Тұрысбек Сәукетаев. «Бір құмалақтың» бітпейтін жыры
Президент Тоқаев қаһарлы Қаңтардың қара дауылы басылар-басылмастан, іле-шала өзі платформасын айқындаған «Жаңа Қазақстанды» құру иедеясын түйіндей келіп: «Жаңа Қазақстан дегеніміз, бұл – Әділетті Қазақстан» деп тұжырымдағаны баршамызға белгілі. Баракалла! дедік. Жөн-ақ. Осындай сөз айтқан ауыздан айналып кетсең болмас па. Барлық жерде есесі кетіп, жетім баладай жабықтан жаутаңдаған жылау көз қазақтың отыз жыл бойы аңсағаны осы Әділет еді ғой! Жыртық тымағымызды аспанға аттық, жүрегіміз жарылардай қуандық. Еңбегін сауған қара халық үшін Әділеттен артық не керек?!
Иә, қанды Қаңтардан кейін екпіндей ескен демократияның «алтынкүрегі» Назарбаев режимі ширек ғасырдан астам уақыт белуардан былықтырған Авгийдің атқорасын қидай сыпырып, тазарта бастағанын бүгінгі таңда бәріміз көзіміз көріп, көңіліміз тұшынып отыр. Жылдар бойы қордаланған күрделі проблемаларды еңсеру мақсатында, президент өзі бас болып, көптеген кешенді шаралар жедел қолға алынды. Экономикалық, әлеуметтік реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы атқарылып жатқан игі істердің һаммасы да отыз жылғы түнектен кейін жарқ етіп алдымыздан жанған күндей жадыратып, көңілімізге қуаныш ұялатқаны рас. Сонымен қоса, ел өмірін саяси тұрғыдан реформалауда да нық қадам жасалуда. Ең басты институт – саяси жүйе өзгермей жаңарам, жақсарам деу – құр әурешілік, өзіңді өзің алдаумен парапар көрсоқырлық екені анық, яғни, ескі жүйеге енгізілген кез-келген жаңашылдық, жақсы бастама сол сәтінде-ақ ескіреді, тұншығып, өшеді, алып машинаның жай бір қалыпты винтик-тегершігіне айналады. Осыған байланысты, мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп, озған жылы елімізде бүкілхалықтық референдум өткізілгені мәлім. Нәтижесінде, басты-басты 33 бап, иәки, Конституцияның үштен бірі өзгертілді. Былайша айтқанда, Құдайдың тағына таласқан кеудемсоқ мықтының көңіл ауанына қарай шимай-шатпаққа ұшырап, майлық-сулыққа айналған Ата Заңымыз өркениетті елдердегідей өзінің мәртебелі тұғырына қонды десек те болар. Бұл дегеніміз, қоғамымыздың түп көтеріліп түбегейлі түлеуі, саяси-әлеуметтік һәм мәдени, экономикалық тұрғыдан болсын, барлық салада ел өмірінің жаңа сапалық деңгейде жаңғыруы деген сөз. Сондықтан да референдум барысында жүмлә жұртымыз азаматтық позициясын ымырасыз білдіруге жұмыла атсалысып, айрықша белсенділік танытқанына баршамыз куәміз. Әсіресе, «Тұңғыш президент – Елбасының статус-мәртебесі» туралы бабты түбегейлі алып тастау үшін табандап күресті. Конституцияның жаңа редакциясын жасақтаушы, НӘН-бай майшелпектің тәтті дәмі әлі де уылжып таңдайларынан кетпей жүрген жарамсақ, жалтақой топ: «Тұңғыш президент – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деп түлкі бұлаңға салып, қашыртқы қулықпен өз нұсқасын ұсынбақшы болғанда, қалың бұқараның өре тұрып, қайнаған ашу-ызасы әлеуметтік желіні жарып жібере жаздағанын көрсең! Иә, қаймана жамағаттың қаны қараятындай-ақ жөні бар. Назарбаев заманынан не қайыр көріп, не барқадар тауып еді? Талай ұрпақтың отыз жылдық қайран өмірі итке лақтырған сүйектей қор боп далаға кетті. Бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып сорлағаннан басқа не көрді? Ат төбеліндей ұры-қары олигополия шексіз байып, жанын жалдап қансорпасы шыққан кедей-кепшік шексіз қайыршыланды. Жарамсақ жазармандар: «Құдайдың жердегі көлеңкесі», «Моисей», «Пайғамбар», «Көреген» т.