ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

             Түркістан дегенде елеңдемейтін жан жоқ. Бүкіл түркі жұрты Түркістанды атажұрт көреді. Сондықтан да жылдың қай мезгілі болсын, киелі кентке қарай ағылған керуен-көшті көреміз. Ал, осындай алтын алқапта туризм саласы қалай дамып келеді? Түркістан төрі тынығушылар мен саяхатшыларды несімен тартады? Міне осы, басқа да сауалдарға жауап іздеп, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет МЕДЕУОВКЕ арнайы жолыққан едік. Төменде сол сыр-сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

            – Нұрдәулет Данабайұлы, Түркістан топырағына табан тірегендер әуелі Қожа Ахмет Ясауи бабаның күмбезі көк тіреген кесенесін көруге асығады емес пе? Бірақ, осы кесененің өзі талай ғасырдан бері қиястық пен қияпұрыстықтың нешеме атасын көріп келеді. Оның үстіне уақыт салған сызаттар да бар. Айтыңызшы, кесененің бүгінгі ахуалы қандай?

            – Дұрыс айтасыз, кешегі кер замандарда тарихымызға жасалған қиянаттар мен басқыншылық салдарынан баба кесенесі небір ауыртпалықтарды басынан өткерді. Сонау патшалық Ресей мен Қоқан хандығы тұсында кесенеге оқ атылып, ішіндегі құнды жәдігерліктер тоңалды. Одан беріде құдайсыз Кеңес үкіметі кезінде кесенеге кері көзқараспен қарады. Осындай кесапатты көзқарастардан кесене маңындағы құлпытастар қиратылды, жойылды. Деректер мен кітаптар да қолды болды. Тайқазанымызды Ресей Эрмитажға алып кетіп, әупіріммен зорға қайтарды. Кесенеге жерленген асылдарымыздың аты-жөндерін ажыратудан қалдық. Тек 1999 жылы ғана мұражай қызметкерлерінің ізденулері арқасында кесенеге және кесене айналасына жерленген хандарымыз бен бекзат болмысты тұлғаларымыздың есімдері жаңғыра бастады. Кесенені жөндеуге өткен ғасырда да бірқатар адам қатысқан ғой. Олардың арасында көзі тірілері де болды. Солардан да естеліктер жиналды. Жобаға жетекшілік еткен мамандардың есептеріне жүгінді. Олар кесене маңындағы ескі қорымды сүргенде адам сүйегі өте көп шыққанын алға тартты. Заманына хандар мен ел жақсыларын Түркістанға, соның ішінде Қ.А.Яссауи кесенесі аумағына жерлеу аса мәртебелі болған және ол адамдар осы құрметке лайық та еді. Зерттеулер көрсеткендей, кесене төңірегіне жерленген адамдардың ұзын саны 162 адам болып тұр. Бұл адамдардың саны әлі де арта түседі деген сенім бар.

            Деректерге сүйенсек, ХҮ ғасырдың аяғынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі хандардың пантеонына айнала бастаған. Мұнда Дешті Қыпшақтың айтулы хандары мен ханымдары жерленді. Осы кесенеде Дешті Қыпшақ ханы Әбілқайырдың әйелі, атақты Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегім және Әбілқайыр ханның шөберелері Құл-Мұхаммед сұлтан мен Мастура хатун жерленген. Осыдан соң кесене маңайына қазақтың басқа да хандары мен төрелері, сұлтандары жерлене бастады. Жәнібек ханның қызы Аманбике, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыри, Шығай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның сүйектері осында қойылған.

            ХҮІ ғасырдың соңында Түркістан аймағы Қазақ хандығына толық өтеді. Сол кезде Түркістан Қазақ елінің астанасы болды. ХҮІІ ғасырдың басынан қазақ хандары мен сұлтандары, олардың отбасы мүшелері, батырлар мен билер кесене маңынан мәңгі жай тапты. Осы кезеңдерде Есім хан (1628 ж), Жәңгір хан (1652 ж), Ондан сұлтан мен оның ұлы Қайнар-Күшік осында қойылды. Ал, ХҮІІІ ғасырда Тәуке хан, (1715 ж), Есім хан (1628 ж), Жәңгір хан (1652ж), Ұлы жүз ханы Жолбарыс (1740 ж), Орта жүз хандары Семеке мен Әбілмәмбет және оның ұлы Әбілпейіс сұлтан осында жерленді. Орта жүздің биі Қазыбектің сүйегі сонау Қарқаралыдан әкелінгенін сіздер жақсы білесіздер. Қанжығалы Бөгенбай батыр да осында мәңгілік ұйқыда жатыр. Соңғы зерттеулер кесене іргесіне 21 ханның, 4 сұлтанның жерленгенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар осында қазақтың 26 биі, 49 батыры, 61 игі жақсылары жатыр. Ана бір жылдары түркиялық құрылысшылар кесенеге күрделі жөндеу жұмыстарын жасады емес пе? Сонда кесене ішіндегі сүйектер араласып кеткені бар. Бұл жанашырлардың жанайқайларынан соң қалпына келтірілгендей болды. Мінеки, осындай абыздар мен игі жақсыларымыздың рухы қалған рухани астанаға түркітілдес мемлекеттердің саяхатшылары ағылып келіп жатады. Оларды бабалар рухы шақырады.

