ТАЛҒАМҒА ТАЛАС

 

Нұрлан ҚАМИ

Нұрлан ҚАМИ

Міне, құрметті оқырман, бір автордың екі туындысы. Дәлірек айтқанда, бір драматургтың екі пьесасы назарларыңызға ұсынылып отыр. Оқып шыққан боларсыздар деп үміттенемін, редакция басшылары осы шығармалар жөнінде менің де пікір білдіруімді өтінген, бәлкім сіз бен біздің ойымыз бір жерден тоғысып қалар. Сонымен, әлқисса…
Даңқы да, дақпырты да бір басына жетіп-артылатын, бәз біреулер жалпы сондай қаламгердің өмірде болған-болмағанына күмән келтіріп, орыстың атақты жазушысы Л.Н.Толстойдың өзі драматург ретінде мүлдем жоққа шығарса да қылшығы қисаймай, «анадан ұрлаған, мынадан жырлаған» шығармалары әлі күнге дейін барлық елдердің театрларында жаппай қойылып келе жатқан Шекспир мырза бір шығармасында «бүкіл әлем – театр, ал ондағы адамдар – актерлар» деген екен. Бұл тұжырыммен толық келісу қиын, әрине, дегенмен жаны бар сөз. Бәріміз де актермыз, біреуміз жазушы, екіншіміз ақын, үшіншіміз драматург, қай-қайсымыз да әу баста маңдайымызға жазылған немесе кейіннен өзіміз таңдап алған яки бармақ басты, көз қыстымен ілігіп кетіп, көркем сөздің шалқар айдынында қаздай қалқып, аққудай қалықтаудың орнына батпағына малтығып, батып-шығып, ірметіліп-сүйретіліп жүріп жатсақ та өз рөлдерімізді шама-шарқымыз жеткенше ойнауға тырысамыз.
Өмір театрындағы тәртіп солай, әркім өз рөлін ойнайды, тек актер ғана өзгелерді кейіптейді яғни кейіпкердің рөлін сомдайды. Ал кейіпкер қайдан шығады? Кейіпкердің түпнұсқа бейнесі өмірдің өзінен алынғанымен, көркем шығармадағы келбеті автордың қиялынан, драматургтың қаламынан дүниеге келеді. Ал сонда кейіпкер деген кім – адам ба, басқа ма? Адам, әрине! Адам болса Шекспирдің тұжырымына сәйкес ол да актер болғаны ғой, демек Шекспирдің сол бір қанатты сөзін болмыстағы барша құбылысқа қатысты қолданар болсақ, драмалық шығармалардағы кейіпкерлер де белгілі бір рөлді ойнап жүргені. Актердың мамандығы сондай, ол әлгі рөлді ойнайтын актердың өзінің рөлін ойнайды. Қаперлеріңізде болсын, бұл тавтология емес, әр нәрсенің басын ашып алуға тырысу ғана, әгәрәки сөздердің қайталанып келуінен шатаса бастасаңыз айыпқа бұйырмаңыз.
Бірақ мына пьесадан шатаспайсыз, өйткені ондағы кейіпкер адам емес, дұрысы, бұрын адам болған, бірақ соған шыдай алмай, «адам деген ардақты атты» (М.Горький) абыроймен алып жүруге шамасы жетпей, бір түнде әлдебір жиіркенішті құбыжыққа, қабыршақ терілі қоңызға айналып кеткен бейшара. Ондай да бола ма дейсіз бе? Болады екен. Ылғи актерлардың арасында жүргенде бәрі де болады. Оның үстіне, өзіңіз де актер екеніңізді ұмытпаңыз. Басқа ештеңе ойлап таппағаны ма деп драматургты да кінәламаңыз, әлгі қоңызға айналған адамды ойлап тапқан ол емес, осыдан тура жүз жыл бұрын қырық жастан аса бере жарық дүниемен қош айтысқан, шығармаларын неміс тілінде жазған Франц Кафка деген чехиялық еврей жазушысы. Біздің авторымыз тек өз рөлін атқарды, жазушының әңгімесін пьеса тіліне көшіріп, қазақша жазып шықты. Не үшін дейсіз бе? Бұл сұрағыңыздың жауабын пьесаның өзінен немесе театрдағы қойылымынан іздегеніңіз дұрыс болатын шығар. Егер қойылып жатса, әрине. Біздің режиссерлар бұл күндері дайын пьесаны қоюды да ойламайтын болып кетті ғой.
