Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ. Сөз белін қайыстырған қалам

Бүгінгі таңда қазақтың көркем сөз, кестелі ойы хақында әңгіме қозғағанда, ауыз толтырып айтар дара есімдердің бірі де, дүрі де Қорғанбек Аманжолов екені даусыз. Қорғанбек десек, поэзия, публицистика, тәржіма дейтін қатпары қырық қат телегей тұңғиықты тұтастай қамтитын шалқар кеңістік көлбейді көз алдымызда. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері оның қанатты қаламы жүрегінің лүпілімен бірге шомылып-қуанып, бірге мұң-шермен сыздап, музаның сыңғырлы әлемінде толассыз шарықтаумен келеді.
Ол – ­ең әуелі ақын, ақын болғанда да, ағыл-тегіл ақтарылып, бар ақихатын өлеңге айтатын шайыр. Өлеңнен сыр жасырмайды, өксігі мен өкінішін де, қоңыр кештегі тәтті мұңын да жүрегі үзіліп қаламына шағады. Аралас-құралас замандастары арасында сәбидей пәк, ақжарқын көңілімен «Ақ Қорғаш» атанып кеткен ақжарма, аңқылдақ ақын өлеңдерінің басты ерекшелігі – барынша шыншыл қарапайымдылығы, қоспасыз табиғилығы дер едік, иәки, оның жырлары жасалмайды, жаратылады, жүректің «миллион градустық домнасынан» бұрқырап, қайнап шығып жатқандай көңіліңе тосырқаусыз қона кетер «сиқыры» да содан болар деп топшылайсың. Кейбіреулер секілді өлеңді қолдан құрап күрделендірмейді, түрлі дабыралы ағым-формаларға солықтап, «данышпандық» позада шекелей шірену әсте оған жат, бар болмысым осы деп, қазақ жырының қара мақамымен еркін көсіледі, не жазса да, Өзін жазады, жүрегінің сүзгісінен өткізіп, қанына сіңіріп барып толқынысты алуан күйлерді қағаз бетіне маржандай төге салады.
Жетпісінші жылдардың басында поэзия көгіне көтерілген алтын шоғырдың ішінде Қорған ақынның да жұлдызы жарқырап көрінгені жыр сүйер қауымның есінде. «Мен, мен!» деп кеуде ұрып, жер тепкілеп дабылдатқан жоқ, Көкшенің кешкі самалындай үлбіреген уілді жырлары жүректі шуақтай аймалар нәзік дірілі, ойнақы еркелігімен дараланды. Сәл мұңға бейім, қобыз үнді қоңыр лирика бәрімізді елең еткізгені гәміл.
«Бақыт сол: жүрегіңмен сүйе білген,
Жандарға сүйе білмес күйемін мен.
Ұмытсам сезімді осы айрылармын –
Бар асыл, бар ардақты киелімнен…»

«… Ақ қайыңдар жабырқайды, күлмейді,
Шын бақыттар мұңаюмен гүлдейді…» тәрізді мөлдір шумақтарға тіпті, Сыр-ағаңдай (Сырбай Мәуленов) сыршыл классик айрықша назар аударып, ақ батасымен алқағанына куәміз.
«… Күздегі күңгірт сары жапырақтай
Мен кейде көнеремін.
Көңілімнің теңізі толқын атпай,
Мен кейде түнеремін…

Ал кейде қорқақпын.
Ал бірде икемсіз шорқақпын.
Әйтеуір, адамға не нәрсе тән болса –
Мен соның бәріне ортақпын.

Иә, мен қуыршақ емеспін,
Адаммын.
Ермін деп айтпаймын.
Мен ылғи адалмын.
Тәуекел!
Бір сөзден қайтпаймын!

Арлымын!
Мен ылғи арлымын.
Айтам тек жүрек пен жан жырын.
Осылай өтеді өмірім,
Әр минут,
Әр сағат,
Әр күнім…» деп жан-жүрегімен ақтарыла төгілген он жеті жасар түбіт мұрт бала ақынның шабысы ерек, ағысы бөлек қанатқақты топтамаларын әдебиеттің жас перілері Сағат пен Жарасқан сүйіншілеп, «Лениншіл жас» пен «Жалынға» жарыса жариялағаны сағынышты елестей қазір сонау бір оралмас күндерден қол бұлғаған. Жиегі жемтірленген сол көк дәптеріне қаттап, өзінің тұнығы шайқалмаған мөп-мөлдір әлемін алып келді.
«Тағдыр қойып құйтырқы сұрақты алдан,
Әкем біздің өмірден жырақталған…
Білетінім сол кезден анам ғана,
Көз сүздіріп өзгені күндетпеді…
Жас жанымды ол тағдырға тырнатпады,
Мейіріне құлпырды гүдеп бағым…»

