ШЕРЛІ ШЫҒАРМА, ҚАЙРАТТЫ ҚАЛАМГЕР

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ 1993 жылы Алматы облысында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін, «Жоғарғы экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің (Мәскеу қ.) экономика ғылымдары факультетін тәмамдаған. Қаржы қызметінің үздігі.
Түрлі жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, Экономикалық зерттеулер институтында, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. Қазіргі таңда ҚР Қаржы министрлігінде департамент директоры болып қызмет істейді, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында профессор міндетін атқарады.

Әлқисса

Қазақ тарихында қиындығы мол, ұлт болып сақталып қалуымызға зор қатер төндірген қаһарлы жылдары көбірек, қуанышы азырақ уақыт кезеңі, бүтіндей бір дәуір – ХХ ғасырда ұлт рухының жаңғыруы жолында ерекше еңбек сіңірген, партиялық аппарат пен идеологиялық машинадан жасқанбай санада сілкініс тудырған тұлғалар болды. Солардың бірегейі – қарымды қаламгер Ілияс Есенберлин.
Отыз бес жылға жуық қаламгерлік ғұмырында оннан аса роман тудырып, аса өнімді еңбек еткен жазушының көркемдік қуаты жоғары өзге туындыларын былай қойғанда, бірнеше ғасырдың жүгін арқалаған «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» трилогиялары әдебиетімізде құбылысқа айналып, әлі күнге дейін оқырман назарынан түспей келеді.
Біздің баян «Көшпенділер» трилогиясы, оның жазылу тарихы мен дереккөздері, шырғалаңға толы жарыққа шығу жолы мен лайықты бола тұра марапат, сыйлықтардан шетқақпай көруі хақында болмақ.

Терең білім, кең таным

Орталық мемлекеттік архивте сақталған қаламгердің жеке қорымен (2144-қордың 2-тізбесі) танысу барысында жазушының «Көшпенділер» трилогиясын жазуға үлкен дайындықпен келгенін байқадық.
Кең тынысты, эпикалық сипаттағы бірнеше дәуірдің жүгін көтерген туындыны жазу барысында І.Есенберлин тарихи дереккөздермен, архив мәліметтерімен мұқият жұмыс жасап, өзіне қажетті мәліметтерді конспектілеп отырған.
Жеке қордан (62-іс) романға дайындық барысында пайдаланған әдебиеттерге де қанығуға болады. «О Бейбарсе, половецких мамлюках и кипчаках», «Откуда черкесские и кавказские мамлюки?» атты үзінділерді «История стран Азии и Африки в средние века» атты кітаптан алады (14-15-беттер).
«Арғын-ата, Арғын-би, Арғын-басқақ» атты үзіндіні (16-19-беттер) «Татаро-монголы в Азии и Европе» атты КСРО ҒА Шығыстану институты 1970 жылы шығарған жинақтан, Федоров-Давыдовтың «Курганы, идолы, монеты» кітабынан, Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағының І томынан, О.Смағұловтың «Ғылым» баспасынан 1970 жылы шыққан «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» зерттеу еңбегінен алады.
Бұдан бөлек әдебиеттер арасынан В.Вельяминов-Зерновтың «Исследование о касимовских царях и царевичах» (ІІ бөлімі, Санкт-Петербург,1864), Н.И.Веселовскийдің «Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестанском крае» (Санкт-Петербург,1894), П.Г.Галузоның «Вооружение русских переселенцев в Средней Азии» (Ташкент, 1926), «Туркестан – колония» (1929), Гладышевтің «Поездка из Орска в Хиву и обратно, совершенная в 1740-1741 годах» (Санкт-Петербург, 1851), Ахмет Кенесариннің «Султаны Кенесары и Садык» (лит.запись Смирнова Е.Г., Ташкент, 1889), А.Левшин «Описание киргиз-кайсацких орд и степей в трех частях» (Санкт-Петербург, 1832), А.Макшеевтің «Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских» (Санкт-Петербург, 1890), М.Н.Покровскийдің «Дипломатия и войны царской России в XIX веке» (Москва, 1923), «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» жинағын (под ред. Семенова-Тянь-Шанского, том 18 (Санкт-Петербург, 1903), П.Румянцевтің «Киргизский народ в прошлом и настоящем» (Санкт-Петербург, 1910), М.Терентьевтің «История завоевания Средней Азии. В трех частях» (Санкт-Петербург, 1906), М.Тынышбаевтың «Материалы к истории киргиз-казакского народа» (Ташкент, 1925), «Вестник Европы» журналының 1870 жылғы №8,9, 1871 жылғы №8 сандарында жарияланған Н.Середаның «Бунт киргизского султана Кенесары Касымова» атты мақаласын, «Прошлое Казахстана в источниках и материалах, том І /V в. до н.э. – XVIII в. н.э.» жинағын (под ред. проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А.Кунте (Алма-Ата-Москва, 1935) көруге болады.
Сол дәуірде өмір сүрген қазақтардың антропологиялық бет-бейнесіне қатысты сол тұстағы жас зерттеуші ғалым, қазіргі академик О.Смағұловтың «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» еңбегінен «В течении изученного нами времени антропологический облик населения Казахстана формировался и развивался как смешанный. Это подтверждается тем, что с эпохи бронзы до наших дней происходила непрерывно после­довательная перестройка древнеказахстанского европеоидного типа в южнорусский. Хотя современных казахов можно отнести к смешанной расе, однако по ряду признаков высокого таксономического значения они тягатеют к европеоидной группе. Поэтому вполне правомерно связывать евровидные черты казахов с морфологическими особенностями местного населения эпохи бронзы» деген үзіндіні ерекше бөліп көрсетеді.
Қаламгер жеке парақтарға роман оқиғасына қажетті 1237-1408 жылдар хронологиялық тәртіппен қазақша жыл санаудағы атын көрсете отырып, күнтізбе ретінде қолмен құрастырған (67-71-беттер). Хан тұқымының генеалогиясы мен шежірелік тармағын рет-ретімен жүйелеп келтірген (7-11-беттер).
І.Есенберлиннің романдағы кейіпкерлердің бет-бейнесін, түр-сипаты мен мінез-құлқын ашып көрсетуге қажетті деректерді де бір ретке келтіріп, жинағанын көруге болады. Мысалы осы қордың 44-бетінде «Кенесары: қырмұрын, ат жақты, сары сұр кісі еді, Наурызбай: ұзын бойлы, аққұба, сұрлау, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан» деген анықтамалар бар.
Кенеден сегіз бала туды ұғыл
Аттары төмендегі айтылған бұл:
Әубәкір, Омар менен Оспан, Сыздық,
Жаппар, Тайшық, Ахмет, Жәкей деп біл, – деп келетін жыр жолдарын келтіре отырып, Кенесарының ұрпағын түгендеуді мақсат тұтқаны көрінеді (44-бет).

