Тұрсын ЖҰРТБАЙ.
ДӘРМЕНСІЗДІҢ ДӘРМЕНІ
немесе «мен де ермек үшін жазбаймын…»
(Абай өлеңдеріндегі текстологиялық «Түсініктер» туралы құрбыға хат)
Тұрсын Жұртбай туралы әдеби-ғылыми ортада: «қазіргі заманның Марғұланы» деген ұғымның баяғыда-ақ қалыптасып кеткені көпке мәлім. Біздіңше, бұл «шапан» да оған тарлық ететін сияқты. Өйткені, бүгінде оның өзі де руханиятымыздың асу бермес асқаралы биігі, айрықша бітімді өлшеміне айналып отыр. Тұрсын десек, төбесіне қарасаң, тақияң түсер заңғар биіктік, ұшы-қиыры шексіз телегей тереңдік елестейді көз алдымызға. Абайтанудан Құдайтануға дейін зейін сәулесін түсіріп, тылсымның тілін ағытқан қасиетті қалам иесін бір Өзі – бір Академия демеске әддің жоқ. Сан бояулы, алуан үнді, сыңғырлы Тұрсын әлемінің тұңғиығына сүңгіген адамның тұманың тұнығын сіміргендей мейірі қанып, жаны түлеп жаңа дүниенің кілтін ашары сөзсіз. Ол – Ақын («Жүрегімде — жұмыр Жер» бастаған бірнеше жыр кітабы); Ол – Жазушы (Қалибек Қуанышбаев туралы ғұмырбаяндық роман, Әуезов жайындағы «Бесігіңді түзе» роман-дилогия, ондаған әңгіме-хикаяттар жинағы); Ол – зерттеуші ғалым (Әйгілі «Бейуақ» монографиясы, т.б. шығармалар); Ол – Тарихшы ( Баба Түріктің екі мың жылдық тайғақ кешуін шежірелеген екі томдық «Дулыға»); Ол – Алаштанушы («Талқы», «Ұраным – Алаш» көптомдық қасіретнама кітаптары); Ол – Абайтанушы («Тұңғыш түлеуден» бастап дана ақынның өмірбаяны мен шығармаларының текстологиясын жаңаша көзбен зерделеген төрт томдық монография);
Ол – әдебиет сыншысы (Арғы-бергіні түгендеп, әдебиеттің толғақты мәселелеріне үн қатқан мыңға тарта мақалалар»… Қалай шиырсаң да, алшысынан түсетін алтын сақа талант иесінің көл-көсір шығармаларының қатпары, міне, осылай көсіліп кете береді.
Тұрсын зар бабындағы қажырлы шағында әйгілі Бекежан Тілегенов, Мұхтар Мағауин сынды ағаларымен тізе қосып, «Жұлдыз» журналында жиырма жылдай қызмет атқарды. Алаш арыстары ақталып, санадағы қара құлыптар ашылған тұста қаламгер өзінің қарымы мен дарынын молынан танытты. Ол жазған, ол архив қойнауынан ақтарып жариялаған дүниелерді оқушы сусап күтетін. Ұлы Мағауиннің «Жұлдызының» сол жылдары жұлдызын жарқырата түсуге Тұрсекеңнің де көп еңбек сіңіргенін айта кету – абзал.
Мерейлі асуға жеткен дара бітімді, кемел ойлы кемеңгер досымызға қызығы мол ұзақ ғұмыр тілеп, алдағы өрісің шүйгінді бола түссін демекпіз!
«Жұлдыздықтар» Тұрсын Жұртбай туралы әдеби-ғылыми ортада: «қазіргі заманның Марғұланы» деген ұғымның баяғыда-ақ қалыптасып кеткені көпке мәлім. Біздіңше, бұл «шапан» да оған тарлық ететін сияқты. Өйткені, бүгінде оның өзі де руханиятымыздың асу бермес асқаралы биігі, айрықша бітімді өлшеміне айналып отыр. Тұрсын десек, төбесіне қарасаң, тақияң түсер заңғар биіктік, ұшы-қиыры шексіз телегей тереңдік елестейді көз алдымызға. Абайтанудан Құдайтануға дейін зейін сәулесін түсіріп, тылсымның тілін ағытқан қасиетті қалам иесін бір Өзі – бір Академия демеске әддің жоқ. Сан бояулы, алуан үнді, сыңғырлы Тұрсын әлемінің тұңғиығына сүңгіген адамның тұманың тұнығын сіміргендей мейірі қанып, жаны түлеп жаңа дүниенің кілтін ашары сөзсіз. Ол – Ақын («Жүрегімде — жұмыр Жер» бастаған бірнеше жыр кітабы); Ол – Жазушы (Қалибек Қуанышбаев туралы ғұмырбаяндық роман, Әуезов жайындағы «Бесігіңді түзе» роман-дилогия, ондаған әңгіме-хикаяттар жинағы); Ол – зерттеуші ғалым (Әйгілі «Бейуақ» монографиясы, т.б. шығармалар); Ол – Тарихшы ( Баба Түріктің екі мың жылдық тайғақ кешуін шежірелеген екі томдық «Дулыға»); Ол – Алаштанушы («Талқы», «Ұраным – Алаш» көптомдық қасіретнама кітаптары); Ол – Абайтанушы («Тұңғыш түлеуден» бастап дана ақынның өмірбаяны мен шығармаларының текстологиясын жаңаша көзбен зерделеген төрт томдық монография);
Ол – әдебиет сыншысы (Арғы-бергіні түгендеп, әдебиеттің толғақты мәселелеріне үн қатқан мыңға тарта мақалалар»… Қалай шиырсаң да, алшысынан түсетін алтын сақа талант иесінің көл-көсір шығармаларының қатпары, міне, осылай көсіліп кете береді.
Тұрсын зар бабындағы қажырлы шағында әйгілі Бекежан Тілегенов, Мұхтар Мағауин сынды ағаларымен тізе қосып, «Жұлдыз» журналында жиырма жылдай қызмет атқарды. Алаш арыстары ақталып, санадағы қара құлыптар ашылған тұста қаламгер өзінің қарымы мен дарынын молынан танытты. Ол жазған, ол архив қойнауынан ақтарып жариялаған дүниелерді оқушы сусап күтетін. Ұлы Мағауиннің «Жұлдызының» сол жылдары жұлдызын жарқырата түсуге Тұрсекеңнің де көп еңбек сіңіргенін айта кету – абзал.
Мерейлі асуға жеткен дара бітімді, кемел ойлы кемеңгер досымызға қызығы мол ұзақ ғұмыр тілеп, алдағы өрісің шүйгінді бола түссін демекпіз!
«Жұлдыздықтар»
Шындығында да, еріккеннен ешкім де хат жазбайды, оның ішінде ой-сезімі һаса тартқан біз сияқты қасаң жастағылардың жүрегінің себепсізден-себепсіз иіп сала беруі екіталай, ондай құбылыстар алмағайып мұғжизаның қатарына жатады. Ал, біз, мұғжизаны басымыздан кешкеміз жоқ және ол қарапайым пендеге нәсіп етілмеген хикмет болса керек-ті. Біздің, қарт қаламгер мен сыншыл келіншек болып қайымдасуымызға жеңгетайлық еткен өзге емес – тура Абайдың өзі, Абайдың да өзі емес, оның шығармасы, соның ішінде аянды аңсарға (навязчивая идея) айналған Абай өлеңдерінің текстологиясы болды. Оған қолғабыс еткен заманауи құрал-сайман (интернет). Жазу тақтасына «табындырып», тапжылтпай хат жаздыруға мәжбүр етіп, мырзақамақта отырғызған әлемге ортақ «қара талақ» (короновирус). Қалыптасқан жағдайда өзге амал да қалмады.
Иә, ауызекі сөзде жиі айтылатынындай, бәрі де, күнделікті тіршіліктегідей, тосыннан басталды. Абай туралы алқалы тұста алкеуделеп кететін ғадетім бойынша, өзімді кейінгі ширек ғасыр толғандырып жүрген Абайдың текстологиясы туралы мақалаларымды баспасөзде, соның ішінде, «Жас алашта» белсенді түрде жиі жариялай бастадым. Ескі мәселені еске салдым. Әрине, дәлел ретінде академиялық басылым мен өзімнің негізгі «оқу құралым» Абайдың 1961 жылғы [2] басылымы тіл ұшына орала берді. Қара күзде М.Әуезов атындағы әдебиеттану институтының директоры, «ежелден ежеттес» бауырым Кенжехан Матыжан хабарласып, менің жарияланымдарымдағы білдірген пікірімді сабақтай келіп: академиялық басылымды біздің толқын қазір түзеп кетпесе, кейінгі ұрпақтың қайраны келмей қалуы мүмкін екендігін, соған менің де тікелей атсалысуым керектігін – өтінді.
Әрине, мұны тосын ұсыныс дей алмаймын. Түбінде Абайдың қамытын бір кимей көңілім тыншымайтынын білетінмін. Оған дайындалып та жүрген жайым бар болатын. Дегенмен де, 1991-1995 жылдары аралығында дайындалған Академиялық басылымның ішкі жұмыс барысын жақсы білетін едім: «Сол басылымды жүзеге асыруға Қайым Мұхамедханов тікелей қатысуы керек. Оны Алматыға алдыру қажет. Үйді Алматы қаласы көтерсін», – деп Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменовтің атынан хат жаздырып, ақыры ол мақсатқа да жеткеніміз де, Қайым ағаның жүгін тасып үйіне кіргізіп, төсегін салып, қасына жазу столын қойып бергенім де, оның ар жағындағы қилы-қилы қызықтар да, содан кейінгі текстологиялық жұмыс барысындағы «қызық емес қызықтар» да есімде.
Сондықтан да, ол жұмысты атқаруға пікірлес, қилы-қилы қисындардың қыбын білетін, көңіл қошы жарасып жұмылатын пікірлестер бас қосуы керек еді. Ал, мен ырың-жырың мен алакөздікті жек көретін, бәрін білетін орташа сауаттылардың ызыңына төзе алмайтын қырсық мінездің иесінің бірі едім. Абайға жүрегін қақ жара айқара ашып, содан кейін ішіне тұздық құйып, бұрыш сеуіп жатса да қайта жаппайтын, сын пікірлерді сырттан емес, бетіңе айтатын, терең де ашық пікірлі, мінезді (мейлі, қандай болсын бәрібір), өтірік-өсегі жоқ, сырласып отырып сілікпеңді шығаратын, ең бастысы – Абайдың әр сөзіне жүрегі лүп ете қалатын нағыз «толық адамды» қалап тұр едім ішімнен: «Егерде, істің жөнін біліп, ебін тауып аямай жұмсап, жанкешті ететіндей бір «толық адам» сол ұжымның басын құраса…» – дей бергенімде, «ежеттісім, сырласым» Кенжехан: Қанипаштың, иә, өзім жас келіншек кезінен білетін ғалым (доктор, профессор, бірақ маған ол атағынан көрі көркем сыни ойлау қабілеті мен талғамының жоғарылығы ұнайтын), биязы мінезімен жымиып қана мысыңды басатын батым, сөзіңді түсініп, сөзіңді түзете алтындай пайымды және соған мойынсындыратын тәжірибелі баспагер, өзім көңілін қалдырмаған, өзімнің де көңілімді қалдырмаған, ұлдарымыз мектептен таныс, сыпайы сөйлеп отырып сынап, ренішіңді әзілге қарай бұратын құрдас-құрбым Қанипаш Мәдібаеваның сол басылымға жауапты адам болып келгенін айтты. Көңілім иіп, жүрегім жылып сала берді. Енді, қақпанға түскенімді біліп, Серік Қирабаев пен Сейіт Қасқабасовты және өзім алдына жан салғым келмейтін ойлы да терең әдебиет сыншысы, абайтанушы Тұрсынжан Шапайды атадым. Сөйтсем, оларды да құрамына қосып үлгеріпті. Енді, бұлардың арасында жүрмеу менің өзім үшін де намысты іс еді.
Әрине, бар салмақ Қанипашқа түсті. Қанипаш өзіне тән биязы сөзімен шыжымдап тартып, суыртпақтап отырып мені Абайдың екінші академиялық басылымының жанкешті майданының ортасынан бір-ақ шығарғағанын өзім де байқамай қалдым (Ол жанталасты ұмтылыстың біразымен баспасөз арқылы таныссыздар: 1. Абай шығармаларына толық текстологиялық салыстырулар. 2. «Қарасөздеріндегі» емілелік қателерді түзеудің жобасы. 3. Бұрын ғылыми әлемге беймәлім екі қолжазбамен текстология ғылымының талаптарына сай жанкешті жұмыс басталып кеткен). Ол аздай, енді, басылымның екі томының үш томдық (қолжазба бойынша) «Түсініктемесі» қатарласа «ауамен ұшып» (электрондық почтамен) алдыма қона қалды.
Шынын айтайын, бұл кезде менің өзім де өмірімдегі ең бір жанкешті жұмысқа кірісіп кетіп, күнім мен түнім айырғысыз боп жатқан қарбалас шақ еді [5]. «Түсініктердің» түсініктерінен бас тартып, қайырып тастауға болмайды, берілген уәде бар және бұрын атқарылған жұмыстардың қорытындысын, айтылған пікірлердің орынды-орынсызын, өзіңнің де қосқан пікірлеріңнің нәтижелі-нәтижесіздігін көрсететін тұжырымды еңбек. Оның үстіне, бұл мәтіндердің ар жағында қиылып тұрған Қанипаш көз алдыма елестей қалды. Сол кезде, «қара талақ» (короновирус) басталып, ел іші апыр-топырға айналып, ақыры бүкіл ел боп ерікті мырзақамаққа түстік. Ызаланасаң – ызаңды көтеретін, ашулансаң – ашулы дауысыңды еститін, өрекпісең – әптігіңді басатын ешкім жоқ. Тылсым дүние басталып кетті. Басылымның кесімді уақыты ол қысып тұр. Есепте жоқ «ерікті жалдамалы» болсам да, менің пікірлерімнің ескеріліп-ескерілмеуін қадағалауға құқықсыз болсам да, «Абай үшін ашылған сорлы жүректің қақпағын» жапқым келмеді. Сол кезде бір ой келді.
Мен осы неге тарығамын, несіне тарынамын? Сыни-ғылыми пікірдің бәрін қабағыңды түйіп ап, қасаң тілмен, қатаң дауыспен жазсын деген қағида бар ма? Мен білетін әдебиет теориясында ондай қағида жоқ. Ойыңды жеткізудің амалын тапсаң, оны әдеби тілде әдіс-тәсіл дейді. Ондай әдеби-тәсілді Абайдың өзі де қолданған. Ендеше, жанкешті жұмысымның арасында, негізінен түн ішінде, нақтырақ айтсам түнгі он екі мен таңғы үштің арасында түсініктемлер туралы пікірімді Қанипашқа хат ретінде жазайын. Ол, сөздің де, пікірдің де, шаршаған жүйкенің түте-түтесі шыққан шүйкесінің де астарын түсінеді. Ал, мен өзімді, сырлас келіншекке хат жазып отырмын деп сезінейін. Сонда, көздің құртын жеп, қарашықтың өзі көруге қашқақтап, қанталаған жанарымды арбаған бес үлгіде – шағатай, жәдид үлгісінде, Гаспаралының «ортақ тілінде», Байтұрсынов әліпбиінде, Шығыс Түркістанда жетілдірілген «төте оқуда» (Абай) жазылған бес түрлі нұсқадағы мәтіндерді біресе үлкейтіп, біресе кішірейтіп, біресе – анаған, біресе – мынаған қарап, әбден ерқашты болған аттай боп, сілем қатқан он екі сағаттық жұмыс уақытынан соң, мүмкін, көңілімді сергітіп, миымды демалдырайын – деген теріс-қағыс ой келді.
Сөйтіп, Абайды түсінгенсіп, түсіндіргенсіп отырып, Қанипашқа да қутыңдап қалайын. Ашуланса – аяғы жетпейді, тосқауыл (карантин) бар. Жазса – «жүректің электрондық ашық почтасын» ашып, әр қайсымызға жазылған пікірді жолдап отыратын Әлмира (директордың орынбасары), Айдана (үйлестіруші) жібермейді, «шайтанқұлақтың» тізгіні соларда. Сонымен қатар: бұл «ашық почтаны» оқитын текстология бөлімінде жас пен жыныс мөлшері әр түрлі ғалымдар бар, оларға кәрі теке сияқты бақылдап, сөзім сүйкімсіз көрінуі мүмкін, тіпті, кейбірі қабылдамауы да мүмкін, одан да сол сөзімді әдебиеттің сан талқылау майданын бірге бастан кешірген сынақтан өткен сыншы Қанипашқа арнайын. Ол ескі күндерді еске түсірер. Тәуекел – деп осы хаттарды маған жіберілген өлеңдердің ретіне (1.2.3….136) және таңдауыма қарай «Түсініктердің» ішінен өзіме қатысты жерлерін таңдап алып, жауап жаза бастадым. «Ашық почта» болған соң, арасына өзге де ілік-шатыс сөздер мен пікірлер қыстырылып отырыпты. Қанипаштың өз лебізі де бар. Оны да орайына қарай «Қыстырма» ретінде қостым. Өйткені, олар да үш ішекті домбыраның әр ішігінде (біздің жағдайымызда, 1.Абайдың текстологиясы 2.Академиялық басылымның ғылыми жүйесі. 3. Түсініктеме) ойнап отырған зерттеушілер еді. Қалайда, бірігіп бір күй тартуымыз керек.
Қысқасы, үйлеспейтін ішектің үнін үйлестіру қажет. Қайтейік, бұл да Абайдың өзі мәжбүр еткен амал. Ендеше: Абай үшін баста өзің Жаратқан ием! – дедім де кірісіп кеттім. Жауап күндіз де, түнде де жазылды. Бұл да творчество психологиясы. Ғалым да – адам, олардың да жансебіл сәтін абайшылдар (шын мағынасындағы) білуі тиіс. Әрі, бірыңғай талдаудан жалыға бастағанда, ішінде бірер шымшым әзіл, мысқыл жүрсе, мүмкін оқырманның ынтасын аулар. Әрі, бұл қалжың деген қаһарман сөз – Абайдың нағашылары «майсыз»-шаншарлардан «қырық шыбар тайы», үйреншікті сөйлеу мәнері емес пе бұл? – деген дәмелі тәуекелмен назарларыңызға ұсынып отырмын.
Дәрменсіз пақырдың құзырсыз хаттары
1.
Қанипаш! Амансың ба? Ал, Абайдың шапанын жамылып отырып, құтылмайтын қамытты мойынға кигіздің. Енді өле-өлгенше ол қамыт мойыннан түспейтін болды. Есесіне, мен де сенің етегіңнен мықтап ұстап, айырылмаймын енді.
Оқымай жатып ескертерім мынау:
Бірінші: Барынша, қате де болса, адал пікірімді білдіруге тырысамын.
Екінші: мен де бұл «Түсініктерді» көркем әдебиеттің редакторы ретінде қараймын (Стиль, пайым, орфография, үтір, нүкте т.б.). Қалғанын өзің қарайсың.
