Қорқыттың қара қобызы

Ермек Аманшаев

Ермек АМАНШАЕВ

Қорқыттың қара қобызы
(Аңыз-әфсана)

Негізгі кейіпкерлер:
Қорқыт баба – түркі халықтарының абызы, рухани пірі, қобыз аспабын дүниеге әкелуші.
Марту – Перінің қызы, мәңгіліктің бір құбылысы.
Аңызшы – оқиғаны баян етуші.
Бамсы-Бәйрек – түркі оғыз оғланы, Бай Бура-бектің ұлы.
Бану Шешек – түркі оғыз сұлуы, Бамсы Бәйректің бесіктен аталған қалыңдығы, Бай-Бижан бектің қызы.
Бай Бура-бек – түркі оғыз бегі.
Бай-Бижан бек – түркі оғыз бегі.
Байындыр хан – айтулы түркі оғыз бектерінің бірі.
Салор Қазан – түркі оғыздың арқа бегі, Байындыр ханның күйеу баласы.
Төбекөз – Мартудың жалғыз көзді перзенті.
Ақсақал – асатаяғы көкке тірелген, Қорқытқа түсінде аян беретін бейне-елес.
Сары Шопан – қойшы.
Бозбала-қобызшы – Бамсы-Бәйрек пен Бану-Шешектің ұрпағы.
Желмая – Қорқыт Бабаның айнымас серігі, бір өркешті мая.
Жылан – Мартудың бір көрінісі.
Көпшілік, Әйел-Ана, ауыл халқы, Табиғат-Ана бейнелері т.б.
(Сонымен қатар, қойылымның қажетті тұстарында ата-бабамыздың байырғы салт-дәстүріне сай: «Беташар», «Жар-жар» жырларын, «Сақина салмақ», «Ақсерек – Көксерек», «Ақсүйек» ойындарын ұтымды пайдаланған жөн. Реті келсе, тіпті: «Қыз қуу», «Күміс алу» ойындарының көрігін қыздыруға да болар еді).
Жаратылыс
Аңызшы:
Қорқыт туған кезінде,
Қара аспанды су алған,
Қара жерді құм алған.
Ол туғанда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған.
Өліара шақ. Аспан қап-қара, бура бұлттармен көмкерулі. Жер бетінде қара тұнек.
Барша пенде баласы, жан-жануар әлдебір қауып-қатер, зобалаңдардан қалш-қалш ете қорқып, үрей құшағында.
Ысқырынған жел жер-дүниені, тау-тас, орман-көлдерді ықтыртып, жойқын уілімен жасқайды.
Бір мезгілде, орасан зор гуіл шығып, артынан күн күркіреп, аспан көгін ухілете шатыр-шатыр найзағай осып, ұлы дүрмек басталды.
Осынау астан-кестен дүниеде, тек бір құбылыс қана – жаны жай тапқандай сақылдап күліп, соңынан қорқыныш пен үрей, өрт пен тасқын қалдыра асыр салып, ойнақтап жүр.
Ол — Перінің қызы Марту.
Кейде аярлана сықылықтап, кейде ессіз сақылдай күлген Пері қызының жаһанды жалпағынан басып, дүниені шыр-көбелек айналып, мың бұралған биі үрей шашқандай.
Қорқыныштан тізелерін қалтырай бүккен адамдар қорғансыздықтан бүріседі. Жаратқанға жалбарынып, жарықты, сәулелі күнді қайтаруды жалына сұрайды.
Күн одан сайын екілене күркіреп, шатыр-шұтыр еткен найзағай уілдеп келіп жер бетін солқ еткізе шарқ ұрады, одан дауыл ұйтқып, от жалынды маздатып, айқұш-ұйқыш өрт шалады.
Қою түнек пен қорқыныш-үрей үстемдік алып, Пері қыз – Марту дөңгелене билеп ойран салды.
Кенет, қараңғы түнекті жарып өтіп, ғажайып бір отты шеңбер Жерге лапылдаған сәуле болып найзадай шаншылып түсті. Сол сәуле тамыры терең, алып Қара ағашқа түсті. Қарағашты от шарпыды. Күн күркіреп, найзағай шатырлап, соңынан аспаннан шелектеп нөсер жауды.
Тіпті, Пері қыздың өзі мынау әлемтапырықтан сескенгендей дүниенің басқа бұрышына ығып кетті.
Алып қарағаш алаулап жанып жатыр. Алайда, құйындата жауған төкпе нөсер отты тез өшірді. Міне, қараңғылықты қақ жарып, көптен тағатсыздана күткен Күн шапағы да жарқ етті. Әлгі аспан сәулесі шаншылған Қарағаштан зеңгір көкке қосқабат кемпірқосақ өрледі.
Адамдар Қарағашты айнала топталды. Табиғат та азапты ауыр түстен оянғандай, бойын енді жаза бастады. Құдды, бүкіл тіршілік атаулы жанданып, қайта түлегендей.
Кенет, Қарағаштың ішкі қуыс діңгегінен жылаған нәрестенің даусы естілді. Адамдар сескеніп, ошарыла түсті. Баланың жылауы үдей түсті. Адамдар, аң-таң аңтарылып тұрды да, демдерін ішінен алып, ағашқа жақындай түсті. Араларынан бір әйел батылырақ қимылдап, ағаштың діңгегінен іңгәлаған нәрестені суырып алып шықты. Маңдайы торсықтай, үлбіреген жас сәби жаңа шыққан күн шапағындай айналаға сәулесін шашты.
Дүниенің басқа бұрышында сайран салған Марту мұны көре сала адамдарға қарай құстай зымырады. Алайда, күн сәулесі, шақырайған жарық оның сиқыр-амалдарын жоққа шығарып, әсер күшін жоғалтып тастады. Перінің қарекет-амалы жарық барда әдірам қалды. Содан болар, ол көктен түскен сәулелі перзентті өздерімен бірге алып бара жатқан жүректі Ана мен адамдарға қарсы тұрып, кедергі жасауға дәрмені жетпеді. Шыр көбелек айналып, босқа әуре болды.
Халық, көктен түскен от-шеңберге шарпылған зәулім Қарағашта іңгәлап оянған перзентке «Қорқыт» деп ат қойды. Өйткені, ол басында адамдардың зәре-құтын қашырып, қорқыта, үрейлендіре келген еді. Дүниені қара түнек басып, тымырсық тығырыққа тіреп, найзағай солқылдап, нөсер жауып, өзендер сарқыраған шақта…сол үмітсіз қара түнектен жарқ еткен сәуле боп түскен таңғажайып құбылыс еді.

Халық:
– Қорқыт! Қорқыт!

