Серік АҚСҰҢҚАР. БАРЫС ЖЫЛЫ ТУҒАН АСАУ БАЛЫҚПЫН…

Серік АҚСҰҢҚАР, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

БАРЫС ЖЫЛЫ ТУҒАН АСАУ БАЛЫҚПЫН…
ғұмырбаяндық эссе

«Поэты рождаются в провинций, а умерают в Париже» (франц)
«Я – поэт. Этим и интересен» (В. Маяковский)
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» (Қасым)

-1-
Барыс жылы туған асау Балықпын.
Жердің тілін,
Шөлдің мұңын шала ұқтым.
Мұң-шері мен қасіретінде жүзгенмін,
Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың.

Судың жырын,
Шөлдің мұңын айтқан күн,
Жағалауға шығуға да шақ қалдым.
Тоқырауынмен құмға сіңіп, құрдымға,
Көк теңіздің түбін көріп қайтқанмын.

Арпалысып асау толқын жалымен,
Батысты да,
Шығысты да шалып ем.
Шарап дейтін шалқар мұхит бетінде,
Шалқасынан жатып жүзген балық ем…

Тынық Мұхитында-дағы жүзер ем,
Үнді мұхитында-дағы жүзер ем.
Барыс жылы туған балық болған соң,
Сырдың суы келген емес тізеден.

Алаш дейтін айдын-көлім,
Шер — жүрек,
Желден де озып,
Серпіп сеңді, селді кеп, –
Жер түбінен Саған жүзіп келемін,
Желбезегім желбіреп…

Мен 1950 жылы, 29 наурызда (төлқұжатта – солай), сол кездегі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Кеңасу селолық кеңесінде дүниеге келіппін.
Бұл Қызыларай тауының етегі. Сарыарқадағы биік тау. Арқадағы ең биік шың Ақсораң да – осында. Одан заңғар шың болар деп ойламаған едім. Алғаш рет бұлтқа оранған Алатауды көргенде көз алдымның көгілдір мұнарға көміліп кеткені әлі есімде. Алатаудың етегінде ғұмыр кешсем арман болмас дегем… Қанға сіңген қасиет – мұзарт шыңдар мен биік тауларды жанымдай жақсы көремін. Ең жек көретін нәрсем – Рухани Ергежейлі!
Төлқұжат – пенденің жасайтын ісі, баласының нақ туған күнін төлқұжаты түгілі, әкесі де біле бермейді, шешем: «Сен 8 наурыз – әйелдер мерекесінде туғансың», – деп отыратын, онда оны осы күнгі жұлдызнамаға салсаң, балық болып шыға келем…
Алатауға қанша есім кеткенмен, Алматыда өмір сүруді тағдыр менің маңдайыма жазбады. Әдеби ортада бола алмағаным әрі азап, әрі ғажап болды.
Алматыны адамзаттың ару шаһары деп ойлаймын. Оған бір-ақ нәрсе жетіспей тұр. Ол – Ақындар аллеясы. Осы жерде Алаш ақындарының азалы келбеті мен асқақ бейнесін қоладан құйса, жер бауырлаған ұлттық рух басын көкке көтерер еді. Асан Қайғыдан – Маралтайға дейін! Маған сол жерде Дәуітәлі Стамбековтен кейіндеу бір орын бұйыртса жетеді.
Өлеңді 13 жасымнан жазыппын. Қара тер болып, қиналып жазамын, еліктеп-солықтау кезеңінде мен де көп жүрдім. Небір ұлы ақындардың шаһқар (шедевр) дүниелеріне мен де талай көшірме жасап мәз болғам… Қазір бәрін тастап, Абайға бет түзеп келе жатқанымды ішім сезеді. Мұны Қасиетті Кітапта «Адасқан ұлдың туған ошағына қайтып оралуы» – дейді.
Менің шығармашылығым хақында шаршы топта алғаш рет жылы лебіз білдірген – Қуан-аға (Қуандық Шаңғытбаев). 1975 жылы Керекуде өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінің кезі еді. Сонда кітаптарындағы суреттерін ғана танитын сөз шеберлерін көзіммен көрдім. Олжас Сүлейменовті көргенде: «Поэт красивым должен, быть, как бог!» деген сөзі есіме түсті. Содан бері өзіме өзімнің көңілім толмай келеді.
Таяуда Астана кітап көрмесі-17-де келісті әдемі бір әйел келіп: «Мені ұмытып қалған жоқсыз ба?» – деді іш тартып, – 1974-жылғы Павлодардағы жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесі есіңізде жоқ па?». – Бас жағы есімде, соңғы жағы бұлдыр…» – дедім шынымды айтып. Мен 25 жасыңда көргенде-ақ, көзің бұлдырап жүр едің…» – деді ол бірден «сенге» көшіп, – Қуандық Шаңғытбаевтың секциясында екеуміз қатар отырғанбыз. Онда лапылдаған жас едік-ау? – деді біраз күрсініп, – Сен онда, тіпті, ор қояндай ойнап тұр едің! Сенің кезегің он бес шақты ақыннан кейін кештеу келді. Сен Чили туралы ұзақ бір жыр оқып едің, Қуандық Шаңғытбаев « – О, мен өз ақынымды таптым!» – деп, бізді таратып жіберіп, сені қолтығына алып, жүріп кетті… Сол қолтықтаған күйі сені Қалижан Бекқожин, Олжас Сүлейменовтердің ортасына кіргізіп жіберді деп естідік. Ертеңіне поэзия кеші болды. Сен екеуміз қатар отырдық. Олжас жыр оқығанда көзіңді ашып аласың да, одан кейін қайта қалғып кетесің… Мен сені сонда неше мәрте түртіп ояттым ғой?! Әрине, есіңде жоқ! Қуан ағаң сонда: «Ақсұңқарұлын осы бір-ақ жырымен одаққа алуға болады!» – дегенде зал іші дүрілдеп кетіп еді…».
« – Ол сөз есімде…» – дедім мен де өзімше мағұмұрланып. «Ол кезде сен де Айдай ару болған шығарсың?» – дедім риза болып, – өзімше комплимент жасаған түрім-ді. «Не деп отырсың?! – деді әйел мені жақтырмай, «Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келіп ем…» – деген маған арнаған өлеңің де есіңде жоқ па?! Ол кезде Олжекеңнің қырықта қылшылдап тұрған кезі. Бәріміз соған ғашық боп жүргеміз! Саған қарайлау қайда?!. Сырлы аяқтай, сырым кетсе де, сыным әлі кете қойған жоқ!».
«Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем…» – дей бердім ішімнен күбірлеп, қаншама өлеңім өстіп өліп кетті екен? Қаншама жерде… Александр Блок айтпақшы, әдеби орта – «около литературная дамаларымен» әдемі екен ғой, шіркін!
«50-жылдары, – деп еді сол жолы Қуан аға (Қуандық Шаңғытбаев) сонда маған, – сенің Қасым көкең осындағы екі ақынға қарап отырып, айтып еді: «Мына көбелектің (алып ұшқан талантты жас ақынды айтқаны) арқасына өлең қонған… Ал ана жапалақ (дәлдүріш) өлеңнің арқасына өзі қонайын деп жүр… Қасым ағаңды пір тұтсаң, адаспайсың ғой? Байқап жүр, бірақ!».

Түсімде жан бір суынып, бір ысып,
Қуан ағам осы неге жүр ұшып?
Хаямменен шарап ішіп Ширазда,
Шотландияда – Бернспен сыра ішіп?

Жұмақ бағы.
Желқайық.
Желқайықта – үшеу, басқа ел – ғайып:
Келе жатыр, оң жағында – Әуезов,
Сол жағында – Маршак…
…Сағи Жиенбаев!

«Барға барсаң шықпай қойма шатасып,
Ақынның да күндесі көп, бақасы…» –
Деген маған Керекуде осынау –
Қазақ Лирикасының сол Атасы!

«Қарашы,
Бересі – көп, ақында жоқ – аласы.
Соны білсең, алдың – мұзарт, артың – гу…
Ал ұшып кет, Ақсұңқардың баласы!..»

Түс қашады, сонсоң, көзім байланып:
«Барасыңдар, ей, Көкемді қайда алып?!.»
Жөней берді Хаям болып біресе ол,
Біресе – Роберт Бернске айналып;
Қасымға айналып, –
Жасынға айналып!
Басым айналып…

Мен осы жасыма жеткенше екі планетада ғұмыр кешіп келемін; біреуі – Жер-Ана – деп аталатын – Макро-Әлем, екіншісі – Қызыларай-Қарқаралы атты – Микро-Әлем. Мен әлі күнге дейін осы екі әлемде өмір сүріп жүрмін. Мына Жарық Дүниеде кіндігім Ақжарық-Ақсораңға түсіп, қазақ боп жаралмағанда адамзаттың керуен көшіне ілесер ме едім, ілеспес пе едім? Оны бір Құдай біледі.
Совет одағының кезінде тау елінің бір баласы кісі қолынан жазым болып, қылмыстық іс дауға айналыпты. Оны өлтірген де тау елінің тұрғыны екен. Жоғарғы сот бір тоқтамға келе алмай, істі Жоғарғы Советтің Президиумына әкеледі. Бәрі де ату жазасын ұсынады. Тек Ақын Расул Ғамзатов қана үкімге қарсы дауыс береді.
– Мұныңыз қалай?! – дейді Президиум мүшелері аң-таң қалып. – Жендетті ақтағыңыз келіп тұр ма?!.
– Біздің авар жұртында бір дәстүр бар еді, – депті сонда Расул. – Біз дастарханынан дәм татқан үйді жамандыққа қимайтын елміз. Мен бұл жігіттің шешесінің қолынан шай ішіп едім…
Қызыларай-Ақтоғай-Қарқаралыда мен дәм татпаған үй жоқ. Дүниеге шырылдап келгеннен осы күнге дейін осы жұрттың топырағы мен ата-баба аруағы, ел-жұртымның дәмі жебеп жүр мені! Мен елден кетердегі алты жасар баласынан бастап, алпыс бел, жетпіс белес, сексеннің сеңгірінен асқан ауылдастарымның бәрі көз алдымда.
…Прозаға да поэзия деп қарадым. Адам Ата – Һауа Ана жаралғалы адам баласының болмыс-бітімінің 99 пайызы Анти-Поэзия дейтін қоғамдық құбылыстан тұрады. Бір-ақ пайызы ғана – Поэзия. Менің көзім соған жетті. Алла ғұмыр берсе, бір күні сол қара сөздерімді «Анти-Поэзия» деген атпен жарыққа шығарам. Мен оның бәрін осы құбылысқа ерегесіп жазып едім.

Өмір – менің Әлия мен Халифат, Әлиім мен Нәзира, Әлиханымдай – әдемі! Өзегім өртенеді де тұрады. Сол кезде өлең жазамын. Өлең жазбайтын адамға қызыға, қызғана қараймын. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болса қайтем енді?
Әкем – Ақсұңқар Сүлейменов. Ол кісінің кім болғанын айтып жатпаймын. Аты айтып тұр. Мен де жапалақша күн көре алмадым. Өмір сүрдім. Қандай өмір екенін өлеңдерім айтуға тиіс. Анам – Һалифа Рамазанқызы. Түбім – қырғыз, нағашым – қожа көрінеді. Ақындық маған ана жұртымнан ауысқан болар. Арабша жазсам, Алла жарылқап абыройым асар ма еді, кім біледі. Бірақ мен қазақша жаздым. Бұл – ғаламдағы ең ұлы тілдердің бірі һәм бірегейі. Қазір оның қазаққа да қажеті шамалы болғанымен, күндердің күнінде ақыл-есі кемел адамзат қазақ тілінің ғажайыбына аң-таң қалатын болады.

Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан» романында қырғыздың Құсшы руы туралы баяндайды. Түбіміз қырғыз көрінеді… Ата-баба шежіресінде Енесай бойынан келген қырғыз делінеді. Ал Мұхтар Мағауин Абылай 1777 жылы Құсшы тайпасының біразын Сарыарқаға түп көтере көшіріп әкеліп, шұрайлы қоныс беріп, қазаққа қосқанын айтады. (М.Мағауин «Шыңғысхан». Алматы, 2001, 335-бет): «Қазан төңкерісі қарсаңында Қарқаралыдағы сол Құсшы тайпасы бір мың шаңыраққа жеткен екен. «Ал манадан бері ұстанған жолымызбен, қазақтағы Құсшы қауымынан кімдер бар десек, ХІХ ғасырдан әйгілі Шөже ақын, сондай-ақ, қазіргі замандағы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы Арғын Қаракесек құрамындағы Құсшы табынан болады, ал Төлеңгіт тайпасының құрамындағы Құсшы руынан ХХ ғасырда жасаған атақты биші Шара шыққан.» («Шыңғысхан», 335-бет).
Мен болсам, шыққан тегімді жасырған емен. Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, Қызыларайдың Ақсораңында Манастың аты су ішкен құдық бар-мыс; Қызыларай-Қарқаралы қырғыздарының шежіресі соноу Манас заманына барып тіреледі («Ежелгі жыр-аңыздар»). Оны індетіп зерттеп жатқан ешкім жоқ әлі?

Пушкиннің түбі – араб, Лермонтовтың түбі – шотландиялық екен. Бірақ осылардың екеуі де орыс жырын орыстың өзі шығара алмаған шырқау биікке шығарып кеткен. Алашыңа бір ауыз соны лебіз айтсам деп, қолыңа қалам ұстап, ақ қағазға телмірген екенсің, мәселе сенің қайдан шыққандығыңда емес, сол топырақта жүріп, қай белге, қандай биікке шыққандығыңда. Ақынның автопортреті – шығармасы. Оның кім екендігі көзі қарақты адамға содан тасқа таңба басқандай көрініп тұрады. Жас кезде бірге өлең жазып, бірге ішіп, бірге жүрген, кейін келе не өмірде, не өлеңде жолы болмай, менімен ұстасып алған бір жазарман мені сыртымнан «ол – қырғыз ғой?!.» деп, кекетіп жүретін көрінеді. Өзінше «текті, ақ нәсілді арий» боп, «ол – негр ғой…» деген сықылды мұқатқан түрі?!. Содан өзі керемет ләззат алатын секілді?!. Өзі, бірақ, «қазақ» боп, қазақша менің жазғанымды жаза алған жоқ. Арқадан осы күнгі әдебиетте менің буынымнан көзі тірі жүрген үшеу, әзірше… Кейін туа жатар? Мынау болса, бізге ілесе алмай, қалып қойды, оған біздің қандай кінәміз бар?!
Орыс тілінің сөздігін жасаған В. И.Дальдің түбі дат екен. Соны біреу тіліне тиек етсе, ол да мен құсап, жатып кеп ашуланатын көрінеді! «Адамның жаны мен рухы қайда болса, шыққан тегі де – сонда!» – деген сөз осы әулие Дальдан қалған! Ол, тіпті, православие дінін өлер алдында қабыл алған. Өзін өмір бойы православпын деп ойлаған! «Ресей православиеден айырылса, ешқашан ел болмайды!» – деген де осы ғұлама! Ал, құдай-ау, мен туғаннан мұсылман емес пе ем?!. Көзімді бақырайтып қойып, ұялмай-қызармай, туған елімнен қалай бөледі мені?!

