ТАҒДЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР

ТАҒДЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР
(Ақын Ғалым Қалибекұлының мерейтойына орай)

Бауыржан ЖАҚЫП

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибек­ұлының шығармашылығы туралы толғану үшін оның өмірдерегі, шығар­машылық баяны хақында білетіндерімді қайта ой елегінен өткіздім.
Ұмытпасам, 1993 жылдың сәуір айы болуы керек, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Көш байсалды болғай» деген тақырыппен төрт жазушының Қытайдан Атамекеніне оралғаны туралы сүйінші хабар жарияланып, төртеуінің суреті қоса берілді. Осының алдында, Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш құрылтайына миллиардтар елінен бірде бір қандасымыз қатыса алмай, бүкіл ел қапа болып еді. Аяқасты Қытайдан басталған жаңа көшке мұрындық болған қандай жүрек жұтқан жазушы бұлар? – деп елеңдестік. Солайша біз, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Жақсылық Самитұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Армиябек Сағындықұлы және осы мерейтойдың иесі – Ғалым Қалибекұлының Қытайдан алғашқы көшті бастап келгендеріне куә
болдық. Сөйтіп, Ғалым Қалибекұлын көш бастаған батыр, көшке мұрындық болған қайраткер ретінде жақыннан танып-білдік. Расында бұл төртеуі көзсіз ерлікке барған екен: екінің бірінің қолы жете бермейтін лауазым мен жауапты қызметтерін, хан сарайындай баспаналарын тастап кете барған. «Отанын сатып кетті!» десіпті арғы беттегі шолақ белсенділер, ал шын мәнісінде Отанды қалай сүюді, Атамекенді қалай сүюді осы бауырларымыз, осындай қаламгерлер көрсетіп еді.
Ғалымның ұлы әкесі, атасы Манап Молымбетов отызыншы жылдары басқа қауіп төнген қиын-қыстау заманда Семей өңірінен амалсыздан Қытай асыпты. Әйтпегенде, абақтыға тоғытылып, сұраусыз атылып кетер еді. «Ұрпағымды аман алып қалайын, жер шолып келейін» деп біраз уақытта үйіне оралса, байқағаны – айнала түгел сарала күзет болады. Тағдырдың салғанына көніп, жары мен жалғыз қызын қиып, зар жылап кете барады. Сол жалғыз қызының көзі тірі, сексеннің сеңгірінде, бұл күндері Зайсан қаласында тұрады екен. Осыдан біраз бұрын қазақтың аса көрнекті ақын қызы Марфуға Айтқожинаның 70 жылдық мерейтойында оқыған өлеңім еріксіз еске оралды:

Бір қазақты екіге бөлген заман,
Екеуінің біреуі өлген заман.
Бұлт астында буыршын мұзға тайып,
Күн соңынан ақ бота ерген заман.