Үшінші: айтылған пікірлерді академиялық басылымға кіргізу, кіргізбеу мәселесін міндетті түрде менімен келісу арқылы шешу – міндетті емес, ол арнайы құрылған жұмыс тобы мен кеңес алқасының дәргейіндегі шаруа. Абай айтқандай, «кеңірдегін созып шығатындар» бір емес, бірнеше жерде алдыңнан кес-кестейді. Сөзіңді оларға өткізерсің, өткізе алмассың, бірақ менің де пікірім ескерілуі керек деп ойлаймын.
Төртінші: не айтылса да – Абай үшін, ортақ іс үшін айтылады. Сондықтан да арада еш реніш болмасын. Абай – мен үшін де, сен үшін де мұнымен аяқталмайды. Әлі бірігіп, бас қосып, талай қайырылып оралатын боламыз.
«Махаббат» – сол махаббат күйінше қала береді (бұл арада және бұдан кейін де айтылатын мұндай сөздер – Абайдың өлеңдеріндегі емеуірін сөздер. Мына жерде: Абайдың: дүние өзгерер, адамзат өзгерер, Алла, яғни, махаббат өзгермейді – деген сөзі меңзеліп отыр. Оны түсінетіндей саңлау Қанипашта бар. Хат жазудың рухани мұқтаждығы да осындай екіұшты ұғымдарды ыңғайына келтіре қолдануға деген құштарлықтан туды).
Ойлануға уақыттың жоқтығы – «жүректегіні қозғауға» жұтаңдық етеді-ау, Қанипаш. Әсіресе, түсініктерге.
Мен өзім пікір айтқан Абайдың өлеңдерінің мәтіндерін «қиғаш қасты» әріппен – курсив әріппен белгіледім. Жақша ішіндегі сандық белгі «Түсініктердегі», мәтіннің ішіндегі сандар – өлеңнің ішіндегі көрсетілген реттік белгілер. Сонымен…
Кім екен деп келіп ем… (1) – Қанипаш! Іздеп барған апайына жауыр ат мінгізген «Ұрайынды» көзге ұрып тұрып жазғаның дұрыс бопты.
Ал, енді осы бір шумақ өлеңге жазылған түсінік неткен ұзақ. Мәймөңкесі көп, кілең майысқан сөздер. Түсінік нақты, ұғымды, жүйелі, артық-ауыс теңеусіз жазылғаны жөн. Ішіндегі өзгеден алынған сілтеме, естелік сөздер де төлеу сөз ретінде баяндалып берілгені лазым. Түсініктердің емілесі де сауатты болуы керек. Жақша, үтір, сызықша мен дефис дегендеріңнің өзі – сөздің, сөйлемнің жүгін көтеріп кететін кездері бар.
Шығыс ақындарынша (2) – Қанипаш! Мен: 1957-жылғы [2] не 1977 жылғы басылымға [3] ешқашан да сенген емеспін, не оларды дәлелге алған адам емеспін. 1961 жылғы басылымды үлгі тұтамын [4]. Қайым Мұхамедханов марқұм 1957 жылғы басылымға өмір бойы риза болмай кетті. Өйткені, ондағы мәтіндер 1947-1954 жылдардың арасындағы қысым идеологиясы кезінде сөздері сығымдалып, өзгеріп, заманға лайық қысыр леппен жарық көрген мәтіндер еді. Сондықтан да, шығыс ақындарына және олардың өлеңдеріне, теңеулеріне берілген түсініктер жаңадан жазылса деп тілеймін. Бұл туралы пікірімді талдау барысында айтқамын [7-12].
«Қас», «Қаса», «Һаса» деген сөздердің өзі, егер оңаша қала қалсақ, екеумізді сырластырмай, таң атқанша керілдесетіндей пәле тауып беретін пәле сөздер. Мұндағы араб, парсы сөздерінің сөз бе сөз берілген мағынасы өз алдына. Ал, олардың софылық ойлау жүйесі мен көркем бейнелеудегі образдары мен оның мағынасы мүлдем басқаша. Мысалы, Шәкерім: «Ақ арақ іш, Таза арақ іш», – дейді. Сонда, «арақты – бидайдан ашытылған ащы сұйықтық» – деп түсіндіріп, қысқа қайыра саламыз ба? Жоқ, софылардың образды бейнелеуіне сәйкес: арақ – ақыл, иман. Иманың, табиғаттағы ең таза өнім – спирт сияқты таза болсын деген сөз. Омар Һаямның: үнемі шарап ішіп жүремін – дегені: иманымды сусын ғып ішемін – дегені. Бұл ойлау жүйесінің дүниеге әкелген ең әйгілі образы – Қожанасыр. Абайдың, сол софылық поэзияға еліктеп қолданған теңеулерін тек сөздік бойынша түсіндіруге болмайды. Сондықтан да, осындағы түсініктерге шығыс поэзиясындағы софылық символ тұрғысынан бейнелі түсінік берілгені дұрыс. Мысалы:
1.«Раушан – жарық, айқын, әдемілік» – деген сөз», – деп түсінік беріліпті. Осындағы: «жарық, әдемілік, айқын» деген түсініктер Абайдың «раушан жүзі» деген теңеуін өлтіріп тұр ғой. Оның үстіне, раушан – роза гүлі, алқызыл гүл ғой. Раушан – тек алқызыл түсті гүл ғана емес, оның тікені де бар гүл ғой. Сол тікен қаншама жігіттің көңілі мен жүрегін жыртты десеңші. Сен әдепті қыз болдың ғой, жыртпасаң – жыртпаған шығарсың. Ал, менің жүрегім – жыртылған жүрек. Сондықтан да, раушанның – махаббат пен зұлымдық гүлі аталуы тегін емес.
Ал, тамплиерлер мен рыцарлардың тұсындағы роза – гүл құсап қызықтырып, білдірмей исламның шымылдығын жыртамыз дегеннен туған астарлы белгі. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Рембо мен Бодлерден кейін «қара раушан» бүкіл «әлемдік қайғының» (бізше, «ақыр заманның») символына айналды. Жорж Санд роман жазды. Қазір, бұл символ әлемдік-массондық жасырын сыпат алып кетті. Ал, осының барлығы шығыс ақындарының поэзиясындағы «раушаннан» басталған. Раушан сөзіне осы ұғымды астарлап болса да жеткізе кетсе, нағыз поэзиялық ұғымды қамтыған түсінік болар еді.
Бұл арада бұл сөздердің софылық поэзиядағы дәстүрлік символ-емеуіріндерін ашқан дұрыс. Шіркін, бір сауатты софы ғалым болар ма еді! Айтпақшы, мен «Данышпан» деп атап кеткен Сапиулла Моллақанағат деген «дәрменсізді» айтып ем, елеусіз қалдырдыңдар ғой. Ол мұндай рәуіштерді жақсы ажыратады.
2. Әхмар – «аһ» дегендегі көмейлетіп айтылатын «һ» болғандықтан – аһмар деп жазылғаны дұрыс сияқты. «Ә» әрпі араб, парсы да ауыз толтырып айтатын сүйкімді дыбысталатын әріп емес.
3. Жалпы түсінік туралы: «Осы өлеңдерінің өзінен-ақ бала ақынның араб, парсы, түрік әдебиетімен ерте танысқанын көреміз». Мұндай екіұшты мағыналық сөйлем түсінікке жараспайды. «Көргені» несі, көргенімізді кімге дәлелдеп отырмыз? Олай емес: сол кездегі медресе талабы бойынша, оның ішінде Абай бітірген жадидтік бағыттағы медреседе оқыған шәкірттер, араб, парсы, түрік (шағатай) тілін оқып, медресе бітіргенде сол тілде міндетті түрде өлең, шығарма жазып, емтихан тапсыруы тиіс болатын. Ол емтиханды Абай да тапсырған адам. Білуге міндетті. Ендеше, оны біліп отырсақ, оны «көреміз» деп кімге дәлелдейміз.
4. Түсінік: «Шагири (арабша) – ақын». Иә, шағири – шайыр және әуенмен айтылатын әнді шығыр, шығири – дейді. Бұл сөздің мағынасы мынау. Абай ақындардың атын атап алып: Енді осы Өлең патшалары маған медет бер, деме – деп тұрған сияқты.
5.Түсінік: «Фәрияд (парсыша) – теңдесі жоқ, асыл». Фарияд – құдірет! Бұл арада – Өлең патшасы. Емеурін – Өлең патшасын мекзеп тұр.
Ойлан, Қанипаш! Шешімін, Патша көңілің шешсін, аяулы фарияд иесі!
Қанипаш бегім! Енді қысқа қайырымдарға көшейін.
Шәріпке (5) – Осындағы ұйқасқа түсіп тұрған «кәріп» деген сөздің түбірі – «ғарып» деген сөз шығар деп ойлаймын. Өйткені, осы сөздің қолжазбалардағы жазылуы да, айтылуы да солай.
Жалпы, түсініктер – жинақы, тиянақты берілсе деген тілегімді осы арада тағы бір қайталаймын.
Абыралыға (6) – 1. Түсінікте: «Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу» емес, сол құранның мақамы, ырғағы, көтеріп-түсіріп, созып, қысқартып, тездетіп, баяулатып айтатын әуен-ырғағы. «Қирағатын» – деп жазу керек. «Ғайн» әрпіне «аә»-нің қосылуы дыбыстық жағын жеткізіп тұрған жоқ.
2.Күлаптар. – күләпар шығар. Осы сөздің «Құранда» дұрыс айтылуы қалай екен? Намазда оқылады ғой. Содан барып туындатқан дұрыс. Әйтпесе, «күләптарға» ұқсас намаздағы сөз менің есіме түспей тұр. Әйтеуір, «Ән-нас-шайтан күләпар» сияқты көрінеді де тұрады маған. Молдаларыңа қаратып ал.
3. Осы өлеңдегі «Байқасаң» деген сөзді мен өз дәрістерімде: «Тегін байқап қарасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар» – деп айтамын. Неге ойлап, байқасаң? «Тегін байқап қарасаң» – деп нақты айтып тұр ғой. Демек, шалдардан естіген қалпында менің есімде сақталып қалғаны ғой. Түбіріне назар аудару керек екен. Өлеңнің тегін түсінетін қызсың ғой. Сен де көңіл бөлші.
Қанипаш! Бұл пікірді өзің ойлай жүру үшін жаздым. Абайдың мәселесі мұнымен бітпейді. Енді бауырыңды одан жаза алмайсың. Абай – ақылдың таза апиынының нақ өзі!
Жақсылыққа (7) – 1. «Аяғынды аңдап бас, ей, Жақсылық» дегенге қосыламын. «Ей», – қаратпа сөз. Екі жағына үтір қойылады.
Жә, бір түнге осы дұғай сөз де жетер.
«Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға» (8) – Маған жолданған түсініктегі мына сөзге толық қосыламын: «М. Ю. Лермонтовтың «Дитя в люльке» (1829) атты шығармасының аудармасы. Түпнұсқасы неміс ақыны Д.Шиллерден алынған («Das Кіnd in der Wiege», 1796). Абай – шығарманың жалпы мазмұнын сақтап, еркін аударған. Алғаш 1933 жылғы жинақта басылып, содан бергі негізгі басылымдар(ға) енгізіліп келеді. Абай аударған (өлеңнің) түпнұсқа(сы) мынадай:
Счастлив ребенок
И в люльке просторно ему,
Но дай время сделаться мужем,
И тесеп покажется мир.
Кезінде бұл өлеңді Міржақып Дулатов та аударған. Оның (мәтіні) мынадай:
Бақытты бала:
Бесікте еркін өседі.
Ержетсе: қара дүние
Тар, деседі [5].
Назар аударшы: «Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға (8)» –Түпнұсқадағы мәтіні: «И в люльке просторно ему». М.Дулатов оны «Бесікте еркін өседі» деп нақты жеткізіп тұр. Ендігі мәселе мына сұрақтан туындайды. Абайдың басылымдарында неге: «Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға»? – деп жазылған. Сонда, Абай «люльканы» – «кең бесікті» «жалғыз жайлауға» неге теңейді? Жайлау онсыз да кеңдіктің атау мағынасын береді емес пе. Бір жайлау, яғни, жалғыз жайлау, егіз жайлау, үш жайлау – деп жайлауды есепке алып, санамайды ғой қазақ. Менің ойымша, бұл көшірушілер мен образсыз сөз қуғандардың қателігі. Кезінде ол туралы Қ.Мұхамедханов, Т.Әлімқұлов сияқты поэзияның көркемдік мәтінін түсінетін ойы қарақты зиялылар пікір білдірген. Өлеңнің түпкі ойы: «жайлаудың» – «бесіктің бүгінгі жалғыздығы», ертең оның көп болатындығы турасында емес, керісінше, бүгін кең көрінген ен жайлау, жасыл бесік – ертең тар көрінер – деген ой.
Сондықтан да, бұл мәтінді: «Кең жайлау – жасыл бесік жас балаға…», – деп ойланбай өзгерту керек деп есептеймін. Сонда: «Ер жеткен соң симайсың кең дүниеге» – деген шендестіру өзін-өзі ақтайды.
Қалқам, Қанипаш! Өзге – өзге, бесіктің қадір-қасиетін, кең мен тарлығын, бізге қарағанда сен жақсы білесің ғой. Осы ойды сен образдағы бесікті тербеткендей тербетіп, әлдиге сап көрші. Қайсысы бұрын тіл ұшыңа оралады екен?
«Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!» (9) – жинақ пен түсініктегі мысалдың денін 1957 жылғы басылымнан алыпсыңдар. Бұл басылымның жауапты шығарушысы Заки Ахметов марқұм болатын. Ал, оның қысым тұсында бақылаумен жарияланған басылым екенін білесің. Академиялық басылымның Бас ғылыми қызметкері және жинақтың Ж.Ысмағұловқа дейінгі ғылыми жетекшісі болған Закеңнің өзі құрастырған жинағын мысалға алуында тұрған әбестік жоқ. Әрине, 1961 жылғы Ә.Жиреншин құрастырған жинақты үлгі етіп алсаңдар, «Түсініктегі» түсініспестіктің біразы кезікпес еді.
Ең басты мәтқапылықтарың сол, 1957 жылғы басылымды үлгі ете отырып, соған қарап, сонымен салыстырып барып, түзеп отыру керек боп тұр ғой. Кезінде Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметов, Б.Байғалиев сияқты нағыз текстологтардың қитығына да тиген бірінші түйткіл осы еді. Ендеше, біз неге қатені түзету үшін қате басылымды үлгі етіп алуымыз керек? 1977 жылғы басылым да Ы.Дүйсенбаев марқұмның қаламұшы тиген осы басылымның көшірмесі болып табылады. Неге қатеге қарап қате түзейміз? Түзу сөзді «түзу сөзді» басылымға қарап неге түзетпейміз?
Академиялық басылымның редакция мүшелерінің өткен жолғы пікір қайшылықтары осындай көзқарастан барып туындап, бара-бара жігі ашыла берді. Ақыры, М.Мырзахметов, Қ.Мұхамедханов, ең соңында Б.Байғалиев басылым құрамынан сырт айналды. Бейсекеңнің абайтану бөлімінде дайындалып, абайтану бөлімінде талқыланып, абайтану бөлімі қорғауға ұсынған Абай туралы диссертациясын абайтану бөлімінің меңгерушісі қорғауға жібертпеді. Араға ай салмай Бейсекең дүниеден өтті. Қаралы жиынды бөлім меңгерушісі басқарып, «жоқтауын» айтты. Міне, парадокс, тағдырдың мазағы қайда?
Сендердің жаңа ғылыми редакцияларыңа ондай қауіп төніп тұрған жоқ шығар. Бірақ, бар текстологиялық дәйекті 1957 жылғы басылымнан алуларың маған әлдебір алаң тудырады.
1). Мәтін туралы. Сол, 1957 жылғы басылымдағы: «Сен жайыңа жүргеннен» деген жол – «Сен жайыңа жүргенмен» – деп өзгертілді дейсіңдер. Бұл өзгеріс Қ.Мұхамедхановтың 1957 жылғы басылымдағы текстологиялық жаңсақтықтарды сынаған кандидаттық диссертациясына және сексенінші жылдардағы мақаласына орай жасалып отыр. Ал, 1957-1995 жылдардың аралығындағы одан өзге де басылымдарда осы сөз қалай жазылыпты? Соған неге мән бермегенсіңдер? Мысалы, 1961 жылғы басылымда: «Сен жайыңда жүргенмен» [4.66], – деп жазылған. Ендеше, осыдан тура елу жыл бұрын түзеліп кеткен қатені бүгінгі күннің, яғни, 2020 жылы шығатын академиялық басылымның өзгерісіне әкеп телудің қандай қажеттігі болды?
Жаным, қарғам, Қанипаш, бұл қалай? Әлде, бір кер азу ескіріп кеткен күндердің мәтінін өзгертпеуді талап етіп отыр ма? Әйтеуір, менен басқа біреу байқап қалмасын. Күліп жүрер. Менің ойлағаным – сенің абыройың.
Жекелеген тармақтардағы сөз бен тыныс белгісіне қатысты айырмашылықтар бар. Оның мұртының қылын қағып тастау керек.
2) Түсінік туралы. Қанипаш, қалқам-оу! Өсек айтқанда да: «Ой, әлгі, ананың мынасы айтқандай…», – деп сілтеме жасаушы еді ғой. Әлде, ұмытып қалдың ба? Әй, сол «Өсек» деген сенің оқымаған кітабің болуы керек. Ал, академиялық басылым болғандықтан да, әр нәрсеге сілтеме жасау керек. Мына өлеңдегі мысалдарға сілтеме жасалмаған.
3) Түсініктегі: «Сүгірдің қызына, Сүйіндіктің қызына айтыпты» – дегендерді қосудың қажеті жоқ сияқты. Оның үстіне 1995 жылғы басылымда (?): «Жазылған жылы белгісіз өлең. 1858-1881жылдардың аралығында жазылған» – деп беріліпті. Арасын 22 жыл бөліп тұр. Бұл: «Бұл өлең Абайдың жас кезінде жазылды» – дегенді білдіре ме? Кім айтқан? Жалпы, айтушының өзіне біреудің айтқаны анық танылады. Ендеше, бұл түсініктің шындығының сұйық тартып бара жатқанын көрсетеді. Түсінікте: Сүгірдің де, Сүйіндіктің де жүргені дұрыс. Ертең біреу: «Ой, пәленбайыншы жинақта бұл өлеңді Тоғажанға емес, Сүгірдің қызына арнапты – деп жазылған. Демек, өлең сол қызға арнаған» – деп «сенсация жасайды». Сондықтан да, махаббаттың куәсі Ақылбекті де қосу керек.
О, қайран «жүрек почталары»! Үміттің «үкілі почталары»! Ақылбектер шын махаббаттың сахабалары ғой. Оларды ұмытпаған шығарсың, Қанипаш қыз.
Жә, мынау хатқа емес, хаттамаға ұқсап кетті ғой. Мазмұны сұйылып барады. Дегенмен, ескер. Кейде болмашы қателіктердің үлкен тарихи себептері болады. Оны білмесең, әсіресе, Абайтануда қиын болады. Себебі, Абайдың өзі ғана емес, абайтану ілімінің өзі қырық қияметті басынан кешірген ілім. Оппасы көп.