«Ұлы орыс тілінің» ( өзінің сөзі!) оралымдығы мен байлығына дәп осы Дальша мағұмұрланған орыс жоқ десе болады. «Екі ғасыр бойы шет жұрттан кірген шата сөздер сол бай да, ордалы орыс тілінің берекесін кетірді?!» деп, ойбайдан аттан салады ол! Ең алғашқы «Орыс тілінің түсіндірме сөздігін» жасаған осы «датчан…»-ды. Біз де Даль болмасақ та, хал-қадірімізше, қазақ тілінің ажарын ашуға өзімізше үлесімізді қостық. Ал, өзінше, менімен «ұстасып», көкірегіне Тәңірінің сәулесі түспеген, көзіқарақты қазақ оқи алмайтын тақылдаған тақпақ жазып жүрген «қазақ шәйірі…» не тындырды? Мені Владимир Иванович Дальдің аруағы жебеді!
Әкем Ақсұңқар (1912-1970 ж.ж.) партия-совет қызметкері, 1928 жылдан коммунист, әуелде – мұғалім, Қарқаралы аудандық партия комитетінің хатшысы, Ұзынбұлақ, Сталин қолхоздарының бастығы, ЦК-ның парторгы қызметтерінде болған адам (1937-1959 ж.ж.). Бір атадан тоғыз туып, жалғыз қалған, біреулері – репрессияға ұшырап, біреулері соғыста кеткен – хабарсыз, біреулері аштан өлген. Қайда көшсе де жетім-жесір өрен-жаранын өзімен бірге алып жүрді. 58 жасында дүниеден қайтқан. Одан қалған бес баланы 42 жасында жесір қалған шешем жалғыз өзі өсірді. Қарқаралы-Қызыларай өңірінде ерекше сыйлы болған адам еді.
Анам – Һалифа Рамазан шыққан нағашы жұртым қахында бір шымыр дүние жазсам деген ой шешем бақидан фәниге көшкен күннен бері жаныма маза бермеген. Ел «ақынның қара тырнағынан бастап, тұла бойының бәрі сезім» дейді. Абайда «Алланың хикметі – махаббат, ғаділет сезім» – деген бір сөз бар. Өзімше мен де ақынмын деп жүргем, шешемнің қадір-қасиетін осы опасыз дүниеге тастап кеткен күні бір-ақ сездім. Орыны үңірейіп қалған соң…
Басында сол кісіге жырдан ескірмес бір ескерткіш орнатсам деп, ұлы нағашым, Алашқа ислам дінін сіңірген Қожа Ахимет Яссауи туралы поэма жазсам деп ойлағам, жалғанның жарығына шыққан соң, өзіме де ұнамай қалды. Кейіннен жеке-жеке өлеңге айналдырып жібердім. Поэма шықпады. Ұлы Нағашының образы жасалмай қалды.
Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз, – бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш, қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі көктен, – Тәңірден келетін хабар-ошардың құдыреті ғажап! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деп, Хакім-Абай босқа айтпаған ғой!
«Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айтман) ғой? Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы «өлең» жаза береміз. Көйітіп…
Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса, Андрей Вознесенский «Христостың соңғы жеті лебізі», Юрий Кузнецов «Христостың жолы» атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Яссауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой?!.
1999-жылы қолыма Валерия Порохованың «Құран. Мағынасы мен түсінігі» атты еңбегі түсіп, сондағы он шақты аятты соның «негізінде түзілген көркем ой» – деп ( «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген кітапта тұр), шешеме оқып беріп едім, о кісінің көзі шарасынан шығып кетті: « – Балам-ау, Құранды, Құдайдың сөзін аударуға болмайды ғой?!» – дегені?!.
Шешеме И.Ю.Крачковский пен Г.С.Саблюковтың, В.Порохованың тәржіма кітаптарын көрсеттім. Кітап дегенді керемет кие деп ойлайтын шешемнің Құранды да тәржімалауға болатынына көзі әзер жетті… Сол кісі дүниеден қайтқаннан кейін маған маза бермей қойған бір жыр («Нағашы жұрт») түнде – түсім, күндіз – ойымнан кетпей, ой ұшына ақындық қарымым жетпей жүрген дүнием еді. Біразы қағазға түскен, іште оған да түсіп үлгермеген эскиздері бар еді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қожалар қақындағы «Асылзада» атты эссесіндегі қуғын-сүргіндегі нағашы жұрт, көресінін көріп, Қытай ауып, бүгінде 90-ға келген Абрар ата шерімді қозғап жіберді. Жырдың бірінші нұсқасы, екінші, үшінші нұсқасы да шикілеу түсті. Мен Мұқағали емеспін ғой? Ол бір-ақ мәрте жазып, оған қайта қарайламай, жүре береді екен. Тәңірі ондай көл-көсір қуатты маған бермеген. Түзеп, күзеп, шұқылап отыра берем, – қашан кемеліне келгенше. Менікі – бейнет.
Алламен мен тек қазақша сөйлесем,
Тек қазақша ой кешем.
Ол орысша Пушкинді де түсінген,
Ол немісше Гетені де түсінген.
Мен қазақша содан медет сұраймын, –
Ішімнен!
Шекспирі – бір әлем.
Киплинг те арбайды бір дуамен.
Өзі мені қазақ қылып жіберген,
Маған салса, ағылшын боп туар ем…
Ол Құранды араб тілінде түсірген,
Гете оны немісше ойлап, – түсінген.
Оны мен де қазақша ойлап, түсінгем.
Мен қазақша одан медет сұраймын, –
Ішімнен…
Менде де бар кіндік кескен жұртым, ел.
Елден ерек менің-дағы ұлтым өр!
Тәңірімен жат тілінде сөйлессе,
Тексіз ғой деп, тыңдамауы мүмкін ол…
Біз баяғыдан Қарқаралы-Қызыларайдағы Қаракесек ішіне тастай батып, судай сіңіп кеткенбіз. Туған-туыстан жұрдаймын; өздері үш жүзге, ру-руға бөлінетін қазақ бізді өзіне қоспайды. «Қырғыз» дейді әлі?! Бірде: «Ата-жұртым – қырғыз, Арқаға Енесайдан келген, ана-жұртым – араб, – Мекке-Мединадан!» – деп, Мұхтар Мағауинді ашуландырып алғам: «Сенің бабаларың Абылаймен бірге қазақ хандығының шаңырағын көтерген! Арқаға әкеліп, Қарқаралыға жайғастырған да – сол! Не сандалып отырсың?! Қырғыздан не қалды сенде?! Арабтан не қалып еді?!. Енді тағы бір жерде осы сөзді айтатын болсаң, – ісім сенімен болады!» – деді! Зәрем ұшып кетті! Бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен адам ғой?! «Қырғыз ем…» деп айтпаймын содан бері, ел айта берсін…
Әкем – Ленин мен Сталинге жан-тәнімен берілген коммунист. Үш әйел алған. Менің шешем соның соңғысы. Үшеуінен де үш қыз көрген. Тұлабойы тұңғыш ұлы мен екем, еркелетіп, бетіммен жібергені содан болуы керек? Сол еркеліктен алпыстан асқанша есімді жинай алмай қойдым?.. Басыма Гегель, Фейрбахтар мен Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиндердің шығармаларын үйіп қойып, «ЦК-ның Бас хатшысы боласың» деп өсіріп еді! 1960-61 жылдары сурет сала бастадым. Бұл – Фидель Кастроның заманы. Есіктен төрге дейін шашылған Фидельдің суреттері… Хрущевке карикатура салам, өйткені оны әкем мысқылдап отырады… Бір күні Ақсұңқар соның біреуін көріп қойып: «Сен мені партиядан шығарасың!» – деп, суреттерімді отқа жағып жіберді! Сталиншіл коммунист еді!
Мектепті тәмамдаған соң, 1967 жылы философ болам деп, Қарағанды пединституының тарих факультетіне келдім. Әкем – қасымда. Сағат 9-дың шамасында емтиханға кірсем, екі сұрақ келіпті, біріншісі – Шыңғысханның шапқыншылығы, екіншісі – партияның ХХ съезі, «Жеке адамға табынудың зардабы». Жатқа білетін тақырып. Шошаңдап қайта-қайта қол көтерем»: – Әй, бала! Сен дайынсың ба?» – деді емтихан алушылар ширақтығымды аса жақтыра қоймай. « – Дайынмын!» – дедім өзеуреп…» – Онда билетіңді ал?» – деп, мырс етті.
Біріншісін зулатып айтып шықтым, – риза болған. «Екіншіге, Сталинге көш?» – деді. Сталиннің 13 томын жатқа білем, ол Троцкий, Каменов секілді оңбағандармен күресіп, БКП(б)-ның лениндік курсын қорғап, социализм орнатқан адам, «жеке адамға табыну» деген болған жоқ, нағыз кемеңгер – осы!» – деп сөйлеп берейін… Емтиханды Фарфуддинов деген татар алып отырған, проф. Жуасов бірінші сұрағыма риза болып, сыртқа шығып кетіп еді, есіктен кіре берген Жуасовқа: «Бізге бір қызық (?!) бала келді, мынау партияның саясатына қарсы ғой?!» – дегені?!.» – Ендеше, неге отырсың?! Екіні қой да, шығарып жібер!» – деді жаңа ғана маған сүйсініп кеткен көкем… Айналасы 20-25 минуттың ішінде «құлап» шықтым. Әкем мен бір топ қызыларайлықтар күтіп тұр екен, ел: «Неше алдың?» – деп шулап қоя берді: «Бес!» – дедім – ерегісіп!
Былай шыға бере боздап қоя бердім… «– Қандай сұрақ?» – деді әкем… «– Сталин…» – дедім! «– Е, онда түсінікті…» – деді әкем, қабағы қарс жабылып кетті…
Атам Сүлеймен 1012 жылы Қажыкен деген баласымен аң аулап жүріп, Ақсораңнан Ақсұңқар деген құсты көреді… Сол күні бәйбішесі, ұлы анамыз Күләнда босанып, ұл туады да, атын «Ақсұңқар» қояды. Құсзатының білгірі Есенғалидың (Раушанов) айтуына қарағанда, Сары Арқадан Ібір-Сібірге ақсұңқар ауғалы біраз заман болған… Сонда бұл қалай? Осының жөнін Арқадағы атақты құсшы Тілеуғабыл Есенбековтен сұрағанымда: « – Ол кезде Ақсораңда ақсұңқар болған, – деді. – Қазір бұрынғыдай сарышұнақ аяз, ат құлағы көрінбейтін боран, қаһарлы қыс жоқ қой? Бұл киелі құс елге ауыр жұт келген жылдары Арқаға әлі де ұшып кеп тұрады…»

Әкем Ақсұңқардың бір жыры

Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,
Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің ұшында, –
Домалап түсіп қалғанмын,
Беғазы-Дәндібайдың тұсында.

Айылымды жимай замана дейтін дүлейден,
Аспанға ұшып құс-жаным, –
Затымды көріп, атымды қойғанда Сүлеймен,
Ақсұңқар құсқа ұқсадым.

Ой бақтым, – сырбаз бой бақпай,
Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені,
Құлдың заманында құлаққа құрбақа ойнатпай,
Құдайым мені жебеді!

Мен де бір жүрген шерменде,
Жүрегінің түбі – тылсым мұң.
Орда бұзып отыз сегізге келгенде,
Һалифа дейтін Арудан
Алашта бөлек ұл сүйдім!

Алдына –
Ханға жайғандай дастархан жасатып,
Бармағым балға батырып;
Қарпытып қазы-қарта асатып,
Қымыз сімірттім сапырып!

Кердеңге кеудесін игізбей,
Күміспенен күптедім,
Алтынменен аптадым;
Аяғын жерге тигізбей,
Ар-ұятын көзімнің қарашығындай сақтадым!

Жан жүйесін ерітіп,
Жанына жолатпай тексіздің, –
Едігенің ертегісіне елітіп,
Хан Кеңенің қадіріне жеткіздім!
Кім болар бұл – деп – ел жүрді іштей бал ашып,
Күлкілі:
Патша болады деген сол паңым адасып,
Ақын боп кетті бір күні…

«Көзімнің жасы селдейді, –
Деуші едім, неге шелектеп?» –
Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты:
«Бұл елге енді пайғамбар келмейді, –
Пайғамбардайын ақындар ғана келед…» – деп.
Жан пайыз таппай Хаққа кеп,
Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында, –
«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,
Аруақ болып мен сонын жүрмін соңында…