б деп теңеу таба алмай отыз жыл таңдайлары тесілгенше тақылдаған НӘН-дерінің шығарған ұшпағы, орнатқан жаннат бағы осы ма? Бір-ақ адам билеп-төстеді, бір-ақ адам бәрімізді қорадағы қойдай таяғының ұшымен жусатып-өргізді. Отыз жыл бойы бір ғана семейка 19 миллион құл ұстап, ойына келгенін істеді. Көмірін, алтын-мысын қаздық, мұнай-газын бұрғыладық, аш-жалаңаш бүрсеңдеп зәулім-зәулім үйлерін салдық, сарайын күзеттік, әжетханасын тазаладық… Қыңқ еткенімізді атты, азаптады, түрмеге тоғытты. Міне, «дамыған отыз елдің» көшін бастап, пейішке топ ете түскен сиқымыз! Дана қазақ осындайда: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегенді қалай дәл тауып айтқан. Һәм ол құмалағыңыз жәй құмалақ емес, НӘН құмалақ болса ше? Иә, НӘ-Ә-ӘН-бай құмалақ қарындағы майымыз түгілі, тіршілік кешер күллі кеңістігімізге дейін шірітіп біткен жоқ па. Отыз жыл бойы тұншықтық. Борсыған шіріндінің иісінен улана-улана шыдамның әбден шегіне жеткен қараша жұрттың көкірегіндегі булыққан ашу ақыры бір-ақ сәтте «Газ» боп жарылды. Сөйтіп әйгілі Қаңтардан соң толғағы ауыр демократиялық тарихымыздың жаңа беті айқара ашылды. Конституцияның жаңа редакциясын жасаушылар әлеуметтік резонансты зерделей келе, амалсыз көптің көңіл ауанына төңкерілуге мәжбүр болды. Ақыры, Ата заңның бүкілхалықтық талқыға түсетін нұсқасынан бұрынғы «Елбасизмге» қатысты НӘН-байды құдайдың тағына көтеріп, құлдық ұру бабы түгелдей алынып тасталғаны баршамызға мәлім.
Енді міне, Конституциямыздың референдумда бүтін халық бір кісідей қолдаған нұсқасын жуырда қос Палата депутаттары бірауыздан мақұлдап, жаңа өмірге жол тартқаны туралы сүйінші хабар естідік. «Уау! Наконец-то, әлемдегі ең әділ, ең принципшіл, ең батыл, ең, ең… халық қалаулыларымыздың орасан күш-жігерінің арқасында ешбір елде баламасы жоқ, дүние тарихында болмаған «Елбасы туралы» жойдасыз сорақы заң күшін жойды! Ура! Сүйінші, халқым!» Тоқтай қал, достым. Жыртық қалпағыңды аспанға атпай шыдай тұр. Қалаулыларымыз бармағын басып, мөрлеп берген заң тармағына тағы бір зерлеп қарайықшы. Біздің өткен референдумда қос қолымызды көтеріп, заң түзушілерге аманаттаған тілегіміздің мұрат-мазмұны осындай ма еді? Меніңше, сәл өзгешелеу сияқты. Қаталаспасам, онда біз «елбасизмге» қатысты тармақты түгелдей алып тастауды, оның кеселді зардабынан түбегейлі арылуды үзілді-кесілді талап еткен болатынбыз. Қос Палатаның біріккен отырысындағы тарихи шешімді, «уа, қуан, халқым!» дегендей, теле-тілшінің сүйіншілеген екпінді дауысын естігенде, құлағымыз елең еткенмен, көңіліміз тұшына қоймағаны рас. Қашанғыдай «сен тимесең – мен тимен, бадырақ көздің» ескі әні. Не өзгерді дейсіз ғой? Өзіңіз саралап көріңіз: ғаламат батылдықпен «Тұңғыш президент – Елбасы» деген атаулы лауазым Конституциядан біржолата алынып тасталыпты. Бұл ерлік пе? Әрине, ерлік болғанда қандай. Ура! Дәл осы жерде бір шапалақ ұрып қоюымызға әбден болар-дүр. Енді нұр кісіні тек «экс-президент» деп атайды екенбіз. Айтпақшы, ұмытып барады екем, экс-елбасының ұры-қары үрім-бұтағы не бүлдірсе де өз еркі, оларға сот жүрмейді деген қасиетті низамның да төбесіне су құйылыпты. «Алақай» деп тағы бір ду шапалақтап жіберейікші. Бұған да шүкір, отыз жыл бойы жілік майымызды шағып, қорқырата сорған зорлықшыл обырлардан шынымен құтылғанымыз ба?!!