«Наурызбай-Қаншайым» жырынан берілген:
Қасым хан Абылайдың бел баласы,
Осылай білген ерге сөз данасы.
Абылай Қалдан ханның қызын алған
Қасымның естісеңіз сол анасы.

Қасым хан өзге ұлынан асып туған,
Көңілін дұшпанының басып туған.
Қарнында анасының қан шеңгелдеп,
Қызартып екі көзін ашып туған.

Хан болды заманында қуатты, әлді,
Дұшпанын жермен жексен қылып алды,
Опасыз баяны жоқ фәни жалған
Жеткенде қаза тақсыр дүние салды, – дейтін үзінді Кенесарының әкесі Қасым туралы толығырақ мәлімет бере түседі (42-бет).
Бұдан бөлек Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған Бұқар жырау айтты делінетін «Абылай ханның арманы» атты үзінді, Ә.Марғұланнан алынған Кенесары мен Балғожа бидің өлеңмен хат алмасуы, Кенесарының Ресей билігіне жазған екі хаты жазушының терең энциклопедиялық білімі мен мол дайындығы туралы пайымымызды қуаттай түседі.

«Сөзіме назар сал, Қожам…»

Соңғы кезде кейбір өрескел пікір қоғамда қызу талқыға түсіп, сабырлы сөзге құлақ түретін саналы да, жел сөзге ере жөнелетін жеңілтек те біраз дуылдап басылды. Ол пікірді айтқан адамның да ұлт қайраткерінің атын жамылып, өзін танытқысы келген жымысқы ойы айқын көрінді, онысынан айтарлықтай ештеңе шықпай, жарға соғылған толқындай екпіні қайтты. Асылында халқымыздың «Әсіреқызыл тез оңар» дегені осындайда айтылса керек.
Хош, сондағы дау-дамайға, дау-дамай дейміз-ау, жазықсыз күстаналауға іліккен ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин есімі аталғанда еріксіз ойға Балғожа би Жаңбыршыұлы түсті. Ыбырайдың ақыл-парасаты, адамдық болмысы мен қайраткерлік қабілетінің түп негізінде Балғожа бидің тәрбиесі жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас.
«Ойды ой қозғайды» демекші, Балғожа бидің тұлғасына терең үңілуімізге Орталық мемлекеттік архивтегі Ілияс Есенберлин қорын зерделеу барысында кездейсоқ көзге түскен құжат себеп болды.
І. Есенберлин қорындағы (2144-қор) 62-істе Кенесары Қасымұлының Балғожа биге өлеңмен жазған хаты сақталған. Хаттан Кенесары ханның қайраткерлік тұлғасы, қайсар болмысымен қатар, өлең-сөзге жақын, шешен адам екені көрінеді.
Кенесары хан өз хатын:
Балқожам!
Ақылың жүйрік Жалқожам,
Біз де ақсүйек баласы
Бізді еске ал, Қожам,
Жарлығыма көн дағы
Жағдығыңды қыл, Қожам,
Кешеулікті кейін қой,
Сөзіме назар сал, Қожам,
Кешікпей мұнда кел, Қожам,
Келіп малыңды ал, Қожам,
Қолдан дәулет кеткен соң,
Қиын болар хал, Қожам! – деп бастайды.
Одан әрі:
Ей, билер менен шоралар!
Орыспен жолдас болсаң,
Жаныңда балтаң болсын деген сөз бар,
Бұ орыс біздей күліп-ойнамас
Сірә, қазақ баласы,
Сізге жақсылық кәуір ойламас.
Ақылың кең би едің,
Амалменен бұл кәуір
Бағындырып алар ол,
Айламенен қызмет қылдырып,
Жағындырып алар ол,
Түрлі-түрлі суретке
Табындырып алар ол.
Бізден айтқан үлгі сол,
Өзіңде де ақыл мол,
Кезі келген күнінде
Солдат қылып ойнатып,
Дін ісламға айдатып,
Бишара қазақ баласы,
Сөйтіп сорың қайнатып,
Үкіміне көнбесең
Қол аяғың байлатып,
Қарауылдап, қарулап,
Мылтық, найза жайнатып, – дей келе, отаршылдықтың сипат-салдарын асқан көрегендікпен сипаттайды. Патшалық Ресей құрамында болған уақытта ұлттық болмысымызды жоғалтып, халықтың тұрмысы төмендеп, салт-санасы өзгеріп, ұлт ретінде жоғалуға шақ қалғанымыз ешкімге де жасырын емес тарихи факт.
Ары қарай Кенесары хан:
Алты Алашқа белгілі
Ақылыңның данасы,
Сәлем жазып жібердік,
