Тұрсынәлі Рыскелдиев. КҮДІРЛІ ЖОЛ
ҚИЯ БЕТ
Мен басқан күдірлі жолдың қияметі де, тозағы да, нұрлы шуағы да болды. Менің кіндік қаным тамған, қағанақ жарып, шыр етіп жерге түскен жерім – Қытайдағы Іле аймағының Күнес ауданының Талды ауылына қарасты Сорбұлақ қыстағы. Бұл қыстақ Іле өзенінің жоғарғы ағары, Үйсін (Тияншан) тауының бөктеріне ірге тепкен. Түстік жағы тау қойнауына қабыса қанат жайып, терістігі Іле өзенінің жағасына жалғасып жатады. Әкемнің әкесі Қайрақбай деген кісі дөңгелек дәулетті болыпты. Қазірге дейін мекені болған жері «Қайрақбай сайы» деп аталады.Ол кісі бұл сайды қыстаулық етіп, Іле өзенінің жағасын күзеулік, көктеулік отырыпты.Бұл қоныс шығыстан батысқа қарай аққан Күнес өзеніне, Үйсін тауын қиып аққан Шақпы өзенінің құйғанына таяу жер. Аталған екі өзен қойындаса қосылып, Іле дариясының жоғарғы ағарын қалыптастырады. Осыдан бір көш жер батысқа қарай аққан Іле дәриясына терістіктегі Үйсін тауының Абыралы асуы тұсынан сәл жоғары Нылқы ауданы жақтан Қас өзені, түстіктегі Үйсін тауының Текес ауданы жайғасқан жақтан Текес өзені де құйылып, Іле дариясының арнасы толып жөңкіле ағады да, Қазақстан мен Қытай шекарасын қиып өтіп, қазақ елінің ұлы даласына бет бұрады.
Ұлы әкем Қайрақбай найман ішінде матай (қытайдағы матайлар өздерін қызай атап кеткен). Матайдың Қытай жеріндегі ұрпақтары – бегімбет, дербіс, итемген, меңіс. Бегімбеттің бел баласының бірі – Әбікен. Онан Бекбау, Бекбаудан Таймас, онан Наурызбай, Наурызбайдан Байқожа, онан Тоқжігіт, Тоқжігіттен Қайрақбай, Қайрақбайдан Мырзабай, Мырзабайдан мен. Бекбау Әбікеннің биі болыпты. Қайрақбай – Бекбаудың туажаты. Мырзабайдан Бекбауға дейін жеті ата.
Мен шешем Нұрқияның тұңғышы екенмін. Менен кейінгі баласы Иманәлі аман туып, шешеміздің жолдасы түспей, қайтыс болыпты. Анасының ащы уызын да, ақ сүтін де еме алмаған Иманәлі ұзаққа бармай шетінепті. Менің туған анам өмірден озғандықтан әкем Мырзабай нағашы әке-шешемнің қолына тапсырған екен. Бұл мезгілде нағашы әкем Рыскелді, атағы Қытайдағы найман, керейге әйгілі Сасан болыстың үлкен ұлы Нүптебек байдың былғары мәнерлейтін тері зауытын салып, Күнес өзенінің бойындағы Телқара аралында дәурендеп тұрған кезі. Рыскелдінің руы найман ішінде қаракерейдің мұрын руынан. Бұл кісі жас кезінде Семейдегі медреседен оқып, дін танудан жоғары білім алыпты. Қолөнерден теміршілік, ағашшылық, өрімшілік, зергерлік, құрылыс технигі қатарлы өнер жолына түсіп, білім игерген соң, Қытайға келіп, Қазақстаннан алған білімін іске асырған екен.
Рыскелді қыз немересі мені бауырына салған мезетте, Нүптебек байға сүйеніп салған тері зауыты дүрілдеп Қытайдағы найман, керей бастаған руларды былғары, құрыммен қамдап, дәулеті шалқып, асығы алшысынан түсіп тұрған кезі екен. Рыскелді еркек кіндікті баладан тапшы болыпты. Тоқалы бала көтермепті. Бәйбішесінен бес қыз, жалғыз ұл көріпті. Жиен немересі мені бауырына салып алып, екі ұлды болдық деп, төбелеріне көтеріп, еркелетіп бағып, әлпештеп асырапты. Менің шешем Нұрқия бес қыздың үлкені, шешесінің тұңғышы екен. Туған әкем Мырзабай – Қайрақбайдың ортаншы ұлы. Ағасы Сағымбай мен інісі Ырымбай қара танитын сауаты бар, қарапайым малшы, егінші болыпты да, Мырзабай орта мектеп оқыған, өзі домбырашы, ауыл әкімі қатарлы жұмыстар атқарған пысық, тілді-жақты болыпты. Әбікен руының үкірдайы міндетін де өтепті. Менің шешем қайтыс болған соң, кейінгі әйелінен төрт ұл, үш қыз дүниеге келіп, бала-шағалы отбасы болыпты. Қытайда халық коммунасы құрылып, зор секіру дейтін саяси науқан кезінде жерлік әдіспен болат қорытуға қарсы болды делініп, ауыл әкімінен қалып, халық жауы қалпағын киеді де, өмірінің соңы трагедиямен тынады.
Өзімнің кіндік қаным тамған Сорбұлақ қыстағының Қайрақбай сайын сәби кезімде көргенім қалайша көз алдымда қалғанына өзім де таң қаламын. Тілім шығып, есім кірген кезім болса керек, нағашы апам алдына алып, бір қия беттегі жалғыз аяқ жолда кетіп бара жатады. Астындағы аты аяғын аңдып басып, қия беттен құлап қалмауды ойлайтын сияқты. Әкем жол бастап бара жатыр. Ол кезде бұл қия беттің Қайрақбай сайының қия беті екенін қайдан білейін. Осы мезгіл алғашқы көктемнің уағы болса керек. Қалың жыныс орман, алуан түрлі ашылған гүлдер, гүл қанатты көбелектер мен әрқилы реңдегі тау торғайлары, аспанда қалықтап ұшып жүрген қыран құстар көз алдымда қалыпты. Сондағы тау торғайларының сайрағаны маған ерекше бір түрлі әсер етті ме екен, көргендерімді нағашы апамнан: «Анау не, апа? Мынау не? Торғайлар не істеп жүр? Неге шырылдайды?» – деп сұрай беріппін.
– Торғайлар ағаштың басына ұя салып жатыр, балам. Олар жұмыртқалап, балапан шығарады. Аспанда қалықтап ұшып жүрген түз қырандары ғой, – дейді нағашы апам. Тағы нелерді сұрағаным есімде қалмапты. Өр жағыма қарасам, жалама жартас төбемізге төніп тұрғандай. Жартастың жарықтарына өскен ағашты апам арша деп ұқтырды. Төменгі жағыма қарасам, терең шатқал, табан жағы қарауытқан қалың тоғай. Соған көз тоқтатып қарағанымда басым айналды. Содан төменгі жаққа қарамай қойдым.
– Апа, құстар неге ұясын ағаштың басына салады? – деп едім, нағашы апам:
– Олардың ұясы жерде болса, балапанын жылан жұтып қояды, – деді.
– Жыландар неге жұтады балапандарды?
– Жыландарға да тамақ керек болған соң.
– Балапандарға жыланнан басқа ештеңе тиіспей ме?
– Борсық, суыр, қасқыр, түлкі, жабайы мысық, иесіз иттер де жердегі балапандардың жауы, олар да жей салады… Олардың бәрі етқоректілер ғой, балам. Қарны ашқан соң бірдеңе жемесе, аштан өледі. Құдай тағала аң-құстарды да біріне бірін жем қып жаратқан…
– Апа, құдай тағала неге өйтіп жаратады?
Кішкентай кезімнен бастап, үлкендерге осындай сұрақтарды көп қоятын болғаным есімде. Нағашы апам не деп жауап қайтарарын білмеді ме? Жалықты ма? Үндемеді. Сәлден кейін етқоректі хайуандардың өзім көрмегенінің қандай болатынын сұрадым, нағашы апам қасқыр, түлкілердің итке ұқсайтынын айтып көз алдыма келтірді де, борсық, суырларды көз алдыма келтіре алмады. Соның арасынша апамның астындағы қара жал құла ат құлағын тігіп осқырып қалды. Өйткені інінің аузына шығып, құшақтасып, балаларша ойнап тұрған суырларды көріп, осқырған екен астымыздағы ат.
– Әне көрдің бе, суыр деген сол, – деді апам. Мен оларды байыптап көз тоқтатып көргенше үлгертпей, суырлар сып етіп індеріне кіріп кетті.
– Суырлар неге жер астына кіреді, апа? – деп сұрадым.
– Олардың да жаулары көп балам, – деді апам. – Ін қазып алып, жер астына кіріп сақтанбаса, бұларды да қасқыр, түлкі сияқты жыртқыштар жей салады.Аспанда ұшып жүрген бүркіт те түседі оларға.
– Қасқыр, түлкілерді жейтін жыртқыштар жоқ па, апа?
– Олардың жауы – адам.
– Неге?
– Адамдар олардың терісінен ішік, малақай тігіп киеді. Менің түлкі ішігім, атаңның түлкі малақай, қасқыр ішігі бар ғой, балам.
– Адамдар оларды қайтіп ұстайды?
– Мылтықпен атып, қақпан құрып ұстайды. Атаңның мылтығын, Қайрақбай құданың үйінен қақпанды да көрдің ғой.
– Апа, қасқыр, түлкілерді жыртқыш дейсіз, олады ұстап өлтіріп, терісін алған адамдар жыртқыш емес пе? – дедім. Апам мені құшақтап, маңдайымнан сүйіп, мәз болып күлді. – Неге күлдің, апа?
– Сенің сөзіңе күлкім келді. Адамдар жыртқыш болмаса, өмір сүре алмайды. Малды сойып, етін жейміз. Атаңның салған зауытында малдың терілерін сатып алып былғары, купайкі, құрым, шегірен шығарып жатпай ма? Онан етік, мәсі, кебіс, шапан, шалбар тігіліп сатылады. Солай істелмесе, адамдар бай, бақытты бола алмайды ғой, балам , – деді апам. Мен сұрақтарымды тағы жалғастырдым.
– Апа, бай жақсы ма? Кедей жақсы ма?
– Әрине бай жақсы. «Бардың пайдасы, жоқтың залалы тиеді» деген сөз бар.
– Біз баймыз ба, апа?
– Аса бай болмасақ та, дөңгелек дәулеттіміз.
– Дөңгелек дәулет деген не?
– Орташа байды айтады – дөңгелек дәулетті деп.
– Кедей неге жаман? Байлардың малын бағып береді ғой?
– Мен кедей адамның өзін жаман деп отырғаным жоқ, кедейшілік, жоқшылық жаман. «Жоқтық жомарттың қолын байлайды» деген бұрынғылар.
– Адамдар неге кедей болады, апа?
– Олардың маңдайына өмірге келердің алдында кедейшілікті жазған Алла-тағала.
– Алла оларды жек көре ме? Неге жазады кедейлікті маңдайларына?
Нағашы апам менің сұрақтарыма не деп жауап берерін білмеді ме, үндемей қойды.
– Апа. Неге үндемейсің? Алла-тағала байлардың маңдайына не деп жазған? «Бай боласың» деп жазған ба маңдайларына?
– Иә, солай, – дей салды сасқанынан апам.
– Алла байларды неліктен жақсы көреді?
– Байлар дүниенің қадірін біледі, қалай баюдың әдісін табады, ғарып-мүсәпірлерге, жоқ-жітікке қайыр-садақа береді. Жұмыс таба алмай қалған кедейлерге малын баққызып, үйіндегі шаруасын істетіп жұмыс тауып береді. Байлар болмаса, кедейлер аштан өлмей ме?
– Кедейлерде ақыл жоқ па, апа? Біздің малымызды бағып жатқандар да кедей ме?
– Иә, кедейлер. Кедейдің бәрі ақылсыз, жалқау емес, кейбіреулері ғана…
– Онда, Алла-тағала кедейлердің маңдайына «ақылсыз, жалқау боласың» деп жазған ба?
– Тұра тұр, үйге барғанда асықпай отырып айтып беремін. Атаңнан да сұрайсың білмегеніңді. Мына қия беттен аман-есен өтіп алайық балам. Мұндай қия бет деген – қиямет қой! – деді нағашы апам, менің арт-артынан туындай беретін сұрақтарымнан жалыға бастаған сияқты бейне байқатып. Мен сонда да сұрақтарымды тоқтатпадым.
– Қиямет деген не апа? Не үшін қия бетті – қиямет дейміз?
– Саған бір аңыз айтып берсем, қия беттің – қиямет екенін түсінесің, балам.
– Аңыз деген қандай болады?
– Аңыз деген ертек сияқты. Ол да ерте заманда ел басынан өткен оқиғалардан сыр шертеді. Халқымыздың басынан не өтпеді дейсің, балам? Мектепте оқыған кезіңде тарих деген сабақ оқисың. Сонда мұғалімдерің ерте заманда ел басынан өткен істердің бәрін айтып беретін болады.
– Апа, ондай болса, жаңағы айтып бермекші болған аңызды айтыңызшы. Соны естігім келіп тұр.
– Айтайын балам, қытымыр қыстан қысылып шыққан ел көктем мезгіліндегі боран-шашынға ат қойып, айдар таққан.
– Қандай ат қойған?
– «Қос келіншек – қос бикеш», «Сары атан – Зауза», «Отамалы» деген сияқты амалдар. Мен саған әзірше «Сары атан-Зауза» амалдарын айтып берейін жарай ма?
– Жарайды.
– Биылғы қыс та оңай болған жоқ, баяғы заманда бір жылы қалың қар жауып, жұт болып, бір бай көп малынан айрылыпты. Таудағы қыстауынан жазықтағы көктеулігіне көшуге дайындалып, жүк сала бастайды. Сары атанға екі тең жүк теңдеп, Зауза деген бойжеткен қызын мінгізіп, көктеулікке жүк салып келуге жұмсайды.
– Ол байдың ұлы жоқпа екен?
– Ұлы қыстаудағы малға қарап қалыпты. Зауза үйден шыққанда, аспан ала бұлтты, тау қойнауы қалың қардан арылып, күңгей беттер ашылып, жауқазын көктеп, күн жылымық тартып тұрады. Қыстаулық пен көктеуліктің арасы бір көш жер екен. Көш жолы күдірлі, қия беттегі жалғыз аяқ жолмен көшкен ел шұбырып әрең өтеді екен. Зауза сол қия беттегі жалғыз аяқ жолмен келе жатқанда, аспандағы ала бұлттар иінтіресіп, қап-қара болып, қалыңдап, аяқ астынан үскірік жел тұрады. Әуелі тошаладай бұршақ төгіп жіберіп, соңы қарлы боранға ұласады. Қия беттегі жолдың топырағы езіліп, лайсаң батпаққа айналады. Сары атанның аяғы тайып кетіп, жамбастай жығылып, құзар шыңнан құлап, төмендегі етегіне түседі. Сары атанға мінген Зауза да, теңделген жүк те пәре-пәресі шығып, қыздың сүйегін күн ашылып, қия беттегі күдірлі жол сергіген кезде тауып алыпты иелері. Дәл осы мезгілде болатын қарлы боранды қазақтар «Сары атан – Зауза» деп атап кетіпті. Қия бет – қиямет болмаса, қия беттен сары атан құлап, Зауза қыз өле ме, балам-ау?! – деп нағашы апам күрсініп қойды.
Қия беттегі жалғыз аяқ жолмен бір тастақты жерге жеткенімізде, астымыздағы қара жал құла ат етпетінен құлады. Нағашы апам:
– Ойбай, құдай! – деп, мені құшақтаған күйінде құлап түсті. Біздің алдымызда жол бастап бара жатқан күйеу баласы Мырзабай артына бұрылып келіп, атынан түсіп, әуелі апам екеумізді тұрғызды. Апам оң жақ аяғынан ақсап қалды. Жығылғанда жіліншігі тасқа соғылып, сүйегіне сызат түскен сияқты.
– Әй, мына қия беттің қияметі мені мертіктіріп тынды-ау! – деп мәсісінің қонышынан сипалап қойды. Күйеу баласы қайын енесінің аяғы ақсап қалғанына қамығып, жағдайын сұрап бәйек болды. Қара жал құла аттың да алдыңғы аяғының оң жақ шашасының асты, тұяқ көбесінің үсті қанап қалыпты. Сөйтсе ат аяғын тастың жарығына тығып алып, сүрініп жығылған екен. Оның да оң жақ аяғы мертіккендіктен ақсап қалды.
– Құдай жаратқан-ай! Бір емес, екі ақсақты Телқараға қайтып жеткізер екенсің, Мырзабай балам?! Құдай сақтап, періштесі қағып, Тұрсынәлім аман қалғанына тәуба! Қия беттің қияметінен баламның мертікпегеніне Аллаға шүкір! – деді нағашы апам басын шайқап, мінген қара жал құланы күйеу баласы өзі мінді де, астындағы бурыл атты апама мінгізіп, ілгері қарай жол тартты. Қара жал құла аяғын сылтып басып, ет қызуымен онша ауырсынған жоқ. Біз қия беттен құтылып, Сорбұлақты бойлап жазыққа түстік.
– Апа, аяғыңыз қатты ауырып тұр ма? Телқараға жеткенше шыдай алмасаңыз, Ашылыбұлақтың аржағындағы Керегетастың өңірінде отыратын оташы кісі бар, соған барайық. Бас сүйегі паршаланған адамды да ажалдан арашалап қалған, – деп еді күйеу баласы.
– Қарағым, ол оташыға бармай-ақ қояйық. Өзіміздің ауылда да сынықшы бар. Күн батпай Телқараға жетіп алайық. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген тәмсіл сөз бар қазақта. Сорбұлақ пен Ашылыбұлақтағы, Кереге тастағы елге дабыра қып, шулатпай, аяғымның сынығын әшкерелемей аулыма барып алайын, – деді апам. Жіліншігінің қаншалық зақымдалғанын мен қайдан білейін, әйтеуір апам ашынып ыңқылдамады. Дымы ішінде болды. Біз батыстан шығысқа қарай Үйсін тауын бөктерлеген даңғыл жолға түстік. Осы жолмен Талды ауылының шағын қалашығынан өтіп, Шақпы өзенінің Үйсін тауын қиып өте қалған жеріндегі Күркілдектегі көпірден өткен соң, Күнес ауданының орталығы Бестөбе қалашығының түстік жағынан жанай өтіп, Телқараға баратын тас жолмен тартып келеміз. Апамның аяғының ауырғаны жанына батып, қиналғанынан хабарым болмағандықтан, қия беттегі «Сары атан – Зауза» амалдары туралы аңыздан кейін апам айтып бермекші болған «Қос келіншек – қос бикеш» пен «Отамалы» амалдары жайлы аңызды естуге құмар болып қалғанмын. Есіл-дертім соны естуге аңсарым ауып тұр.
– Апа, аяғыңыз ауырмаса, қия беттегі айтқан аңызыңыздың жалғасын айтып беріңізші. Әлгі немене еді, «Қос келіншек – қос бикеш» аңызын, – дедім мазасын алып.
– Жарайды, айтып берейін, балам, аяғым ауырса да. Баяғы заманда, ұлыстың ұлы күні екі келіншек пен екі қыз наурыз көже ішуге үйлерінен шығып, көршілес сайда отыратын ауылдарға барыпты. Олар үйлерінен шыққанда күн шайдай ашық, майтоңғысыз жылы екен. Қазақ салтында наурыз айының бірінші күнінен бастап тақ күндері сол айдың соңына дейін науырыз көже жасайды. Қыс басында сойылған соғымның кәріжілігін кептіріп, керегенің басына іліп қояды да, наурыз көже жасаған күні көжеге тары, бидай, арпаны қаузап, құрт езіп, сүзбе қатып, жеті немесе тоғыз, он бірге жеткізіп, өзге де ежігей сияқты дәмдендіргіш тағамдарды қосып жасалады.
– Апа, кәріжілікті неге керегенің басына іліп қойып, қыстай сақтап наурыз көжеге қосып асады? – дедім.
– Өйкені қазақтар кәріжілікті – ақ сақалды, сары тісті қарияларға балап, қыстың қытымырлығынан қарлы боран, қақаған аязынан мал-жанды аман сақтауға тілеулес болады деп ырымдайды. Ал күлімдеп көктем, жадырап жаз келгенде, кәріжілік міндетін өтеген болады да, көптің көңілі тынышталып, кәріжілікті наурыз көжеге қосып асып, көкпар қып тартып, етін таласып жейді. Көжеге жиналғандар етінен түгел ауыз тиуі керек.
– Қайрақбай атаның үйінде де наурыз көже жасағанда, кәріжілікті көжеге жиналған жігіттер көкпар қып тартып таласты ғой, онысы несі, апа?
– Ұлыстың ұлы күні қыстың кетіп, көктемнің келгенін қуаныш қып, ел-жұрт наурыз көжелерін ішіп, сүріден қалған еттерін жеп көңіл ашу үшін тамашалағаны ғой – кәріжілікті көкпар қып тартқаны бар. Соның өзі ұлыстың ұлы күнгі қазақ ырымының бір түрі. Өлең айтып айтысып, қаражорға биін билеп, жүзік жасырып, соқыртеке ойыны ойналады. Балалар тақия тастау, асық ойнап, жеңілгендерінің басынан кертоқай алып жатады.
– Апа, әлгі «Қос келіншек пен қос бикеш» те ұлыстың ұлы күні наурыз көжеге қыдырып барып, осындай ойынға араласа ма?
– Соны айтайын деп, басқа әңгімеге түсіп кетіппін-ау! Наурыз көже жасаған ауылға барған қос келіншек пен қос бикеш күні кешке дейін ұлыстың ұлы күнгі ойын-тамашаның қызығына өздері де қызу кірісіп кетіп, үйлеріне кеш қайтады. Жазық дала кебін кигендей боп, ақ қар жамылып, жүрер жолдың сілемі байқалмай қалады. Көже жасалған ауылды қыдырып қайтқан қыз-келіншектер бара жатқан бағыттарынан жаңылып адасады. Үйлерінен құндыздай құлпырып шыққан қыз-келіншектердің өңменінен өткен суық үскірік жел оларды қалтыратып, иектері иектеріне тимейді. Паналайтын жер таппай зар күйлеріне түседі.
– Апа, онда адасқан қыз-келіншектерді қасқырлар жеп қоймай ма?
– Оларды қасқыр жеді ме? Қарлы боранда үсіп өлді ме? Күн ашылып, екі-үш күн өткенде, жоғалған қыз-келіншектердің сүйегін иелері сабыла іздеп жүріп, әрең тауып алып жерлепті.
– Сонан кейін қайтіпті, апа?
– Сонан соң, қазақтар осы мезгілде болатын боранды – «Қос келіншек – қос бикеш» амалдары депті, балам, – деді апам тыжырынып, бәлкім зақымдалған жіліншігі ауырған болса керек. Жанының қиналғаны байқалып тұр.
– Апа, енді «Отамалы» туралы аңызды айтып бере аласыз ба?
– Айтайын, айтқызбай қоятын емессің. «Отамалы» мамыр айының оңында көк жетілген кезде, ел жайлауға шығарда болатын боран-шашын. «Отамалы от алғанша кетеді, немесе отап кетеді» деп жатады үлкендер.
– «Отамалы от алғанша кетеді» деген қалай, апа?
– Бір заманда, екі отбасы көрші болыпты. Бір әйел көршісінің үйінен от алып келгелі үйінен шықса, аяқ астынан бұрқасын боран соғады. От алып үйіне келгенше бұрқасын бұршаққа ұласып, ұзаққа бармай, аспан жарқ етіп ашыла қалады. Мұндай «Отамалыны» от алғанша кететін боран-шашын дейді.
– «Отамалының» отап кететіні қалай болады, апа?
– Осы мезгілде болатын боран бірер жетіге созылып, тіпті қалың қар жауып ашылатын кездері болады. Сол шақта мал төлдеп, қолға баққан арық-тұрақ өріске қоя беріліп, алаңсыз отырған елді әбігерге салып төлді, арық-тұрақты ала кететін, жеміс-жидекті отап кететін боранды – «Отамалының» отап кетуі деген бұрынғылар, – деді нағашы апам. Бұл кезде екінті еңкейіп қалған еді.
Біз Телқара өзеніне жақындап қалған екенбіз. Күнес өзені Аққолтық дейтін жерде екі салаға бөлініп ағады да, Қарағайлысудың тұсына таяғанда, қайта қосылады. Күнестің түстік жағындағы саласын – Телқара өзені деп атайды да, екі сала өзеннің ортасындағы жазықты – Телқара аралы дейді. Сол аралда Сасан болыстың ауылы мекендеген. Менің нағашы әкем Рыскелді Сасанның бел баласы Нүптебек баймен тізе қосып салған былғары-құрым мәнерлейтін тері зауыты, ұн тартатын, шикі тарыдан сөк ақтайтын зауыттары сол Телқара аралынан шаңырақ көтеріпті. Туған әкем Мырзабай шешем қайтыс болған соң, кейінгі әйелін алып төсек жаңғыртыпты. Соған байланысты нағашы апам мені арнайы келіп, қайта түтін түтеткен шаңырағына бастап барып, қайтарда әкемнің жол бастап келе жатқаны екен. Қия беттің қияметін сәби кезімде көріп қалғаным, өмір бойы есімнен де, көз алдымнан да кетпейді. Адам өмірінде осындай ұмытылмас оқиғалар болады екен.
ТЕРІС АҚҚАН ТЕЛҚАРА
Нағашы апам екеуміз жолаушы кетіп бара жатып, Телқара өзенінен өткеніміз де, суы тасу емес болатын. Сорбұлақтың Қайрақбай сайынан қайта оралғанымызда, Телқара өзені шарасынан асып жатыпты. Айдынында жұбын жазбай қос аққу жүзіп жүр. Өзеннің екі қапталы қалың тоғайлы еді. Сараыала, қоңырала қаздар мен шүрегей үйректердің жұмыртқалайтын мезгілі екенін, осы кезде жыл құстары Телқараның тоғайына толып кететінін нағашы апам маған түсіндіре бастады.
– Апа, су тасу екен, балаңызды мен алдыма алып өтсем қайтеді? – деп еді күйеу баласы.
– Мейлің, сөйтсең сөйт, қарағым. Ондай болса, сендер менің астымдағы аяғы сау бурыл атқа мініңдер. Ақсап келе жатқан қара жал атқа мен мінейін, – деді апам. Күйеу баласы аттарды ауыстырып, бурыл атқа өзі мінді де, мені алдына алды. Апам мінген қара жал құланның қайыс шылбырының ұшынан ұстап атын жетекке алды. Телқара десе дегендей, өзеннің суы қаракөк, мөп-мөлдір, ағыны қатты емес, жуас ағатын. Бұл күні өзен қатты тасу екен.Телқараның ортасына таяғанымызда, су тоқымдықтан асып, ердің қапталын соқты. Бастапқыда өзеннің суы еңіс жаққа қарай ағып жатыр еді, енді еңіс жақтан өрге қарай ақты. Онысы несі екенін апамнан сұрайын десем, менен алыстау арт жағымызда келе жатыр. «Өзен неге теріс ағады?» деп өзіме өзім іштей сұрақ қойып, жауабын таба алмай келемін. Аспанда аққулар саңқылдап төбемізден тізіліп ұшып өтті. Аққудың бір көгілдір балапаны енесінен қалай ажырап қалды екен? Тасып жатқан Телқараның көктолы толқындарына бір көміліп, бір көрініп, жанталаса жүзіп жүр. Оны толқындар қайда алып кетерін қайдан білейін, әлгіге жаным ашып, жүрегім зыр етіп қалды. Оның тағдыры немен тынар екен?! Кім білсін? Өзеннің бетін қою, көгілдір тұман басып тұр. Біз Телқарадан арғы бетке өте бергенімізде, аққудың көгілдірі толқындарды төмен тастап, қанатын жайып, биікке көтеріле бергендей болды. Теріс аққан Телқара өзенінің көк долы толқындары күрсіне ағып артымызда қала берді. Телқараның теріс аққаны несі екенін сұрағанымда, менің басым айналғандықтан екенін апам маған өзеннен өтіп алғаннан кейін айтты.
Біз күн ұясына бата үйімізге аман-есен жетіп алдық. Нағашы әкем өзі салған ағаш үйден киіз үй тігіп отбасындағылар соған шығып алыпты. Апамды жалғыз ұлдары Бұлан аттан сүйемелдеп әрең түсіріп алды. Мертіккен аяғы басуға келмей қалыпты. Нағып мертіккенін қыздары сұрап алып, жезделерін желкелеп жатыр.
– Шешемізді сап-сау әкетіп, ақсатып әкелгенің қай сасқаның?!
– Бүйтетінің бар, шешемізді неге ертіп кеттің?