Манап марқұмнан Қалибек деген жалғыз ұл, төрт қыз дүниеге келіпті. Қалибек жастайынан зейінді, зерек болып өседі. Өмірінде үш-ақ кластық білім алады, оны да кезінде орысша оқыпты. Сөйте тұра өмірдегі бар білімді өз бетімен меңгеріпті. Бүкіл Қытайға танымал аудармашы, ақын, ғалым, суретші, ағаш ұстасы, темірші, өрімші… қысқасы, Қытайдың «Дарындылар» энциклопедиясына енген тұңғыш қазақ болыпты. Жастайынан көрмеген қорлығы, жемеген таяғы қалмапты, «Мәдени төңкеріс» дейтін алапат апатта жазықсыздан жазықсыз ең жас саяси қылмыскер атанып, жаза лагерінде он жыл бойы азапты жұмысқа жегіліпті. Көз көргендердің айтуынша, ол ағамыз еркек кіндіктіде өте көрікті екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы азамат болған екен. Амал не, сондай талантты жан небәрі 55 жас өмір сүріп, бұл жалғанмен қош айтысыпты. Иманды болғыр сол аяулы ағамыздан төрт ұл, екі қыз ұрпақ жалғасыпты. Біздің Ғалым «шалдың баласымын» деп ренжімесін, ол – Қалекеңнің тұлабойы тұңғышы, фамилиясын арқалап келе жатқан әдебиеттегі, өнердегі нағыз мұрагері дер едім.
Кейінірек институтты сырттай оқығаны болмаса, Ғалым да орталау мектеп қана бітіріпті. Қалибек марқұм: «менікі үш, сенікі сегіз класс, екеуміздікін қосса бір баланың оқуы болар еді» деп әзілдейді екен. Сөйте тұра Ғалым қытай тілін өз бетінше үйренеді, өлең жазу, сурет салу дейсіз бе, хаткерлік, ағашшылық, теміршілік дейсіз бе… әкесінен дарыған өнер бұның да бір басынан жетіп артылады. Өр Алтайдағы Сарысүмбе қаласында «Алтай газетінде» еңбек жолын бастаған ол, көптеген журналдарды көркемдеп-безендіруге ат салысады. Суретін салып, тақырыптарын хұснихатпен жазады. Алғашқы өлеңдері сол тұста баспа бетінде жариялана бастайды. Оның атын оқырман қауымға бірден танытқан шығармасы – «Апа» дейтін поэмасы. Арғы беттен келген кез-келген әдебиетші жастардан Ғалымды сұрай қалсаңыз «Апа» поэмасының авторы» деп өте жақсы білетініне таң қалдым. Апасының бауырында өскен шикіөкпе балапаны бола тұра «әкем де жат, шешем де жат», «адам баласының бәрі суық бауыр», «мынау әлем тас түнек, нағыз қапас»… . – деген астармен ашу-ызаны сыртқа шығару, өз тұсында ауызға қақпақ қойған, цензурасы қос бүйірден қысқан Коммунистік партия билігінің қол астында қоғамды сынау, – бәрі бар бұл дастанда. «Апа» поэмасының басты ерекшелігі – міне, осында дер едім.
«Апа» поэмасында ақын ағынан ақтарылады.

Пана болсам сорланған кезбелерге,
Ана болсам жетімге кез келерде.
Бала болсам бүгілген аналарға,
Өмір болсам өзімнен өзгелерге.

Білек болсам білексіз пақырларға,
Тілсіздерге тіл болсам, тақылдарда.
Жүрегі өлген жандарға жүрек болып,
Күлімдеген көз болсам соқырларға.

Медет болсам жан-тәні жаралыға,
Күлкі болсам қайғылы жан аруға.
Шиырланған әжімді қи сапырып,
Алау болсам ананың жанарында.
Әке болсам біреуге ормандайын,
Бақыт болсам сипайтын сор маңдайын.
Іні болсам інісіз ағаларға,
Аға болсам біреуге қорғандайын… –

деген шумақтардан төгілген философиялық иірімдерді де, поэтикалық қуатты да аңғарасың. Бұл поэмасын 1986 жылы Алтай аймағында жүріп жазған Ғалым:

Арманым ең қол жетпес, еңселі едің,
Сондығынан сағыныш еңсереді.
Тағдырым-ай, біздерді екі айырмай,
Суық көрге бірлікте көмсең еді.

Жаз өткеріп немесе күз бөктеріп,
Жыл керуені көшеді тізбектеліп.
Өлгенінде қауышып,
Тірі күні
Жас Ғалымың тұрады іздеп келіп, –

деп өзін мәпелеп өсірген үлкен шешесіне, Апасына сөзден сом ескерткіш тұрғыза алған.
Оның «Ата», «Күнделіктегі көлеңке» поэмалары алдыңғы дастанмен өзектес. Бұл шығармаларда да бірде атасы Манап ақсақалдың өшпес бейнесін сомдаса, енді бірде Қытай билігінің қыспағына түсіп «Мәдениет төңкерісі» кезінде жазықсыз жапа шеккен әкесі Қалибектің қайсар образын тұлғалай алған.

Жүгінуші ем алдыңа дәт шағардай,
Нұр дидарың құлпырып ақша қардай.
Көмейіңнен құйылып қоңыр ағын,
Отырушы ең әулие-патшалардай.

Сонан-дағы қымбатты дара тұлғаң
Дара тұлғаң құзардан жаратылған.
Сені ойласам көз жасым бұршақтайды,
От жүректі басады қара тұман.