-2-

Әлі есімде… Ресейде, Пенза қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім. Бір күні шешемнен қалың хат келді. Ашып қалсам, алтынмен апталғандай әп-әдемі кітап «Көктем тынысы». «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Көлемі он баспа табақтай! Ол кезде бұл біздің түсімізге де кірмейтін дүние. Қырық шақты ақынның жыры. Бейне бір антология секілді: Несіпбек Айтұлы, Жұматай Жақыпбаев, Заида Елғондиева, Иран Ғайып, Исрайыл Сапарбайлар алғаш рет оқырмандарымен осы кітап арқылы жүздесті. Дәуітағам (Дәуітәлі Стамбеков) кітап құрастырушыларға жалынып-жалбарынып жүріп, мені әзер қосыпты. Беташарын қазақ әдебиетінің классигі Тұм-Ағам (Т. Молдағалиев) жазған. Несіпбек Айтұлымен қоса менің де аты-жөнімді ерекше бөліп атаған екен. Жүрегім лүпілдеп, жүрелеп отыра қалғаным есімде… Бұл 1975 жыл. Мен жиырма бес жаста едім.
Қазіргі жас ақындардың алғашқы кітабы Мұқағалидың тұңғыш таңдамалысы «Өмір өзендей» – бір том! Тәңірі жарылқаған Тәуелсіздіктің арқасы – бұл! Мен бала жасымнан арман, аңсарым болған «ХХ ғасырдың 20 сәті» – деген поэманы Қызыларайда бастап, Қарқаралының Жиренсақал тауының етегінде жатып, 1977 жылы тәмамдап едім, (менде соның әр түрлі елу нұсқасы сақтаулы еді), ақ қағаз бен қаламды тастап, компьютерге көшкен соң, өртеп жібердім… Сол кезде Ақаң (Ақселеу Сейдімбек) республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі еді. Салып ұрып Алматыға барайын. Қасымда – Дәуітәлі. Әскерден келген бетім. «Мен сізге поэма әкелдім!» – деймін ғой өзімше болып! Ақаң: «Біз поэма баса алмаймыз ғой? Бізде «бес өлең» деген рубрика бар, соған ыңғайлап көрейін?» – деді. Тастап кеттім…
Бір аптадан кейін қайта айналып келсем, Ақаң мені бас салып құшақтай алды. Ол кезде қызара бөртіп жүретін кезім:
– Айналайын, Серік! – деді Ақаң, – Мен сенен бірдеңе сұрасам, соны маған қиясың ба?
– Ол не? – деппін сасқанымнан.
– Арағыңды берші маған?!.
Мені бір «алкаш» деп естіген ғой?!. Біреулер оңдырмай сыртымнан жамандап қойған!
– Өзімде бары – осы ғана? Оны сізге берсем, маған не қалады?! – дедім!..
Ақаң сол жолы жырдың көңілінен шыққанын айтып, өзіне алып қалды. Поэма сол жатқаннан «Социалистік Қазақстанның» қоржынында бақандай 5-6 жылдай жатты. Сонан кейін де оны жарыққа шығару оңай болмады…
«СҚ»-дан күдерімді үзе үзіп, оны ұмытып та кетіп едім… Әлі есімде, 1984 жыл, күн сенбі болатын. Совет одағының кезінде Қарқаралыға «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» шыққан күні келуші еді. «Социалистік Қазақстанның» төртінші бетін ашып қалсам, «Құрлықтар» деген атпен бір бетті алып, менің поэмам тұр! Сол поэма советтік цензура мен редактордың сүзгісінен әзер өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқаратын Әбіш (Кекілбаев) ағамның алқауымен 1984 жылы, «Жалын» баспасынан жұлым-жұлым боп жарық көрді. Алты жыл арпалысып жүріп, отыз төрт жасымда, жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қатал тезінен өткен. Редактор шимайлаған… Өлеңдерімнің нобайы бар да, өзі — жоқ! Оның жарыққа шығуының өзі бір жыр; одан біреулер антисоветтік сарын іздеген-ді… «Мұны жарыққа шығаруға болмайды!» – деген сол кездегі көзі тірі классигіміздің жазбасын да өз көзіммен көргем; Ахаң оны «сен жоғалтып аласың» – деп, маған бермеді: ол хат Ахаңның архивінде жатуы да мүмкін?..
Басы дауда қалған қолжазба 1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984 жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Кітапты әдеби орта, жыр сүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушан, Светқали Нұржан хоштаған жылы лебіздер айтылды.
«Әлі есімде досым Табылды Досымов бірде керемет бір ән шығарды. Сөзі – сұмдық!
«Дірілдерін, гүрілдерiн,
Құлақ түріп, тыңдай қалып,
Бүгін менің жұмыр жерім,
Бара жатыр Күнді айналып…».
«Кім жазған?!» – деп шу ете қалдық. Мұндай сөзді алып ақынның жазғанына күмәніміз жоқ еді.
«Күнді айналу – мұңды ойлану,
Көз жастағы көліңменен.
Өмір деген – Күнді айналу,
Күлге айналу – өмір деген!».
Өлең сіздікi екен, аға! Сол күннен бастап Ақсұңқарұлымен ауырдық. Бүтіндей бір буын Сізді пір тұтты! Ақын Ақсұңқарұлы, Сіз бақыттысыз! Ендігі ақындар Сіз секілді оқырманымен, өлеңсүйер өрендерімен бақытты бола ала ма? Білмеймін, аға?!» – деп жазды айтулы журналист Арман Сқабылұлы Фейсбкуктің бетінде «ХХ ғасырдың 20 сәті» қахында.
Менің буынымдағы арқалы ақындарға мұнан асқан марапаттың керегі шамалы!
Содан бері аттай 35 жыл өтіпті. Қоғамдық-экономикалық-саяси формациялар ауысты. Бодан жұрт азат елге айналды. Алланың алқап, әруақтың жебеуімен менің маңдайыма ХХ ғасырға ХХІ ғасырдың көзімен қараудың қаракеті жазылған екен – Тәңіріге тәуба деп жүрмін. Ахаң көзі тірісінде: «Поэмаң қиын кезеңге тап келді ғой. Қайта жаз! Елің – азат. Цензура жоқ», – деп еді. Сол жырдың өзімше кемеліне келді-ау деген соны Һәм соңғы нұсқасын Ұлықбек редактор боп тұрғанда «Жұлдыз» журналына жариялап едім. Сол Ахаңның көзіне түспеді. Отыз жыл бойы осы жырдың азабын мен қалай тартсам, Ақселеу ағам да менен кем тартқан жоқ-ау деп ойлаймын.
Ахаң – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Бәрі де мен туған топырақтың төлдері. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орынында бардың оңалып жатқаны – содан. Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» – сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шығара алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады.

Ақселеу Сейдімбек қайтқанда

Ахаң кетті-ау, көрсетпей қарасын да,
Қалған қара қазақтың бәрі – осында.
Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз –
Ақселеу мен Алаштың арасында.

Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,
Қаракөгім – қайтсе де қалар өлмей;
Құлағына ғаламның бір жетерсің,
Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!

Қайран, Ахаң,
Хош, арда Алашұлы,
Әлиханның ақтық бір жан ашуы!
Жидебай мен Қараойдың шырақшысы ең,
Алла менен Абайдың жарасымы!

Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,
Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, –
Паң кейіпте жүруші ең,
Дүниеде
Пайда болған Алғашқы Қазақтай боп!

Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,
Саф алтындай орның үңірейіп, –
Енді, міне, Ең Соңғы Қазақтайын,
Қайда көшіп барасың күңіреніп?!

Кімдер сенің төбеңнен өкім етті,
Кімдер сенің сыртыңнан көкіп өтті?
Адамзатқа жіберген Алашымның,
Елшісі боп Сен қалдың –
Өкілетті!

Қазағыңның тартып бар күйігін де,
Көңіліңнің болмады-ау, күйі, мүлде.
Фәниде де биікте жүріп едің,
Бақида да қалдың сол биігіңде.
Дәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күнге дейін егіліп отырамын мен… Алматыда туған-туысым, арқа сүйер көкем, ат басын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәуітәлінің үйі – Сарыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бүгінгі айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай, жазушы Роза Мұқанова осы үйден шығып, Коммунистер даңғылындағы 105-үй – Қазақстан Жазушылар одағына имене кірген-ді…
Дәуітәлі Стамбековтың мына жарық дүниге ақын болып келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны түскен топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейхан, Ақпайдын Жақыбы, Әлімхан Ермековтың туған жері.
– Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме? – деуші еді кейде Дәукең ашуына мінген бір кезіңде. Үндемей құтыламыз.
– Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған?! – дейді Дәукең одан сайын қаһарына мініп!
– Оны мен қайдан білейін?
– Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!
Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын… Біраз уақыт үнсіз отырады да: «– Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құладүзге қалдырып отыр!» – деуші еді… Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунистерінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын… Солардың көбісінің көзі әлі тірі. « – Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!» – дейді! Не деген сөз?! О кезде мұндай сөзді айту үшін адамға арыстан-жүрек керек-ті. Әсіресе – қазаққа!
Ұлқаш (Есдәулет) совет өкіметі кәріне мініп тұрған 1972 жылы Дәуітәлінің КазГУ-де өткен бір поэзия кешінде «Совет өкіметі құласа (?!), Маяковскийді ешкім оқымайды!» – дегенін өз құлағымен естігенін аңыз ғып айтып жүр!
«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» – деп жазды ол сол кезде. Біреулер заманның балын жалап жатқанда, ол уын ғана ішіп жүрді…
«Достарым менің – ұрылар!
Достарым менің – бандиттер!» – деп жазды ол 70-жылдары. Совет өкіметіне ерегесіп айтқаны!
Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабы – «Жұмағым мен тамұғымды» қолына ұстай алмай да кетті.
Ол маған бір өзі бір әдеби ортадай болған тұлға еді. Алматыға келсем, ат басын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып Қазақстан Жазушылар одағының үйіне келеміз.
– Қашан келіп едің? – дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев). Ол кезде о кісі Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі.
– Келгеніме 2-3 күн болды, – деймін күмілжіп…
– Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал… Соңсоң, маған келесің ғой?!.
Әдеби ортаға алысқанмен-алысып, жұлысқанмен-жұлысып жүріп, мені сүйреп әкелген – Дәуітәлі! «Менің пірім – Сүйінбай» – деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлі дейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серік Ақсұңқар деген басы жұмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі – бар.
Дәуітәлі – жоқ…
Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен Тамұғым» атты жыр кітабы – соның бір нышаны. Алаштың ақылы – алтау, ойы – жетеу болып тұрған 90-жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды…
1974 жылы Алматыға барып, ақ басты Алатауды көргенде ақыл-естен айрылып қала жаздағаным есімде дедім ғой? «Енді Мұқағалиды көрсем болды…» деймін ғой: «Одан басқа шаруаң жоқ па?» – деп, Дәуітәлі сылқ-сылқ күледі.
«Оны көруге сен әлі дайын емессің!» – дейді, сонсоң, көзін ежірейтіп! Неге «дайын емеспін?!» Жауабын таба алмай, миым қатады. «Неге дайын еместігімді» ол да тарқатып айта қоймайды. О, сұмдық-ай!
Бір күні Үкімет Үйі алдындағы гүл алаңында келе жатсақ, Мұхаң тапа-тал түсте скверде ұйықтап жатыр! «Мұқағали Мақатаев қой мынау?! – деп айқайлап жіберіппін! Дәуітәлі маған ала көзімен ата қарап: «Сен, немене, Мұқағали Мақатаевтың осында шаршап-шалдығып жатқанын Алматыға айқай салып, айту үшін келіп пе едің?!» – деді.
Жаңадан ашылған «Жалын» альманахына «Хиросима дегенім – Отырарым, Отырарым, ол да бір – Хиросима» – деген бір топ өлеңім шығып, өзімше ақын болып, алшаң-алшаң баса бастаған кезім еді. Панфилов бағындағы мейрамхананың үстіндегі сырахананың қиқулап қызған шағы. Бір топ ақын өлең оқып, гуілдеп отырмыз. Алпамсадай Мұқағалидың алшаңдап кіре берген кезін көзім шалып: «О! Мұхаң келе жатыр!» – деп орынымнан атып тұрғам: «Тиш-ш-ш! – деді Дәукең мені тура ақыл-есі кіре қоймаған жас баладай көріп, – Мұхаң қазір жағалап бізге келеді. Сен ақынмын деп айтушы болма?! «Кімсің?» – десе: «Политте оқимын дейсің!» – деді! «Неге?!» – деймін түкті түсінбей. «Неге?» екенін кейін түсінесің дегендей, қабағы түйіліп кетті.
Айтқанындай: «О, Дәуітәлі, сен де отырсың ба осында?» – деп, Мұхаң біздің үстелге қарай бұрылды, – Бүгін біраз жұмыс істейін деп отыр едім, мына екі бала іздеп келіп, сыралатып қайтайық деп қолқа салып қоймаған соң шығып кетіп едім, екеуі де бір айналымға келмей, мас боп қалды…».
Біреуі отырған бетте қорылдап, ұйқыға кетті де, екіншісі құсып жатыр… Мұхаңның аяғында кәдімгі үйге киетін тәбішке… «Мен Евгений Евтушенко мен Андрей Вознесенскийді жақсы көрем ғой? Екеуін ресторанға алып барып құдайы қонақ қылып ем, екеуі «мен – гений ме, сен – гений ме?» – деп тәжікелесіп кетті. Мен – Тарас Бульбамын ғой! – деді екі жұдырығын көкке көтере көрсетіп! – Екеуін екі жаққа айырып жібердім де… Бұ жақта екеуінен басқа ешкімім жоқ қой?!.
«Ал, енді хош болып тұр, сардар аға,
Мен ертең кетем ұшып сардалама,
Ақынның – ақындығы атақта емес,
Ақынның ақындығы – арда ғана! – деп, Пушкинмен кешу айтысып, Алматыға қайтып кеттім!» – деді!
Алдындағы көк мойнақтың біреуінің тығынын тісімен қыршып ашып жіберіп, орталанып қалған бокалдағы сыраны менің сырамның үстіне төге салды да, арақты бос бокалға құя салды. Сонсоң, дем алмай түбіне дейін тартып жіберіп: «Мен де Андрей Соколов сынды бірінші тоста закуска дегенді татып алмаймын ғой?!» – деді масайрап!
«Мынау – кім?!» – деді біраздан кейін маған көзі түсіп. «Бұл – Политтехтың студенті!» – деді Дәуітәлі жұлып алғандай. «Бәсе, түрі топастау екен!» – деді Мұхаң жайымен ғана. Ішімнен жарылып кетердей, әзер отырмын!..
Бұл Мұхаңның Мәскеудегі М.Горький атындағы институтты тәрк қылып, елге қайтып келіп, өзі туралы өсек-аянның өршелене өрге шапшып тұрған уақыты. «Ал, «Политтех», сөйле?!» – деп, қайта-қайта тисіп қояды маған. «Бұл «Политтех» емес, – ақын!» – деді Деукең кенет шыдай алмай! « – Аты-жөні бар ма өзінің?». « – Бар, – Ақсұңқарұлы!». «Өзінен фамилясы күшті екен!» – деді маған мейірлене қарап. Сонсоң, есіне бірдеңені түсіріп: «Өй, мен сені кеше «Жалыннан» оқыдым ғой?!». «Хиросима дегенім – Отырарым, Отырарым, ол да бір – Хиросима! – деген сен бе едің?!» – деді. Мен мәз-мәйрам болып кеттім! « – Ал, Ақсұңқар, ұш енді! Оқы өлеңіңді!». Қарқаралыдағы Ләйлаға ес-түзсіз ғашық болып жүрген шағым:
« – Шайтанкөл – аққулар мекені,
Жанымды жаула сен менің,
Ақындар айтып өтеді,
Арманын күллі пенденің.

Шәй құйған ару, пәк ерін,
Тәкаппар сұлу десе де,
Шайтан көліңнен әкеліп,
Шай құйып бердің кесеме.

Ғашық боп сонда қалғанмын,
Маралым дедім малданып;
Ащы уын іштім арманның,
Тәтті шай ішіп алданып!

