Шәрбану БЕЙСЕНОВА.  ҚЫЗАЙ АНА 


Әпсана-баян

Қызай ана жайлы дерек жинау барысында шежірелерден, қазақтың ауызекі тараған қария сөздерінен тек жақсы лепестер мен жылы лебіздерді көптеп ұшыраттық. Шежірелерде оны Матай руының бір тармағының түп анасы деп қастерлеп атайды. Қызай ананың туа біткен ерекше қасиеттерінің арқасында есімінің елінің атауына қалай айналғаны турасында аңызға пара-пар ғибратты әңгімелер мол-ақ.
Қызай ананың азан шақырып қойған аты Күнбибі делінеді. Кейбір деректерде Күнбүбі, Күнбике деп те аталады. Күнбибіні кейбір шежірелерде Бәйдібек бидің Тілеубердісінен (Жарықшақтан) туған десе, екінші бір дерек көзінде Бәйдібек би мен Домалақ ананың (Нұриланың) қызы деп, оған негіз боларлық дәйектерді көптеп келтіреді.
Жататын ұлы жүзге Үйсін қандай?!
Үйсінің туажаты Бәйдібек бай.
Күнбибі Бәйдібектің күндей қызы,
Атанған кейін келе анам Қызай!
«Есенкелді» дастанынан.
Есенкелді батыр Қызайдың екінші ұлы Меңістен тараған ұрпақтан туған. Ол жайлы дастанда Қызай аналары турасында осылай делінеді. Біз де осы нұсқаны қабыл алдық.
Бәйдібек би Тілеубердіден кейін Домалақ анамыздан Тәңірберді, Ақтамберді атты екі ұл, Күнбибі, Нұрбибі есімді екі қыз көріпті. Тәңірберді мен Ақтамберді жастай шетінеп кетеді. Ата-анасы Жарықшақ пен оның соңынан ерген екі қызды ұлға балап, мейірімдерін төгіп, мәпелеп өсіреді.
«Ата-анасының ақылы – даңғыраған сара жол», – деп үлкендер айтпақшы, Күнбибі мен Нұрбибі ақылгөй ата Бәйдібек бидің, әулие текті ана Нұриланың (Домалақ ананың) ақылымен сусындап өсіп, бой жетеді.
Күнбибінің бітім-болмысы, ақыл-парасаты анасы Нұриладан аумай, тартып туған екен. Әдепті, ибалы мінезімен көпке жұғымды болып өседі. Сонымен қатар тілге шешен, өжеттігі де ерекше болады.
Күнбибі он жеті жасында Матай еліне ұзатылып, ақ босағасын аттап, келін болып түседі. Күнбибінің Матай еліне келін болып түсу оқиғасын қазақтың қария сөздеріндегі аңыз екітүрлі өрбітеді. Қай-қайсысы да шындықтан алыс кетпеген сыңайлы. Аңыз дәйегі кейіпкеріміздің табиғи болымысымен астасып, оның көптің көңіліндегі тұлғасымен үйлесім тауып, толық бейнесін құрайды.
Ол уақыттарда ел арасында дау үзілмейтін мазасыз шақ болса керек. Бір жолы Матай елімен Үйсін елі арасындағы кикілжіңге ұласқан ушыққан дау Бәйдібек бидің ауылындағы төбе басында өтіп жатады. Екі жақтың билері өзара келісімге келе алмай, ұзақ тәжікелесіп айтысса керек. Түскі асқа да уақытында келе қоймайды. Олардың асқа уағында келмегендігіне қарап, ауыл адамдары даудың ақыры насырға шауып кетер ме екен деп қобалжи бастайды. Сонда шолпысы сыңғырлаған бір бойжеткен дау өтіп жатқан төбенің етегіне барып, билерге иіліп тағзым жасап, тамағын кенейді, қыз баланың әлдене айтуға оқталып, бата алмай тұрғанын байқаған төбе би:
– Айта ғой, қалқам! Бір нәрсе дегің келе ме? – деп сұраған екен.
– Аталар, осыншама уақытқа дейін шешілмейтін бұл өзі не деген дау болды екен? «Ас – адамның арқауы» – демейтін бе еді. Ауқаттанып алсаңыздар болмас па еді? Бұл дау қанша шиеленісті болса да астан үлкен емес шығар. «Ырыс баққан дау бақпас» дегендей, дауды бақпай, берекеге келіңіздер. «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген де бар емес пе? Жаманына бақса солай-ақ болар. Асқа жүріңіздер, – дегенде билер де көңілденіп сала береді. «Осы баланың айтқаны жөн-ау», – десіп бәрі де демде райларынан қайтып, дауды мәмлегерлікпен тоқтатыпты. Дастарқан басына көңілдері жарасып келіп жайғасқан екен, – дейді бізге жеткен қазақтың қария сөздерінің бірінде.
Матай елінен келген би-шешендер: «Апырай, сөздің жүйе-жүйесін тауып айта білетін мынандай өжет қызды қандай ана тәрбиелеп өсірді екен?» – десіп, риза болып, таңданыстарын жасыра алмапты. Ауыздары дуалы тамам билер мен шешендердің алдына барып, даудың оң шешілуіне бастаған әсерлі сөздерді іркілмей айта білген қыз Күнбибі еді дейді көне шежіреде.
Матай елінің билері мен шешендерінің назарын аударған бұл жасөспірім Бәйдібек би мен Домалақ ананың қызы екенін естіп білген соң: «Е, сөз киесі де қонатын жерге ғана қонады-ау» – десіп таңдай қағысыпты. Күнбибінің көз тартар сұлулығы мен әдеп-ибалылығын, ақыл-парасатын, тәрбиелілігін елдеріне жыр қылып айтып барады.
Бұл әңгіме елінде қыздан-қыз таңдап жүрген сері жігіт Матай бидің немересі Шағырдың да құлағына жетеді. Күнбибіні көзі көрмесе де оның ерекше сұлулығы мен мінез көркемдігін көңілімен болжаған сері жігіт әкесі Құттыболат аталықтан осы қызды айттырып, алып беруін өтініпті.
Сонымен Құттыболат бастаған Матай елінің бір топ игі жақсылары елдерінен аттанып, Қаратау бөктерінде отырған Бәйдібек бидің ауылына құда болып түседі. Құдай десіп, құйрық бауыр жесіп, құдалық жоралғысын жасап, ата-анасының ризашылығын алады.
Бәйдібек би ағынан жарылып, ұлан-асыр той жасапты. Шағыр мен Күнбибінің ақ некесін қидырып, бастарына алты қанат ақ отау тігіп, ішін қыз жасауымен толтырыпты. Алдарына енші малдарын салып беріп, күйеу баласына өзінің ақ сұр жорғасын мінгізіпті. Ақ батасын беріп, ақ жол тілеп аттандырыпты. Анасы Нұрила мен ағасы Жарықшақ бастаған бір топ құда-құдағилар Матай еліне Күнбибіні ұзатып алып келеді.
Матай елі де қозы көш жерден келінінің алдынан шығып қарсы алады. Құттыболат ауылы да дабыралы той жасап, ел-жұрты: «Құтты келін келді», – деп думанға, шексіз қуанышқа бөленеді.
Домалақ ана қызын құтты орнына қондырып, көңілі орнығып, еліне қайтуға жиналады. Кетерінде Күнбибіні қасына шақырып алып:
– Жат елге келдім деп жатырқама, сенің ендігі елің – осы ел! Үлкендерін
құрметтеп, кішілерін аяла! Келіннің үш серігі болады дейді екен бұрынғылар. Алғашқысы – алған жары. Сосын – келген елі. Одан кейінгісі өзіңнің ізетің мен мінез-құлқың. Еліңе ізгі ниетіңмен, игілікті ісіңмен жақ. Ар-ұяттан, әдептен аттама, мұратыңа сол жеткізеді. Құдай қосқан қосағыңмен сыйласып өт. Әлі-ақ, ұрпақты болып, өсіп-өнесің! Мен Алладан саған осыны тілеймін. Келген еліңнің, жарыңның қадіріне жет. Басыңдағы бағыңды бағала! Сонда арысы Найманға, берісі Матайға сауыр боласың, – деген екен әулие анасы.
Ананың ақ тілегі қабыл болып, Күнбибі келген әулетін жатырқамай тез бауыр басып кетеді. Үлкеннің де, кішінің де алдында әдеп сақтап, іші-бауырына кіріп жылы сөйлеп, ықыласты шырай танытады. Кім не айтса да, қайда жұмсаса да «Мен Бәйдібек бидің қызы едім» деп бәлсінбей, жүгіріп жүріп ісін тындырып береді. Ауыл үлкендері осы кішіпейілділігіне риза болғандықтан,тіпті келін деуге ауыздары бармай, шақырса да, жұмсаса да: «Әй, қыз-ай, мұнда келші», «қыз-ай, анда бара қойшы», «қыз-ай мына істі аяқтай салшы», – деп жұмсай береді екен. Сонда Күнбибі өзіне тапсырылған істі қабақ шытпай, күліп жүріп тап-тұйнақтай орындап, риза етіп, үлкендердің батасын алады.
Үлкен үйдегі абысындары, не болмаса әжейлер бүкшеңдеп әлденені көтеріп келе жатса, не бірнәрсені жасап жатқандарын көре қалса, Күнбибі өзінің үлкен сыйлаған елгезек мінезінен жаңылмайды:
– Апа-ау, не істеп жатырсыз? Маған айтсаңыз болмас па? Осы ісіңізді мен-ақ бітіріп тастайыншы, – деп, білегін сыбанып қолдарындағы ауыртпалықтарын алып, кірісіп кететін болыпты. Содан кейін де «келін» деуге қимай «Қыз-ай, келе қойшы, мынаны жей қойшы», – деп қолдарындағы тәтті-дәмдісін аузына тосып, бәйек болады екен.
Бірте-бірте Күнбибі аты көп аталмай, айтуға жеңіл Қызайға жұрттың аузы тез үйренеді. Үлкен де, кіші де Қызай дейтін болады.
Көп тілеуі көл демекші, Шағыр мен Күнбибі екі балалы болады. Жеңіс және Меңіс атты қос бүлдіршін әуелі ата-анасына, сосын ел-жұртына үлкен қуаныш сыйлайды…
…Келесі бір шежіре дерегінде Шағыр мен Күнбибінің отбасын құруын былайша өрбітеді: Шағыр жастайынан көпшіл, дос-жарандары мол, сауықшыл, сонымен бірге, аңқұмар жан болыпты. Өзі құралайды көзінен ататын мерген екен. Садақ тартқанда жебесі жүгірген аңды құтқармайтын көрінеді. Бір жазда жасы жиырманың ішін аралаған, күш-қайраты тасып, бойына сыймаған сері жігіт құрбы-құрдас, дос-жарандарын ертіп, мойындарына садақтарын асынып, қорамсаққа жебелерін толтыра салып, құстарын қолдарына қондырып, тазы иттерін ертіп, сауық-сайран құрып, аңға шығады. Бет алған жақтары Балқаш көлінің айналасы болса керек. Аңшыларымыздың жолы болып, ну қамыстың арасынан баспалап аң қарап жүрген Шағыр бір жолбарыс атып алыпты. Бұдан артық олжа болсын ба?..
Бүгінгі олжаларына әбден риза болған топ, мәре-сәре еді. Жабыла жолбарыстың терісін сыпырғалы жатқанда сау етіп бір топ салт атты кісілер келе қалады. Сәлемдескен соң іштеріндегі егделеу біреуі:
– Батыр жігіттер, жолдарың оңынан болып, жолбарыс атып алған екенсіңдер. Сауға сұраймыз. Ежелгі салтымызды білетін азаматтар болсаңдар, тілегімізді аяқасты етпей, осы олжаларыңды бізге байлаңдар, – дейді.
Аңшы жігіттер ойланып қалады. Іштерінен қимай тұрғандары да рас. Сонда Шағыр бұл келген кісілердің ауыл арасының кімге соқтығарын білмей, шатақ іздеген тентектері емес, салиқалы жұрт екенін байқап:
– Иә, олжа байлау деген ата салтымызда бар екенін біз де білеміз. Бірақ олжаға күнде жолбарыс жолыға бермейді ғой. Оны көлденеңнен киліккен көп аттыға қалай қиып бермекпіз. Жөндеріңізді айтыңыздар. Қалауларыңыз орынды болса, жолымыздан жығыла қоймаспыз, – дейді.
– Е, сен өзі жөн-жосықты білетін батыр екенсің, шырақ. Біз Бәйдібек би елінің адамдарымыз. Биіміздің бибісі жүкті болып, жолбарыстың жүрегіне жерік екен. Би жерік асын тауып бере алмай қиналып отыр. Балқаш жағалауындағы нар қамыстың ішінде жолбарыс болады дегенді естіп, бізді жұмсап еді. Бибіміздің жерік асын ұстау бізге емес, сіздерге нәсіп болыпты. Содан еді ғой сауға сұрап тұрғанымыз. Айып етпеңдер. Қимасаңдар өкпе артпаймыз, өздерің біліңдер. Біз аз жүрсек те, көп жүрсек те осы аймақтан құрқол қайтпай, тосамыз. Құдай бұйыртса бізге де біреуі ұшырасар, – деп, қатты қолқаламай, сөз аяғын елеусіздеу, немқұрайлы бітірді.
Мұндай сөзден Шағырдай текті жігіт жығылсын ба?
– Жақсы ағалар, биекемізден атып алған атасы мысық даланың тағы бір аңын несіне аяймыз? Айтқандарыңыз жөн, сауға сұрағандарыңыз орынды-ақ, – деп жолбарысты аттарына бөктеріп беріп тұрып тағы:
– Жүрегі – Домалақ анамызға тартуымыз, терісі – би ағаға байлағанымыз болсын, – депті.
Риза болған жолаушылар:
– Ал, мәрт жігіт, сендерге бұл олжаны кім байлады деп биіміз сұраса, не дейміз. Ныспыңды білдір, – дегенде Шағыр:
– Найман ішіндегі Матай бидің немересі Шағыр байлады дерсіздер, –депті. Содан екі топ қайыр-қош айтысып екі жаққа тарасқан екен.
Екі рулы елдің атқамінер азаматтары бір-біріне жақсылық тілеп, екі айырылғанымен осы кездесуде қайта тоғысар тағдыр жолының бастапқы ишарасы жатқанын ешқайсысы білген жоқ еді…
Би ауылының жігіттері осылайша олжамен оралады. Болған оқиғаны бұлжытпай айтып береді. Жолбарыстың жүрегін балбыратып бұқтырып жеген Домалақ ананың жерігі қанып, жүктілігі бекиді. Сонда әулие текті ана: «Осыдан тоғыз айым толып, аман-есен босанып ұл тусам, ұлымды осы жолбарыс атқан жігітпен ахиреттік дос жасармын. Ал, қыз туар болсам, оны мәпелеп өсіріп, бәлиғатқа толған соң жолбарыс атқан жолбарыстай жігітке ұзатармын», – деп, өзіне-өзі серт берген екен. Әулие текті ананың шын тілеуін жаратқан иесі де қабыл етсе керек.
Домалақ ана айы, күні толғанда аман-есен босанып, қыз бала туады. Оның атын ырымдап, күлімдеп шыққан күндей шуақты, мейірімді болсын, сондай-ақ би атасындай әділ билік айтатын білікті болсын деп Күнбибі қойыпты. Күнбибі анасы ойлағандай айналасына шуақ шашып жүретін күндей күлімдеген сұлу қыз болып өседі. Жан-жақтан балаларына айттырғысы келетіндер де көбейе бастайды. Сонда Домалақ ана: «Менің Құдай алдында берген сертім бар еді. Бұл бала менде жүрген біреудің аманаты. Аманатқа қиянат жасай алмаймын», – деп, баяғы жолбарыс атып сыйлаған жігітті іздеп тапқызған екен. «Бұл қызым құрсағымда жатқанда-ақ соған ұйғарылған. Келіп, аманатын алып кетсін», – деген сәлемін айтып жібереді. Арада біршама жыл өтіп кеткендіктен бұл оқиға ұмыт болып, жігіттің есінен шығып та кетіпті. Алайда «Домалақ ананың серті бұзылмасын» – деп, әкесін құдалық жолын жасауға аттандырыпты. Екі жақтың ризашылығымен Күнбибіні Шағырға алып беріпті. Бұл шежіренің дәйектеуінше Күнбибі Матай еліне осылайша келін болып түскен екен. Несі бар, аңызға бергісіз ғибратты тағлым…
Күнбибі келген еліне өзінің кішіпейіл мінезімен тез бауыр басып кетеді. Келін болып түскен күні, беташардан соң бетін ашып, келінің жүзін көргендер: «Күнбибі десе, дегендей-ақ екен! Шіркін, Бәйдібек бидің қызы-ай! Қыз болса, осындай болсашы!» деп жүріп, оны Қызай атандырыпты.
Күнбибі келген жеріне тектілігін танытып, әдеп-ибалығымен, ақыл-парасатымен абысындарын айрандай ұйытып, ағайын туыстарды бір-біріне жақындастырып, ауыл-аймақтың береке-бірлігін арттырып, көптің ерекше құрметіне бөленеді.
Ата-аналарының тілектері қабыл болып, Шағыр екеуі екі перзент сүйеді. Үлкені – Жеңіс, одан кейін Меңіс туады. Үлкен ұлдарының азан шақырып қойған Жеңіс деген аты көп аталмай, Итемген деген лақап ат оған кішкентай кезінен таңылады. Ол былай болса керек: «Жеңіс еңбектеп жүрген шағында иттері күшіктеген екен» – дейді қазақтың қария сөздерінің бірінде. Бала сол күшіктерді қызықтап, ойнағысы келіп, еңбектеп қастарына бара беретін көрінеді. Солармен ойнап-ойнап күшіктермен бірге иттің бауырында ұйықтап та қалатын кездері болыпты. Мұны көрген анасы: «Ей, балам-ай, саған менің емшек сүтім аз болып, итті емейін деп жүрсің бе?» – деп ұрысқан екен. Соны естіген жеңгелері Жеңісті «Итемген» деп атап кетеді. Осы лақап ат оған тұрақты ат болып таңылып, ел ішіне кең тарайды. Оны жұрт өскенде де Жеңіс демей, Итемген деген лақап атпен атауды жалғастыра береді. Ата-анасы да оған пәлендей мән бермегендей. Жеңіс кішкентайынан сүйкімді бала еді. Қайта, ондай елеусіз аттан балаға көз тимейді деп қараса керек үлкендер.
Әлі де өсіп-өніп, жапырақ жаямыз деген үлкен тілеумен жүргенде аяқ астынан Шағыр аңшылықта қаза табады. Бұл Күнбибіге қатты соққы болып тиеді.
Шағыр қайтыс болғаннан кейін, екі баланы баулып қатарға қосудың, әулеттің ішкі-сыртқы байланыстарын, алыс-жақынмен қарым-қатынасын үйлесімді ұстап отырудың күрделі машақаты бір басына түседі. Сонда ол қиыншылықтан қашпай, өзінің зейін-зеректігімен ел ішіндегі даулы істерге араласып, әділ де оң шешімдерімен небір қат-қабат шиеленісті дауларды таратып, елге жағады. Ел ақсақалдары: «Бұл Қызай үш Матайдың ырысы болған жан ғой. Қызай айтса, біз – мақұлмыз», – деп, оған үлкен сенім артады. Міне, осыдан бастап, Қызайдың аты алыс-жақынға бірдей мәшһүр бола бастады, – дейді қазақтың қария сөзінде.
Қызай ана ері Шағырдың аруағына шек келтірмей, қазақы салт бойынша бірнеше жыл артын күтіп отырады. Дегенмен, әйел адамның салт басты болып ұзақ жүруі шәриғат қағидасына қайшы екенін ойлағанда, біреуді әмеңгері ретінде таңдауы керектігін ұғынады. Оның Құтым атты қайынағасы, Тоқтар деген қайнысы бар-ды. Екеуі де Қызайдан үміткер еді. Қызай басында Құтыммен тұрмыстануды ойласа да оның пасық әрекеттерін білген соң, одан көңілі қалып, мінезі біртоға, жайлы, артық сөзбен де, әрекетпен де ісі жоқ, өз жөнін білетін Тоқтарға тұрмысқа шығады.
Бұл некеде Қызайдың жағдайы жаман болмайды. Тоқтардан Бегімбет, Дербіс атты екі ұл көреді. Тоқтар екеуі сыйластықта ғұмыр кешеді. Тоқтар Шағырдан қалған екі балаға да қамқор әке бола біледі.
Тоқтар өте малсақ жан екен. Бүкіл ауылдың малына өзі басшылық жасап, қойларын өзі бағатын болғандықтан, балалар оны «Қойшы аға» деп атайды.
Балалардың Қойшы ағасын Қызай да сыйлап, ері ретінде қадірлеп, көңіліне дем беріп отырды. Оны мына бір әңгімеден анық байқауға болар еді.
Біз Қызай ана жайлы баянымыздың басында Бәйдібек бидің Күнбибі, Нұрбибі атты екі қызы болғандығын атап өттік. Нұрбибі де найман ішіндегі Қаракерейден өрбіген аталардың бірі – Байыстың баласына тұрмысқа шыққан екен. Нұрбибі мен күйеуі арасында бірден жарастық орнай қоймаса керек. Нұрбибі күйеуін өзіне тең көрмей, одан қашқақтап жүреді екен. Әрі бала да көтере алмапты. Көңілін қамықтырған, тағы толып жатқан өкпе, реніштерін әпкесіне айтып, шерін тарқату үшін Күнбибіні арнайы іздеп келеді. Ұзақ жылдар жүз көріспеген әпкелі-сіңілі екеуі көрісіп, сағыныштарын басады. Дастарқан басында ұзақ отырып, сырласады. Нұрбибі тұрмыста өзінің қиналып жүргенін, күйеуінің отбасына жайсыз екенін, бала да көтере алмағанын айтып қамығады. Ерінен кетпек ойы барын білдіреді. Сонда әпкесі оны құшақтап жұбатып, бірталай ақыл-кеңес береді:
– Нұрбибіжан, анамыз екеумізге бірдей-ақ ақыл айтушы еді ғой. Сен соны көңіліңе тоқымағансың ба? Ойыңдағыны айтқаның жөн ғой. Оны маған айтпағанда кімге айтарсың?! Сонда да ұя бұзбас үшін жүз ойланып, мың толғанғаның оңды. Асығыс шешімге келу шайтаның ісі, қалқам. Сабырлы бол. Ошағыңа жылылық сыйла. Еріңе жылы шырай таныт. Ер кісі әйелден жылылық күтеді. Тәкаппарсыма, қайта әдепті, ибалы, кең мінезді бол. Ер адамның мінін қазбалап бетіне баса берме. Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел, осыны біл. Әйел заты ерінің қадірін білуі керек. Ердің жақсы атын да, жаман атын да шығаратын әйел. Ақылымды алсаң, жылы орныңды суытпа, ерден кеткенде бақыт таба қоямын дейсің бе? Қалған ақылды кешке жездеңнен сұра, – дейді.
Кешке жақын балалардың Қойшы ағасы қойын қораға қарай қайырып тастап, үйге қайтады. Күнбибі оның алдынан шығып, сырт киімін шешіп алып, оны қағып-сілкіп орын-орнына іліп, қолына өзі су құяды. Ас-суын қамдап, алдына дастарқанын жаяды, әуелі: «Шөлдеп келдің ғой, шөліңді бас», – деп сусын береді. Артынан жеке табақ жасап әкеліп, тамақтандырады. «Ішіп-жесеңші», – деп, жік-жапар болып күтеді.
– Күнің қалай өтті? Шаршаған шығарсың? – деп, ара-арасында күйеуін сөзге тартып қояды. Ол да:
– Ауыл айналасының оты қайтып, қой тойынбай, содан алысырақ апарып жайып, ауылдан алыстап кетіп, кешігіп келіп жүрген жоқпын ба! Әлде ертең қырқадан асырып, өзен жағасына қарай жайсам ба деп отырмын. Қалай ойлайсың? – деп, кәдімгідей ақылдасып отыр.
– Тоқасы-ау, өрістің, малдың жайын бұл ауылда өзіңнен жақсы білетін кім бар? Көңілің қалай ұйғарса, солай шеш. Мұндайда мен саған ақылшы бола алмаспын, – деп, оны әпкесінің көтермелеп отырғанын естіп, сіңілісі тіпті қайран қалды.
Нұрбибі бұрын көрген жездеміз бұл кісі сияқты емес еді. Әпкем мына можантомпайды қайдан ғана тауып алып, тиді екен. Неғып бұл жұпыны жанды соншама қастерлеп, бәйек болып күтіп жүр деп, ішінен ойлап, оған көңілі толмай, немқұрайлы қарап отырған.
Мұны түсінген Күнбибі кешкі ауқаттан кейін, жайланып отырып сіңілісіне:
– Е, өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ демекші, Шағыр жездеңнің қайтыс болғанын келген кезде естідің. Жер шалғайлығынан кезінде өздеріңе хабар да бере алмадық. Балалардың қамын ойлап, осы сыралғы қайыныммен тұрмыс құрдым. Аты Тоқтар. Бүкіл ауылдың малын басқарады. Әрі қойын бағады. Құдайға сансыз тәуба, шүкіршілік деймін. Қазір, өзің көріп отырғандай, жаман емеспіз. Тоқтар екуіміздің бір-екі қарғамыз бар. Алдыңғы ағаларымен тату, бастары қосылғанда осы үйді думанға толтырады, – деп Тоқтардан туған балалары барын да айтып өтеді.
– Тағы сұрайтын нәрселерің бар болса, мына жездеңнен ұялмай сұрап біл, – дейді.
Нұрбибі көзбен көргендерін әпкесінің бағанағы айтқан ақылдарымен сабақтастырып, ой елегінен өткізгенде, іштей қатты ұялып қалады. «Япырмай, мен неғылған тәкаппар едім. Әпкем мынадай бір қарадүрсін адаммен жарасып, оны хан көтеріп, алдында бәйек болып жүргенде, менің өз күйеуімді қомсынып, бойыма теңгермеуім тым астамшылық екен-ау! Мен де әпкеме ұқсап, күйеуіме деген өкпемді азайтып, қадірлеп мырза атандырайын» – деген ой түйеді. Басқа ешнәрсе деместен ертесіне үйіне қайтып кетеді.
Күнбибі балаларына ерекше көңіл бөліп, мейірімін төге еркелетіп, аялап өсіруге құштар еді. Уақыт шіркін жүйрік қой деп ойлайды ол. Балаларының жыл өткен сайын жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқанын көргенде ана көңілі бір марқайып қалатын.
Күнбибі олардың әрқайсысына зер сала қарап, шалдуар ерке қылыққа бой алдырып, тәрбиесі қолдан шығып кетпеуін ойлап, жүріс-тұрыстарын көзден таса етпеуге тырысады. Үлкендерін кішілеріне қамқор болуға үйретсе, кішілеріне ағаларының сөзінен шықпауды құлақтарына құюмен болады. Балалары содан болар өте тату, ынтымақты еді. Қай-қайсысы да ана көңіліне қаяу түсірмеуге тырысатын тілалғыш, елгезек болып өсіп келе жатты. Бізге жеткен қазақтың қария сөздерінде «Қызайдың балалары бір әкеден туғандай бір-біріне ерекше бауырмал екен» – деседі. Оны мынадан-ақ аңғаруға болар деп, мына бір уәжді дәйектейді.
«Үлкен адамдардың баланы танып тұрса да сынау үшін «Кімнің баласысың?», «Қай елден боласың?» немесе «Елің кім?» – деп сұрайтындары бар ғой. Бұлардан да үлкендер солай деп сұрай қалғанда төртеуі де «Қызайдың баласымын» – деп жауап береді екен. Оның себебі, әрқайсысы өз әкесін айтып, бөлектенбеуді бала жастан көкіректеріне түйіп өсіпті.
Содан болар, кейін жұрт та оларды «Қызайдың төртеуі» немесе «Төрт Қызай» деп топтап айтатынды шығарыпты. Сол төртеуінен тараған ұрпақтар да өздерін таныстырғанда, аталарының атын атамай «Қызай анадан тарағанбыз» деп мақтанышпен айтады екен. Ұрпақтан-ұрпаққа Қызай ана аты осылай жалғасса керек. Кейінгі жас буын ержеткенде: «Қай елден боласың? «Елің кім?» дегендерге «Қызай еліненбіз» деп, сенімді түрде, нық жауап беретін болыпты, – дейді көне шежіре деректерінде.
Қызай ана ұрпақтарының «Қызай елі» атануына жаугершілік заманның да ықпалы аз болмаса керек.
Қолымызға жеткен көне шежіре деректерін, шежірелік аңыздарды мұқият зерделеп отырсақ, Қызай ананың ғибаратты ғұмырында қуанышпен шаттыққа толы жарқын күндерінен гөрі көңілін қамықтырған, еңсесін езерліктей иығына батпандап жүк артқан ауыр күндерінің аз болмағанын байқар едік. Тоқтармен отбасын құрып, аз уақыт үйлесімді ғұмыр кешкен Күнбибінің басына тағы тағдырдың қара бұлты үйіріледі. Ағайын арасының ала ауыздығынан, бірін-бірі көре алмаушылықтың салдарынан Тоқтар кісі қолынан жазым болады. Жер ортасына келгенде арқа сүйер азаматынан айырылу Күнбибіге қатты соққы болып тиеді. Пәле басы – Күнбибінің Шағыр мен Тоқтардың ағайындарының арасын ажыратпай біріктіріп ұстап, солардан қалған төрт баланы бір қолдың саласындай ұжымдап, бауырластырып отырғанын көре алмаудан туындағанын іші сезеді. Ағайындарының пейілдерінің бұзылғаны балалардың арасына жік түсірер ме екен деген уайым көкейінен бір кетпейді. Ол енді балаларының өзара алакөз болуына қайтсе де жол бермеуді алдына мақсат етіп қояды. Бар болымысымен төрт баласының амандығы мен сүттей ұйыған береке-бірлігін ғана ойлаған Күнбибі ұзақ қара жамылып отырмай, қайғыдан есін тез жинайды. Бар мейірім-шуағын балаларына төге, бұрынғыдан да бетер аялап бауырына басады: «Менің енді сендерден басқа сенерім қалмады. Сендердің де бір-біріңнен бөтен жақындарың жоқ. Бір-біріңе ғана сеніңдер, тірек болыңдар,» – деп, оларға үлкен үміт артады, әулет жауапкершілігі енді соларда екенін ұғындырумен болады…
«…Күнбибінің басына түскен ауыртпашылық ел ішінің де бүлініп, маза қашқан, беймаза шақпен тұспа-тұс келген еді,» – дейді қазақтың қария сөзі.
Матай еліндегі Құттыболат ұрпақтарының өзара ала ауыздықтарын пайдаланған басқа рудың оңай олжа табуды көздеген ұры-қарылары «білсе – барымта, білмесе – сырымта» деп Қызайдың малдарына тыным бермейді. Қызай әулетінде бас көтерер азаматтың жоғын, балаларының жастығын біле тұра аяушылық танытпаған, обал-сауапты ойламайтын басбұзарлар малдарын талауды жиілетеді.
Өз қандастарының қиянаты аздай, ауылы жиі-жиі бірде көрші отырған тайпалардың, бірде жоңғарлардың шабуылына ұшырай береді.
Осы беймаза тірліктен қажыған Қызай ана руластарын арғы бетке көшуге үгіттейді. «Көшпейміз» деп үзілді-кесілді қарсы болғандарды зорламайды. Сөз салмағын Шағыр мен Тоқтардың басқа әйелдерінен туған балаларына, ағайындарына қарата айтады. «Бауырларымызбен бірге боламыз» десеңдер бізге ерерсіңдер. Олай болмаған күнде, бізге рұқсат беріңдер, төрт баламды, өзіме қарасты азын-аулақ малым мен ауыл-аймағымды алып көшемін», – деп Қызай ана кесімді сөзін айтады. Оның бар уайымы төрт баласының қамы еді. Жиі-жиі қайталана берген дүрбелеңде балаларым бір жаманатқа арандап қалмаса екен деп ана жүрегі беймаза күй кешетін. Содан да болар оның балаларын пәле-жаладан алысырақ әкеткісі келгені. Пенде алда өзін не күтіп тұрғанын білмейді ғой. Тек жақсылықтан үміт етіп, орнынан қозғалмаққа бекінеді. Қызайдың айтқанынан шықпайтын «Қызай айтса, біз мақұлмыз» дейтін, елдің көзі қарақты ақсақалдары көшуге пейіл білдіреді.
Көктем шығып, жас төл аяқтанған уақытта Қызай ана бастаған көш Еміл өзенін өрлей отырып, Барлық тауы асуынан аман-есен өтіп, Іле аймағына барып бір тоқтайды. Бұл шамамен ХІХ ғасырдың екінші жартысы болатын дейді шежіре дерегінде.