            – Өңірде тағы қандай тарихи орындар, туристер көп келетін нысандар бар?

– Біздің өңір тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1789 тарихи-мәдениет ескерткіш орналасқан. Сондай-ақ, мәдени-тарихи туризм облыстың туристік қызмет саласының басты драйвері болып табылады. Мәселен, Қ.А.Ясауи мен Арыстанбаб кесенесіне алыс, жақын шетелдерден жыл сайын көптеген туристер келеді. Сондықтан негізгі деген нысандарды атап өтейін.

Түркістанға келген туристер міндетті түрде Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі кіріп, дұға етіп шығады. Себебі, Арыстан баб – Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Сондықтан болар, «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле» деген ел ішінде де тәмсіл сақталып қалған. Көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Аумағында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Бүгінде Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған.

Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде Хантағы жотасы бар. Аты айтып тұрғындай мұнда ханның тағына ұқсас тау орналасқан. Ел аузындағы аңыз әпсаналарға сүйенсек, елді билеген хан түсінде ажалының қарақұрттан келетінін көреді. Көріпкелдерде дәл осылай болжаған. Сол жылдары елде төрт түлікте қарақұрттың улы тісінен өлім құша бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан қарақұрттан қашып Қаратаудың биік жотасына қоныстанады. Жан жағындағы жасақтары да ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, өз тағына келеді. Асқа отырып, тамақтанып жатқанда жеміс толы ыдыс ішінен шыққан қарақұрт шынында да ханды шағып өлтіреді. Содан бері бұл тау Хантағы аталып кетсе керек. Қазіргі кезде Хантағы орналасқан аумақ қоршалған. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына алынған.

            Туристер көп келетін келесі бір орын – Ақмешіт үңгірі. Нысан Бәйдібек ауданында орналасқан. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.

            Жалпы Ақмешіт үңгірі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірінде қалмаққа қарсы жорыққа шыққан қазақ жауынгерлері кенеттен нөсер жауының астында қалады. Он мыңнан астам сарбаз пана іздеп, осы үңгірге түседі де, таңғы намазға жығылыпты. Содан бері бұл тау ішіндегі үңгір Ақмешіт аталып кеткен. Бертін келе үңгірдің ішінде үлкен үкі өмір сүрген. Оның төбеден түскен қиы төбешік болып үйіліп қалған. Сондай-ақ, сол маңдағы тұрғындардың айтуынша үңгір ішін үлкен ақ жылан мекендейтін көрінеді. Ол адамдардың көзіне көп көріне бермейді екен. Яғни, көпшілік үкі мен ақ жыланды үңгірдің киесі деп санайды.

            Түркістан облысындағы 1000 жылдық тұт ағашы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында өсіп тұр. Ағаштың түбі қурап кеткенімен, төбесіндегі бұталары бүгінде жапырақ ашқан. Жергілікті тұрғындар оны «Мәжарат тұт» деп атайды. Биіктігі 8-9 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді.

Қазір ағаштың түбірі қурап кетсе де, шыбықтары көгеріп, жапырақ ашып тұр. Ал, ортасы үшке бөлінген. Ауыр тартқан бөліктерін тұрғындар арнайы ағаштармен тіреп қойыпты. Соңғы кезде алып ағашты көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келетіндер көбейген. Тіпті, шет елден келіп жатқандар да бар. Баршасы тұт ағашының басында құран оқып, тілек тілейді.

            Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені орналасқан. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды. Кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталып, 2021 жылы пайдалануға берілді. Аумағы 20,5 гектар. Кешен ішінде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталық бар. Барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Онда судағы «қайық шеруі» мен театрландырылған шоу өткізіліп тұрады. «Керуен-сарай» кешені Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналып келеді. Мұнда отбасылық ойын-сауық орталығы – 2500 теңге, Ұшатын театр – 6500 теңге, қайық турлары – 4000 теңгеден басталады, ал фонтан шоуы – тегін.

            Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығында алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақталуы тұр. Қазақстанда табылған 4 алтын адамның бірі саналатын құнды жәдігерді қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлы Дала Елі» орталығынан тамашалай алады.

            Ханшайымның басында тау ешкісі бейнеленген алтын бас киім бар. Мойнына екі салпыншақты шекелік және тұтас құйылған гривна тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың басы бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Ал білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысықтұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленіп, алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған.

2012 жылы археологиялық қазба жұмысы кезінде Батыс Қазақстан облысы аумағынан б.з.д. ІV-VІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын бекзат әйелдің қабірі табылған болатын. Ғалымдар оны қазба табылған жердің атымен «Тақсай ханшайымы» атап кетті. Аса бай алтын бұйымдармен көмкерілген сармат ханшайымының салтанатты түр-тұлғасын белгілі реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтіріп, елордадағы Ұлттық музей мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқан болатын. Кейін көшірмесі Түркістан қаласына тарту етілді.

Міне, бұл сіздің сұрағыңызға орай қапелімде есіме түскендері ғана. Дегенмен теберікті өлкеде Үкаша атаның құдығы, кеме қалған Қазығұрт шыңы, Қырыққыз секілді саяхатшылар жиі баратын 40-қа жуық республикалық маңызы бар тарихи нысандар, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіштер және 1339 алдын ала тізімдегі нысандар бар. Аталған бағыт бойынша туристік нысандардың паспорттарын жаңарту, туристік бағдарларды ретке келтіру және «Жібек жолы» өткізу пункті, Укаш ата, Арыстан баб, Тұттыбұлақ, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи парктерінде Визит орталықтарының қызметін қосуды ағымдағы жылы жоспарлап отырмыз.

            – Тереңнен қозғап, тарихын толғап мол мәлімет бердіңіз. Дегенмен, Түркістанға келетін туристер мен саяхатшылардың саны қанша? Инвестиция тарту жағы қалай?

– 2024 жылдың қорытындысымен Түркістан облысына келген туристер саны 611,5 мың адамға жетіп, 2023 жылдың тиісті кезеңінен 10%-ға өскен (2023 ж. – 562,8 мың адам). Түркістан облысының туризм саласын дамыту мақсатында 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн адамға жеткізу жоспарымыз бар. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында, облысымызда келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы облысымыздың қонақ үйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар, табиғи аумақтарға келген туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келген туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркістан қаласын одан әрі түлету мақсатында «Түркістан даму» атты қайырымдылық қоры ашылған болатын. Бұл қор жақсы жұмыс істеді. Сондай-ақ Түркістан қаласының 1500 жылдығында қала едәуір көркейіп, қанатын кең жая түсті. Ал, облыс орталығы статусын алғалы бері қаланың келбеті көріктене түсті. Бүгінде облыс әкімдігі өңірде туризмді дамытуда жүйелі жұмыстар атқаруда. Облыс құрылғалы туризм саласына тартылған инвестиция 442,6 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде туризм саласындағы жаңа жұмыс орындары 18,1 мың адамды құрады.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 54,2 млрд теңгені құрады (тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 33 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,2 млрд теңге).

Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы және т.б. нысандар ағымдағы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған.

2025 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 туристік инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған.

Айта кету керек, 2024 жылдың қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 79,2 млрд теңгені құраған (тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 53,2 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс – 26,0 млрд теңге).

Сондай-ақ, өңірімізде 245 орналастыру орындары (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) жұмыс істейді. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 71 пайызға артқан.

Түркістан облысына 2024 жылдың қорытындысымен орналастыру орындарында демалғандар саны 302,8 мың адамға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда (2018 ж. – 152,1 мың адам) салыстырғанда 100 пайызға артты. Табиғи аумақтарға 128,6 мың адам саяхаттап, 2018 жылмен салыстырғанда 277 пайызға артқан. Орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің көлемі 6,8 млрд.теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 466 пайызға артқан.

Түркістан облысы еліміздегі емдік-сауықтыру туризмі бойынша да бірінші орында. Республикада 175 емдік сауықтыру орны бар болса, біздің өңірде 117 емдік-сауықтыру орны орналасқан, 2018 жылмен салыстырғанда емдік санаториялар (2018 жылы 43 бірлік болған еді) 172 пайызға артқан. Жалпы Түркістан облысындағы емдеу-сауықтыру туризмі әлеуетінің басым бөлігі Сарыағаш ауданы Көктерек ауылында орналасқан.

Облысымызда туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, таяуда Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені іске қосылды. Инвестиция сомасы – 88,5 млрд. теңге.