– Атымыздың да аяғын ақсатып әкеліпсің ғой, – десіп қыздары жезделерін желкелеп жатты. Апам қыздарына:
– Әй, қойыңдар қыздар, жезделеріңде жазық жоқ. Құдай сақтады қайта бізді, қиябеттен сары атан мен Зауза қыз да құлап жазым болған. Алдыма алып келе жатқан баламды мертіктіріп алмағаныма тәуба қылдым. Қия беттен өтіп алған соң, аттың аяғы тастың жарығына қысылып қалып зақымдалды. Алда-жалда қия беттің қиын жерінде жығылсақ қайтер едік? Құдайсыз қурай сынбайды, қарақтарым. Жазым деген аяқ астынан болады. Оған ешкім ара түсе алмайды, – деп апам күйеу баласына өзі ара түсіп жатты. Апамның қыздары мені өте жақсы көретін. Мен аяғымды апыл-тапыл басып, тілім шыққан кезде де кезек-кезек көтеріп еркелететін. Апам мені тым еркешора қып жіберді. Өзім жүре алсам да, апам ауыл қыдырғанда, көтермесе, қырсықтанып жылап жатып алатын болдым. Ақыры апамды айтқаныма көндіріп, мені мойнына мінгізіп алатын. Сондай ерсі қылықтарымның бәріне көнетін апам байқұс керемет көмпіс адам еді. Есім кіріп, дұрыс пен бұрыстың парқын ажырата бастағалы апама жаным ашып, көтер дегенді қоятын болдым.
Біз Ашылыбұлақтан үйімізге келгеннен кейін зауыт жақтан нағашы атам да есікткен кірді. Күйеу баласы орнынан атып тұрып, атасына сәлем беріп амандасты. Атам мені сағынып қалғанын айтып, құшақтап, бетімнен, маңдайымнан сүйді.
– Құдалардың ауылы жақтан не көріп, не білдің? – деп сұрады атам менен. Көрген-білгенімнің қайсы бірін айтарымды білмей, есіме не келсе соны мантырай беріппін. Қайрақбай сайындағы қалың орманда, ондағы мекендеген аң, құстарды көргенімді, Қайрақбай атаның құс атар мылтығын, аю, қасқыр, түлкіге құратын қақпанын, кілемнің үстіне салған аю терісін, оның үстіне апам екеуміздің отырғанымызды, қайтарда қия беттен астымыздағы атымыздың сүрініп жығылып, апам екеуміздің құлап қалғанымызды, сонда апамның аяғы мертігіп қалғанын, маған апамның үйге жеткенше, «Сары атан – Зауза», «Қос келіншек–қос бикеш», «Оталы» туралы аңызды айтып бергенін, тасыған Телқара өзенінен өткенімізде, өзеннің өрге қарай аққанын тілімнің жеткенінше айтып едім, атам:
– Үлкен қәуіп-қатерден аман болғандарыңа тәуба құдайға! Қайрақбай сайының қия беті, Телқара өзенінің теріс аққаны ештеңе етпейді, балам. Өмірдің қия бетінен, теріс аққанынан сақтасын Алла-тағала! – деді. Мен:
– Ата, өмірдің қия беті, теріс аққаны қалай болады? – деп сұрадым.
– Оған асықпа, балам, сен үлкейгеннен кейін айтып беремін. Әзірше оны мен айтсам да түсіне алмайсың, – деді. Атам екеуміздің сөзімізді бөліп, күйеу баласы:
– Апамның жіліншік сүйегі сызат алды ма екен? Сынықшыға көрсетейін деп едім, апам әуелі үйге жетіп алғысы келді. Мұнда да сынықшы бар екен ғой, кешіктірмей соған көрсетіп алсақ қайтеді? – деп еді, атамның жалғыз ұлы Бұлан оның сөзін қостады да:
– Мырзабай, бұл жердегі сынықшыны танымайды, үйін де білмейді. Мен барып ертіп келейін оны, – деп Бұлан аға үйден шыға жөнелді. Шай қайнатым уақытта сынықшыны ертіп Бұлан аға келе қалды. Апамның ауырған жіліншігін сынықшы тексеріп көріп:
– Ұлықаусар ақуал жоқ, асықты жіліктің сүйегі азырақ сызат алған. Тобық таюдан аман. Азырақ еті жаншылған екен, – деп, емдеп-домдап апамның жіліншігін таңып берді. Сынықшы апамның жасын сұрап алып:
– Қырық тоғыз мүшелің екен, ғарып-мүсәпірлерге садақа беріп қой. Жіліншігіңнің сызат алғаны қырық тоғыз күнде даң ойып жазылады. Соған дейін көп жүріп, тұрма! – деді. Бұлан ағаның келіншегі мен тәтелер құрақ ұшып, дастарқан жайды. Бар мәзірін салып шай құйды. Қазан көтеріліп, ет асылды. Үлкендер жақ сөзден сөз туып, күлдіргі әңгімеге кірісіп кетті. Айтылған әңгіменің ұзын ырғасы болмаса, онша жүйелі ещтеңе ұға алмадым. Алтай аймағында Рысхан, Есімхан бастаған, Оспан батыр қостаған көтерілісті қытай әскерлері жаныштағанын, қазір Іледе Әкпар, Сейіт батырлар бастаған көтеріліс ту көтергенін, үш аймақтың сорпа бетіне шығар ел басыларын, Таңжарық, Ақыт сияқты атақты ақындарын Үрімжідегі қытай билігі құрылтай ашпақшы болып шақырып алып, қинап өлтіріп жатқанын айтысты. Үй толы адам атамның аузына қарап қалыпты.
– Әкпар, Сейіт бастаған батырлар арғы бетке әскери ат алып барып, қызылдардан қару-жарақ, оқ-дәрі әкеліпті ғой, демек совет үкіметі біздің үш аймақ төңкерісімізді қолдағаны ма? – деп сұрады сынықшы атамнан. Атам ұзақ сөйледі. Ленин бастап, Сталин қостап, Ақпатшаның шаңырағын ортасына түсіріп, тағын тартып алды. Қытайлар да Маузыдұң жетекшілік еткен қызылдар, Жаңгайшы билеген қара қытайды тұқыртып, Жаңгайшыны Таюан аралына қуып жіберді. Сондықтан орыстың қызылдары мен қытайдың қызылдары әрине ауыз жаласқалы отыр, – деді атам.
– Ал үш аймақ төңкерісінің мақсаты қызылдармен тізе қосу ма? Әлде басқа ма?
– Жоқ, олай емес. Үш аймақ төңкерісінің түпкі мақсаты – тәуелсіздік алу. Шығыс Түркістан үкіметінің шаңырағын көтеру.
– Ондай болса, Әкпар, Сейіт батырлар арғы беттің қызылдарынан неге көмек сұрайды?
– Жауыңның жауы – сенің досың емес пе? Үш аймақтың төңкерісшілерімен қан төгісіп соғысып жатқан қара қытайлар – қызыл қытайлардың қас жауы. Сондықтан төңкеріс жеңіске жету үшін ынтымақтасатын күштің бетін қайтармау керек емес пе? – деді атам.
– Түптің түбінде үш аймақ төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін, шығыс Түркістан үкіметінің отырған тағын қызылдар бейбіт жолмен, саяси сайқалдықпен алдап алуы мүмкін… – деп атамның күйеу баласы Мырзабай басын шайқады. Бұл күні айтылған әңгіменің көбі төңкерістің қалай басталғаны, Таңжарық ақынның Қазақстанға барып, Қойдым деген ақын әйелмен айтысқаны, екеуінің тыңдарманын таңғалдырғаны, Таңжарық алаш арыстарымен араласып, олардан тәлім-тәрбие алғаны, Нарынқолда үш жыл оқып, жазған өлеңдері Қазақстанның газет-журналдарында жарық көргені, елге оралған соң төңкеріс жайлы жасырын ұйым құрып, ауыл азаматтарын аттанысқа келтіргені, онысы сезіліп қалып, қолды болғаны, іле-шала ел қолындағы суық қаруды Шинжаңды билеп-төстеуші үкімет зорлап жинағаны сияқты үлкендердің әңгімесінің түйінін ұққанымша көкейіме түйіп отырдым.
Атамның: «Телқараның теріс аққаны ештеңе етпейді, балам, өмірдің қия бетінен, теріс аққанынан сақтасын Алла-тағала!» – деген сөзінің төркінін кейінгі жылдары есейгенде толық түсіндім. Апамның аяғының мертіккені ұзаққа бармай, жазылып кетті. Бірақ нағашы атамның шалқып тұрған дәулеті, шаңырағының тыныштығы шайқалды да, өмірлерінің қия беті, теріс аққаны төбе көрсетті. Сасан болыстың үлкен ұлы Нүптебек 49 мүшелінде қайтыс болып, оның өлімін қызайдың бегімбет, дербіс руы ие болып, аса атақты қып өткізіпті. Артын той қып, қырық күн асын беріп, үш аймақтағы бүкіл керей, найманды ғана асқа шақырмай, Қытайдың Іледегі губернаторын 500 әскерімен, қалмақтың ханын 500 сарбазымен, ұйғырдың Құлжадағы сұлтанын өрен-жаранымен шақырып, ол молда-қожасын, дар ойын ойнаушыларын бастап келіпті, ас өткенше қазақтың ұлттық спорт ойындары, ақындар, жыраулар айтысы, хиса айту, қырғыздың манас жыры жырланып, Күнестің Ақөзен жайлауында өткен 40 күндік ас аспа-төк хисапсыз мол шашылумен аяқтайды. Асқа бастан-аяқ Сасанның немересі Махсұт болыс бастамашылық етіп, жас ақын Таңжарықты хатшылыққа алып, Нүптебектің тоқалының жоқтауын Таңжарық жазып береді. Бүкіл қазақ елінің зар-мұңын ақын Нүптебекті жоқтауға сіңіріп жіберіпті. Нүптебектің асы өткен соң, ұзаққа бармай, менің нағашы әкем Рыскелді салған зауыт өртеніп, Сасан болыстың гуандай (аға сұлтан) болған немересі Махсұт, Таңжарық ақындар қара қытайдың тұтқыны болады. Үш аймақтан өзге де ел басылары, Ақыт хажы бастаған қазақтың игі-жақсылары түрмеге жабылып, аяусыз қанды қырғынға ұшырайды. Бұл қан төгіске төзіп тұра алмаған Іледегі жүрек жұтқан ер-азамат Нылқы ауданының Басілген деген ауаша сайында бас қосып, Әкпар, Сейіттер бастамашы болған көтеріліс үш аймақты шарпиды. Қан кешкен шайқас басталып жатқан мезгіл еді. 1945 жылдың қысы Іледе қыс қатты болып, нағашы әкемнің зауытында өндірілген бұлғарыдан молайған бар малы жұтқа кетеді. Отбасыларына өмірдің қияметі мен теріс аққаны аса ауыр тиді. Менің туған шешем Нұрқиядан кейінгі қыздары Нүрпия, Несібелді, Ақылима, Жақан ағасынан асырап алған қызы Мағазды құтты орнына қондырып, жалғыз ұлы Бұланға алып берген екі әйелден де ұрпақ болмай жүрген. Атамның отбасының тірліктері теріс ағып, Үйсін тауының теріскей қапталындағы Жаутоғай деген қалың орманды жерге қоныс аударды.
Нағашы апам екеуміздің ермегіміз – әсіресе, төсекке жатқан соң жанын қоймай, аңыз-ертегі айтқызамын. Ұйқыдан қалжырап қалғып кеткенімше оны тыңдаудан жалықпаймын. «Мұңлық-Зарлық», «Қасен-Ғанижамал», «Әмірзада мен Малике», «Төрт ғашық», «Қыпша қыз бен Қасым», «Ағаш ат», «Жиһанша», «Жүсіп-Зылиқа», «Сайпылмәлік-Жамал», «Бозжігіт пен Қараша»,«Қызжібек», «Айман-Шолпан», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты қазақтың ғашықтық жырларын айтып бергенде, аузымның суы құрып тыңдайтын болдым. Қазақтың батырлар жырын апама қарағанда, нағашы атам көп біледі екен. Бірақ ол кісінің ұсталықтан қолы босауы қиын. Жасаған зауыты өртке кетсе де, қолөнердің арқасында отбасын жадатып-жүдетпеді. Теміршілік, зергерлік, ағашшылық, өрімшілік, сағат жөндеу сияқты қолөнерден білмейтіні жоқ. Менің бес жасымда нағашы атамның теміршілік дүкенінде қасында отырып, бәкі, пышақ, ұстара соққызып алғалы келген кісілерге айтқан сөздері әлі есімде.
– Сіз соққан бәкі, пышақ, ұстараның өткір болуы неге байланысты? – деп сұрайды қасына келген кісілер.
– Біріншіден, темірдің сапасына, екіншіден, суғарудың бабына байланысты, – дейтін атам. Құрыштан соғылған бәкі, пышақ, ұстара, айбалта, семсердің қылқимас өткір болатынын айта келіп, адамның да құрыш тәріздісі өткір болатынын ескертетін атам. Ол сөзінің астарын бала кезімде түсінбегенмін. Кейінгі жылдар соны ұмытпай сұрап түсініп алдым.
– Адам да темір сияқты тегіне тартады. Құрыштай құнды қас батырлардың ұрпағы да өзіне тартады. Тектіден текті туады, – деп оны өмірден өткен адамдардың тағдырынан мысал келтіріп, тыңдарманын шұлғытатын. Атам ел басқарған билер, хан, сұлтандар, атақты батырлар туралы әңгімені көп білетінін байқап қалдым да, қолы босай қалғанда, мойнынан құшақтап, аталап жалынып, әңгіме айтып беруге зорлайтын болдым. Атам өте балажанды кісі болатын. Менің көңілімді қимай, жұмыстан шаршап келсе де, Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сабалақ, Есенгелді, Ертарғын, Қамбар, Алпамыс, Қобыланды батырлар туралы ертегі-аңыздарды айтып беретін болды. Атама оны-мұны соқтырып алатын кісілер атамнан шежіре жайлы көбірек сұрайды. Атамның қазақ шежіресі жайлы білетіні де ұшан-теңіз екен. Майқы би туралы, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз, найман, керей шежіресі, Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресі, Жүсіпбекқожа Шайқысылам шежіресі, Орысбай шежіресі, төрт төңірек, уақ шежіресі, Төлегетай шежіресі, абақ және төрелер шежіресі, қызай шежіресі деймісің атамда соның бәрінің жазба нұсқасы бар екен. Атам шежіренің өлең түрін де, қара сөзбен де әңгімелегенде, тыңдарманы аузына қарап аңырып қалатын. Қазақтың тұрмыс-салт білімдері туралы білетіндері айтса тауысқысыз еді. Қазақ халқының той тойлау салты, құдаласу салты, қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі, отау бөлу, өлім жөнелтудегі ертедегі, кейінгі замандағы наным-сенім, ырым-жырымы, қазақтың ұлттық қолөнері жайлы өнер-білімі, ою-өрнек, әшекей бұйымдары туралы түсінік, қазақтың ұлттық ойындары жайлі ежелгі түрлері, аңшылық, құсбегілік, атбегілік білімдері, қазақтың ертедегі далалық заңдары туралы білімі, шариғат заңы туралы білімі, сауда-саттықтағы заңдары жайлы білім, ер-тұрманға қатысты ерекше сән-салтанаты, киіз үйдің кемелдену барысы, ерекше әсемдеу безендірілу өнері, үйдің ішкі мүліктері, қазақтың ұлттық тағамдары туралы түсінік, қазақтың дәм таттыру жора-жосындары, қазақтың ертедегі ұлттық киім түрлері туралы түсінік, қазақтың музыкалық аспаптары және оның түрлері туралы білімі өте мол еді нағашы атамның. Солар жайлы түсінігі ғана жетерлік болмастан, оны жасай білетін. Нағашы шешемнің кестешілік, тоқымашылық өнеріне менің туған шешем Нұрқия мұрагерлік еткен екен. Амал қанша анамның сары уызына тойып, ақ сүтін қанып емсем де, дидарын көз алдыма келтіре алмаймын! Арман! Өкініш!.. Орны толмас опық!.. Ал нағашы әкемнің қолөнері жалғыз ұлы Бұланға да дарымапты. Жиені маған да дарымаған. Менің өзімнің бір ұлыма дарығандай болып еді, ол қолөнерді кәсіптенуге құлшынысы бола қоймады.
Нағашы апам қазақтың байырғы тамақтарын да әзірлейтін. Үйіміз орманды Жаутоғайда отырғанда қарағай борқысының қоламтасына қойдың жас етін боршалап, тұздап, тау жуасын турап қосып, өзінің қанына салып, аузын мықтап буып, көміп тастайтын. Ол қоламтада күні бойы тұрды. Оны кешкі аста алып табақтарға салғанда, оның исінің кереметі-ай, шіркін! Жегенде дәмі таңдайымыздан кетпеді! Сол тағамның аты не екенін ұмытып қалыппын, есіме түсіре алмадым. Бірақ оның исі, дәмі әлі ұмытылған жоқ. Нағашы апамның көбірек жасайтын тағамдарының бірі – Солқылдақ еді. Оны баптау әдісі – ақтаған тарыға сүзбе, балқаймақ немесе кілегей, ірімшік, ежігей, бал-шекер, яки талқандаған музыкант, тау сарымсағы, бар болса, таңқурай қосып, келіге салып келсаппен түйіп жаншып, солқылдап тұрған тағамды жесең, тойғаныңды ұмытып қаласың. Қарның жарылмағанына тәуба! Нағашы апам маған:
– Мен саған жүкті болғанда, солқылдаққа жерік болғам, – дейтін. Кейін ұқтым, әсілі менің туған шешем Нұрқия маған жүкті кезінде сол солқылдаққа жерік болған екен. Нағашы апамның тірлігінде жасайтын осындай қазақтың байырғы тағамдарын кейінгі кездерде өмір бойы кездестіре алмадым. Өмірдің теріс аққан толқындарына тоғытылған кездерімде, басым айналғандықтан, Телқара өзенінің теріс аққаны, аққудың көгілдір балапаны көкдолы толқындарда ағып бара жатып, көтеріліп ұшқаны көз алдыма келетін болды.
БАЛАҢ СЕЗІМ
– Ата, бұл жерді неге «Жаутоғай» деген? – деп сұрадым атамнан. Ол кісі жұмыстың қарбалас кезінде бес уақыт оқитын намазын кешкі жашиық намазына жинақтап, бір уақытта оқып жүретін. Бірақ таспиығын тартып отырып, ұзақ оқиды.
– Балам, мен жашиық намазымды оқып алайын, сонан кейін Жаутоғайдың аты неліктен осылай аталғанын айтып беремін, – деді атам. Ұйқым келсе де көзімді уқалап қойып, атамның ұзаққа созылған намазының соңын күттім. Атам Жаутоғай туралы әңгімені бастағанда, ұйқым шайдай ашылып кетті. Әңгімені тапжылмай отырып аңыра тыңдадым.
– Ертеде қазақтың үйсін, сақ, ғұн дейтін тайпалары болған. Олар осы тоғайда бекініп жатқан жауларымен соғысып, жеңіске жетіп, бұл жерді иеленіп қалған. Тоғай аңғарының аузындағы тақия төбені көрдің ғой, сол үйсіндердің ордасын жауларынан қорғанатын күзет орны болыпты.
– Тайпа деген не, ата?
– Қазақтың руларын айтады тайпа деп. Біз отырған Жаутоғайдың басындағы Үйсінтауының қарлы шыңы делінеді. Қазіргілер оны Тияншан шыңы деп жүр. Демек бұл тауда үйсін тайпасы қоныстанғанынан дерек береді. Қазақ халқы сонау ертедегі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары тұсынан бастап, осы құтты мекенде өсіп-өнген. Тарихтағы түрліше өзгерістерде, кейде бұл жерден ауып кетіп, кейде қайта қонысына оралып отырған. Біздің терістігіміздегі Үйсінтауының теріскей жағы қарлы, мұзды шыңдармен қоршалған жоңғар ойпаты бар. Қазақтар бұрынғы Тәңір тауын қазір оны Боғда шыңы деп жүр. Бұл шың Еренқабырға тауының биік шыңы. Мұндағы ел соған сиынатын болған.
– Тәңір тауды неге Боғда деп атаған, ата?
– Боғда шыңы ертеде «Ақтау алып ата шыңы» деп аталыпты. Себебі «Боғда» деген сөз сол заманда жасаған ата-бабаларымыздың аты екен. Аталарының атын тергеп атамай, «Алып ата шыңы» деп атап кетіпті.
– Боғда шыңы бар тауды неге Еренқабырға деген?
– Еренқабырға тауы Іле өзені аңғары мен Жоңғар даласын бөліп тұрған ұзын да алып тау. Қабырғалары ұзаққа созылған ересен үлкен тау деген ұғым береді. Бұл тау шығыста Боғда шыңынан басталып, батыста Балқаш көліне дейін жалғасып жатады.
– Балқаш көлі қай жерде, ата?
– Арғы бетте, Қазақстан жерінде.
– Еренқабырға тауының атын кім қойыпты, ата?
– Қазақ халқының қамын жеп, Жерұйық іздеген әулие адам Асан қайғы қойыпты дейді Еренқабырға тауының атын.
– Ғұндар қазақтың арғы атасы ма?
– Ерте замандағы 5-6 ғасырларда ру-тайпалардың ең ірілерінің бірі сақтар болған екен. Олар Сыр бойы, Қаратау, Талас дейтін өлкелерден бастап, Еренқабырғаға дейін созылып жатқан жалпақ даланы мекен еткен. Қазақтың бір тегі болған үйсіндер, ғұндар Еренқабырғаның теріскейін мекен етіп, жабайы аңдарды қолға баққан. Мал шаруашылығын дамытыпты. Ол кездегі үйсіндер сақтар жеріндегі қаңлылармен тұтасқан. Қытайдың қазіргі Гансу өлкесінің батысындағы Дұнхуаңды бұрын сақтар мекен етіпті. Кейін иүздердің қыспағымен, батысқа қарай көшуге мәжбүр болыпты. Еренқабырғаның солтүстігі ілгерректегі сақтардың мекені болған екен. Қытайдың Чин, Хан патшалығы дәуірінде өзгерістер болып, ғұн ақсүйектерінің күшеюі салдарынан мекендерінен ауып кетіпті.
– Ата, біздің арғы тегіміз ғұндар қытайларды билеп, олардың жерін де иелеген бе? – деп сұрадым атамнан.
– Әрине сөйткен балам, қытайдың шежіре кітаптарында сақтардың көсемі – «Сах уаң» (сақ патшасы) деп аталған екен. Сақтар өздерінің қыстаулық, жайлаулық жерлеріндегі жартасқа таутеке, бұғы, киік қатарлы аңдардың суреттерін және өздерінің аңшылық өмірінің көріністерін ойып қадырыпты.
– Күнес өзенінің басындағы жартастарға салынған суреттер мен жазуларды сіз маған көрсетіп едіңіз ғой, ата, үйсіндер, ғұндар, сақтар сурет салып, жазу жазған ба?
– Иә, балам, солар істеген.
– Ол тайпалардың сіз сияқты ұсталары болған ба еді?
– Бізге ұсталық, зергерлікті мұра қып қалдырған сол ата-батарымыз ғой. Шинжаңдағы Санжы қаласының Қосбұлақ дейтін қыстаулық жеріндегі жартаста да бұғы, таутекенің зымырап қашып бара жатқаны, оның артында басына дулыға киген мерген садақтың жебесін құлаштап тартып тұрғаны тасқа ойылған. Бұл қазірдің өзінде бар. Сақтардың әдеті бойынша адамдар тірі кезінде жақсы көретін өзіне тиесілі мүліктері қаза болған кезде өзімен бірге көмілетін болған.
– Сіз оны қайдан естідіңіз, ата?
– Санжы қаласының Алтынгүл қыстағының маңындағы зираттан 1884 жылы қару-жарағы, мінген аты бірге көмілген адамның мүсіні, ай формалы күміс сырға, алқа, қоңырау, гауһар, маржан тәрізді заттар қазбалардан табылыпты. Бил Мори ауданының Жышилан қыстағының шығысынан үй салу барысында көне зираттан Хан қандығы кезіндегі ғұндар істеткен ақша, алтын жалатқан бұйымдар, маржан қатарлы заттар табылыпты. Бұлар қазір Мори ауданындағы мәдени мұраларды сақтау мекемесінде тұр. Соны өз көзіммен көргенмін, – деді атам.
– Ол сақтардың қайтыс болған кездегі бірге көмілген дүниелері ме? – деп едім.
– Иә, солай, балам, «мың естігеннен бір көрген артық» деп, мен естіп қана қоймай, көзіммен көргенмін. Ал үйсіндер батыс Хан патшалығы кезінде Еренқабырғаның терістігіндегі ең күшті ел болыпты. Хан патшалығының патшасы Хануди ғұн, үйсіндермен одақ жасасып, үйсіндер мен ғұндар батыстағы Европа мен шығыстағы Қытай елі арасындағы «ұлы жібек жолын» «түйе жолды», «Хан жолды» ашуға үлкен үлес қосқан деп жазыпты қытай жылнамаларында, – деді. Атамның айтқандарына көңіл қойып тыңдасам да, ол кезде толық түсіне алмағанмын, кейн және сұрап, біліп алдым. Ғұндар Қытайдың солтүстігіндегі күшті тайпалардың бірі болыпты. Оның сол кездегі көсемі Маудұн Чаниүйдің таққа отыруымен ғұндар күшейіпті. Ол кездегі ғұндар тәңірлік (жаратылыстық рухқа) сенеді екен. Қазақ арасында әлі де ата-бабаларының аруағына сиынатындар бар екенін де айтты.
– Ғұндар құлдарын жазалағанда, бетін тіліп таңба салатын болған. «Бетің тілінгір!» – деп қарғау содан қалыпты. Бұрын Дұңхуаң өңірінде қоныстанып, кейін ғұндарға бағынышты болған үйсіндердің алғашқы көсемі Күнби – Лие Жауми екен. Қазіргі Шинжаңнаың Манас ауданы батыс Хан Хандығы кезінде үйсін елінің астанасы болған. Құтыби ауданының Назар деген жерінде 15 ғасырдан қалған зираттық бар екен. Бұл жерді үйсіндер, сақтар, қырғыздар мекендепті. Кейін жоңғарлармен соғыста өлгендер осы араға қойылыпты. Оны сақабалар шейіттігі деп атайтын болған. (Ертеде қазақтар сарбаздарын – арабша сақабалар дейтін болған). Қазақтар зиратқа ақтық байлап сиынады екен. Ауырған малдарын сонда апарып түнетіп, аруақтардың шарапаты тиеді деп сенген. 1960 жылы осы жерден тасқа айналған тұлпардың тұяғы табылыпты, – деді атам.
– Ата, бұл жерлерден қазақтар нағып айрылып қалған? – дедім мен.
– 1639 жылы жоңғар шапқыншылары Еренқабырғаның сол түстігіндегі қалалар мен қалашықтарға тұтқұйыл шабуыл жасап, алаңсыз жатқан елді қырғындап, мекенін тартып алады. Сонан бастап бұл кең даланы жоңғарлар иеленген.
– Ата, Жібек жолы деген қандай жол? Ол жол қай жерден басталған? Неге Жібек жолы деген оны?
– Жібек жолының бір тармағы Еренқабырғадан өткендіктен Жібек жолын Қытайдың Чиң патшалығы ертеден бастап сауда түйіні қып алған. Негізгі саудасы жібек, үй мүліктері мен киім-кешек, шай, торғын-торқа, мақта кездемелері болған. Оған қазақтардан егіс көліктері, әскери мініс ат айырбастап әкетіп тұрған. Әсіресе жібек бұйымдарын түйеге теңдеп таситын болғандықтан ол керуен жолды – «Жібек жолы» деген. 1758 жылы Дихуа (Үрімжі) маңындағы қазақтар бір жолдың өзінде 3000-нан аса егіс көлігін шай, торғын, мақта, кездемеге айырбастапты. Чиң хандығы саудагерлерін жіберіп, Жібек жолы бойындағы Поло ауданын (қазіргі Шонжы ауданы) бір сауда түйіні етіп, оған күрекшайды ауыстырған. Чиң патшалығы сол кезден бастап, Дихуаның Нанмиң базарын шай мен күміс ақшаның саудасын дүрілдетіпті.
– Ата, сол кездегі қазақтар Қытайдың Чиң патшалығына бағынған ба? – дедім.
– Чиң үкіметі қазақтардың Шинжаң көлеміндегі сауда-саттық істерін басқарды. Жұмысы қолайлы болу үшін, Құлжа, Шауешек, Үрімжі қатарлы қалаларда әуелі сауда түйіндерін құрды. Сонан соң қазақтар жылқы, сиыр, қой, түйелерін, шаруашылық заттарын Қытайдың торғын-торқа, кездеме, шай, астығына айрбастады. Ал Чиң патшалығы қазақтың айырбасқа салған ірі қараның жүзден бірін, ұсақ малдың мыңнан бірін бәжіге тапсырып алды. Сөйтіп қазақтар қытай патшалығына бағынышты болып қалды.
– Бәжі деген не, ата?
– Бәжі – үкіметтің елден алатын салығы ғой балам, – дейтін атам. Қазақтың ерте заманнан бергі басынан өткен тарихын нағашы атам өте жетік білетін. Тарихқа қатысты кітаптарды жинап алып, көп оқитын. Мен атамның жанын қоймай, түсінсем де, толық түсіне алмасам да қазақ туралы білгім келіп тұратын, ересек тартқан кезімде тіпті жалықпай сұрайтынмын. Атам да жалықпай айтып беретін.
