Алтай өрнектері

ЖЕТІ ИРЕКТІ ЕРТІС

Халық ауыз әдебиетіндегі көне заманда болған ертек-аңыздардағы оқиғалар үнемі сонау-сонау соны меңіреу заманда, арғы-арғы, аңғырт тұйық алаңда жалғыз жаратушы «Жасаған», «Алла тағала» он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан екен деп басталады. Оның алты мың ғаламын жанды, он екі мың ғаламын жансыз етіпті. Жансыз ғалам жер бетінде жаралған кезең болса керек. Осы кезде қазақ елінің шығысында Алтай таулары пайда болыпты-мыс. Бүгінде қалың жұртшылық осы тауды Қарт Алтай дейтіні осы сөзіміздің дәлелі іспеттес. Қарт Алтайды жаратқаннан кейін оның ізбасар ұрпақтары секілді Тарбағатай, Сауыр, Сайқан, Қалбатау тағы сол сияқты жоталары тізбектеліп бірінен соң бірі шығыс елінің шекараларын қоршай сонау Ібір-Сібір жұртына бет алған тау сілемдерінің қойнаулары толған тарих екені күллі жаһанға әйгілі. Тарих қатпарларындағы аңыз-әңгімелер жылдар жылжы, айлар айналғанда біртіндеп қылаң бере бастады. Қарт Алтайды мекендеген ежелгі қазақ жұрты бүгінге дейін оны Өр Алтай және Төр Алтай деп ардақтап арқа тұтады. Осы Өр Алтайдың қарлы шыңдарының мұздақтарынан бастау алған Ертіс өзені үнемі таудың кең иықты сілемдері мен қыратты жоталарын аралап иірленген арнасы ылғида тау аңғарларының табанын өз жылғасына айналдырған. Қазақша иірленген, иірілген, ирек деген сөздердің түбірі «иір» көне түркі тіліндегі иірілген мағанасын білдірсе керек. Оның орысша аудармасы «извилистая» дегенге келеді. Қарлы шыңдар айқара жапқан Қарт Алтайдың ұшпа биіктерінен бастау алған Ертіс өзені өзінің адуын арынымен жолда кедергі болған тау сілемдерінің сай-саласына арнасын салып тоқтамастан жыбыр-жыбыр толқынға толы сағасын еш бәсеңдетпей жұлқына ұмтылады. Сонау Ұлы таудың жоталары Сауыр, Сайқан, Тарбағатай, Қалбатау сілемдері үнемі алға ентелеген Ертіс өзен бойымен кезектесіп жолығады. Көлденеңдей жағаласып кедергі келтіре ызы-қиқы болып жантайған ойпаңдарға құламай, ағынды су өзіне Табиғат Ана сыйға берген ұлы арнасына бұрып бүйен саланың жылғасымен арындай сарқырайды. Тау жоталары жол бойы барын сала көлденеңдей жағаласса да тарғыл-тарғыл қой тастарды арна жолына тастай салған ұлы таудың мінезіне ашуланбай-ақ бір бүйіріне аунай салып қалың құрақ пен қамысты жапыра тоқтаусыз бұлқына алға қарай ұмтылады. Анда-санда жолай кездескен шоқылар мен дегелең жоталарға менсінбеген мінез танытып өзінің түбегейлі шешіміне жетуге асыққандай бұлықси ағады. Екі жағасын қапталдай