Әбділдабек САЛЫҚБАЙ
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы?!
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.
Есенқұл Жақыпбеков
Төреханның даңқы мен дақпыртына интернатта оқып жүргенде-ақ қанық едім. Ол туралы аңыз бен ақиқаты аралас әңгімелер біз сияқты балалардың аузынан түспейтін. Бір бала тұра қалып: «Төрехан аға құрдасын төсекке шалқасынан жатқызып қойып, 32 келілік кірдің тасын соның үстіне шыр көбелек айналдырып ойнайды екен», – десе, екіншісі: «Өй, оны айтасың. Ол 150-лік айғыр шегені ағашқа алақанымен-ақ ұрып кіргізіпті…», – деп, іліп ала жөнелетін. Ал үшіншісі олардан да асып түскісі келгендей: «Арқалдыға көтермешілікке келген армяндар би алаңында қазақтың қыздарына тиіскенде Төрехан ағаның жалғыз өзі әлгілерді бықпырт тигендей қылып сабап, Жайтөбеден асырып қуып тастапты…», – дейтін. Айтып-айтпай не керек, осындай жел сөздерді қатарлас достарым аузының суы құрып, тамсанып тұрып айтатын. Қалғанымыз соны кірпік қақпай, ұйый тыңдап, өскенде әрқайсымыз осы Төрехандай жігіттің төресі болсақ деп армандайтынбыз. Алайда армандау мен өмір шындығының арасы жермен көктей екенін, жігіттің төресі болу үшін алдыңа айнымас мақсат қойып, кө-ө-өп тер төгу, арам терден ада болу керектігін кейінірек білдік қой. Ал жасөспірім кездегі біздің көпшілігіміздің спортқа құштарлығымыз екі-үш апта, бірер айдан, ең ышқынғанда бірер жылдан аспай қалатын…
Бірде біздің отбасы Мақаншының орталық асханасының қасындағы қуықтай тоқал тамнан ауыл кеңестің кеңсесі жақтағы төрт бөлмелі үйге көшіп келді. Жаңа қонысқа бой үйретіп бола бере үйге жақын мектепке ауыстым. Оқу жылының басы. Алты сабақтан кейін жетекшіміздің желкелеуімен сынып бөлмесінің бітпей қалған жөндеулерін бітірісіп, түс ауа зорға қайттық. Қасымда көрші тұратын Ерболат сыныптасым бар. Ішегіміз шұрылдап, үйге қарай ілбіп келеміз.
Кенет сонадайдан білек күші жейдесінің жеңін жыртардай тырсиған жігіт ағасы көзіме оттай басылды. Ол ежелгі тарих оқулығындағы гректің батырларындай бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, ағаш жарып жатыр еді. Әр қимылы сәйкесім мен үйлесімнен жаралғандай, әсерлі де әсем. Жаңа ғана қырғызғандай жұмыртқадай жұп-жұмыр тақыр бас, шалқақтау келген құс төс, маңғаз бұрылатын бұқа мойынды, жауырыны қақпақтай, орта бойлы, төртбақ келген, отызды орталаған кісі екен. Қарағайдан қос қарыстай етіп қиылған әрбір дөңбекті самырсынның түп діңіндей саусақтарымен ұстап көріп, қай жерінен жарыларын шамалап байқайды да кеспектің дүміндей дәу дөңбектің үстіне орнықтырып қояды. Іле-шала оң қолындағы батырлардыкіндей айбалтамен сылқ еткізіп, қақ бөледі. Келесіде сол қақ бөлінген қиындыны біріктіріп ұстап тұрады да, әбжіл қимылмен тағы да төртке жарады.
– Бұл кім? – деп сұрадым Ерболаттан. – Әне, анау кісіні айтамын!
– Ә-ә, бұл Төрехан ғой!
– Қойшы! Кәдімгі… елдің аузынан түспейтін Төрехан ба?!
– Дәл өзі!
Екеуміздің сөз қылғанымызды арқасымен сезіп қойғандай ол бізге жалт қарады. Көзі өңменіңнен өтердей өткір екен. Алыстан оң қолымызбен жүрек тұсымызды басып, амандасқан ишарат жасадық.
– Тайғанайық! – деді Ерболат.
– Неге?
– Шақырып алып, жұмысқа салып қояды…
Айтып ауыз жиғанша Төрехан бізді қасына шақырды.
– Айттым ғой! Енді амалсыз баруға тура келеді.
Бардық. Қол беріп амандастық. Шыбықтай шілбиген саусақтарым алып адамның күректей алақанына көміліп кетті. Қанша қарулы болса да әлдекімдердей қолымды қысып, әлекке салмады.
Ерболатты таниды екен, менен жөн сұрағанда сынағандай тесіле қарады.
– Бұрын көрмеппін. Қай баласың?
Мен таяуда ауыл кеңестің кеңсесі жақтағы үйге көшіп келгенімізді айттым. Айттым да өткір жанарына шыдас бермей, көзімді тайдырып әкеттім. Ол мұнымды жақтырмай қалды.
– Кісімен сөйлескенде көзіне тура қара! Ұры емессің ғой!
Мен шамырқанып, жалт қарасам керек.
– Е-е, дұрыс! Міне, осылай тіке қара! Содан соң екеуіңе де айтарым – аяқтарыңды сүйретпей, нық басыңдар! Сөлбіреймей, еңселеріңді тік ұстаңдар! Неше оқисыңдар?
– Сегіз…
– Е-е, қызға қырындайтын жасқа келіпсіңдер! Сүмірейіп жүрсеңдер, қыз қарай ма сендерге. Бұдан былай кісіні көргенде күмілжімей, төменшіктемей, «Ассалаумағалейкүм!» деп, дауыстап тұрып амандасыңдар, жарай ма!
– Жарайды, Төрехан аға! – дедік екеуміз де жарыса.
– Міне, дұрыс! Ал онда барыңдар! Сабақтарыңды жалқаусымай, дұрыстап оқыңдар!
– Сау болыңыз, Төрехан аға! – дедік тағы да жарыса.
…Осыдан соң оның үйінің қасынан өткен сайын елеңдеп, қарайлап қоямын! Көрсем, арнайы барып, амандасамын. Ал әлдеқандай себептермен сабаққа кешігіңкіреп бара жатсам, ол жаққа қарамауға тырысып, жүгіре басып өтемін. Асығып бара жатыр ғой, тоқтатпайын деп ойласын деген амалым. Ол кісінің елде жоқ ерекше мінездеріне де бірте-бірте қаныға түстім.
Бірде кешкісін қосымша сабақтан келе жатып, әдейі бұрылдым. Есік алдына келгенде ырс-ырс еткен дыбысты естіп, алғашында қайдан шығып жатқанын айыра алмай дағдардым. Сөйтсем, Төреханның жаздық үйінің артында үй орнындай оңаша жер бар екен. Белтемірі де, көтеретін штангісі мен кірлері де осында болып шықты. Таяп барсам, ол белтемірге шыр көбелек айналып жатыр екен. Құдды кәнігі гимнасшы спортшылардай, қимылына көз ілеспей лып-лып етеді. Мен оның сиқырлы қимылына арбалып, сәл кешеуілдеп амандастым. Оның: «Өй, батыр, аман-сәлем қайдасы?!» менің сәлеміммен қабаттаса шықты. Еріксіз езу тарттым… Байқаймын, бұл кісі өзін-өзі жаратып, баптайтын жүйріктердей күніне бірнеше рет кір көтеріп, белтемірге тартылады. Соның арқасында қашан көрсең, қимылы әбжіл, шалт. Бір қырым артық еті жоқ. Үнемі жарау аттай жеңіл де сергек жүреді.
– Ал, қане, батыр! Көрсет өнеріңді! – деді ол иегімен белтемірді нұсқап.
Намысқа тырысып, жеті-сегіз рет тартылдым. Екі мәрте аяғымды асырып, белтемірдің үстіне шықтым.
– Қара жаяу емессің! Бірақ бұл аз! Намыстанып, қиналып жасадың. Спорт сенің күнделікті өмір салтыңа айналуға тиіс! Сонда өзің де өмір бақи сеп-сергек, жеп-жеңіл жүресің, – деді.
Менің не айтарымды білмей тұрғанымды аңғарды ма:
– Сен былай істе! Ең әуелі үйіңе мынау сияқты белтемір орнат! – деп жалғады сөзін. – Содан соң «Қайрат» спорт клубының залына маған дайындыққа кел! Шебер балуан болып жатсаң көрерміз. Ең бастысы спортты серік етсең, сергек жүресің де кез келген қиындықты оп-оңай еңсересің!