– Жібек жолын ашу Қытайдың Чиң патшалығының талабы ма? Әлде қазақтардың қажеті үшін бе еді, ата? – деп сұрағаным әлі жадымда.
– Чиң патшалығы ішкі өлкелеріне еңбекке қажетті ат, өгіз, түйелерді арзан бағада сатып алып, жөткеп отырған. Ол кезде Еренқабырға өңіріндегі қазақтардың жан саны тәуір өскен екен. Мал санының да көбейген кезі көрінеді. Сол түста Дихуа маңындағы қазақтар әр жылы наурыз айынан қыркүйек айына дейін жалғасатын сауда түйіндеріне малдарын қора-қорасымен айдап келіп, кездеме, шыны-аяқ, темір-терсек жабдықтар мен астыққа айрбастаған. Қытайлар қазақтардың басқалармен сауда жасауына тиым салып, өздерінің саудасы үшін жағдай жасаған. Бұл тұста ғұн, сақ, үйсіндер жасаған жерлерден шығатын ақтас тасының, нартүйенің, құланның, сәйгүлік күрең жылқының атағы жер жарған. Оларды қытайлар ішкеріге апарып өсіруге алып барған. Хануди патша кезінде үйсін сәйгүлік аттарды оларға тарту етіп отырған. Бұлар мұны дүлдүл, батыс тұлпары деп мақтайды екен. Ғұн, үйсін, қаңлылар билеген кезде Еренқабырға жылқысының даңқы шыққан. Таң хандығы әр жылы 10 мыңнан астам жылқы алдыратын болған. Соған қарағанда, әсіресе Жібек жолын ашуда Қытайлардың қажеттілігі күшті болған, – дейтін атам.
– Қазақтар малын саудалау үшін – Жібек жолын ашуға зәру екен ғой?
– Ол жағы да бар, дегенмен Чиң, Таң хандықтарының қазақ елін билеп-төстеу саясаты басым еді. Ал Еренқабырға қазақтары сонау ертеден тартып, Қытайдың ішкі өлкелері мен батыс елдері арасындағы сауда-саттық істерінде Жібек жолын яғни «хан жолды» ашуға зор үлес қосқаны анық. Еренқабырғаның солтүстігіндегі Жібек жол Хан патшалығы дәуірінен бастап ашып, ол Тұрпан ойпатын ендей өтіп, Жемісарыны басып, Еренқабырғаны етектеп, батысқа қарай созылып, Шу, Талас өзендерінің алқаптарына дейін барады. Осы жолды ашуға Еренқабырға бауырындағы қазақтардың үлесі зор болған. Алғашқы кезде қазақтар «Қара жердің қайығы» деп аталған түйелерін жетелеп осы жолмен Азияны аралап, қақаған аяз, шыжыған ыстықта асқар тауларды асып, шөл далаларды басып, жібек, қас тасы, шай, фарфор ыдыстарын алып өтіп шығыстың мәдениетін батысқа, батыстың мәдениетін шығысқа алмастыруға үлкен еңбектер сіңірген. 1764 жылы Чиң патшалығы Тарбағатайды орталық еткен Дүрбеттердің тың игерген өңірі қатарында Құтыби ауданында тың игеріпті.1763 жылы Чиң патшалығы Дихуа облысын құрып, бұған Пукаң, Үрімжі, Санжы, Құтыби, Манас қатарлы орындар қарап, әр орында көшпенді малшыларды басқаратын, салық жинайтын би-мансаптыларды солардың өзінен қойыпты.
– Қазақтар Қытай патшалығының өзіне қаратып алуына қарсылық білдірмеген бе? – деп сұрағандар болды атамнан. Мен атамның қасында отырып аузына қарадым.
– 1767 жылы Чиң патшалығы қарбыз мерекесі күні сүргін болып келіп, тың игеріп жатқандар жерлік халықпен тізе қосып, езгіге қарсы тұру үшін сол күнгі сауық кештен пайдаланып, қыстақ әкімін өлтіреді де, қару-жарағын бөлісіп алып, Санжы жамбылын басып алыпты. Сонымен Чиң патшалығына қарсы қозғалаң көтерілген екен. Солардың арасында қазақтар мен қырғыздар мол болған. 1881 жылы Жоңғар шапқыншылығы кезінде Санжының әзіргі «Обалды» деген кезеңінде дөрбіттердің оғынан қазақтың бір батыры қайтыс болады. Дөрбіттер қазақтың өш алу шабуылынан сескеніп, Қарашар жаққа қашады. Қазақтар қайтыс болған батырын және басқа өлген адамдарын сол араға жерлейді. Содан бері бұл кезең – «Обалды» атаныпты. Осындай нақты деректерге қарағанда, қазақтың ататегі 2000 жылдан бері Еренқабырғаның түстігі мен терістігінде мекен алғанын байқаймыз, – деп атам қазақтың ежелгі тарихынан хабар тапқысы келгендерге айтып отырғанын да етқұлағыммен естігенмін. Мен атам арқылы қазақтың тарихына қатысты деректерді құлағыма бала кезімнен сіңіріп өстім. Атам маған бес жастағы кезімде он атаға дейін қалай аталатынын айтып бергені әлі есімде.
– Бірінші ата – бала, екінші ата – әке, үшінші ата – немере, төртінші ата –шөбере, бесінші ата – шөпшек, алтыншы ата – немене, жетінші ата – туажат, сегізінші ата –жүрежат, тоғызыншы ата – жегжат, оныншы ата – жұрағат, – деуші еді.
– Жеті жұт деген не, ата? – деп сұрайтынмын.
– Қазақтар «Жұт – жеті ағайынды» деп жатады. Жеті жұттың біріншісі – құрғақшылық, екіншісі –қалың қарлы боран, үшіншісі – оба індеті, төртіншісі – өрт апаты, бесіншісі – соғыс, алтыншысы – сел-тасқын апаты, жетіншісі – жер сілкіну, – деп ұқтырған еді атам маған.
– Жеті қазына деген не, ата? – деп тағы сұрайтынмын.
– Жеті қазынаның біріншісі – өнер-білім, екіншісі – жігіт адамның ерлігі, үшіншісі – ақылды, сұлу әйелің, төртіншісі – жүйрік атың, бесіншісі – ұшқыр тазы, алтыншысы – қыран бүркіт, жетіншісі – берен түзу мылтық, – деуші еді атам.
Біз Телқарадан Жайтоғайға қоныс аударғанымызда, ол жердің түкпір жағында Степан дейтін омарташы орыстың үйі бар екен. Атам сонымен тамыр-таныс болып алды. Оның үйіне атамнан қалмай мен де бірге барып тұрдым. Біз барғанда Степан жалбарақтап, дастарқанын жайып, бөлке нанын турап, кірістал ыдысқа салып балын алдымызға қоятын болды. Ал-алдың астынан алып, әйелі де қалбалақ қағады. Екеуі де балажан адамдар екен. Бір бойжеткен қызынан өзге баласы жоқ сияқты. Оның жиырма шақты иті бар. Ұзыншақ ағаш науаға буызыны қайнақ суға араластырып беріп, иттерін азықтандырады екен.
– Ата, бұл кісі не ұшін көп ит бағады?– деп сұрап едім, атам:
– Жабайы шошқаны атып алу үшін, иттерін алдымен жібереді,иттер шошқаны қоршап алып, шошқалардың қашып құтылуына орай туғызбайды. Сол кезде Степан қосауыз мылтығымен шошқаны атып алады, – деген.
– Ол атып алған шошқаны қайтеді?
– Өздері етін жейді, артылғанын басқа орыстарға сатады. Астыққа, өзге де ішпек-жемекке айрыбастайды.
– Шошқаның еті арам емес пе, ата?
– Ислам дінінен басқа діндегілер шошқаның етін жей береді.
– Ислам дінінен басқа діндегілер неге жейді арам етті?
– Үндеме, кейін ауаша отырғанымызда асықпай айтып беремін. Әр халық өзінің дініне мықты, – деді атам. Степан орыстың үйінде отырғанымызда.Біз барған сайын үйімізге алып қететін бал береді ол орыс. Оның ағашшылық өнері болғанымен, өзге қолөнері атама жетпейді екен. Теміршілік, зергерлік жағынан атама күні түсті. Ағашшылық істейтін саймандарын атама соқтырып алады. Оның омарташылық кәсібі ғана атамның істейтін жұмысынан артық еді. Атама бұзылған сағатын да жөндетіп алған. Әйеліне, қызына алқа, жүзік, сырға сияқты алтын бұйым жасатып алатын болды.
Біздің үйдің аяқ жағында Сәлім деген ноғайдың үйі бар еді. Менің нағашы апамның шешесі татардың қызы екен. Қазақтар татар мен ноғайды бір санай ма? Нағашы апам Сәлім мен Дәулеткерей деген ноғайды нағашы санап, туыс қып алды. Оларман араластықтары күннен күнге күшейе түсті. Әсіресе Сәлім жақын көрші болғандықтан, барымызды бөлісіп жеп-ішіп, олар да біздің үйге келіп, біз де күн құрғатпай барып тұрдық. Сәлімнің мен құралпы Динара деген қызы бар еді. Ол – өте қылықты, сүйкімді, өң-форымы, көркімен көз тартатын. Екі үйдегі кішкене бала екеуміз ғана. Күні бойы Динара екеуміз бірге ойнайтын болдық. Жаутоғай сайының ауыз жағы түгелдей алмалы қалың тоғай. Сайды өрлеген сайын, қарақат, қызылқат, долана, итмұын, таңқурай, қайың, терек, оның өр жағы қалың жыныс қарағай, самырсынның арасынан ит түмсығы өтпейді. Сәлімнің үйі мен біздің үйдің аралығында бір түп ерекше тәтті алма бар. Динара екеуміз сол тәтті алма ағашының түбіне көбірек келіп ойнайтынбыз. Тәтті алманың біреуі жерге түссе де, екеуміз бөліп жейміз. Біз бір неше салдау ағаштың басын буып, сыртын сарқураймен жауып, кәдімгі қос сияқты қып үйшік жасаймыз да, астымызға шөп салып, оның үстіне бешпетімізді жайып төсеп, сонан соң қатарласып жатып, бір тәтті алманың екі жағынан екеуміз тістеп, өзімізге қарай тартамыз. Қайсымыз алманы жұлып алсақ, сонымыз жеңген боламыз. Бұл ойын біз үшін өте қызықты сезілетін. Динара көбінше өзінің жеңісінен көрі, менің жеңісімді ұнататын сияқты. Кейде менен әдейі жеңіледі де, тәтті алманың денін маған жегізгісі келеді. Әйтеуір маған деген бір түрлі жанашырлық, аяушылық байқалады. Екеуміз қатарласып жатқанымызда, Динара мені қытықтап алады да: «Енді мені қытықташы», – дейді. Мен оны қытықтаған кездегі оның сықылықтап күлгені сондай сүйкімді! Өзі тым қытықшыл еді. Қытығы қатты келгенде, мені құшақтай алып, басын менің жүрегімнің тұсына сүйеп жатып, рақаттана қалады.
– Жүрегің неге дүрсілдейді? – дейді Динара маған.
– Жүрек деген үнемі соғып тұрады емес пе, Динара? Жүрек тоқтаса, адам өмір сүруден қалатынын айтқан атам маған, – деймін мен.
– Енді, сен менің жүрегімнің қалай соғатынын тыңдап көрші! – дейді ол. Мен оның жүрегінің тұсына құлағымды төсеп, омырауына басымды төсеймін. Динара мені құшақтай алады.
– Менің жүрегім қалай соғады екен? – деп сұрайды Динара менен.
– Дікіліктеп асыға соғып тұр ғой…
– Неге асығады?
– Мен қайдан білейін сенің жүрегіңнің неліктен асыға соғатынын?
Динара оған жауап бермеді де, жымиып күлді де қойды.
Ұйқыдан оянсам болды, таңғы асымды асығыс іше салып, Динараны іздеймін. Егер ол менен ертерек оянып алса, таңғы асын іше салып, мені іздеп үйімізге келеді. Ол екеуміздің арамыздағы қимастық, жақындық ненің күші екенін Динара да, мен де білмейміз. Достық па? Балаң махаббат па? Кім біледі?..
Бір күні Динараның әкесі Сәлім қой сойып, нағашы атамның отбасын түгел қонаққа шақырды. Ол кісінің 49 мүшел жасын тойлағаны екен. Әйелі өзінен тоғыз жас кіші екенін айтып жүретін өзі. Сәлім ноғай сауықшыл адам екен. Ресей жерінен әкесі ауып келгенде, ала жүрген көнетоз баяны бар. Соны Сәлім боздатып керемет ойнайды. Әйелі татар жырларын жырлағанда, күйеуі баянмен сүйемелдеп, жырды нақышына келтіріп құлпыртып жібереді. Ал нағашы атамның жалғыз ұлы Бұлан домбырашы еді. Халық күйлерін қоңыраулатып әдемі орындайтын. Атам өзі домбыра шертпегенімен, домбыра, қобыз, жетіген сияқты қазақтың музыка аспаптарын жасай бідеді. Баласына жасап берген домбыра айтарлықтай аса шешен шықты. Сәлім ноғай атамның отбасын қой сойып қонаққа шақырған күні өзі баян ойнап, әйелі татардың «Сарман бойдары» жырының әуеніне салып, ұзақ жырлады. Бұлан аға қазақтың халық күйлерін, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Динаның күйлерін шертті. Нағашы апам айтысқа түсіп, топ жармаса да, қазақтың халық өлеңдерінен көп білетін. Өзі де ойынан өлең құрастыра беретін. Сәлімнің отбасында апам да құлақ молдасы болмай, бірнеше ауыз өлең айтты. Атам арғы замандағы ел тарихының қоламтасын қоздатып, қазақ пен татар, ноғайлардың түп атасы түркі тілдес халық екенін, олардың тамырлас, тағдырлас болғанын, ел басынан қандай қилы заман өткенін көсіле, ағытыла әңгімеледі. Басқа үйлерге атама еріп барғанымда қасында отырып қойдың құлағын жейтінмін. Ал Сәлім ноғайдың үйіне барғанда Динара екеуміз бірге отырдық, атам бұл күні қойдың екі құлағын Динара екеумізге кесіп берді. Атамның өз баласынан бөлмей, екеумізге тең мән бергеніне Динара қатты қуанып қалды.
Ет желініп болғаннан кейін, қайталай дастарқан жайылып, қаймақты шай құйылды. Динараның шешесі таңқурай, қарақат, қызылқаттан неше түрлі тосап жасапты. Арасына таңқурай, қарақат салып, сыртына әдемі өрнек салып, праник нан пісіріпті. Біздің үй бес-алты бие байлап, қымыз ашытатын, нағашы апам бір торсық қымыз ала барған еді. Шайдің соңынан сол қымыз құйылып, оны да бәріміз бірлікте іштік. Әңгімеден әңгіме туып, арада әзіл-қалжың араласты. Әуелі Динара екеуміздің егіз қозыдай жұбымызды жазбайтынымызды, бірімізді біріміз көрмесек тұра алмайтынымызды, татулығымызды әзіл әңгіменің тұздығы етті.
– Динараны біз бала қып алсақ, қалай қарайсыңдар? – деді Нағашы апам Сәлім мен әйеліне әзілдеп.
– Қалың малға шыдасаңдар – бала қып алыңдар Динараны, – деп Сәлімнің әйелі Мағира әзілге әзілмен жауап қайтарды.
– Оның жарасы жеңіл ғой, қазақпен құдалассаң, қалың малға қарық боласың, – деді нағашы апам.
– Қалыңмал жағы ерлердің ісі емес пе? Сендер жыртысқа, китке, қажетті киім-кешек, торғын-торқа, матаға, алтын, күміс сырға, білезік, жүзікті әзірлеуге келісе берсеңдер болды ғой. Қалғанын Рыскелді екеумізге қоя беріңдер, – деп Сәлім сылқ-сылқ күлді. Динара екеуміз асық ойнап отырғанбыз. Үлкендердің әңгімесін естімеген болып құлақ қойдық. Бірімізге біріміз қарап, жымың-жымың күліп қоямыз. Үлкендер қызылдай құдаласып қоюға келіскендей болды. Әзіл-шыны аралас құдалық жайлы әңгімені бірталай жерге апарып тастады. Олардың қалжыңы қайсы, шыны қайсы, парықтай алмадық. Байқаймын, Динара ойын ашып айтпаса да, іштей қуанып қалғандай кейіп танытты. Үлкендердің құдалық жайлы айтқан сөздерінің мәнін түсінген сияқты. Ешқандай қарсылық нышаны байқалмады. Үлкендердің әзіл-шыны аралас әңгімесін естігелі бері Динарада бір түрлі өзгеріс болды. Біздің үйге келгенде бұрынғыдай батылдық, еркін жүріс-тұрыстан бас тартып, төрімізге шығып отырмайды. «Келін атасының үйінің төріне тайраңдап шығып алмайды» деген қазақтың тұрмыс-салтын апамнан естіп қалғаны бар екен. Енесі келінге өз қолымен тамақ ұсынғанда, сәлем жасайтынын да ұғып алыпты. Бір күні апам балқаймаққа араластырған ақтаған тарыны Динара екеумізге екі шыныға бөліп салып беріп еді, Динара:
– Апа, сізге үлкен рахмет! – деп орнынан тұрып, сәлем жасады. Апам соған қағанағы қарық, сағанағы сарық болып, ішек-сілесі қата рақаттана күліп алды.
– Жасың ұзақ болсын, балам! Бақытты бол! – деп алғысын жаудырды. Мен не дерімді білмей ыңғайсызданып қалдым.
Нағашы апам да намаз оқып, ораза ұстайтын. Бірақ атамнан жасырып, құмалақ салады. Аздап көріпкелдігі бар адам еді. Ал атам Семейдегі медреседен оқып барып, Қытайдағы қызай ішінде бегімбет руының мешітіне мазым болыпты. Ол кісі құмалақ салу, бақсы ойнау, көріпкел сияқты наным-сенімге қарсы болатын. «Бақсылар ақсайтанына сенеді. Соған табынады. Ислам діні ондайға келіспейді. Құдай жолына қайшылық оның бәрі» дейтін атам. Мен атамның айтқандарына аса көңіл қойып тыңдаймын. Апамның көңілін аулап, жасырып құмалақ салғанын атама айтпаймын. Егер атам оны біліп қалса, қатты ашуланады. Апамды сабап тастауы мүмкін. Апам құмалақ салғанда, Динара екеуміз қасында отырып, құмалақты қалай салатынын, құмалақтың тілін қалай біліп, сөйлейтінін ұғып алатын болдық. Телқара өзенінің жағасында отырғанымызда, апам әр түрлі реңдегі ұсақ тастардан таңдатып маған тергізіп алып, 41 тасты кішкене былғары дорбашасына салып алған. Сол тастармен апам құмалақ салатын.
– Апа, сіз құмалақ саламын дейсіз ғой, Құмалақ емес, тас емес па бұл? – деп сұраймын. Апам:
– Мұндай әдемі ұсақ тастар жоқ жерде, бақсылар қойдың кепкен тезегімен құмалақ салып сөйлейді екен. Сондықтан «құмалақ салу» деп аталып кеткен, – дейтін.
Бір күні апам үйде өзге үлкендер жоқ кезде, жалғыз өзі құмалақ салып отырды. Динара екеуміз қасындамыз. Апам әуелі 41 тасты мөлшерлеп үшке бөлді. Бірінші бөлегін төрттен бөліп, асып қалған үш тасты бір жерге қойды. Сонан соң екінші бөлікті тағы төрттен бөліп, асып қалған бір тасты жаңағы үш тастың қасына таяу қойды. Енді үшінші бөліктегі тастарды және төрттен бөліп, артылып қалған бір тасты алдыңғы қойылған жалғыз тастың қасына таяу қойды да:
– О, басы бес – бесіктегі бала қуанғандай! Шүйіншілеп тұр! – деп жайдарлана жарық етіп қалды апам. Сөйтсек, құмалақ салғанда, ең алғашқы үш жерге қойған тастың саны бесеу болса – жақсылықтың нышаны делінеді екен. Апам екінші рет тастарды тағы үшке бөліп, алдыңғы сияқты бөліп орналастырып еді, ортаға қойған тастың саны төртеу болып қалып, апам басын шайқады.
– Не болды, апа? – дедім мен.
– Жүрек күпті болып тұр! – деді. Үшінші рет барлық тастарды тағы үшке бөліп, онан соң әр бөлікті төрттен бөліп, асып қалғанын үш жерге қойды.Апам тағы басын шайқады.
– Не боп қалды? – деп едім.
– Босаға жалғыз тас болса, кіріс жоқ, тоқ емес, сылдыр… – деді апам.
– Онда не болады, апа?
– Оны сендер әзірше түсіне алмайсыңдар, кейін үлкейгенде айтып берем… – деді де, құмалағын шашып жіберіп, тағы басын шайқады.
– Оның не, апа?– дегенімде, апам:
– Құмалақты шашып жіберіп сөйлеуге де болады, балаларым. Оны да кейін есейгенде ұғасыңдар, – деді де қойды. Мен қайтып апамды мазалағым келмеді де, қазбалап құмалақтың сырын сұрай бегім келмеді. Динара екеуміз бірімізге біріміз қарап, күлдік те үйден шығып кетіп, тәтті алманың ағашының түбіне барып, үйреншікті ойынымызды жалғастырдық.
– Мен алма ағаштың басына шықсам қайтеді, Динара?
– Неге шығасың?
– Жерге түскен алма көңіліме онша жақпай тұр, алма ағаштың басынан үзіп алайын.
– Ағаштың басына шығамын деп ұшып кетіп жүрме.
– Ұшпаймын, шығарда сен көмектессең болды.
– Әуелі сен менің мойныма мініп алып, сонан соң иығыма шығып тік тұрсаң, төменгі бұтаққа қолыңды созсаң жетеді.
– Мен сенің мойныңа мініп, иығыңа шыққаным жараспас Динара?
– Неге, мен сені төбеме көтеруге де дайынмын! Сен үшін мойным үзіліп кетсе де мейлі!
– Оған қалайша батылың барып тұр, Динара?
– Өйткені мен сені жанымдай жақсы көремін. Ал сен ше?
– Мен де… – дедім сәл бөгеліп. Динара айтқан сөзінде тұрып, әуелі мені мойнына мінгізді де, алма ағаштың діңін құшақтап тұрды. Мен оның иығына шығып тік тұрып, төменгі бір бұтаққа қолымды созып, содан ұстап өрге қарай тырмысып алма ағаштың басына шығып алдым. Тәтті алманың әбден піскен кезі еді, ағаштың бұтақтары иіліп, алмасы самсап тұр. Қолым жеткен жердегі алмаларды бырт-бырт үзіп, Динараға дәлдеп тастай бердім. Ол алманы жерге түсірмей, тақиясын тосып тұрып қағып алады. Кейбір алманы тосып алуға үлгіре алмай қалып, сыңғырлап күліп, мәз болады. Күлкісі сондай сүйкімді. Өмір бойы құлағымның түбінде ұмытылмай қалды сол күлкі! Ағаштың басынан түсерде, төменгі бұтақтан ұстап салақтап тұрып, өзімді тастай салдым. Оң жақ өкшем жердегі алма ағаштың тамырына қатты тиіп, не дәуір ауырып қалды. Аяғымды сылти басып едім, Динара шыр-пыр болып:
– Аяғыңның қай жері ауып қалды? – деді мені құшақтай алып.
– Ештеңе етпейді, өкшем тамырға тиіп азырақ ауырып қалды, – деп мен де оны неге құшақтай алғанымды білмеймін… Екеуміз бірімізді біріміз қаншалықты жақсы көріп қалғанымызды айтуға тілім жетпейді. Ол кезде сүйісу дегенді екеуміз де білмейміз. Сүйісіп тұрған қыз-жігіттерді де көрген емеспіз. Егер көрген болсақ, сүйісудің көкесін көрсететін сияқтымыз. Динара екеуміз жинап алған тәтті алманың бүтінін бөліп, жартысын жарып жеп, қалғанын тең бөліп үйлерімізге алып кеттік. Бұл күні мен алманы тым көп жеп қойған сияқтымын, Үйге келгенімде, аузымнан қарасу төгіліп, езуімнен ақ көбік көпіршігенін көріп апам қойдың құйрық майын шыжғырып, зорлап екі қасық ішкізіп еді, дереу қалпыма келе қалдым.
– Алманы бірден тым көп жемеу керек, балам, бәлкім, аш құрсақта көбірек жеген шығарсың? – деді. Мен өзім тәуір болған соң Динараны уайымдадым. Ол қайтті екен? Соның арасынша, Динара өзі келе қалды. Оған апамның қойдың құйрық майын ішкізгенін сыбырлап айттым да, бір қасық май ішкіздім.
Нағашы атамның отбасы Жаутоғайда болған кезінде нағашы апам көкжөтел болып, қан түкіріп, қатты ауырды. Бақсы-балгерлерден де шипа болмады. Атам аққу атып әкеліп, соның өтімен емдеп жазып алды. Бұлан ағаның тоқалы Күлсімқан жеңеше қыз тауып, атын Күлай қойды.
– Ата, сіз аққуды текті, қасиетті, киелі құс, жолы қатты деуші едіңіз ғой, оны неге аттыңыз? – деп едім.
– «Керекке – терек жығылады» деген сөз бар, балам, аққудың өті табылмаса, апаңның өмірін сақтап қала алмайтын едік, – деді атам. Мен атама қоятын көп сұрақтарымды тежеп, құзғындатпадым да, ойланып қалдым. Аққудың киесіне жолықты ма? Оның жолы қатты болғандықтан ба? Атам аққуды атқаннан кейін келесі жалғыз ұлы Бұлан жүрек талмасынан қайтыс болды. Іле-шала Бұлан ағаның алғашқы алған әйелі Рысқан жеңеше дүниеден өтті. Нағашы апам өзінің күндесі Қаншайыммен өте тату, сырлас еді. Атамның тоқалы бәйбішесін апалап, алдынан қия өтпей сыйлайтын. Екеуінің әңгімесінен аққудың атылғаны – отбасыларын арт-артынан қаралы болуына себепкер екенін естіп қалдым.
– Құмалақ та әулие екен, Қаншайым, салған құмалағымның басы бес болып түсіп, немереміз Күлай дүниеге келді. Құмалақтың соңы, босағамызды үңірейтіп тұр еді, Бұлан мен Рысқанды арт-артынан ажал қағып кетті. Оңнан солға кез түспеген құмалақ жамандықты меңзеп тұрады. Үшінші қатар сегіз тас болса – отбасындағы сергелдеңді байқатады. Екі бірдей арысымыздан айрылудан артық отбасының сергелдеңі бола қоймас! – деп нағашы апам күйзеле күрсінген.
Менің сегіз жасымда, нағашы атамның отбасы Жаутоғайдан Күнес ауданының орталығы Бестөбе қалашығына көшіп келді. Жаутоғайда тілген ағаштарын істетіп, асты-үстін тақтайлап, әсемдеп, әрлеп төрт бөлмелі, шатырша төбелі үй салып алды. Соған кіріп, жаңа тірлік басталғандай болды.
Нағашы атам – мейірімді, балажан кісі. Бірақ баланы жаман әдеттен тыюға келгенде, қаталдығы басым болатын. Ол кісі Бестөбеден үй салып жатқанда, бір жұпыны киінген, таяққа таянып әрең жүрген ақсақ кісі атамның қасына келіп, бұйымтай шаруасын айтты да, көп аялдамай қайтып кетті. Сол кісі кете салысымен, мен де қолыма таяқ ұстап, ақсаңдап жүр едім, атам қасына шақырып алды да, оң жақ білегімнен шап беріп ұстай алды да, май құйрығымнан шапалақтың астына алды. Бақырып жылай бердім. Атамнан ащы етіме тұщы таяқ тигені – тұңғыш рет, осы ғана. Менің не жазығым бар екенін білмедім. Бақырған даусымды естіп, нағашы апам мен Динара келе қалды. Апам араға түсіп еді, кеудесінен құрыш балғадай жұдырығымен түйіп қалып атам апамды шалқасынан түсірді. Арашашыға алты таяқ болғанның кері келіп, апамның соққы жегеніне, менің шапалақ жегеніме Динараның үрейі ұшып, ол да жылап жіберді.
– Екінші рет кемтар, мүсәпір адамды кемсітіп, мазақ етесің бе, жоқ па?! – деп атам маған ақырғанда барып, ақсақ адамды мазақтаған кінәм есіме түсті.
– Ататай, мұнан былай кемтар адамды мазақтамаймын. Енді ұрмаңызшы, құйрығым ауырып кетті, – деп едім, атам босап, артынан бірталай ақылын айтып, қоя берген.
Мен де сөзімде тұрып, екінші жолы бір соқыр адам атама жолығып қайтқанда ол кісіні мазақтаудан бас тарттым. Егер атам мені алдыңғы жолы май құйрықтан шапалақтамағанда, соқыр адамды да мазақтауым сөзсіз еді.
