«Тереза шешей» – Ватикандық қандықол мыстан

 

Мырзан Кенжебай

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Иә, бір кезде жер бетіндегі жетім-жесірге шапағат нұрын себуші, нағыз мейірім мен қайырымдылықтың үлгісі ретінде католик басшылары жылдар бойы әлдебір пайғамбардай уағыздап келген Мать-Тереза, яғни Тереза шешей деп атаған әйел нағыз қандықол мыстан еді. Барып тұрған қаныпезер де қатал сұрқия осы Терезаның кесірінен сан мыңдаған адамдар өзін-өзі өлімге қиып, опат болған-ды. Оның «Ажал үйі» деп аталатын үйлерінде адамның ауруын сәл де болса басатын дәрілер беруге тыйым салынған еді, ондағы адамдар кез-келген «ыңқыл-сыңқыл» кеселдерден де бақилық бола беретін.

«Егер Терезе-шешей әулие болса, онда мен Иисус Христос болғаным ғой»

Жоғарыдағы сөзді италиялық мафияның Бруско деген өкілі айтқан екен. Бір кездері Рим папасы Франциск Римдегі әулие Петр майданында (алаңында) 15 елден келген 120 ресми делегацияның алдында Тереза-ана деп аталып кеткен әйелді діни қағидасының бірі ретінде жариялады. Тереза осылайша рим­дік католиктік шіркеудің әулиесіне айналды. Осыған орай Жаңалықтар Феде­рациялық Агенттігі (ЖФА) шын есімі Агнес Годже Бояджиу деген осы әйелдің ғұмырнамасынан ең бір шулы деректерді оқырман назарына ұсынған еді.

Тереза 1910 жылдың 6 тамызында дүниеге келгенде оған Агнес Годже Бояджиу есімі берілген-ді. Ол бай албан-католиктің қызы болатын. Әкесі Призрень тұрғыны Никола Бояджиу «Скопьены басқыншы-славяндардан (македондықтар, сербтер, болгарлар) тазартып, Албанияға қосуды мақсат тұтқан нағыз албан ұлтшылы болыпты. Славяндарға деген өшпенділігі ақыры оның түбіне жетті. 1919 жылы сербтер мекеніне шабуыл кезінде ол қорлап өлтірілді. Ал оның «славяндарға өшпенділігі» қызына мирас болып көшкен екен. Өзі серб тілінде емін-еркін сөйлей тұра және серб гимназиясын тәмамдағанына қарамастан ол Югославияға ресми сапармен барғанда ылғи тілмаш арқылы сөйлесетін.

Оның өз туған қаласы – Македония республикасының астанасына деген көзқарасы да түсініксіздеу еді. 1963 жылы 26 шілдеде осында болған зілзаладан 1070 адам өліп, қала ғимараттарының 75 пайызы қирап қалды. Сонда Агнес Бояджиу монахтар орденімен Скопьеға қаражат жәрдемін біреуден бас тартты да, оның есесіне америкалық әскери госпиталь қызметкерлеріне жария түрде алғыс айтты.

Бұл емхана Скопьеда сол кезде 15 күн бойы жұмыс істеді. Македониялықтардың айтуынша, америкалықтар сол 15 күннің 5 күнін емхананы құрастыруға, 5 күнін қираған қаланың суреттерін жасауға, ал қалған бес күнін өздерінің осы лагерін қайтадан жинастырып әкетуге жұмсапты. Бүгінде Скопьедағы мұражайда сол зілзала кезіндегі көріністерді, америкалықтарды жанқиярлықпен жәрдемдескен қып көрсететін толып жатқан фотосуреттер тұр. Ал сол кезде Кеңес Одағы Скопьеға 500 әскери инженерлер жасағын жәрдемге жіберіп, олар онда жарты жыл жұмыс істеді. Бірақ сол туралы бір ғана сурет сақталыпты. Өйткені, Кеңес сарбаздарының македондықтарды қирандылар астынан құтқарудан қолы босаған жоқ.

