Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ. ЖЫРДАН КҮМБЕЗ КӨТЕРДІМ…

ЖҮРЕК СЫРЫ

Бармадым Лондонға да, Парижге мен,
Тамырым туған жерде тәрізді емен.
Жүремін алшаң басып Сарыарқамда,
Елімнің алдындағы парызбенен.

Бармадым Стамбул мен Анкараға,
Біреулер сол үшін де таң қала ма?
Мен деген – ардақты дос, асыл бауыр,
Мен деген – ізетті іні, дархан аға!

Баспадым көшесін де Варшаваның,
Қазақтың Бурабайы – аңсағаным!
Арқаның самалына кеудемді ашып,
Сәкендей тау ішінде ән саламын.

Көкше тау, жасыл орман, күміс бұлақ,
Мен үшін – тым аяулы, тым ыстық ақ!
Басқаның Жерұйығын не қылайын,
Қазақтың кең байтағы – ырысты бақ!

Қазақтың даласына құмар жаным,
Мен оған жүрегімнен жыр арнадым.
Өмірім өзіңде өтсе арманым жоқ,
Бұйрығы болғанынша бір Алланың!

АТАСУЫМ – АУЫЛЫМ!

Жазиралы Жаңаарқа жазығында,
Қайта айналып оралар қазығым бар.
Атасуым – ауылым алтын бесік,
Туған жердей не жетер әз ұғымға?

Құшағыма толтырдың гүлдеріңді,
Сағындым сол балалық күндерімді.
Қалай ғана есімнен шығарайын,
Асық атып, тай мініп жүргенімді?

Қызықтағам осында дала таңын,
Ұстағанмын алғаш қыз алақанын.
Жастығымның іздері сайрап жатыр,
Жағасында Сарысу, Манақаның.

Жүрегіме толтырған жыр ағынын,
Есімде сол бал дәурен бұла күнім.
Дертке шипа ауасы Атасудың,
Суы бал ғой Мәмбеттің бұлағының.

Іздеуменен аттанған басты арманын,
Перзентінің сабырмен тосқан жолын.
Көзге таныс, көңілге ыстық таулар,
Керегетас, Бәйешекең, Қостанқолым!

Бап шабатын, немесе бақ шабатын,
Аламанға қосылған жас қанатың.
Мен мәреден келгенде масайрады,
Аралтөбем, Қазан тау, Ақшағатым.
Тауларым бар басынан бұлт аунаған,
Оттан ыстық мен үшін бұл тау маған.
Шөбін артып жан әкем келуші еді,
Алты қырдың артынан – Мыңқауғадан!

Бұлағынан су алған асыл анам,
Мәмбетбұлақ, бір елді асыраған!
Топырағынан айналдым туған жердің,
Тауы түгіл, ыстық қой тасы маған.

Ағаларым бәйгеге қосып атын,
Әсем әнге жеңгелер қосылатын.
Жусан иісі аңқыған жазығыңда,
Ала жаздай киіктер жосылатын.

Алтын ұям, аяулы Атасуым,
Сені ұмытып мүмкін бе шатасуым?
Келешекке керуен көш түзедік,
Арқасында аталар батасының.

Мұңаямын ауылды сағынам да,
Неге жүрмін ауылға тағы бармай?
Қорымдағы әкемнің ақ зираты,
Мен үшін бір киелі Қағбамдай.

Қай биікте перзентің жүрсін мейлі,
Атасу деп жүрегі дүрсілдейді.
Ешбір адам өзіңді жер бетінде,
Мен сияқты сағынып күрсінбейді.

Көз алдымда көрікті келбетің де,
Тартып кеткім келеді елге күнде.
Атасуым, сүймейді мен сияқты,
Ешбір адам өзіңді жер бетінде.

Атасуым – ардақты атамекен,
Ардақтаумен атыңды атап өтем.
Алты айналып шықсам да жердің бетін,
Атамекен бағалы, баталы екен.

Атамекен жүрекке от береді,
Атамекен – жанымның көк терегі.
Аталардың Атасу жолын берсе,
Бұдан артық бақыттың жоқ керегі.
Толғанып бір жүректен жыр бастадым,
Туған жердің сүйемін нұрлы аспанын.
Атасуым, өзіңе арналады, Ақ жүректен
ақтарған жыр-дастаным.