Ал пьесаның қазақ тілінде жазылуының мақсаты – ізгілік пен зұлымдықтың адамзат қоғамындағы мәңгілік тартысы, адамдардың өзара қарым-қатынасының шынайылығы, туыстардың бірін-бірі қадірлей білуі, өзіңнің біреулерге керек екеніңді, онда да пайдаң тиетін болғандықтан емес, бұл өмірде бар болғаның үшін ғана шын ниетімен қастер тұтатынын сезіну тәрізді адами түсініктердің бір-ақ сәтте астан-кестені шығуы мүмкін екенін көркем әдебиетте қалай бейнелеуге болатынын қазаққа да ұғындыру болса керек. Иә, қанша жерден патриот болып, дархан халқымыздың даладай далиып жатқан жүрегінің кеңдігіне, шетсіз-шексіз рухани дүниесінің ізгі қасиеттерден ғана тұратынына әлемдегі бірде-бір халық таласа алмайды деп алғаусыз сеніп тұрсақ та, жақсылыққа жамандық, пайдакүнемдік, сатқындық, опасыздық тәрізді келеңсіз қылықтар бізде де жеткілікті екенін қай-қайсымыз да мойындайтын шығармыз. Өткеніңізге (қазіргіңізге де) бір сәт көз жүгіртіп шығыңызшы, әке-шешеңіздің екі қолын жылы суға малып қоймақ болып тыным таппай жұмыс істедіңіз, үлкен де сәнді үй сатып әпердіңіз оларға, үй шаруасымен шұғылданатын күтуші жалдадыңыз, енді олар сол үйдің өздерінен артылған бірер бөлмесін жалға беріп, қосымша табыс тауып отыр. Оның үстіне, жан дегендегі жалғыз қарындасыңыздың өнері одан әрі шыңдала түсіп, әлемдік аренаға шығатындай деңгейде білім алуы үшін жоғары оқу орнына түсіруді ойластырып жүрсіз. Соның бәрі қып-қызыл шығын, бұл үшін қыруар қаржы керек. Жазған құлда жазық жоқ, тыным таппай еңбек еттіңіз, сол қарқыныңыз әлі басылар емес, зыр жүгіріп, бірді екі, екіні төрт қыламын деп жанталасумен жүріп, өзіңізге көңіл бөлуге де мұршаңыз болмапты.
Бастығыңызға да сіздей адам керек, ұқыпты, тындырымды, айтқанды екі етпей орындаудан басқаны білмейтін қызметкер далада жатқан жоқ, ол да сізден айырылғысы келмейді. Анда да жұмсайды, мұнда да жұмсайды, тауға да салады, тасқа да салады, кетілу білмес қайраулы қара балтасыз, қайда сілтесе де шауып түсесіз, сізден айырылатындай жын ұрып па оны!
Сөйтіп жүріп жілік майыңыз азайды ма, әлде зорығайын дегенсіз бе, бір күні құлап түстіңіз, таңертең төсегіңізден тұра алмай қалдыңыз, жамылған көрпеңізді сырып тастайын десеңіз қолыңыз жоқ, серпіп тастауға аяғыңыз жоқ, бұл не сұмдық?! Дұрысы, аяғыңыз бар, бірақ бұрынғы аяғыңызға ұқсамайды, оның үстіне, өздері көбейіп кетіпті, алтау ма, сегіз бе, одан да көп пе, әйтеуір жұп санды, қолыңыз да аяққа айналып кеткен. Адам кейпіңізден айырылып, әлдебір қоңыз сияқты мақұлыққа айналып шыға келіпсіз.
Енді қайтесіз, осы күйіңізде мәңгі қаласыз ба, әлде қайтадан бұрынғы күйіңізге ораласыз ба? Қайтадан өз қалпыңызға түскеніңіз дұрыс шығар, адамдардың арасында қоңыз болып жүре алмайсыз ғой. Боқ домалатқан қара қоңыз бұл өмірде сізсіз де жетіп-артылады. Дүние-боқты қанша домалатсаң да таусылмайды ешқашан, сізге дейін де ешкім тауыса алмаған, сізден кейінгілердің де шамасы жетпейді.