Тағы да бір түн жарты ұйқымды алдың, Қанипаш!
Түнгі тілшелер
Айтпақшы, мынау Құнанбайдың мөрі. 1977 жылы қарашада Омбы архивінен суретке түсіртіп алып едім. Мөрде: «Би Құнанбай Өскенбайоғлы» деп жазылған. Көріп, көзайым бол, Қанипаш! Өз архивімнен өзім тауып, мәз болып отырмын. Е, қанша нәрсе былығып жатыр десеңші!
2.
Қансонарда бүркітші шығады аңға (10) – 1. Қанипаш-оу, осындағы: «Хасса» да, «хаса» да, «Қаса» да оңып тұрған сөз емес. Бұл арадағы «қ» әрпі арабша айтылғанда «ходунок» дегендегі «х»-мен емес, «қаһарман» дегендегі көмекей «Һ»-мен айтылады. Егерде: «Ұқсайды һаса сұлу шомылғанға» – деп жазсақ, сонда хасадан да, хассадан да, қасадан да құтыламыз. Арабтар Қасен мен Хасенді – Һассан деп жазады.
2. Осы өлеңдегі: «Бұтын кере тұра қалады», – деп жазылған жолға мен де қосыламын. Бұл пікірдің иесі – Қайым Мұхамедханов. Сорғалап төніп келе жатқан бүркітке қарсы қасқыр азу тісін сақылдатып, тырнағын жазып, атылу үшін бұтын керіп қалай тұра қалатынын, Қайым аға, екі қолын жайып жіберіп, өзіңе қарай атылып келе жатқандай боп ілгерлей көтеріліп, беріле түсіндіруші еді. Ал, 1909 жылғы жинақтағы «кере» мен «көре» сөзінің анық жазылуы мүмкін емес еді. Өйткені, ол кезде «ө» әрпі жоқ. Әрине, «е» мен «о»-ны ажырату қиын емес. Бірақ, татарлар, оның ішінде қырым татары Ильяс мырза «кира тураны» – «кура тура» деп жазуы да, оқуы да мүмкін. Ал, «жоқ», әлі дүниеге келмеген «ө» әрпін тірілткенше, тірі «е»-ні тірі қалдырғанымыз дұрыс.
3.Жолғасқанға – жолығысқанға. Өлеңнің буыны мен ырғағы үшін ондай орфографиялық өзгерістерді қазіргі ақындар да пайдаланады. Мысалы Мұқағалидың: «Тағы да бір күн кешкірді», – дегені сияқты. Сондықтан да, буынның ырғағын сақтау үшін: «Жолғасқанға»-ны – жолығысқанға – десе, еш шамы жоқ сияқты.
4. Менің бір түсінбейтінім және қабылдамайтыным мынау: өлеңнің мазмұнын баяндап түсіндіру – ғылыми түсініктеменің міндеті емес. Даулы мәселе, екіұдай ұғым, архаизм, кәсіби термин, символикалық астар, мазмұндық емеуірін, мәтіндік өзгеріс туралы болса жөн басқа.
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы (12) – Иә, Қанипаш, мұнда суреттелген қыздар біздің көзден бұлбұл ұшқан «һаса сұлулар» ғой. Кей жері сенің жас келіншек кезіңдегі әдебің мен мінезіңді елестетеді.
Дегенмен де, мен мына түсінікке қарсымын: «Аласы аз қара көзі нұр жайнайды». 1909 ж.б. бойынша аласыз деп берілген жөн сияқты (?). Аласы аз болса да – ол ала көз. Абай аласызды «Білектей арқасында өрген бұрымда» да қолданған».
Академиялық басылымға қатысып отырған жігіттер мен қыздар! Қандай қарақат көз болса да ағы араласпаған көз көрдіңдер ме? Ағы болмаса, көрсоқыр, басыр болмай ма? Мына қыздың қарашығының қара бояуы мол, ақ бояуы аз қыз емес пе? Абайдың көздің қарашығы мен ағы туралы ұлы Әбдірахманмен айтысатын әңгімесін еске алыңдар. Сондықтан да, «аласы аз» дұрыс деп ойлаймын.
Бұрынғы айтқан ойымды қайталап айта кетейін [7-9], мен осы өлеңді «Әдепті қызға» және «Әдепсіз қызға» деп екіге бөліп не арасына ажырату белгісін қойып талдар едім. Әйтпесе, кереғар әсер береді. Мысалы: «Кейбірі жайдары, ашық боламын деп, Орынсыз адамдармен жыртақтаған», – дегеннен кейін әлгі адал мінезді «ала көздің» өзіне зар боласың ғой. «Қақтаған ақ күмістей емес», қақталған қыз болып кетеді ғой мынау.
Қанипаш, өзің үшін сыбырлап айтайын. Мен бұл сөзді келіншектерге қарата: «Жайдары, ашық мінез боламын деп, Көрінген еркектермен жыртақтаған!» – деп; ал қыздарға қарата: «Жайдары, ашық мінез боламын деп, Көрінген жігіттермен жыртақтаған», – деп қолданамын. Өйткені, «кейбірі» деп алдыңғы жолда айтып тұр ғой! Келесі жолда тағы да «кейбірін» қайталайды. Сонда, қиыннан қиыстырғаны осы ма, Абакеңнің? Қыз – адамдармен жыртақтай ма, жоқ, жігіттермен жыртақтай ма? Әйел де адам баласы емес пе? Көңілінің дәмесі – еркек те емес пе, қыздың! «Ашық мінез» – деген де поэзияның тілі сияқты.
Бұл да қарттардың айтуымен құлақта қалған әңгіменің жаңғырығы. Әйтпесе, мен Абайдың өлеңін жасымнан редакциялап жаттамасам керек еді.
Өзіңнің көңіл таразыңа сал, Қанипаш! Сен жәй ғана әдебиет сыншысы емес, нәзік жанды қыз сыншысың ғой. Обал-сауабын өзің көтер.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім (13) – 1. менің ойымша, «мақұрымды» ақыры арабша түсіндіргілерің келген екен, айтайын, ол сөздің түбірі – «маһұрым» болса керек, «Һу» дегендегі «көмекей «һ» мен айтылса керек.
2.«Қазақта қара сөзге дес бермедім»: Шындығында да осы бір сөздің шындығының түбіне жете алмай-ақ қойдық. Менің шәкірттерімнің бірі: «Қазақта қара сөзге дес бермедім», – деп, екіншісі: «Қазаққа қара сөзге дес бермедім», – деп өз пікірлерін дәлелдегенде, басу айтатын уәж таба алмай, дымым шықпай қалады. Сен де парасатты профессордың бірісің ғой, білесің, әрине, шәкірттерімнің білуге ұмтылғаны үшін қуанасың. Бірақ, сөздің аяғында «Қазақта» дегенге басымдық беремін. «Қазаққа» дегеннің астарында – осы қазаққа не жоқ екен деген жаттың кіжінісі бар сияқты. Ал, «қазақта» болса – мұны айтып тұрған адамның өзі де қазақ. Абай айтқандай, бұл арада «бақас ғылым» жоқ.
Сенімен, бақас, бақталас емес, бақытты болғым келеді, Қанипаш құрдас!
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек (15) – Е, бұрын жеті қат аспанның ар жағындағы біреу айтып тұрғандай сезілуші еді. Бұл да басқа келді, Қанипаш! Сенің ұйқың тыныш шығар. Әдепті келіншек, сауатты маман, қамқор ана боп өмір сүрдің. Ал, біздің ғой, жүгенімізбен алысып, темір ауыздықты қарш-қарш шайнаған кездеріміз болды. Шет жағасын білесің. Ауыздықты шайнатқандардың біразымен сен тату-тәтті қарым-қатынаста болдың. Өмір ғой. Бірақ мені де шетке теппедің.
Жә, мен осы өлеңдегі менен мінәжат сұрап отырған тіркестің ішінен: «Ел бұзылса кұрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп, кайғы жемек», – деген қос жолды қостаймын. Өз талдауларымда соны пайдаланамын. Өйткені, бұл екі жол барынша нақты және орнықты. Өзге түсініктер мәтінді қолдан ойнатқандардың алыс-шалысы.
Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман (16) – емес, Қанипаш! Сен, мені мен өзіңді мекзеп отырсың ба? Қателесесің. Қайратымыз әлі де бойымызда. Қайраты бар, ой қуаты орнында, пікірін айтуға қабілетті – деп сен маған осы жолды сынатуға жіберіп отырсың! Өзіңе, бүкіл Абайдың шығармасының тағдыры сеніп тапсырылып отыр. Ал, мұны жазған кезінде Абай дегенің бізден 25 жас кіші, 40-41 жастағы жігіт ағасы болатын. Мен бұл өлеңнің шындығы: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», – деген жолда деп есептеймін. Иә, «қайғы ойладық, арман ұлғайды». Ал, «қайрат қайтты» деп Абай 40 жасында айтатын ісегінде қартайған, қайраты қайтқан жаман қошқар емес. Одан кейін де бала таптырып, тағы бір келіншек алмақ болған. Құнанбай тоқтатқан. Сонда да 45 жаста Еркежанды алып отыр. Қауқары болмаса, баласы Ақылбайдың бетін қайырып, өзі ала ма? Айгерімнен қызы Кенже туған. Тағысын тағылар бар…
«Қайрат қайтты» деп, бізді табалағандай болма, Қанипаш! Әлі де бір шымшым қалжыңға қауқарымыз бар.
Ал, енді, осы «Түсінікте» айтылған: «Алдыңғы өлең де, осы өлең де: “Қартайдық, қайғы ойладық…», – деп басталады. Ал, Садуақас жазбасында екінші өлең: “Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман”,– деп берілген. Осылай айтылуы дұрыс болар дейміз. “Қайғы ойладық» деген сөзді екі рет қайталау жарасып тұрмағандықтан, өлең атын осылай өзгертуді мақұл көрдік», – дегенге келетін болсақ, жалпы уәж дұрыс болғанымен де, өлеңнің ішкі табиғаты мен мазмұнына және жалпы көркем ойға қисынбай тұрған бір кілтипан бар. Оны Абайдың өз теңеуімен айтсақ: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» – дегенінің керін құшып тұрған тура осы «қайғы ойладықты» ауыстырып тұрған «қайрат қайтты» деген тіркестің нақ өзі. Аттас өлеңнің бірінші жолы: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың – ашыған у, ойың – кермек», – деп адамның тәндік тозуын, ағзалық тотығуын бейнелеуден басталады да, бұдан әрі ол тақырыпты: «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек», – деп, сол егделікке тән сыртқы өмірдің көрінісін бейнелейді, яғни, адамның ішкі жан-сезіміне, ой-қиялына, торығу мен мұңдануға, тот басқан көңілдің өкінішіне, өмір мен өлімнің пәлсапасына, мағынасына тереңдеп бойламайды. Керісінше: сол егделікке тән сыртқы өмірдің сыпаттарына тоқталып: ер мінезді адамның сыптаты, өнерлінің ісі, еріншектің енжарлығы, дәулет пен еңбек туралы, кәдімгі күйкі тіршіліктің күйбеңі мен күнгейі туралы толғанады. Ал: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», – деп, сол егделіктің уайымын ішке түсіріп, сол қайғыны «қайғы ретінде ойлатқан» орындалмаған және орындалмайтын арманның өкінішімен «Кейінгі жас балалардан неге шошитынын» түсіндіреді. Яғни, қайғыны тудырып тұрған – арман, өкініш, түзелмейтін замана мұңы.
Сондықтан да, академиялық басылымдағы уәжге қалайда ден қойғымыз келсе, онда «қайрат қайттыны» алдыңғы «қайғы ойладықпен» алмастыру керек. Мүмкін, Абай өлеңдерін қолжазбаға түсірген Сәдуақастың жазбасындағы осы екі аттас өлеңнің мағыналас сөздері қағазға түскенде, не көшірілгенде ауыстырылып жазылуы әбден мүмкін және табиғи. Әйтпесе, осы «қайғы ойладықтың» екі өлеңге де жараспай тұрған еш сөкеттігі жоқ, қайта, өлеңнің қайырмалы-қайталамалы, үстемелі түрі ретінде ерекшеленіп тұр.
Өлеңнің өз тақырыбын өзіне қайтар, Қанипаш!
3.
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап (17) – Қанипаш, түсініктемедегі сөздерге ғана түсінік берем.
1. «Не таптық мұныменен?» – деген жан жоқ», – деп, тырнақшаға алып, сұрау белгісін қойса – сөйлем де, пікір де нақтыланып, адамның өзіне тіке қаратыла айтылады. Ал, емілесіз, жалпылама баяндау сөз болса, жайдақталып кетеді.
2.Түсініктеме: «Сирек кездесетін қыран бүркіт – халық қамқоры, бірлі-жарым ірі қайраткер. Көп күйкентайлар, қарғалар – отаршыл орыс патшасының қолшоқпарына айналған көп пысық, атқамінер азғындар. Өлең тексті өзгеріссіз, бұрынғы басылымдар бойынша берілді».
Осы түсінік бұрынғы уақытта жарасар еді. Қазір ше? Оу, өзіміз-ақ қой қос үкімет құрып отырған.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, (18) – осы өлеңдегі мына шумақтың сумаң қағып алдан шыға беретінін қайтерсің.
1.«Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың», – дегендегі, осы «кетпесе» деген сөзден, Құдай-оу, қалай және қашан құтыламыз? Қанша отасаң да арамшөп сияқты алдыңнан шығар береді. «Кеткен соң” сөзі “кетпесе” боп, басында бір қате жазылып, содан жалғаса берген тәрізді» – деген Қайымның сөзі – сөз.
«Кетпесе» кетпей, Абайдың текстологиясын түзейміз дегеніміз, Қанипаш, бұл – баланың іші желге толған емізік емгенімен бірдей. Тіпті, қайталана-қайталана, жалықтырып жіберді ғой өзі.
2. «Өз басына би болған өңкей қиқым». Бұл туралы Абайдың өз қолжазбасының Әуез көшірген нұсқасынан 6 жасынан бастап жаттаған Әуезовтің өзі: «Бұрынғы «бас-басыңа би болған» деген сөз ауыстырылып «өз басыңа» деп жазылыпты», – деп ескерту жасап отыр ғой. Мұхтардың куәлігі – кез-келген көшірмеден сенімді болса керек.
Мен осы жолдардың:
3.«Бас-басына би болған өңкей қиқым»,
4.«Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» – деген нұсқасын толығымен қостаймын және басқа майпаңға мүлдем қарсымын.
Көңілің қалмаған қыз едің, бірақ бұл – келісімге келетін мәймөңке емес, Қанипаш!
1957-жылдың мәймөңке түсінігін санадан мүлдем өшіру керек. Ол Абайды 1951-1953 жылдары сілкілегенде жандәрмен көмегі бола ма деп далбасалаған жинақ. Маған салса, оны қаперге алып та қажеті жоқ. 1961 жылғы басылым одан көрі сенімді.
Байлар жүр жиған малын қорғалатып (19) – Осы «қорғалатып» дегеннің өзі де мәтіндік мәселе.
1.«Өз жүзін, онын беріп, алар сатып» – осындағы «өз жүзін» дегенде бір кілтипан бар. «Ол: жүзіне – онын беріп» деген сияқты мағына бар ғой. Яғни, онын беріп, жүзді алудан дәметіп, құдай аттырып қойды ғой – деген ой айтылған. Талқыға салуға болатын сөз. Мен өз қорытындымды мендегі қолжазбалардың түпнұсқалармен салыстырғаннан кейін талдап барып білдірермін. Әзір, түпнұсқалар қолымда болмай тұр.
Жоғалтып алып, таба алмай жүрмін, Қанипаш!
2. «Шаптырады қалаға бай да андатып» – «андатып» емес, «аңдатып». Андыздап, алашапқындатып «андатып» емес. Байқауға, разведкаға жібереді. «Н» емес, «Ң». Ал, Ш.Марсеков пен Хаткер-кәтіптің қолжазбасындағы мәтін бұдан басқа ойға жетелейді. Бірақ, ол дербес әңгіме.
3. Түсінікте: «Ақын бұл өлеңінде өз шаруасын ғана бағып, тыныш отыратын ауқатты, малды байларды, атқамінер әкімсымақ, қу пысықтардың жем етіп жүргендерін суреттейді. Өтірік пәле жауып, “бұтып-шатып” арыз беріп, момындарды қорқытып, еңбек етпей мал табу әрекетімен әуре болып жүрген бұзақыларды әшкерелейді. Біреуді біреуге айдап салатын пәлеқорларды: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – деп ащы ажуа етеді».
Өлеңнің мазмұнын баяндау – түсініктің міндетіне жатпаса керек. Шыққан жылы, жазылу тарихы, әр жинақтағы текстологиялық айырмашылықтар болса – солардың қамтылғаны лазым ғой деп ойлаймын.
Жалпы, түсініктердің өзін бір шартты кестеге салып, барлығын соған бағындырып, бір жүйемен берсе. Мысалы:
Жазылған жылы.
Жазылу тарихы.
Басылу, не көшірілу тарихы.
Солардағы текстологиялық айырмашылықтар.
Ол пікірдің авторлары мен уәжі.
Осы басылымға алынған нұсқа мен түсінік.
Түсінікте тек осы сұрақтарға жауап берсе – жетіп артылады.
Көңлім қайтты достан да, дұспаннан да (20) – Дұрысы, Қанипаш: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»
1. «Көңіл қайтты» – әлжуаз сөз, еш нәрсеге жауап бермейді. Лирикалық «мені» жоқ. Демек, Қалихан Ысқақов көкемше айтқанда, «без предметный выражение или разговор». «Көңілім» деген сөзде Абайдың өз реніші, өкініші, ішкі көңіл ауаны бар. Лирикалық кейіпкер – Абайдың өзі. Демек, өлеңде тағдыр бар.
2. Түсініктегі сөз: «Дұспан» – деген жасанды сөз. Дұспан – сөйлеу тілінің (Абай тұсындағы ғана емес – Қ.М.) нұсқасы болып көрінеді. Абай осылай алуды жөн көрсе, кейінгі әдебиленген нормаға бұл сөзді «бағындырудың» қажеті бар ма? Оның үстіне, бұл дұспан сөзінің түбі қайдан шыққанын барлау да қажет».
Менің ойымша – жоқтан барды іздеудің қажеті жоқ. Дұшпан да, Дұспан да парсыдан ауысқан бір сөз. Түбірі – «Дұшман» – «Душман». Абай тұсындағы ауызекі сөзде де солай – қазақы ләммен «дұшпан» деп айтылған. Мәселені тудырып отырған – көшіріліп жазылған кездегі сүйкетпелі «с» мен «ш»-ның таңбалануында. Араб қарпінде бұл екеуінің ешқандай айырмасы жоқ. Тек «ш»-ның үстіне үш ноқат (…) түссе болды. Ал ноқат ешқандай басылымда ешқашанда түсірілмейді. Сөздің үстіне бір сызық (–) боп тартыла салады. Ол сызық сол сөзге жалғасатын келесі сөздің бас жағында да сызылып жатуы мүмкін. Ал, әріптеп оқығанда «дұшпанның» – «дұспан» боп шығуы сол. Бұл жазылым – барлық арабша әріппен қағазға түскен фольклорлық шығармаларға да тән.