… Қойшы, әйтеуір, Төрехан ағаның үгіттеуімен көп ұзамай күреске бардым. Алайда бағым ба, сорым ба, бапкерім әуесқой шахматшы болып шықты. Соның алдында ғана оқушылар арасында шахматтан облысқа жарысқа барып келгенімді естіген ол жарты сағаттай біздің денемізді қыздырып алып, күрестің бір тәсілін үйретіп, қалған уақытта соны екеуара қайталаңдар дейді де, мені кабинетіне ертіп әкетеді. Онда екеуміз алпыс төрт шаршының үстінде кәдімгі Карпов пен Каспаровтай тіресеміз. Жаттығудың межелі уақыты біткенше күрес жайына қалады. Жарыс мерзімі тақағанда ғана Төрехан аға ойыннан бас тартып, дайындыққа шындап мән береді. Ал жайшылықта шахмат тақтасының үстінде тірескеніміз тірескен.
Қыс түсе бақайымды шығарып алып, біраз уақыт етік симай, сабақтан да, дайындықтан да қалдым. Мұныма ең әуелі анам қуанды. Енді қайтсін?! Әкем бірнеше адаммен бірігіп, ерте көктемнен қырға шығып, қарбыз салады. Жаз бойы соны балаша баптап өсіріп, шөбін отап, бірнеше қайтара суғарады. Жазғы каникулда екі ай бойы мен де барып, шөп отасып, көмектесіп қайтамын. Күз түсе қарбызды жинап, комбайнға тартып, ұрығын бөлек алады. Ұрықты арнайы тоғанға жуып, қырманға кептіріп, қап-қап қылып өкіметке өткізеді. Одан ғарышкерлерге тамақ пен дәрі жасайды дейді білетіндер. Қарбыздан босай сала қыс бойы әлдекімдерге көмекші шопан болады. Сөйтіп әкем қысы-жазы үйдің бетін көрмей, қырда жүреді.
Ал анам – балабақшада түнгі кезекте күтуші. Күндіз үйге қарайды, топты бала-шағаға тамақ әзірлейді. Киімін бүтіндейді, байпақ, қолғап тоқиды. Жаз бойы есік алдына бау-бақша егіп, күтіп-баптайды. Тамыз түсе қияр, қызанақ тұздап, күздік салат жауып, жертөлені толтырады. Қыс бойғы азығымыз сол. Сондықтан қолдағы бірер сиыр мен бұзау-тайыншаның астын тазалау, уағында суғарып, шөбін салу, таңертең лапастың астына шығарып, кешке жылы қораға байлау – менің ең басты міндетім. Кешкі бес пен жетінің ортасындағы жаттығуға барып жүргенде әлгі міндеттің біразын анам өзі атқарды. Өйткені төрт жарымда малды қамай алмайсың. Одан ары күтсем, дайындықтан кешігемін. Сондықтан менің жаттығуға бармай қалғаныма өмірі бітіп болмас үйдің де, түздің де тірлігін қоса атқаратын анам қуанбағанда кім қуансын…
Қарап жүрмей, өзімнен де бар. Бірде үй тапсырмасын орындап үлгермегеніме бапкерімнің де қатысы барын сезіп: «Өйтіп күрес үйретпей, шахмат ойната берсе, бармаймын» деп кейігенде даусым шығып кетіпті. Әне, анашым соны естіп қалып: «Әй, балам-ай, сол күрестен саған не пайда?! Тек жүрмей, қараптан-қарап, бақайыңды да шығарып, мектептен қалдың. Одан да сабағыңды құнттап оқып, оқуыңа түссең болмай ма?!»,– деп, недәуір кейісін білдірді. Анашымның да сөзінің жаны бар. Әкем қысы-жазы үйдің бетін көрмесе, үлкен ағам комсомол жастар бригадасында, кіші ағам әскерде жүрсе, ал осы кезде үйдегі іске жарайтын жалғыз ұл менің өзім күреске дайындаламын деп, дәл мал жайғайтын уақытта жоғалып кетсем, анама обал емес пе?! Жоқ, болмайды екен! Оның үстіне бапкеріме «бұдан былай күрес үйретпей, шахмат ойната берсеңіз, келмей қоямын» деп, бір-екі рет ескертсем де құлағына ілмеді. Сөйтіп, енді жаттығудан қол үзсем де, сабақтан қалмауға тырысып, мектепке ақсаңдап барып-келе бастадым…
Совхозда бухгалтер болып істейтін бір туыс апай бар еді. Өткенде үйге келгенде сол кісі Төрехан аға туралы тағы бір қызық әңгіменің шетін шығарды.
– Апырай, мынау Төрехан нағыз бесаспап азамат екен! Құдай-ау, қолынан келмейтіні жоқ! – деп таңдайын тықылдатып, басын шайқады. – Кеше совхозға жаңадан келген директорға кіріп, елде жоқ ерекше шарттар жасасып алыпты.
– Ее, сонда не істемек екен? – деп, елең етті анам.
Біреулерді ұйымдастырып аттың қылынан арқан естіріп, қайыстан жүген, шілия сияқты ат әбзелдерін жасатпақшы екен!
– Көрім болыпты. Баяғыда соның бәрін өзіміздің ершілер-ақ жасамады ма. Қазір ғой сол ата кәсіпті ұмытып, өкіметке телміретінді шығардық. Көрім бопты, нағыз азамат, – деп, тәтем дән риза болды.
…Өстіп жүргенде Төрехан аға күтпеген жерден істі болып, төрт жылға сотталды да кетті. Бірге жаттығатын балалар жиналып, біреулердің ақылымен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне Төрехан ағаны қолдап мінездеме жаздырып, қолымыздан келген көмекті жасадық. Алайда бізді соттың маңына да жолатпады. Оған таққан кінәлары – өткен жазда көтерме жұмысқа келген армяндарды сабауы. Бір-екеуінің қабырғасы, біреуінің жағы сынған дей ме, немене. Аудандық ауруханадан дәрігерлік анықтамасы мен рентген түсірілімдерін түгел қаттап-шоттап алса керек. Бір тәуірі Төрехан аға «Жалғыз өзім сабадым. Қасымда ешкім болған жоқ!» – деп, айтқанынан қайтпай, барлығын өз мойнына алыпты. Оның жақтастарының бұрынғы совхоз директорының армяндармен ауыз жаласып, мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны, ауыл азаматтары жұмыс таппай сенделіп жүргенде сырттан жұмысшы шақырғаны да дәлелденбесе керек. «Кеңседегілер сыбайлас болған соң жасырып отыр» десті жұрт. Тіпті, сотта келімсектердің қазақтың қыздарын қолжаулық қылғысы келгені де расталмады. Көршілер атынан сотқа қатысқан анам «Арыстай азамат істі болып жатқанда жәбір көрген жаман қарлар бас сауғалап, қалаға қашып кетіпті. Әй, мына түрімізбен ел болмаспыз», – деп қатты күйзеліп келді.
* * *
Араға жылдар салып, Төрехан аға мерзімін өтеп қайтты. Қаладан келген бойда амандаса бардым. Жалғыз ұлы Айбол әскерге аттанғалы жатыр екен, кешін жүргізіп бердім.
Ол кезде той жүргізгеннен оңай нәрсе жоқ. Сөз орайына қарай қазақтың әйгілі ақындарының өлеңдерінен бірер шумақты төгіп-төгіп жіберіп, біреуге микрофонды ұстата қоясың. Ол көсіліп-есіліп болғанша бір-екі қасық қуырдақты асап жіберіп, қайтып келесің. Бірыңғай сөз болып кетпесін деп, ара арасына бір-екі ән қыстырып жібересің. Палатка құрулы, үстел жасаулы. Музыка да, «Ямаха» да сақадай сай дайын тұр. Одан артық не керек!?
Төкең кеш бастала салысымен микрофонды алып, ұлына батасын берді.
– Әй, балдар! Ішіңдер, жеңдер, тойлаңдар! Бірақ шектен шықпаңдар! Шатақ шығармаңдар! – деді содан соң ұлының қонақтарына. – Біз де жас болғанбыз! Қазір де тұғырдан тайғам жоқ! Сондықтан ескертемін! Шатақ шығарғанды өзім сабаймын!.. Күлмеңдер! Қалжыңдап тұрғам жоқ. Шыным сол. Қазір бірер сағаттай жүріп, үйге кіріп мызғимын. Мына Нұрбек бауырымды тыңдайсыңдар! Біреуің оған қарсы сөйлемейсіңдер! Ал масайып тыңдамай бара жатсаңдар мен тұрам да біріңді қалдырмай сабаймын. Келістік пе?!
– Тыныш отырғандарды не үшін сабайсыз? – деді көптің ішінен біреу.
– Анау шатақ шығарғанды тоқтата алмағандарың үшін! Дұрыс па?
– Дұрыс!
– Келістік пе?!
– Келістік! Тыңдаймыз! – деді жастар бір ауыздан.