Естілмейді сыңғыры бұлақтардың,
Естілмейді дүбірі бұла аттардың.
Жат біреулер мекендеп көктеулікті,
Қыстаулықта қыстығып жылап қалдым, –

деген жолдарды оқығанда, адамның аласапыран сағыныш сезімі мен ата-анаға деген мәңгілік жоқтау сарыны, туған жерге деген қимастық сезімі қоса астасып отырады.
Солайша, сексенші жылдардың басындағы Қытайдағы әдебиет пен өнерге келген жылымық бір топ жас ақын-жазушылардың шоғырын қалыптастырды. /олардың біразы бүгін ортамызда. Сол толқынның алдыңғы қатарында біздің Ғалым да бар болатын. Топтама өлеңдері, әзіл суреттері, хұснихаттары ілгерінді-кейінді баспасөз беттерінде жарық көріп жатады. Ақын ретінде, жазушы ретінде, керек десеңіз суретші ретінде оқырманға белгілі болады. Өткен жылы сәті түсіп, Қытай елінің Үрімжі қаласына бір топ ақындармен сапарлай барғанымызда анық байқағаным, Ғалекеңді үлкен-кіші жерлес қаламдастары өте сыйлап, құрмет тұтады екен. Соны көріп-біліп, ерекше қуанып қалдым. Ал төте жазумен әдемілеп, өрнектеп жазу жазу, яғни каллиграфияға келгенде, Қытай қазақтарының ішінде алдымен әкелі-балалы хаткерлер Қалибек Манапұлы, сосын, Ғалым Қалибекұлының аты аталады екен. Оған сол хұснихатпен жазылған жазулар көрмесі өткенде көзіміз жетті. Бұл да бір жалпы шығыс
өркениетіндегі тамыры терең жатқан әспетті өнер.
Сөз басында айтқанымдай, осы азаматпен жиырма жыл бұрын танысып едік. «Жазушы» баспасынан «Қарлығаш» дейтін альманах жинақ шығатұғын, соның кезекті бір санында Ғалымның бірнеше өлеңі басылыпты, қазақтың көрнекті ақындарының бірі, марқұм Есенбай Дүйсенбаев алғысөз жазып, бір шумағын мысалға алып, Қалибекұлын мақтап өтіпті. Ол тұста «Қарлығашқа» шығу, анандай мадақ есту екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Мен содан бері оның жазған-сызғандарының бәрімен таныспын десем, қателеспеген болар едім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «байтал түгіл бас қайғы» ойпыл-тойпыл заман болды да, бәріміз де сең соққан балықтай есеңгіреп қалғанымыз рас. Шетелден көшіп келіп, өзге орта, өзге өмірге бейімделудің тауқыметін Ғалым сияқтылар аз тартқан жоқ. Бір естісем: «Көктөбенің басында картоп-пияз егіп жүріпті», енді бір естісем: «Мұхтар Әуезов музей-үйінің есік-терезесін жасап жатыпты», тағы бір естісем: «Еврейге үй салып жатыр екен». Дүние жүзінде Еврейге үй соғып берген тұңғыш қазақ менің осы досым ғана шығар
деп ойлаймын!
Шетел қазақ әдебиеті дегенде, ең алдымен Қытайдағы қазақ әдебиетінің алып шоғыры көз алдымызға елестейді. ТМД елдеріндегі қазақ әдебиеті кешегі Кеңес одағы мен Қазақстан әдебиетінің заңды жалғасы деп қабылдаймыз. Еуропа қазақтарында Халифа Алтай, Хасен Оралтай бастаған қалам иелері негізінен көркем әдебиеттен гөрі тарихи естеліктер жазды. Ал Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің жөні басқа, біздің мектебіміз де, қоғамымыз да негізінен қарайлас болды-ау деп шамалаймын. Қытайдағы қазақ әдебиетіне айырықша тоқталатын себебім: елуінші жылдардың басында