жарысқан Қарт Алтайдың оны жазалағысы келген қатал шешімінен арашалағысы келгендей кең алқапты жазықтың жылмағайланып қалған өңірі саздақ соқпаққа түскен жорғадай одан қалысар емес. Басын сонау Алтайдан бастайтын Нор-Зайсанға жеткенде ұртындағы толы суын ақтара салып Ертістің асау арнасы жағалай иін тіресе жағаласқан қырпық-қырпық қотыр тастар мен қатпар-қатпар кебіртек жалдардың қақ ортасынан қидалай өтіп Қаражал тауының аңғарына жетеді-ау ақыры.
Дәл осы жерде арнасы тартыла жағасы қой балшық шалшыққа айналып баяу еріне бүлықси ағады. Сол бір лайсаң шалшықты жағасынан онша алыста емес Қаражал тауының түстігінде үлкендігі он екі қанат үйдің көлеміндей бір жағына қисайған Ақтасты тауы тұр. Ол таудың астында әкелі-балалы екі алып батырдың сүйегі мәңгілікке қалды деседі. Иә, Ертіс өзенінің бойында, Көкпекті елді мекенінің маңында төңкерілген тотағандай ертемен апарып тігіп қойған үлкен ақшаңқан ақ үйдей болып көрінеді. Дәл осы тауды ғана кеш түсе етегін бозмұнар шалып, төбесі таң алдында бұлт арасында қалқи жүзіп жүретін елден ерек тау бар деп жергілікті жүрт аңызға айналдырды. Оның жайын сұрағандарға қалаң ел ол Ақтасты тауы өткен замандарда болған оқиға желісін айтудан жалықпай-ақ қайталайтын еді. Тағы да ел аузында орыс жеріне асыққан асау Ертіске ашуланған ұлы тау Өскемен қаласына 30 шақырымдай қалғанда қатар-қатар тізбектей арнасына бөгет етіп жеті таудың жотасын қатарластырып тастаған-мыс. Арада көп жылдар өте бүгінгі ұрпаққа жеткен аңызда «Жеті иректі тау бөктерін бағындырған Ертістің асау арнасы» деген жер атымен қоса айтылатын аңыз бар. Енді біреулер айтады, Қарт Алтайдың ағайынды жеті ұлы Ертісті бөгемекші болып ұзақ жолға аттанып, өзеннің бастау алар тұсынан Обьқа құяр айлағына дейінгі ұзындығының дәл ортасын қиып жеті таумен бөгеп тастамақшы болыпты. Алайда, Ертіс оларға мойынсұнбай өздерін бағындырған екен десті… Ертістің енді өзіне бағынбайтынын білген Қарт Алтай ұлы өзенге өз еркіндігін беріпті деп айтады бұрынғылар. Көп жылдардың тіпті талай ғасырлардың сораңы өте ел аузында сөз қалыпты. Алтай тауы мен Ертіс өзенінің арасындағы егескен арпалыс күрестің нәтежесінде жолда бөгеген судың көптігінен өзен арнасынан асып кең алқапқа жайылып Осы Нор-Зайсан көлі пайда болған деседі. Екінші ретінде Алтай тауы Ертістің арнасын бітеп тастамақшы болып жеті тау бөктерін жолына жібергенде де, олардың сай-саласына арнасын салып осылайша еркіндікке шықан еді, деседі.