Сондықтан да, жоқтан мәселе туғызудың қажеті жоқ деп есептеймін, Қанипаш!
3.«Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр» – осы нұсқа дұрыс.
4. «Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң» – осы нұсқа дұрыс. «Дос-жарың» емес, жарың деген сөз – «қатын» деген сөзде айтылған.
5.«Мұнан менің қай жерім аяулы деп», – болып берілген сөз дұрыс (1995 жылғы жинақ, 50-бет). Ал, өзге нұсқадағы «жаным» деген – жасанды сөз. «Жаным» деген сөз Абайдың поэзиясына жақындатпақ түгіл, жирендіреді, ұғымды бұлдыратады. Сондай-ақ, «жанын жалдап» деген жолдардағы мағынаны еске алыңыз.
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ (21) – мәтіндік мәселесі көп өлеңнің бірі осы.
1.«Көңіліне зор қуаныш бір бадалық» – осындағы «бадал» деген сөздің мағынасына назар салайықшы.
Бірінші мағынасы – мақтаныш (парсыша).
Екінші мағынасы – «бада» бұталы жеміс. «Баданадай немесе бадана құсап шашылып» т.б.
Үшінші мағынасы – бадал – арсыздықты білдіреді, қарғыс орнына айтылатын сөз. Мысалы: «Үй, бадалып қалғыр», «Неғып бадалып қалдың» т.б.
Төртінші мағынасы – өлеңнің мына жолындағы сирек жемістің құнын-бағасын білдіретін өлшем мағынасында болса керек.
2. «Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық» – Осы арадағы «еш нәрседен» дегенге күдігім де, кәдігім де бар. Неге: еш нәрседен құр қаламыз – дейміз? Мағынасы түсініксіз. Дұрысы: «Дейміз бе әр нәрседен құр қалалық». Сонда: Әр нәрседен құр қаламыз ба, сонда – деген мағына шығады.
3. «Үзілмес үмітпенен бос қуардық» – осындағы «бос қуардық» деген сөз өзін-өзі ақтамайды. Неге үміттен қуарады? Менің ойымша «н» мен «р»-дің аяғы созылып кеткендегі қолжазбаның шимайынан туған жаңсақтық сияқты. Дұрысы әрі логикаға жатымдысы: «Үзілмес үмітпенен бос қуандық» – болуы әбден мүмкін. Яғни, жасымызда: түзелер, есейер, ес кірер деген «үзілмес үмітпен бос қуанып» өмір өткіздік – дегенге саяды.
Ойлан, Қанипаш!
4.«Демеңдер өнбес іске жұбаналық» – Түсініктен: «1909 жылғы басылым бойынша: «Демеңдер ойнас іске жұбаналық», – деп қалдырған жөн көрінеді (?). Бар мазмұнында жастық желік, құмарлық баяндалған туындыға 1909 жылғы басылымдағы қолданыс сыйымды деп ойладық».
Осындағы «ойнаста» тұрған ешқандай «жастық желік» жоқ. Ойнастан жастар не деп жұбанады? Ол заманда бұл – қылмыс. Құн төлейді. Неке бұзса – қалыңмалын өтейді. Қодар-Қамқа оқиғасын басымнан кешпедім деп жұбана ма! Соған да жұбана ма? Бұл, 1909 жылғы Кәкітай айтқан көп қатенің бірі. «Ойнас» деп татар, қырым татары тілінде «күліп-ойнауды, сауықты» айтады. Қазақтың ойнасы – әдет-ғұрып бойынша, дін бойынша – қылмыс, күнә.
Ал «Өнбес іске жұбаналық демеңдер» деуі – орынды, жастарға тән уағыз-тәрбие. Өлеңнің мақсатына сай келеді.
Қанипаш, осылай деп қазір айтқаныммен де, түбінде осыдан мен де айнитын сияқтымын. Өйткені, мен жұмыс істеп жатқан қолжазбалардағы мәтіндер мені «ойнасты» қолдауға мәжбүр ететін сияқты. Түрі жаман.
5. «Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық» – осындағы айтуға да, жазуға да икемді «Икемі жоқ» дегенді – «икімі жоқ» деп икемсіздендірудің, орынсыз сөз қуудың қажеті жоқ. «І» әрпі 1912 жылға дейін қазақта болмаған, 1922 жылдан кейін ғана заңдастырылды. Не үшін өзгертілуі керек? Түсініксіз түсінік, орынсыз сөзуарлық.
6.«Бозбала» – бір адамға қаратылған атау сөз, сондықтан да бірге жазылуы керек. Ал, «боз бала» – деп бөліп жазылса, онда ол «шикі бала, ақсұр бала, шыбар бала» деген сияқты баланың бет терісінің түсіне қарата айтылған сөз болып шығады. Ал, Абайдың айтып отырғаны – «бозбала», жасөспірім. «Аз ғана» – бөлек жазылуы тиіс. Бөлек жазылса – аздан да аз деген ұғым береді. Аздың өзінен де аз сөз айттым деп отыр. «Азғана» болса – екі ұғым бірігіп кетіп, ешқандай азсынғандық пейілді, «болмашы» дегенді білдірмейді.
7.«Бірімізді біріміз аударалық» – Немене, сонда Абай: Үй ішінде отырып бір-біріңмен аударыспақ ойнаңдар – дей ме? Дұрысы: «Бірімізді біріміз аңғаралық» – Яғни, «Бір жерде отырсаңдар басың қосып, Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып». Біріңді – бірің аңғарып, тосып, тыңдап сөйлеңдер – дейді.
Бұл туралы, Қанипаш, сен оқыған жеке мақаламда түсіндіріп тұрып талдағамын.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат (23) – Қанипаш! Осындағы мына сөздерге қатысты менің түсінігім, сен оқыған мақалада толық айтылған [7-12]. Соған назар сал. Әрине, зорлап таңа алмаймын. Бірақ мен өз пікірімде қаламын.
«Кімі паңдау келеді, кімі – тантық». Осындағы: «кімі» – деген сөз орынымен тұрған жоқ сияқты. «Кімі» емес, меніңше, «кейі» сияқты. Сонда: «Кейі паңдау келеді, кейі – тантық» – деп сөз өз орынына келе кетеді, яғни, біреуі – тантық, біреуі – паңдау.
Ойланарсыңдар.
2. «Қоржаң суық келеді кей сасық ми» – Ми қоржаңдайтын аю ма, онда (мида) қимылдайтын аяқ-қол бар ма? Бұл менің әлгі мақаламда толық түсіндірілген.
3. «Өзі зордың болады иығы да зор» – Дұрысы: Өзі зордың болады ығы да зор. Түсінігін менің мақаламнан қара.
4. «Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп» – Мен мына сөзбен толық келісемін. Дұрыс. Мақтан Күйлеген жігіт! – қандай керемет образ! Жасасын, Абай!
5. «Тату болса, райыс үстіндегі үй» – осы дұрыс. Рияз – жасанды жамау сөз. Қит етсе – араб, парсыдан емес, түрік-татардан да қарау керек. Райыс – халық өлеңінде де, татар жырларында да бар. Райыс – жарасым, келісім деген мағына береді. Ал, Ш.Марсековтің қолжазбасында «ырыс» деп қолданады. Бұл қолжазба әзірше ғылыми айналымға түспегендіктен де, тартына тұрамыз.
5. «Төбетке өлекшінің бәрі бір бас» – «бас» деп отырғаны – бәс, кәдімгі пес қой! Сондықтан да, «бас» емес «бәс» деп жұмсартып алған дұрыс-ау! Төбетке – қаншық болсын, өлекшін болсын, бәрібір, ит! – деген сөз. Оған ұрғашы-еркектің пәлендей қажеттігі шамалы.
Тұқым солай!
Түнгі тілшелер
Академиялық басылымға Абайдың әндері туралы ғылыми түсінік жазып жатқан еркін дауысты әнші Еркін Шүкіман Абайдың софылығы, дүниеден баз кешуі, құсалы ғұмыры және әндердің тарихы туралы өзіне Қанипаш жолдаған М.Әуезовтің пікірін менің почтама көшіріп жіберіпті. Оның сұрағы бөлек әңгіме. Әңгіме – Қанипаш туралы.
Жауап: Иә, Еркін, мұны маған неге жібердің? Сұрағың бар ма? Әуезов бәрін де дұрыс жазған. Абай нағыз тассауыпшының өзі. Ол бұл кезде болыстықтан кетіп, өмірден баз кешіп жүрген кезі. Содан кейін мына өлеңге назар сал. Абайдың өзі: «Қатыныңның ойнасын, Көрсең, Білсең қоймасын, Не ойлар ең өз басың?», – деп жауап беріп тұр. Бұған мен не деп жауап берем. Ал, мұның мәнісін Қанипашпен оңаша сырласқанда айтып беремін.
Еркін Шүкіман: Түке, аға! Оны Қанипаш апай емес, мен ғой сұрап тұрған?… Мен басқа нәрсе сұрағам. Соған апайдың жібергені ғой.
Жауап: Е, маған Қанипаш ханумның астарлап жіберген тассауып сәлемі екен деп қабылдап, жүрегім лүпілдеп кетсе… Әй, қу үміт-ай! Әй, қайран көңіл-ай. Есекдәмемен өткен есек өмірім-ай десеңші!
Аман болыңдар. Шаршағанның сандырағы ғой, әшейін…
Қанипаш Мәдібаева: Қайырлы түн, Тұрсеке! Алдым. Мен эл. почтамен хат жаза алмаймын.
Сен, 1995 жылдың түсінігі мен жаңа түсініктің салыстырылып, шешім қабылдау үшін пікір алысу ретінде ұсынылған нұсқасымен танысып отырсың. Бұрынғы түсініктер туралы пікіріңді араластыра жолдапсың. Менің пікірлерім:
«Қартайдық, қайрат қайттыны» мәтінге кіргізіп, бекітіп берген сол жинақ. Мен өзіміздің талқылалауларда «Қайғы ойладықтың» жағында болдым. Пікірімде соны жазып көрсеткенмін. Сіздерге не кетіп жатыр, қадағалауға мұрша болмады.
«Түсініктің» форматы айтылған: шығарманың туу себебі, сақталуы, басылым дерегі, мәтіндік ауытқу, жалпы өзгерістер қысқа-нұсқа анықтама тұрғысында, анықтама деңгейінде болуы керектігі туралы менің айтқаным қабылданбады: 1995 жылғы басылымда көп нәрсе қамтылған. Сол негізге алып, өз орнына қойылсын – деген нұсқауды орындадық. Орынына қойдық.
Ал, енді мәтіндегі қателерге келетін болсам: Бұрынғы «Түсініктемеден» алынған мәтіндерді сілтемемен береміз – дегенді түсіндіре алмай-ақ қойдым. Екі ай бойы тырнақшасын қайта-қайта қойып, есім шықты.
Мен шағым айтқанды жек көремін. Сен дуалы ауыз адамсың ғой, қалай айтсаң да, сөзің өтетін, құқың жүретін еңбегің де, беделің де бар.
Абай жолы – ауыр жол. Менің қақым жоқ еді кірісуге: «Мәтінін салыстырып, фактісін келтіріп, келелі кеңестерге ұсынып, бір ұйғарымға келуге септігім тиер деп сеніммен кіріскен едім. Соның арасынша, неше ай бойы созылған адамзат тарихында болмаған оқшаулану да қол байлады. Кітапханадағы жасап жатқан жұмысым үзілді. Бір ғасырдан бері реттелмеген шаруаны бір айда «түгендеу» бақыты маған бұйырыпты. Қазір, ауыр айыптаулар да айтыла басталды. Қабақпен ұғысып жұмыс істейтін классикалық дәуір келмеске кетті ме, әлде, сен неше жерден үлбіретсең де, «кемпірлер» істейтін жұмыс емес пе?
Тұрсеке, көңіліме қарамай, қатты айта түс. Көтеремін. Құлақ асамын.
Жауап: А, солай де. «Басталды қазақтардың фестивалі» де. Абай үшін. «Шыдайсың риза болып бақастыққа, Қорлық пен мазағына табылсаңда». Тек, қысастыққа ұласпасын. Ақылды адам – алған ойынан айнымайды. Мен, сенен айнымаймын, айырылмаймын.
Сәлеммен – Дәрменсіз дәмелі».
4.
Патша құдай, сыйындым (24) – Түсінікте: «Кәкітай сөзін бермесе де болады (қай сөзін – Т.Ж.). Шығарманың жазылу тарихы (туралы – Т.Ж.) оқулық, монография, зерттеу еңбектер де бар. Түсінік форматын сақтау керек», – деп жазылыпты.
Қанипаш бегім! Екінші бағанадағы ескертулерді кім жазған? Тым сидаңы әдеп. Бір сөйлемде екі стильдік селкеулік бар. Ол қалай? Қазір осы мәтінді өзгерттіріп бастырып жүргендер бар және солай болуын талап етеді. Орынсыз әдеп. Әдепті болсақ – Абайға әдеп көрсетіп, сөзін сыйлайық.
Ол адам: Тобықтыны менен жақсы көріп, менен жақсы біледі – демессің, Қайтеміз, Қанипаш, шындық солай. Кәкітайдың сөзін міндетті түрде беру керек. Абай үшін! Абайдың шырылдаған дауысы үшін!
Содан кейін, өзге өлеңдердің жазылу тарихы айтылып, бұған келгенде неге тасырқап қалған?
Мен осы жұмыс тобына қосыламын ба, жоқ, бөлек ақ қарғамын ба далпылдап, жалпылдап жүрген? Сөзімнің өтімі қаншалықты? Әйтпесе, «қайран сөзім…» болып жүрмесін. Саған жазған үшбу хаттарыма емес, зая кеткен уақытыма, онсыз да аз уақыт бөлген түнгі ұйқыма жаным ашиды.
Түнгі тілшелер
Қанипаш Мәдібаева: Қайырлы күн! Сенің жұмыс тобының құрамында бармын ба, жоқпын ба? – деп сұрағаның дұрыс. Ашығын айтайын: менің жүрек қалауым бойынша – барсың, бұйрық бойынша – жоқсың. Сондықтан да, жұмыстың бітпеген әңгімесін қопсытқаннан кімге не пайда? Әзірге өзің бір жақты хатыңды жаза бер. Жауабы – мойнымда. Бұрын жазғандарым «қатын өсекке» сылтау болатын бос ақпарат. Оны қаперге алудың не қажеті бар?
Қазір бізді асықтырып жатыр. Қайырын құдайға ғана тапсырып, қара жұмыс істеп жатырмын. Хат жазып, майысып отыратын уақытым болмай жатыр.
Өзіңе құрметім қаз-қалпында. Көзкөрген достық ниетіңді сезінемін, сергек болғым келіп кетеді. Шама-шарқымды білемін. Хатыңда: қисықты түзетемін деген – уәждеме тұнып тұр. Ренжіме.
Жауап: Маған осыдан артық жүрегіме себетін бұрыштың керегі жоқ. Ішіне у мен балды араластырып, сары майдай шайқап, тортасын өзім қайырып аламын. Ал, маған жазатын жауап хатың – ол сенің өз шығармаң болсын. Тек, «жүрек почтасы» болса екен деп тілеймін. «Усек! Чукча не дурак. А гений…», – деген калька бар емес пе еді. Ұмытқамын жоқ.
5.
Интернатта оқып жүр (26) – 1. «Кімге тиер панасы?». Жалпы өлеңнің, сөздің мағынасына қарағанда «панасы» тиюі мүмкін емес, пана – көлеңке, баспана емес пе. Ал, пайдасы тиеді. Сондықтан да: «Кімге тиер пайдасы», – деп жазылғаны дұрыс болар еді.
Қанипаш! Бұл туралы өзің оқыған мақалада кеңірек түсінік беріп ем. Соны оқырсың.
2. «Я Семейдің қаласы, Я қазақтың аласы, Я тілмаш, я адвокат…». Осындағы «Я» – қазақша «Иә» – дегенді емес, орысша «МЕН» дегеннің ассосациясын береді. Қазақша араб қарпімен жазылғанда «Иә» деп жазылады. Маған салса, «Иә» деп жазған болар едім. Оқығанда да, біздер «Я» деп емес, «Иә» деп оқимыз ғой. Ал, қазіргілер «Я» деп орыс тілінің ләмімен оқиды.
3. Түсінікте: «Иждиһат (арабша) – талап, жігер». Мұның барынша жақын мағынасы «талап, жігер» емес – «ұқыпты»! «Иждиһатпен оқы» дейміз ғой. Тыңғылықты, ұқыпты деп қосса болар еді.
4. «Талапты ерге нұр жауар» – «Талапты ерге – нұр жауар». Ортасына сызықша келсе, оқырман тыныс алады. Ойға салмақ береді.
5. «Я байларға қызмет қыл» – бұл арада да сол «Иә» қойылса болар еді.
6. «Ғылымға көңіл берсеңіз» – менің жадымда ылғи да: «Ғылымға көңіл бөлсеңіз», – деген сөз тұрады. Көңілін ғылымға неге береді, көңілін бөлмей ме? Осы сөз, Кәкітай айтқан қатеге жататыны анық сияқты. Егерде 1909 жылғы басылымды сөзбе-сөз оқысаңыз, онда: «бірсанкз» – деп жазылған. Араб қарпінде «О» мен «р»-дің жазылуын бір үтір бөліп тұр. Ал, қырым татары үшін «бөлсеңізден» көрі «бірсаңіз» әлдеқайда түсінікті. Бұл ой менің мақаламда таратылып айтылған болса керек [7-12]. Ал, әлі айналымға түспеген қолжазбаларда «берсеңіз» дегенге жүгінеді.
7. «Деме көптің сөзі пұл» – Қанипаш! Неге осы жол былай алынған? Түсінбедім. Бәрін 1909 жылмен салыстырғанда, осы жолды неге салыстырмаған? Онда :«Дей ме көптің сөзі бұл» – деп анық жазылған. Ешқандай, ақша мағынасындағы «пұлдың» да, мата мағынасындағы «пұлдың» да қатысы жоқ. Мұның мағынасын: «Жақынның сөзі тәтті деп, Жақыным айтты дей көрме. Надандықпен кім айтса, Ондай түпсіз сөзге ерме», – деп ар жағында ойды дамытып түсіндіріп тұр ғой. Демек, «Дей ме көптің сөз бұл», – дегені дұрыс!
Сенбесең өздерің шығарған жинақтың [6] арабшасындағы 53-бетіндегі жоғарыдан төмен санағанда 54-жолды оқып, салыстырыңдаршы.
8.Түсініктегі: «Күпір (арабша) – діннен шығу» – деп дұрыс түсіндірілген. Ол – мұсылмандықтағы ең ауыр жазаға тән күнә. Ал, түсіндірмедегі: «күпір (кафир)» – деген мүлдем қате, теріс, дінге қарсы түсінік. Күфір – мұсылман боп жүріп, шариғатқа қарсы келіп, діннен безу. Оны кәфір демейді, күфір, антұрған дейді. Ал, ант бұзған – мұылмандықта, Абайдың «Қара сөздерінде» кездесетін ең ауыр сөз. Үкім, жаза, қарғыс!