Кейін Агнес Бояджиу (Тереза-шешей) Скопьеға төрт мәрте барып, оның құрметті тұрғыны атанады. Сосын 1928 жылы гимназияны тәмамдап, Ирландиядағы «Апалы-сіңілілі Лорето» атты монахтар орденіне кетті де сол жақта ағылшын тілін үйреніп, Тереза есімді монах қатын болып шыға келді. Одан соң Үндістанның Калькутта шаһарындағы әулие Мария атындағы католиктік мектепке дәріс оқуға жіберілді.

Оның естеліктерінде жазуына қарағанда 1946 жылы оған Иисус Христос аян беріп, мектепті, монах қатындар киетін киімін тастап, жергілікті ұлттық сари көйлегін киюді, сөйтіп ең жарлы, кембағал да бақытсыз жандарға жәрдемдесуге пәрмен беріпті-мыс. Айтпақшы, ол өзінің енді бір естеліктерінде Құдай оған бес жасынан бері ұдайы келіп тұратынын айтты.
Бір таңғаларлығы, оған өкіметтегілер де, оның тікелей католик басшылары да зор сенім артып, ұдайы жәрдемдесіп тұрды. Терезаның «Ажал алдындағыларға арналған үй» деп атаған мекемесіне қала әкімшілігі 1948 жылы үнділердің Құдай-әйелі Колидің бұрынғы ғимаратын берді. Католик дінбасылары әдейі әулие деп Тереза-Ана (немесе Тереза-шешей) атаған бұл айлакердің «Апалы-сіңілілі махаббат өкілдері» деген орденінің 12 монахиясы қызметке алынды. 1950 жылы оған Калькутаның епископы Фердинанда Пернер қолдау білдірсе, кейін бұл орден Рим папасы Павел VI-ның ризашылық білдіруі арқылы бүкіл жер шарында жұмыс істей бастады. Олардың негізгі жасырын мақсаты – өзге дін адамдарын христиан (католик) дініне енгізу болды.

1969-жылы «Би-Би-Сидің» тапсырмасымен журналист Малкольм Маггеридж Терезаны әуелете дәріптеген «Something Beautijl jor God» («Құдайға арналған әсемдік») деген деректі фильм түсірілгеннен кейін Терезаның бұл ұйымының даңқы тіпті көкке өрлей түсті. Бұл соншалықты әспеттеуші, дәріптеуші материал болғаны аз болғандай, тұлабойын мақтаныш кернеген осы журналист әлгі «Ажал алдындағыларға арналған үйде» шам жарығы мүлде болмаған еді, бірақ «кенеттен Құдай нұры құйылғандықтың» фильм керемет сәтті түсірілді деп соқты. Алайда, кейін оператор Кен Мак-Миллан сол түсірілім кезінде алғаш рет «Кодак» фирмасының жаңа таспасы қолданылғанын мәлімдеп, әлгі журналистің өтірігі шығып қалды. Ол заманда Интернет болмағасын құдіреті күшті Би-Би-Сидің даңғазасынан оператордың үні шықпай қалған-ды. Оның үстіне, адам-пендеге жаңа кинотаспаның артықшылығынан гөрі, әлгіндей керемет қаңқу сөздер қызығырақ көрінетіні бар ғой.

Орасан зор жарнаманың нәтижесінде осы орденге кірген монахиялардың саны көп ұзамай 5000-ға жетіп, ғаламның 121 елінде 500-ден астам храм салынды. Жер-жерде ауыр науқастар орталықтары, әлеумет үйлері қаптап кетті. Ал «Тереза-шешейіңіз» оларды «Ажал алдындағылардың үйлері» деп атады. Осы орталықтар мен үйлердің шындығында не нәрселер екенін солардың бірінде жұмыс істеген Мэри Лаудон «Тозақ періштесі» деген деректі фильмде айтып берді.

Мен әуелі шашы әбден тықырлап алынған тақырбас науқастарды көргенде нацистік концлагерьдегілер жайлы кадрлар көріп отырғандай болдым. Жиһаз атаулыдан жиналмалы темір төсек пен тұрпайы ағаш керуеттерден басқа дым жоқ. Екі зал. Оның бірінде ер адамдар, екіншісінде әйелдер бірте-бірте өліп барады. Ешқандай ем-дом жасалмайды. Дәрі атаулыдан тек аспирин мен әлдебір арзан препараттар ғана. Тамшымалар (капельница) жетіспейді, бір ине бірнеше қайтара пайдаланылады. Монахинялар оларды салқын сумен шая салады. Мен инені неге қайнатпайсыңдар десем, олар: «Өйтудің керегі де жоқ, оған уақыт та жоқ» дейді. 15 жасар баланың әуелі жәй ғана шаншып ауырған бүйрегі кейін мүлде асқынып кетті. Оған ешқандай антибиотик те берілген жоқ. Оны емдеп айықтыру үшін такси шақырып ауруханаға апарса жетіп жатыр деймін. Ал олар: «Егер оған өйтетін болсақ, басқаларға да сөйту керек болады. Сондықтан оның түкке қажеті жоқ» – дейді.