Көп ұзамай той қызды. Бір кезде жұқалтаң келген жіптіктей бозбала сәуірдің тәуір түнінде гитарасының пернелерін термелеп отырып: «Сол жазда көрші ауылдың баласына, Мәңгіге айырбастап кеттің мені» деп үздіктіре ән салды. Ел сілтідей тынды. Ән аяқтала сала: «Жұп болсын! Жұп болсын!» десті көпшілік. Содан соң ол «Көк жүзінде барады қаздар қайтып» деп шырқады. Оны біреу домбырамен сүйемелдеп, екінші дауыспен қосылды. «Са-ғы-ныш қой, сағыныш қой! Сарала жапырақтар» деп, бәрі бірге іліп әкетті. Көк жүзінде әдемі ән қалқыды. Бірде шарықтап көтерілсе, бірде төмен сорғалап, сан құбылып, құйқылжыды. Ех, шіркін! Көктемнің көгілжім түніндегі жалындаған жастық шақтың қайта оралмас сәттері-ай! Осынау көңілді кеште басымызға бақ болып қонған жарасым мен үйлесім неге мәңгі-бақи тұрақтап, мызғымастай орнығып қалмайды екен, шіркін! Алайда өмірдің өз заңы бар, бәрі біз қалағандай бола қоя ма?! Мәселен, көпшілік болған соң оның арасында не әннің сөзін білмейтін, не ән ырғағын ұстай алмайтын, не соны төзімі жетіп тыңдай алмайтындар да кездеседі. Оларға сәйкесім мен үйлесімге бөккен мұндай керемет шақтардың құны көк тиын. Әне, солардың бірі әншілердің назарды өзіне аударып кеткеніне іші удай ашыды ма, әлде басқа бір себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір: «Өй, жылатпаңдаршы-ей кісіні» деп, кейіп тастады. Оны әзіл деп қабылдаған жастар ду күлді.
Ол кезде бірен-сараны болмаса, жастардың бәрі дерлік ішеді. Ішкен соң қай-қайдағысы еске түсіп, іштегі қыжылын сыртқа шығарады. Ол қыжылға қарсы тарап өкпе-назын қосады. Сөйтіп қыжыл ерегеске, ал ерегес төбелеске ұласады. Дастархан басында қызып қалып, дәудірлей бастаған біреуді қасындағылар дабыралатпай-ақ ақырын жетелеп алып кетті. Көр де тұр, қазір арасынан сергектеу біреуі шығып, оны үйіне апарып тастайды. Олардың орнына манадан орын жетпей сыртта тұрған біреулер кіріп отырып жатады. Әйтеуір гу-гу, ду-ду…
Той ортасына жетті ме, жетпеді ме, үзіліс кезінде оңаша шығып, «жігітше сөйлесуге» кеткендер көзге түртсе көргісіз қараңғыда шартпа-шұрт жұдырықтаса жөнелді. Билеп жатқандар биді тастай беріп, соған жүгірді. Сол сәтте әлдекім:
– Ойбай, Төрехан оянды! – деді. Дауысы «Дию оянды!» дегендей ащы да, қорқынышты шықты. Сол сол-ақ екен, жігіттерді былай қойғанда қыз-қырқыны қалмай, бәрі жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелді. Сөйтіп той әп сәтте тарқап кетті. Мұншама тез тарқаған тойды өмірі көрмеген едім. Қазір де мылжың сөзі мен ырың-жырыңы көп, сағызша созылған тойды көрсем, шіркін, Төрехан ағаның жетіспей тұрғаны-ай, осы қазақтай «өзге жұрттан сөзі ұзын», қамсыз, мұңсыз халықтың әрбір тойына бір-бір Төрехан керек-ау деп ойлаймын…
Шашы ұйпа-тұйпа, көзі қып-қызыл, саусақтары самырсынның түп діңіндей арбиып Төрехан сыртқа жүгіре шығыпты. Ұйқының мастығынан айыға алмай тұр. «Ішпей-жемей осылай. Мына кісі ішсе не болады!» деп, иманың қасым болғандай.
– Қайда әлгілер? Кім төбелесті? Көрсет! – дейді жын ұрғандай шабынып. Палатка алдында Айман жеңгей, Гүлсара қарындасымыз, музыкант және мен ғана қалып едім.
Айман жеңгей сыңғырлап күліп жіберді.
– Ойбай, Төрехан оянды деп еді, балалардың бәрі тым-тырақай қашып жоғалды ғой! Болды енді, болды! Ұлың да достарымен бірге кетіпті. Ашу үстінде қағып жібере ме деп қаймықты ма, әлде шығарып салатын қызы бар ма, кім білсін…
– Иә, әке! Қайтесіз қараңғыда кеткен елді қуалап? Кетті ме, кетті. Олар енді қайтып оралмайды. Одан да қазір шәй ішейік. Мен шәй шығарып қойдым, – деді қызы Гүлсара еркелей тіл қатып. Мен де оларды қостадым. Төрехан аға күшті болғанымен, әулекі, әумесер емес еді, қызының маңдайынан бір иіскеп, ашуын басты.
Қазақтың ең жылдам тарқаған тойынан соң бесеуіміз отырып шай іштік. «Айбол әскери борышын аман-есен, абыроймен атқарып келсін!» деп тілек тіледік. Ол: «Баяғыда мен сенің күреске деген құлшынысыңды ескермей, шахматпен әурелеп, обал жасаппын-ау», – деп, кешірім сұрағандай кейіп танытты.
Мен ол кісінің еш жазығы жоқтығын айтып, күреске шын қызықсам, қайткенде де алмас қанжардай қап түбін тесіп шығарымды алға тарттым.
Төрехан ағаның ойы арыда жатыр екен.
– Жоқ, мен ана жақта Қызылбұлақтағы көрші ағаң Ысқақпен бірге отырдым. Мектепте завхоз болыпты ғой өзі. Сол сенің жалғыз өзің алты бірдей кластас ұлды жығып алып, шөмеле қылып ойнайтыныңды айтып, мені қайран қалдырды. Бұл мыңның біріне ғана берілер айрықша күш! Ал мына мен сенің бойыңдағы сондай талантты байқай алмаппын, – деп, басын шайқады.
– Ой, ол кісі бастауыштағыны айтып жүр ғой… 6-сыныпта сары аурумен сырқаттанып, жарты жылдай дене шынықтырудан қалған соң кейбір қатарластарым менен әлдеқашан озып кеткен, – деп, шынымды айттым. – Ендеше бұған Сіздің еш қатысыңыз жоқ! Оның есесіне сіз менен балуан шығармасаңыз да, туған інімді баптап, қазір ол облыстық жарыстардан топ жарып жүр! Сондықтан сізге мықты бапкер ретінде бас иемін!
Сонда ғана Төрехан аға өзін кінәлауын қойып, кәдімгідей көңілі көншіп, мерейі өсіп, марқайып қалды.
– Айтпақшы! Сол үш айдың ішінде мені шахматқа недәуір баптапсың. Ана жақта одан сайын шеберлігімді шыңдап, қарсылас шақ келтірмедім. Ендеше сен де мықты бапкерсің!
Екеуіміз жарыса күлдік. Сол кеште әншейінде қол жетпес асқар таудай көрінер, асқақ та асау мінезді Төкең осы жолы кәдімгідей жуасып, жайсаң мінезін танытты. Әрі неге екенін қайдам қоштасатын кісідей кеңірек көсіліп, арқа-жарқа әңгіме шертті.
…Көп ұзамай бапкерім жол апатынан қайтыс болғанда әкем өлгендей қатты қайғырдым. «Осындай жайсаң жанның, өмірі кейінгіге үлгі-өнеге боларлық азаматтың ғұмыры қамшының сабындай шоп-шолақ, қып-қысқа болатыны несі екен» деп қамығып, көпке дейін осыған жауап таппай қиналдым… Мұңайғанымды көріп, жаны ашыған әкем: «Е-е, балам! Құдайға да жақсы адам керек! Әйтпесе, ештеңемен шаруасы жоқ мына біз сияқты саппастарды алмай ма?! Қайғырсаң да, қайғырмасаң да, Алланың ісіне шара жоқ!» деп жұбатты. Түбірлеп ойлай келе ақыры мынадай байламға келдім: Құдіреті күшті Жасаған сынағынан өткен пендесін одан әрі жалғанның жалтырақтарымен әурелемей-ақ, тұп-тура жәннатқа жөнелтетін сияқты. Әйтпесе, басқа не себеп?! Әрине, біздікі болжам-долбар ғана, анық-қанығы бір Аллаға мәлім.
Балташ-Бавария
Әнеу бір жылы жазғы демалысымның он күнін Мақаншыдағы қара шаңырақта өткізейін деп бара қалдым. Бірер күн туған-туыс, дос-жаранды аралап, қазаға құран оқып, қуанышқа құтты болсын айтып шығам да бір апта жазуымды жазып алайын дегенмін. Ағайынның көңілін аулап болып, электрлі мәшинкемді құшақтап отыра қалғаным сол еді, жалп етіп жарық өшті. Далаға атып шықсам, жеңгем шарасыздықтан иығын көтереді.