Тоқтаған өңірлері Бұратала деген қазағы мен қалмағы, мұңғұлы аралас тұратын жер екен. Жергілікті ел ауып барған жұртқа жылы шырай таныта қоймайды. Әуелі малдарына өріс бермейді, одан қалды тапа-тал түсте айдап әкетеді, не көрнеу сойып алады. «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей бұл басынуға рулас ағайындары қатты реніш білдірген еді. Қызай ана оларды сабырға шақырып, сәл шыдауларын сұрайды. Шыдамның да шегі бар деген туыстары қатты абыржып, қайта елге қарай кері көшсек пе деген де ой айтады. Қызай ана жамандасып кеткен соң, қайта көшіп баруға жол жоқ екеніне көздерін жеткізеді. Алайда өз ойы да сан-саққа кетіп, қайткен күнде бір амалын табуым керек деген тоқтамға келеді. Жаза басып, елімді қасіретке ұшыратып алмасам екен деп Жаратқан иеге жалбарынады.
Елге қайта көшіп баратын болса, төрт баласын қып-қызыл лаулаған өсек өртінің ортасына өзі апарып салатындай бойын үрей билеген Қызайдың ойы сан тарапқа кетеді.
Қызай ана келген ауылдарының өзі құралпас бәйбішелерін бір күні дәмге шақырып, көңілін ашып, әңгіме-дүкен құрады. Елдің жай-жапсарын сұрайды. Өзін «Сүйегім үйсін елінен» деп таныстырады. Адамдарды дастарқан жақындастырады деген рас-ау. «Тас, тасты жібіткен ас» демекші, Қызайдың мол дастарқанынан асудың арғы жағындағы елден келген тәтті-дәмділерден ауыз тиіп, әсіресе дәмі тіл үйіретін жент пен өрік-мейізге риза болып, ауыздарының дәмін алып, астан соң қанып шәй ішкен бәйбішелер де оны жақын тартып, ашылып, біраз сыр ұшығын шығарады. Бұл жақта Үйсін тауы деген тау барын, соның етегінде үйсін деген бір тайпа ел барын айтады. Қызай ана естігендерін көңіліне тоқи береді. Осы әңгімеден соң оның көкірегінде жаңа үміт сәулесі тұтанғандай болады.
Кешкілік өзімен бірге келген жұрттың ішіндегі бас көтерер жігіттері мен үлкен ақсақалдарды асқа шақырып, ақылдасуды жөн көреді. Олардан бұл Бұратала ауылының тұрғындарымен жүз шайқаспай, неғұрлым сыпайылық танытуларын сұрайды. «Малға сұқтарын қадаса, қалағандарын беріп құтылған жөн. Мал – бала-шағаның садағасы. Бізге аман қалған жанымыз олжа. Одан да жер жағдайын бағдарлаңдар. Жақын маңда Үйсін тауы деген тау бар дейді. Соны жергілікті ақсақалдардан әңгіме арасында сұрап білгейсіңдер. Мөлшері неше күндік жер екен? Сол арада үйсін елінің бір тайпасы мекендеп отыр екен. Егер үйсін елінің бары рас болса, олар – менің төркін жұртым ғой. Мені танымаса да атам Бәйдібек биді білетіндері бар шығар. Менің бір ойым, ат басын соларға барып тіресек қалай болар екен дейді. Бірақ мұны тістеріңнен шығармай, жайлап сұрастырып жүріңдер. Естіп-білгендеріңді келіп айтып тұрарсыңдар» – дейді Қызай ана.
Қызайдың тығырықтан шығатын бір жол табарына сенген руластарының реніштері тарай бастағандай. Өз іштеріндегі келіспеушілікті тоқтатқан Қызай ана енді оларға қыс түспей Үйсін тауының етегіне жетіп алуды нықтап, нығарлап түсіндіреді. Бұл арада қыстап қалуға тәуекел ете алмайды. Көш тағы жолға қамданады. Сол елден жер жағдайын жақсы білетін бір азаматты жолбастауға ертіп алады да Үйсін тауын бетке алып, малдарын жая отырып, ілбіп көше береді. Малдарын елсізге жайып, жұрт көзінен тысқары жүруге тырысқандарымен кей-кейде төбе астында қалқада отырған ауыл үстінен шығатын да кездері болды. Ондайда ауыл маңынан малдарын жайып, суаттан суарып алу үшін ауылбасы қарияларына «жол ақысы» деп, бір-бір малдан тастап кетіп отыруға руластарын көндіреді. Үлкендер көнгенімен Қызайдың өзінің ересек баласы Жеңіс бұған қарсылық танытады.
– Жол бойы бар малды ақыры осылай тарата беретін болсақ, орнымыздан несіне көштік? Сол жақтағы ұры-қарыларға-ақ бере салмадық па? – деп, жастық албырттықпен қызбаланып, анасына кейістік білдіреді. Сонда Күнбибі мейірлене күліп, баласына еміреніп:
– Азамат болып мал қорыған түрлеріңнен айналдым. Қарақтарым, мен бұл жаққа мыңғырған малымыз болып, соны қорып көшті ғой деймісіңдер? Мен сендердің жандарыңды қорып, жан сауғалап көшіп жүрген жоқпын ба? Жан сауғасы үшін садақа беру ләзім. Осыны әлі түсінбегенсіңдер ме? Мал басы адамға құралады. Жайлы қонысқа аман-есен жетіп алсақ, бәрінің орны әлі-ақ толады, – деп жайымен құлаққағыс етіп қояды. Сөз аяғын осы сүргін жүрістерінің өтеуі қайтатынына, алдан үлкен жақсылық күтетініне сенімі зор кейіпте аяқтады. Бұған балалары да иланып, жадырап қалды.
Қызайдың ымыраға шебер, жөн-жосықты алдын ала болжағыштығының арқасында көштері ешқандай кедергісіз, мал-мүліктері ешбірі талан-таражға ұшырамастан жаз аяқтала, сары ала күздің бір мизамшуақ күні үйсін елінің ең шеткі ауылына келіп тоқтайды. Жолбастаушы болып келген Бұраталаның адамына ризашылықтарын айтып, атының майын төлеп кейін қайтарады.
Көшті тоқтатқандарымен жүктерін түсірмейді, тек жүк көліктерін ағытып, жайылымға жібереді. Қызай өзінің елде жүргенде көші-қон кезінде тігетін алты қанатты кіші отауын тіктіріп, бір мал сойдырып қазан көтереді. Руластарының үлкендерінің басын қосып, ақылдасуға шақырады. Бұл бір жағы ұзақ сапарларында ел шетіне аман-есен жетуді нәсіп еткен Тәңірге шүкіршілік айтып, тәубаға келу дастарқаны еді. Оны руластары қуана қарсы алды. Ақсақалдары келген жеріміз қайырлы қоныс болғай деп дұға оқып, бата жасайды.
Ел иесі, жер киесі барын айтқан көпті көрген Әутәліп ақсақал тоқтаған ауылдарының үлкендерін өз дастарқанына шақырып, құдайы тамақ бергісі келетінін білдіреді. Ертесіне таңертең құдайы тамаққа деп арнап мал шалып, тоқтаған ауылдың үлкендерін тегіс шақыртады. Қызай ауыл адамдарына құрмет көрсетіп, құрақ ұшып күтеді. Ересек балалары қонақтардың қолына су құйып, қызмет көрсетеді. Сөз арасында Қызай асудың арғы бетінен Үйсін елін іздеп көшіп келе жатқандарын жасырмай қысқаша ғана айтып өтеді.
Елдің басиесін бұл жақта кім деп атайтынын сұрайды: би дей ме, әлде бек деп атай ма? Анықтап алғысы келеді. Бұл жақтағы бір тайпа үйсін елінің үлкені Байжұма би екенін естіп біледі. Оның ордасы осы арадан тура жарты күндік жерде екен. «Барып сәлем береміз десеңдер мен-ақ бастап апарайын»,– деп араларынан бір елгезек жан тілек те білдіреді.
Елдің үлкенінің алдынан өтуді парыз санаған Қызай ағайындарымен өзара ақылдасып, биге барып жолығуға кісі жіберуді жөн көреді. Ертесіне таңертең жөн-жосықты білетін бір-екі жігіт пен ру басы Әутәліп ақсақалды кешегі бастап баруға тілек білдірген адамға қосып, би ауылына аттандырады.
– Артық-ауыс сөз айтпай, ел шетіне көшіп келіп отырғандарын, көшті
Бәйдібек бидің үлкен қызы Күнбибі (Қызай) бастап келгенін ғана айтуды тапсырады. Жандарына жайлы қоныс, малдарына кең өріс тапқандарынша елдерінде еру болып жайлай тұруға рұқсат сұрап келгендерін баяндауды өтінеді. Биге сый-құрметтерінің жолы ретінде бір құлынды биені алып баруға қосып береді.
* * *
Байжұма би сол күні таң алдында бойы балбырағандай маужыраған күй кешіп, тәтті ұйқының құшағында буалдыр бір өзгеше әлемге кіріп бара жатқандай еді. Буалдыр қоймалжың әлемде малтықпай жеңіл басып келеді екен. Буалдыр перде әлемі бірте-бірте сұйылып, айналасы ақ сәулелі нұрға малынып, ғажап шұғылаға бөленіп тұрғандай болады. Кенет сол ақ сәуле арасынан сақалы белуарына түскен қария шығып: «Мә мынаны бекем ұста» деп, қолына тізгін ұстата берді де өзі ақ мұнарға сіңіп ғайып болады. Қолына ұстаған тізгінге анықтап қараса, тізгін төрт баулы (салалы) болып келіп, бір жерінен тұйықталып, мықтап түйілген екен. «Мұнысы қалай? Қазақта «екі тізгін, бір шылбыр» демеуші ме еді?» – деп ойлаған ол әлгі тізгінді олай-бұлай аударып қарай берейін дегенде әрі-бері сермеген өз қолынан өзі шошып оянып кеткені. Түсі екенін сонда біледі.
«Бисмилаһи» деп үш қайталап, төсегінде басын көтеріп отырды. Түс дұғасын оқып, «Аллам, жақсылыққа бақ!» деп бетін сипап орнынан түрегеледі. Тысқа беттейді. Бұның тұрғанын білген өте сақ, қағылез атқосшы бала да дәрет суын алып, ілесе шықты. Би үйге беттеп келе жатқанда атқосшы балаға:
– Мал өріске шықпай тұрып, үлкен бір ісек қойды алып қалсын деп малшы басы жігітке айтшы. «Жақсы түске де, жаман түске де садақа деген». Таңертең сойып, қолма-қол құдайыға таратып жіберіңдер, – деді де үйге кіріп, жатып қалған. Бірақ бір оянған соң ұйқы шіркін қайта оралып келе қоя ма? Әлгі көрген түсін ойлап, дөңбекшіп біраз жатқан соң тұрып кетті. Сол уақытта кіші-гірім бұзаудай бір қойды сүйреп әкеле жатқан қасапшы жігіт есік көзіне қойды көлденең ұстап бата сұрады. Би қолын жайып:
– Уа, құдайым, осы түсімді мен қандай жақсылыққа жорысам, соны қабыл қыла гөр, – деп батасын қысқа қайырды.
Қой демде-ақ сойылып, еті ауыл үйге, көрші-көлемге бір-бір жіліктен таратылып кетті. Содан бойы жеңілдегендей, көңілі де орныққан би таңғы шайына отырды. Шайын асықпай ішіп болған соң, күндегі дағдысы бойынша ақсақалдармен жүздесу үшін төбе басына қарай аяңдады.
Ауыл шетіндегі бұл төбе ақсақал адамдардың жазда отырып, мәслихат құратын орны еді. Оған ертемен би әулетінің келіндері келіп текемет, сырмақ, алаша төсеп қоятын.
Байжұма би келсе, төбе басына біраз ақсақал жиналып та қалған екен. Жапырлай амандасып, бидің қолын алып, хал-жағдайын сұрап, жан-жағынан қаумалап, ілтипат білдіре қарсы алды.
– Биеке, ертемен құдайы таратқызыпсыз, не болғанын айтпайсыз ба?
Әлде жайсыз хабар естідіңіз бе? – деп сұрақтарын да жаудыртып жатты.
– Шүкір, – деп би біраз үнсіз отырған соң «бүгін сәуе көрдім» деп, көрген түсін айтсам ба, айтпасам ба деп ойланғандай іркіле қалды. Бұлар бірақ айтпасыма қоймас деп ойлаған би:
– Түсімде аруағыңнан айналайын, қай бабам екенін анық ажырата алмадым, қолыма бір тізгін ұстатты да ғайып болды, – деді.
– Биеке, бұдан артық жақсы түс болушы ма еді?! Түсіңіз түс-ақ екен. Тізгін деген билік қой. Құдай бұйыртса, ел тізгіні әлі де өз қолыңызда болады екен,– десе бірі, енді бірі:
– Таяуда ұрпақты болады екенсіз, ат ұстар келеді өмірге. Келіндеріңіздің бірі ауыраяқ болды ғой,– деп тұспалдаған.
– Әмин! – десті отырғандар.
– Түс – көрушіден емес, жорушыдан деген!..Түсіңіз Жүсіп пайғамбардың түсі болсын да, Жақып пайғамбардың жоруы болсын, – деп, ақсақалдар беттерін сипады.
Ақсақалдар енді алдағы қыстың ахуалы қалай боларын, жауырыншы Көрегеннің болжамын сөз етісіп, малды таудан етекке қашан түсіргеннің жөн екенін айтып, өзара кеу-кеулесіп отырғанда, ауылға қарай күре жолмен бір топ салт аттылардың келе жатқандары анық көрінді. Олар ауылға кірісімен ешқайда бұрылмастан бидің ордасына қарай бет бұрды. Бұлар Қызай аттандырған мәмілегер топ еді.
Келе жатқандардың өз ордасына қарай бет алғандарын байқаған Байжұма би «барып білші» дегендей атқосшы балаға иек қақты. Ол төбе басынан құлдыраңдай жүгірді, келгендер аттарынан түсіп, мама ағашқа көліктерін байлағанша қастарына жетіп те қалған еді. Оның бір хабар алуға келіп тұрғанын аңғарған Әутәліп қария:
– Биге сәлем бере келген сәлемшіміз, – деді. Атқосшы бала оларға бидің ордасын нұсқап жіберді де, өзі қайта төбе басына қарай жүгірді.
– Би аға, сізге арнайы сәлем беруге келген сәлемшіміз дейді. Мінген аттарының таңбасына қарасам, біздің жақтың малдарына ұқсамайтын сияқты, – деді демін алқына алып.
Байжұма би орнынан тұрып, ордаға қайтуға оқталғанда:
– Ауылға қонақ келген секілді, ал бірге жүрмейсіңдер ме? Неғып отырсыңдар, – деді ақсақалдарға. Олар да бірге баруға сылтау іздеп отыр еді, екі айтқызбай орындарынан тұра бастады.
Келе жатып бидің ойы әр тарапты шолып, әр нәрсені бір ойлап кетті. Құда түсушілер дейін десе, бидің бой жетіп отырған қызы жоқ еді. «Япырай, ел іші тыныш болса етті» – деп қобалжыды.
Келген жолаушылармен би ордасының алдында тоқайласты. Әутәліп қос қолын қабат созып, бимен:
– Ассалаумағаләйкүм, Биеке! Ел жұртыңыз, мал-жаныңыз тегіс аман болар? – деп, ерекше ілтипатын білдіре кең толғай сәлемдесті. Ал, жас жігіттер оң қолдарын кеуделеріне қойып, бастарын иіп тәжім етіп, құрметтерін көрсете сәлем беру ишарасын жасады.
– Шүкір-шүкір! Өздерің бір жаманат хабар әкелмесеңдер, мал-жанымыз амандықта, – деді би Әутәліптің сәлеміне жауап ретінде.
– Ол не дегеніңіз, биекесі! Біз бейбіт раймен, сәлемнің жолымен келген жандармыз.
– Ал, сәлемші болсаңдар, төрлетіңдер, – деп би бұларды қонақ түсетін үлкен үйіне бастады.
Бидің бұл он екі қанат еңселі үйі қонақ күтуге лайық жабдықталған жайлы да кең тынысты өзгеше салтанатты еді. Қонақтар мен ауыл ақсақалдары ретіне, жолына қарай жайғасып отырған соң кең дастарқан жайылып, бір жігіт үлкен тегене қымызды әкеліп дастарқан шетіне қойды. Оған ілесе келген екі жас келіншек сәлем жасап, бірі тегене толы қымызды сапырып, кеселерге құйып, бірі ол кеселерді қонақтарға ұсынып отырды. Үйдің ішіне қымыздың қышқылтым жұпар иісі жайылды.
Қонақтар қымызды сіміре ішіп, атсоқты болған денелерін босатып, еркін тыныстап, үй ішіне зер салып қарай бастаған. Сол кезде:
– Би аға,– деп сөз бастағанбұларды алып келген жігіт. – Мен шеткері ауылдағы Бейсенбі қарттың баласымын. Бұл кісілер асудың арғы жағынан, үлкен елден көшіп келе жатыр екен. Біздің ауылдың жанына қоныс тепті,– деп бір тоқтады.
Ары қарай өзім айтқаным жөн шығар дегендей Әутәліп ақсақал тамағын кенеп, жеңіл жөткерінді.
– Биеке, «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» – демекші, біз асудың арғы бетінен ауып келе жатқан бір рулы елміз, – деп бастаған ол ойын ары қарай қалай сабақтарын ойлап, аз бөгелген.Әңгіменің ауаны ұзаққа созыларын болжаған би де сұрақ қойып, асықтырмады.
Кеседегі қымыздарын сарқа тауысқан қонақтар шөлдері қанғандай шыныларын қайта жүгіртпеді. Соны байқаған қос келіншек орындарынан лып етіп көтеріліп, тегенені алып шыға берді. Бағанағы қымыз толы тегенені кіргізген жігіт гүжілдеп қайнап тұрған сары самауырды тегене орнына әкеліп қойды. Демде шай дастарқаны жасала бастады, қонақтар аяқтарын соза еркін жайғасты. Ортаға буы бұрқыраған қуырдақ та келді. Бұл бағанағы құрбандыққа сойылған қойдың жылы-жұмсағының іш майына бұқтырылған қуырдағы еді. Ауыл ақсақалдары да, қонақтар да дәмді асқа ризашылықпен көңілдене қол созды.
Қуырдақ орталана бергенде Әутәліп қария әңгіменің тоқ етерін айтатын тұс осы-ау деп ойласа керек сөзін қайта жалғап:
–Көшімізді Бәйдібек бидің үлкен қызы Күнбибі бастап келеді, –дегенде Байжұма би назарын тіктей қалды.
– Күнбибі біздің елге келін болып түскенде оның өңділігін, үлкен кішіге көрсеткен ізетін, сыпайы да сынық мінезіне риза жұрт: «Бәйдібек бидің қызы-ай! Қызы қыз-ақ екен! Шіркін, қыз болса, осындай-ақ болсайшы» – деп жүріп оны Қызай атандырған. Сөйтіп ел-жұрты әлпештеген Қызай екі ерінен тұл қалып отыр. Елін көрші тайпалар шауып, одан қалса, ауыл-аймақ тентектері малына тыным бермеген соң, елден ауып көшемін деп шешкен. Күнбибіні төрт баласымен елден тентіретіп бір өзін көшіріп жіберуді ар санап, оған қарасты бір рулы ел орнымыздан түгел көтерілдік. Асудан өтіп Бұраталға келіп қоныстанып едік. Ол жерде де жайымыз келіспеді. Күнбибі сонда Үйсін тауының етегінде менің төркін жұртым бар көрінеді, сол араға қыс түспей жетіп алалық деген еді. Содан Үйсін тауын, Үйсін елін Қызайдың айтуымен бетке алып, жаздай көшіп, елдеріңіздің шетіне келіп, көшімізді тоқтаттық. Мына жігіттің ауылы бізді жатырқамай, қастарына қондырды. Малымызға өріс берді. Алла оларға риза болып бақ қарап, қыдыр дарысын!
Ел иесі, жер киесі бары рас қой. Қызай бізді сізге жұмсағанда бір қыс еліңіздің шетінде еру болып отыруға ризашылығыңызды сұрайды. Ел, жер бағдарын біліп, келесі көктемде жайлы қоныс іздерміз. Оған дейін еліңізде еру болып тұра тұруға мұрсат беріңіз, – деді қайталап, – жетегіміздегі құлынды бие қарындасыңыздың сізге беріп жіберген сыйы, ізеті деп қабылдаңыз, – дегенде Байжұма би:
– Алла, қарағым-ай – деп қалды. Оның да жұлын-жүйкесі босап,
бойындағы бар бауырмалдық, жанашырлық сезімдері тамыр-тамырын қуалай лықсып, көкірегіне келіп, кептеліп тұрғандай еді.
– Адам жаны қысылғанда жақынын іздейді деген рас қой. Қарағым-ай,
бізді пана тұтып келген екенсің ғой, – деді шын пейілімен. Осы сөзге әлгі ішкі сезімдердің бәрі сыйып жатқандай еді.
– Аруағыңнан айналайын Бәйдібек баба! Жер шалғай болса да есімің еміс-еміс есімізде. Екі қызы бар екен, екеуі де найман еліне ұзатылыпты деп кезінде естігенбіз. Арты қайырлы болсын көрген қазаларыңыздың. Алланың жақсылығынан күдер үзбеңіздер.
– Солай деп, бір үміттің жетегінде қиыр жайлап, шет қонып келгеніміз ғой, Биеке, – деп Әутәліп те ішкі сырын жасырмай жайып салған еді.
– Ныспыңызды айта отырыңыз, ақсақал. Қарасам, жасымыз қарайлас сияқты.
– Есімім Әутәліп. Мен Қызайға қайынаға болып келемін.
– Е, міне, құдайдың бергені деген осы! Құда болып шықтың, – деп би көңілденіп қалды. Би атқошысына иек қағып:
– Әлгі малшылдардың бірін шақырып келші, – деді.Демде-ақ есіктен көрінген жігітке:
– Әй, балам, құдаларға деп байлап отырған қойдың ішінен бір тәуірін таңдап әкеліп, мейман атаңа бата жасат, – деді би.
Семіздіктен аяғын баса алмай, тегенедей құйрығын зорға көтеріп тұрған бір қойды итермелей табалдырықтың алдына әкелген жігіт қолын жайып, «әмин» деп бата сұрады.
Әутәліп:
– Осы бауырластығымызды, туыстығымызды құдай қолдап, ынтымақты ел болуға жазғай, – деп бата берді. Үй ішін бағанадағыдан да мамыржай көңілділік жайлады.
Әутәліп ақсақалдың келген бұйымтайларының оңынан боларын болжағандай көңілі орнықты. Қасындағы жігіттер де бидің бұл сыйына риза пейілде бір-біріне жымыңдаса көз салып өтті.
Би тағы:
– Барып кел, шауып келге жүретін жігіттің аты кім еді? – деді
атқосшысына.
– Айдабол ғой!
– Соны тауып алып кел, – деп шұғыл тапсырма берді. Ол да көп күтірмей, сәлем беріп кіріп келді.
– Сен, қалқам, Шуақ батырдың ауылын білесің бе? – деп сұрады би одан.
– Би аға, оны кім білмейді? Жұрттың бәрі біледі. Мен де білемін, – деді жас жігіт мақтана.
– Білсең, ауылында болса, ертіп кел. Тауға жылқы қостарын аралауға кетсе, ауылындағы жігітеріне айт, шапқыншы жіберіп, шақыртсын. Ертең азанғы шайдан қалмай, біздікіне келсін. Ұқтың ба? Осылай деп жеткізгін,– деді би нығырлап.
– Түсіндім, Би аға! Ертеңгі шайға келсін дегенді ұқпайтындай несі бар? Барамын да айтамын, – деп лып етіп ол да шығып кетті.
– Бара ғой! Ұғымтал-ақ екенсің, – деген би ары қарай шайын іше береді.
Шай ішу аяқталып, Би ас қайырған соң дастарқан жинала бастады. Сонда үй иесі:
– Жас жігіттер, аттарыңның ерін алып, суытып, өздерің де еркін жайғасыңдар. Бүгін осында қонып, бұйырған сыбағаларыңнан дәм татып, ертең аттанарсыңдар. Құданың үйіне келгендей шіреніп, демдеріңді ала тұрыңдар. Ал, құда, сіз, бізбен бірге мәслихат орнымыз – төбе басына жүріңіз деді Әутәліпке қарата. Қой сойылып, ас піскенше әңгіме-дүкен құралық, – деп, сыртқа беттеді.
Ақсақалдар Әутәліпті ортаға алып, асудың арғы бетіндегі үлкен елден келдің ғой, ол жақтың жай-жапсарын айта отыр дегендей сұрақтарын қоя бастады. Әутәліп білгенінше айтып-ақ жатыр. Сонда біреуі отырып:
– Бар қазақ – бір қазақ екен ғой, – деген сөзімен әлгі әңгімелерден қорытынды жасап тастады.
– Жастары қалай көңіл көтереді? Ат жарыс, бәйге, көкпар деген болып тұра ма? – деп те сұрап жатыр. Үлкен астарда бәйге өткізілетіні, көкпар берілетіні турасында алдын ала жан-жаққа хабар жіберілетінін, әр рудан бәйге аттары іріктеліп қосылатынын Әутәліп өзі көрген бәйгелерден түйген ойына сүйеніп айтып отырды.
– Бізде осы той сиреп кетті ғой. Көптен есте қаларлықтай бір той болмаған сияқты, – деді біреуі отырып.
– Той көргің келсе, жасамайсың ба? Ана балаң сүр бойдақ болып қашанғы жүреді?
– Үйленсеңші деп айтпайды ғой дейсіңдер ме?
– Айтқан аз. Бір байдың қызына құда түсіп, айттыр да алып бер. Сөйтіп аяғын тұса, ұрпағың өссін! – деп бірін-бірі қажап, іліп-шалған қарттар:
– Шіркін, біздің кезімізде әке-шешеміз «Он үште отау иесі» деп, келінді таңдап алып беруші еді ғой, біз содан жаман болдық па? Балаң көп болуы үшін екі әйел ал, екі әйелден ұрпақ өсіріп, қанатыңды кеңге жаясың деп әйел үстіне әйел әперетін қайран бабалар-ай десеңші! – деген қарттар өткен күндерін көксеп, бірталай әңгімеге ерік береді.
Өткен жастық шақтарын аңсап, шерленген көңілдерінің тиегін ағытқан қарттардың әңгімелерін тыңдап отырған Әутәліптің өз шері де қозғалып кеткендей еді. Бір көрген кісілердің алдында сыпайылық сақтап, әңгімеге араласпады. Әйтпесе, асудың арғы бетінде қызу өткен жастық кезде не болмады? Оның енді қайтып келмесі анық. Айттың не, айтпадың не?! Талай қимас күндерді бастан өткізген ол жақты қайтып көре ала ма, жоқ па, ол да дүдәмал.
Барлық тауының асуынан бері өткелі тас бекітіп тастаған өз көңілі алғаш рет босағандай егіліп тұр. Бірақ әр нәрсені айтып, бұдан сыр тартқандай болып отырған көпті көрген, білмейтіні жоқ өңшең сөзшең қарияларға ішкі қалтарысындағы бүккен сырларын шалдырғысы келмеген ол сөзден тыйылып қалды.
Бірақ сөз қыспағының әлі алда екенін ол білмеген, би үйінен дәмге шақырған хабар жетті. Ақсақалдар төбе басынан түсіп, бағанағы дастарқанға келіп жайғасты. Семіз қойдың жас етін жеп, жас сорпа ішіп, көңілдері тоғайған шақта ауыл ақсақалдары тарасуға ыңғайланды. Би бір шешімін сонда айтты:
– Ал, қазыналы қарттарым, менің ақыл қосар данагөйлерім! Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді демеуші ме еді? Елімізге ел қосылып жатыр екен, амандаса барып, жай-жапсарын көзбен көрмейміз бе? Мен ертең таңертең атқа қонамын. Менің бір өзімді сопайтып жібересіңдер ме? Жүре алсаңдар бәрің, болмаса, бір-екеуің маған еріңдер. Баратындарың ертеңгішайға аттарыңды ерттеп, мініп келіңдер,– деді.
– Арамыздан бір-екеуіміз ереміз, оны қазір ақылдасармыз,– деп тарасты ауыл ақсақалдары.
Би «енді шай ішсек ұйықтай алмай қалармыз» деп, тоқбасарға мұздай салқын ашытқан тары көже алдыртты. Салқын сусынмен сусындап, шөлдерін басқан қонақтарды жатар орынға әр үйге бөліп орналастырды. Қоналқаға Әутәліп пен би екеуі оңаша үйге кірді, бұл бидің өзінің кіші қонақ үйі екен.
– Бүгін құдамен өзім оңаша қонамын,– деп, басқа ешкімді қастарына қосқызбады. Төр алдына екеуіне қатар төсек салынған екен.
– Ал, құда, жатамын десең, төсегің салулы. Бірақ біраз әңгіме соғалық.
Ұйқы қайда қашар дейсің? – деп би өзі жүк жиналған биік ағаш кереуетке арқасын тірей отырды. Есік аузындағы тұғырға қойылған май шамның әлсіз жарығы болмашы ғана сәуле шашады. Үй іші алакөлеңке. Бірін-бірі көріп
отырғанымен жүздері көмескі. Би салулы төсекке қисайып жатпаған соң Әутәліп те керегеге сүйеніп, оған қарсы отыруды жөн көрді.
– Құда, түн жамылып отырмыз ғой, құдайшылығыңызды айтыңызшы, араларыңызда бір шатаққа ұрынып, кісі қанын жүктеген жан жоқ па? Мұны сізден біздің әлгі қазымыр қарттардың көзінше әдейі сұрамадым. Оңаша сырласқым келгені осыдан, – деп, би бұны өзіне жақын тартып отырып, салмағы зіл батпан сауалмен бір келелі әңгіменің боларын аңғартты. Әутәліп бойын да, ойын да жиып ала қойды. Тосын сауалдан абдырап та қалғандай. Маңдайын мұздай суық тер жауып кеткенін сезді. Бір-бірінің жүздерін анық көре алмайтыны қандай жақсы. Әйтпесе мұның абыржыған түрін көріп, би не ойлар еді?
– Астапыралла! Ол не дегеніңіз, Биеке?! Күнаһар болып, қашып-пысып жүрген жандар емеспіз. Оған Құдай куә, имандай шыным, – деді сасқалақтай бұл.
– Ендеше айтшы, Күнбибінің екі бірдей ерінің бірінен соң бірі ажал құшатындай, не себебі болды? Анығын білгім келеді. Мәмілеге сіздей ақыл тоқтатқан есті адамның келгені жөн болды, әйтпесе, жаныңыздағы жас жігіттермен қалай сөйлесер едім, – деп Әутәліпке көпшік қоя би сұрағын нақтылай түсті.
– Биеке-ай, пенденің ажалға қарсы шарасы бар ма? Дәм-тұзы таусылған күні алды-артына қарайламай жөнеп береді емес пе? Шағыр ініміз жігіттің төресі-ақ еді. Өзі бір ақжарқын, отырған жерінің көркі, сері болатын. Бірақ, бір жаман әдеті – тым аңқұмар еді. Құралайды көзге атқан мергендігі бар. Соған сүйеніп, аңшылықты кәсіп етті. Аңның киесі ұрды ма қайдам, жазатайым мерт болды ғой, анығы бір Аллаға ғана аян. Әйтеуір, аңшылықта опат болғаны рас. Оған да оншақты жылдан асты, – деді.
– Е-е-е, солай де…
– Күнбибі екі баланы жаутаңдатып, жетімсіретпеймін деп Шағырмен бірге туғандардың біреуінің етегін ұстағысы келді. Оны біз де жөн санадық. Оның қайынағасы да, қайынысы да бар еді, қайынағасы Құтым пысық-ақ жігіт, бірақ пысықтығынан пасықтығы басым, құрық бойламас арамзалығы тағы бар. Күнбибі мен тұрғанда, маған тимегенде кімге тиеді деп астамсыды. Бір жағы, Шағырдан қалған мол малға көзін салды. Ақылды Күнбибі соны сезіп, қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға жуас қайынысы Тоқтарды таңдап, соған тұрмысқа шықты. Қайынағасы Құтым бұған қатты шамданып, Күнбибі мені менсінбеді деп, өзінше кектенді. Күнбибіні Тоқтарға қимады ма, әлде Шағырдан қалған көп малды қызғанды ма, содан кейін-ақ Күнбибімен жауласып дұшпан болып шыға келді. Ал, Күнбибі Тоқтарды күтіп, баптап, ширатып ортан қолдай азамат етіп ұстай білді. Ол да Шағырдан қалған екі балаға қамқор, мейірбан әке бола алды. Күнбибі осы некеден де екі ұл туды. Төрт баланы бірдей жақсы көріп, бауырына басқан бауырмал, еңбекқор жанды ауыл-аймағымызбен құрмет тұттық. Соны көре алмаған іші тар, қаныпезер ағайындарының бірінің қолынан қаза тапты бейкүнә жан. Күнбибіге батқаны да осы болды, – деп Әутәліп бұл әңгіменің беталысын осымен тұйықтағандай болып еді. Бірақ әңгіме мұнымен бітпеген екен.