«Ажал алдындағыларға арналған» деп аталатын бұл үйлерде дәрігерлермен ешқандай келісім-шарт жасалмайды. Мұнда тек ара-тұра еріктілер (волонтерлер) жұмыс істеп, келіп-кетіп тұрады. Олар Тереза-шешейдің осы «керемет мекемесі» туралы аңыздарға әбден иланған жандар.
Жаңа әулие Тереза ауыруды уақытша болса да басатын дәрілерді қолдануға тыйым салған. Ол бұл туралы: «Кембағалдар, жарлы-жақыбайлардың өздеріне тиесіліні ғана алуы да, олардың жан мен тән азабын тартуы да айқышқа керіліп тасталған Иисусқа ұқсайды. Адамдардың қайғы-қасіретінен әлем орасан көп ләззат алады. Сенің азапқа түсуің Иисустың сені сүйіп жатқанының белгісі» деген «әулиелік сөздер» айтады екен.

Егер кәдімгі адамдар науқасты аман сақтау дегеніміз оны кеселінен айықтыру деп есептесе, ал Тереза айықтыру дегеніміз католик дініне көшу, сол арқылы азаптан арылып о дүниелік болу, яғни, өлу деп үйреткен. Науқас адам неғұрлым қайғы-қасірет шексе, оны католик дініне өту азаптан құтқарады, ол үшін Иисус Христос жәрдемдеседі дегенге осылай деп сендіру Терезаға өте оңтайлы болған. «Ажал алдындағылар үйінде» шоқындыру рәсімі де кәдімгідей қарапайым түрде атқарылған. Бұл үшін әуелі науқас адамның басына дымқыл шүберек жабады да қажетті дұғаны оқиды. Егер науқас тірі қалса, католик дінін қабылдағанының арқасында кеселімнен айықтым дейді, ал айықпаса үндемеуі керек.
Ал Тереза-шешей сәл сырқаттанып қалса, өзінің «ажал алдындағы үйіне» емес, дереу ғаламдағы ең қымбат емханаларға, Американың Калифорния штатына аттанады екен. Ол басқаларға өзі айтқандай Иисуспен сүйісуді де қалаған емес, оның орнына ауыруды жеңілдететін түйіршіктерді (таблеткаларды) керегінше ішкен.

Ол өзіне тиімді сәттің ешбірін қалт жібермейтін-ді. Тереза Ватикан дін басыларының жәрдемімен Нобель сыйлығын алып тұрып 1979 жылы: «Бүгінде әлемге ең қауіпті нәрсе – аборт. Өйткені, бұл нағыз соғыстың өзі. Бұл – адам баласын оның өз анасының өз қолымен өлтіруі» деп мәлімдеді де кейін өзінің құрбысы, Үндістан премьер-министрі Индира Ганди кедей-кепшік атаулыны түгелдей зорлап «стерильдендіру» ісін бастағанда осы науқанды қызу қолдап шыға келді. Ал 1993 жылы біреу зорлап екіқабат қылған 14 жасар ирланд қызына аборт жасалғанын кінәлай жөнелді.