Қуаныштан буы бұрқыраған көңіліңіздің аптығын осы жерден сәл баса тұрыңыз. Атаулы лауазымның өзгергені болмаса, басқа низамның мұрты бұзылмаған, бәрі бәз-баяғы қалпы: жалпақ тілмен айтсақ, экс-президенттің қадыр-қасиетіне тисуге, сынап-мінеуге болмайды-дүр; тек отанға опасыздық жасаған жағдайда болмаса, басқа жасаған кез-келген қылмысы үшін жауапқа тартылмақ емес. Бұл қалай деген дүдәмал күмәнімізді осы өзгертулерге қатысты журналистер сұрағына жауап берген Әділет министрі А. Есқараев бекіте түсті. Ол кісінің айтуынша, «действие отмененного закона «О первом президенте» обратной силы не имеет», иәки «бірінші президент туралы» заң күшін жойса да, оның кері әсер ету пәрмені жоқ екен. Заңның қырық қатпар бұлтарыс-қалтарысын бажайлауға шорқақ, надан, шалапай миымызды қырық шайқап нобайлағанымыз: нұр кісіміздің осы жылғы ғинуардың 13-не дейінгі істеген әрекетінің бәрі жойылған заңның пәрменімен қорғалады, («действие отмененного закона обратной силы не имеет» екенін есіңізде тұтыңыз). Тек 13-қаңтардан бері қарайғы істеген қылмысты істерін қорғауға ғана ол заңның ғұзіреті жүрмейді екен. Ау, ағайын, сонда не өзгерді? Басқаны білмеймін, қатардағы мен, Мырқымбай, бірдеңе ұқсам бұйырмасын. Шиыры көп, бұлаң құйрық біздегі заңның қисынына салсақ, түк те өзгермейді: экс-президент, тек отанға опасыздық жасаған жағдайда ғана болмаса, билік құрған тұстағы ешбір әрекеті үшін жауапқа тартылмайды; экстің өзі мен семейкасының 30 жыл бойғы билік кезінде «табан ет, маңдай терімен қансорпасы шығып адал» тапқан байлығына заңмен шектеу қоюға, ешкімнің «бұл неғылған батпан құйрық?» деп көз алартуға құқы жоқ-мыш. Сонда біз жаздағы жарты әлемге жар салған демократияшыл референдумда танаурап осы үшін дауыс беріп пе едік? Тележәшікке телміріп отырып көкейімізде көктеген осы сауалды естіп қойғандай, бір қалаулы сайрауығымыз: «Шаттан, жұртым, ақ түйенің қарыны жарылды деген осы. Енді бұдан былай экс-президент қарапайым сіз бен біз секілді, ешқандай артықшылығы жоқ, заң алдында бірдейміз!» деп күпті көңілімді сабасына түсіргендей болды. Мен, Мырқымбай, әрине, торғайдың миындай миым жоқ ақымақ, наданмын. Иненің жасуындай сәл саңылауым болса, өстіп, қара базарда ыңыршағым айналып арба сүйреп, не көше сыпырып жүремін бе? Бірақ қанша жерден кеще болсам да, сайрауықтың сөзі көкейіме бәрібір қонар емес. «Егер мен – Мырқымбай қарыным ашып, не жаным қысылған мұқтаждықтан біреудің он мың теңгелік затын қағып кетсем, арада жүз жыл өтсе де, қылмысым ашылған күні-ақ соттап жібереді. Ал, Нән көкем миллиардтап жымқырса да – сүттен ақ, судан таза. Сонда екеуміз қалай бірдей