Табиғат, ессіз, әрине,
Адамның ғана серігі – ой;
Бір Қасым сыйған қабірге,
Мың масыл сияр еді ғой?!.» – деп, оқи жөнелгем.
« – Тоқта! – деп айғай салды Мұхаң, – Қасым туралы не дедің сен?!» – деді де, бір бокалға бір жартыны қотара құйып, тағы тартып жіберді!
Іштен шыққан шұбар жыланның бәрі таңсық, бұл өзі о кезде 20-25 шумақтай ұзақ жыр. Мен тоқтамай, тағы біраз шұбырта беріп едім: «Тоқтат! – деді Мұхаң, – Болды! Қасымыңды қайта оқы деймін мен саған?!.».
«Мына кісі қызық екен деп ойладым мен ішімнен, – тыңдаған соң соңына дейін шыдамай, не деп кері тартып отыр?!». Еріксіз айтқанын орындап, Қасым туралы шумақты қайталап оқи бердім:
« –Табиғат ессіз, әрине,
Адамның ғана серігі – ой;
Бір Қасым сыйған қабірге,
Мың масыл сияр еді ғой?!.».
Осы шумақты патефонша бірнеше мәрте қайта оқытты. «Қап!.. Соңын тыңдамады-ау?! – деп ойладым ішімнен – сойқанның бәрі соңында еді ғой?!.» Бірақ кейін осы шумақты ғана қалдырдым. Жөні сол екен. Мұхаң қырандай қиядан шалыпты. Соны оқыған сайын есіме Ләйламен қосарланып, Мұхаң түсіп, екеуі де Музама айналып кетті.
«ХХ ғасырдың жиырма сәті» шыққаннан кейін Қарқаралыда жүріп, «Қызыларайды» шығардым. Үшінші жинақ та дайын тұр еді. Менің 70- жылдары жиырма жасымда жазған бір поэмам бар, сюжетін Қасиетті Кітаптардан алып ем, тақырыбы – «Адам-Ата мен Хауа-Ананың үйленуі». Сол жалғанның жарығына шыққанша жаным қалмап еді. Ахаң (Ақселеу Сейдімбек): «Жазушы» баспасына Бас редактор болып Мұхтар Мағауин келді. Соған бар?» – деп ақыл қосты. Мұхаңды сырттай жақсы білемін. Өзін бұрын көрмегем. Ахаң: «Ол кісінің мінезі қиын, байқап сөйлес» – деген. Жүрегімді қолыма ұстап, Алматыға ұшып, кеңсесіне имене кіріп бардым. «Мен Ақсұңқарұлы деген ініңіз едім, сізге сәлем берейін деп келдім…» –дей беріп едім, жүзіме сыр тарта, сынай қарап: «Е-е, өскен соң ағаларыңды іздейсіңдер ғой?» – деді. Сонсоң, Жыраулар поэзиясынан Абай атаға түсіп, біраз шешілді. Абайдан кейін Арқадағы ұлттық рух басқа жаққа көшті… деп жүргендер де бар, айтса – айтқандай, репрессияға түсіп, қынадай қырылған, маңдайдағы соры бес елі біздің елден әдебиетке келіп жатқан толқынның қарасы аздай келіп: «Ал, айт, қандай шаруа?» – деген. Жинақ дайындап әкелгенімді айттым. Жинақ шығарудың қиын екенін, «тематический план» деген болады, оған кіру қиынның қиыны, оны ЦК бекітеді дей келіп, кітап сөресінен бір қағаз алып шықты. «Сен қайдасың қазір? – деген. «Қарқаралыдамын» – дедім. «Сені Ақтоғай ауданы, Жезқазған облысында деп еді ғой?» – деді. «Иә, елім сонда. Шешем ентікпе деген ауруға шалдығып, ауасы кең, табиғаты әсем Қарқаралыға көшкенбіз… Әкем бұрын осында жауапты қызметтерде болған», – дедім.
«Тематический план деген – осы, – деді сөредегі бір папканы суырып алып, – Сені осында бас редактор боп келген бетте соған кіргізіп қойғам! Егер біреу-міреу біліп қойып, қолжазбасы жоқ дүниені темпланға кіргізіп қойған деп үстімнен арыз жазып жіберсе, бұл қып-қызыл қылмыс?! Жезқазғанда деген соң, кітабыңның атын «Жезтасқын» деп атадық та, көлемі 4,5 б.т. деп, жоспарға кіргізіп қойғанмын!» – деп жымиып отыр…
Сол жинақ келесі жылы іле-шала жарық көрді! «Адам-Ата мен Хауа-Ананың үйленуі» деген сатиралық поэма осы кітапта шықты. Құдайға қарсы! Атеистік-коммунистік-маркстік-лениндік дүниетаныммен жазылған! Дүниеге келгеніне биыл 40 жыл, жарыққа шыққанына шақты 29 жыл болады. Исламдық рухта қайта жазсам деп қиналып көп жүрдім, – қолымнан келмеді! 2018 жылы содан «Сайтанның сайран салуы» деген жыр әзер дүниеге келді…
Сол жылы «Жас Алашқа» шықты. Ұмытпасам, бейсенбі болуы керек, Алла жазса, сейсінбі күні келіп қалар? Қарағандыға жете қойған жоқ әлі. Алматыдан Темағам (Т.Медетбек) телефон шалды. Сүйсініп жатыр! Басқа – ешкім… «Көк Түріктер сарыны» шыққанда мен де есімнен танып қала жаздағам-ды…
Мейірхан Ақдәулет жырдың тамырын тап басыпты: «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты тосын, уытты поэмасымен қазақы жұртты һәм… масаның көлеңкесінен үрейленіп жүретін қазақы зиялы қауымды аң-таң қылған Серік ақынның «Сайтанның сайран салуы (ескі жырдың жаңа нұсқасы)» атты поэмасына тағы да таңданып, ең бастысы, қуанып отырмын. Бірден айтайын: бұл біз білетін «Адам Ата – Хауа Ана» поэмасының жаңа нұсқасы да емес, автордың «опынып кешірім сұрауы» да емес, «өз қатесін өзі түзетуі» де емес, «ескіні жаңалау арқылы есеп толықтыруы» да емес. Бұл – су жаңа шығарма», – депті «Жас Алаштың» сол күнгі бетінде!..
– Құдайға тәуба! Сіз бен Мейірхан болмаса, қайтер ем?! – дедім сол күні телефон шалған Темағама (Темірхан Медетбек).
Темағам мырс етіп күліп жіберіп:
– Мен «Көк Түріктер сарынын» жазғанда біраз дос сәлем де бере алмай қалған… түк етпейді! – деді.
Өлең техникасындағы ізденістер мен жетістіктер поэзияны санти­метр-метрлеп қана ілгері оздырса, адам рухындағы ат ойнаған асқақ құбылыстар оны бірнеше километрге шырқатып жібереді. Өлең – жарқыраған ұйқас, жалт-жұлт еткен сөз емес, – Рух деген сөз!

-3-

Мен комсомолдық билетті 60-жылдары Жақан Қошановтың қолынан алып едім. Ол кезде бұл кісі Ақтоғай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Өлеңдерім аудандық «Қызыл ту», облыстық «Социалистік Қарағанды» (кейінде – «Орталық Қазақстан»), ара-тұра республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде жариялана бастаған… Қызыларайдың нөмірі екінші орта мектебінде 7-8-сыныпта оқып жүрген кезім-ау деймін. Мұртым енді тебіндеген шақ. Қошанов бюрода «Твардовскийді оқыдың ба?» – деп сұрады. «Оқыдым…» – дедім. Бұл ақынның аты-жөні онда Совет Одағына, шет елдерге де мәшһұр еді ғой. «Бір қиырдан – бір қиыр» атты поэмасы Лениндік сыйлық алып, дүниені дүбірлетіп тұрған уақыт. Қазақшаға да тәржімаланған. «Қандай ақын?» – деді бірінші. «Жақсы…» – дей салдым. Қазақшасын шолып шыққам – ұнамаған… Аудармасы нашарлау болса керек. «Евтушенко мен Вознесенскийді оқыдың ба?» – деді ол. «Жоқ…» – дедім мен күмілжіп. Ол кезде Евтушенко да, Вознесенский де қазақшаға, мүлде, тәржімаланбаған-ды. «Комсомолға өте алмай қалам-ау, осы?!» – деп уайымдай бастадым… «Қайтсең де, тауып алып – оқы!» – деді хатшы – Әлем әдебиетімен сусындамай, ақын бола алмайсың!». Орысша білмейтін мені аяп кетті-ау деймін, жұмсарып сала берді.
Хрущевтің «жылымығынан» кейін орыс поэзиясына төңкеріс жасаған осы арқалы ақындарды совет өкіметі аса жақтыра қоймаған екен. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы соның бәрін біле тұра, менің бетімді басқа бір арнаға бұрып, тақпақ пен поэзияның ара-жігін ажыратып ал деген екен ғой. Сұңғыла екен ғой – сол ағам! Менің шығармашылық ізденістерім сол күннен бастап, 180 градусқа өзгеріп сала бастады. Ойланып қалдым. Іздену керек екенін аңғардым. Кітаптан-кітап ақтаруға көштім. Алдымнан Пушкин мен Рембо, Хикмет пен Неруда, Файз Ахмад Файз бен Муин Бсисулер шыға келді! Аң-таң қалдым…
Сол өткен ғасырдың 60-жылдары Кремльде совет әдебиеті мен өнерінің ең таңдаулы өкілдері бас қосады. Төрде – Н.С.Хрущев бастаған Политбюро, төменде – творчество адамдары.
Хрущев Вознесенскийді мінбеге шақырып алып, біраз сілкілейді. Осы жиыннан соң совет әдебиеті ақсақалдарының бірі Һәм бірегейі Илья Эренбург жас ақынның рухының мықтылығына аң-таң қалып: «Мына сұмдыққа қалай шыдадың, бауырым?! Сенің орныңда кім тұрса да жүрек талмасына ұшырар ма еді, қайтер еді?!. Сол жерде қасқайып тұрмай-ақ, аяушылық ет деп, аяғына жығыла кетсең де, біз сені кешірер едік қой!» – деген екен.
…Осы кезеңде бір журналист ұлынан жарты жылдай хабар-ошар ала алмай жүрген ақынның шешесіне телефон соғады: « – Сіздің балаңыз өзін-өзі өлтірді дейді ел? – Рас па?!»
Ақынның анасы телефон-мелефонымен жерге құлап түседі!
Вознесенскийдің трибунада абдырап, Хрущевтің оған жұдырығын түйе қарап тұрған суреттері ақынның қайта құру кезеңінде шыққан «Аксиома – самоиска» атты (Мәскеу. СП «ИКПА») кітабында жарық көрді. Не деген ұқыпты, зерделі халық еді орыс жұрты! Қазақстан Жазушылары одағының пленумында Желтоқсан оқиғасының тігісін жатқызуға келген Колбиннің көзін шұқып сөйлейтін біздің Жұбан Молдағалиевтің сол тарихи сәттегі кескін-келбеті сақталған ба? Қайдағы… Вознесенский мен Хрущевтің арасындағы теке-тірес тоталитарлық жүйенің тасы өрге домалап тұрған тұста өткен. Жұбан мен Колбиннің жекпе-жегі демократия дейтін шарана дүниеге келген қайта құрудың кезіндегі жағдай. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тап бір орыс пен қазақтың арасындай – алшақ! Сурет демекші, Алатаудың биігінен асып, Алаштың ақиығы атанған Мұқағали Мақатаевтың айбарлы үні эфирімізден естіле ме? Асқақ бейнесі теледидарыңыз бен киномыздан көріне ме? Қазақ радиосының алтын қорында сақталған бір поэмасынан басқа не қалды екен? Оның өзі «Большевиктер» поэмасы көрінеді…
Империяның аты – империя; А.Вознесенскийлермен замандас болған біз де, міне, жетпіске беттеп келеміз. Өмір есіктен төрге шыққандай-ақ болды. Әлі есіме… Жарасқанның Муин Бсисуды тәржімалап жүрген кезі. 1970- жылдардың ортасы-ау деймін. «Аққу» кафесінде Муин Бсисудың өлеңдерін оқып, марқұм біраз шалқыды. «Шіркін-ай! – деді Жарасқан тебіреніп, – өлеңді арабша жазғанымда, Муин Бсисуден артық болмасам, кем болмас едім ғой?! Әттең, қазақша жаздым…»
Империяның ақыны болмай, бодан елдің ақыны болдым деген өкініші… Керемет ақын еді! Өзінің айтайын дегенін араб ақынының аузына сала салды ол… Жарасқанның орысшадан тәржімалағаны – Муин Бсисудың арабшасынан артық болмаса, кем емес еді! Бодан кезімізде бәріміздің де осы Жарасқанның арманымен күніміз өтті! Жер өзіміздікі, ел бөтен еді. Құлдық еттен өтіп, сүйекке жеткен…
Вознесенский 77 жыл жасап, фәниден бақиға кетті. Евтушенко Америкаға кеткен, 80-нің сеңгірінен асып, соның соңынан о да жөнелген… Оларды орыс халқы «Прорабы духа!», «Подвижники наций!» деп, құрмет тұтады!! Қазақ шәйірлері қартайса, тақпақшылдап кетеді…
«Великая Русская Литература – Великая Отечественная Война!» – деп жазды Вознесенский! Оның аузына Тәңірі осындай сөз салған!
Жас күнімде сол ақынның есімін есіме салып, ертеңіме темірқазықтай жол нұсқаған Жақаңның мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі екенін мен кейіндеу естідім. Совет шенеуніктері сол кездегі классикалық әдебиет пен өнерді, музыканы бір кісідей терең білетін еді. Бүгінгілерге қарасаң, көңілің құлазып кетеді…

О, Андрей…

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,
Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.
Мен де Тұран жұртының ұланы едім,
Заманында ол-дағы болған ұлы!

Сен жаһанда жүргенде сайран құрып,
Ақтоғайда қалғам мен айлам құрып.
Арагонның көзіне түскен едің,
Аруларын Париждің айналдырып!
Алма мойын,
Апай төс,
Қасы – қиық,
Анарлары тырсылдап,
(Ашық – иық), –
Кеннедидің әйелі келген саған,
Тірі жанға көрмеген басын иіп…

Екі көзің өрде боп, өрісте боп,
Кенелдің бір керемет кенішке кеп:
Он үшіңде Пастернак бауырына ап,
Тілден, көзден сақтаған Періште боп!

Көзге қара көкем – жоқ,
Мазам кетіп,
Қызыларайда қырық жыл гөзелдетіп, –
Әлі есімде, бір күні мәз болғаным,
Әлжекеңнің қолына әзер жетіп…

Патша болдың Пегаспен таққа жетіп,
Қырда – қалмақ, ойда – орыс мақтан етіп;
Рейганның төрінде отырғансың,
Генсектерді үстінен аттап өтіп!

Қала кезсең сен, ал, мен дала кезгем,
Қарқаралы көзді арбап бала кезден.
Аутпаркомның хатшысы түгіл, маған,
Нұсқаушысы қараған ала көзбен.

Жыр оқысам дүние дүркіреді,
Дүркіреді,
Күнің де күркіреді.
Лебім шықса аузымнан жасындай боп,
Сарыарқаның етегін бір түреді;
Ақын болу азап бұл бодан елде,
Бомж болып кетуім мүмкін еді…

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,
Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.
Мен де Тұран жұртының ұланы едім,
Заманында о дағы болған ұлы!

Ұлы Тұран, ұлысы-ай, – шалқар, асқақ,
Абдырады – артында Алты Алаш қап;
Қағанымның табанын сүйемін деп,
Таласқан жұрт қайда әлгі тарпа бас сап?!.