Осы Агнес Бояджиу жер шарын аралап, қайда барса да әйел мен еркектің ажырасуына қарсы сөз айтып жүрді. Ал Англия ханзадасы Чарльзден өзінің жақын құрбысы Диана айырылысамын дегенде «олардан махаббат қашып кетті, сондықтан ажырасу өте дұрыс» деп мәлімдеді тағы. Ол жүктілікке қарсы, дәрілерді пайдалануға қарсы болып, оған тыйым салу керек деп жүрді де, бұл дәрілер СПИД-тің таралуына кедергі болады дегенді ести сала «СПИД – дегеніміз дөрекі жыныстық қатынас жасағандарға шығарылған әділ жаза», – деп күрт өзгере салды. Рас, ол феминизмді өте жек көрді, сондықтан «әйелдер еркектер қаласа соған ерік беруі керек» деді. «Something Beautijl jor God» атты деректі фильм Агнес Бояджиудің абырой-беделін көтерудің толып жатқан түрінің бірі ғана болды. Бұл фильм оны кем-кетік, жоқ-жітіктердің жанашыры етіп көрсетуде алдына жан салмады.

1993 жылы Үндістанның Латур уәлаятында болған зілзала салдарынан 8000 адам опат болып, 5 миллион адам баспанасыз қалғанда Тереза-шешей кейін сонда барып жер-жерден келген қайырымдылық ұйымдары салған жап-жаңа ғимараттардың жанында қайта-қайта суретке түсті. Ал ол басқаратын монахтар ордені зілзаладан зардап шеккендерге жәрдем беруден ат-тонын ала қашып, онда монахиняларының аттап басуына да рұқсат бермей қойған болатын. Осы Үндістанда індет таралғанда да Тереза ауырып жатқан адамдардың жанында суретке түсумен болды. Ол жақтан Римге қайтып келгенде Ватикан мен ақпарат құралдары оны Үндістандағы індетпен күресуші деп әлемге жар салды. Армян КСР-да, Спитак қаласында зілзала болғанда да Тереза осындай «еңбек сіңіріп», осылай көзге түскен болатын.

Агнес Бояджиу жүрген жерінде жұртқа христиандарша бірде – аш, бірде – тоқ қоңторғай өмір салтын ұстаныңдар деп уағыз айтатын да, ал өзі жеке ұшағымен не жеке тікұшағымен айдай әлемді аралап, барған жерінде ең қымбат, ең сәулетті мейманханаларға түсетін.

Терезаны бүкіл жер бетіндегі қарып-қасерлердің, бақытсыз-бақсыз сорлылардың, қасірет-қайғы басқандардың желеп-жебеушісі, қамқоршысы деп бүкіл БАҚ-тардың алты әлемге жар салуы арқасында миллиондаған адамдар оның орденіне (ұйымына,-ауд.) қисапсыз қаржы аударып жатты. Тереза-Ана деген есімді иеленген бұл қатынның өзіне Нобельдік сыйлық тапсырылып, ал оның орденіне толып жатқан ұйымдардан қыруар қаржы тұратын сыйлықтар берілумен болды. Бірақ солардың қайда, неге жұмсалып жатқаны туралы нобельші қатын тіс жарған емес. Журналистермен сұхбат кезінде бұл мәселеге келгенде ол: «Ең дұрысы Құдаймен сөйлесіңдер» деп жалтарып кететін.
Индира Гандимен достығының арқасында оның монахтық ордені ірі қайырымдылық қоры ретінде Үндістанда тіркеліп, ұзақ жылдар бойы бүкіл қаржылық тексеруден босатылып қойды. Сөйте тұра, 1998 жылы Калькуттада зардап шеккендерге жәрдемдескен 200 ұйымның ішінде Терезаның «Махаббаттың апалы-сіңлілі өкілдері» орденінің аты да жоқ болып шықты.Ал Тереза өзіне Нобель сыйлығы тапсырылып жатқан сәтте беті бүлк етпестен Калькуттада 36000 тұрғынға жәрдем бердік деп соға салды. Агнес Бояджиуға (Тереза) берілген садақалық қаржылардың қайда жұмсалғанына қатысты ең үлкен жанжал 1991жылы немістердің «Штерн» журналында бұл қаржылардың 7 пайызы ғана ауру-сырқауларға бөлінетіні туралы құжат негізінде хабар жариялағанда шықты. Ал қалған ұшан-теңіз қаржы Римдегі Ватиканның банкісіне барып түсіп жатты. Ол қаражаттарды медициналық орталықтарға пайдалану туралы католик дінінің орталығы Ватикандағылар бір ауыз лебіз білдірген емес, оның орнына әлемнің әр түкпіріндегі адамдарды католик дініне түрлі шіркеулер мен ұйымдар ашуға көп қаржы жұмсап отырды. «Жаңа әулие» Терезаға берілген Нобель сыйлығының ақшасы да осындай орталықтар ашуға кетті.