Сөйтіп өң мен түстің арасында жатқаныңызда есік қағылады, анаңыз ғой, балақайым жұмыстан кешігіп қалмасын деп қамқор болып жүр. Әкеңіз бен қарындасыңыз да үн қосып жатыр, бәрінің ойлағаны сіздің қамыңыз – кешігуге болмайды сізге, бастық ұрсады, тіптен жұмыстан шығарып жіберуі кәдік. Жұмыстан шығып қалсаңыз анаңыз бен әкеңіз қалай күн көреді, қарындасыңыз оқуын қалай жалғастырады, кім көмектеседі оларға, кім асырайды? Сондықтан, есіңізді жиып, адам қалпыңызға түсіңіз дереу, әйтпесе қиын болады. Ең алдымен, оларға.
Міне, бастықтың даусы да естілді, неткен кішіпейіл, сізді іздеп үйге келіпті, бүгін жолсапарға шығуыңыз керек екен, неғып кешігіп жатқаныңызды білгісі келетінге ұқсайды. Төсектен қалай тұрып кеткеніңізді өзіңіз де аңғармай қалдыңыз, бастық атаулының бәрі сондай, сиқыры бар олардың, дауысын естісеңіз болды, жатқан жеріңізден атып тұрасыз, ауру адам сауығып, ақсақтың өзі шауып кетеді. Түнге қарай бөлмені құлыптап қойғансыз, олар сырттан, сіз іштен есікті аша алмай жанталасып жатырсыздар. Олардың кілттері түспейді, іш жағында сіздің кілтіңіз тұр, ал сіз ашайын десеңіз кілтті ұстайтын қолыңыз жоқ, амалыңыз кәне, тістелеп бұрауға тырысасыз. Ондайды кім істеп көріпті, қиналғаннан сілекейіңіз ағып кетті, жоқ, сілекей емес, түсініксіз қоңырқай сұйық зат, әлде қоңыздардың сілекейі сондай бола ма?
Уһ, ақыры аштыңыз-ау! Жаны ашығансып мүләйімсуі мен тепсініп ашулануы жүзінде кезек алмасқан бастығыңыз сізді көргенде көзі бақырайып кетті, зәресі ұшып, жалт бұрылып тұра қашты. Аяулы анашыңыздың шошынғаны соншалық, тілге келместен талып түсті. Көмектеспек болып жақындай беріп едіңіз, әкеңіз таяқпен жасқап жолатпай қойды. Қарындасыңыз… Қарындасыңыз нәзік жанды, сезімтал, сыршыл жаратылыс қой, сізді сондай жақсы көреді, тіптен үлгі тұтады, ағатайы қандай күйге түссе де безінбейді ол, безінбеуге тиіс.
Қайдан!.. Ертесіне сізге тамақ әкеліп бергенде өзіңізді абайсызда көріп қалған әлгі сүйікті қарындасыңыз, ерке қарындасыңыз, соңыңыздан ерген жалғыз қарашығыңыз баж етіп, тұра қашты. Есікті жаба салып, сырт еткізіп құлыптап тастады. Ол да түк емес, ең сорақысы, сізден қайткен күнде де құтылу керектігін әке-шешеңізге қалай дәлелдеп бергенін керең боп қалғыр өз құлағыңызбен естідіңіз! Сол кезде қандай күйде болғаныңыз өзіңізге ғана мәлім. Енді қайтесіз?
Бұрын ойламаған екенсіз, адам баласы не деген тұрақсыз, адами құндылықтар неткен баянсыз – ең жақын, ең қымбат, ең асыл деп есептеп келген ардақтыларыңыз сізден қалай құтылудың жолын қарастырып, ақылдасып тұр. Ал сіз олар үшін арқа етіңіз арша, борбай етіңіз борша болып, демалысты ұмытып, мігірсіз еңбек етіп келдіңіз. Адамсыз ғой сіз, сыртыңыз қоңыз болғанмен жан-дүниеңіз әлі де адами қалпын сақтап қалған, олар да біледі мұны. Әлде білмей ме? Мүмкін білгісі келмейтін шығар? Ондай жағдайда… Адам кейпінен айырылған сіз емес, олар болып шықпай ма? Сіздің сыртыңыз қоңыз болғанмен ішіңіз адам, ал оларда керісінше болар? Олай болса жүрегіңіз суынып, адамзат қауымынан күдер үзбеске амалыңыз қалмайды-ау, сірә. Жаным ашиды сізге. Өзіме де…
Дегенмен көңілге демеу ететін нәрселер де бар – европалықтар осыдан жүз жыл бұрын шошына бастаған жәйттердің төңірегінде біз енді ғана ойлана бастаған сияқтымыз. Бұл біздің самарқаулығымыз емес, ұлттық иммунитетіміздің мықтылығы, өзгелерді аздыра бастаған адами қасиеттердің жұтаңдауы, жан жылуын жоғалту, асыл сезімдердің құнсыздануы тәрізді келеңсіздіктер біздің қоғамға әлі келіп жетпеген болса керек, бәлкім енді-енді жақындай бастаған шығар. Драматург осы мәселені көтеріп отыр.