Бұдан бөлек, 121 нөмірлік қоры бар 5 жұлдызды «Rixos Turkistan» қонақ үйінің құрылысы аяқталды. Инвестиция сомасы – 10,3 млрд. теңге.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Аlma-tau» қонақ үй кешені құрылысы аяқталды. Инвестиция сомасы – 3 млрд. теңге.

Сонымен қатар, туристік маршруттар мен бағдарламаларды ұйымдастыратын жергілікті туристік компаниялардың қызметі өте маңызды. Осы орайда, Алматыда орналасқан «SilkTour» туроператорының филиалы ағымдағы жылы 15 наурызда Түркістан қаласында ашылды.

Аталған компания Алматы-Түркістан бағытында FlyArystan компаниясымен келісе отырып 3 күн 2 түн турпакетін нарыққа шығарып сатуды бастады. Аталған бағдарлама адам басына 49 мың теңге, оның ішіне қонақ үйде түнеу және ұшақ билеттері кіреді.

Облыстың туристік нысандарына экскурсия және Қазақстан мен шетелдік әріптестерге жыл соңына дейін 15 жаңа туристік маршруттарды дайындап ұсынуды жоспарлап отырмыз.

– Турзимге басымдық беретін елдер кластерлік дамытуды қолға алып жатқаны белгілі. Әңгіме ауанына қарасам өңірде бұл бастаманы да игеріп жатқан секілдісіздер…

– Қазіргі таңда туризм табыс әкелуі үшін алдымен сервис керек. Өңірдің туристік әлеуетін жылдан жылға арту үшін жаңа туристік инвестициялық жобалар, креативті туристік қызметтерді ұсыну қажет. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру арқылы туристердің тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспар өңіріміздің экономикалық дамуына үлес қосып, халықаралық және ішкі туристердің санын арттыруға мүмкіндік береді. Түрлі туризм бағыттарын дамыту арқылы облыстың туристік кластерін қалыптастыру және оны дамыту басты міндет болып табылады. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер.

            Бірінші кластер, этнокластер. Түркістан, Сауран, Кентау, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы аудандарындағы тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтарды ескере отырып бірқатар ұзақ мерзімді ірі жобаларды іске асыруды қажет етеді.

            Екінші кластер, экокластер. Бұл бағытта Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандарының туристік әлеуеті өте жоғары. Экстрималды туризм, тау және шаңғы туризмі, ауыл туризмі, треккинг және басқа да белсенді туризм түрлерін дамыту мүмкіндігін іске асыру қажет.

            Үшінші кластер, курорттық кластер. Сарыағаш, Жетісай аудандары мен Арыс қаласының шипалы емдік суларын курорттық аймақтың инфрақұрылымын жақсарту маңызды. Сондай-ақ, Шардара ауданында жағажай туризмі мен ойын бизнесін дамыту қажеттілігі жоғары. Келес, Мақтарал аудандарында агротуризм бағыты бойынша жобаларды іске асыруды қажет етеді.

            Түркістанға келетін туристерге қосымша қызметтер ұсыну және туристік нысандарды ашу үшін Басқарма тарапынан мұражайларға зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын.

            Сонымен бірге, Түркістан қаласында 1904 жылы салынған тарихи Темір жол депосы орналасқан. Қазіргі жағдайы өте қараусыз қалған. Бұл нысанда туристерді қызықтыратын ескі локомотивтер сақталған. Аталған нысанға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Түркістан-Сібір магистралі мұражайын ашу бойынша тиісті жобаларды іске асыру ұсынылады.

            Мұндай жобалар, өңірге келетін туристердің артуына және тарихи нысандарды сақтап қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.

– Бәрекелді! Айтарлықтай жұмыстар бар екен. Енді саланы цифрландыру жайын айтып өтсеңіз. Бүгінде туристер тартуда бұл өте маңызды болып тұр емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Түркістан облысының туризм саласын цифрландыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы мәселелер тұрақты бақылауда.

Орналастыру орындарына келген шетелдік туристерді тіркеу мақсатында «E-qonaq» ақпараттық жүйесі енгізілді. «E-qonaq» ақпараттық жүйесіне 245 орналастыру орнының 177-і тіркелді.

Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі TripAdvisor туристік платформасында 60-тан астам туризм нысандары мен 40 қонақ үй тіркелді. Нәтижелері бойынша Түркия, Ресей, Малайзия елдері нарықтарында Түркістан туралы 2 миллион қаралым жиналды.

Izi.Travel халықаралық туристік ақпараттық порталы мен мобильді қосымшасына облыстың ТОП-100 туристік нысаны бойынша 3 тілде аудиогидтер (kaz, rus, eng) жүктелді. Мобильді қосымша офлайн жұмыс жасайды.