Қос құбылыс

Қорқыт адамдармен тез үйлесті: ер-тоқым мен ат әбзелдері, құрал-сайман жасау, от тұтатып, оны өшірмей ұзақ ұстау, көшкенде өздерімен ала жүру, керуен көшке ыңғайлы жүк тиейтін төрт доңғалағы бар арба жасау,тағы да күнделікті тіршілікті жеңілдететін шаруаларды атқарды. Ыстық-суықты халқымен бірге көріп, қиыншылығын да, ризығын да бөлісіп, ырыс-берекесін бірге жасасты.
Аңызшы:
– Әлқисса… Бірде оғыз бектері Байындыр ханның сұхбатына жиналды. Осы ұлы жиында қалың оғыздың арқа бегі, Байындыр ханның күйеу баласы Салор Қазан замандасы Бай Бура-Бектің қамыққан жүзіне көпшілік назарын аударып еді.
Салор Қазан:
– Бай Бура-бек, қабырғаң қайысып, неменеге қамығып отырсың?
Бай Бура-бек:
– Хан Қазан, қалай жылап, боздамаймын? Тәңірім мені қарғапты. Бектерім, қараңғы қапас ертеңім үшін жылаймын. Бір күні мен де бұл дүниеден кетермін, артымда қалар тұяқ жоқ, ел-жұртымды аманат етер ұрпақ жоқ.
Салор Қазан:
– Арман-мұратың осы ма еді?
Аңызшы:
– Мұны естіген қалың оғыз бектері Қорқыт атаны ортаға алып, көкке қол жая дұға қылды.
Бектер:
– Уа, Тәңірім, Бай Бура-Бекке ұрпақ бере гөр! Артынан аманат етіп қалдыратын тұяқ сыйлай гөр!
(Сол кезде Бай-Бижан бек те орнынан тұрды).
Бай-Бижан бек:
– Бектерім, менің де тілегім бар еді. Тәңірім маған бір қыз берсе деп едім. Ал, тілектеріміз қабыл болып, Жасаған ием қыз силап жатса… Куәгер сендер, қызым Бай Бура-Бектің ұлына бесік қалыңдық болады!
Аңызшы:
Арада жылдар өтті.
Тілегі орындалған Бай Бура-бек қалың Оғыз бектерін арнайы шақыртып қонақ етті. Оның жалғыз ұлы ер жетіп, бұғанасы қатқан болатын. Енді ата дәстүрге сай, батыр Оғланға ат қоятын мезгіл жетті.
Осы тұста Қорқыт ата келіп, оғланға ат қойды.
Қорқыт баба:
Үнімді аңда, сөзімді тыңда, уа елім, Бай Бура-Бек!
Жаратқан саған торсықтай ұл берді, ырысты болсын!
Ақ туын ұстайтын еліңнің арқасы болсын!
Қарсы жатқан қарлы таулардан асар болса;
Хақ тағалам, ұлыңа өткел ашып, жолын оңғарсын!
Қан бөктірер асау толқындарға тап болып жатса,
Қиынынан қиып шығар суайрықтарға жөн сілтесін!
Сен ұлыңды Бамсым деуші едің,
Мұның аты енді Бозайғырлы Бамсы Бәйрек болсын!
Атты мен қойдым, жасын Жаратқан ием берсін!
Аңызшы:
– Әлқисса, Бамсы-Бәйрек бірде нөкерлерімен аң аулауға шығып, қуалап киік атып алады. Сөйтіп жүріп, көк шалғынға тігілген бір қырмызы отауға тап болады. Жігіт не де болса оның ішіне кіруге бел байлайды. Сол мақсатпен отаудың алдына атып алған олжасын тастайды.
Бетіне перде жамылған отаудың иесі Бану Шешек:
– Ей, бек жігіт, киіктен бізге олжа бер!
Бамсы-Бәйрек:
– Мен аңшы емеспін, айтулы бектің үмітті ұлымын. Бөліп жармаймын, бәрі сенікі. Алайда, айып болмаса, бір сұрағым бар. Бұл кімнің отауы?
Бану Шешек:
– Мырза жігіт, бұл Бай Бижан-Бектің қызы Бану Шешектің отауы.
Ал, өзің қайдан келесің? Кім боласың?
Бамсы-Бәйрек:
– Іш оғыздағы Бай Бура-Бектің ұлы Бамсы Бәйрек деген боламын.
Бану Шешек:
– Иә, не бұйымтаймен келдің, жігітім?
Бамсы-Бәйрек:
– Оғыздың іргелі бектерінің бірі Бай Бижан-Бектің бойжеткен қызы Бану Шешек осы маңда еңселі шатыр құрып, құрбыларымен серуен салып жатыр дегенді естіп едім. Реті келсе, соның жөнін білейін деп едім. Көрген жерде сұрау салып, салғыласа кетті деме, құрбым, сабырсыздықтан жіберген айыбым болса, оны өтеуге дайынмын. Олжа да, сауға да сенікі. Жүзіңді жібек пердеге жасырсаң да, даусың мақпал қоңыр екен. Бірден өзімсіне кетсем, мархабат етерсің.
Бану Шешек:
– Бану Шешек бір тартылған олжаға көріне салатын қыз емес, жігітім! Мен оның кәнизагімін. Байқаймын, әйел затына көрсетер ізетің де, амалын тауып оны айшықтап жеткізер ақылың да жететін сияқты. Текті ананың құрсағынан тараған шығарсың? Қош делік! Қыз-жоралғының сырын білетін боп шықтың, ал, ата дәстүріне қалайсың?
Бану Шешек жәй қыз емес, жастайынан ат құлағында ойнап, садақ тартып, талай айтулы бәйге, сайыпқыран сайыстарда алдына жан салмаған. Ел намысына келгенде ешкімге дес бермеген жүректі де, білекті қыз.
Бамсы-Бәйрек:
– Қызбен сайысып, жаға жыртыспақ түгілі, бәйге жарыстырып көрмеп едім. Реті қалай болар екен? Егерәки, өзің айтқан ана-салт, ата-дәстүрдің шеңберінен шықпайтын болса, нартәуекел! Алайда, бұл ұсынысыңа Бану Шешек қалай қарар екен?
Перделі Бану Шешек:
– Жүр, екеуміз алаңға шығайық, ат жарыстырайық, егер сенің атың менің атымнан озса, Бану Шешектің атынан да озғаны. Және сенімен оқ атысамын, атысуда мені жеңсең, оны да жеңгенің, екеуміз күресеміз, мені жықсаң, оны да жыққаның!
Бамсы-Бәйрек:
Нартәуекел! Алдыңнан өттім!
(Екеуі аттанып, майданға шықты. Ат жарыстырды. Бәйректің аты озды. Садақтан оқ атысты, бұл жолы да Бәйрек жеңді).
Бану Шешек:
Ей, жігітім, менің сәйгүлігімнен ешкімнің тұлпары озбап еді, атқан оғымнан асыра атқан да тірі жан болмап еді, енді кел, күресіп көрелік.
(Бәйрек аттан түсті. Қос қарсылас айқаса кетті. Екі палуан бір-біріне жармасты. Қапелімде ала алмай, біраз алысты. Ақыры, намысқа тырысқан Бамсы-Бәйрек шалт қимылдап, қыздың жауырынын жерге тигізді. Орнынан тұрып, есін жиған қыз шынын айтып, жеңілгенін мойындады).
Бану Шешек:
– Бекзатым, сен жеңдің! Мен бесігімнен саған аталған Бай Бижан-Бектің қызы Бану Шешекпін! Тағдырымыз ақыры осылай түйісті! Өзіңді көрген бойда-ақ жүрегім аттай тулап, ерекше алабұртып еді. Жаңылыспаған екен!
(Бәйрек қызды құшағына алып, қолындағы алтын жүзігін оның саусағына салды).
Бамсы-Бәйрек:
Табысқанымыз құтты болсын, хан қызы!
(Оғыз заманында үйленген жігіт садағымен оқ атып, оғы қай жерге түссе, сол араға келін үйі тігілетін. Бәмсі-Бәйрек те оқ атты. Оқ түскен жерге келіннің отау үйі тігіледі. Той-думан, арқа-жарқа қуаныш, ырыс пен береке).
Келін түсіру. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шығып, шашу шашады. Қалғандары жүктерді түсіріп, отауды тігуге кіріседі. Шаңырақты көтеру – ел ішінде сыйлы, үбірлі-шүбірлі бала-шаға иесі, салиқалы анаға жүктеледі.
Түскен келіннің алдынан қыз-келіншектер шымылдық алып шығып, оны келіннің бетіне құрып, шашу шашады. Келін үлкен үйдің босағасын оң аяғымен аттап кіріп, тізе бүгіп сәлем береді. Үш рет иіліп сәлем берген келінге, атасының рұқсатымен Қорқыт баба бата береді:
Қорқыт баба:
– Көп жаса, қарағым! Аттаған қадамың құтты болсын!
(Келіннің қолына бір әйел май құйған ыдысты ұсынып, отқа май құйғызады).
Бану Шешек (келін):
– От Ана, Ұмай Ана! Жаңа тігілген жас отауға шапағатыңды тигізе гөр, жарылқай гөр! Құт береке сыйлай гөр!
Жалпы байырғы салт-дәстүрге сай, «Беташар», «Жар-жар» жырлары айтылады.
Сақина салмақ, Ақсерек-Көксерек, Ақсүйек ойындарын пайдалануға болады. Реті келсе, Қыз қуу, Күміс алу ойындарының көрігін қыздыруға да болар еді.
Аңызшы:
– Бірде Қорқыт түс көрді. Түсінде мынадай іс көрді. Асатаяғы көкке тірелген бір ақсақал аян берді:
Ақсақал:
– Адамдар тіршілік қамытынан белдері үзілердей қиналып тіршілік кешуде. Түрлі қауіп-қатер, уайым мен мазасыздық, сұрамай келетін ауру-сыр­қау, өлім-жітім, қатерлі құбылыстар – құттарын қашырып, үрей мен қорқынышқа, үмітсіздікке белшесінен батырып, бақытсыздыққа душар етуде. Олар тіршіліктің баянсыздығына, өмірдің өгей қатыгездігіне мойынсұнуда.
Сен қарағаштың тұтас бұтағынан – адамның жабырқау жанын жұбататын қоңыр дауысты, сазды аспап жаса. Сол аспаппен уайым-қайғысы жеті батпан халқыңның санасын сергіт. Тіршіліктің баяндылығын паш ет, адамзаттың бір-біріне бауыр, туыс екендігін жырла, ізгілікке, имандылыққа, мейірім шапағатына шақыр. Сөйтіп, тауқыметін жеңілдетуге көмектес, қол ұшын бер!
(Қорқыт өзі іңгәлап дүниеге келген Қарағашты тауып алып, оның бір бұтағынан қос ішекті, ыспалы аспап ойып, ішектерін ат жалының қалың қылынан үйіреді).
Қорқыт баба:
Қарағайдың түбінен,
қайырып алған қобызым,
Үйеңкінің түбінен
үйіріп алған қобызым,
Ақ қайыңның безінен,
қағып алған қобызым.
Өзегінен қара емен
ойып алған қобызым.
Қыл құйрығын тұлпардың
ішек қылған қобызым.
Тау текенің мүйізін
тиек қылған қобызым.
Ақ ырғайын қиянның
құлақ қылған қобызым.
Ортекенің терісін
сауыт қылған қобызым.
Ақ түйенің сүтімен
сылап алған қобызым,
Желмаяның терісін
Шанақ қылған қобызым,
Ор текенің мүйізін
Тиек қылған қобызым,
Сырыңды ашып, үніңді
сынап алған қобызым.
Құлағыңды бұрайын,
Оңтайыңнан сайлайын.