болмақпыз? Біз сияқты мәмбеттен мың-миллион есе ақылды, данышпан, ақ-адал, моральдік ұстанымы жағынан асқан кемел, сол үшін миллиондаған адамдардың атынан мандат алып, мемлекет басқарған көсем, Конституцияға қолын қойып халыққа адал қызмет етуге ант-су ішкен адам серттен тайса, қайта ондай кісінің қылмысы миллион есе ауыр болуға, миллион есе артық жаза тартуға тиіс емес пе?» Екі қолымды төбеме екі күн қойып ойлансам да, ақылым жетпеді. Әлде бұл ақымақтардың өресі жетпес сиқырлы жұмбақ па? Менің данышпан оппоненттерім: «аптықпа, Мыржеке, бізде бәрі әділ түрде заңмен шешіледі!» деп бетіме ажыраятын шығар. Бірақ мен түсінген заңның аузы-мұрыны бұлай қисайып тұрса, бірдеңе шешіледі дегенге қалай сенем?
Бізді күпті қылған және бір сұрақ: әйгілі заңның аты өшкеннен кейін де барлық қалалардағы НӘН-нің атындағы басты көшелер, жер бетіндегі пейішке тұп-тура апарар қасқа жолды нұсқаған нұр сипатты ескерткіштер сол күйі самсап тұра бере ме? Бұл сауалдың да жауабы даяр екен, көгілдір экранның айнасынан қалқып шығып, басалқы айтқан тағы бір халық қалаулысының біз білмейтін заңның құпиясын тәпсірлеуінше, бәрін халықтың өзі шешеді-мыс: жергілікті жерде жұртшылық көшенің атын өзгерту керек, ескерткіш алынсын деп ұйғарса, сол талап – заң! «Оу, депутат-жан! – деп сол жерде шыңғырып жібергің келеді. – Оу, ат-түйедей қалап, мыңның ішінен маңдайынан шертіп жүріп сайлаған марқасқам, аймүйізді ақсерке қалаулымыз, нұр кісіге көшенің атын беріп, ескерткіш қоярда, бізден сұрап па едіңдер? 2019 жылы 19 наурызда НӘН кісі мәңгілік қалу үшін алтын тақтан өтірік кеткенде, бәрің шын жылап-еңіреп, жарты сағаттың ішінде барлық қаладағы басты көшелерге сол кісінің атын беріп, астананы да «нұрландыру» жөнінде бірауыздан заң шығарып едіңдер ғой. Сол заңды енді әдеттегі бірауыздылықпен өзгерте салсаңдар, құда да тыныш, құдағи да тыныш емес пе?»
Бұл жерде Мырқымбай жолдоштың жанайқайын құп демеске әддіміз жоқ. Депутаттардың бұл позициясы, жұқалап айтқанда, ықыласы жоқтың құр шығарып салмасы, не істесең де өзің біл, бізден аулақтың кері. Әйтпесе, мәселенің бұлай шешілмесін білмей отыр ма ол данышпандар? Қазақ қоғамына кеңірдектеп кірген ру, жүз деген кеселді фактор барын ешкім де жоққа шығара қоймас. Ертең ауыл-аймақта НӘН-нің атындағы көшені өзертеміз деп біреу жалаулатсыншы, сиырдің бүйрегіндей жік-жік боп өре түрегелген жұрттың ырың-жырыңы бітпейтін саяси дау-дамайға айналмасына кім кепіл? Біздің көреген қалаулыларымыздың қалап отырғаны осы ма? Түсінбедік. Таяуда Астананың атын өзгерткендей, бұл мәселені де парламенттің пәрменімен ың-шыңсыз шеше салған ақыл еді ғой.