Бірге кетіп сондай ер, өр елменен,
Өлмей қалған мен неткен өлермен ем?!
Тұранымда туғанда, адамзатты,
Апиынша арбар ма ем өлеңменен?!
О, Андрей, бастан сұм ғасыр өтті,
Өр кеудемді жаныштап, басып өтті!
…Менің жыным – екі есе Есениннен,
Менің жырым сенен де қасіретті…
Ауылдан шыққан ақынның аудандық газеттен басқа барар жер, басар тауы жоқ. Менің ғұмырымның жартысы Қарқаралы, Ақтоғай аудандық газеттерінде өтті. Бұларда Ғабдиман Игенсартов, Сапарғали Ләмбеков, Мұқатай Жылқайдаров, Дәуітәлі Стамбеков сынды ақындар қызмет істеген. Өзі де күллі ғұмыр-жасын аудандық газетте өткізген балалар ақыны Кәрім Сауғабай: «Журналистердің миының барлық шаригі толық. Ақындардың бір шаригі жетіспейді…» » – деп отырушы еді – Облыстық газеттерде де – солай!». « – Менікі ше?» – деймін әдейі сыр тартып: «–Сенің бір шаригің артықтау болуы мүмкін?..»
Бүгін сол «кем немесе артықтау бір шарикпен…» мен де алпыстан асып барам, тіпті, менен 7-8 жас кіші Есенғали (Раушанов) та 60-қа тұяқ іліктіріп қалды… Ол да аудандық газеттен шыққан. Ақын деген – негізінен тұзы жеңіл, өзіне қайдағы мен жайдағы пәле, жала үйір, қорғансыз біреу ғой. Мағжанның: «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына», – дейтіні содан. Бірақ оны қоғамның небір кесапат, кесірі мен шайтанның алдап, арбауынан ылғи бір періште қорғап жүреді. Осындайда Есенинді Мәскеудің кілең маскүнем жайлаған шулы кабактарынан Бакуге алып қашып, «Парсы саздарын» жаздырған Петр Иванович Чагин еске түседі… Революционер-большевик, С.М.Кировтың жақын серігі. Алла абырой бергенде, маған да Қарағандыдан Нұрмахан Оразбек пен Әбжаппар Әбдәкімов деген азаматтар кез болып, осы күнге аман-есен жеткен екенмін. Нұрағам мені баласындай бауырына тартып, балапанындай баулыды. Әбекеңнің мамандығы тарихшы, сол кезде облыс, әкімдікте ірі шенеунік, қазақ жырының білгірі, газетке материалым шыққан сайын қуанып, менің жарық көрген дүниелерімді бір папкаға жинап, қомқор болып жүреді. Соның көбісі менде жоқ… Шіркін, қолқа салып, сұрап алар ма еді?
Камалдин Мұхамеджанов* әкім боп келген кезде осы Әбдіжаппар Әбдіәкімов кеңесшісі еді, мені арнайы алып барып, әкіммен таныстырды. Кабинетінде отырмыз. Әкім мен ақын… – Бұрынғы… обкомның бірінші хатшысының кабинеті осы ма? – деймін мен жайыма отырмай, жан-жағыма қарап.
– Осы! Сен, немене, оған бірінші рет бас сұғып отырсың ба?! – дейді ол да таң қалып.
– Иә…
– Сонда бұл обком кіммен жұмыс істеген, ей? – дейді ол.
– Білмеймін… – деп, мен де иығымды қиқаң еткізгем…
Дүние жүзілік саясаттан ойып кеп, –
Орын алған Политбюро,
Оғландарды шеттерінен сойып кеп:
Есенинді естіген тек «Ішкіш… – деп,
Пастернакты – «Жөйіт» – деп!

Игор Жырын** қалдырды да ескіден,
Жылқыны да кем көрген-ді – ешкіден!
Ахматованы оқымаған ол, тіпті,
«Жүргіш әйел…» – деп қана құр естіген…
Олар кімнің тереңіне бойлаған?
Ішсе – асқа, кисе – киімге тоймаған!
Әлиханды соттап – атып, «контр» – деп,
Абайды да ақымақ деп ойлаған…
Бізді деймін…
Бізді қойшы, – бір елді,
Ойлап қашан тығырыққа тірелді?
Брежневті суреткер, –деп – жазушы –
Лениндік сыйлық беріп жіберді…

Ал… айтайын… келтірмеңіз күлкімді,
Маған қалай қидыңыз сіз бұл күнді?
Сіз кетесіз… Сіз кеткен соң бұ жерге,
Мені қайта кіргізбеуі мүмкін-ді…
Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық бөлімшесін (кейіннен филиал болды) 1987 жылдан басқарып келдім. Жанашыр әкім-қаралар облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне «тіркеп қойған». Тиын-тебенді содан алам. Еркін шығармашылық жұмыс болды. Қасымның 80 жылдығынан бастап, 100 жылдығына дейін алты Алашқа азан сап өткіздік. Бірде облыс әкімінің шығармашылық өкілдерімен кездесуінде: «– Қаныш Сәтбаевтың Бұхар Жырау даңғылындағы ескерткіші де ұнамайды…» – дегенбіз. « – Неге?» – деді әкім жұлып алғандай. «Бұл Жезқазғандағы ескерткіштің нашар көшірмесі… Ағылшынның атақты аристократы, Англияның премьер-министрі Унистон Черчиль Қанекеңді алғаш көргенде: «Қазақтардың бәрі де Сіздей еңселі ме?» – деп сұрағанда, ол: «Ең аласасы мен едім…» – деген ғой. Қанекеңе өзі сынды асқақ ескерткіш қою керек Арқаға?»
Қазір сол ерен ескерткіш-еңселі бейне Қарағандының керуен сарайында қалың жүргіншіні қарсы алып тұр!
Қаз Дауысты Қазыбекке ескеркіш орнату қақында мәселе көтердік – облыстық әкімшіліктің алдынан! «Неге тура сол жерге орнатқыларыңыз кеп тұр?» – деп сұрады сол кездегі облыс әкімі. «Сіздердің ғимараттарыңызға кіріп бара жатқан әкім-қаралар Қаз Дауысты Қазыбектің қасынан өтіп бара жатқанда, аздап ойланып, толғанып кірсе деп едік…» – дедік біз. Әкім аталы сөзге ұйып қалды…
Бұ жақта филиалдың тындырған шаруасы жетіп артылады. Қарағандыға жолы түсіп бір келген сапарында менің құрдас-сырлас досым Несіпбектің (Айтұлы) Қарағанды Мемлекеттік Универститінде тебірене сөйлеген сөзі бар еді: «Қазір Қарағандының әдеби ортасы алдына қара салып тұрған жоқ. Мұндай тегеурінді жас ақындар шоғырын Қарағандыдан басқа бірде бір облыстан кездестірмейсіз. Тіпті, ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім шыққан біздің Семейде де жоқ. Кезінде қазақ даласында Абай қалыптастырған ақындар мектебін. Көзіне мақтады демеңіздер, Қарағандыда мұндай орта қалыптастырып отырған – мына менің досым, ақын Ақсұңқарұлы! Оның қадіріне жетіңіздер!»
(28.12.2018 .).
Қадірге жетуді айтасыз… Осындағы бас-аяғы он шақты жазушы Қарағанды облыстық филиалы жөнді жұмыс істемейді деп арыз жазды да отырды. Қажыдым… Ғалым Жайлыбай екеуміздің ұсынысымызбен «Сарыарқаның 100 томы» жалғанның жарығына шықты. Қаламдастардан алғыс аламыз деп ойлап едік, – қарғыс алдық: жалпы жинаққа шыққаны: «Неге бізге бір томын қимаған?» – десті, бір том иеленгендеріне екі том, екі томы барларға үш том керек көрінеді?!. Тургеневтің «провинциялық батпақ» – дегені бар; сол батпақ мен туған жерде де жалпайып жатыр екен…
Жазушылардың Құрылтайы алдындағы Пленумға қатысып, Нұрлан Оразалинге: «Сіздің үстіңізден жүз шамалы жазушы арыз айдаса, маған мына ош шақтының өзі маза бермей жүр? Босатыңыз мені?» – деп едім, «Сені босатып, мен елдің бетіне қалай қараймын?!» – деді. Төрағаның бірінші орынбасары Ғалым бауырым да: «менің мерейтойым өткенше қоя тұрыңызшы», – деп базына айтты.
Ұлықбектің сайланатыны белгілі болып, Одақтың он бесінші Құрылтайы өткелі жатқанда оған да осы тілегімді жеткізгем, – ол да көнбейді! «Ұлқаш-ау? – дедім. – Ең болмаса өтінішімді оқып берейінші?». «Ал, оқышы?» Мен оның жастарды жақсы көретінін жақсы білем, Қадырдың «О, сұмдық-ай, сұмдық-ай! О, ант атқан, ант атқан, Осал жерін ерлердің қалай ғана дәл тапқан?!» – дегені бар ғой, ұрымтал тұсын дәл таптым: .«…Орынды менен гөрі жастау, менен гөрі талантты, менен гөрі қайратты жасқа беруіңізді сұраймын?» деген жерін оқып едім, Ұлқашым сылқ ете түсті: « – Бар ма ондай жас оғлан?!» – деді. « – Бар! Серік Сағынтай! «Қасым» журналының Бас Редакторы!» – дедім! «Келістік!»

Жазушылар Одағының филиалы

Қазақстан Жазушылар одағының филиалы,
Етек-жеңін енді кеп жинады.
Оны қинаса, –
Совет өкіметі қинады;
Қаз Дауысты Қазыбектен –
Мирасқа дейінгі буынның жүз томын,
Оған Тәңірі сыйлады!

Қазақстан Жазушылар одағының филиалы,
Етек-жеңін енді кеп жинады.
Мен оған сыймасам қайтейін,
Бір кезде Жақаң да* сыймады…

Жарқырап Күн дидары,
Етек-жеңін ел жаңа жинады.
… 70-ке, 80-ге келгенше жазбаған дүниеңді,
Жазып бере ме –
Жазушылар одағының филиалы…

