Бекен Ыбырайым. ІЗДЕР ҚҰПИЯСЫ

Бірінші тарау

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

Айдалада жалғыз үй. Басқа шопандар қайда?
Тұншыққан тыныштық. Қараман аман ба?.

Айдалада маңқиған қоңырқай киіз үйден ешқандай тіршілік нышаны білінбегені біртүрлі күдікті көрінді. Төңкеріп тастап кеткен қазандай күмпиіп, неге жалғыз қалғаны түсініксіз.
Ауылдан автобуспен келген ақсұр, киіз қалпақты қарт пен ақ орамалды кемпір, шолақ жең, шақпақты қоңырала жейде киген, кекілді бала – үшеуі де не істерін білмей, бір сәт қаңтарылып тұрды. Ахмет қарт сасқалақтағаны ма, әлдекімді іздегендей жан-жаққа қарағыштағанымен, ешкімді көре алмай, ерінін жымырды.

Көмекші шопан Қараман қайда, қой қайда? Үйде жалғыз қалып еді. Былтыр Жарықбай деген қарт шопанды кемпірімен қоса байлап тастап, семіз отыз қойын алып кеткен оңбағандарды милиция көп ұзатпай тапқан. Тағы сондай оқыс бірдеңе болмаса…

Ерікті таңдандырған – құлазыған қу далада тырп етпей тынып қалған тәрізді, өзін өзі тұншықтырған, тымырсық тыныштық. Жай-жапсар білуге, тым құрыса, көз жетер жерге дейін қыбырлаған не адам, не мал көрінсеші. Бәрі зым-зия жоқ, айнала жым-жылас. Тіршілік атаулыны жұтып қойған шексіз, мейірімсіз, сұрғылт-күлгін кеңістік бұларды да жалмап алуға дайындалғандай сазарып алған.

Былтыр жазғы каникулда келгенде, бұл өңір басқаша көрінген. Жұмсақ түктері бұйраланған балғын жусаны бозаңытып жатқан Қаройдың шеті сонау көз ұшындағы көкжиекке астасқанына қызығып, ұзақ телміріп еді. Ал, биыл, неге екені белгісіз, жуас, маң дала сұрланып алыпты. Біртүрлі бөтенсігені ме, жақтырмағандай жермен-жексен жапырылып, сіресіп жатқандай. Қанша қараса да, қиырына жеткізбей, көз талдыратын ұлы кеңістік – жапан түз меңірейіп, сұлқ түсіп жатыр. Бұл жерден ешқайда кете алмайтыныңды, бұл аймақта ешқайда жете алмайтыныңды үнсіз жатып-ақ ұқтыратын шексіз кеңістікте қасарысқандай безеріп, бедірейген дала тірілерді табанынан тартып, білдірмей, бойына сіңіріп алардай сұсты. Міз бақпай, тымырайған мылқау күйі шымылдатып, еріксіз секем алдырады. Ешкімге көрінбейтін белгісіз үрей ауаға сіңіп алып, үнсіз бақылайтындай.

Жусанның сәл қышқылтым жеңіл, дәмді иісі ғана бұрыннан таныс үйреншікті тіршілікті еске салады. Апырмай, жылдағы у-ду, қайнаған тіршілік қайда жоғалған?
Атасы шақырайған күн сәулесінен көзін алақанымен қалқалап, қайда қарап тұр? Е, бәсе, сонау көлденең белден бері құлдилап келе жатқан жалғыз салт атты көзге шалынды.

– Әне, Қараман келе жатыр, – деді қарт елегізіп. Самауырға тамызық жаңқа салып, кернейін кигізіп жатқан кемпірі елең етіп, бойын жазып тіктелді:

– Асығыңқырап келе жатқан сияқты.

Ерік еріксіз таңданды: «Анау аттылының Қараман екенін, оның асығып келе жатқанын қайдан біледі?!»
– Жайшылықта бүйтіп асықпас еді. – Ахмет бірдеңеден күдіктенгендей, қабағын шытты.

«Жайшылықта бүйтіп асықпайтынын қайдан біледі?» Ерік таңданса да, ештеңе демеді, енді аз ғана шыдаса, анау аттылы кісі келіп, әлгі сұрақтарына жауап табылатынын біліп, жақ ашқан жоқ.

Белден сыдыртып түсіп, бері қарай сар желген аттылы бірте-бірте қарқынын бәсеңдетіп, аяңға ауысты. «Үйге шауып келу жаман ырым екенін біледі», – деді Ерік іштей.
Келе жатқан – расында да Қараман екен.

«Бірнеше жыл бойы бірге істеген соң, атам алыстан-ақ жобалап таныған шығар», – деп ойлады Ерік.

– Ассалаумағалейкүм! – Ат тізгінін мамағашқа іле салып, әбігерленіп жеткен Қараманның шыңылтыр қою даусы қатты шыққанымен, асыға амандасқандықтан ба, сәлемі біртүрлі келте қайырылды.

– Әликім-ас-салам! – Ахметтің дауысын созыңқырай сәлем алғанынан сақтанған сыңай сезілді. – Иә, халың қалай?

– Уій, хал құрысын. – Қараман жұқасұр, ши қалпағының астынан жылтырап шыққан моншақ-моншақ терді сыпыра сүртіп, жерге сілкіп тастады да, қайырылған бұжыр қонышы үйкеле-үйкеле ақжемденген керзі етігінің өкшесімен жерді дүңк еткізді. «Айғыр жуас екен, секіріп түссе де, үріккен жоқ», – деп ойлады Ерік.

– Иә, жайшылық па?

– Қайдағы жайшылық?…

– Жә, аптықпай, жөндеп түсіндірші.

– Елдің бәрі жайлауға көшіп кеткелі – екі күн. Жұртта қалған біз ғана.

– Біз ғана екенін көріп тұрмын. – Ахмет қарттың бірден қабағы қарс жабылды. – Ал, сосын…
«Атасы неге түксиді? Қараман неге кінәлі адамша қобалжып тұр?» Еріктің ойын Қараман бөліп жіберді:

– Шахан совхоздың бас зоотехнигі болған екен, сол аяқ астынан «дереу көшіңдер» деп әлек салып, қойды тездетіп қырықтыртып, жайлауға көшірді де жіберді.

– Мәссаған, ауылда шөп шабамыз деп жанталасып жүріп, оның бастық болғанын кештеу естіп қалдым. Бәсе, мардамсуы жаман еді. Е-е, солай де. Қырықтық жуық арада біте қоймас деп асықпай жүрсек…

– Оған қаратты ма, қырқып біткендерің кетіңдер деп дікеңдеп, қуырып бара жатқан соң, кім шыдайды?! Кетті бәрі. Дегенмен, биыл қырқымның жұмысы кәдімгідей жақсарды… Сырттан көп адам шақыртып, солардың көмегімен жылдағыдан ертерек бітті. Күшейіп жүргені содан.

– Дұрыс, жаңа деректірге жақсы атты көрініп үлгеріпті. Бопты. Ал сен неғып көшкен елдің жұртында қалдың?..

Қараман «қағыс естіген жоқпын ба?» дегендей, аузын ашып, аңырып қалды. Тастан құйғандай нығыз, шойын қараның қырыс қабағы сәл шытылғанда, одан әрмен түйіліп, онсыз да қорғасын өңін тіпті қалыңдатып жібереді екен. Қасы сирек те емес, қою да емес, әйтсе де қорғасын қабақтың қырына біткендіктен бе, бәлендей көз тартып көріне қоймайды. Біртүрлі өлі жүн сияқты. Жылтыраған жылымшы судай қоңырқай шүңірек көздер ықылассыз, ынтасыз қарайды. Қысқа кірпіктер кілбиіп, май сіңірілгендей салмақты көрінді. Сірә, түнімен мал күзетіп, ұйқысы қанбаған. Соған таңданып, аузын ашқан Ерікке, аңырған Қараманға барлай қараған Ахмет зорлана езу тартты:

– Ау, бұ не өзі? Ерік саған, сен маған қарап қапсың. Неғып бөлініп қалдың, елмен бірге қойды айдап кете бермедің бе деймін?

– Сізсіз қалай?! Келер деп күттім. – Қараман иығынан зіл батпан жүк түскендей жеңіл тыныс алғанда, шүңірек көзінде сергек ұшқын жылт етті. – Жалғыз үйді айдалаға қалай тастап кетем? Оның үстіне алыс жолда жалғыз қалай?.. Қауіпті…

– Сенің орныңда мен болсам, жалғыз-ақ айдап кете берер ем ерегескенде. Үйді жау ала ма? Кешіксек те, келмес пе едік… – деді Ахмет қарт кіжініңкіреп.
Қараман бүгежектеп, төмен қараған күйі кешірім дәметкендей, ши қалпағының жиегін қолымен басыңқырап, тақыр басын қышыр-қышыр қасыды.

– Үй көшіруге машина бермеді. «Ертең келедімен» күткелі міне, екінші күн…

– Қап! Мәшинесін мезгілімен жібермегеніне мен кінәлімін бе?! Ойпырмай, шынымен-ақ соның салдары ма? – қарт өзімен өзі сөйлескендей күбірледі. Ауылдан бері аттанар алдында Шаханмен керісіп қалғаны есіне түсіп, іштей кіжінді:«Осынша кекшіл, осынша зәндемі деп ойламап едім! Бопты! Тап сенен келген керді көріп алармын!»
Бұларды сергіткісі келгендей дызылдаған құлақтаныс ызың естілді. Қайдан келе қалғаны белгісіз, қуыспақ ойнап шыға келген қарасұр түкті, жұмыр шыбындар мен жыпылдаған жылмақай, жылтыр көк шыбындардан қалысқысы келмегендей, ызылдап, жәпірік сары қоңыздар ұшып жете бастады. Жаңа ғана жоқ еді, тірі адамды үйірсектегендей, әп-сәтте үйіріліп шыға келген қанатты үтір-нүктелер тәрізді шіркейлердің ауада бір сызылып, бір серпілген қылт-қылты билегені секілді. Бұлар сонау шырқау биікте шіренген шексіз көк мұз аспанның астында бүлк етпей бағынуға мәжбүр кеңістік айдынын басып қалған мылқау тыныштық әлеміне әлдеқайдан адасып келген ойнамалы түйіршіктер сықылды.

Екінші тарау

Күтпеген шатақ. Асқынған дау.
Қауіпті сапар алдында.
Тірі қалу үшін не істеу керек?

– Әне, келе жатыр…
Іле-шала машина гүрілі құлаққа шалынды. Дөңкиген боз адырды бөктерлеп, өлермен қоңыздай тырмысып ілгерілеген «ГАЗ-52»жүк машинасы көп күттірмей, гүрілдеп жетті.
Ахмет пен Қараманның ренішіне дудар бас шофер жігіт қолын бір-ақ сілтеді:
– Оу, айналайын ағайын-оу, менің не жазығым бар? Айтқыш болсаңдар, Шаханға айтыңдар. Бастық – сол. Әмір – соныкі. Маған «бар» дегені осы бүгін ертеңгісін ғана. Машина қайбір оңып тұр, о жер, бұ жерін қарап-тартып, сақадай сайланып шықпасам, жайлауға жете алмай, жолда қалам. Қайта ертелетіп, күн жарықта келіп үлгергеніме «рахмет» демейсіңдер ме?!.
Ахмет қызбаланғанына ыңғайсызданып, үндемеді. Оның қабағын баққан Қараман тіс жармай тұқшыңдап, оны-мұнымен айналысып кетті. Тәжіке сонымен тамамдалып, асығыс ішкен шайдан кейін үйді шығып, машинаға тиегенше, көк жүзінде қаймақтай қалқып тұрып қалған ақ шарбы бұлттардың бауыры балбырап қызара бастаған. Қорабына теңдерді сықап тиеп, ең үстінен шаңырақпен бастырып алған жүк машинасы біраздан кейін ыңырана ұзап бара жатты. Шофер ұйқысын қандырып, ертеңгі шайдан кейін шықпақшы еді, Ахмет: «Таң қараңғысымен қой айдаймыз, сендер қолбайлау болмай, тезірек жөнеле бергендерің жөн», – деп бой бермеген…

* * *

– Тұра ғой, Ерік, тұр. Тездетейік. Күн қызбай тұрғанда, ілгері кеткендерді қуып жетуіміз керек. – Атасының қарлығыңқы даусын ап-анық естіген Ерік желім жаққандай жабысқан кірпіктерінің арасынан буалдыр жарықты шамалады. Ұйқысын аша алмай, көзін жұмды. Қатқыл дауыс тағы да құлағының түбінен қырылдаған соң, амалсыз, бейжай сүйретіліп тұрды.
– Үйрене бер, қарағым. Қой айдаған оңай емес деп едім ғой саған. Ұзақ жол шаршатады. Келіп қалған екенсің, енді шыдап бақ. Ертерек ширай бер.
Соңғы сөз намысына тиген Ерік көзін уқалап-уқалап жіберіп, жан-жағына қарады. Таң қараңғысы жұқара бастапты. Алдына күңгіртқоңырлау перде тұтылғандай төңірегін бірден түстеп ажырата алмады. Тек қотанда жатқан қойлар ғана сәл ақшылданып көрінеді. Басқаның бәрі – ат ерттеп жүрген Қараман да, шөгерілген түйеге қоржындарды артып, мықтап байлауға кіріскен атасы да қарабарқыны тозуға бет алған таң қараңғысы тұтқан күңгіртсұр перденің арғы жағында жүрген сықылды. Қарауытып жайылған төңірек тұтасқан телегейге ұқсады. Қазір етек-жеңі жиналып жатқандай ықшам дала бозғылт бояуға кенелген соң, көкжиекке дейін көсіліп сала беретінін түйсінген Ерік отырып-тұрып, қолдарын сермеп, денешынықтыру жаттығуларын жасап, ұйқысын ашқансыды.
– Қалай, ұйқың қанбай қалды ма? – Атасы ішінара қатайып, ерте қурай бастаған шағыр жусанды сытырлата басып келді. – Тездетейік, «жол ақысы – жүрсе өнеді» деген. Енді жайлауға жеткенше, көретін күніміз осы. Әй, шырағым-ай, шыдай алар ма екенсің?
– Шыдаймын! – Ерік намысқа тырысты. Ауылда құлағы шалған «бір құпиясы бар» деген сөз есіне түскенде, ішін бір салқын леп аралап өтіп, ұйқысы шайдай ашылды.

Бірінші шегініс. Кертөбелден неге айрылды?
Неге ерегесті? Бұйрыққа бағыну.