Сылдыр қағып туған жер бұлақтары,
Құлпырады көз тартып қыраттары.
Атасуым мен үшін – Жерұйығы,
Атасуым мен үшін – жұмақ бағы.

Барам тағы Қазан тау етегіне,
Қайран туған жеріме жетеді не?
Жырдан күмбез көтердім мен осылай,
Атасудай мәңгілік мекеніме.

Жазиралы Жаңаарқа жазығында,
Қайта айналып оралар қазығым бар.
Атасуым – ауылым алтын бесік,
Туған жердей не жетер әз ұғымға?

БҰҒЫЛЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ

Болмайды ақын жүрек жыры мұңды,
Туған жер, тыңда бүгін бір ұлыңды.
Атамыз Иманжүсіп әнге қосқан,
Жырлаймын
Тағылым мен Бұғылымды.

Жанымның тебірентіп тәтті арнасын,
Жүректен жыр бұлағын ақтартасың.
Бейне бір қазағымның шежіресі,
Қына мен қызыл мүкті жақпар тасың.

Жусаны бұрқыраған байтағым бұл,
Көркіңмен көңілімде шайқадың нұр.
Осынау абат бақты сен де жырлап,
Менімен бақ сынасып байқа, бұлбұл!

Құмарта тау қойнауын араладым,
Кеудемді кернеп жұпар
барады ағын.
Қалайша тауып қойған атыңды да,
Бұғылы-Тағылы деп бабаларым?!
Көркіңе көрген сайын
мың арбалып,
Қараймын қайта-қайта құмарланып.
Жарқырап ағып жатыр баурайыңда,
Шерубай-Нұра өзені сылаң қағып.

Ақсу мен Аюлының нұр алқасын,
Көргенше қайта айналып
құмартасың.
Ел неге Шет ауданы деп атайды,
Шет емес,
Сарыарқаның бір ортасын?

Аз емес перзенттерің мақтанатын,
Бұл өлке ұл-қызына бақ болатын.
Осында туған жерін жырлап өткен,
От ауыз, орақ тілді Қақпан ақын.

Көгіңде қалықтайды қыран құсың,
Жауыңа мойындаттың Тұран күшін.
Бұғылы-Тағылым-ау, енді бүгін,
Қабыл ал ұрпағыңның
мың алғысын.

Көргенше алып біткен сабырымды,
Сүйемін Бұғылымды, Тағылымды!
Баламның баласына айтып кетем,
Туған жер, сенің ғажап қадіріңді…

АНЫҚТАМА БЮРОСЫНЫҢ АРУЫ

Жүрегімнің жоғалтқандай дәруін,
Вокзалға жиіледі баруым.
Нұр дидарлы елік қызды сағындым,
Анықтама бюросының аруын.

Қардай әппақ көңілімен қарады,
Неткен тұнық десеңізші жанары!
Содан бері ақын жүрек жаралы,
Періште қыз – жүрегімнің маралы!

Сыңғырлаған неткен әсем күлкісі,
Көз алдымнан кетер емес түр-түсі.
Қызығы мен қиындығын бөлісер,
Мен болсам ғой жанындағы бір кісі.
Ару екен қылығы да келіскен,
Есіміңді қайталаймын мен іштен.
Осы сәтте қай жерде отыр екенсің,
Ай дидарлы, Күн келбетті періштем?

Ару қыздың табар екен бабын кім?
Алдына кеп, айтар сөзден жаңылдым.
Анықтама бюросының аруы,
Елік мінез ерке қызды сағындым.

ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫ ЖАНҰЯ

Ақ қалпақты қырғызымның
бір қызы,
Қазағымның гүліндейсің қырмызы.
Қара түнде шұғыласын шашатын,
Жұлдыздайсың жарқыраған
нұрлы ізі.

Ақ тілекті арнап жүрсің ағаңа,
Мен теңізбін!
Сен – ақ қанат шағала!
Ақ қанатты шағаланы көруге,
Толқындарым асығады жағаға.