Үлкенді-кішілі шенділердің аузынан қанша жаңардым, «әділдендім» десе де, отыз жыл бойы құлақ қажаған назарбаевтық ескі риториканың иісі бәрібір мүңкіп тұрғандай. Уақыттың алға тартып шыр айналған шығырына өзгермеймін деп таяқ тыққан бұл неғылған кертартпа, керез кекірлік екенін түсінбейсің. Әйтпесе, тәуелсіздігімізбен, мемлекеттігімізбен Назарбаевтың есімін мәңгілік қосақтайтындай, соншалық қорғаштап өбектейтіндей ол кісінің не еңбегі сіңіп еді? Әдетте, жандайшап жарапазаншылары: оның кезінде шекарамызды шегендедік, БҰҰ-на мүше болдық т.т деп жақтары талмай сайрайды. Оның бәрі мемлекет басшысы ретінде, уақыт талабына сай, атқаруға тиісті қызметтік міндеті емес пе, шофердің машина айдағаны, етікшінің етік тіккені секілді. Ол жарапазаншылар шыншыл болса, көкеміз өйтті, сөйтті деп ауыздарынан ақ көбік ақпай, көкелерінің «бүйткені» де бар екенін неге бүгіп қала береді? Шын мәнінде, Нұрекеміз саяси тұлға ретінде кім?
– Демократия, гуманизм құндылықтарын белден басып, шексіз билік жүргізген ортағасырлық сорақы феодал-монарх. Кез-келген еркін ойды тұншықтырды. Халықты қорқыныш бұғауында ұстап, ештеңеге құқы жоқ, күні өткен баяғы африкалық апортеидтің құлдарына айналдырды. Тақтан таймау үшін не істеген жоқ? Небір қитұрқы манипуляциямен жалған сайлау, референдумдар жасап, отыз жыл бойы төбемізге әңгіртаяқ ойнатты. Саяси қарсыластарын аяусыз қудалады. Алтынбек, Заманбек сынды халқымыздың асыл перзенттері ажал құшты.
– «Семіздікті қой ғана көтередінің» кебін киіп, мәнсапқа мас болған қатардағы көп дарақы пенденің бірі демеске тағы амалың жоқ. Егер бойында ұят, иман, сыпайылықтың сәл ғана ұшқыны болса, көзінің тірісінде өз атына қала, көшелердің атын бергізіп, өзіне-өзі ескерткіш орнатып, соларға көзі сүйсініп, көңілі тоғайып, өзіне-өзі тамсанып, мәз-мәйрам масайрап жүрер ме еді? Есті көсем, текті елағалары үшін елдегі жасалып жатқан әрбір жасампаз, қайырлы істен асқан қандай абырой, мәртебе болмақ?
– Отыз жыл бойы бүлінбеген, қирамаған не қалды? Менделеев таблицасының бәрі бар дейтін ұлан байтақ жеріміздің асты-үсті бірдей тоналды. Болат жүрегі дүрсілдеп жұмыс істеп тұрған завод-фабрика, комбинаттарымыз түтіні өшіп, «прихватизацияның» талан-таражысына түсті. Бармақ басты, көз қыстымен, су тегін шетелдік жарылқаушы жұтырлардың өңешінде кетті. Совхоз-колхоздар шаңырағы ортасына түсіп, төрт түлігі мыңыраған даламыз қаңырап бос қалды. Қалай күн көрерін білмей алақтап тентіреген жұрт қалаға шұбырып, битбазарларда ала қапшық арқалап, көтек арба сүйретіп жүр. Лай судан балық аулаған арсыз ұры-қарылар небір қитұрқы айла-шарғымен ел байлығын түгелдей бауырына басып алды. Президентіміз өзі биік мінберден мәлімдегендей, бүгінгі таңда бүкіл байлықтың