Өңірімізге келген саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында www.openturkistan.com интернет-порталы іске қосылды. Интернет-порталда Түркістан облысының туристік әлеуетімен танысуға және пайдалы ақпаратты үш тілде (қаз, орыс, eng) алуға болады.

Түркістан облысында туризм мамандығы бойынша білім беруші Халықаралық туризм және меймандостық университеті орналасқан. Қазіргі таңда, оқытудың 60% кәсіпорындарда, 40% жоғары оқу орнында өтеді. Айта кету керек, бұл 4 жылдық білім беру жүйесінен 3 жылдық білім беру жүйесіне көшкен Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған университет.

Туризм мамандығы бойынша еңбек нарығына шыққан облысымыздың бітірген 460 түлектің 428-і (93%) мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

– Жасыратыны жоқ, кей өңірлерде тарихи орындарға жету үшін жол азабын тартуға тура келеді. Не сервис жоқ, не демалатын орындар қарастырылмаған дегендей. Сіздерде бұл мәселе шешімін тапқан ба?

– Сұрағыңыз орынды. 2024 жылы инфрақұрылымды жақсарту мақсатында туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы соммасы 16,5 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды.

Аталған бағытта 2025 жылы жалпы соммасы 11,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асыру көзделуде. Оның ішінде, Түркістан-Арыстанбаб және Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған. Жобалардың аяқталуы мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Жол бойындағы сервис қызметін жақсарту мақсатында Qazaq oil компаниясы 2029 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағында 60 мотель салуды жоспарлап отыр. Басқарма Qazaq oil компания өкілдерін Түркістан облысына шақыртып аудан және қала әкімдіктерінің орынбасарларымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жиналыс нәтижесінде, республикалық жол бойындағы және туристік нысандарға барар жолдарда бос жерлерді ұсыну бойынша басқарма тарапынан аудан және қала әкімдіктеріне хат жолданды. Qazaq oil компаниясы жоба құны 1-1,2 млрд.тг құрайтын 30-50 нөмірлік мотель салу арқылы кемінде 8 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.

Нұрдәулет Данабайұлы, естуімізше соңғы уақыттары өңірде балалар туризмі де белсенді дамып келеді екен. Осындай жаз мезгілінде балалардың демалыс уақытын босқа өткізбей, өлкенің тарихымен танысуы, киелі орындарды көруі туған жерге деген махаббатын оятып, отансүйгіштікке ұласпай ма? Ендеше осы балалар туризміне қатысты атқарылып жатқан шаралармен таныстырып өтсеңіз…

– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Өйткені баланың дүниетанымы, туған жерге деген сүйіспеншілігі, табиғатқа деген жанашырлығы жас кезінен, тіптен алғашқы қадамдарынан бастап қалыптасады. Жеткіншек айналасындағы құбылыстарға қашанда қызыға қарайды, әрбір көрініске тамсанады, білмекке, құпиялардың сырын ашпаққа деген талпынысы оянады. Міне, осы кезде жеткіншектерді туған өлкедегі тарихи, табиғи ескерткіштермен, табиғаттың ғажайып жерлерімен таныстыру олардың танымдық көкжиектерін арттыра түседі. Тарихқа көз салсақ, балалардың туған жерін сүю, өлке тарихы мен табиғатын білу дағдылары ықылым заманнан бастау алған. Ата-бабаларымыз баланың буыны қатқаннан атқа мінгізіп, аңға шығарған, қылыш пен найза ұстауға баулыған. Тау мен тасты, ну орман мен тоғайды, шалқар айдын, өзен, көл маңайын аралатып, ел, жер, су аттарын тануға үйреткен. Сондай-ақ жыл мезгілдеріне қарай ауа райын бақылауға, сол арқылы шаруасын ыңғайлауға бейімдеген. Бұл қазір де маңызды.  Осы орайда балалар туризімінің алар орны ерекше.  Әсіресе, жазғы үш айлық каникул кезінде осы саланы дамытудың мүмкіндіктері молынан ашылады. Балалардың таусылмас қуатын, ерекше энтузиазмын пайдалы мақсатқа бұру жолында туристік клубтардың, түрлі секциялардың орны бөлек.