Өзіне қисапсыз қаржыны кімдер құйып жатқанымен Тереза-шешейіңіздің шаруасы болған емес. Ол өзінің туған халқынан диктаторлар тонап алған қаражатты да, америкашыл антикоммунист диктаторлар пен коммунистер жіберген қаражатты да шімірікпей ала берді. Ол 1981 жылы содан 10 жыл бұрын диктатор әкесінің орнына 19 жасында келіп таққа отырған Жан Клод Дювалье басқаратын Гаитиге барып жолықты. Батыс жарты шарындағы ең кедей, жемқорлық пен алуан түрлі ауру-сырқау жайлаған, ел басшысы Дювальенің әулеті 60 мыңнан астам ашық та құпия саяси кісі өлімін жасаған бұл ел туралы жылы сөз айту мүмкін емес деп те ойларсыз. Бірақ Тереза-анаңыз Гантиді аш-жалаңаштар мен мемлекет басшылығы арасында нағыз бауырластық орнаған мұндай мемлекетті көрген емеспін деп жарияға жар салды. Сол мәлімдемесіне сияпат ретінде ол Гаити билеушісінен 1,5 миллион доллар алды. Гаити мен оның билеушілері оған әбден ұнағаны сондай, Тереза 1983 жылы тағы да барды. Бұл жолы ол «Дювальенің өз халқына деген махаббатына қайран қалдым және ел халқы да өз билеушісіне сондай сүйіспеншілікпен қарайды екен» дегені үшін сол елдің ең жоғарғы марапаты Даңқ легионы орденімен марапатталып, тағы да 1 миллион доллар алды. Оның Гаитиге деген осынау есепті махаббаты арада 3 жыл өткесін халық «сүйікті диктаторын» тағынан тайдырғасын, диктатор елдің жүздеген миллион долларын алып Франция Ривьеріндегі резиденциясына қашып кеткесін барып аяқталды.

Ол 1989 жылы ата-бабасының отаны – Албанияға барды. Мұнда ол осындағы коммунистердің жаңа көшбасшысы Рамиз Алидің шақыруымен келген еді. Рамиз Али де Михаил Горбачевшілеп өзінің социалистік елінде демократиялық жаңғыртулар жасауды ұйымдастырған және билік басына осыдан 4 жыл бұрын Албанияға 40 жыл әмірін жүргізген марқұм Энвер Ходжаның орнына келген еді. Бұл ел басшыларының арасынан католиктік және басқа да шіркеулерге көп еңбек сіңірген адам табу қиын. Ал ол өкіметке келе сала 2 католик епископын және 40 священникті аттырып тастады. Албан коммунистерінің көшбасшысы 1961 жылы өзінің елін әлемдегі тұңғыш атеистік мемлекет деп жариялады.

Соған орай бүкіл храм атаулы, оның ішінде 157 католик шіркеуі жабылды. Діншілдер түрмеге қамалды. Діни ғибраттар жасағандарға өлім жазасы кесіліп, жекелей уағыз айтқандар лагерьлерге жіберілді. Дін қызметкерлерін атып-асу осылайша ол тақтан түскенше жүргізілді. Мысалы, 1971 жылы католик священнигі Штьефен Курти түрмеден шығып кішкентай сәбиді шоқындырғаны үшін атылып, ата-анасы (баланың) лагерьге, ал сәби балалар үйіне жөнелтілді. Монахия Тереза осының бәрін көріп-біліп жүрсе де сол Энвер Ходжаның бейітіне азагүл қойып, ол туралы мақтау сөзді судай сапырды. Ал Албания халқы 1992 жылы Рамиз Алиді орнынан алып, сосын түрмеге жапты. Тереза тек Рамизбен емес, Кубаның коммунист-басшысы Фидель Кастромен де, ГДР басшысы Эрих Хонеккермен өзара тығыз қатынас орнатты. Ол Ливанда Ясер Арафатқа жолығып, одан ақша алып тұрды. «Махаббаттың апалы-сіңлілері» орденіне ұлты еврей ағылшын лорды әрі медиаалпауыт Роберт Максвелл де демеуші болды. Ол өзі қызметкерлерінің зейнетақы қорынан 600 миллион доллар ұрлап қашып, сосын кеме апатынан қаза тапқасын ғана түрмеден аман қалған еді.