Аудан қалашығына келкен соң, Жаутоғайдағы тәтті алма мен Динара көз алдымнан кетпей қойды. Түнде түсімнен, күндіз есімнен шықпады. Сағынышым арта түсті. Тіпті өзім танымал қаламгер болған кезімде де Динараны ұмытпай, «Тәтті алма» атты повесім жарық көріп, сәтті шықты.Қытай сыншыларының жоғары бағасын алды.
ҰЯДАН ҰЯҒА ҰШУ
Аудан орталығы Бестөбеден Құлжа қаласына үш аймақ төңкерісшілерінің жеңісін тойлауға сапарға шыққан атамдардан мен де қалмай бірге болдым. Тойға жол тартқандардың қалың жорғасы тасырлатып, таласып келеді. Басы тастай қатты бозжорғаның божысын ірке тартып, аяғынан өрлете қабырғалата бар пәрменімен шарт-шарт ұрды нағашы атам. Шақырған дауыс жоғары шықты. Ауыздығын баса қатты тістеген қара жорға кербез, әсем дағдысымен кекілін кейін лақтыра береді.Басын шалқайта изеп-изеп алып, безіп берді. Қақ жарылған қара нөпірдің арасынан жұлдыздай ағып өте шықты.
Біз қалаға ара қонып жетіп алдық. Ат иелері дабырласып сөйлеп, қуаныса әңгімелеседі. Үлкен, ұзын қанжардың қолға ұстайтын жері піл сүйегі қынабына түгел күміс шапқан, Капказ ұстасының шебер өрнегін танытатын қылыш ұстаған, жақын шекарадан келген қонақтар да бар екен. Совет одағының қызыл әскері толассыз төгіліп жатыпты Құджаға. Одақтан келген әскердің салтанаты қала тұрғындарына бірден байқалды. Алдыда бетінің қаны қашыңқы, мұртын құлағына жеткізе ширатқан әскербасы, оның соңында офицерді бастап, екі иығына екі кісі мінгендей, тұмсықты, қызылсары полковник келеді. Аса биік алаяқ атқа мінген, соңында жаяу әскерлер алаңға жиналып сап түзеді. Жүздері бозарған жерлік делегацияның адамдары мен қала тұрғындары оларға қарсы жүрді. Інжілде айтылған пайғамбарларға тән ашық, тәкаппар жүзді полковник қуатты қоңыр дауысымен тізгінін тарта ұстап, ат үстінде сөйлеп кетті. „Мағыналы, кісілікті сөйледі“, – десті үлкендер. Ол жаңа билікке бағынатынын ескертті. Үш аймақ төңкерісінің жеңіске жетіп, Шығыс Түркістан үкіметінің билігін берік сақтау үшін аянбайтынын айтып нандырды. Бұрынғы өмір салтын сақтап, үш аймақ төңкерісшілері қан кешіп жеңісті қолға келтіргенін жеріне жеткізе мақтады. Қысқа сөйлеуге әдеттенген полковник сөзін аяқтатып тағатын тауысты. Осындай қан кешкен төңкеріс мезгілінде тәртіпті қатал сақтауды ескертті. Тәртіп сақтамағандар оңбайтынын айтты да жүріп кетті. Оның соңынан офицерлер мен атқосшылары ерді. Жерліктер олармен осылай кездескендеріне аң-таң.
Нағашы атамның қасында отырған Әсет Найманбай мен қытай түрмесінде алты жыл отырып келген Таңжарық ақын қысқа-қысқа әңгімелесіп отырды. Патшаның орнына одақ отырғалы қилы әңгіме естіп, оның аңызға айналғанын білетін Әсет пен нағашы атам қиялдап қалды. Біреуі жер аударылып, тұтқындалғандарды, бірі атылғандарды ауызға алып, күңкілдесті. Полковниктің жартымды ештеңе айтпағанына ренжіді ме екен, бастарын шайқады. Біреулер ойларын айта алмай, көздері жыпылықтап, аңырып қалыпты. Арғы беттен қашып келген ақ орыс шіркеудегі поптың көзінен ұшқын шашып, қаны қашып, ол да ойына келгенін айта алмай отырған сияқты.
– Түбінде тағы біздің қанымызды сүліктей соратындар осылар! Өздері мазасыз адамдар басқаларға тыныштық бермейді. Адамдарды заң мен нұсқау, жарлықпен матап тастайды. Жаңа адамдарға жаңа міндет артады. Қол-аяғын шырмайды. Бірақ ата мұрасын сақтауды ойлайтындар баяғы ескі салтынан айнымайды. Жиын-той, өлім-жітім басқаруда әдет-салтын баяғыдай басқаруға құлықтанады, – деп еді шіркеудегі поп.
– Ал жатжұрттықтар алып келген дағды – өсекке ғана арқау. Мұндағы халық әлмисақтан бергі жосыннан өзгерген жоқ, – деп оның қасындағы ноғай молда қақырынып қойды да:
– Арғы беттегілер ше? Ескі ұғым, ескі құндылықтар жаңамен қара таласып, кім, кімді жеңеді дегендей қосанжарлайды. Бұл ескі мен жаңаның жентектеліп қоспаға айналғаны емес пе? Бірақ арғы бетте қала мен даланың сыртқы көрінісі тез өзгеріп бара жатыпты. Сөздерінің төркініне қарағанда, Совет одағынан түңіліп тұр екенсіңдер, – деді попқа. Бұл екеуі де аласапыран жылдардағы арғы беттен қашып келгендер екенін атам Әсет пен Таңжарыққа сыбырлап айтты.
– Бұлар 1916 жылы Қарқарадан көтерілген босқын көшпен қарайлас келгендер. Бұлардың ой-пікірлері, сөздері төркіндес, – деді.
– Қызыл орыстар нағып бізді қолпаштай қалды? Жүрегінде жарасы бар аз санды ұлт төңкерісшілерін жабайы санап, әскери тәртібі жоқ, желікпелер деп отыр ма олар? Жерлік халықтардың арасында айбынды әскери машиналар өздеріне бейтаныстау ызғарлы суық қарулар алып өтіп жатыр ғой? – деп еді атам.
– Қазан төңкерісі кезінде арғы беттен қашып келген ақ орыс поп пен ноғай молданың қосыла жамандағаны тегін емес, – деді Әсет ақын.
Шинжаң өлкелік гоминдаң үкіметі билік басында тұрған кезде, орталығы Үрімжіні сақтап қалу үшін жанталасып жатыпты. Бұл тұста Құлжадағы Шығыс Түркістан үкіметінің қолбасшылық штаб – генерал штабы делініпті де, онда 246 адам істеп жатыпты. Бас қолбасшысы генарал лейтенант Сқақбек Маниов болыпты. Оның орынбасары генарал майор Дәлелхан Сүгірбаев белгіленіпті. Оны мен үлкендердің өзара әңгімесінен ұқтым.
– Үш аймақ төңкерісі жеңіске жете бастағалы билік басына Совет одағынан келген қызылдар шыға бастады. Бұлардың билікке таласуында нендей бір бөтен ой жоқ па? – деп қалды ақын Таңжарық.
– Айтқаныңның жаны бар, – деді Әсет.
Үш аймақ төңкерісі басталғанда, нағашы әкемнің ағасы Сқақ деген кісінің баласы Алиясқар мен атамның әкесінің ағасы Мәйпілдің баласы Ажыбек екеуі әскерге бірге алынған екен. Алиясқар аға гимназия оқыған, аузы епті, аяғы желді пысық жігіт еді. Ажыбек аға қара таныған ғана хат сауаты бар, қой аузынан шөп алмас момын, біртоға жігіт болатын. Бірақ қаражон қара күштің иесі, алып денелі, қажымас қайсар жан. Соғыста жұмсаған жаққа бас тартпай жүгіретін, тапсырған міндетті тапжылмай орындайтын бірбеткейлігі басым болыпты. Майданда бірнеше рет ерлік көрсетіп, алтын орден алыпты. Ал Алиясқар аға айлалы пысықтығымен, сарынды сауаттылығымен әскери шен алып, офицер дәрежесіне дейін көтеріліпті. Мен нағашы атаммен бірге Құлжа қаласындағы үш аймақ төңкерісінің жеңісін тойлау мерекесіне барғанымызда Алиясқар аға бізбен бір кеш бірге болды. Біздің Жаутоғайдағы көршіміз Сәлім ноғай да Құлжадағы туысының үйіне келіпті. Оның туысымен нағашы атамның да тамыр-таныстығы бар екен. Құлжаға барған күні кеште, атаммен бірге барған ақын, әнші Әсет Найманбай мен Ақын Таңжарық Жолдыұлы бәрімізді Сәлімнің туысы қонаққа шақырды. Сол кештегі үлкендердің әңгімесінің түйіні – үш аймақ төңкерісінің барысы, қазіргі жеңісті тойлаудың мақсаты, төңкерістік үкіметтің кейінгі тағдыры жайлы өрбіді.
– Төңкерісті бастаған қос жұлдыздың бірі Сейіт батырдың қазасы қандай жағдайда болды? Сен онымен майданда бірге болдың ғой, – деді Әсет ақын Алиясқар ағаға.
– Майданда жеңіске жеткен қуаныш – қас-қағымда қасіретке айналады екен Әсет аға. Құлжаны алуда төңкерісшілердің тағдыры қыл үстінде тұрды. Жаудың бекінісі мықты. Қабат-қабат потай қазып алған. Құм салынған дағардан қорған тұрғызған. Жер астына кеулеп кіретін жол салып алыпты. Көтерілісшілердің негізгі күші бас штаб Құлжаға келгенінен хабар тапқан жау, бұрын азат болған Нылқы ауданының қалашығын қайта басып алды. Жерлік халықтың малын, астығын талап, әйелдердің намысына тиіп, бір үкірдай қалмақтың басын кесіп алып, көшенің қақ ортасына биік қада орнатыпты да, басты соған іліп қойыпты. «Бұл бас Әкпар батырларыңның басы, кімде кім бүлікшілерге ілессе, осы күнді көреді» деп биіктегі керме туға бадырайтып қара сиямен жазып қойыпты, – деді Алиясқар аға.
– Оған жерлік халық сене қойды ма екен? – деп Әсет тістеніп, басын шайқады. Үлкендердің сөзін естіп отырып, мен де тістенгенім әлі есімде.
– Жерлік халық жауға сенбепті. Әкбардың майданда ерлік көрсеткені, жаудың соғыс айырпыланын атып түсіргенін көзімен көрді емес пе халық? Ал Құлжадағы Айранбаққа бекінген жаудың қолында кепілдікке ұстаған қырықтан аса партизан бар еді, менің туысым Ажыбек солардың бірі болатын. Нылқыдағы Ластай, Басілген соғысында көзге түсіп батыр атағын алған. Өздеріне қатер төне бастағанын сезген жау қолды болған партизандарды түгелдей қырып тастапты. Тірідей құлақ-мұрнын кесіп алып, қуырып жепті, – деген. Алиясқар ағаның соңғы сөзін естігенімде, жүрегім зырқ ете түсіп, өзімді ұстай алмай қалшылдап кетіппін. Нағашы әкем соны сезе қойып:
– Қорықпа, балам, осындай қантөгіс болмаса, бүгінгі күні төңкерістің жеңісін тойлай алмас едік, – деп мені құшақтап бетімнен сүйді. Алиясқар аға алдыңғы сөзін жалғастыра берді.
– Сол сұмдықты көзімен көріп, ебін тауып қашып шыққан Ажыбек бауырым. Айранбаққа бекінген жаудың ішкі жағдайын партизан басшылары содан ұқты. 1944 жылдың қараша айының тоғызыншы жұлдызы төңкерістік қосынның Сейіт батыр бастаған қосын Тұрпанжүзді қолға келтіріп, жауды қарусыздандырды. Алтыншы қарашада Қайнам батырдың бастауындағы партизандармен Ноғайкөртте бас қосты. Татар Ғылажден байдың ауласында Айранбақтағы бекінген жауды қалай алу жайлы төңкеріс жетекшілерінің жиналысы өтіп жатқан. Үрімжі жақтан Абыралы тауын асып келген екі әскери ұшақтан қалаға бомба тастап, партизандар ауыр шығынға ұшырады. Сол күні шайқас үстінде Александрдың бастауындағы Кеңсай партизаны келе қалып, қала халқы да аттанысқа келіп, көтерілісшілерге дем берді. Қалада дүкендер жабылып, тұрғындар үйлерінен шықпай бекінді. Көшелерде тірі жан жоқ. Қытай тұрғындары тіпті үрейлі. Зеңбіректің гүрілі, жарылған бомбалардың ащы даусы құлақ тұндырады. Партизандардың алдын Сейіт батыр өзі бастады. Аэрапорт қақпасына қарай бет алдық. Өлім мен өмір жанталасып, жекпе-жекке шыққандай. Жаудың бекінісі құпия. Оңай алғызатын емес. Соғыс дегенің адамды зұлымдыққа кәніктіреді екен. Етіміз қан төгуге үйреніп қалды. Адамды өлтіру оңай болғанымен, сезімді өлтіру қиын болды. Жүрек түкпірінде ұйықтап жатқан жауыздық сезімді соғыс оятты. Жауынгерлер арасындағы достық сезімдер тегінен ояу болғанымен, өмір бір басқа, шындық бір басқа екен. Етжүректі адамбыз ғой, бәріміздің көңіл түкпіріндегі қалтарыста үрей бұғынып жатады. Оны бірімізге біріміз сездірмейміз. «Бұрынғылар соғысқа аттанғанда, жаназаларын шығартып аттанады дейді. Біз олай істемедік, кім біледі алдымыздағы қара қақпадан тірі шығамыз ба? Өлі шығамыз ба?» – дейді қасымдағы жауынгер серігім. Осы жолы Айранбаққа бекінген жаудың ұясын бұзуда ерекше ерлік көрсеткен Сейіттің тізесін пулеметтің оғы талқандап, өміріне қауіп төнді. Емдеу нәтиже бермей, Сейіт басшымыз көз жұмды. Көтерілісшілер көз жасымызды тия алмадық, – деп Алиясқар аға да көзіне жас алды. Атам да, Әсет пен Таңжарық та, Сәлім ноғай мен үй иелері де тұнжырасып қалды. Мен соғыс дегеннің қандай болатынын көзім көрмесе де, Алиясқар ағаның айтқандарынан тұңғыш рет ұғындым. Жауға да тұңғыш рет кектендім.
– Партизандардың бас штабының жетекшісі қалай жаңаланды алғашында? – деді Әсет Алиясқар ағаға.
– Көтерілістің қос жұлдызынан айрылған соң, төбемізге жасын түскендей болғанбыз. Екеуінің қазасы жауынгердердің жан жарасын асқындырды. Іле көтерілісінің алғашқы көсемдері, екі бірдей есіл азаматы бастаған, талай сарбаздардан айрылдық. Солардың қанымен боялған қала мен дала зеңбірек пен бомбаның дауысына тұншығып есеңгіреген қала-дала енді ұйқыға басқандай болды. Айналасы қалың орман, малта тастармен көмкерілген дария жағасында жауынгерлерге арналған киіз үйлер тігіліпті. Мақпал түндерде мал сойылып, жерошақ басында лапылдап от лаулады. Партизандардың бас штабы жаңаланып, бастығына Адихан төре сайланды. Орынбасары Божа дейтін мұңғыл болды.
– Қытай шеріктері қазақ ауылдарын жаулап алғандағы жауыздықтарын айтшы, Алиясқар балам, оны естігенде төбе құйқаң шымырлайды! – деді атам.
– Партизандардың бас штабы жаңаланған кезде, Құлжа қаласына кіретін жолдар жабылып, қатынас үзіліп қалды. Ашалы, Көгіршін, Бураасу, Ерменті асуларынан асып келе жатқан қытай әскерлеріне ұрымтал жерден тосып тұрып шабуыл жасап, тырп еткізбей қырып салдық. Қару-жарақ, олжа мол түсті. Жау әскерінің талайы қолды болды. Олардың арасында әйелдер де бар екен. Біздің сарбаздар қытай әскерінің жауыздығын оларға істетпеді. Төңкеріс жетекшісі марқом Акбар батырдың сарбаздарға айтқан өсиетіне адалдық етті. Ал қытай әскерлер ауылдарды басып алғандағы жауыздығына жаның шошиды. Жазықсыз сәбиді найзаның ұшына іліп шырқыратыпты. Қыз-келіншектерді ата-анасының көзінше зорлап, тыржалаңаштап ағашқа таңып кетіпті. Қарттардың тілін кесіп, көзін ойып, айтуға ауыз бармайтын сұмдық жауыздықтар жасапты, – деп еді Алиясқар аға.
– Қытайлар Оспан батырдың ауылын шапқандағы жантүршігерлік қылықтарын айтсаңшы! – деп Әсет ақын тісін қайрады. – Кім өзінің құмалағын төрттен түспесін дейді? Кім кісі қолына қарағысы келеді? Жиырма жылдың алдында Ресейден Қытайға қашып келгенбіз. Мұнда қала сағалап та көрдік. Орыстан қашып келген орыс поппен де сырласып көрдім. Қызылдарға қырын қарайтын сол поптың да, олар соңынан қуа келгенде, жүрегі зырқ ете түсіпті. Біз де үрейленіп қалдық әрине… Олар тегін келмеді, Іледегі қытай билігіне қарсы төңкеріс дүмпуі біліне салып, қару көтеріп жетті. Сөйтіп қызыл әскер төңкеріс отын онан арман лаулатты, – деп Әсет сөзінің соңын іркіп қалды.
– 1944 жылы жетінші қарашада Құлжа қаласы жау қолынан алынған соң, бір жетіге жетпей қалада төңкерістік үкімет құрылды. Бастығына өзбек ұлтынан Алихан төре сайланып, оның үш мыңға жуық әскері болды. Бұл кезде Алтай аймағының Көктоғай көтерілісіне 1942 жылдан бері ұйтқы болған Оспан батыр Шыңшысайдың үш полк әскерімен қаша жүріп соғысып, бір жарым жыл дес бермеді. 1943 жылы қыста Манғолиядан әскери ұшақ алып, Шыңшысайдың сол кездегі соғыс базасы болған Шағаиргені бомбылап күйретті. Бірақ жаудың қоршауында қалған Төктоғай қалашығының жағдайы аса мүшкіл еді. Шақабай Сүлейменнің қатын-баласын қытайлар түгел қырып тастады. Оспан батырдың баласын шешесінің көзінше тірідей құдыққа тастайды. Бойжеткен қызы Қабила мен 14 жастағы ұлын тірідей бір жапырақтан турайды. Әйелі Мамей өзін өзенге атады. Бұл сұмдықты естіген төңкерісшілердің қаны қайнайды. Ендігі беталыс Үрімжі жақтан келетін жаудың бетін қайтару еді. Сауан, Сәндіқозы, Шиқаңзы, Манас, Шиқу, Жың қатарлы аудан, қалашық, Жоңғар аңғарындағы жайлау елі жау қолында тұрды, – деді Алиясқар аға.
– Сол тұста өлкелік қытай үкіметі не істей алды? – деп Әсет ақын арада сұрап қалды.
– Өлкелік қытай үкіміті, әскери район, заң орындары аттанысқа келіп, үш аймақтағы төңкерісшілерге азуын басты. Партизан жетекшілері батырларды ішке алып, жиналыс ашып ақылдасты. Жау мұздай қаруланған, ел ортасынан ауаша. Іле өңіріндегі аудан, қалашықтарды алудың, жауды қалай жеңудің тәсілдері ойластырылды. Тау шатқалдарына бекінген жау оңай алғызбайды. Әскерлері тәрбие көрген. Кепілдікке алынған тұтқын қарақтарды зорлап жол бастатыпты. Ал Қалибек, Такмандар өздері жол бастап, жер жадысын білетін, қия беттен аңдып басатын атқа мінген партизандардың қарасы ұзақтан қарағанда, айдаһар жыландай ирелеңдеп, тар қысаңнан өте қалғанда жау окаптарына жақындадық. Олар таңғы шырт ұйқыда екен. Жарым күш үнсіз өте шығып, қайта тап беру, бұлтартпай қос бүйірден түйреу сияқты далалық соғыс тәсілдерін қолдануды ойластырдық. Партизандар Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар мен қызайдың ру басыларының атын атап ұрандады. Мылқау түнге тіл біткендей болып, айғай-шу асқақтады. Партизандар жауды ат-көліктен ажыратып жаяу қалдырды. Жаудың қару-жарақ, азық-түлік қамбасын иеледік. Осындай соғыс тактикасын қолданған сарбаздар алған бетінен қайтпады. Осы кезде жаудың сыртқы күші оқ жаудырып, зеңбіректің зіркілі тоғайды сілкіндіріп, жартасты жаңғырықтырды. Баудай түскен өліктерден мінген атымыз сүрінді. Қиян-кескі арпалыс үстінде қылыштасып, құлаған адамдар екі жақтан да аз болмады. Жаумен жанталаса арбасып қалдық. Жауды алу қиынға соқты. Әуелі атты сарбаздар шабуылға өтіп, бір бүйірден артқы шептегілер лап қойды. Жау жақтың да атты әскері шабуылға өтті. Жаудың қаншасы жойылды? Қаншасы тірі? Мәлімсіз. Снарядтар қара жерді қауып, орман өртеніп, қызыл жалын жалмаң қақты.
– Ойпыр-ай, соғыс деген осындай сүркейліме еді?! – деп Сәлім ноғай тамсанды.
– Сүркейлі болмаса, соғыстың мәнісі болмайды ғой, жеңіс, жеңіліс деген соғыспен біте қайнасқан.
– Соғыста қанға қанмен жауап береді емес пе? – десті үй иелері. Соғыс дегеннің қандай болатыны менің көкейіме қона бастады. Бұл кезде мен үшінші сынып оқып жүргенмін. Нағашы әкем мені бірінші сыныпқа жетектеп апарып, Акбар деген мұғалімнің қолына сегіз жасымда тапсырған болатын. Бірінші сыныптың балалары тым көп екен, екінші сыныптың жетекшісі – Зейнеп дейтін әйел. Шешектен қалған бетінің шыбары бар, ұстамды, салмақты мұғалім еді. Оның күйеуі Молдан мектептің директоры міндетін атқарып тұрыпты. Зейнептің сыныбында оқушы аз болғандықтан, екінші маусымда бірінші сыныптағы озат оқып жатқан 10 баланы екінші сыныпқа жіберді. Мен сол 10 баланың бірі едім. Мектепке барғанша атамнан мыңға дейінгі сан, арабша әріптерді үйреніп, бірнеше құран сүрелерін жатқа біліп барғанмын, соның себі тиді ме, әйтеуір бір жылда бірінші мен екінші сыныпты озат тауыстым. Атам менің екінші сыныпты бітіргенде алған көрсеткішіме көз жүгіртіп:
– Балам, сен енді кішкене ұядан үлкен ұяға ұштың, отбасы тәрбиесі, мектеп тәрбиесі, қоғамдық тәрбие дейтін үш түрлі тәрбие ұясы болады. Мектепке барғанша отбасы ұяңда тәрбие алдың. Енді мектеп табалдырығын аттап, үлкен ұяның тәрбиесін ала бастадың. Сенің ұғымталдығың, зеректігің көрсеткішіңнен көрініп тұр. Бұл сенің де, отбасыңның да қуанышы. Илайһам тәңір қолдап, жаңа ұяңның тәрбиесі жұғымды болсын саған! Омиын Алауһакбар! – деп атам батасын беріп, маңдайымнан сүйген. Ал қоғамдық тәрбие деген не екен десем, үш аймақ төңкерісіне қатынасқан Аиясқар ағамның қан майданда көрген-білгенін айтқанда барып, осының өзі – қоғамдық тәрбие екенін сезіндім. Алиясқар ағаның әңгімесіне құдақ салайық.
– Соғыста өжеттік пен жалтақтық, батырлық пен қорқақтықтың парқы осындай қан кешкен шайқаста парықталатын сияқты. Маған қарағанда Ажыбек інім, әдетте жуас көрінгенімен, қан майданда өжеттігімен батыр атағын алды. Бір күні біз ұлы сәскеде жаудың бетін қайтарып едік, жаудың тірі қалғандары тым-тырақай қашты. Бір офицер отызшақты әскерімен бас иіп, ақ ту көтерді. Жиырма түйеге артқан азық-түлік, оқ-дәрі, қару-жарақ олжаладық. Тау басына бекінген жау алынған соң, іле-шала Үрімжі, Манас жақтан келген екі полк жау әскері Жоңғар жазығында үш тәулік соғысты. Осы мезгілде Толы ауданының партизандары ұйымдастырылып, Байынқолындағы соғыста жаудың сағын сындырды. Өзі оққа ұшқан Байжеке батырдың қолындағы сарбаздарын түйін еткен Тарбағатай алтыншы атты полк құрылыпты. Полк командирі одақтан келген Қайса Дүйсенбаев басшыық еткен әскер Іле партизандарымен тізе қосты. Бұраталадан Тоқты Алиев бастаған ұйғыр партизандары үлгіріп жетті. Үш жақтан жасалған шабуыл жауды тізе бүктіріп, 15 әскери мащина, қару-жарақ олжа түсті. Соғыста жаны қалған жау шеріктері Қалибектің бұйрығымен өртеліп жойылды.
– Қалибек жаудың жауыздығына ашынған болды да? – деді Сәлім ноғай.
– Соғыс адамға қатыгездікті де үйретеді ғой.
– Онсыз да жау жақтан қолды болғандар жетерлік болған соң, оларды дер кезінде басқаруға тура келді, – деп Алиясқар аға әңгімесін жалғастырды. «Сауап болыпты!..» – дедім мен ішімнен.
– Өз ерлігін өзі мақтап, өтірікті суқитатындарды Ажыбек жақтырмайды. Сұрапыл соғыста негізінен жүрек жұтқандардың жаны қалады екен. «Бұл соғыс маған не тарту етті? Мен тірі қалмаспын…» десе, ажалынан бұрын өлетін сияқты, – деді Алиясқар аға.
– Бұрынғылар ылғи ескі заманның жабайы қаруымен соғысатын. Басына дулыға, үстіне сауыт киіп, садақ асынатын. Алайда қылыш, найзамен соғысқанға не жетсін! Айызың қанады, шіркін! Қалада атты әскердің мәні жоқ. Құлжаны алғанда аттарымыз далада қалды. Мотоцикл, автомобил аттың орнын басты. Адамнан гөрі қарудың рөлі жоғары болды, – деп, Алиясқар аға тамағын қырнап қақырынып қойды.
– Аттың көзін жою – қазақтың көзін жоюмен бірдей! – деді нағашы әкем.
– Шепті бұзып өту – шынайы ерлік болды. Ондайлар ұлттық намыстың не екенін біледі. Арғы беттен келген әскерлердің әр нәрседен хабары бар екен. Атқыш пулеметшілер, зеңбірек ататындардың бар екенін білдік. Басқасында неміз бар, біздің жауларымыздың бетін қайтаруға себі тисе болды дестік. Құлжадағы жауды жойып, қала тынышталғаннан кейін, тұрғындар соғыс жайлы, елге тараған сүзек, безгек, оба аурулары жайлі ойларын айтысып, оның белгілері әңгімелеріне арқау болды. Оба ауруының белгісі – көз қызарады, ерінге ұшық шығады, шап бездері шодыраяды, бас ауырып, қатты шөлдейді, дамылсыз запыран құсады, көкбауыр үлкейеді, шажырқай бездері қабынады, іш өтеді, ұйқылы-ояу сандырақтайды, шабы қанталап ісіп, теңбіл дақтар пайда болады екен. Елді алаңдатқан уайым-күдік сол болды, – деді Алиясқар аға. Атам бұл аурудан сақтанудың амалдарына тоқталды.
– Бұл аурудың жұғымталдығы қандай болады ? – деп сұрақ қойды Сәлім.
– Бұл ауру – өте жұғымтал. Ол басында бүргеден жұққаны анықталған. Егеуқұйрықтан да микробы тарайды екен. Оның бактериялық өсуін су тежейтін сияқты. Ұлы табиғат пен адамдардағы өзгерістің бәрі – сәттілік пен жамандықтың тайталасы, – деп жауап берді атам.
– Сіз безгек ауруын жібекті түйіп отырып дем салып дұға оқып жазғаныңызды көзім көрген. Ал оба ауруын дұға оқып жазуға бола ма? – деп еді Сәлім, атам:
– Мен биыл 61 жастамын, оба ауруы 40 жылдың алдында тараған біздің елге. Ол кезде мен жиырмадағы бозбаламын. Семейдегі медресеге жаңа түскенмін. Обамен ауырған адамды дұға оқып жазған адамды білмедім. Бұл дертке қарсы бүкіл дүние халқы алаңдап, атақты оқымысты дәрігердер тік тұрған. Бұл аурудың микробы 40 жыл өмір сүретінін айтады дәрігер мамандар, – деді атам.
– Молда мен емшілер, дәрігерлер отаса алмай жататын жайттер бар ғой, сіз әсіресе дәрігермен келісесіз бе? – деп Әсет ақын атамның ойын ұққысы келді.