«Таңшолпан көкте жанғанда,
Сықырлап есік ашылып,
Сауынға кетер жан анам,
Адымдай басып асығып…

Басында түбіт шәлісі,
Қолында күміс шелегі.
Сыртында – жасыл тау іші,
Жайқалған қылқан желегі…» – деп, өлеңді басқа жақтан іздемей, өз өмірінен өрнектеп, қоңырқай мұңлы ырғақпен жыр табалдырығын аттап еді.
Ақын поэзиясының таразы басын түп тартар мықты жағы – лирика. Тұманың тұнығындай жырларындағы мөлдір ағыстар сан түрлі сыңғырмен тамыр-тамырыңды қуалап, қилы сезімнің тұңғиығына шым батырады.
«… Қара түннің азабын бүкпей жылап,
Жауһазын гүл кірпігін шықпен шылап,
Ақ бұлақтай көңілі сәби таңның
Ақ қайыңдай сұлаған өрге құлап.

Ақ көбіктен алқалы көкірегі,
Қара тастан ақ шолпы секіреді.
Жүрек қылын дөп басар сырбаз үнге
Бай екен ғой мына таң, есіл ерің…

Зыр еткендей әжемнің жіп ұршығы,
Тез иіріліп жанымнан жыр ыршыды.
Оқымадым сол жырды,
Мына таңның
Төгіліп кете ме деп тыныштығы».
«Таң» жырындағы осынау жолдарда қаншама бейнелі сурет бар: қараңғы түннен қорыққан «жауһазын кірпігін шыққа шылап» жыласа, таңмен бірге оянған тіршілік бұлағы «қара тастан ақ шолпысы секіріп» қуануда. Ал таңның қырқадан тамылжи сорғалаған аппақ сәулесін «өрге қарай сұлаған ақ қайыңға» теңеу – ақынның ғана көзі шалатын нәзік сурет. «Зыр еткен ұршықтың жібіндей» әсершіл жүректен төгілген жырды да сәтті табылған балама дер едік.
Ақын табиғат көріністерін көңіл дірілімен шендестіре айшықтауға шебер.
«… Түннің де мынау әсемі-ай,
Шамдары сөнген қаланың.
Тыныстап жатыр көше жай,
Мен үнсіз ойда қаламын…

Бірімен-бірі айқаса,
Ауада қалқып өлшеніп,
Ақырын самал шайқаса,
Бұтақтар тұрды теңселіп.

Мызғыған түнге «тұр, әй» деп,
Түр-түсті сәуле шашағы.
Сан қабат үйден бір әйнек
Күлімдеп нұрын шашады…» деп, алыстан алқынып жеткен сағынышты жүректің алабұртқан лүпілін дөп басып, көз алдымызға аңсарлы әлемнің әдемі суретін тоса қояды. Шамы сөнген түнгі қала, сүйгеніне алып-ұшқан асық жас. Айнала тас қараңғы. Бәлки, мың-сан шырақ самсап тұрған шығар, бірақ үміт пен күдікке арбалған жігіт оны көрер халде емес, жан-дүниесін жарқ еткізер басқа шамды іздеп келеді. Әне, күлімдеп жанған жалғыз әйнекті көргенде, біз де бірге жадырап, қосыла қуанамыз.
Ақын жаны табиғатпен бірге жаратылған, қашанда оның бір бөлшегіндей сезінеді, оған деген алғаусыз махаббаты шексіз.
«Көшіремін, табиғат, өзіңнен мен,
Көшірем мөлдірлікті көзім көрген.
Егізіңнің сыңары болмағанда
Мендегі махаббатты сезім дер ме ем?!

Қабылдап адалдықты ақ таңыңнан,
Көшірем қайсарлықты ақпаныңнан.
Сіңірем етім менен сүйегіме
Нұрыңды күн көзінен ақтарылған…
Ойла мені қырыңның бір гүлі деп,
Ойла мені жылыңның бір күні деп.
Тастан тасқа секірген бұлағыңның
Ойла мені бір ғана сылдыры деп…»
Міне, ақын: мендегі бардың бәрі өзіңдікі, бәрі өзіңнен дарыған, сен болмасаң, мен кіммін деп, ұлы Жаратылыс алдында басын иіп, адамзат мәңгі ұмытпас даналықты есімізге салады. Табиғатқа сәбидің тұп-тұнық жанарымен тамсана қарап, бар сұлулығын жырына көшіреді:
«Ақ самалдың ерке қыздан несі кем,
Маржан үзген жаңбырлы аспан төсінен?
Сәуле-жіппен тігіп оны кестелеп,
Өрнектеген көңілінің хошымен…» («Кемпірқосақ»).