9. «Сізге айтамын, хаупім – бұл» – Осындағы кәдімгі қазақша айтылатын «қаупімді», яғни, «қауіпті» – «хаупім» деп арабшалатудың еш қажеті жоқ. Олай әріп қуатын болсақ, Абайдың тілі – нағыз шыбар тіл болып шығады. Сондықтан да: «Сізге айтамын, қаупім – бұл», – дегеннің өзі дұрыс.
Менің ойымша, бұрынғы селкеу сөздерді ширатып, «Түсінікті» өз сөзіңмен ықшамдап жазып шыққаның дұрыс. Әйтпесе, әркімнің пікірінен үзіп-жұлған шашыраңқы мәтін боп тұр.
Бұл – СЕНІҢ – ҚАНИПАШ МӘДІБАЕВАНЫҢ редакциялық басшылығымен шығатын басылым екенін ұмытпа. Жауапкершілікті мойныңа ал, ЖАЛТАРМА!
Бәрібір, «Қысылғанмен қыз болмайсың» деген сөз бар ғой. Анайы сөз деме. Өз еңбегің! Ертең сен жауап бересің. Ана «жанашырлар» да, біз де, мен де жалтарып кетеміз.
Солай, құрдасым, құрбым!
ҚЫСТЫРМА
31 желтоқсан, 2019.
Айдана! Жаңа жылыңмен. Өткен жылғы аманатты келер жылға сақтап қалмайын деп, тапсырмаңның басын жібердім. Қанипашқа берерсің. Басын салыстыра берсін.
Ал, Қанипаш ханым! Жаңа жылда – амандық тілеймін. Амандық – барлық жамандықты жеңеді. Екінші, саулық тілеймін. Амандыққа саулық жарасады. Сау жүргенге не жетсін. Үшінші: ырыздық тілеймін. Осы үшеуі болса, Рүстеміңнің баласының боғын жуып, Абайды тірнектеп жүріп тиянақтап, қам-қаракетсіз мұратыңа жетесің. Қосымша: жоғалтқаның — табылсын, барың — жоғалмасын.
Мен сендерге айтқан Абай өлеңдерінің екі қолжазба дәптерін жоғалтып ап, тәнтібайбеттеніп жүрмін. Сол да көңілді бұзып, жұмысқа бөгет жасады. Баяғы заман болса ішқұста боп өліп кететін кез еді. Қазір, тірі өлік санатында өмір сүре береміз. Рахат!
Істің басталғанын білдірейін, екіншіден, басынан бастап кіріссең, ісіңе септігі тисін — дедім. Аман бол.
Кенжеханға дұғай-дұғай сәлем.
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ (27) – 1. «Көтендігі сығыңқы, аламайлы» – 1995 жылғы жинақта: «сығыңқы» деп анық жазылған. «Ш» емес, «С» деп танық басылған. Енді бұл нағып тағы да «текстологиялық мәселе» боп көтеріліп отыр? Түсінбеймін.
2.«Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей» – Мен осы «Түсініктегі»: «Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей», 1995 ж.б.: «Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей». Ұсыныс: 1909 қалса «бұлбұл қағып» деген тіркес бар. Мағынасы құстай желпінтіп, көңілін ұшырып деген бе? Түлеу, қанаттану. «Бол-бол қағып» деген тірікесті біздің тілде кім біледі?», – деген пікірмен толық келісемін және қостаймын.
Жөнге келетіні: «Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей». 1909 жылғы жинақта «болбол» деп бірге жазылған. Бұл –«бұлбұл» деген сөз. Өйткені ол кезде «Ұ» әрпі мүлдем жоқ болатын. Әйтпесе: «бол, бол» деп бөлек жазылуы керек еді ғой. Қараңыз: Факсимилие: 97-бет, төменнен 2-жол
Жаздыгүн шілде болғанда (28) – Міне, осы өлеңге Көкбайдың естелігі керек. Жазылу тарихы нақты айтылған аз өлеңнің бірі осы.
Мен жинақтың ішіндегі «Жаздыкүн» және «Таңертеңнен» деп жазылған нұсқасын қолдаймын. Сонымен қатар, Ш.Марсеков пен Хаткер-кәтіптің қолжазбасында осы өлеңнің кеңестік идеологияның ырқымен қысқарып кеткен жерлері бар. Мен, ол туралы салыстырмалы-мәтіндердің талдауында ажыратып тұрып көрсеткенмін. Сондағы қысқарған жолдарды мына дайындалып жатқан басылымға міндетті түрде кіргізу керек деп есептеймін.
Көжекбайға (30) – «Әркімге өсек тасып безектеген» әйгілі Көжекбай ғой бұл. Абайдың өзіне бұл кісіден артық аярлық жасаған туысы болған емес. Осы өлеңді бала кезімде шалдар былай айтатын: «Жамантайдың баласы Көжек деген, Екі үйдің ортасына безектеген», – деп. Мен қазір де солай қолданамын.
Қанипаш! Осы екінші жолда образ бар. Бұл туралы «Мәтіндік-салыстырмалы талдауда» [12] арнайы бір мақала арнадым. Соны оқысаң, бәрін де түсінесің. Өзің ойға салып көр. Мүмкін, түсінікте: ауызекі нұсқада осылай да айтылады – деп ескерте кетерсің.
Патша көңілің білсін.
Көжекбайдың немересі Лазо Тезекбаев ағамыз да осылай айтатын. Тамаша адам еді, марқұм.
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп (31) – 1. Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі. Мен осындағы «көңіл жүгі» дегенге мүлдем қарсымын. Оны өзіңе мәлім мақаламда ұзақ түсінідіріп жазғамын [7-9]. «Көңілдің жүгі» жалғандықпен жасала ма? Дұрысы:
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз,
Жалғандықтан жалғанған көңіл жібі.
Қанипаш! Мұны қалайда түзету керек деп есептеймін.
2 «Серменде» – «сырменде» емес, бұл кәдімгі «шерменде»! «С» мен «ш»-ның жазылуы бірдей. Сол «серменде» қалпын сақтаса да болады.
Сабырсыз, арсыз, еріншек (32) – 1. «Іс қылмай ма ол кісі?» – Дұрысы: «Іс қылмай ма үлгісіз» – сияқты. 1909 жылдың факсимлиесінде: «олгсі» – дегенді – «ол кісі» емес, «үлгісіз» деп оқыған барынша лайық келеді. «Ө» әрпі ол кезде жоқ болғандықтан да, «о» мен белгіленген. Бұған «г» әрпі» «кісі» дегендегі сол кезде бар «к» әрпімен жазылмай, «г» әрпімен жазылғанын, сондықтан да, дыбыс үндестігі арқылы ол сөздің «үлгісіз» болып оқылуы керектігін дәлелдейді. Ал, «р» мен «з» бірдей, «с» мен «з»-ның аяқталуы да бірдей. Үстіндегі ноқаты түсіп қалған. «Ол кісі» деген сөз бұл арада зорлықпен телініп тұр.
2.«Пысық деген ант шықты» – Дұрысы: «Пысық деген ат шықты». Ойланбай түзету керек.
3.«Қайырсыз ит деп жаттайды» – Иттің несін жаттайды? Дұрысы: «қайырсыз ит» – деп, «жат» – дейді» ғой!
Бұған талас бола қоймас! Себебі, 1909 жылғы басылымның факсимилиесінде: «ЖатДАЙДЫ» – жат адам дейді, жат дейді деген мағынада жазылған. Екі «тт» жоқ, бірінші әріп – «т», екінші әріп – «д». Сондықтан да, мағына қуып, бөліп оқысақ: «Қайырсыз ит» – деп, «Жат» – дейді, – болып оқылады.
Міне, сөз енді түсінікті болды. Бұл: «Ей, ит, тыныш жат» – дегенді де, «Қайырсыз ит, сен жатсың, бөтенсің» – дегенді де білдіреді. Қисындысы, алдыңғысы шығар.
Бөтен елде бар болса (33) – Бұл өлеңдегі мына сөздерге грамматикалық, емілелік тұрғыдан назар аудару керек. Мысалы:
1.«Аулаққа шығып біріне» – дұрысы: «біріне» дегеннен кейін сызқша не дефис қойылса, сонда келер жолдағы «бірі» дегенмен жалғасып кетеді. Яғни: «Аулаққа шығып біріне – Бірі сөзін мақұлдар», – деп жазылса, оқығанда мазмұны тұтасталады.
2. «Әуел сонан есітесің «Ат үстінен көтерді» – дұрысы: «Естісең» дегеннен кейінгі жол төл сөз ретінде тырнақшаға алынып тұрғандықтан, қос нүкте қойылуы керек. Әуел сонан есітесің: «Ат үстінен көтерді».
3. «Кіржіңдеп жүріп кекерді» – Осындағы «кекерді» деген сөздің мағынасын мен түсінбедім. Көзімді шайтан байлап қойған ғой деймін (Түнгі үш болды, Қанипаш! Сен ғой түс көріп жатырсың-ау. Кімді көріп жатыр екенсің, ә?). Бұл өлеңді 1909 жылғы жинақтан таппадым. Мазмұны: «Үйренбей жүріп кісіден, Кіржіңдеп жүріп кекіре қарайды» – дегенді білдірсе керек. Менің ойымша, бұл кәдімгі «кекірді» деген сөздің өзі болса керек.
4. «Оңалып егер алдыңыз» – Дұрысы: «Оңалса егер алдыңыз», – емес пе екен? Өйткені, шұбыртпалы өлеңнің бір сөзінің мағынасы бір сөзіне жалғасып, ой ағысы мен сөз мағынасы шумақтала ашылады. Мысалы:
«Оңалса егер алдыңыз, Әр жерден-ақ көбейер, Ажарлыңыз, малдыңыз», – деп тұр ғой. Әйтпесе: «Оңалып егер алдыңыз», – дегеннен кейін «әйтсе, бүйтсең, жағдайың түзелсе» – деген іс-қимылды анықтайтын – анықтауыш, не мазмұнды толықтыратын – толықтауыш сөз керек. Ал «лып» деген жалғау бар қимылды «лып» еткізіп ішіне жұтып алып тұр.
5.«Бұлт ала, жер шола» – Мұндағы «шола» сөзінің түбі – кәдімгі халық мәтеліндегі: «Бұлт – ала, жер – шала», – деген тұрақты сөз тіркесі екені анық. Абай ешкімге: ала бұлттың көлеңкесін іздеп, жер шолып кел, – деп тұрған жоқ.
6. «Астыртын барып жолғасқан» – Алдыңғы бір өлеңде осы сөзді «жолығысқан» деп алса, өлеңге ешқандай зияны келмейтіні туралы пікір білдіріп ек қой. Бұл арада да соны ұстанса, өлеңге ырғақтық, буындық тұрғыдан еш нұқсан келмейді.
7. «Күнде ертеңге талмайды – Осындағы: Күнде ертеңге – дегенді: «Күнде ертеңге» – деп тырнақшаға алып жіберсе, осы сөздің мың рет қайталанып, үйреншікті болған атау екені ашылатын сияқты.
8. «Жалынбай тұрар к… жоқ» – Ұялмайтын сөзден ұялып, ұят болды-ау, осы! Бұл академиялық басылым емес пе. Ендеше әр сөздің толық мағынасы берілгені дұрыс. Көт те аса маңызды, өмір сүруді қамтамасыз ететін, ар-ұятпен, ынсаппен астасып жатқан, солардың кілті сияқты жиынтықталып алынған мағыналы ұғым.
9. «қарасақау» – кісінің аты болғандықтан да: Қарасақау – деп бас әріппен жазылу керек.
10.Түсініктегі: «Осы өлеңнің ішінде Абайдың кейінгі әдебиетке және халық даналығына афоризм есебінде қосылып кеткен қанатты ақыл, нақыл, сыншылдық сөздері бар. «Күн жауғанда койныңда, күн ашықта мойныңда», «Жат айбынар ісі жоқ, жау айдынар күші жоқ», «Ел бүлігі тобықты, көп пысыққа молықты», – деген мәтел есепті жолдар осы өлеңнен табылады», – деген сөздер ғылыми комментарийге артық сияқты.
11. «Қылған жап жоқ» – Әріп қатесі кеткен. «Қылған жан жоқ» – қой дұрысы.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы (34) – Бұл өлеңнің текстологиясына қатысты пікірді түсініктерге қатысты мақалада білдіргемін. Дұрыс болар, қате болар, сол сөздерді 1909 жылғы кітаппен және Мүрсейіт қолжазсымен салыстырып, сол арқылы өз ойымды білдіргім келеді.
1.Түсінік: хәдис – Хадис барлық жерде «а» әрпімен «хадис» – деп жазылады. Бұл арада неғып жіңішкеріп жазылған? Одан – араб сөзінің дыбыстық ләмі мен мағынасы өзгермейді. Көпшілік қолданған сөзді өзгертудің мәнісі бола қоймас деп ойлаймын.
2. «алласы» – Алла сөзін бас әріппен жазса қалай болар еді. Ол да жеке тұлғаның, ең басты тұлғаның аты ғой.
Оны Өзің ойларсың, Қанипаш!
3. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» – Мұны: «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысын, – деп, теңеу сөз болғандықтан да, тіл заңына сәйкес, арасына сызықша қойып жазса қайтеді.
4.«…Қосарлы бәйітсымал (?) келді арасы» – Бірінші: «бәйт» емес, қазақшалап «бәйіт» деп «і» әрпінің қосып жазылғаны дұрыс. Дыбысқа да, буынға да, ырғаққа да үйлесімді.
Екінші: Осындағы «бәйітмысал» деп өзгертілуінің себебі былай түсіндіріліпті. «Бәйітсымал» деген сөз 1909 жылғы кітапта «бәйт сымал» делініп, екі сөз ретінде, бөлек басылған. Осы сөздерге текстологиялық талдау жасай келіп, анықтағанымыз: бәйт – өлең деген сөз дұрыс басылған да, «сымал» деген мағынасыз сөз қате басылып кеткен, яғни, баспада «с» әрпі мен «м» әрпінің орны ауысқан. Тоғызыншы шумактың төртінші жолы, 1933 жылғы жинақта (100-бет)».
Екі сөзді де салыстыра келіп, бұл туралы білдіретін менің пікірім – «бәйітсымал» дегенді қалдыру керек дегенге саяды. Әрине, логикалық жағынан «бәйіт, мысал» деген де қисынға толық келеді. Алайда, өлеңнің емеуірінінде мысқыл барын, сынау, кекесін бар екенін ескерсек: «бәйітсымал» деген сөздің астарында «бәйітсымақ» деген мысқыл тұр. Сол мысқыл арқылы өлеңсымақ, өлеңсымал екенін мысқылмен мекзеп тұрғандай көрінеді маған.
5. Түсінікте: «…Былжырақ көрінеді соларды аңдап» – деп 1939 (79-бет), 1945 (55-бет), 1954 жыл (56-бет) жинақтарда; «…Былжырақ көрінеді бәрі даңдақ», – деп басылған; 1957 (67-бет), 1977 жылғы жинақтарда (90-бет): «…Былжырақ көрінеді соларды аңдап», – деп берілген. Ал, 1909 (31 -бет), 1922 жылғы жинақтарда (Қазан, 62-бет, Ташкент, 152-бет): «…Былжырақ көрінеді солар даңдақ», – деп дұрыс басылған. Текстологиялық салыстырулар негізінде соңғы нұсқа қабылданды. Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап, Жиса да бай болмапты қанша малды ап. Қазаққа өлең деген бір қадірсіз, Былжырақ көрінеді солар дандақ», деп жазылған.
Егерде 1909 жылғы кітаптың факсимилиесін әріптеп оқысақ: «соларданкдақ» (31-бет, төменнен 5-жол) деген сөз шығады. Жоғарыдағы екі нұсқа да осы сөзді тарқатып оқытудан шыққан. Арасын бөлсек: «солар данкдақ» болып шығады. Енді, осы сөзді «дандақ» деп оқуға бола ма, жоқ па? Білмеймін. Мағынасы: «Солар даңғазы-ақ», «солар даңғой» дегенді аңғартса керек. Әйтеуір, «Дандақты» жалпы өлеңнің мағынасына сүйеніп, оқушы солай түсінетіні анық. Демек: «Былжырақ көрінеді солар дандақ» – дегенге мойынсынудан басқа амал жоқ сияқты.
Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол (36) – Қанипаш! Осы өлеңнің текстологиясы туралы менің мақаламда арнайы және ұзақ салыстырылып, талданып, мысалдар келтірілген [7-12]. Оны көшіріп шығу үшін 10-12 бет керек. Сондықтан да, мына келтірілген үзінділерді сонымен салыстырып назарға аларсың.
1. «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» – Осындағы «қынамен» де мен «болама гүл» деген тіркестер туралы ұзақ түсінік менің мақаламда бар еді. Бар уәжді содан қарарсыңдар, Қанипаш!
2. «Олар да өлең айтар шулап жана» –«Және» деп те жазуға болады ғой.
3. «Айтсаң да, үддасынан шыға алмайсың» – Түсінікте: «Удда (арабша) – шек, шегі деген сөз. Бұл арада ауыспалы мағынада. Яғни, шегіне жетер, жеріне жеткізу деген ұғымда қолданылған», – деп жазылған.
Дұрысы: күнде айтылып жүрген «үдесінен» деген сөз. Бұған да түсінік керек пе?
4. «Қарны тоқ хасса надан ұқпас сөзді» – Түсінікте: «Хасса (арабша) – бір нәрсеге, не бір кісіге ғана тән нағыз ерекшелік сипат мағынасында», – деп жазылған. Нағында: Хаса да, хасса де емес, Һаса болып жазылуы керек. Бұл туралы алдыңғы өлеңдерге берілген талдауда айтылған.
5. «Сүйсінерлік адамды құрмет қыл» – Буын мен ырғақты сақтау үшін: «Сүйсінерлік адамды құрымет қыл», – деп алуға әбден болады. Ондай ауытқулар Қадырда да, Мұқағалида да бар. Мен осы «құрыметке» қосыламын.
6. Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!
Осы өлеңнің шығу тарихы, Дулат, Шортанбай, Бұқарды неге қосқаны туралы менің арнайы мақалам бар [7-12]. Соны міндетті түрде пайдаланып, М.Әуезовтің: «Бұхар жырау, Шортанбай, Дулат сияқты атақты ақындарды сынағанда, олардың акыңдық өнерін олқысынып отырған жоқ, “Халықты алға бастар өнімді жолдары жоқ” деп сынайды» [Сілтемесі – Түсінікте] – деген уәжін келтіре отырып беру керек.
Мен үшін емес, Қанипаш, Абайға адалдық үшін, Абайды дұрыс түсіну үшін.
Күз. Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан (37) – Қанипаш! Менің пікіріммен таныс екенсің. Оған алып-қосарым жоқ. Әрине, түсінікте ескерілуін тілеймін.