Жүйрік атынан айрылғанына әкесінің іші ашығанын Ерік сонда-ақ білген… Өзен жағасындағы көк майсалы сайда балалармен құмары қанғанша, футбол ойнап, үйіне кештетіп оралған. Келсе, шешесі екеуі жозыны айнала қарама-қарсы отырып, шай ішіп отыр. Ортадағы жалпақ тарелкеде – тоқаш, жанан кеседе – кілегей.Тым-тырыс. Жайшылықта әжік-күжік әңгімелері үзілмеуші еді, бүгін ауыздарына су ұрттап алғандай үндемей, шайды үсті-үстіне сораптай бергені несі?!
Ерік бірдеңе деуге батылы бармай, жозының бір шетінен келіп, тізе бүкті. Ыстық кесе қолын күйдіріп бара жатса да, үлкендердің аңысын аңдып үндемеді.
– Тағы да Таңсұлу озады, – деді бір уақытта қабағын шытқан шешесі Жібектің ұзын қастары түйісіңкіреп. – Тағы да тектен текке сөгіс аламыз.
Көкесі сөлекет сөз естігендей одырая кегжиді:
– Ненің құрметіне? Не үшін?!
– Таңсұлуға теңеле алмағанымыз үшін. Шаханның пермедегі таңдаулы сиырларды іріктеп алып, Таңсұлуға беріп жатқанын дәу бастықтар қайдан білсін. Сосын сүт сауудан сол алға шықпағанда, кім алға шығады?!
– Озаттарды қолдан жасайды десеңші, – Әкімжан ызалана мырс етті.
Жібектің қалыңдау астыңғы ерні бұлтиып, қабағы көтерілді:
– Жалғыз менен ғана емес, басқа сауыншылардан да өңкей сүтті сыйырларды теріп-теріп алғанын көріп отырмыз. Сосын, әрине, Таңсұлу тоқсан сайын бірінші орынға шығады. Ендеше қадір-құрмет те, сый-сыяпат та соныкі емегенде, кімдікі?!
– Бәсе, келгеніне жыл толмай жатып, қайдан озат бола қалды десем…
– Олармен Шаханның бәлендей туыстығы жоқ сияқты. Әлде олай емес пе? Байқамаппын. Басқа жақтан көшіп келгендер емес пе еді? Қайдан әмпей бола қойған? «Асатпай жатып, құлдық» деп жүр әйтеуір. Пара беріп, тілін тапты ма екен? Құдай біледі, Шаханның бұлармен бір құпиясы бар-ау, деймін?… Айтпақшы, оның өзі де басқа бір жақтан көшіп келмеп пе еді?
– Е-е, бәсе, бәсе, енді түсіндім. Ешкім ештеңе білмесе де, бәрін әйелдер біледі.
– Не «бәсе»? Мен түк түсінгем жоқ.
Екеуінің әңгімесіне Еріктің күлкісі келіп, әрең шыдады. Екеуі де кішкентай балалар сияқты бірінің сөзін бірі ұқпай отыр.
– Менің кертөбелімді қоярда қоймай қолқалап, Төлебайға бергіздірді. Бір мәнісі бар-ау деп ойлап қойып ем.
Жібек жалт қарағанда, қиықша қастары лып көтеріліп, көзі жарқ етті:
– Қашан?
– Осы бүгін.
– Қап, құдай-ай! Қайтіп айрылып қалдың? Бір «мәнісі барың» – не өзі? Ол неғылған құпия?
– Бастықтың аты – бастық. Бір күні білерміз.
– Қойшы ары. Бас зоотехник бола сала, басына ма?!
Әкімжан миығынан күлді:
– Соған жақындап келеді.
– Шыдасаң, сен шыдарсың, мен шыдамаспын. Атама айтамын.
– Ехе-хе… Жұрттың бәрін қайынатаңмен қорқытпақшысың ба? Шалдан кім қаймығады?!
– Атамнан қорықпаса, неғыл дейсің? Тым құрмаса, бетін бір қайтарып тастайды.
Әкімжан жұмсақ жымиған күйі салбырап, білініп қалған бұғағын бір сипап алды:
– Осы сенен басқа келін қайынатасын сағынбайтын шығар. Әй, баласы мен сағынбай отырғанда, саған не жоқ?!
– Елдің бәрі сен сияқты қара тас қой деймісің? Тыныш отыршы, шымшыламай. Мықты болсаң, атыңнан неғып айрылып қалдың?
– Е-е, оның мәнақасы басқа, – Әкімжан бірден мән бергендей аузын дөңгелектеп қомпитты. – Бастықпен айтысқандардың абырой тапқанын көрген емеспін. «Күштімен күреспе, әлдімен тіреспе» демейтін бе еді. Бастықтың аты – бастық. Төмендегісін жоғарыдағылар қолдайды. Бірімен бірі мидай араласып, сыбайласып жатқан шым-шытырық. Бас айналады. Оны жазам деп, тарқатам деп ұмтылғандардың талайының тұмсығы тасқа соғылған.
– «Ләппай, тақсыр», деп отыра бер ендеше. Құрдай жорғалап, құлға айналғанымыз қалып еді. Мәймөңкелеп… – Жібек ызаланып, кесесін тық еткізіп қойды. – Болдым ішіп. Құр сөзді көбейте бергенше, тоқ етерін айтсаңшы. Қалай алып қойды? Әлде өзің түлен түртіп, беріп жібердің бе?
– Екі туып, бір қалғаным емес, айдаладағы біреуге, аты-жөні жоқ, жүйрік атымды беріп мені жын ұрып кетіп пе? Шахан келіп, күні бойы мені майлы ішекше айналдырды. Біресе доқ көрсетіп қорқытқысы келді, біресе өтінді. Қойшы, әйтеуір, миымды әбден мүжіді. Әлгі сенің Таңсұлуың арқылы әйтеуір бір байланысы бар ма деймін. А-а… ол не байланыс? Білмеймін. Білсем жолатам ба? Әй, қу-ай, әлде алдап соқты ма екен?..
– Кәйтіп? – Тағаты таусылған Жібектің қастары тағы да таңдана жазылып, төмендегенде, түйісіп қалды. – Айтсаңшы тездетіп. Міністірге ұқсап, болмашыға ыңыранып отырып алатының-ай, осы.
– Енді-і, айтайын деп отырмын ғой. – Әкімжан жорта таңданып, асықпай басын шайқады.
– Ой, тегі-ай, болшы енді…
– Тө-өу, кішкене шыдасаңшы. «Төлебай – бізге жаңадан келген адам, бетегеден биік, жусаннан аласа боп, кішіріп жүргенін өзің көріп жүрсің» дейді маған.
– «Жүрсіңі» қалай? – Жібек шынымен таңданды. – Саған «сіз» демей, «сен» дей ме?! Бұрын «сіз» демеуші ме еді?!
– Ій-и, мейлі. Қайтеміз енді, десе, дей берсін. Сол да сөз боп па?
– Әй, өзіңде де бар. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, басынып алған да. Маған да бір-екі рет «сен» деп еді, аузын қарып жібердім. «Ойбай, жеңеше, байқамай айтып қалдым» деп, әрең құтылды.
– Е-е, енді атаң екеуіңе дауа жоқ. – Әкімжан күлімсіреп, басын изеді. – Шахан әлсін-әлсін айналып келе берді. Шыдамадым, «бұлталақтатпай, жөніңді айтшы, сенімен қайта-қайта сөйлесіп жататын уақытым жоқ» дедім. Осы сөзімді күтіп жүргендей, әңгімені бірден тікесінен айтты. «Кертөбелді Төлебайға берейік. Сен мініп жүргенмен, ат – совхоздікі. Біраз қызығын көрдің. Енді баяғыдай жұтынып тұрған желөкпе жас емессің. Төлебай сәл жасырақ, алаңдайтындай бала-шағасы жоқ. Аттың бағуын да, баптауын да сенен артық білмесе, кем білмейді. Малдан хабары бар көрінеді. Сиыр баққан екен. Тоқетері сол, сөзді қой да, айтқанды істе. Қарсы келіп, бәрібір абиыр таппайсың.
Оған неге бересіңдер дейсің бе? Жарайды, оны да айтайын. Бергізіп отырған себебім былай. Ол – біздің совхозға жаңадан келген жігіт. Бірден үйренісіп кетуі оңай емес. Бізге тұрақтағаны керек. Ал сен туып-өскен жеріңнен ит қосып қуса да кетпейсің. Төлебайдың жөні басқа. Жастықтың желігімен келіп қалған екен, сыртқа теппейік, елдігімізді білдірейік. Басына баспана ұсындық, алдына мал салып бердік. Енді бір мықты магнит жетпей тұр, магнит! Түсінесің бе, магнит! Ол магнит – сен мініп жүрген кертөбел. «Өле жегенше, бөле же» демеуші ме еді. Жүйрік аттың қызығын өле-өлгенше жалғыз өзің көре бермекпісің?! Ия, баптап, бәйгеге қосып жүрген жоқсың. Соған берейік те. Әрі-беріден соң, тағы да айтам, ат – сенің жекеменшігің емес, сапқоздың малы. Сені бұйрықпен мәжбүр етуге де хақым бар, Төлебай жоғарғы жақтың тапсырмасымен сырттан келген адам болған соң, артық сөз шықпасын деп. әзірге әдеп сақтадым.
Егер ол аттың бабын таба алмай, күйін қашырса, ретін тауып, өзіңе қайтарам. Совхозда малшы жетіспей жатқанын өзің де жақсы білесің» – деді.
– Сөзінің түрін. Қайдағы жоғарғы жақтың тапсырмасы? Сырттан келгендер шетінен әулие ме екен? Мұндағылар немене адам емес пе? Жазығымыз ешқайда қашпағанымыз ба? Барға да, жоққа да көніп, тырп етпей отырғанымыз ба?! – деді Жібек тыжырынып. – Желпілдеп келгеннің бәрін жарылқайтын шамамыз кәне? Бізді кім ойлайды сонда? Қайбір жетісіп отырмыз? Бір айлықтан екінші айлыққа «шықпа, жаным, шықпа» деп, шаққа жетіп отырғанда… Біздің де бала-шағамыз бар, біз де ел қатарлы күн көргіміз келеді…
– Пұу, қо-ойшы-ій лапылдамай. Сондай сөз неге керек?! Аштан өліп бара жатқан жоқпыз, шүкір десейші. Өз ауылымызда отырып, қирап қалмаспыз.– Әкімжан етті қабағын қуақылана көтеріп, әнтек күлімсіреді.
– Төркінін түсіндім, ендігі түтінің қалай қисаятыны да белгілі. Жарайды, айта бер. Дегенмен… әй, бір құпиясы бар-ау.
– «Егер Төлебай кетіп қалса, малшыларға жағдай жасамайды, кадрлар тұрақтамайды» деген жаманатқа қаламыз, құлағымыздан қиқу кетпейді. Оң-солыңды таныған естияр азаматсың, біздің де жағдайымызды бірауық ойласаңдар қайтеді осы. Біз сендерді ойлап, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, басымыз қатып жүрсек, сендер құдды бір менің әкемнің малын бағып жүргендей-ақ кергисіңдер келіп» деп езіп бара жатқан соң, тезірек құтылғым келіп, басымды изей салдым. Жүйрік атқа бәрі құмар, одан басқа да көзінің сұғын қадап жүргендер бірталай. Анау бір келеді, мынау бір келеді, құрсыншы. Тегі, жалығып кеттім. Басымды қатырмай, беріп құтылғаным жақсы, құлаққа тыныштық керек.
Сол әңгімені естігелі бері Еріктің ойында сұрақтар әлсін-әлсін жаңғырығып қайталана берген. Шахан жүйрік атты, сүтті сыйырларды неге оларға бергізеді? Құпиясын неге ешкім білмейді? Қойды неге ертерек қырықтырды? Басқаларды жайлауға бұрынырақ көшіріп, бұларды жұртқа қалдырып кететіндей не жазығы бар?

* * *

Жеп-жеңіл алюминий ақ шәугімдегі сумен беті-қолын жуып, сүлгімен сүртініп бола бергенде, атасы қасына келді:
– Шыдағаның мақұл, – деді тұнжырай түсіп. – Жылдағыдай емес, биылғы жүрісіміз қауырт болатын түрі бар.
– Неге?
– Неге дерің бар ма, сөйтуге мәжбүрміз. Жұртта қалған деген де, елдің соңында қалған деген де жақсы ат емес. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді». Осы уақытқа дейін жайлауға жұрттың соңы болып көшпеп едім… Ертерек барып, қалаған қонысыма жайғасам ба деп ойлап ем. – Қабаржыған қарттың қабағы түйілді. – Жә, көрерміз. Әй, бірақ екі күн бұрын кеткендерді қалай қуып жетеміз?… – Күмілжіп тұрып қалды. Сөйтсе де, көсеудей сыриған қолдары қарттың еркінен тыс қимылдағандай. Темірдей саусақтар шеңгелдеп алған шағын ала қоржын Ерікке қарай жылжыды:
– Мә, мынада тамақ бар. Әлденіп ал. Тездет, сені тосып тұрмыз.
– Ата, асықпай өзіміз-ақ айдай бермейміз бе? – деп, келе жатқан Еріктің екпінін қарттың қатқылдау даусы қайырып тастады:
– Намысқа тырысу керек дедім ғой саған. Көштен қаламыз ба? «Бөлінгенді бөрі жейді». Оны былай қойғанда, жалғыз жүрген әрі көңілсіз, әрі қауіпті.
– Мылтығымыз да, иттеріміз де бар, неден қорқамыз?!
– Қасқырдан қорқып отырған жоқпын, үш бірдей адам отардың соңында күндіз-түні ілесіп келе жатып, қасқырға алдыра қоймаспыз.
– Енді неден?
Ахмет қарт бұйыққан қойларды «ырр-рит, ырр-рит, шүу» деп жасқап тұрғызып, тұрғызып жүрген Қараманды қамшымен нұсқады:
– Аналарды көрдің бе?
– Қараманды ма?
– Қойларды айтам. Бірнеше күннен кейін шөлге жетеміз. Екі күншілік шөл. Шахан сонда бізді қатырмақшы. Арғы жағында жайлауға қайда-а, әлі талай жер.
– Қалай дейсіз? – деп дауыстады Қараман анадайдан бұлардың сөзін құлағы шалып.
– Сол шөлге жеткенде, машиналар малға су әкелетінін білмеуші ме ең?
– Неге білмеймін, білем. – Шойқара Қараман таң қараңғысында тіпті қарайып, қазанның түп күйесіндей көрінді.
– Білсең – сол. Егер біз өзгелерді тездетіп қуып жете алмасақ, шөлге іліккенде, жалғыз қаламыз. Ал жалғыз қалдық дегенше… – Ахмет сөзін шығын қылғысы келмегендей Қараманды көз қиығымен сыйпап өтті. Қараманның басы салбырап, жерге қарады.
– Ажалға қарсы айдап отыр екен ғой, – деді түнеріп. Қоңыр шақпақ жейдесінің алқымы түймеленбеген еді, одан төмен тағы да үш-төрт түймені ауа жетпегендей, ағытып-ағытып тастады. Тоңазып тұрған Ерік тітіркенерліктей таңғы салқынның оған бәлендей әсер етпегеніне таңырқады. Қараман тістеніп, басын шайқады:
– Әлбетте, жалғыз отарға бола су таситын машинаны кім жіберсін. Сөйтіп судан қатырайын дегені ме? Өйтетіндей Шаханның басы екеу емес шығар, екі күншілік шөлде мал түгілі адам қаталап өлмей ме? Онысы несі?

Үшінші тарау

Екінші шегініс
Дау неден басталды?

– Түсінбейтін ештеңесі жоқ. Ауылға осы барғанда, керісіп қалғам. «Жібек келінімнің ең сүтті сыйырларын, Әкімжанның кертөбелін ауылға былтыр көшіп келгендерге неге бергізесің?» деп, кеңсеге барып, соны Шаханға ашумен дігерлеп айтып салдым. «Онда шаруаңыз болмасын! Өзім білем. Жауап беретін – мен!» деп мұрнын шүйіреді. Бұрын жайнақтап-ақ жүретін жігіт еді, бастық болдым деп, ыңыранып, тегі, сөйлескісі келмейді. «Әй, саған не көрінді шікірейіп?!» деп, етқызумен біраз сөгіп тастадым. Ол да қайтпады, «сөзіңізге сай сыбағаңызды аласыз!» деді. «Жайлауға шығып, қолым босасын, содан соң сенің былықтарыңды ашам, ісім сенімен болсын», — деп, мен де жыным ұстап кетіп ем. Әлде артық сілтеп жібердім бе? Қайтем енді, құдай осындай ғып жаратқан соң. Қараптан қарап тұтанып, баса-көктеп бара жатқан өзі. Бірақ дәл бүйтіп қолма-қол ауыз салатын қорқау деп ойлаған жоқ едім.
– Иә, сосын тағы бірдеңе бықсытты ма?
– Тоқетері – «түрмеде шірітем» деді. «Қатын болмасаң, осы сөзіңде тұр» деп, жыным келіп, қолымды беріп ем, оған да жал бітіп қалған екен, қолын былқ еткізіп сүйкеп алды.
– Қап, осы мінезіңіз-ай, тегі. Жатқан жыланның құйрығын басып… Енді бәрін түсіндім. Бізді науқанның кезінде «ауылда ырғалып-жырғалып жүріп алды, жұртпен бірге көшпейді», – деп жаманатты қылғаны аздай, шөлде су жеткізбей, қасақана қатырады енді. Сөйтіп малымызды қырғынға ұшыратып, өзімізді ит азапқа салмақ. Енді түсіндім! – Алдағы азапты күнібұрын сезінген Қараман басын қос қолдап құрсаулай қысып, жерге отыра кетті. – Енді кәйтеміз, қараптан қарап түрмеге түсеміз бе? – Атып тұрды. – Су әкелмейтінін сезіп тұрмын. Мал қырылады, ат шыдамайды. Екі күн шөлге Ерік те шыдар ма екен… – Жусанды сытырлата таптап, ерсілі-қарсылы жүре берді.
– Тек ары. Баланы шошытпа.
Атасының мына сөзіне Ерік не дерін білмей, қоржынды сығымдап ұстап, түйеге беттеді. Расында, қалай өтеді шөлден? Машиналар жалғыз отарға бола су әкелмейтіні айдан анық. «Әдейі қалып қойды» деген желеумен, Шаханның арандатпақ ниеті бар. Бұлар қайтіп шыдайды? Жүре-жүре ажалдың аранына өздері барып түспекші ме? Шөлден үшеуі түйеге мінгесіп өтуін өтер-ау бірдеңе ғып. Бірақ жүздеген қойды шөлді шарлаған қасқырлардың талауына тастап кете бермек пе? Қандай амал бар?
Екі өркештің арасына қоңырала алаша қоржынды салып жатып, Ерік осыны ойлаған. Қараманның сөзі дәл ойының үстінен шықты:
– Шаханның сөзіне енді түсіндім. Малымызды қасақана қырғызып, мойнымызға салмақ. Сөйтіп, бізді қылмыскер етіп, түрмеде шірітпек, ә?!
– Иә, – деді қитыққан Ахмет қысқа ғана шегелеп.
Бірдеңе айтқысы келсе де, батпағандай күмілжігені ме, жусанды сытырлата шеттеу отыра кеткен Қараман орнынан кенет атып тұрып, бояуы оңып, тізесі шодырайған қарасұр шалбарының балағын қаққыштады. Қабағы түйіліп, ойланыңқырап қалғанын білдіргісі келмесе де, шыдамады:
– Былай етсек қайтеді, аға, – деді сосын. – Осы Қаройдан өткен соң, не, сіз, не, мен ауылға барып деректірге мән-жайды түсіндіріп айтайық та. Машина жіберуді ұмытып кетпеңіздер деп.
– Шаханның бір ойы – сол. Келсін, жалынсын, аяғыма жығылсын деп отыр ғой. Атасының басы, жалынатын адамды тапқан екен.
– Ойбай, аға-оу, одан басқа қандай амал бар? Неғысақ та, көшуін көштік. Сосын шөлде қайтеміз? – Қараманның даусы біртүрлі жалынышты шықты.
– Қайтеміз? Не сотталамыз, не иен құмның ішінде құдық қазып жатып, шышыған күннің астында малмен бірге шөлдеп өлеміз! – Ахмет қарт шүйлігіп, шаңқ етті. – Барғанда, құлақ асса, жақсы. Өзіңе қарсы шауып, «жайлауға көшетін уақытта ауылда әдейі ырғалып жүріп алдыңдар. Жалғыз машина суды тек сендерге таси ма, жоқ, қалың малға таси м а?!» десе, не айтасың?.
– Біз өліп қалсақ, ол сотталады ғой, ата, иә, – деді Ерік әңгімеге бір бүйірден қосылып.
Ахмет қарт көңілсіздеу жымиды:
– Түһ! Өлген адамға біреудің сотталған, сотталмағанының керегі қанша? Баламысың деген. Сөйтіп те кек қайыра ма екен! – деді қайтадан қатулана қатайып. – Қойдың өлгені өлер, өлмегенін алып өтем, сосын қайсымыз сотталар екеміз, көре жатармыз.
– Оның ештеңесі кетпейді. Аға шопан деп алдымен жауап беретін – сіз, – Қараманның қабағы қырыстанып, маңдайы қатпарланып шыға келді.
– Қорықпа, сен аман қаласың, – деді Ахмет бұл кезде бозғылтым тарта бастаған төңірекке көз тастап. – Кімнің басы қайда қалмаған… Жарайды, тәуекел. «Жаным – арымның садағасы» деген..
– Ой, аға, өйтіп аман қалғаны құрысын. Шынымен-ақ, сотталғаннан, иә өлгеннен басқа жол таба алмағанымыз ба? – Қараман мәңгіргендей көзін жұмып тұрып қалды.
– Жалғыз ғана амал бар, – деді Ахмет даусын көтеріңкіреп. – Шама келгенше жеделдетіп айдап, ілгері кеткендерді қуып жетуіміз керек.
– Бес жүз қой қозысымен қоса түгелдей желаяқ боп кетпесе, екі күн бұрын кеткендерді қуып жету қайда-а?! – Қараманның иегін көтеріп, кеңірдегін созғаны – сірә, келіспейтінін аңғартқаны. – Адамның миына кірмейтін нәрсе, – қолын бір сілтеді.
– Тірі қалғымыз келсе, жетуіміз керек, – қарт сөзін шегелей түсті. – Таңдайтындай басқа жол жоқ. Барып аяғына жығылып, жалбарына алмаймын. Құдай мені осы жаратқан қалпында кәзір алса да, айтарым сол. Бұдан былай жата-жастана, ырғалып-жырғалып айдамай, дем алу дегенді ұмытып, түні бойы жүреміз.
– Сонда қай уақытта көз ілеміз? Адам да, мал да сонша уақыт бойы ұйқысыз жүруге қалай шыдайды?! – Қараман сенер-сенбесін білмей, тағы да қырыстанып, қабағын түйді.
– Бір ләж қылу керек. Түні бойы, дұрысы түннің бір уағына дейін оттатып айдаймыз да, үш-төрт сағаттай ғана мызғып алып, таң қараңғысында қайта жолға түсеміз. Түскі ыстықта ғана дем аламыз.
– Мал шыдаса…
– Қорықпа, сен шыдасаң, қой шыдайды.
– Сөйтіп қу жанымызды шүберекке түйіп айдағанда, басқа қойшыларды қуып жетсек жақсы-ау…
– Қойшы енді қара аспанды суға алдырмай! Езіліп отырғанда, біреу кеп жақсылық жасай ма?. Болды, жетеді. Екеуің де түсіндіңдер ғой мән-жайды. Бағанадан бері мені бөгеп тұрған осы еді. Енді бұдан былай мұндай кеңшілік күтпеңдер. Әңгімелесуге уақыт болмайды. Күн ыстықта бос әңгіме шаршатады, шөлдетеді. Сондықтан сөзді үйірсектемей, ат үстінде келе жатып қалғуды үйреніңдер. Ал, кәне, атқа мініңдер.
Атасының бастық Шаханмен керісуі ешкім күтпеген дауға айналып, асқынғанын қарашы. Соның салдары, міне, осы. Енді жалғыз отарға мұндай сапар аса қауіпті. Шөлден аман-есен өте ала ма? Қойлар жылқы емес, екі күн бұрын кеткендерді қалай қуып жетпек?.. Мал іздеген қарақшылар бір қысылшаңда түн ішінде шабуыл жасап, үшеуінің де көзін жойып, машиналарына тиеп әкете ме, кім біледі. Бәрі мүмкін.