Ендігі жерде Қорқыт күндіз-түні сол аспаппен бебеулетіп — жоғарғы, ортаңғы, астыңғы, тіпті, жеті қат әлемнің бәрін шарлап, кейде оған бақсының құйқылжыған биін қосып, адамдардың бойындағы ауру-сырқау, түрлі кесепаттарды аластатып, тәні мен жанын тазалап емдеп, алаңдаған көңілдерін мейірім мен махаббатқа, ізгілікке баулып, ғажайып сырлы күйлерін сарнатады. Бүкіл дүниені өнерімен жұбатып, әуезімен тербеп, қасиетімен тәнті етеді.
Аңызшы:
– Қобызының құдіретімен Аспанды қаумалай торлайтын қара бұлттарды таратып, шөлейтке жаңбыр жауғызып, өзендердің арнасын бұрып, желдің бағытын өзгертіп, түнекке сәуле қайтарып, неше түрлі ғажайып құбылыстарды жасайды.
Күйлерінің құдірет күші небір сәйгүліктерді басып озып, шартарапқа тарап, әлемді ұйытады. Қорқыт күй тартқанда аспанда ұшқан құс та, далада жортқан аң да, орман-көл мен жан-жануар да тоқтай қалып, бүкіл дүние мамыражай қалыпқа көшіп, мұңды да сырлы қоңыр күйлерге ұйыйды.
Сөйтіп, жаратылыс, тіршілік атаулы уайым-қайғысыз, бейбіт күй кешеді.

Марту мен Төбекөз

Аласұрған Перінің қызы Марту Қорқытқа ерегесіп, адамзатты адал жолдан тайдырып, бір-біріне айдап салып, араздастырып, күндес, бақас, жау қылып қырылыстырып, жер бетін қан-талас, жан-талас дүрдараздыққа, атыс-шабыс, майдан алаңына айналдырып, алқызыл қанға бөктіреді. Адамдар арамзалыққа, күнәһарлыққа белуардан батып, жер-дүние азғындық шырмауығына шырмалады.
Аңызшы:
– Бір күні ел жайлауға көшті. Берекелі Сырдың ну тоғайлы бір сағасында Сары Шопан қойшы жайылған малын түгендеймін деп жүріп, пері қызы Мартуға жолықты. Әлгі сағаға пері қызы қанатты періштенің кейпіне еніп қона қалды. Үріккен қойларын жинақтаймын деп сасқалақтаған шопан ұшып-қонып жүрген пері қызын көріп, әбден қызықты. Қаумалай жүріп ұстап алып, дегеніне жетті…
Пері қызы қанат қағып ұшып бара жатып былай деді.
Марту:
– Менде аманатың кетті, жыл аяқталғанша келіп ал. Барша жұртыңның басына пәле келтірдің, енді!
Аңызшы:
– Осылайша дүниеге періден туған Төбе-көз келді. Ол есейіп, ер жеткен соң, анасы Марту ұлының саусағына темір жүзік салды.
Марту:
– Сүф, сүф, саусағыңа темірден жүзік тақтым! Жау алмасын, денеңе оқ дарымасын, тәніңді қылыш кеспесін деген ниетпен тақтым!
Пері қыз бен оның ұлы Төбе-көз күндіз-түні көшкен керуендерді көз қаратпас шаңды борандарға тап болғызып, адастырып, ажал құшағына айдады. Керуен мүліктерін тонап, талан-таражға салды.
Қайсыбір адамдарды бүкіл жер – жаһанды тырмалатып, неше түрлі ор-апандар қаздырып, Жер қойнауын қопартты.
Әлемнің бар түкпірінде орман-тауларын отқа шарпытты.
Ынсапсыздарды бір-бірімен таластырып, бақталас қылып, жарыстыра аспанға жетердей зәулім, биік мұнаралар салғызды. Олары бір жер сілкінісінде қалбаң-қалбаң етіп құлап, бір-біріне соқтығысып, тас-талқан болды.
Таулар жанартау боп атылып, көлдер ақтарылып-төгіліп, тасқын су, сел боп ағып, дүниені жайпады.
Дүние осылай дыр айырылып, екіге жарылды: бір жағынан — жаһанды тозақ отына жағуға сүйрелеген Перінің қызы Марту. Дүниенің бұл жағы бірде қою, алқызыл, бірде күңгірт, түнек түстерге малынған.
Тіршіліктің барлық ендіктерінде: адамдар арасы, жан-жануар, аң мен құс, жәндіктер, өсімдік-орман, тау-тастар – барлығының да арасында сарт-сұрт салғылас, бітіп болмайтын жағалас, қан майдан, тасқын су, өрт.
Дүниенің екінші бұрышында — дүниені береке-бірлікке, ізгілік пен игілікке ұйыстырған Қорқыттың қоңыр әуен күйлері. Айналаның бәрі: үйлесім мен ырыс, береке мен шапағатқа ұйысқан.
Қыр жағалай жамыра қонған салтанаты мен сәні жарасқан ауыл. Әткеншек тепкен, алтыбақан тартып, ат жарыстырған қыз-бозбала. Он екі қанатты орда үйдің жанында ортадағы Қорқыттың күйін ұйып тыңдаған ел. Көкорайда жәйбарақат жайылған мал мен құс.
Сырнайымен Қорқыттың күйлерін шартарапқа таратқан бейқам шопан. Жүздері жарқын, көңіл сарайлары ашық, рухтары көтеріңкі адамдар.
Дүниенің сәулелі, жарық та жарқын тұстары белең алып, түнекті, қараңғылығы молдау тұстарын тықсырып, аластата бастағандай…
Иә, дүние енді екіұдай жарылды. Екі керағар құбылыс қасарысып, теке тіреске, өліспей беріспеске көшкен. Құдіреті күшті елші Қорқыт пен мың құбылған айбарлы Перінің қызы — Марту.
Аңызшы:
– Айтып айтпай не керек, дүниені екі түрлі дүбірлеткен қос құбылыс: Бамсы Бәйрек пен жалғыз көзді Төбе-көз де ақтық айқаста бетпе бет кездесті.
Қорқыт осы айқасқа өз тарапынан Бәмсі Бәйректі шығарса, Марту – Төбе-көзді шығарды.
Бамсы Бәйрек:
– Ей, Төбекөз!
Ақ сақалды бабаларды қаусатыпсың,
Ақ шашты аналарды зарлатыпсың,
Аға-іні, бауырларға қырғын салып,
Ақша жүзді жеңгелерді қақсатыпсың.
Мөлдір көзді бөбектерді жетім етіп,
Дүниені жермен жексен жаусатыпсың!
Ал енді, қара болат қылышыммен,
Төбеңдегі жалғыз көзді теспейінше,
Қызыл қаныңды жер бетіне төкпейінше,
Тоқтамаймын!
Аңызшы:
– Әлқисса, Бамсы Бәйрек осы ұлы шайқаста айласын асырып, Төбекөздің жалғыз көзіне қанжарын сүңгіп, опат қылады.
Төбекөз:
– Мөлдір көзді ағыздың ба, қан-жоса ғып!
Қу жаныңнан Тәңірім сені де айырсын!
Ақ сақалды шалдарды жылатып ем,
Боз селдірінің киесі атқан шығар!
Ақ шашты аналарды зарлатып ем,
Қара қарғысы жібермеген болар!
Тебін мұртты жігіттерді қаусатып ем,
Обалы жібермеген болар, көзім сені!
Қынай белді қыз-қырқынды сорлатып ем,
Қасиеттері қайырыла ұрған болар, көзім сені!
Зауал шақтар келді ме саған, қайран көзім!
(Құрдымға құлайды).