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай (38) – Қанипаш! Сөзім ескерілген екен. Рахмет. Уәждеріңе уәж айтуға болар еді. Мына рецензияны кім жазғанын білмегендіктен де, ашық пікір білдіре алмай тұрмын. Пайым өресі, пікір әділдігі, Абайды бойына сіңіруі өзгеше беймәлім ғалым туралы айту – әдепсіздік болар.
«Тоңазыған» деген де мазмұнына сай келер еді.
6.
Қыс. Ақ киімді, денелі, ақ сақалды (39) – Өлеңдегі образға қатысты менің түсінігімде назар аударарлық пікірлер бар [7-9].
«Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды, Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда».
Қанипаш! Өзі боранды жазып, суреттеп отырып, сол боранды: «борандай бұқ-сарқ етіп» деп тағы да қайталап, боранды – боранға теңей ме? Абсурд.! Одан көрі басын сілкіп, жынын шашып, шабынған бура нақты бейнелі теңеудің өзі. Сондықтан да: Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, – деген қандай жарасымды.
Жансызды – «ақ киімді, денелі» деп жандыға – адамға теңегенде, боранды – бураға теңеуі табиғи. Гротекстік образдар жүйесі болып шығады. Ал, Түсінікте: «Ал 1939 жылғы жинақта (1-том, 83-бет), “борандай” деген сөз өзгертіліп: “…Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда”, – деп басылған».
Бұл – Әуезовтің С.Мұқановпен бәсекелесе барынша ыждаһаттап оқыған жинағы. Екі ұлы да жоғарыда біз айтқан ескертуді дұрыс аңғарған.
Ал, 1909 жылғы жинаққа келетін болсақ, онда бұл сөз әріп-әріппен көшіргенде: «борандай» деген сөзді «бурадай» деп оқудың еш әбестігі жоқ боп көрінеді. Бір ноқаттың артық түсіп кетуін Кәкітай айтқан «көп қатенің» біріне балау керек. Қырым татары үшін «бура» таныс емес, «боран» таныс.
Поэзияға обал болады!
Ішім өлген, сыртым сау (43) – «Шабан, шардақ және шау» – сөздеріне Т.Жұртбай мағыналық жаңа түсінік қажеттігін айтты. Ескеремізә («ЖА», №90 12.11.2019)
Дұрыс, Қанипаш! Сөзіңнің далаға кетпегені қандай ғанибет!
Болыс болдым, мінеки (44) – 1. «Түйеде қом, атта май». 2.«Түйеде қом, атта жал».
Иә, 1909 жылғы басылымда «атта май» деп берілген. Мына арадағы: «1933 жылғы жинақта Ілияс Жансүгіров: “Түйеде қом, атта жал” етіп өзгерткен. Оны мақала жазып дәлелдеуге тырысқан», – деген түсініктеме әдепсіздеу жазылған. Өйткені, өлеңдегі қазақ тілінің орынды-орынсыз қолданысын Ілиястай сіңіріп білген адам табу қиын. Енді мүмкін емес және ол «атта жал» деген сөзді өте орынды қолданған. «Аттың майы» деген тіркес те, ұғым да бар. Бірақ, мына арадағы әңгіме – далбаңдап шауып жүріп, атын арытып алған жандайшап болыс туралы ғой.
Соны да ескерген лазым сияқты, Қанипаш!
3. «Мақтанның к… көрінді».
4. «Болыстың к… шөмейді»,
5.«Ат к… жалпылдап».
6. Әуелде к… бос кәпір».
Қанипаш! Мына сөзді ашық жазып отырғаныма кешір. Ғылым ғой. Осы көттердің тым құрығанда «ат көтінде жалпылдап» дегенін толық жазу керек сияқты. Ал, өзгелерін «сол «көттің» соңғы жалғауын білдіру үшін: «Мақтанның к-і көрінді», «Болыстың к…і шөмейді», «Ат к-інде жалпылдап», «Әуелде к-і бос кәпір» деп дефиспен, не көп нүктемен орын қалдырып берсе, жөн болар еді. Әйтпесе, «ат көтінде» ме, «ат көтіне» ме, тәуелді жалғау білінбей қалады.
7.«Көрсем дағы күтпеймін» – Осындағы «күтпеймін» деген сөз орынсыз тұрған сияқты. Кімді күтпейді, неге күтпейді? Неге күтуі тиіс? Менің пайымдауымша: «күптеймін» деген сияқты. Яғни, бұл өлеңнің мазмұны: «Момындық күшті екенін, Көрсем дағы күптеймін», – дегенді білдірсе керек. Бұл туралы түсінікте берілген: «Момындықты мойындасам да, оны байқамағансып, күптей боп дүрдиіп жүремін – дегенді аңғартады. Образ да бар», – деген уәжді қолдаймын.
8. «Қайрауы жеткен қатты би, Қайрылып нетсін көңілді» – Осындағы «қайырылып» деген сөз не мағына береді? «Қайрауы жеткен қатты би» көңілге «қайырылып нетсін» деген сөз тіркесін қалай түсінуге болады? Тым болмағанда: «Қайырып нетсін көңілді» – десе тіркес түсінікті болады. Бірақ, логикалық қисынға келмейді. «Қатал би» қайыра ма»? Жоқ. 1909 жылғы жинақтағы бұл сөзді әріптеп оқысақ: «қайрилп нитсин конкілді» (Факсимилие, 20-бет, жоғарыдан 9-жол) деген сөз шығады. Енді осыны қазақшаға бейімдеп оқысақ: Қайырылып нетсін күңкілді, – болып шығады.
Демек, мәселе – «қайырылыпта» емес, «көңілде» екен, яғни, «көңілді» емес, «күңкілді!» болып оқылуы тиіс екен. Енді, бәр сөз орынына келді. «Қайрауы жеткен қатты би» ешқандай күңкіл-сүңкілге қайырылмайды.
Меніңше, мәтін енді түзеліп, мазмұн енді ашылған сияқты. Әй, қайдам! Бір жерінен шиі шығып тұрған сияқты көрінеді маған.
9.«Кірлі болып түскен соң» – Осындағы «кірлі» деген сөзге түсінік беру керек-ақ сияқты. Кір-кір болып неге түседі? Сайлауға ма, жоқ, қылмыс-күнәсі таразыға – кірге түсе ме?
10. «Ұлық жолы тарайды» – Осындағы: «тарайды» дегенге де түсінік бере кету керек сияқты. Өйткені, бір рет жүгіртіп оқығанда: «ұлықтың жолы жан-жаққа тарайды» деген мағына беретіні, қазіргі оқырмандар қиналып қалатыны анық. Ал бұл арада: «ұлықтың жолы тарылды, бұрынғыдай кең көмей емес» – деген ұғым береді.
Мәз болады болысың (46) – 1. «Әуре қылды, салды ойды». Осындағы: «Салды ойды» – деп отырғаны: «Салды ойбайды» болса керек. Соны өлең буынына орай қысқартып: «Ойды!» деп жазуы мүмкін. Сондықтан да, адамның ойы емес, ойбай екенін мекзеу үшін «Ой!»-ды» – деп тырнақшаға алып берсе қайтеді? Мысалы: «Әуре қылды, салды «Ой!» –ды».
2. «Күлер к…ін ашқанға». Міне, осылай септеліп берілгені лұрыс.
3. «Бір бес надан, оңбассың» – Мұндағы «бес» кәдімгі бес емес, «бәс», көне түрікше және парсыша топас – деген сөз. Оны мен мақаламда ұзақ мысалмен дәлелдегемін. Соған көңіл аударарсыңдар.
4. «Ол болдым-ақ дей берер» – Мұны: «Ол: «Болдым-ақ» – дей берер», – деп тыныс белгісін қойып жазған дұрыс болар ма еді, кім білсін. Сонда, ой анық ашылады, толық жетеді.
Білімдіден шыққан сөз (47) – 1. «Көкрегінде болсын көз» – Дұрысы: «Көкірегінде».
2.«Сұлу қыз бен я батыр» – Дұрысы: «Ия», немесе «Иә» батыр.
3.«Шығып кетер, я қалғыр» – Дұрысы: «Шығып кетер, ия, қалғыр» немесе: «Иә, қалғыр». «Я» деп шаңқ еткізгенше, «Ия», немесе «Иә, батыр» деп қоңырлатып алса, дыбысталуға да, оқуға да оңтайлы болар еді. Кейін латынша жазылғанда бәрібір «Иә» деп жазылатынын ескеру керек.
Алыстан сермеп (48) – Қанипаш! «Сегізаяқтың» текстологиясы туралы менің мақаламда кеңінен талданып, салыстырылып беріліп еді [7-12]. Жай-жапсарды содан анық білерсің. Қазір, тек қысқа-қысқа қорытынды сілтеме жасаумен шектелемін.
1.«Қиуадан шауып, Қисынын тауып» – Қиуаның бұл арада қандай қатысы бар? Дұрысы: «Қиядан шауып». Қиядан шауып, қисынын тауып, тағыны (түлкіні, қасқырды) бұтаның арасынан үркітіп, бүркіттің алдына сап береді. Бұл туралы менің мақаламда жеткілікті дәлел келтірілген. Қарарсың. Ескерерсің, Қанипаш ханым!
2. «Білгенге маржан, Білмеске арзан» – Дұрысы: «Білгенге – маржан, Білмеске – арзан».
3. «Жігерлен, сілкін, Қайраттан, беркін» – деп тыныс белгісі қойылса жөн болар еді.
4. «Бәһра (парсыша) – пайда, білімнен үлес». Бұл түсінікті: баһра – үлгі, өнеге деп түсіндірген дұрыс болады.
5. «Қуансаң – қуан сол кезде» – Екі «қуанның» ортасына сызықша келгені дұрыс.
6. «Надан мәзендері» – Дұрыс жазылуы: надан мәзіндер.
7. «Үш-төрт жылғы әдетің, Өзіңе болар жендетің» – Бұл туралы аталған мақалада кеңінен түсінік пен талдау берілген. «Үш-төрт жылғы әдетің, Өзіңнің жендетің болады» – деген мағына. Яғни: «Үш-төрт жылғы әдетің, Өзіңнің болар жендетің».
8.«Ойнасшы қатын болса қар» – Дұрысы: «Ойнасшыл қатын болса қар».
Әйтпесе, «ойыншы қатын» сияқты болып көрінеді. Мәселе, ол қатынның «ойнасшы» емес, «ойнасшыл!» екендігінде.
9. «Арқа-басы шаң боп» – Осындағы «арқа-басы» деп анықтап жатпай, «Арқа, бас шаң боп» десе – әрі қысқа, әрі нұсқа, әнге айтуға да қолайлы. Жәнібек марқұм солай айтатын еді.
10. «Екі кеме құйырығын, Ұста, жетсін бұйрығың» – Бұл туралы да мақалада дәлелденіп жазылған сияқты еді. Мына жолдан: кеменің құйрығын ұста, бұйрығың жетсін оған – деген мағына шығып тұр. Ал, негізгі айтпағы: Екі кеме құйырығын, Ұста, жетсе – бұйрығың». Яғни, бұйрығың жетсе, күшті болсаң – екі кеменің құйрығын ұстап көрші. Суға кетесің – дегенді мекзеп тұр.
Менің ойымша, дұрысы – осы.
«Сегізаяқта» тұтасып келген үйірлі шумақ бар. Солардың арасын ажыратып берген дұрыс. Мен сары бояумен бояп қойдым. Оқығанға да, ойды бөлектеп тоқығанға да, жаттағанға да сол қолайлы. Әр үйірлі шумақта бір-бір мәселе үйіріліп көтерілген.
Сәулең болса кеудеңде (49) – Қанипаш! Осы өлеңдегі: «Қызылбастың салған жол», – деген жолдың бүкіл тарихын айтып түсіндірген мақалам бар [7-9]. Ең болмаса, соны мазмұндап берсең, неге имамсыз намаз оқитыны белігілі болар еді.
Ал енді осы жолдағы: «Қызылбастың салған жол», – дегендегі «қызылбастың» деген ілік септігі өлеңге үйлеспей, сөзді мағынасынан алшақтатып тұр. Негізі: Имамсыз құран оқу: «Қызылбастар салған жол», – деп тұрып көрсетіп тұр ғой. «Қызылбастың салған жолы» болса бір адамды мекзегені, ал мында тұтас халықты айтып отыр. Сондықтан да: «Қызылбастар салған жол», – деп жазған дұрыс.
1909 жылғы факсимлиеде бұл сөз: «қзылбасднкі» (Факсимлие, 53-б, №3, 3-жол), яғни, қызылбастың емес, қызбастының салған жолы болып оқылады. Сонда, қазақша ләмге келтірсек: қызылбастылар салған жол – болып шығады.
Демек, бұған қиналатын, қарайлайтын түк те жоқ.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін (50) – Қанипаш! Менің түсінігімді оқып, еске алған екенсің. Рахмет. Бірақ: пәңгі:
1.«Бәңгі (парсыша) – нашақор» – ғана емес. Есектің күйітке түскен кезіндегі бес-алтауы жиылып, тісін ақсита ашып ап, өзара шақырып-бақырып есіруі. Соны пәңгі дейді. Ыржаң, мәз – дегені сол. Есіңде ұстарсың. Образ бар мұнда.
2. «…Көңілінің көзі ашық сергек үшін» – Осы нұсқа өлеңге сай, сергек, ұғынықты оқылады.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек (51) – Қанипаш, мына өлеңнің сөзін мына арадан таппадым ғой. Көзімді шайтан буып тұр-ау деймін. Таптым. Мақаладағы сөзім – сөз [7-9].
5. Түзету: «Т.Жұртбайдың «баян» сөзін «ерен» деп ауыстыру (туралы) ұсынысы орынды көрінді. Осыған орай қолжазба нұсқалар қаралады».
1. «Сонда толық боласың елден бөлек, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек».
Дұрысы: «Сонда толық боласың елден ерек, Ғылымға сол үшеуінің жөні бөлек».
Қор болды жаным (53) – Осы және келесі «Сен мені не етесің? (54)» атты өлеңнің шығу және жазылу тарихы – Абайдың бүкіл МАХАББАТ трагедиясын ашып берер еді.
Әттең, менімен бірге кететін құпияның бірі болып қалар ма екен, Қанипаш? Мен бұл өлеңді қайталап, талдап оқи алмаймын. Жүрегім ауырады. Абай үшін.
7. Жігіт сөзі (55) – 1. «Бір өзіңнен басқаға, Ынтықтығым айтылмас» – Қанипаш! Осы екінші жолда бір кілтипанның барын мен мақаламда айтып едім. Қайталамайын. Бірақ, менің ойымша және ән ретінде айтқанда да менің ауызыма: «Бір өзіңнен басқаға, Ынтызырым айтылмас», – деген жолдар түседі.
1909 жылғы басылымда жоғарыдағыдай «ынтықтығым» екен.
2.«Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айрылмас» – Көңілі ұстап тұрған жоқ қой «айырылмайтын», ендеше неге айырылады? Дұрысы: көңілі айнымайды. «Р» мен «н» әрпінің жазылуында пәлендей парық жоқ. Дұрысы: «Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айнымас».
Біз өзі әнді солай айтамыз ғой. Айтып көрші ыңылдап. Меніңше, ойланудың пәлендей қажеті шамалы.
1909 жылғы басылымда «айырылмас» екен.
3.«Сізде сымбат, бізде ықылас» – Тілек пен тілектің арасына сызықша қойылса, кімде не бар екенінің бағасы теңеу тұрғысында айтылып, қымбатының құны білінеді. Сондықтан да: «Сізде – сымбат, бізде – ықылас», – деп жазылғаны дұрыс сияқты.
4.«Ішкі сырды түйгенде» – Лирикалық кейіпкер: жүрегі балқып иіген кездегі (сүйгендегі, шүйгендегі) сырымды ішке түйемін – деп тұр. Өзі балқып, арсы-гүрсі боп тұрғанда, ішкі сырын қалай түйеді? Бұл оқудан, расшифровкадан кеткен кәдімгі жаңсақтық. Сондықтан да, дұрысы: «Ішке сырды түйгенде, – болуы барынша табиғи және түпнқсқаның өзі солай жазылған деп еш күдіксіз ойлаймын.
1909 жылғы басылымда «(а)ишк» екен. «І» әрпі ол кезде жоқ. Сондықтан да, «ішке» деп оқудың еш шамы жоқ.
5.«Қылығыңда жоқ оғат» – Бұл да түпнұсқаны оқу кезіндегі кеткен әбестіктің қатарына жатады. Бүкіл қазақ «ағат» деп айтқанда, Абай қолдан сөз жасап, ол сөздің арасын «бөтен сөзбен былғап» несі бар. Дұрысы: «Қылығыңда жоқ ағат», – деп жазылған деп пайымдаймын.
1909 жылғы басылымда «аоғат» деп жазылған. Оқыған адам, әдеткідей, бірінші тұрған «а»-ны тастап, «о»-ны оқыған. Бұл жағдайда, «ағатты» – «ағат» деп оқудың еш ағаттығы жоқ.
6.«Сіздей жардың жалғанда» – Осы арада «жардың» – «овраг» емес, адам екенін ажырата кету үшін әрі қаратпа сөздің мағынасын беріп тұрғандықтан да, «жардың» дегеннен кейін үтір қойылған дұрыс сияқты. Сонда: «Сіздей жардың, жалғанда», – деп оқылғаны лазым.
7.Түсініктеме: «Ішкі сезім-сырларын бүкпелемей, ашықтан-ашық ақтарып айтып отырған қазақ ауылының аңқылдаған ақ көңіл бозбала жігітінің шын мінезі, дәл бейнесі айқын көрінеді».
Қанипаш! Мына түсініктеме ғашық жігіттің емес, аңғалдың емес, нағыз тақыстың, жымсыманың сөзі. Құдай-оу, «Тар төсекте жалаңаш айқалассам» деп дәметкен қу – қалай ауылдың аңғалы, ақ көңілі болады. Бұл – түн ішінде пысылдап, қыз-келігшектің төсегіне қарай «бауырымен жорғалағыштың» нағыз өзі! Әккі тазы!
Жасанды сөз, жасанды түсінік!
Қыз сөзі (56) – «Түсініктеме»: «Қыз да жігіт сияқты, өзінің сезім-сырын бүркелемей, ашық айтады. Қазақтың ақ жарқын, ақылды қызының бейнесі көрінеді».
Мәтін бойынша, бұл да тоятын қандырып, бойын бозбалаға үйретіп алған қыз. Демек, оған «қазақтың ақ жарқын, ақылды қызы» деген сөз жараспайды. Керісінше, келсең – келдің қызы, қытығы басылған қыз – деп түсініктеме берген лайық.
Білектей арқасында өрген бұрым (57) – ««Аласы аз қара көзі айнадайын». Мен бұл туралы кезекті бір мақаламда толығырақ айтып едім. Негізі осы «аласы аз» деген дұрыс. Егерде «аласыз» болса, онда қап-қара, су қараңғы соқыр болады. Түсті айырмайды. Қазақтар оны «басыр» дейді. «Қарақат көз» деп, тура осы қарашығы қара, ағы аз, мөлдіреп тұратын көзді айтады. Абайдың: «Аласы аз қара көзі айнадайын», – деп баса көрсетіп отырғаны да сол. Ал: «Аз болсын, көп болсын ала көз болып кететіндей (?)», – деген пікір – адам табиғатынан тыс, жай сөзді қуалаған сөз ғана.
