УЛУРУ

АВСТРАЛИЯДА НЕҢ БАР ЕДІ, ҚҰЛЫНЫМ?!.

I

АЛЫСТАН КЕЛГЕН ХАТ

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ

Қазіргі заманда интернет арқылы кім-кіммен таныспай жатыр? Біз де таныспыз неше түрлі жандармен. Сонау Америкада, Ұлыбританияда, Жапонияда, тіпті жердің арғы бетіндегі Австралияда да достарым бар. Африкадан да қара қыздар хат жазып тұрады. Бұған университетте әжептеуір меңгеріп алған ағылшын тілі көмектеседі. Ағылшын тілінде жазылған жазбаларды жақсы түсінемін. Бірақ сөйлесуге жоқпын. Құлағым қақпайды. Бұған тәжірибенің жоқтығы кесірін тигізіп жүр.
Кеңес Одағы кезінде ағылшын тілінің дәл қазіргідей беделі болмайтын. Бірінші курста куратор: «Кім қандай шет тілін оқығысы келеді?» – деп сұрағанда ағылшын тіліне жазыла салғанмын. Араб, неміс тілдеріне де жазылып жатқандар болды. Алайда солардың біреуі де шет тілін меңгеріп шыққан емес. Теорияны оқыта береді. Тәжірибе жоқ. Мәтіндермен ғана жұмыс істейміз. Сондықтан қағазға жазылған мәтінді түсінемін де, сөйлесе алмаймын.
Бірде сонау жер түбіндегі Австралиядан шақырту алдым. Смит досым жіберіпті. Ұлы үйленіп жатыр екен. Тойға шақырады. Алғашқыда мән бере қойған жоқпын. Өйткені интернеттегі достарым әр түрлі шараларға шақыра береді. Олардың бәріне бара беруге, біріншіден, уақыт жоқ, екіншіден, жұмыстан да шыға алмайсың. Ақша да көбірек керек…
«Ойбай, о не дегеніңіз?! Алыс қой. Бара алмаймын. Көңіліңізге рахмет», – деп жауап хат жазып жібердім. Австралия деген ел көз көрмек түгілі, құлақ естімеген жер емес пе? Қай ата-бабам ол жаққа барыпты? «Біреу сол жаққа барып келіпті» дегенді естісем, керең болайын.
Жердің түбі.
Әлде барсам ба?
Үйдегі кабинетімде ілініп тұрған дүниежүзінің физикалық картасына көз тастап едім, шошып кеттім, әлемнің алтыншы материгі айшылық алыс жерде, Тынық мұхиты мен Үнді мұхитының ортасында жападан жалғыз жатыр. Антарктидадан сәл ғана бері. Көлемі әжептеуір болып көрінгенімен, оны қоршаған судың көптігінен басың айналады. Маңайында әне жерден бірдеңе, мына жерден бірдеңе қылтияды. Қолыма сызғышты алып, Астанадан Мельбурнға дейінгі қашықтықты өлшеп көріп едім, тура 30 сантиметр шықты. Картаның масштабына көз салсам, 1 сантиметрде 420 шақырым бар деп тұр. Қолыма калькуляторды алып есептеп көріп едім, 12 600 шақырым шыға келді. Бұл – тіп-тік есептегенде. Яғни, ұшақпен ұшқанда. Астана мен Алматының арасы 1 200 шақырым екендігі, соның өзін жүріп өтуге бір күн кететіндігі еске түскенде қорқып кеттім…
Неткен алыс десеңізші!
Шынында да жердің түбі екен, ә?!
Өзім баратын жер туралы біраз кітаптарды шолып шықтым. Адамзатқа Австралия туралы көптеген уақытқа дейін ештеңе де белгісіз болып келіпті. ХV ғасырдан бастап оңтүстік жарты шарда белгісіз бір үлкен жердің бар екендігі туралы жорамалдар айтыла бастапты. Оны ешкім де көрмеген болатын. Қаншама ержүрек теңізшілер мен қарақшылар әлемдік мұхиттарды оңды-солды кезсе де, соншама үлкен құрлықты көре алмағандығы бүгінде таң қалдырады. Ол тек бертінде ғана ашылды.
Бірінші ашқан – голландықтар. 1606 жылы Виллем Янсзон «Дайфкен» кемесімен жағалауға келіп тоқтады. Жаңа жерді ол «Жаңа Голландия» деп атады. Десе де олар бұл жерді игеруге тырыспады. Сол жылы Торрес те құрлықты көрген деген жорамал бар. Испандықтар бұл кезде Американы тонаудан қолы босамай жатқан еді.
1642 жылы Абел Тасман қазіргі Тасман аралы мен Жаңа Зеландияны ашты.
1770 жылы атақты Джеймс Кук келді. Осыдан бастап ағылшындар құрлықты игеруді қолға алды.
АВСТРАЛИЯ деген сөздің өзі латыншадан аударғанда «оңтүстік» деген мағына береді.
«Terra Australis Incognita» – оңтүстіктегі белгісіз жер.
Күн жексенбі болатын. Кешке қарай көше кезіп келіп, үйде шаршап жатқанда, менің ойыма өмірімдегі ең бірінші оғаш, қате шешім келді. (Оны кейін түсіндім).
«Барсам, несі бар» деп ойладым мен. Өлгенде көрген бір жер болсын. Қазақтың баласының маңдайына таяқ тастам жерден асып шықпау, өмір бойы өз жерінен әрі бара алмай, бұл өмірде түк көрмей өлу жазған ба екен? Ана өмірге барғанда да не көрдім деп барамын? Өмір бір-ақ рет беріледі. Ал онда біз соны пайдаланып, неге ел көріп, жер көріп қалмаймыз? Жұмыс, жұмыс деп жүргенде бір күні қылжиып қалғаныңды да аңғармайсың. Әрі елдегі іші тар, тоғышар ағайын-туыс, таныс-білістер бар, менің Австралия асып кеткенімді естігенде іштері күймей ме?
Әсіресе, анау қояншық…