– Дәрігерді мойындамау – ғылымды мойындамағандық, ол шала молданың ісі. «Шала молда дін бұзар» деген сөз тегін айтылмаған. Ислам діні тараған Араб елінде дәрігер жоқ па? Олар ғылыммен шұғылданбай ма? «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп ұлы ақынымыз неге өлеңдетті? Мен араб тілін жеттік білемін. Медреседен төрт жыл оқып, дінтану білімін алғанмын. Құран аяттарында ғылымды теріске шығармайды. Менің молдалығым болса да, білім алуға, өнер үйренуге қарсы емеспін, – деп еді атам. Әсет басын изеп атамның сөзіне қанағаттанғандай бейне байқатты.
– Қытайдың шеңгеліндегі қазақ жері өзгеше сырлы, мұнарлы күй шерткен сияқты еді, өскен елдің өмір тарихын көз алдыға келтіреді. Қатпарлы таулар, боз далалар, созыла аққан ақ жал өзендер де – өмірдің өзгеше белестері сияқты сезіледі маған. Әр өңірге аялдап қарасаң, өткен нелер ыстық қуанышты да, қызықты шақты да еске салады. Жазылып қалған жаралар тыртығы жаңғырады да, ұмыт болып бара жатқан оқиғалар, ел басына түскен қиын күндер жосыла шұбырады. Өмірдің оқшау желісі үзіліп, қалтарыстағы тіршілікті баян еткендей арғы заманның оқиғалары бүгінгі нәсілге жұмбақ тәрізденіп, үнсіз мүлгіп қатып тұрған меңіреу дүниелер сияқтанады. Беймезгіл заманның тылсымы буып тастаған сол беймезгіл заманның мелшиген дүниелері оянып келе жатқандай сезіледі маған. Үш аймақ төңкерісі соның куәсы сияқты, – деп Таңжарық ақын ауыр күрсінді. – Түрменің жағдайын менің «Түрме қалы» дастанымнан хабар таптыңыздар ғой, тағы айта жатармын. Әуелі Алиясқар бауырымыздан қан кешкен төңкерістің қал-жағдайын толық ұғайық. Бастарынан не өтті соны білейік, – деді. Алиясқар аға майданға қатысты әңгімені жалғастырды.
– Төңкеріс жеңіске бет алып жатқан мезгіл. Портинкедегі бекінген жау тізе бүгіп, ақ ту көтерген соң, әскер саны арғы беттен де келіп қосылып, молая түсті. Жорықтағылар бір дивизиядан асты. Сауан, Сандықозыға қарай жер қайысып жазықта келе жатқан төңкерісшілерді көріп, қытай шеріктері екі әскери ұшақпен бомба тастады. Пулеметтың астына алды. Қазықан полкінің мергендері жау ұшағының екеуін атып түсірді. Біреуі Манас өзеніне құлады. Сауан, Сандықозыдағы жау әскері сасқанынан Манасқа қарай қашты. Өздігінен қолға түскен бұл екі ауданның қалашығын біздің партизандар басып алды. Бір тәуліктен кейін Манас жақтан жаудың жеті мыңдай әскері қайта шабуылдады. Бұл кезде Қазықан полкінің атағы жер жарды. Пулемет, автоматпен, минаметпен қаруланған жаудың өлігі төбе боп үйіліп қалды. Манас пен Сауан аралығы қан сасыды. Бас қомандан Қайса, генарал Малинов Қазықанға батыр атағын беруді жариялады. Ажыбек бастаған 17 жауынгер тау бөктерлеп, Манас пен Құтыби аралығында барлау алып барды. Оларға алты-жеті ат жеккен арбасы бар жаудың екі жүздей жаяу әскері кезігіп қалады. Атты қазақ әскерлері оларды ұйпап салады. Жиырмадай әскер, бір офицер қолға түседі. Осы жеңістен кейін одақтан келген қырықтан аса әскерді взвод, ротаға бөліп, әскери тәртіпті күшейтеді. Еренқабырғаға Қызылөзен, Портинка, Алусын, Сауан, Тасырқай, Балуқай, Шихаңзы сияқты аудан қалашықтары мен Үрімжі аралығында сапырылысып, атты, жаяу, арба, автомобилмен жосыған жаудың қарасы өшпеді. 1945 жылы мамырдың орта шенінде, Қызылөзен көтерілісінің бір жылдығы тойланып, Манас өзенінің жағасына Шығыс Түркістан үкіметінің төрағасы Ахметжан Қасыми, әскери қолбасшы генарал лейтенант Сқақбек Момиев бастаған төңкеріс жетекшілері мен атағы шыққан батырлар бір үйде күтілді.
– Өзің солармен бірге болдың ба? – деп еді Сәлім.
– Иә, мен солармен бірге болғанмын, сегіз қанат ақ үйдің есігі өзен жаққа қарап ашық тұр. Сыдырғы салып өрнектеген қызыл жосалы керегеге кілем ұсталған. Жүкке арқаларын сүйеп, өңкей қасқа мен жайсаңдар отыр. Жалтыраған үлкен сары самаурын дастарқан қасына жақын орнапты. Биік бойлы, сусар бөрікті, қаба қоңыр сақалдының қасындағы жалпақ жауырынды, қалың бурыл сақалды адам келгендердің жүздеріне байқамай қарап, сырт киім, бас киімдерін алып, арқаларына құс жастық қойылыпты. Қымбат қара ламбоктан тірсек жең камзол киген, омырауына алтын баулы сағат салған кісі шалқалап отыр. Қаланың төресі мен қарасы, шоңы мен шорасына таңдай қағып, шұлғып қалған түгел. Сөзі тілі мен ернінің ұшында дегендей төгіліп, лыпып-тұрған шешен кісі дастарқан басындағы жұртты жадыратып, мәз қып отыр. Арғы-бергіні әп-сәтте сапырып тастады. Оның толық жүзді, кең маңдай, кесек бітімін төрден төмен отырғандар таңырқай қарап қойып, шайға шаңырқай араласты. Үлкен сары самаурынды тоңқаңдата олақ құйып отырған толық етті, тапақтақ әйел қозғалақтап қойып, қатты таңырқап толқып отыр. Бәріміз төрдің төбесіндегілердің аузына қарадық, – деп бір тоқтады Алиясқар аға.
– Қайғыға түскен қайран ер, қабағы ашылар күн туар ма екен, Әсет аға?! Қырымға көз тастаған қыран едіңіз, алысты болжаушы едіңіз… Саңлау көрмеген кеудеге нұр төгуші едіңіз!.. Елге жарық сәуле беретінсіз, – деп Таңжарық ақын Әсет Найманбайдың қасына домбырасын өңгере барып сырғып отырды. Соны сөздердің орайын тауып, қайрағысы келгендей. Сөздің қасиеті мен қазынасы Тәкеңнің өзінде екенін байқатты.
– Мен арғы беттен босқын болып алғаш келгенімде, алдымнан шығып, атымды ұстап, қол қусырып сәлем берген бала едің Таңжарық. Мұныңды ұмытқамын жоқ. Артымнан еріп жолымды қуған шакіртім сияқты болып едің. Алты жыл түрме азабын тартып, түрменің ащы шындығын құйындай соғып, өлеңдетіп жазып, даңғыл шауып отырсың. Елге пана, еске дана ақыл да болдың. Өзгеден дара оздың. Еліңді сарғайтып сағындырып едің. Сергек, сезгіш, көреген болдың. Ақын тек қасіретке тумай, шаттыққа, барлық тірлікке ту көтеру, қайғыны шерте бермеу – жөн-ақ! Бірақ кейде заман оған жол бермейді. Біреу туып жатса, біреу өмірден озады. Халық, қауым өз жолын таңдап жүреді. Жеке адам заманға тұтқа бола алмайды. Заман оңашалып қалар бәлкім. Үш аймақ төңкерісінің жеңісі тойланып жатыр. Шөгіп егіле бермей ширап, еңсе көтеру керек қой, зорлықпен жымиятын адамдар да болады, – деп еді Әсет, Таңжарық домбырасын жүкке сүйеп қойып:
– Ақ патшаны тағынан тайдырып, шаңырағын ортасына түсіріп, тағына қызылдар отырғанда, ел қайтіп еді? Әсет аға, соны айтыңызшы! – деді Таңжарық.
– Қызылдардың жеңісіне қуанғанынан ел-жұрт жарылып қала жаздаған арғы беттегі қазақтар одақ шаңырақ көтергенде. Бұл кезде қала ортасында ат жеккен арбалылар қаптаған. Тегінде Алматы қаласында сәлде ораған молда, шәкірт, сарала қылыш асынған жандарм көп болған екен. Ноғай, тараншы, халфелер еді олар. Түлкі тұмақ, манат ішіктерін мақтана киіп, шіреніп шығатын орыс, ноғай байлары мен тараншы, қазақ саудагерлері болған. Қол жаятын жүдеу жүзді қайыршылар да баршылық еді. Жеміс-жидегі мол қала болса, неше алуан халықтан шыққан қайыршы да солардан болатын. Олар да қызылдардың таққа отырғанына тамсанып, таңдайларын қағып, «енді жетісеміз, бұл дүниенің жәннатының есігі айқара ашылатын болды» дескен.
– Кейін қалай болды сонда?
– Кейін қандай болушы еді? Елдің қуанышы қайғыға ұласты. Жеңістің шарабына мастанған жұрт Алматыны басына көтеріп масайраған болатын. Шанамен қаланы шиырлап шапқылады. Көңілді жерлерді кеш кезінде ашық аспанның қақ жарымын зор кеудесімен алып тұрған қалың қарлы Алатауда адам қиялын сиқырлы күшімен тартқандай боп, тым ғажайып баурады. Қаланың бақшасы мен жеміс дүниесі ерекше молдығын тамашаласты. Аспанға шырқай бой созған алып ақ қайыңдар, балғын балауса емендер алып Алатауға еліктегендей болды. Сұмдық жер сілкінуден соң тұтас егілген ағаштар Алматының орманды көшесі де, Алатаудың қойын-қойнауы, құз-қарағайы ұрлыққа ебдейлі еді. Таудың қиясындағы қалың шыршаға бар да кіріп кет, қандай тамаша! Өңшең қойтас, ұры тас, қызыл тас, қиын жықпыл жерінің өзінде сүрі қары сіресіп жатып, көбік қармен жамылады. Желіскер жорға да емес, күнде арба-шанаға жегіліп жүрген, сұлы мен кебекке тойып, көбең семірген шаруаның мәстегі, жабайы тұғырлары барбаңдап шауып, жүндес денелері иелеріне тартқан, қимылы да масаңдау сияқты. Осындай оқта-текте өтетін қимылдарда ішкен, қызған жандар көшеге симай сіресіп, сықырлап, маңайларына қар боратып, жел соқтырып өтіп бара жатқан шаналар қаншама! Кейбіреуіне доға жал, ұзын сирақ, қылсағақтар жегілген. Шаншылған құлақ, келте құйрықтарда кербез бітім бар. Ағылшын желістілері қазақ малынан шыққан, әсем көсілген торы, бозқара жорға да қар боратады. Орыс тұқымды желіскерлерден кем соқса, жер соқсын! Үзеңгі қағыстырып, бездіртіп жүргендер де бірталай. Қылаң мен баран қара таласып, бірін-бірі жібермей өкшелеп барады. Қызылдардың жеңісін қара халық осылай тойлаған еді.
– Кейін не болды?
– Кейін ішкі Ресейден жерсіз қалғандар мекен іздеп, қазақ жеріне қоныс аударған, еңбек ететін кәсіп қуған халық қара шаруа келді. Құла тауда, құмды далада қалған қалың жұрт ауыл-аймағымен қазақ жеріне шұбырды. Біреуі тойып секірсе, біреуі тоңып секірді. Көшелер тұнжырап, меңіреу күйге түсті. Көше-алаң қараңғылыққа бөленсе, қалың жиын түні бойы тарамайтын болды. Байлар сүргінге айдалды. Алашшылдар атылды. Босқындар тұс-тұсқа жосыды. Сөйтіп қалың қазақ жер жүзіне тарыдай шашылды… – деп күрсінді Әсет ақын.
Мен үлкендердің сөзінің түп-төркінін жете түсініп, терең үңіле алмасам да, үш аймақ төңкерісінің неге басталғанын, қан майданда жауынгерлердің қандай күйде болғанын, қайткенде төңкеріс жеңіске жеткенін, Шығыс Түркістан үкіметі не үшін шаңырақ көтергенін, қызыл орыстар үш аймақ төңкерісін неліктен қолдап, қызыл әскерін үш аймаққа толассыз төгіп жатқандағы түпкі мақсатының астарында қандай жасырын ой жатқанын аз да болса ұққандай болдым. Әсет пен Таңжарық ақындардың сөздері күрделі болғандықтан, сөздерінің астарын жете түсіне алмағанмын. Үйге қайтып барған соң атамнан ол кісілердің не дегенін, сөздерінің төркінін ұғып алдым.
– 1945 жылы Қызылөзен көтерілісінің бір жылдығы тойланған кезде, одақтан әскер бастығы болып келген қазақтардан біреу бар ма екен? – деп сұрады Таңжарық ақын Алиясқар ағадан.
– Қазақтан Қайса дегенді төңкеріс жетекшілерімен бір үйде болғанда көргенмін. Сол күні ол көсіле сөйлеп шалқып отырды. Қайса қазақтың арғы рулары Шыңғыс ханның қарауында болғанын, ханның төрт баласы қазақ руларын сұрағанын, бір соғып өтті. Сонан кейін төрелер әулетін мақтай келе, Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын сырқыратты. Оның сөзін беріле тыңдаған Сқақбек аздан соң ұнатпаған сыңай танытты. Ал Қайса Петербургте басылған энциклопедиялық сөздіктегі қазақтың әр облысындағы жан саны айтылғанына тоқталып, мақтана сөйледі. Ол қазақтың неге іргелі ел бола алмағанын, дүниеге тарыдай шашылғанын кінәлады. Оның сөзін өзіміздің Нүсіпхан полковник құптады. Ал Қалибек, Такмандар жақтырмады.
– Нүсіпхан Қайсаның сөзін түсіне алмады ма?..
– Ол кісі Қайсаны түсіне алмады ма? Сақтығы ма? Жағымпаздығы ма? Белгісіз. Одақтан келгендер Таңжарық ағаның алашшылдармен арғы бетке барғанда араласқанын біледі екен. Алашшылдарды да, ақтарды да бұлар жау қатарында көретінін сөз-әрекеттерінен байқатып қойды. Қазақтың тәуелсіздік алуы орысқа да, қытайға да жақпайтыны белгілі. Тәкеңнің қызылдарға қырын қарағаны, оларға ұнамайды ғой, – деп еді Алиясқар аға, алдыға буы бұрқырап, бір табақ палау, мәнті келе қалып, әңгіме бір сәт толастап қалды. Шығыс Түркістанның төрағасы Ахметжан Қасыми бата жасады. Ол ұлты өзбек болғанымен, қазақшаға жүйрік, шешен кісі екен. Мен төрағаға бір сұрақ қойдым:
– Ішкі қытай екіге жарылды, Шинжаңды бұрын билеген Шың Шысай мен қазір билеп тұрған Ужұң Шүн үкіметін аудару үшін төңкеріс жасап жатырмыз. Ішкерідегі қызыл қытай біздің жауымыз ба, досымыз ба? – дедім.
– Жауыңның жауы – сенің досың, – деп жауап берді Ахметжан Қалибек:
– Ондай болғанда, қызыл қытай мен қызыл орыстар – бір апанның бөрілері болмады ма? – деп сыбырлады Такманның құлағына.
– Түсінікті, – деді ол. – Үлкен жүректі алаш рухын құптайтындар Ахметжан мен Қайса Дүйсенбаевтың сөздерінен іш жиып қалды. Менің де қабағым салбырады, – деді Алиясқар аға.
– Сол үйде отырған алаш рухын құптаушылар Ахметжан мен Қайсаға қарсы пікір айта алмады ма? – деп қалды Таңжарық.
– Қалибектер одақтан келгендерге сыншы ғана емес, оларға жүректері мұздап қалды. Шындап кетсе, жауласып қалатын түрі бар. Бірақ олар жауды көбейтіп алмауды ойластырған сияқты, ашық бетке шықпай, іштей тынды. Ойындағыларын айта алмай, тыжырынып, астарлап, кекетіп отырды. Ал Қайса жымиып қойып, сөзін жалғастыра берді.
– Не деп жалғастырды ол сөзін? – деп қалды Әсет.
– Оның сөзінде Шинжаңдағы аз санды ұлт пен қытай империясының арасындағы тартыс – билікке талас ғана емес, ұлттық күрестің қан тілеген қақпаны құрулы тұрғандай. Төңкеріс бастаған қазақтар енді кіммен сайысқа түспек? Одақ неге жанталасады? Арадағы арын саудалаған қазақтарды қайтесің? Бұл жанталасың түбінде бір кәдігі мәлім болатыны анық сияқты. Ол үйдегі әңгімені орағыта келіп, соғыс жағдайына қайта оралды. Майданда жаралы болып қалған кем-кетіктер баршылық, қолды болғандар екі жақта да аз емес. Соның бәрі соғыстың әлегі екенін айтысты. Олар үкімет төрағасына, генералға арыздану үстінде. Көздері қанталап, өңдері қашып, іштері қазандай қайнайды. Көздері жасқа толып, майданда қаза болғандарын ойлап қайғырады. Ауылдағы жұрт жауға қолды болған сарбаздарын сағынады. Ол кезде Таңжарық ағамыз түрмеден босап келмеген ғой, аға сұлтан Махсұттың түрмеде өлтірілген хабарын естіп, елі қан жұтып қайғырған. Бұл кезде елге соқпа сүзек тарап, өлім-жітім көбейген. Ал партизандар ауылдағы елдің жағдайын ойлап, мазасыз еді. Мен елдің сол жағдайын төңкеріс басшыларына айтып үлгердім сол күні.
– Сонда не деді олар? – деді Сәлім ноғай.
– Майданда қаза болғандарға дастарқан жиналарда, көтеріліс бастаған Әкбар, Сейіт, Қызылөзен төңкерісінің құрбаны Нұртай, Тарбағатайдың Толы ауданын ұйымдастырған Айжеке бастаған атақты батырлардың аруағына арнап, құран оқылды да, далаға шыққан соң, жиналған елге әскерлердің ат үстіндегі ойыны көрсетілді. Қызылөзен көтерілісінің бір жылдығына арналған тойдың соңында Қалибек, Такмандар бастап, Нұртай батырдың ауылында өткен асына бардық. Төраға Ахметжан Қасыми Сауаннан бөлімше штаб құрып қайтты. Алтайда Оспан батыр, Дәлелхандар қозғаған қарулы көтеріліс Іледегі үш аймақ көтерілісіне ұласып, Алтай жау шеңгелінен азат болды. Оспан Алтайдың уәлилігіне, Дәлелхан Сүгірбаев орынбасарлығына және ұлттық әскердің генерал-майор міндетін атқаратын болды. 1945 жылдың күзінде Шығыс Түркістан үкіметі мен Үрімжіні орталық еткен өлкелік гоминдаң үкіметі «он бір тармақты тыныштық келісім» жасап, әр екі жақ саяси тұтқындарды өзіне қайтаратын болды, – деп еді Алиясқар аға. Таңжарық ақын сонда түрмеден босап елге оралғаны осы жылы екенін айтып, артынан ақынның түрмеде жазылған өлеңдерін тыңдадық.
Мен нағашы әкеммен Құлжаға бірге барып, ондағы үш аймақ төңкерісінің жеңісінің тойынан бір талай тәлім-тәрбие алып қайтқаным әлі есімде. Арғы беттегі ақтардың қарулы қақпанынан қашып, босқын болып келген атақты әнші, ақын Әсет Найманбайдың, қытай түрмесінде алты жыл жатып келген, үш аймақ төңкерісінің басталуына себепші болған Таңжарық Жолдыұлының басынан өткен кешулерін естіп, өзіміздің туысымыз, үш аймақ төңкерісінің ең алғашқы жауынгерлерінің бірі болған Алиясқар ағаның үш аймақ төңкерісінің барысы, қазіргі жеңістің қалай қолға келгенін, шығыс түркістан үкіметінің қалай шаңырақ көтергенін, қазір жеңістің тұтқасын кім ұстамақ болып құмартып отырғанын, Шығыс Түркістан үкіметінің тағынан айрылып қалу қаупін бала болсам да сезінгендей болдым. Жауға кектеніп, туған халқыма жанашырлық сезімім оянғандай болды. Менің де жас жаныма жара түсті. Жүрегім қанталап қалды.
Үйге қайтып барған соң нағашы әкем мені қасына отырғызып қойып, үш аймақ төңкерісін тойлаған үлкен қала Құлжаға барғанда, қандай әсер алғанымды, не ұққанымды сұрады. Мен тілім жеткенше алған әерімді, үлкендердің сөзінен ұққанымды айтып бердім.
– Жарайсың! – деді атам. – Жақсы әсер алыпсың. Көп нәрсені көңіліңе түйіпсің. Сенің атқа міну тойыңды жасап, ырымын өткізгенбіз. Неліктен қазақ балаға атқа мінгізу тойын жасайды? Ол деген сөз – бала ата-анасының отбасылық тәрбиесінің табалдырығынан аттап, мектеп тәрбиесіне, қоғамдық тәрбиенің сапарына аттандыру ырымын өтегені. Азамат болып атқа мінді демекші. Қанатың талмасын балам ұзақ сапарда! Биіктен-биікке самғай бер! – деп ақ батасын беріп, маңдайымнан сүйді. Мен өзімнің қандай баспалдақта отырғанымды, кім екенімді байқап ойланып қалдым. Нағашы әкем өзі жинап оқып жүрген кітаптарынан ең әуелі ұлы ақын Абайдың өлеңдер жинағын қолыма ұстатты.
– Бұл кітапты үйде болған кезіңде оқып, мықты жерде сақта. Мектепке алып барсаң, жоғалтып аласың. Оқып келген жеріңе қағаз салып қой. Шетін қайырып бүктеме. Беттерін кірлетпей, жыртып алмай таза ұста! Әуелі Абайдың қысқа өлеңдерін жатта, – деген. Мен Абай өлеңдерінен «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Бойы бұлғаң», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Талаптың мініп тұлпарын», өлеңдері мен «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» сияқты аудармаларын жаттап алдым. «Адам болам десеңіз» деген өлеңін сабақтастарымның құлағына құя бердім Олардың бәрі бұл өлеңді жаттап алып айтып жүрді. Сөйтіп менің өлеңге деген құштарлығым ұлы ақынның өлеңдерінен оянды.
Бір талай уақыт өткен соң, атам Мұхтар Әуезовтың төрт томдық «Абай» және «Абай жолы» романының бірінші кітабын берді. Романды оқыған кезде түсіне алмаған жерімді сұрап тұруды тапсырды атам. Менің оқиғалы көркем шығармаларға деген қызығушылығымның қоламтасын «Абай жолы», «Абай» романдары қоздатты. Мен бастауыш мектепті бітіргенше, онан өзге Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Ұлпан», Ғабиден Мүстафиннің «Қарағанды» романдарын оқып үлгердім. Онан соң, орыстың ұлы жазушыларының маңдайалды қаламгері Чеховтың әңгімелерін, Тургеневтің повестерін, Шолоховтың «Көтерілген тың», «Тынық Дон», Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік», «Анна-Каренина» романдарын толықсыз ортаны тауысқанша оқып үлгердім. Көркем шығармаларды оқыған сайын құныға түстім. Бұрын кішкене кезімде нағашы апам мен атам әңгімелеп айтатын ертегі, аңыздарды, ғашықтық, батырлық жырларын енді жинақтарынан оқып жүрдім. Бұл кездері Қазақстанда төте жазумен жарық көрген көркем шығармалар Қытайдағы қазақтардың талайының қолында бар болатын. Әсіресе, сауаты бар қала-қалашық тұрғындары мен мұғалімдердің үйінен Қазақстанда шыққан кітаптар үзілмейтін. Әсіресе қолдарына түскен роман, халық дастандарын сарымайдай сақтап, бірінен бірі өтініп сұрап, қалап алып оқитын. Біз қатарлы Қытайдағы қазақ оқушылар орта, бастауыш мектепте Қазақстанның оқулығынан оқыдық. Оқулықтар негізінен кирилица жазуымен дайындалған болатын. Сондықтан крилиция жазуын біз сол тұста бала кезімізден үйреніп алғанбыз. Мені отбасылық ұядан үлкен ұяға нағашы атам осылай ұшырған.
ТЫРНАҚ АЛДЫ ТУЫНДЫМ
Шинжаң өлкесі, Іле қазақ облысының Құлжа қаласындағы ерлер орта мектебінде оқып жатқанмын. Кешкі сабақты пысықтап, сыныпта отыр едік. Бізге әдебиет сабағын беретін Сүлеймен мұғалім келіп, біздің қайсы пәннің тапсырмасын орындап жатқанымызды сұрап:
– Әдебиеттен берілген тапсырманы орындадыңдар ма? – деді.
– Қазір алгебраның тапсырмасын орындап жатырмыз, – деп менің қасымда отырған Алмасбек деген сабақтасым ыңғайсызданып жауап берді.
– Сендер әдебиеттен математиканы жоғары қойып, тапсырмасын орындауға жанталасып жатырсыңдар ма? Сонан жаңалық жаратамыз деп дәмеленбей-ақ қойыңдар. Математикадан ашатын жаңалық сендерге қалған жоқ. Әлемнің әйгілі ғалымдары әлдеқашан жаңалық жаратып болған. Әсіресе, бүгінгі қазақ жастарының еншісіне қалған жаңалық жарату – тек әдебиет пәнінен ғана үміт күтуге болады. «А, Б»-ны қажалай бермей, әдебиеттану ғылымын жақсы игеріп, көркем шығарма жазуға қаламдарыңды ұштап, кірісіп көріңдер. Ақын-жазушы бола алмасаңдар да, әдебиеттанушы ғалым, сыншы, журналист болуға тырысыңдар. Сендерге махаббат тақырыбында өлең жазып келуге тапсырма берген едім, оны жаза алмасаңдар, қыздар орта мектебінде оқып жатқан сабақтастарыңа жүрек сөздеріңді көркем тілмен безендіріп хат жазыңдар. «Өнер алды қызыл тіл» деп атаң қазақ бекер айтпаған. Қазақтан шыққан ең ұлы адам кім? Ол – ұлы ақын Абай ғой? Абайдан қайсы қазақ асыпты? – деп аласа бойлы, қаршығадай қаңылтақ адам қыран көзінен от шашып, сыбызғыда күй тартқандай қоңыр дауыспен баптап сөйлеп, миығынан күлді де, артық бос сөз сөйлемей кетіп қалған.
Үш күн өткен соң, мен жатағымыздың бөлмесінің терезесінен көшеге көз жүгіртіп едім, қыздар орта мектебіндегі қыз бір буда гүлді қолтығына қысып терезе тұсынан өтіп бара жатты. Бұл күні 1-мамыр (май) халықаралық мерекесін тойлау басталған болатын. Мен Сүлеймен мұғалімнің әдебиет сабағынан берген тапсырмасын орындау міндетім есіме түсе қалып, гүл құшақтаған қыз туралы өлең жазуға алғашқы шабытымның құсы көңілдің балауса бақшасына қона қалғандай болды. Осы мезгілде ерлер орта мектебінің 10-сыныбында озат оқып жүргенмін. Әсіресе физика, математика пәніне қатты қызығатынмын. Геометрия, тригонаметрияның күрделі есептерін шығаруда мұғалімдерден мақтау, мадақтау сөздерін естіп қалатынмын. Әбдікерім дейтін физикадан беретін ұйғыр мұғалім сабақтан соң оқуы нашар сабақтастарға қосымша үйретуді маған жүктейтін. Сынып жетекшіміз Оспан деген ұйғыр мұғалім болатын. Ол кісі мені сыныптың оқу бөлім бастығы етіп белгілеп қойған. Өзі біздің сыныптағы оқушыларға сабақ бермейді. Басқа сыныныптағы оқушыларға алгебра сабағын беретін.
Сүлеймен мұғалімнің бізге әдебиеттің құдіретін ерекше дәріптеп, айтқан сөздері маған әсер етіп, әдебиетке бүйрегім бұрып жүрген. Сөйтіп жатағымның терезесі тұсынан гүл құшақтап өткен қызға арнап, «Гүліңіз» атты тырнақ алды өлеңімді жексенбі күні кешке дейін қайта-қайта өзгертіп жазып, жамбасын жерге тигіздім.
«Отыр едім, тереземнің тұсынан,
Бір қыз өтіп бара жатты гүл жайнап.
Бар сұлулық жиналып көз ұшынан,
Сезім оты лап бергендей іш қайнап.
Жүрегіңе тым құпия сыр сақтап,
Гүл құшақтап қайда кетіп барасыз?
Ұсынар деп кімге соны жаутақтап,
Қарай берем көз айырмай амалсыз.
Өз бақшаңда мәпеленіп өсті ме,
Көктемдегі ақ жаңбырда гүліңіз?
Мейрам келді тереземді аш, көр міне,
Өзің тектес бүгінгі бұл күніміз» – деп жаздым.