Есімің де бөлек сенің – Жанұя,
Жыр шумағым қылсын оны жария.
Ақ қанатты шағалаға арналған,
Кеудемдегі жыр толқыны – дария.

Қазағымның бір бауыры – қырғызы,
Қыр гүліндей
қыздары бар қырмызы.
Жанұя ару сол қыздардың ішінде,
Шолпандай боп жарқыраған жұлдызы!

ӘЙНЕКЕ БАЙ
Ардақты атам Әйнеке Ақшалұлының рухына

Самал желі көңілді құрайтады,
Туған жерде болсам-ау бір ай тағы.
Тасы түгіл, Ақтаудың қурайы да,
Әйнеке бай туралы сыр айтады.
Сыр айтады туған жер обалары,
Атасу мен Манақа қоғалары.
Заманыңда қымызды үріп ішіп,
Жылқы айдапсың
үйірлеп көк алалы.

Сары қымыз жыл бойы сабасы ұдай,
Сайдалыға құт болған сабазым-ай!
Мендей де ердің
арманы бола ма екен,
Өзі кедей болғанмен бабасы бай.

Бай болыпсың еліңе несібелі,
Әйнеке бай аяулы есім еді.
Бас сауғалап қалыпты-ау қайран елі,
Жатқан кезде қансырап есіл ері.

Арсыз ажал, осындай
сұрқай ма едің?
Інге кірген тышқандай
жұрт-ай дедім.
Әйнекеге мың жарым жылқы бітсе,
Бір бие мен еншімде бір тай менің.

Азайды ғой сұрайтын кісің бата,
Кешіре гөр болса егер ісім қата.
Ақ сақалың желбіреп,
қолың жайып,
Бата беріп жүресің түсімде, ата!

Сыр айтады Арқаның самал желі,
Әйнеке боп жеткендей маған лебі.
«Қатарымнан қалдым деп
қамықтың-ау,
Атқа сен де мінесің, балам!» деді.

Әйнекенің аяны құр кетпейді,
Бәйшешегім менің де бір көктейді.
Олжасына малымен олжа салған,
Әйнекесін ұрпағы құрметтейді.

Сыр айтады сіз жайлы бейіт маған,
Көк тас қоймағаныма кейіп те алам.
Жырға қосқан атыңды шөбереңді,
Аруағыңмен жебей бер,
шейіт бабам!

СӘКЕН АҒА

Ән арнадың еліңе, жыр арнадың,
Сен сияқты сүйсінбес қыранға кім?
Құтылып ең атаман Анненковтан,
НКВД торынан шыға алмадың.

Адамзатттың сұлуы ең алабөтен,
Тұлпарға да, сұңқарға балап өтем.
Жезкиіктей көзіңді жәудіретіп,
Қалай сені түрмеге қамады екен?

Жемің болса, тауық боп жағалар да,
Жалт беретін залымға шара бар ма?
Тергеушіге орындық лақтырыпсың,
Шыдай алмай тағылған жалаларға.

Асыл туған атадан тектім едің,
Жығып салып түрмеде тепкіледі.
Өзегіңді өртеген өкініштің,
Кең кеудеңді күйдірді-ау кекті лебі.

Тау ішінде жүруші ең өлеңдетіп,
Ақбоз атың құлағын елеңдетіп.
Тас камера ішінде талықсыдың,
Дәрмен қалмай соққыдан
денеңде түк.

Тайбурылдай, жан аға, тарпаң едің,
Қазағыңның өзіндей дарқан едің.
Кербез сұлу Көкшеңді сағындың-ау,
Сағындың-ау түрмеде Арқа белін.

Тар жол, тайғақ кешуден өтіп едің,
Сыр сандық пен жыр сандық –
көкірегің.
Өз қолыңмен орнатқан
қызыл билік,
Өлтірді ғой, жан аға! Өкінемін!

Адамзаттың төресі Сәкен едің,
Жүрегімде атыңды мәпеледім.
Қалай сені атты екен қолы барып,
Қалай сені жұтты екен қатал өлім?

Таза еді ғой жүрегің, тілегің де,
Аққу ұлын қиды екен кім өлімге?
Елің барда өлмейсің, Сәкен аға,
Қазағыңның жасайсың жүрегінде!

Пікір қалдыру