Төртінші тарау

Өзінің ұйықтағанын түсінде көрді.
Келген кім:ұрылар ма?
Шідерлер неге шешілген?

«Ұйқың қанбаса, басың мең-зең. Қараптан қарап шаршайсың. Ештеңеге зауқың соқпайды. Өңің бе, түсің бе, ажырата алмай да қаласың. Таң қараңғысынан ымырт жабылғанша шаң жұтып, есеңгіреп келе жатқаның. Шыдағаннан басқа амал жоқ» деді Ерік іштей. Алғашқы күні өзін-өзі қайрап-ақ келіп еді. Төртінші күні көздері еркінен тыс әлсін-әлсін жұмыла берді. Не деген бітпейтін ұзақ жол?! Ұйқысы келмей ме, сауыс-сауыс езуі ақжемденіп ілбіген қозы-лақтар қандай мықты! Кіп-кішкентай болса да, әлі шыдап келе жатыр. Рас, болдырып қалған әлжуаз екі-үшеуін түйедегі қомға салып тынықтырып алып еді, ертесіне түк көрмегендей қунап шыға келді. Дымы құрыған қозы-лақтарды, сосын кейбір арық-тұрықтарды сөйтіп кезегімен дамылдатып, жеделдетіп айдағанның салдарынан ба, ат үстіндегі үшеудің қай-қайсысы да шаршаулы. Әлсін-әлсін тамақ құрғап, кеберсіп кепкен еріндердің нәзік қабыршағы ішінара тілініп, ашытып келеді. Қай-қайсысы да тіл қатуға құлықсыз.
Сытыр-сытыр қыбырлаған мүйіз тұяқтар сұрша құмдақты тынымсыз түрткілеп, әзірге талатын емес. Иретіліп шыққан түтіндей дударланған құрғақсұр шаң бұралаңдап бой түзеп алғасын, асықпай, бірте-бірте бұратылып, жоғарылауға тырысады. Қой бауырынан еріне көтеріліп шұбатылған, біресе сұр дәке бұрымды, біресе жыртық-жалбыр шаңнан ара-тұра бойларын былай алып қашып, ат басын бұрғыштағанмен, құтылам деу – бос әуре. Итшілеген осы қарқынмен сүйретіле-сүйретіле, Қаройдың шетінен шығып барып құлайды да, ертең Шоқаманға иек артады.
Осының бәрін ұйқылы-ояу күй кешсе де, іштей шамалап келе жатқан Еріктің құлағына «ұйықтайсың ба?» деген дауыс еміс-еміс жетті. Түсінде естіген сияқты, басын изеді ме, иземеді ме, бірдеңе білуге құлықсыз, басы салбырап, омырауына тиердей болып келе жатып, өзінің ұйқыда екенін түсінде көргендей сезінді.
Әлде бұлыңғыр, әлде буалдыр әлемге еніп кеткенде, іздегені – жайлы тыныштық. Өзінің ұйықтағанын түсінде қалай көргені түсініксіз, бұлдыр кино секілді. Ұйықтап бара жатқанын әзер түйсіне тұра, оянайын десе, ояна алмайды, біреу сиқырлап тастағандай, тұруға әлі жоқ. Денесі өзінікі емес сияқты, икемге келмейді. Қол-аяғын қозғайын десе, оған да дәрменсіз. Кірпіктері желімделіп қалғандай, ашылар емес. Осылай келе жатып, бір жағына салмағы ауып кетсе, аттан құлайтынын еміс-еміс сезген…
Қол-аяғын шырмап, буып тастаған сиқыр осы күдікті біліп қойғандай, Ерікті оң жағына қарай икемдеп, қисайта бастады. Іштей секемі оянып, сескенсе де, оған қарсыласуға шамасы жетпеді. Тіпті болмаған соң, аяғын үзеңгіге бар күшін сала тіреді. Бірақ тіреді деген – аты ғана. Табанын үзеңгіге тірегенімен, дым әлі жоқ, аяғының орнына жұп-жұмсақ мақта салып қойғандай, бір жағына барған сайын қисая берді. «Осы қалпыммен құласам, мойным қайырылып, өліп қалуым да мүмкін-ау» деген қауіпті ой күңгірт тартып бара жатқан санасында бір жылт етіп барып өшті. Денесі әрі қара тастай ауыр, әрі мақтадай жұмсақ, түсініксіз бірдеңе. Мамық денені олай-бұлай икемдеп, қимылға бейімдеу мүмкін емес. «Мені сиқырлап тастаған не нәрсе?» деп ұйықтап келе жатып, Ерік еріксіз таңданды ма, аңғара алмады.Түсініксіз, құдіретті бұлыңғыр сиқырдың уысынан шығуға тырбанғысы келіп еді, шамасы қалмапты.
Келесі бір сәтте әлдебір қауіп елесінің жақындай бастағанын бүкіл тұла бойымен сезінді. Бірақ ол не қауіп, әрі оның қайдан келетінін бағамдай алмай, еркінен тыс тілсім күшке мойынсұнып бағына берген. Бір кезде:
– Ойбай, Ерік! – деген Қараманның даусы жеті қабат жердің астынан естілген тәрізді. Әлдебір екі ат қатарласа шапқандай дүбірді әзер түйсінген тәрізді. Ол неғылған дүбір, неғылған ойбай, өзін шырмап алған қандай сиқыр екенін Ерік ажырата алмаған…

* * *

– Оу, баяғының батырларындай ұйықтадың ғой, – деген жұмсақ дауыстан оянды. Қашаннан бері жатқанын білмеді. Әйтеуір, ұйқысы қанып, бойы сергіп қалыпты. Екі айтқызбай, ұшып тұрды. Таң қараңғысы екен.
– Кешегі сәскеден бері ұйықтадың, – деді атасы мейірленіп.
Ерік сенер-сенбесін білмеді:
– Кешегі сәскеден бері?! Аттың үстінде ұйықтап келдім бе?
– Е, жоға. Ауып бара жатқаныңда, Қараман шауып келіп, қағып алды. Құнан жуас қой, басқа ат болса, жалт беріп, мерт етуі мүмкін еді.
– Сосын?
– Сосын не болушы еді, түйеге, қомның ортасына жатқызып қойдық. Басыңа киіз қалпақ кигіздік, жан-жағыңнан жіппен тартып, киізбен бүркеп, күннен қалқаладық.
– Мен соның бірін де білген жоқпын.
– Е, қайдан білесің, сен түгіл Қараман да шыдамай, ат үстінде ұйықтап кетті екі кештің арасында.
– Ол құлаған жоқ па?
– Не бопты құлап! Тақымы мықты, атқа әбден үйренген жігіт. Біз баяғыда атпен шауып бара жатып-ақ мызғып, көз шырымын алатынбыз. Сенің астыңдағыдай жорға құнанға мінгенде, желқайықта жатқандай ұйқымыз келісуші еді. Иә-ә-а, заман-ай! Жарайды, уақыт өткізбейік. Қараман аттарды әкелгенше, әлденіп ал. – Атасы айналасына қарағыштап, қол сағатына үңілді. – Кеткеніне бірталай уақыт болды, қайда жүр өзі, жайдан жай мұнша кешікпесе керек еді.
Тықыршып, ер-тұрмандарды қарап-тексеріп, түйенің қомын түзеп, оған артуға дайындаған қап-қоржындарды шұқылап, мазасы кеткенін білдіргісі келмеді. Атасының оңайлықпен сабыры қашпайтынын білетін Ерік те әлденеге елегізіп, тосын хабар күткендей алаңдады.
Әлден уақытта Қараман ентігіп жетті. Қара терге малшынған. Ахмет қарт асыға шаңқ етті:
– Ау, аттар қайда?
– Тегі, таппадым. Жер жұтты ма, көкке ұшты ма, білмедім. Қара судың айналасында ары да, бері де жүгіріп жүріп, шарламаған жерім жоқ.
– Шідердің бәрі қолыңда жүр ғой.
– Кілтипаны – сол. Үшеуінің де шідері шешіліп қалыпты, үшеуі де зым-зия жоқ.
– Қой-ей, мұнысы несі? – Ахмет қарт сенер-сенбесін білмей дағдарып қалды. – Үш аттың шідері бір-ақ шешілгені қалай?! Әкеші бері. – Шідерлерді бір-бірлеп тартып тексерді. – Бірдеңе түсінсем, бұйырмасын. Үшеуінде де еш зақым жоқ, мықты. Бүп-бүтін. Қалай шешіледі?! Жақсылап шідерлеп пе ең?
– Ой, аға-оу, бала дейсіз бе, шідерлеп жүргенім кеше-бүгін емес қой. Аттан айрылсақ, өлетінімізді білмеймін бе? Тиегін жақсылап тұрып салып, қолыммен тартып тұрып тексергенмін. Қалай шешіліп кеткеніне миым жетпейді.
– Ізі қалай қарай тартыпты?
– Тура қара суға беттеген екен, соңынан қуып бардым. Суға барған із жоғалды. Судың жағасы аздап саздауыт екен, ары өткен ізді көре алмадым. Жоғары-төмен шарлап шықтым өкпем өшіп. Таба алмай сасқан соң, қайтып келдім.
– Қап, жолдан қалдыратын болды-ау. Жеделдетіп, жағдайымыз жаңа түзеліп келе жатыр еді. Мына аттардың тойтитып кеткенін қарашы. Енді қайттік?
– Сіздер түйеге мінгесіп алға тарта беріңіздер, мен іздеп келейін, — деді Қараман.
– Бұл қалпыңмен алысқа бара қоймассың. Одан да сен мына Ерік екеуің қойға ілесіп, жаяу-жалпылап ілгерілей беріңдер. Бұл жердің ой-шұқырының бәрі маған жақсы таныс. Мен түйемен іздеп келейін.
– Ата, мен де сізбен бірге барайыншы.
Қой, мен ойнап жүреді дейсің бе? – Айтарын айтса да, атасы ойланып қалды.
Ата, мен ізіне қарап, қайда кеткенін айтып бере алам.
Е, айтпақшы, сенің сондай ізшілдігің бар сияқты. Көзің жақсы көреді. Жарайды, кел мінгес.
Мына күн жарықта қойға ешкім тиісе қоймас. Мен сіздерге жаяу ілесейін. Ұрылар ма, кім біледі. Шатақ шыға қалса, керегім боп қалар. – Қараман болмашы жем салған атдорбаны білегіне іліп алып, үш жүгенді ұсынғанда, Ахмет жақтырыңқырамай қабағын шытса да, елпеңдеген жас жігіттің меселін қайтарғысы келмеді.
– Мейлің.
Жүні тықырлана бастаған түйенің «немене сен де мінесің бе?» дегендей жақтырмай бақ ете қалғанын елеместен, Ерік атасы босатқан үзеңгіге аяғын салып, лып етіп, артына жайғасып алды. Бұл кезде күннің шекесі нарт қызылданып, бұлтиып көріне бастаған.
– Сіздермен бірге бармасам, кім біледі, аттар ұстатпай жүре ме, әлде басқа күтпеген бірдеңе… – Қараман жаудырай қарап, тағы да өтінді.
– Жарайды, өзің біл. Бірақ жаяу жүріп, шаршап қалмайсың ба дегенім ғой. Оның үстіне, біз осы жақта жүргенде, иесіз отарға аяқ астынан ит-құс тиіп жүрмесін.
– Ой, аға, көп жүрмеймін. Бірден таба алмасақ, мен жүгіріп кейін қайта бермеймін бе?! Ер-тұрманымыз, тағы басқасы жатыр, адам жүрген жерге ит-құс батып жолаушы ма еді?!.

Бесінші тарау

Аттар ұрланды. Торуылдаған кімдер?
Қашан келген? Жұмбақтар: желдің ізі,
сол аяқтың ізі, добал із.