– Бәке, – дедім келіншегіме қарап, маған Австралиядан қонаққа шақырған хат келіпті, барып қайтсам қалай қарайсың, бұндай мүмкіндік енді бола бере ме? Жиырма жыл үйден шыққан жоқпын. Кане, шыққан мүйіз? Барып қайтайын ба? Біраз ақшам да бар жинаған.
– Өзің біл. Мен қарсы емеспін. Азар болса, бір жеті жүріп қайтарсың, – деді ол.
Қуанып кеттім.
Өмірімде бірінші рет бекер қуанған екенмін…
Шақырту қағазы да келді.
Біраз жүріп туристік виза да алдым. Құжаттарымды дұрыстап, ақшаның барлығын долларға айналдырып, жас жұбайларға сыйлық алуды да ұмытпадым. Ешкіммен қоштасқаным жоқ, ертең-ақ қайтып келемін ғой деп, аттанып кеттім.
Алматыдан Дели арқылы «Боинг-777» ұшағымен Мельбурннан түстім. Ұшақта қазақтар да болды. Бір-екеуі Делиден, үш-төртеуі Куала-Лумпурдан түсті. Демалып жүргендер. Менің Австралияға жалғыздан-жалғыз бара жатқанымды естіп, бастарын шайқап, таңданыстарын жасырмады.
Бұның есі дұрыс па дегендей көздері бақырайып маған қарайды жартыбастар.
Қорқатын несі бар? ХХІ ғасыр! Адамдар мидай араласып жатқан жоқ па? Енді бір 50 жылдан кейін шекаралар жойылып, бүкіләлемдік бір-ақ үкімет болады. Адам адамға дос, бауыр, туыс болады деп ойладым мен.
Мельбурн. Бұл жерде бұрын, еуропалықтар келмей тұрып, аборигендер тұрған. Банаронг, ватаронг тайпалары өмір сүрген. Қазір де олар қала тұрғындарының жиырма мыңдайы болып қалады. Ал олардан кейін ағылшындар мен ирландықтар тұрды. Қазір ол Австралияның екінші үлкен қаласы. Виктория штатының астанасы. Халқы 4 миллионнан асып кеткен. Ол әлемдегі ең оңтүстіктегі миллионер-қала болып есептеледі. 1835 жылы іргесі қаланған. 1901 мен 1927 жылдары Австралияның астанасы болды. Қазір – Канберра. Бір қызығы, Мельбурнның әрбір төртінші адамы шетелде дүниеге келген болып есептеледі. Бұнда 180 тілде сөйлейтін 233 елдің азаматы тұрады. Олар 116 дін мен әр түрлі діни наным-сенімдерді ұстанады.
Қала халқы жыл сайын 50 мың адамға көбейіп отырады екен. Егер де осы қарқын сақталса алдағы 10-15 жылдан кейін ол қайтадан Австралияның ең үлкен қаласы атанбақ.
Теңіздің арғы беті – Тасман аралдары. Кешке қарай жағадан шамдары көрініп тұрады, ұзақ тесіле қарасаң. Сол жақта Жаңа Зеландия бар екенін білемін. Онда да ағылшындар тұрады. Осы ағылшындардың тұрмайтын жерлері жоқ-ау! Англия, Америка, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Африканың жартысы, әлемдегі 88 елдің мемлекеттік тілі ағылшын тілі екенін оқығанмын бір жерден. Мынадай мәтел де бар: «Британия империясында күн ешқашан батпайды». Бұның мағынасы «аспандағы күн қай жерге келсе де Британ империясының үстінен шуағын төгіп тұрады» дегенді білдіреді.
Біз, қазақтар, өз елімізде өз тілімізді ұлықтай алмай жүрген қандай сорлы халық едік. Қит етсе руға бөлініп, қырық пышақ болып шыға келеміз, сонда бір рудың шынында да біреуінен ақыл-оймен, ғылым-біліммен немесе ерекше мәдениетімен асып тұрғанын көрсем, көзім шықсын…
Смиттің баласының тойы қаланың орталығындағы ең жақсы деген ресторанда өтті. Асты-үстімізге түсіп күтіп жүр, байғұс. Онысына рахмет, енді. Өкпем жоқ.
Той иесі мені жұртқа «My friend from Kazakhstan» (Қазақстаннан келген досымыз) деп таныстырды. Мен секілді дүниенің түкпір-түкпірінен келген қонақтар көп-ақ болды. Смит барлық достарын жинап, ерекше бір той өткізбек болғанға ұқсайды.
Көңіл көтеріңкі. Қуанып мен отырмын.
– Қазақстаннан келген қонақ бір ауыз лебіз білдірсе екен, – деп тамада бес-алты адамнан кейін-ақ маған сөз берді. Мен сөз сөйлеймін деп дайындалып барғаным бар, ағылшынша тәп-тәуір-ақ сөйлеп бердім. Жиналған жұрттың ықыласы жақсы болды. Тып-тыныш тыңдады. Жас жұбайларға сыйлыққа қазақтың домбырасын ала барғанмын. Сөз сөйлегендердің бәрі соңынан ән айтып, би билеп беріп жатыр. Үндістаннан келген бір жігіт пен қыз маған кинофильмнен жақсы таныс «әгәйа, әгәйа» деген әнді орындап, билей жөнелгенде, бүкіл зал қосыла кетті.
Менің де арқам қозып кетті.
– Әй, Тұрысбек, – деген ой келді маған. Айшылық алыс Австралияға келгенде «әу» демей кетесің бе? Баяғыда Әміре Парижге барып ән салған деп қазақ әлі күнге дейін жырлайды. Париж деген мына тұрған жер емес пе? Сенің одан қай жерің кем? Сал бір әнді! Мыналар тыңдасын, іштері күйсін, көрсін сені! Қазағымның өнерін осындай жерде таныстырмағанда, әкеңнің басында таныстырасың ба?
Сыйлыққа әкелген домбырамды шертіп-шертіп жібергенде, есіме халық әні «Екі жирен» түсті:
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу қарағым,
Сағынып сарғайамын санаменен.