Түс

Қорқыт бір күні тағы түс көреді. Түсінде мынандай іс көреді: әлдебіреулер қолдарына күрек-кетпенін алып, жер қопарып жүр.
Қорқыт:
– Не істеп жүрсіңдер? Жерді неге қазасыңдар?
Көр қазушылар:
– Біз көр қазып жатырмыз.
Қорқыт:
– Кімге қазып жатырсыңдар?
Көр қазушылар:
– Қорқытқа қазып жатырмыз!
Қорқыт ауыр түстен шошып оянады. Санасын мазасыздық билеп, көңіліне алаңдаушылық, уайым кіреді.
Жалғыз өркешті, қасиетті қаранары – Желмаясына мініп, әлгі түсінен қорынып, дүние кезіп кетеді.
Дүниенің ана бұрышынан мына бұрышына, солтүстігінен оңтүстігіне, шығысынан батысына сабыла көшіп, жан аялдар жер іздейді. Бірақ, қай түкпірге барса да, сол түс – өзіне көр қазғандар кіріп, байыз таппай, сергелдеңге түседі.
Енді «осал жерін таптым» дегендей, Пері қыз – Марту да қыр соңынан қалмай, Ажал кейпіне кіріп, артынан шырақ алып түседі.
Қорқыт Жер-жаһанның төсінен – әлгі әзәзіл түс пен өзіне көр қазушылардан құтқаратын бір мекен тапсам деп аңсайды. Соны іздеумен ғұмыр кешеді. Тау-тастарды аралап, өзен-көлдің тұңғиығын сағалап, орман тұйықтарын тінтіп, жалпақ дала, шөлейт құмдарды асып, табан тоздырады.
Ажал құрсауынан ақыры құтыла алмасын білгеннен соң, енді жердің төрі – Жерұйықты іздейді. Өз жұртына, халқына уайым-қайғысыз, «ертең қалай күн көрем?» – деген мазасыз сұрақтардан ада, алаңсыз өмір сүретін ұйық мекен табуды армандайды. Соны табуды мұрат етеді.
Алайда, «қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші, алдынан – сол баяғы әзәзіл түс, көр қазғандар мен құйтырқы Ажал биін дөңгелене билеген Марту шыға береді. «Әуселеңді енді көрейін!» дегендей, Пері қыз бұрынғыдан бетер құтырынып, біресе, аяр қулыққа салып, мың құбылып, жағадан алғандай болады.
Ақыры, қажыр-қайраты талып, Жерұйығын таба алмай шаршаған Қорқыт Желмаясын жетектеп, ата-баба қонысына, дүниенің белортасы – қасиетті, көне Сырдарияның жағасына келіп тоқтайды.
Осы дүниедегі жан дегендегі жалғыз серігі Желмаяны құрбандыққа шалып, оның терісінен жылжымалы сал жасайды. Сөйтіп, Сырдарияның ағынымен су өтпес былғары төсеніш-салмен аға жөнеледі. Өзеннің қақ ортасында қобызын сарнатып, көкірегінде шемен боп қатқан сырларын ақтарып, мұңлы күйлерін тартып отыра береді.
Сулы-нулы жерге, арынды өзен ағысына кіре алмайтын Пері қыз болса, айналшықтап, күндіз түні Қорқытты ториды.
Аңызшы:
– Осылайша жылдар өтті, ғасырлар алмасты.
Қорқыттың қара қобызының шанағынан күмбірлей шыққан күйлер – мәңгілік пен өткіншілік, баяндылық пен тұрлаусыздық, ел мен жер, махаббат пен ғадауат, мейірім мен төзім, сайыпқыран ерлер мен тайыз санасының құлы боп өткен ездер – жөнінде баян етіп, дүниеге шым-шым тарай берді.
Сырдарияның үстінен әуелей ұшқан құс пен ну қамысын жағалаған аң мен тағы, айнала қоныстанған қалың ел, барша әлем оның күйлерін ұйып тыңдайды, рухани нәр алады. Дүние осылай ойлы әуен мен мұңлы күйдің қуатымен тербеледі.
Тек опасыз Перінің қызы Марту ғана тағат таппай қимылдап, айла-амал­дың түр-түрін қолданып, ойлағанына жетпей тынбайтындығын байқатып, Қорқытқа бір елі жақындай түседі.
Пері қызы енді қиралаңдаған сұр жылан кейпіне еніп, Сырдарияның орта­сында күй тартып отырған Қорқытқа әбден жақын келіп, оны айнала жүзіп жүр.
Міне, ақбурыл сақалы тізесіне түскен ақсақал Қорқыт сәл демін алмақ болып, күнің жылы шуағына маужырап, көзі ілініп кетеді.
Осы кезде, барша ғұмырының мұрат-мақсатына айналған опасыз тірлігін істеу үшін Пері қыз – Марту сұр жылан боп келіп, Қорқытты шағып алады. Сөйтіп, дегеніне жетеді.
Ал, Қорқыт түс көруде… Сонау замандарда… адамдар жайлаған осы дүниені, Жер-жаһанды тасқын су басқанда, сол кесапаттан адамзатты аман алып шығам деп Кеме-қайығын соғып, амал жасаған қасиетті Бабасы қол бұлғайды…Бұлдыр-бұлдыр сағым-тұман арасынан, көне Сырдарияның асау толқындарын сызып өтіп, Жер бетіндегі дүниеден келесі, мәңгілік дүниеге қоныс аудара көшіп бара жатқан ежелгі бабасы шақырады…
Таусылмас мәңгі жолдың тармағындай – Көк пен Жердің арасындағы таңғажайып аспа көпір секілді – қосқабат Кемпірқосақ пайда болады…
Аңызшы:
– Әлқисса, Жер мен Көктің арасындағы таңғажайып аспа көпір секілді Кемпірқосақтың үстімен Мәңгілікке жол тартқан Қорқыт бабамызды сәл кідіртіп, көкейді тескен сауалдарға жауап сұрадық. Аманатын алдық.
Аңызшы:
– Уа, Қорқыт ата, абыз баба, дат! Сауалым бар!
Қорқыт баба:
– Датың болса, айтып қал!
Аңызшы:
– Алмағайып заманда көк жүзінен Жер бетіне найзағай-сәуле боп түсіп, дүниені жадыратып, игілік пен береке шашып, қуаныш пен жұбаныш сыйлап, ізгілік пен мейірім жолына бұрдың. Қошемет, бабам!
Қасиетті Қарағаштың бұтағынан ойып алған киелі қара Қобызыңның шанағынан бұрын-соңды естімеген күйлер төгіп, ұранды жырларыңа да тәнті еттің!
Қобызыңның құдіретімен көк Аспанды қаумалай торлайтын қара бұлттарды таратып, шөлейтке жаңбыр жауғызып, өзендердің арнасын бұрып, жел­дің бағытын өзгертіп, түнекке сәуле қайтарып, неше түрлі ғажайып құбылыстарды жасадың… Мархабат, бабам!
Адамдармен үйлесіп, тіршілікті жеңілдететін талай шаруаларды атқардың. Ыстық-суықты халқыңмен бірге көріп, қиыншылығын да, ризығын да бірге бөлісіп, ырыс-берекесін бірге жасастың.
Сауабынан болсын, бабам!
Бірақ, Жер бетіндегі ғұмырың шолақ болды. Сол қысқа тіршілігіңнің біраз мезгілін құрығы ұзын сұм Ажалмен айқасуға жұмсап, төрткүл әлемнің төрт бұрышын кездің. Ақыры дүниенің төрі – қасиетті Сыр-Дарияның суына келіп жан сақтадың. Адам баласына не Аманат қалдырып барасың, уа қасиетті бабам?!
Қорқыт баба:
– Ең алдымен, Жаратқанға салауат!
Жер беті – әу бастан жәннат төрінен қоныс аударған Адам атаның атакүлдік мекені! Қасиетті өлке, Жаратқанның мейірімі тұнған өріс. Менің Ажалмен арпалысқанымның сыры – талайыма қысқа ғұмыр сайланғанын білгеннен соң, Адам баласына осынау шолақ та өткінші өмірде уайымсыз тіршілік кешетін Жерұйық мекен тауып кетсем деген ниеттен еді. Соған үлгере алмай қалам ба деп жанталастым.
Сөйтсем, ұйық мекен – Жер үстінің түгелдей өзі екен-ғой!
Жаратқанның әу бастағы таңдауы солай болғандығын түйсіндім.
Пенде-әуи дүниенің қызығын да шыжығын да бір адамдай көрдім. Алайда, бұл өмірдің зор сынақ алаңы екені қандай рас болса, оның – келесі дүниенің баспалдағы екені де сондай ақиқат.
– Иә, тіршілік – мәңгі сарқылмас ұзақсонар жол. Ал бұл өмір – келесі дүниенің баспалдағы. Өз береке-баяны да бар. Өйткені, бұл өмірсіз келесі дүние жалғассыз. Басы жоқ баян, әлқиссасы жоқ аңыз боп қалады. Құдды керегесі жоқ шаңырақ тәрізді.
Әлқисса, содан Ажалмен алысуды доғарып, өлшеулі өмірден осы шартарапқа сиятын іс іздей бастадым.
Әу баста, Жаратқан Иеміз жер бетіне – Адам ата мен Һауа анаға қосақтап, Ібілісті де көшірген-ғой. Сондықтан, қашан да: жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, даналық пен сәуегейлік, әки керағар құбылыстар жарыса тіршілік кешеді екен.
Аңызшы:
– Жә, солай делік. Адам баласының Ібіліске еріп, адаспасына кім кепіл?
Қорқыт баба:
– Ібілістің әу бастағы күнәсі де Адам баласына артқан Жаратқанның ұлы сеніміне күмән келтіргенінде емес пе еді? Сен де күмәнданба!
Қайта, Жаратқанның Адамзатқа деген асқақ махаббатының, кіршіксіз сенімінің сырына үңіл. Соның құдіретіне ұйы. Сол мөлдірлерден қанып іш, қуат ал.
Бұл өмір – мәңгілік жолдың бір сағасы ғана. Сол жолда Адам мен Ібіліс бірін-бірі қайрап, бірін-бірі қаусатпақ болып алысып, майдан ашады. Бұл майдан – шыңдалу майданы, ұлы сынақ. Дүниедегі Үйлесімділіктің сыры да осында.
Аңызшы:
– Уа, қасиетті бабам, қандай аманат қалдырып барасың?
Қорқыт баба:
– Жаратқанның адам баласына деген қамқорлығының тағы бір сыры – оның әлсін-әлсін Жер бетіне Елшілерін жіберіп отыратындығында.
Әрқайсысының жолы басқа, құралы дара. Артынан терең із қалдырғандары бар. Дүние сапасын арттырғандары бар.
Түптеп келгенде, олардың бағасын беріп, парқын айқындайтын да – сол Адам баласы. Қалың ел, адамзат.
Ал, енді менің аманатыма келетін болсақ, ол – мынау қара шанақты қарағай қобызым деп біл! Соның сағағынан тараған күйлерімді қабыл ал!