«…Қаратөс сенің айдының
Қытығы келіп жыбырлап.
Ақ сүтін төксе айлы түн,
Жатады бейғам шымырлап.

Таңдайы кебе шөлдеген,
Мөлдірді мұндай көрмеп ем.
Қайран да қайран арман-ай,
Әлдилеп, арбап, тербеген…» («Көл»).

«…Шуылы жапырақтың тоқтамайды.
Қой, ешкі ығында жүр көк тоғайдың.
Құнанын тұсап еді қойшы бала,
Қайшылап құлақтарын оттамайды…» («Көрініс»). Осы шумақтардың қай-қайсы да көзді аймалап, көңілге құйылып түсер шуақты сурет екені даусыз.
Айналадағы әр құбылысты ақын көзі сыршыл сезіммен нәзік қабылдайды. Сезім қылын тербер сырлы елестерді жанды бейнеге айналдырып, сөзбен сурет салуға ұста.
«Көз әйнек киіп құрсаулана қалды көлдер де…» («Көкше қысы»). Қыс түскенде бетіне қабыршықтанып көк мұз қатқан көл бейнесі бәрімізге таныс. Бірақ «көз әйнек киген қысқы көлдің» әсері мүлдем бөлек, айшықты, әсем. Бірден көңіл төрінде сурет боп бедерлене қалады.
«Тербетіліп сыңары жоқ сырғадай,
Сағыныштан мұңаяды туған ай…»
«Ақ уыз күлкі сыздатқан
Алқызыл ерінің пәк-тұғын.
Қаңтарда мұрты мұз қатқан,
Қонаға келген аттының
Соңынан қарап көп тұрды…»
«Көк сықырлап, жауын құйды бір күні…
Төніп келіп қадалады найзадай,
Нажағайлар – бұлттың қызыл кірпігі…»
Осы жолдардағы алуан күйлер ұтқыр теңеулермен әдемі өрнектелген. Мұңая туған ай сыңар сырғадай діріл қағып, әлдебір жұмбақ сырмен тіл қататын секілді. Ал «ақ уыз күлкі сыздатқан алқызыл еріндердің» алғашқы нұрлы махаббаттың хабаршысы екеніне кім шүбә келтірмек? Сондай-ақ, ақынның бейнелеуінше, төпелеген нөсерден көбесі сөгіліп, көк сықырлап тұрғандай. Жарқ-жұрқ найзадай қадалған «нажағайлар бұлттың қызыл кірпігі» боп елестеп, жаңбырлы түннің сюреалистік суретін үстей түседі.
Туған жер тақырыбы – ақын жырының шұғылалы бөлек шоқтығы. Табанын көк майсасы қытықтап, маңдайын үлбір самалы өпкен сұлу Көкшесінің әр бұта, әр тасын өртене, емірене жүрек әлдиіне бөлеген шумақтармен ілесіп, шүйгінді Суалма мен Қақпақтастың жықпылды қойнауын аралап кетеміз. От пен суға кезек салғандай, қилы хал кешіп, махаббаттың ескерткішіндей Шошала тастың үстіне шығып қиялмен қияны кезсең, кешегі Ақан әнге қосқан Жыландыны көргенде, кеудеңді булыққан өксік қысады еріксіз. Адам қолынан өрт құшқан тау туралы:
« Жапырағынан айрылған тұл ағаштан
Жапырағың қайда деп сұрамастан,
Өте берші босатпай көңіліңді,
Өте берші, досым-ау, жыламастан!» деп шерленеді ақын. Туған жердің әр түп жусанымен ақынның жан дірілі байланған. Ол үшін «қайың, терек, шыршаның жапырағынан жыр самалы есіп» тұрғандай. Сондықтан біз де әдемі жырлардың өнбойынан жапырақтың шуылын, желдің сыбырын естіп, шабытты күйдің шуағына шомылғандай хал кешеміз.
Табиғат, көңіл-күй лирикасының қай-қайсы да әсерлі. «Тас құдық», «Торы бие», «Әулие тас» т.б. жыр-балладаларда көңіл түкпірінде өшпестей боп бедерленген балалық нұрлы сезім тұнып тұр. Біздіңше, сурет пен сезім тамаша үйлесім тапқан туындының бірегейі – «Зеренді қарағайлары». Бұл жырды Қорған ақын лирикасының шоқтықты бір биігі, масатты ақындық мандаты десек, артық болмас. Бас-аяғы бес-ақ шумақпен шектеліп, жұтынып тұрған бөлек бітімді муза. Әр жолынан сезім сәулесі ұшқындап, көкірек тұнығынан құйыла қалғандай:
«Шашақты найза секілді
Желкілдеп алтын айдары,
Түсірген ойға нетүрлі
Зеренді қарағайлары…