Арғын, Қыпшақ ағасы!
Жыртылмасын, жарқыным,
Еліміздің жағасы.
Қанғандай-ақ болды ғой,
Бұл орыстың таласы,
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Әкім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Бір ауызға қараса?! – деп ел бірлігін ойлап, ұлт тұтастығын сақтауға шақырады.
Біздің қазақ баласы
Быт-шыт болып жүргені
Ауызының аласы.
Тізгін берсе Кенеге,
Қанат қосса жебеге
Қырмақ түгіл орысты
Дал қылмасқа немене! – деп жалғасқан хаттан халықтың әлі де бір жағадан жең шығаратындай бірлікке жетпегенін байқаймыз.
Ойлап қара, биіміз,
Қапияда кенеттен
Кете қалды күйіңіз.
Абылай хан бабасы,
Біз – Қасым ұлы Кене хан,
Бізге басыңызды иіңіз.
Ордамыздан ат мініп,
Алтыннан тон киіңіз.
Кәуірден көңіл пәс қылып
Мұсылманды сүйіңіз.
Назар салып қара да,
Алдың менен артыңа,
Арғын, Қыпшақ ағайын,
Кеңесің құр халқыңа.
Несібе тартып, дәм айдап,
Мұндай келер болсаңыз,
Салулы төсек сіздікі,
Назар салмақ біздікі.
Айдауыңа мал болсын,
Алдыңда қызмет, салқын үй,
Тартулы қазы, жал болсын,
Көңіліміздің татуы
Шекер менен бал болсын,
Әне уағда сол болсын, – деп Кенесары хан өз хатын тәмамдайды.
Бірлікке, елдікке үндеген Кенесары ханның бұл хаты – біз білетін архив көздерінде сақталған үш хаттың бірі.
Бір қызығы, бұл хат Санкт-Петербургтегі белгілі шығыстанушы, академик Н.И. Веселовскийдің қорынан табылған. І. Есенберлиннің таңбалауында хатты академик Әлкей Марғұланнан алғаны жазылған. Демек, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, біздің тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдарымыз Н.И. Веселовский мен Ә.Марғұлан архивтерін тереңірек зерттесе, әлі де талай қызғылықты деректер мен тарихи жәдігерлердің табылуы ықтимал.
Тағы бір айта кетерлік жайт: жоғарыдағы хат мәтініне ұқсас жыр жолдары ел арасында кең таралған Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанында Кенесарының атынан айтылады:
– Қол көрінбес шаң болды
Алатаудың арасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман әлеумет
Бірге мінсе кемеге,
Үш алаштың баласы.
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,
Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!
Кенесары хан тұлғасын терең зерттеген Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» (1947) атты әйгілі еңбегінде Кенесарының түр-тұрпаты, қайраткерлік қыры, ержүректігі мен қолбасшылығы, ақыл-парасаты сөз болғанмен, ақындық қыры жайлы мәлімет берілмеген. Десе де, «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінетін» (Г.Потанин), сөз мәнісіне жете бойлап, сөз қадірін өз қадірім деп білген кезеңде өмір сүрген, өне бойын кек кернеген хан Кененің өлең-жырға жақын болуы да әбден мүмкін.
І.Есенберлин қорында Балғожа бидің Кенесары ханға жауабы сақталған. Өлеңмен жазылған хатта Балғожа би Кене ханға бас иіп, бағынудан бас тартады. Қыпшақ руының Ұзын тарауына билік еткен Балғожа Жаңбыршыұлының Кенесарыға бағынбауын кейбір зерттеушілер патшаға берген антынан таймауынан, адалдығымен байланыстырады.
Балғожа бидің өз бітіміне келер болсақ, Е. Бекмаханов Орынбор шекара комиссиясының материалына сілтеме жасай отырып, «өз руластары арасында оларды басқару жағынан ғана емес, жалпы орда ісі бойынша үлкен беделге ие, би атымен Шығыс ордасына ғана емес, бірінші би ретінде дау-шарғыларды шешу жөнінен басқа ордаларда кең танымал» деген сипаттама береді (1947; 274-бет).