– Алла, топастық-ай! Әмеңгерліктің шәриғатта көрсетілген өз жөні бар емес пе? Әмеңгерім деп кімді таңдаймын десе де әйелге ерік беріледі. Ешкімді қаламаса, зорлап таңбаған. Ондай жағдайда әйелдің басы босатылады. Ел ішінде қала ма, төркініне барып отыра ма, өзі шешеді. Шәриғат жолы осы. Қайынағасы осыны білмегені ме?
– Білсе де өзімшіл өркөкіректігі жеңіп тұрды ғой…
– Ал, құда, Күнбибінің біздің жаққа көшемін деп шешкеніне қандай нақты себеп бар? Ел ішінде, ағайын ортасында неге отыра бермеген? Араша болар біреу табылмағаны ма?
Бұл сауал Әутәліптің өз көкірегін де тырнап маза бермей көп ауыртқан. Жол бойы соның жауабын іздеп, ойын саумалдап тарқатып келеді. Енді-енді көңілі тиянақ тапқандай еді. Оның жауабын өзі енді жорамалдағандай болғанда, мына сырт адам оны ұға алар ма екен! Оны бұл жеткізіп айта алса ғой. Неде болса да өз ойын ашық айтуға бекінді.
– Иә, сонымен қарындасымның төрт ұлы бар екен ғой?
– Биеке-ай, Тоқтардың қазасынан кейін Күнбибі кектің нысанасына енді балаларым ілінер ме екен деп қатты қорыққандай. Білесіз бе, Күнбибінің балалары ерекше бір-біріне бауырмал, тату балалар. Олар ешқашан екі әкенің балалары екенін ешкімге сездірмейді. Сол үшін де «Кімнің баласы боласың?» дегендерге төртеуі де әкелерін айтпай «Қызайдың баласымын» – деп айтуға әдеттенген. Бірінің бірі көңілдеріне қарап, еш бөлектенгісі келмейді. Кішілері үлкендеріне жалтақтап тұрады.
– Алла, жазғандар-ай! Көңілдері періштедей таза екен ғой!
– Бірін-бірі бірге туғаннан артық жақсы көреді. Осыны көре алмаған пейілі тар надан жұрт төрт баланы бір-біріне жау етуге, өштестіруге, араларына от салуға, біріне-бірін айдап салғысы келген әрекеттерге де барды ғой, соны байқаған Күнбибі осыдан қорыққан еді. Сол үшін ғой «балаларым өзді-өзі қырық пышақ болып, қырқысып кетпесін» деп, көре алмайтын көп дұшпаннан неғұрлым алысырақ алып кеткісі келгені. Біз осылай деп ұғындық.
–Бауырымыздың балаларынан ажырағымыз келмейді дегендерің көшке еріңдер. Ергілерің келмесе, тағы өздерің біліңдер. Онда маған рұқсат беріңдер, төрт баламды алып, арғы бетке өзім көшемін, – деп кесіп айтты. Оның алған бетінен қайтпайтынына көзіміз жеткен соң төрт баласымен бір өзін тентіретіп көшіріп жіберуге дәтіміз шыдамады. Шағыр мен Тоқтардың ауылы орнымыздан тік көтерілдік.
– Жөн-ақ! – деп ойға кеткен би әлден уақытта:
– Күнбибінің балаларының жас шамалары қандай? – деп сұрады.
– Үлкені Жеңіс. Жасы он бес-он алтылар шамасында. Одан кейінгісі
Меңіс, он үш-он төрттерде болар. Тоқтардан туған екеуі жеті-сегіздердегі ойын баласы.
– Үлкен екеуінің мінездері қандай? Орнықты ма? Жаңа жерге тез бауыр басып кетер деп ойлайсыз ба?
– Жас қой, әлі бастықпаған басасау, қызу қанды, албырт кездері ғой.
Дегенмен аналарының көңіліне қарағыш, оның айтқанынан қияс кете қоймас деп ойлаймын, – деген Әутәліп сәл бөгеліп қалды. Жолда болған бір жайды айтсам ба, айтпасам ба деп ойлап отырған. Бұның көкейінде әлденені іркіп қалғанын сезгендей Байжұма би де:
– Ондай қортындыға келуіне қарағанда көзіңіз әбден жеткен-ау шамасы, –деп қазбалай түсті.
– Иә, Биеке, ала жаздай жол үстіндеміз ғой. Кім-кімнің де жүріс-тұрысы көз алдымызда. Ол балалардың шошаң еткен артық қылығын көрмедік. Бұратала ауылында бір айдай аялдадық. Малымызға тыным бермеді ғой. Кейбір ағайындарымыз елге қарай қайта көшуге пейілді болды. Сонда Күнбибі: «Малға тарылмаңдар, сұғын қадағандары мал болса, беріп құтылыңдар. Орнына маған қарасты малдан алып, өз малдарыңның орнын толтырарсыңдар» – деді. Солай жасатты да. Осылай қарай көшкеннен бергі жол шығынын тек өз малынан беріп келе жатыр. Соған шыдамады білем үлкен ұлы Жеңіс анасына ашық кейістік танытып, бір жолы сөзге келіп қалды. Мен сол әңгіменің куәсі болған едім.
– Апа, – деді Жеңіс, – бар малымызды жол бойы осылай тарата бермекшісіз бе? Олай болса, бұл малды өз еліміздегі ұры-қарыға бөліп бере салып, жылы орнымызда отыра бермедік пе? – деді. Оның бұлай деуінің түп төркіні тереңде жатыр еді.
Қызайдың малының негізі Шағырдан қалған мал болатын. Соны білетін дұшпандары үлкен екі ұлдың құлағына: «Мал иесі сендерсіңдер, байқайсыңдар ма, шешелерің Тоқтардан туған екі баласын жақсы көреді. Осылай кете берсе, әкелеріңнен қалған бар мал сол екі бозөкпеге өтіп, сендер шетқақпай болы, тотиып қаласыңдар», – деп, араларына іріткі болар пиғылды құлақтарына шегелеп құйса керек. Жаңағы сөзді айтқызып тұрған сол әзәзіл пиғылдың ықпалы еді. Жеңістің өзінше мал қорыған түрі болатын. Ойға жүйрік Қызай оны бірден түсінді. Сонда да сыр бермей күліп:
– Мал иесі болған түріңнен айналдым, қарашығым. Мен мал қорып, орнымнан көшкен жоқ едім. Мен сендердің жандарыңды қорып, көштім емес пе? Сендердің жандарыңды сауғалап, жанымды жалдап жүрген жоқпын ба? Мұны ересек сен түсінуің керек қой, қалқам. Жан сауғасы үшін қашанда мал садақа. Осы малдың бәрі де сендердің садақаларың, қарашығым. Малдың уайымын жеме. Мал деген адамға құралады. Басың аман болса, әлі-ақ мал табылар. Әуелі жайлы мекен тауып алуды ойлайық, – деген еді. Жеңіс көзімен жер шұқып, қатты ұялған сонда. Осыдан кейін Жеңістің анасының бетіне тіке қарап, сөз қайтарғанын көрген де, естіген де емеспін, – деп Әутәліп өзінің үлкен ұл жөніндегі түйген ойын ашық айтты.
– Солай де… Әлгі бүлік басы қайынағасы да көшпен бірге келе жатыр ма?
– Жоқ, Биеке! Атамаңыз оны, Қызай балаларын соның ықпалынан алып қашып келе жатқан жоқ па? Ол өзіне қарасты ауыл-аймағымен тегіс өз орындарында қалған. Бұл көшіп келе жатқандар Шағыр мен Тоқтардан туған балаларға тілеуқор ағайындары, Қызайдың жанашыр жақындары. «Қызай айтса, біз мақұлмыз» деген жандар.
– Әп-бәрекелді! Бұларың жөн болған екен,– деді би риза көңілмен. – Ал, құда, оны-мұны айтып, түн жарымын аударыппыз. Енді сәл де болса, көз шырымын алалық, таң да жақын,– деген би салулы төсегіне қисайған.
Төрге қалың салынған төсекке қатарынан жайғасқан екі қарт та өз ойларының шырмауында жатып, бірден ұйықтап кете алмады.
Әутәліп болса әлгі әңгімелерден сескеніп-ақ қалғандай. Қазір соны ой тезінен өткізіп жатқан еді. Би оны жылы сөйлеп отырып-ақ, білдірмей тергегендей болыпты-ау. Көңілі содан секем алған. «Қой, ондай пиғылы жоқ шығар» – деп, оған енді бір ойы басу айтқандай: «Қанатының астына алайын деп отырған бұрыннан таныс-білістігі жоқ, сыралғы емес елді жақын танығысы келгенінің несі айып?» – дейді бір ойы. «Арттарыңа шала байлап келгендерің жоқ па?» – деп сұрағаны да жөн шығар. «Сүттей ұйып отырған еліміздің ертең берекесін қашырмас па екен?» – деп қорқуы да заңды ғой. Елдің басиесі болған соң ел арасында бүлік шықпаса екен деп ойлағаны жөн емес пе? Араларыңда ұры-қарыларың жоқ па деп сұрамағанына шүкір. Оны-мұны айттық дейді. Оны-мұны деп жеңіл-желпі айта салғанымен, көпті көрген қасабалы қарт би өзіне керек дегендерін білдіртпей-ақ біліп алғанын Әутәліп мойындап-ақ жатыр.
Қызай ауылдан аттанар алдында басы артық ешнәрсе айтпаңыз деп тапсырғанымен, «жаман сырын айтамын деп, шынын айтадының» кері келді ме деп ойлап қалды Әутәліп. Би бұлар жайлы қандай ой түйді екен деп көңілі алаң бола бастады. Бастарының бірлігі жоқ, біріне-бірі қастық жасаған елден не опа, не қайыр деп жаман ойлап қалмаса болғаны. Тоқтардың қазасы мен Жеңіс жөнінде айтпай-ақ қоюым керек пе еді деп те өкінді Әутәліп. Өкінгенмен не пайда, айтылар сөз айтылып кетті. Не де болса, таңның атуын күтеді. Бидің ау-жайы мен қабағының райын сонда байқар…
Ал, Байжұма би болса, ол Әутәліптен бетер қобалжулы еді. Басын тәуекелге тігіп, жайлы қоныс, құтты мекен іздеп келе жатқан қарындасының әуелі балаларының, сосын соңынан ерткен ел-жұртының алдында үміті ақталар ма екен?! Үмітін ақтай аламыз ба? Қорғансыздың күйін кешкен пақырларға сая бола аламыз ба? Ел ішіне сыйдыра алсақ жақсы. Ел дегенің де толқымалы теңіз іспетті. Жел қай жақтан қатты соқса, солай аударылады. Сәл нәрседен дүрдараз болып шыға келетіні белгілі.
Бұл жақта да мыңғыртып мал айдаған байлар баршылық. Олар да өрістерін қызғыштай қоритындары рас.
Қайсысын қалай қарай ығыстырмақ? Оған кім көнер? Кім жайлы қонысын бере қойсын? Олардың тілдерін қалай таппақ? Осыны ойлағанда бидің жамбасындағы мамық төсек тастай батып, дөңбекши береді.
Енді бір сәт бүгін таң алдында көрген сәуесін есіне түсірді. Япырмай мұндай анық сәуе болар ма? Бір жерінен мықтап түйген төрт салалы тізгін, сонда, Күнбибінің төрт баласын меңзегені ме? Солай-ау шамасы. Қолына тізгінді «бекем бол, берік ұста» – деп тапсырған Бәйдібек бабасы болғаны ма? Ендеше, несіне қобалжимын? Аруақ өзі жар болып, көкірегіме бір сәуле құяр, жөн сілтер деп ой түйген Байжұма би екінші қырына аунап жатып, енді бас қатырып ешнәрсе ойламауға тырысты. Ояу жатқанын сездірмеу үшін Әутәліп те қимылсыз. Бірақ екеуінің де ой ағыны сапырлысқан саналары айқын. Көздері жұмулы болғанымен көкіректері ояу еді. Бірі аманат сәлемін арқалап келген, бірі үміт жібін үзіп алмауды безбендеген екі қарт та таңды осылай ұйқысыз атырды. Оларды бұған мәжбүрлеген өздеріне қараған ел-жұрттың ертеңгі тағдыр-талайы еді…
Таң алдында Әутәліптің көзі ілініп, бойы балбырап қалың ұйқыға еніп бара жатыр еді.
– Құда тұралық. Жолға ертеңгі салқынмен шығып кетелік, – деген бидің үнінен оянды. Бидің тұрғанына біраз болғандай. Әутәліп біреудің үйінде алаңсыз шалжиып жата бергеніне ұялып, ширақ қимылмен тұрып, сыртқа беттеді.
Би кешегі үлкен үйіне бастады. Кірсе, дастарқан жаюлы екен. Екі-үш ауыл ақсақалы шайға бас қойыпты. Би екеуі де дастарқан шетіне жайғасты.
Әутәліппен бірге келген жігіттерде жиналды. Бидің көңілі орнықты көрінеді. Бәрі де ыстық шайды ықыластана іше бастаған. Сол кезде киіз үйдің есігін шалқайтып айқара ашып, ұзын бойлы екі иығына екі кісі мінгендей қапсағай денелі, тұлғалы жігіт жарқылдай сәлем беріп, кіріп келе жатты. Даусы ашық. Қызыл шырайлы жүзі жарқын, адамға жылұшырай қарайтын отты жанарымен бәрін тез шолып өтті.
– Би аға, шақыртқан екенсіз. Таудан жеткенім осы. Кешігіп қалған жоқпын ба? – деп би ағасына көз тастады.
– Қош келдің, Шуақ батыр! Кешіккен жоқсың, кел шайға отыр, – деген би жоғары ысырылып, өзінің төменгі жанынан орын босатты.
– Шайымды ішіп шықтым, рақмет аға!
– Қой, батырым, таңғы астан бас тартуға болмайды. Әйтпесе, келіншегің тастап кетеді, – деп би қалжың айтып жатыр.
– Би аға-ай, сол келініңіз өнер бастап, өзі мені тастап кетсе, құба-құпболар еді. Көзім түсіп жүрген жастау біреуді алып келер едім ғой, – дейді батыр жігіт те сөзден есесін жібермей.
– Қой, сандалып қайдағы жоқты айтпа! Немене, арқаң қышып бара жатыр ма? Кел, қамшымен тартып-тартып жіберейін, жын буған желігіңді ұшырайын, арқаңның қышуын да қандырайын, – деп қарқылдай күлген би ағасы батыр інісіне сес көрсетіп қойды. Шуақ батыр:
– Би аға-ай, сіздің қамшыңыз майдай жағады ғой, – деп, босаған орынғакеліп тізе бүкті.
Әутәліп Байжұма бидің көңіл хошына қарап, түндегі әңгімеден ешқандай кірбің қалмағанын ұққандай. Және бидің алды кең, жайсаң жан екенін де бағамдады. Алдына келген арынды батырының қысылып-қымтырылмай ойындағысын еркін, еркелей айтқанынан соны аңғарғандай.
Әутәліп батыр жігітке қарай отырып, екіұдай ойға қалғандай. Батыр дегенге беліне шоқпар байлаған еңгезердей, қабағы түксиген алыпты елестетіп еді. Мына жүзіктің көзінен өткендей адамға жұғымды, жылы жүзді жігіттің болмысы да атына әбден лайық, бойынан бейне жылылық есіп тұрғандай. Үйге өзімен бірге бір құшақ шуақ ала кіргендей отырғандардың бәрі көңілденіп сала бергендей көрінген. Шуақ десе дегендей-ақ екен батыры, – деген ой қорытып үлгерді Әутәліп.
– Құда, бұл Шуақ батырымыз! Жау жақтағы қорғанымыз, жел жақтағы орманымыз. Еліміздің бар мал-жаны осы батырдың құзырында. Ашса–алақанында, жұмса – жұдырығындамыз.
– Би аға-ай! Сіз де айтасыз-ау! Мен сіздің қолыңыздағы ақ семсеріңіз емеспін бе?! Қайда сілтесеңіз, сол арадан табылатын.
– Болды-болды. Мәймөңкелемей-ақ қой. Қазір шеткі ауылдарды аралап қайталық. Ана төрде отырған ақсақал бастаған бір ру асудың арғы жағындағы үлкен елден келіп, біздің елдің шетіне тоқтаған көрінеді. Барып амандасып, көзбен көріп келейік.
– Құп болады, Би аға! Айтқаныңыз болсын. Қасымда жігіттерім де бар еді. Соларды да ертіп алайын ба?
– Жоқ. Оларды қайтарып жібер, ауылда болсын. Әуелі өзіміз барып, мән жайды ұғалық. Жігіттердің араласуы қажет бола қоймас…– деді би.
Шай ішіліп болып, дастарқанға ықылас жасалған соң, барлығы сыртқа шығып, мама ағашта ерттеліп дайын тұрған аттарына қарай беттеді. Әутәліп, би үйінің адамдарына шексіз ризашылығын білдіріп, алғысын айтып барып, атқа қонды.
Би ауылынан аттанар алдынды Әутәліп өздерін бастап әкелген азаматтың қасына өз жігіттерінің бірін қосып, алға озыңқырап, елге бұрын жетулеріне кеңес берген. Ауылға барып бидің келе жатқанын айтып, елді хабардар етуді ескертті. Ал, өздерінің жігітіне бидің Қызайға амандаса келе жатқанын және бидің бұларды қалай қарсы алғанын, көрсеткен сый-құрметін, болған әңгімелерді бұлжытпай, мұқият жеткізуді тапсырған еді.
Шуақ бастаған жастар бір бөлек, ақсақалдар бір бөлек келеді. Би мен Әутәліп қатар келе жатты.
– Құда, кеше анықтап сұрамаппын, сонда көшпен қанша шаңырақ көшіп келеді? Малдарыңыздың мөлшері қаншалық? – деп би сөз бастады.
«Е, тергеу әлі аяқталмаған екен ғой» – деп ойлаған Әутәліп:
– Биеке, екі ауылмыз дедім ғой. Ауыл иелерін, олардың туған-туыстарын, бала-шағасын, малшы-қосшыларын қосқанда елу-алпыстай түтін болып қалар. Ал, мал дегенде пәлендей үйір-үйір жылқы, отар-отар мыңғырған қойымыз жоқ. Көшке ыңғайлы болсын деп, ықшамдалып шыққанбыз. Дегенмен, жылқымыз да, ірі қарамыза да, қойымыз да баршылық, бірақ соның бәрі бала-шағаның қыжалатына жетерлік азыққа қажет мөлшерде ғана. Орта дәулетті жандармыз.
– Жөн-ақ. Адам қайда болсын сияды ғой. Мал жағы болмаса. Малға өрісқажет. Қолда қамап ұстай алмайсың, – деп екіұштылау, өзіне сенімсіздеу бір ойдың шетін шығарған би үнсіз қалып, тұнжырап келеді. Осы жасына шейін көпті көрген, ішкі қалтарыс-құлтарысы да көп, көшелі кісі ғой. Не ойлап келе жатқанын ұғу қиын. Не де болса, бара көреді…
Байжұма бидің, шынында, бүгінгі болар кеңесте не айту керегін, әңгіме ауанын неден бастап, ақсақалдардың назарын неге аударудың жөн боларын ойлап, басы қатып келе жатқаны рас еді. Сыралғы емес ру ақсақалдарымен қалай сөйлеспек? Олардың көңілдеріне келетіндей, намыстарына тиетіндей сөзге бармай, еліне-жеріне сыймай, сая таппай келгендерін беттеріне баспай, себептерін сұрамай-ақ, қалай мәжілістесуге боларын ойлап, қиыннан қиялап жол табуды жобалап келеді. Бидің көңіліне кенет жарқ етіп, бір сәуле енгендей. Тынысы да кеңейіп сала берді. «Таптым» – деді ол өзіне өзі көңілденіп. Әңгіменің кілті балаларда. Бар әңгіменің өзегі осында, сөздің өрбуі де осыған байланысты.
Кілең жүрдек ат мінген жолаушылар сыдырта сар желіп жүріп отырды, екінті шамасында ауылға да жақындады.
– Сіздерді бастап келген әлгі біздің елдің жігіті көрінбейді ғой? – деп би көзбен жігіттер тобын шолып шыққан соң: «Қайда түссек екен? Бізді қайда түсірмек» – деп ойлаған. Сол ойы бидің аузынан сұрақ болып шығып кетті.
– Биеке, ол жігіт озыңқырап кеткен. Қайда түсеміз дегеніңізге жолболсын! Іздеп келе жатқан қарындасыңыздың үйі тұрғанда, қайда бармақшысыз? Ел өзіңіздікі ғой, сосын аралай жатарсыз, – деп Әутәліп те биді сөзбен шымшып алды.
– Жобасы, сол дұрыс болар, – деді би де Әутәліптің сөзінің астарындағы зілсіз қалжыңды сезсе де сезбегендей.
Әутәліп ақсақалдарды бастап көштері тоқтаған тұсқа таяғанда байқады, Қызай шөбі тапталмаған, айналасы көк майсалы жерге Шағырдың үлкен шаңырағын тіккен екен. Алдарынан бір топ жастар шығып, бірі тізгіндерінен ұстап, бірі ақсақалдардың қолтықтарынан демеп, аттан түсіріп, үлкен үйге қарай қолтықтап алып жүрді. Би сонда бір әйел адамның есік алдында тұрғанын көріп, зер сала қарады. Майда гүлді ақшыл жібек көйлектің сыртынан өңірі сарғыш жіппен кестеленген қоңыр мақпал камзол, басына да кестелі кимешек киіп, оның сыртынан жерге шұбатылған ақша қардай аппақ шылауыш таққан орта жастағы, аққұба, ерекше көрікті әйелдің Күнбибі екенін жобалады. Бұлар жақындағанда ол да қарсы жүрді. Бидің аузынан еріксіз «Қарағым-ай» деген елжіреген сағыныш сөзі шығып кетті.
– Қарағым-ай, барсың ба? Мені іздеп келе жатыр екенсің-ау!? Аман-есен жеттің бе? – деп, екі қолын екі жаққа жая құшағын кең ашып, құшақтап, маңдайынан өбті. Сол-ақ екен, мұндай қамқор жылы сөзді көптен естімеген Күнбибіге мына қарт бейне өз әкесіндей елестеп, бар шері қозғалып кеткені.
– Апырмай, мені елжірей тосатын жандар әлі де бар екен-ау, – деп Күнбибі дауыс салып, биді құшақтап ал кеп жыласын:
– Ағатай, басынан бағы тайған мен бір мұңлық болдым ғой. Ұядағы балапанын сұр жыланнан қорып, шырылдап қорған іздеген мен бір мұңдармын бүгінде. Азаматымның барында уайым жоқ еді. Басыма жесірлік түскен соң,мені басынатындар көбейді. Ағатай, басымыздағы дауымыздан, көңіліміздегі мұңымыздан арылар күн болар ма екен? Ел іздеп, жер кезген сабылған жүрісімізге саябыр болар ма? Мен бейбақтың сая табар кезім бар ма? – деп, ағыл-тегіл жылаған оны ешкім дәті барып тоқтатпады. Шерін әбден тарқатсын деп тұрғандай. Қызай Шағырдан айрылғанда оны жоқтап, дәл осылай бір қатты жылаған еді. Іштен тынған екен сонда қамкөңіл жан. Елден айырылып, көш орнынан қозғалғанда да жыламаған. Қоштаса келген абысын-ажын, тағы басқа қыз-келіншектер жиналып қоштасқанда:
– Мен бәріңе де разымын. Аман-есен болыңдар! Ел сендерге аманат. Әлі де бәлкім көрісерміз. Көрісе алмасақ, ақиретте табысармыз. Бақұл болыңдар, –деп дайын тұрған көлікке мініп, көзіне бір түйір жас алмастан, артына бір бұрылып қарамастан жүре берген еді. Сөйтсе, бәрі көкірегінде шер болып жиналып жатса керек. Енді көз жасымен тарқатылып шығып жатқандай.
– Шырағым, қоя ғой, сөздерің сай-сүйегімді сырқыратты ғой. Ендігі жылаудың жөні жоқ. Еліңе келдің. Ағайын жұртыңның ортасындасың. Азапты күндерім асудың арғы бетінде қалды деп біл. Бұл ел – өз елің. Бұл жер – өз жерің. Қадамың құтты болғай! – деп басу айтқан би, құшағын босатып, өзі де қалтасынан қол орамалын алып, дымданған көзін сүртті.
Бірі құман, леген, бірі сүлгі ұстап дайын тұрған жас жігіттер олар көрісіп болған соң қолдарына су құйып, беттерін шайғызды.
Күнбибі жастанған бетін жуып, сүртінген соң, көңілі де тазарғандай боп, жүзі ашылып, қуанышты шыраймен бимен жадырай қайта амандасты:
– Би аға, есен-сау жүріп жатырсыз ба? Ел-жұртыңыз амандықта болар, – деп, сосын қасындағы ақсақалдарға қарап:
– Есенсіздер ме? Шаршамай жақсы жетіңіздер ме? – деп, биден бастап, ақсақалдардың бәрінің қолдарын алды. Содан кейін жан-жағына қарап, әлдекімді көзімен іздегендей еді. Соны байқаған Әутәліп төрт баланы шақырып алып дайындап тұрған:
–Барып, би аталарыңа сәлем беріңдер, – деді. Олар ұяла басып, бидің қасына келіп, сәлем берді.
– О-о-оу! Айналайындар, үлкен жігіт екенсіңдер ғой! – деп би бәрінің маңдайларынан мейірлене сүйіп: – Өркендерің өссін, бақытты болыңдар,– деп батасын да беріп жатты.
Осыдан кейін Әутәліп ақсақал биге жақын барып:
– Биеке, үйге кіріп жайғасыңыз, – деп қолтығынан алып, ішке кіргізді. Есік алдында үйіріліп тұрған топ та би үйге кірген соң, ішке еніп, төрге жайғаса бастады.
Қызай Шағырдың қара шаңырағын өзі бардағыдай жасантып-ақ қойған екен. Кереге жағалай кілем, кестелі түскиіз тұтас тұтылыпты. Оның үстіне ілінген Шағыр аулаған қасқыр, түлкі, бұлғын, қарсақ терілері кісі назарын еріксіз өзіне аудартады.
Қонақтар жайғасып отырған соң, ортаға үлкен дөңгелек жозы үстел қойылып, келіндер шай дастарқанын жасай бастады. Ыстық бауырсақ
әкеліп қойды. Жозы беті демде әртүрлі тәтті-дәмді шай жабдығына толып, тәбет шақырады. Үлкен ақ самауырды бір жігіт алып кіріп жозы қасына қойып берген соң Күнбибі мен жас келіншек отыра қалып шай құюға кірісті.
– Би аға, ағарған жағынан ұяттымыз. Биыл көшіп-қоныпжүріп, бие
байлай алмадық. Шайдан алып отырыңыз, – деген Күнбибі кеседегі шайын биге ұсына берді.
– Ол не дегенің, қарағым. Сенің қолыңнан шай ішуге жазған Аллаға сансыз тәуба айтамын. Бұл күнді көрсеткеніңе шүкір! – деген би ұсынған кесені риза көңілімен қолына алды.
Би жозы үстіндегі тіл үйіретін әртүрлі тәттіден ауыз тиіп, көшіп-қонып жүріп, дәмі уылжыған мынандай тағамдардан қол үзбей дастарқанын түрлентіп ұстағанына қарап, қарындасының қолы ұсынақты, берекесі мол жан екенін бірден аңғарғандай еді.
Отырғандар жаншылған тарыдан мейіз араластырып жасаған жент, құм шекер себіліп, кептірілген қызыл ірімшік секілді таңсық астан алып, шайды аса бір баппен ұзақ ішті. Сол уақытта ойнақтаған семіз тайды бірі ноқтасынан тұқырта ұстап, жетектеп, бірі артынан итере ашық тұрған есік алдына алып келген Жеңіс пен Меңіс:
– Ата, бата беріңіз, – деді, алақандарын жайып.
– Қарақтарым, сендер мені сыйласаңдар, Тәңірім өздеріңді жарылқасын!
Береке-бірлігіміздің құрбанының ишарасы осы жазықсыз мал болғай! Ақ, адал малдарыңды жақсылыққа бұйыртып жегізсін! Орнын Аллам өзі толтырғай. Малды-жанды болыңыздар. Баршамызды тәңірім уайым-қайғысыз ете көрсін! –деп, кең толғап батасын қайырды.
Үлкендер асықпай шай ішіп отырғанда тай сойылып, еті бірнеше қазанға бөлініп салынып, тұтас асылып жатты. Басқа бір қазанда тағы бір қойдың еті пісуге жақын еді.
Әутәліп бұл асқа осы ауылдың ақсақалдарын, үлкендерін тегіс шақыртты. Өздері де биге келіп, қалай сәлемдесудің ретін таппай отырған ақсақалдар біртіндеп жинала бастады. Шай дастарқаны әлденеше жаңартылып, бірнеше самауыр бірінен соң бірі ауыстырылып келтірілді.
Ақсақалдардың бастары қосылса, айтылар әңгіме таусылған ба? Әңгімеден әңгіме қоздап, туындап жатты. Бірақ бәрінің көкейінде «Би бұл жұртты қайда апарып орналастырады екен?» – деген сауал тұрса да ешкім бұл турасында батылы жетіп, ләм дей алмады. Қарттардың төзімін сынайын дегендей би де бұл жайында әзірге жақ ашпады.
Ет піскен кезде шай дастарқаны жиналып, жозыны да алып кетті. Жеңіс құман мен леген, Меңіс сүлгі ұстап кіріп, отырған кісілердің шетінен бастап, жағалай ас алдында қолдарына су құйып шықты. Жерге бірнеше дастарқан қатарынан жайылды. Үйге адам лық толды. Үлкен үйдегі бұл дастарқанға жастардан Шуақ батыр ғана кірген. Қалған ағайындар мен жас жігіттерге
Қызайдың кіші үйінде бөлек дастарқан жасалды. Би төрт баланы да шақыртып алып, дастарқанға өздерімен бірге отырғызды.
Жиналған қауымның жасына, жолына, ыңғайына қарай тай мен семіз қойдың етінен жасалған табақ бірнеше жерден тартылды. Қарттар өздері де табаққа ыңғайланып, жақындап, дөңгеленіп отыра қалды. Бәрі де бәкілерін шығарып, табақтағы өзіне арналған сыбаға жілікті ұстап, етін турай бастады. Ет туралып болған кезде тау жуасы қосылған ыстық тұздық та келе қалды. Жас малдың былбырап піскен етіне тұздық құймалағанда жас еттің тәбет ашар ерекше хош иісі үйге жайылып, үлкендер риза көңілмен табаққа қол соза бастады. Ет асықпай желінді.
Еттен бәрі де әбден алып, дастарқаннан шегіне бастаған шақта би:
– Неге шегініп кеттіңдер? Астан алсаңдаршы. Әутәліп құда, табағыңыздың шеті де ойылмапты ғой. Өзің тауыса алмасаң, мына отырған құдаларыңа асатпайсың ба?– деп ой тастағаны. Сол-ақ екен Әутәліп, тайдың қаракесек еті мен қойдың жамбас, сүбе майынан араластыра алақанын толтыра алып, биден бастап, кеше өзі барған ауылда дәмдес болған ақсақалдарға тегіс ет асатып шықты. Әркімде өз табағынан көңілі жетер тұстастарына кезекпен ет асатып жатты. Қарттар осылай «Сен ал», «Сен ал» десіп, бір қауқылдасып қалды. Би өзі де алақанын толтыра әр балаға жеке-жеке ет асатып, бір-бір ауыз жылы сөзін айтып, көңіл бөліп отырды. Бұған балалар да қуанышты, мәз еді. Ет асату толастаған сәтте құрт қосылған ыстық сорпа да келді. Қарттар сорпаны да асықпай ішіп, астарын сіңіріп отырған кезде Байжұма би балаларға қарата сөз бастады.
– Жеңіс, Меңіс екеуің келіншек алатын жасқа да келіп қалыпсыңдар ғой, қыздарға көз салып жүрсіңдер ме? – деген қалжыңмен бастаған сөзіне:
– Қай байдың қызына сөйлессеңдер де жүрексінбеңдер! Қалың малын өзім өтеп беремін,– деп қосып қойды.
– Ата, әлі ерте ғой, – деп қалды әр нәрсеге шешімі шапшаң Жеңіс.