– Бүгінгі таңның атысы қалай өзі? – деді Ахмет қарт былай ұзаған соң, кәрі атанды арагідік сипай қамшылағансып.
– Күнде осылай емес пе?!
– Бүгінгісі басқаша, қан түстеніп тұр ғой елең-алаңнан. Жолымыз болса игі еді, – әлдене деп күбірлеп, бетін сипады. – Ал енді сөйлемей, тып-тыныш отыр. Алаңдатпа, ізден айрылып қалармыз,
Ерік үздік-создық шұбатылған іздерден көз айырмауға тырысты. Шөлейт даланың сұрғылтбоз, бос топырағына тайға таңба басқандай айқын түскен. Бірақ біркелкі таңбаланбаған, біресе терең, біресе саяз, бірде оңға, бірде солға бұрыла беріпті. Үш жылқының арасы бірде жақындап, бірде алыстаса да, бір-бірінен жырақтап кетпеген. Оның себебі – үшеуі де су жиегіндегі жұқа, тілімше саздауытқа бет алған.
Әдетте, еркімен, бос жүрген аттың ізі көбіне біркелкі түсуші еді. Мыналардың адымы кейде кең, көбінесе жақын. Аяғын еркін бастырмаған шідердің салдары. Үшеуі де кібіртіктеп, сонау жердегі жылып аққан қара суды ійісінен сезіп, жақындауға тырысқан. Бұл жерден таяуда ғана талай-талай мал өткендіктен бе, аттаған сайын кездесе берген жусан көзтаныс жұмсақ, боз бүрінен айырылып, сидалана бастаған. Сабақтары ия сынған, ия қылтанақтай қыдиып-сойдиып тікенденіп тұр. Күнге әбден қақталып, тастай қата бастаған қой құмалақтар аттаған сайын қарайып-қарайып шашылып жатыр.
Әнебір шақпақтай қара қоңыз тоңқаңдап, түйенің кеуіп қалған құмалағын олай бір, бұлай бір домалатып әлек. Иен түзде іші пысқан соң, соны ермек етіп, уақыт өткізетін тәрізді. Тарбиған сирек түйеқарынның гүлдері көрінбейді, ия мал жеген бе, ия тапталып желмен ұшып кеткен бе, түсініксіз. Аптап қақтаған адыраспан жапырақтарының балғын жасылбоз түсі оңып, шеттері жиырыла сіркеленгендей саркідірленіп қалыпты. Сірә, совхоздың қаптаған қалың малы шұбап өткен соң, тапталып тозған. Оның көктемде көз тартып, үлбіреп тұратын күлтесі былбыраған, сарыбоз, сүйкімді гүлдерін енді іздеп табу қиын. Ішінара бүрісіп жиырылған жұп-жұқа сарғыш күлтелер жырым-жырым, сұрықсыз.
Атасының айтуынша, баяғыда үстінен қой айдап өткен адам ия өліп қалады, ия шалықтап, ауруға ұшырайды екен. Ал мына даланың шөбі не деген жансебіл! Егер киіздей тұтасып өссе, сайрап жатқан мына іздерді көруі, аттарды табуы қиындай түсер еді.
«Аттар табылмаса, қайтеміз? — деп ойлады Ерік. – Онда анық құрығанымыз. Жақын маңда ешқандай ел жоқ. Бұл кезде малшылардың барлығы да жайлауға көшіп кетеді. Әлде алпыс, әлде жетпіс шақырымға дейін елсіз, қу медиен. Әлгіндей жылмиып жылжитын жылымшы қара су алда енді бір-ақ жерде бар, оған бағана таңғы салқынмен шыққанда, түс ауа қара көрсетер еді. Енді қай уақытта жететіндерін құдай білсін. Шоқаманда содан басқа ешқандай су жоқ көрінеді атасының айтуынша.
Егер Шоқаманнан жеделдетіп өтіп, Құлашөлде қойшыларды қуып жете алмаса, онда шынымен-ақ… жоқ-жоқ, айтуға ауыз бармайды. Атасы сотталғысы келмейді, өйтіп малы қырылып, масқара болғанша, өлгенім жақсы дейді. Одан бәрін күтуге болады. Мінезі қызық кісі. Шынымен-ақ…
Мына қалыппен, әрине, озып кеткен қойшыларды қуып жете алмайды. Құлазыған құла шөлде мал да, өздері де қаталап, кеуіп өледі. Бұлардың сондай азапты ажалына айыпты – Шахан, сөз жоқ, басымен жауап береді… Осылай шұбырып келе жатқандарына талай заман өткен сияқты.
– Неғып жыбыршып отырсың? – атасының даусы оқыс шыққанда, үстіне мұздай су құйып жібергендей селк ете қалды.
– Жай, әншейін тамағым жыбырлап, — деп, қақырынып алды.
– Мынандай ыстықта саған салқын тиейін дегеннен сау ма өзі? Онда келісерміз… – деп, атасы тебініп қалды. – Міне, келіп қалдық.
Мөлдіреген, саяз қара судың түбі көрініп жатыр. Ішінара қара сымның кесінділеріндей иретілген қара сүліктер, әлдебір құрттар жыбырлайды. Жағасын жиектеген – арагідік жетімқияқ, шашырап өскен сұйқылтым, тарамыс күреңсе, изен, селеу аралас. Ауылдағыдай жыпырлаған бітік емес. Әр жерде бірі тырбиып шөмиген, бірі үрпиген түп-түп, аттың толарсағынан асар-аспас.
– Шөк, шөк. – Ахмет түйені шөгерді. Екеуі де асықпай түсіп, аттардың келген іздеріне көз жүгіртті. Неге екені белгісіз, торы айғырдың ізі шеткеріректе. Біртүрлі қазылғандай тереңдеп баттиған. Ерік осы іздерді мұқият қарап жүргенде, атасы басқа аттардың ізіне түсіп, қара суға барды. Секіріп, арғы жағына шықты. Ары-бері жүріп, басын шайқап, не істерін білмей, айналасына қарады. Сасқан адамның кейпі.
– Ата, бері келіңізші.
– О не?
– Мына жерде торы айғыр үркіпті.
– Қой, күнде бірге жүрген жылқылардан үркіп, не көрініпті?
– Рас, міне, өзіңіз қараңызшы.
Ахмет қарт немересі нұсқаған ізге бажайлап үңілді:
– Иә, мына жердегі ізі шүңірейіп түскен екен, соған қарап үрікті деп ойлағансың ғой. Иен түзде көзіне қасқыр елестеп, үріккен шығар. Болмаса жылқылардың біреуі жақтырмай тепкен соң, шегініп қалды ма, кім біледі….
– Міне, қараңызшы. Тұяқтардың ізі тапырақтамай, жинақыланып, жақын-жақын жатыр. Аралары да, қазылған ізі де әркелкі. Бірқалыпты, жайбарақат жүрмегені көрініп тұр. Тұяқтардың шет-шетінің іздері сәл тереңірек. Осы жерден күдіктеніп тұрмын, ата. Міне, жақын жерде құнанның да, сіз мінген күрең қасқаның да ізі жоқ.
– Үй, айналдым, олардың ізін қалай ажыратып жүрсің сен?
– Жолға шыққалы бері екеуінің ізін күнде қарап келем, құнанның тұяғы кішілеу екен. Ең үлкен тұяқ – мына тағалы торы айғырдыкі.
– Дұрыс, дұрыс, – атасы сүйсінгендей қоштап қойды. – Бопты, жарайды, сөзді көбейтіп тұрамыз ба?
– Қазір, ата, менің күдігім бар, соны анықтап алайыншы.
– Неғылған күдік?
– Кәзір… кәзір айтам. Кішкене ойланайын. – Ерік өзімен-өзі болып кетті. Көз алдына Шахан елестеді. Оған керегі – бұлардың ия малы, ия жаны бір бәлеге ұшырағаны емес пе еді. Кім біледі, әдейі келіп, аттардың шідерін шешіп жіберуі, тіпті айдалаға айдап алып кетуі де мүмкін. Бірақ ол машинамен келсе, иттер оның гүрілін түнде алыстан естіп, абалар еді. Атпен мұнша жерге дөңбектей домалақ, семіз Шаханның ерінбей-жалықпай келуі мүмкін емес. Ендеше, біреуді жұмсайды. Сонда кімге тапсырмақшы?
– Тұра береміз бе өстіп? Бол енді, түйеге мінейік. — Атасы тықыршып, мазасыздана бастады.
– Қазір, қазір, ата. Оһо, таптым, таптым,- деді Ерік көзі жайнап.
– Кәне, қайсы? – атасы айран-асыр болып, айналасына алақтады. – Түк көріп тұрғам жоқ.
– Ата, ол жаққа емес, мына жерге қараңызшы, – Атасының бала құсап дегбірсізденгеніне Еріктің күлкісі келді.
– Ал қарадық, – еңкейген қарт екі қолына тізесін нықтап, таяныш етті.
– Үш аттың да шідері шешіліп кетті дегенге сіз сенесіз бе?
– Шынымды айтсам, сенер-сенбесімді білмеймін.
– Мен тіпті сенбеймін. Біреу келіп шешіп жіберген сияқты.
– Қой, ары. Дәп бүгінгі түні осы араға біздің келіп қонатынымызды кім біледі? Тіпті білген күннің өзінде қайдағы бір қиырға жеті қараңғы түнде сандалып келетін қай кеңкелес? Жылқыларды ұрласа, шідерді тастап кетпесе керек еді. Әлде алаңғасар, келесау біреу ме? Әй, қайдам… Әлде… жо-жоқ, мүмкін емес, – деді күдіктене қабағын шытып. Ерік жымиды:
– Қараманнан күдіктеніп тұрсыз ба? – деді сыбырлап, анадай жерде маң далаға маңқиып қарап тұрған Қараманды иегімен нұсқап.
– Әй, Қараман, сен ештеңе байқамадың ба түнде?
– Жо-оқ. Масқара болғанда, жатқан бойы тас боп қатып қаппын.
– Енді кім келеді мұндай алыс, ит өлген жерге?! Бірақ оның бүйтуі мүмкін емес. Бір кемеде келе жатқан жоқпыз ба?.. Әй… – қарт бір сәтке ойланып қалды.. – Ерікжан, «Біреу шешті» дегенді қайдан шығарып тұрсың өзің? Келген-кеткен адамның ізі, кәнеки? Қайдағы жоқты шығарып.
– Мынаған қараңызшы, ата.
– Ал, қарадық…
– Ненің ізі деп ойлайсыз?
– Мұндай із көрсем, көзім шықсын. Немене өзі, диюдың ізі ме, тегі, дәу ғой.
– Бұл – биенің ізі.
– Ха-ха-хаһ! – қарт шыдамай, қарқылдап күліп жіберді. – Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты дегендей, ізшіл дегенге мақтанып, қайдағы жоқты айтып кеттің. Бие екенін қайдан білесің? Қой, шырағым, қой. Жетеді енді… – Атасы күлкісін тыйып, түйеге беттеді. –Уақыт өткізбейік.
– Ата, кішкене тыңдаңызшы, – Ерік өз топшылауын айта бастады. – Шөлдеген аттар судың иісін сезіп, осылай қарай беттеген. Су ішкен.
– Оны қайдан білесің?
– Менің көзім жақсы көреді ғой, ата. Міне, қара судың жағасындағы мына іздердің түсі берірек жатқан іздерден басқа. Сәл дымқылдау.
– Қойшы-ей, кәне?! – Қараман тез-тез басып кеп, үңіле қарады. – Несі басқа?
Ерік езу тартты:
– Суға жақын іздердің түсі мыналардан гөрі қошқылдау, топырақ әлі кеуіп үлгірмеген.
– Рас-ақ, – деді Қараман таңданып. – Бірақ онда тұрған не бар?
– Бірақ аттар су ішкенге дейін оларға әлі ешкім келмеген.
– Ал, сосын немене? – Қараман шыдамсызданып, «іш-шулеп» ысқырып жіберді. – Осы сен не ұйқысырап, не ұйқылы-ояу халде өзің келіп кеткен жоқсың ба бұл жерге?
– Жоға. Қасымда жатты ғой, – деді Ахмет қарт сабырмен. – Менің ұйқым сергек, бірден оянар едім.
– Жарайды дейік, содан кейін не болды?
Ахмет қарт еріксіз езу тартты:
– Қараман-ау, шынашақтай бала қайдан біледі?
– Жо-о, мен әшейін… – Қараман ыңғайсызданып қалды. – Айтып тұрғаны қызық боп тұр маған. Менің ойыма да келмейді. Қап-ай, ә, мектепте дұрыстап оқымағаным-ай.
– Үшеуі іркес-тіркес келіп, су ішкен соң, осы араға жайылған. Мәссаған, ата, мына қызықты қараңызшы. Кертөбел келіп, кетіп қалыпты.
Қараманның көзі дөңгелектеніп, таңданбасқа шарасы қалмады:
– Қайдағы кертөбел?! Біреу мініп келмесе, жалғыз ат сонша жерден іздеп келуші ме еді? Келсе, кете қояды деп кім айтты саған?! Жылқылардың ізі бір-біріне ұқсай беретінін білмейтінің көрініп тұр.
– Ауылда кертөбелдің ізін әбден көріп алғам. Дәл соның ізі!
– Жарайды, тіпті, соның-ақ ізі болсын дейік. Нағып қаңғырып келеді? Біреу мініп жүрмесе, қалай?! Өзінен өзі келсе, мұрнымды кесіп берейін. Оны қалай біліп тұрсың?
– Біздің жылқылар бір-бірін жақсы біледі. Кертөбелдің иісі де оларға таныс. Міне, үшеуінің де іздері сәл бері бұрылып, тоқтап қарап тұрған. Ал кертөбел айналсоқтап, кішкене жүрген де, асықпай кетіп қалған.
Қараман қолын бір-ақ сілтеді:
– Қойшы-ій, айналайын, тіпті біреу-міреу мініп келсе де, тектен текке кетпейді. Мал іздеген кездейсоқ басқа біреу шығар.
– Бөтен жылқы, бөтен кісі келсе, біздің жылқылар үркектейді. Мына іздер ондайға түк те ұқсамайды. Сасқалақтап, тереңірек қазылмаған. Бәрі де біркелкі, жайбарақат.
Қараман иығын қомдап, келіскен рай танытты:
– Түһ, сенің, тегі, жеңілетін түрің жоқ. Жарайды дей салайыншы. Содан кейін не болды? Кертөбел келуін келсе де, шідерлеулі аттарды көріп, сендермен ойнағым келмейді деп кетіп қалып па? – Оң жақ езуі көтеріліп, мысқыл білінді. – Әлде тісімен шідерлерді шешіп, ілесіп кетіп пе?
– Жоқ, жалғыз кетіпті. Ізі, міне. Бірақ біреу мініп келгені білініп тұр.
– Біреу емес, екеу шығар. Аттарды солар мініп кетпесе, қайда кетеді?
– Адам мінбесе, ат бұлай бір бағытқа тура жүре қоймайды. Жайылып, олай бір, былай бір бұрылар еді. Аттың ізіне қарағанда, мінген – бір-ақ адам.
Қараман тықыршып шыдай алмады:
– Әй, Ерік, қайдағы бір адам?! Мүмкін, екеу шығар. Оны кім біліпті?! көп мыжи бермей, тоқетерін айтсаңшы.
– Кертөбел кеткеннен кейін түннің бір уағында жорғасы шапқан аттай жарау, шалқұйрық қарагер бие мінген, ұзын бойлы бір кісі оңтүстіктен келген. Ол әрі өте сақ, әрі епті, оңқай, күшті кісі екен.
– Ой, Алла! – Таңданған Қараман айналаға алақ-жұлақ қарап алғанда, көзі бақырайып, шарасынан шыға жаздады. – Оның оңтүстік жақтан келгенін, әрі күшті, әрі сақ, ұзын екенін көрмесең, қайдан білесің? Жорға биемен патырлатып келгенін түсіңде көрдің-ау деймін. Кәне, маңдайыңды байқайыншы, Е, бәсе, ыстығың көтеріліп тұрған жоқ. Енді қайдан шығарып тұрсың бұл әңгімені? Мінгені ат па, бие ме, түн ішінде оны кім көріпті? Шалқұйрық деп, қарагер деп кім айтты саған? Құдай біледі, соның бәрін түсіңде көргесің. Ұйқың қанбай, шатасып тұрсың-ау. Болды, айналайын, жетер енді. Ертек айтып тұрамыз ба, одан да аттарды іздейік.
Ахмет қарт тұнжырап, ойланыңқырап қалды:
– Айтсын, тыңдап көрейік. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген.
– Келген кісі аттардың шідерін шешкен. Өзімен бірге ия мықты жіп, немесе арқан ала келген. Мынау дөңгелек шеңберге ұқсас із – сол биенікі. Басқа мал емес, соның ізі екені анық.
Меніңше, мынау тек тұяқтың ғана қалдырған таңбасы емес. Бірақ іздердің ара қашықтығы жылқынікі екенін айқын көрсетіп тұр. Өйткені келген адам – малдың жай-жапсарын жақсы білетін кісі, сондықтан қатқыл тұяқтың дүбірі түнде алысқа естілетінін біліп, сақтық жасаған. Киізді екі-үш қабаттап тұяғын мықтап тұрып орап, шандып байлап тастаған. Сосын мұнда бірден шауып келмей, жасырынып абайлап жеткен. Қанжығасында байлаулы ат дорбасы болған.
Қараман тағы да шыдамады:
– Қасында жүрмесең, атдорбасы барын қайдан білесің? Қанжығасында емес, тақым астында болған шығар?
Ерік жымиды:
– Өйткені жемі болған.