Екінші шығармаға ойысайық. Адам баласының жаратылысы сондай, әркім де арғы тегі қандай болғанын білгісі келеді, әрқайсымыз да текті атадан тарағанды қалаймыз, даңқты бабаларымыздың адамзат тарихына мәңгі өшпестей жазып кеткен даңғыл жолын мақтан етуге тырысамыз. Жеке адам ғана емес, тұтас халықтар да сондай, бәрі де түп-тамырымыз, бастау-бұлағымыз тереңде жатыр деп есептейді, соны місе тұтып, ісіп-кеуіп, көкірегіне нан пісіп, реті келсе (келмесе де) «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп аузын қомпитып, ұртын бұлтитып шыға келеді және соны ешкім сөкет көрмейді. Қазақ та тегін халық емес, біздің де өткен жолымыз ұлы далада сайрап жатыр, бізде де небір «мен атайын, сен тұр» сайыпқырандар болған. Солардың бірі – Қорқыт ата. Бірақ оған басқа халықтардың да таласы бар, өзбек те біздікі дейді оны, әзірбайжан да ол менің дадам деп кеудесін соғады, басқа да түркі тектес ұлттар мен ұлыстар шамасы жетсе сол сәруарды меншіктеп алуға бейіл. Ал біздің алға тартар дәлеліміз оның Сырда туып, Сыр бойында өлгені ғана. Әңгіме осыған келіп тірелгенде ешкім қарсы дау айта алмайды, ауыздарына құм құйылғандай үнсіз қалады. Бірақ біз әлдекімдерше өзіміздікі дұрысқа шыққанына мастанып, масаттанып, өзгелерге жоғарыдан қарап, тұмсығымызды шүйірмейміз, керісінше, сыпайы-сынық мінезбен «ол кезде бәріміз бір халық болатынбыз, қазақ-өзбек-әзірбайжан-ғағауыз-құмық-оғыз-қыпшақ болып бөлінбегенбіз, Қорқыт ата бәріміздің ортақ бабамыз, сізге де, бізге де жетеді, ешқайсымызға аздық етпейді, таласпай-тартыспай, тып-тыныш қана бөліп алайық» деп басу айтамыз. Жөн сөзге олар да тоқтайды, тоқтамасқа амалы да жоқ.
Сонымен, Қорқыт ата кім еді ол, қандай істерімен есте қалды, тұтас түркіден енші алып бөлек шыққан қаншама халық не үшін қастер тұтады оны, неліктен әлі күнге дейін ұмытпаумен, ұлықтаумен келеміз?
«Қорқыт туған кезінде,
Қара аспанды су алған,
Қара жерді құм алған.
Ол туғанда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған» – деген жыр жолдарымен басталатын пьеса әрі қарай авторлық ремаркамен жалғасады. Ол бір қара жерді қара түнек басқан, дүние-әлемнің астан-кестені шығып, тылсым күштердің табиғатын түсінбей қорқыныштан қалтыраған адамдар шарасыздыққа бой алдырған, ал зұлымдық иелерінің белді өкілдерінің бірі – перінің қызы Марту аспан мен жердің арасында ойнақ салған сұрқай заман болатын. Енді қайтып таң атпайтындай, күн шықпайтындай, жарық түспейтіндей, қара түн сейілмейтіндей көрінетін. Ізгілік атаулы жөргегінде тұншығып, зұлым күштер қаһарына мініп, әзәзілдің ағайындары сауық құрып тұрған.