Қайырмасы:
Екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген!
А-ааа-ааааа…..

Ғизатлу хат жазамын, қалқам саған,
Самарқау, осы күнде көңілім шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға, осыменен өтті заман.

Қайырмасы:
Екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген!
А-ааа-ааааа…..

Жиналған жұрт тым-тырыс болып тыңдай қалған екен, мен демімді бір алып, көзімді ашсам, бәрі сілтедей тына қалыпты.
Ду қол шапалақ.
Мен алғашқыда байқамаппын, сол жерде отырған қонақтардың біреуі мені, менің әнімді телефонымен түсіріп алып, интернетке салып жіберген екен, әрі бұл тойды жергілікті компания коммерциялық арнадан көрсетіп жатқан болып шықты.
«Браво, вива, Қазақстан, казақтар, маэстро, супер…» деген дауыстар залды жаңғыртып жіберді. Басым айнала бастады. Бис, бис, тағы, тағы деген айғайлар естілді.
– Жарайды, айт десеңдер, тағы да айтайын. Бүгін жас жұбайлар үшін қуанышты күн. Екі жас бақытты болсын! Менің елімде бұндай күні жастарға көп-көп жақсылық, бақыт тілейді. Оларға арналған ән-жыр көп. Солардың бірі «Жұбайлар жырын» айтып берейін, – дедім.
Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген,
Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.
Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.
Қайырмасы:
Асыл жарым,
Жайнаған жасыл бағым.
Бағаласаң, бақытыңмын,
Сағынсаң, қасыңдамын.
Арманды дара қумаймыз,
Құстың қос қанатындаймыз.
Жүректе от жанып,
Тауларды бетке алып,
Бірге ұшып барамыз болашаққа….

Сен бар жерде керегем кең сияқты,
Кең сияқты, терезем тең сияқты.
Ешкім мені дәл сендей өкпелетіп,
Жұбата да алмаған сен сияқты….