Тарихқа көз салсақ, 1951 жылы Қостанайда алғаш рет балалардың туристік-саяхаттық стансасы ашылған екен. Бұдан соң іле-шала 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оқушылар үйінде» туристік бөлім ашылады да, 1957 жылы «Жас туристер стансасы» атауымен жеке отау құрылады. Осы кезден бастап мектеп оқушылары туризмін дамытудың жаңа үлгілері пайда бола бастады. Бүкілодақтық, республикалық слеттерге қатысқан аға буын өкілдері арамызда әлі де бар. Әрине, мектептердегі тарихи-өлкетану жұмыстарының жандануы тәрбие ісін жеңілдетіп, жаңа мазмұн берді. Мектептерде музейлер ашыла бастады. Оларға туған өлкеден табылған жәдігерлерді жинады. Оқушы кезімізде диірмен тасын, өгіз соқаның тісін, кебежені, Құмкенттөбе басынан тауып алған құмыра, садақтың ұштарын мектеп музейіне тапсырғанымыз әлі де жадымызда. Жалпы, туризм мен саяхат «қиын» балалардың өзін жақсы жағына тәрбиелейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Өңіріміздің тарихын, мәдениетін кешенді оқытып-үйрету мақсатымен археологиялық, тарихи және монументалды ескерткіштерге арналған 20 туристік бағыт әзірленген. Өңіріміздегі Отырар, Созақ, Сауран, Құмкент, Бабата қалашықтарының тарихы тереңде. «Ұлы Жібек жолы бойымен» атты саяхаттар балалардың танымдық көкжиектерін ашады. Біркөлік, Сайрамсу, Қасқасу, Машат шатқалдарына сауықтыру жорықтары жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Тянь-Шань тауының батыс, солтүстік, орталық бөліктері мен Алтай, Памир тауларындағы жаяу жорықтар да жас ұландардың қызығушылығын оятты. Альпинизм, тауға шығу саяхаты да қызықтарға толы. Жас альпинистердің шыңдарды бағындыру жолындағы оқу-жаттығулары  мен түрлі спорттық жарыстары оқушыларды шынықтырып қана қоймай, шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасымен жасасқан меморандум негізінде тәжірибелі төтеншеліктер «Жас құтқарушы», «Жасанды кедергілер жолағынан өту әдіс-тәсілдері» аты шеберлік сыныбы мен туристік – спорттық тәжірибе алмасу сыныптарын өткізіп келеді. Осы жерде Свешников атындағы халықаралық балалар – жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының академигі А. Остапец пен халықаралық «Балалар – жасөспірімдер және өлкетану академиясының» Қазақстан бойынша филиалының төрағасы Виктор Фоминнің орталыққа сіңірген еңбегін атап кеткен абзал.

Боралдай, Ақсу, Өгем, Сырдария өзендері бағытында су туризмі бар. «Атамекен» өлкетанулық бағыт бойынша жас өскіндер тарихи-мәдени орындар Қазығұрт шыңы, Ғайып Ерен Қырық Шілтен,  Ақбура бұлағы, Қырық қыз, Ханқорған, Дәуітата, Таңбалы тас, Қ.А. Иассауи, Арыстан баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Ысқақ баб,  Бәйдібек би, Исмайл ата, Домалақ ана, Аппақ ишан, Үкәша ата, Жылаған ата, тағы басқа да киелі орындарға саяхаттайды. Осы сапарлар  барысында жас өлкетанушылар мен туристердің слеттері, фестивальдері, олимпиадалары, конкурстары, марафондары, көрмелері өтіп тұрады. Ғылыми-танымдық турлар мен экспедициялар ұйымдастырылады. Далалық туристік лагерьлерде тарих, этнография, экология, археология бағытында танымдық оқулар өтеді. Сонымен қатар облысымызда тұратын халықтардың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін оқып-үйрену мақсатымен өтетін этнографиялық экспедициялардың берері көп.

«Жер – біздің ортақ үйіміз», «Бүгінгінің батырлары – балалар көзімен», «Қош келдің, жаз!», «Өлкенің гүл жайнаған балалары» сынды республикалық, облыстық байқаулар мен фестивальдерден жүлделі оралған оқушылар тіптен көп. Былтыр ҚР Оқу-ағарту министрлігі  Республикалық қосымша білім беру орталығы жаз айларында өткізген іс – шараларының рейтинг қорытындысын шығарды. Міне, сонда түркістандық жас туристер стансасы республика бойынша бірінші орынды иемденді. «Жаз қызығы – көңілді демалыс»  тақырыптық  жоспарына сәйкес 3000-нан астам іс-шара өтіп, оларға 17 мыңнан астам оқушы қатыстырылған болатын.

2025 жылы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Экологиялық мәдениет» бөлімінің ұйымдастыруы бойынша 350 іс-шара өтіп, оған 8000-ға жуық оқушы қатысқан. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» ұлттық байқауында түркістандықтар тағы да топ жарды.