Эпилог

Сол-ақ екен, Қорқыт баба із-түзсіз жоғалды. Жер-дүние, сөйтіп, Жаратқанның тағы бір Елшісімен қоштасты.
Ендігі Жерде – Марту пері ғана алаңсыз ойран салып, құлашын жазады. Пенде баласының дәрменсіздігін, ғұмырының өткіншілігін, тіршілігінің баянсыздығын тағы бір мәрте ескерткендей, мысын баса құйын боп құтырады. Дауыл боп ұйтқып, аласапыран кесапаттарды жаудырады. Оған төтеп берер күш жоқтай.
Бірақ, міне, жер-жерден Қорқыттың күйлері естіле бастады. Әуелі әлсіздеу шыққан әуезді күйдің дауысы бірте-бірте күшейіп, қатайып, дүниені кернеп барады.
Қасиетіңнен айналайын, ғасырлар бойы ата-бабамызға жайлы қоныс болған киелі көне Сырдың, сағалы Сырдарияның жағасында, ну қамысты төсеніш қылып, малдасын құрып алған бір тақиялы Бозбала – сайыпқыран Бамсы-Бәйрек пен аймаңдай сұлу Бану Шешектің ұрпағы – Қорқыт атамыздың қара қобызының шанағын нәзік саусақтарымен қармай қаусырып, құлаққа таныс, жүрекке жылы қоңыр күйлерді аңыратып отыр.
Қорқыт бабамның күйлері!
Сол-ақ екен…
Кезінде Қорқыт бабаның қара қобызының шанағынан күмбірлей шыққан – мәңгілік пен өткіншілік, баяндылық пен тұрлаусыздық, махаббат пен ғадауат, мейірім мен қысастық, сайыпқыран ерлер мен тайыз санасының құлы боп өткен ездер жөнінде баян еткен – мұңды, қоңыр күйлер дүниеге шым-шым тарай берді, тарай берді. Сырдарияның үстінен ұшқан құс пен қамысын жағалаған аң мен тағы, айнала қоныстанған қалың ел, барша әлем оның күйлерін тағы бір мәрте ұйып тыңдай қалды. Дүн-дүние осылай әсем әуен мен мұңлы күйдің қуатымен тағы да тербеле жөнелді…
Жер бетіне – имандылық мен ізгілікке, баяндылық пен сабырға, әділетке деген Сенім бүршігін сеуіп, бабаның құдіретті күйлері ырыс боп төгілді. Осы күйлер – мынау Жер бетіндегі тіршіліктің баяндылығын айғақтап, әлсін-әлсін Елшілерін жіберіп отыратын, жүз атауының бірі Мәңгілік, Жасампаздық болып табылатын Жаратушыға деген сенімді нықтай түскендей…
Аспан төрін, зеңгір Көкті тағы да қою-қара, бура бұлттар тұмшалады. Алыстан күркіреген Күн дауысы дүниені шарлап, тау-тастарды, өзен-көлдерді, орман-шөлдерді дірілдете жайыла берді.
Күн күркіреді. Найзағай шатырлады. Алапат дауыл соқты.
Тағы бір жаңа құбылыс келер ме екен?..

ҚҰБЫЛЫС
(Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесінен жасалған инсценировка)