Өлкесін сүйген өреннің
Қуанышының қайнары.
Бір жолы болшы өлеңнің,
Зеренді қарағайлары…»

Туған жерін лапылды, ыстық жүрекпен емірене сүйген ақын жырын жарық көрген сәттен бастап-ақ жалпақ жұрт риясыз ілтифатпен іліп әкетті. Ән боп әулеп, ауыздан-ауызға тарады. Кербез Көкшенің бойтұмарына айналғандай, бұл күнде қала, ауыл көшелеріндегі бильбордтардан «Зеренді қарағайлары» жырының сұлу шумақтары алдыңнан менмұндалап шыққанда, ақын мерейіне сүйінішпен қызығасың. Сондай-ақ, оның «Әулие тас» өлеңін де жерлестері мақтанышпен Көкшетаудың биік жартасына қашап жазып қойғанын көзімізбен көрдік. Міне, талантқа деген құрмет, өлеңге берілген шынайы баға, асыл махаббаттың көрінісі осындай-ақ болар.
Қорған ақын эпикалық жырдың да шүйгініне ат шалдырып, өзінің «өрге салса, төске озған» салқам арғымақтай алқынбас, тынысы кең, қарымды талант екенін танытып келеді. Мұңлы да мерейлі тарихымыз бен бүгінгі күннің тағдырлы сәттерін бірде шерленіп, бірде асқақ масатпен шабыттана толғаған «Қанай – Абылай», «Шер кешу», «Олжас», «Мұсақұл палуан», «Хан Кене. Арлан – Шамай» т.б. оннан астам дастан мен өлеңмен өрнектеп «Бірәлі» романын жазды. Ол шығармалардың бірі публицистикалық, бірі лирикалық, енді бірі тарихи-драмалық сарында айшықталып, түрлі сапалық сипатта қалыпталғанын көреміз. Солардың ішінде, біздің бағалауымызша, мойыны озығы – «Мұсақұл палуан» дастаны.
Поэма алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарық көрісімен біраз жыр сүйер қауымның әлеуметтік желіде «Құлагер» дастанын ауызға алып, пікір білдіргені есімізде. Бұл ұлы Ілекеңнің әйгілі поэмасына ұқсату емес, қайта бағасын асырып, дәстүрлі поэзиямызға құбылыс боп қосылған талантты туындыға айтылған мадақ еді, «Құлагердей» болмаса да, құлынындай бір жүйрік атойлап қазақ жырына олжа салды деп көпшілік сүйіншілеп еді.
Ақын Зеренді жерінің Есенғалаш Бабасұлы, Асқар Нұғманұлы сынды көнекөз, құймақұлақ қарияларынан бала күнде естіп, жарты ғасырға жуық көкірегінде әлдилеген бір намыс қайрар қызықты уақиғаны шығармаға арқау еткен. Атығай-Қарауылдың тізгінін ұстаған Қанай абыз –­ Абылайдың оң тізесін басып, билік құрған тарихи тұлғалардың бірі. Ел іргесі шапқыннан тынышталған сол бір толас, бостан заманда дүйім жұртқа төбе би болған Қанай жаз шыға Арыс жағасына ақорда тіктіріп, қазақтың түрлі дау-шарына кесімді қазылығын айтады екен. Төрт тараптағы түркімен, қырғыз, өзбек туғандар да ара ағайын деп бидің алдына жүгінсе керек. Әділ шешімге хош-риза көңілмен тарасқан жамағат әдеттегідей Ташкенттің базарына төңкеріліп, жиынның ақыры ұлан-асыр той-жәрмеңкеге ұласады. Ат шаптырып, жамбы атып, палуан күрестіреді. Сондай бір бәсекеде аты озбай, палуаны жығылып қазақ жағы пәс көңілмен жерге қарайды. Мерейі тасыған Ташкенттің құшбегі:
«…Мен өзім ортаймаған кемел едім,
Не болса маңдайымнан көрер едім.
Бәйгеден атың келіп, балуаның жықса,
Бәсіне бектігімді берер едім…
Ташкентті – атың озса өңгересің,
Бек болып, балуаның жықса меңгересің.
Болмаса, ей Қанайым, ұлы базар –
Тізгінін төбе бидің сен бересің…» ­– деп лепіреді. Құшбегінің кекесіні жанына батса да, Қанай би амалсыз қол алысып, серттеседі. Сынға түсер ел намысын ойлап, уайымды көңілмен Көкшеге жеткен бойда, жүйрік ат, палуан жігіт іздеп айналаға хабар таратады. Бірақ топ жарар жүйрік, белсеніп шығар жілікті жігіт табыла қоймағанын ақын былайша толғайды:
«…Көп жігіт белдесуден бой салады,
Өзбектің палуанынан тайсалады.
Бәйгеге ат қосам деп айта алмайды,
Бәсіне ат басы алтын қойса дағы…»
Байыз таппай қынжылған би бір күні Малбақты байдың ауылына ат тұмсығын тірейді. Малбақты – «батыр іздесең, қылдыға бар» дейтін, жуан ата қылдының өзі. Әкесі «бір өзі мың кісіге татырлық батыр Қалақ – кезінде Салқам Жәңгір ханның қалмаққа салып қойған дүрбісі» атанған адам. «Бір шықса, тектіден шығар» деп келген үміті ақталғандай, Малбақтының кенжесі балғын жас Мұсақұлды көргенде екі көзі шырадай жанады: «Дембелше, мығым дене, шалқақ кеуде,
