Президент қоғамның үйлесімділігін қалайды. Үйлесімді қоғам – бұл адамдар үнемі және құлшына ұмтылатын идея. Үйлесімді қоғамның құрамына демократия, заңдылық, әділеттілік, адалдық, достық, энергия мен өміршеңдік, тұрақтылық, әлеуметтік тәртіп пен адамдар мен табиғат арасындағы үйлесімділік кірігуі керек. Президент өзінің барлық үндеулері мен халыққа арнаған Жолдауларында осы идеалды басшылыққа алып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси сезімталдығы мен болжампаздығы, шешендігі мен кез келген әріптесін баурап алатын тартымдылығы оны әмбебап лидерлер қатарына жатқызуға болады. Оның саяси образы ақылды билеуші археотипінің үлгісімен сомдалған.
«География – елдің саяси мінезін қалыптастырады», – деген теория бар. Жаңа Қазақстан сыртқы саясатта өзінің тиімділігін сан мәрте дәлелдеген көпвекторлық бағытты жалғастырып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Президенті текетірестен гөрі, компромиске бейім. Президент қысқа мерзім ішінде Шығыспен де, Батыспен де басты мәмілелерге қатысудан бас тартқан емес. Оның басқару тетігінің негізгі кодтары – мықты бастамаларды одан әрі жалғастырып, реформалар, инновациялар арқылы жаңа процестерді құрудан тұрды. Сондықтан Президент алғашқы сәттен бастап, таяу көршілердің «изоляционизм» саясатын сындырып, саяси алаңға жаңа ойын ережесін алып шықты.
Қазақстанның сыртқы саясаты бір бағытты – «Оңтүстік векторды» нығайтуға бағытталған. Осы бағытта «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты, ол Азия елдерінің өзара тиімді серіктестік қағидаттарына құрылды. Президенттің Еуразиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ойлары өзге әріптес елдерді де ойлантып тастады. Қазақстан мен Еуро Одақ арасындағы стратегиялық әріптестік одан әрі дамыту перспективалары мен АӨСШК ұйымы және Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастық сындарлы жолға қойылды. Президент түркі ынтымақтастығын жақтайды. Осы бағытта Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруды ұсынуы әріптестері арасында қолдау тапты.
Тоқаев дипломатиясы жетістігінің маңызды факторларының бірі – ол әрқашан проблемаларға прагматикалық көзқараспен қарап, оларды мүмкіндігінше өз халқына зиян келтірместей шешіп, серіктестің де мүдделерін ескеруге және құрметтеуге тырысатындығынан байқауға болады.
Саясат өте нәзік ағза, онда шатасуға болмайды. Қазақстан Президенті Кремльге құлақ аспаса тағы болмайды, бірақ шешім қабылдауда Ресейдің ығына жығылмай, ішкі-сыртқы мәселеде оның саясатымызға дендеп енуіне жол бермейді.
Батыс қоғамына, Азияның құрылымымен, қолданыстағы шекаралардың бұзылмайтындығын мойындаумен, континенттегі интеграциялық процес­тер­мен, Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың перспектива­ларымен байланысты бірқатар өмірлік маңызды мәселелерді ашық талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Қытаймен теңгерімді саяси және әскери ынтымақтастық шарттарын ұстануды жақтайды. Парадипломатия немесе өңірлік дипломатия түрлі елдердің халықаралық ұйымдарда және басқа да бірлестіктерге, сондай-ақ ынтымақтастықтың шекаралық, өңіраралық және трансөңіраралық түрлі салаларына қатысуларымен байланысты туындайды. Дипломатияның мұндай негізін географиялық жағынан жақындық, экономикалық даму және ресурстар мен технологияларға құрылған факторлар құрайды. Президент осылардың бәрін ойластыра білді.
Президенттің қорғаныс доктринасы мобильді қарапайым жедел әрекет ету қарулы күштерін, соның ішінде Орталық Азия ауқымында құруда ұлттың әлеуетін қолдауға негізделген. Қазақстан Президенті транзиттік жобаларға бет бұруы Қазақстан экономикасында трансформациялық процестердің басталғандығынан хабар береді.
Әділдік – ізгіліктің іргетасы. Ол түпкілікті шешілген кезде даму болады. Бұл кез келген мемлекеттің құрылу кезінде көздейтін мақсаты. Ежелгі мемлекеттерді қарап отырсақ, Римнің мақсаты – мемлекеттік шекарасын кеңейту болғанын, Лакедемонның мақсаты – соғыс, иудейлік заңдардың мақсаты – дін, Марсельдің мақсаты – сауда-саттық, Қытайдың мақсаты – тыныштық, Грек билігінің мақсаты – ашық теңізде еркін жүзу болғанын көреміз. Ал бүгінгі Жаңа Қазақстанның мақсаты – әділ және бейбіт өмір сүру болып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – паллиатив (қандай да бір мәселені түбегейлі шешпейтін, жартылай шара) саясаткер емес. Оның бойына панегиристік (біреуді көпірте мақтаушы, мадақшыл адам) жат. Бірақ саясатта істеуге болмайтын нәрсені істеуіңе тура келетін жағдайлар да болатынын естен шығармағанымыз абзал. Әйтсе де, Президент партикуляризмге бой алдырмай, халықты ортақ іске бір кісідей жұмылдыруға бейім. Мемлекеттің бір бөлігін даралап қарауға ықылассыз. Ол өз үндеулерінде болжамды пікірге жол берген емес. Сондықтан ол халық алдында орындалмайтын нәрселерге уәде бермеуге тырысады. Өз билігінде прерогативаға жол берген емес.
Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік мерзімі аяқталғанға дейін шетелдік не отандық ордендер мен марапаттарды қабылдамау туралы шешім жасаған болатын. Қабылданған шешімге сай Қазақстан Президенті 2022 жылы Ресей үкіметінің «Александр Невский» орденін қабылдаудан бас тартты. Қазақстан басшысы бұған дейін де Бішкекке жасаған сапарында Қырғыз елінің ең жоғары наградасы – бірінші дәрежелі «Манас» орденінен де бас тартқан болатын.
Президенттің дресс-коды дипломатқа тән, мұнтаздай, жинақы. Ол – қатал емес, иіні жұмсақ. Бірақ ешкімді басына шығуға жол берген емес. Президент тәулігіне 12-13 сағат жұмыс істейді. Біреулер өмір сүру үшін жұмыс істесе, ол жұмыс істеу үшін өмір сүруді дағдыға айналдырған. Белгілі саясаткердің хоббиі – кітап оқу. Мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Бұған қоса, өзі де тоғыз кітап пен халықаралық қатынас мәселелері туралы көптеген мақалалардың авторы.

Ермек Жұмахметұлы

Пікір қалдыру