БҮРКІТ ҚАЗЫНАСЫ

Бүгінде Өскемен қаласынан күнбатысқа он шақырымға таяу Бүркіт тауы орналасқан. Сол Бүркіт тауын мекендеген жалғыз қарақшы жігіт жақын жерден өтетін керуен жолын күндіз-түні торуылдап аңдыған екен. Осы үлкен керуеннің ескі сүрлеуі сонау көне заманнан сақ-ғұн дәуірінен бері келе жатқан деседі. Ол кезде бүгінгі Өскемен қаласынан онша қашықта емес қарсы беттегі Ертіс өзенінің сол жағалауында найман жұртының көне қалаларының бір Кенгір-Тұра елді мекені қоныс тепкен еді. Кенгір-Тұра қонысының түстік жағын қиялай өтетін керуен жолының батысы сонау Ібір-Сібір жерлерін басып өтіп Европа аймағын түгел аралап кетсе, күншығысы Тибет, Қытай, Үнді мұхитына дейінгі Азия құрлықтарына дейін барады. Бүркіт тауының ең биік қырқасына шығып айналасына көз жіберсең керуен жолының үстінде кетіп бара жатқан жолаушылар тақтайдай жазық қой өрісіндегі алаңқай түгелдей дерлік алақандағыдай көрінеді. Қысы-жазы осы жолмен өткен үлкенді-кішілі керуендерді Бүркіт тауын мекендеген жалғыз қарақшы тонап, саудагерлердің мазасын алған деседі. Ол тонап алған керуендегі байлықты Бүркіт тауынының қойнауларындағы үңгірлерге тығып жасырған екен. Амалдары таусылған саудагерлер жиналып бір үлкен керуенді құрады. Осы керуенді қорғайтын мықты сарбаздармен жасақтап оларға қарапайым жалдамалы жүк тасушылардың киімдерін кигізіп, осылай жолға мықты күзетпен аттандырса керек. Сол керуен Ертіс өзенінің жағасына жақынырақ қапталдай ескі сүрлеу жолынан сәл ауытқып Бүркіт тауына таяу жақындап қалады. Дәл осы сәтте әлгі жалғыз қарақшы бүйірден келіп ұзын жолдың бойында келе жатқан топтың ортасына сыналай кіре килігіпті. Талай керуенді тонап үйренген жалғыз қарақшы қанша әккі болғанымен әдейі дайындалып келе жатқан қарулы қол қойсын ба, тықсыра шабуылдап лезде қоршап ала қойыпты. Осы мезетте кереге қанат тау бүркіті көз ұшында пайда болып, тынық ауаның пердесін алып қос қанатымен тілгілеп төмен қарай жұлдызша ағады. Қоршау шеңбері тарылып екі қабат кейбір тұстары үш қайтара сақинала бастағанда, болат тұяқтарын жарқ-жұрқ еткізіп шеңбердің адам саны аздау да алшақтау жерлеріндегі күзет сақшыларына екпіндей сорғалап жетті. Сорғалап жетті де сақшылардың біріне бір аяғымен жауырыннан екіншісін қара саннан сарт еткізіп салып жіберіп қасқыр-түлкіге түсетін әдісіне сала домалата аудара салып қайқаң етіп көк аспанның төріне атылды. Кенет қара жерді қақ жара күн күркіреді. Іле-шал айналаны қара қошқыл құйынды жел түк көрінбейтін шаңды дауылға айналдырып жіберді. Жаңа ғана асықпай жуылған шыныдай көгілдір күмбез әлемін қара бұлт торлап, аспан адам шошырлықтай түнере қалды. Сол заматта аспан бетінде жіңішке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнады. Қатпарлана түйдектелген қара шұбар бұлттардың тізбегін тілгілеп түнере қалған аспан көкжиегіде жарқ еткен жасынның ізі бүркіт түскен тұста жалт ете қалды. Долы жел тұрып, шөп бастары жерге жығыла шуылдай жалын шарпып жай түскен орын отқа оранды. Іле-шала сақинасы шершеулене шеңберлі құрсау салған керуен сақшылары жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелді. Сол сәтте құрсаудың шеңбері қақырап сала берген болатын. Жол ашылып қоршаудан босаған жалғыз қарақшы қашып бара жатқан керуен сақшыларының соңынан садақтан оқ жаудырды. Арада біраз уақыт өте күн көзі көрініп аспан шайдай ашылды. Жалғыз қарақшы иесіз қалған керуенді Бүркіт тауына әкеліп алтын-күміс бар байлықтарын үңгірге жасырып болғанша қас-қарайып түн мезгілі болып та қалды. Сол кезден бастап Бүркіт тауының маңайына адам баласы жоламай, керуендерде ол жерді айналып өтіп кетеді екен. Арада талай жылдар өтіп Бүркіт тауын мекендеген жалғыз қарақшы дүниеден өткен соң, байлығы тоналған саудагерлер бас қосып, қарақшы жасырған қазынаны қанша жыл іздегенімен таба алмапты. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, көп қазына жасырылған үңгірлер бірнешеу болса керек. Сол мол байлық көп үңгірдің қайсысына тығылғаны осы күнге дейін беймәлім күйінде деседі.

Тоқтарбек МАҒЗҰМОВ

Пікір қалдыру