-4-

Шешемнің әкесі Рамазан отыз төрт жасында кісі қолынан қаза болса, Рамазанның әкесі Кешінбай, анасы Сара апай да 90-ға тақап дүниеден көшкен. Шешем де ұзақ жасаушы еді, 25 жылдай демікпе деген кеселге ұшырап, ақыры сол алып кетті!
Таубайдан тоғыз ұл туған. Бертінге дейін қуғын-сүргінде жүрген. Бұлар төре Әлихан Бөкейхан ауылының қожалары. Мекені – Арқаның Жыланды тауы. Ұлы аталары Құлжада би болған, сүйегі сонда қалыпты. Соның бір тұяғы Сәуле Мешітбай тәтем – Жамбылда. Қытайдан да, советтен де қуғын көрген тұқым. Әкесіз қалған жетім қыз, шешесі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен соң, бір әйелі өліп, екінші қатынынан айрылысқан Ақсұңқарға 16 жасында тұрмысқа шыққан (1944 ж.). Әкем: «Сенің шешеңді жүз қыздан таңдап алдым!» – деп, мақтанып отырушы еді…
Шешем қатал, туасы аристократ, әйелзатының сұлуы болған, діндар адам еді (1928-2003 ж.ж). Мендей емес, – тұңғиық, терең, тәкаппар! «Сен әкеңе тартқан ұшқалақсың!» – деуші еді. Елді мысы басып отыратын… Маған ақындықтың желігі Мекке-Мәдинадаға жырмен түзіліп Көктен түскен Құранды зердесіне құйып алған нағашылардан жұққан болуы керек? Түп атам қырғыздан Арқада Шөжеден басқа жөні түзу шайыр көрінбейді…
«Қызға қарап қайтеді, Домбырасы бар кісі?!» – деп Жұмекен (Нәжімеденов) айтпақшы, мен қара өлеңнің соңына түсем деп, 30 жасымда – 1980 жылы әзер үйленгем. Не бір аруға ғашық болғанымды ұмытып… Ғалияшқа тоқтадым… «Таланттың кім екенін анықтау оп-оңай! – дейді Михаил Жванецский – Қараңыз, оның қасында қандай әйел жүр екен? Пушкиннің қасында, Есениннің, Высоцкийдің қасында қандай Айдай арулар жүрді? Ал, сонсоң, Сталиннің қасында, Хрущевтің, Брежневтердің қасында қандай әйелдер жүргенін есіңе түсіріп көрші? Олардың қасында ондай арулар жүрген жоқ қой?!». «Из жён надо выбирать весёлых. Из весёлых — умных. Из умных — нежных. Из нежных — верных. И терпеливых», – дейді ол тағы да ағынан жарылып. Тағдырдың жазуымен маған солардың сұлуы, көңілдісі, ақылдысы, нәзігі кез болды ма? О жағын кесіп-пішіп айта алмаймын. Бірақ, ең адалы, ең төзімді, ибалы, имандысы тап болды – Ғалияш! Тәңіріме – тәуба, тағдырыма – ырзамын: Ақынға жарды Алла таңдап береді екен!
Әкейдің «ЦК-ның Бас хатшысы болады» деген арманы өзімен бірге кетті… Шешем – ауру. Төрт ұлдың үлкені – мен. Өлеңімді жазған бетте ылғи шешеме оқушы едім. 1978 жылы армияда, Ресейдің Пенза дейтін қаласынан «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып келіп, Тәтеме: «Мұқағалидан кейінгі мықты ақын менмін!» – деп мақтанғанымда о кісі: «Алдыңда Абай тұр ғой?! Алладан ұят болады! Өзіңді өзің мақтама, өзге біреу айтсын?!.» – деген.
Содан бері мақтан атаулыға тым салғырт һәм күдікпен қараймын. Осы жасымда өлеңді (Алланың хикметін) тақпақпен (пенденің гөй-гойі) шатастырмаған екі-үш-ақ кісі көрдім, – шешем Һалифа, Нұрмахан Оразбек, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Құл-Мұхаммед…
1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен Дәуітәлі Стамбеков көкем мені Олжас Сүлейменовке алып кірген. Қасында Тұмаға (Тұманбай Молдағалиев) отыр екен. Ол кісі үшінші хатшы. Үшеуі менің мақтауымды асырып жатыр.
– Өлең оқышы? – деді Олжекең гүр етіп.
«Арғымақтарды» оқи жөнелдім.
– Сұңқар ақын екен! – деді Олжекең тағы да гүр етіп, сөзін сойыма қарап айта салған болуы керек?
«Мені қалай ұмытып қалған? – деп ойлап тұрмын ішімнен, жас ақын атаулыға тән менмендігіме басып, – 1974 жылы Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде Қуан (Қ.Шаңғытбаев) аға таныстырып еді ғой?!.».
– Мұны жедел түрде одаққа өткізу керек! – деді Сайын ағаға қарап. Неше кітабың шығып еді?».
– Бір-ақ кітап, – дедім мен, – «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» – деген…
– Үш кітап керек қой? – деді Сайын ағам күмілжіп, – әйтпесе Мәскеу бекітпейді?..»
– Үшеу деп жаза салыңдар! – деді Олжекең Тұмағаға.
– Бұл менің шәкіртім ғой? Талантты шәкіртім! Қырыққа да келіп қалды өзі… – деді Тұмағам. Онысы – жас емес, толысқан ақын дегені…
Сонымен, мен СССР Жазушылар одағының мүшелігіне 1986 жылы өттім. Желтоқсан оқиғасының ушығып тұрған кезі, орыстан басқа ұлттарға ала көзбен қарап тұрған уақыт… Онда Дәуітәлі Стамбеков одаққа әлі өтпеген. Мінезімен көп пендеге жақпай жүрген шағы, маған ыңғайсыздау болған… Сонда оның одаққа өзі өткендей қуанғаны әлі есімде: «Мені қойшы… Мен өтем ғой? Ауылда жүрген сенің өткенің дұрыс болды ғой!» – деп еді.
…Әлі есімде, 90-жылдардың тұсы. Қазақстан Жазушылар одағының бір құрылтайы өтіп жатқан. Империя құлап, баяғы құндылықтар аяқтың астында қалған шақ. Гу-гу еткен ел… Түр-түсі бейтаныс, кеуделері аяқ-қаптай ақын-жазушылардың қарасы да көбейіп кетіпті. Темағам (Медетбек): – «Серік, бері келші?» – деп мені қасына шақырып алды, – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері бөлек тұр ғой?.. Біз, – СССР Жазушылар одағының мүшелері, бірыңғай, бөлек тұрайықшы?!.»
Әдебиет атаулыдағы алтын айдарлы жанр осы Ұлы Мәртебелі Поэзия екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Адамзат қауымдастығының алғашқы бірлестігі тайпалық қоғамда да көмейінен небір інжу-маржан жыр төккен арқалы ақындар болған шығар. Бірақ тарихта солардың бірде-біреуінің аты-жөні қалмағаны қалай? Әргі-бергі әдебиет тарихын зерттеушілердің бірде-біреуі осы сұраққа әлі күнге дейін жауап іздеп көрмепті. Ойланатын-ақ мәселе. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер құл иеленушілер заманында дүниеге келген. Бұл – тарихи факт. Күнделікті күйкі тіршіліктегі материалдық игілік, дүниеуй мәселелердің басын қайырып, өзін бір сәтте болса да тұрмысқа тәуменді емес тәуелсіз тұлға ретінде сезінген құл иеленуші өз жүрегінің лүпіліне құлақ аса бастаған кезде Ақын атаулының қадір-қасиетіне жетті. Сөздің қадірін біліп, қасиетін бағалады. Жерден жеміт теріп жеуді ғана ойлайтын құл мен күңнің баласы өзінің қу қарақан басын көтере алмай жүріп, өлеңді қайтушы еді?! Қазір де – солай!
Дүниежүзілік поэзияда поэма жанрының не бір шедевр (Жұматай Жақыпбай оны «шақһар» деуші еді) үлгілері Батыс-Шығыста да баршылық. Соның ішінде менің жаныма жақыны – А. Блоктың «Скифтері» («Мильоны — вас. Нас — тьмы, и тьмы, и тьмы…»). Поэма деген, міне, осындай болса керек-ті! Не деген кең кеңістік! Түбіне өлең ғана бойлайтын тереңдік! Әрі – қысқа, әрі – нұсқа. Поэманың қазақша атауы – Жыр ғой?
1991 жылғы тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы орасан зор тарихи оқиғаларға қарамастан Россия екі-ақ заманда, Пушкин дүниеге келгенге дейінгі және Пушкин дүниеге келгеннен кейінгі Россияда өмір сүріп келеді. Біздің исі қазақ та Абайға дейінгі һәм Абайдан кейінгі қазақ болып қаққа бөлінеді. Біз Пушкиннен кейінгі, Абайдан кейінгі заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Олардың өр рухы өзегімізге өрт салмаса – өз обалымыз өзімізге! Құран мен Абайды ертеректеу оқығанда өлең жазбай кетуші едім! Бас хатшы болмасам да, П. Неруда сынды бір елге елші болар ма едім, кім біледі?
90-шы жылдары – «Қазақ әдебиетіне» (бас редакторы Оралхан Бөкей) Қарқаралыдан бір топ өлеңдерімді (топтама) жіберіп, күтіп жүргем… Газет ол кезде Қарқаралыға шыққан күні жетеді, жұмада «Қазақ әдебиетін» айқара ашып жіберсем, екі бетін еңсеріп, «Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл…» тұр! Ол кезде қалта телефон деген жоқ. Жұмысына телефон шалып, рахметімді жаудырып жатсам: Орағам: «Мен бұл жырды жаттап алып, айтып жүрем!» – деді сүйсініп! Содан бір күні Үндістанға кетіп барады деп естігем… Қайтып оралмады… Қайран, Орағам…
Менің шығармашылығыма ерекше назар салып, қанатыма жел берген Қуан аға (Шаңғытбаев), Тұмаға (Молдағалиев), Мұхтар аға (Мағауин), Нұр аға (Оразбек), Шераға (Мұртаза), Әбіш аға (Кекілбай), Жұмекен аға (Нәжімеденов), Фариза әпке (Оңғарсынова), Сәкен аға (Иманасов), Марал аға (Ысқақбай) – менің жүрегімнің төрінде тұр!
2018 жылға сом бір жинақ («Уа, Ақсораң») дайындап өткізіп, ғұмырымда бірінші рет қомақты қаламақысын да алып алғам, сол дүние енді біздің меншігіміз емес көрінеді, мемлекеттікі екен?.. Сол қолжазба биыл «Дәуір» баспасынан әзер жарық көрді. Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым: «Басқа сатса да, өлеңді сіздің сатуға қақыңыз жоқ еді ғой?!» – дегенде қара жерге кіріп кете жаздап едім…
Өмір деген – қас пен көздің арасы. Есіктен – төрге шыға салғандай-ақ болды. Соның көбін шарап ішіп шалқып, пендемен – пенде болып, тантып… босқа өткізіппін. Өкінішті! Енді Алладан он жыл сұрап отырмын? Берсе?..
Мағауин маған айтқан: «Арқаңа аруақ қондырған – Алла! Ендеше Ол жазған-сызғаныңды жарыққа шығуына мүмкінді беретін ғұмыр-жас та береді», – деп.
Кейінгі кезде Абай мен Мағауинге Аллаға сенгендей, ұйып барам…
Оқымыстылар бір өлген марқұмның мәйітін крематорийге алып келіп, өртейін деп жатса, әлгі өлі дененің оттан қорқып, қалшылдаған кезін байқап қалыпты:

Тозақ өрті

Мына Марқұм* өртенерде, расында,
Шошып кеткен…
Миы жоқ па басында?!
Крематорий оты деген немене,
Күйіп тұрған сойқан өрттің** қасында?!

Өлгеннен соң – шірік өкпең сырылдап,
Иттей кешкен ғұмырың да ырылдап! –
Қалады екен қара жерде!
Ғарышқа –
Шыбын жаның ұшады екен шырылдап…

Тәніңе ие болады екен молда кеп,
Жан кетеді: «Бөрі азығы – жолда» – деп!
Шыбын жаным, он шақты жыл жүре тұр,
Сонан кейін, қайда кетсең – онда кет…

Атыраудан –
Алтайыңды шолып кеп,
Енді мұнда жүре берме тоңып көп;
Жаназаңды шығарғанша, асықпай,
Ақсораңға бір-екі күн қонып кет.

Уақыт бере қойса соған, ай, Алла,
Мен де біраз жүрейінші саяңда?
Қарқаралыдан өтер тұста, асықпа,
Жиренсақал Әулиеге аялда?
Уақыт болса, біраз сайран саларсың,
Асықпағай, барар жерге – барарсың;
Жетісудан өтер тұста, өкіріп,
Жер бетіне бір құлдырап аларсың?

Алып кетсе қайтем ертең жүр демей,
Сайрап тұрған кезде айтайын тіл-көмей:
Тәңірі егер мен жайында сұраса,
«Жақсы еді…» де?
Үндемей ғап жүрмегей?!

«О, Тәнірі!
Өзің ғана қолда!» – деп,
Жүрсең, нәсіп болады екен сонда – көп.
Шыбын-жаным, оншақты жыл жүре тұр,
Содан кейін, қайда кетсең, онда кет…

Мына заман мені де бұзып қойған: ақ қағазға қаламсаппен үңілмегеніме 7-8-жылдай болып қалды. Бәрібір «Қауырсынын қолыңа алып ақ қаздың» (Қасым), – қаламмен жазғанға түк жетпейді екен?
Әлеуметтік желілерде кілең «Заманның жеңіл ауыз джентельмендері» (Қасым) отыр екен. Бәрі шетінен шешен һәм көсем боп алған. Олжастан бастап, Әбішті қоса қаралайды… Олар – Айсберг қой?!. Ел оның мұздықтың бетіндегісін көреді де, тереңіне үңіле алмайды. «Сені де жамандап жатыр?!» деген соң, еріксіз кіріп едім, шыға алмай қалдым, апиын секілді өзіне арбап, тарта береді екен… Содан «Фейсбуктегі фәни жалған» атты кітап та жазып қойдым (253-300 беттей) Хосе Ортега-и-Гассет айтатын тобырдың көтерілісі («Восстание масс») қазаққа да келді!..
Александр Блок айтпақшы, поэзия дегеннің өзі дүниенің гармониялық үйлесімі. Талант пен таланттың қанжыға қағысып, қатар жүруі – қанат пен қанаттың қағысындай немесе бірімен бірі гармониялық байланыстағы асау тасқынның ағысындай ғой! Арқада маған мұндай несібе бұйырмады. Маяковский мен Есениннің арасындағы теке-тірес пен Моцарт пен Сальеридің арасындағы ерегес, қанды айқасты қатар алып, салыстыруға болмайды; екеуі – екі бөлек дүние; оның біреуінің аты – таланттардың жарысы, жарасымды бәсекесі, екінші біреуінің аты – жаманның жақсыны көре алмаған іштарлығы! «Мы нарушили Божий завет. Яблоко съели. У поэта напарника нет, все дуэты кончались дуэлью» – дегенде Андрей Вознесенский осындай пендешілікті меңзеген… Есенин дүниеден қайтқанда соның қасында дос-жар болып жүріп, екеуін бір-біріне айдап салған «достарынан» гөрі Маяковский қатты азап шеккен-ді! Ол сыңарынан айырылып, қанатынан қайырылғанын сезді! Оның «Сергей Есенинге» деген өлеңі ақын шығармашылығының шыңы десе болады! Орыстың тағы бір бұлбұлы Белла Ахмадулина замандасы Андрей Вознесенскийге: «Ремесло наши души свело, заклеймило звездой голубою. Я любила значенье свое лишь в связи и в соседстве с тобою» – деп мағұмұрланады! Ұлылар бірін-бірі қалай қадірлейді! Белланың осы лебізі Мұқағали мен Еркіннің елден ерек сом образын аша түседі!
Ақын Еркін Ібітанов өлең оқып тұр.
– Ереке, мынауыңыз Мұхаңның өлеңі емес пе? – дейміз аң-таң қалып.
– Е, Мұқағали екеуіміз ағайынды адамдармыз ғой?! – дейді ол алая қарап. – Біздің арамызда бір шумақ өлең түгілі, бір-екі боталы түйе, екі-үш құлынды бие, бес-алты бұзаулы сиыр да жүре береді…
Мұқағали мен Еркін… Екеуі де ірі талант иесі! Бір ауыл, бір топырақтан шыққан, бір Хан Тәңірінің етегінде балалық шағының базарын базарлап, қолына бірге қалам ұстап, ала қағазға бірге телмірген. Мұхаң бұ дүниеден о дүниеге қапылыста аттанып, егізінің соңынде ет-бауыры езіліп, еңіреп қалғанда Еркін інісі «Қайдасың, Хан Тәңірі?» атты асқақ поэма жазып, көкесіне жырдан өлмес ескерткіш орнатып кетті! Біздің ұлттық әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған, әлем әдебиетінде де бой көрсете қоймаған құбылыс десе болады! Еркін Ібітанов қана ағасына адал болып, оның ойсыраған орынында өле-өлгенше күңіреніп жүрді… «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» – деген Мағжан.

Елде қалған егіздер

Тұрысынан, жүрісінен танимын,
Топырақтан ақын туса егіз болмақ негізі.
Мұзарт шыңда туған Мүқағалидың
Ібітанов Еркін екен – егізі.

Егізді айтсаң, ет жүрекке толар мұң,
Шатыршаның шалғайынан жол құлап.
Қадырдың да егізі бар…
Оралдың
Құмында жүр ол, бірақ.

Ақын да бір, қажы да бір, шырағым,
Ауылынан сапар шеккен Меккеге.
Алашына тастамаса сыңарын,
Олжас ағам Альпіні асып кете ме?

Әлихан мен Нарманбетте – негізім.
Мен айтпасам, айтар анау жел оны.
Ақтоғайда қалған менің егізім,
Елін қиып кете алмай жүр – себебі.

Сағынышым – сартап, миым – жұқарды,
Дос жоқ менде, опасыз көп оттаған.
Менікі деп иемденген Мұқаңды
Ерекеңе елжірейтін боп барам…

Қайтем, жақын дейтін пендем жатым да,
Маған талай ойран салар ол әлі.
Адамзаттан дос болмайды ақынға,
Елде қалған егіз ғана болады.