жартысынан астамы 162 олигархтың қолында шоғырланып отыр. Осы олигополияның бірі ғана емес һәм бірегейі ең мықтымыздың өзі мен «семейкасы» екеніне ешкімнің дауы жоқ. Әйтпесе, медия кеңістігінде нақты айтылып жүргендей, бір өзіне тиеселі 200 миллиад доллардан астам байлық қайдан келіп жүр? «Адал еңбектенетін бейнетқор» әулетінікімен қоса есептегенде, ортақ дәулеті триллион долларға жете-қабыл екен. Жылы күйінде бауырларына басып алған «Қазақмыс», «Қазцинк», «Қазмұнайгаз» секілді алып компаниялардан бастап ГРЭС, ТЭЦ, комбинат, завод, банк, базар, аэропорт, санаторий, түнгі клуб т.т толып жатқан есебі жоқ обьектілердің құр тізімінің өзі, ақ қағаздың обалын ойламай тізе берсек, бір китабқа сыймасы анық-дүр. Бұл дегеніміз бүкіл Қазақстан халқының қаншама жылғы напахасы, шала қайырған есеп бойынша, мемлекетіміздің, кем дегенде, 30-40 жылдық бюджеті емес пе? Шексіз билікке мастанып, асып-тасқаны сонша, бесіктен белі шықпаған балаларына дейін миллиондаған байлыққа мелдектеп отыр. https://kaz. orda. kz/ мәліметіне сүйенсек, бір ғана Астанадағы «асыл әулеттің» ұясы атанған «Жасыл аралда» Нұрекеміздің әлі мектепке барған-бармағаны белгісіз Тауман, Байкен деген екі бүлдіршінінің атына үш бірдей қымбат сарай тіркеліпті. Үйлер іргесіндегі пәленбай гектар жерімен қоса оңаша қоршалған. Тікұшаққа арналған алаңына дейін бар. Миллиондаған адам аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз тентіреп жүргенде, не деген сыпайы адамгершілік десеңші! Ел қамын жеп еңіреген Едіге осындай-ақ болар!.. Қаншама жыл елімізді арсыздықпен тонаған, сүліктей сорған, халықты қайыршылық халге жеткізген осындай адамды баспасөз бен қарапайым жұрттың баяғыда-ақ «Бас ұры», «бірінші жемқор» деп атап кеткенін қалай «жоқ, ойбай, олай емес» деп қорғаштай аламыз?
– Бұл аз десеңіз, бір кезде бұл кісіміз қазақта шекара болған жоқ, мемлекет те болған емес деп, айды аспанға бір-ақ шығарған жоқ па еді? Шіркін, даңққұмарлық амбиция не істеткізбейді. Маған дейін ештеңе болған жоқ, бәрін мен істедім деген популистік тыраш пиғыл күллі тарихымызға күл шашты. Баяғы сасық ауыз Солженициннің: жабайы номадтар атының тұяғы тиген, түйесі шөккен жердің бәрін өзімдікі дей берген, шын мәнінде, мұның бәрі орыстың байырғы қонысы дейтін сандырағынан не айырмасы бар? Мұның аты қазіргі таңда соқтығарға қара таппай ядролық шоқпарын төбесіне үйіріп әлемге айбат шеккен қанқұйлы іргедегі агрессорлардың арам аузына аяр сөз салып берумен бірдей емей немене? Мұндай саяси риториканың мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін қаншалықты қатер екенін өзіңіз парықтай беріңіз. Түптің түбінде, бұл популистік мәлімдеме біздегі әділ заңның таразысына тартылып, әділ бағасын алар деген үміттеміз.