НЕГІЗГІ КЕЙІПКЕРЛЕР:
Грегор Замза
Әкесі
Шешесі
Қарындасы
Қызметші әйел
Дауыстар

Түн. Еңсесі биік, бірақ күңгірт түстерге малынған қаракөлеңке бөлме. Айнала есіктер, сірә, басқа бөлмелер осы жерде тоғысады.
Әлдеқайдан күбірлеген дауыс естіледі.
Дауыс: Бұл не сезім? Бұрын-соңды болмаған, болса да бүгінгідей жеті батпан салмағы сезілмеген жылбысқы бірдеңе… Қызметке хабарласам ба екен… «Ертең жолға жүре алмайтын болдым» деп ескертсем бе екен? Әй, қайдам? Тыңдай қояр деймісің? Ондағылардың жәйі белгілі ғой… япырмай, бұл не деген зілбатпан сезім?.. Құдды таң атпайтындай… Мәңгі-бақи оянбайтындаймын…
Грегор мазасыз түстен оянып кетті. Тұрмақ болып еді, алайда қол-аяғы тырбаңдап, икемге келмеді.
Грегор: Масқара, маған не болған? (Айналадағы дүние бәз­баяғы қалпы. Бәрі орнында, мызғымайды. Сілбілеген жаңбыр дауысы.)
Грегор: Мынау не түс? Кейде, таң сәріде оянғанда, қапелімде көз ашылмай, қиналушы едім ғой… Әлде… Сәл мызғып алсам ба екен?.. Мына бәленің бәрін ұмытатын…
Оң жамбасына ауысқысы кеп еді, бірақ қанша тыпырласа да, шалқасынан түсе берді.
Грегор: Құдай-ай, маңдайыма не кәсіпті жазғансың? Күн демей, түн демей, үнемі жол үстінде өткен өмір. Жылы орынның қадірін – жол ауырлығын көргенде сезесің екен…
Темір табан пойыздардың жүру кестесін үнемі қадағалап отыру, адам арқауы – асты да қалай болса солай ішіп, бірде аш, бірде тоқ дүние кезу, тек іске, кәсіпке қажет адамдармен ғана аз сәтке таныс-біліс болып, соған бола сезім сарқу…
Шайтан алсын мұндай тірлікті!
Тағы да әрлі-берлі аударылғысы кеп еді, түк шықпады.
Грегор: (сыбырлап). Үнемі ұйқы қанбай, еп-ерте төсек суытудан бас мең-зең, бір күні естен айрылатын шығармыз, түге!.. Адам болғасын ұйқы қандырып жүру керек қой, шіркін. Басқа әріптестерімнің тірлігі маған ертегі секілді. Мәселенки, мына мен, таң атпай іс бабымен шауып кетіп, түске салым сұраным. Тапсырыстарымды таза қағазға көшіріп алу үшін қонақ үйге қайтып келе жатсам, әлгілер енді тұрып жатады… Мен де сөйтейін бар-ау, қожайыным бір күн де тұрғызбас еді. Әке-шешемнің алақаныма қарап отырғандары болмаса, баяғыда-ақ кетіп қалатын едім. Тікірейген бастығымның жанына жетіп барып… е-ей, алдымен бетіне былш еткізіп, өзі жөнінде не ойлайтынымды ақтара салып, содан соң, маңғаз басып кете барар едім-ау, шіркін, қайтерсің… Мейлі, әзірше кекірейіп жүре тұрсын… ал, мен қажетті қаражатымды жинап алып, әке-шешемнің қарызынан құтылайын… Әрине, оған әлі бес-алты жыл керек, содан соң… Қоштасармыз мәңгіге!.. Тұру керек, бесте пойызым бар.
Жанындағы қоңыраулы сағатқа қарайды.
Грегор: Мәс-са-ған! Алты жарым бопты! Сонда бұл сағаттың уақытысында шырылдамағаны ма? Төртке туралап қойып едім ғой! Иә, сол қалпы. Бөлмедегі бүкіл жиһазды селкілдетер ашушаң шырылынан оянбауым мүмкін емес қой… Енді қайттім? Келесі пойыз жетіде. Ал оған үлгеру үшін… енді жанталасуым керек. Фирмамыздың мата үлгілері әлі жиналмаған… Еңсемді езіп, жігерімді жаншыған ауыр күйім – мынау… пойызға үлгерген күннің өзінде қожайыннан әбден сөз еститін болдым. Өйткені ол үйреншікті әдеті бойынша таңғы пойызға тексеруші жібереді. Япырмай-ай, соңғы бес жылдың ішінде дәл бұлай ауырмап едім. Аурумын ба мен осы? Сырқатпын ба?.. Бір түн ішінде…
Бас жағындағы есікті біреу қақты.
Дауыс: Грегор! Жетіге жиырма бес минут қалды.
Жолға шықпаушы ма едің?
Грегор тағы да әуреленіп көріп еді, қозғала алмады. Дауыстап халін айтайын десе, көкірегінен «ыс-пыс» еткен дыбыс қана шығады. Бірақ ішкі үні сайрап тұр.
Грегор: Иә, иә, мама, қазір тұрамын!
Үні шықпайды. «Пыс-пыс» еткен әлдене.
Грегор: Шіркін, мұндай жанға жайлы, жұмсақ дауысты дүниенің төрт бұрышын кезсең де, ести алмассың. Қазір, қазір, мама, тұрып жатырмын.
Шешесі тырпылдай басып алыстайды. Іле-шала басқа есіктердің жанына адам жинала бастады.
Әкесі (2­-есіктен): Грегор, саған не болған? Тұрмайсың ба?
Қарындасы (3­-есіктен): Грегор! Сырқаттанып қалғаннан саумысың? Бәлкім, көмек қажет шығар?
Грегор: Қазір, қазір… Мен дайынмын.
Қарындасы: Грегор, жалынамын, аш!
Нағыз азап енді басталды. Грегор орнынан тұрмақ болып, қаншама талпынса да, қол-аяғы құрысып қалғандай, тыпыр ете алмады. Құдды денесін әлдекім кереуетке таңып тастағандай.
Грегор: Қайткен күнде де төсектен тұруым керек.
Ол енді сірескен аяқ жағын жылжыта қозғамақ болды. Мандымады. Ызасы келіп, қатты ырғып жіберіп еді, кереуеттің теміріне сарт соғылды. Кеудесімен жылжымақ болды. Басы кереуеттен салбырап кетті.
Грегор: Күнде оп-оңай түсе салушы едім. Еденнің соншалықты алыс көрінуін қарай гөр.
Қоңыраулы сағат шырылдады.
Грегор: Сағат жеті болды. Ал менің басымда – селдір тұман. Қайткен күнде де, ендігі он бес минут ішінде мына жылы төсектің қор қамалынан босануым керек. Оған дейін, тіпті, мекемеміздің саққұлақтарының біреуі келіп те қалатын шығар.
Енді ол бүкіл денесімен жылжи бастады. Кереуеттің ернеуіне тақалған кезде сыртқы есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді.
Грегор: Бастық! Құдай біледі, бастықтың өзі келді. Ала өкпе болып өзі жетті, қаскүнем-ай! Қандай мекемеде жұмыс істеп жатырмын десеңші?! Сәл ғана кідіріске бола, анау дызетпе шәкірттердің бірін жұмсай салудың орнына, өңмеңдеп өзі жетіпті. Соншама күдікшіл болмаса етті. Менің де маңдайымның соры бес елі-ау, осылармен бірге қызмет істеп жүрген.
Тағы бір ырғалып қалып еді, еденге дүрс құлады. Іле-шала есік жанына келген Бастықтың даусы шықты.
Бастық: Әлдене құлады-ау деймін?
Грегор: Иә, иә!
Әкесі: Грегор, бастық мырза келді. Таңғы пойызбен кетпеген себебіңді білгісі келеді. Біз не айтарымызды білмей тұрмыз, аш есігіңді.
Грегор: И, иә, қазір.
Бастық: Қайырлы таң, Замза мырза!
Шешесі: Жүрегім сезеді, сырқаттанып қалды. Анық солай. Бастық мырза, сеніңіз маған, ол – сырқат. Әйтпесе, пойызға кешігер ме еді? Күндіз-түні ойлайтыны – қызмет бабы. Мен кейде тіпті өзіне ренжимін де… ешқайда шықпайды. Сенесіз бе, бұл жолы үйде сегіз күн болса да, сегізінде де ешқайда аттап басқан жоқ. Бар ермегі – қазит оқып, пойыздардың жүру кестесін ежіктеу… Әйтсе де, Сіздің келгеніңіз өте орынды болды. Сізсіз Грегорге есік ашқызу мүмкін болмас еді… Қыңыр мінезі де жоқ емес… Ауырып қалған шығар, сірә!
Грегор: Қазір шығамын.
Бастық: Аурудан басқа себепті мен де таппай тұрмын. Алайда жолдан қалатындай ауыр сырқат емес шығар. Кәсіпкерлердің барлығының дерлік мойнына жазылған тағдыр осы – кейде кішігірім ауруды жүре жеңіп кетуге тура келеді.
Әкесі: Грегор, бастық мырзаның кіруіне бола ма? Грегор. Жо-жоқ!
Тыныштық орнады. Қарындасының белгісіз себеппен жылап жібергені естілді. Грегор сол құлаған қалпы, еденде қыбырсыз жатыр.
Бастық: Замза мырза, бұл не деген бейбастақтық? Бөлмеңізге тығылып алып, тек «иә», «жоқ» деп жауап бересіз. Ата-анаңызды бекерден-бекер қинайсыз, әрі қызмет бабындағы міндетіңізден қашасыз. Ашыңыз есікті, түсіндіріңіз мән-жайды. Менің таңқалысымда шек жоқ. Сізді бұйығы да жуас, саналы адам деп есептеуші едім. Сіз түсініксіз қылықтар жасап тұрсыз қазір. Әрине, әртүрлі жағдайлар болады… Әрі Сізге басқа қалалардағы түсімімізді алып қайту тапсырылған. Қожайын да, мен де оны білеміз, әрине. Қожайын, тіпті, «сол себептен кешігіп жүруі мүмкін» дегенді айтты. Бірақ Сіздің мына қыңырлығыңызды көре тұрып, болысуға ниет қалмай барады. Сіздің фирмадағы жағдайыңыз да онша мәз еместігін ұмытпаңыз. Соңғы кездегі тіршіліктеріңізге қарын ашатындай, түге. Қазіргі кездің келісім-шарттар жасауға онша ыңғайлы еместігін білеміз, әрине, бірақ бірде-бір мекемеге бұйым-маталарымызды сата алмаған кез – еш уақытта болған емес.
Грегор: Бастық мырза, қазір ашамын. Аздап басым айналып, өз-өзіме келе алмай жатқам. Тіпті, әлі төсектен тұра алмай жатырмын. Бірақ енді есімді жиғандаймын. Қазір, қазір тұрамын. Сәл шыдай тұрыңыз. Кеше, кеше ғана жап-жақсы, өз-өзіме сенімді едім. Әке-шешем өтірік айтқызбас… Жо-жоқ, мен не айтып кеттім?.. Кеше, иә, кеше кешке, жүрегімнің бір түпкірінде әлдеқандай түсініксіз сезім, күдік пе, уайым ба, пайда болған. Бұрын-соңды болмаған. Фирмаға хабарлауым керек еді, әрине… Алайда құр сезімді, негізсіз күдікті қалай әңгімелерсіз? Әрі өзіңіз айтқандай, жеңіл-желпі ауруды жүре жеңемін бе дегенмін… Мырза! Әке-шешемді аяңыз. Олардың менен басқа қорғаны жоқ. Бүкіл әулет менің қолыма қарап отыр. Содан кейін, жағдайым, қызметімді айтам, дәл жаңағы Сіз айтқандай сорлы қалыпта емес. Бәлкім, Сіз менің соңғы жіберген сұраным-заказдарымды көрмеген боларсыз?… Мен кетемін. Иә, иә, сегіздегі пойызбен-ақ жүремін. Бір-екі сағат артықтау ұйықтап қалсам да, едәуір күш жинап алғандаймын.