– Ой-бу, қайным-ай! Сенен ұят болды ғой! Айтқанға көнбей қиып кетті…
– Неге қияды?!
Ағам жаққа иегін көтерді.
– Мына кісі ғой біреулер сөйтеді екен, жазғы бақша суғаруда аздап ақша үнемдейік деп… жарықтың счетчигін кеше ғана тоқтатып қойып еді, әлгінде тексерушілер аяқ астынан сап ете түсіп, қиып кетті.
Ағама қарасам, кінәлі жүзбен қызарақтап күлгенсиді.
– Енді қашан қосады?
– Айыбын төлемей, қоспайды…
– Айыбы қанша еді?
– Жеңгем сөзге араласты.
– Жиырма тоғыз мың теңге. Жаңа ғана тексерушілер жазып кетті.
– Өй, Мұқа! Өзің электрик емессің бе? Бір кезде тексеруші де болдың. Сөйлесіп, түсіндіріп былай… айыбын төлеп, қидырмай қоймадың ба?
– Айттым ғой… көнбей қойды анау ауданнан келген келіншек…
– Қайда өздері?
– Әне, көршінікіне кетті… Бавария бар қасында.
– Бавариясы несі? Неміс пе?!
– Жо-ға, өзіміздің қазақ қой… Бавария-Балташ дейді.
– Жүр кеттік. Балташыңмен сөйлесіп, жарықты қостырып келейік!
– Өй, көнбейді ол! Ол көнгенмен анау ауданнан келген келіншек келісе ме?!
– Ау, Мұқа, сөйлесіп көрейік те әуелі… Жүр кеттік!
Ағалы-інілі екеуміз екі жақтап, әке-көке деп жүріп, зорға көндірдік. Ал Балташтың Бавария аталу хикаясын Мұқаң былайша баяндап берді.
* * *
«Тәуелсіздік» дегенің Балташ үшін көктен Иса түсіп, жерден Мәді шыққандай мүлдем күтпеген құбылыс болыпты. Басқасы-басқа дәл осы Қазақстан тәуелсіздік алады дегенге ол кезде Балташ өлтірсең де сенбейтін. Өйткені ол Иван Иваныч пен Көбейсін-Коля сияқтылардың сөзіне имандай ұйыйтын. «Өздерің ойлаңдаршы, Қазақстан Прибалтика яки Кавказ елдері емес қой?! – дейтін Иван Иваныч абайлап, айналасына жағалай көз жүгіртіп өтіп. – Оларда не жоқ? Бәрі бар… Ал бізде ше?..О-о!!! Халіміз мүшкіл!.. Хуже не бывает!..» Мұндайда Бәкең: «Апырай, өзі орыс бола тұра Қазақстан үшін қайғырып, қан жұтқан қандай абзал азамат!» деп, оған іштей риза болып қалушы еді. Мұның ойын оқып қойғандай Көбейсін-Коля бастығының сөзін одан әрі іліп ала жөнелетін: «Ау, тіпті бізді олармен салыстыруға келе ме? Шикізаттан басқа не бар бізде?! Запчастарының бәрін Россия мен Белоруссиядан таситын Павлодар трактор зауыты ма?! Айтшы, кәне, не бар?! Айтшы…». Көбейсін тіпті әлгі зауыттардың қосалқы бөлшектерін тасып беру бір өзінің ғана қабырғасын қайыстырып жүргендей таусыла сөйлейтін…
Сөйтсе, Бәкең саясат дегеніңнен мүлдем мақұрым екен. Өзі істейтін «Алтайэнергоның» алып станогын ұршықша үйіріп, темірін жонып, несібесін теріп жүре беріпті. Алып-қашты, қаңқу әңгімені әу бастан-ақ суқаны сүймейтін. Кеңсе ауласында топталып алып, көк түтінді құмыға сорып, кеудесін ыстайтындардың арасындағы кеу-кеу әңгімеге де үйірлігі жоқ болатын. «Бала-шағаң тоқ, көйлегің көк болса, жұмысың тастай, бастықтарың дән риза болса, басқасында не шаруаң бар? Сегізді зорға тауысып, аудандағы СПТУ-ды ғана көрген мен сияқты қарапайым токарь үшін одан артық не керек?» – деп ойлайтын Бәкең.
Өстіп жүргенде, Иван Иванычтың айтуынша, жалқы дәртенің екі жағындағы қос өгіздей тағдыр тауқыметін Ресеймен мәңгі-бақи бірге сүйреуге мәжбүр деген Қазақстаның да аяқ астынан тәуелсіз ел болып шыға келді. Әуелде айналасындағы аңқау ауылдастарының бәрі де осыдан абдырап, мәңгіріп қалғандай көрінген. Енді қайтсін?! Аз-ақ күнде аспан айналып жерге түскендей, апыр-топыр, ию-қию болып кетпеді ме?! Ескі өкіметің құлады. Жаңа өкімет тізгін қаққан жоқ… Әуелі білгіштердің бәрі де «мәдениетті» деп, аузының суы құритын елдердің қан-жыны аралас кинолары топан судай қаптады. Бразилия дейме-ау, Аргентина дей ме-ау, бұрын-соңды атын да естімеген қаншама елдің кинохикаялары. Бірінен бірі өткен қым-қуыт оқиға. Бұлардың барлығы да жыланға арбалған торғайдай көк жәшіктің алдында байланды да қалды. Арасында атыс-шабыс, ылық-былығы да толып жатыр… Қарамай қояйын десе, басқа жібі түзу кино жоқ. Оның үстіне… таңсықтың аты таңсық. Жұмыстан шаршап келгенде недәуір ермек, алданыш…
Сөйтіп бала-шағасымен бірге мәре-сәре болып, қызыққа батып отырғанда тапай тал түсте екі әңгүдік іздеспей табысады да, бас салып, аймаласа жөнеледі. Еркегі де, әйелі де әй-шәйға қарамайтын әңгі есектерше үстеріндегі киімдерін жанұшыра сыпырысқанда, Балтакеңнің: «Тіфуй, сайтандар» деп, басқа арнаға бұрып жібермеске амалы қалмайды. Балташтың осының өзінен бетінің оты шығып жүрсе, кейбір қулар қаладан бейнетаспа мен дискілерді арнайы алдыртып, бір үйге тарс бекініп алып, порнография мен эротиканың «қызығына батады» екен. Кезіккен сайын сілекейі шұбырып айтатын әңгімелері сол: «Апыр-ай, біз тәртіпшіл болып, сызылып жүргенде бар қызықтан құр қалыппыз ғой, мыналардыкі сойқан екен…» десіп, бірі бастап, екіншілері қостап, кеңк-кеңк күліседі.
Дәл сол кезеңде әуелден қылтың-сылтыңға әуес ұрғашылар шетел әртістерімен жарысып, жартылай жалаңаштанып, таңын жарқыратып алатынды шығарды. Шалбарлардың ышқырлары мықыннан төмендеп, құйрықтың жартысын жалаңаштап тастады. Қайда қарасаң тегене бөксе, торсиған емшек. Міне, мені көрдің бе дегендей, еш қымсынбайды-ау, сайтан алғырлар. Кейбірінің «Ау, ұйқыңнан оянсаңшы, бізді неге көрмейсің…» дегендей, көзін сүзе, еміне қарайтындарын қайтерсің?! Е-е, ол-дағы «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері екен ғой…
Бұлар сөйтіп, ішіп-жегеніне мәз болып, есінеп-құшынап жүргенде Иван Иваныч пен Көбейсін-Коля сияқтылар «Алтайэнергоның» барлық дүниесінің ту-талақайын шығарып үлгеріпті… Құндыларын жоғарыдағы бастықтар әкеттіге сілтеген (Облыс бастықтарынан соның анық-қанығын кім сұрасын?!). Ұсақ-түйектерін әмпей-жәмпейлеріне үлестіріп тастаған. Құр қалғандар – Балташ сияқты аңқиған аңқаулар ғана. Үлес сұраса, Көбейсін тіпті мұның өзіне дүрсе қоя берді: «Саған аузыңды ашып жүр деген кім бар? Жыламаған балаға емшек қайда?..». Бәкеңнің аузына тағы да құм құйылды. «Солай екен-ау, әй, саяқсып, елден ерек жалғыз жүретін өзіме де обал жоқ…». Алайда бірде дәнекерлеуші екеуі бастығының құдығын жаңалап бергенде Көбейсіннің бұған көңілі түсіп:
– Сен анау станокты үйіңе сүйреп алып кет. Бәрібір босқа тұр, – деді.
Бұл бірден шоршып түсті:
– Қой, Көбеке! Аш құлақтан тыш құлақ, бәлесінен аулақ.