Шатыршада – бар ойым.
Жас баладай мені күткен жол қарап, –
Елде қалған егізіме барайын,
Көздің жасы омырауға сорғалап…

Данасы мен дарынсызы, озығы мен тозығы миша араласқан қазақ әдебиетінен екі адал – егіз құбылыс көзге анадайдан айқұлақтана шалынады; оның біреуі ғұмыр бойы Мұқағалиды пір тұтып, Мұқағалиға мағұмұрланып өткен қазақ жырының тегеурінді бір өкілі Еркін Ібітанов болса, екіншісі – Тұманбай Молдағалиевке тәнті болып, соның аруағын арулап жүрген қазақтың қасиетті бір перзенті Ауыт Мұқибек! Алдында пір тұтар әулиесі жоқ пенде ақын бола алмайды! Сандалбай сальерилік қанша тыраштанса да осындай екі адал – егіз құбылыс қазақ ұлтын, күндердің бір күні өркениет өріне қанат қақтырмай қоймайды!
«Моцарт пен Сальери» (осы заманғы нұсқа) деген жырымды 27 жыл бойы жазып, аяқтай алмай жүр едім. Оның соңғы нүктесін 2014 ж. қойдым. Оған осындағы халтурщиктер көп болып «көмектесті», – қуанғаннан аспанға ұшып кете жаздадым… «Егемен Қазақстан» екі бетіне жариялады. Поэманы әдеби орта жылы қабылдады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, қазақтың аса көрнекті сыншысы Серік Қирабаев арнайы мақала жазып: «Біз осы заманның Моцарттары – Сәкен, Мағжан, Ілиястарды жақсы білуші едік. Бірақ, олардың Сальерилері туралы Ақсұңқарұлы алғаш рет айтты!» – деп, өте жоғары бағалады.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Жазушылар одағының ғимараты алдында Сәкен Жүнісов пен Әлжаппар Әбішевке жолығып қалдым. Әлжекеңнің «Шерлі щежіресі» – шыққан кез. Сәкен аға осы кітап туралы біраз тебірене сөйлеп, Әлжекеңді риза қылып тастады. Әлжекең: – «Әй, сен оқыдың ба оны?» – деді маған бажырая қарап. « – Жоқ… Қолға түспеді…» – дегем. Әлжекең: «– Сендер өздеріңнен басқа кімді оқушы едіңдер?!» – деп, маған жақтырмай қарап, ішке кіріп кетті.
« – Мен сенің осы көкеңді елден ерек сыйлаймын. Неге екенін білесің бе? – деді Сәкен аға, – Бұл НКВД-ның Мұхтар Әуезовтің соңына салып қойған жансызы ғой?! Мұхаң – Алашорданың адамы, Әлжаппар – Қарағандыдан келген пролетариат, өкіметтің ең сенімді кісісі, содан одан: «Мұхтар не істеп жүр, Совет өкіметі туралы не дейді?» – деп сұрайды ғой? Сонда Әлжекең: «Мұхтар Әуезовтің аузынан Сталин түспейді! Совет өкіметін жанындай жақсы көреді!» – деген жалған мәліметтер беріп отырған! Әлжекең болмаса, оның 37-інің ойранынан аман қалуы неғайбыл еді! «Сыйға – сый, сыраға – бал» – дейді қазақ. Мұхаң да Әлжекеңмен бірге «Намыс гвардиясын» жазып, сенің көкеңді қазақ әдебиетінің классигі жасады!..»
Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» күнде менің жазу үстелімде жатады. Мен үшін бұл классикалық әдебиеттің айтулы інжу-маржандарының бірі һәм бірегейі!
Қазақ жырына Абай, Мағжан, Ілияс, Қасымдардан кейін еуропалық өлең мәдениетін әкелген Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Сағи, Жұмекендерді басыма жастанып оқыдым. Бұлардың бәрі де соғыста туған тұл жетімдер еді. Сол дүниежүзілік екінші қырғындағы соңғы оқтың атылғанына биыл 70 жыл болады. Соғыс біткенде Өтежан Нұрғалиев жеті жасар бала екен. «Соғыстың соңғы жазы» – сол баланың көзіне көрініп, көңіліне түйген поэтикалық сом дүние, тұтас бір ұрпақтың қасіретнамасы! Бұл жыр күндердің күні ағылшын, француз, испан т.б. шет тілдеріне тәржімаланып, адамзаттың игілігіне айналған күні төрткүл дүниеде бір рухани дүрбелең болады… Биыл, ең құрығанда, Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының алдындағы бір кезде өзі алшаң-алшаң басқан гүл алаңына осы ақынға бір ескертіш қойғанда, Ақынның аруағы Алашын жебеп жатар ма еді, қайтер еді… Толстойдың Ясная Поляна, Махамбеттің Қараойы, Абайдың Жидебайы сынды Өтежанның Жарқамысы да қазақтың қасиетті бір жеріне айналады әлі?..
– «Сенің Қызыларайың менің Жайыр тауымнан аумайды екен!» – деп еді Жәркен Бөдеш Әсеттің тойында Ақсораңға аң-таң ғап қарап тұрып, – Қызыларай қасқайып қасыңда тұр. Жайыр тау Шығыс Түркістанда қалды. Қажықұмар көкем есіме түсіп, көңілім құлазып тұрғаны…».
Ақынның көзінен бұршақ-бұршақ жас атқып-атқып кетті…
Қажықұмар Шабданұлы – ғұмыр бақи Қытай түрмесіне байланған қазақ жазушысы. «Қылмыс» романының авторы.
Тағдырдың қилы-қилы жазуы бар,
Ірісі сол жазудың Қажықұмар:
Абақтыда – марқайды,
Абақтыда – қартайды.
Абақтыда – бел жазып,
Абақтыда – жантайды…
Абақтыға апарып,
Қамағалы қапа ғып,
Шыққан ізі жоқ әлі,
Кірген ізі – ап-анық.
Әсет елге оралды. Қажықұмар көрер көресінін көріп, Қытайда шәйіт болды! Алла жазса, бір күні осы жерге ол да келеді ғой?!
Орыстың арқалы ақыны Андрей Вознесенский «Великая Русская Литература – Великая Отечесвенная Война!» – деген! Ұлы Қазақ Халқы деген – Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз! Ұлы Абай деген сөз! Мағжан деген сөз! Қасым деген сөз! Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз!
Баяғыда совет өкіметі кезінде он шақты ақынды әскерге шақырыпты. Сапқа тұрғызып, әскери тәртіп бойынша, бірінші, екінші, үшінші деп санаңдар дейді. Бұл – бұйрық. Сонда сапта тұрғандардың бәрі де: «Мен – бірінші! Мен – бірінші! Мен – бірінші!» деп, атып шығыпты!.. Кімнің «бірінші» екенін маңайыңда қиқулап жүрген қара тобыр білмейді. Уақыт пен ұрпақ біледі! Заманында Осип-Юлиан Сеньковский деген сарай ақыны Пушкинді менсінбеген! Демьян Бедный кенелген ілтипат-құрмет Борис Пастернактың түсіне де кірмеген!
Марқұм әкем: «Сен кедейді – бай, кердеңді – кісі қыла алмайсың. Ол, сен түгілі, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген совет өкіметінің де қолынан келмеді! Жақсының жағасынан алмасаң болды», – деуші еді. Өмірдегі, поэзиядағы менің ұстанымым – осы болды. Темірхан, Жәркен, Несіпбек, Ұлықбек, Есенғали, Ғалым, Светқали, Ертай, Тыныштықбекті де жанымдай жақсы көрем, олар мені қалай көреді? Онда менің қахым қанша?!
Антипоэзия дейтін бір жексұрын бар мына жарық дүниеде. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомермен ілесе туған. Атамзаманнан тайраңдап келеді. Тарихқа қарап отырсаңыз, осы оңбағанның ең тежеусіз, бетімен кетіп, сайран салған кезеңі совет өкіметінің тұсы екен. Тексіз құл, бетсіз күңмен қоса құтырған пәле! Ленин шала сауатты, дарынсыз Демьян Бедныйды мемлекеттің бас ақыны деп жариялайды. Өзі тұрған Кремльден пәтер береді. Бұл кезде Александр Блок та, Осип Мандельштам, Анна Ахматова да тірі. Бәрі үйсіз, күйсіз қаңғырып жүр! Блок аштан өледі. Мандельштам айдалып кетеді. Ахматова өле-өлгенше үйсіз, күйсіз қаңғырып өтеді.
Құдайдың жөні осы әдебиет дегеннің өзінен аулақ жүрген-ау деймін?! Қазір оның маңайында неше түрлі сандалған сайқымазақ жүр; «Ғылым таппай, – мақтанған, Орын таппай, – баптанған Өсекші, Өтірікші, Мақтаншақ, Сабырсыз, Арсыз, Еріншек, Көрсеқызар – жалмауыз, Алты бақан – алауыз, Сатқын, Пәлеқор, Арызқой – Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі» (бәрі Абайдың сөзі), дарынсыз Алаяқ, Саудагер қаптап жүр! Кеуделері – аяқ қаптай! «Өзі – шошқа, басқаны ит деп ойлардының» (тағы да – Абай) кері! Елдің бәрін өзіндей надан көреді… Осылар, осындай оңбаған типтер дарынсыз жазарманнан талантты да, санатты оқырманның мың есе артық екенін түйсіне алмай-ақ, түсіне алмай-ақ қойды! Тарихтың тағлымы осы еді ғой? Абай мен Пушкинді, Шекспир мен Гетені түсініп, түйсініп оқудың өзі кісілік емес пе еді?! Әдебиетті ұсақ-түйек пенделер жасамайды, – алыптар жасаған!
Таяуда орыстың бір ақынының: «Я поэт. Но не ремесленник, а поэт всем своим существом…» – дегенін оқып аң-таң қалып ем, «мынау менің ойымды қайдан ұрлап алған?» деп… Туа ақын болғандар бар. Өлеңді етікшідей кәсіп қып… жүре «ақын» болғандар да жетеді… Дүниеге қайта айналып келсем, осы өлең деген бейдауа дерттің маңына да жоламас едім! Бірақ, болары – болды ғой?!.. Көреміз де, – көнеміз! Ғұмырым «қойшыға – сөз, жылқышыға – жыр» болумен өтіп барады…
Моцарт пен Сальеридің айқасы – бұл!
Ғұмырымның қырық жылы XX ғасырда өтті. Мен – советтік тоталитаризмнен көресінін көріп, шаршап-шалдыққан, ел егемен болғанда шәпкісін көкке көтеріп қуанып, бүгінде баяғы алып, ұшқан асау көңілі су сепкендей басылып қалған аға буынның бір өкілі едім. Көштен қалғам жоқ, бірақ. Ең жаманы – соңыңнан келе жатқан тегеурінді толқынға ілесе алмай, – жағалауға шығып қалған…
Ақын болған соң, Қаракөктің тұқымы, Аға сұлтан Құнанбайдың баласы болмағаннан кейін бәріміздің бойымыздан Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі тайға таңба басқандай, анадайдан көрініп тұрады. Мұны біз өзіміз байқай бермейміз, оны талғампаз да терең Құртқа-Халық (екі көзімен емес!), Тәңірісі берген үшінші төбе көзімен көреді… Әдебиеттің Ақи Иесі, талғампаз сыншы Күреңбайы да – осы. Біз келеміз де – кетеміз. Мәңгілікке қалатын – – Халық! Дәлдүріш онымен ойнайды… Һас талант оған іштей жан-тәнімен тәнті болады. Шынайы шығарма, міне, осы махаббаттан туады! Абайдың «Махаббатсыз дүние – дос» – дегені содан…
Поэзия – Бекзат Ару. Сен оны егіліп өзің сүймесең, Ол сені талақ етіп, тастап кетеді! Төсекке сүйреп, ақшаға айналдырып, базарға жетектеп, әр жерінен түртіп ермек қып, онымен ойнауға болмайды! Менің бір жігіттердің көңілінен шықпаған күнім, бір әйелдерді алдап-сулап кеткен кездерім болған шығар. Қазақтың қара өлеңіне адал болдым. Қазақ поэзиясы цивилизацияның құлағында ойнап тұр (Темірхан т.б.) 60-70-80-жылдардағы қазақ жырының алтын ғасыры алып бір аккумулятор сынды, – ұлтына рух беріп келеді әлі! Ғаламдасу деген жыртқышқа қазақтың қасиетті топырағында туған, «Табаны Алашта болғанда, тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік) қазақ әдебиеті ғана төтеп бере алады (әке-шешесі белгісіз шата постмодернизм емес!).
Мен де жасымда шамама қарамай, өлеңде өзімше неше түрлі экспериментке барған кісімін. Сонда маған Ахаң (А.Сейдімбек): «Бауырым! Дүниежүзілік поэзияда қазақтың қара өлеңінен өткен озық үлгі жоқ!» – деп еді. Бұ сөзді 1975 жылы Керекудегі жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде ұлт-тық жырымыздың корифейі Қуанағадан (Қ.Шаңғытбаев) алғаш естіп едім, сол сөздің тереңіне ой жүгіртіп қарамаған екем? Оның ұлы потенциалын, біз түгілі, бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Мұқағали да сарқа алмай кеткен! Қара өлеңдегі «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені?» деген сиқыр жол Батыстың қай шеберінің аузына түсіп еді? Тіпті, өзіміздің замандас, қаламдасымыз Несіпбек Айтұлының «Аққудың көз жасындай көлге тамған…» дегені ше?!. Қайран, қара өлең! Ол қаласа, аққудың өзінің көзінен жас шығара береді!
Соңғы кезде, қалай екенін қайдам, менің есіме Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» қайта-қайта түсе береді. Екеуі ет жақын, дос-жаран болған. Сыйлас-сырлас. Бір-бірін, композитор ретінде, басқа әріптестерінен гөрі жақсы түсінген. Пушкинге сенсек, (сенбеуге қақымыз да жоқ!), Сальери Моцартты улап өлтіреді! Хас талант пен кемталанттың (Асқар Сүлейменов) теке-тіресі ақырында осылайша қасіретпен тамамдалды!