Кенет шатыр-шұтыр жай ойнап, күн күркіреп, ғажайып бір отты шеңбер Жерге лапылдаған сәуле болып найзадай шаншылып түсті. Онсыз да еңсесі езіліп, жаны жаншылған адамдар бұрынғыдан бетер үрейленіп, зәрелері ұшып, бұл өмірден баз кешкендей болды. Кенет дүниені дүбірлетіп, дүрілдетіп нөсер жауын құйып берді. Отқа оранған алып қарағаштың алаулаған бұтақтарынан көтерілген қосқабат кемпірқосақ аспан әлеміне қол созып, әуеге асылып тұра қалды. Көптен күткен күн де шықты. Айнала түгел жаңарып, жандана бастады, адамдар күрт серпіліп, жүздеріне күлкі үйірілді. Әлгі отты сәуле алып қарағаштың өзегіне бекер түспеген екен, ол мұнда Жаратқан иеміздің адамдарды қараңғыдан жарыққа шығарып, бойларына қуат, жүректеріне жігер беру үшін арнайы жіберген жан иесін – жас сәбиді ала келіпті. Елдің бәрін қорқытқан түсініксіз құбылыстар сол нәрестенің өмірге келуін хабарлап, табиғат-анамыздың жар салуы екен. Осыны ұққан халайық оған бір ауыздан Қорқыт деп ат қойыпты.
Қорқыт есейіп, ер жетеді, өзі шебер, өзі ісмер, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем болады, ақыл-ойы толыса келе қара басының емес, қараорман жұртының қамын ойлаған абыз болып шығады. Бай-Бура-Бектің ұлына Бамсы Бәйрек деп ат қойып, оған Бай-Бижан-Бектің қызы Бану Шешекті айттырып алып береді. Екеуінің некесінен шекесі торсықтай ұл келеді өмірге.
Қорқыт жасы ұлғайған сайын алдағы заманды ойлап, бұрынғыдай ел ісіне тікелей араласпай-ақ адамдарға қалай қорған боламын деп уайымдай бастайды. Бір күні түсінде әулие бабасы аян беріп, баяғы өзіңді өмірге әкелген қарағаштың бұтағынан қобыз жасап, халқыңды соның әуенімен жұбат деп өсиет айтады. Халқымыздың ең ежелгі музыкалық аспаптарының бірі солай дүниеге келіпті.
Қорқыт енді халықты қобыздың үнімен жұбатып, сонымен сергітіп, тыңдаған адамның төбе құйқасын шымырлатар терең де мәнді күйлерімен көкірекке ізгілік нұрын сеуіп, зұлым күштерді жолатпай қояды. Бұл кезде перінің қызы Марту ұлды болыпты, тас төбесінде жалғыз көзі болғандықтан оны Төбекөз деп атапты. Адамдардың ендігі жауы сол болғалы тұр екен. Қорқыт мұны алдын-ала болжап, енді ғана есейіп, күшіне міне бастаған Төбекөзге қарсы Бамсы Бәйректі шығарып, жекпе-жек шайқаста Бамсы жеңіске жетеді. Төбекөздің төбесіндегі жалғыз көзін ойып алып, өзін терең құздан лақтырып жібереді.
Сөйтіп адамзатқа төнген қауіп сейіліп, қайтадан мамыражай заман орнайды. Марту қаншама кектеніп, Қорқытқа тісін қайрағанымен қылар қайраны жоқ, ашық шайқасқа шыға алмайды, абыздың көзі тайып кеткенін пайдаланып жекелеген біреулерді аздырмаса жалпы адамзатқа жамандық істей алмай, бейшара күйге түседі.
Содан кейін де бірталай заман өтеді, бір күні Қорқыт түс көреді, түсінде біреулер көр қазып жатыр екен, бұларың не десе Қорқыттың көрі дейді. Түсінен шошыған Қорқыт енді Желмаясына мініп алып, жер бетіндегі жұмақ мекен Жерұйықты іздеп дүниенің төрт бұрышын аралап кетеді. Бірақ қайда барса да көретіні сол түс – бәрі де Қорқыттың көрін қазып жатқан болып шығады. Шамасы, абыз бабамыз жер бетіндегі міндетін өтеп болса керек, адамдар арасындағы арнайы миссиясы аяқталғанға ұқсайды.