– Өй, сенің есің дұрыс па!? Мынадай аласапыранда қырық жыл бұрынғы станокты біреу іздер деп қорқамысың? Тіпті іздей қалған күннің өзінде… отырмыз ғой осында… Бір жауабын табармыз.
Азын-аулақ тәжікеден соң Балтекең қалай көнгенін өзі де сезбей қалды.
– Жарайды онда. Сіз айтсаңыз болғаны. Бірақ цехтың ішінен… қалай әкетем сонда? Арбиып, есіктен де симайды…
– Бәле, со да сөз бе екен? Тұсындағы қабырғаның кірпіштерін бұзасың да, трактормен сүйреп алып кетесің. Кейін кірпіштерді қайта қалап қойсаң болғаны… Бірақ… былай… демалыс күндері, ел жоқта әкетерсің…
– Мақұл! Мақұл!
Алайда бұл ынжықтап, әне-міне деп, орайын келтіре алмай жүргенде Көбейсіннің өзі де басқа жұмысқа ауысып, станок та қолды болып тынды.
Станоктан қараптан қарап айырылып қалған соң Бәкең де ширайын деді. «Қой, мұным болмас. Он бес жыл серік еткен станоктан айрылдым, – деді өзін-өзі қайрап.– Бүйтіп тартыншақтай берсем, бәрінен құр қалармын». Содан бұл алақанын ысқылап, электриктік кәсіпке қайта маманданады. Әуелі қалаға барып, үш айлық курсын оқып қайтты. Келе сала кәнігі шеберлерге көмекші болды. Солардан білмегенін тықақтап сұрап, көңіліне тоқып жүрді. Ден қойғаны сонша, бірер жылдың ішінде тіс қаққан электриктердің өзін сүріндіретін болды.
Қалай Балташтың электрикамен аты шығады, солай ауылды Қытайдың қауырсын құтыдағы арзан арағы қаптайды. Аты «Гүнси» ме, «Гүңси» ме, сондай бірдеңе… Ой-һой, шіркін, сонда ауыл ішкіштерінің Құдай тілеуін берді-ау бір… Тепсе, темір үзетін жігіттердің бірсыпырасы көпе-көрінеу теңселіп, тентіреп кетіп еді-ау сонда. Алыпсатар мен алаяқтар да шаш етектен пайдаға кенелді. Бәкең де ел қатарлы құтыдағы арзан арақты жүзіп ішіп, шайқап төгеді. Енді қайтсін, ауылда екінің бірі туған-туыс, дос-жаран. Екінің бірі «үйімді түнек басты, жарығымды жарқыратып бер, айналып қана кетейін» деп, үйіне шақырады. Шақырған соң көңілін қимай барады. Жасайды. Жарқыратады. Разы болған туған-туыс, дос-жаран әлгі «Гүнсиге» тойдырады. Енді қайтсін, олардың қайбір шекесі шылқып отыр дейсің. Ақыры Бәкең ине жұтқан иттей болып, бірнеше рет оңбай ауырып, «Енді көрмегенім арақ болсын!» деп, үзілді-кесілді қойып кетті… Енді жарығын жарқыратқандар қауырсын құтысын ала жүгірсе, бұл «Жоқ, тек қана сыра ішем» дейді екен. Сол кезде ауылда қалайы банкідегі «Бавария» сырасы қаптаса керек. Бәкең сыйлаушыларға «Бавария» дейді де отырады. «Ойбу, оны ұмытып кетіппіз ғой» деп, дереу біреуді дүкенге жүгіртеді. Содан бастап елдің бәрі Балташты жәй ғана Балташ емес, Бавария-Балташ атап кетіпті. Өйткені бұ дүниеде «Бавария» деген сыраның бар-жоғы, оның туған, ой, шыққан жері Германия екені осы Балташтың арқасында ғана елдің жадында жатталып қалды емес пе?!
ОПЫРЫҚ
Елең-алаңда Еміл болысынан шыққан жалғыз салт атты күн арқан бойы көтерілгенде Мұқаншы бекетін артқа тастады. Астындағы жирен қасқа жарау айғыры бусана бастапты. Жүрісі суыт. Бағыты – бірер көш жердегі Үржар ма, әлде жеті-сегіз көш жердегі Аягөз дуаны ма, әйтеуір батысты бетке алыпты. Бұл Бұғыбай болыстың елді ықтыру үшін ұстайтын шатаққұмар, ұр да жық шабарманы еді. Азан шақырып қойған аты ешкімнің есінде жоқ, ел қойған есімі – Далбай. Қашан көрсең далпылдап шауып жүргеннен солай атады ма, әлде ит-құсты аңшылыққа баулығанда сүйрететін тұлыпты меңзегені ме, жоқ, иық пен желкені жауып тұратын бас киімге1 балағаны ма, беймәлім.
Суыт жүрісті жолаушы Жайтөбенің тұсына жеткенде сонадайдан бір ноқат көрінді. Енді ет пісірім уақыттай елсізбен жүретінін білетін әккі неме жарау айғырды сауырлата тартып-тартып жіберіп, құйғыта жөнелді. Сүт пісірімдей шапқанда әлгі ноқаттың аттылы адам екені байқалды. Басындағысы орамалға ұқсайды. «Ойпырмай, айдалада жалғыз-жарым жүрген қыз-келіншек болмасын» деп ойлаған Далбайдың делебесі қозып, одан сайын жирен қасқаға қамшыны баса түсті. Әне-міне дегенше әлгі адамды қуып-ақ жетті. Сөйтсе, онысы қыз да, қатын да емес, тақияның үстінен жалбағайын жапырайта киген шал болып шықты. Астындағы аты керқұла екен.
Қара халыққа үстем пейілмен шекелей қарайтын Далбай жазықсыз жанды қуып жеткен бойда аман-сәлем жоқ дүрсе қоя берді:
– Уай, айдалада жалғыз-жарым жүрген ұрғашы ма десем, мәстек мінген шал екенсің ғой! – деді түйеден түскендей қылып.
Керқұла атты бұған оқты көзін ата қарағаны болмаса, ләм-мим деп, тіл қатқан жоқ. «Сен сияқты әулекіге сөз шығындап қайтейін» десе керек. Менсінбегенді көрсетейін мен саған дегендей, еріккен шабарман қатарласа беріп, әлгінің басындағы жалбағайын ала қашты. Құдайдың құдіреті, шал бұл жолы да ашу шақырған жоқ. Құдды ештеңе болмағандай, міз бақпайды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген Далбай арам тер болғанына күйініп, әлгі жолаушыға тақап келіп, тілінің бізін сұғып, іліп-қаға бастады.
Кенет керқұла атты қатарласа берген Далбайдың арқасына қарғып мініп, екеуі жерге ұмар-жұмар құлады. Өзі қарулы екен. Әп сәтте шабарманның қол-аяғын артына қайырып байлап тастады. Аспай-саспай қоржынын шешіп, бақыры мен тостағанын шығарды да, керқұла мен жирен қасқаны отқа қойды. Далбай аяқ астынан пенде болып байланып қалғанына көнгісі келмей, айқайға басып еді, анау оған пысқырып та қарамады.
Үстіндегі шапанын шешіп, білегін түрінгенде көрді, «шал» дегені шал емес, төртбақ келген, тарамыс денелі қырма сақал қырқылжың екен. Өзі енді ғана қырықтың қырқасына шыққан сияқты. Алайда, о, құдырет, аузында бір тісі жоқ опырық болып шықты. «Бәсе, шалдан жеңіліп не көрініпті!? Мынауың тегін адам емес, балуан бітісті, төртпақ неме ғой! Айдалада жанымды жаһаннамға жіберіп, сүйегімді бір жыраға тастай салмасын» деп шошыды. Сол қаупін растағандай жалбағайлы мұның желкесінен бір қолымен бүріп ұстап, жатқан жерінен жұлып алып, тізерлетіп отырғызды.
– Сен сілімтік кісіңе кезікпей жүр едің! Міне, бүгін сол кісіңе кезіктің,– деді бұның кеудесінен қос қабаттап ұстаған қамшысымен нұқып. Көзіне көзі түсіп кетіп еді, жүрегі зырқ ете түсті. Шегір көзі шатынап, шақырайып алыпты.– Бүгін мен құныкеріңмін! Кесік айтар қазы да, жаныңды алар жендетің де өзім… Не істегеніңді есіңе түсірейін бе, әлде өзің білесің бе?
– Білем…
– Бүгінгіңді, әрине, білесің! Ал бұрынғың ше?
Далбайдың еш мағынасыз меңірейген көзі жыпылықтап кетті.
– Әрине, есіңде жоқ! Кімді ғана қорламадың сен найсап? Қайсыбірі есіңде қалсын! Былтыр күзеуде отырғанда ауылымыздың аузы дуалы ақсақалы Бәйдібекті тілдеп кеттің. Биыл ерте көктемде әкем Оралбайды қамшымен тартып, басын жарыпсың. Сол кезде-ақ: «Бұл иттің сазайын тарттырмасам, Бапан атым құрысын!» – деп, серт етіп едім. Міне, соның сәті енді түсті!