Жазғы маусымда Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында «Робинзон» туристік шатырлы лагері жұмыс істейді. Мұнда жетім және жартылай жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары тынығады. Осындағы үйірмелерде балалардың туристік ептіліктері мен дағдылары қалыптастырылады. Демалушылар Біркөлік шатқалының кербез сұлу табиғатына көз суарып, құтты мекеннің саф ауасын жұтып, мөлдір суын ішіп, тазалық пен сұлулыққа іңкәр болып, балдәурен балалық шақтарының қызықты ұмытылмас күндерін өткізіп қайтады.

Жуырда ғана «Облыстық жас туристер стансасының» ұйымдастыруымен Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында модульді туристік лагерьдің ашылу салтанаты өтті. Бұл лагерьдің ерекшелігі оқушыларға ұлттық құндылықтарды, туристік-спорттық, ұлттық ойындарды насихаттайды. Лагерьдің ашылу салтанатында садақ ату, қол күресі, асық ату, қазақша күрес ойындары көрсетілді.

Бүгінде «Облыстық жас туристер стансасының Түркістан, Кентау,  Арыс қалалары мен Отырар, Сайрам, Созақ, Төлеби,  Түлкібас, Келес, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында бөлімдері жұмыс істейді.

Былтырғы 13 маусымда Мемлекет басшысының  төрағалығымен өткен туризді дамыту жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет» деп атап көрсетті. Бұл біздің туризм саласы жыл сайын дамып келе жатқан облыс үшін де аса маңызды.

– Түркістан – Түркі әлемінің рухани ордасы. Соңғы кездері Түркиямен, Қытаймен байланыстың артуы, сол елдерден саяхатшылардың көптеп келуі, өңірдің туристік тартымдылығының арта түсуі облыс орталығында түрлі ауқымды іс-шаралардың өткізілуімен байланысты ма?

– Әрине, солай. Өйткені әкімдік жыл сайын туристерді тарту және өңірдің туристік әлеуетін таныту мақсатымен 30-ға жуық оқиғалық іс-шара өткізуде.

Түркістан облысының сыртқы және ішкі туризмін дәріптеуге бағытталған «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» туристік маусымының ашылу салтанаты, «EthnoFest» салт-дәстүр фестивалі, «Рухани мекенде неке қию», «Туризм додасы» және «Tourist Time» бағдарламасы өткізілді. Бұдан бөлек, «Turism investment forum» инвестициялық форум тұрақты түрде ұйымдастырылып өткізілуде. Сондай-ақ, «Тurkistan sky auto fest» іс-шара жобасы алғаш рет өткізілді. Іс-шара аясында әуе шарларын ұшыру, автокөліктер көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған бағытта, демеушілер есебінен «Тurkistan marathon», «Тhe spirit of Turkestan» шаралары өткізілді. Халықаралық нарықты ілгерілету мақсатында ВВС World телеарнасында жарнамалық бейнеролик әзірленіп, эфирде 50 рет көрсетілді. Ал, арнайы порталында жарнамалық баннер 300 мың рет жарияланды. Әлемнің он бір тілінде хабар тарататын «Euronews» халықаралық телевизиялық жаңалықтар телеарнасы Түркістан қаласына саяхаттап, арнайы мақала жариялады.

Түркістан облысы және Түркия Республикасының «Аlbayrak media group» арасындағы әріптестікті нығайту туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Түркия Республикасының «TRT» Түрік радио және теледидар корпорациясының түсірілім тобы Түркістан қаласының туристік нысандары бойынша бейнеролик әзірлеп жариялады. Бұдан бөлек, Түркия Республикасының «Anadolu Ajansı» ақпарат агенттігінде Түркістан қаласының туризм саласының дамуы туралы мақала жарияланды. Cable News Network «СNN» халықаралық телевизиялық жаңалықтар телеарнасында Түркістан қаласының туристік әлеуеті туралы бейнеролик әзірленіп, арнайы шығарылым жарық көрді.

Түркия туристік агенттіктері қауымдастығы «TURSAB» делегациясына арналған ақпараттық тур ұйымдастырылды. Түркістан облысы Халықаралық туризм альянсына (WTA) мүше болды.

Қытай демекші, Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында «Visit Turkistan» туристік ақпараттық кеңсесі ашылды.

Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған 5 іс-шара ұйымдастырылды. Біз бұнымен де тоқтап қалмаймыз.

– Демек, әлі де алда Түркістан туризмін дамыту үшін шетелдік саяхатшыларға жан-жақты жарнамалық жұмыстар атқарылады ғой?