Бұлқынған бура санды серек екен…
Арты еңкек, алды шалқақ, кең жауырын.
Тарамыс төртбақ келген, орта бойлы…
Осы ғой алысқанды жайпар адам,
Тайсалмас таудай алып шойқарадан!
Тартыпты-ау батыр Қалақ бабасына,
Баланы бұрын қалай байқамағам?..»
Бозбаланың бітіміне тамсанған Қанай қарт енді оның күш-қарымын сынап көрмек болып, Малбақтыға «балаң мені шығарып салсын» дейді. Алдарынан батпақты қарасу шығады. Қанай би өткел іздемей төтесінен әдейілеп ми батпаққа қойып кетеді. Аты батпаққа батып, өзі жағаға әзер жалдап шығады. Мұны көрген Мұсақұл ерден қарғып түсіп, суға үйелеген атқа ұмтылады.
«Құлаштап жал-құйрыққа салды қолды,
Қапысыз күшінің бұл алды болды.
Қозыдай іліп алып, қырға қарай
Лақтырды Қанай мінген алкүреңді…» Ақынның осы шабытты жалғыз-ақ шумағы жас баһадүрдің бойындағы буырқанған алапат күштің бар болмысын танытып тұрғандай сүйсініп, шығарманы ары қарай оқуға ынтыға түсеміз. Қанай би жас жігіттің батпаққа үйелеген жылқыны қозыдай іліп алған қара күшіне бір тамсанса, суға түсіп жалаңаштанған тұрпатын көріп, екі сүйсінеді:
«Арасы қос жауырын – не құдірет!
Сыйғандай білем-білем жеңді білек.
Бура сан, бұлшық еті бұлт-бұлт ойнап…
Желкеден сегізкөзге нарқұлаған
Өсіпті құлын жалы жалбыраған…» деп іздегенін тапқандай би Қанай хош көңілмен марқайып ауылына аттанады. Араға біраз уақыт салып би Малбақтының ауылына қайта айналып соғады. Алдағы жазда Ташкентте өтетін ұлы дүбір сайысқа Мұсақұлды ертіп бармақ ниетін айтып, ризашылығын сұрайды. Қарт әке ақ батасымен алғап, «табанының желі бар» жылқыны Кенебай тауып берер деп ұзатып салады.
Жылқышы Кенебай шал тұлпар шығар құлынды енесінің жатырында жатқанда-ақ танитын сұңғыла сыншы екен. Үш қос тайшұбардың үйірін үш кісі қыдырта шолып ұзақ аралайды.
«Шалғынның домалады мөлдір шығы,
Аралап келе жатыр көп жылқыны.
Не түрлі қамыс құлақ, топай көктер,
Дейтіндей көздің сұғы, ердің құны…»
Небір қылқұйрыққа албырт Мұсақұлдың құмары құлап, құсы түссе де, Кенебай шалдың біріне де назары тоқтамайды. Тек шеттеу сұлық тұрған кербестіні көргенде:
Шалыңның жанды көзі шырадайын,
Тіл-тиек ағытылды тұмадайын:
«Ал, бала, жүгеніңді сал осыған,
Тұлпарың сені күткен, міне, дайын».
Кербестінің тұрқына қарап, Мұсақұлдың көңілі толмайды:
«Ойпырмай, осындай да болады екен,
Атамыз ат сынына олақ екен.
Қараса, қос құлағы бірдей шұнақ,
Құйрығы, құдай атып, шолақ екен…
Мыңғырған мың сан малдан маған тандап,
Лайықтап осы ма еді тапқаныңыз?» деп налиды.
Бұл арада «Құлагермен» уақиғалық тұрғыда параллель бар. Бірақ Кенебай сыншының мал тануы басқаша сипатта. Күреңбай сыншы Құлагердің аламанның алдын бермес жүйріктігін сырт бітімі арқылы сараласа, Қорған ақынның Кенебайы кершұнақтың тұлпар боларын мінез-құлқы, тумысынан таниды.
Үйірдегі кер қулықтың жүріс-тұрысына қарт сыншының назары ерекше ауады. Буазында таяқ тастам жерге аяқ баса алмай жаталақши берген әлгі биеге қарап: «ішіңде не тас жатқан шығар, не тұлпар туарсың» деп топшылайды. Айтқанындай, наурыздың аяғы, Арқадағы ақырған ақмылтық аязды күні борандатып кер қулық құлындаса керек. Құлын шуына шұбатылып жатпай, бірден жерге табанымен топ етіп тік қонады. Тұлабойын күш кернеп құлшынып тұрған ерекше бітімді жаратылыс иесі. Аяғын бауырына жия алмай қиналып жатқан енесінің үстінен арлы-берлі секіріп ойнақ салады. Аязда құлағы мен құйрығы үсіп түсіп қалса да елең қылар емес. Пырақ болар құлынды енесінің сүтіне тоймаған соң, Кенебай шал екі биені тел емізіп баптайды. Біз үстіртін шолған бұл оқиғалардағы көріністер мен көңіл толқыныстарын ақын ұтқыр да бейнелі бояулармен нәшін келтіре төкпелеткенде, өзің де апаш-құпаш сол дуылды қиқудың ортасында жүргендей делебең қалай қозғанын білмей қаласың. «Жеті көш жерден қара ілестірмей келер» кең қолтық сәйгүліктің сипатына көшкенде:
«…Төрт аяқ, құйма тұяқ – сіңірлері
Тартылған арқандайын желідегі.
Бес қарыс қара саба мойынындай
Кең жатыр тегенелі көткеншегі.