– Ерте дейсің бе? Қазақ атам ұлды он үшінде отау иесі деп санаған. Мына отырған аталарың он үш жастарында үйленгендер. Сенбесеңдер өздерінен сұраңдаршы. Байеке, кеше төбе басында «Он үш жасымызда өздері таңдап, әйел әперген қайран бабаларым-ай!» – деп сұңқылдап отыр едің ғой. Соны айтсаңшы балаларға, – деп би келесі әңгіме желісін өзімен бірге келген қартқа тастады. Бұл әңгімені сен жалғастыр дегені болар деп ұққан ол:
– Әй, балам-ай, бай нағашың қатын әперемін деп отырғанда «Ата, қыз дайын болса, біз дайын» демейсін бе састыра, – деді қалжыңдап.
– Сасатын несі бар? Ел-жұрт емеспіз бе? Ұлан-асыр той жасаймыз, қызық көреміз, солай емес пе? – деп жұрттың көңілін бір серпілтіп алған Байжұма би келелі әңгімені енді бастауға оқталды.
– Шауақ батыр, қалқам мына ересек екі жиенініңді сайыпқыран сарбаздарыңның сапына қосып ал. Ат үстіндегі әбжіл өнеріңді үйрет, шынық­тырып шыңда, қасыңа ертіп жүріп елмен, жермен таныстыратын бол,– деп бір тоқтады да:
– Мінетін аттарың бар ма? – деп сұрады балалардан.
– Көшке мінген атымыз бар ғой, – деді тағы Жеңіс.
– Шуақ батыр, менің жылқымдағы ақ боз айғырдың үйіріндегі су жорғалар бар емес пе, содан екі балаға бір-бір жорғаны мінгіз, өздері барып таңдасын. Асау болса, үйретіп, бастықтырып бер. Сылаңдаған, су төгілмес сұлу жорғаға мінгізіп, бай ауылдардың тұсынан ары-бері жүргіз. «Мына жорға мінген сылқым жігіттер кім болды екен?» – деп мойын бұрып қараған қызға барып, үкісін тағып, құда түсеміз, – деп би құлшынып-ақ отыр.
– Бай ауылдың қыздарының қалыңмалы да үлкен болады, – деп қалды тілі қыршаңқы қарттардың біреуі жай отырмай.
– Несі бар?! Бір-екі жиеннің қалыңдығының қалыңмалын өтеуге жұмсамасақ, ол малды несіне жиып жүр екенбіз, – деді Байжұма би де апшымай, бір айтқан сөзін нақтылай түсіп тағы да:
– Солай, ересек екеуіңді Шуақ батырға тапсырамын. Тілін алатынболыңдар. Ал, Бегімбет, Дербіс екеуің ауылдағы татар молдадан дәріс алып, мұсылманша тіл сындырасыңдар. Нағыз оқитын жаста екенсіңдер, – дегенде Дербіс шыдай алмай:
– Ата мен бе, мен молдадан қорқамын. Молда шыбықпен сабайды дейді
ғой, – деді аузын бұртитып.
– Ондай сөзді кім айтып жүр?
– Біздің жақта молдадан оқыған балалар айтқан.
– Ата, ол молдадан сүндетке отырғаннан бері қатты қорқады,– деді
Бегімбет үлкендігін білдіріп.
– Әп, бәрекелді! Бәрі артта қалыпты ғой. Енді несіне қорқасың?- деді би.
– Ондай кезде бәріміз қорыққанбыз, – деді ақсақалдардың бірі Дербістің қорқынышын ақтағандай, әрі оны күлдірейін деп. Оның сөзіне балалар емес ақсақалдар жағы ду күлді. Оны әжуалап, келекелей бастады:
– Сүндетке отырғандағы қорыққаныңды сен әлі ұмытпай жүр екенсін ғой,– десіп, іліп-шалып күлкіге айналдырды. Жұрттың күлгеніне балалар да қосыла күлді. Соны байқаған Күнбибі балаларының бала болып езу тартып, ашылып бір күлгендерін көптен көре алмап еді, бүгінгі көңілдерінің көтерілгеніне қатты қуанышты еді.
Қарттардың әңгімесі құрдастардың қалжыңына айналып бара жатқанын аңғарған Байжұма би сөзді басқаға аударғысы келіп:
– Сен, Дербісжан біздің молдадан қорықпа. Ол молдаға да жан керек
шығар. Бидің жиеніне қол көтеріп көрсін, қара есекке теріс міңгізіп, келген жағына қуып жіберейін, – деген би Дербісті шақырып, жанына отырғызып, басынан сипап, еркелетіп қойды.
– Қол көтермек түгілі, біздің елде жиенге зекіп, қатты сөз айтуға
болмайды. Жиеніне қатты сөз айтып ұрысқан адам қартайғанда көксау болып қалатынын жұрт жақсы біледі. Қақылдап жөтеліп отырған адамды кім жақтырсын? Балалары мен келіндерін былай қойғанда, елу-алпыс жыл отасқан кемпірі де жақтырмай: «Осы көксау қақпасты құдай да алмады ғой» – деп тыржыңдап отырады. Сондықтан, Шуақжан, бақылап жүр, жиендеріме ешкім зекіп, қатты сөз айтушы болмасын. Жиендер – біздің елдің еркелері. Осыны біле жүріңдер, – деп, бір тыныстап алып, сөзін ары қарай жалғады:
– Ал, жиеніне қол көтерген адамның қартайғанда қолдары қалтырап, алдындағы асын төгіп-шашып, аузына жеткізе алмай, мүсәпір халге ұшырайтынын мына аталарың жақсы біледі. Ондайлардың талайын көрген.
Дербісжан қорық па! Ол молда сен екеуімізден қорықсын. Бегімбет екеуің молданың алдынан оқып, қара таныңдар! Сендердің замандарың қандай боларын кім білген? Оқысаңдар, көкірек көздерің ашылар, алысты болжайтын боларсыңдар… – деп барып би, бұл әңгімені тұйықтағандай болды. Сөздің аяғын күткен жұртта үн жоқ. Жиенге қатысты көпке белгілі бұл сөздерді би несіне айтып отыр екен депте ойлағандар бар.
Байжұма бидің әлгі әңгімесіндегі астарды Әутәліп ақсақал мен көңілі жүйрік Күнбибі ғана аңдай алғандай.
Би бұл сөздерді балалар өздерін кіріптар кісідей төменшік сезінбей, жасымай, жасқанбай еркін жүрсін деп айтып отырғанын ұққандай еді. Күнбибінің балаларының ешкімнен қағажу көрмейтініне, ешкімнен қағытпа сөз естімейтініне көңілінде сенім орнап, бойын көптен бері өзі сезінбеген бір жайлылық биледі. Әңгіме осылай жайғаса берсе деген тілекпен ұйып тыңдап отырды.
Содан соң би:
– Шуақ батыр, осы біздің Күнес тауының күнгей бетіне таяу бір тұйық сай бар еді ғой. Білесің бе? Қора-қопсысы, малшылар отыратын үй-жайы да бар секілді еді. Соны қазір қай бай жайлап отырғанын білесің бе?
Әңгіме мал өрісіне қарай ауысқанын сезген ақсақалдар күткен әңгімемізге енді жеттік-ау дегендей құлақтарын тіге қалды.
– Би аға, ол сай мал қыстауға өте қолайлы жер. Соған қызыққан байлардың біразы бір-бір жылдан қыстап көрген. Мал қыстауға қолайлы болғанымен көлемі тар. Байлар малдарын сыйдыра алмай әлек болған соң тастап кеткен. Қазір бос қой деймін, көптен бері бара алмаған едім, анығын білмедім. Барып көріп келіп, жайын содан кейін айтайын, – деді елгезек батыр.
– Асықпа. Осыдан барған соң екеуіміз елді бірге аралап қайтайықшы. Кімнің қай жерде отырғанын көзбен көрелік. Қоныстарын, өрістерін байқайық.
– Мақұл, би аға! Біздің ірі байлар қазір малдарын Іле бойына шығарып
жіберген. Малдарын Іленің қамысты, қопалы бүйрек-бүйрек түбектеріне еркін жіберіп қойып, кең көсіліп отыр қай-қайсысы да.
– Солай де… Бара көрелік…
– Биеке, – деді осы ауылдың ағасы Бейсенбі қария. – Бұл кісілерді осы тоқтаған жерінде қалдырсаңыз қайтеді? Бір-бірімізге үйреніп те қалдық. Бізде, анау айтқандай, аса бір ірі байлар жоқ екенін өзіңіз де білесіз. Жеріміз кең. Малға өріс жеткілікті,оған таршылық жасамаймыз. Бір ауылымыз болып отыра берсін дегенім ғой.
– Айтқаныңыз жөн-ақ, Бейсеке! Сіздің жеріңіздің кең, пейіліңіздің одан да кең екенін білеміз. Алла разы болсын! Бұл кісілер бізді ел деп келді емес пе? Бұл арада елдің ең шетінде отырса, өздерін шетқақпай сезінулері де мүмкін ғой. Не де болса, ел ортасына апарып орналастырсам ба деген ой еді. Елдің ішінде болғандары жөн емес пе? Қалай ойлайсыңдар?
– Сіз қалай десеңіз, солай болады ғой…
– Әутәліп құда, қарындасым, – деп Байжұма би ендігі сөзді бұларға қарата айтты: – Маған төрт-бес күн, ары кетсе бір жұма мұрсат беріңдер. Менің де ақылдасар данышпан, ақылман қарттарым, ауыл ағалары бар. Соларға ақыл салайын. Одан қалды, азулары алты қарыс, Іле бойын ен жайлап жүрген байларым бар, алдарынан өтейін. Бір хабарын Шуақ батыр арқылы білдіремін. Қайда барып тұратын болсаңыздар да Шуақ батыр өзі бастап апарып, орналастырады. Енді бізге ұрықсат беріңіздер, біз шығайық, – деді би.
– Би аға, Алла сізге ұзақ ғұмыр бергей, өздеріңізге үміт артып келген елімізге, балаларымызға қарата айтқан жылы сөзіңізге төбеміз көкке жеткендей болып отырмыз аға, бір-екі шыны ыстық шай ішіп шықсаңыздар етті. Жолда шөлдейсіздер ғой, – деп қиылды Күнбибі.
Әлде дәмді әңгімені үзгілері келмеді ме, әлде дәмді шайды тастап кеткілері келмеді ме, бір ақсақал:
– Биеке, құдай асығыстықтан сақтасын. Түн іші болса қайтер дейсіз, күнде жүріп жүрген жеріміз ғой, – десе, енді бірі:
– Биеке, сізбен бірге қарындастың дәмді шайын біз де ішіп қалалық, ертең көшіп кетсе, мұндай шайды бізге кім береді? – деді. Тағы біреуі:
– Биеке, сіз қарындасыңызды бізден қызғанып, әдейі алысырақ әкеткіңіз келеді-ау, – деп қалжыңға сүйеп, тиісе бастады. Мұны айтқан бидің құрдасы Сейіт ақсақал еді
– Мен көшіріп әкеткенде тескен тау асырып әкетер дейсің бе? Ел ішінде болады ғой. Атыңның терін аямасаң, күнде барып шай ішіп тұр, мейлің, – деп би де ақталып жатыр.
– Қалқам, мына жұрттың мені сағынып қалғаны соншалықты, тіпті жібергілері жоқ. Шайың дайын болса, әкеле ғой. Мені шайдан кейін қандай сылтаумен бөгер екенсіңдер, көрейін?!
Ас қайырылған соң жас келіндер бірінен соң бірі кіріп, иіліп сәлем салып, табақтарды алып кетісті. Дастарқан шеті ортаға қарай қайырыла бүктеліп, ара ашылып, балалар құманмен, легенмен кіріп, аталарының қолдарына жылы су құйып шықты. Сосын дастарқан түзетіліп, бағанағы ет тартылған табақтарға шай жабдығы толтыра салынып, орындарына қайта қойылды. Бір жас келіншек отыра қалып, сүті қатылып, бапталып әзірленген ыстық шайды шәугімнен кеселерге құйып, төрге қарай жібере бастады. Бәрі соншалықты тез атқарылған еді. Шәйнек орталанғанда екіншісі әкелініп тұрды. Еттен кейінгі шайдың орны қашанда бөлек қой. Ақсақалдар алуға ыңғайлы етіліп шағылған науаттан, құрттан ауыздарына салып, талмап, дәмін алып отырып, шайды қай-қайсысы да асықпай, сүйсіне ішті.
Би де енді асығудың реті жоқ екенін бағамдап, әлгіде өзіне базына айтқан құрдасына қарата:
– Сәке, қарындас сіз бен бізге бірдей жақын ғой, көздері жәудіреп отырған ана жиендер де бәрімізге бірдей ортақ. Сен одан да осы жиендердің қырық серкешін қашан беретініңді айтпайсың ба? – деп жаңа әңгіме бастады. Қарттар жағы «бәсе, майда тілімен жердің жыртығын жамаған сұңғыла би мұны неге айтпады екен? Бәріміздің мойнымызға салық етіп қанша малдан қиып салар екен?» – деп отырған еді. Мына лепеске бәрі де құлақтарын тіге қалды.
– Биеке, жиендердің қырық серкешін әуелі өзіңіз атаңыз, – десіп, бәрі бидің аузына қарады.
– Бұл балалар қолдарындағы азын-аулақ малдарын біздің жерге жерсіндіріп, қыстан аман-есен шығарып, көктемде төлдетіп алсын. Ол уақытта біздің малдар да төлдеп болар. Жаңа туған сол төлден балалардың қырық серкешін, бәсіре тайларын беретін боламыз.
– Биеке, бұйырғанын біз де атаймыз ғой, салмақты ана қой мен жылқыны мыңдап айдаған шық бермес шығайбайларға салу керек.
– Ол жағының жөнін Шуақ батыр өзі табар. Біз өзіміз атқаруға тиіс істі жасауымыз керек қой…
– Әлбетте. Жиенге қырық серкеш беру қазақта баяғыдан бері келе жатқан нағашылардың қастерлі борышы емес пе? Одан ешкім қашып құтылмайды. Биеке, айтып, есімізге салғаныңыз өте орынды, – деп бір ақсақал бидің көңілін орнықтыра, әрі ынта қойып тыңдап отырған балалардың көкейлеріне бұл елден әлі алатын алашақтарың бар дегенді ұғындыра түйіндей айты.
Бір ауыздан осы тоқтамға келген ақсақалдар әңгімеге де, шайға да қанғандай. Босаған кеселерін шәугімге қарай жібермей, алдарына қоя-қоя салды. Ас қайырған би де орнынан тұруға оқталды. Дастарқаннан шай жабдығы жылдам жиылып, шет жақта отырғандар орындарынан тұрып, үлкендерге жол босатты.
Бегімбет пен Дербіс би аталарының кебісін тауып беріп, аяғына кигізіп, далаға ерте шықты. Жеңіс пен Меңіс Шуақ батырдың атының тізгінінен ұстап, ағалап қасынан қалмай жүр. Бала көңілдері өздерін жақын тартқан жандарға бауыр басып та қалғандай.
Қонақтарды аттандырғаннан кейін Әутәліп ақсақалдың бүгінгі әңгімелерге көңілі толып, бір жағы толқып, балалардың жанында есік алдында тұрып қалған.
– Балалар, аталарыңды үйге алып келіңдер. Өзіміз отырып, бір шай ішелік, – деген Қызайдың даусы естілді.
– Ата, жүріңіз. Апам бізге қонақтардан қалған сарқытпен шай бергелі жатқан сияқты ғой, – деп Жеңіс атасын қолтықтап үйге кіргізді. Үлкен үйде қонақ күткен жігітер мен келіншектер түгел отыр еді. Бәрі орындарынан түрегеліп, аталарын төрге оздырды.
Қызайдың албыраған жүзі қуаныштан нұр жайнағандай ерекше мерейлі еді. Бұл елден татар ризықтарына сенімі қалтықсыз. Балалардың да несібелері мол боларына аналық жүрегі қапысыз сенгендей.
– Рақмет, қайынаға! Үлкен іс атқарып келдіңіз. Биді біздің жай-жапсары­мызға әбден қанықтырып әкелгендейсіз. Би ештеме сұрамай-ақ, бәрін өзі біліп отырғандай көрінді. Барар қонысымыз бен өрісімізді енді орайын тауып, өзі үйлестіреріне күмән жоқ. Сізге рақмет! – деді Қызай қайталап.
– Маған рақмет айтатындай ешнәрсе жасаған жоқпын. Әуелі Аллаға сансыз шүкір айтуымыз керек. Балалардың бағына салиқалы жандарға кез болыпыз. Бұған да тәубә! Иншалла, жаман бола қоймаспыз, – деді Әутәліп ақсақал ағынан жарылып.
Қызай Жеңіске қарап:
– Абдырадағы бағанағы тонды шығарып, атаңның иығына жап, – деді.
– Ол не тағы, – деп ақсақал айтып болғанша, әр нәрсеге шапшаң Жеңіс
атасының иығына қасқыр ішікті жауып та үлгерді.
– Қойыңдар, балалар, бұларың не? Мұндай бағалы сыйды бағана би
аталарыңа жабуларың керек еді.
– Жоқ, қайнаға, бұл – сіздің жолыңыз. Әрине, сіз киімсіз емесіз. Дегенмен
Шағыр ініңіздің көзіндей санап, қабыл алыңыз. Қайтар жылы тіктірген едік, үстіне бір іле алмады. Бір кәдеге жарар деп сақтап келіп едім. Сіздің үстіңізден көріп, балалардың көздері қуанып, әкелерін естеріне алар. Бидің кеңесіне, келелі жиындарына біздің елден енді сіз барып жүресіз ғой. Жаулығым желпілдеп мен жүрмейтін шығармын. «Таныған жерде бой сыйлы,танымаған жерде тон сыйлы» – деген бар емес пе?! Жарқыратып киіп жүріңіз, – деді Қызай бұл сыйдың жөнін түсіндіріп. Жеңіс пен Меңіс екі жақтан:
– Ата, алыңыз, – деп жатыр. Әутәліп қария балалардың қөңілдерін
қалдырмай:
– Мақұл, қарақтарым, Алла разы болсын! Рахмет! – деп көңілі босағандай кеседегі шайына үңіліп отырып қалды…
Күнбибі бағана «Байжұма би келе жатыр екен» дегенді естігенде сасқалақтап қалғаны рас еді. Қалай қарсы алса болар екен деп көп ойланды. Үлкендермен ақылдасты. Өзінің кіші үйін биді күтуге лайықсыз көріп, үлкен үйін тіктіруді жылдам қолға алып, соның жасау-жабдығын жүктердің арасынан іздеп жатқанда қолына осы ішік ілінді. Оны тіпті ұмытып кеткендей екен. Ашып қарап, күнге жайғызып қойды. Соны байқаған Жеңіс қасына келіп:
– Әкемнің ішігін неге алып жатырсыз? – деп сұраған.
– Теңнің арасында илектеліп көптен бері жатыр ғой, «Бүлінбеді ме екен?» – деп тексеріп қарағаным ғой. Күн көзінде біраз жаюлы тұрсын, сосын абдыраға қайта салып қоярсың, – деген баласына.
Шындығында, ол осы ішікті биге сыйласам қайтеді деген ойда еді. Бірақ Жеңістің әлгі сөзінен кейін батпаған. Онысы да дұрыс болған сияқты.
Қонаққа келген аталардың «қырық серкеш береміз» дегенін ұққан Дербіс осы кезде соның уайымын жеп отырған.
– Ата, сонда біздің әрқайсымызға қырық серкештен беретін болса, ол тіпті көп мал ғой, оны кім бағады? – деп сұрады.
– Сен қойшы ағаның жанында жүріп, қозы бақтың емес пе? Қой бағудың амал, тәсілін білетін сен бағасың, – деді Жеңіс інісін ашуландырғысы келіп.
– Иә, саған, қозы баққанмен ешкі баққан бірдей деп, кім айтты? Ешкі деген бір орында тоқтамайтын, желдеп жүре беретін жануар. Оған ие болу қиын. Мен бақпаймын, – деп жыларман болды Дербіс.
– Қойыңдар, балалар. «Қырық серкеш» деген ырымның аты ғана. Кім сендерге бірден қырық ешкі бергелі жатыр? «Қырық серкешің» деп, бір тоқты, торпақ берсе де разы боласыңдар. Соны жемей, асырап, бақсаңдар, төлімен өсіп, күндердің күнінде қырыққа жетеді, – деді Әутәліп аталары түсіндіріп.
– Е-е-е! Солай деңіз, – деді Меңіс. Дауысында өкініш бар. Баламысың деген! Бірден қырық мал алмайтынына наразы болып қалғандай.
– Жұртқа қарап, көздеріңді сатып, «кім не берер екен?» деп ойлаушы болмаңдар. Құдай өз малдарыңның берекесін берсін, соны бұйыртып жегізсін!
– Енді «қырық серкеш береміз» деп айтқан өздері ғой, – дейді өкпелегендей Меңіс.
– «Алмақтың да салмағы бар» деген. Біреуден бір зат алған соң, оның есесін қайтаруларың керек. Сондықтан ешкімнен ештеме алмағандарың жөн. Ештеме дәметпеңдер! – деген Қызай аталарының көзінше балаларына тағы бір нәрсені ескертуді жөн көрді. Үлкен кісі айтса, өтімдірек болар деп ойлаған:
– Құлындарым, біз бөтен елге, бөтен жерге келдік. Өз елімізде жүргендегіеркеліктеріңді тастаңдар. Әсіресе, жұрт алдында бет жыртыспаңдар. Қайынаға, солай емес пе? – деп аталарына қараған.
– Иә, қарақтарым, «Басқа пәле – тілден» деген, ауыздарыңа ие болыңдар.
Бөтенге де, бір-біріңе де байқап сөйлеңдер. Не айтсаңдар да ойланып барып айтыңдар. Сырт көз сыншы деген.
Қызай осы сәтті пайдаланып, үлкен баласына айтсам ба деп көптен оқталып жүрген сөздерін де айтып қалғысы келді.
– Жеңісжан, сен тым шапшаңсың. Сәл нәрсеге шамданып шыға келесің.
Айналайыным менің, біздің ендігі тірегіміз өзіңсің. Сен әуелі сөз тыңдауды үйренші. Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдасаң ғана оның түпкі ойын, ниетін түсіне аласың. Ешнәрсенің мәнін жете түсінбестен қызырақтап, дауласа кету абырой әпермейді. Басыңнан сөз асыруды үйрен. Әр нәрсенің артын бақ.
– Сонда, немене? Біреу мені балағаттап жатса да ешкімге ешнәрсе демеуім керек пе? – деп, баласы сөз таластыра кетті.
– Міне, көрдің бе? Менің бір ауыз сөзімді де аяғына дейін тыңдауға шамаң жетпеді. Мұндай мінезбен ел ортасына қалай сиясың? Егер біреу сені балағаттаса, оның бір себебі болатыны анық. Сен оған жеткізбе ешкімді,– деді анасы шарасы таусылғандай кейіп.
– Балам, сабырлы бол. Сабыр мен байсалды мінез адамды көп қатерден қорғайды. Соны ұқ. Анаңның айтып отырғаны орынды ғой. Сені тіліңнен тауып, болар-болмас сөз үшін пәлекетке ұрынбаса екен дейді. «Басқа пәле – тілден» – дедім ғой жаңа. Адамдарға кішіпейілділік танытып, кешірімді бол. Үлкенге ізетпен кішірейіп сөйле. Сонда жұғымды боласың айналаңа. Байжұма би сендерді Шуақ батырға тапсырды ғой. Сол жігітен көп нәрсе үйренуіңе болады. Үлгісін ал. Мен би үйінде болғанда осы жігітке әбден сынай қарап, бір мін таппай разы болдым. Үлкендерге қалай сәлем бергенінен бастап, адамның іші-бауырына кіріп, үйіріліп тұратынына қарап, жүйесін тауып орынды сөйлейтіне тәнті болдым. Жүзі қандай жылы, тілі қандай майда? Жүзіктің көзінен өткендей жігіт екен. Би де адам таниды ғой. Қасына бекерден бекер ертіп жүрмеген шығар, – деп Әутәліп Шуақ батырға байланысты би үйінде алған әсерін айтып, балаларға ой салғысы келді.
– Оғаш мінезіңді көрсетіп алма, – деді, Жеңіске тіке қарап.
Бұл сөздерден кейін ойланып қалған Жеңіс дауласуын қойды. Жасөспірім шақта кімнің Шуақ батырға ұқсағысы келмейді дейсің? Жеңіске де батыр қатты ұнап қалған. Көпті көрген қария соны сезіп, Жеңісті бір тоқтатса, осы батыр жайлы әңгіме ой салып, тоқтатар деп айтқан. Сөзі діттеген жеріне жеткен секілді. Жеңіс сабасына түсіп, тіпті ұялып та қалғандай.
– Ал, балаларым, мен енді қайтайын, сендер де дем алыңдар, – деп қария орнынан тұруға ыңғайланды.
– Балалар, аталарыңа қараңғыда жүру қиын ғой. Сүйемелдеп, үйіне дейін жеткізіп тастаңдар, – деп, Қызай үлкен екі баласына қарады.
– Мақұл, апа, – деген екеуі аталарын екі жағынан қолтықтап алды. Бегімбет пен Дербіс ішікті көтеріп, олар да ілесе кетті.
Қызай иығынан бір ауыр жүк түскендей еркін тыныстап, келер күннен күткен жақсылығынан күдер үзе бастаған шақта алдынан қамқор қолдарын созған абзал жандардың шыққанына Аллаға сансыз тәубасын айтып, көңілі босап, көп отырды…
…Қонақтар аттанғаннан кейін дәл бесінші күні түске қарай Шуақ батыр Әутәліп қарияның үйіне келіп, аттан түсті. Оның келгенін көрген Жеңіс мен Меңіс аталарының үйіне қарай жүгірді.
– Аға, көшіп баратын жерлеріңізді Би аға анықтады. Соны айтуға келдім,
– деді батыр сәлемдескенен кейін.
– Отыр, қалқам. Қызайды да шақыртайын. Әңгімеңді Қызай келген соң асықпай айт, – деп қария қуанғаннан қалбалақтап қалды. Апыр-топыр кіріп келген екі баланы:
– Аналарыңды ертіп келіңдерші, – деп қайтарып жіберді.
– Аға, маған Биекең көш көліктерінің жағдайы қандай екенін сұрарсың деп еді.
– Көш көліктеріміздің жағдайы мәз емес. Көліктеріміздің ішінде өгіздер де бар еді. Солардың біразының мойынын мойынтұрық қажап тастаған екен, жазылмай жатқан көрінеді. Иелері арбаға қайта жегуге жарамай ма деп уайымдап отырған. Оның несін жасырайын, – деді Әутәліп қария ұяла.
– Болды, болды, аға! Оған қам жемеңіздер. Сіздерді көшіріп апару – менің міндетім. Көш көліктерін де, жегетін аттарды да өзім алып келемін. Әлгі кісілерге де айтыңыз, ешнәрсені уайым етпесін, жауыр болған жануарды қинамасын, табынға қосып, өріске жіберсін. Орнына тың аттар жегеміз,– деді Шуақ батыр сенімді түрде.
Осы әңгіменің үстінде Қызай келіп кірген болатын.
– Міне, әпкем де келді. Есен-сау барсыз ба, әпке,– деп Шуақ батыр орнынан тұрып, кішілік ізетін білдіре амандасты.
– Әпке, ағамен ақылдасып отыр едік. Үйлеріңізді жығып, қашан дайын боласыздар? Алып кетуге қай күні келейін?
– Біз дайынбыз ғой қалқам. Арамызда балалы-шағалы кісілеріміз баршылық. Соларға айтайық, жинала берсін, – деді Қызай. Сосын Әутәліп қарияға қарата:
– Қайынаға, айтуларына қарағанда, кейбір үйлердің көліктері келіспей тұр-ау деймін.
– Иә, Қызай, Мен де соны мына батыр балама айтып отыр едім.
– Олай болса, қайынаға батыр балаңызды ертіп, ауылды бірге аралап шықсаңыздар қайтеді. Өз көздеріңізбен көріңіздер: кімнің қандай мұқтажы бар екенін. Арбалары сынғандары да бар шығар. Қалқам Шуақ, «сый қылсаң, сыпыра қыл!» – демекші, ала жаздай жол үстіндеміз. Жегілген малдың аяқтан қалатын, арбалардың дөңгелектерінің тозатын шағы да болған шығар. Соларға бір демеуің қажет болар…
– Айтқаныңыз жөн болды, әпке! Оны еш уайымдамаңыз. Аға, әпкем орынды айтып отыр. Ауылды аралап, «осылардың жайы қалай екен?» деген үйлерге барып көрелік. Өзіңіз бастап жүріңіз. Ертең қанша ат-арба керек боларын мен де біліп кетейін, – деді жағдайды бірден ұғынған Шуақ батыр.
– Өркенің өссін, қарағым,– деді Қызай жігіттің шешіміне дән риза болып.
– Апа, біз де бірге араласақ, бола ма? – деп, тілек білдірді Жеңіс.
– Әрине, балам, барыңдар…
– Әпке, көшіп баратын жерлеріңіз адамға да, малға да өте жайлы. Асыра айтып тұрған жоқпын, барған соң өздеріңіз де көресіздер. Шөбі шүйгін, суаты қасында, тау сағасы, өзен жағасы дегендей. Қоңыр салқын самалы жанға дауа жер.
– Айналайын, жақсы хабарыңа рақмет! Биекеңе, өзіңе Алла разы болсын!
Ауылды Шуақ батырмен бірге аралап шықан соң Әутәліп қарияның ендігі көшке ешкімнің қиналмасына көңілі сенгендей. Болдырған көліктерді ауыстыратын тың аттардың келетінін естігенде ауыл азаматтары да қуанып қалысты. Әутәліп қарияның талайдан бергі сымдай тартылған жүйкесі босап, бойын бір жайлылық биледі. Дегенмен, босаңсуға әлі ерте деп түйген ол көшетін күнді белгілеуді ойлап келе жатты.
– Аға, – деген Шуақтың даусы оның ойын бөлді. – Аға, ертең емес, арғы күні таңертең келемін, соған әзір болыңыздар.
– Дұрысы осы болар. Арғы күніміз сәрсенбі екен. Сол сәрсенбінің сәтіне орнымыздан қозғалайық, – деп Әутәліп қария да келісімен білдірді.
Ауыл тағы буынып-түйініп, көшудің қамына кірісті. Бәрінің де көкейінде «Бұл көштің тұрақтар күні бар ма өзі?» – деген үнсіз сауал тұрғаны белгілі еді. Қызайдың бетіне тіке айтпағанымен ағайындар арасында абыржудың, екі ойлы болған толқудың барын ол іштей сезеді. Соны ойлағанда ел-жұртың обалына қалып, «арғы бетке ауамын», – деп орнымнан бекер-ақ қозғалдым ба?, – деген өзінің ішкі күдігі де жанын жеп барады. «Жолға қалайша, ойланбай етқызуымен шығып кеттік екен? – деп өкініп жүргендердің де бары анық. Өкінбегендерінің өзі «бұл сүргін жүріс қашан аяқталар екен?» – деп, іштен тынған уайым үстінде екендерін Қызай білмейді емес, біледі. Білгенімен, тезірек бір жерге барып, орналассақ екен деп Тәңірден тілегеннен басқа қолынан келер қайраны жоқ.
Жайлы қонысқа орналасып алсақ, осы көрген қиыншылықтарымыз бір күнгідей болмай ұмытылар еді – деп өзін-өзі жұбатады. Өзін-өзі осыған сендіргісі-ақ келеді. Алайда, оның жанын жегі құрттай жеп жатқан тағы бір үлкен уайымы бар еді…
Солай бола тұра, көңіліне қуат берген бір жағдайды медет тұтады. Елден шыққалы ешкімнің ауру-сырқауға душар болмағанын ойлағанда құдайдың бұл нығыметіне іштей ризашылық білдіріп, сансыз тәубасын айтады. Барлығы тастүйін болып, көшуге көңілдерін бекітіп алғаннан кейін бе екен, жеңіл-желпі дертті елең қылмай, ыңқыл-сыңқылсыз келе жатқандарына іштей қуанады. Ағайындары алдарынан жақсылық күтеді. Жақсы үмітпен жаңа жерде қызық, қуаныш көреміз деген тілеумен келе жатқандары белгілі. Дәтке қуаты сол. Бірақ сол мамыражай тірліктің жеткізетін түрі көрінбейді. Қызай жұрттың елден алып шыққан азық-түліктерінің сарқылатын уақыты таяғанын да шамалайды. Соны ойлағанда жанын қоярға жер таппай мазасы қашады. Кейінгі кездегі оның басты уайымы осы болды. Оның үстіне, жол бойы бірде сауылып, бірде сауылмаған сиырларына бұзауларын қосып жіберген. Жаздай бұзау емген сиырдың енді сауғанда да сүт берері екіталай. Көбі суалып та кетіпті. Азығы таусылса, қолдарындағы малдан айран, сүт, қаймақ, май ала алмаса, жұрт қалай күнетпек?! Қызайдың әр шаңырақтың халдерін сұрап білуге де батылы бармайды, батпайды. Жағымсыз сөз естіп қалармын деп тайсақтайды. Осыны кімге айтып, кімнен ақыл-кеңес сұрарын білмей, ойы дағдаруда.