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай тағалам.
Атаң мұнда анаң мен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың.
Ата-анаңды өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, ах ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің?! – деп оқуда жүрген Ыбырайға өлеңмен хат жазатын Балғожа бидің де сөзге ұста, от ауызды, орақ тілді адам болғаны белгілі.
Бұл жөнінде 2016 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Киелі көштің жалғасы» атты мақаласында Қабдеш Жұмаділов: «Өзге аға сұлтандар сол болымсыз мансапқа мәз болып, орысқа «ләббай, тақсыр» деп бағынғанда, пат­ша жарлығына Абылайдың қалмақ әйелінен туған Қасым сұлтан мен оның өрен-жараны ғана қарсы шықты. Әуелде көтеріліс басында Қасым сұлтанның өзі тұрса, кейін оның ісін ержүрек ұлдары Саржан мен Есенгелді, Кенесары мен Наурызбай жалғастырды. Ең ғажабы, сол төрелер ұлт азаттығы жолында түп-түгел басын берді.
Ал бұл кезеңде ел ағасы билер қандай бағыт ұстады? Бұл кезде хан ордасында бас қосып, кесімді сөз айтатын билер кеңесі келмеске кеткен. Бастан билік тайған соң әр­кім өз күндерін күйттеп, билер де амал­сыз күштілерге бас иген. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің Кенесарыға хат жазып:
Қапияда бір күні
Орға түсер боларсың,
Қайта шықпақ зор болар…
Қайда барсаң алдыңнан
Құрулы тұрған тор болар.
Райыңнан қайтпасаң,
Ғазиз басың қор болар…
Былай барсаң Қоқан бар,
Қоқаңдаған әкең бар.
Былай барсаң Бұхар бар,
Жәйін болып жұтар бар.
Былай барсаң Қырғыз бар,
Ерімейтін бір мұз бар.
Артыңда қалың орыс бар,
Байқұс-ау, сонда саған қандай қоныс бар? – деп жанашырлық танытып, кеңес беретіні – осы тұс» деп жазады.
Тарихи деректерде Кенесарының Балғожаның ауылын шапқаны, 1844 жылы Кенесары жасағы қолынан бидің ұлы Алтынсарының қаза тапқаны жазылады. Кейбір ел аузынан жеткен мәліметтерде екі тұлғаның ой, ұстаным қайшылығына қармастан арасы тым суып кетпегені, Кене ханның шапқыншылығынан Аманқарағай өңірінің ауыр зардап шекпегені айтылады. Алайда тарихи құжаттарда Бопай ханшаның 1838 жылы Аманқарағай өңіріне шабуылдап, біршама мал басын айдап әкетіп, жолай Сырымбетке аялдағаны баяндалған. Бұл жөнінде заседатель Редько Омбы облысын басқарушы Талызинге өз баянатында «Сұлтан Бопай Қасымова өзінің екі жүз адамымен бірге Аманқарай қазақтарының біршама малын айдап әкетіп, қайтар жолда Сырымбет қыстауына келісімен құлыпты бұзып, есікті сындырып, қоймадағы киіз, елтірі, керек-жарақты алып кетті» деп жазады (Бекмаханов, 1947; 230-бет).
Не болса да, біздің білетініміз – қазақтың екі қабырғалы қайраткерінің бір дәуірде өмір сүріп, екі саяси режимді көксегені, бірі ел тағдырының бостандықта, екіншісі бодандықта өрбитініне деген кәміл сенімі. Ал осы екі жайсаң тізе қосып, күш біріктірсе не болар еді?! Бәлкім, тарих тегершігі басқаша айналар ма еді… Бір кем дүние.