– Отыз жыл бойы билеп-төстегені аздай, президенттік лауазымнан номинальді шеттегеннен кейін де, мемлекеттің заңды басшысына тізгін бермей отырып алған кім? Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы деген лауазым ойлап тауып, барлық күштік құрылымдарды ашса алақаны, жұмса жұдырығында тұтты. Онсыз тірі жан, тісті бақа қыбыр ете алмайтыны анық. Кешегі Қаңтар қырғынында Қауіпсіздік кеңесі неге қауқарсыздық танытты? Төраға неге көлеңкеде көрінбей үнсіз бұғып қалды? Қазір тергеу орындарының ақ-қараны айқындағанындай, Қаңтардағы сойқанды ұйымдастырып, мемлекет билігін күшпен басып алуға ұмтылған ҰҚК-нің төрағасы Мәсімов пен орынбасарлары екені анықталып отыр. Бірақ барлық күштік құрылымдардың басшысын тікелей тағайындайтын да, бір шыбықпен жусатып-өргізетін де тек НӘН-байдың өзі емес пе? Мәсімов қанша жерден мұрты едірейгенмен бағынышты тұлға, қожайынының басынан аттап кететіндей аяқастынан шайтан түртті дегенге сену қиын. Сонда оған, алыстан болса да, иек изеп, қабақ қаққан кім болуы мүмкін? Кімнің құдірет-күшіне сенді? Осыған байланысты, нән кісіміз журналистердің сұрағына берген қашыртпа жауабында: Иисус Христос қасындағы Иуданың сатқын екенін білген жоқ қой-дүр деп, өзін Иса пайғамбармен шендестіре тарихи параллельді алдымызға көлденең тартты. Осыған қарағанда, Иисус Христос Әбішевіш өзінің, шын мәнінде, заңнан тыс тарихи тұлға екеніне бек сенімді ме деп қалады екенсің…
Тәуелсіз тарихымызға осындай өлшеусіз «еңбек» сіңірген кісіге қала сайын көше беріп, алтындаған ескерткішіне гүл қойып тоңқаңдап табынғанымыз Әділетті Қазақстанда әділет пе, ағайын? Мектептер мен университеттерде оның теңдесі жоқ данышпан, кемеңгер, көреген… ұлылығын мадақтағанда сөз таба алмай қиналатын жалған тарихты оқытып, жас ұрақтың миын қашанғы улай бермекпіз? Бүлдіршіндеріміз балабақшаға бармай жатып ол туралы тақпақ жаттап, таңдайлары ойылады. Үлкенді-кішілі шенділердің кабинетінде «байқа, бала, кімнің арқасында адам болғаныңды ұмытпа» дегендей, әлі күнге дейін нұр кісінің нұрлы бейнесі желкесінен қыдиып күлімдей қарайды. Бір кездері көмекшілері жазып берген том-том «даналық» опустарына, һәм жарамсақ жарапазаншыларының нар белін қайыстырардай тонналаған «Нұр-нәмә» макалатураларына үкімет баяғыша ақшаны миллиондап үйіп-төгіп, бастырып жатыр. Бір өзіне Кеңсе ұстап, үпіл-мәлік қып асырап-бағу үшін бюджеттен биыл 1.5, келесі жылы 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінбек екен. Өзін ғана төбесінен шыбын ұшырмай қорғап қоймай, алтындаған нұрсипатты ескерткішіне дейін күндіз-түні полиция қойып күзетеді. Басқанікі-басқа, заман талабына сай жаңа құндылықтарды насихаттауға тиісті теле-айналарымызға дейін айналып келіп ескі әләулайына бір соқпаса, басы ауыратынына қайран қаласың. Басқан ізіне тәу етіп, отыз жыл бойы «ойбай, бәрі осы кісінің арқасы» деп, отырған-тұрғанына дейін дәріптейтін көзқашты көріністерді әлі күнге дейін жарыса жылтыңдатады. Тіпті, мемлекеттік идеологияның басты рупоры «Қазақстан» мен «Хабардың» өзі «Тұңғыш президент – Елбасы қоры», «Елбасы академиясының» жас қаламгерлер мен өнерпаздарға демеуші болып, осы ізгілікті, асқан қамқоршы контркалардың қаншалықты игі істер атқарып жатқанын айтып тамсанғанда, сөз таба алмай қылғынатынын қайтерсің…
Жаңарамыз дейміз де, жасайтынымыз осы. Түсінбейтін тірлік.