Оның (Терезаның) енді бір ірі жарылқаушысы америкалық Чарльз Киттинг болатын. Тереза одан 1,25 млн. долларды тегін алды. Сол Чарльз өзі құрған қордағы 23 мың салымшының 252 миллион долларын ұрлап сотқа тартылғанда осы Тереза оны католик діні шіркеуінің осынау адал да жомарт ұлы деп атап, оған кешірім жасауын өтінген хат жариялады. Прокурор Пол Терли оған «Шіркеу қылмыскердің ар-ожданын ақтау құралына айналуына жол бермеуі керек және Киттинг ұрлап алып, бұған берген ақшаны қайтарыңыз» – деп жауап жазды. Тереза үнсіз қалды.

Оның америкалықтардан алуан түрлі айла-шарғымен ақша алуы АҚШ өкіметімен арақатынасын бұза қойған жоқ. Керісінше, Терезаны әулие деп жариялаған Ватиканнан кейін оны осылай деп мәлімдеген екінші ел АҚШ болды. 1996 жылы Тереза АҚШ-тың құрметті азаматы атанды. Оған шейін бұл атақты тек 3 шетелдік қана алған-ды. Ал 1997 жылы ол Американың ең жоғарғы «Конгресстің Алтын медалымен» марапатталды.

1984 жылдың 3-желтоқсаны күні Үндістанның Бхопал шаһарында адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат болды. Зәулім қоршау-ыдыстың ішіндегі (химия зауытындағы) 60 мың литр зат жарылды. Ол Американың (Юнион карбайд» компаниясының меншігі болатын. 42 тонна улы бу ауаға көтерілді. Әп-сәтте 4000 адам опат болды, кейін тағы да 21 мың – барлығы 600 мың адам өлді. Америка оны диверсия деп жариялағанымен, бұл жарылыс зауыттағы қауіпсіздік шараларын толық сақтамай ақша үнемдеуден болғаны белгілі-тұғын.

Компания ол улы заттардың атын атауды коммерциялық құпия деп айтпағандықтан, Үндістанның азаматтық әскери дәрігерлері ешнәрсені дәл ашып айта алмады. Бұл тек осы компанияның ғана емес, бүкіл АҚШ-тың «үшінші әлем» алдындағы абыройын айрандай төгер еді. Осы кезде Тереза-Ана Бхопалға жанына толып жатқан монахинялар мен волонтер дегендерін ертіп келіп, халықтың алдына шығып сөйледі. Ол бұл уақиғаны Құдайдың осындағы адамдарға жіберген жазасы, ал бұған кешірім жасау керек деп мәлімдеді. Қай жерге барып кездесу өткізсе де, осы «кешірім жасау керек» деген сөз оның ең басты лепесі болды.

Осы сөз бүкіл әлемде басталып кетуі ықтимал антиамерикалық қозғалыстың алдын алуға себепші де болды. Бұл апат 26 жыл бойы тексерілді де тек 2010 жылғы 7 маусым күні Бхопалдың соты осы химзауыттың жеті жұмысшысын екі жылға соттап 2100 АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл салды. Ал зауыттың директоры, америкалық Уоррен Андерсон ақталып шықты. «Юнион кербайд» компаниясы Тереза-шешейге мол қаржылық сыйлық берді. Әрине, бұл оған медициналық жәрдемі үшін емес, әлгіндей үгіт-насихаты үшін берілген-тұғын.

Тереза-шешейдің аталмыш ұйымы арқылы Никарагуадағы бүлікке де қаражат көмегі беріліп тұрғаны туралы сыбыстар бар. Ол үшін оған АҚШ президенті Рональд Рейган 1985 жылы Азаттық медалін тапсырыпты.