Оқырман ықыласы

«Көшпенділер» трилогиясының үш кітабы бірінен соң бірі баспа бетін көргеннен соң сол кезеңдегі әдеби-мәдени өмірде зор сілкініс тудырды. Жоспарлы экономика мен бұғаулы тірлік қажытқан халықтың тарихи санасы оянып, өзінің өткеніне, бұрын соңды жасаған ұлт қайраткерлеріне қызығушылығы артты.
Елдің түкпір-түкпірінен ағылған оқырман хаттарының кейбірі жазушы архивіндегі №265 істе сақталған. Сөзіміз дәйекті болуы үшін хаттардан үзінді келтіргенді жөн көрдік.
Өскемен қаласынан Мұқатай Тоқжігітов (1974) «…«Жанаталасты» жапатармағай сатып алдық, қаламызда 100 шамалысы ғана бар екен, біріміз бен біріміз телефондасып жүріп тауыстық.
…Кітаптың тарихи шындығымен және қызықтылығымен қоса, оның саяси ықпалдылығы да күшті. Аты шулы Абылайды Бұхар жыраумен ақылдастыра отырып, бейбітшіліктің төбесінен дәл түсіресіз» деп жазады (1-бет).
Ал Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Тойлыбек Қонысов (1974) «Жанталас» атты кітапта Орта жүздің руларына жататын, соның ішінде Божбанды жазыпсыз. Онан басқа да руларда да батыр, сөзшең, тапқыр адам бар ма, жоқ әлде бола қалған жағдайда кітапқа неге енбеген? Біз осы Қоңырат руына жататын болғандықтан, солардың кімдер екенін білгіміз келеді» деген өтініші білдірсе (9-бет), Өзбекстанның Наманган қаласынан Өмірзақов Махамбет романдағы «қоңтайшы», «жоңғар», «Севан Рабдан» сөздерін түсіндіруді сұрайды (11-12-беттер).
Жезқазған облысы Ақтоғай селосынан хат жазушы Әбілдин Хауаз:
«Қымбатты шырағым Ілияс!
Мен шығарған кітабыңды түгелдей қабылдап, ынта қойып оқитын оқушың ретінде сұрап отырмын.
Ақтоғай ауданында тұрамын. Пенсияда.
1) «Алмас қылышта» Әбілқайырды Сейхун мен Жейхун дариясында «Мирах» даласында ауырып өлді, 57 жасында делінген.
2) «Жанталаста» Әбілқайырды Торғай жанында Үл қази деген жерде Барақ өлтірді делінген.
Осы Әбілқайыр екеу ме? Барлығы бір Әбілқайыр ма?
Осы жөнінде мен білгім келеді.
Менің жасым үлкен. Тілеуіңді тілеймін, Әрқашан да ісің оңға бассын» деп романдағы кейбір деректерге анықтама беруді сұрайды (15-бет).
Ілияс Есенберлин шығармаларын қалың оқырманның сүйіп оқығанын мына бір хат растай түседі. 1983 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторына хат жазған киоск сатушысы Л.А.Боровских:
«Уважаемый редактор!
Я работаю в киоске «Союзпечать» уже 6-ой год. Журнал «Жулдыз» расходится плохо. Один пожилой казах мне прямо заявил: «Если печатается И.Есенберлин, то куплю журнал, если нет – то – нет. Макулатуру я не собираю». Как только вышел роман «Золотая орда» — сразу же журнал разошелся. Так и журнал «Простор». С романами И.Есенберлина и Ж.Сименона моментально разошлись. Я работаю в киоске №193 в городке МВД. №2 «Жулдыз» не продался 3 экз. А потом его уценяют. Чтобы этого не делать – мой Вам совет: печатать хорошие романы» деп өз ойын жеткізеді.