Сіз кідірмеңіз, қайта беріңіз. Соңыңыздан мен де фирмаға барамын. Қожайынға сәлем айтыңыз!
Грегор денесін зорға қозғап, іргедегі сандықшаға тірелді. Оған сүйене бойын жазып, жанындағы орындықтың арқасына асылды. Сол қалпы тың тыңдады.
Бастық: Бір сөзін түсінсем, бұйырмасын. Біздерді басынғаны ма, мынау?
Шешесі: Не дегеніңіз мырза, Құдай сақтасын. Мүмкін, ол қатты ауырып қалып, біз босқа қинап жатқан болармыз. Грета! Грета!
Қарындасы: О не, мама?
Шешесі: Дереу дәрігерге жет. Грегор сырқат.
Оның қалай сөйлегенін жаңа естідің бе?
Бастық: Белгісіз жәндіктің дыбысы… Құдай куә, солай…
Әкесі: Анна! Анна! Тез ұстаны шақыр, алып кел.
Есігімізді ашып берсін.
Грегор осы мезгіл тұтқадағы кілтті аузымен бұрай бастады. Аузынан әлдеқандай қою сұйықтық ағып кілтке, одан еденге тамды.
Бастық.
Тыңдаңыздаршы,кілтті айналдырып, ашайын деп жатыр.
Сырт етіп құлыптың ашылғаны білінді.
Грегор: Әйтеуір, ұстаның көмегінсіз өзім аштым-ау.
Есік айқара ашылды.Грегор есіктің тұтқасында асылып тұр. Топырлап кірген адамдардың дауысы. Іле-шала Бастығының «ойбай» деген жан дауысы шықты да, тырпылдап қаша жөнелгені естілді. Шешесі Грегорға қарай екі қадам басты да, шалқасынан құлады. Ал әкесі Грегорға жұдырығын түйіп, еңкілдеп жылап жіберді.
Грегор: Міне.., қазір.., киініп, мата үлгілерін жинаймын да, жөнеп беремін. Көрдіңіз ғой, бастық мырза, мен жұмысыма жан-тәніммен берілген адаммын. Әрине, үнемі жол үстінде жүргесін, кейде шаршайсың-ақ… Бірақ… Бастық мырза, қайда кеттіңіз, қашпаңыз, тоқтаңыз! Кеңсеге барасыз ба? Солай ма? Бәрін жеткізіп барасыз ба? Адам – өгіз емес қой, кейде шаршайды. Жақсы білесіз, қожайынның алдындағы қарызымда шек жоқ… Содан кейін, ата-анамның, мынау қарындасымның бүкіл өмірі менің қолымда емес пе? Мен аяқастынан бір бәлеге тап болдым білемін, бірақ одан сүрінбей өтерім де анық. Құтыламын… Иә, иә! Дүние бір-ақ түнде, бір-ақ күнде астан-кестең болды-ау… Бастық мырза, онсыз да мәз емес өмірімді қиындатпаңыз, жақтасыңыз маған! Түсініңіз!… Шіркін-ай, қарындасым кетпегенде ғой!.. Білемін, ол ақылды, саналы қыз, мен бағана кереуеттен тұра алмай жатқанымда жылаған. Сезді әлденені… Анау, беті жылтыраған әйел затын көрсе, жұмсара қалатын бастықты ол тоқтатар еді. Шығар есікті жауып қойып, бар күдік-қорқынышын сейілтер еді…
Грегор қолдарын жібере салып еді, еденге дүрс құлады. Жерде жатқан шешесі есін жиып айқайлап жіберді.
Шешесі: Көмектесіңдер! Көмектесе көріңдер! Құдай үшін! (Шегіншектей бергенде, өздерінің бөлмесінде­гі ас столына отыра кеткенін сезбей қалды. Стол үстіндегі шәйнек төңкеріліп, кемпірге кофе төгілді.)
Грегор: Мама! Мама! (Көмекке ұмтылды.)
Шешесі одан бетер қорқып, жанына жеткен әкесінің құшағына құлады. Сол-ақ екен, әкесі оны жайғастыра сала, бір қолына таяқ, екінші қолына үлкен газет алып, Грегорды бөлмесіне қуды. Сонда ғана Грегор зорға бұрылып, кейін қозғалды. Әкесі сыртынан таяқпен бағыттап, итермелеп қояды. Есікке жете бергенде, бір жағы жабық екен, Грегор қыстырылып қалды. Сол кезде әкесі жақындап келіп, оны таяғымен итеріп кіргізді.
Келесі күнгі таң сәрі. Грегордың бөлмесіне қарындасы кірді.
Қарындасы: Қайда кеткен өзі? Құдайым-ай, енді ұшып кетпеген шығар?.. (Диванның астында жатқан Грегордан үркіп қаша жөнеледі. Бірақ лезде қайтып оралды. Шағын ыдыста толып тұрған сүтті көріп, басын шайқайды. Шүберек әкеліп, сонымен әлгі ыдысты шығарып таста­ды.)
Қарындасы. Бейшара, мүлдем ас алмайды. Тағы да сол күйі тұр. (Шығып кетіп, бұзыла бастаған жеміс­-жидек, әлдебір сүйек­саяқ, кепкен нан, сыр, су құйылған ыдыс алып кірді. Сөйтті де, дереу қаша жөнелді. Есікті «сырт» еткізіп құлыптағаны естілді. Грегор қорбаңдап барып, әл­гілердің ішінен бірқатарын жеп алды. Тойып алып, шалқалап жатқан кезде, қарындасы есікті қайта ашты. Грегор диванның астына тығылды. Қарындасы қалған асты сыпырып үйіп шелекке салып алды. Есікті қайыра жапқаны сол еді, Грегор үйреншікті бола бастаған мекенінен шығып, керіліп жата кетті.)
Грегор: Шынымен, мен адамдықтан қалып барам ба?.. Не болды маған? Бір күннің ішінде дүние астан-кестен болды-ау. Кеше ғана қуаты қайнаған «жас бөрі» едім… Бүгін ешкімге қажетсіз «қу жәндікке» айналғаным ба? Бұл не сұмдық? Не заман мынау? Бір түннің ішінде жат, бөгде дүниеге тап болғаным ба? Сыры неде ол дүниенің? Жүректен сыздап шыққан үнімді ешкім естімейтіндей… «Олар» үшін мынау менің өрімдей жас қалпым – кәрі жәндікті елестеткендей, аттай тулаған жүрегім – жәндіктің кеудесіне сыйғандай… Сонда бұрынғы адам қалпым, сол баяғы мимырт, мамыражай, кең заманның – келмеске кеткені ме? Қайырылмасқа аяқ басқаны ма? Не боп барады айнала? Сол дәуренмен мәңгіге қош айтысқаным ба?.. Ал менің әулетім ше? Мынадай қиралаң заманда қалай күн көрмек?
Жылжып есікке барды. Тың тыңдады. Көрші бөлмеде Грегордың қалған әулеті мәслихат құрып отыр еді.
Әкесі: (әлсін­-әлсін орнынан тұрып, шағын қобдишасынан не бір квитанция қағаз, не қойын дәптер алады). Иә, сонымен, басымызға түскен мынау ауырт­палыққа қарамай бұрынғы күндерден әп-әжептәуір қаражат қалыпты. Оның үстеме пайызына тиіспегендіктен, соңғы жылдары едәуір өсіп, кішігірім дәулет боп жиналыпты. Ал ай сайын Грегордың әкелген жалақысын қосқанда.., айналайын-ай, өзіне аз-ақ қалдыратын еді ғой.., кішігірім капиталымыз бар боп шығады. Егер осы жиналған ақшаның үстеме пайызына ғана күнелтетін болсақ, бір жылға, әрі кеткенде екі жылға жетеді… Одан кейінгі тағдыр белгілі… Сондықтан қазір қолда бар дүниені «әлдеқандай заман туып қала ма» деген қауіппен сақтап, күнделікті өмірге табыс іздеу керек…
Шешесі: Мүмкін, мынау заманның беті бері қарап, дүние түзелер әлі, қайтадан бұрынғы қалпына келер… Грегорымыз оралар… «Үмітсіз – шайтан» деген, күтейік. Әліптің артын бағайық…
Грегор: (өз бөлмесінде). Қайран менің анашым. Әке… Соңғы бес жыл ішінде қолыңа күрек алмақ түгілі, шөп басын сындырып көріп пе едің?.. Қиюын келістіре алмаған бүкіл ғұмырыңда жолың болмай, есепсіз қарызға батып, аяғында жалғыз ұлыңның қолына қарап отырмап па едің?.. Мен барда, саған жұмыс іздетпек түгілі, мұндай сөздерді айтқызар ма едім? Қайран анашым, жұмыс істемек түгілі, соңғы жылдары пәле боп жабысқан демікпеден үй ішінде зорға жүрген жоқ па едің? Ал менің сүйікті қарындасым… Сонда қызмет қуып, белі қайысатын сол болғаны ма? Жо-жоқ! Шіркін-ай, оның скрипкада ойнағанын көрсең ғой. Сүйріктей саусақтары сызылып, небір ғажайып сазға бөлеуші еді?.. Жүрегімнің түкпірінде тығылған бір арманым:
– Сені келесі жылы консерваторияға беру емес пе еді?..
Бар шығынын өзім көтеріп алатын едім ғой… енді сол тәтті арманның мынау жәндіктің кеудесінде өлгені ме? Не деп барам мен өзі? Адаммын ба, жәндікпін бе? Әлде бұрынғы мимырт заман мен мынау жатбауыр жаңа дүниенің арасында қыстырылып қалған адам-жәндікпін бе?
Кенет есік ашылып, қарындасы кірді. Грегор диванның астына тығылды. Диван үстінен түскен ақ жамылғыны қымтанды.
Қарындасы: Кел, кір, көрінбейді. (Шешесі кірді.)
Шешесі. Меніңше, біздің бұл тірлігіміз оған аса жайлы тимейді. Бөлмедегі жиһаздарды алғанымыз – оның сауығатынына, қайта арамызға оралатынына деген үмітіміздің өшкені емес пе? Соның белгісі болмай ма? «Өз тағдырыңды өзің көр» дегенмен бірдей емес пе, патшам-ау! Одан да, бәрін сол қалпы қалдырайық. Қайтып оралған соң, еш өзгеріс болмағанын көріп, тез оңалады.
Грегор: Шынында, мен бірнеше әулеттен мирас болып қалған текті жиһазға толы бөлмемнің қараңғы, қуыс үңгірге айналғанын қалаймын ба? Адамдық шағымды ұмытуға, шынында бейілмін бе?
Әйелдер жағы бөлме ішіндегі жиһазды біртіндеп шығара бастады. Грегор д ы ң жазу столын шығарып әкеткен мезгілде, ол қабырғада ілулі тұрған әйел портретіне жабысып тұрып алды. Алдымен қарындасы кірді.
Қарындасы: Енді не аламыз? (Грегорды көріп қа­лып, кілт бұрылды. Шешесін көлегейлеп алып кетпекші еді.) Шешес і (Грегорға көзі түсіп кетті). Құдайым-ау, о, Құдайым-ай! (Диванға сылқ құлады.)