-5-

…Бүгін Facebook-тен орыстың «Последный дуэль» атты фильмін көрдім. Режиссері – Наталья Бондарчук. Қасымда әдеби ортаға аты-жөні танымал бола бастаған талантты бір жас ақын бар еді. Пушкиннің рөлін Сергей Безруков сомдаған. Орыстың әдебиеті өз алдына, киносының өзі де шырқау биікте тұр!
«Пушкинді патша өкіметі өлтірді» деген сөз тарихқа деген таптаурын, таптық көзқарастан туған өтірік, жалған сөз! Мына фильм Ақ патшаның ақын мерт болғанда қалай абдырағанын дөп басып, шынайы суреттеген екен. Соны патшаның қызының бір жазбасынан көзім шалып еді. Туасы аристократ, Ресейді жан-тәнімен сүйген ел иесі, жер иесінің орыстың ұлы ақынын өкпеге қиса да, өлімге қиюы адамның ақылына сыймайды! Ұлтының игі жақсысын құлғанадай қуғындап, өсектеп, өлтіру, қашан да, тексіз пасықтың ісі! Қай елдің, қандай патшасы болса да, ел-жұртының абыройын аспанға көтеретін ұл-қыздарын алақанына салады. Шыққан тегі жақсы болса, дүниеге шырылдап келген күнінен бастап алған тәрбиесі ақсүйек, асыл ата, ару анадан бастау алса, әрине?!. Пушкин Бірінші Петр туралы поэма жазарда оған ірі көлемде сый ақы бөліп, Пугачев бүлігін зерт-тер кезінде жасырын архив атаулыны ашып қойған – сол! Асау Пушкиннің өзіне арнап жазған улы мысқылға толы эпиграммаларына да селт етпеген. Ақынның патшаны да сын тезіне алуға қақысы бар деп ойлаған!
Дантес – Пушкиннің туған бажасы! Наталья мен Дантестің жақындығы туралы қаңқу-өсек тарағанда шәпкісін көкке атып қуанған кім дейсіз бе, ақынның маңайындағы ұсақ-түйек жазармандар! «Өлсе, өмірем қапсын! Өлең бізге қалады!» деп ойлаған! Дантестің «Пушкиннің әйелімен әмпей-жәмпей екендігін» елге жағалай жайған осылар! Пушкин кетті! Бірақ поэзия оларға қалған жоқ…
Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген өлеңі бар. Драмалық поэма десе де болады. «И толковала чернь тупая: «Зачем так звучно он поет? Напрасно ухо поражая, К какой он цели нас ведет? О чем бренчит? Чему нас учит? Зачем сердца волнует, мучит, Как своенравный чародей? Как ветер песен его свободна, Зато как ветер и бесплодна: Какая польза нам от ней?» – дейді Пушкин тобырдың (чернь) аузына сөз салып. Адамзаттың айтулы бір құндылығы Поэзия-Ақын хақындағы қара тобырдың түйсік, түсінігі осындай! – дейді ол.
Әр түрлі тарихи ситуциялар тұсында халық та құбылып тұрады. Ол Булгарин мен Демьян Бедныйдың өресіне түсіп, көзінің алдындағыны ғана көріп, абсолюттік ақиқатты (Тәңірді) тәрк еткен кезде адамдық, азаматтық мұраттардан жұрдай, қасиетсіз қара тобырға айналып шыға келеді! Ал Пушкин мен Есенин, Цветаева мен Ахматова, Қасым мен Мұқағалиларына ет жүрегі егіліп, елжіреген бетте қалай халыққа айналғанын сезбей де қалады!
Марина Цветаева: «Его и пуля не берет, И песня не берет, Так и стою, раскрывши рот: «Народ! Какой народ!» Народ – такой, что и поэт – Глашатай всех широт, – Что и поэт, раскрывши рот, Стоит: такой народ! Когда ни сила не берет, Ни дара благодать, – Измором взять такой народ? Гранит – измором взять! (Сидит – и камешек гранит, И грамотку хранит… В твоей груди зарыт – горит! – Гранат, творит – магнит.) …Что радий из своей груди Достал и подал: вот! Живым – Европы посреди – Зарыть такой народ? Бог! Если ты и сам – такой, Народ моей любви Не со святыми упокой – С живыми оживи!» – дейді.
Халық деген, міне, осы!
Пушкин – Халық-Ананың төл перзенті болса, Геккерн мен Дантес, Булгарин мен Бенкендорф – қара тобырдың түсігі! Орыстың бағына туған Пушкинді Ресейден ата жауындай қарғап, сілтеп, көзге шыққан сүйелдей көріп, өсектеп, өлтірген осы қара тобыр! Мен иттің етіндей жек көрем сені!
Қазақта «уызына жарымаған…» деген жаман сөз бар. 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасағандардың бәрі де – уызына жарымағандар! Соның тақсіретін әлі тартып жатырмыз! Бір үзім нанға зар болғандардың үмбеті өзімен қоса өзгелердің де миын ашытып, саясатта, руханиятта да жартымды дүние жасай алмаған! Есіл-дерті ішім-жем, бір киер кебін, бір мінер ат, бір уыс ақша, сол үшін өтірік, өсек айтып, елді алдап, арбап, жақсысын жамандап, жаманын төбесіне көтеріп, шартарабы мен шалқар жұртын шатастырады; езуінен есірік күлкі кетпей, ағайынын алты бақан алауыз ғып, ұлтын ата жауындай ойрандайды; қоғамды қанға бөктіріп, кісі де өлтіреді! Содан осындағы ұлттық, адамзаттық құндылықтардың ойраны шығып тұр!
«Сенің бүгінгі кедейлігің түк емес, арғы атаң бай-бағлан болса, соның шапағаты жеті атаңа бір жетеді», – деген қайран, әкемнің өлер алдындағы бір сөзі есімнен кетер емес; Сұлтанмахмұт кедейліктің тақсіретін тартудай тартса да, ата-бабасы уызына жарыған, көш бастаған көсем еді. Ақындық-азаматтық код миында, сүйегі мен қан-тамырында қалған! Мағжан, Қасым, Мұқағалилар да – сондай! Қазақтың бір-бірімен жолыққанда ру сұрасып, оның арғы-бергі игі жақсыларын түгендеп жататыны содан! Адам баласы үшін оның ана (нағашы) жұрты мен ата (әке) жұрты да маңызды. Біреуінде бір кінәрат болса, сол шикілік баланың түбіне жетеді! Адамзат тарихындағы ең сорлы сословие, тап, топтардың ішіндегі ең сорақысы люмпен-пролетариат! Құдайға тәубе, қазақта люмпен-пролетариат болмаған! Қайыршыдан қасиетті адам шықпайды!
Пушкиннің тұқымы да саф алтынның сынығы еді. Әкесі Сергей Львович атам заманнан келе жатқан аристократ-двориян, анасы Надежда Осиповна – «ұлы Петрдің арабы» Ганнибалдың немересі! Таяуда facebook-тен орыстың бұлбұл көмей бір әншісі Николай Басков біздің Жетісудың бір аруына ғашық екен деген сөз естідім. Соған біздің қазақтар жатып кеп ашуланды. Ұрпақ адамның ана (нағашы) һәм ата жұртынан тарайды. Жөйіттер анадан таратса, қазақ әкеден таратады. Екеуі де дұрыс. Егер осы екі жұрттың біреуінде бір кінәрат, кілтипан болса, одан туған бала оңбайды! Орыс аристократтарының бәрі дерлік Алтын Орда кезіндегі қыпшақ (түркі) қыздарынан туған! Алаштың арда ұлдары да Шыңғысханнан тараған! Пушкиннің түбі – арап, Лермонтовтың түбі шотландтық. Басковқа бермеген қызды кімге береміз? Алсын! Бірақ күйеу баланың діні – ислам (ол қазірдің өзінде «Ла-иллахи-илла-Алла» деп, ән салып жүр), тілі қазақ болғай; сонда одан текті бір қазақ туады … шешесі жақсы болса! Тексіз біреуге тиіп, одан «көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресін» (Абай) тапқанша, жаттың жақсысынан көргенде жан жадырататын бір бекзат тусын! Тексіздік ұлтымыздың түбіне жетуі мүмкін; әлеуметтік желілердегі «әдебиеттің» түр – нұсқасына көз салсаң, зәрең ұшады! Халтура мен графоманияның ордасы – бұл!
Тобырдың өз жыршысы, өз «ақыны» сол кезде де болған. Қазір де бар. Олар халық деген шетінен сауатсыз, ақ пен қараны айыра алмайтын «надан!», өздері ғана – «кісі», қалғандары – адам қатарына алғысыз бірдеңе…деп ойлайды!
Осы күнгі «коммерциялық әдебиет» солардың осындай оспадарлық ойынан туған нәрсе. Бір тексіз байдың ақшасын алып, соның тұқымынан бір батыр, бір ақын тауып, «роман» жазады да, кітабын сатып, әдебиетті пайда көзіне айналдырады. Көркемдігі мен шынайылығында жұмысы жоқ ақша тапса, болды… Талтаң-талтаң етеді! Абайдың «Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар» дегені осындай «типтерге» айтылған сөз! «Құдайдың екінші аты Халық» деп неге айтқан? Халықтың білмейтіні жер астында! Мына надан кіммен ойнап жүр?!
Наталья Гончарова ханым жөнінде әңгіме көп. Өз басым ұлы Пушкин сүйген ару қайдағы бір дарынсыз Дантеске құшақ ашып, құрақ ұшты дегенге сенбеймін! Бірақ Марина Цветаеваны оқысаң, бұл жеңілтек, таяз қатын, ақынға, мүлде, лайық жар емес, күйеуінің жылына да қарамай, бір генералға тиіп кеткен опасыз! Ол да мүмкін… Қара шаңырақты құлатпай, қара жамылып отыратын қазақ әйелі болу қайда?!.
«Құралайды көзге ататын Пушкин еді!» – дедім мен дуэлде оқ ақынның қарынына тигенде, елден естігенімді мына бала да білсін деп.
«Қалайша қапы кетті, онда?!» – деді албырт ақын, асау жас пері ызаға булығып. « – Пушкин Дантестің басынан асырып, көкке атты!» – дедім мен қасында тұрғандай (өзімнің ішкі ойым ғой). – Ақын кісі өлтірмейді!»
« – А-а-а…» – деді жас шайыр ойға батып. Жаңа секунданты «Өш алайық!» дегенде, ол: «Жоқ… бейбітшілік керек…» деп жатты ғой? Осы атыста Пушкин тірі қалып, Дантес өлгенде… дей беріп едім, жас ақын: – Онда оны соттап! Сібірге жер аударып жіберер еді ғой?! – деп жан ұшырып айқайлап жіберді. – Бірақ, олар Дантеске түк істеген жоқ қой?!.»
Екеуміздің арамызда тылсым тыныштық орнады…
– «Пушкиннің оғы оның төбе шашын тікірейтіп, сипап өтті! – дедім сол сәтті көзіммен көріп тұрғандай, (маған тура солай елестеп кетті), – Әдейі сөйтті… Мерген ғой ол! Ақын кісі өлтірмейді!». «– Онда – деді жас ақын орнынан ұшып тұрып, – Пушкин «Моцарт пен Сальериді» жазған күні, өзінің қалай өлетінін пайғамбардай болжаған екен! Өзінің Сальериі Дантестің қолынан өлгісі келген шығар?!»
Мен үндегем жоқ.
– «Ол фәниден бақиға көшерінде тірі пендеге тіс жармай, кітаптарымен ғана қоштасты ғой?» – деді жас ақын ағам не айтар екен дегендей. «Оған салсаң, маңайында қыбырлап, жыбырлап жүргендердің барлығы баяғыда өліп қалған болатын! – дедім мен. – 1814 жылы лицейді тәмамдап, емтихан тапсырарда «Патша селосындағы ой» атты өлеңін жазған күні ол өзінің фәниге емес, бақиға бола туғанын сезген-ді. Қара тобырды тәрк етті ол он бес жасында! Оның сырлас-мұңдасы тарихтың терең қойнауына жөнелген Гомер мен Плутарх, Шекспир мен Гете, Байрон мен Державиндер-ді. Пушкин үшін олар мәңгілік тірі еді! Қалғаны – баяғыда өліп қалған!». – «Сальерий ше?! Ол да тірі болды ма?!» – деді жас ақын алқына ентігіп. – «Тірі болды! Өлтірді ғой… Әне, өзін өлтірді! Тірі болмаса, өлтіре ме?!.». – «Сен менің «Моцарт пен Сальери (о заманғы нұсқа)» деген жырымды оқымаған екенсің ғой?» – дедім баланың алаңсыз аңқаулығына ыза болып. « – Оқыдым… деді ол күмілжіп, – Бірақ Сальери тірі деп ойламаппын…».
…Ол абдырап, осындағы жас ақындар мен өздерінің қызық ортасы хақында шабыттана сөйлей жөнелді. Бір-біріне деген ілтифат-құрметі қандай ғажап! Баяғыда біз де осындай едік! Бірге сақылдап күліп, ойнап, бірге жамыраса өлең оқып, бір-бірімізді тірі классик көріп, бір-бірімізге деген мақтау, марапатымызды аямай, асырып жүруші едік.
Есіме ерке Дәуітәлі, білікті Жарасқан, асау Кеңағам, қаһан Жұматай, ғазиз Ғабиден түсіп, ет жүрегім елжіреп кетті. Содан қалғаны – Ұлқаш пен Несіпбек, Жәркен мен Есенғали, Ғалым… Қалғаны есімде жоқ. Өтті – кетті…
– «Ақынның туған топырағы ғана киелі емес, кіндік кескен жұрты, өскен ортасы да өрісті, өрелі болуы керек. Пушкин кімдермен жүрген? Орыстың ұлы ақыны Жуковский, терең ойшылы Чаадаев, Н.И.Гнедич («Илиаданың» аудармашысы), поляк поэзиясының классигі А.Мицкеевич, декабрист Бестужев… Маңайындағы ұсақ-түйек ақындардың өзі бір елдің жырын ұстардай тұлғалар-ды. Сол ақыл-ойы кемел, ар-намысы асқақ ордалы ортаның өзі Ақынын қызымыр, қызғаншақ, күншілдерден арашалай алмай қалды! Ақын азап шегіп жатқанда періштелер жерге қарап, әзәзіл пенделер іштей рахат сезімге кенелді! Ол «Пир во время чумы» («Обаның кезіндегі, ой-хой, думан»)-ды жаза ма, әйтпесе?! Басқасын былай қойғанда, сыңар езу, іштар, дәлдүріш Булгариннің жапқан жаласы мен жаққан күйесінің өзі бір атанға жүк болар еді…»
Ол маған «Осы қара өлеңге қайдан килігіп ем?!.» – дегендей, сұраулы жүзбен ұзақ қарап қалды.
«Немiстiң ұлы ақыны Иоганн Гете бiрде саябақта қыдырып жүріптi, – дедім мен абдырап қалған албырт ақынның көңілін аулағым кеп, Бiр адам ғана өтетiн жолға келгенде алдынан ұлы ақынды «өзiнше күнде өлтіре сынап», көзіқарақты елге күлкі боп жүрген бiр «әдебиет сыншысы» кездесе қалады. «– Мен жындыларға ешқашан жол бермеймiн!» – дейдi әлгi «сыншы көкірегін көтеріп. Ал Гете болса, мырс етіп: «– Мен, керiсiнше, жындыларға жол беремiн, өтіңіз!» – деген… Гетені «жынды» деп ойлайтын мұндай типтер Пушкиннің кезінде де көп болған… Бүгінде де олардан ит батпақтап, күшік сүрінеді! Біз қанша «жол бергенмен» халықтың жүрегіне жете ала ма солар?!
Ол сақылдап күліп жіберді!..
– «Пушкиннің өлерде кітаптарына қарап «Прощайте, друзия!» – дегені Мағжанның «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына!» – деген сөзімен төркіндес екен!» – деді жас ақын бір құпияны ашқандай жүзі алаулап!
Меніңше, бүгін бұған Тәңірден бір хабар-ошар жетті…
Мына балаға бертінде, осы 90-жылдарда болған бір оқиғаны айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып отырмын. Иран-Ғайып ақынға Алматыдағы бір топ жас шайырлар жиі барып, әңгіме-сұхбат құрады екен. «Қазір бір әке, бір шешеден туғандай боп жүрсіңдер ғой? – депті сонда ағалары, – дұрыс! Осылай жүру керек! Кейін, бірақ, біреуің тоқалдан, біреуің бәйбішеден туғандай, қырқысасыңдар әлі…».
Сол жауқазындай жас түлек «Ағайдың мұнысы несі?!» деп, бертінге дейін әлгі әңгімені аңыз ғып айтып жүрді. Қазір айтпайды… Бұл әңгімені мына балаға мен де айтқам жоқ…

2015-2020 ж.19.02
Қарағанды
Күнгей

Комментарий (1)

  1. Reply
    Әлкен Мұхтар тегіговорит

    Әр сөзі алтын әріпке сұранып тұр. Қызыларай, Қарқаралы көз алдыма көлбеді. Сен болмасаң бұлай ешкім жазбайды. Оқып шыққанша қаншама күй кештім.

Пікір қалдыру