Бірінші мамыр халықаралық мереке өткен соң, әдебиет мұғаліміміз Сүлеймен Қазақстанда құрастырылған «Қазақтың ғашықтық жырлары» атты хрестоматиялық оқулықтың алғашқы бетінен басталатын «Қызжібек» дастанын талдап сабағын өтті де, оқушыларға бұрын берілген тапсырмасын жинап алып кетті. Келесі әдебиет сабағын өтуге келгенде, менің «Гүліңіз» атты тырнақ алды өлеңімді жатып кеп мақтады. «Бұл өлең – қазіргі баспа сөзде жарық көріп жүрген өлеңдердің деңгейінде деуге болады. Мұны мен «Іле газетіне» ұсынамын. Жарық көретініне сенімдімін…» деген болатын.
Әдебиет мұғалімінің айтқаны келіп, ұзаққа бармай, мектеп залының қабырғасына ілінген «Іле газетінің» алдына оқушылар үймелеп тұр. Бәрі газет бетіне жамырай қарасып, ду-ду етеді. Біреуі мені көре салып, «шүйіншілеп» құшақтай алды да:
– Құттықтаймын! – деді.
– Нені? – дедім мен.
– Қарашы өзің, газетке «Гүліңіз» деген өлеңің шығыпты. Әдебиет бетіндегі өлеңдердің алдына асылыпты.
– Рахмет, қуанышыма ортақ болғаның! – деп едім, сабақтастар бірінен соң бірі құшақтап, қоршап алып, сабақ арасындағы демалыста ес-ақылымды шығарды. Сыныпқа қайта кіргенде, алқынымды әрең бастым. Қуаныштан жарыла жаздап, жүрегім дік-дік соғып тұр. Өңім бе, түсім бе? Өзіме өзім сенерімді де, сенбесімді де білмей қалдым. Сол күннен бастап әдебиетке деген құштарлығым арта түсті. Бала кезімде Жаутоғайдағы тәтті алманың дәмін бірге татып, жұбымызды жазбайтын Динараны қандай жақсы көрсем, көркем шығармаларды да сондай жақсы көріп, бұл мамандыққа ғашық болып қалған сияқтандым. Әлгі жатағымның терезесі тұсынан бір буда гүл қолтықтап өткен қыз да көз алдымнан кетпей қойды. Бірақ ол қыздар орта мектептегі қалың қыздардың қайсысы екенін білмеймін. Өң-түсін де жақыннан көргемін жоқ. Менің «Гүліңіз» атты өлең жазуыма сол қыздың себепші болғаны, шабытымның қоламтасын тұңғыш рет қоздатқаны үшін сол қызды кездестіруге құмар боп жүрдім. Бірақ ол қыз құйрықты жұлдыздай жарқ етті де, ғайып болды..
Бізге әдебиет сабағын беретін Сүлеймен мұғалім сыныпқа кірген сайын мені де, тырнақалды өлеңімді де мақтаудан танбады. Ал «Іле газетінің» әдебиет бетінде редакторлық істейтін Мәди Әбдірахман деген ақын жігіт біздің мектепке келіп, Сүлеймен мұғаліммен сәйлесіп, әдебиет үйірмесін құрып, маған тағы өлең жазып газетке ұсынуымды қадап айтты. Бірақ мен бұл жылы толық ортаны тауысып, жоғары мектепке мемлекеттік емтихан тапсырмақшымын. Жалпы пәннің бәрінен жоғары нөмір алмасам, таңдаған мамандықтың табалдырығын аттай адмай қаламын. Ол кезде мемлекеттік емтихан тапсырудың тәртібі өте қатал. Бір пәннен емтиқан тапсырудың алдында, жарты бетке жетпейтін ақ қағазға оқушы жауап қайтаратын бір қанша сұрақ жазылған шек дайындалады. Сол шек мұғалімдердің алдындағы үстел үстінде төңкерулі жатады. Оқушы өз еркімен шектердің біреуін алады. Шектегі сұрақтарға көзбе-көз жауап қайтарады. Бұл қалыптасқан тәртіп болатын.
Мемлекеттік емтихан тапсыратын кезде, сол жағдай біздің басымызға да келді. Физикадан мемлекеттік емтихан тапсыратын күні ришактің формуласын келтіріп шығару түсіме кірді. Таңертең ояна салып, күдіктеніп, оныншы сыныптың физика оқулығының бетін ашып көріп, ришактің формуласының қалай келіп шыққанын көзден көшіріп алдым. Емтихан берген кезде шектердің бірін алып сұрақтарына көз жүгіртсем, ең күрделі сұрақтардың бірі – түсіме кірген ришактың формуласын келтіріп шығару екен. Оны екі сағаттың алдында ғана пысықтап алған маған ол қиынға соққан жоқ. Өзге сұрақтар онша қиын емес екен. Көп аялдамай сұрақтардың бәріне толық жауап қайтарып, бес нөмір алып бетке шықтым.
Мен бұрын мектептің кітапханасынан «Ғылым жаңалықтары» журналынан бір ғылыми мақала оқығанмын. Оны жазған ғалым түсті үшке бөліпті. 1 – еске түсіру түсі, 2 – жасампаздық түс, 3 – болжал түс. Еске түсіру түсі деген – адам ұйықтағанда, алдыңғы ми жұмысын тоқтатып, артқы ми (мишық) жұмысын жалғастыра береді де, сол кезде ұйықтаған адамның өмірінде көрген-білгенін мишық қайталау міндетін атқарады екен. Мәселен, оқушылар ояу кезінде миын қатты істетіп, сабағын пысықтағаны, немесе есеп шығарып отырып миы шаршағанда ұйықтап қалса, мишық жалғасты жұмыс істейді деген. Бұл жағдай ірі ғалымдар өмірінде де кезігіпті. Мысалы, ғалым Менделеев элементтерді орналастыру туралы ой жүгіртіп отырып, бір элементті орнына қоя алмай ұйықтап жатып түсінде орналастырады. Мұндай түстер жасампаздық түске жатады екен. Ал болжал түсте, кейбір адамдар алдыда болатын жақсылық- жамандықты, қауіп-қатерді түс арқылы сезінеді, болжай алады. Оның сырын ғалымдар әлі шеше алмағанын айтыпты. Кейінгі кездері басыма ауыр күн туғанда, түсімде сезінгенімді байқадым. Түсімде жақсы атқа мініп, машинаға отырып, ұшаққа отырсам, ісім ілгері басып, қуанышты жақсылық болды. Түсімде батпақ кешіп, жаяу қалып адасып жүрсем, ісім ілгері баспай, өкінішті опық жейтін жағдайларға тап болдым. Түс жору қазақта ғана емес, басқа халықтарда да бар екенін ұғындым.
Сөйтіп, Құлжа қаласында толық ортаны тауысып, мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өттім де, таңдаған жоғары мектептің қайсысына болса да қабылдану мүмкіндігіне қол жеткіздім. Бірақ алдымда бір биік асу тұр. Ол – мені осы күнге дейін төбесіне көтеріп бағып-қағып, толық орта бітіргенімше оқу қаражатымды төлеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап өсірген нағашы әкемнің алдынан өтіп, өрлеп оқу рұқсатын алуым керек болды.Бір жағынан әдебиеттану ғылымынан білім алуды ұнатып, сол мамандықтың соңына түсуді таңдап қойдым. Жаздық каникул кезінде Күнестегі үйіме барып, атама оныншы сынып бітірген көрсеткішімді қолына ұстаттым. Атам қуанғанынан танауы желпініп, көзі күлімсіреп, ажарына нұрлы сәуле түскендей боп, гүл жайнап шыға келді. Сақал-мұрты, қалың қасы бурыл тартып, шашы түсіп сиреп түгел ағарыпты. Мені мәпелеп асырап баққан нағашы апам осыдан бір жыл бұрын қайтыс болып, атамның тоқалы Қаншайымның төркінінен асырап алған Жақыпбек әлі жас. Атам қартайды, тоқалы да алпысты алқымдады. Мен енді өрлеп оқуым керек пе? Жоқ, жұмыс істеп атамды бағуым қажет пе? Өзіне ақыл салып едім, атам:
– Балам, сенің өрлеп оқуға мүмкіндігің болмаса, яки мемлекеттік емтиханнан өте алмай қалсаң, онда бірсәрі. Толық ортаны үздік оқып тауыстың. Бірер өлеңің газетке жарияланып, ақын болудың алғашқы баспалдағын бастың. Сен менің жолымды қума! Ұсақ қолөнердің үлкен болашығы жоқ. Молда да болмай-ақ қой. Ол да менімен кетсін. Жоғарылап оқып, өнер-білімнің соңына түс, – деді.
– Сіздің жасыңыз келді ата, денсаулығыңыз да шіркін-ай емес. Мені балапандай баулып, жұмыртқадай шайқап ұядан ұшырдыңыз. Толық орта тауысқанша патша баласындай киіндіріп, шып-шырғасын шығармай, оқу қаражатымды қамтамасыз етіп тұрдыңыз. Енді жоғары мектеп оқысам да үкіметтің қамдауынан тыс қаражат керек маған. Киім-кешек, үйге келіп-кету, басқадай ығын-шығын болады ата. Өрлеп оқысам, сізді қинап қоятын сияқтымын, – деп атамның қабағына қарадым.
– Сен енді көп болса алты жыл оқырсың. «Өнерлі өлмейді» дейді екен, жаным тірі болса, дүниеден тарыға қоймаспын. Жамбастап жатып-ақ, қолөнерімнің арқасында біреуге егінімді салдырып, біреуге малымды баққызып, отынымды алғызып дегендей жанбағыс қып тұрармын. Сенің өрлеп оқу қаражатыңды қамдайтын қауқарым әзір де бар. Жақыпбек інің де жігіт болып қалды. Қолқанатқа жарайды. Құдайға шүкір, азын-аулақ малымыз, жеке меншік жеріміз, баспанамыз бар. Сақтық үшін сақтап жүрген аздаған алтын, күмісіміз де жоқ емес, балам. Мен сенен немді аяймын? Немді жасырамын? Саған қанша қаражат керек болса да қамдап тұра аламын. Алаңсыз бол! Ғылым жолына аттанған сапарыңа сәттілік тідеймін! – деп атам ағынан жарыла ризашылығын берді.
– Рахмет ата! Мен сізге өзге жақсылық жасай алмасам да, сіздің есіміңізді елге танытуға, атыңызды тарихта қалдыруға тырысамын, – деп едім, атам мені құшақтай алып маңдайымнан сүйді. Осы жолы бір заңғар асудан асқандай болып жеңілдеп қалдым. Атамның өзіне тете ағасы Ысқақ екі жылдың алдында қайтыс болған. Үлкен ұлы Ұландар үкірдай, кіші ұлы Алиясқар үш аймақ төңкерісінде әскерге барып, офицер атағын алған. Мен толық ортаны 1957 жылы бітіргенмін. Бұл кезде Шығыс Түркістан үкіметі алты жыл өмір сүріп, 1949 жылдың соңында тақтан тайып, шаңырағы ортасына түскен болатын. Қытай мен орыстың қызыл билігі тізе қосып, Сталин мен Маузыдұң тіл табысып, Шығыс Түркістан үкіметінің басшыларын Бежинге құрылтайға шақырады. Шығыс Түркістан үкіметінің жауапты хатшысы Сейпіден Әзези деген жас жігіт ғана кеңседе қалып, өзгелері түгел ұшаққа отырып Бежинге қарай аттанады. Жолаушылар ұшағы Совет одағының шекарасынан өтіп, алаңсыз кетіп бара жатқанда, ұшақ апатқа ұшырап, Шығыс Түркістан үкіметінің бетке ұстаған басшылары жұмбақ өліммен өртеніп тынады. Қытайдың ұлы көсемі Маузыдұң: «Үш аймақ төңкерісі – жүңго төңкерісінің бір бөлімі» деген нұсқауымен Шығыс Түркістан бейбіт жолмен жоңхуа халық ресбуликасының құшағына кіріп, қанатының астынан орын алған еді.
Мен толық ортаны тауысқан жылдар одақтың қызылдары мен қытайдың қызылдары ауыз жаласып тұрған мезгіл болатын. Сталин мен Маузыдұңның достығы кейінгілерге асыл мұра болып қалмақшы екен. Сол жылы мен Шинжаң университетінің қытай тіл-әдебиет факультетіне оқуға түстім. Жазғы каникулда жазған «Иесіз оқушы» атты тұңғыш әңгімем Үрімжідегі «Шұғыла» журналында жарық көрді. Бір сыныпта 32 бала оқыдық. Қазақ, ұйғыр, татар, дүңген, дағұр ұлттарынан құрам тапқан студенттер университеттің қазанынан бірге дәм таттық. Мектептің секретары қытай, директоры ұйғыр, Бәй, Жу фамилиялы қытай ұстаздарымыз болды. Әли деген ұйғыр мұғалім сынып жетекшіміз, Ансардин дейтін ұйғыр мұғалім аударма сабағын берді. Менен өзге өлеңдері «Алтай» газетінде жарық көрген Шәкен Оңалбай, Дутан Сәкей, Әбденбай Бәжей дейтін сыныптастарым болды. Сол төртеуімізден өзге шығармасы жарық көрген сабақтастарымыз жоқ еді. Кейін де олар басқа салада жұмыс істеп кетті. Бізбен сыныптас Гүлзада, Мәрпуға дейтін татар, Айшам, Рақима деген ұйғыр қыздар да бірге оқыды. Мәрпуға саяси науқандарда белсенді, тілді-жақты, қызылдау қыз болатын. Гүлзада нәзік жанды, сезімге бай, сымбатты, сұлу қыз. Оның шанақты бота көздері нұрлы сәулесін шашып тұратын. Басқа татар қыздардың шашы ақсары, қызылсары болушы еді, Гүлзаданың шашы қоңырлау қара бұйра. Қиылған қасы да құндызқара. Ол алғашқы жылдар менімен бір партада бірге отырып жүрді. Қазақ тілін өте жетік сөйлейді. Өзі көркем шығарма жаза алмаса да, әсіресе өлеңді қызығып оқиды. Қазақстанға келген соң қайтыс болған ақын Естеу Нүсіпбек сол кезде «Шұғыла» журналында істейтін. Соның өлеңдер жинағын алып келіп оқып жүрді. Ол кісімен қандай жақындығы бар екенін сұрап едім, «жездеміз болады» деген. Гүлзаданың шыққан тегін ұғысып көрсем, Шинжаңды Шың Шысай сұрап тұрған кезде өлкелік үкіметтің төрағасы болған Бұрхан Шаһидидің інісінің немере қызы екен. Бұрхан өзінің ана тілінен өзге 13 ұлттың тілін білетінін еститінбіз. Ол кісі қазақ тіліне де жүйрік екен. Білетіні көп адам, тоқсан жасында Шинжаң тарихын жазып қалдырыпты. Гүлзада сабақтасым да сол Бұрханның қаны бар екенін байқадым. Ол қытайшаны бұрын үйреніпті, менен гөрі қытайшаға мықты. Орыс тіліне де недәуір жетік. Көркем шығарма жазуға қызығып, менен үйренгісі келеді. Қытайдың көркем шығармаларын қазақшаға аударуға тілі жетпейтінін айта беретін. Менің әдеби басылымдарда жарық көрген өлең, әңгімелерімді оқып, соған ғашық болып қалғанын айтып мені күлдіретін.
Сенбі күні кеште мектептің залында ұдайы би кеші болып тұратын. Кейде сауық кеш түн ортасына дейін жалғасады. Мен вальс, пакстрот, болка, шардаш, адиношканы жақсы билеуші едім. Гүлзада осындай сауық кештерде менімен бірге көбірек билейді. Ол менен екі жас үлкен болғандықтан, «Інім» деп әзілдеп қояды. Мен екі жастың ары-берісі жоқ екенін айтамын. Әйтеуір бірімізге біріміздің жұлдызымыз ыстық бола бастады. Жаутоғайдағы көршіміз Сәлім ноғайдың кішкене қызы Динараны есіме алып, көз алдыма келтірем де, Гүлзаданың өң-форымына көз жүгіртем. Екеуінен бір талай ұқсастықтарды байқаймын. «Нағып маған ноғайдың кішкене қызы да, татардың студент қызы да жұлдыздары ыстық бола қалады? Осы Гүлзада екеуміз бірімізге біріміз ғашық болып қалғаннан саумыз ба?» деп өзіме өзім сұрақ қойып, жауап таба алмай жүрдім. «Махаббат соқыр» дегенді кітаптан оқығанмын. Сол соқыр махаббат Гүлзада екеумізді шырғалап алғаннан сау ма? Екеуміз де жүрек түкпіріндегі құпия сырымызды ашпадық. Әйтеуір бір беймәлім махаббаттың күңгріт аспанындағы жұлдызы жымыңдағандай болады.
Университеттің үшінші жылдығында оқып жүргенімде, менің қытайшадан аударған «Сол күні ерте», «Адам жанының қуанышы» деген екі шағын әңгімем жарық көрді. Оның қалам ақысын алғанда Гүлзадаға жуып бердім. Бұл кезде Үрімжідегі «Жастар» баспасында Зейнолла Сәнік редактор болатын. Ол менің аударған әңгімемді көріп, Қытайдың атақты жазушысы Бажыңның «Махаббат» атты повесін аударуға берді. Оны кітап қып шығармақшы болған. Повесті оқып көрсем, қытайша бірқанша хаттардың мәнісін білмедім. Менің сыныптасым Әділхан Дәлелханов қытайшаға мықты болатын. Оның ұлы әкесі кәдімгі Шығыс Түркістан үкіметінің өмір сүрген кезіндегі генарал болған Далелхан Сүгірбаевтің немересі екен. Ол бұрын да бір институтты тауысып, енді бізбен бірге қытай тіл-әдебиет факультетіне түскен, қытай жазуына жүйрік болғанымен, ол да Гүлзада сияқты әдеби аудармаға келгенде қазақшасы мықты емес болатын. Мен қытайша хаттардың мәнісін білмеген жерімді Әділхан мен Гүлзададан сұрап, «Махаббат» атты Бажыңның повесін аударып, Зейнолланың тапсырмасын орындадым. Аударған ақымды баспадан алдым. Бірақ повесті кітап қып шығаруға келгенде, Қытайда «Зор секіру» дейтін саяси науқан құзғындады да, барлық адам зор секіріп, әдебиеттану ғылымынан хабары жоқтар да роман жазғыш болды. Ал енді нені жазу керек? Компартияны, көсемді, социялизмді, үш қызыл туды жазып жырлау керек болды. «Қайдағы бір буржуазиялық махаббат» дегенді сын тезіне алып жатты. Сол себепті Бажыңның «Махаббат» атты повесі кітап болып шығудан қақпайланды. Оның қытайша нұсқасын да, мен аударған нұсқаны да Гүлзада оқыған. Сөйтіп ол менің аударған «Махаббат» деген повесіме де құмар болып қалған сияқты. Ал сонда өзіме ше? Мен оған ше? Ашық ойымызды айта алмадық. Іштей тұтанып, жалын атып жүрген сияқтымыз. Осы кезде Естеу Нүсіпбек Қазақстанға кетіп қалған еді.
– Сенің жездең Қазақстанға кетіпті, өзің бару ойың жоқ па? – деп едім.
– Жоқ, – деді Гүлзада.
– Неге? – дедім мен.
– Қазақстанды орыстар сұрап отыр ғой, менің туыстарым, жақындарым орыстардың қарауында болуды қаламайды. Орыстардан гөрі кең етек қытайдың қармағында болуды ұнатады.
– Қалайша?
– Біз қытайға бауыр басып қалдық, «Үйренген жау атысқанға жақсы» дейді олар.
Осы мезгілде менің нағашы әкемнің туыстары заңды жолмен Қазақстанға кетудің жолын күреп, паспорт алып қойыпты. Содан хабар тапқан соң, мен де Қазақстанға кетуге көңілім ауып қалған. Гүлзаданың Қытайдан кеткісі келмейтінін ұғып, енді бір жағы оның менен екі жас үлкендігін ойлап көріп, Гүлзададан өзімді махаббат жағынан алшақтата бастадым. Соны сезе қойып Гүлзада бізге аударма сабағын беретін Әнсарден мұғалімнің қарамағына ілініп кетті. Сана мен кеудемнен жүрегімді суырып әкеткендей болдым. Гүлзаданың не күйде болғанын өзі біледі. Гүлзада университет бітірген соң, өзіміз оқыған қытай тіл-әдебиет факултетінің мұғалімі болды. Университетте бұл факульттен өзге тариқ-жағрафия, химия, физика, математика, орыс тілі факултеттері бар. Мен университетке түскен жылдың соңында «Стиль түзеу» дейтін саяси науқан басталды да қоңыр салқынду болып, «ашылып-сайрау» деген ат қойылып, айдар тағылған. «Жалпы жарыса үн қатсын, барлық гүл шешек атсын» деп ұлы көсем өзі жарлық жариялады. Сол-ақ екен, партия басшылығындағы ұлттық саясат, халықтың тұрмыс жағдайы, ұлттар теңдігі, демократия, орталықтандыру, ұжымдасу, оқу-ағарту, мәдениет саласының жағдайы жайында жалпы жарыса үн қатып, әсіресе, зиялы қауым аса батыл ашылып сайрады. Шындық үшін шырылдағандардың айтқан сын пікірлері газетке басылды. Сайрау сарқылған соң «Оңшыл, ұлтшылдыққа қарсы тұру» дейтін саяси науқан қабағын қатты түйіп, қаһарына мінді. Партия, көсемге, социализмге, үш қызыл туға қарсы дегендерге қасқалатып қара таңба басты. Қытайдағы бетке ұстаған ақын-жазушалар, ғалымдар, зиялы қауымның көшбасылары саяси науқанның жайған торына, құрған қақпанына түсті. Шинжаң университетінің әдебиет факультетін жаңа бітірген Жақсылық Сәмит, Оразқан Ахмет бастаған студенттерді Қажығұмар Шабданұлының қасына көгендеп Тарымның құмды шөліне сүргінге айдады. Сөйтіп, бүкіл Қытайда әдебиеттің шаңырағы шайқалды. Біз жоғары мектептің табалдырығын жаңа аттап отырмыз. Қайтуым керек? Ойланып көрдім де, саяси науқанның құйынына қаңбақтай ұшып кеткім келмеді де, аузымды бағып, өзім таңдаған әдебиеттің гүлді бақшасынан көлеңке іздедім…
Бір көрімі Шинжаң университетінің кітапханасында әлемге әйгілі қаламгерлердің атақты көркем шығармалары, Қазақстанда қазақ тіліне аударылған орыс, ағылшын, неміс, француз, тағы басқа елдердің классиктерінің, Нобел силығын алғандардың көркем шығармаларының қытай тіліне, ұйғырша, қазақшаға аударылған том-том әдеби кітаптары толық бар еді. Көркем әдебиеттің жанын түсініп қалған жас қаламгерлерге мектептің кітапханасы керемет ойлы-білімді ұстаз болды. Саяси науқан дүрілдеп өтіп жатты. Менің уақытымның көбі кітап оқып, естелік жазуға кетті. Кітапхана – асыл қазынаның қамбасы болды. Горкийдің: «Кітап ұрысы ұры болмайды» дегенін орта мектептегі әдебиет мұғалімім Сүлейменнен естігенім бар еді, өз басым соның ықпалына ердім бе, кітапханының өте маңызды кітаптарын оқуға алып, «жоғалтып алдым» деймін де, тәртіп бойынша еселеп құнын төлеп, тығып алып жүрдім. Сол кітаптар менің ұстаздарым берген білімнен әлдеқайда салмақты болды. Өлмейтін тақырып деп, махаббат, табиғат лирикасын, мысал жазып, баспаға ұсынбай сақтай бердім. Орыс пен қытайдың арасында жік кетіп, Қазақстанға барудан үміт үзілді. Қытай билігі халық коммунасын құру, зор секіру, жерлік әдіспен болат қорытып Англиядан озу, жерлік ұлтшылдық пен зор ұлтшылдыққа қарсы тұру деген сияқты әпербақан науқанды дүрілдетіп, қазанын қайнатып жатты. Қазақстанға кетпек болғандардың заңды паспорттарын жинап тапсырып алды. Жер иелерінің жерін, малшылардың малын орталыққа алып, тайқазаннан тамақтану бүкіл Қытай елін аласапыранға салды.
Мен жаздық демалыста үйіме келсем, нағашы әкемнің иелігіндегі бар малын қоңыр жорға атын орталыққа тапсырып алыпты. Әр отбасына бір тай, бір тайынша меншікке қалдырыпты.
Көңілім жүдеп, жүрегіме сызат түсіп тұрған бұл тар заманда да, теріс аққан Телқара өзені, көкдолы толқында жүзіп жүрген аққудың көгілдір балапаны көз алдыма келе берді.
ҚОҢЫР ЖОРҒАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Қытайда халық коммунасы шаңырақ көтерген соң халық қақ жырылып, бай мен кедей қарсыласып, таптық күрес асқына түсті. Алғашында «Зор секіру» деген науқан «жерлік әдіспен болат қорытуға» ұласып, қарадүрсін ауыр өнеркәсіп еңбекші халықты әбден есеңгіретті. «Болат қорытуда Англиядан озамыз» деген алаөкпе ұран партия орталық комитетінен көтерілді. Халық коммунасы – коммунизм шыңына шығудың баспалдағы болмақшы. Осы тұстағы әпербақан саяси науқан қазақ халқын әр қырынан тұралатты. Соның құйыны әуелі менің туған әкем Мырзабайды қаңбақша ұшырып, шырғалаңға тап қылды. Өзі ауыл бастығы болып, дәулеті өсіп дәурендеп тұрған шағында зор секіру мен болат қорытуға қырын қарадың, қыз-қырқынды қарлы боранда темір тауға жедел жеткізбедің деп, ауыл әкімдігінен алып тастайды. Коммунаға малын қосарда бір қора қойын Ашылыбұлақтағы қораға қамап қойса, қораның сыртындағы сиыр жалап шұңқырлаған жерді көріп, коммунаның малына жасалған қастық деп пәле жабылады. Кенже баласын алдына алып жүріп, біреуге: «бұл менің меншігім» деп қалжыңдаса, халыққа меншік таратқанды сайқы-мазақ еткені болады да, «Бұзық элемент» қалпағын киіп, халық жауы қатарына қосылады. Әкесінің меншігіндегі Қайрақбай сайы да, бар малы да, іске тартар қазына мүлкі де коммунаның меншігіне тәркіленіп өтеді. Ауыл әкімі болған Мырзабай белсенділердің бақылауында еңбекпен өзгерту лагеріне апарылады.
Ал мен қолында өскен нағашы әкем Рыскелді қолында көп малы жоқ, қолөнермен болғандықтан тап жауы қақпанына түспей аман қалыпты. Өз өнерімен Бестөбе қалашығынан асты-үстін тақтайлап, әдемілеп сарай үй салып алған. Үйдің ішкі мүліктері де қол өнерінің арқасында аса сапалы болатын. Совет одағының ұжымдасу науқанының шет жағасын көре қалғандықтан ба? Қытайдағы коммуналасу кезінде сақтық істепті. Күнес елі малын коммунаға өткізу бастала салып, атам өзі маңдайына басқан қоңыр жорға атын да бар малымен бірге тігерге тұяқ қалдырмай, коммунаның меншігіне өз қолымен елдің алды болып тапсырады. Сонан бастап қоңыр жорға коммунаның қутақым белсенділерінің тақымына түседі. Оны бабын біліп, аялап бағып мінетін атамның қамқорлығы қайдан болсын оған. Атам маған қоңыр жорғаның арғы тегін айтып берген. Атағы алты арысқа әйгілі қызай елінен шыққан Сасан болыс және оның ұлдары Тергеусіз, Нүптебек, Жайырбек, Еркімбектер мыңғырған бай болған. Немересі Махсұт гуандай (аға сұлтан) мансабына қол жеткізген. Телқарадан тері зауытын салдырған Сасанның ұлы Нүптебек жылқысын нәсілдендіру үшін Ресейдің Орлов жылқысынан нәсілді айғырлар алғызыпты.Сонымен қазақтың жерлік жылқысының қан алмасуынан туған қоңыр жорға құлын коммуналасу кезінде тарлан тартқан ат болыпты. Атам атбегілікпен айланыспаса да, аттың сынын жақсы білетін. Абай айтқан аттың сынынан бастап, басқа да атбегілердің ат баптау тәжірибесін әңгімелеп отыратын. Атам Нүптебек байдың тері зауытын салып технигі болып жүріп, оның жылқысынан бір айғыр үйір жылқы өсіріп, бие байлапты. Сондағы желіде тұрған құлындардың қатарынан қоңыр құлынды таңдап, қандай ат болатынын болжапты.
Мен 15 жасымда қоңыр жорғаға мініп, жорға жарысына қатынасқанмын. Сол тұста қоңыр жорғаның дөнен кезі. Жануардың сауыры тақтайдай, алды-арты бірдей, нартүйедей биік болатын. Ұзыны есік пен төрдей еді. Қамыс құлақ, қаз мойын, жал-құйрығы төгіліп тұратын. Шанақты нұрлы көздері ұшқын атып, иесіне жақын тартып ойлы қарайтын. Оның естілігіне мен де қайран қалатынмын.