Санамызды дүр сілкіп, ескі биліктің күл-қоқырын тозған тулақтай қаққан қаһарлы Қаңтардан бері де, міне, жылжып бір жыл озды. Отыз жыл бүлінгенді бүтіндеймін деп президентіміз Тоқаевтың жан алып-жан беріп жатқаны баршамыздың көз алдымызда. Шектеулі аз уақыт ішінде қоғам өмірінің барлық саласында ондаған жылдардың қапысын қайтарардай ұланғайыр жұмыстар еңсерілді: Екібастұздағы іріп-шіріп жарылып жатқан жылу құбырындай, ескі режимнен мұраға қалған жантәсілім алдындағы шықпа, жаным, шықпа экономикамыздың тамырына қан жүгіре бастады; олигополияның тойымсыз сұғанақ қолы алтын қапшықтың аузынан қағылды; заңсыз қолды болған миллиондаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды; президент: олигархиялық капитализм біздің жолымыз емес деп, экономикамыздың бағыт-бағдарын түбегейлі айқындап берді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе, жастардың білім алып, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына… қаншама кешенді қамқорлық жасалуда. Ең бастысы, демократияның лекіте ескен жібек желі жылдар бойы үрей құрсауында мұз боп қалтыраған жүрегімізді жылытып, болашаққа деген сенімімізді бекіте түсті. Мақсат айқын, үміт зор. Әйткенмен құлшыныс кемшін. Президент алға тартқан міндеттер, көп ретте, өз дәрежесінде орындалмай жатқаны жасырын емес. Неге? Атқарушы барлық сатыда сол баяғыдай селт етпес самарқаулық, «күл болмасаң, бүл бол» енжар немкеттілік. Ескі жүйенің майшелпегіне мелдектеп кекірігі азған үлкенді-кішілі мәнсап иелері әлі шіреніп өз орындарында отыр. Қалғып-мүлгіп өткен күндерінің сәулелі елесін түстерінде көруде. Олармен қол ұстасып жарқын болашаққа аттаймын деу, сағым қуғанмен бірдей екені бесенеден белгілі. Аудан, облыс түгілі ауылдық жерде-ақ шешіле салатын мәселелер түйінін таппай, сансыраған жұрт әділет іздеп, мемлекет басшысынан араша сұрайды. Бір президент қайсысына жетеді? Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрған бүгінгідей алма-ғайып кезеңде мемлекетіміздің тағдырлы мәселесімен айналыса ма, жоқ әлде, ауылдағы құдықтың жай-күйімен басын қатыра ма? Билік өкілдері өз міндетін адал атқаруға неге тырыспайды? Біліксіздік пе, құлықсыздық па? Мұның бәрі үнсіз саботаж, жаңарып жаңғыруымызға жасалып жатқан қарсылық емей немене? Олардың іс-әрекеттерінен «е, не өзгеруші еді, айтылып-айтылып қояды да» дегендей керенау, кесірлі ниетті танып, еріксіз іш жиясың.
Елімізде «Күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыру үшін саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырып, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға жол ашады. Аз уақыттың ішінде Конституцияға өзгерту енгізу жөнінде жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауы өтті. Енді міне, алдымызда Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы келе жатыр. Президентіміздің тұжырымдауынша, бұл мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Демек, барлық деңгейде президентімізге шын жанашыр тілекші болып, игі бастамаларын жүзеге асыруға бар күш-жігерімен құлшынатын, еліміздің дамуына тың серпін беретін озық ойлы, мемлекетшіл, демократиялық биік идеалдармен сусындаған жаңа тұрпаттағы депутаттар корпусы жасақталуға тиіс. Ол үшін «алма, піс – аузыма түс» масыл психологиядан арылып, «бұл – менің тағдырым, ұрпағымның болашағы» деп, бүкіл ел азаматы отаншылдық мүдде тұрғысынан бір адамдай жұмыла атсалысуымыз керек. Олай болмаған күнде, «бір құмалақтың» «жұпарын» отыз жыл бойы иіскей-иіскей рухани наркоманияға ұшырап, аморфтық халге түскен ескі «игі-жақсылардың» әдеттегі әләуләйі әлі қаншаға жалғасатынын бір Құдайым білсін.