– Ия, оның біразын қолға алдық десек те болады. Шетелдік топтық туристерді тарту мақсатында Parmida Seir Pars туроператорымен де тиісті жұмыстар атқарылды. Аталған туроператор 7 күндік All inclusive  турпакетін Rixos Aktau және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара, Ташкент бағытында арнайы чартерлік рейстер ұйымдастыру арқылы 3000-4000 иран туристерін алып келіп отыр.

Туристік оператордың Ақтау және Өзбекстан туристік бағдарламасына 2-3 күндік Түркістан бағдарламасын ұсына отырып нарыққа сатылымға шығарылды. Anex Tour компаниясы да бұл бағыттағы бағдарламаны сатылымға шығарды.

Аталған бағыт бойынша Ираннан ағымдағы жылға 300 турист алып келуді мақсат етіп отырмыз.

Өткен жылы Италияның Alpin Tour, Tomiris Travel компания серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылды және Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын.

2025 жылына Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен алып келуге келісілді.

Сондай-ақ, Орталық Азия елдеріне саяхат ұйымдастыратын Жапонияның All Season Travel  компаниясымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде 2025 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында бастапқыда 8 топқа  (әр топта орташа есеппен 15-20 турист) келісілді және 4 топ жапондық туристер келді. Қазіргі таңда, жапондық туристердің қызығушылығы артып, ағымдағы жылына топтық туристердің саны 15-ке жетіп отыр.

– Тамаша! Түркі баласына төр болған қасиетті өңірдің өркендеп өсуі бәріміз үшін қуаныш. Алдағы уақытта аймақта спорттық туризм де қолға алынады деген жаңалық шығып еді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Ия, бұл бағытта да еселі еңбек атқарылып жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Мысалы, өңірде елімізде аналогы жоқ «Есу каналының» құрылысы жүргізілуде. ТМД елдерінде тек Мәскеу және Самарқанд қалаларында ғана бар. Каналдың салынуы туризмнің және оның ішіндегі спорттық туризмнің дамуына септігін тигізеді (каналдың суы жыл он екі ай қатпайды).

Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақ үй салу жоспарлануда.

Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Бұл ретте ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынатын болады (Жоба құны – 10 млрд.теңге).

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен аббаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін аяқталып қалады.

Сондай-ақ, өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, экономикалық және экологиялық пайда әкелетін жобаларды іске асыру маңызды, оның ішінде Визит орталығын ашуды атап өту керек.

Осы орайда, Сайрам-Өгем табиғи паркі (Жоба құны – 150 млн.тг), Қаратау қорығы (Жоба құны – 150 млн.тг), Сырдария-Түркістан өңірлік паркінде «Визит орталық» құрылысы (Жоба құны – 200 млн.тг), Ақсу Жабағылы қорығында көру алаңшалары мен туристік соқпақты абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін айта кетейін.

Жоғарыда аталған жобалар PROGREEN жобасы шеңберінде іске асырылатын болады.

Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендқа айналуда. Өңірімізде де экологиялық туризм қарқынды дамуда. 2024 жылдың қорытындысымен табиғи аумақтар келушілер саны 128,6 мың адам құраған (2022 ж – 74,9 мың, 2023 ж – 126,6 мың).

Қазіргі таңда, облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес аудандарда (Төлеби, Түлкібас аудандары) 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй, 1 аңшылар үйі орналасқан.

Бұл ретте, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақтар мен маршруттар құрылған («Сайрам-Өгем» – 11, «Қаратау» – 2, «Ақсу-Жабағылы» – 10, «Сырдария-Түркістан» – 7).

«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында эколгиялық туризмді дамыту мақсатында 22,0 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған.

«Сайрам-Өгем» МҰТП аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда, парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 га 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады.

Қысқаша айтқанда осылай. Түркістан – тек тарихи қала емес, туристік хабқа айналып келе жатқан алып аймақ. Бұл өлке ежелден түркі жұртының рухани астанасы саналатын. Қазіргі таңда ол осы мәртебесін сақтап қана қоймай, ішкі және халықаралық туризмнің дамуына серпін беріп отыр. Мемлекет қолдауының арқасында, жеке инвестиция тартудың нәтижесінде жасалып жатқан игілікті істерге қарап Түркістан – туризмнің жаңа тынысы деп айтуға толықтай қақымыз бар деп ойлаймын. Өйткені қасиетті Түркістан – тек зиярат орталығы ғана емес, жан-жақты туризмді дамытуға мүмкіндік беретін, болашағы зор аймақ.

Нұрдәулет Данабайұлы, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз. Тұғырлы Түркістанымыз көркейіп, туристер үшін тартымды өлкеге айнала бергей.

 

Сұхбаттасқан – Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