– Сауға, батыреке! Айтар датым бар!
– Айт!
– Мені қалай жазаламақсың? – Далбай «жендетіңмін» деген сөзден қатты тіксініп қалып еді.
– Асықпа! Уағында көресің! Қапыда кетпейсің. Сен әуелі құлақ сал! Алаңдамай, алақ-жұлақ етпей, мұқият тыңда! Мұны тілім қышып айтпаймын. Сен де жұмыр басты пендесің. Тәубаңа түсіргенде ертеңгі күні мұны қастыққа жорып, кек қумас үшін айтамын. Есті жігіт болсаң, кінәңді ұғып, сабаңа түсерсің. Ал адамдықтан ада, нас басқан найсап болсаң, дауа жоқ!
* * *
Қырма сақал малдасын құрып отырып сөз бастады. Опырық ауыздан сөз ысылдап-күшілдеп шығады екен. Алайда күмілжімей, нақпа-нақ сөйлеген соң оңай ұғылады. Пенде шіркін тырп етпей тыңдады.
– Жас кезімде мен-дағы сен сияқты әумесер, әулекі едім. Құдайдың құдыреті, алыс-жұлысқа айрықша құмар болдым. Кезіккен жігітпен күш сынасып, алыса кеткім кеп тұратын. Және алысқанымды алып ұрдым. Тіпті бірнешеуі жабылса да бой бермедім. Ақыры құрдастарым: «Әй, ит саған дауа жоқ екен!» деп, амалсыз көнуші еді. Әлгі Иман Жүсіп айтқандай, топтан асып, «менменсіген талайдың көңілін басып» алапам асып, мерейім тасып жүрді. Қайда той, ас болса, мыңғыртып мыңды айдаған Байғана бай мені апаратын. Құдай куә, жиырма жасымда топқа түссем де, орда бұзар отызға толғанша жауырыным жер иіскеп көрмепті… – деп бастады әңгімесін опырық ауыз, қырма сақал. – Бірде «Семіз найман» деген жанама есім арқалаған Байсиықтардың асына – Алакөлдің арғы бетіне бардық. Сәлім деген бай әкесі Сіләмға сауын айтып, ас беріп, ұлан асыр жиын, ұлы дүбір той болып жатты.
Ән шырқалды. Ақындар айтысты. Аламан бәйгенің аты кетті. Ендігі кезек балуандарға келгенде небір ноқта сүзген, бұқа мойын, бура сандар білек сыбанып шығып, ырс-ырс алысып жатты. Жеңілгені бірден жарыстан шығып қалады да, жеңгені келесі айналымға өтеді. Мен де білек сыбанып, алақан ысқылап келгенмін.
Не заманда мені де шақырды-ау ортаға… Мыжи бермей, тоқ етеріне көшейін. Қарсы алдыма шыққан бірнеше балуанды бұйым құрлы көрмедім. Құжқараға да төтеп берер пенде болмады. Түркістаннан әкелген ноқталы балуан да, Семей циркінің орыс балуаны да, Ақмешіттен әкелген шынжырлы балуан да екеумізге шыдас бермеді. Ақыры ақтық айқасқа Байсиықтың жас балуаны, жас болса да бас балуаны Құжқарамен мен шықтым.
Менің төл әдісім – ұстасқан балуанды шыр көбелек иіріп, үш-төрт айналдырған соң қапысын тауып, алып ұру еді. Жаратқанның маған берген айрықша қасиеті – белдескен кісім бір ырғағаннан-ақ аяғы жерден көтеріліп шыр көбелек айналғанын сезбей қалушы еді. Ал иірген балуанды жығу оңай. Жыға алмай қалсам, қайта иіремін. Енді үш-төрт емес, он шақты, әйтпесе одан да көп иіремін де, қарсыласымның сәл босаңсыған сәтінде алып ұрып, жауырынын жерге соғамын.
Ал енді саған өтірік, маған шын, мына Құжқараң нағыз дәу болып шықты. Бір-бірімізге жақындап, қарсы келгенде байқадым, менің тұмсығымның ұшы оның шалқиған шалқақ кеудесінің тұсында тұр еді. Жағадан ұстасқанда көзім түсті, бас бармағының жуандығы жас баланың білегіндей. Ұстаса кетіп, екі жаққа бірдей ырғасам да табаны жерге жабысып қалғандай тапжылмай қойды. Іштей Жаратқанға сыйынып, тағы екі-үш рет шалт қимылдап көрдім. Ештеңе шықпады. Қырқа шалып тастайтын екінші тәсілім бар еді. Оған да түспеді. Содан соң қарсыласымды бұқаша алға итеріп барып, ол да бар күшін салып, тіресе кеткенде арқаға жата қалып, бастан асыра лақтыратын үшінші тәсіліме салдым. Міне, осы сәтте таудай Құжқара өз екпінімен үстімнен омақаса асып барып, қос жауырынымен қадалғанын бірақ білді. Бес Байыстың баласы шу ете түсіп, төңіректі басына көтерді.
– Қабанбай! Боранбай! Сарман! Шыңқожа!
– Уа, Бапан! Басынан атта! Күшін ал!
– Құжқара қос жауырынымен бірдей түсті!
– Таза жеңіс! Біздің балуан жеңді, – деп даурығысты.
Мен басынан аттап өтіп, балпаңдап былай шыға бердім. Қарсы жақ та жеңілгісі келмей, байбаламға басып жатыр.
– Есеп емес! Әдісті жасағанда әуелі Бапанның жауырыны жерге тиді!
– Иә, есеп емес! Қайта күрессін! – деп шулайды.
Оған бес Байыстың баласы көне қоя ма?!
– Ой, шикін-ай, жата қалып лақтыру – ежелгі әдіс. Оны жасаған балуанның жауырыны жер иіскегені есеп емес! Әдісті шығара алмай, жауырыны жерге тисе – жеңілгені. Ал шығарса – жеңгені!
– Иә, Бапан әдісін жасап, Құжқараның жауырынын жер қаптырды!
Дау өрши бастаған соң жаршы жігіт ортаға шықты. Қамшы ұстаған қолын жоғары көтеріп тұрып, әбден шу басылғанда ғана тілге келді.
– Ау, ағайын! Қызылөңешке салмай, мәмілеге келейік! Төрдегі төрешілер ақылдаса келе мынадай тоқтамға келді. Екі жақ та өз балуанының жеңгенін қалайды. Екеуінің де уәжі өзіне жөн! Сондықтан бәйгені екеуіне бөліп берейік! – деді.
Бұл енді көпе-көрінеу той иелерінің ығына жығылу болатын. Ақиқатында мен жеңіп едім. Әлгінде біреу айтқандай, жата қалып лақтыра алмай қалып, жауырыны жерге тисе – жеңілгені. Ал әдісті жасап, қарсыластың жауырынын жер қаптырса – жеңгені! Осыны білген біздің елдің жігіттері тағы да шу ете түсті.
– Көнбейміз!
– Омақасқан Құжқараға қалай бәйге бермексің!?
– Бәйге – біздің балуандыкі!
Сол кезде жаршы жігіт тағы да сөзге араласты.
– Онда қазылар қазақтың «Ер кезегі – үшін» ұсынады,– деді ол. – Үш рет күрессін! Кім көп жықса, соның жеңгені жеңген! Ешкім таласпайды.
Байыс тарабы өзара ақылдасып алмай, осыған келісе кетті. Анығында той иесі Байсиықтар да бөтен емес. Байыс та, Байсиық та Байторының баласы. Өзіміздің Қаракерей. Оның үстіне көптің айтқаны – заң! «Көп қорқытады, терең батырады». Көнбеске шара жоқ! Бір Аллаға сыйынып, ортаға шықтым. Құжқара да арғы жақтан алпамсадай болып, қорбаңдап келе берді.
Бала кезімізде қатарлас кей бала «жарысайық!» дейтін де, біз шартын ұққанша тұра жүгіріп, мәреге бұрын жетіп алатын. Ондайда әлгілердің қылғаны арамдық екенін мойындатып, қайтадан тең жағдайда жарысуға көндіресің. Ал оған көнбей, тағы да қулыққа басса, сазайын бересің. Бұған кейбір үлкендеу балалар араласып, әділетсіздікті жақтаса, қайта жарыспай, қырсығым ұстап, қитығып қалатынмын. Бұл жолы да дәл солай болып, «қайта күресуге бекер-ақ көндім, мен жеңіп тұрмын ғой» деген бір ой көкейімнен кетпей қойды.