Хаттар сыр шертеді

Тоталитарлық диктатура заманында өмір сүру кімге болса да оңайға тимеген. Жаны нәзік шығармашылық адамына екібастан. «Ақырып теңдік сұрар» замандар бастан бұлбұл ұшып, дәуір ағымына сай барынша бипаздап, жоғарыға хат жазу үрдіске айналған, кейбіреулердің домалақ арыздарды қарша боратып, бюрократиялық аппараттың жұмысын қыздырған, тіпті соны жаңа саяси мәдениетке балаған тұста қағажу көріп, шетқақпайлыққа ұшыраған адамның қолына қалам алуы, оны сияға малуы – әдепкі құбылыс.
ХХ ғасырда ел тарихының ақтаңдақтарын ашқан, халықтың тарихи санасын оятып, әр романы әдеби-мәдени өмірде жаңалыққа айналған белгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің де шығармашылықта жолы болғанымен, өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиет Олимпінде мықтап орнығып, номенклатуралық қызметтер атқарғанымен, еңбегін елеуде кемшіндік көргені, тіпті өз кезеңінде еңбегінің әділ бағаланбағаны жасырын емес.
Осы орайда «ашынғанда ащы дауысы шыққан» қаламгердің әділдік іздеп, шындық жолында шарқ ұрып жазған хаттары ҚР Орталық мемлекеттік архивіндегі І.Есенберлин қорында (2144-қор) сақталған. Хаттардың негізгі мазмұны Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, іріктеудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, қорытынды кезеңде белгісіз себептермен лауреаттар тізімінен сызылып қала берген жазушының романдарына және кейбір туындыларын жарыққа шығаруға қатысты.
Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихқа үңілген жөн. Ең алғашқы рет Ілияс Есенберлин 1971 жылы «Қатерлі өткел» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Романды қазақ әдеби сынымен қатар сол кездегі одақтық басылымдар да жоғары бағалайды. «Огонек» журналының 1971 жылғы №38 санында жарияланған «Өмір сабақтары» («Уроки жизни») атты мақаласында С.Никитин «Қатерлі өткел» романы – жоғары ар-ождан тұрғысынан жазылған суреткерлік туынды. Бүркіттің «Мен өз қатемді түсіндім» деуі – роман кейіпкерінің өмірден алған сабағының нәтижесі ғана емес, оқырман үшін де объективті шындық тұрғысынан эстетикалық ұғым мәніне ие болады» деп баға береді. Алайда сол жылы В.И.Ленин атындағы сарайды (қазіргі Республика сарайы) жобалаған сәулетшілер тобына КСРО Мемлекеттік сыйлығының берілуіне байланысты І.Есенберлинге сыйлық берілген жоқ.
1971 жылы 12 қарашада өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сының отырысында «Простор» журналының 1970 жылы журналдың №5, №6, №7 сандарында орыс тіліне аударылып жарияланған І.Есенберлиннің «Хан Кене» (түпнұсқада «Қаһар») романын 1972 жылғы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсыну туралы ұсынысы қолдау табады. Романды қолдап О.Сүлейменов, М.Симашко, Н.Ровенский, С.Бақбергенов, Ә.Шәріпов, Д.Снегин, Ж.Молдағалиев, І.Жарылғапов сөз сөйлейді. Нәтижесінде он екі құжаттан тұратын іс жинақталып, сыйлыққа ұсыну құжаттары Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетіне жолданады (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 140-іс).
Бәйгеге үкілеп қосылған туынды мәреге жетпей, әдебиет жөніндегі 1972 жылғы КСРО Мемлекеттік сыйлығына «Жанды су» («Живая вода») поэмасы үшін өзбек ақыны Рамз Бабаджан, «Жылдарға қарайлай» («Годам вслед») өлеңдер жинағы үшін башқұрт ақыны Мұстай Кәрім ие болады.
1976 жылы Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы «Көшпенділер» трилогиясын Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ұсынады. Әдеби өмір шежіресінде жазушылардың бұл сыйлыққа ұсынылуы бірінші рет емес. 1966 жылы Сәбит Мұқанов Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты Абай мен Шоқан жөніндегі «Жарқын жұлдыздар» атты монографиясы үшін иеленген болатын. Ал «Көшпенділер» болса осы мәртебелі сыйлыққа ұсынылған алғашқы көркем туынды. Роман-трилогия Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты алған жоқ, сыйлыққа 1977 жылы академик-жазушы Ғабит Мүсірепов ие болды.
1979 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Көшпенділер» трилогиясын Лениндік сыйлыққа ұсынады. Сол жылы өткен Жазушылар одағының проза жөніндегі кеңесінде сөз сөйлеген кеңес төрағасы Әзілхан Нұршайықов «Бүгінде өз үйінде Абайдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясын жинамаған әрі мұны мақтан тұтпаған қазақ отбасы, сірә кем де кем» дейді. Р.Тоқтаров, Ж.Тілеков, А.Байтанаев, М.Симашко, Б.Тоғысбаев, С.Бақбергенов, Н.Ровенский, Қ.Исабаев, С.Жүнісов, М.Мағауин, К.Сегізбаев, Ж.Алтайбаев, Ә.Тарази сөз сөйлеп, романды бірауыздан мақұлдайды. Кейіннен Жазушылар одағы басқармасының 9 сәуірде өткен жиынында да романның Лениндік сыйлыққа ұсынылуын қаламгерлер қауымы жаппай қолдайды (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 284-іс).
Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетіне жолданған ұсынымхатта КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы және Шығыстану институттары, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты мұқият қарағаннан кейін ғана 1978 жылы «Советский писатель» баспасынан шыққан орыс тіліндегі аудармасы ұсынылып отырғаны айтылады. Әнуар Әлімжанов қол қойған ұсынымхатта «трилогияның жоғары идеялық көркемдігі ғана емес, қазақ халқының өткен тарихымен қалың оқырманды таныстыруға мүмкіндік беретін іргелілігі (хат мәтінінде «фундаментальность») мен ғылыми дәлдігі бағаланарына сенеміз» делінген (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 148-іс).
1980 жылғы 27 ақпандағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің хабарламасында бәйгенің келесі кезеңіне өткен әдебиет саласындағы үш туындының бел ортасында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бар екендігі хабарланған. Алайда бәйгеден шашасына шаң жұқпай келген шығарманы көмбеге жақындаған тұста түрлі қара ниет жандар аяғынан шалып, түптеп келгенде мәртебелі сыйлыққа әдебиет саласынан газет редакторы Бачан Рамишвилидің өмір жолы жайлы жазылған «Мәңгілік заңы» («Закон вечности») романы үшін грузин жазушысы Нодар Думбадзе, өлеңмен жазылған «Сана соты» («Суд памяти»), «Алыстағы сана» («Даль памяти») роман-дилогиясы үшін орыс ақыны Егор Исаев ие болды.
Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің сол кездегі мүшесі болған Шыңғыс Айтматов бұл жөнінде 1996 жылы 2 наурызда Брюссельден Қозыкөрпеш Есенберлинге жазған хатында былай дейді: «…Комитет жұмысына КОКП Орталық Комитетінің жауапты қызметкері – Мәдениет бөлімінің өкілі қатысып, қадағалап отырғанын көп адам біле бермейді. Ол әдетте бақылаушы есебінде болғанымен, көбіне оның пікірі шешуші рөл атқарып, санасуға мәжбүр болатынбыз… Бірінші кезеңнен өтіп «Көшпенділер» шешуші кезеңге, құпия дауыс беруге жолдама алды. Міне осы сәтте Комитет басшылығы, Мәскеу тарапынан «Көшпенділер» экзотикалық туынды, заман шындығына сай келмейді деген пікір айтылды. Осы ойды қақпайлай енгізіп, Комитет басшылығы «Көшпенділерді» финал алдында дауыс беруден алғызып тастады» (ҚР ОМА, 2144-қор, 2-тізбе, 190-іс).
1980 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының отырысында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын 1981 жылғы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсыну мәселесі қаралады. Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Ж.Молдағалиев өз сөзінде: «І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы ауқымды резонанс тудырды, алайда Лениндік сыйлықты ала алған жоқ. Трилогия дауыс берудің соңғы кезеңіне дейін жетті. «Правда» газеті бастаған орталық және республикалық басылымдарда 150-ден астам оң пікірлер жарияланды. Комитеттің кейбір мүшелерімен сөйлескен кезде айтарлықтай қарсылықтың болмағанын айтты. Әйтсе де осы заман тақырыбына жазылған ерекше лайықты туындылар болғандықтан, І.Есенберлиннің романын кейінге шегеруге мәжбүр болды. Дегенмен бізге Лениндік сыйлыққа ұсынылып, жоғары бағаға ие болған туындыны КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынуға болатынын айтты» дейді (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 146-іс).
Талқылау барысында Жазушылар одағы басқармасының мүшелері Б.Тілегенов, Д.Снегин, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Мұртаза, В.Ларин, Қ.Тұрсынқұлов, С.Мұратбеков қолдап сөз сөйлеп, романды сыйлыққа ұсынуға бірауыздан дауыс береді. Бұл жолы да сыйлыққа әбжіл қимылдап, орталықпен жақсы байланыста болған орыс жазушысы Василий Белов әңгімелер мен повестер жинағы үшін, орыс ақыны Михаил Дудин өлеңдер циклі үшін, орыс әдебиеттанушысы Виталий Озеров ғылыми жинақтары үшін, белорус ақыны Пимен Панченко «Бозторғай түнейтін мекен» («Где ночует жаворонок») өлеңдер жинағы үшін ие болады.
Шығармашылықта жолы болып, қаламы қолдан түспей өндірте жазған жазушы шығармаларын басып шығару барысында да кедергіге ұшырайды. Бұл жөнінде М.Мағауиннің, Қ.Мырза Әлінің, Қ.Жұмаділовтің естеліктерінде І.Есенберлиннің әрбір шығармасы қиындықпен баспа бетін көргені толығырақ айтылған.
Осы орайда Ілияс Есенберлин КОКП Бас хатшысы Л.И.Брежневке «Мұхиттан өткен қайық» романына араша сұраған алғашқы хатты 1974 жылғы 31 қазанда жазады. Хатты «Мен өзіңіз мүмкіндік беріп, партия қатарына қайта қабылдаған адамның бірімін. Содан бері жиырма жыл өтті. Осы аралықта он кітабым баспа бетін көрді» деп бастайды. Демек, басқа түскен зобалаңнан құтылып, 1953 жылғы 14 сәуірде абақтыдан аман-есен босанып шыққан І.Есенберлин 1954 жылы тың игерудің басы-қасында болуға келіп, Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып жүрген Л.И. Брежневті жеке тануы да ықтимал. Бұл ойымызды хатта одан әрі жазылған «Менің тағдырыма өзіңіздің жеке қатынасуыңызды өмір бойы жадымда ұстай жүре, «Мұхиттан өткен қайық» атты роман жаздым. Бұл роман атап айтқанда, Сіздің Қазақстанда жұмыс істеген кезіңіз, менің халқымның тағдырына етене араласуыңыз, менің үлкенді-кішілі замандастарым хақында» деген жолдар растай түседі.