Матайларды Қытайдағы қазақтар қызай атап кеткен. Қызайлар – бегімбет, дербіс, итемген, меңіс дейтін төрт рудан құрам табады. Сол меңіс руының Жолымбет аулының қыз ұзату тойында ат шабыс, жорға жарысы өткен болатын. Атам маған қоңыр жорғаның жарысқа қатынасқан кездегі бабын мұқият түсіндірген. Жорға атты жарысқа қатынастырудың алдында жарым жылдай өзі қабағына қарап, арқандап жаратып, терін алдырып, таң асырып, артық еттен арылтып қыл бабына келтіретін. Жорға жарыс басталардан бұрын атам маған: «Қоңыр жорғаны алғашында еркіне жібермей, тізгінді тарта ұста. Екі жақтағы үзеңгіге табаныңды тең тіреп, сәл шалқалап, оңға, солға дене салмағыңды ауытқытпай, тіп-тік отыр. Бір айналған соң аттың еті қызып, еркін жорғалағысы келеді. Сол кезде тізгініңді тартпай, еркіне жібер. Бірақ қамшы салушы болма. Қыстап қойсаң, алғашқы арында тым қатты кетіп, бойын алдырып қояды. Ең соңғы айналымды жарымдап қалғанда қамшы үйіріп, тебінсең болады» деген болатын.Мен жорға жарысы барысында атамның тапсырмасын орындауға тырыстым.Алайда қоңыр жорға атамның айтқандарын менен бұрын өзі орындағанын байқадым. Қоңыр жорға ел аузына «Сужорға» атанып ілінген. Оның мәнісін атамнан сұрағанымда:
– Іле дәриясына құятын өзендердің бірі Қас өзенінің ағысы қатты, оны Таңжарық ақын: «Мас қалмақтай атқа шапқан» деп теңеген.Текіректеп жорғалайтын аттардың аяқ алысын сол Қас өзенінің ағысына ұқсатуға болады. Ондай жорғалар жарыс барысында жорғасынан танып қалады. Ал Іле дәриясына құятын Күнес өзені жылып ағады. Бала жатқан бесікті ақырын тербеткендей, екі жағалауға ырғала шалқып, бір қалыпты жоси береді. Біздің қоңыр жорға Күнес өзенінің ағысына ұқсап жорғалайды. Жарыс барысында жорғасынан танбайтын аттарды – «Сужорға» дейді екен. Осы жолғы жорға жарысында атамның қоңыр аты бәйгеден келіп бәрімізді қуантқан болатын. Осдан кейін атам оны қинай бергісі келмеді ме, қоңыр атын жорға жарысына қатынастырмады.
Атам коммунаға малын өткізген кезде мен Шинжаң университетінде оқып жүр едім. Қытайдағы «стил түзеу» науқанының кесірі әсіресе әдебиетшілердің сорын қайнатты. Төбелерінен жасын түскендей болды. Түрмеге жабылып, сүргінге айдалып, оңшыл, ұлтшыл, бұзық элемент, халық коммунасына қарсы, жер иесі, мал иесі, отан сатқыны делініп, халық жаулары молайды. Сол кездегі саяси науқанның ыңғылына қарап, мен нағашы әкеме де, туған әкеме де хат жазып: «Халық коммунасына қарсылық білдірмеңдер, малдарың – жандарыңның садақасы болсын. Бұл науқан жалғыз сіздердің бастарыңызға келген жоқ. Бүкіл елдің басына түсті. Совет одағы ұжымдастыру кезінде қарсылық білдіргендер жақсылық таппапты. Сақ болыңдар…» дегенмін. Бірақ туған әкем Мырзабай сақтана алмай, халық жауы болып бетке шықты. Нағашы әкем сақтанып аман қалды. Бәлкім тап талдауда орта шаруа, қолөнермен таңбасы басылып, апаттан аман қалған болар. Атамның ағасы Сқақтың балалары Ұландар зәңгі мен үш аймақ төңкерісінің офицері Алиясқарлар «бай шаруа» атанып, қанаушы тап таңбасы басылыпты. Ал үш аймақ төңкерісінің батыры Ажыбек кедей отбасынан шыққандықтан, аман екен. Ол өзі де үкімет, партияға, көсемге қарсы тұрмақ түгіл, топ бастығына да қабақ шытпайтын мақылбай болғандықтан, қақты-түрткі көрмеген. Бірақ оны да алдап-сулап, байларға қарсы қойып, белсенділер қатарына тартып жатыпты. Оны коммунаның көнпіс өгізі етпекші көрінеді. Мүмкін ол солардың жетегіне кетер…
Ал Теміртаудағы жерлік әдіспен болат қортқан жердегі қимыл-әрекет тіпті де күлкілі еді. Кәдімгідей екі метр тереңдіктегі ор қазылады да, руда тасты балғамен шағып, соған салады. Сонан соң тау орманына өрт қойғандай қирата кесіп, шөлкелеп жарып, ұраның ішіне от жағып руда тасты өртейді. Соның жұмысына кәрі-жас, ер-әйел, қыз-қырқын демей, күнді түнге жалғап, қарлы боранға да қарамай жұмыла жүгіреді. Жабыла жанталасып істеген еңбек, төгілген қан-тер ақталмайды. Шала балқыған руда тас қара күйік болып қала береді. Сонымен қытай Англиядан болат қорытуда озбақшы болды. Коммунаның меншігіне өткен қалың мал қынадай қырылып сойылып жатты. Еңбекшілер асылған етті, сорпаны тайқазаннан таласа-тармыса ішіп-жеп қарындары тойғанға мәз болды. Жеті атасы татып көрмеген қытайдың «жүн-жүн» арағы түң-түңімен Теміртауда исі қолқаны жарып, жастар да, орта жастағылар да, ер-әйел демей, шарапқа тойып алып, қарлы тауда улап-шулап, шоршақтап билеп, ән айтып, жыр жырлап, «Орыстардың қойған аты Юан менен Степан, ішіп жібер, тартып жібер өзіңе келген стакан…» десіп жүн-жүнге шомыла сілтейді. Масаңдағандар құлап қалып, тас шағу міндетін орындай алмай, сөгіс естіп, күреске тартылып жатады екен.Таудағы еңбекшілерге азық-түлік жеткізушілердің жағдайы тіпті қиын.Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алғандай, қарлы боранға, көммунаның үдей соққан құйыны еңбекшілердің алқымынан ала түскендей болады. Азық-түлік таситын сай жолын қалың қар басып, көшкін түсіп, жол бермей қалады. Ат-көліктер қарға қамалып жолда қалады. Қақаған суықта тауға жете алмай қалғандар үсіді. Болат қорыту жоспарын орындай алмаған коммунаның бастықтары сын естіп, жазаланып та жатады. Мұндай көзсіздікпен болат қорытып, Англиядан асып түсуге дәмелену бүкіл қытай еліндегі қыңыр кеткен қырсық еді.
Нағашы әкемнің жиырма жыл тақымына басып мінген қоңыр жорға атының бурыл тартқан шағында коммунаның көнпіс көлігі болуы оған аса ауыр тиді. Атамның алақанындағыдай күтім қайда оған. Әлгі үш аймақ төңкерісінде батыр атағын алған Ажыбек таудағы еңбекшілерге азық-түлік тасушылардың топ бастығы болып, қоңыр жорға соның астына түседі. Ол оны өзі ғана мініп жүрмей, үлкен көн қоржынға 100 килограмм тұз салғызып, соны артып үстіне мінген. Ажыбек бастаған бірнеше жігіт Нөсер сайының басына жақындағанда, қарлы боран бет қаратпай, қия беттен көшкін түсіп, ат-көлігімен төрт жігіт көшкін астында қалады. Ажыбек пен екі азамат көшкін қардың шетінде аман қалады. Ал тау басына жетудің мүмкіндігі болмай, олар түн ортасында ауылға қайтады. Таңға жуық Ажыбек ағасы Жұмабектің үйіне әрең жетіп, қоңыр жорғаны алды ашық лапас қораға байлай салады. Бозашы Жұмабек коммуна құрылғалы тарыдан тарығып, өзі де, өзгелер де бозаға жарымай сүлкіні түсіп жүреді. Әйелі Үрім коммунаның асханасында істеп, Жұмабек тайқазанға жағатын отынды жару сынды жұмыста екен. Оның кенже інісі Нұрыбек таудағы жапалы еңбекте. Кедейшіліктің кесірінен екі інісі де жасы келгенімен үйлене алмаған. Кедейшілік олардың ыңыршағын кейін кетіріп жүреді. Коммунаның шаңырақ көтеруі – кедейлерге демеу болып, Жұмабектің отбасы ас-суға жарып қалған.
Таң белгі бергенде, нағашы атам далаға шығып, қора жаққа көз жүгіртсе, коммунадан жеке меншікке тиген тобылғы торы тай мен сарала тайыншаның маңында қоңыр жорға ат сенделектеп, жығыла жаздап тұр екен. Басында қайыс ноқтасы бар, үзілген қайыс шылбырын сүйретіп келіпті. Атамды көріп оқыранып, қоңыраулата кісінейді. Атам оның жаны қиналып тұрғанын байқапты. «Ой, жануарым-ай! Басыңа не күн туды екен? Ажыбек туысымның астына түскеніңде қуанып едім, ол өзгелерден гөрі жай-күйіңе қарайды ғой деп едім.Үш аймақ төңкерісінің батыры да сенің қабағыңа қарамағаны ма? Пай-пай, заман-ай! Адамның басына түскен ауырлық малдың басына да түскені ме?» деп атам қоңыр жорғаның мойнынан құшақтайды. Аты атамды иіскеп қойып, басын иығына сүйеп, кәдімгі адамша ауыр күрсінеді. Атамның жылқыдағы тұтқұйыл пайда болатын аурулардан хабары бар еді. Қоңыр жорғаның әлде қайдан шылбырын үзіп келгенін мөлшерлеп, Жұмабектің қорасы жақтан келгеніне көзі жетеді. Атының жан күйзелісіне қарағанда, өте ауыр жүк көтеріп, шектен тыс күш келгендіктен, ішегі түйіліп, тышқан болып қалғанын байқайды. Бұл ауруды атам қалай емдеуді де білетін. Ойланып көріп емдеуді бастағанша, қоңыр жорға құлап қалады.
Таң атып, көкжиек қанталағандай болып, көтерілуге дайындалған күннің алауы жалқын атады. Атам қайтерін білмей абыржып, атының көзіне қарапты. Жанталасып қиналған жануардың кірпігі жыпылықтап, көзінің жасы мөлт-мөлт етеді. Арт-артынан ауыр-ауыр күрсінеді. Жиырма жылдық серігі қоңыр жорғаның көзінің жасын көріп атам да көзіне жас алады.Атты енді емдеудің қажеті қалмағандықтан, адал өлсін деп, бауыздайын десе батылы бармайды. Оның үстіне өзге ешкім жоқта бауыздап тастаса, коммунаның малына қастандық жасаған болып, пәлеге қалуы мүмкін. Атам не істерін білмей, дел-сал болып тұрғанда, атты іздеп Ажыбек келе қалады. Ол атамнан жай-мәністі ұққан соң ай-шайға қарамай, қоңыр жорғаның алқымын орып тастайды.
– Ой, қарағым-ай, сенің келе қалғаның жақсы болды, келмесең қоңыр жорға арам өлетін еді, бауыздауға қолым бармай тұрған еді, – депті.
– Мен үш аймақ төңкерісі кезінде, ат тұрмақ, талай қытайды бауыздағанмын. Қантөгіс адамды батырлыққа, батылдыққа баулиды екен молда ата, – дейді Ажыбек
– Саған сөз келіп жүрмей ме? Астына мінген атын зорықтырып өлтірді, туысының қорасына апарып, әдейі сойып берді демей ме?
– Кім менен есеп алып, сұраққа тартады дейсіз? Ат түгіл төрт адам қар көшкіннің астында қалды. Орманды қиратып от жағып болат қорыту адамның ақылына симайтын қисынсыз қылық істеп жатырмыз Теміртауда.
– Айтқаныңның жаны бар. Ол түсінікті сорақылық. Бірақ бұл әпербақан науқан туралы байқап сөйлемесең, пәле тауып аласың балам.
– Мен кедейлер қоғамының сенімді мүшесімін. Үш аймақ төңкерісінің алтын өрденді батырымын. Партия мен үкіметтің маған тісі бата қоймас молда ата? – дейді Ажыбек аға.
– Әй, қайдан білейін қарағым, «Қызыл тіл, тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген тәмсіл сөз бар, үш қызыл туға қарсы болғандарды қызыл, қарасына қарамай жазалап жатпай ма? – деп атам басын шайқайды.
Дәл сол күні түнде, Шинжаң университетінің жатағында жатып, түсіме атамның қоңыр жорға аты кіріпті. Оның қылаң түктері көбейіп, бурыл тартыпты. Бұрынғыдан гөрі шөгіп аласарған екен. Қоңыр жорға Күнес өзенінің жаға жарынан құлап тасып жатқан суға кетіп құйға батады. Соны көріп тұрып шошып ояндым. Өңім бе десем, түсім екен. Қорқынышымды әрең басқанмын.
Сонда көрген түсімді үйге барғанда атама айтып едім, атам:
– Болжал түс көрген екенсің балам, қоңыр жорғаның жаға жардан құлап, Күнес өзенінің құйына шөгіп кеткені – оның өліміне тура келіпті, – деді. Бұл менің өмірімде шынайы болған оқиға мен жазушылықпен шұғылдану барысында қоңыр жорғаның бауыздалу кезінде иесімен қалай қоштасып, көзіне жас алғанын, оның ішкі жан дүниесінің терең тербелісін шығармаларыма сіңіруге тырыстым. «Ұлы көш» романымда, Жарылқасын болыстың Қытайға қарай бет алған босқын көші бір бұлақтың бойында дамылдаған кезде ақтанкер бәйге атына жылан тиіп өлер алдында, ол да иесімен қоштасып көзіне жас алады. Жарылқасын атын бауыздауға батылы бармай, бәйге аты арам өледі. Босқын көштің адамдары ашыға бастаған еді, сол жағдайда Қабылжан молда шариғаттың бір бұтағына сиғызып, «ашыққан адам биіктегі нанға бойы жетпесе, аштан өлмей, астына құранды қойып нанды алып жеуге болады» делінген шариғаттың бір бұтағында. «Ал ашыққандар бауыздалмаған аттың етін неге жеуге болмайды?» – деп пәтуа айтып, ақтаңкер аттың етін аштардың асып жеуіне жол қойған. Мен бұл оқиғаны ойдан құрастырдым. Ол жазушының жасампаздығына жатады. Демек, шығарма өмірден осылай туады.
Телқара өзенінің теріс аққаны, аққудың көгілдір балапанының көкдолы толқындарда ағып бара жатып, биікке көтерілгені де – менің сәби кезімде көзіммен көргенім болатын. Оның өмір бойы көз алдымнан кетпейтіні де сондықтан болатын.
МАХАББАТ ПЕН АРПАЛЫС
1961 жылы Шынжаң университетін тауысып, туған жерім Күнес ауданына төте тарттым. «Жаншұғыла» жорналы, «Шынжаң» мен «Іле» газеті жұмысқа алмақ болып еді, ол орындарға қалғым келмеді. Оның себебі: сол жылы Қазақстанға заңды паспорты барлардан ішінара кетіп жатқандар болды. Мәселен, Шынжаң университетінің тарих-жағрафия факултетінде оқыған Бақытгүл деген қыздың Тарбағатай аймағындағы отбасы Қазақстанға кетудің әзірлігін жасап жатыпты. Университеттің сенбілік сауық кешінде Бақытгүлмен бірге вальс биін билеп жүріп:
– Сен отбасыңмен бірге Қазақстанға кетесің бе? – деп сұрадым.
– Кетемін, – деді ол.
– Мені де ала кетпеймісің?
– Қайтіп?
– Екеуміз тұрмыс құрсақ, сендердің заңды паспорттарыңа тіркелуге болады ғой?
– Қызық екенсің маған ғашық болып қалғандай-ақ!..
– Саған ғашық болмасам, сенімен тұрмыстану туралы ауыз ашамын ба? Өзің ше?
–Маған сенен бұрын ғашық болған жігітім бар, Бежінде оқып жатыр. Ол менің Тарбағатай орта мектебіндегі болатын. Онан Қазақстанға кету, кетпеу туралы жауабын әлі алғаным жоқ. Соның жауабын күтуім керек. Сонан соң сенің талабың туралы ойлануыма болады, – деді ол. Мен Бақытгүлге ғашық болып қалғаным өтірік, бірақ онымен үйленіп алсам, Қазақстанға кетуімнің жолы ашылар ма еді деген есекдәме болатын. Енді бір жағынан, мені алақанына салып асырап, өрлеп оқуыма жағдай жаратып берген нағашы әкемнің үйін ұстап отырған тоқалы Қаншайым шешеміз сол жылы қайтыс болған. Ол кісінің төркінінен асырап алған баласы Жақыпбек коммунаның еңбегінен босай алмайды. Нағашы әкем абажадай үйде жалғыз қалып, ұзатқан қыздарының бірі Несібелдіні алып келіп, ол кісі әкесіне ие болып тұрыпты. Несібелдінің екі қызының үлкені Алтынхан Іле педагогикалық техникумда оқып жатқан. Нағашы әкем мен Несібелді екеуі келісіп мені Алтынханмен тұрмыстандырмақшы болады екен. Мен Күнестегі үйге барғанда, нағашы әкем маған өзінің ойын айтты. Не дерімді білмей сілейіп отырып қалдым. Жүрегімнің еркіне жүгінсем, «болмайды…» деп тұр. Нағашы әкем алысты ойлайтын сезгір кісі емес пе, менің жүрегімнің лүпілін сезе қойып, қайтіп маған жиен қызын көлденең тартуды қойды. Шындығына келгенде, Несібелді менің туған шешем Нұрқияның сіңлісі, ендеше Алтынхан екеуміз бөлеміз. Қанымыз өте жақын. Қазақтың: «жеті атаға толмай тұрып, қыз бен жігіттің қосылуынан дүниеге келген ұрпақ сапасыз болады, денсаулығы, ақыл-есі қалыпсыз келеді» дегеніне қайшы екенін мен де ұғынғамын. Сол үшін Алтынханмен үйленуге ат-тонымды ала қашқанмын.
Ал, әлгі университеттің сауық кешінде бірге билеп жүріп сөз салғаным Бақытгүл де Тарбағатайдағы отбасымен бірге кетерінде маған хат жазды. Мен нағашы әкемді тастап, Бақытгүлдің артынан еруді арым көтермеді де, Қазақстанға кетудің жолы кесіліп қалды. Қыс ортасында нағашы әкем жүрек ауруынан қайтыс болды. Сөйтіп Күнес аудандық 1-орта мектептің әдебиет пен қытай тілі сабағын беретін мұғалім болып, жұмыс істеп жүрдім. Іле педагогикалық техникумды бітіріп, Сақыпжамал деген қыз да менімен бірге 1-ортада математика сабағын беретін мұғалім болып жұмысқа тұрды. Менің аккардион, доқыротка музыка аспабын ойнай алатындығымнан мектептің сенбілік сауық кешінің думанды өтуіне септігім тиіп жүрді. Сауықшыл жас мұғалімдер мені жақын тартып, айналама ұйыса бастады. Намаз дейтін мұғалім домбырашы болатын. Қабдеш деген мұғалім әнші, татар жырларын жақсы жырлайтын. Ахмет, Ізбасар, Сақан, Гүлзат, Мәриям атты мұғалімдер де сауықшыл, ән-биге құмар жандар екен. Сақыпжамал да ән айтып, жыр жырлауға, биге болып тұр. Әсіресе қаражорға биін недәуір мықты билейді. Орта мектептің 9-10-сыныбында оқып жатқан оқушылардың ішінде ойын-сауықтағы оншақты бала бар. Олар да сауық кештің нәрін кіргізетін. Сыламхан деген қырықтар шамасындағы кісі оңшыл-ұлтшылдыққа қарсы тұру науқанының қақпанына түсіп, жазаланып, өлке даражалы өнер саласындағы мансабынан алынады. Жығылған үстіне жұдырық болғандай, өзінің қол астында істейтін Қабиба деген әнші келіншекпен көңілдес болып бірі әйелінен, бірі күйеуінен ажырап, жаңа шаңырақ көтереді. Екеуінің бұл ісі стилдік қателік болып, бұлар Үрімжіден қудаланып, Күнес ауданына атбасын тірейді. Сыламханның ән сөзін жазатын ақындығы, композиторлығы да мықты, баритон дауысты әнші, көп кітап оқыған мол білімі бар, қазақтың арғы-бергі мәдениет, әдебиет, өнер тарихын, музыка, музыка аспаптар тарихын жетік білетін адам еді. Мен сол кісімен үйір-айқас болып қалдым. Үйлеріне жиі-жиі барып, әңгімесін, әндерін тыңдап, шарапаты тие бастады маған. Біздің мектептің сауық кештеріне келіп, әйелі екеуі ән шырқап, сауық кештегілерді қайран қалдырды. Оларды орта мектептің оқытушы-оқушылары арқылы хабар тапқан қала тұрғындары қонаққа шақырып, әндерін естуге құмар болып қалды. Ән айтқанда мен акардионмен сүйемелдеп, қонаққа шақырған үйлерге менде ере баратын болдым. Сөйтіп, Бестөбе қаласын Сыламхан мен әйелі Қабиба бастағандар жүрген жерін думандата бастады. Осы кезде 1-орта мектептің директоры Сыламжан мен қала бастауыштың директоры Молдан екеуінің отбасы заңды паспортпен Қазақстанға көшіп кетті де, 1-орта мектепке Құлжа қалалық қазақ орта мектептен Досымбек деген кісі келіп, директор болды. Бұл адам үш аймақ төңкерісінде полковник шенін алған Нүсіпқан Конбаевтың үшінші ұлы екен. Ол акардион тарта білетін, тәп-тәуір ән салатын сауықшыл адам еді. Сыламхан бастаған топқа Досымбек те қосыла кетті. 1-орта мектепте әдебиет сабағын беретін ақын мұғалім Дәуітбек Азаматов Шинжаң университетінің ұйғыр тіл-әдебиет факултетінде жазушы Жақсылық Сәмит, Оразқан Ахметтермен кластас болыпты. Олар тарымға кетіп, Дәуітбек алақұйын қызылдау болғандықтан стиль түзеу науқанының апатынан аман қалып, Күнеске бөлініп келіп, ақын атағымен шалқып жүріпті. Оның газет-жорналдарды жарық көрген өлеңдері қып-қызыл болатын. Өзі өте мақтау сүйеді. Бөспелігі, құйындай ұйтқып тұратын алкеуделілігі болғандықтан, Сыламхан бастаған біздің тобымыз онымен жұмыс барысында болмаса, онша араласпайтынбыз. Мектептің ойын-сауығына лайықты шағын коммедия жазып беруді мектеп басшылығы Дәуітбек екеумізге тапсырғандықтан, «Сегіз ертең», «Бес бажа» деген коммедия жазуда Дәуітбекті қатарыма алдым. Оның науқан кезінде қызыл билікке бүйрегі бұрып кететіні болмаса, аңқылдақ ашық ауыздығы да бар. Жасырар-жабары жоқ, аузын ашса, көмекейі көрінеді. Шинжаң институтында оқып жүрген кезінде белсенді болғанын, Қажығұмар, Жақсылық, Оразқандардың үстінен сайрағынын өзі айтып мақтаныш ететін сонысын. Тарымға сүргін болғандарды жатып кеп жамандайтын. Оған келіспесең, өре түрегеліп, жауласуға дейін баратыны айдан анық. Сондықтан мен онымен сөз таластырғым келмейтін. Бас изеп қойып, сөзін үнсіз тыңдайтынмын.
Бұл кезде Қытай халық республикасы мен Совет одағының арасын алшақтататын жік кеткені байқалды. Қатайда бір мезет жылымық саясат төбе көрсетіп тұрған. Коммунаға малын өткізуде белсенділік танытқан байларды да ішке тартып, «ынтымақтасуға болатын барлық күштермен ынтымақтасу» деген ұлы көсемнің нұсқауы насихатталды. «Америкаға қарсы тұрып, Кореяға көмектесу» туралы орталық комитеттің жарлығы шықты. Тарбағатай аймағындағы атақты бай Башпай Кореяға бір соғыс айропыланын көмекке атап, мыңғырған төрт түлік малын тігерге тұяқ қалдырмай, коммунаға қосып, алға басар демократ болып, атағы жер жарған. Күнес ауданында Сабырқан деген бай да ұжымдасу тұсында белсенділік танытқаны үшін партияның қойнынан жылы ұя тауып, сонда паналаған. Соның Күнес ауданының 1- орта мектебінде оқыған қызына Дәуітбек ақын ғашық болып қалған ба? Байларға ала көзімен қарап жүрген ол: «махаббат соқыр екеніне көзім жетті» деп сол қызбен үйленіп алды. Күнестің Алмалы аулына қарасты «Алға» фермасына ылғи байлардың басын құрап, ұжымдастырып, Сабырқанды соның билігінің құрамына іліп қойыпты. Дәуітбектің қайын атасы ферманың бетке ұстаған алғабасар белсендісі болған соң Дәукең соған ісіп-кеуіп жүрді.
Ал мен, мектепке жаңа келген математика мұғалімі Сақыпжамалды жақсы көріп қалып, оның ой-өрісін, мінезін, білімін, адамгершілігін, ақыл-зейінін бақылап, сынасып жүргенмін. Ол да мені пайымдап байқап, тегімді, кісілігімді, опалы болу-болмауымды ақыл таразысына салып жүргенін аңғардым. Бір күні мектептің сенбілік сауық кеші өтті. Басында мен акардион тартып қаражорға биінің музыкасын ойнадым. Сақыпжамалды орталау мектептегі сабақтасы Мәриям қаражорға биіне тартты. Сақыпжамал сәл бөгеліп барып, алдыға шықты да, биді әріне келтіріп әдемі орындады. Мәриям да жақсы сәйкесті. Ду қол шапалақ соғылып, оқушылар жас ұстаздарының өнеріне тамсанысып қалды. Арада атақты әнші Сыламхан мен әйелі Қабиба ән шырқап, тыңдарманын тіпті де қайран қалдырып, мектеп залын думанға бөледі. Соның соңынан мен жазған «Бес бажа» комедиясы қойылып, залдың іші қыран-күлкіге көмілді. Комедияның оқиғасы – бір қыз бес жігітпен сөз байласып, бәріне уәде беріп, кездесуге шақырып қояды. Бес жігіт те қызға жолықпақшы болып, бір күні кеште үйіне келеді. Қыз бесеуінің қайсысына еріп кетерін білмей, ал жігіттер қызға таласып, төбелеседі.
Сенбілік сауық кештің соңын ала акардионды мектептің директоры Досымбек ағайға ұсындым да, өзім Сақыпжамалды биге тарттым. Бұл жолы екеуміз одиношка биіне биледік. Бұл биді мен студент кезімде үйренгенмін. Ол кезде сабақтасым Гүлзада екеуміз бірімізді біріміз тартып билеуші едік. Сақыпжамал Құлжада оқып жүргенде үйренген екен. Бұл биді Сақыпжамал екеумізден өзге Күнесте ешқайсысы білмейтін. Әсіресе менің осы биді жоғары деңгейде билейтініме мектептің оқушы-оқытушылары мен сауық кешке келген қала тұрғындарының аузы аңқайып қалды. Өйткені мен университетте оқып жүргенде, орыс тілі факултетіндегі мықты биші мұғалімнен үйренгенмін. Гүлзада да солардан үйренген. Ал қаражорға биін орындауда Сақыпжамал сауық кешке келгендерді қайран қалдырды. Екеуміз көбірек бірге биледік. Сол кештен бастап, Сақыпжамал екеуміздің жүрек соғысымыз тоғыса бастады. Оңашалана қалсақ сырласып, бала кезімізден бергі басымыздан өткенді айтысып түсінісудің табалдырығын алғашқы рет аттадық.
Біздің үй Телқарадан Жаутоғайға қоныс аударған тұста, оның үйі Жаутоғайға жақын тау етегіндегі Алмалыда отырған екен. Оның ұлы әкесі Сейітжан зәңгі немересінің алды Сақыпжамалды үш жастағы кезінде қонаққа ертіп барып, қойдың құлағын кесіп беріп, дәніктірген көрінеді. Сейітжанның әйелінің тігін машинасы бұзылып қалып, соны менің нағашы әкем Рыскелдіге жөндетіп алуға біздің үйге келіпті. Сонда Сақыпжамал атасына еріп барған екен. Ол кісілер бұрыннан таныс сияқты. Сейітжан зәңгі күні түсіп, үйіне арнайы келген соң Рыскелді оның тігін машинасын бір жетіге жеткізбей жөндеп қояды. Сонан соң Сейітжан адам жіберіп, Рыскелдіні арнайы қонаққа шақырады. Атам мені ертіп алып, Сейітжанның үйіне барған. Секең бір бағыланын сойып, атама қонақасы берген екен. Бағыланның басы алдына келгенде, атам маған бір құлағын, Сейітжанның немересі Сақыпжамалға бір құлағын беріпті. Сол күнгі дастарқан басында бір бастың екі құлағын екеуміз жегеніміз үш жастағы Сақыпжамалдың есінде қалыпты. Мен сонда алты жаста едім.