Сонымен, екеуміз екінші рет ортаға шығып, аңдысуға көштік. Бір мезетте ол тәуекелге бел буып, іштен шалып алып, алға қарай тастамаққа айналды. Дереу кері амалға көшіп, отыра қалып, тізесін жерге соқтым. Кәдімгідей ауырсынып, не болғанын ұқпай қалды. «Әп, бәлем, солай ма екен!» деп, масайрап қойдым да, қырқа шалып, лақтырып көрдім. Түспеді. Сосын ол қырқа шалып, тастап жіберді. Серіппедей серпіліп, айналып келіп, ішпен түстім. Итжығыс.
Далбайдың кірпігі айқаса бастағанын байқаған Бапанның көзі шақырайып кетті.
– Әй, сен ұйықтап отырсың ба, тыңдап отырсың ба!
– Тыңдап отырмын, тақсыр! Айта бер!
– Әлгінде айтпадым ба, «алаңдамай, алақ-жұлақ етпей, мұқият тыңда!» деп… Кісіні арамтер қылмай, дұрыстап тыңда!
Бапан қарсы алдындағы Далбайға ала көзімен атып жіберердей недәуір шаншылып қарап отырып, сабасына түсіп, әңгімесіне қайта кірісті…
– Иә, сөйтіп, енді мен төпелеуге көштім. Төпелеу дегенім – бір тәсілді жасайсың да, дереу екіншісіне, оған түспесе үшіншісіне көшесің. Сонда қарсыласың сақтанып үлгермей, біріне болмаса, екіншісіне түсіп қалады. Қырқа шалдым, түспей қойғанда, иіріп көрдім. Одан қорғанғанда дереу іштен шалып, алға тастайтындай бұлт еттім де, ол содан қорғана бастағанда, сыртқа тастадым. Жауырынымен түсіп бара жатып, соңғы сәтте бұлт етіп айналып барып ішпен түсті. Итжығыс.
Балуан дәу болса, ебедейсіз келеді дейді жұрт. Бекер сөз. Алғашқы күрескенде-ақ байқағанмын. Құжқара – дәу болса да аса епті еді. Бірінші белдесуіміздің оңайға соқпай, сілікпем шыққаны содан болатын. Бұған дейін тәжірибесіздеу, жасырақ кезімде болмаса, бертінде ешкіммен осынша ұзақ алыспаппын. Екеуміз де қара сорпа болдық. Әсіресе, Құжқараның күші басымдау болған соң, өзімнің қатты шаршағанымды сездім. «Шыдау керек! Берілмеу керек!» деп, іштей өз-өзімді қайрап қоямын. Адамды тез шаршататын құлықсыздық қой. Манағы қитығудың соңы құлықсыздыққа ұласқанын сездім. Менің шаршағанымды сезген ол төпелеуге көшті. Қойшы, әйтеуір, бір қарасам қос жауырыныммен қадалып, шалқамнан түсіппін. Шаршағаным сонша үшінші рет күресуге құлқым да, шамам да жоқ еді.
Енді қарсы жақ шу ете түсті:
– Аруақ! Аруақ!
– Құжқара жықты! Құжқара жеңімпаз!
– Басынан атта! Басынан атта!
Міне, осы сәтте менің қаным басыма тепті. Ібіліс иектеп, сайтан түртті ме, кім білсін, әйтеуір, қанша балуанды жығып, басынан аттап жүрсем де, өзімнің басымнан аттату дәл осы сәтте маған өліммен тең болып көрінді. Қазір ойлап отырсам, осының барлығы – баланың ойыны, бақсының жыны секілді түкке тұрғысыз бірдеңе екен ғой. Ал ол кезде біреуді басыңнан аттатқанша, өлген артық деген бір қияңқы ойға таскенеше жабысып алған едім. Әйтеуір Құжқара басымнан аттай бергенде көзіме қан толып екі бұттың ортасынан бар пәрменіммен періп жібергенімді ғана білемін. Қарсыласым кескен теректей гүрс етіп құлады. Жұрт шу ете түсті. Жалма-жан атып тұрдым.
Біреулер мені сабаймыз деп, атқа міне салып, қамшыларын иірді ме, екіншілері олардың жолын кес-кестеп, жібермеді ме, қойшы, әйтеуір, қорқынышты түс сықылды сондай бір шым-шытырық бірдеңе болып, тойымыз топалаңға ұласты да кетті. Құжқара байғұс сол құлағаннан тіл тартпай жатып-жатып, қайтыс болды. Ол кезде қолым бата тимей, қата тиеді деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе?! Ойласам, өліп бара жатсам да олай ұрар ма едім?! Біреулер айтады, тіпті жұмыртқасы жарылып, шыбығы үзілгеннің өзінде алпамсадай адамның олай ұрғаннан өліп кетуі екіталай, сені ұрам деп ат ойнатқандардың бірінің аты басынан теуіп кетті деп. Қалай болғанда да әйтеуір аяқ астынан адам өлтірген күнәһар болып шыға келдім. Екі жақтың билері мен қалыс ағайыннан сайланған төбе бидің бәрі өзара ақылдаса келе Құжқараның ағасы Мырзағазының сөзіне тоқтасыпты. Ол қабағы қарс жабылып отырып: «Қанға – қан дейтіндей, қанқұмар пендең мен емес! Болар іс болды, бояуы сіңді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ! Алайда жалғыз бауырымның ажалына себепкер болған пендені жазасыз жіберсем, талқаным таусылып, о дүниеге барғанымда оған не деймін?! Сондықтан Бапанды қолыма бересіңдер. Өлтірмеймін. Тұла бойындағы он екі мүшесі мен жүз алты буын, алпыс екі тамырға да зиян шектірмеймін. Тек сабасына түсіріп, тәубаға келтіремін. Басында торғайдың миындай ми болса, бұдан соң адам баласына қиянат жасамайды», – депті. «Ол қалай?» деп сұрапты билердің бірі. «Оны Бапан екеуміз қайтып келген соң көресіңдер!» депті Мырзағазы. Алғашында Байыстан тарайтын Ақымбет пен Сыбанның сөз ұстар ақсақалдары «Азаматтың құнын төлейік! Далада жатқан балуан жоқ!» деп, көнгісі келмеп еді, мен «Мырзағазының дегені болсын! Әйтпесе, екі дүниеде разы болмаймын!» деп, табандап отырып алдым.
…Сонымен не керек, Құжқара, жоқ, жаназасын шығарғанда естідік қой, шын есімі Нұрғазы екен. Иә, сол Нұрғазы марқұмды жерлеген күннің ертесіне таңғы шайдан соң Мырзағазы екеуміз екі атпен жолға шықтық. Құныкерім – алдыда, мен – соңында. Бағытымыз – Алатаудан бастау алатын Үш Тентектің жоғарғы сағасындағы жабайы алмалы, тастұмалы елсіз сай. Көп жүрдік. Отыз жылдық ғұмырымды бастан-аяқ көз алдымнан өткізіп келе жатып, қанша жүргеніміз есте жоқ, не заманда қарасам, Мырзағазы аттан түсіп, қанжығасынан қоржынын шешіп жатыр екен. Мен де түстім. Аттарды отқа қойдық. Мен сонадай жердегі тастұмадан су әкелуге кеттім.
Талыстан жасалған шелекті көтеріп жетсем, Мырзағазы кішкене жерошақ қазып, қасына шырпы мен қурай теріп қойыпты.
– Ал, батыр! Қазір айдалада екеуміз ғана қалдық! Үшіншіміз – Құдай. Анау көгалға барып күресіп, күш сынасамыз! Егер мені жеңсең, жалғыз бауырымның құнын кештім! Құдай кешсе, мен кештім, – деді Мырзағазы таңертеңнен бері енді ғана тілге келіп. – Өйткені ашу үстінде бата тимей, қата тиіп, сені мерт қылсам, мойныма қаныңды жүктеймін. Ол аз болса, бауырың яки балаңның кегін қоздырамын. Ал енді күшім жетсе, сені жазасыз жібермей, тәубаңа түсіремін!
Мұны естігенде кеңсірігім ашып, көмейіме өксік тығылды. Апырай, мұндай да кең пейілді, жомарт жүректі адам болады екен-ау!
– Ағеке! Мен сенімен күреспеймін. Жалғыз бауырыңның ажалына себепкер болып отырып, қалай ғана жағаңа жармасамын? Мені жеңілді деп сана да, не істесең де өзің біл! Қарсыласпаймын, – дедім шын разылықпен толқи отырып.
– Тәубаға түсіру оңай шаруа емес! Бар тісіңнен айырыласың, ойлан!
– Ойланатын несі бар?! Отыз екі тіс Нұрғазы марқұмның нақақ қанының бодауына жүрмесе де, Жаратушының алдына жеңілдеп баруыма себепкер болар!
– Ондай болса, қолыңды артыңа қайырып ұста, байлаймын! – деді ол.
Қолымды артыма қайырып ұстадым. Ол байлап тастады.