– Оһоу, дорбасына сен жем салып қойып па едің? Ой, бала деген осы, қиялда-ап соға береді, – Қараман қолдарын жайып, басын шайқап, қынжылған кейіп танытты. – Уақыт кетіп барады. Осылай өтірікті сықпыртып, тұра береміз бе?
Ерік шамданып қалды:
– Өйткені торы айғыр жем бермесе, бейтаныс адамға оңайлықпен ұстатпайтынын білемін. Жемді атдорбаға салмағанда, қайда салады?
– Ә, солайы солай, – деді Қараман жуасып. – Сосын не болды? Жемі арпа ма екен, сұлы ма екен? Бөктірген бе, тарттырған ба?
Қараманның өзінше тапқырланып, әдейі кекеткеніне іштей масаттанып, аңқауси алақтап қусынғанын Ерік бірден білді:
– Кім екенін білмеймін, жылқының қандай жемді жақсы көретін білгендіктен, тарттырған сұлы ала келіпті. – Қараманға езу тарта қарады. – «Ертегімді» айта берейін бе?
Қараман қолын бір-ақ сілтеді:
– Мейлің, соға берші. Бірдеңе ұға бастаған сияқтымын. Дегенмен әлі жөнді ештеңеге түсіне алмай тұрмын. Айтсаңшы тезірек, сосын не болды? Жарайды, тек асықпа, ретімен айтшы. Қарагер бие мінгенін, оның шалқұйрық екенін, жорғасы шапқан аттай ерен екенін қайдан білдің? Оған қоса келген адамның сақ, епті, күшті, оңқай екенін қалай білесің? Бәлкім, әлі осы маңайда айналсоқтап жүрген шығар, ұстап алармыз бірдеңе ғып.
– Егер атты кісі сіз айтқандай патырлатып келсе, дүбірін иттер бірден сезіп қояр еді. Сол себепті бұғынып келіп, аттарға сұлы ұсынған. Біртіндеп бойын үйретіп алып, шідерін шешкен. Бірақ жерде ешқандай адам ізі жоқ.
– Сонда ол не бәле өзі?! Адам ба, шайтан ба? Қайдағы сұлы?! Оны қалай біліп тұрсың? – Таңданған Қараманның аузы аңқиып қалды.
– Кәзір айтам. – Ерік ары таман ұзап кетті. – Жылқылар бұл жерде біраз жайылған. Өйткені келген кісі неге екенін білмеймін, демалып тұрған. Өйткені, жемді жей салысымен, тезегі түспейді.Тезегі жоқ. Міне, мына жерде екі тал, мына жусанның түбінде бірнеше тал сұлы жатыр. Міне, көрдіңіз бе? Жылқылардың әрқайсысы кезек-кезек жем жегенде, езуінен бірен-саран жерге түсіп қалған. Ұрының не ойлағанын анық біле алмай тұрмын.
– Оны да білсең, әулие болып кетер едің. Жарайды, осы да жетер бүгінге. Дегенмен, көзің қырағы-ей!. Сен болмасаң, Ахмет аға екеуміз мүлдем байқамас едік. Ал, енді тағы нең бар айтатын? Айт.
Ерік масаттанып жымиды:
– Келген кісі атпен жайлап жақындаған да, жемді еппен шығарып, күрең қасқа мен құнанға «дәм» татырған. Шаршаған, қарыны ашқан аттар жемге құнығып ауыз салғанда, арқанмен мойнынан байлап үлгерген. Сосын ат үстінде отырған қалпы, еңкейе созылып барып, шідерді шешкен. Күшті әрі епті адам болмаса, ат үстінен біздікіндей мықты шідерді оңайлықпен шеше алмайды. Анау-мынау адам ондай шідерді шешу үшін, қайтсе де аттан түсер еді, ал мынау түспеген. Ат үстінен еңкейіп-ақ шешкеніне қарағанда, зор денелі адам, сырықтай серейген біреу. Қалай болғанда да, өте күшті, әрі әккі адам.
Бұрын да талай байқағам, торы айғыр ылғи алда жүретін. Бұл жолы жылқылардың соңында қалыпты. Анда-санда оңтүстікке қарап кідіре берген екен. Торы айғыр бейтаныс кісіден үркектеп, жолағысы келмеген. Бірақ «қарагер бие қайдан кеп қалды?» дегендей қызық көрген сияқты, назар аударып…
Міне, ізі жатыр, солай қарай бұрылған. Мынау — міне, биенің іздері. Келген кісі сонадай жерде тұрып, торыны шалма лақтырып ұстап алған. Үріккен торы айғыр басын кегжитіп кейін тартқанда, ізі мыналарға қарағанда, қазылыңқырап түскен. Қарсыласып шегіншектегені ізден көрініп тұр. Ал, мына бір домалақ шеңбер тәріздес із басқа жерден гөрі мына тұста тереңірек. Демек, айғырды қолма-қол тұқыртып алу оңайға түспеген. Оншақты қадам жерден лақтырған шалманы айғырдың мойнына дәл түсіргеніне қарағанда, бұл адам не малшы, не мал ұрлаумен айналыса бастаған ұрыға көбірек ұқсайды.
Қараман алақандарын жайып, басын шайқады:
– Өй, ұры келсе, үшеуін бір-ақ әкетпей ме?!
– Әйтсе де бұл адам ұрлықты да кәсіп қылып, шындап айналыспаған. Шынымен-ақ ұрлағысы келсе не қуып, не ноқталап алып кетер еді.
Қараман елең етті:
– Қуып немесе жетелеп әкетпегенін қайдан білесің? Міне, бұл төңіректе бір де бір жылқының жаңа ізі жоқ.
– Қуса, шапқан іздердің арасы алыс жатар еді. Ал ноқталаса, жайыла бастаған аш аттар алғашқыда жетекке оңайлықпен көнгісі келмей, іздері қазылыңқырап, тереңірек түседі. Тәжірибелі ұры болса, артында айғақ қалдырмас үшін, шідерлерді бүйтіп қалдырып кетпес еді. Ия ақылы аз, ия аңқау біреу сияқты. Аңқаулығы – жылқы иелері «аттарымыздың шідері шешіліп кетіпті деп күдіктенсін» деген арам есебін «басқалар сезбейді» деп ойлағаны. Соған қарағанда, не малшы, не ұрлық жолына жаңадан түскен тәжірибесіз біреу. Қалай дегенде де малдың сырын жақсы білетіні сөзсіз.
Торы айғыр шалма тастаған соң, тіпті үркіп, осқырынғаны байқалады. Амалы құрыған анау біртіндеп таяп келіп, аузына жем тосып тұрған. Мына дөңгелек шеңбер ізбен торының ізі қатарласа қалғаны содан. Оған жем жегізіп қойып, өзі сипалап, жылқының бойын үйреткен. Алдымен алдыңғы оң аяғының, сосын артқы аяғының тиегін ағытқан… Ұры қулық жасаған.
Әр сөзді бағып тұрған Ахмет қарт та шыдамай, килігіп кетті:
– Нағылған қулық? Онысын сен қайдан білесің?!Артқы аяғына дау жоқ, малдың жайын білетін кім де болса, сөйтеді. Неге алдыңғы оң аяғын бірінші босатады?
Ерік ойланып, әңгімесін жалғастыра берді:
– Малшы бойы үйренген аттың шідерін шешуді ең алдымен артқы аяқтан бастайды. Ал, мынау керісінше істеген. Немесе ат тыныш тұрсын деп, бойын жайлап үйреткісі келген. Өйткені жылқының мінезін білетін адам сырын білмейтін жылқыға қашанда алдыңғы жағынан жақындайтынын маған талай айтқансыз. Өзім де сан рет көргем. Оны айтпағанда, шұбатылған шідерден қалған мына болмашы жұқалаң шұбалаңқы із аттың алдыңғы сол аяғына олай бір, бұлай бір ілескен. Ендеше, торы айғыр аяғым босаған екен деп бұлқынып шықпақшы екен. Оған мықты арқан жібере қоймаған соң, амалсыз тоқтаған. Бірде шұбалып, бірде шолтиып жатқан мына із – сол шідердікі, міне, мына жерде алдыңғы оң жақ тиегі бос топырақты сызып кетіпті.
– Айтпақшы, жаңағыңды дұрыстап қайта айтшы, – деді Қараман қызуланып. – Бие мініп келгенін қайдан білесің?
– Оны білу оп-оңай, – Қараманның кішкентай бала секілді апалақтағанына Ерік жымиып қойды. – Мына ізге қараңызшы. Құнан жас болғандықтан, шыдамсызданып, суға алдымен бара жатыр. Мынау – ізі. Содан кейін күрең қасқа.
– Неге торы айғыр алдымен ұмтылмайды? – Қараман бала құрлы білмегеніне намыстана бастады.
– Оның себебі келген адамның мінгені – бие. Айғыр биенің исін алыстан сезіп, қарайлап кідіріңкірей берген. Өйткені сол сәтте оңтүстіктен самал жел есіп тұрған соң, торы айғыр алға асықпаған. Мына іздерді қараңыздаршы, арасы жақын. Ал, мына іздердің арасы одан да жақын, жүргісі келмей, тұяғы топырақ сызған. Мына жерде тіпті жалғыз өзі тоқтап, оңтүстікке қарайлап-қарайлап, ақыры, міне, былай қарай бұрылған ізі. Демек, адам оңтүстіктен келген.
– Айналайын-оу, – бір сәт үндемей қызыға тыңдаған Қараман ойланып қалған Ахмет қартты көзінің қиығымен бір шолып өтті. – Оңтүстіктен самал ескенін қайдан білесің? Желдің ізі түгіл өзі көрінуші ме еді?! Ендеше оның ізі қалмайтынын бала болсаң да, білесің. Кішкентай емессің. Мен, тегі, осы күнге дейін желдің ізі бар деп естіген адамды да, бәленбай сағат бұрын өтіп кеткен сол желдің ізін тапқан адамды да көрген емеспін. Естіген де жоқпын. Жарайды, оны былай қоя тұр. Біріншіден, ол желдің оңтүстіктен қыдырып келгенін, екіншіден, басқа жер таппағандай, түн ішінде тап осы араға жеткенін саған кім айтты? Осыны неге ойламайсың?!
«Міне, мен қандай байқағышпын!» деген сыңайда мардамсыған Қараман Ахметке әлдеқандайланып, бір қарап алды:
– Тағы керек десең, тағы да айтайын. Самал жел ессін-ақ, жарайды дейік. Сонда торы айғыр неменеге тұра қалады?! Желге тұмсығын тосып тамашалап, «па, шіркін, қандай жақсы!» деп, рахаттанған жылқыны о заман да бұ заман кім көріпті, кім естіпті?! Ертекте де, батырлар жырында да жоқ. Тіпті «Мың бір түнде» де жоқ.
Сол желіңді оңтүстіктен біреу ұстап алып, мұрнын тескен тайлақтай жетелеп келіп пе?! Сен көрмесең, мен көрмедім. Сенің айтуыңа қарағанда, тор айғырекең жай кідірмек түгіл, не батыс, не шығыс, не солтүстіктің ешқайсысына да бұрылмай, әдейілеп таңдағандай, тек оңтүстікке бұрылып, біреуді күткендей тып-тыныш тұрыпты. Өйдөйт деген! Сонда немене оңтүстіктен желпініп желіп келген желдің торы айғырдан басқа жан баласы сезбейтін бір сиқыры бар дегенің бе?!
Пай-пай, бұдан былай торыекеңмен ымдасып ақылдасуымыз керек десейші. Ә, Ахмет аға, солай емес пе? Өзім не істерімді білмей, жыларман боп тұрсам, сен айналайын, тіпті басымды қатырып жібердің ғой.
Қараманның жылқылар жоғалғанына күйзеліп, күйінгеннен қызынып самбырлап кеткеніне Ахмет қарт мырс етіп күлді де, қойды. Атасының сыр алдырмай, сабыр сақтағаны дем берген Ерік үндемей сәл тұрды да, айтатын жұмбағы бардай күлімдеді:
– Торы айғырдың кідіргенін, бұрылғанын сайрап жатқан мына іздерінен көру қиын ба?!. Міне, тағаның қазылып түскен іздері. Жай ғана қарап қоймаған, кері бұрылып қараған. Самал оңтүстіктен жеткендіктен, солай қарай бұрылған.
– Сонда не боп кетті өзі? – Қараман өзінің үп-үлкен басымен әлі ештеңеге түсіне алмай, не әңгімеге белсене араласа алмай, тып-тыныш тыңдап тұрғанына намыстанып қалды. Мына шым-шытырықты шешуге қызыққан сыңаймен тағы да өзеленіп қыстырылды. – Сонда оңтүстіктен жел соқса, бітті, жылқылар солай қарай бұрыла бере ме? Күрең қасқа мен құнан ең болмаса «келе жатқан кім, әй?» дегендей бір бұрылса, қайтер еді. Әлде торы айғырекең ақылды да, анау екеуі кеңкелес пе? Қызық екен өзі. Жылқының барлығы бірдей емес пе? Сөзіңнің қисыны қисайып барып, құлап қалмасын.
Ахмет қақырынып, тамағын кенеді:
– Тап осы жерде, Қараман, сен қателестің. Жылқының бәрі бірдей емес. Бірін бірі ізінен де, тезегінен де, даусынан да таниды. Құлын-тай күнінде бірге өссе, ешуақытта ұмытпайды. Ал, шырағым, ары қарай айта бер.
– Қызықтың көкесі сол желде боп тұр, Қараман аға. Оңтүстіктен ескен жел жорға биенің иісін жеткізген. Торы айғыр бейтаныс жылқыны таңсық көріп, басын көтеріп алып, қарап тұрған.
Қараман алақандарын шапалақтап жіберіп, шалқая қарқылдап күлді:
– Пай-пай-пай, Ерікжан, айғырдың басын көтеріп, қонақ күткенін түсіңде көріп жатқан екенсің. Ақыры көрген соң, осылай сен сияқты көру керек. Маған да үйретіп қойсаңшы, ха-ха-ха!
– Сенбейсіз бе? Мынаған қараңызшы. Міне, мына жердегі шөп мүлде қырқылмаған. Бұған дейін мына жерде шала-шарпы қырқылған. Өйткені торы айғыр алаңдай бастаған.
Қараман мен Ахмет қарт екеуі бірдей жерге үңіле қарап, қарсы ештеңе айта алмай тұрды да, іздерді мұқият қарап тексеріп шықты:
– Сөзіңнің жаны бар. Жобаға келеді, — деді Ахмет қарт салмақпен.
– Ой, шынымен-ақ солай-ей! О, Ерік, нағыз азаматсың! – Қараман сүйсінгенін білдіріп, Еріктің арқасынан қағып қойды. – Тергеушінің көкесі болатын түрің бар. Иә, ары қарай айта бер, содан кейін не болды?
Оның аңқиған аузына, таңсық бірдеңе білгісі келіп, сығырайған көзіне Еріктің күлкісі келсе де, өзін өзі тежеді:
– Сосын торы айғыр алғаш жатырқаса да, сәл арырақ ұзап барып, қара биеге қайрылып қараған ізі, міне.
Бірақ Қараманның сұрағы таусыла қоймады:
– Бие екенін қалай білдің? Соны әлі айтқан жоқсың. Кәйтіп дәлелдейсің?
– Екі анық дәлел бар. Біріншісі – оның желмен жеткен иісіне торы айғыр тоқтап бұрылды дедім ғой.
– Иә, оны айттың. Бие болмаса да, бұрылып қарауы мүмкін ғой.
– Иә, дегенмен мына дымқылданып жатқан жерге қараңызшы. Суыт жүріске алыстан амалсыз шыдап келген бие, міне, мына жерге шорылдатқан. Шүңірейіп түскен, топырақ сәл-пәл шашыраған. Еркек малдікі алға, ұрғашыныкі артқа қарай кететінін көріп жүрсіз. Мына із бойынша бие айғыр жаққа қарап тұр. Торы айғыр, мінеки, солтүстік жағында. Бие шаптырғанда, топырақ оңтүстікке қарай сәл-пәл шашыраған.
– Иә, иә, көріп тұрмын, Оу, мынау мүлде жылқының ізі емес қой. Добалдай бірдеңе. – Қараман мұрнымен жер сүзердей еңкейіп үңілді. – Мынандай із көрсем, көзім шықсын.
– Айттым ғой, аға, келген кісі әккі деп.
– Жап-жас болып ап, «әккі» деген сөзді қайдан білесің?
– Мен үлкен кісілердің сөзін мұқият тыңдап жүремін. Білмесем, сұрап аламын.
– Енді мен де ылғи сөйтпесем. Иә, содан кейін не болды? – Қараманның сабақ сұраған балаға ұқсаған аңқау кескініне Еріктің тағы да күлкісі келсе де, өзін өзі ұстады. «Ренжіп қап жүрер»:
– Бие жорға екені талассыз..
– Ә, иә, мен де солай ма деп топшылап тұр едім, – Ахмет қарт күмілжігенін жасырмады.
Ерік өзінің байқағыштығын екі үлкен кісіге де мойындатқысы келгендей:
– Тұрқы ұзын, қарагер бие екен. Осынша алысқа қалай шаршамай жеткеніне таңғалам, – деді.
– Әй, осы сен бар ғой, бүйте берсең, кейін әулие боп шығарсың, боп-боп… – Қараман еріксіз сүйсініп, қалың еріндерін дөңгелектеп бопылдатты. – Қарагер екенін, тұрқы ұзын екенін көрмей-ақ қалай білдің?