Делдиген қос танаудың демі терең.
Жаңылмас қалыбынан шөліркеген.
Көргенде ұлы жиын аламанды
Жаратар өзін-өзі, кәміл сенем…» деп көсіліп, Құлагер ақынмен өнер жарыстырғандай, үзеңгі қағыстырады.
Уағдалы мезетте Ташкенттің хан базарына келіп, ат қосады. Жүз елу сәйгүліктің ішінде сүрепеті бөлек Кершұнақты көріп Құшбегі:
«Уа, Қанай, жосынға бір бастадың ба?
Не пәле жатыр мұның астарында?
Атыма құлақ-құйрық ауыр болар,
Деп әлде кесіп өзің тастадың ба?» деп әжуа қылады. Би Қанай «Асыққан – шайтан ісі, жауабын ат келгенде білерсің» дегендей ишарамен миығынан жымияды да қояды. Күндік жерге айдаған аттың алды келесі күні түсте қарақшыға ілінбек. Оған дейін дағыра, дабыл қағылып, сұрнай сұңқылдап палуан күрес басталады. Сауық салтанатын, тамашашы жұрттың сапырылысқан түрлі көңіл күй ырғақтарын ақын тамыршыдай дөп басып, әсерлі жанды суретпен шалқыта жырлайды. Әсіресе, қос баһадүрдің майданға түсер сәтін көргенде, апыр-ай, қалай болар екен деп, алабұртқан сезімге шырмалып, ине ұшында қылпылдап отырасың. «Мойнына қоңырау тағып, шынжырлап», екі жігіт екі жағынан жетектеп алып шыққан өзбек палуанының сұс-айбаты тіптен қияпат:
«Тағыдай таң қалдырған Қара-Қапылан,
Қолтыққа бесті бұқа қыса шыққан.
Өкірткен бұқасынан жұрт шошынып,
Мен деген талай мықты жерге бұққан…»
Ол аздай, қолтығындағы бесті бұқаны мүйізінен мықтап ұстап, басынан асыра үйіріп жерге бір пергенде, сеспей қатады. «Кәне, кімің бар шығатын? Болмаса жаныңа садақа қыл бар малыңды» деп аруағын асырып тұрғандай. Қазақ жағы шынымен аңтарылып қалған. Қанайдың өзі жас бала жазым бола ма деген күдікпен «шық» деуге бата алмай тайсақтай берген. Сонда:
«Бұзылып Мұсақұлдың түрі-түсі,
Дірілдеп, сақылдайды отыз тісі.
Біржола таусылғандай дегбір шыдам,
Бұлқынып тасығандай қайрат-күші…»
Бидің алдына шарт жүгініп бата сұрайды. Қара дәудің жанында қараша баладай ғана Мұсақұлды қораш көрген дайағашы «босқа өлесің, қайт кейін!» деп жолын кес-кестейді. Намыстан жаны өртенген жас оғлан жалаңаш денесінен шекпенін серпе лақтырып, майданға атып шыққан бойда айқаса кетеді. Қара Қапылан төбесіне үйіріп, үш рет лақтырғанда да «қорғасын құйған құлжаның сақасындай табанымен дік етіп тік түседі». Өзбек жағы масайрай шуласып, қазекең «қалай болар екен» деген күмәнмен төмен қарасады. Әйтсе де тайсалатын Мұсақұл емес, қабыланша атылып барып қайта ұстаса кетеді. Қос бәһадүрдің сол сәттегі жан алып-жан беріскен арпалысын суреттей келіп ақын:
«…Сол жақта жауырыннан жұла тартты,
Сақ етіп тиген екен қолы қатты.
Қайырып іштен шалып бұрағанда,
Қапылан қара жердің шаңын қапты.