Бірде аштыққа, бірде тоқтыққа үйренген, не көрмеген бастары үлкендер төзер-ау. Ал, әр шаңырақтағы ұя толы балапандай шүпірлеген уақ балаларды немен алдаусыратарын ойлағанда ойы онға, санасы санға бөлініп, түнде кірпік ілмей шығатын кездері жиіледі. Бөтен ел, бөтен жерде ағайындары аштыққа ұрынса, қайтпек керек? Қызайдың басының дауға қалмасына кім кепіл?
Жаманат жапсырылары сөзсіз. Қызай енді өз басын, жаманаттан қалай арашалауды ойлады.
Қызайдың жылы орнынан көшуіне итермелеген қандай күш екен? Балаларының бас амандығын ойлады емес пе? Егер залым қайынағасы Құтым Тоқтардың қазасына себепкер болмағанда, әрі оған Жеңістіңде қатысы бар деп өсек сөз таратпағанда және балаларын түртпектеп, бір-біріне шағыстырып айдап салмағанда, ел ортасында отыра бермес пе еді?! Ағайындары да екі жарылып, бөлінбес еді ғой. Ел-жұртының обалы екі дүниеде Құтымның мойнында деп ойлаған оның: «Жазаңды Алла берсін!» – дегеннен басқаға дәрмені жоқ еді. Шарасыз күй кешеді. Балаларын бір-біріне және өзіне қарсы айдап салып отырғанын білсе де, ол кезде қайынағасына ауыр сөздер айтып, бетінен алмаған еді. Әйелдікке салып, қарғап-сілемеген. Ойлап отырса, онысы бекер-ақ болыпты. Айтар сөзін сонда жұрт алдында айтып-айтып кетпегеніне өкінеді. Тым құрығанда, бұның не үшін арғы бетке ауып бара жатқанын жұрт білер еді ғой. Көшуінің түп себебінің себепкерін тапқанына бойы жеңілдегендей. Бірақ оны өзінен басқа кім біліп жатыр? Қайынағасына сыртынан лағнет жаудырғаннан басқа қолынан не келеді?.. Қызай қым-қиғаш ойлардың қамауында қалды. Оны түсінген де, жұбатқан да ешкім жоқ… «Не болса да Құдайдың маңдайыма жазғанын көремін» – деп көңілін бекітіп, іштен тынады. Балаларым аман болса, түбі бір жақсылыққа жетермін-ау деген үмітті жұбаныш етіп жүр.
… Арғы күні келермін деп кеткен Шуақ батыр ертесіне түстен кейін-ақ атты парлап жеккен бірнеше ырдуан арбасы бар, бірнеше бос атты жетекке алған бір топ сарбаз жігіттерімен сау етіп келіп жетті.
Ырдуан арбаларды бірден, алдында көріп кеткен, көліктері жолға жарамайды-ау деген үйлердің алдына апарып доғарды. Шуақ батыр арба айдаушысының жанына «осы үйді көшіріп апаруға сендер жауаптысыңдар», – деп бір-екі жігіттен тағы қосып қалдырды.
Ал, мойындары жара болған өгіздердің орнына арбаға жегуге ат керек деген үйлерге бір-бір бос атты жетекке алған жігіттерін жіберіп, «сол үйдің көшінің бар жауапкершілігі сендердің мойындарыңда» – дегенді қадап тапсырды.
Адам отыруға лайықталған көлденең тақтайшасы және сүйенуге қалқай­масы бар тағы бір жеңіл арбаны Қызайдың есігінің алдына әкеліп қойды.
– Әпке, бұл арбаны көшке мінсін деп сізге Би аға жіберді, – деді батыр жігіт.
– Аға,бүгін келген себебім, жолға жарамайтын арбадағы жүкті үлкен арбаға ауыстырып тиеу үшін де уақыт кетеді ғой. Сол жұмыстардың біразын бүгін еңсеріп тастасақ, қалған жүкті ертең таңертең тиеп, жолға ертерек шығып кетерміз деген ойым еді, – деді Шуақ батыр ерте келуінің жай-жапсарын Әутәліп қарияға түсіндіріп.
– Аға, ауылды тағы бір аралап, қарап шықсаңыз қайтеді. Әлі де жетіс­пеушілік жоқ па екен? Көлік жеткілікті ме, өз көзіңізбен көріңізші, – деп өтінді батыр жігіт.
Әутәліптің өз көңілі де алаңдаулы еді. Шуақ батырдың сөзі демеу болды. Екеуі ауылды тағы аралап, әрбір шаңырақтың қасына барып, қарбалас тірліктеріне көз жіберді. Әр шаңырақ иелерінің қасында батырдың сарбаз жігіттерінің лыпыл қағып қызмет жасап жүргендерін көріп, әрі ауыл адамдарының қабақтары ашылып, жүздері жадырағанын байқаған қарттың кәрі жүрегі мейірленіп, қатты риза болды.
– Аға, мына жолға жарамайтын арбаларды Бейсенбі қарияның үйінің қасына апарып қоямыз. Осы ауылда қолдары шебер бірнеше ұста бар. Қария соларға жөндетіп береді. Кейін келіп, алып кетеміз, – деп, оның да жайын ойластырып қойғанын жеткізді Шуақ батыр.
– Аға, сіздерге, Қызай әпкеме көмекке жігіттер жіберейін бе? – деп сұрады сәлден соң.
– Жоқ, айналайын. Өзіміздің балалар бар ғой, солардан шаруа артылмас.
Ал, өзің жігіттеріңді ертіп, қонаға біздікіне келерсің – деді.
– Аға, бұл келген жігіттердің жайын ойлап сіз де, Қызай әпкем де мазасызданбаңыздар. Бұл жігіттердің бәрінің осы ауылда туысқандары, достары бар. Жүкті тиеп болған соң соларға барып дем алады. Ал, мен
Бейсенбі қариянікінде болармын. Би ағаның ол кісіге айтарсың деген сәлемі бар еді, соны жеткізейін,- деді сыпайы ғана.
Әутәліп қария мұны өздері көшке әзірленіп абыр-сабыр болып жатқан үйге салмақ салмайық дегені екенін түсінді.
– Еркің білсін, шырағым. Өркендерің өссін! «Жас келсе – іске» – деген осы шығар. Жаздай толассыз көшуден әбден ығыр болған едік, еңсемізді бір көтеріп тастадыңдар. Жақсылықтарың Алладан қайтсын, – деді Әутәліп қария шын көңілінен шыққан ризашылығын толқи білдіріп.
– Осыдан барып орналасқан соң ешқайда көше қоймайсыздар. Бара жатқан жерлеріңіз көкорай шалғынды сулы, нулы жер. Оны қиып көше қою да қиын. Барған соң көзіңіз жетеді.
– Рахмет, қарағым. Құтты қоныс болғай! Ұрпағымыз сол жерде тамыр жайса, өсіп-өнсе, одан басқа арман бола ма?! – деді қария күрсініп…
Ауыл адамдары азанғы шайларын ертерек ішіп, қазан-ошақтарын жинап, көшуге демде тастүйін әзір болды. Қызай Жеңісті: – Қайынағаның үйіндегі үлкен апаңды кішкене немерелерімен ертіп кел. Бір арбаға отырайық, – деп жұмсап, Меңіске: Сен уақ балалары бар жеңгелеріңді білесің ғой. Балалары етектеріне оралып, қолбайлау болмасын, соларды жинап алып кел. Менің қасымда болсын! – деп оны да жүгіртіп жіберді Қызай.
Байжұма бидің Қызайға жіберген жеңіл арбасы уақ балаларға лықа толды. Олардың ортасына күндігі қарқарадай болып, үлкен бәйбіше мен кимешегі мен шылауышы ағараңдаған Қызай қатар жайғасты.
Шешелерін іздеп қыңқылдаған балаларға Қызай қалтасына салып шыққан, майдалап шағылған науат пен кепкен мейізден бір-екі түйірден бере қойып, жұбатып алады. Тәттінің дәмін алған бала жылауын тоқтатып, шешесін іздемей-ақ, көздері жәудірей Қызайға қарап, қолдарын созатынын қайтерсің!? Қызай олардың титімдей алақандарына тағы бір-екі түйір тәтті сала қояды. Олардың торғайдың балапандарындай ауыздары шөпілдеп, тамсанып тәтті жеген түрлеріне қызығып, әрбірінің беттерінен сүйіп-сүйіп алады. «Осындай өз немерелерім қашан болар екен?»- деген тілеуі де жоқ емес…
Арба орнынан қозғала бергенде, осы ауылдың бірқауым әйелдері қоштасуға келді.
– Қызай, қарағым, сендердің осыншалықты тез көшіп кетерлеріңді кім білген? Үйге шақырып, дәм де ауыз тигізе алмадық. Барып, қазан-ошақтарыңды орнатып, ауқат істегенше балалар мынаны талғажау етсін, – деп бірі көмбе нанын, бірі қатырмасын, енді бірі құртын әкеліп ұсынып жатты.
Олардың аз күнгі білістігіне қарамастан, жылұшырай қоштасып жатқан­дарына Қызайдың көңілі босады. Әйелдердің әкелгендерін абысы­нының қоржынына салып қойды. Елден айырылып, көшіп бара жатқанда да бұлай босамап еді. Мына мейірбан жұртқа бауыр басып қалғанын енді сезгендей. Ет жүрегі елжіреп отыр. Қатырмадан балалардың қолдарына бір-бір үзім үзіп беріп, алдаусыратқан болып, өзінің қобалжығанын жасыруға тырысты.
– Рахмет, сіздерге! Алла разы болсын тілеулестіктеріңізге. Бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер, – деді толқып.
– Қайда жүрсең де аман бол, шырағым. «Әйел-қырық шырақты» – дейді ғой. Балаларың ер жетсе, жетімдіктерің де, жесірлігің де ұмыт болар. Құдай жігеріңді жасытпасын, – деген бәйбішелердің өзін қимай, жылы сөйлегендеріне егіліп, көзінің жасы тамшылап кетті.
Мұны жақтырмаған абысыны:
– Неменеге елжірей қалдың? Қандай қимасың қалып бара жатыр еді?!
Елден көшкенде де жыламаған едің ғой, енді сықсыңдағаныңа жол болсын! Сен одан да мына шиеттей бала-шағаның алдағы уақытта күндері не болар екен деп жыласаңшы? Ертең қылышын сүйретіп қыс келеді. Сонда олар не ішіп, не жейді, қалай күнелтеді деп ойлап жыласаң етті, – деп тағы біраз сөздер айтып, бұрқырап барып басылды.
Қызай төмен қараған қалпы ләм дей алмады. Қызай оны ойламай жүр ме екен? Қызай түнімен жыламай жүр ме екен? Оны айтып ақталғысы да келмеді.
Елден шыққаннан бері адуын абысынының бұған тісін қайрап келе жатқанын, тек отағасысынан қаймыққаннан кейін ғана үндей алмай жүргенін Қызай сезетін. Бүгін соған ілік табыла кеткенін көрмейсің бе? Бұған деген бар жеккөрушілігімен ішкі қыжылын бір-ақ ақтарып тастады емес пе? Қызай осылай ойлайтын тек абысыны ғана емес, көштегі бірталай әйелдердің бұны дәл осылай кіналайтындары кәміл екенін біледі. Егер азық-түліктері таусылып, балалардың қарындары шұрқырай бастаса, мұны тірідей түтіп жеуге әзір екендері тағы рас. Соны ойлап өзінің де басы қатып жүрген жоқ па? «Алла, өзің жар бола гөр!», – деп, Қызай көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді.
Арбадағы екі әйел әрқайсысы өз ойларының ырқына беріліп, тоң-торыс отырып қалды. Әркімге өзінікі жөн секілді… Алты айғы көш ауыртпалығы арала­рындағы бұрынғы сыйластықты, жылылықты қалайша тез жойып жіберген? Қызай осыған таң. Бірақ ешкімге кінә арта алмады. Бәрі менің кесірім­нен деп бәрін өзі әбден мойындап алған сыңайлы. Әйтеуір, өзінің де, балаларының да күндері туарына іштей бір сенімі бар еді. Сол сенімі алдамаса болғаны. Бір үміттің жетегінде сол сенімге сүйсініп, өзіне-өзі күш беріп, келеді.
Әутәліп қарияны ортаға алған бір топ салт атты ауыл азаматтары көшті бастап келеді. Олардың соңынан үлкен үйдің жүктері тиелген арбалар тізбегі. Шуақ батыр содан кейін балалар мен Қызай отырған арбаны жүргізді. Жеңіс пен Меңіске апаларының арбасының қасында жүріп отыруды тапсырды. «Апаларың жол бойы Әутәліп ағамен, не менімен әлденені ақылдасуы керек болса, ары-бері жүруге сендерден ыңғайлы кісі жоқ. Әрі көштің бас-аяғын бақылап, апаларыңа, мағанайтып отырасыңдар» – деп жауапкершілік жүктеп қойды. Шуақ батыр өзі салт аттылар тобында келе жатыр.
Әр шаңырақтың жүктері тиелген арбаның қасында екі салт атты сарбаз жігіт қатарласып жүріп отыр. Жолда әлде бір қиындық туындай қалса, қастарынан табылуға дайын. Бұл да жол қауіпсіздігі үшін Шуақ батырдың алдын ала ойластырған нәрсесі. Малдары да табын-табын болып, көшпен қатарласа жол бойында жайылып келе жатты. Көш малдың ыңғайына қарай, асықпай жүріп, баяу жылжиды.
Көш Байжұма бидің ауылына апаратын күре жолға түскенін Әутәліп ақсақал көңілімен шамалады. Өткенде жүрген жолы ғой, танып келеді. Кенет бір топ салт аттылар әудем жердегі төбе тасасынан шығып, қиғаштай жүріп келіп, алдарын кескестеді.
– Ей, Шуақ батыр, сен екенсің ғой. Мына бастап келе жатқаның кімнің көші? – деді іштеріндегі едіреңдеген біреуі.
– Құрдасжан-ай! Көзіңе менен басқа жан көрінбейді-ау сенің. Әуелі, көшбасшысы мына ақсақалға сәлем бермейсің бе? Көш жөнін содан кейін сұрасаң болмас па? – деді Шуақ батыр шатақ іздеген жанға мейілінше жылы шырай танытып.
Ол да сөзден тосылса керек:
– Ақсақал сәлем бердік. Көшіңіз көлікті болсын, – деді ұялған тек тұрмастың кебімен.
– Әмин, рахмет, қалқам, – деді Әутәліп қария да бұлардың ұрынарға ілік іздеп тұрғандарын сезгендей барынша ілтипатпен.
– Құрдас, енді сұрағыңның жауабын тыңда: Бұл – Қызай әпкемнің көші.
– Ей, батыр, сенде ондай әпке жоқ еді ғой. Сен бір анадан жалқы емес пе едің? – деді құрдасы тағы тек тұрмай, әрі батырды мұқатып.
Сабырлы Шуақ бұл сөзге шамдана қойған жоқ, сөзін жалғай берді.
– Біле білсең, Қызай деген кісі маған да саған да әпке болады. Өйткені, ол кісі Байжұма бидің қарындасы. Асудың арғы жағындағы үлкен елден ағасын іздеп, ел-жұртымен көшіп келе жатыр. Байжұма би маған да, саған да аға емес пе еді? Ендеше ол кісінің қарындасы бізге әпке болмағанда кім болады? – деді байсалды үнмен. Едіреңдеген неменің екпіні демде сусепкендей басылып, айтарға сөз таппай қалғандай.
– Сен, құрдасым, болса да ауыл аралап жүресің ғой, одан да елге хабарлай бер. Жол-жөнекей саған ұқсап, сұрақ қойып, көшті тоқтатып мазамызды алмас үшін, кімнің көші екенін ел алдын ала біле берсін. Құрдас, сөйтіп сенің де бір пайдаң тисін де, – деді Шуақ өзімсінгендей түр танытып оған.
– Жоқ, мен әуелі Байжұма бидің өзінен сүйінші сұрайын да одан да.
– Сүйінші сұрауға кеш қалдың, құрдасым. Бұл кісілер асудан асып, ел шетіне тоқтаған кезде-ақ ол кісі өзі келіп, сәлемдесіп кеткен болатын. «Барып, көшіріп әкел», – деп мені жұмсады. Бар енді жолыңнан қалма, бізді де бөгеме, құрдас, – деді батыр жайымен.
Енді айтатындай ешнәрсе қалмағанын ұққан топ аттарына қамшы ұрып, шаба жөнелді.
Әутәліп қария бір пәледен құтылдық-ау дегендей терең тыныс алып:
– Сен болмасаң, мыналар бізді тонап кетуден тайынбас, – деді секемденгенін жасырмай.
– Аға, бұлар желік буған желөкпе жігіттер ғой. Сөздерін көңіліңізге ауыр алмаңыз. Әр ауылға бір соғып, қымыз ішіп, бір жерден естігендерін келесі ауылға жыр қылып айтып жүргеннен басқа шаруалары жоқ. Қолдарынан басқа ешнәрсе келмейді. Енді қара да тұрыңыз. Сіздердің көштеріңіздің жай-жапсары туралы жалпақ жұртқа жаятын осылар болады. Бұдан кейін «бұл кімнің көші?» – деп ешкім сізді тоқтатпайды, таңданбайды, – деді Шуақ батыр қарияның көңілін жайландырып.
Бұл уақытта көш бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатқан. Алдарынан шыққан төрт-бес бәйбіше жолдарын тосып тұр еді.
– Көштеріңіз байсал, барар жерлеріңіз жиделі байсын болғай, – деді бәйбішелердің бірі.
– Әумин! Жақсы тілектеріңізге Алла разы болсын!
– Ауылымыздың тұсынан өтіп барасыздар. Ауылға аялдап, сусын ішіп аттаныңыздар, – деп, шақыра келіп тұрмыз.
– Рахмет, – деді Әутәліп қария. – бұрыла алмаспыз, айып етпеңіздер.
– Араларыңызда Байжұма бидің қарындасы бар көрінеді. Біз Байжұма бимен құдандалы ел едік. Ауылға бара алмасаңыздар да ақтан ауыз тиіңіздер,- деп, торсықтан бір тостаған қымыз құйып, қарияға ұсынды:
– Ақ жарылқасын, жолдарыңыз болғай, алыңыз қария, – деді бір ділмар бәйбіше.
– Өздеріңізді де тәңір жарылқасын, – деді тостағанды қайтарып беріп жатып ақсақал.
– Қызай қай арбада отыр екен? Амандасып қалайық деп едік, – деп өтінді бәйбішелер.
Шуақ батыр қасына келген Жеңіске апаңа ертіп апар дегендей иек қақты. Салт атылар жүріп кетті.
– Әжелер, осы жерде тоса тұрыңыздар. Апам отырған арба қазір жақындайды, – деген Жеңіс анасына барып, оны тосып тұрған әжелер барын ескертті.
Қызайдың арбасы жақындағанда әжелер жапыр-жұпыр арбаға қарай ұмтыла қол созды. Қызай арбаны тоқтатқызды. Бәйбішелер Қызайдың қолынан ұстап, қолын сүйіп амандасып жатты.
– Қыз бауырмал деген осы ғой. Сонау алыс елден ағасын іздеп келе жатқанын көрмейсің бе? – дейді бәйбішелер таңданыстарын жасыра алмай.
– Ойбуу, мына балапандар шөлдеген шығар – деп, тостағанға сусын құйып балаларға ұсынды.
Қызай тостағандағы сусыннан балаларға бір-бір жұтқызып, ризашылығын білдіріп, бәйбішелерге рахметін айтты. Арба орнынан қозғалды. Қызай бұларды қайтіп риза етсем деп ойлап, қолындағы күміс сақинасының бірін шешіп, бәйбішелердің арасындағы жасы үлкенінің қолына салды.
Арбамен қатарласа жүріп отырған бәйбішелердің ауыздарында тыным жоқ еді.
– Мына шүпірлеген балапандардың бәрі өз немерелерің бе? – деді әуесқойлық билеген біреуі.
– Солай ғой…
– Неше балаң бар?
– Қазақ баласының санын айтпайды ғой. Дегенмен, сұрап қалдыңыздар ғой, айтайын: құдайдың берген үш-төрт қарғасы бар.
– Бәсе, бәсе! Құдайдың пейілі түскен пенде екенің көрініп тұр, – десе, енді біреулері:
– Өсіп-өніп, көгеріп-көктейін-ақ деп тұр екенсің. Тілеуіңе жет, – десіп, тамсанған бәйбішелер қимай-қимай қоштасып қала берді.
Олар Қызайдың қандай қасірет арқалап келе жатқанын қайдан білсін?! Бейтаныс бәйбішелердің Қызайды соншама әспеттегендері абысынының тағы шамына тигенін, оның ашуын енді өзінен алатынын Қызай сезді. Сезсе де сыр бермеуге тырысты.
Арбалары жан-жақтан қаумалаған бәйбішелерден сытылып шығып, сәл ұзаған соң абысыны жарылды дерсің. Аузын осыртып, ернін шығарып:
– Пішту! Сен Байжұма бидің қайбір екі туып, бірі қалғаны едің? Оны кім шығарып жүр екен? – деп, мысқылдап әбден айызы қанғанша күліп алды. Бұл әжуаны да Қызай үнсіз басынан өткізіп жіберді. Сөз таластырмады. «Айтсын, көкейіндегібар запыранын шығарсын, қолына оңаша түсіп отырмын ғой. Айтып қалсын!», – деп ойлаған ол бір сәбиді бауырына басып, ұйықтатқан болып міз бақпай отыра берді…
Әутәліп қария жер реңі мен жол жобасын әбден бақылап-ақ келеді. Байжұма бидің ауылына тақап қалдық-ау деген шамада Шуақ батыр бұларды сол қапталға қарай бұра тартып, ескі сүрлеуге түсірді. Алдарынан көлденең жатқан үлкен кезең кезікті. Көштері кезеңді бөктерлей бірталай жүріп отырыпайналып, кезеңнің ту сыртына шыққанда Шуақ батыр көшті тоқтатты. Ат үстіндегі азаматтар жан-жақтарына көз жіберді. Алдарында көкорай жазиралы кең алқап жатқанын сонда бәрі көрді. Шөбінің мұрты бұзылмаған көк шалғын. Күз таяп, шөп сабағы қурап, сарғыш тартқан кез болса да бұл жердің реңі әлі жаздағы көрінісінен таймаған екен. Алыстан айнала қоршаған тау сілемі байқалады. Таудан ескен салқын самалда судың дымқыл лебі бар. Жақын арада су барын жеткізіп тұрғандай. Бәрі де көкіректерін ашып, терең тыныстап дала көрінісіне сүйсіне қарап аялдап тұрды, қанша қараса да жақын маңда ауыл да, мал да көрінбейді. Жап-жасыл алқап бос жатыр. Әутәліп қария: «Бұл не деген иен жатқан жер», – деп ойлап тұрғанда бір қауым адамы бар, қайдан шыққаны белгісіз Байжұма би келе қалды.
Байжұма би Әутәліп ақсақалдың қасына жақындап:
– Ал, құда, қош келдіңіздер. Қоныстарыңыз құтты болсын! Бұл алқап енді сіздердің мекендеріңіз, – деді шын көңілден құтты болсын айтып.
Әутәліп қария ат үстінде тұрып, әңгімелесуді жөн көрмей, атынан түсіп, дөңестеу жерге барып, шөп үстіне молдасын құрып отыра кетті. Бұл отырысында ала жаздайғы көш жетер жеріне ақыры жетті-ау деген ойдың нышаны, «уһ» дегендей көштің соңғы демі бар секілді еді. Байжұма би де қасына келіп жайғасты. Ат үстіндегі азаматтарда ерден түсіп, екі қартты алқа-қотан қаумалай жан-жағынан орын алды. Абысынын ертіп Қызай да қастарына жақындады.
– Ал, қалқам Қызай, мына көкжиекке дейін созылып жатқан кең алқап сендердің қоныстарың болмақ. Мен өзімнің ақылман, данышпан қарияларыммен, ауыл ағаларымен, азуын айға білеген алпауыт байларыммен ақылдасып, осы қонысты сіздерге беруді ұйғардық. Бұл жерге ешкім таласып, дау айтпайды. Үйлеріңізді тігіп, орналаса беріңіздер. Мен жер жағдайын азаматтарға түсіндірейін. Жан-жақтарыңыздағы қарауытқан тауларды көріп отырсыздар ғой. Соның биіктеуі Үйсін тауы. Өздеріңіз асудан өткен бойда атын естіп, іздеп келе жатқан тауларыңыз – осы тау. Оған жалғасып жатқан, алқапқа жақынырағы Күнес тауы. Осы екі таудан екі үлкен өзен бастау алады. Қас және Күнес өзендері. Сіздер қазір Күнес өзенінің жанына келіп тоқтадыңыздар. Текес деген тағы бір өзен бар. Ол өзен сіздер келген арғы беттегі елден бастау алып, бізге келетін арналы су. Ағысы қатты, суы таза Текес өзені.
Осы үш өзен де осы алқапты аралап ағып өтеді. Көктемде таситын кездері де болады. Сонда алқапқа су кеңінен жайылады, бірте-бірте жаз отрасында тартылады. Шөбінің күзге дейін көкпеңбек болып тұрғаны сондықтан. Жердің ылғалы мол. Қар бір жауғанша малдарыңызды осы араға жаясыздар. Бұл сіздердің жазғы жайылымдарыңыз болады. Осылай үш өзеннің арасында еркін отырасыздар. Бұл өзендер әрқайсысы әр тұстан барып Ілеге құяды. Сол Ілеге құяр сағасына дейінгі жер сіздерге қарасты.
Ал, қыста малдарыңызды Күнес тауының бауырына апарып қыстатасыздар. Күнес таудың бауырында тауға барып тірелетін бірнеше тұйық, шолақ сай бар. Сай табанының да шөбі қалың шығады. Қарағаны, бұтасы малға қыста ық, әрі шөбі бар пана. Қысқы өрістеріңіз Күнес тауының күнгей беті. Ол жерге қар жұқа түседі, әрі көп жатпайды. Малдарыңыз қыста да жайылып шығады.
Жер жағдайына риза болған Әутәліп қария:
– Әп-бәрекелді! «Түгін тартсаң, майы шығады!» – дегендей жер екен.
Құтты қоныс болып, игілігін бірге көрейік, – деді, отырғандардың баршасын көзбен бір-бір шолып, құтты болсын айтып, үлкендігін білдірді.
– Қай табынды қалай қарай өрістету керегін азаматтарға әлі де айта жатармын. Жаңа өздеріңіз қасынан өткен кезеңнің өкпе тұсында біздің ауыл отырады. Біздің малдар бұл жаққа қарай емес, ары қарай жайылады. Бұл жердің ендігі қожасы өздеріңізсіздер. Қалай орналасуды өздеріңіз ақылдасып шешіңіздер. Үйлеріңізді өзеннен сәл шалғай қыратау жерге тігіңіздер. Оны енді өздеріңіз менен жақсы білесіздер ғой… – дедіби әңгімені тәмамдаған ыңайын білдіре.
Қызай биді жібергісі келмей «шайға қалай қаратсам екен?» – деп ойлап отырған.
– Аға, мен шай қояйын. Бізбен бірге отырып, шайдан ауыз тиіңіз. Жаңа қонысымыздағы алғашқы шайымызды өзіңізбен бірге отырып ішсек дейміз, – деп биге қиыла қарады.
Қолқасы бәріне де орынды көрінді.
– Өздеріңді ат үстінде тоса-тоса шөлдегеніміз рас. Шай қойсаң, қойып жібер, – деді ақкөңіл адам келісімін беріп.
Қызай орнынан жеңіл тұрып, Жеңіс пен Меңісті шақырып, жүктен қазан-ошағын түсіріп, үлкен самауырына өзеннен су тасытып құйдырып, екі кіші баласына кебу шөпшек пен қу бұтақ тергізіп, шай қамына кірісті.
Шуақ батырдың жігіттеріне айтып, бір арбадағы кіші үйін түсіріп, тез тіктіре бастады. Шай қайнағанша үй де тігіліп болды. Қызай ақсақалдар мен ауыл азаматтарын үйге шақырды. Үлкендер ішке кіріп жайғасып отырған соң ортаға үлкен жозы үстелін қойғызды. Кеше түнде пісіріп, әзірлеп алған бір тегене бауырсағын дастарқаға төгіп, асып, тоңазытып алып шыққан бір қойдың етінен үш табақ жасап ортаға қойды. Басы мен жамбасын бидің алдына тартты. Буы бұрқыраған самауыр да келе қалды. Қызай шайды өзі құйып берді.
– Аға, қара шай ішесіз. Сиырларымыз суалып кетіп еді, – деді ұяла.
– Жақсы, қалқам. Қара шай шөлді тез қандырады, – деп би шайға қолын созды.
Бір самауыр тез сарқыларын сезген Қызай Жеңіске екінші самауырға су толтыруды тапсырды. Бегімбет пен Дербіске самауырды тез қайнатып жіберіңдер деп ым қақты. Үлкен самауыр таусылғанша екіншісі қайнап тұрды. Балалар үлкен самауырды алып кетіп, екіншісін әкеліп қойды. Босаған самауырға тағы шай қоюды ұмытпаңдар деп сыбырлады Қызай балаларға. Шай ішіп болғанша самауырлар осылай екі-үш реттен ауысты.
Байжұма би бастың етін бөліп таратып беріп, өзі жамбастың етінен асықпай алып, шайды да қанып ішіп, көңілі сергіген сәтте Әутәліп қариямен әңгіме дүкен құрды. Өткен-кеткенді айтып әзілдері жарасты. Әңгіменің бір толастанған сәтінде:
– Аға, – деп Қызай жаңа әңгіме бастады.
– Аға, өздеріңіздей жанға жолықтырған Аллаға сансыз алғыс айтамын!
Сіздер кездеспегенде қайтер едік? Менің бүгін иығымнан ауыр жүк түс­кендей бойым жеңілдеп, көңілім де орнығып отырмын. Рақмет, аға! Құдай сізге ұзақ ғұмыр берсін! Малымыз да, жанымыз да саябыр тауып, еркін тыныс­тар шаққа әрең жеттік-ау! Бәрі Алланың, сосын сіздің арқаңызда!
– Әуелі, Алланың арқасында, қарағым…
– Дегенмен, аға, менің қабырғама қатты бататын жайлар әлі де бар…
– Ол не, қалқам?
– Аға, міне көріп отырсыз. Сиырларымызды жаздай бұзауы еміп, әбден қожыратып жіберді. Көбі суалып кетіпті, үлкендер шыдаймыз ғой, уақ балалары бар үйлерге ақсыз қиын болатын түрі бар. Оның үстіне, елден алып шыққан азық-түлігіміз де таусыла бастады. Не істесек болар екен деп қатты абыржулымыз.
– Еш нәрсені уайымдама. Ел ішіне келдіңіздер. Осы ел не ішіп-жесе, сендер де солай күнелтесіңдер. Бұл елде ашаршылық деген атымен болмайды. Өйткені, ішкі шүршіт елі жер емшегін емген жұрт. Түрлі дақылдар егіп өсіреді.
– Оны бізге қалай береді? – деді Әутәліп қария да нақтылай түскісі келіп, әңгімеге араласты.
– Әрине, ешкім тегін бермейді. Сіздер де құр алақан емессіздер ғой. Қолдарыңызда азын-аулақ болса да малдарыңыз бар.
Аймақ басшыларының, қарамағындағы елді азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы, шығарған мизамы бар. Соның шарты бойынша, мысалы, биылғы өнімдерін жинап алған соң жан-жаққа керуен аттандырады. Сол керуендерде елге қажет азық-түліктің бәрі болады. Соны қолдарыңыздағы малға айырбастап аласыздар.
– Онысы дұрыс екен – деді Әутәліп қария. Үні қуанышты шықты. Шамасы елдің тарыға бастағанын дана көңіл қарт өзі де сезіп жүрсе керек. Содан шығудың ықтимал жолын енді анық көріп отырғандай еді. Байжұма би де соны сезіп:
– Бәрі де терең ойластырылған. Олар дақыл өсіреді, біз мал өсіреміз. Бір-бірімізге еш зиянымыз жоқ. Әрқайсымыз өз кәсібімізбен айналысамыз. Өнімдерімізді айырбастап пайдаланамыз.
Бірақ осы мизамның орнығуына бір адамның ықпалы өте зор болған деседі біздің көпті көрген қарияларымыз.