– Анау кісі оңқай екені анық, аттың жалынан сол қолмен уыстаған. Оң жағына еңкейіп, оң қолымен шідерді шешуге ыңғайланғанда, жалынан үзіліп түскен мына екі тал қылды қараңғыда байқамаған.
– Тұра тұршы кішкене. Жалдан сол қолымен ұстағанын, оң жаққа еңкейгенін біреу сыбырлады ма, әлде түсіңде аян берді ме?
– Міне, мынау – сол бедеу биенің ізі. Оңқай кісі оңға еңкейгенде, салмақ та солай қарай көбірек түседі ғой. Міне, мына оң жақтағы қылтанақ жусанға ілініп қалған екі тал қара қылды көрдіңіз бе? Біздің жылқылардікі емес. Бізді әдейі іздеп келгенін де біліп тұрмын. Келгенде, асықпаған, қатты сақтанған. Биенің адымы біркелкі. Асықпаған із осындай жайбарақат. Шідерлерді шешкеннен кейін, онша қауіптенбей, аттан түскен.
– Түскен ізі қайсы, мен әлі жөнді ештеңе көріп тұрған жоқпын, – деді Қараман шыдамсызданып. – Кәне, берші көрейін. – Қылды қолына алып, созып қарады. – Расында да біздің жылқыларда мынандай шымқай қара қыл жоқ. Ол анық. Айтпақшы, шалқұйрық екенін қалай білдің?
– Мына ұзынырақ қылды қараңызшы, ақ немесе ақсұрлау.
Қараман қылды қолына ұстап, күдіктеніп үңілді:
– Қып-қысқа, қайдағы құйрық?! Жалы шығар.
– Аға, дұрыстап ұстап көріңізші. Жал жұмсақтау, құйрық қатқылдау емес пе?! Мына бір тал қыл қыдиған жусанға ілініп, үзіліп түскен. Құйрықтікі. Жал жусанға жетпейді, кәйтіп үзіледі?!
– Ее, сөзің қисынды. Жарайды, ары қарай айта бер. Содан кейін…?
– Малшылардың барлығы да ылғый оң жаққа ыңғайланатынын көріп жүрмін ғой. Солақай болса, сол жаққа қарай еңкейетін еді.
– Жо-оқ, Ерік, бұған келісе алмаймын. Тап осы жерде сен қателестің. Солақайлар сирек. Біздің жылқылардың барлығы мінгенде, сол жақтан, ал көкпарда, не үстіндегі кісі бірдеңе алса, оң жаққа ыңғайлануға әбден үйренген. Ендеше ондайды білетін кісі солақай болса да, оңға қарай бейімделеді.
– Онда тұрған не бар? – Ахмет қарт та сөзге араласты. – Қалай десек те, шідерді шешіп тастады.
– Ата, менікі дұрыс сияқты. – Ерік қызына сөйлегенін өзі де аңғармай қалды. – Келген кісі біреу кеп қала ма деп қауіптеніп, шаруасын тез бітіруге асықпай ма? Қай қолы ыңғайлы, сонымен істейді. Солақай адамға оң қолымен істеу қиынырақ. Тез тындырып, қашуға ұмтылады.
– Е, мұның дұрыс-ақ, – Қараман басын шұлғыды. – Бүгін мені әбден таңғалдырдың. Енді бұдан былай бірдеңе білмесем, немесе бір жаққа барсам, сені ала кетемін. Ал, ары қарай не болды, тездетіп соны айтшы.
– Кәзір бәрін айтып беремін. Биенің де, өзінің де аяғына жай киізден емес, тозған текеметтен кесіп, орап байлаған екен. Енді анық көріп тұрмын. Биенің дүбірі шықпас үшін солай еткен себебін жаңа айттым. Және өзінің де ізі анық түспейді. Міне, көрінер-көрінбес болып жатқан мынандай қызыл, жасыл, сұр жүннің ою-өрнек екенін, оның мұндай бірен-саран жұрнағы текеметтен ғана қалатынын бәріңіз білесіздер. Ауылдағы әжелер текемет жасағанда, біз сияқты балаларға шиге ораған жүнді тепкізетін. Өздері білектейтін. Содан текемет жасалатын. Егер үйдің киізі болса, түрлі түсі жоқ, біркелкі тықырланып шығатынын өзіңіз де жақсы білесіз.
– Оо-оһо-һох, – деді Қараман дем ала алмай қалғандай. – Айтпақшы, жорғасы шапқан аттай жойқын екенін қалай таптың? Содан кейін… арғы жағын тезірек айта салсаңшы.
– Содан кейін бе? Содан кейін асыққан, немесе қарны ашты ма, шөлдеді ме, әйтеуір тезірек қайтқысы келген. Биенің тұяғына ораған текеметті шешіп алған. Міне, мына дөңгеленген шағын тұяқтың ізі аттыкі емес, биенікі. Және биенің салмағы еркек жылқыдан сәл азырақ. Сондықтан ізі де аналардікінен аздап басқаша, дәп анандай қазылып түспейді, саязырақ. Оның үстіне иесі тебініп қалғанда, лып еткен биенің алдыңғы тұяқтарының іздері алға қарай қазылыңқырап түскен. Асықпаса, бұлай түспес еді.
Енді жорғасы шапқан аттай дегенді айтайын. Оны да білу оп-оңай. Жаңа сіздер ары-бері жүргенде, мен оңтүстіктен келген ізді анау жерге дейін барып, көріп қайттым. Шапқан аттай жылдамдығын ізінен білдім. Ауылда талай жорғалардың ізін салыстырып, балалармен кім ізді тез табады деп жарысқанда, ылғи мен жеңетінмін. Қуғанда қандай, қашқанда қандай екенін салыстыратынбыз. Тіпті жылқының салмағына дейін, тұқымы қандай екенін де ажыратуға тырысатынбыз. Білмесек, мұғаліміміз Мырзабек ағайдан сұрап аламыз, ол кісінің әкесі жылқышы болған, көп біледі.
– Осы сенің көзің лупа немесе дүрбі сияқты. Біз көрмегенді сен қалай көресің? – Қараман айран-асыр таң қалғанын жасыра алмады. – Бір құпияң, не сиқырың жоқ па?
– Құпиям бар.
Қараман алақандарын ысқылап жіберді:
– Е, соны айтып жіберші одан да. Бағанадан бері соны жырламайсың ба! Кәне, кәне…
– Айтайын. – Ерік Қараманның өзінен үлкен болса да, әлсін-әлсін бала сықылды аңқайып қарағанына тағы да күле жаздап, өзін әрең ұстады. Ашуланып қалуы да мүмкін. – Менің көзім жақыннан да, алыстан да өте жақсы көреді. Бір журналдан Америкадағы үндістер туралы оқығам. Олар басқалардың көре алмағанын бірден байқайды. Кішкене күнінен бастап, көзге арналған жаттығуларды үнемі жасап жүрген соң, көздері қыран құстардікі секілді керемет қырағы болады екен. Алыстан иненің жасуындай көрінген жау ма, дос па, біліп қояды. Мен де солар сияқты ылғи жаттығу жасаймын.
– Мә-ә, солай ма?! Мен де сөйтпесем, – Қараман қайта-қайта басын шұлғып, қопаңдап қойды.
– Сені ерте шыққаным бекер болмаған екен. Тіпә, тіпә, тіл-көз тимесін. – Маңдайының әжімдері тереңдеп, созыла түскен, ұрты солыңқырап, жағына жабыса жаздаған, көзі кіртигенАхмет қарт күбірлеп алды. – Айтқаныңның барлығы да ішіме қонады. Бізді торуылдап жүрген кім болды екен, ә?
Еріктің көз алдына Шахан елестеді. Бірақ «сол» деп айтуға дәлелі қайсы? Амал жоқ, ештеңе айта айта алмайды.
– Әзірге білмеймін.
– Әзірге дейсің бе? Демек, кейін тауып-білуім мүмкін дегенің бе. Құдай сол күнге жеткізсін. Ал енді аттарды қайдан іздейміз? – Немересінен шынымен үміттене сұрады. – Ал, Қараман, сен енді қойға бара бер. Біз іздеп қайтайық.
Ерік тағы да ойланып қалды. «Қара судың басы жоғары – тау жақта. Өйткені су тау жақтан келеді. Жолдан үзіле ме, ары кете бере ме, оны білмейді. Бірақ қастандық жасап отырған адам ұры емес. Ұры болса, шідерді қалдырмайтыны сөзсіз. Не ойласа да, бұларды амалын тауып, жайлаудан алыстатуға тырысқан біреудің істегені. Сондықтан суды кешіп отырып, біраз жерге дейін барады да, жағаға шығып, аттарды жібере салады, ия ары қарай бір жаққа айдап алып кетеді. Аттардың ізі мына суға тіреліп, сосын жер жұтқандай жоқ болып кетуінің себебі – суды кешіп кеткендіктен. Жол тосып, бір қолайлы тасадан тағы да аңдуы мүмкін. Қысқасы, төмен – солтүстікке қарай кеткен.
Осы ойын атасына айтып еді, ол құптай кетті.
– Мен де солай, су кешіп кетті ғой деп жобалап едім. Бірақ не жоғары, не төмен жүрерімізді білмей тұрғам. Соқырдың қолына таяқ ұстатқандай, жүрер жолымызды айқын сызып бердің-ау, құлыным, өмірлі бол. Ал «ұрыста тұрыс жоқ» , кеттік. Қараман, сен енді қойға бара бер. Ит-құс тиіп жүрмесін.
– Жем бар ма әлі, ата? – деді Ерік түйеге мінгесіп жатып.
– Е, әлдеқалай күн туа ма деп, сақтап келе жатқан жем бар ғой.
– Әйтпесе аттар ұстатпай қоя ма дегенім.
– Басқаға ұстатпаса да, маған ұстатады. Үйреткелі қаш-шан!
– Торы айғыр ше?
– Ол да. Оның бір жақсы көретін нәрсесі бар, білуші ме ең? – Ахмет қалтасынан алған шақпақ қантты көрсетті. – Біліп алғаның артық емес. Қантты жақсы көреді. Тай күнінен үйреткем.
Ерік үндемеді.
Екі өркештің арасында ербиген екеу түйені бір желдіртіп, бір тайраңдатып, асығып келе жатты. «Аттар табылса, тамаша болар еді, — деп ойлады Ерік, – табылмаса – біткеніміз. Күн әлден шекемізді қыздыра бастады. Біраздан кейін шағып, есімізді шығарады. Оған дейін тым құрыса, ізге түсіп алуымыз керек.
Жол торыған қарақшы кім болуы мүмкін? Осынша жерге арнайы іздеп келіп, қастандық жасайтындай бізде ала алмай жүрген қандай кегі бар? Атасы айтпақшы, не әкесінің құны бар?
Күндердің күнінде қылмысы әшкереленсе, елдің бетіне қайтіп қарайды? Ашылмайтын қылмыс жоқ, іздеушісі келіссе. Соны білмейтін қандай ақымақ адам!».
Жылғаланып, жылымшыланып аққан қара су олай да, былай да бұрылып, мазаларын кетірді. Турадан тура есіліп жатса, түйенің мұрындығын жұлып алардай тартқылап бақыртпас еді. Осы түйе байғұстың бір ғана кемшілігі – ебедейсіздігі. Судың ыңғайына қарай бұлт-бұлт бұрылуға икемсіз, өзі-ақ аңғарып, дер кезінде қылт етіп бұрыла қоюға қырсыз-ақ. Соның салдарынан екпіндеп барып, судың ішінара жарлауыттанған тік ернеуіне тізесін соғып, омақасып құлай жаздайды.
– Өй-өй, мынау қайтеді-ей, өзі? Көз қайда, көз? Сүрініп кетіп, бір жерімізді майып қылар ма екенсің? – деп, Ахмет қарт жекігенсиді. Шын көңілімен ұрыспайды, әншейін бер жағы. Атасының аужайына қарап, аттардың табылатынына Еріктің сенімі нығая түсті. «Ал табылмаса… онда жарық дұниенің бұлар үшін қараң қалғаны. Ары қарай не боларын ойлаудың өзі сұмдық қорқынышты. Амал жоқ, құрттары ирелеңдеген қара суды әбден қайнатып ішіп, о ғып, бұ ғып итшілеп өтуін өтер-ау. Одан құр сүлдері қалып, тірі аруақтай ілмиіп шыққан соң, Құлашөлдің ажалдан әрмен үрейлі, арандай ашылған шағылдарының арасынан қалай шықпақ? Шығу мүмкін емес! Осындай оқыс келген сынақтан қалай аман-есен шығу керек?».
Ахмет түйенің жүрісін баяулатып, алдыңғы жаққа дүрбі салды.
– Е, құдай, ақсарбас! – деп, айдалада айғайлап жіберді. – О, айналайындар-ай, табылды, әне, табылды. Мә, өзің қарашы. – Дүрбіні дереу Ерікке берді. Қолы дірілдеп, түрі бұзылып кетіпті. – Бір ажалдан аман алып қалдың, құлыным, – тістеніп, жүзін ары бұрып әкетті. Атасының көңілі босап кеткенін көргені осы. Демек, бұл сапар өмірі ұмытпайтын сын болатыны шүбәсіз. Көзіне жас алмайтын адуын атасының бұлайша бір сәтке босауында не сыр бар? Аман қалатын болғанына ма? Атасы ақыр-соңы белгісіз ондай оңай-оспақ бопсаға осалдық таныта қоятын адам емес секілді еді. Әлде қартая бастағаны ма?
Бәлкім, немересінің осылайша кәдеге жарағанына қуанғаны шығар. Атасының ту сыртынан сыр тарта, сынай қарағанымен, ештеңе біле алмады. Ерге құйып қойғандай қақиып, тіп-тік отырған қалдеуіштей қара шал міз бақпай, сонау жақта алаңсыз жайылып жүрген жылқыларға қарап келеді.
Сөйтіп аттар табылды. Дөңгеленген домбақ, добал із тастаған жұмбақ адам аттарды осы арада қалдырып, өзі одан әрі жөнеп кетіпті. Соңынан қуып, індетіп іздеуге бұлардың саңы ауғанмен, мұршасы болмады.
Жаңа ғана байқаған тағы бір ізді Ерік атасы мен Қараманға айтпағанына іштей ұялса да, әлі анық білмеген соң, тартыншақтап күмілжіген. Добалдай із неге пайда болды? Жылқының ізінен бөлек, адамның ізі. Іштей пайымдауынша, түн ішінде тұтқиылдан тап беріп қуатын ешкімнің жоқтығына көзі жеткен Біреу ұзақ жүріп келгенге аяғы ұйып шаршаса керек. Жаяу жүргенде, аяғына текеметті шандыған қара сәтеннің ұшы қақиған жусан түбіріне ілініп, байлау шешіліп кеткен. Жылқыларға етқызумен беттеген Біреу жер басқан сол аяғын жалма-жан көтеріп, қайта бекіткен. Бірақ жусанға таяу болмашы із білінер-білінбес қалып қойған. Қара сәтен екенін дәлелдейтін титімдей суыртпақ үзік жусанға ілініп қалған.
Ең таңқаларлығы – сол аяқтан қалған іздің керемет үлкендігі. Бұған дейін етік ізінің осынша үлкен болатынын екі-ақ рет көріп еді. Бірақ мынау сәл өзгешелеу. Өкшесі біртегіс емес, демек, артқы сол жақ жиегіне тастай қатты бірдеңе бекітілген бе? Немесе аяғын қисық басатын семіз кісі ме? Немесе қамыт аяқ па? Әйтеуір бір құпия бар. Қалай болғанда да гәп:осы іздің қарапайым адамның ізіне ұқсай қоймайтын үлкендігі мен өкшесінің түсініксіз салмағында жатыр. Өйткені жусанның түбіндегі қурап шашылған шырпыдай қиқым сабақтарды майыстырып қана қоймай, біркелкі қиғаштап опырып, сындырып жіберген. Металл нәлі болмаса, тап солай күрт сындырмай, жапырып қана өтіп кетуге тиіс еді. Тым құрыса, екі аяқтың ізі түссе, бір сәрі. Сонда жұмбақ іздің сырын аңғаруға аз да болса, жәрдемі тиіп қалуы мүмкін еді. Келген адам өте сақтанғаны анық.
Қап, әттегене-ай, сол аяқтың ғана ізі қалғаны өкінішті. Әлде келген адам ақсақ па? Оған да ұқсамайды, домбақ іздердің көлемі де, салмақ ізі де шамалас. Басқа адамдардікінен мүлде басқаша, осындай біртүрлі түсініксіз, ештеңенің табан мөріне ұқсамайтын іздер қалай пайда болған? Басқаларды адастыру, шатастыру үшін, немесе үрейлендіру үшін біреу әдейілеп жасай ма? Ауылда да соған ұқсайтындай түсініксіз, жұмбақ іздерді көргені бар. Расында да ауылдағы іздер де осы секілді емес пе еді?… Сонда бұлар бір адамдікі ме, немесе әртүрлі кісілердікі ме? Неге кілең дәулердің іздері? Алыптың ізінен басқалар қорқады, іздеуге жүрегі дауаламайды деп ойлағаны ма? Бірақ кәзіргі кезде заң, милиция, мылтық барда, қандай алып болса да, әлсіз адамға ештеңе істей алмайтынын білсе керек. Дөкір, сұмпайы қара күш емес, әділет пен әдеп қана бәрін жеңетінін сондайлар қалай білмейді? Соған қарағанда, қылмыс жасауға бой ұратындардың ойлау қабілеті күдік тудырады…