Дағыра, керней тартып шала мас-ты,
Өзбектің қара дәуін қара басты.
Үзіліп ортан жілік кеткен екен,
Балуанын бебеулетіп ала қашты…» – деп, Мұсақұлдың бойындағы намыс оты қайраған алапат қуат-қайратты шалқыта төкпелетеді.
Қалың жұрт тымағын аспанға атып мәре-мәре боп жатқанда, Қанайдың Кершолағы шаңына қара ілестірмей қарақшыдан өтіп, қазакемнің мерейі тіптен асқақтайды. Сөйтіп Қанай би астамсыған Құшбегінің атақ-мәртебесін тартып алмаса да, тәубасына түсіріп, он екі қақпалы Ташкенттің бегі деген даңққа бөленіпті-дүр.
Шығарма шуақты, ішіңде шырақ жанғандай нұрланасың, бір сәт мынау дыр-дуы бітпес даңғаза тіршіліктен аулақтап, уақыт кеңістігіне сіңіп бара жатқан бабалар керуені құлағыңда қоңыраулап, шұғылалы сағынышқа шомасың. Сұңғыла Қанай би мен сыншы Кенебай шалдың бейнелері арқылы ұрпақ жадынан өше бастаған дала адамының даналығы мен даралық мінезі көз алдымызда қайта тірілгендей болады. Бабаларымыз осындай болыпты-ау деген мақтанышпен бірге, өмірдің жұлымыр тартысында бойымыздағы қаншама асылымызды жоғалтқанымызды ойлап, амалсыз күрсінеміз де.
Ішкі драмалық тартысқа толы, әр кейіпкері дараланған, композициясы шымыр, лирикалық иірімі мол, төрт аяғын тең басқан мінсіз бітімді бұл сұлу дастан Қорған ақынның жеке шығармашылығындағы белесті асу ғана емес, дәстүрлі поэзиямыздың соңғы жылдардағы шоқтықты бір биігі деп қабылдаған абзал.
Қ. Аманжолов – бір ғана поэзиямен шектеліп қалмай, қанатты өнерін шалымды жанр­ –көркем публицистикамен де қатар өрнектеп келе жатқан қарымды қалам егесі. Тіршілік қазығына байланып, өмір бойы газет-журналдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрсе де, журналистиканың тақ-тұқ қара мақаласына тұсалмай, шиырды кеңге сала білді. Өзіне көркем публицистикадан қиыры жеткізбес шалқар өріс тауып, тынысы тарылмас тарланбоздай қолтығы сөгіле көсіліп шапты. Қаламгерлеріміз тиіп-қашты ғана ат ізін салып жүрген көркем эссенің шүйгінді қатпарын тереңнен қопарып, сөз мәуесін жайқалтты. Сол себепті де сөз ұстасы Қорғанның әр мақаласы көркем туындыдай тұщымды, ынтықты көңілмен қызыға, құныға оқисың. Қордалы кепті көп білем деп, оңды-солды құр көпіртуден аулақ, сырғытпа жадаулыққа да жаны қас, не жазса да, майдан қыл суырғандай, әр сөзін кірпияздықпен талғап, әр ойының арасынан қыл өтпестей жігін жымдастыра кестелейді. Бұл шеберлікті әсіресе оның әдеби портреттерінен жақсы аңғарамыз. «Біржан бұрмаларынан» бастап, күні кеше жарық көрген «Айсберг астындағы ағыстарға» дейінгі аралықтағы жеті-сегіз кітапта өнер мен әдебиетіміздегі көрнекті тұлғалардың тұтас бір портреттік галереясы жасалды. Сыбырлап сырын айтқан әр бетті парақтаған сайын, Ақан мен Біржанның сұлу әнін естіп, дархан Хамаңның даңғайыр көңілімен табысып, дана Мағауиннің мұңына шомылып, кеше ғана арамыздан озған қимас Көпеннің күлкісіне көміліп… ғасыр мен ғасырды жалғастырған уақыттың сыңғырлы дәлізін сапарлап шыққандай күй кешесің. Оның эссесінде өмір деректері мен кейіпкер шығармаларының әлеуметтік мән-мазмұны, шеберлік кестелері қамшының өріміндей жымдаса қиюласып отырады. Туындының табиғатын тінте үңгіп, жіліктей талдап кеткенде, әдебиеттің майын ішіп жүрген кәнігі сыншыңыздың өзі шаң қауып қалардай. Аналитикалық сұңғыла ой мен шабытты суреткерлік тұтаса келісім тапқан шеберлік феномені бізге ғұмырнамалық баяндардың хас дүлдүлі, Бальзак, Цвейг т.