Осыдан бірнеше ғасыр бұрын бұл елді Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан билеген екен. Сонда кемеңгер Құбылай хан осы жұртқа көп жақсылық жасаған көрінеді. Бұрынғы билеушілер олардың жерлерін тартып алып, мал жайылымына айналдырып, көп қысым көрсетсе керек. Құбылай хан сол әділетсіздікті жойып, тәртіпті орнына келтіріп, жерлерін қайтарып беріп, «осы елді азық-түлікпен қамтамасыз ету сендердің мойындарыңда» – деп саналарына әбден сіңіріп тастаған. Әрі өнімді қалай, қайда жаратудың еркін де өздеріне берген секілді. Алым-салықтан босатыпты. Алған өнімдерін қазынаға сату тәртібін енгізіпті. Сондай жағдай жасаған соң жер дақылдарын молдап өсірмей қайтсін?! Азық-түлік жағы оларда молшылық. Құбылай ханға деген ризашылықтары атадан балаға ұласқан. Оған деген адалдықтарын танытып, бізді азық-түліксіз қалдырған емес. «Бірдің шарапаты мыңға жетеді» – деген рас-ау. Құбылай ханның орнатқан жарғысының игілігін біз де көріп отырмыз. Азық-түлік керуені жылына екі рет келеді. Көктемде және күзде. Күзде келгенде таңдап семіз мал алады. Мал болғанда да ірі қараны, әсіресе өгіз малын жақсы алады. Оған азық-түлікті де молырақ береді. Ал, көктемде қой қырқымынан кейін келеді. Қойдың жүнін, малдың терісін, алады. Сондықтан қыстай жеген малдарыңыздың терісін илектеп тастай салмай, тұз сеуіп, керіп, кептіріп, не қатырып қойсаңыздар кәдеге жарайды. Ірі қараның, қойдың терілерін жақсы алатын көрінеді. Оған да азық-түлік береді.
Биыл күзгі керуен әлі келе қойған жоқ. Енді-енді келіп қалар. Ал, керуен келгенге дейін азық-түліктері таусылып отырған отбастары болса, оның да жөні табылар. Бұл аймақта бізге жақын Құлжа деген үлкен шаһары бар. Сол шаһарға мал айдап апарып, азық-түлікке айырбастап әкелуге болар.
Бірақ оған базардың жөн-жосығын білетін, сауданың ебін меңгерген, ысылған, епті жігіттер керек. Шуақ батыр, сенің сарбаздарыңның арасында базарға барып жүргендері жоқ па?
– Аға, менің жігіттерімнің ат үстінде күрес көрсеткендерінен басқа өнерлері жоқ. Базарға жұмсап көрмеппін. Аға, бізге жақын көрші ауылда қарт адамдардың малдарын базарға шығарып, азық-түліктерін әкеуге машықтанған жігіттер бар. Кейбіреулерін танимын. Ұн, бидай, тарысекілді нәрселерді әкеліп бергендерін өз көзімен көрдім. Мен солармен сөйлесейінші.
– Ондай адамдар табылса, оңды болар еді. Бұл кісілерді бір-екі рет бастап апарып, жолын көрсетіп, сауданың жөнін үйретсе машықтанады ғой. Тамақ керек болса, кейін базарды өздері-ақ меңгеріп кетер. Солай емес пе? – деп би Әутәліп қарияға қарады.
– Әлбетте, бір барып көрсе, сауданың да жөнін үйреніп кетер еді, – деді
Әутәліп қария да әңгімеге дем беріп.
– Ал, сиырларыңыздың жайын Зеңгібайға айтамыз. Не көрсетіп аламыз.
Біздің елде сондай бір азамат бар. Төрт түліктен тек сиыр малын өсіреді. Бәрі сүтті сиырлар деп естимін. Ара-тұра елде мал індеті болып тұрады. Сонда сиырларға ішірткі беріп, емдейді. Сиырлары жазылмай өліп қалған отбасына сауып ішуге бір-екі жылға сауын сиыр бере тұрады. Жомарт жан.
– Иә, аға. Зеңгібайдың сиырын уақытша сауып, ішіп отырғандар біздің ауылда да бар. Бәрі риза, мақтайды ғой, тегі, – деп Шуақ батыр да қостай кетті.
– Ендеше, Шуақ балам, ертең екеуміз Зеңгібайдың ауылына қонаққа барып қайтсақ қайтеді? – деді би батырына ақыл салып.
– Мақұл аға! Айтсаңыз болды. Сол кісімен өзім де жақын таныссам деп жүр едім.
Осы сәтте Қызай тағы әңгімеген араласты:
– Аға, сіз үлкен басыңызбен біз үшін әлдекімнің алдына барып жүресіз бе?
Аға, біз ала жаздай бейнет арқалап көшсек те өздеріңіздей бауырмал жандарға кезіктірген, көңіліміздегідей көркем жерге жеткізген Аллаға ризашылығымызды білдіріп, ертең құрбандық шалып, құдайы тамақ таратсақ деп ойлап отырмыз. Ертең түсте сол құдайы тамаққа өзіңіз бас болып келіңіз. Әлгі айтқан базардың қыр-сырын білетін жігіттерді және Зеңгібай байды осы асқа өз атыңыздан шақыртыңыз. Біз шақырғанмен бізді тыңдамайды келмеуі мүмкін. Сіз шақыртсаңыз келері анық. «Бет көрсе, жүз ұялады» – дегендей, бізді көріп таныссын. Сонда жағдайымызды да ұғынар.
– Биеке, осы жөн болар, – деді тағы Әутәліп қария Қызайдың ойын қолдап:
– Әуелі, Аллаға сансыз шүкіршілігімізді айтып, құрбандық шалалық.
Алламыз қонысымызды құтты қылғай. Құрбандық асының ішінде болыңыз, Биеке!
– Бұл да дұрыс екен! Алла-тағала ризашылығы үшін дұға бағыштап құрбандық бергендеріңіз оңды. Шуақжан сен Қызай көшке мінген жеңіл арбаны таңертең ерте Зеңгібайға жібер. «Мен шақыртып жатыр» – деп айтсын. Келіншегі екеуін алып келсін. Оның келіншегі Маржан да кісі жатырқамайтын ақжарқын жан. Мінезі де ашық, қолы да ашық адам. Әрі маған қарындастығы бар. Сүтке қатысты жайды өзі-ақ жөндеп береріне сенімім мол, – деп Байжұма би Қызайды үміттендіріп қойды.
– Қызай қалқам, басқа айтарың бар ма? – деді би Қызайға тіке сауал қойып.
– Жоқ, аға. Басқа айтарым қалмағандай. Рахмет өзіңізге! Осы азық-түлік тауып алу жағдайына жәрдемдесіп жіберсеңіз болды. Бойымызда жанымыз бар ғой, ары қарай тіршілігімізді жасармыз. Азық-түлікке қысылып қаламыз ба деп уайымдап жүрген едім, басқа уайымым да жоқ-деді Қызай биге рахметін жаудырып.
– Қарағым, ағайын-жұртыңмен орнықтың. Қонысың құтты қоныс болғай.
Енді ешнәрсені уайым етпе. Сендердің ендігі қыжалаттарыңа, ішіп-жемдеріңеосы елдің азаматтары жәрдемдеседі. Не қажет екенін уақытылы айтып отырсаңдар болғаны. Солай болсын! Бәрін өз мойныңа алып, әрбір сәтсіздікке өзіңді кінәлі санай берме. Еңсеңді көтер. Мойныңдағы ауыртпалығыңды алатын елің бар. Осыны есіңнен шығарма. Сен жалғыз емессің, – деп барып бір тоқтады.
Көңілі жүйрік би осы сүргін ұзақ жүріске Қызай өзін кінәлі санайтынын, тіпті кейбіреулердің оны ашық жазғыратындарын да тап басып сезгендей. Би тағы:
– Жолға шығатын адам тәуекелге бел буып шығады емес пе? Тәуекелдің желқайығына бір мінген соң өкінуге, кері қайырылуға жол жоқ. Өткенді көксей беруге тағы болмайды. Осы жерге бейімделіңдер! Осы жаңа мекенде өсіп-өніңдер! Қызай сен әуелден өз басыңды, тағдыр-талайыңды бір Аллаға тапсырған жансың ғой. Енді ана төрт балаңның қамынан басқаны ойыңа алма.
Сол балаларды ел-жұртыңмен бірге ортан қолдай азамат етіп өсіріп, қатарға қоссаң, бұл бейнетіңнің артығымен ақталғаны. Солай емес пе?
– Менің де түп қалауым осы еді ғой, аға, – деген Қызай мынандай жанашыр сөзден кейін көңілі босап, көзіне жас алды.
– Ендеше еңсеңді көтер! Жасыма, жасқанба. Жігерлен, саған сеніп соңыңнан еріп келген еліңе дем бер! Ынтымақтасып, бір-біріңе сеп болып, жаңа жерге бауыр басып, үйренісіңдер. Малдарыңды жерсіндіріп, күтіп бағыңдар. Қолда бар малдарыңның қорын үзіп алмай, өз төлінен өсіріңдер. Бұл менің саған берген ағалық ақылым, батам болсын. Қалғанын кейін тағы айтармын – деген би:
– Ертең ертерек келермін – деп ауылына қайтпақ болды.
– Шуақ батыр сен жігіттеріңмен бүгінше осы арада қала тұр. Ауыл адамдарына әлі де көмегің қажет болып қалар, – деген би батырын қалдырып кетті.
Шай жабдығын жылдам жиып алған Қызай балаларымен оңаша әңгімеле-суді жөн көріп, бәрін шақырып, жанына отырғызып, ертеңгі құрбандық жайлы ақылдаспақшы еді.
Әр нәрсеге күмәнмен қарайтын, шамшыл Жеңіс сөзді өзі бастады.
– Ертең құрбандыққа не соямыз? – деді ширығып.
– Мен де соны ойлап, өздеріңмен ақылдасайын деп отырмын, – деді Қызай сабырлы үнмен. Өзіміздің кер сиырдың былтырғы туған еркек бұзауы бар емес пе? Сол биыл бір жарым жасар баспақ торпақ болған шығар. Ет алып, өсті ме екен? Сен сол торпақты танисың ба?
– Оны бақташы аға жақсы білетін болар. Оны содан сұрамайсыз ба? – деді Жеңіс шамданып.
– Ендеше, қазір Меңіс екеуің басжіп алып, өріске барып, бақташы ағаңұстап берсе, сол малды әкеліп, қазыққа байлап қойыңдар, сосын аталарыңа барып, малды кімге сойдыратындарыңды ақылдасыңдар. Сол кісі атаған жігітердің үйлеріне барып, ертең ертерек келіп сойып берулерін өтініңдер. Келіншектері шелектерін ала келіп, ішек-қарын аршуға көмектессін деп сыпайы айтыңдар, – деді Қызай даусын қатайтып, нықтап.
Жеңіс бұған үнсіз келісті. Оны құрбандыққа шалынар малдың кімнен шығатыны қатты алаңдатқанын Қызай білді. Өткендегі би келгендегі сойылған тай Шағырдан қалған малдан алынған еді. Қызай бұл жолы Тоқтардың малының төлін союды жөн көрді. Бұған Жеңіс те риза сияқты. Ләм дей алмады. Меңістің, Бегімбет пен Дербістің малда шаруалары жоқ. Олардың әлі мал түгендейтіндей жасқа келмегендігінен шығар, кімнің малы сойылып жатқаны оларға бәрі бір болатын.
Қызай бұдан былай шығынға шығар мал турасында Жеңіспен ақылдасып отыру керектігін болжады. Малдарының ендігі жай-күйін соған тапсырғысы да келеді. Малға басиелік жассаса, бәлкім, ертерек есейіп, ысылар деп ойлаған…
Бағанадан бұлардың аузына қарап отырған кіші екі баласына да Қызай тапсырма берді:
– Бегімбет пен Дербіс екеуінің ауылды аралап, үлкен аға-апаларыңды ертең түсте құдайы тамаққа келіңіздер деп шақырып шығыңдар. Апаларға ет тартатын табақтары мен дастарқандарын ала келсін деп айтыңдар. Ұқтыңдар ма?
– Ұқанда қандай! – деді екеуі елп етіп:
– Қазір бара берсек бола ма? – деп тұруға ыңғайланды.
– Жоқ, ертең ертерек барып айтсаңдар да болар. Қазір күн жарықта өзен жағасынан қураған ағаш бұтақтарын, табылса тезек жиып әкеліңдер. Ертең етті немен пісіреміз? Әуелі отын жинап, оны бұтар қоялық.
Ал, сен екеуің малды жеткізіп алған соң үлкен үйдің дәу қазан-ошағын алып келіңдер. Жүктің арасынан өзіміздің қазандарды тауып шығарыңдар. Бір тананың етіне үш-төрт қазан керек болар. Соған жететін отын қамдайық, балаларым. Бар, жөнеліңдер.
– Жеңіс, Шуақ ағаң атаңдардыкінде болар, малды әкелмес бұрын шақырып келші. Жүктерді түсіріп,үлкен үйді тігелік. Соған көмектессінші.
Өздерің де ойланыңдар, үйді қай араға тігеміз? Кіші үйді асығыс тіге салдық па, әлде осы орнымыз дұрыс па? Тұрған жері өздеріңе ұнай ма? Қалай ойлайсыңдар? – деп, Қызай бұл жолы да балаларына ерік бергенді жөн көрді.
Жүгіріп кеткен Жеңіс:
– Шуақ аға атамдардың үйлерін тігіп жатыр екен. Соны бітірген соң келемін деді. Атамдар бізге жақын отырғанды қалап, үйлерін бізге жақын тігіп жатыр, – деп қуанып келді.
– Олай болса, сендер де үлкен үйді тігуге тегіс, қолайлы жерді таңдаңдар.
Шуақ ағаларың келген соң көрсетіп, ақылдасасыңдар, – деп Қызай Жеңісті қолпаштап қойды.
Қызай өзі де төңірекке көз жіберіп, шола бастады. Өз ой жобасынша осы таңдаған орындары ең қолайлы жер секілді. Киіз үйдің есігін алқапқа қарата тіксе, көз алдыңда кең жазира айқара ашылып, көкжиекке дейін көрініп жатар еді. Соған қарап-ақ адамның тынысы кеңейетіндей.
Қызай осыларды ойлап отырғанда қасында бір-екі жігіті бар Шуақ батыр да келе қалды. Бұл уақытта Жеңіс пен Меңіс арбадағы жүктерді түсіре бастаған болатын.
– Жеңіс, асықпаңдар. Әуелі, үйді қай жерге тікпек болдыңдар, анықтадаңдар ма? – деп сұрады Шуақ батыр.
– Аға, үлкен үйді мына үйден сәл жоғарырақ, есігін бері қаратып тіксек болмай ма?
– Әуелі, тегіс жер ме екен соны байқайықшы – деген Шуақ батыр екі баланы ертіп жерді анықтап қарай бастады.
– Жеңіс, анықтап қараңдар, әртүрлі жәндіктердің індері болмасын.
Балаларының таңдап тұрған орны Қызайдың өз көңіліне де ұнаған жер еді.
Көңілі жақтырған соң балалары өздері шешкендей болсын деп ерікті өздеріне бергендей түр танытып араласпады.
– Әпке, осы ара оңды болар. Келіп көріңізші, – деп Шуақ батыр айтқаннан кейін ұялағаннан барып қарады:
– Қандай тамаша! Айнала тегіс көрінеді екен. Үйді енді тіге берсеңдер болар, – деп келісімін берді.
Үлкен үйді тігіп, ішкі жабдықтарын ілгенше бірталай уақыт өтті.
– Балалар, малға барыңдар, – деп Қызай да асықтыра бастады.
– Әпке, Жеңісті ертіп, малға мен-ақ барайын. Меңіс ертеңге қажет басқа да шаруаларды жасай берсін, – деді Шуақ батыр тағы да өз көмегін ұсынып.
Олар өрістегі малға кеткенде Меңіс үлкен үйдің қазан-ошақтарын сұрап әкеліп, екі кіші баласы отын жинап бәрін әзір етті. «Құдайға тәуба. Осылар болмаса, мен қайтер едім? Қолқанаттарым менің» – деп Қызай балаларын айналып толғанды, көңілі де жайланғандай болды.
«Бұйыртса, балаларымның түпкілікті қонысы осы ара болар», – деген ойдан көңіліне жылылық, насаттану ұялаған оның еңсесі көтеріліп, бойына қуат құйылғандай сезінеді өзін. Ол көптен бері тап мұндай тебіреністі сәтті басынан өткермеген, дәл осылай қуанбаған секілді. Оның ас дайындағанына емес, құтты той қарбаласында жүргендей көңілі шат еді.
Малды алып келген соң Шуақ батыр қайынағасынікіне кетіп, Қызай қазыққа байлап қойған торпақтың қасында тұрып қалды. Жаздай малдың жай-күйін бақылауға да мұрашсы болмап еді. Былтырғы бұзау дейтіндей емес, кәдімгідей өсіп, өгізше болып қалыпты. Көзге қораш көрінбейді, түгі жылтырап, семіріп алыпты. Құрбандық малыкіші болмас па екен деген күдігі де тарап, көңілі орнына түскендей.
– Ал, балаларым! Бүгінгі жұмыс осымен тынғандай. Өздеріңнің азамат
болғандарыңды көрсетіп, жақсы көмектестіңдер! Сендер болмасаңдар мен не істей алар едім? – деп балаларының әрқайсысын құшақтап, құшып-сүйіп ризашылығын білдірген соң бәрі жаңа тіккен үлкен үйлеріне беттеді.
– Бисмиллаһи деп, оң аяқтарыңмен аттап кіріңдер, – деген Қызай өзі алға түсті.
– Қарақтарым, құрбандық шалар алдындағы түнді Аллаға жалбарынып, жаңа жерде жақсы тілек тілеумен өткізейік. Мен аруақтарға бағыштап құран оқиын. Қолдарыңды жайып, іштеріңнен сендер де тілеу тілеңдер, – деп қасына отырғызыпалды. Өзі ыңғайланып, жайғасқан соң «Ясин», «Бақара» сүрелерінен бастап, Шағыр мен Тоқтардың аттарын атай отырып аруақтарына бағыштап ұзақ құран оқып, ұрпақтарын жаңа қонысқа алып келгенін айтып, аруақтарының риза болуын тілеп дұға қайырып, бетін сипады. Сонсоң қайта алақанын жайып, жаратқанға жалбарынып, балаларына тілеу тіледі: «Алла, ұрпақтарымды осы топыраққа тамырларын терең жібертіп ер жеткізе гөр! Балаларымды өзара ынтымақты, тату-тәтті болуға бастай гөр! Бұтақтандырып, ұрпақты ете гөр! Желі таратқызып, өркендетіп өсіре гөр! Өрістерін кең ете гөр!», – деген сияқты жалбарынуларын жылап отырып, күбірлеп сан мәрте қайталай берді.
Биік асудан асып, бұрын көрмеген елді-жерді басып келгендегі осы қонысымызды құтты мекен ете гөр! – деп Алладан сан қайталап тілеу тіледі. Осы күнге аман-есен жеткізген Аллаға тағы сан мәрте тәубасын айтып,Тоба қылу сүресін оқыды. Алла, құрбандығымызды қабыл ала гөр деп жалбарынды.
Осы сапарда жіберген ағаттығым, күнәларым болса, кең пейіліңмен кешірімшіл Алла өзің кешіре гөр деп өзіне жарылқау тіледі. Ел-жұртымды аман-есен ете гөр! Көркейтіп, малды-жанды етіп өркендете гөр. Мені ешкімнің назасына, қарғысына қалдыра көрме, – деп жалбарынды.
Балалары да ұйып тыңдап, алақандарын жайып, беттерін сипап отырды.
Олар да осыншалық алыс өлкеге, танымайтын адамдардың ортасына келіп, орын тебулеріне бір ұлы күштің сырттай демеп, қорғап, қолдап келгенін мойындағандай. Аналары қазір сол ұлы күш иесімен тілдесіп отырғандай көрінді. Олар аналарына сүйсіне, әрі үрейлене қарайды. Аналары бұлар көре алмаған тылсым әлемді көріп, аруақтармен сөйлесіп отырғандай еді. Ол Шағырдың да, Тоқтардың да аттарын атап, жандары жәннәтта болуын тілеп, әлденеше рет дұға қайырды. Аруақтардан ұрпақтарын желеп-жебеп жүрулерін тіледі. Аналары құранын аяқтап, тәсбих тартып үнсіз ұзақ отырды. Аналары орнынан қозғалмаған соң балалары да тырп ете алмады. Олар да әкелерін еске алып отырған еді. Әрқайсысы да осы жаздағы бастарынан өткен оқиғаларды, тек кешегі-бүгінгі болған жағдайларды ойлап, бір емес, бірнеше жасқа есейіп кеткендерін білген жоқ. Әйтеуір, айналасына басқаша көзбен қарайтын сияқтанады.
– Балаларым, әкелеріңнің аруақтары сендердің жаңа қонысқа келгендеріңді біліп жатыр. Анда-санда болса да әкелеріңе дұға бағыштап жүріңдер. Құранға жер шалғайлығы жоқ. Рухтары сезіп, шат болып қалады, – деді баяу үнмен. Оның қажып, шаршағанын балалары сонда түсінді. Айтқанымен де үнсіз келіскендей.
Қызай көзінің жасын құрғатып, орнынан тұруға ыңғайланды. Үлкен екі баласы екі жағынан қолтығынан демеп көтеріп, орнынан тұруына жәрдемдесті. Қызайдың жүрегі жібіп, балаларының бұл ықыластарына риза болып, «Тәуба!.. Тәуба!..», – деді күбірлеп. Бұдан балаларының енді қолынан шығып кетпейтінінің нышанын көргендей болды…
Ол Алладан «құрбандығымызды қабыл ала гөр», – деп тілеу тілеген соң бойы жеңілдеп, көңілі жайланғандай күйге енді. Ертеңгі асты аман-есен атқарудың қамын ойлап кетті…
Ертесі таңертеңнен қарбалас тіршілік өз ретімен басталып жүре берді. Мал сойылып жатты. Балалары өзеннен су тасып, қазандар мен самауырларды толтыра бастады. Ішек-қарын аршуға, басты жууға самауырға су ысытып берді.
Жеңіл арба Зеңгібайды алып келуге жүргелі жатты. Шуақ батыр оған осы үйдің бір баласы ілесіп барсын деп еді. «Мен барайыншы», – деп Жеңіс еліп ете түсті. Шуақ батыр оны: «Сен мұнда керек боларсың, – деп тоқтатып, Бегімбет барсын», – деп, арбаға соны отырғызып жіберді.
Сөзінде тұрған Байжұма би де, қасында екі-үш ақсақалы бар ертерек келді. Әутәліп қарияны ертіп, ауылдың қалай орналасқанын байқау үшін ауылды аралап кетті. Кеше ғана бос жатқан алқапқа жұмыртқадай ақ боз үйлердің дөңгелене қона қалғандарын көрген Байжұма би шынында жерге береке кіргеніне риза кейіпте еді. Әр үйдің алдындағы ошақтан түтін көтеріледі. Үй төңірегі қозы, лақ қуып ойнаған балаларға толы.
Балалардың сыңғырлаған шат күлкілері тынық ауада қалқып келіп, қарттардың кәрі құлағына жеткенде Әутәліп қария ризашылықпен «Тәуба!» деді күбірлеп. Байжұма би оны анық естіді, әрі терең түсінді. Бұл ауыл ала жаздай баланың күлкісін естімегендей еді…
Мал сойылып, еті төрт-бес қазанға бөлініп, тұтас асылып жатты. Ауыл азаматтары да жиналып, екі ақсақалды қаумалап ортаға алыпәңгімедүкен құрды. Абысыны бастаған бәйбішелер кіші үйге жайғасып әңгімелесуде.
Арада көп уақыт өтпей-ақ жіберген арба Зеңгібайды келіншегімен алып келген. Ол да бір аңқылдаған жігіт екен, Байжұма бимен жарқылдай амандасып:
– Би қайынаға, сіз көлік жіберіп шақыртқан соң жан қала ма? Міне жеттік!
Сіздің алдыңызда осы мен мінді болып қалған жоқпын ба? Әлде қарын­дасыңыз жамандап тастады ма екен деп жол бойы мазам кетті. Кінәм болса, талша мойным қылша, алам десеңіз, міне басым. Тек кінамды айтып, өлтіріңізші, – деп жиналған жұртты бір күлдіріп алды. Әутәліп қария күйеу мен қайынағасының әзілдері жарасқан жақын жандар екенін түсінді.
– Жоқты айтып, қайдағыны шығармашы! «Мені кісі жазалайды екен» – деп қашан естіп едің? Мен сені жаңа туысқандарыммен таныстырайын деп алдырттым, – деген би, оны бірден байсалды әңгімеген тартты:
– Мына көшіп келген ел менің қарындасым Қызайдың келін болып түскен жұрты. Бір рулы ел.
– Иә, аға ел аузында сондай бір әңгіме айтылып жүр.
– Мына үш өзеннің арасындағы кең алқаптан осы елге қоныс берілді.
– Оны да естігенмін. Сіздің келелі кеңесіңізге қатысқан біздің ауылдың ағасы айтып келген.
– Өзің бәрінен хабардар екенсің ғой.
– Биеке, бұл жаңалықты жалғыз мен емес, жалпақ жұрт түгел естіп, біліп отыр ғой. Екінің бірі «Қызай деген ел келіпті» – дейді. «Қызайы еркек пе? Әйел ме?» – деп бір-бірінен сұрайтын көрінеді.
– Оны кейін өздері айырып ала жатар. Зеңгібай, тыңда. Осы туысқандарым жаңа қоныстарына атап мал шалып, құдайы тамақ таратпақшы. Сол аста бізді еліңнің бас көтерер азаматтарымен таныстыр деген соң алдымен есіме өзің түстің, Зеңгібайжан!
– Рахмет, би аға. Мені қашанда көтермелеп жүресіз ғой. Менің алдыңғы сөзім-өзіңізге еркелегенім ғой. Көңіліңізге ауыр ала көрмеңіз, – деп демде жуып-шайып жатыр.
Сол кезде Шуақ батыр да екі жас жігітті ертіп келіп, ақсақалдарға сәлем берді.
– Аға, мен кеше айтқан, базарға барып азық-түлік әкеліп, ауылын асырап жүрген азаматтар осылар болады.
– Бәрекелді! Көптің кәдесіне жарағаннан артық абырой бар ма? Ал, аттарыңды айтыңдар батырлар, – деді риза көңілден би.
– Мен – Серікқанмын.
– Мен – Серікжанмын.
– Әп-бәрекелді! Аттарың ұйқасып, түрлерің де бір-біріңнен аумай тұр екен. Екеуің бір үйдің баласысыңдар ма?
– Жоқ, Би аға! Ағалы-інілі кісілердің балаларымыз, мен үлкенмін.
Серікжан туғанда маған серік болсын деп, атын әдейі ұйқастырып қойыпты, – деді үлкенмін деген жігіт басалқылығын танытып.
– Дұрыс-ақ! Ал, Шуақ батыр, бұл жігіттерді де, Зеңгібай мен Маржанды да Қызай әпкеңе апарып таныстыр. Үйге кіріңіздер! – деді би көңіліне алған адамдардың келгеніне риза болып.
Бұл уақытта күн түске тармасып қалған. Етте пісіп, қазаннан түсіріле бастады.
Байжұма бимен Әутәліп қария бастаған ер адамдар, сырттан келеген қонақтардың бәрі үлкен үйге, әйелдер кіші үйге кіріп жайғасты.
Қызай қазан-ошақ маңына жолаған жоқ. Малды сойған да, жіліктеп бұзған да, асқан да, қайынағасының айтуымен жүрген сол ауылдың жігіттері болатын. Өздері бесаспап екен. Табақ жасап, қай мүшені қай табаққа салуды, кімнің алдына қай табақты қоюды, қай үйге қанша табақ жіберуді біліп, жөндеп жүрді. Қызай: «Әйтеуір, етті бәріне жеткізсеңдер болды», – деп бар ерікті соларға берген.
Жаңа қонысқа орныққандарына, ала жаздайғы көштің ақыры аяқтал­ғанына дән риза ағайындары бұл басқосуға да ерекше қуанышты еді. Жүздері жадырап, жарқын-жарқын әзілдесіп отыр. Екі үйге сыймаған жастар жағына далаға, көк майса үстіне жерге дастарқан жайылып, алдарына табақтар тартылды. Қазан-ошақ маңында жүрген жігіттер мен келіншектер өздері бір дастарқанды толтырып, дөңгелене отыра қалған. Бәрінің жүздері жарқын, қабақтары ашық. Бұл астың мәнісі бір реттік қарын тойғызуда емес, бұдан арғы тірліктері сөз болар алқалы отырыс екенін жастар бажайлап жатпағандай. Жастық қамсыздықпен әзілдесіп-күлісіп, бір-біріне ет асатып, сүйек мүжіп, жілік шағып, күш сынасып мәз.
Жаздай көк шөпке семірген жас малдың еті таңдайда елжіреп, шайнамай жұтарлықтай еді. Көптен қызылсыраған азаматтар ризашылықпен ас алуда…
Ет асықпай желініп, отырғандар тоғайып, табақтан шегіне бастағанда Байжұма би жанға жағымды жылы үнімен, майда тілімен салауаты әңгіме бастады:
– Ала жаздай көшіп, ұзақ жолды артқа тастап келгендеріңізді білеміз. Оның да қайыры болды! Ең басты олжаларыңыз – мал-жандарыңыздың аман есен жеткені емес пе?! Әуелі соған тәуба айтуларыңыз керек, – деп бір тоқтады.
Әутәліп қария бастаған ауыл азаматтары:
– Рас айтасыз, Биеке! Құдайға сансыз шүкіршілік айтамыз, – десті.
Би сөзін ары қарай жалғастырды.
– Алыс жолдың өз қиыншылығы болатыны белгілі. Азық-түліктеріңіздің таусылғаны да, уақтылы сауылмаған соң сиырларыңыздың қожырап кетуі де заңды. Міне, ел ішіне келдіңіздер. Ондай-ондай жетіспеу­шілікті бірге жөндейміз. Ел емеспіз бе? Көмектесетін азаматтарымыз бар, – деп би сырттан келген қонақтарға елеусіз ғана ой тастағандай болды.
– Құрбандықтарыңызды Алла қабыл алсын! Қоныстарыңыз құтты мекен болғай, – деген ақсақалдық тілегін айтып, Аллаға бағыштап дұға қайырды.
Жұрт сілтідей тынған тыныштық орнады. Әркім де іштей Аллаға тәубасын айтып отырғандай еді. Әутәліп қария Байжұма бидің бір діттеген ойы барын түсінді. Сөзді алыстан орағытып бастағаннан-ақ оның мына шақыртқан кісілеріне айтар уәжді өтініші боларын ұғынды. Әутәліп әлгі ойдың жетегімен отырғанда.
– Біз базар көрмегелі қай заман? – деді тың әңгіме бастаған би: – Балалар, базар бағасын айта отырыңдар. Мысалға, бір қап ұнды, бір қап бидайды қандай бағаға алуға болады? – деп, екі жас жігітке қарата ортаға сауал тастады.
Өздері де сөйлегілері келіп отырса керек, Серікқан мен Серікжан сөзді іліп алып кетті.
– Бір қап ұнды бір қойға алуға болады. Бидайдың да бағасы сондай.
– Қойдың да қойы бар ғой. Үлкен қой, тоқты, тұсақ дегендей, – деп би де нақтылай түсті сұрағын.
– Аға, олар өте үнемшілжұрт қой. Үлкен қойға үлкен қап ұн береді.
Кішкене тоқтыға кіші қап ұн береді. Бәрі өлшеулі дүние. Ал, бірнеше жасар семіз бойдақ қойға, қошқарға аузын шымшып тіккен қанар қап бидай аласыз?
– Аға, базар болған соң көз бояушылық та, алдап-арбау деген де көп болады. Алданып қалу оп-оңай.
– Бәсе, бәсе біз содан жасқанамыз ғой.
– Ұндарының өз түрлі-түрлі. Бидай ұнынан басқа дадақыл ұндары көп.
Соларды анықтап қарап, ажырата білу де керек. Олар көбіне біз білмейтін сондай заттарын тықпалап өткізгілері келеді. Қойдың нарқын түсіруді көздеп, ұзақ тексеріп қарайды. Кәрі, ауру, ақсақ-тоқсақ қойларды базарға апарған ұтымсыз. Құны төмен болады.
– Ал, жігіттер базарға жиі шығып тұрасыңдар ма? Айтыңдаршы, оның ақысына не аласыңдар?
– Аға, біз базарға барғанымыз үшін ақы алмаймыз. Өзіміздің малымызды апарып, соны саудалаймыз. Қой қосқан үлкен кісілердің қойын да ала кетіп, сұраған азық-түлігін әкеліп береміз.
– Ендеше мен өздеріңе бір өтініш айтайын деп отырмын. Осы елдің азаматтарына жол көрсетіп, базарға ертіп апарып келсеңдер қайтеді?