Мектептің сауық кешіне жиналғандар тараған соң Сақыпжамал екеуміз семьялылар үйінің артындағы бақшаға барып, сырласқанымызда бала күнімізде бір бастың екі құлағын екеуміз жегенімізді ескертіп сылқ-сылқ күлді. Оның бала кездегі бейнесі менің көз алдыма келді. Кекілі қасына таяу қысқарған, тұлымы иығына жетіп тұрған-ды. Көршіміз Сәлім ноғайдың кішкене қызы Динара сияқты момақан, сүйкімді, құралай көздерінен мейірім нұры ұшқын атып тұрғаны қазір де өзгермепті. Сақыпжамалдың сол момақан, сүйкімді қалпынан өзгермегенін іштей түсініп тұрмын. Жақсы көрген адамыңның бар қылығы жарасымды, жағымды сезіледі екен. Біздің бақшада сырласқан кешімізде ай сүттей жарық, жұлдыздар сайрап тұрды. Бақшада алуан түрлі гүлдер ашылып, көк майса, жасыл шалғын жетілген мезгіл еді. Сақыпжамал екеуміздің махаббат қызығына батқанымыз сол айлы кештен басталды…
Сол күні ұйықтар алдында, «Гүлге де бірақ нұр керек» атты үш шумақ өлең ойыма оралды:
«Гүлге де бірақ нұр керек,
Қараса көздер таласып.
Жас дәурен гүлі бір бөлек,
Ашыла алса жарасып» деген соңғы шумағы еді. Сақыпжамал бұл өлеңнің ойын түсіне қойып:
– Сен өлеңді астарлы жазасың, гүлге қажет күн болса, оған жылу, ылғал да керек қой. Өсімдік атаулы осы үшеуінсіз тіршілік ете алмайды емес пе? Ал жас дәуреннің гүліне не керек? – деді.
– Жас дәуреннің гүлі ашылу үшін де – табысқан қыз бен жігіт біріне бірі опалы, адал, кісіліктің нұры түспесе, махаббаттың гүлі ашыла қоймас, – дедім мен. Ол өзі өлең жаза алмаса да, көркем әдебиетке құштар, ақын жанды екен. Менің орта мектептегі сабақтасым Жұмасейіт осы кезде Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық техникумның мұғалімі еді. Мен Шинжаң университетін тауысып, Құлжаға келгенімде Жұмасейіттің үйінде бір кеш болғанмын. Ол Сақыпжамалдың мұғалімі, класс жетекшісі болыпты. Сол маған:
– Менің Сақыпжамал дейтін оқушым Іле педагогикалық техникумды бітіріп, өзінің ауданына бөлінді. Өте ақылды, зейінді, моралды қыз. Мен оны мектептің кітапханасына жауапты етіп, бір кілтін ұстатып қойғанмын. Оқушылар сабақтан тыс кезінде, Сақыпжамал кітапхананың есігін ашып беріп, иешілік ететін. Өзі де тапжылмай отырып, кітап оқитын. Оған сөз салып үміттенген жігіттердің ешқайсысын ұнатпады. Махаббатқа да талғампаз, ербең-сербең көрсе қызарлығы жоқ. Ол өзі қызайдың дәуіш руының зәңгісі болған Сейітжанның үлкен ұлы Матқабылдың жалғыз қызы екен. Оны ұл орнына балап, еркелетіп өсіріпті. Бірақ Сақыпжамал отбасының ақылды еркесі болып өсіпті. Кестешілік, тоқыма тоқу, киім тігіу, ою-өрнек жағына да шебер болыпты. Алда-жалда Күнестегі жігіттердің бірі қағып кетпесе, сен менің сол оқушымды қолыңа қондыра алсаң, әйел затындағы ізгілікті сонан табасың, – деген болатын.
Мен Күнес ауданының орталығы Бестөбе қаласына келе салып, оқу-ағарту, мәдениетке жауапты аудан әкімінің орынбасары Әбдіқасымға барып жолықтым. Бұрынғы әйелі қайтыс болып, кейінгі алған әйелі Күлән маған жақын туыс еді. Күләннің үлкен әкесі Шалтабай деген адам Сақыпжамалдың үлкен әкесі Сейітжанның қарындасын алыпты. Осындай ілік-шатыс қарға тамырлы қазақылық болған соң, Әбдіқасым Сақыпжамалды аудандық 1-орта мектепке оқытушылыққа орналастырып, өзінің үйіне жатқызыпты. Маған:
– Сен әзірше оқу-ағарту бөлімде істей тұр, егер мұғалім болғың келсе, 1-орта мектепке орналастырамын, – деді. Мен мақұл болдым. Бұл кезде менің нағашы әкем қайтыс болған кезінде Үрімжіден келіп, жерлеп қайтқанмын. Ие болып отырған қызы Несібелді де өзінің үйіне қайтып кеткен. Нағашы әкемнің тоқалы Қаншайымның төркінінен асырап алған Жақыпбек өзінің туған әкесінің үйіне барып алыпты. Нағашы әкемнің иен қалған үйін сатып жібердім де, өзім мектептің бойдақ мұғалімдерімен бірге жатаққа жаттым. Ал менің туған әкем Мырзабай халық жауы болып, коммунаның еңбекпен өзгерту алаңында істеп жатыпты. Бала-шағасының да хал-жағдайы мүшкіл екен. Олардың маған қайыр болатын қалдары жоқ еді.
Жұмасейіт сабақтасымның таныстыруы бойынша, алғашында Сақыпжамалмен оңаша кездесіп түсінісудің орайы келмеген соң, оқу-ағарту бөлімнің қытай секратарына аудармашы болып 1-орта мектептегі жиналысқа барғанда Сақыпжамалға жазған хатымды орайын тауып қолына ұстатқамын. Мен бір кеште жатағымнан шығып, Әбдіқасымның үйінің терезесінен қарасам, Сақыпжамал оңаша бөлмеде жалғыз өзі кітап оқып отыр. Онан өзге бұл отбасында ешкім жоқ сияқты. «Мүмкін отағасы мен келіншегі қонаққа кеткен болар?» деген ойға келдім. Менің есіме бір-екі шумақ өлең оралды:
«Ай сәулем баяу жылжып күн өтті,
Ой түбіне қойдың ба орап тілекті?
Сәл айқасқан ұзын қара кірпіктер,
Аш мысықтай жатыр тырнап жүректі.
Ұсынғанда пәк жүрегім дірілдеп,
Алып ең ғой күндей көзің күлімдеп.
Қайда сол бір арманымдай ақ қағаз,
Ай жамылып терезеңде тұрмын кеп?!» – деп ойыма оралған өлең шумақтарын іштей қайталап, терезе тұсында сәл іркіліп едім, соның арасынша Әбдіқасым мен келіншегі Күлән келе қалды.
– Ой нағып үйге кірмей тұрсың? – деді Әбдіқасым.
– Сіздер үйде жоқ болған соң, – дедім мен.
– Әй, сенің қызбен оңаша сөйлесуге ыңғайың жоқ-ау деймін? – деп Әбдіқасым, Күлән екеуі қосыла күлді. – Ақын деген аусар соқ, отауызды болмай ма?
– Сақыпжамал керемет жақсы қыз екен. Салқынқанды, сабырлы, кәсіпке де, жұмысқа да икемді, әдеп-ибаға, үлкенге құрмет, кішіге мейірімді екенін байқадық, – деп қостады Күлән күйеуінің сөзін. Мен не дерімді білмей бөгеліп:
– Сақыпжамалдың басары бар-ау деймін? Оған көңіл-күйімді жеткізудің қисынын таппай жүрмін, – дедім де, олармен бірге үйлеріне кірдім. Қонақ бөлмеде әңгімелесе отырып шай іштік. Сақыпжамал отырған бөлмеге Күлән кіріп, оны шақырып келді.
– Жігіт отырған бөлмеге қыз кірсе неге болмайды? – деп Күлән оған әзіл айтып жатты. Сақыпжамал үнсіз жымиып күлді де, Күләнды босатып шайды өзі құйды. Әбдіқасым менің әдеби басылымда жарық көрген өлең, әңгімелерімді, қытайшадан аударған халық жырларын мақтап, әңгіменің беталысын солай бұрып кетті.
– Екі шумақ ғана «Найзағайға арнау» деген өлеңіңіздің астарын терең түсіне алмасам да, маған қатты ұнаған, сол өлеңді жатқа ала алмай қалып едім, өз аузыңыздан да естиінші! – деді Күлән. Ойлап көрсем, ол өлең жадымда екен, айтып бердім:
«Қылыштай батыр қолда салған ойнақ,
Найзағай қара бұлтты жатты турап.
Өр аспанның төсінде шалқып ойнап,
Жалтылдап жер бетінде теңіз тулап.
Түседі найзағайдың күні кімге,
Тұрғанда өр аспанның кеудесінде.
Жарқылдап тұра бермей биігінде,
Найзағай ғайып неге жер төсінде?» – деген «Найзағайға арнау» атты өлеңімді жатқа айтып беріп едім, Сақыпжамал маған тесіле қарап, қабағын жазып, ойға шомып отырып қалды. Өлеңнің астарына ой жүгірткені бейнесінен беп-белгілі. Бірақ өлең туралы өз бағасын айтып тіс жарған жоқ. Күлән көркем әдебиетке өресі жетпегенімен, той-томалақта өйтіп-бүйтіп айтысқа қатынасып жүретін. Ол да өзінің түсінігінше, найзағай неге аспанда тұра бермей, жерге ағып түскенде ғана, ғайып болғанын байқайтыны – мансабынан қалғанда жай бұқараға күні түсетінін сезінетініне ұқсайтынын айтып, бұл өлеңді мақтап бақты.
– Сақыпжамал, сен қалай қарайсың «Найзағайға арнау» атты өлеңге? – деп еді Күлән, ол:
– Жақсы өлең екен – деп маған жалт қарады.Ойын ашып айтқысы келмеді.Алғашқы махаббаттың балапан құсы ұясынан осылай ұшып, Сақыпжамал екеуміз түсінісе,сырласа жүріп,табысқанбыз. Жүректе қоздаған махаббат қоламтасы бастабында жасырын тұтанып, бірімізді біріміз толық түсінген соң жалыны лап бергендей болған. Сақыпжамалға ғашық болып, қолы жетпей қалған бір сабақтасының жынданғанын өзінің мұғалімі Жұмасейіттен естігенмін. Маған да ғашық болып, хат жазған қыз да болған. Сақыпжамал екеуміз де олардың ешқайсысына мойын бұрмай, тағдыр бізді табыстырған. Біздің таабысқанымызды көре алмағандар да болды. Ондайлар екеумізбен жауласып та бақты.
Біздің түтініміз түзу ұша бастағанда, Қытайдағы бір мезгіл босаңсыған жылымық саясат қаһарына қайта мінді. Бұрын ауыз жаласып тұрған қытай билігі мен одақты сұраған орыс билігі шекісе қалды. Бірін-бірі жамандап, қытай билігі: «Совет одағы Марксизім-Ленинзімге опасыздық жасады, түзетімпаздар» десе, одақтың билігі: «Қытайлар – догматизімнің сойылын соқты, асыра сілтеуші асқан солшылдар» деп екі жағы жағаласты. Ал қытайлар коммунаға тапсырылған төрт түлік малды зор секіріп, жерлік әдіспен болат қорытамыз деп қанадай қырды. Соның кесірінен тайқазандағы тапшылық асқына түсті. Бүкіл елді жоқшылық, аштық жайлады. Етсіз, майсыз қызылша мен азықтанған кемпір-шалдар ісіп-кеуіп, аштан өлді. Халық жауы қалпағын кигендердің Күнестегі Нөсерсайында еңбекпен өзгеріп жатқандар лай көшкін басып қырылды. Иелері олардың сүйегін таба алмай, лай көшкінді ақтарып әлекке түсті. Осындай жағдайда біздің де шаңырағымыз шайқала бастады. Туған әкемнің халық жауы болып, таңба басылуы, менің де саяси жағынан тазалығыма кір жұқтырды. Адамдар бір ауыз сөзден қылмыс тауып, әзіл-қалжыңнан қателесіп жатты. «Көк тудың желбірегені» әннің музыкасын жазған ақын, композитор Ермұраттың әкесі Зейіпхан Күнестегі Алмалы бастауыш мектебінің директоры болатын. Қалжыңбас адам еді. Достарымен дойбы ойнап отырса, бір қарала ит қастарына келеді. Итке нан тастап, ұстап алады да, қытайларға бір кило жүн-жүн араққа сатады. Бұл тұста Қытайда арақ тапшылығы ауыр болған. Қытайлар итті сойып жеп қарық болады да, Зейіпхандар араққа мәз болып, гармон тартып жырлайды:
«Қытайларға көрім болды,
Иттің еті, сорпасы.
Біздің бүйтіп отырғанымыз,
Қарала иттің арқасы» – деп жырласа керек. Соның аяғынан Зейіпхан саяси науқанның жайылған торына түсіп қылмысты болған.Ол кісінің отбасы менің қайны атамның көршісі болғандықтан менің де араластығым қою болып еді. Әйелі босанып ұл тапқанда, шілдехана күзетіп отырып, ұлының атын Ермұрат деп мен қойғанмын. Қытайдағы мәдениет төңкерісі сіргесін жиған тұста, Ермұратты Мәдениет үйінің ойын-сауық үйірмесіне жұмысқа алғанмын. Ермұрат Қытайдан Қазақстанға келерде, менің балам Ернұр оған шақырту жасатып берген. Екеуі орта мектепте сабақтас болған еді. Қытайдан атажұртқа оралған қандастар ұлы көште осындай ниеттес, тағдырлас болды.
Қытайдағы әпербақан саяси науқандар арт-артынан туындап, ондағы қазақтардың өмір-тіршілігіне ойран салып отырды. Сол себепті атажұртқа кетуге ынтыққандар молайған болатын. Осындай жағдайда аяқ астынан Қытай мен орыс билігі қалайдан-қалай шегараны ашып тастап, кетемін деушілерге жол берді. Мал-мүлікке зиян салмай, кете беруіне тосқауыл болмады. Сол-ақ екен, солтүстік Шинжаңдағы қазақтардың құйысқаны көтеріліп, шегараға лап қойды. бұл кезде Іле қазақ облысының қытай секретары облыс бастығы ақын Құрманәлі Оспановты шегараға барып, көшкендерге бақылаушылық жасауға жұмсайды. Құрманәлі жоғарының нұсқауын мұқият орындап, бұйрық-жарлықты адал атқаруға тырысады. Сол кезде менің жерлес досым Мүтән Құлжаға тез үлгеріп келуді айтып почтадан салған хаты менің қолыма тимей қолды болыпты. Сақыпжамал отбасының жалғыз қызы болғандықтан, әке-шешесін тастап кеткісі келмей, кетуге екеуміз келісе алмай тұрған кезімізде шегара қайта жабыла қалды. Мүтәннің жазған хаты қолдарына тиген Күнес ауданының ішкі істері маған сездірмей, сырттай бақылауға алыпты. Шегара ашылған кезде үлгіріп кетіп алғандар құтылды да, үлгіріп кете алмағандар тұтылды. «Шегараны өздерің ашып тастап, біз жолға шыққан кезде қалайша шегара бекітіледі? Ашып беріңдер!» десіп, жолға шыққандар облыстық парткомның қақпасын бұзып кіріп митингі өткізеді. Бірақ оларды жығылған үстіне жұдырықтап, бастамашылық еткендерді тұтқындап, қалғандары қудалап, келген жайларына зорлап қайтарады. Әлгі өзін облыстың секретары жұмсап кетіп жатқандарды бақылауға барған Құрманәліні мырза қамаққа алады. Сөйтіп, 1962 жылғы 29-мамыр оқиғасы болып аталып қалды да, жолға шығып кете алмай қалғандар, кетуге дайындалғандар – «отан сатқыны, іште тұрып шетке байланғандар, қос жүрек» деген ат қойылып, айдар тағылып қара таңба басылды.Сол қара таңба менің жерлес досым Мүтәннің жазған хаты ішкі істерінің қолына түскендіктен, маған да басылды. Сүйген жарыммен үйленіп, жағдайымыз жақсара бастағанда, төбемізден жасын түскендей болды. Күйеуі отан сатқыны болған әйелдің де шаңырағының түтіні шалқып, оты бықси бастады. Қос жүректің әйелі де қос жүрек атанды. Бізді аудан орталығы Бестөбеден қуалап, әскери район орын тепкен, болат зауыты салынған жердегі Зекті қыстағының мектебіне бақылау астында мұғалім болуға отбасымызбен көшіріп апарды. Менің баспасөз құқығымды шектеді. 1963 жылы көктемде үш аймақты негіз етіп, солтүстік Шинжаңдағы Іле қазақ обылысына қарасты қала-қалашық, аудан, ауылдардағы 29-мамыр оқиғасында жолға шыққан, шегара аттап кетуге әзірленген аз санды ұлт зиялыларын, үкімет қызметкерлерін Зекті болат зауытының құрылысына әкеліп мыңға тарта адамды төге салды. Мұның аты үйрену дегенімен, заты мырза қамауға ұқсады. Қос жүректердің алдыңғы қатарында мен де болдым. Олай-былай кетуге, демалыс күні үйімізге баруға, ел қыдыруға да тыйым салды. Әр бөлмеге алты-жетіден жатқызып, белсенді басшы кадрлерді, бір класс қос жүректерге класс жетекшісі етіп орнастырылды. Солардың басшылығында «жүрек тапсыру» атты үйрену алты айға жалғасты. Жан сақтап қалу үшін, ендігі ары отан сатқыны болып, іште тұрып, шетті аңсамауға ант-су ішіп, жүрек тапсырып жаттық. Әйелім ауыраяқ еді, босанған күні әрең рұқсат берді. «Қатыны ұл тапқандай қуанды» деген сөз бар ғой. Тұңғышымыздың ұл болғанына жарыла қуанғанымды жасыра алмадым. Класс жетекшіміз, жүрегін жақсы тапсырған бірнеше әнші-күйшілерді бастап барып, демалыс күні кеште солардың кеңесімен сәбидің аты Ерұлан болып қойылды. Сақыпжамал отбасының жалғызы болғандықтан, Ерұланның фамилиясы Матқабыл болып туылу куәлігіне жазылды. Мен өзім де нағашы әкемнің қолында өсіп едім, ол да нағашы әкесінің бауырына басылды.
Алты айлық мырза қамауға алған үйренуіміз аяқтап, партия мен үкіметке жүрегін толық тапсыра алмаған, қателігін танымағандарға шара көріліп, мансабынан алынып, жұмыстан қуылып, партиядан шығарылып, жұмыс орнынан қудаланып, төменге түсірілді. Күнес ауданынан үйренуге қатынасқан оқу-ағарту бөлімнің бастығы Оразғали мен алты адам ғана жүрегімізді тәуір тапсырған болып, қызметтен қудаланбай аман қалдық.
1966 жылы Зекті мектебінің алдында, екінті шені оқытушылар бас қосып тұр едік, күн шайдай ашық болатын, батыс жақ қарауыта бастап, күн қанжылап, нұры сөне бастады. .
– Ойпырмай, күн күйді ғой! Бұрынғылар: «күн күйсе, кәпірдің патшасына, ай күйсе, мұсылманның патшасына қатер төнеді» дейді екен, – деп мектептің қарт директоры Расылқан даусын көтермей, күңкілдеді. Ұзаққа бармай, Қытайдың атышулы «мәдениет зор төңкерісі» дейтін саяси науқан құйындай құтырына соқты. Оның мақсаты – «партия ішіндегі ең зор құқықтыны жоғалту» деп ұрандады. Бұл ұран ұлы көсемнің үндеуі болды. Мәдениет төңкерісі басталардың алдында жұңхуа халық ресбуликасы орталық комитетінің саяси бюросындағылар қытай саясатының барысы, ықпалы қалай болып жатқандығы туралы бас қосып талқы алып барады. Үкімет төрағасы Ли Шауши мен Дың Шиаяупың бастаған саяси бюроның мүшелері түгелдей бір жаққа шығып, қытай саясатының қателігі жайлы шүйіледі. Олар: «халық коммунасының асығыс ойланбай құрылуы, зор секіру, жерлік әдіспен болат қорыту, стил түзеудегі асыра сілтеушілік халқымызға ауыр апат әкелді. Шындықты айтқандар оңшыл, кертартпа болды» деседі. Тек қана Лин Бияу дейтін саяси бюроның мүшесі мен ұлы көсем Маузыдұң ғана бір тарап болып, қарсыласқандарға қаһарлана азуын басады. Соның аяғынан үкімет төрағасы Ли Шияуши бастағандар түгелімен мырза қамаққа алынып, мәдениет төңкерісі қаһарына қатты мінеді. Төңкеріс бүкіл қытай елінде тасқан атады. Тіпті жоғарыдан төменге дейін Ли Шияуши ағымын жақтағандар – партия ішіндегі құқықтылар болып шетке қағылды. Қытайдың мұнан бұрынғы әпербақан науқандары жолда қалып, төңкеріс бүкіл ел халқын екі көзқарасқа бөліп, заупанпайлар (құқық тартып алушылар), ауқуаңпайлар (құқықтыларды қорғаушылар) болып бөлініп, қарулы қақтығыс туылып, қала-дала қанға боялды. Маузыдұңның әйелі Жаң Шиң бастаған төртеу төңкерістің негізгі ұйтқысы болды. Оңшыл, ұлтшыл, шетке байланған, бұзық элемент қалпағын кигендер де – төңкерістің қараға алған қара құбыжығы болды.
Күнес болат зауытында алты ай саяси үйренуге қатынасып, жүрек тапсырып, кеңшіліл алғандар қайта қақпанға түсті. Онысы аз болғандай, Шинжаң бойынша жалған контреволюциялық ұйымдар көбейіп, мен студент кезімде жазушы Қажығұмар Шабданның «Қазақ қарауылы» атты партияға қарсы ұйымына мүше, Іледе «Арман» атты төңкеріске қарсы ұйымның жетекшілерінің бірі болыппын. Әуелі айламен үйренуге апарып, онан заңсыз түрмеге отырғызып, сұраққа тартып, азаптап қинады. Жалған жалаға мойындата алмаған соң, терең ор (жабайы зынданға) салды. Ботқа көжені, жүгері нанды арқанға байланған темір шелекке салып түсіріп береді де, үлкен дәретімді сол шелекке салғызып, байлаған арқанмен шелекті тартып алады. Түн жарымында алып шығып, қылмысты мойындатпақ болып тергеуші сұраққа тартып, соңында арқалыққа жалаңаштап асып қойып, ұрып-соғып азаптап қинайды. Көмірдің шоғына қақтап, төске соқтырады. Соның бәрін істейтіндер қытайдың қызыл қорғаушы қыз-жігіт зиялы жастары. Ауыр соққыдан талып жығылған кезімде бір қытай қыз басымды тепкілеп, сиіп кетіпті. Сол қыз бәлкім киеме жолықты ма? Тастап кеткен жігітіне құсаланып, Күнес өзенінің бойындағы қамысты қарасудың батпағына батып өліп қалыпты. Оны маған жаны ашитын қазақ сақшы зынданға түсірерде сыбырлап айтты. Осындай қорлық-зорлықтың талайын көріп, зынданда 40 күн отырып, бақалармен де бірге болдым. Бір күні зынданның түбінде қабырғасына арқамды сүйеп отырып қалғып кеткен екенмін, добалдай қор бақа төбеме топ ете түсті. Оны бар мүлкім сынық сүйем қарындашпен ордың түбінен шұқылап шұңқыр қазып, соған түсіріп қойдым. Әйтпесе ұйықтап қалғанымда қойныма кіріп алатын түрі бар. Бір бақа аз болып, арт-артынан түсе берді. Сіркіреп жауған жаңбыр ақ жауынға айналып төгіп салды. Төбеден түскен құрбақа, тасбақалар молая берді. Өзім зынданның қабырғасындағы бір адам сиятын қуысқа паналап едім, бақалар іркілген шалшық суда қарғып-шоршып қарық болып қалды. Оларды сирағынан ұстап, 7-8 метр тереңдіктегі ордың аузынан сыртқа қарай лақтырып та көрдім, таусылар емес. Жаңбыр суы ұзаққа бармай толарсақтан келді. Қайтерімді білмей, төбеге көз салсам, аспан тұңғұйықтап түнеріп тұр. Осы кезде біреу төбеден арқанның бір үшін түсіріп, сонымен тартып мені сыртқа шығарды. Ол әлгі өзіммен қандас жанашыр сақшы екен.
– Мені саған тергеушің жұмсады. Сені тағы сұраққа тартып қинайды. Қалайда өтірікке мойындама. Атылып кетуің мүмкін, – деп құлағыма сыбырлады. Соның айтқаны рас екен. Алтай аймағындағы Қызырбек Оралов дейтін менің ақын досымды түрмеден қашқандығы үшін атыпты. Қинауға шыдамай, өтірікке мойындаған біреуге де өлім жазасын беріпті.
– Жалған нәрсені қалай мойындаймын? Өтірік мойындап өлгенше, шындықты айтып өлейін, – дедім. Тергеуші мені өтірікке мойындата алмай, жалықты ма? Қызыл қорғаушыларға тағы тапсырып еді, олар үйреншікті қинау тәсілдерін жалғастырды. Жаңбыр сейілген соң шала жансар етіп соққылап, зынданға түсіріп тастаған. Ашық күні аспанға қарасам, ақ тырналар қиқу салып, батысқа қарай тізіліп ұшып бара жатқанын көзім шалды. «Ой, дүние-ай! Анау ақтырналар сияқты қанатым, еркіндігім болса, атажұрттағы еліме ұшып барар едім-ау! Ақ тырналар сәлемде қазақ еліне! Мұндағы қазақтарды айдаһар жұтып тауысатын тәрізді» деген ойға келдім. Төбеден түскен бақаларды қайтерімді білмей дал болдым…
Бұл мезгіл 1966 жылы басталған мәдениет төңкерісі құзғындай түскен, 1970 жылдың соңы болатын. Осы кезге дейін Ерұлан, Ернұр деген екі ұлымыз, Айнұр, Жазира деген екі қызымыз дүниеге келген. Әкелері түрмеде, зынданда отырса, шешелері бақыдауда болса, олардың көрген күні қандай екені айтпасам да белгілі ғой… Төрт жастағы кезінде Айнұр әйелімнің шешесімен еріп келіп, түрмедегі менің жуылған киімдерімді алып келіпті. Түрмеге қарайтын сақшы есікті ашып, киімді маған өзі беріп, оларды кіргізбеп еді, Айнұр мені есіктен көре салып, сақшының борбайының арасынан жүгіріп өтіп, менің мойнымнан құшақтай алып қатып қалыпты. Сақшы:
– Ойпырмай, мынау не деген өжет бала еді! – деп жағасын ұстаған. Мен де баламды сағыныштан көзімнің жасын тия алмадым. Ал Жазира ол кезде бесікте еді. Өмір мен өлім тай-таласып, түрмеде, зынданда отырсам да, асқан зұлымдыққа қарсы астарлы мысал жазудан бас тартпадым. Қытайда түрмедегі саяси қылмыстылардың идеясын өзгерту үшін Маузыдұңның төрт томын оқуға, көсемді, партияны, үш қызыл туды жырлап шығарма жазуға жол қоятын. Маған да көсемнің төрт томын беріп қойды. Билікті жамандап жазсаң пәлеге қалғаның. Мен түрмеде, зынданда отырып, «Құдықтағы бақаның арманы», «Алжыған аю», «Бәбісек – патша», «Сасық қоңыздың мансапты болуы», «Құтырық ауру» деген мысалдарды темекі қағазға жазып, кірлеген киімдерімді үйге жіберерде ішкі қалтасына салып қоятынмын. Әйелімді маған жолықтырмай, қайны енем келіп кірлеген киімдерімді алып барғанда, әйелім жазылған қатерлі мысалдарды бесіктегі Жазираның жөргегіне орап, бөлеген баланың астына тығыпты. Қызыл қорғаушылар үйді тінтіп менің жинаған кітаптарымды, жарық көрген, көрмеген шығармаларымды алып кеткенде, бала жатқан бесік тінтілмегендіктен қауіпты мысалдар қолды болудан аман қалыпты. Алда-жалда ол қолды болса, билікті масқаралап жазған астарлы менің түбіме жететін еді. Сақыпжамал осы жолы мені ажалдан арашалап қалды. Ерлі-зайыптылар арасындағы нағыз махаббат осындай да жүректен орын алуы мүмкін екен. Мен оған осы оқиғадан соң шынайы ғашық болдым. Ол да бәлкім маған шын ғашық болғандықтан, өлімнен арашалап қалған шығар!?
Осы тұста теріс аққан Телқара өзені мен аққудың көгілдір балапаны тіпті көз алдымнан кетпей қойды.
(Жалғасын «Таңшолпан» журналынан оқисыздар)