б. туралы өлмес бестселлерлер қалдырған әйгілі Андре Моруаның арайлы биіктерін меңзегендей болады.
Қаламгер шығармашылығының тағы бір кестелі қыры – көркем тәржіма. Қандай істі қолына алса да, иін қандырмайынша көңілі тоғаймайтын бейнет иесі маңдай терін бес сыпырып, тыңға салған түрендей аударма дейтін азаптың небір қыртысын айырды. Аударманы азап деп отырғанымыз, мұнда өз шығармаңды жазғандай еркін көсіле алмайсың, шеңберің шектеулі, үнемі автордың ой жетегі, әуен ырғағына тұсаулысың. Өзге менталитетте жаратылған туындының мазмұнынан ауытқымай, жүрек лүпілін солғындатпай мөлдіретіп өз тіліңе көшіру – қиынның қиыны. Қорғанбек – сол сыннан мүдімей өтіп келе жатқан санаулы саңлақтарымыздың бірі. Сөзімізге ол тәржімалаған әйгілі америкалық жазушы Герман Мелвиллдің әлемдік классика саналатын «Моби Дик» («Ақ кит») романы, «Новеллалар ханзадасы» атанған грузин жазушысы Гиви Сихарулидзенің «Ойып жаздым атыңды» кітабынан бастап көптеген шығармалар куә. Солардың қай-қайсы да төл туындыдай жұтынып тұр, су шайқалмас жорғаның жүрісіндей жүйрік тіл мүдіріссіз жетелеп отырады.
Мұнан тыс «Қорғанбек Аманжолов» деген есім кино сүйер қауымға көптен таныс. Жиырма шақты жылдан бері «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телесту­дия­ларының жұмысына етене араласып, мыңға тарта көркем сценарилар аударды. Көп ретте тұрмыс қыспағы мәжбүрлеп тәуекел еткен ісі болса да, нан табар кәсіп деп қарамай, өнердің обалы дейтін киеден ешқашан аттаған емес. Сондықтан киногерлер үшін де біздің Қорғаш – қолға түсе бермейтін қымбат маман. «Аударса – Қорған ағай аударсын» деп, телеарналардың үлкен-кішісі ат-түйедей қалап қолқа салып жүргеніне талай куә болғанбыз.
Міне, үш жанрдың басын түйістіріп, өзінің көркем әлемін жасап жүрген Ақын, Журналист һәм Тәржімашының бүгінгі сатылап өскен биігі осындай. Шағын шолуымызда көз аясына сыймас шалқардың балақ түріп тереңін бойламай, бетін ғана қалқып өттік. Соның өзінде де тұғырлы тұстарын түгел қамтып, оқушыны тұщындыра алдық дей алмаймыз. Оның жүрдек те жомарт қаламының ұшынан жаратылған жауһарлардың ұзын-қарасы бұл күнде он жеті томнан асып жығылады екен. Әрине, мол олжа, құтты дәулет. Мағналы ғұмырдың куәсіндей масатты еңбек!
Ата жасына жетсе де, біз үшін әлі Ақ Қорғаш аты қалмаған асыл достың бойы сергек, ойы кемел, қаламының оты сол баяғыдай жанамын деп лапылдап тұр. Тең-тең қазынаны арқасына артқан қатепі қара нардай маң-маң басып, жаңа бір мерейлі белеске беттеп барады.

Пікір қалдыру