Алтыншы тарау

Белгісіз құбыжық бас салыпты.
Қара лақ. Теке мен қошқардың шабуылы.
Жараланған жуас ақ қозы.

Аттарды жетектеп, қайтып келгенде, Қараман ер-тоқымдарды рет-ретімен жиып, ерттеуге дайындап қойыпты. Күтуден жалықса керек, жусанның қураған түбірлерін шауып, мосының астына от жағып, буы бұрқыраған, түбі күйелеш-күйелеш ақ шәугімге шай салып жатыр екен. Дастарқанда кепкен құрт, ірімшік, түнгі салқынмен тоңазыған қой еті, бауырсақ. Қойлар ары таман ұзап бара жатыр.
– Ат іздейміз деп қарнымыз ашып қалды. Келіңіздер, – деп, Қараман шәугімді құмдаққа қоя берді.
Ерік әлденеге секем алып, отардың түнде жатқан жерін, іздерін қарап жүргенде, атасы шақырды:
– Не іздеп жүрсің? Тезірек тамағыңды іш. Бүгін әбден кешіктік.
– Ата, мына іздерді қараңызшы. Біз жоқта біреу мұнда сойқан жасапты.
Әнеугүні естіген «сойқан» деген сөзді қағып алып, ұмытпай айтқан немересінің зеректігіне Ахмет қуанып қалды:
– Е, немене, тағы бірдеңе таптың ба?
Қараман ақ қалайы күрешкелерге шай құюға ыңғайлана бергені сол еді, шошынғандай қоя салды:
– Не дейт?!
Әп сәтте көздері ежірейіп кетті:
– Қайдағы сойқан?!
– Біз жоқта белгісіз бір құбыжық келіпті. Бірақ онша үлкен емес. Мына іздер соныкі.
–Мәс-саған?! Жетпегені сол еді.
Ахмет те шыдамай, тез-тез басып келіп, жыпырлаған іздерге асығыс-үсігіс қарап, тексеруге кірісті. Қараман да ары-бері адымдап шолып шығып:
– Шай суып кетеді. Сосын қарармыз. «Құбыжығың» қошқар шығар, – деп, әзілдеді.
Әлденіп алғаннан кейін, үлкендер ат ерттеп жатқанда, тықыршыған Ерік іздерге қайта зер салып, бір уақытта айқай салды:
– Міне, қозының қаны. Мына жерде сол көзі соқыр, шолақ құйрық, кәрі мәлінмен шайқас өтіпті.
– Қо-ой, қайдағы мәлін? Қозы онымен шайқаса алмайды, өтірікті соқпасаңшы.
Қараманның сене алмай әзілдегеніне Ерік еріксіз таңданды:
– Міне, іздері жатыр. Мынау аққан қаны!
Іздерді таңдана шолып шыққан Ахмет тұнжырап, қабағын шытты:
– Бірдеңе болған расында. Ал, шырағым, мен мына айқыш-ұйқыш, ию-қиюдан жөнді ештеңе ұға алмадым. Не болғанын анық ажырата алмай тұрмын, көзім нашарлап қалыпты.
Ерік сонау тұсқа дейін жеделдете адымдап, барып келді. Сосын әлі кеуіп үлгірмеген жып-жылтыр, түйір-түйір құмалақтарды, бей-берекет жыпырлаған іздерді тағы да бір мұқият шолып шыққан соң, мән-жайды айтып берді.
…Бұлар ат іздеуге кеткенде, отардың әр тұсынан оншақты қой еріне басып, шетке шыққан. Сол кезде бұрын қозының құйрығын сорып, құнығып алған болу керек, өзі дәу, кәрі, шолақ құйрық мәлін анау белдің арғы жағында аңдып жатып, бұлардың кеткенін күткен. Ешкім жоқ екеніне көзі жеткен соң, алғаш ақырын басып, содан кейін асыға ырғып-ырғып келіп, таяп қалғанда, екпінін баяулатқан. Ешкімге зияны жоқ секілді, маймиып мүләйімсіп, жабысып қалардай жер бауырлап жақындағанда, қандай қу. Міне, іздерінің арасы жиі, жыбыр-жыбыр. Сосын ышқына ыршып қарғыған да, отардың шетінде жатқан қара лақты бас салған. Міне, лақтың жұлынған қыл-жүндері. Лақ бақырып жібергенде, енесі айналсоқтап ұмтылса да, батпай төңіректей беріпті. Қойлар дүр етіп, тұрып кеткен.
Сол сәтте арғы шеттегі қара теке шегірейіп не істерін білмей, қарап тұрыпты да, лақ тағы бақырғанда, шыдай алмай, тұра ұмтылыпты. Бірақ қарыны ашып келген мәлін одан қаймықпаған. Лақты жібере салып, текені күтіп, қарсы шабуылға дайындалған. Қара теке сол екпінмен ежірейіп келіп, артқы аяқтарымен тік шаншыла тұрып, найза мүйіздерімен періп қалғанда, мәлін жалт беріп, айналып үлгереді де, жонына қарғып мінеді. Қара теке әрі шошып, әрі ашуланып, бақыра мөңкігенде, мәлін әлі келмейтінін бірден біліп, секіріп түскен. Міне, қара текенің қара қылшықтары.
Қойлар үркіп, ары қашқан. Сондықтан іздері баттиып-баттиып түскен, арасы біркелкі емес, біресе жақын, біресе алыс, бұраң-бұраң, қисық-қисық. Ұйқысын аша алмай манаураған ақ қозы ең соңында қалған. Міне, мына жерде мәлін қарғып-қарғып келіп, соны тарпа бас салыпты. Ал, қара лақ, қара ешкі, қара теке мойын бұрмай, өз бетінше қашқақтап кетіп қалған. Қараман аға, сіз бағана «лақ бақырған сияқты ма?» деп, елең еткенде, мен де «естідім» демек едім, атам сізге «қорыққанға қос көрінердің» кері шығар» деп күлген соң, ештеңе демедім. Лақ сосын бақырған жоқ. Себебін енді білдім.
Осы сәтті пайдаланып, Қараман:
– Бә-әсе, мен де бірдеңе біледі екем, – деп, Ахметке қарап, маңызданып қойды. Ол күлімсіреп, басын изеді:
– Е, білетін жасқа келдің ғой. Мен қартая бастадым, құлағым тосаңсып, естімегенімді қарашы. Айта бер, сосын… Мәлін екенін қалай білдің?
– Ата, өзіңіз былтыр талай көрсетіп едіңіз ғой. Атып алған мәліндердің терісінен тымақ тіктіріп бермек едіңіз, мен ұялып кимеймін дедім.
– Е, мен ұмытып қалыппын. Ары қарай айта бер.
– Мәлін мына жерде қарғып келіп, қозыны бас салған. Осы сәттегі қызыққа қараңыздаршы. Кетіп бара жатқан қара теке кері бұрылып, анадайда состиып қарап тұр. Оны көрген біздің ақ қошқар да бері қарай бұрылған. Мынау сол екеуінің кетіп бара жатқан іздері, мыналар – бұрылғандағысы.
Алғашында бір қырындап, шайқасты бақылаған ақ қошқардың ізі, міне. Ол да одырайып тұрып-тұрып, шыдамағасын, бері қарай бұрылған. Міне, кетіп бара жатқан іздері, мыналар – тағы да кері бұрылғаны.
Қозы байғұс қыңқ ете алмайды, жандәрмен тыпырлағанымен, құтылуға шамасы жоқ. Мәлін одан әлдеқайда күшті. Тарпа бас салып, бірден құйрығына ауыз салған. Ақ қошқар не амал жасарын білмей, қобалжып алға қарай жарты метрдей жүрген де, тоқтаған. Сосын жүрексінді ме, кейін шегінеді. Сол сәтте қара теке бір метрдей алға асықпай аттаған. Міне, іздері.
Ақ қошқар соны көріп, намыстанып қалды ма, тұқырайып алып, бірден ұмтылыпты. Иір-иір мүйіздерін салмақтап келіп, сол екпіндеген бойы жетіп келіп періп жібергенде, мәлін қозыны жібере салып, жалт беріп, шетке қарғиды. Ақ қошқар жер сүзе жаздап, басын көтергенде, мәліннің қозыға қайта ұмтылғанын көріп, жаңағыдан әрмен ашуы қозып, тағы да тап берген. Мәлін айнала қашып, басқа қозыны іздеуге кіріскенде, ақ қошқар одан көз алмай, соңына түседі. Осының бәрін анадай жерде бақылап тұрған қара теке де ашуға мініп, екінші жақтан ұмтылған. Ақ дәу мен қара дәуден қорыққан мәлін, амал жоқ, зытып кеткен.
Бірақ аш мәлін дереу қайта оралыпты. Соған қарағанда, талай құқайды көрген кәрі. Әйтпесе, былай-былай айнала жүріп, теке мен қошқарды қорқытып қуып жіберуді ойламас еді.
– Кәрі ғана емес, жас мәлін де солай «ойлауы» мүмкін, – Қараман қитығып, келіскісі келмеді. – Ол да жалғыз жүре беретін шығар. Немене өзі, мыйы ашып кеткен бе, неге қайта оралған? Шамасы келмейтініне көзі жеткен жоқ па? Босқа арамтер болмай, жөніне кете бермей ме?! Әй, осы мәліннің де мыйғұласы бар ма деймін.
Қараманның шамданғанына Еріктің әдеттегідей күлкісі келсе де, байсалды жауап беруге тырысты:
– Аш болған соң, келеді дә. Бері жүріңізші, міне, мына іздерді қараңызшы. Текеге шабуыл жасамақ болып ұмтылғанда, теке қорқып, жалт бұрыла салып, қойларға қарай қашқан. Сол сәтте ақ қошқар тапырақтап тұра ұмтылған. Мәлін жалт беріп, қошқарға атылған. Қошқар күжірейіп кеп ұрғанда, мәлін ұршықтай үйіріліп, шетке ытқыған. Кідіріп, таң-тамашаға бұрылып қараған қара теке де «кішкентай мәліннен қорқып маған не болды?» дегендей, «ұялып», намыстанса керек, ежірейіп дүрсе қоя беріпті.
– Ха-ха-ха, – Қараман қарқылдап күліп жіберді. – Поу, деген біздің қара теке әрі ұяты бар, әрі намысқой екенін бұрын білсемші. Ылғи жемдеп жүрер едім. Ех-хе-хе… – Күлкіге шашалып, шиқылдап қалды. – Иә, сонымен ары қарай не болды? Бөсе бер. Әйбәт бөседі екенсің.
Ерік оның қағытқанына елең етпеді:
– Мәлін ары жалтарған, бері жалтарған. Біресе текеге, біресе қошқарға шапшып, ештеңе шығара алмаған. Қозыға ұмтылайын десе, мына екеуі тұра кеп қуады. Сонымен, шаршап, алыстаңқырап, міне, мына жерге жатыпты. Жас болса, бұлай жата қоймас еді. Қошқар мен теке «Өй, мынау біздің қасымызда осылай аңдып жата бере ме? Тағы шабуылдап жүрер» деп ойлап, тағы да дүрсе қоя береді.
Қараман тағы да қарқылдап күліп жіберді:
– Ха-ха-ха! Пай-пай, әбден ақылдасқан екен, ә?! Ал менімен әлі бір сөйлескен емес. Сен бір күні асықпай сөйлесіп берші.
Ерік жымиып, басын изеді:
– Жарайды. Бірақ мен олармен үндемей сөйлесем. Және олардың не айтқанын да үндемей айтам.
Қараман «ахахалап» шалқая күліп алды:
– Әй, бала, жарайсың. Әлгіні аяқта. Сосын не болды?
– Не болушы еді, мәлін қашып кетті. Егер жас болса, бұдан гөрі оңай олжаны қиналмай тауып алмай ма? Ал «біздің» мәлін тышқан, қоянды олай тез ұстай алмайтын секілді. Бұрын қозының құйрығын тірідей сорып, тырп еткізбей жеп дәндеген. Және мына іздерге қараңызшы. Жас мәліннің ізі қазылып түседі. Өйткені тырнағы өткірірек, әрі қатты ыршығанда, жерді мынадан гөрі тереңірек қазыңқырап жібереді. Кәрінікі кішкене мұғалдау және секіргенде, іздерінің арасы жас мәліндікінен жақындау, өйткені күші аз.
– Жарайды, оған келістім. Бірақ мәліннің сол көзі соқыр екенін көрмесең, қайдан білесің? Өзің үйретіп қойған танысың ба еді?
Қараманның әзілдеп тұрып-ақ тексергісі келгенін Ерік бірден сезді:
– Оны мен танымаймын. Бірақ ол мені де, атам екеуіңізді де, қойларымызды да жақсы таниды.
Қараман күліп жіберді:
– Е, бәсе, бізге көрінбей келіп, сенімен ғана ымдасып сөйлесіп жүр десейші…
Ерік те езу тартты:
– Ол, меніңше, біз жолға шыққан күннен бастап келіп жүр.
– Ой, айналайын, басымызды қатырмай, дереу айта салсаңшы. Көрмей-білмей тұрып, шолақ құйрық, сол көзі соқыр мәлін екенін саған кім айтты?
– Ізі «айтты».
– Кәйтіп?!
Мәлін отардың сол жақ шетінде жатқан жұп-жуас қозыны байқамай, оң жақтағы лақты бас салған дедім ғой.
– Оған бәрібір емес пе?
– Бұған дейін атамнан да, басқалардан да естігем, тәжірибелі мәлін лақтың дереу бақырып қоя беретінін біледі, сондықтан оған ұмтылмайды. Тірідей жеп жатса да, үндемей азап шегіп, әлсіз тыпырлап жатып өлетін қозыға шабуыл жасайды. Қашан екенін кім білсін, сондай сәттердің бірінде оңай олжаға қызыққан басқа дәу мәлін, немесе басқа бір шағын аң, түлкі ме, қарсақ па, шибөрі ме, не екенін білмеймін, әйтеуір сондай бірдеңе бұған шабуыл жасаған. Аянбай айқасса керек, сол шайқастың салдарынан құйрығы үзілген, сол көзіне зақым келіп, көрмей қалған.
– Шынында да солай сияқты. Ал, құйрығы шолақ екенін қайдан білдің?
– О-ой, оны білу тіпті оңай. Міне, бас салған жерге қараңызшы, артқы аяқтарының тырнақ іздері топырақты қазып жіберген. Қозыны бар күшімен тартқылағаны, қозының тыпырлағаны, құтыла алмай аласұрып тырмысқаны ізден анық көрініп тұр. Мәлін кегжиіп кері тартқанда, құйрығы шұбалып, аздап болса да, жер сыпырмай, дік-дік шолтиып түскен. Мынаны қараңызшы, құйрығы жерді болар-болмас қана сызып өткен. Міне, соны жіті бақыласаңыз, білу оп-оңай ғой.
– Е-е, менің көзім көз емес, көріп тұрып көрмеген без десеңші, – Қараман өзіне өзінің көңілі толмай, аузын қомпитты. – Жарайсың, жарайсың. Осы сен өскенде, бір керемет болатын шығарсың.
– Құдай біледі…
Немересінің үлкен кісіге ұқсағысы келіп, байсалды сөйлеуге тырысқанына қуана жымиған Ахмет:
– Ал енді сөзді қойып, сол қозыны тауып әкеліңдер, дәрілейік. Құрттап кетіп, босқа өліп қалмасын, – деді. Керолин әкеліп, атасына көмектесіп жүрсе де, жаңағы із бен ауылда таңдандырған із есіне түсе берді…
Жетінші тарау. Үшінші шегініс.