– Аға, сол да сөз болып па? Бір-екі күнде өзіміз де Құлжаға шығайық деп отыр едік. Бірге жүрелік.
– Тек бірге жүру ғана мақсат болмаса керек. Малдарын өткізісіп, азық-түлікті қателеспей таңдап алуларына көмектесулеріңді сұраймын.
– Әрине, Би аға! Сіз тапсырған іс болған соң малдарының шып-шырғасын шығармай, керек заттарына айырбастап алуға көмектесеміз ғой.
– Қарақтарым, бұл кісілерді алаңдатып отырған бала-шағасының қамы ғой. Солардың ішіп-жеміне қажет азық-түлікті табуға қол ұшын бергеніміз сауап болар, – деген би одан кейінгі сөзін Әутәліп қарияға қарай бағыттады.
– Әутәліп құда, қалай ойлайсыз, керуен келгенше сіздерге әр шаңыраққа бір қап ұн, бір қап бидай алдыртсаңыздар жеткілікті ме?
– Әлбетте, әр үйге бір қап ұн, бір қап бидай алдыртсақ үлкен демеу болары анық. Тіпті мұртымызды онда балта шаппас…
– Ендеше бір шаңырақ екі қойдан базарға дайындаңыздар. Мына балалардың айтуларына қарағанда, біркелкі қапталған ұн мен бидай алу үшін біркелкі қойды таңдап, іріктеп апарған жөн секілді. «Маған кіші қап тиді», – деп, ешкім күмән келтірмес үшін, әрі ешкімнің де есесі кетпеуі үшін үлкен қойларды таңдап алсын. Осы дұрыс болар, – деді би тоқ етерін айтып. Отырған ауыл азаматтарының бәрі осыған үнсіз келіскендей. Бидің үкіміне кім қарсы шықсын.
– Аға, ертең емес, бүрсүгүні таңертең келеміз, базаршыларыңыз дайын болсын. Шамамен сонда базарға қанша қой апармақшысыздар?
– Әутәліп құда, жүз қаралы қой болатын шығар?
– Биеке, жүз жиырмадай қой бола ма деп ойлап отырмын.
– Ағалар, онда қойды Құлжаға дейін жайып барасыздар. Бұл ауырлау сапар болады екен.
– Қандай қиындығы бар?
– Би аға, біз базарға біріміз арбамен, біріміз салт атпен шығушы едік.
Апаратын қойымыздыарбаға салып алып, қатар жүріп отыратынбыз. Ал, бұл кісілердің қойды Құлжаға дейін жайып жетулері үшін бірнеше күн қажет болар.
– Асықпай, жайып-ақ жетер.
– Олай болса, мен сіздердің қойларыңызды айдасып бірге шығайын. Үш адам сіздерден шықсын. Ал, сонша азық-түлікті қалай алып қайтпақсыздар? Оған бірнеше арба қажет болар…
– Ол жағыда бар екен ғой. Шуақ батыр, сен не айтасың? – деп би қысылғанда жол тапқыш батырына қарады.
– Би аға, мен екі ырдудан арба дайындап берейін. Және қол көмегіне екі жігіттен тағы қастарына сарбаз қосайын. Бір жағы олар да базар деген қандай екенін көрсін. Жеткілікті ме, Серікқан?
– Шуақ батыр, жөн айтасыз. Екі ырдуан арбаға жүз шақты қапты сыйдырып, тиеп қайтармыз. Адам қарасы да көп болғаны жақсы. Жүз жиырма қой бір күнде өте қоймас. Оны өткізуге де бірнеше күн кетеді. Сонда қала сыртында қалған қойды бағуға, алған азық-түлікті бақылауға жігіттер керек-ақ. Мүмкін болса, өздеріңізден тағы бірнеше жігіт шықсын. Сөзім сөз, бүрсүгүні таңертең қойды өргізіп шығасыздар. Мен де ертерек келіп қосыламын. Серікжан арбамен үш күннен кейін келіп, сіздердің арбаларды бастап жүреді. Құлжаның сыртындағы бекетте тоқайласамыз.
– Ал, аға бізге ұрықсат беріңіздер. Тағы бір баратын жеріміз бар еді,- деп екі базаршы жігіт қайтпақ болды.
Байжұма би дастарқан иелеріне құрбандықтарыңды Алла қабыл алсын, қоныстарың құтты мекен болғай деген тілекпен ас қайырған соң табақтар жинала бастады.
Би тағы әлденені сұрамақ болып, тамағын кенеді. Соны сезгендей екі жігіт тоқтай қалды.
– Сонда сендер, Құлжадан неше күнде ораласыңдар?
– Би аға, біз әдетте екі-үш, ары кетсе төрт-бес қойдан артық апармай­тынбыз. Соларды өткізіп, азық-түліктерімізді тиеп алып, бес-алты күнде орала­тын едік. Бұл жолы жиырма күн, не бір ай жүретін шығармыз деп шама­лаймын.
– Бірақ би аға, алдын ала жолды кеспейік. Тілеуімізді тілеп отырыңыздар.
Бала-шағаның несібелеріне Алла жар болса, одан да бұрын келіп қалармыз.
– Алла жар болсын балалар! Екі базаршы жігіт шығып кеткен соң Байжұма би Зеңгібайға қарап:
– Зеңгібай, өзіңмен де ақылдасатын жай бар еді, – деп, көптің назарын енді соған аударды.
– Осы кісілердің арасында балалары ақ іше алмай отырған үйлер бар көрінеді. Соларға сауып іше тұруға бір-бір сауын сиыр бере тұрмайсың ба?- деді сипақтатпай бірден тоқ етерін айтып.
– Әлбетте, неге болмасын?! – деді Зеңгібай елпек қағып. Сөзге араласа алмай, әрең отыр екен:
– Біреуден емес, екі сиырдан алып, сауып ішсін, – деп отырған жұртты сөзбен-ақ қарық қылды.
Ауыл азаматтары оған сенер-сенбесін білмей қалғандай еді. «Бұл не деген тегін жатқан сауын сиыр?»- деп ойлап қалғандары рас.
– Би қайнаға, Қызай әпкем осы астан кейін шай беретін шығар. Сол шай әзір болғанша мен осы кісілердің сиырларын өз көзіммен көріп шықсам қайтеді. Көрсетесіздер ме? – деп өтінді Зеңгібай.
– Оны ауыл егесі Әутәліп қариядан сұрайық.
– Зәңгібайды өріске апарып келіңдер, – деді Әутәліп қария ауыл азаматтарына қарап.
– Құда, жүріңіз сіз бен біз де өріс аралап қайтайық. Мен сіздерге өрістеріңізді көрсетейін, сіздер Зеңгібайға сиырларыңызды көрсетіңіздер, – деді Байжұма би.
Үлкен үйдегі қонақтар түгел қотарыла сыртқа шықты. Ауыл азаматтарынан екі-үш адам Байжұма би мен Әутәліп қарияны, Жеңістің жорғасына мінген Зеңгібайды, Шуақ батырды бастап өріске бет алды. Олар кеткен соң үлкен үйдегі әңгімеге қатысқандар базаршы жігіттен естігендерін айтып, жұртты әңгімеге қарық қылды. Базар деген нәрсе бұларға таңсық еді.
«Ол қандай болады екен?» – деп бір-бірінен сұрап жатыр. Әйтеуір, азық-түлік алып келетінін естіп аш қалмайтындарын біліп, соған қуанысып жүр.
Өріспен танысуға бұдан артық қолайлы сәттің болмасын екі қарияда бек жақсы түсінді. Екеуі де іштей риза еді. Зеңгібайдың қалауы бойынша бәрі сиыр табындарын аралап көрген. Зеңгібай басында ләм демеді. Сиыр табынын аралап, сиырларын да, өгіздерін де жақыннан барып көрген соң ауыл азаматтарын қасына шақырып алып:
– Сиырларыңыздың кетеуі әбден кетіпті. Және бәрі тегіс қысыр қалыпты, – деп бастады сөзін.
– Оның рас, жаздай бұқа көрген жоқ, – деді Әутәліп қария оны қостап.
– Дәл қазір сиырларыңызды емес, оның бұзауларын сақтауды ойла­ңыздар.
Енесін ұзақ еміп жүрген бұзау жайылып, отыға қоймайды. Сүт емген соң шөпті қайтсін? Ал, сол бұзауларың қысты күні шөп жей алмай, аштан қатады. Дереу бұзауларды енесінен айыру керек, – деді қатқыл үнмен тапсырма беріп. Ауыл азаматтары ұялғандарынан қипақтап бір-біріне қарады.
– Мен бұл араның жайылымының жай-жапсарын жақсы білемін. Күнес өзенінің жағасында жас құрақ жайқалып, қалың өседі. Бұзауларды сол араға апарып, арқандап қоясыздар ма, күзетіп жатасыздар ма, не болғанда сол жерге апарыңыздар. Тез арада отығып, жайылсын. Ал, сиырларды Қас өзенінің арғы бетіне алысырақ жайылымға жіберіңіздер. Өзеннің арғы бетінде сиырға жұғымды өлеңшөп көп өседі. Соған жайылса, мал тез торалады. Өгіздеріңізді де сол араға жіберіңіздер. Менде бір өкіріп-бақырып, бұтқа толып, әрнәрсеге соқтығып, мазаны алып жүрген жас бұқа бар еді. Соны әкеліп тастайын. Сиырларыңызбен бірге жайылсын, күйті келсе, әлі де қашып кетер. Бірақ бәрі дерлік кәрі сиыр екен, бұзауламауы да мүмкін. Енді бұзауламаса, маған беріп, орнына жас мал алыңыздар. Оны кейінірек өздеріңіз көре жатарсыздар,- дегенде жұрт Зеңгібайдың аузына қарап, аң-таң болды.
– Кәрі сиырды сен не істейсің? – деді Байжұма би де шыдай алмай таңырқап.
– Мен оларды семіртіп керуенге өткізіп, орнына малға жем аламын.
– Ендеше иелері де керуенге өткізе алады ғой.
– Онда сауатын сиырды қайдан алмақ, керуен жас сиырға айырбастап бере алмайды ғой, би аға.
– Е-е-е! Ол жағы да бар екен ғой, – деді ойланып қалған би.
– Ал, өгіздеріңіздің жарасы жазыла, қоймапты, әлі суланып тұр. Мына түрімен керуен келгенше жазылмаса, нарқы төмендеп, су тегін кетеді. Обал ғой, бала-шағаға азық-түлік алуға бар үміт артып отырғандарыңыз осы өгіздер емес пе? Қазір бізді апаратын арбадан жақпа май беріп жіберейін. Соны күнде жағып, емдеңіздер. Май жараның суын құрғатып, қарақотырландырады. Қабыршағы түскенше жаға беріңіздер. Алла қаласа, екі-үш рет жаққан соң жазылып кетер.
– Керуен өгіздерді жақсы алады дейді. Оны не істейді екен? – деді ауыл азаматының бірі тек тұрмай.
– Шүршіт елі жер өңдеп, жұмыс жасайды. Өгізді жұмыс көлігі ретінде соқаға, тырмаға жегеді. Сол үшін әуелі мойнына қарайды. Мойынтұрық қажап, мойны жауыр болған малды алғысы келмейді. Алса да төмен бағаға алады. Тезірек емдеп жазып алыңыздар деп тұрғаным сол.
Байжұма би Зеңгібайдың бұл өңірдің мал өрісін қолмен қойғандай тура айтып тұрғанына таң қалды. Мал өсіріп отырған жан ғой, өрістің шөбіне дейін танып-біліп тұрғанына разы болды.
– Әутәліп құда, Зеңгібай тура тауып айтып тұр. Ірі қара табынын Қас өзенінің арғы бетіне шығарып жайғандарыңыз оңды. Сиыр малына жұғымды көкорай шөбі қалың, кең өріс. Ал, қойларыңызды тау етегіндегі қырқаларға жаярсыздар. Жылқыны тау аңғарына қарай алысырақ апаруларыңызға болады.
Ал, Күнес өзенінің бойындағы жас құрақ шынында да жас төлдерге бұзауға, қозы-лаққа лайық өріс.
– Биеке Сізге де, Зеңгібайға да алғысымыз шексіз, рахмет! Малсыз күніміз жоқ қой, бізге әуелі малдың тоқ болғаны керек. Өріс жайын жақсы ұғындырдыңыз. Ал, енді ауылға қайталық, – деді Әутәліп қария.
Бәрінің де көкейлеріндегі бір сауал жауапсыз қалғандай. Соны естігенше шыдамдары таусылып барады. Ол жөнінде Зеңгібай да жақ ашпады.
Барлығы ауылға келіп, үйге еніп, дастарқан басына қайта жайғасты. Бәрі де Би мен Зеңгібайдың аузына қарайды. Қызайдың дастарқаны шай жабдығына толып тұр еді. Ішкен астары сіңіп, бәрі де шөлдеп қалғандай. Шайды ықыластана ішіп жатыр. Қара шайдан бір-екі кесе ішкен соң Зеңгібай:
– Ал, ағайындар, әлгінде Биекең маған бір өтініш айтты ғой. Әр шаңыраққа сауып ішуге бір-бір жас мал берейін. Айтар сөзім осы! Қара шай ішкендеріңіздің соңы осы болсын, – деді күліп.
– Ойпырай, оған сиырың жетеме? – деді би.
Ол Зеңгібайдың сөзіне күмән келтіргеннен емес, ертең сиыр ала алмай қалған үй нәумиейез болмас үшін нақтылай түскісі келіп айтты.
– Жеткен соң айтып отырмын ғой, қайынаға, – деді Зеңгібай даусын
созып, әрі өзіне сенімді үнмен.
– Туған-туысқандарым қара суға қамалып отырғанда, менің аузымнан ақ май ағып, отырғаны не керек? Құдайдан ұят емес пе? – деп Зеңгібай ағынан жарылды.
– Сүт керек дегендеріңіз ертең басжіптеріңізді алып келіп, бір-бір сиыр жетектеп кетіңіздер. Ұмытпай, кішірек қап, не дорба ала келіңіздер. Жарты шелектен жем беремін. Басында сиырды есіктің алдына қазыққа байлап ұстаңыздар. Үйренгенше шөпті шалғымен шауып әкеліп беріңіздер. Сауар алдында бір тостаған жемді аз суға шылап, табақпен алдына қойыңыздар, жемді жеп тұрып, иіп береді. Өздеріңіз де білесіздер – сиыр малы тамақсау. Жем жеп үйренген жерінен сиыр малы кете қоймайды. Сөйтіп өздеріңізге үйретіп аласыздар.
– Әутәліп құда, ауыл адамдарының арасында естімей қалғандары болса, өзіңіз айтарсыз. Балаларға сүт тауып беруді Зеңгібай мойнына алды ғой, енді ағарғанға зарыға қоймассыздар, – деді би бұл әңгіменің жетер жеріне сәтімен жеткеніне риза болып.
– Биеке, бұл әңгіме әйелдердің құлағына тисе, ертең құлқын сәріден-ақ бірін-бірі басып озып, Зеңгібайдың ауылына шауып жетер, – деп Әутәліп қария көңілденіп, биді күлдіріп алды…
Бұл уақытта бәйбішелер отырған кіші үйде де қызу әңгіме жүріп жатқан, Қызай:
– Маржан, сіңілім қара шай ішесің. Біздің сиырларымыз суалып кетіп еді.
Соның жағдайын қайынаға Зеңгібайға өзі айтатын шығар. Сендерден сауынға бірер сиыр сұрасақ деп отырған.
– Құдай тілеуілеріңізді берсін. Оны отағасым өзі реттер. Сиыр берсе, менің де жұмысым жеңілдер еді, – деді Маржан ықылас танытып. Сосын:
– Әлгінде бізді шақыра барған балам қайда екен? – деді есік жаққа мойнын созып. Қызай «Бегімбет» – деп дауыстады. Бала жақын жерде жүрсе керек:
– Әу, апа, – деп, есіктен басын сұқты.
– Балам, сені іздеген мен едім, менің үйден алып шыққан қоржыным бар еді ғой. Сол қайда екен? Соны тауып, апаңа әкеліп берші, – деді Маржан.
Бала әкелген қоржынды Қызай ашып, ішінен бір қарын майды шығарып, дастарқан шетіне қойды. Отырғандар аңтарыла қарап қалды. Бұл неғылған батпан құйрық дейтіндей. Соны сезгендей Маржан:
– Қызай әпке, бұл менің қолымнан шыққан дәм еді. Мына кісілерге ауыз тигізіңіз – деді.
Қызай қарының аузын сөгіп, майдан бірнеше тостағанға толтыра салып, дастарқанды жағалата беріп жіберді. Әйелдер қасықпен майдан іліп алып, таңдайларына салып, тамсанып отырыпшайды асықпай ішті. Қызай қарынның аузын жауып, өзінен жоғары отырған абысынының алдына қарай жылжытып қойып жатты:
– Мынаны сіз алыңыз. Балалы-шағалы оншақты үй бар емес пе? Соларға
бөліп бересіз бе, ол жағын өзіңіз білесіз, – деді.
Мұны анық естіген Маржан:
– Әпке, бұл кісі кіміңіз болады? – деп сұрады.
– Бұл кісі менің үлкен абысыным. Енем десем де болады. Менің «Күнбибі» деген тәп-тәуір атым бар еді. Осы кісілер «Қыз-ай, бері келші», «Қыз-ай, мынаны іше қойшы», «Қыз-ай, мынаны жей қойшы», «Қыз-ай мынаны істеп тасташы», – деп жүріп, мені Қызай атандырды. Алдымыздағы үлкеніміз.
– Япырай! Сонда сіз бізге үлкен құдағи болдыңыз ғой. Мен мұнда келе жатып, шынымды айтсам, кімге бара жатқанымды анық білмедім ғой. Құрқол бармайын деп ала шыққан бір қарын майым еді. Құдағи, ол басталған қарынды қайтесіз. Оны Қызайға қалдырыңыз. Менде ісек қойдың үлкен қарнына жиған, аузы бүрулі бір қарын қызғалдақ май тұр. Бір сыйлы кісі келгенде ашармын, әйтпесе беріп жіберермін деп тиіспей отыр едім. Қызғалдақ майының дәмі де, түрі де, түсі де өзгеше ғой, – деп жұртты қарадай тамсантып қойды.
– Бұл жақта көктемде алғаш жауқазын гүлдеп шығады. Оны қызғалдақ деп те атайды. Көктемнің алғашқы көгі. Ертең көктемде көресіздер, бүкіл өңір қызылды-жасылды, сарыала түрге еніп, құлпырып шыға келеді. Сол алғашқы көке жайылған сиырдың сүті де ерекше дәмді болады. Сол сүттен май жинап алуға тырысамыз. Соны қызғалдақ майы деп атап, қарынға салып, сүрлеп қыста жеуге сақтаймыз.
Отырғандар ауыздарын ашып тыңдап қалыпты.
– Құдағи, сол бір қарын майды қазір бізді апаратын арбадан сізге беріп жіберейін. Күтіп алыңыз. Отағасыңыз екеуіңіз қыстай ауыздарыңыздың дәмін алып, шайға салып, ішіп шығасыздар. Қызай әпке, тағы кішілеу үш қарын май беріп жіберейін. Соны әлгі өзіңіз айтып отырған балалы-шағалы отбасына бөліп берерсіз. Әпке, қарынды өзіңіз де білесіз ғой, бунақ-бунақ болып келеді емес пе? Сол бунақтарынан бөлсеніз, кіші қарынды теңдей үшке бөлуге болады. Жетпесе, мына алдыңыздағы қарының бір жағын бөліңіз. Балалы үйлер ашқұрсақ болмасын. Соларға берерсіз. Әпке, отағасымның сиырлары аман болса, мен аман тұрсам, дастарқаныңыз майсыз болмайды, соны біліңіз – деді Маржан Қызайға.
– Құдағи, мені бір бос сөзге үйір, мақтаншақ біреу екен деп ойлап қалмаңыз. Отағасым малдың басына, соның амандығына жауапты болса, сол сиырларды сауатын мен, майды шайқап қарынға жинайтын да мен. Сол еңбегіме қарай, көңіліме жаққан қадірлі кісілеріммен қолымдағы барымды бөлісе аламасам, несіне, арам тер болып, еңбектенеді екенмін?! Қызайдай әпке тапқаныма, сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын, – деді Маржан шын көңілімен.
Оның ақкөңіл, бауырмал жан екеніне отырғандардың ешқайсысы шүбә келтірмеді. Маржанның мына сөздерін естіген әйелдер тап бір әуезді ертегі тыңдап отырғандай елтіп қалған. Майдан ауыз тиеді де Маржанға бір, Қызайға бір қарайды. Олардың: «Япырмай, ойламаған жерден өзі бай, өзі сұлу, өзі бауырмал, жанашыр туысқан тапқан Қызай қандай бақытты еді!» – деп ойлап отырғандары рас еді.
Кейбіреулері тіпті: «Келесі көктемде менің де сиырым шелек-шелек сүт берсе, шіркін мен де қарын-қарын май жинасам ғой», – деген, қиялға да беріліп кеткендей. Соны сезгендей-ақ:
– Әпке, бір емес екі сиырдан алып сауыңыздар. «Емшекке емшек сеп деген». Бір сиырдың сүті бала-шағаның ішкенінен артылмас. Ал, екінші сиырдың сүтінен қысқа дейін де біраз май жинап алуға болады, – деді Маржан көбінің ішкі тілеуін дөп басып.
Бұл әрқайсысының көкейінде жатқан арман еді ғой. Сол армандарына бір табан жақындағандай бәрі де көңілденіп қалды. Алдарында тұрған тостағандағы майды да еңсеріп тастады. Тап бір қиялындағы өз майына қолы жеткендей әсерде еді. Шіркін-ай, адам өзін жақсы сезінуі үшін бір ауыз жылы сөздің қанат, бітіретінін Қызайдан басқасы зерделей алмағандай. Қызай Маржанның ақ көңілділігіне, қолының ашықтығына қатты разы болды. «Құдай басына мол дәулетті сол пейіліне орай да берген-ау», – деп топшылады.
Қызай, сонымен бірге, «Бұл сіңілімді қалай қайтарғаным жөн болар екен?» деген де ойға кетіп отырған. Қолында барын ойша түгендеп шыққанда киілмей жатқан жап-жаңа қызыл мақпал бешпеті түсті есіне.
– Шайды сен құйып бере тұршы, – деп орнына бір келіншекті отырғызып, өзі лып етіп далаға шығып кетті. Кісі келгенде үйді тарылтпасын деп, далаға шығарып қойған үлкен абдырасын ашып, бешпетін тауып алды. Екі жақ өңірі мен жеңінің ұшы зерлі жіппен оюланып, кестеленген сәнді киімі көзіне жылұшырап сала берді. Қызай мұны Шағырмен тойға барған кезде ғана киетін. Онда да Шағыр осы бешпетіңді киші деп қолқа салған соң киетін. Шағыр қайтқалы иығына ілген емес. Қызыл бешпет киіп, тойға барғандай Қызайдың қай бір сәні қалды? «Бір емес, екі бірдей байын жұтқан жалмауыз» атанып отырғанда қызыл бешпет киіп қайда бармақ? Көзге шыққан сүйелдей боп, жұрттың зығырданын қайнатып кетпек?
Қызай бешпетті бүктеп алып, үйге кіріп орнына отырды. Сыртта дабыр-дүбір көбейіп, үлкен үйдегі ер адамдардың тарап жатқаны білінді. Әйелдер де Маржанның әсерлі әңгімесін қимағанымен орындарынан тұруға ыңғайланды. Үнсіз тарағанды қолайсыз көрген Қызай:
– Баршаңызға рахмет! Құдайымызды Алла қабыл алғай! Алла бәріңізге рахымымен нығыметін жаудырсын! Маржан сіңілім, бізге жәрдемге қолыңды созып, «май беріп жіберем» – дегеніңе-ақ ризашылығымыз шексіз. Бұйырғанын көрерміз. Азаматтар өздері ақылдасып, сауын сиыр жағын орайластырар. Қалқам, әпкеңнің шаңырағынан құрқол шықпа. Мынаны киіп шық – деп орнынан тұрып келіп Маржанның иығына бешпетін жапты. Бүктеуін жазғанда зерлі кестесі күнге шағылысып, жарқ ете түскендей болды.
– Әпке, қандай әдемі еді, – деген Маржан кестені сипай берді.
– Өз, қолыммен тіккен едім, – деді Қызай.
– Игілігіңе ки! Жасырақ кезімде іс тігетін өнерім бар еді. Басымызға қилы-қилы гәп түскелі тастап кетім ғой. Ине ұстамағалы қай заман, – деді жақынына сыр ашқандай ішкі мұңын шағып. Бірақ бойын тез билеп, ойын жинақтап алды. Қазір босаңсуға болмайтынын түсінген ол аяғын нық басып, ширақ адымдап сыртқа беттеді.
Кіші үйдегілер сыртқа шыққанда жұрттың көзі бірден Маржанға түсті. Бешпеті дәл соған өлшеп тіккендей үстіне қона қалыпты. Қызай қызыл түстің сан алуан реңде құбылатынын енді анық аңғарғандай, Маржанның үстіндегі әрі ұзын, әрі жеңді бешпеттің қызыл түсі оны ешқандай ауырлатпай, қайта ал қызыл бояуы жеңіл де жарқын сипат бергендей. Сондығымен келіншектің бойындағы жастық жігерін айқын паш етіп тұрғандай көрінеді. Ағы ақ, қызылы қызыл жас әйелдің сұлу жүзі, тіпті қырмызыдай құлпырып, ерекше нұрланғандай еді.
Осы бешпеттің қандай сиқыры бар деп ойлады Қызай. Шағырдай атпал азаматының қасында қызыл бешпеті үстінде өңі қуаныштан, бақыттан алаулап, құлындай ойнақы жеңіл басып бара жатушы еді ғой Қызай.
Сұлулығына сұлулық қосылғандай көрінуші еді. Сонда бұған қараған адам ажарына қызықпай қалмайтын. Шіркін, сол күндері қайда? Барлық сәні ағырмен бірге кеткендей. Өтпелі дәурен екен-ау! Тап қазіргі Маржанның ажар-көркін сипаттауға тіл жетпейтіндей, ерекше көркем еді. Тән сұлулығымен жан тазалығы астасып кеткендей. Қызай: «Құдайым сені тіл-көзден сақтасын, сіңілім», – деп іштей шын тіледі.
Маржанды алғаш байқаған да Зеңгібай болды:
– Пай-пай! Би ағасының қарындасы қызыл бешпет киіп, қыздай құлпырып кетіпті ғой, – деді жұртты күлдіріп.
Байжұма би сонда ғана назар аударды. Маржанның үстіндегі кәделі сыйды Қызай сыйлағанын бірден түсінді. Түсінді де: «Қызай, қарағым-ай! Кісі көңілін табуды қапысыз білесің-ау. Кісі сыйлаудың жөнін мына жұрт сенен үренсе етті. Бір рулы ел болып, жаныңда үйіріліп жүргені де бәлкім осы қасиетіңнен-ау шамасы»- деп ойлап тұрды.
Асқа жиналған қауым: «Құрбандықтарыңызды Алла қабыл алсын!»- деген тілектерін айтып, ризашылықпен қоштасып тарап бара жатты. Байжұма би де қасына ерткен адамдарымен аттанып кетті.
Құрбандық асынан ауыз тимей қалғандар болмасын деп ойлаған Қызай қазандық басында, ыдыс-аяқтарды жинастырып жүрген келіншектер мен жігіттердің қастарына келген. Кімнің үйінде келе алмай қалған жас балалы келіндер бар деп сұрап, біліп, қонақтардың алдынан қайтқан табақтарды бар етімен, сол қалпы әлгі үйлерге бергізіп жіберді. Өзі де, балалары да еттендастарқанда көппен бірге ауыз тигендеріне разы. Не шикідей, не пісідей бір жапырақ ет алып қалмады. Сорпасына дейін таратып берді.
Жиналған қауымды шығарып салып тұрып, бойын бір жайлылық биледі. Өзін соншалықты жеңіл сезінді. Астың өзінің діттеген мақсатына жеткеніне Тәңіріне тәубасын айтады.
Дастарқан үстінде бір рулы елдің ендігі тірліктері, күнкөрістері мен тұрмыс дағдыларының жаңа бағытта өрбитіні белгілі болып, бекемделгендей. Ел-жұртының енді аштыққа ұрынбасына көңіліне берік сенім орныққандай. Қызай құрбан шалғанда осыны мұрат тұтып еді ғой. Сол мақсаты орындалғандай.
Қонақтарды тегіс шығарып салған соң ауыл азаматтары Әутәліп қарияны ортаға ала отырып ақылдасып, араларынан бес жігітті базарға жібермекші болды.
Оның алдында, Зеңгібайдан сауын сиыр сұрайтындар ертең соның ауылына бармақшы болып, «Темірді қызған кезінде соқ» – демекші, бүгінгі әңгіме суымай тұрғанда тездетіп баруды жөн көрді бәрі.
Зеңгібай айтқан сөзінде тұрып, әрқайсысына желіні жер сызған бір-екі жас құнажынды жарты қап жемін қоса беріп, жетектетіп жіберіпті. Ауылы бір-ақ күнде аққа жарып қалды.
Айтқан күні Серікқанда келіп жетті. Әр шаңырақтан Серікқанның таңдауымен екі үлкен қойдан іріктеліп алынды. Ауыл азаматтарымен тізе қосып Серікқан бір отар қойды алдарына салып, Құлжа шаһарын бетке ұстап, жолға шықты. Отарды күре жолдан едәуір қашықта жайып, қойдың митыңдаған жүрісімен ілбіп жылжиды. Тал түс кезінде аялдап, көлеңкелі жер тауып, отардыжусатып, суатқа тоқтап суарып алады. Қойды кешкі, ертеңгі салқында өргізіп, қаптата жайып, жол ұтады. Серікқан соның бәріне шыдамдылық танытып келе жатыр. Қойды қуалап отыруға болмайтынын жақсы түсінеді. Базарда дұрыс бағаға өтуі үшін қойдың қоңын түсірмей апарған абзал.
Серікқан жастайынан иманды бала еді. Осы қойларының базарда көңілдегідей өтуінен үміт етіп отырған бір рулы елдің уайымы көкейінде тұр. Азық-түлікке ділгір болып отырған сол қауымға қажет заттарын ойдағыдай мөлшерде апарып бере алса, өзі де үлкен сауапқа кенелерін ойлағанда іштей қуанады. Сол үшін жолдың қиындығымен ұзақтығын елең қылмауға бар. Тәңірден «абыройлы сапар болса екен», – деп тілеп келеді. Өзіне үміт артып отырған елдің, әсіресе, Байжұма бидің алдында жерге қарағысы келмейді-ақ…
Олар бірталай күн жол жүріп, Құлжа шаһарына да жетті. Шаһар сыртындағы мал тоқтайтын алаңқайда арбамен жеткен ауылдастарымен қауышып, бір-бірлерінің еш қиындықсыз аман-есен келгендерін көріп, қуанысты.
Алайда, негізі қауырт та ауыр жұмыс енді басталмақ. «Базар нарқы күнде мың құбылып тұрған заман. Бұл жолы қандай мінез танытар екен?» – деп ойлады Серікқан. Арбаларды доғарып, қойларды иіріп, жігіттерге «Ие болыңдар» – деп мұқият тапсырған, Серікқан ауыл азаматының екі-үшеуін ертіп, бағаның бет алысын байқау үшін шаһарға салт атпен кетті. Баруларынан қайтулары жылдам болды. Келе сала Серікқан:
– Бүгін базарда қой жоқ екен, ырдуан арбаның біріне он шақты қойды салып алып, бір барып келелік, – деді асықтырып.
Ауыл азаматтарын түгел ертіп алып, базарға алғашқы қадамдарын жасауға аяқ басты.
«Момынның ісін Тәңірі өзі жөндейді», – деген рас-ау! Базарға кіргеннен-ақ қойларының аяғын жерге тигізбеді. Бұл жаққа бұрын келе бермейтін етті, құйрықты қойдың тұқымы екен деп базар иелері қатты қызықты. Көп саудаласпай, қойларынан мін табуға тырыспай-ақ, сұраған азық-түліктерін қап-қабымен берді. Мұндай саудаға дән риза болған ауыл азаматтары Серікқанға алғыстарын жаудыртты. Осылайша, әр жолы он-онбес қойдан кіргізіп отырғанда бір отарды базар аз күнде жұтып алды. Есесіне ауыл азаматтары әр шаңыраққа қажет азық-түлікті керегінше алды. Жігіттер бір ырдуан арбаға ұнды, бір ырдуан арбаға бидайды бөлек-бөлек тиеді. Жолда жауын-шашын болса деп арбаның үстін тұтас қаптай жабатын сулық жабуды алуды да ұмытпады. Қойларына разы болған тауар иелері оны тіпті тегін берді.
Серікқан мен Серікжан өздерінің апарған қойларын соңын ала өткізіп, олар да арбасына азық-түлікті толтыра тиеп алды.