Тағы да ду қол шапалақ….
– Көңілдеріңізге рахмет, осымен болды, – деп орныма барып отырдым.
Үстелде құс сүтінен басқаның бәрі тұр. Бірінші рет вискиден татып көрдім. Арақтай емес, буын-буыныма түсіп, маужыратып барады.
Біраздан кейін жанымда отырғандарға «көшеге шығып келейін, қазір келемін» дедім. Ойым темекі шегіп, өз-өзіме келіп алу еді. Әйтпесе соншама қолпаштау менің басымды айналдырып, жүрегімді қақтырып, дем алысымды қиналтып жіберген болатын.
Шіркін, қазағымның әндері-ай! Өзімді соншама әнші деп санамасам да жұрттың қолпаштауы делебемді қоздырып жіберді.
Көшеге шығып, түнгі қалаға көз тастап, темекі шегіп тұр едім, екі азиялық адам келіп, темекі сұрағандай болды. Қалтама қолымды сала бергенім сол еді, желкемнен бір қатты соққыны сездім. Құлап бара жатқанымды білемін…
Көзімді ашсам, бір жерде жатырмын. Жан баласы жоқ. Талдың көлеңкесі ғана мені күннің көзінен қорғап тұр. Есімде ештеңе жоқ. Қайдан келдім? Кіммін? Не қылып жүрген адаммын? Атым кім? Бұл қай жер?
Түсінсем, бұйырмасын…
Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың бір шығармасында «мәңгүрт» болған кейіпкер бар. Ол өзінің кім екенін, аты-жөнінің кім екенін, әке-шешесінің, руының кім екенін білмейді, соның тағдырын мен құштым. Мен ең басты мәселе – өзімнің кім екенімді біле алмай дал болдым.
Менің оянғанымды сезді ме екен, бір адам келді. Бірдеңе, бірдеңе деп сөйлейді, түк ұқсам бұйырмасын. Анандай жерде қаптаған қойлар жүр жайылып…
Біздің жақта қойдың екі түрі бар. Кәдімгі қазақы қой, олардың құйрықтары тегенедей-тегенедей болып келеді, сосын құйрықтары ешкінікіндей болатын меринос қойлар. Бұлар меринос қойлар екен.
Бір адам саусағымен ымдап шақырды. Келдім. Тамақ берді. Тойып жеп алдым. Су сұрадым. Берді.
– Менің атым Майк, – деді ол.
Майк 50-ге келіп қалған кісі, денелі, семіз, бет әлпеті күнге әбден тотыққан, денесі де қара қошқылданып кеткен адам. Көбінесе үндемейді. Жапан далада жалғыз өзі тұрып, сөйлесетін адам да жоқ, соған үйреніп кеткенге ұқсайды. Менің атымды сұраған да жоқ. Ерттеулі тұрған атты көрсетті, қолыма қамшы берді, сосын жайылып жүрген қойлар жаққа бір қарады. «Анау жүрген қойлар, соны бағасың» дегенін түсіндім. Жататын жерімді көрсетті, киетін киімдерімді берді. Сөйтіп, мен аяқ астынан қойшы болып шыға келдім.
Төбетке ұқсас бір ит бар екен. Соңымнан еріп жүреді. Соған «Ақтөс» деп ат қойып алдым.
Ойымда ешқандай әбіржушілік сезімі, қорқыныш деген болған жоқ. Осылай атам заманнан бері қой бағып келе жатқан адам секілдімін.
Атам заманнан дегеннен шығады, расында да бала кезде қой да, жылқы да баққанмын. Бетпақдалада көшіп-қонып мал баққан көшпенді қазақтың соңы мен болармын.
Жаз жайлауда, қыс қыстауда болатынбыз. Тып-тыныш табиғат аясында қой бағып жүріп, шексіз-шетсіз ойларға беріліп, қиялмен қыр асып кететінмін. Оқымаған кітап, газет, журнал қалмаушы еді. Кейде айқайлап ән де салатынмын.
Қазақтың небір тамаша әндерін сол кезде үйренгенмін. Алғаш рет әннің бір шумағын домбыраға салып, айтып көргенде, төбем көкке жетіп, өзімді Ақан сері, Біржан салдай сезініп, қатты қуанғаным есімде.
Жылқы бағу қиын. Әсіресе жауында, боранда ығып кетсе, қайыруға мұршаң келмей қалады. Алдынан шықсаң, таптап кетеді.
Ал қой дегенің әлемдегі ең жуас мал емес пе? Бір жаққа бастап алып кететін ешкілер болмаса, тырп етпей жайылады. Тыныш. Жайылымға жіберіп қойып, бір төбенің басында жатамын. Кейде аспанға қарап ұзақ ойға батамын. Шексіз-шетсіз ойларға берілемін. Қиялыммен жер жүзін айналып шығамын. Кейде басқа галактикаларға да кетіп қалатыным бар.
Әлем деген неткен шексіз десеңізші! Біздің Құс жолы ғалактикасынның өзінде жүз миллиард жұлдыз бар. Ал бұндай галактикаларда да сан жоқ. Білетіндер жүз миллиардтан да көп дейді.
Кешке қарай қойларды айдап келіп, қораға кіргіземін. Қожайын күтіп алады. Ол менімен сөйлеспейді. Мен де. Анда-санда біреулер келіп кетеді. Азияттар. Соларға семіз-семіз деген қойларды машиналарына артып, беріп жіберемін. Қалған уақытта тынышпын. Ақырын-ақырын Майкпен сөйлесе бастадым. Ағылшын сөздерін жаттап, көңіліме түйіп жүрмін. Қой туралы сөздердің көбін түсінетін дәрежеге жеттім.
Кейіннен бір жерден оқыдым, Австралияда 150 000 000 қой бар екен. Соларды 1 000 қойдан баққанда 150 000 қойшы бар деген сөз. Мен жалғыз болмаған екенмін. Мен секілді тағы да 149 999 қойшы жүріпті сол кезде. Олардың қаншасы өз еріктерімен, қаншасы мәңгүрт болып жүр, ол енді бір құдайға ғана белгілі нәрсе.
Қазақстан Австралиядан үш есе кішкентай екенін еске алсақ, бізге 50 000 000 қой бағуға болады екен ғой.
Мені таң қалдырғаны, осыншама уақыт – 1 жыл бойы қой баққанда, менің басыма «осы мен кіммін, не істеп жүрген адаммын, қай жақтан келдім?» деген ой келмепті. Өзімнің қайда жүргенімді де білмеймін. Австралия деген елде жүргенім туралы да ойланған емеспін.
Австралияның табиғаты Қазақстанға ұқсас. Бұл жақ та Қазақстан секілді кең, бос жатқан дала. Халық аз қоныстанған. Оның өзі материктің шығыс жағалауында. Қалған жерлер кең, жазық, шөл дала. Су тапшы. Қойларды құдықтан суарамыз. Ағаш сирек. Күн ыстық. Уақыт тоқтап қалған секілді әсер етеді. Дегенмен мен сол уақытыңа қараған да емеспін. Қай жыл, қай ай, қай күн екенін ұмытқалы қашан! Маған өмір атам заманнан бері осылай секілді болып көрінеді.
Дәрі егіп, есеңгіретіп, делқұлы қылып тастаған-ау шамасы…
Үй дегеннен гөрі үйшік деуге болатын екі бөлмелі баспанам бар. Тамақ тоқ. Күні бойы кенгуруларды қызықтаймын. Кенгуру деген «Сіз не айтып тұрсыз?» деген сөз екен. Ағылшындар Австралияға алғаш келіп, кенгуруларды көргенде, «Бұның аты қалай?» деп жергілікті аборигендерден сұраған екен. Сонда олар оның тіліне түсінбей «Кен гу ру?» депті.
Мағынасы – жаңағы сұрақ.
Олар – қызық жануарлар. Балаларын қалталарына салып алып, екі аяқпен секеңдеп, күні бойы бір тыным таппайды. Жердің отының бәрін солар құртады. Олар келсе, Майк мылтық атып, барынша алысқа қуып тастауға тырысады. Өздері көп-ақ. Бір келсе жайылымның шөбін жапырып-ақ кетеді. Қойға түк қалмайды. Содан қатты қорқамыз.
Сосын қорқатынымыз – өрт. Күн ыстық, шөл дала, өрт жиі болады. Аңызақ желдер жиі тұрады. Содан жайылымнан жайылым ауыстырып, көшіп жүргеніміз. Мал бағудан еш шаршаған емеспін. Генімде бар нәрсе ғой. Ата-бабам ғасырлар бойы малмен күн көрген. Сүйекте бар нәрсе кетпейді. Атқа да жақсы шабамын.
Бұл жақтың жылқылары ширақ, ұзындығы есік пен төрдей болып келеді. Үнемі бабында тұрады. Шу десең, ытқый жөнеледі. Асыл тұқымды жануарлар. Біз, қазақтар, малдың санына ғана көңіл бөліп, оның тұқымын асылдандырумен айналыспаған екенбіз. Жылқыларымыз кішірейіп, мәстек болып барады. Жылқыға тек соғым ретінде қарауға болмайтындығын түсіндім.