Мырзекеңнің әлгінде «күресіп, күш сынасамыз» деуі бекерден бекер емес еді. Ол да кезінде қарсылас шақ келтірмейтін атақты балуан болған деседі. Мен топқа түсе бастағанда Мырзекең де белдесіп жүрді. Бірақ екеуміз Алакөлдің екі бетінде тұрсақ та, Құдайдың құдіреті күш сынасудың бір сәті түспей-ақ қойды. Мен барғанымда ол сүзектен жаңа тұрыпты, белдесуге шықпады. Ол келгенде менің аяғым асаудың астында қалып, күреске түсе алмадым. Ақыр аяғы, міне, биыл сәті түсе ме десем, Мырзекең күреске өзі түспей, інісін баптапты.
Айтып айтпай не керек, Мырзағазы сол жолы бақырға суды шымырлатып қайнатып, үстіне бидайдың талқанын себелеп, быламық пісірді де, маған ыстықтай ішкізді. Соңынан өзім тастұмадан әкелген тастай суды жұтқызып жіберді. Міне, осылайша күшім бойыма симай, асау айғырдай арқырап, құтырынып жүрген басым әп сәтте сабама түсіп, тәубама келдім…
* * *
Қырма сақал енді Далбайдың қарсысына жүрелеп отырды.
– Ал, шатаққұмар шабарманым! Мырзағазының маған істегенін енді мен саған істеймін. Қазір екеуміз анау көкмайса көгалға барып күресіп, күш сынасамыз! Егер мені жеңсең, әкесін өлтіргенді де кешеді, мен де сені кештім! Құдай кешсе, мен кештім, – деді Бапан Далбайдың көзіне тура қарап.– Ал жеңіледі екенсің, онда өз обалың өзіңе! Мырзағазының тәсілін қолданып, бір пәсте тәубаңа түсіремін! Ұқтың ба?
Далбай басын изеді.
– Жоқ, сен бас иземей анықтап айт! Ұқтың ба, жоқ па?
– Ұқтым!
– Өзіңді кінәлі, жазаны әділетті деп санайсың ба? Ашып айт!
– Кінә-лі-мін. Бірақ… жазалау жағын өкіметке қалдырсақ…
– Оттапсың! Өкімет жоқ қазақта! Патша үкіметің халықтан садаға кетсін! Халықтың атынан мен жазалаймын! – Бапан Далбайдың қол-аяғын шешті. – Бұлаққа барып, беті-қолыңды жуып, шөліңді басып қайт!
Көп ұзамай екеуі көкмайса көгалға барып, күш сынасты. Шамасы жетпесін сезген Далбай әлгінде бұлаққа барар жолда жан қалтасын бос топыраққа толтырып қайтқан ба, ұстаса кетейін деп ұмтыла бергенде Бапанның көзіне топырақ шашып жіберіп, басқа-көзге төпелеп ала жөнелді. Мұндай зұлымдықты күтпеген Бапан қарсыласын қолының сыртымен сарт еткізіп, қағып кеп жіберіп еді, анау кескен теректей сұлап түсті.
– Әй, иттің баласы! Аярлығыңды өлсең де қоймайды екенсің-ау! Өз обалың өзіңе! – деп, сұлқ жатқан Далбайдың күре тамырын ұстап көріп еді, суішкілігі таусылмапты. Содан асықпай бұлаққа бет-аузын жуып, жол-жөнекей ақсөңке болып қураған бұтаның шырпылары мен қурай теріп қайтты. Дереу қынынан мүйіз сапты пышағын алып, әп сәтте жерошақ қазды. Шөпшек пен шырпыны тұтатып, бақырға су құйып, отқа қойды. Қасынан ағып жатқан тасбұлақтың бастауына барып, жирен тайдың сан терісінен жасалған бұлқыншаққа су құйып әкелді.
Бақырдағы су шымырлап қайнай бастапты. Қоржындағы қалтадан құйрық майға қуырылған тарының талқанын алып, кәнігі бақыршыларша тамақ дайындауға кірісті. Әлгі талқанды қайнаған суға үстінен себелей отырып, аракідік араластырып қойып, быламықты бабымен пісірді. Сол кезде Далбай есін жиып, қол-аяғын созды. Әкесінің үйінде жатқандай көзін ашып-жұмып қойып, шалжиып жатыр. Бапан быламығы әбден пісті-ау дегенде шағын дастархан жайып, тостағанға асты түгел салды. Екі жағынан екі қасық қойып, шабарманды асқа шақырды. Елең-алаңда бір тостаған айран жұта салып, жолға шыққан Далбай манадан бері қайта-қайта қарағыштап қойып, жұтынып жатыр еді. Әлгі оқиға тарс есінен шыққандай, шақыра сала өңмеңдеп жетіп келді.
– Ау, батыреке, қол жумайсың ба? – деді Бапан езуіндегі ащы мысқылын жасыра алмай. Сонда ғана қол жуу керектігі есіне түскен Далбай бүкшеңдей басып, бұлаққа барды да, бет-аузын шала-шарпы шайған болып, қолын үстіне сүрткіштеп, дастарханға келді. «Тамақсау неме екенсің! Быламықты қинамай-ақ өзің жейтін сияқтысың. Тасбұлақтың тастай суын да өзің ішетін секілдісің» деп ойлаған Бапан иегімен быламықты нұсқады:
– Ал, батыр, ал! Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым!
Далбай қоймалжың ыстық асты үрлемей-ақ ұрттап, көмейін күйдіре-мүйдіре қылғыта бастады. Құдды біреу соңынан қуып келе жатқандай, бірін аузына сала бере, екіншісін көсіп алады. Оны көрген Бапан: «Ой, Алла! Жастайынан қарны ашып, аштықтың зары сүйегінен өтіп кеткен неме ме?!» деп, қайран қалды. Өзі ағаш қасығымен бір-екі рет қана іліп алып, асықпай үрлеп отырып, ауыз тиген болды. Сол екі ортада табақтың түбін тақырлап үлгерген қонағы: «Су-у, су бар ма?» деді қырылдап. Бұл бұлқыншақтағы Тасбұлақтың тастай суын нұсқады. Далбай суды да өңіріне төгіп-шашып, асығыс-үсігіс қылқылдата жұтты. Бір демде түйеше сіміріп, ыдысын жартылай беріп, бірақ дем алды. Сонымен тойды ма десе, сәл тыныс алып барып, ыдысты басына көтеріп, жанына тастай салды. Бапан: «Ой, тоба! Мынауың құдды ертегінің көлтауысары ғой!» деп, аңырайып отырып қалды. Өйткені бұлқыншақ толы сусын бір жылқының шөл қандырар суы болатын.
Бапан көп ұзамай қоштасу керектігін ескеріп, тіл қатты.
– Жә, бұйырса, енді қазір екеуміз екі жаққа аттанамыз! Қайда жүрсең де аман бол! Алдыңнан жарылқасын!
Анау да әлденелерді міңгірлеп айтып бола сала балуан атына қарай беттеді. Далбай екіұдай халде аңырып барып, ат ерттеп жатқан серігінің қасына келіп, бірдеңені айта алмағандай сипақтап тұрып, ақыры:
– Тақсыр… әлгі… иә, осымен бітті ме? – деді.
Бапан айран-асыр, таң-тамаша! Әуелде аузына сөз түспеді…
– Бағанадан бері не айттым, жарқыным-ау? Ұқпасаң… ежіктейін, – деді іле-шала. – Мен жазалайын дегем, бірақ сен өз-өзіңді жазаладың. Ыстық быламық жедің. Қыстамай-ақ қылғыттың! Соңынан су сұрадың. Бір бұлқыншақ Тасбұлақтың тастай суын тауысып іштің. Енді көп ұзамай отыз тісің түгелге жуық саудырап түседі. Ілуде бір кезігер дауасыз біреу болмасаң, барлық тісіңнен айрылғанда сабаңа түсіп, тәубаңа келесің. Енді есің болса, бұдан былай адам баласына қиянат жасамайсың. Атаң қазақ: «Айғыр құтырса ат болар. Ат құтырса ет болар» дейді. Ал әлін білмеген әулекі құтырса, оны сабасына түсірер біреу қашан да табылады. Солай, жігітім…
Бапан атын тебініп қалып, бет алған жағына қарай аттанып кетті. Сыртынан қарағанда желке жүні күдірейген көкжалдай айбатты, сұсты еді. Далбай бірдеңе ұқты ма, ұқпады ма, әйтеуір әлгі орнында недәуір тапжылмай тұрып, батысқа қарай ілбіп кете барды. Манағыдай делебені қоздырған елірме желігі жоқ. Жынын алған бақсыдай меңірейіп, мелшиіп қалған сияқты. Жарау айғыры әдеттегідей ширақ басып, алға ұмтылып еді, жақтырмай, тізгінін шірей тартты.
Бұл кезде күн тас төбеден әлдеқашан ауған еді.