бүгінгі қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтхожина, Қажытай Ілиясұлы кейінірек келген, Жәркен Бөдешұлы, Жанат Ахмади секілді аға буын арқылы Қытайдағы қазақ әдебиетін біліп– өстік. Алайда, арада өткен қырық жылға таяу уақытта әдебиет түгілі қандас бауырларымыздан хат-хабар да ала алмай қалдық. Екі арадағы шекарадан саңылау ашылғанда білгеніміз: ол елде де үлкен әдебиет жасалыпты, оның алдыңғы буындарының қатарында Ақыт қажы Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Разданұлы, жоғарыда аты аталған Жақсылық Самитұлы секілді марқасқалар сап түзген екен. Бір ғажабы осы кісілердің көбі жазықсыз сотталып, тас түрмеде алды жиырма жылдан отырып, ұшқан құс, жортқан аң жете алмайтын Тарым шөлі дейтін еңбек лагерінде жастық шақтарын өткізіпті. Ал Қажығұмар атамыздың өмірінің қырық жылын темір торда, қалған өмірін үйқамақта өткізгенін білгенімізде өзегіміз өртенді. Жарты ғасырлық ғұмырын тар қапаста өткізген ондай жазушы бүкіл әлемде жоқ шығар! Сондай ғаріп халде жүріп алты томдық
«Қылмыс» романын жазып-шығаруының өзі нағыз ерлік емес пе! Орны пейіштен болғыр сондай ағаларымыздың соңында қалған ұрпақтар да аз мехнат шекпепті, қуғын-қақпайға ұшырапты, тегін жұмысқа жегіліпті. Жас та болса сол қиындықтың кермек дәмін осы Ғалымдар татты, заман бұларды ерте есейтті… Сөйтіп, Қытай қазақ әдебиетінің кейінгі жағдайын осы Ғалымдардан білдік, олардың өкілдерін өз көзімізбен көрдік, бүгінгі таңда екі елдің қазағының, керек десеңіз әлемдегі қазақтардың ортақ әдебиеті жасалып жатыр, бұл, әрине тәуелсіздіктің, елдіктің арқасы.
Ғалым Қалибекұлы елге оралғаннан кейін, еларалық «Шалқар» газетінде, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қазақстан Жазушылар одағында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеді. «Мерей» атты кітап баспасын ашты. Қаламдастарының қатарында сыпайы мінезімен аспай-саспай, тасымай-төгілмей-ақ қаншама еңбектер тындырып келеді. Жуырда ғана «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан. «Шерлі домбыра», «Бозжусан», «Ақкербез» секілді жыр жинақтарын, «Өмір-ай!… » атты прозалық, «Тоқинақ» дейтін әзіл суреттер кітабын шығарды. Талай-талай жыр мүшәйраларына қатысты, соның бірінен олжасыз қалғаны жоқ. Баянауыл ауданының 180 жылдық мерейтойында, Астана қаласының 10 жылдығында, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығында, Сәкен Иманасовтың 75 жылдығында, «Шығыс шынары» мүшәйрасында жүлделі орындарды иеленіп келді. Прозада Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдығында жүлделі болса, «Қазақ әдебиеті» газетінің 70 жылдығының лауреаты атанды. Былтыр «Ақкербез» өлеңдер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болды. Биыл «Үш Тоғыс» атты тандамалы бір томдығы жарық көріп отыр. Ғалымның ақын ретіндегі тағы бір кесек туындысы «Шекара» атты толғанысы. Мұнда да құйылып түскен шымыр шумақтар шекараның арғы жағын да, бергі бетін де көрген Ғалымның
ғана қаламынан туса керек.