Жылқы дегенің судың тұнығын ішетін, шөптің шүйгінін жейтін асыл жануар ғой, шіркін! Қымызы қандай жарықтықтың! Бала кезде біз ішкен қымыз мас қылатын еді. Қазіргі кезде қалада сатылып жатқан қымыздан бұндайды байқамайсың. Бабы кетіп, буы ұшып, суға айналған жай сусын.
Жергілікті аборигендермен дос болып алғам. Ешкімге зияндары жоқ, жуас адамдар. Олардың аң аулауға шыққандары қызық енді. Ешқандай да қару-жарақсыз аң аулайды. Сондағылары – өрт қою. Өрт басылған соң күйіп қалған жәндіктерді теріп алып, жеп жүргендері.
Кезінде Австралия орманды, жасыл құрлық болыпты. Жергілікті халықтың өрт қоя беруінен барлығы да жанып кеткен деседі ғалымдар.
Олардың бұл тірліктері дұрыс емес екендіктерін қанша айтсам да, ұғындыра алмай-ақ қойдым. Ренжісе, көшіп кетіп қалады. Содан кейін тауып көр оларды.
Ағылшынның атақты теңізшісі Джеймс Кукты аборигендер жеп қойған деген бір сөз бар. Бүкіл Тынық мұхитын оңды-солды кезіп, көптеген аралдар мен жерлерді ашқан ержүрек теңізші бір-ақ рет қателік жіберген. Ол аборигендерге сеніп, оларға өз адамдарындай қарай бастаған. Нәтижесі – осы. Олар қарны ашқан күні оны жеп қойған.
Алыста «Айерс Рок» деп аталатын қоңыр түсті тау көрінеді. Кейіннен елге келгеннен соң картадан қарасам, ол Австралияның оңтүстік-батысындағы шөлде екен. Орталық Австралия аймағында. Биіктігі 350 метрдей тас қыраттың ені үш, ұзындығы үш жарым шақырым шамасында. Маңайдың бәрі жап-жазық болғаннан кейін бе, ол өзінің ұсқынымен алып болып көрінеді. Оны осыдан 700 миллион жыл бұрын аспаннан түскен метеорит деушілер де бар. Жергілікті аборигендер – ананду тайпасы оны «Улуру» деп атайды. Мағынасы «көлеңкелі жер» дегенді білдіреді.
Бірақ ол ауа-райы мен күннің шығу биіктігіне байланысты түсін өзгертіп отырады. Бұл жерде шөл болғаннан кейін түнде салқын, күндіз ыстық 40 градусқа дейін жетеді. Улуру таңертең қара-қошқылданып тұрса, біраздан кейін ағарады, түсте қызғылт, бесінде қоңыр, кешке алтын түстес бола қалады.
Хамелеон Тау!
Аборигендер Улуруды бұрынғы «алып адамдар» көтеріп әкелген деп санайды. Жартасқа жабайылардың «Мала» (Кенгуру-қоян), «Куния» (Айдаһар-әйел), «Лиру» (Қоңыр жылан) құдайларының суреттері қашалған. Жабайылардың құдайлары көп-ақ.
Сосын жабайы иттер динголар көп бұл жақта. Ол – Австралиядағы қалтасы жоқ жалғыз жыртқыш. Бір жақсысы, олар адамға тиіспейді. Ал қойды көрсе, көздері қызарып, еліріп кетеді. Қойдың етін жақсы көреді. Сондықтан оларға сенуге болмайды. Қойды қараусыз қалдырсаң бес-алтауын жарып та кетеді. Бірақ негізгі тамақтары – кенгурулар, қояндар, тышқандар.
Олар топ-топ болып жүрмейді. Ұялары үңгірлерде, үлкен ағаштардың қуыстарында, жерде қазылған індерде болады.
Динго, бір қызығы, басқа иттер секілді үре алмайды. Біртүрлі дыбыстар шығарады, ұлиды.
Қой бағып жүргенде кейде сырттарынан аңдимын. Сонда бір байқағаным, балаларын әкесі де, шешесі де бірге бағады. Аңға да бірге алып шығады. Өз ұяларын қатты күзетеді. Ешкімді жолатпайды.
Дингоны қолға үйретуге болады. Аборигендердің үйлерінде кездеседі. Оны қолға үйрету үшін әлі көзін ашпаған кезде ұясынан алады да, әйелдерге емізуге береді. Әйелдер оларды өз баласындай төрт ай емізеді. Сосын тышқан аулауға, құс ұстауға үйретеді. Бара-бара қоян, кенгуру алады.
Ғалымдар оны бұл жаққа Азиядан келген деп жорамалдайды. Атам заманғы теңізшілер өздерімен бірге ала келіп, тастап кетуі мүмкін. Мыңдаған жылдар бойы олар көбейіп, осы жердің нағыз қожайынына айналған.
Еуропалықтар алғаш келгенде динголардан жаман қорқатын болған. Атып, улап, қырған. Ал 1960 жылы «Ұлы Австралия қорғаны» салынды. Оның биіктігі – 2 метр, ұзындығы – 5 320 шақырым. Құрлықты толық кесіп өтеді. Австралиялық фермерлер осылайша динголардан қорғанбақ болды.
Әлемдегі ең улы жылан – тайпан да осы жерде. Оның уы 100 адамды сеспей қатыруға жетеді. Ал 2 метрлік жауын құрттарын көргенде көзің бақырайып кетеді.
Сосын айдалада қараусыз қалған түйелерді байқауға болады. Бұрын әлі теміржол, автомашина жоқ кезде оларды жүк тасуға көптеп пайдаланған. Кейіннен олар керексіз болып қалған. Ағылшындар түйенің етін жемейді. Сондықтан ноқталарын сыпырып, бос қоя берген. Табиғи жаулары жоқ, ешкім жемейтін болғаннан кейін олар көбейіп кеткен.
Түйе десе, ішкен астарын жерге қоятын арабтарға сатып, әжептеуір ақша табуға болатынын әлі білмейді-ау?
Араб болмаса, қазақ бар. Біздің жақта түйе өсірілмейді, десе де бала кезімде «маң, маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан» деген өлеңді оқитынмын. Сонда көзіме керемет бір сурет елестейтін.
Бір күні екі қой арам өліп қалған екен, қожайын қатты ренжіді. Айналма қойлар еді. Қойдың бір орында тұрып айнала беретін ауруы болады. Оның емі пышақ қана. Уақытында сойып алу керек, болды.
Екеуіміз төбелесіп қалдық. Қолындағы бір ағашпен басымнан салып кеп қалды. Көзімнің оты жарқ ете түсті.
Міне, осы сәттен бастап менің есім кірді. Атым есіме түсті. Алыстағы Қазақстаным, жан жарым, балаларым, бәрі көз алдымнан өтіп жатыр.
Ең бірінші өзіме қойған сұрағым «мен қай жердемін?» болды. Ұялы телефон, интернетті көрмегелі жылдан асқан. Әлемде түгілі, маңайда не болып жатқанынан хабарым жоқ. Бірақ мен өзімнің есім кіргенін қожайыныма сездіртпеуге тырыстым. Кім біліпті, тағы да бір дәрісін егіп, мәңгүрт қылып тастаса…
Қашу керек деп шештім.
Айдала. Күн ыстық. Қыбыр еткен жан жоқ. Жол көрінбейді. Қайда бармақпын? Сонда да болса тәуекел етпекпін. Жолға деп шикі кепкен ет, сұйық көже дайындап жүрмін.
Ол ойым жүзеге аспады. Көп кешікпей жаңағы азияттар қайта келді. Бір адамды ала келді. Сөйлеген сөздерінен бұл адамның қырғыз екенін тани қойдым. Сонау Қырғызстаннан қой бағуға келген жан ба, әлде мен секілді ес-түсінен айырылған адам ба, ол жағын біле алмадым. Өзімді білдіртуге, қазақ екенімді айтуға, мұңымды шағып, сөйлесуге ыңғайы да болмады. Азияттар қожайынмен сөйлесіп, мені өздерінің машиналарына отырғызып алды. Мен сол баяғы «мәңгүрт» қалпымда, оларға ештеңені білдіртпей, жүре бердім. Реті келсе, қаша жөнелмекпін.
Біз екі-үш күн жүріп отырып, теңіз жағасына келдік. Бір қайық тұр екен, соған отырғызды. Жүзіп келеміз, жүзіп келеміз, бір уақытта бір кемеге келіп тірелдік. Мені көтеріп алды. Жаңағы азияттар бір еуропалық адаммен сөйлесіп, бір бума ақшаларын алып, жөндеріне кете барды. Мен өзімді олардың мына адамға сатып жібергенін түсіндім…
Кеме батысты бетке алып, бір жұма жүзді.
Енді мен құлмын. Құл болғанда да қазақтың табиғи түсінігіндегі құл емес, ата-бабам көрмеген, естімеген теңіз қарақшыларының құлымын. Аяқта кісен, қолда бұғау, бұтта бір жапырақ лыпа ғана бар. Сақал-шаш өскен, түрімді көрген адам танымас еді.
Расында да мен басқа адамға айналып кеткен едім.
Баяғы Тұрекең жоқ енді…