«Алайда, – дейді І.Есенберлин өз хатын жалғастырып, – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы С.Н.Имашев жолдас қолжазбаны алғашқылардың бірі болып оқып шығып, шығармашылық жәрдем берудің орнына басып шығару былай тұрсын, кеңес алу үшін жан баласына оқуға беруге тыйым салды. Оның пікірінің қате екеніне сене отырып, романның бір данасын өзіңізге жолдаймын.
Бұған қоса «Ескертпе. Романның бір данасын Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев жолдасқа, екінші данасын «Новый мир» журналының редакциясына жолдаймын» делінген (ҚР ОМА, 2144-қор, 2-тізбе, 75-іс).
Жазушының бұл әрекеті нәтижесіз болған сияқты. Қанша тырысқанымен, «Мұхиттан өткен қайық» романы І.Есенберлиннің көзі тірісінде басылған жоқ.
Талай рет жоғары дәрежелі сыйлықтарға ұсынылып, тауы шағылған жазушы екінші хатты 1980 жылғы 7 мамырда жолдайды.
«Құрметті Леонид Ильич!
Менің аса көрнекті әдеби туынды ретінде 1980 жылғы Лениндік сыйлыққа ұсынылған «Көшпенділер» атты трилогияма 150-ден астам оң пікірлер мен рецензиялар басылды, бұл басқа ұсынылған әдеби туындыларға арналған рецензиялардың бәрінен де көп» деп бастайды жазушы өз хатын. Мәскеу, Ленинград, Горький, Волгоград, Рига, Донбасс, Чита, Ташкент, Фрунзе, Целиноград, Қарағанды, Одесса және т.б. қалалар тұрғындары тарапынан трилогияның жоғары баға алғанын айта келе, «Шығармада Орта Шығыс және Орталық Азия өңірінің тағдырына, ғаламдық саясатқа көптеген ғасырлар бойы ықпал еткен халық – қазақтардың күрделі һәм ерлікке толы тарихы көркемдік тұрғыда және өткір көсемсөз рухында баяндалады. Империалистік Қытай мен өркен жайған Ресей арасында Орталық Азияның ұлан-байтақ даласын мекендеген халық табанды әрі батыл түрде Қытай экспансиясына, оның «Шығыстан ескен самал» саясатына қарсы тұрды» деп сөзін жалғайды.
Одан әрі Н.Думбадзенің «Мәңгілік заңы» романына сыйлықтың Грузиядағы өрескел заңбұзушылықтарды көркем сипаттау тұрғысынан берілуінің оғаштау екенін айта отырып, «Менің трилогиям Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің бірінші талқылауынан сыйлыққа ұсынылған өзге он бір жұмыспен бірге табысты өтті. Алайда басқа он бір жұмыстың бәріне де сыйлық берілді. Менің трилогиямды түсініксіз себептермен Лениндік сыйлықтың статутын және барлық этика нормаларын бұза отырып, әдебиет саласында сыйлықтың екеу екенін айта отырып, жабық дауыс беруге жібермеді… Он екінші Лениндік сыйлық тағы да сол түсініксіз себеппен тізімде мүлде болмаған, қоғамдық талқылаудан өтпеген вокалдық туындыға берілді» деп әділетсіздікке ашынады. Хат соңында әділетті қалпына келтіруге Л.И.Брежневтің барлық мүмкіндігі бар екенін жазады (ҚР ОМА, 2144-қор, 1-тізбе, 77-іс).
Хатқа «Құрметті Леонид Ильич Брежнев жолдастың хатшылығындағы жолдастар! Бұл – реніш хаты, болмаса сыйлықтан қағылған жазушының жанайқайы емес, принципті мәселе көтеріп отырған хат, осы себепті де оны жеке Л.И.Брежнев жолдастың өзіне жеткізулеріңізді, тіпті болмаса, оған баяндауларыңызды сұраймын. Жазушы І.Есенберлин» деп жазылған қыстырма қағаз қоса тіркелген.
Архив құжаттарындағы белгіде хат КОКП Орталық Комитетінің поштасына тапсырылды деген мөр басылған. Демек, хат мекен-жайға жеткенімен, Л.И.Брежневтің қолына тию-тимеуі неғайбыл. Жоғарыда қабылданған шешімге күмән келтіріп үйренбеген мәскеулік бюрократтар созбалаңға салып, хатты іс қағаздарына тіркеп, жаба салуы да мүмкін. Ал бұл тұста Л.И.Брежневтің дәуірлеуі аяқталып келе жатқан-ды. КСРО-ны табаны күректей он сегіз жыл басқарған көсем хатқа көз салмақ түгілі, есі кіресілі-шығасылы, ауыр науқас меңдеген халде болатын…
Осылайша басын тауға да, тасқа да соғып, төңірегінен әділеттілік іздеген, қайда барса да бір «жаңғырық» алдынан шыға берген, «іш қазандай қайнағанымен, күресуге дәрмені» қалмаған ұлы жазушыны өмірлік жағдайлар титықтатып, тіпті іштей мүжіп жіберген де секілді. Л.И.Брежневке жазған соңғы хаттан соң көп ұзамай, жасын тиген қарағайдай жазушы да морт сынады, келместің кемесіне мініп, фәни дүниеден баз кешіп сала береді. Медициналық анықтамаға жүгінсек – жүрек талмасы. Ұлы жүрек тоқтаусыз күрестен титықтап сыр берген секілді…

Сөз соңы

Мақалада Ілияс Есенберлиннің қаламгерлік қыры мен шығармашылық лабораториясын, өзі өмір сүрген дәуір мен ортаны, ноқтаға басы сыймай әділет іздеп шарқ ұрған күрескерлік келбеті мен ұлт үшін еткен жанкешті еңбегін баяндауға тырыстық. Бұл мақала қатпар-қыртысы мол магма тұнған жанартаудай терең І.Есенберлин тұлғасының бір қырын аша алса, еңбегіміздің ақталғаны.

Пікір қалдыру