Ауыр жүк тиелген үш арба тіркесе жүріп отырып, шаһардан шығып, елге қарай бет түзеді. Жігіттердің бәрінің де көңілдері тоқ. Енді бала-шағаларының ашықпайтынына көздері анық жеткендей. Қастарында берекелі базары бар Құлжадай шаһар тұрғанда ашығып қаламыз деп ойлаудың өзі бекер, тіпті күнә дерлік. Тек қолыңда малың болса, уайым жоқ.
Қолыңдағы малыңды әкеліп, қажет нәрсеңе айырбастап ала алмасаң кімге кінә артасың?! Соның жолын айтқан Байжұма биге, ертіп әкеліп көрсеткен Серікқанға көп рахмет десті. Шаһарға келген ауыл азаматтарының қай-қайсысы да осы пікірде болатын. Ал, осыған ұйытқы болған, Серікқан мен
Зеңгібайды бұлардың қыжалатын шешуге, шаруаларына жүруге иліктірген Байжұма бидің көңіліне кілт таба білген Қызай екені ешбірінің ойына кіріп те шыққан жоқ. Сезіп, білген емес. Білсе де Қызайға ол абыройды қиғылары келмеді. Базарда саудаларының оңынан жүріп бергеніне түнімен көз ілмей, мойнына бұршақ салып, Тәңірге жалбарынған Қызайдың ақ тілеуінің қабыл болғаны шығар деген ой тіпті қаперлерінде жоқ еді. Барлығы өзімен өзі бола қалған секілді. Тіпті, өзіміздің ептілігімізден деп ойлады кейбіреулері. Қу пендешілік-ай! Олардың не ойлағанынан Қызай хабарсыз. Тәңірге жалбарынуын тоқтатпады.
Сол күні таңертең Қызайдың оң қабағы қайта-қайта тартқаны. Оң қабағының тартқанын жақсылыққа жорығанымен де көңіліне бір алаңдық кірген ол дегбірі қашып, елегізе берді. «Япырай, жақсылық болса, игі еді», – деп, оң қолының алақанымен көзін «Жақсылыққа бақ!» – деп үш рет сипап, ырым жасады.
Бүкіл бір рулы елдің екі көздері төрт болып үміт етіп, күтіп отырған базаршылары аман-есен келсе екен деп алаңдайды ғой Қызай. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» – дегендей, бала-шағаның несібелері талан-таражға ұшырап, әлдекімдердің қолында кетпесе екен депте уайымдайды Қызай. Бұл елден бұрын базар барып, сауда жасап кім көрген? Күн ұзап барады. Уәделі екі-үш аптада келулері керек секілді еді, әлі жоқ. Мазасы шындап кете бастады. Дүниеде күткеннен қиын нәрсе жоғын Қызай енді білгендей.
Құдай оның бетін ары қылсын, егер базаршылар әлдеқандай жағдайға тап келіп, қолдарындағы малдарынан айырылып қалса, осының бәріне тек Қызай ғана кінәлі болып шығатыны даусыз. Жамандық болса, Қызайдан келгендей көреді осы жұрт бүгінде. Жамандық атаулының түп себепкері, күнаһары Қызай болатыны несі екен?
«Осы қатынның кесірінен осындай күйге түстік» дейтіндер әлі де жоқ емес. Қызай осыған қамығады. Арқа сүйер азаматының, сенетін адамының жоқтығы сондайда білінеді екен.
Қызайдың көнілі нілдей бұзылды. Алаңдап, береке тауып, үйде отыра алмай, бір кіреді, бір шығады. Жүрегі май ішендей кілкіп, лоблығады. Енді бір кезде өзінің ауыл шетіне қарай безектеп кетіп бара жатқанын байқады. Қайда бармақшы?
Қайда бара жатқанын Қызайдың әрқилы сапырлысқан ойлардан қажыған санасы еміс-еміс болжағандай. Ең шеткері тігілген қоңырқай үйде жалғызілікті кейуана тұратынын естіп білген. Айтушылар: «Ол құмалақ салады екен. Құмалағы тура келеді» деген алып-қашпа әңгімені отырған жерде тамсана сөз қылғандардан талай естіген. Қызайдың көңілі қазір соған баруға ауған.
Қызай киіз үйдің есіген жасқана ашты. Тап бір бұны көптен күтіп отырғандай:
– Кір, кіре ғой, Қызай, – деді кейуана. Қызай кіргенімен есік алдында состиып тұрып қалды.
– Неге тұрсың? Төрлет, – деді кейуана әмірлі үнмен. Кейуананың мысы басқандай Қызай кібіртіктеп барып, төркөрпенің үстіне тізе бүкті.
Бұған бастан-аяқ зер сала қараған кейуананың көзі өткір екен. Қызай бойының шымырлап, өзін жотасында мың сан құмырсқа жүгіріп жүргендей сезініп, еріксіз иығын тіктеп, шалқалап, қозғалақтап қалды. Кейуана түсін әнтек жылтып:
– Бал аштыруға келдің бе? Әлде құмалақ салайын ба? – деп сұрады.
– Апа, құмалағыңыз шын сөйлейді деп естідім. Біздің елдің кісілері базарға азық-түлік әкелуге кеткенін өзіңіз де білесіз. Кешігіп келмей жатыр. Құмалақ салып, байқап көрсеңіз қайтер еді! – деді Қызай өте баяу үнмен жалынғандай болып.
Кейуана бұған тесіле қарап ұзақ отырды. Бұл көзқарасында әртүрлі мән жатқандай. Қызайдың да кейуанаға бойы үйренгендей. Осы әлеметтің бәрі сенің кесіріңнен емес пе деп кінәлап қарағанын да, бұл туралы қисынды-қисынсыз кінәлауларды естімей жүр дейсің бе, содан мүсіркей қарағанын да айыра алмады. Жаман хабар айтсам, шыдап бағасың ба деген сыңай да бар секілді. Қызайдың ішіне бір кесек мұз түсіп кеткендей бойы қалтырап қоя берді. Кейуана одан әрі Қызайдың төзімін сынамады.
Ақ жайманы төсеп, қалтасынан шүберекке түйген құмалақтарын жайма үстіне саудыратып төкті. «Бисмиллаһи» – деп бетін сипап, оң қолымен құмалақ тастарын араластырып жіберіп: «Ақ сөйле, құмалағым» – деп күбір етті. Қызай шашылып түскен тастардан көз алмай қарап қалған. Тап бір құмалақ тілін түсінетін кісіше үңіледі. Кейуананың бұнымен ісі жоқ. Әлденелерді күбірлеп, құмалақ тастарын бөліп, қатар-қатарға орналастыра берді. Құмалақ тастарын әр жолы араластырған сайын «Уа пірім, жар бола гөр», – деп қайталап отырғандай, құмалақ тастарын бірнеше рет араластырып, тартып қатарластыра тізіп шықты. Кейуананың жүзінен не қуаныштың, не кейістіктің нышаны білінер емес. Қызай болса да тізіліп тұрған құмалақ тастарының сырын ұға алмады. Әлден уақыта барып:
– Сүйіншіңді дайындай бер! Жолаушыларың үй іргесіне келіп тұр, – деді кейуана түсін жылытып.
– Көңілдері де, қоржындары да тоқ, уайымдама, – деп қосып қойды.
Қобалжыған Қызай терең тыныс алып, «Уһ» деп қалғанын өзі де аңғармады.«Аллаға сансыз шүкір», – деді даусына діріл араласып.
Қойнынан ақ жібек жаулық алып: «Сүйіншіңізге» – деп кейуананың иығына жапты. Кейуананың жүзінен болмашы күлкі табы білініп, жылылық жүгіргендей болды.
Қызай орнынан тұрып, рақметін айтып, кетуге оқталды. «Үйіргесіне келіп тұр» – дегенді естіген соң шыдап тұрсын ба? Сыртқа шығып қарауға асығып, тағаты қалмай барады.
Кенет кейуана:
– Отыр, – деді қатқыл үнмен. Қызай тізесі дірілдеп отыра кетті. Өзін кейуананың мысы басқанын ұғып, еркіне бағына бергендей. Кейуана:
– Өзіңе арнап құмалақ салдырмайсың ба? – деді сәл даусын жұмсартып.Қызай қапелімде не айтарын білмей сасқалақтап:
– Апа, құмалақ салатындай көңілімде басқа алаңым жоқ, – деді. Нық сөйлеуге тырысқанымен даусы сенімсіздеу шықты.
– Жалған айтасың. Жүрегіңнің түбінде зіл батпан қара тас болып жатқан жегі құртың бар емес пе?
– Ол менің өзімнен де жасыратын жұмбақ дертім ғой, апа!
– Солай де… Сол жұмбақ дертіңді құмалақпен шешкің келмей ме?
– Қорқамын, – деді Қызай шынын айтып.
– Неден қорқасың? Шындықты естуден қорқасың ба?
Қызай жақ ашпады. Кейуана бәрін түсінді.
Қызай көңіліндегі күдігінің расқа шығуынан қорқатын. Сол қорқыныштан қашқандай болып, елден көшкен жоқ па еді? Кейуана соның бәрін сезіп, біліп отырғандай көрінді.
– Жақсы, құмалақ салма десең, салмай-ақ қойдым. Бұл жұмбақты түбі өзің шеше жатарсың. Көңіліңе күдік алғандай бұған үлкен балаңның еш қатысы да, жазығы да жоқ. Осыны біл! – деді кейуана тап бір болмашы жайды айтып отырғандай.
Қызайдың көз алдына Жеңіс келе қалды. Дұшпандары Тоқтардың қазасына соның қатысы бар деген сөзді таратқаннан кейін баласының мінез-құлқындағы өзгерістерге қарап, «албырт неме, бір пәлеге ұрынды ма екен?» – деп күдік алғаны рас еді.
Бұдан әлі көзін алмай отырған кейуана:
– Дұрыс, сен дұрыс ойлап отырсың, – деді бұның ішіне кіріп шыққандай.
– Сен сол ауыр жаланы арқалап жүрсің. Бәрін ойыңнан шығарып таста, менің айтарым осы! – деп кейуана құмалақ тастарын жинап, шүберекке түйе бастады. Бұл «енді боссың» – дегені екенін ұққан Қызай үйден қалай жылдам шыға жөнелгенін өзі де аңғармады. Сыртқа шыққан соң тынысы кеңіп, ауыл үйлерінің алдына назар қыдыртты. Еш жерден базаршылардың арбасы көзге шалынбады. Елпілдеп қуанған көңілі су сепкендей басылды. Ол үйіне қарай ұнжұрғасы түсіп, аяғын зорға басып келе жатты.
Қызайдың бар ойы базаршылар жайында болып отырғанда «жолаушыларың үй іргесіне келіп тұр» – дегенді естіген соң есі-дерті соған ауып, өз қара басына қатыстыайтқандарына мән бермегендей еді. Кейуананың сондағы айтқан соңғы сөздерін ой елегінен енді өткізіп келеді. Сол есіне түскенде бойы тағы қалтырай бастады. Елден көшкелі жанының жарасы жазылғандай болған. Қаңқу сөз де, өсекте сол жақта қалды ғой деп ойлаған. Жоқ. Қалмаған сияқты. Кейуананың айтып отырғанына қарағанда, бірге еріп келгені ме? Жанының жарасы жазылмапты. Кейуананың әлгі сөзінен кейін көкірегі сыздап, жүрегі жиі қағып, аузынан шығып кетердей болып келеді. Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ деген де бекер болғаны ма? Ол үйіне алқынып, қара терге түсіп әрең жетті. Келісімен «басымның сақинасы ұстап тұр» – деп жатып қалды. Сол жатқаннан күні бойы жатты, ешнәрсе ойлап та жарытпады. Баяғыда анасының «бейуақытта төсекте жатуға болмайды» – дейтін сөзі есіне түсіп, кешке қарай орнынан еріксіз тұрды. Сынып ауырған басын шытпен қатты таңып, есік алдына шықты. Кешкі ауыл көрінісіне көз жіберді. Ауылдың сол бұрынғы бұйығы қалпы. Базаршылар арбасы көрінбеді.
Қызай ауыл іргесіндегі өзеннің жағасына келіп, жадағайлау жер тауып отырды. Судың салқын лебіне бетін тосып, мөлдіреп аққан су ағысына қарап отырып, жаны жай тапқандай. Арғы беттен көшіп келгелі осы өзенге Қызай қатты іш тартатын.
Сол күннен бастап, қуанса да, мұңайса да осы араға келіп отыратын әдеттапқан. Ішіндегі бар уайымын, мұңын осы қасиет тұтқан суы шайып алып кететіндей сырласына айналған. Көңілі ашылып, бойы жеңілдеп қалатындай.
Қазір де қобалжыған көңілі орнына түсіп, жүрегі де атқақтамай, саябыр тауып бәз-баяғы ырғағына түкендей болды.
Оң қабағы тағы тартты. Бұған енді Қызай ашуланайын деді. «Көрер жақсылығың болмаса, несіне жырқылдап тартасың?» – дейді ғой. Көңілсіз ойлар тағы иектей бастады.
Қызай бұған дейін ойына алуға да батылы бармайтын, өзінен-өзі сұрауға да жүрексінетін ең күмәнді, үрейлі сауалды қойғысы келді өзіне. Оның туған жерден ауып, елден қашқандай болып көшкендегі себебі, осы бейнетіне татитын ба еді? Осы сауалы әлі талай жыл жауабын таппай, Қызайдың жанын қинайтынын ол көшкен сәтте қайдан білсін?! Ауып келгенде не тапты? Ағайындарының реніші мен бұны тілдерінің бізін сұғып, кіналаулары ғана болғаны ма? Қаңқу сөз бәрі – бір ілесе келгендей. «Бұл Жеңісті қайтсем екен?» – деп жаны күйзелді. Құтым қайнағасы: «Тоқтарды жазым еткен Жеңіс» – деген сөз таратқан соң қалай уайымдамасын. Жеңіс жайлы әлгі қаңқу сөз кіші екі баласының құлағына тисе, не болмақ? Қызайдың әу баста-ақ Жеңістен күдігі де, күмәні де жоқ еді. Оны әлгінде кейуана да айтты емес пе? Енді несіне уайымдайды? Қалай уайымдамасын? Балалары үшін ана жаны шүберекке түюлі.
Осылар иттей ырылдаспай, бір-біріне алакөз болмай, ынтымақты ғұмыр кешсе екен деп балаларын өсек қаулаған жерден ала қашты емес пе? «Осы балаларың аман болса, көш бейнетінің ақталғаны емей немене?» – дейтіндей бір ойы. «Ағайындарыңның реніші қайтер дейсің? – дейді тағы бір ойы тоқтамға шақырып. – Өз жеріңде отырғанда да бір-бірінің мінін іздеп, артын қазып отыратын күншіл ағайындар емес пе еді? Байқайсың ба, басқа өлкеге келген соң қайта ауыздары бірлікті, ұйымшыл бола түскендей. Елдегі тірлік­терін мұнда да жасап, күндерін көрер. Сен ешкімді зорлап көшіріп әкелген жоқсың ғой. Енді несіне өзіңді кіналай бересің? – дейтіндей тағы бір ойы.
Есіне қайта Жеңіс орала берді. «Бұл баланы қайтсем екен? – деген ойға кетті. Кейуана «балаңның еш кінәсы жоқ» – деп анық айтты ғой. Оған Қызайдың өзінің де еш шүбәсі жоқ еді. Тек елдің өрттей қаулаған өсегіннен қорқады. Ол ағын суға қарап, осындай-осындай ойлардың еркіне беріліп, шешімін таппай көп отырды. Жауабы жоқ шытырман сауалдар жан-жағынан қамап алғандай.
– Апа, апа! – деген Дербістің қуанышты үнінен селк ете түсті.
– Не болды, балам?..
– Апа, базаршылар келе жатыр, – деді баласы аптығын баса алмай. Соны айтты да қайта шапқылап жүгіре жөнелді.
Қызайдың жүрегі тағы да атша тулап қоя берді. Қуанған да, қорыққан да бір деген осы шығар. Тізесі дірілдеп, орнынан үш ұмтылып зорға тұрды. Базаршылар арбасы күре жолмен ауылға кіріп келеді екен. Ол қайынағасының үйіне қарай асыға басты. Жүрегі өрекпіп алып ұшып тұр. Ырдуан арбалар да қайынағасының есігінің алдына келіп тоқтады.
Серікқан інісін азық-түлікпен өздерінің ауылдарына жіберіп, аманаттарын өз қолымен тапсыруға ауыл азаматтарымен Қызайдың ауылына бірге келген.
Әутәліп қарияға, Қызайға сәлем беріп: «Азық-түліктеріңізді қабыл алыңыздар» – деп қайынағасынікіне бір қап ұн мен бір қап бидайды арбадан түсіріп берді. Арбалар ары қарай үйлерді жағалай аралап, ұн мен бидайды таратып шықты. Соңында айналып, Қызайдың үйіне келген. Қызай да шайын қойып, дайын отырған. Дастарқанға базаршыларды түгел шақырды.
– Қалқам, көп рахмет. Өте сауапты іс атқарып келдіңдер. Ешқандай қиындық болған жоқ па? Азық-түліктерің барлық үйге тегіс жетті ме? – деп сұрады Қызай.
– Санап әкелінген дүние неге жетпесін?! Әпке, жеткенде қандай! Жол бойында ешқандай қиындық та бола қойған жоқ. Әпке, сіздердің қойларыңыздың тұқымы жақсы екен. Етті, құйрықты қойлар екен деп базар иелері жақсы бағалады. Осы қойларыңызды көбейтіп өсіре беріңіздер, осылар сіздерді асырайтынына көзім жетті, – деді Серікқан үлкен кісіше осы сапарын қортындылай айтып.
Әңгімеге қызыққан еліккіш Жеңіс:
– Апа, базарға мен де бірге бармаған екенмін, – деп өкініп қалды.
– Барғың келсе, бір-екі рет ертіп апарып үйретейін. Кейін ауылыңа қажет нәрселерді өзің әкелетін боласың, – деді Серікқан да Жеңістің өтінішін қолдап, қиялына қанат бітіріп.
– Алла қаласа, солай қанаттасып, бір-біріңе демеу болып жүріңдер, айналайындар! – деді Қызай да ризашылығын білдіріп. Осы сөзі Жеңіске базарға баруға ұрықсатын бергендей болды… Қызайдың дәл бүгінгі қуанышы ерекше еді. «Тәуба!», «Тәуба!» деп күбірлей береді. Жүзі алаулап, қимылы да ширап, қуаныштан қуат қосылғандай өзін соншалықты қунақ сезінді. Ол көптен бері дәл осылай қуанбаған секілді.
Ұнның қабының аузын ашып, майда тартылған әп-пақ ұнды алақанына салып көрді. «Тәңірім, бала-шағамның несібесін уайымсыз-қайғысыз бұйыртып жегізе гөр» – деп тағы да «Тәубасын» айтып, тілек тілеп, қамыр илей бастады. Қамыры жұп-жұмысақ болып, үйіріліп түсе қалды. Қамырды тындырып қойып, ошақтың астына от тұтатты.
Тынған қамырды жеті күлшеге бөліп, жайды. Жайылған күлшені қызып тұрған қазанға екі жағынан қарып, қатырма жасай бастады. Қазаннан шыққан ыстық қатырманың асты-үстіне сары май жағып отырды.
Суыған қатырманың төртеуін төрт баласының қолдарына ұстатып:
– Жаңа жерлеріңнің алғашқы ырыздығынан ауыз тиіңдер, – деп берді.
Соңғы ыстық үш қатырманы табаққа салып, бетін жауып алып, қайынағасының үйіне қарай асыға басып бара жатты. Келсе, олар да кешкі шайға енді отырған екен. Қызай қатырмасын дастарқанға қойып:
– Қайынаға, абысын, базардан келген ұннан алғашқы жасаған дәмнен әуелі сіздер ауыз тиіңіздер деп әкеліп отырмын, – деді.
– Кел-кел, өзің де отыр, бірге ауыз тиелік, – деді абысыны да жүзі жылып. Қатырманың біреуін үзіп-үзіп үшеуінің алдына қойды.
– Бисмиллаһи, – деп ауыз тиген қайынағасы дәмін көріп:
– Дәмді-ақ екен, – деді тамсанып.
Қайынағасының бұл сөзі де батадай Қызайдың қуанышына қуаныш қосып, жігер бергендей әсерліболды. Қайынағасы разы, ағайындары тоқ болса,Қызайдың да уайымының кеткені.«Қуану үшін бұдан артық не керек?» – деп ойлады ол.
Осы оқиғандан кейін-ақ Қызайдың еңсесі көтерілгендей. Әрбір үйдің есігінің алдында бұлақтай-бұлақтай құнажындар тұрды. Ертеңді-кеш екі реттен сауғанда бір-бір шелектен сүт беретінін айтсаңшы? – деп ойдайды Қызай. Ауылдастары өз елдерінде де тап мұндай сүтті сиыр ұстаған емес еді. Зеңгібайдың сиырларының тұқымы бөлек, айрықша сүтті сиыр екенін бәрі мойындады. Кәрі сиырларын бұлақтай құнажынға айырбастап алған, әр үй гүрпілдетіп сиырларын сауып, шелек-шелек сүт алып, балалары айран, қаймақ, қатыққа жарып, «сен іш», «мен іш» болып, ересектерінің шылқа майдан кекіріктері азып отыратын күнге жетті азуақытта. Азық-түліктің уайымы естерінен мүлде шықты.
Базаршылар әкелген ұн мен бидай да бірталайға дейін жетті. Арада көп уақыт өтпей азық-түлік тиеген керуен де келе қалды. Бұл ауыл үшін ол да бір бұрын көрмеген жәрмеңкедей әсерлі дүние еді. Оны да көпке дейін жыр қылып айтып жүрді. Әркім қолындағы өгізін, еркек торпақ, танасын өткізіп, келгеніне қарай, ұн, бидай, тары, күріш секілді дақылдарды қысқа жетерліктей мөлшерде өздері таңдап алды. Ауыл адамдары содан бері тұрмыстарына дән риза еді. Ауқат боларлық мұндай ырғын мол дүниені кім көрген? Дақылдардың түрлері қандай көп еді?!.. Өсірмейтін дүниелері жоқ көрінеді.
Керуенде азық-түліктен басқада көздің жауын алатын заттар жеткілікті екен. Малың болса, айырбаста да ала бер. Қызайдың ағайындары малдың басын көбейтулері керек екенін бірден түсінгендей. Олардың бір ұққаны – бұл елде малың болса, аш та қалмайсың, киімсіз де болмайсың. Осыны көкейлеріне мықтап түйіп алғандар шаруаларына ден қойды. Бейсенбі қарияның ауылында қалған арбалары естеріне түсіп, соны алдырты. Әр үй өздерінің шөпке, отынға баратын арбаларын жөндеді. Бәрінің сондағы көздегендері – бір-екі қойын салып алып, базарға барып келген жігіттердің біреуін ертіп, Құлжаның базарын өз көздерімен көру еді. Сол мұраттарына да жетті. Көктем шыға әркім-әркім бір-екі қойын салып алып, келіншектерін жанына отырғызып қойып, Құлжаға қарай кетіп бара жататын болды. Ауылдастары жаңа тұрмыстарына осылайша тез бейімделді. Келіншектердің базарға барып келулерімен бірге ауылда түрлі жаңа заттар пайда бола бастады. Әуелі, қорғасын қағазды шүршіт елінің тақта шайы келді. Келіншектер болмаса оны жігіттер әкелуші ме еді? Қыз-келіншектер таза шүршіт жібегінен иықтары жаңарып, көйлек киюді сәнге айналдырды. Оны да әкелген келіншектер ғой. Қызайдың ауылдастарының келбеті біртіндеп түзеліп, өзгеріп шыға келді. Қызай бұған да қуанады. «Елдің еңсесінің көтерілгені несі жаман?» – деп ойлады.
Бірте-бірте Қызаймен ешкімнің ісі болмады. Бұны ешкім сөз де етпейтіндей. Өйткені, басқа ермек табылды. Айтатындары базардың әңгімесі. Енді Қызайға бола сөз шығындап қайтсін?!
Қызайдың ендігі ойлайтыны тек өз балаларының қамы еді. Жеңіс те бір-екі дүркін базарға барып келді. Оны Құлжамен екі ортада сабылтып, босқа малды құртқызбай, аяқтандырсам деп ойлады Қызай. Осы оймен Байжұма биге амандаса барып, ақылдасып қайты.
Байжұма бидің көшелі, бір сөзді кісі екеніне Қызайдың көзі тағы бір жеткендей. Алғашқы кездесулеріндегі айтқан сөзінде тұрып, Жеңіске еліндегі айтулы бір дәулетті адамның қызына құда түсіп, қалыңмалын да өзі көтерді.
Қызай сол жылы жазда Жеңістің үйлену тойын жасап, келін түсірді. Бұл жаңа жердегі алғашқы той еді. Сондығымен ел есінде қалды.
Арасын көп созбай, күзде Меңісті де аяқтандырды.
Көрші ауылда үй жасайтын шебер тұрады екен. Соған пұлын беріп, екі баласына екі үй жасатты. Үйдің ішкі жабдығын Қызай өз қолымен әзірледі.
Үйлері дайын болған соң екі баласын да жасау-жабдығымен отау етіп бөлек шығарды. Шағырдан қалған малды Жеңіс пен Меңіске қылдай бөліп, еншіге берді.
– Ал, балаларым, осыған риза болыңдар. Әкелеріңнің аруағы да маған разы шығар. Менің қолымнан бар келгені осы. Әкелеріңнен қалған малға ие болыңдар, қорын үзіп алмаңдар! – деді.
Жеңіс малды азырқанғандай болып еді. Бірақ, Қызайдың қолындағы Тоқтардан қалған аз малдан тағы бөліп бер деуге дәті бармады. Әрі қастарындағы Байжұма би мен Шуақ батырдан жасқанды, бір жағы ұялды.
Байжұма бидің ұйғарымымен Жеңісті Текес, Меңісті Күнес өзендерінің төменгі ағысына, Ілеге құйылысына таяу жерге қоныстандыруды жөн көрді. Байжұма бимен Шуақ батыр Әутәліп қарияны ертіп алып, балаларға таңдалған қоныстарды көрсетіп, мақұлдасты. Сөйтіп, малшы-қосшыларын қосып беріп, жеке-жеке ауыл етіп қоныстандырды. Өздеріне қарасты мал өрісін де бөліп, анықтап көрсетті.
– Осы жерде өсіп-өніп көркейіңдер, – деп қос қария баталарын берді.
– Енді әрқайсың бір-бір үй болып, жұрт қатарлы күндеріңді көріңдер. Бұдан былай аналарыңа қол артпаңдар. Ол әлі ана екі баланы жетілдіріп, жеткізуі керек, – дегендей үлкендік сөздерін, ақылдарын айтып жанашырлық тілектерін білдірді. Жеңістің ләм дей алмай мысы құрыды. Базарға жөнсіз шапқыламай, мал басын сақтауы керектігі зердесінде саңылауы бар болса, жетерліктей айтылғанын түсінді.
…Уақыт шіркін жүрдек қой. Күн артынан күн, ай артынан ай білдіртпей жылжып, жылдар көші алға жылжи берді. Жас өсіп, жарлы байыды дегендей, жастар өсіп-жетіліп, ұрпақ жаңарып, алмасып жатты. Енді шаңырақ көтерген жас отаулармен қатар үш өзеннің арасындағы алқапты мекен еткен арғы беттен Қызаймен бірге келген ағайындарының да мал-жандары қаулап өсті.
Жері малға, ауасы жанға дауа болғандай елдері көркейіп, шаңырақтарына құт қонғандай.
Әутәліп қария орта дәулетті жандармыз деп, сыпайысып айтып отыратын елдің жастары арасынан мыңғыртып мал айдаған байлар шығады деп кім ойлаған? Жандары да бұтақтанып жапырақ жайып, жан-жағына желі тартып, өсіп-өнді. Бұғанда да негіз болып: «Ел-жұртым аман болсыншы, көгеріп, көктесінші» – деген Қызай ананың ақ тілеуі жатқанын ешкім жоққа шығара алмас.
Қазақ қай жерде де қазақ қой. Өз табиғатынан айни алмас. Бұрын бірін-бірі танымайтын екі қазақ жолыға қалса, әуелі, ата-баба тегін сұрайтын әдеті бар емес пе?
Алғашқы көшіп келген жылдары Құлжа жаққа барып жүргендерден жөндерін сұрағанда олар арғы беттен келдік деуге жасқанып, бізден күмәнданар, сенімсіздік білдірер деген ойдан Күнес аймағындағы Қызай ауылынанбыз дейтін еріксіз. Солай деген жұрт бірте-бірте Қызай еліненбіз дейтінге қалай ауысқанын өздері де сезбей қалғандай. Ал кейінгі жас балалар мақтанышпен «Қызай еліненбіз» дейтін болған.
Жоғарыда осы жастардың арасынан мыңғыртып мал айдаған байлар шықты деп айтып қалдық қой. Дербістен туған баланың бірі Сасан еді. Ол сол аймақтағы атағы көпке тараған байлардың бірі атанды. Арысы, ішкі шүршіт еліне табын-табын мал айдап, керуен жүргізген Сасан байдың атағы дүркіреп шықты. Берісі, Мыңжылқы, Қарқара жәрмеңкесіне үйір-үйір жылқы жіберетін шынжыр балақ, шұбар төс танымал байдың өзі болды. Одан туған төрт ұлы да әке дәулетін ұстап қаларлықтай қарымды, қажыр-қайрат иелері еді. Әке жолын жалғастыра білді…
Қызайдың балаларының кішісі – қырық серкешті қалай бағамыз деп уайымдап жүрген аңғал Дербестің ұрпағының басына осылайша мол дәулет пен билік үйіріліп, еліне абырой әкеледі.
«Осы балаларым аман-есен жетілсе, көш бейнеті де ұмытылар. Мен де уайымымнан арылармын» – деген Қызай арманы жүзеге асқандай. Ана көңілінде еш күмән қалмағандай еді.
«Осы балаларыңды ортан қолдай азамат етіп, қатарға қоссаң, сенің бар бейнетіңнің ақталғаны» – деген Байжұма бидің сөзі үнемі көкейінде жатушы еді Қызайдың. Сол аузы дуалы би айтқандай, Қызайдың төрт баласы да бір қолдың саласындай қатар жетіліп өсіп-өніп, ұрпақ жайып, сол елдегі негізгі төрт атаны құрады. Былайғы жұрт оларды «Төрт Қызай» деп топтап айтатын болған. Бұл міне ана еңбегінің шын ақталғаны еді…

* * *
Ақтайлақ би шежіресіндегі: «Матайдың тағы бір баласы Құттыболат аталық. Одан тараған ұрпақтың бір тармағы Қытай еліне қарасты Құлжа аймағында тұрады. Бірақ олар Қызай елі деп аталады»- деген бір ауыз деректің астарында қилы-қилы тағдыр жолы, қаншама көз жасы мен төгілген тер жатыр еді десеңізші?! Бір рулы елдің барған жеріне кірігіп, ел болып кетулері үшін қаншалақты қажыр-қайрат, күш-жігер жұмсалғанын көңілмен ғана болжауға болар!
Басқа жерге қоныс аударған шаңырақ мүшелерінің жаңа ортаға үйреніп, бейімделулері бүгін де оңай емесі белгілі. Әсіресе, араларында жасы егде тартқан адамдары бар болса… Ал, бір шаңырақ емес, бір рулы елдің шекара асып келіп, бөтен елде тұрақтап қалуы, жергілікті жұртпен бауырласып, сіңіп кетуі қайдан жеңіл-желпі іс болсын? Оған Қызайдай дана әйелдің орасан ықпалы бары айдан анық. Біз тек осыған қолымыздағы шежірелік аңыздарға сүйене отырып, ой жүгірткен едік… Бәлкім біз оны толығымен нақты болжай алмаған да шығармыз?!
Өткен ғасырлардың бірінде Қызай атты дана әйелдің өмірде болғаны анық, бүгінде қызай деген елдің бары да рас. Басқасы маңызды емес…
Белгілі деректер бойынша Іле аймағында тұрып жатқан қызайлардың саны бүгінде жеті жүз мыңнан асып жығылады. Бұл да көңілімізге үлкен жұбаныш әкеледі.
Екі баладан артық сәби сүюге тиым салынған елде тұрып, өсіп-өнудің осынша дәрежеге жеткені жұбаныш қана емес, қуаныш екенін барлық болмысымызбен сезінеміз. Бұл да қасиетті ананың артының көркейгені, тілеуінің ақ, мұратының асыл болғаны деп білеміз! Ұрпақтарыңыз өсіп-өркендей берсін, абзал ана! Пейіште нұрың шалқысын! Қағазға түскен осы жолдарды өзіңе бағыштаған дұғамыз деп қабыл алғайсың әулие ана!

Пікір қалдыру