ҮНДІ МҰХИТЫНДАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ОҚИҒАЛАР

Бұрынғы күнім күн екен, нағыз азап енді басталды. Күнұзақ акваланг киіп алып, тормен қоршалған жерде теңіз түбіне сүңгейміз. Тор акулалардан қорғайды. Теңіз түбінен қолға іліккен нәрсенің барлығын алып шыға беруіміз керек. Мен секілді байғұстардың сөзінен түсінгенім, бұл жерде 1512 жылы «Флер де ла Мар» атты Португалияның кемесі апатқа ұшырапты. Қарақшылар Үнді мұхиты, Араб түбегі мен Африкада, Үндістан мен Бирмада тонаған алтындарын әкеле жатқанда, Индонезияның оңтүстігіне жете бергенде, теңізде алапат дауыл тұрып, кеме барлық алтын, күмістері, жақұт-жауһарларымен су астына кетіпті.
Сарапшылардың бағалауынша, қазір ол қазынаның құны бірнеше миллиард доллар тұрады!
Әлемдік мұхиттың осы ауданы, Индонезия жағалауы апатқа ұшыраған кемелердің бейітіне айналған. Тек қана осы маңайда жүздеген-мыңдаған кемелердің қирандылары жатыр. Әрине, олардың бәрін су басып жатыр. Кемелер Қытайдан фарфор, алтын-күмістен құйылған бағалы заттар, күміс теңгелер, ондаған жылдар бойы сақталған шараптар, маталар мен бұйымдар әкеле жатқан. Осы жерге келгенде не қарақшылардың тонауына ұшырап, не табиғат апатынан суға батып отырған.
Ең соңғы рет – 1991 жылы Суматра аралының солтүстік-шығыс жағалауынан 18 метрлік құм мен батпақтың астынан осыдан 500 жыл бұрын апатқа ұшыраған, қойын-қонышы алтын мен күміске сықия толған португалиялық кеменің орны табылған. Сол-ақ екен ол жерге әлемнің барлық қазына іздеушілері мен оңай олжаға батқысы келген әуесқойлары жинала қалды. Теңіздің беті құмырсқаның илеуіндей болып жатыр.
Бәрі, әркім борты алтын-күміске толы сол кемені тек өзі ғана табатындай өлермендікпен іздеп жатыр. Кеме тек қана су астында қисайып жатса, оны табу оңай ғой, жүздеген жылдар бойы жатқандықтан оларды топырақ, батпақ басып қалады. Көзге көрінбейді. Күн сайын ондаған адам қаза табады. Біреулер дер уақытында су астынан шыға алмай қалады, біреулердің су астынан тез көтерілгеннен миына қан құйылып кетеді, біреулер ыстық ауа мен теңіз ауруынан сұлап жатыр. Қайтып жатқан ешкімді көрмедім. Барлығының ойында – тек қана алтын, алтын, тек қана алтын!
Алтын тапса, өздерін бақытты сезінеді. Айғайлап, секіріп, құшақтасып, мәз-мейрам болып жатады. Алтын жүрген жерде сайтан жүретінін әлі білмейді. Байысам, бақытты боламын деп ойлайды. Бақыт деген байлықта емес екеніндігіне өмірімде сан мәрте куә болдым. Атылып, асылып өлген атақты байлар қаншама! Дүние көбейген сайын оның машақаты да арта беретінін байымаған адам білмейді. Сырт көзге ғана бай адам бақытты болып көрінеді. Проблемасы жоқ, алаңсыз өмір сүріп жүрген жан деп ойлайды жұрт. Бәрі жалт-жұлт еткен, әдемі сияқты көрінеді. Бай адам сараң, көзіне ештеңе көрінбейтін, дүниеден басқаны ойламайтын тасбауыр, өзімшіл болып кетеді. Терезеден сыртқа қараңызшы, бәрі көрінеді. Ал сол шыныға сәл күміс жалатыңызшы, өзіңізден басқа ешкімді көре алмай қаласыз. Ол да солай. Тек өзінің қара басын ғана ойлайтын эгоист, шық бермес Шығайбай болып кетеді.
Бірақ сен онымен сырласып, адам секілді сөйлесіп көрші, ол да – адам баласы, мұңын, арманын айтып, күрсінеді.
Бәріне қолды бір-ақ сілтеп, алқаш, бомж болып кеткендері де қаншама!
Күні бойы суға сүңгиміз, түнде палубаның астыңғы жағына қамап тастайды. Сонда жатамыз. Тамақ беретін уақыт келгенде төбедегі қақпақты ашады да, төменге бес-алты нанды лақтыра салады. Қырғын талас, төбелес осы кезде болады. Өйтпей ше? Сенің басқаның қолынан жұлып алған бір үзім наның саған тағы да бір күндік өмір сыйлайды. Ертең сен өмір сүресің бе, жоқ па, оны осы бір үзім нан шешеді…
Бірақ барлық адамдарға үнемі былай қарамайды. Алғашқы алтыныңды тапқанша осындай күйге түсесің.
Құдайдың көзі түсті ме, мен екі рет су астынан екі құйма металл көтеріп шықтым. Тез арада жуып жіберген қожайынның көзі шарадай жанды, олар таза алтын құймасы болып шықты. Әрқайсысының салмағы бір келідей болады-ау деймін. Сол күннен бастап қожайынның маған деген көзқарасы өзгеріп сала берді. Енді мені басқа жұртпен бірге кеменің астына тығып, қамап тастамайтын болды, енді мен өз еркіммен жүріп-тұруға мүмкіндік алдым, қашқанда да қайда барасың?
Маңайдың бәрі су, су, су…
Жер-көктің бәрін су басып жатыр. Ашық, тыныш күндері жан-жағыңа қарасаң қаптаған толқындарды көресің. Баяғыда Мағжан «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады…» деп қандай керемет суреттеген десеңізші. Бұл толқындардың басы да, аяғы да жоқ. Ал жел тұрғанда таудай толқындар пайда болады. Кемені тербетіп, жоғары-төмен лақтырып, есіңді шығарады. Әне, міне батып кететіндей сезінесің.
Мұхитқа секіріп, жүзіп кеткенде ұзаққа бара алмайсың, аш акулалар күтіп тұр. Бір-ақ қылғыта салады. Менің көз алдымда екі малайлық жігіт қаза тапты. Олар алысқа жүзіп кеткен болатын. Суды шолп еткізген акуланың құйрығын ғана байқап қалдық. Теңіз беті қып-қызыл болып кетті…
Тәубе, пәлесінен аулақ. Мен әзірше саумын. Суға сүңги-сүңги адам да ақырын-ақырын балыққа айнала бастайды. Әр сүңгіген сайын су астында ұзағырақ қалатын болып жүрмін. Арманым – бостандыққа жету. Қожайын «кім де кім су астынан 100 алтын немесе күміс құймасын алып шығады, сол бос, азат адам» деген болатын. «Тапқан алтыныңның 10 пайызын аласыңдар» деп дәмелендіріп те қойған.
Сол күнді көретін күн бар ма екен, Алла-ай?!
Құдай дегеннен шығады, бұндай кезде адам қандай құдайшыл болып кетеді десейші! Сенің әр қимылың, әр сөзің, әр ойың құдайдың құдіретімен болып жатқандай қабылдайсың. Аллаға қаншама рет жалбарындым, бірақ әлі мені сәттілік айналып өтіп келеді.
Арамызда христиандар, буддашылар, мұсылмандар, католиктер, Иегова куәгерлері көп-ақ.
Әркім өз дінін мақтайды. Әсіресе, Иегова куәгерлері. Олардың айтуы бойынша, құдай өз пенделерін тозаққа салып қинамайды. Адамның барлық істеген жақсылықтары ертең сот күні болғанда оған көмектесетін болады. Ақырзаман болғанда 140 мың ең таза, адал адам қалған адамзатты 1000 жыл бойы соттайды. Сосын жер бетінде тамаша өмір басталады.
– Тіпті, тозақ, жұмақ деген болмайды. Бұл адамдардың шығарып жүргендері. Құдай өз пендесін олайша қинамайды. Ол өз пендесін сүйеді, – дейді олар.
Олар тіпті ақырзаманның қай күні болатынын да есептеп шығарып қойған. 1914 жылы.
– Ол күн өтіп кетті ғой, – деймін мен. Біз әлі тіріміз.
– Иса пайғамбар қайтып оралды жер бетіне. Ол қазір зұлымдармен, жауыздармен күресіп жатыр. Соғыстың, ауру-сырқаулардың, өрт, цунами, жер сілкінісінің көбейіп кеткені осының белгісі. Сот күні жақын қалды, – дейді олар.
Мұсылмандар оларға күле қарайды.