Қарындасы: Әй, Грегор! (Жұдырығын бір түйіп, шешесін қолтықтап алып кетті. Сол­ақ екен, есіктің қоңырауы шырылдап, әкесі келді.)
Әкесі: Не боп қалды? Шешеңе не болған?
Қарындасы: Мамам бір сәтке есінен танып қалды. Грегорды көріп қалған…
Әкесі: Айтып едім ғой, осылай боларын білгем!..
Грегор басын көтеріп еді, Әкесі стол үстіндегі алмаларды алып, жанұшыра сыбады. Шешесі есін жиып, оны әрең тоқтатты. Сәлден кейін тынышталып, бәрі стол басына жиналды.
Әкесі: Иә… Қартайғандағы жан тыныштығы дегеніміз осы – қайран қалған тірлік боп шықты…
Шешесі: Грета, анау есікті жапсаңшы! (Грета есік алдындағы ас салынған ыдысты ішке аяғымен ысырып, есікті кілттеп жапты.)
Шешесі: Қайран әкеміз… Мұның жасында жұмыс іздеп, хат-хабар тасушы болады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірді ме екен?! Менің отырысым мынау – сату үшін желең көйлек тігіп. Бәрінен бұрын қызымызды айтсаңшы. Онсегізінде бір гүлі ашылмай, белі майысып, сатушы болды.
Әкесі: Қартайғанда бір демалыс болар деп ем… Иә, өмір, өмір… (Қалғып кетті.)
Грегордың бөлмесіне қызметші әйел кірді. Грегорды іздеп жүр.
Қызметші. Қайда, қайда, қайда? Келе ғой… Боқ қоңызым, келе ғой, көк қоңызым келе ғой! Қайда кеткен қоңызымыз? Қайда кеткен доңызымыз?
Грегор қорқытпақ болып күжірейіп еді, қызметші әйел бір орындықты ала салып, оның өзін жасқады.
Қызметші: Қалай екен, тағы шабуылдаймыз ба?
Әлде томпаңдап орнымызға барамыз ба?.. (Кетеді.)
Грегор жалғыз. Көрші бөлмеден скрипка күйі естілді. Бұл – қарындасы. Грегор енді оны көрмек боп ынтықты. Сүйретіліп бөлмесінен шықпаққа талпынды. «Олардың» тек дауыстары естіледі.
Әкесі: (әлдекімдерге). Мырзалар, мүмкін, мынау музыка сіздерге ұнамайтын болар? Олай болса, айтыңыздар, тоқтатамыз.
Дауыстар: Жо-жоқ, керісінше!.. О, не дегеніңіз? Қайта мынау жағымды музыкаға елтіп отырмыз, егер қарындасымыз қарсы болмаса, біздің бөлмеге келіп ойнасын!..
Әкесі: Мейлі, мейліңіз.
Грегор есікке жетті.
Грегор: Егерәки мынау ғажайып та, сырлы сазға елітіп, жүрегімнің әлде де алабөтен дүрсілдейтіні рас болса, мен адаммын! Әлі де адаммын! Жоқ, менің сүйікті де сүйкімді қарындасым қайдағы бір қаңғыған, тиянағы жоқ пәтершілерге музыка ойнамайды! Мен тірі тұрғанда оған жібермеймін… егер құбыжық боп кеткенім рас болса, сол түріммен жасқасам да жібермеймін! Өйткенше, менің жаныма, анау диванға отырсын… Бар сырымды ақтарайын… Егер мынау қағынған жағдайға, қағынан безген заманға тап болмағанымда, қайткен күнде де консерваторияға орналастыратынымды айтып өтейін, дүние-ай!.. Жаңа жылды асыға күтіп едім, енді қайтып туар ма екен сол жаңа жыл?!
Ышқына есікті ашып жіберіп еді, лезде айқай-шу, шаң-дұң дыбыстар дүниені алып кетті.
Дауыстар: Замза мырза, мынау не сұмдық? Бұл не қылған біз көрмеген бейбастақтық?! Қай жәндік мынау? Сіздің шаңырағыңыздың астында тұрып, адам айтқысыз сұмдық жайттардың куәсі болғанымыз себепті бөлмеңізден бас тартамыз! Табан астында қош айтысамыз! Ол аз десеңіз, осы тұрған күндеріміз үшін бір тиын ақы төлемейміз. Қайта өзіңізді жауапқа тартуымыз мүмкін! (Есіктер сарт­сұрт жабылып, айқай­шу, адам аяғының тырпылы бірден сап тиылды.)
Қ а р ы н д а с ы: Құрметті әке-шешем менің! Бүйтіп өмір сүруге болмайды! Бұдан әрі мұндай өмірге шыдауға болмайды! Егер сіздер түсінбесеңіздер, мен түсінемін соны! Қашанғы күтеміз, бұрынғы өміріміз қайта айналып бір соғады деп, қашанғы үміттенеміз?! Болмайды ғой, өйтуге! Анау құбыжық, ағатайымның атын атауға аузым бармайды, біз одан құтылудың жолын қарастыруымыз қажет! Адам атаулының қолынан келетіннің бәрін істедік, күттік, құрметтедік! Бізге енді өкпесі жоқ! Жаңа өмір бастауымыз керек!
Әкесі: Мың мәрте келісемін саған, қызым! Қызым!
(Шешесі күркілдеп жөтеле берді.)
Қарындасы: Біз одан құтылудың жолын іздеуіміз керек! Әйтпесе, «анау» – көр де тұр, бәрімізді құртады. Онсыз да жұмыстан құрып шаршап келесің, ал үйде – мынау азап. Мәңгілік азап! Шыдай алар емеспін бұдан әрі! (Ағыл­-тегіл жылады.)
Әкесі: Патшам-ау, не істеуіміз керек сонда?
Қарындасы иығын көтерді.
Әкесі: Шіркін, ол біздің жайымызды түсінсе ғой!
(Қарындасы қолын бір сілтеді.) Түсінсе ғой…
Қарындасы: Кетсін біздің үйден! Басқа жол жоқ, әке! Содан кейін мынау құбыжық – Грегор деген ойды мүлдем аластат, әке! Аластат! Біздің басымызға үйірілген бақытсыздықтың сыры – осында! Ұзақ уақыт, тіпті, бүгінге дейін «оның» Грегор екендігіне сеніп келдік. Үміттеніп, оңалар деп, күтіп келдік. Қате! Қате болғанда, бұл Грегор болса, адамдардың арасында құбыжық болып өмір сүрудің мүмкін еместігін әлдеқашан сезіп, әлдеқашан кетіп қалған болар еді! Ондай жағдайда, бауырсыз-ағасыз қалсақ та, құрметпен еске алып отырар едік… Ал мынау құбыжық күн берер емес. Өзімізді ығыстырып, пәтершілерімізді үркітіп, бүкіл үйді жалғыз жаулап алмақшы! Бізді көшеге шығарып тастайды бір күні, әке! Қара анаған, тағы басталды! (Грегор сыртқа басын бір сұғып, туысқандарына айнала қарап өтті де, кейін қозғалды. Бөлмесіне кіруі мұң екен, есік сарт­-сұрт кілттенді.)
Қарындасы: Уф, жаптым ба, жаппадым ба?
Грегор: Енді не мағына қалды мынау қу өмірде?
Қараңғылық.
Таң сәрі. Грегордың бөлмесіне қолында ұзын сыпыртқысы бар қызметші әйел кірді. Грегор бөлменің қақ ортасында жатыр. Қызметші сыпырғышымен түртіп көріп еді, қозғалмады. Жайлап қасына келді де, аяғымен әрі ысырды. Аударып көрді. Сөйтті де, есікті ашып, бар даусымен айқай салды.
Қызметш і: Келіңіздер мұнда, келіңіздер! «Анау» өліп қалыпты! Келіңіздер, сенбесеңіздер, өз көздеріңізбен көріңіздер! Өліп жатыр! (Грегордың туыстары келді.)
Шешесі: Өлді ме? Өліп қалып па?
Қызметші: Соны айтып тұрған жоқпын ба? (Сыпырғысымен Грегордың денесін одан әрі ысырды. Шешесі тоқтатайын деп ұмсынды да, үндемеді.)
Әкесі: Құдай да көрген екен көз жасымызды.
(Шоқынды. Жанында тұрғандар да сөйтті.)
Қарындасы: Қараңыздар, өзі әбден азып кетіпті. Көптен ас ішкен жоқ қой, бейшара. Алдына не қойса да, ауыз тимей кетті.
Дауыс: (алдыңғы бөлмеден). Оу, бұл үйдің аспазы қайда? Таңғы асымызды бермей ме?
Әкесі: Қарай гөр, ә? Басынуын!
Қызметші: Мырзалар! Мында келіңіздер! Мына қызыққа қараңыздар! (Пәтершілерді шақырып жатыр.)
Әкесі: Тоқтат! Қане, мырзалар, менің үйімді табан астында босатыңдар!
Дауыс: Не дейсіз?
Әкесі: Естіп тұрған жоқсың ба, босатыңдар үйімді! Дауыс. Жақсы, олай болса, біз қазір кетеміз!
(Асығып жиналып, кетіп жатқан адамдардың дыбысы.)
Әкесі: Грета, былай жүрші! (Қарсы бөлмеге шықты.) Ал, бір сәт тыңдаңдар! Бүгін бәріміз де жұмыс дегенді қойып, демаламыз. Өйткені қазіргі демалыстың ауадай қажеттілігі бәрімізге аян! Сондықтан қазір отыра қалып, үшеуіміз де түсінік хат жазамыз. Мен – өз дирекцияма, Замза ханым (құрметпен атайды) жұмыс берушісіне, ал Грета – бастығына!
Қызметші кірді.
Қызметші: Замза мырза! Таңертеңгі шаруаларымды бітірдім.
Отырғандар бас изесті. Бірақ қызметші бірден кете қоймай, тұра берді.
Әкесі: Иә? Енді не тұрсың?
Қызметші: Иә, «анау» жөнінде қам жемей-ақ қойыңыздар! Өзім жайғастырдым. (Не айтар екен деп күтіп еді, отырғандар қағаздарына шұқшиды.) Жақсы, онда, сау болыңыздар! (Есікті тарс жапты.)
Әкесі: Бүгінгі кештен бастап бұл сұрқия бізде жұмыс істемейтін болады. Босатамын! (Шешесі мен қарындасы терезе жанына барып, соңынан қарады.) Келіңдерші, қане! Ұмытайық өткенді! Содан соң… Мені де ойласаңыздаршы!..
Әйелдер жағы оның кең құшағына тығылды.
Әкесі: Жағдайларымыз, қымбаттым, сіз ойлағандай, жаман да емес… Асып бара жатпағанымен, ыңғайлы қызметіміз бар және деймін-ау… Бастысы, ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз…
Мынау – кезінде Грегор таңдап алған зәулім үйді шағындау, бұдан гөрі жинақылау үйге айырбастайтын болсақ бар ғой, ә! Жағдайымыздың одан сайын, еселеп жақсара түсетіні тағы да анық. Олай болса, сұлуларым!.. Шешесі: Қарашы, мырзам, Замза мырза! Соңғы кездері қаншама ауыртпашылыққа тап болып, жаманшылық басымызға үйіріліп, күйзеліп кетсек те, жалғыз қызымыз тал шыбықтай тартылып, әп-әсем бойжеткенге айналыпты-ау! Қандай ғажап! Тіршілік өз дегенін істетпей тынбайды-ау, сірә! (Грета ыңылдап билеп жүр.) Иә… Өзіне тең болар күйеу бала іздейтін де уақыт келіпті-ау, дүние-ай!
Осы сәтте әке-шешесінің игі армандарының куәсіндей Грета бойжеткен жастықтың алауымен талдырмаш денесін мың бұрап, дөңгелене билеп кетті.

Пікір қалдыру