Бірақ, өмір өзгеше сыр береді,
Сайран елге саумалдай жыр керегі.
Екі елдің жауыққан дүр кереңі,
Екі жаққа айырды іргелі елді.

Екі жаққа айырды бір ауылды,
Екі жаққа айырды жырау ұлды.
Екі бөлді тоғайды, құрағыңды,
Атақоныс болмады мұра құрлы.

Екі жаққа айырды қыраттарды,
Жырақ қалды қарттардың сыр-ақпары,
Еңіреген егейлер жырақтады,
Алыстатты арғымақ-пырақтарды.

Серті берік сұлуға-керімдерге,
Өкінішпен айырылды еріндер де.
Шүйкелері шұбалған ақша бұлттай,
Апалар да бөлінді, келіндер де.

Байлықты елден баянды бақ ұшынды,
Ағалардың, інінің сағы сынды.
Қасіретпен қарындасты тағы ұшырды,
Алыстатты бөлені, абысынды.

Сәбилерді айырды серігінен,
Лақтарды айырды елігінен.
Наза көңіл өрекпіп, семіп рең,
Бір ауылдың жүдеді елі кілең.

… Күзгі ызғарды көктемде аңыратты,
Жетім төлін көңілдің жамыратты.
Бірақ аспан еркесін бөлу қиын,
Бөлу қиын көк күмбез-шаңырақты.

Бөлу қиын махаббат періштесін,
Періштеге жүрмейді керіс кесім.
Армандарды, қиялды, үміттерді,
Бөлу қиын, мейлі жұрт теріс десін…

Бұл енді ішің қанжылап отырып оқитын реквием. Оның қалың Қытайдың ішінде жүріп, соншалықты батыл ойларды тайсалмай айтқанынан қазақы қайсар мінезін танисың.
Жалпы Ғалым Қалибекұлы поэзиясында туған жер, өскен орта, қазақи қалыптағы азаматтар бейнесі, махаббат, тарих тақырыптары қамтылады. Оның қаламынан туған «Құлпытас», «Етікші Есен», «Иоллығтегінге», «Бүркітші Рәуіл», «Марғабылдың Қарақасқасы», т.б. өлеңдерінің өміршең шығармалар екендігін баса айтқым келеді.
Ғалым Қалибекұлының прозалық шығармалары хақында қазіргі қазақ әдебиетінің ақсақалдарының бірі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақтан асыра айта алмаймыз. «Өмір-ай!» кітабына алғысөзінде Қалихан аға:
«Тағдыр демекші, осындағы «Ақерке», «Өмір-ай!…» атты екі хикаяттың әңгімелерге қарағанда салмағы да, сапасы да бөлек. Бұлардан едәуір төселіп қалған профессионал прозашының қаламын таныдық. Жорғадай еркін тіл, еріксіз иландыратын өмір шындығы, жүрекке шым-шымдап бататын мұң сарыны мен қасірет ызғары оқушыны бей-жай қалдырмайды. Ол – отызыншы жылдары біз басымыздан кешкен зұлмат, қырық жыл өткен соң арғы бетте де қайталанған екен. Ол – жетпісінші жылдардағы бірдің басын жұтқан, бірдің моласын құртқан «мәдени төңкеріс» ел мекені солған, түрме толған, арсыздың семіріп, ардақтыны кеміткен шақтағы әр түрлі науқан тұсындағы ұлы трагедия. Тақырып жағынан алсақ та, тарих деп қарастырсақ та бір қазақтың тағдыры мен болмысы», – деп жазыпты.
Осының бәрін түйіндей келгенде, мерейтой иесі Ғалым Қалибекұлы тағдырлы қаламгер. Оның қаламынан шыққан шығармаларының қай-қайсысында да екі империяның арасында ХХ-ғасырда қыспаққа түскен қазақ тағдыры көрініс табады. Сонысымен де оның шығармалары ауыр жүкті көтеріп тұр. Сол шырғалаңды атасы, әкесі, өзі, үш буын қазақ бастан кешіргендігімен де ол тағдырлы қаламгер.

«… Әділетті бетке ұста шайқасуда,
Ер басыңмен сапардан қайтасың ба?
Ақын болсаң шындықты шырқа, балам,
Жігіт болсаң жігіт бол сай тасындай», –

деген ата өсиетін бойына сіңіріп өскен Ғалымның қаламгерлік кредосы да осы шумақтардан көрініс тапқандай. Ата, әке өсиетіне адал жігіт сол биіктен көрініп келеді.

3 комментария

  1. Reply
    Таза, мөлдір толғау... Жасай беріңіздер!говорит

    Таза, мөлдір толғау екен. Жасай беріңіздер, арыстарым!

  2. Reply
    Жүкел ХАМАЙговорит

    Таза, мөлдір, шынайы ниеттен туған толғау екен…
    Жасай беріңіздер, арыстарым!

  3. Reply
    Жомарт ИГІМАНговорит

    Сонау тоқсаныншы жылдардан бері Ғалым қаламгердің шығармашылығымен таныспын.»Қарлығаштағы» жыр топтамалары жүрегіме ұялап,»Өмір-айдағы»прозалық туындыларының шынайылығы,»Ақкербездегі»тұнып тұрған лирика жанымды тебірентпей қоймады.Мерейтой иесіне шалқар шабыт,зор денсаулық тілеймін!
    лирикалық

Пікір қалдыру