– Алла жалғыз, Мұхамед – оның елшісі. Қалғандарының бәрі дінсіздер, кәпірлер. Адасқандар. Ең дұрыс дін – біздің дін, – дейді олар. Өздері оқу-білімнен жұрдай. Дүние, оның жаратылысы туралы ғылыми болжамдар мен пайымдарға бас қатырып жатпайды. «Құранда былай жазылған, Мұхамед пайғамбар бүй деген» дейді. Болды. Сенімдері күшті.
Будда дініндегілер – ең момын жандар. Олардың түсінігінде ешқандай да жаны бар жәндікті өлтіруге болмайды. Шыбынды да, құмырсқаны да. Ет – харам. Адам нирванаға жетпейінше, бұл дүниеге қайта айналып келе береді. Бұл дүниенің азабынан құтылмайды. Тек тазарудың ең шегіне жеткен соң ғана барып, жаны тынышталады. Дүние – боқ. Адамның бұл дүниедегі өмірі азапқа толы. Бұл өмірге адам жапа шегу үшін, қасірет тарту үшін келген. Одан құтылудың жолы бар. Ол – Ұлы ұстаздың істегенін істеп, айтқанымен жүру.
– Ол күнге дейін кім бар, кім жоқ? О, Алла тағала, құтқара көр мені мына азабыңнан! Елімді, жерімді, бала-шағам мен жан жарымды сағындым. Осыдан бар ғой, бұл азаптан құтылсам, бар өмірімді өз жолыңа арнап, тақуа өмір сүріп, намаз оқып, жан баласына қылдай жамандық жасамауға ант беремін! – деп жалбарынамын.
Құдай мені естімейді. Мүмкін Иегова куәгерлерінің құдайы еститін болар? Мен кімге жалынбадым? Аллаға да, Исаға да, Буддаға да, Түріктің өз Тәңірі бар деген соң, оған да, олардың ешқайсысы да мені әзірше көзіне ілетін емес.
Мен суға Малака деген индонезиялықпен бірге түсемін. Ол да қайбір оңғаннан жүр дейсің бұл жерде. Оны да осы жерге әкеліп, біреулер сатып кетіпті. Енді ол өзі үшін төленген ақша мен 100 алтын мен күміс құймасын тапқанша – құл!
Арамызда өз еркімен жүргендер де бар.
Мен енді 98 алтын құймасын табуым керек.
98!
98 деген сан санасаң, тез-ақ бола қалады. Ал сен оны алтын құймасымен санап көрші? Әр саннан әр санға өліп-талып, ең соңғы демің қалғанда әзер жетесің. Ал мен екі-ақ алтын таптым. Осы жерге келіп, табан тіреп тұрып алғаныма міне, жарты ай болды. Ал мықты болсаң, үшке жетіп көр…
Үш, үш деп ауызбен айтуға ғана оңай, мынау үшінші алтын құймасы деп қолыңмен ұстап, судың бетіне қалқып шықшы, бақыттан басың айналады. Көзіңе жас келеді!
Өзіңді өмірдегі ең бақытты жан ретінде сезінесің.
Мен ең бірінші су түбінен алып шыққан ауыр затымның алтын құймасы болып шыққанын естіп, қолмен ұстап көргенімде, қандай рахат сезімге бөлендім десейші! Бұндай рахатты мен өзімнің сүйікті әйеліммен ең бірінші рет сүйіскенде де, ең бірінші түнде де, алғашқы үйімізді алғанда да, тұңғышым дүниеге келгенде де, машина алып, араққа мас болғанда да ешқашан, ешқашан сезінген емеспін. Міне, алтынның құдіреті, оның ар жағында тұрған азаттық сезімі, бостандық қандай тәтті десеңізші!
Жарты жылымыз осылай өтті. Менімен бірге суға сүңгуді бастағандардың бәрі өліп бітті. Менен кейін келгендермен мен әлі жүрмін. Яғни, мен – бұл жерге келгендердің ең біріншісі, бұрынғылардың ең соңғысымын. Мен не өлуім керек, не мені акула жеп қоюы керек. Екі-ақ жол қалды. Одан әлі ешкім құтылып көрген жоқ…
Тіпті, 100-інші алтын құймасын тапқанымда да маған өмір жоқ. Африкадан келген Сеит деген жігіт арманына жетіп, бостандық алып, оны барлығымыз құшақтап, сүйіп, жылап шығарып салғанбыз. Былай шыға бере теңізге лақтыра салыпты.
Қош бол, туған елім, туған жерім, туған халқым….
Мен кеткенде, сексенге келіп отырған қарт анам бар еді. Тірі ме екен? Тірі болса, жылай-жылай екі көзі соқыр болып, кеуіп қалған шығар?
Бірде Сібірде айдауда болған қазақтың туған жерді сағынғанда шығарған өлеңін оқығаным бар. Ол туған жерін сағынғанда «Ай болып саған бір қарар ма едім, жұлдыз боп саған бір қарар ма едім, жауын боп саған бір жауар ма едім, туған елім-ай, туған жерім-ай» деп сарнайды. Көзіме жас келген. Бүгін ойлап отырсам, ол – бақытты адам екен! Ол азар болса туған жерінен жырақта ғана жүр, дегенмен өз елінде жүр ғой! Жер басып жүр ғой. Ойбай-ау, оның аяғының астында қара жер жатыр ғой. Міне, сол адамың нағыз қорқақ, ынжық адам екен. Ойбай-ау, айтыңдаршы, өз еліңнің бір шетінде жүріп, өз адамдарыңның ортасында жүріп, соншама күйзеліске салынуға болады ма екен? Азар болса 10 жыл отырарсың. Сосын шығасың ғой. Елге келесің ғой. Алдыңда үміт, арман бар ғой.
Менде не бар? Арманның өлгені, үміттің сөнгені қашан! Құр өлікпін! Әйтеуір, жарық дүние тәтті екен, бір күн болса да жарықты көргің келіп тұрады. Әйтпесе қазір суға секіре салайынша, бір топ акулаға бір-ақ секунд жетіп жатыр…
Бір күні мені қожайын – Вагнер шақырды. Ол мені «қазақ» дейтін. Ішіп алыпты, мас. Маңайында жандайшаптары. Бәрі удай мас. Мені жанында жүрген бір-екі жендеті ұрмақ болып еді, тиіскізбеді. Қайта бір стақан виски құйып бергізді.
– Іш, – деді.
– Бүгін менің туған күнім. Сен – жақсы адамсың. Бір рет қыңқ деп көрген жоқсың, бір рет те қашпақ болған жоқсың, 33 алтын таптың, мен саған ризамын. Сен енді басқа жаққа барасың, – деді.
Қай жаққа деп сұрамадым, маған бәрібір, әйтеуір қара жерді басып жүретін жер болса екен деп ойладым. Сосын әйда келіп ішейін…
Неге ішпеймін? Менің бұл вискиға еңбегім сіңді! Ішемін. Еше как ішемін…
Сол күні өлесі мас болыппын. Ес-түсімді білмей ішкем. Өзімді бақытты сезінгем. Мына еңсеңді басып тұратын, ақша мен алтын, зұлымдық пен жауыздық билеген өмірде сен осылай ғана бақытты бола аласың. Ес-түсіңді білмеген кезде ғана. Қалған барлық уақытта сені біреу еңсеңнен басып, басыңды қатырып, миыңды ашытып тұрады. Мен тіпті құдайдан да безінген адаммын. Ол – жоқ!
Вагнердің Кери деген қатыны бар. Көзі жыпылықтап, жалмаңдап тұрады. Ашкөз, сумақай біреу. Жан баласына жаны ашымайды-ау салдақының. Кімнің ақшасы көп болса, соған қатын болатынның нақ өзі. Бірақ сұлу-ақ қаншық.
Бірде жартылай жалаңаш жүргенін көріп, сұлу мүсініне қарап қалыппын. Төсі томпиған, белі жіп-жіңішке, сандары жалт-жұлт етеді.
– Неге қарайсың? – деді ол жымиып – Әйелді сағындың ба?
Үндегенім жоқ.
Сағынбай ше? Соңғы рет қашан көрдім? Алайда одан маған аспандағы жұлдыз жақын. Бұл қатын менікі болуы үшін мен бай болуым керек. Қаңғырған құлды қайтеді ол.
Қатын Вагнердікі болғанымен қызығын Майкл көреді. Вагнер алпыстан асқан, шал бола бастаған адам. Еркектік қуаты қайта бастаған ба, қатынға онша қызықпайды, оған алтын мен виски болса, болды. Кейде бір жаққа кетеді. Сол кезде Кери оның көзіне шөп салады. Майкл мені есіктің сыртынан күзеттіріп қояды.
– Бірдеме сезсең, айтарсың. Вагнер келіп қалмасын, – дейді. Сонда Майклдің Кериді ыңқылдатқанын естісең, сенің де қай-қайдағың қозады. Албастының еркекқұмарын-ай! Түні бойы қыңсылап шығады…
Майкл менен ештеңесін жасырмайды. Менің аузыма берік екенімді біледі.
– Бұндай қатынды бірінші рет көруім, – деп басын шайқайды.
Ертеңінде көңілді жүргенін байқайсың. Майкл да жымың-жымың етеді…