1909 жылғы басылымда «Аласыз».
Қанипаш!
Маған бұрынғы басылымдардағы жіберілген бір түсініксіз нәрсе – әсері өлеңнің әсерінен төмен, қарабайыр мазмұндалған түсініктердің жазылуы. Ол түсініктер – өлеңнің өлеңдік сыпатын өлтіріп, мазмұнын кетіріп тұр. Мысалы, осы өлеңді: «Өлеңнің алғашқы жолдарын оқи бастағанда: «білектей бұрымына» тағылған «шолпысы сылдыр қағып», асықпай әсем басып келе жатқан, кәмшат бөрікті, ақ тамақ арудың бейнесін көреміз. Сұлудың көзін жай ғана суреттеп қоймайды, нұрлы көздің «жүрекке ыстық тиетін» әсерін де сипаттайды. «Үлбіреген ақ етін», «ашық жүзін», «әдемі тісін», «бұраң белін», «сұлу бойын», «кішкене аяғын» түгел суреттеп, ерекше жаратылған сұлудың тұтас сымбатын көрсетеді. Осыңдай сұлумен кездесіп, сұхбаттасу сәті түсе қалғандай болса, қандай күйге бөленетініңді адамның жасырын жан сырына дейін білетін психолог ақын және сипаттап береді. «Егерде қолың білегіне тисе», «жүрегіңе лүпілдеп қан соғады», «бетіңді тамағына таяп барсаң», «шымырлап сүйегіңе бу енеді» дейді. Осының бәрі төрт-ақ ауыз өлеңге сыйып тұр», – деген өлі сөзбен баяндап берудің қандай қажеттігі бар.
Комментариий-түсініктеме – әдебиет теориясындағы өзің білетін «Бір өлеңнің тарихы» [14] методикалық әдіс-тәсілдің 21 сұрағына жауап беруі тиісті. Онда бос көпірме сөзге орыны жоқ. Бұл, марқұм, Ж.Ысмағұловтың монографиясындағы талдаулардың сарыны. Өлеңді оқыған адамның өзінің сезініп, түсінуінің әсері – мына өлі сөзден әлдеқайда жоғары.
Бұл менің жеке пікірім. Шешімін өздерің қабылдайсыңдар. Пушкиннің академиялық басылымының үлгісін бір сүзіп өтші. Бұдан көрі: Шығыс ақындарының сұлуды бейнелеу әдісін былай қолданған – деген сияқты теориялық мәселе айтылса, қүба-құп болар еді.
Бұдан кейінгі «Түсініктерге» осы тақылеттес пікірім болса, сол араны сары боямен ерекшелеп қана кетемін. Оның астарын өзің түсінсең болды.
Қажымас дос халықта жоқ (58) – 1. «Жақсы өмірім әуре еттің» – 1909 жылғы басылымда осылай: «әуре еттің» деп жазылған.
2.«Жау қожаңдап бұртайып» – Бұл туралы мақаладағы пікірім дұрыс сияқты. Өйткені, 1909 жылғы басылымдағы сөзді әріптеп оқысақ, онда: «қожанкдаб» – деп жазылған. Соны, оңай дыбысталуымен «қожаңдап» деп жеңілдете үстірт оқыған. Ал бұл сөзді мағынасына қарай бейімдеп: «қыржаңдап», «қаржаңдап» деп те тарқауға да болатын еді.
Бұртиған жау «қожаңдамайды», қыртияды ғой, яғни, қыржаңдайды.
3.Мына Түсініктегі сияқты: Күнде айтып жүрген және сондай түсінікті «әуре» сөзінің түбірін парсыдан іздеп, «әурені» сонша әурелеудің не жөні бар?
Кейде, езіп кетеміз-ау, ә, Қанипаш. Соның бірі – осы менмін-ау деймін. Сендей қыздың басын ауыртып.
8.
Жастықтың оты, қайдасың (59) – «Біржола басты кім берер». Осындағы «басты» деген сөзде бір кілтипан ба. 1909 жылғы басылымда бұл өлең жоқ. Сондықтан салыстыра алмадым. Өзге қолжазбалар қолға түссе, салыстырып, өз ойымды айтармын. Сен не ойлайсың?
Неге «басты», басын беруге тиісті? – деген сұрақ туады. «Бәс» емес пе екен? Әрине, бұл – долбар.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да (60) – 1. «Аспанда ай менен күн шағылса да». Менің ойымша осындағы «Ай» мен «Күнді» бас әріппен жазған мағыналы сияқты. Кәдімгі күн, ай, жыл емес айтып отырғаны. Планетаның аты ғой. Дұрысы: Аспанда Ай менен Күн шағылса да, – сияқты.
Бұл өлең жай махаббат өлеңі емес, мұндағы Жар – жар, әйел емес, Алла. Сондықтан да: «Шыдайды риза болып Жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да», – деп, «Жар» сөзі бас әріппен жазылғаны дұрыс еді.
Бұл талдаудың өзі жеке бір мақаланың жүгі. Мұның мәнісін өзің білесің.
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да (61) – Қанипаш! Мүрсейіт қолжазбасының факсимлиесін қолжазбаның сапасы мен көшірмесінің бұлыңғырлығынан оқуға және салыстыруға мүмкін болмады. Оның үстіне уақытты да қысып қойыпсыңдар. Қолжазбаның бір бетін ажыратып оқуға бір күн кетеді. Сондықтан да, сапалы көшірме жасалған соң ғана салыстырып, пікірімді кейін жіберермін.
1.«Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да» – Осындағы «Тап ұрса да» дегендегі «тап ұрсаның» мағынасы – «Дәп ұрса» емес пе екен?
2. «Әр жерде-ақ керегеге таңылса да» – дегендегі «әр жерде» деген сөз осылай бөлек жазылғаны дұрыс.
Қара қатынға (62) – 1. «Қазақтың не қыласың шарағатын» – Әрине, дұрыс айтасың, «шариғатын». Оны айтушылар өзінің сөз мәнерімен айтқандықтан, солай жазылып кеткен. Түзетілсе – еш әбестік жоқ.
Түнгі тілшелер
Қыстырма
6 қаңтар, 2020 жыл.
Айдана! 1 томның «Түсініктеріне» түсініктерді толық жібердім. Қанипашқа берерсің.
Ал, Қанипаш! Жаңа жылыңмен. Өткен жылдың өкініштері қайырылып оралмасын. Амандық, саулық, ырыздық тілеймін.
Ал, әбден жалығып кеткенде, өзімді-өзім қамшылап, арасына әзіл қосып жазып едім. Көңіліңді ауласын. Сен де қай бір жетісіп жүрмін дейсің. Қабыл ал. Ал, енді мен Семейге кетіп барамын. Бекен Исабаев қайтыс болды. Соған. Аман бол. Кейбір араб сөздерін Ерзатқа жаздырып, көз жеткізерсің. Тұрсын.
Егер, осылай зорықтыра берсең, Абайдың тойына жетпей, көтерем боламыз ғой.
Онегиннің сипаты (63) – Қанипаш! Мына сөздерге назар аудару керек сияқты.
1.«Қамыққансыр, қайғырып, орны келсе» – Осы жолдар: мен барынша жиі жүгінетін Ә.Жиреншин құрастырған, Тұманбай Молдағалиевтің редакторлығымен жарық көрген 1961-жылғы 1 томдықта (340-бет) және тағы да сол Тұманбайдың редакторлығымен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 2 томдықта (2 т.43-б.): «Қамыққансып, қайғырып, орны келсе», – деп басылған.
Абайды жасынан жаттап өскен Ә.Жиреншин де, ақындықпен қараған Т.Молдағалиев те Абайдың ішкі мысқылын емеуірінінен түсініп, «қамыққансып» деп дәл түсірген. Менің ойымша, осы сөз Онегиннің мысқылды сыпатына барынша дәл келеді. Ал «орны» дегенді – «орыны» деп «ы» қосып жазса, орфографиялық жақтан дұрыс болар еді.
2. «Кісіге балдан тәтті орны келген» – Осындағы «орны» деген сөз орынсыз тұрған сияқты. Алдыңғы шумақта да айтылып, мына жерде тағы қайталанады. Менің ойымша, басқа сөз сияқты. Баламасын таба алмадым. Мүмкін уақыт келе қисыны табылар. Өзге қолжазбаларды салыстыру керек. Мағынасы «Өзім» деген сөзге келеді. Алайда, ол да мәтіндегі «келген» деген сөзге қиыспайды. «Кісіге балдан тәтті үйір келген», – десе тілге де, ойға да орамды. Бірақ, оған дәлел керек.
1909 жылғы жинақта да осылай жазылыпты.
3.Ел аулақта оңаша қолына алып, Көңіліндегі сабағын айтып тынар – Осы жолдағы «сабағын» деген сөзге де дәркүмәнмен қараймын. Жоғарыдағы себептермен, айтар уәжім жоқ.
1909 жылғы жинақта да осылай жазылыпты.
4.«Емінер, «әй» дегізер, дайын қылар» – Дұрысы: «Емінер, «Әй» дегізер, дайын қылар» – деп, «Ә»-ні бас әріппен жазған дұрыс шығар деп ойлаймын.
5.«Жасынан көрсе оны ақылы сасқан» – Осындағы «ақылы сасқан» дегендегі «сасқан» деген сөздің түбінде бір кәдік бар сияқты. Егер «сасқан» дұрыс болса, онда: «Жасынан көрген» емес, «қасынан көрген» деген сөз орынды. «Ж» мен «қ»-ның жазылуы бірдей, бір ноқат қана айырады. 1909 жылғы жинақтағы ол сөзді Кәкітай айтқан қателерге жатқызуға болады. Ал: «Қасынан көрсе оны ақылы сасқан, Не сұрқия жандарың жұрттан асқан» –десе, өлеңнің мазмұны барынша түсінікті шығады. Әйтпесе, «жасынан» – жастайынан көрген адамның ақылы неге сасады? Оның үстіне «Жасынан түсін билеп» деген сөз өлеңнің басында айтылып, бұл арада қайталанып тұр. Тіпті: «Жанынан көрсе оны ақылы сасқан», – деп оқыса да болады. Осы соңғы оқылуы дұрыс сияқты.
1909 жылғы жазылымдағы «жасынан» деген сөз қолжазбада «жанынан» деп жазылған сияқты. Терушілер жазылуы ұқсас «с» пен «н»-ді тергенде үстіндегі бір ноқат түспей қалған. Логикалық қисын осы. Тура осылай түзету керек – деп батыл ұсыныс жасаймын.
Мүрсейітті қарап өту керек.
6.«Ажуаға, қорлауға тілі орамды» – дұрысы, кәдімгі қазақы «Әжуа» ғой. 1909 жылғы жинақта да осылай жазылыпты. Бірақ, ол кезде «Ә» әрпі жоқ болатын. Әлиханның – Ғалихан болып жазылып жүрген кезі. Сондықтан да, еш ойланбастан қазақтың өз дыбысына тән «ә»-ні қойған дұрыс.
Татьянаның Онегинге жазған хаты (64) – 1. «Қорлыққа көндім бұл құрлы». Келесі жолда тағы да: «Байқалар һалім бұл хаттан» – делініп, «бұл» деген сөз екі рет қатарынан қайталанып тұр. Бұл екі сөз – орынына сөз табылмайтындай сөздер емес. Ән айтқан кездегі осы алғашқы «бұл құрлыны» әншілердің дені, соның ішінде Абай ауылы: «Қорлыққа көндім сол құрлы», – деп айтады.
«Б» мен «с»-ның арабша сүйкетіле жазылуында пәлендей парық байқалмайды. 1909 жылғы жинақта да солай жазылыпты. Бірақ, поэзияның ішкі үндестік, мағыналық заңдылығына да баса көңіл бөлуіміз керек. Мағынасы: соншалықты, сол құрлы қорлыққа көнгенім осы хаттан – бұл хаттан байқалып тұр ғой – дегенді білдіріп, жеткізіп тұр ғой.
2.«Мәнісін сұрап бірерге» – Осындағы: «Бірерге» дегеннің түпкі нұсқасы «Білерге» екені ап-анық. Мұны: «Мәнісін сұрап білерге» – деген сөздің анықтығы мен мазмұнының қанықтығы дәлелсіз-ақ білдіріп тұр. Ал, жоғарыда көрсетілген Ә.Жиреншин құрастырған Тұманбай Молдағалиевтің редакторлығымен жарық көрген 1961-жылғы 1 томдықта (342-бет) және тағы да сол Тұманбайдың редакторлығымен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 2 томдықта (2 т. 46-б.): «Мәнісін сұрап білуге», – деп жазылған. Мен осы Әбіш пен Тұмағаңның нұсқасына толық қосыламын. Ойланудың еш қажеті жоқ. Екеуі де сөз мағынасын түсінетін ділмарлар.
3.«Болмасам ашына мен сізге» – Бұл арада «ашына» деп дұрыс жазылған. Бұрынғы басылымдарда «ашна» деп, ашыналықтың бар сүйсінісін білдіріп тұрған «ы» дыбысын жұтып қоюшы еді. «Әшнә», «әшнә» деп аузымызды аша алмайтынбыз. Мындағы «Ашы-на» қандай толымды сөз және оның түбірі «ашина» – ұрғашы дегеннен шыққан. Ұрғашы бөріден тараған боз құрттың біз сияқты бөрілеріне қаратыла қолданылған ата түріктің сөзі. «Болмасам ашына мен сізге!» Қандай дәмелі сөз! Ал, араб-парсыдағы мағынасын «ұрғашыға» қи ғым келмей тұр.
Қанипаш! Бұл ұятсыз сөз емес, образды сөз! Сондықтан да, сыншының көзімен қара!
4. «Елден бір жақсы сайламай, Бармас па ем ерге өзім де?» – Осындағы «сайламай» деген сөздің мағынасы мәтіндегі: «Бармас па ем ерге (күйеуге) өзім де» – деген келесі жолдың мағынасына қарама-қарсы. Сонда бұл арада Татьяна: «Елден бір жақсыны сайламай-ақ, таңдамай-ақ, кім болса соған тие берер ем», – деп тұр ма? Жоқ: «Елден бір жақсыны «сайлап ап», соған тиер едім» – деп тұр ма?
Менің ойымша бұл арада Татьяна: «Елден бір жақсы сайлап ап, Бармас па ем ерге өзім де?», – деп айтып тұрған сияқты. Кейінгі таңдап тиген байының кәрі де болса генерал болуы соны аңғартады. Таңдамай тисе, Ленскийге тиер еді. Ол махаббаттың қызығы мен Онегиннің табасынан бас тартып тұр.
5.«Әзелде тағдыр иеден» – Дұрысы: «Әуелде тағдыр иеден», – ғой! «Әзелде» деген сөзді қолданған қазақ көрдік пе, қисса-дастаннан оқыдық па? Қолдан қойылған кітабишылағандардың қисыны. Мүмкін, сөз қайталанады деген шығар. Бірақ ол қайталауды «әзелде» деген әзер ілініп тұрған мағынасыз сөз құтқара алмайды.
6. «Ол болмаса, шыныңды айт, Кінә өзімде, өзіме аз» – Осындағы: «Кінә өзімде, өзіме аз» – дегеннің түп мағынасы: Кінә өзімде, жауабыңды өзіме ашық айт, өзіме ашық жаз – деген өтініш қой. «Өзіме аз» – деп нені азсынып отыр, сол жағы түсініксіз. Ендеше мәтінді: «Кінә өзімде, өзіме жаз» – деп өзгерткен лазым. Бұл алдымдағы: «дертімді жаз» – дегендегі «жаз» бен «өзіме жаз» – дегендегі «жаздың» мағыналары мүлдем басқа. Алдыңғысы – махаббаттан емдейтін дауаны, соңғысы – қағазға түскен жауапты жеткізіп отыр.
7.«Бөтен жан несіп таба алмас» – Иә, 1995 жылғы басылымға дейін «тесік таба алмас» болып, Қ.Мұхамедхановтың ұсынысымен «тесік» – «несіпке» өзгертілді. Ал, енді осы несібіңнің өзі оңған сөз емес, «несіп жолы», кіші дәрет дегенді білдірмей ме? Ендеше, «несіпті»» – нәсіп» деп «ә» мен жазса – әдепті сөз болар еді. Оған түсіндірменің де қажеті жоқ. Сонда: «Бөтен жан нәсіп таба алмас» болып сызылып шыға келеді.
1909 жылғы жинақты әріптеп оқысақ: «тисик» деп жазылыпты. Енді, осындағы «и» мен «к»-нің қосылып жазылуындағы осы жинақтағы ортақ үлгігінің әр жазылымына орай үйлестіріп оқысақ: «Бөтен жан тиек таба алмас», – болып шығады.
Онегиннің Татьянаға жауабы (65) – 1. «Мағынасы – алыс, өзі жас (?)» – Кім жас және неге жас? Татьянаның жастығын айтып отыр ма? Түпнұсқадағы:
Не отпирайтесь. Я прочел
Души доверчивой признанья,
Любви невинной излиянья;
Мне ваша искренность мила, –
дегендегі «өзі жастың» баламасы қайсы?
1909 жылғы жинақта да «өзі иаш» деп жазылыпты. Ал: «жас жүрек» дегендегі «жас» – кәдімгі «ж»-мен «жас» деп жазылыпты. Осы екі жазылымды ескере отырып, «өзі жас» дегенге өзге балама іздеу керек пе?
Білмеймін. Ойлануға, таратуға, талдауға, өзге қолжазбалармен салыстыруға уақыт керек және олар менің қолымда болған жоқ.
2. «Жас жүректің толқынын дөп» – Әрине, «толқынын» дұрыс!
3. «Қазымырлап сөздің артын, Қасиеттен бетті жу» – Менің ойымша бұл сөз қате жазылған. Осы шумақта бір кілтипан бар. «Қасиеттен бетті жу» деген сөз үйлеспей тұр. «Қасиеттен» неге және қалай бетін жуады? Сонымен қатар, «Қасиеттен бетті» неге «қазымырлап» жууы тиіс? «Қасиетті кетір» – дегені ме? Сондай-ақ, «Қазымырлап бетті жу» – дегеннің мағынасы не. Сөзді қазымырлап қазып айтып, жүйкесін тоздырып, табалап кеп, қалай «қасиеттен» бет жуады. «Қасиетпен» десе бір жөн, онда да сөз мағынасы үйлескенмен, ой мағынасы қабыспайды.
1909 жылғы жинақта солай. Оны ежіктеп оқысақ: «Қазимирлаб сөздінк артин, хасиаттдан биттді жоу». Мүрсейітті қарау керек екен. Бірақ осы қыбыжықы жазылған сөзді мағынасына орай қазақы ұғымға түсіріп: «Қазымырлама, сөздің артын, Қасіреттен бетті жу!» – деп оқыса, бәрі де орнына келер еді.
Яғни, тіс қаққан Онегин уайымнан бордай еріп, өліп-тіріліп, «ұяттан аттап» ғашықтығын білдірген Татьянаға: сөзден сөзді қуып, қазымырланба, жүрегіңді кернеген қасіреттен бетіңді жу, сергі, тазар, – деп тұр. Сондықтан да: «Қасіретпен бетті жу!, – деп толық сеніммен алуға болады.