Иә, «Махаббаттың апалы-сіңілі өкілдері» орденінің негізін қалаған бұл қатын өлгелі және ол әулие атанғалы 19 жыл өтіпті. Католик дінінің ережесі бойынша адам әулие атану үшін әлдебір кереметтер жасауы керек. Ал Тереза-шешей жасапты деген кереметтерді іздестіру канадалық католик священнигі Брайан Колоийчук деген біреуге жүктелген екен. Ол әуелі мынадай «кереметті» ойлап тапты. Үндістанның Бенгалия штатындағы Моника Бесра дегеннің қарнында 17 сантиметр қатерлі ісік болыпты-мыс. Содан Тереза-шешей қайтыс болғанына жыл толған, яғни 1998 жылдың 5 қыркүйегі күні Мониканың сіңілісі оның қарнының үстіне осы әулиенің бейнесі салынған медальонды қойып, тәніне қолын тигізіп апасының айығуын жалбарынып тілепті. Содан 8 сағат өткенде қатерлі ісік жоқ боп кетіпті-мыс. Әрине, осының бәрі надан жұртқа кереметтей көрінгені де рас. Бірақ, бәленің бәрі сол Мониканың ерімен жанжалдасып қалуынан шықты. Күйеуі журналистерге өзінің әйелінде ешқандайда ісік болмағанын, ал аналық жұмыртқасындағы өскін етті өз ақшасына сатып алған дәрімен кетіргенін айтып береді де оны растайтын медициналық құжаттарды қолында ұстап отырған дәрігерлерге журналистерді ертіп барады. Ватикан дінбасылары бұл жанжалдан кейін де өздеріне 3 миллиард доллар пайда түсіріп, миллиондаған адамдарды алдап-арбап католик дініне кіргізген монахиняны әулие деуді бірден қоя салған жоқ. Оны әулие атандыруға бірнеше жыл ғана үзіліс жасады.
2008 жылы әлгі Колодийчук деген біреу оны әулие аттандырудың тағы бір «жаңалығын» ашты. Оның айтуынша Бразилиядағы Марсилио Хаддата Андрино дегеннің миына қатерлі ісік шығыпты да, оның қатыны Фернанда Тереза-шешейге табынып дұға оқығасын ол ісік жоқ боп кетіпті-мыс. Бірақ сол Марсилио дегеннің оған шейін не дәрігерге көрінгені, не ол ісікті кім қалай көргені туралы бір ауыз медициналық қағаз жоқ.
Күндердің күні болғанда тағы бір жанжал шықты. Оған Тереза-шешейіңіздің өзінің діндесі бельгиялық Тенрис деген сұрқия священникке жазған хаттары мен күнделігіндегі жазбалары себеп болған еді. Онда ол: «Мен дінсізбін!». «Аспан тастай бекітулі», «Маған біреулер сені Құдай сүйеді дейді, бірақ менің жанымды ешнәрсе де селт еткізе алмайды. Менің іші-бауырым мұздай суық боп қатып қалған, оны ешнәрсе жылыта алмайды» дегенді жазыпты.
Дегенмен, жұртты ең аң-таң қалдырған оның мына жазбалары еді: «Мен өзімді өзін-өзі жоғалтып алған жандай сезінемін. Жаратушы мені жек көреді. Құдай дегеніміз Құдай емес болуы да мүмкін. Сірә, ол жоқ та шығар!» – депті ол. Иә! Бұл әншейінде өзін Иисус Христоспен сөйлесіп тұрамын деп жүрген монахиняның лебізі. Бірақ Ватикандағылардың Тереза-шешейі, яғни Агнес Бояджиуды киелі әулие дей беруіне бұл жанжал да кедергі бола алған жоқ. Олар бұл жолы да оның әулиелігі туралы айта беруге аздап қана «үзіліс» жасаған болды.
Құдайға шүкір, Ватикан Тереза-шешейді шариғаттандыруды ақыры тоқтатқан болды. Бұл орайда жұртшылық айтқан толып жатқан пікірдің ішінде Агнес Бояджиуды жақсы білген, қазір үлкен бір қылмыскерлік қауымды басқаруына байланысты (ондай қауым бұл елде мафия деп аталады) түрмеде отырған Джорджио Бруско дегеннің айтқаны ең уытты сөз болды. Ол: «Егер Тереза әулие болса, онда мен – Иисус Христоспын» деп бір-ақ қайырған еді.

Әлеуметтік желіден әзірленді

Комментарий (1)

  1. Reply
    Анонимговорит

    Сұрқиялар көбейіп кетті ғой.

Пікір қалдыру