– Шабдар атты ұрламақшы ма?
– Төлебай аға шын айта ма?
– Қылтиған екі бұтақ.
– Батпаққарадағы өлі тұтқын.
Қойлы ауылдан атасы мен әжесінің жыл сайын осылай жазғы каникул басталарда келетіні қандай жақсы. «Батпаққараның төменгі жағынан шөп шабамыз. Әкеңнің шабдарын арбаға алып қалдым. Өзі бірдеңе ғып, сыйырын бүгінше бір жолдасының атымен баға тұрар» дегеніне қуанған.
Ауылдан үш шақырымдағы Батпаққараға салдырлаған ат арбамен асықпай жеткенше, күн қызуы әлсірей бастады. Құйқаны құрыстырып, шекені тырыстыратын ыстықтың уыты қайтқан.
Қалмай қапталдасып отыратын совхоздың сары егістінен сытылып шыққан соң, тоқтағаны – атақты Батпаққара сазы. Жайқалған қалың қияқ, бидайық белуардан.
Атасының серпіле тартқан шалғысы шалғынды ұстарадай тықырлап сыпырады. Жал-жал бөкесті Ерік шолақ айырмен арбаға салумен біраз уақыт өтті.
– Айтпақшы, Ерікжан, атты қарап келші, көрінбей кетті. Бағана жіберіп едік. Сазға түсіп кетіп жүрмесін, – деді атасы бір уақытта белін жазғалы тіктеле беріп.
Сайды қиялай өрлеп, жотаға шыққан Ерік шабдарды таба алмай, келесі сайға беттеді. Мәссаған! Анау кісі кім?
Салт атты бейтаныс біреу жүргісі келмей, олай-былай бұрылғыштай берген шабдар атты бишікпен ұрмаса да, жасқап бара ма, қалай өзі? Жалпақ брезент шідер еркіне жібермей, діңкесі құрыған шабдар аттың арагідік жан-жағына жалтақтағанына елең ететін емес.
– «Батпаққараға айдап бара жатыр ма?! Біреудің атында не шаруасы бар? Шөп шауып жатқанда, көрмейді деп ойлап, ұрлап кетпекші ме, әлде Батпаққараға білдірмей батырып жібермек пе? Бандит емес пе? – деп ойлады Ерік өз деміне өзі тұншығып. – Киімі бандитке ұқсамайды. Бірақ бандиттің киімі де кәдімгі кісілердікіндей болатын шығар?» Өз ойына өзі күле жаздады. Ол да адам. Енді қалай киінбек?! «Әй, баламысың деген» атасының даусына салып, қарлығыңқырап сөйлеуге тырысты.
Шабдарды Батпаққараға қарай еріксіз бейімдеп, жасқап бара жатқан сияқты көрінген зор денелі, қақпақ жауырынды кісінің басында қоңыр, ши қалпақ, шолақ жең, ұзынша, тік қоңырша жолақты жейдесі сұрғылт. Соңынан біреу аңдығанын сезгендей артына мойын бұрды. Ат қолтығынан келетін шалғынның ішіне жасырынып, отыра қалған Ерікті байқамады.
– Қайда барады? Атты ұрлағысы келсе, бағанадан бері мініп, не жетекке алып тайып тұрмай ма? Бір құпия бар сияқты мұнда.
Жайлап жылжып бара жатқан сұр гранит тасқа ұқсаған зор денелі кісі шабдарды алға сала, шыбыртқысын шыпылдатып үйіре жасқап, атты еркіне жіберер емес.
– Батпаққара, әне – түнеріп жатқан қорғасын түстес, қорқынышты қара батпақ. Баяғы заманда мұнда көл болған деседі. Сосын бір замандарда жер ыңыранып қозғалғанда, қалың қабаттар тітіреп, айырылып-айырылып кеткен. Батпаққараның да табаны әлденеше жерден қақырап, көлдің суы соған жұтылыпты-мыс. Енді бір кезде әлгі жарықтар қайта жабылып қалған. Бірақ одан не пайда, көл көзден бұл-бұл ұшқан да, оның орнын сұрапыл батпақ жайлаған. Бір қызығы – Батпаққара бұрын тіпті аумақты еді деседі. Кейін жылдан-жылға көлемі кішірейіп, бұрынғы қоймалжың батпақтың шет-жағасы енді бірте-бірте былқылдақ сазға айналған. Сарыжасыл саздауыттың шеті – жасыл шымдауыт. Одан беріде аттың омырауын соғатын шалғын. Жаман атағы бұрынғыдан азайғанымен, Батпаққара әлі де қорқынышты. Оған білетін адам да, сезетін мал да жоламауға тырысады.
Алда-жалда бара қалған малдың қай-қайсысы да екі-үш қадам ілгерілеп, Батпаққараның қаншеңгел сазына іліксе, шаруасы біткені. Желімдей жабысқан батпақ – түпсіз құрдым. Сағыздай жабыса кететін күреңселі саз тиіп кеткенге жабысып айрылмайды, тұңғиығына шым-шымдап тарта береді. «Тұтқын» қимылдаған сайын құшырлана, обырлана сорады. Шабдар ат мына қарқынмен соған түсіп кетуі мүмкін.
Кері қайтып, атасын ертіп келгенше, қабарып жатқан қарасұр құрдымға анау кісі атты итеріп жіберсе ше? Тымырайып жатқан меңіреу тұңғиық дереу желімдей жабысып ала қояды. Жалғыз амал – қарсы тұру. Айқайласа, «куә боласың. Басқаға айтып қоясың» деп, ұстап алып, анау батпаққа лақтырып жіберсе, айналада көмектесетін жан баласы жоқ.
Дәл кәзір екі ғана таңдау бар: құтқармаса, ат өледі, оны құтқарса, өзі өледі. Жүрегі дүрсілдей бастаған Ерік не істерін білмей, екіойлы күйден арыла алмай, абыржып, орнынан түрегелгенде, анау байқап қалды да, таңдана мойын бұрды.
Ерік бірден таныды: – Төлебай! Тотыққан қаракүрең өңі соншалық суық, қорқынышты. Қалың, дөңес қабақтың үстіне қара ешкінің бір уыс қылын қырқып алып, жапсырып тастағандай қасы уда-дуда. Етті, делдиген жалпақ мұрнының астында көлденең көлбеп жатқан ұзын, қара жолақ – қыл тоғай – қалың мұрт. Трактор түрені төңкеріп кеткен екі бороздадай қарайыңқы қалың ерін. Шаңсұр жейдесінің ішінен жүнін сыртына қаратқан қара тон киіп алған секілді омырауы бұрқыраған бұйра-бұйра жүн.
– Ассалаумағаликум, аға! – Ерік алғашқы қорқынышты әсерден айыға алмай амандасса да, тұрған орнынан қозғалмады. Бейтаныс біреу емес, жүзтаныс Төлебаймен ұшырасқанына ептеп көңілі орныққан. Бұл кісіні бір-екі рет сыртынан көрген. Қорқатын несі бар, құбыжық деймісің?! Қаншама алып болғанымен, бұл кісі де де адам ғой.
– Әлікімассалам! – Зор дауыстан төңірек дір етіп, бір шайқалып қалғандай.
– Аға, анау шабдар ат біздікі ғой. Неге ұрып жүрсіз? – деді Ерік жыны ұстағанын жасыра алмай.
– Ұрып қайтем оны?! – Төлебай ештеңе болмағандай күркіреді. – Аноу жақтан шөп шабатын жер қарай кеп ем, көріп қалдым. Батпаққа қарай беттеп бара жатқан сияқты көрінді. Сосын қайырғаным ғой.
– Егер мен болмасам, шабдар атты Батпаққараға батырып жіберер едіңіз.
– Ай, айналайын, не айтып тұрсың? Не бопты маған өтірік айтып?! А?! – Төлебай күркірегенде, алапат зор дауыстан аспан шатырлап, қақ айрылып кеткендей сезілді. – Әкеңнің кертөбелін маған, менің шабдарымды соған берген жоқ па? Өз атымды өлтіріп, мені жын ұрып па? Е, қарағым, «қорыққанға қос көрінер» деген, өйтіп жаман ойлама. Ұстап ал да, ие бол, айналайын.
Ерік әрі ұялыңқырап, әрі жүрексініп, шабдарға қарай беттеді. Төлебай күлімсіреп, басын шайқады. Сосын соңына бұрылып қараған да жоқ, өз жөніне кетті.
Аттың шідерін шешіп, тізгінін ұстаған Ерік жалынан ұстап, ырғып мініп алды. Сәл кешіккенде, аттан айрылар ма еді, кім білсін. Жүрегі лүпілдеп, төңіректі тағы бір шолып еді, ешкім көзге түспеді. Батпақ ештеңе көрмегендей түнеріп ісініп алған, тып-тыныш сұлқиған, сұсты қалпы. Мына қалпы біртүрлі құбыжық кейіпті, ештеңе өспейтін, ештеңені көрсетпейтін қара шыны телегей сықылды. Тек, бергі шетке таман сәл шошайған әнеу бір екі бұтақ болмаса, арғы жағы түгелдей отқа қақталғаннан кейін суып қалған қатпарлы қалайы, қарасұр біртегіс секілді батпақ айдыны. Қылтиған қысқа бұтақтар қалай батып кетпеген?! Әлде жеңіл болғасын, қалтқыдай қалқып тұр ма? Егер сәл арырақ тастаса, тұңғиыққа жұтылып, жоғалмас па екен?.. Сірә, бергі шеті онша терең емес. Шым батып кетпей, нағып көрініп жатқан бұтақтар?!
Аттан түсіп, қайта шідерледі. Төңіректі тінтіп жүріп, тауып әкелген ұзын бұтақпен батпақтың шетіне таяу тыртиып жатқан үшкіл екі қысқа бұтақты түрткілеп көрді. Оңайлықпен қозғалатын сыңайы жоқ. Батпаққа қалайша бекіп қалуы мүмкін? Неге батып кетпейді?
Мұндай быртиған қысқа бұтақтың батып кетпей, горилла саусағының ұшындай қылтиуында, әрине, бір жұмбақ бар шығар. Ұзын ағашты біреу лақтырған, немесе басқа бір кілтипан кілтиіп жатыр. Бірақ мұнда ағаш қайдан келеді? Амантоғай ауылдың арғы шетінде. Ол жақтан еріккен біреу шаң-шаң болып, не үшін ұзын ағашты осы жерге сүйреп әкеледі? Неге батырып әуреге түседі? Әлдекім батпақтың астынан көтеріп тұрғандай неге екі бұтақ біркелкі, қатар қылтияды?
Әлде батпақтың тереңдігін өлшейін деген біреу ме? Алайда тереңдікті тура мына жағасынан бір не екі адым жерден ғана өлшеуі мүмкін. Анау үш әлде төрт адым ба, сондай жерде. Неге сәл ғана арыда?
Ерік былайырақтағы ой-шұқырды шарлап жүріп, бір уақытта ұзын сым тауып әкелді. Ұшын бұғалыққа ұқсатып байлап, лақтыра-лақтыра, әлгі бұтақтың оң жақтағысына әзер іліктірді. Ұшы үшкіл болғанымен, бұтақтың екеуі де біреу әдейі қолмен өлшеп игендей біркелкі қайқылау. Бар күшімен тартып еді, екі бұтаққа да жан біткендей әрең-әрең қозғалды. Батпақтың бергі шетіне әлдеқалай батқан бөрененің бұтақтары ма екен?
Сымның бір ұшын аттың мойнына омырауға таман орап байлады да, «шүу-шүулеп», тізгіннен тартты. Шабдар күшене ілгері бір-екі басып еді, қозғала бастаған мыртық екі бұтаның астынан балшық баттасып қалған дәу бастың оң жақ шекесі көрінді. Сұры жаман, қорқынышты. Адам көргісіз. Балшық быламайлаған ұсқыны әлдебір белгісіз құбыжықтың басы секілді.
Ерік сәл тітіркенсе де, қорықпауға тырысты. Бажайлап зер салды. Сиырдың басы! Бірақ мұнда қайдан тап болған? Қашаннан бері жатқаны, қалай батып кетпей тұрғаны түсініксіз.
Бастың маңдайы, көз-құлағы мен аузы-мұрны – бәрі-бәрі қара балшықпен қапталғандай лас, жиіркенішті. Шабдар ат тағы бір күшеніп тартқанда, сымның ұшы шығып кетті. Бас қайтадан сылқ етіп, батпаққа көмілді. Бағанадан бері бұтақ деп тартып жатқаны батпаққа малшынса да, әлдеқалай қылтиып көрініп тұрған сиырдың мүйізі болып шықты.
Еріктің кешіккеніне алаңдаған Ахмет қарт айтқызбай-ақ, келіп қалды:
– Абайла, қалқам, батпаққа батып кетпе. Бері жүр. Ойнайтын басқа жер таппадың ба?
– Ата, анау сыйырдың мүйізін қараңызшы. Басын жаңа тартып көрдім, шықпайды.
– Қайдағы сиыр мұнда қаңғып келген?! Бұл жаққа мүлде мал баласын жолатпаушы еді… Қайдан адасып жүр? Мына жақ – егін, мынау – Батпаққара, анау жақта – көл. Шабындық деген, міне, осы ара ғана. Тоқымдай жерің қайбір өріс боп жарытады? Қусырылған қуысқа малды айдап келуге кімнің батылы барсын. – Әрі-сәрі күйде аңырыңқырап тұрды да, өзімен өзі сөйлесіп кетті. – Ауылға қайтатын тас жолдың екі жағы да – қалың егін. Қыл көпірден өткендей қиналасың. Ешкім де бұл жаққа келе қоймаушы еді. Әлдеқалай шөлдеп кеп қалды ма? Айтпақшы, Әкімжан аңырып демалып жатқанда, әлгі «жоғалттым» деп жүрген сиыры осы батпаққа малтығып өлмесін, ол да ғажап емес.
Атасы мазасызданып, бірден іске көшті. Ұзын, құр делбенің екі ұшын жүгеннен шешіп алып, қамытқа екі жағынан байлады. Бағанағы сым бұл жолы да қажетке жарады. Екі ұшы да тұзақталып байланып, ортасынан делбеге мықтап жалғанды. Екі мүйізге жақсылап іліндіріп алып, шабдарды «шүу-шүуледі». Сиырдың басы көрінгенде, атасының делебесі қозып, шабдарды қамшымен тартып жібергені. Бірақ шабдар қанша күшенгенмен, шығара алмады. Қатуланып қамшымен тағы тартып жіберіп еді, шабдардың танауы делдиіп, ышқына ұмтылды. Делбе шорт үзілді. Әрі сым тұзақ балшық баттасып жылмиған мүйізден сусып шығып кетті.
– Қап! – Ахмет тістеніп, кіжініп қалды. – Басқа бір мықтырақ арқан әкеліп, трактормен тартпаса болатын емес. Сен осы маңда ат шалдыра тұр, мен аноу трактормен сөйлесіп келейін. Ә, жоқ, айтпақшы, атты мен мінеді екем ғой. Сен осында тұра тұр, тез келем.
Атасы шабдарды арбадан босатып, жайдақ шоқытып кетті. Көп ұзамай селкілдетіп, бір «Беларусьті» ілестіріп келді. Шөп жинап жүр екен, трос арқаны, айыры, әйтеуір, бес қаруы сай.
Енді сымның пайдасы шамалы, шетке лақтырып жіберді. Ахмет тракторщы ұсынған темір трос арқанды бұғалық тәрізді ілмектеп, екі мүйіздің түбінен түсіріп, тағы да жаңағыдай іліктіріп алды.
– Ал, бала, ақырын тарт, әйтпесе арқанымыз үзіліп кетер, — деді көк көз, сары жігітке.
Ол жымиып, Ерікке қуақылана көзін қысты:
– Бұл арқан сиыр түгіл, трактор тартса да, үзілмес.
– Жарайды, жарайды, жайлап тартсаңшы, әйтеуір.
«Беларусь» жайлап жылжыды. Ыңыранып тартқан сайын сиырдың басы бері қарай бұрылды. Сосын мойны да бері бұрылып, денесі өңкиіп көрініп келе жатты. Бірте-бірте құрғақ жағаға жақындай берді. Жер астынан шыққан керемет бір алып қара сиыр ісініп кеткен. Терісі, неге екені белгісіз, әр жерінен тесілген, адам қарағысы келмейтін ұсқынсыз, бегемоттың бір тұқымы тәрізді. Әрі біртүрлі күлімсі иіс көтеріліп, жүрек айнытады. Әу баста, мүмкін түсі басқа шығар, бірақ қазір оны айыру мүмкін емес-ті. Ақыры ертегінің алып жануарындай дөңкиген сиыр сүйреліп, жағаға шықты.
– Ау, мынау біздің Жібек келін сауатын тарғыл сиыр ғой. Әне, құлағына қара. Ені таныс! Бәсе, әу баста-ақ ішім бірдеңені сезгендей еді. Қайдан ғана аяқ астынан жоғалып кете қойды деп. Бір кілтипан қылтиып жатқанын шамалап-ақ едім-ау. Болмаса, осы жаққа кісі мал жая ма? Әйтпесе сиыр мұнда қайдан келсін. Қап, мынаның қорлығын-ай, ә! Зорға дегенде, тауып берген сиырымды мына өлексенің құнына беріп жіберіп. Шаханға айтып, көрсету керек мынаны енді. Ешкім ұрлаған жоқ, өзі батпаққа батып кетіпті деп. Ана сиырымызды қайтарып беретін шығар, сөйтсек. Ал, бала, саған рақмет, – деді ыржиып күліп бара жатқан уыздай жас жігітке.
– Малдарыңызға ие болсаңыздаршы, – деді ол трактордың гүрілінен айқайын асырып.
Ахмет қарт кінәлі адамдай басын изеп мақұлдады:
– Көрдің бе, мен жоқта не боп жатқанын. Бәрекелде-е, сен де бір шаруа бітірдің, – деді Ерікке риза кескінмен мейірленіп. – Сен болмасаң, мұны ешкім таба алмас еді. Еншалла, өстіп-өстіп ер азамат боласың .
– Ата, меніңше, ол сиырды біреу қуалап, батпаққа әдейі айдап апарған сияқты.
– Қойшы, айналайын, қайдағы жоқты айтпай, – атасы Еріктің сөзіне кіржиіңкіреп қалды. –Тірі малды қуалап әкеліп, батпаққа батырып, ит әуреге түсетін қандай есалаң?! Қастық ойлаған адам болса, сойып алмай ма, болмаса айдап әкетпей ме?
Еріктің көз алдына шабдар атты қуалап жүрген Төлебай елестеді. Бірақ айтқан жоқ. «Айтсам, баласынып, сөзіме сенбей, күлетін шығар» деп ойлады. Сөйтсе де мүлдем үнсіз қалғысы, жеңілгісі келмеді.
– Онда сиырдың дені сау емес шығар?
– Ой, құдай, мынау не айтып тұр?! Адам болды, жақсы оқиды деген баланың сөзінің түрін қара! Ауру сиырды табында ешуақытта ұстамайды. Бірден аластайды, не табынға жібермей емдейді, білдің бе?
– Білдім, – деді Ерік әлі де жеңілгісі келмей. – Егер сиырдың дені сау болмаса, батпаққа өзі-ақ алды-артына қарамай жынданып, қойып кетуі мүмкін. Ал егер ол сау болса, көкеме ерегіскен, иә қастасқан біреу сиырды бөліп айдап әкеп, осы батпаққа малтықтыруы мүмкін. Ұрласа, сойып алса, білініп қалмай ма? Ауылдағылар бәрі бірін-бірі таниды.
– Оп, бәрекелді, мына сөзіңнің жаны бар. Айта бер, айта бер ары қарай. Сиырды біреу қуалаған дегенді неменеге сүйеніп айтып отырсың?
– Неге десеңіз, сиыр тура жағада емес, ары қарай үш-төрт қадамдай ұзап барып батқан. Демек, бірдеңеден қорыққан. Артынан біреу шыбыртқымен аямай шықпыртып, басқа еш жаққа жібермей қақпалаған. Қорыққан сиыр амалсыздан батпаққа қарай бар пәрменімен секіріп түсіп кетуі мүмкін. Сосын бері қарай қанша ұмтылса да, шыға алмайды. Қашқан сиыр болғандықтан, басы да, мойны да арғы бетке қарап қалған.
– Әп, бәрекелді-е! Тіпә, тіпә, тіл-аузым тасқа, – атасы үш рет жерге түкірді. – Мұның бәрі менің ойыма неғып келмеген, а?! Расында, олай болуы да мүмкін. Иә, тағы нең бар айтатын?
Меніңше, сиырды қуалаған кісінің қолында әдейі жасап алған мықты шыбыртқысы бар, өзі өте күшті адам болуы керек.
– Е, оны қайдан біліп тұрсың? Тегі, соның қасында жүргендей-ақ сайрайсың ғой өзі… – Атасы кеңк-кеңк күліп алды.
– Егер күшті кісі қуаламаса, сиыр анау-мынау адамның сабағанына қаша қоймайды. Жанына соққы қатты батқан соң ғана батпаққа ыршыған.
– Мұның да жобаға келеді. Жаны бар сөз. Иә, бұдан басқа тағы да алып-қосарың бар ма? – күлімдеген атасы «әй, енді сөзің таусылған шығар» дегендей сығырая қуланып қарады.
– Бар, – деді Ерік нық сеніммен.
– Поу! – Атасы таңданып, қабағын көтерді. – Иә, құлағым сенде.
Сиырды қуалаған кісі – бұл жердің ой-шұқырын жақсы білетін адам. Көкем бұл жаққа мал жаймайтынын мен жақсы білем. Демек, оған ерегісіп жүрген біреу абайсызда бөліп әкетіп, сиырды осы жерге айдап әкелген. Жаяулап қуып әкелу мүмкін емес. Атқа мінген. Ат болғанда, анау-мынау можантопай емес, біздің шабдар сияқты. Қуса жететін, қашса, құтылатын ат. Сиырды еркіне қоймай, осында тықсырып әкелген – сол аттың күші.
– Бәлі! – атасы тағы да таңданды. – Сиырды біреу қуып әкелгенін, қуғыншының осы араны жақсы білетінін, астында жарау немесе жақсы аты барын білдің-ақ дейік. Қолында қамшысы барын да, өзі жай бір мәнжубас емес, қарулы адам екенін де, әкеңмен бақталастығын да жобалапсың. Енді оның кім екенін де білетін шығарсың?
Еріктің көз алдына Төлебай елестеді. Бірақ ол екенін қалай дәлелдейді? Одан басқа өзі күшті, әрі астында жақсы аты бар адам аз ба?! Жазықсыз біреуді тектен-текке айыптап жатқаны — ұят.
– Білмеймін! – деді Ерік. – Оны әзірге айта алмаймын.
– Жә, бүгінге осы да жарар. Дегенмен бүгін мені бір есімнен кетпестей таң қалдырдың. Құдай, өзің сақтай гөр тіл-көзден! Әй, сен бұдан былай білгішсіне бермей, сақтанып жүр. Көз тиіп кетер…
– Мақұл. – Ерік атасының риза кейпіне іштей марқайып қалды. «Енді жайлауға қайтсе де, алып кететін шығар. Ол – сөзсіз».
– Ал мен тағы бір кішкене шабайын. Сен ойнай тұр. – Атасы тағы да шөп шабуға кірісіп кетті. Еріктің көз алдынан Төлебай кетпеді.
– Ата, мен Батпаққараға барып келейін. Тез келем.
– Мейлің. Байқа, сазға жолама!
Ерік аяғы жерге тимей заулап отырып, жаңағы тұсқа қайта келді. Сиыр жатыр. Иістеніп кеткенін енді анық аңғарды. Жаңағы абыр-сабырда жөнді ештеңеге мән бермеген екен. Айтпақшы, Төлебай «шөп шабуға жер қарап келдім» деп еді, онысы өтірік сияқты. Неге атынан түсіп, айылын тексеріп, қайта тартады? Босап кетті ме, немесе солай кідіріп, көз қиығымен төңіректі шолып өтті ме?
Шөп іздесе, өйтіп бөгелмей, бірден Батпаққараның төменгі жағына қарай кетер еді. Бірақ ол өйткен жоқ. Жан-жағына асықпай қарап алып, жоғары өрлеген. Өтірік айтудың не қажеті бар еді? Әлде шын айта ма?
Ерік жоғары қарай адымдады. Біраз жүргеннен кейін шөбі тығыз шымдауыт таусылып, Төлебай тоқтаған құрғақ жерге қадам басқанда, ия қайран қалғаны, ия қорыққаны белгісіз, қалт тұрып қалды. Кебір топыраққа бір сиқырлы күш әдейілеп ғажайып ізді асықпай қашап салғандай. Таныс із тура қарсы алдында сайрап жатыр.
Таңданып, ары-бері жүргенде, анадайдан тағы да сондай із көрді. Алғашқы із – Төлебайдікі. Ал мынау да соныкі ме?! Екеуі бірдей. Бұл жерден Төлебайдан бұрын біреудің жүріп өтуі мүмкін бе? Әлде керісінше ме? Айтпақшы бұрын да көрмеп пе еді? Иә, көрген. Таныс із. Айнақатесіз сол. Сол із…
Сол іздің иесі тасадан шыға келіп, тарпа бас алардай жүрегі дүрсілдеп, айналасына алақ-жұлақ қарады – ешкім жоқ. Алақанымен құлағын қалқалап еді – шегірткелердің жарыса шырылдағанынан басқа ешқандай бөгде дыбыс ести алмады. Расында да, төңірегінде ешкім жоқ па? Қалың шалғынның арасында біреу жасырынып жатқан шығар. Мынадай ғажайып үлкен іздің иесі анау бықыған қызыл мияның бір жерінде бұғынып, мұның жүрген-тұрғанын аңдып отырмасына кім кепіл? Өйткені әнеугүні ала сиырды ұрламақшы болған осы із емес пе еді? Оған бөгет жасаған Еріктің өзі емес пе еді? Мынау іздің иесі соны кейін сезген де, алданып қалғанына санын соққан. Сосын мұны аңдып жүріп, осы араға келген. Қолынан келсе, тұншықтырып, Батпаққараға лақтырып жіберуден тайынбайтыны талассыз. Әлде бұл іздің иесі Төлебаймен жең ұшынан жалғасқан басқа біреу ме? Сірә, екеуінің де көздегені – қастандық жасау. Бірақ не үшін?
Бұлардың Батпаққарадағы өлі тұтқынға айналған сиырды шығарғанын сырттай аңдып, байқап кетуі де мүмкін. Әлде оған қатысы жоқ па? Және бір қызығы – арғы жақтан бері келген ғажайып із осы араға жетіп, мына шымдауытқа аяқ іліктірген де, қауіптенген. Із жасыру үшін кері қайтып кеткен. Ал шымды жерден ізді аңғару мүмкін емес. Шөп жапырылып қалса да, біраз уақыттан кейін бойын жазып, тіктелетіні сөзсіз. Соған қарағанда, бұл іздің осы жерге келгеніне, сосын кеткеніне бірталай, ия біраз уақыт өткен. Қалайша өшпегені түсініксіз.
Осының бәрін атасына айтса, «миымды ашытпашы» деп ұрсып тастауы мүмкін, немесе «Болды, болды енді! Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, сайдағы жыпырлаған сансыз ізді мен үшін тізіп жүресің бе?» деп күлкіге айналдырып жүрер. Әзіл деген, былайша айтқанда жеңіл мазақ емес пе. Жо-оқ, мазаққа ұшырағанның несі жақсы. Кейін де бір реті келер, сонда айтар.
…Иә, сол ізден аумайды. Сол болуы мүмкін. Түн ішінде көрмеп пе еді… Иә, көрген.

(Жалғасы келесі санда)

Комментарий (1)

  1. Reply
    Диасговорит

    Кітап бетінің саны белгісіз

Пікір қалдыру