Бірақ бұл қарғыс сияқты қатал сөз боп кетеді. Оған Тәтішті – Татьянаны тағы қимайсың.
4. «Сенің өмірің гүлденіп тұр, Есігін тап, көр қызық!» – Сонда, қылжыр, өмірден жалыққан Онегин: Өмірдің есігін тап, соны ашып қызығын көр, – дей ме? Татьяна өмірдің есігін он алты жыл бұрын ашқан, сол қызықты оның өзінен көргісі кеп тұрған аңғал қыз емес пе?!.. Жоқ, Онегиннің қулығы жоқ аңғал қызға Онегиннің айтайын дегені: Сенің өмірің гүлденіп тұр, Есебін тап, көр қызық! – деген, яғни, жастық шақтың қызығын көріп қал – деген тісқақты ақыл. Демек, бұл арадағы сөз: «Есігін» емес, «Есебін!».
Қанипаш! Өзіміз есеп білмесек те, біз де «ебін тауып», «есебін» тауып, мына сөзді орынына қояйық.
Онегин сөзі (66) – Қанипаш! Бұл менің таңдауыма салса, Абайдың аудармасы емес сияқты. Не Әсеттің, не Әріп Тәңірбергеновтің аудармасы болуы мүмкін. Екі нұсқа да менде бар еді. Кейін тапсам, салыстырып барып саған жіберермін. Сөз саптасы да, тоны да (ырғағы) өзгеше. Тіпті, осы өлең не Жансүгіровтің, не Шаңғытбаевтің аудармасы да болуы мүмкін. Тауып, салыстыру керек.
1909 жылғы жинақта жоқ. Ал, Мүрсейіттің қолжазбасында болса, онда алып қалуға да болмайды.
1.«Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалқып» – Осындағы «жалығып» деген сөзді – «жалқып» деп мүлдем жаңсақ түсіндірген. Себебі; «ш» мен «ж»-ның жазылуы айна қатесіз бірдей. Мысалы: «қ»-ның басы үш бұрыштанып қайырылса, не суырғыш сияқты ашамайланып жазылса «ғ» болады. Ал барлық көшірушілер оның басын ие салады. Мұны Ерзатқа жаздырып көрсетсең, анық көзің жетеді. «Жалқып» деген теріс сөзді дұрыс сөз деп көрстеуге еш болмайды. Мүлдем қате болып шығады. Сондықтан да: бесінші шумақтың бірінші жолы ілгергі басылымдарда: «Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалығып», – деп басылып келген екен, 1957, 1977 жылғы жинақтарда және Мүрсейіттің қолжазбасында: Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалқып», – деп жазылған. Сөздің мағынасы жаңылыс оқылған. Сондықтан да, бұл басылымда «жалығып» деген нұсқа алынды», – деп түсінктеме беру керек.
2. «Құдайдың толып жатыр күні бүгін, Жігіттің тани алмай кемшілігін» –
Бұл арадағы: «Құдайдың толып жатыр күні бүгін», – дегендегі «толып жатыр» деген сөз түсініксіз. Неге «толып жатқан» күнге «бүгінді» қосып отыр? Егерде: құдайдың күні толып жатыр, бүгіннен басқа – десе бір жөн. «Бүгінді» көрсетіп ап, «толып жатқан күнді» ескертуде не мағына бар? Менің ойымша: егерде «күні бүгін» деген сөздің оқылуы дұрыс болса, онда «толып жатыр» емес, «солып жатыр» десек сонда «күні бүгін» үйлеседі. Махаббаттан жеріген Онегиннің күні «солып жатыр», үмітсіз. Сондықтан да, жас махаббаттан бас тартып отыр. Оқышы: «Құдайдың солып жатыр күні бүгін».
Иә, ол үшін үміт үзілген. Өліп бара жатқандығын айтып, сондықтан да бас тартып отыр.
3.«Түксиген өзі суық, сөзі суық» – Менің ойымша: «өңі суық» болуы керек. Сөздің қисыны солай.
4.«Өзі антұрған, қазымыр, қатыны – сорлы», Екі өмірдің лайлап суын тұнық» – Тоқта! Бұл неғылған сандырақ? Онегиннің қатыны жоқ. Бойдақ қой. Оны кім үйлендіріп қойған? Ендеше, мына арада: Онегиннің өзі антұрған, қазымыр, қатыны – сорлы» – деп тұр ғой. Алмаған қатыны қалай сорлы болады. Тіпті, «қатын сорлы» десе бір жөн: Оған тиген қатын сорлы – деп түсінуге болар еді. Менің ойымшы бұл арадағы Абайдың айтпағы: Өзі антұрған, қазымыр, қатын ғұрлы, Екі өмірдің лайлап суын тұнық, яғни: қатын сияқты қазымыр – деген ой сияқты.
5.«Жүрек – кірсіз, тіл – мінсіз, мінезің – гүл» – деп, осы жолдағы сөздердің арасына сызықша қойылғаны дұрыс.
Онегиннің Татьянаға жазған хаты (67) – 1. «Қайта қақты, қайла болмас, Келді, түсті ордаңа» – Мағынасы келгенімен, «Келді, түсті, ордаңа» дегендегі «орда» сөзі шумақтың алдындағы: «Тәңірі добы – бұл ғаріп бас», – дегендегі «допқа» үйлеспей тұр. Доп – ордаға емес, «торға» түспей ме? Ендеше: «Қайта қақты, қайла болмас, Келді, түсті торыңа», – дегеннің қисыны келіп тұр. Зады, Кәкітай мен Тұрағұл айтқан көп қатенің бірі осы болса керек.
2.«Сорлы адамның жер жүзінде» – Осындағы «адамның» деген сөз қиыспай тұр. Ал, 1909 жылғы жинақта: «Сорлы адам – мен, жер жүзінде», –деп ап-анық жазылып тұр. Соны негіз етіп, өзгерткен дұрыс (76-бет. Жоғарыдан төмен 15-жол).
3. «Қорғалап құр өтпе өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар. Бір өзіңнен басқа бір дос, Таппасаң өл, жүрме зар» – Қанипаш! Осы шумақты өзің ойлана, ежіктеп, мазмұн мен сөз мағынасын қуып оқып шықшы. Сонда: «Қорғалақтап өміріңді құр босқа өткізбе. Тағдырыңа қарсы бар. Сондықтан да, бір өзіңе басқа дос тап, Таппасаң – өлесің, сондықтан да, шекпе зар, көрме зар», – деп тұр ма?
Ал, енді өлеңді қайта оқышы: «Қорғалап құр өтпе өмір бос» – деп «өтпе» деп өмірге айтып тұр ма, Татьянанаға айтып тұр ма? «Өтпе» деген еш емеуірінсіз-адрессіз сөз. Әрине, өзі мен Татьянаға: «Менің өмірім құр өтті, енді сен қорғалақтамай, тағдырыңмен күрес», – дейді. Екінші: «Бір өзіңнен басқа бір дос тап» – дегені несі? Осы уақытқа дейін өзіңе-өзің дос боп келдің (яғни, өзімшіл, эгоист болдың), енді өзіңе өзің басқа бар дос тап – деген уәж бе? Жоқ, меніңше Татьянаға: өзіңе басқа бір серік тап, зар шекпе, құсадан өлесің, әйтпесе…», – деп тұрған сияқты.
Әйтпесе, Онегиннің Татьянаға «Өл!» деп қарғыс айтатындай еш жөні жоқ! Демек, осы шумақты маған салса: «Қорғалап құр өтті өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар. Бір өзіңе басқа бір дос, Таппасаң өл, шекпе (көрме) зар, – деген дұрыс сияқты әрі орынды.
Ал енді 1909 жылғы жинақтағы осы сөзді әріптеп оқысақ: «Бр (а)озинкннан(а)» және «таббасанк аол жүрме зар» (1909, 76-бет, төменнен 6-жол). Енді осыны қалай тарқату керек? Осындағы: (а)озинкннан(а)»-ны – «өзіңе», «таббасанк аол жүрме зар»-ды – «Таппасаң ал» – деп оқыса, кім қандай уәж айта алады? Ешқандай да. Ендеше мен: «Бір өзің басқа бір дос, Таппасаң, ал, шекпе зар», – дегенді батыл ұсынамын.
Татьяна сөзі (68) – 1. «Мен ғашыққа мас емес пе ем?, Кетсең еді ұзатып» – Сонда, күйеуге беріп кет – дей ме? Онегин Татьянаға жолықпай, хат жазып қана, шет елге кетіп қалды емес пе? Бұл арада қыз соған өкпесін білдіріп: «Мен ғашыққа мас емес пе ем? Кетсең еді уатып», – деп отыр.
Ал енді 1909 жылғы жинақтағы осы сөзді әріптеп оқысақ: «Китсанк а()итды (а)узатыб». Осындағы қатаң «т» мен қатаң «з» араб қарпінде бірдей, үстіндегі жалғыз ноқат бөледі. Ал, кез-келген қолжазба жазуда оны бір сызықпен тарта салады. Ешқашанда нүктелер қойылмайды. Демек: «Мен ғашыққа мас емес пе ем? Кетсең еді уатып», – деп оқып, оны: ғашықтыққа мас болған қыз Евгенийден өзін айықтырып кетуді қалайды – деп түсіндіруге болады.
2. «Жаным ғашық асылым ең, Жар есігін бермедің» – Осы «есігі» мен «тесігін» шатастырып қор болдық қой. Бұрын да бір түсіндіріп ек қой. «Есік» емес, «несіп», «нәсіп». Жардың қызығын – нәсібін көрсетпедің – деп өліп-өшіп, күйіп-жанып тұр емес пе?!. Дұрысы: «Жаным ғашық асылым ең, Жар несібін бермедің».
Онегиннің өлердегі сөзі (70) – 1. «Қылдың арам ойыңды, Бір бұрмадың мойныңды» – Мұндағы: «Арам» дегенді еш ойланбай «алаң» деп өзгерту керек. Адал махаббатпен, «адалдықпен жеңген» қыз Онегиннің ойын арамдай ма. Керісінше, алаңдатады. Демек: «Қылдың алаң ойыңды, Бір бұрмадың мойныңды».
Қанипаш! Түсініктегі: «Кезінде, Абайдың ықпалымен бе, әлде тікелей мәслихат етуімен бе, белгілі ақындар Әсет Найманбаев пен Әріп Тәңірбергенов көлемді дастандар жазды деген де деректер бар. Бірақ олардан қалған қолжазба жоқ. Тек ел аузында сақталып қалып, оларды айтушы жыршылардың өз жандарынан қосқан өзгерістерімен бізге жеткен нұсқалары ғана бар» – делінген пікірде жаңсақтық бар. Өйткені, бұл екі нұсқа да сақталған, жарияланған. Салыстыру керек. Алдыңғы өлім туралы өлең және түсініктің ішіндегі өлең солардан алынған үзінді болуы мүмкін. Қолжазбасы менде бар еді, дәл қазір таптыра қоймас. Орайы келгенде бір ораламын.
Түнгі тілшелер
Қыстырма
14 қаңтар. 2020.
Айдана! Амансың ба, айналайын! Мына «жүрек почтасын» Қанипаш ханымға жолдап берерсің. Мен ол қыздың да, сенің де тапсырмаңды орындадым.
19.01.2020.
Айдана! Алдым. Бұл материалдарды толық қарауға уақыт керек және мен Абай өлеңдерінің Шериаздан Марсековтің Шәкерімнің қолжазбасынан 1932-1934 жылдары және Хатер-кәтіптің (шартты есім) 1909 жылғы жинақтан және 1943 жылы көшірген қолжазбаларымен кейінгі басылымдардың арасындағы мәтіндік айырмашылықтарды салыстырып барып, Абайдың текстологиясы туралы осында айтылған пікірлерімнің бәрін қосып, бір-ақ жіберем. Ал, оған уақыт керек.
Қанипаш сұлудың сағынып, сарғайып күте тұруына тура келеді. «Жүрек почтасы» ретінде дұғай сәлемді жеткізерсің.
Қанипаштың басыбайлы малайы (татарша, мағынасы – жігіт) — Тұрсын.
9.
Бай сейілді (71) – 1. «Елге болыс, Үйден ұрған итке ұсап» – Мен қандай дәлелді уәж айтылса да, түп нұсқасы: «Үйден үрген ит құсап», – дегенді ұстанамын. Бұл арада, үйден сыртқа қыңсылап шыққан итті емес, болыс басымен қыңсылап шықпайды, орыс ұрысқан кезде болыс та үйден үрген ит құсап өз еліне ұрсады, үреді – дегенді мекзеп отыр.
Ал, түсінктегі: «Өлеңнің екінші шумағының соңғы үш жолы 1909 жылғы кітапта (23-бет): Ұрысса орыс, Елге болыс Үйден ұрған итке ұсап», – деген «түсінікті» түсіндіру оңай. Өйткені, 1909 жылы араб әрпінде «ү» деген әріп атымен жоқ болатын. Мұндай ауысып терілген әріптер әрбір екі сөздің бірінен кездеседі. Сондықтан да, «үргенді» заңды деп есептеймін.
Өзгеге, көңілім, тоярсың (74) – 1. «Хас надан нені ұға алсын?» – «Һас надан нені ұға алсын?», – деп жазылғаны дұрыс.
Кейде есер көңіл құрғырың (75) – 1. «Махаббатсыз – дүние дос».
Қанипаш! Осы бір «дүние дос» деген сөз қайдан шықты. Бұл – Абайдың бүкіл көркемдік жүйесіне қарсы. Кейінгі уаһабистер соны көңіліне әуейі етіп алыпты. Айтатыны: Дүниеде адамға ештеңе дос емес. Алла ғана дос, сондықтан да: «Махаббатсыз – дүние бос» емес, Махаббатсыз – дүние дос, – деп кеңірдектейді. Осыған белгілі ғалымдардың да қосылып алғаны өкінішті. Соған қарағанда, олар Абайдың көркем жүйесін түсінбеген. Немесе, әйтеуір желеу сөз үшін айтқан. Мен мұны ұзақ және тиянақты дәлелдер едім. Әттең, уақыт қысып тұр. Сондықтан да, Абайдың мына сөздеріне көңіл бөлші: Мұнда Абайдың Алла, Алланы тану, оның сипаттары туралы негізгі ұстанымдары бір жүйеге түсіріліп, тұрақты баяндалады. Алла:
2. Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, – дейді. Ендеше, маххббатпен жаратқан пендесіне: неге махаббатсыз дүние тілейді. Дүниеде махаббат болмаса, ол Алланы қалай сүйеді?
3.«Махаббат қылса Тәңірі үшін» – дейді. Демек, Махаббат – Алла үшін керек. Ал, махаббатсыз дүние дос болса, оның жүрегіне иман қайдан ұйыйды?
4.«Отыз сегізінші» қара сөзбен шектелейін Онда: «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ақыл, ғылым деген нәрселермен» – деп, ашық айтып тұр ғой. Ендеше: «Махаббатсыз – дүние дос», – деген абсурд! Абайдың ойын бұрмалау. Оны күфірлікке жетелеу! Дұрысы: «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар».
Өйткені: «Махаббат – өмір көркі рас»!, – деп Абайдың өзі мойындап отыр ғой!
Жазғытұры (76) – 1. «Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду». Осы жолдар: мен барынша жүгінетін Ә.Жиреншин құрастырған Тұманбай Молдағалиевтің редакторлығымен жарық көрген 1961-жылғы 1 томдықта (171-бет) және тағы да сол Тұманбайдың редакторлығымен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 2 томдықта (1 т.143-б.): «Көбелек пен құстар да сайда ду-ду», – деп басылған.
2. «Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су» – Осы жолдар жоғарыда көрсетілген 1961-жылғы 1 томдықта (340-бет) және тағы да сол 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 2 томдықта (2 т.43-б.): «Сыбдыр қағып, бұлаңдап, ағады су», – деп басылған.
Абайды жасынан жаттап өскен Ә.Жиреншин де, өлеңдерге ақындық көзбен қараған Т.Молдағалиев те Абайдың ішкі иірімін дәл түсірген. Үйлесіп-ақ тұр. Мен осы екі дегдарды жақтаймын.
Асқа, тойға баратұғын (77) – Қанипаш! Осы өлеңге берілген менің түсініктеме мақалам бар. Бір қарап шығарсың. Мүмкін, түсінігіңе керек болар
Ата-анаға көз қуаныш (78) – Қанипаш! Осы өлең туралы менің ұзақ түсінігім бар. Соны бір қарап шықшы. Әсіресе мына жолдарға: «Бір жаман мен бе, Дедің бе, Көңіліңде?». Мұнда үлкен кілтипан бар.
Тайға міндік (79) – Қанипаш! Бұл өлеңнің авторлығы туралы менің алдында айтылған мақаламды оқырсың. Сол пікіріме алып-қосарым жоқ.
Бұл – Абайға берген Ақылбайдың жауабы.
Заман ақыр жастары (80) – Бұл өлеңге еш уәжім жоқ.
Жастықтың оты жалындап (82) – Бұл өлеңге де еш уәжім жоқ.
Көзімнің қарасы (84) – Қанипаш! Қалай екенін білмеймін, осындағы «санасы» деген сөз – «сарасы» деген сөз сияқты болады да тұрады.
«Бар демес сендей бір» – дегендегі, «бар демес» деген сөз: «Бар дей ме сіздей бір» – деп айтылатын сияқты. Хаткер-кәтіптің қолжазбасында тура осылай жазылған.
Менсінбеуші ем наданды (85) – Қанипаш, осындағы, 1.: «Татулықты, тыныштықты, Қоңыр көрер, кем көрер», – дегеннің түпкі нұсқасы: «Татулықты, тыныштықты, Қорлық көрер, кем көрер, – деп оқудың қажеттігі туралы ұзақ түсіндірмем бар. Соған назар саларсың.
Не іздейсің, көңілім, не іздейсің? (89) – 1. «Көп тәңірі атқан мақтай ма, Ол тәңірі атқан болмаса?». Осы екі жолды: «Көп – тәңірі атқанды мақтай ма, Өзі тәңірі атқан болмаса?, – деп өзгертудің қажеттігі туралы жоғарыда аталған мақаламда түсіндіріп тұрып айтқамын. Назар саларсың, Қанипаш.
Қайғы шығар ілімнен (91) – Осындағы: «Жер тәңірісіп кер мағыз», – дендегі «мағыз» – «маңыз» емес пе екен?
Сұрғылт тұман дым бүркіп (95) – Бұл өлең мен оның текстологиясы туралы пікірімді мақалада толық жазғамын. Ескерерсің соны.
Бойы бұлғаң (98) – 1. Аш көмектің, Жемдемектің, Босқа әлектің орны жоқ». Осындағы: «Аш көмек», – дегеннің орынына: «Еш көмектің», – деп жазса, бәрі де өз орынына келеді.
Соңы келесі санда
Комментарий (1)
Дуанаева Салихаговорит
15.08.2021в16:15Не деген жанкешті еңбек!
Тұрсын ағамызға Алла ұзааааақ ғұмыр берсін!