Қорқыт енді Сырдарияның жағасына келіп орын тебеді, астындағы көлігі де, қасындағы серігі де болған Желмаясын сойып, терісінен сал жасайды да дарияның қақ ортасына шығып алып, қобызын тартып отыра береді. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген сөз бар, бір күні Марту оны жылан боп келіп, шағып өлтіреді. Бабамыздың жаны мәңгілік мекеніне, Жаратқан Жалғыздың құзырындағы жарық әлемге жетуге асығып ұша жөнеледі. Баяғы қосқабат кемпірқосақ қарсы алдынан көпір боп тартыла қалады. Осы аңызды бізге жеткізген білгір Аңызшы оны сәл кідіртіп бірер сұрақ қояды. Қорқыт баба байыппен жауап қайтарады.
Сөйтсек біздің Ібілістен, оның соңына ерген жын-пері, албасты мен Марту және басқа зұлым күштерден қорқуымыз бекер екен – оларды да жаратқан Алла-Тағала, олардың бізді аздыруға тырысатыны Жаратқан Иеміздің бізге жіберген сынағы екен. Өмір заңы солай – ақ пен қара, жақсы мен жаман, ізгілік пен зұлымдық кезек алмасып, мәңгілік тартыста болады. Әйтпесе тіршіліктің өзі тоқтап қалады, диалектика деген осы. Жер бетінде жаман өлке жоқ, оның үстін түгелдей Жерұйық деп тануымыз керек. Қорқыт бізге өзінің қара қобызын, оның кемел де кемеңгер, сырлы да нұрлы шанағынан сауылдай төгілген күйлерін аманат етіп қалдырыпты. Осы күйлер халықтың жадынан өшпейінше бізге еш жамандық жоламайды, ешкім қастық қыла алмайды, тура жолдан тайдыратын ешқандай күш болмайды екен.
Бабамыз бізге осындай аманат қалдырыпты, құрметті оқырман. Ал енді сәл аялдап, осы аманат жайында ойланып көрсек. Қобызы түсінікті, күйлері де белгілі, ал олардың жаманшылық атаулыға қарсы тұрар қандай құдіреті бар? Зұлымдық деген дүлей күштің күйден қорқып тұра қашуын санамызға сыйғыза аламыз ба? Сыйғызады екенбіз. Бұл үшін әуелі күйдің өзі не екенін ұғынып алайық. Қобыздың ызыңы ма, домбыраның күмбірі ме – қазақ үшін күй атаулының бәрі рухани өмірдің ұстыны, тірегі, негізі. Қазіргі жаһандану дәуірінде, гибридті соғыстар заманында сыртқы ықпал дегеннің бәріне тек өзіңнің рухани әлеміңді, ұлттық құндылықтарың мен ізгі қасиеттеріңді қарсы қойсаң ғана төтеп бере аласың. Әйтпесе құрыдың, арыстанның аузында ма, аждаһаның көмейінде ме, аюдың қолтығында ма – олжа болып кете беруің кәдік. Пьеса бізді сондай қауіптен сақтандырады, бүгінің мен ертеңіңді сақтап қалу үшін қандай қаруға сүйенетініңді, қандай күшке жүгінетініңді нұсқайды. Авторға сол үшін ғана алғыс айтуға болар еді.
Ал біздің авторымыз – жазушы, драматург, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Ермек Аманшаев бұл күндері алпыстың асуына қадам басып, ақсақалдық кезеңге иек артып отыр. «Алпыс – тал түс» дейді қазақ, бабаларымыздың адам өмірін тәулікке теңеп айтқан сөзі. Тал түс деген тәуліктің ең ұзақ кезі, біз де мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз. Ағылшынның атақты фантаст-жазушысы Герберт Уэльстің жетпіске толуына арналған салтанатты жиында белгілі драматург, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері Бернард Шоу сөз сөйлепті. Мерейтойға жиналған халық тілінің тікені бар қаламгердің мерейтой иесіне арнаған сөзін естігенде қыран-жапан күлкіге қарық болған екен. Бүгін бізге де сөз тиіпті, бірақ біз ағылшынның әзілін түсіне бермейміз, Бернард Шоудың мақтап-мадақтай отырып, мақтамен бауыздағандай етіп түйрей кететін өткір тілінен де мақұрымбыз. Сондықтан, барымен базар, осымен сөзімізді тәмамдап, шолуымызды аяқтауға рұқсат етіңіз, құрметті оқырман.

Пікір қалдыру