ТАҒДЫР ТОҒЫСТЫРҒАН ОН ЕКІ ЖІГІТ

Біз, он екі адам мінген кеме, бір ай жүзіп, бірнеше порттарға біреулерді түсіре, біреулерді мінгізе отырып, бір жерге келіп тоқтадық. Үнді мұхитын кесіп өткенімізді білемін. Өйткені батысқа қарай жүздік. Күн шыжып тұр. Баяғы мен барған Мақтааралдың ыстығы салқын, самал жел екен. Үп еткен жел жоқ-ау. Күндіз-түні төбеңнен күн шыжғырып тұра береді.
Енді осы менімен бірге болған, қиындықты бірге бөліскен, тағдыр тоғыстырған он екі жігіттің әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кетейін:
Джек. Американдық. Үнді мұхитына келместен бұрын Мексика шығанағында алтын іздеген. Вагнер екеуі. Барлық құрал-жабдықтар мен керек-жарақтардың қожайыны. Кеменің иесі – Вагнер.
– Бұл жер – жәй, – дейді ол. Алтынның нағыз көмбесі – Мексика шығанағында. XV-XVI ғасырларда Испания барлық Американы тонаған. Үндістерді жылтырақ темір үшін қынадай қырған. Өркениетті елдің ерлері жауыздық жасаудан алдарына жан салмаған. Бір қолдарында – Інжіл, бір қолдарында – Қанжар болған. Бүкіл дүниедегі байлық үндістің қанымен жуылған. Бұрын алтын ақсары болған, бірақ ол мына қырғыннан жаратқанның алдында жанының түршіккені соншалықты, қанқызғылт тартып, есі ауысып кеткен…
– Ал тонаған алтын-күмістерін қарақшылар кемелеріне аузы-мұрнынан шыққанша тиеп, Испанияға алып келе жатқанда теңізде аласапыран дауыл тұрып, шторм болып, қаншама корабльдер су түбіне кеткен. Су түбіне кетпегендерді ағылшындар кетірген. Испандықтар үндістерді тонаса, испандықтарды ағылшындар тонаған, – деп тарихтан әңгіме айтады көңілі бір түскенде.
– Ағылшындар өздерінің алғашқы капиталын осы үндістерден тонаған алтын-күміспен жинаған. Алғашқы өндіріс орындарын ашқан. Капитализмге аяқ басқан. Байып, басқа жерлерді тонауға шыққан. Әлемнің жартысын жаулап алған. Сүліктей сорып, кенедей жабысқан. «Британ империясында ешқашан күн батпайтыны» сондықтан, – дейді Джек.
Джектің елінде алтын бизнесі болған, бірнеше ломбардтар, дүкендер ұстаған. Ол күйіп кеткеннен соң, әйелі тастап кеткен. Содан баюдың жолына мықтап түскен.
Барлығы сатылады, сатылып алынады. Өмірдің мәні ақшада деген ойдағы адам. Бұрынғы әйеліне өзінің байып кеткенін көрсетіп, оның іші күйіп, өкінгенін армандайды. Ол бұл жерде өз еркімен жүр. Вагнердің көмекшісі. Бізді бақылаушы. Бізді Үндістанға әкеліп, әлдекімдерге тапсырған соң, кері қайтып кетті.
Хасан. Малайзиялық. Ол елінде бір адамға көп ақша қарыз болып қалып, соны өтеу үшін Вагнерге жалданған. Осындай істерге адам жалдайтын фирмалар да бар екен. Солардың берген хабарландыруына сеніп, осы жерден бір-ақ шыққан. Мұсылман. Бес уақыт намазын қаза жібермейді. Адал, иманды адам. Өмірде көрмегені жоқ. Үш рет үйленген. Үшеуінде де ажырасқан. Оған себеп, өзінің айтуынша, иманды әйелдің жоқтығы.
– Бәрінің есіл-дерті ақша болып кеткен, әйел сені ақшаң болса ғана сыйлайды, саған қатын болады. Басыңа іс түссе, қиындыққа тап болсаң, төркініне тайып отырады, – дейді ол.
– Онда сол ақшасы құрғырды көбірек таппайсыз ба? – деймін мен.
– Сол үшін жүрмін ғой осында, – дейді ол.
Әйелді көшеге шығарма. Оның міндеті бала табу, үй жинап, тамақ істеу. Үйден шыққан әйел албастыға айналады. Ол үйден періште қашып, шайтан кіреді. Хасанның философиясы – осы.
– Біраз ақша тауып, қарыздарымнан құтылып, жағдайымды дұрыстап алсам, төртінші қатын аламын. Енді бұрынғы қателіктерімді қайталамаймын. Алатын әйелімді әбден зерттеп, оның қандай адам екеніне көзімді жеткізбей, оған жоламаймын, – дейді ол.
– Сонда ол әйел қандай болуы керек? – деймін мен.
– Мінезі жібектей. Қарапайым. Дүниеге қызықпайтын, құдай деген жан болса.
Үшінші әйелімен ажырасқаны қызық болыпты. Әйелі күнде «ақша аз» деп құлағының етін жей береді екен. Содан ол шыдамай кетіп, «онда бар, ақшасы көп бай тауып ал» деп, аяқ-астынан үш рет «талақ» деп айтыпты. Мұсылман елі, айтылған сөз – атылған оқ. Қайтып ала алмайсың.
Қайтып алу үшін, ол әйел басқа біреуге тиіп, онымен ажырасуы керек, сонда ғана қайтадан алуға болады.
Малака. Индонезияның жігіті. Арық келген, бойы ұзын, сақал-мұрт қойған, христиан. Елінде бала-шағасы бар. Жағдайы нашар. Отбасын асырау үшін бір байға жалданып, оның тауарларын сатумен айналысқан. Бірде байдың көп тауарын сатқан да ақшасын ұрлатып алған. Бай ұрып-соғып, ақшаны қайтарасың деп уақыт берген. Белгіленген мезгілде қайтара алмағаннан кейін жігіттерін жіберіп, алдыртып, біреулерге берген. Ал олар болса осында әкеліп сатып кеткен.
Әділдік үшін айту керек, сен Вагнердің сатып алған құлақкесті құлы болсаң да, ол саған тапқан алтыныңның 10 пайызын беремін деп айтады. Яғни, жұмыс істеуге стимул бар. Бірақ сол үлесті шын бере ме, бермей ме, көзіміз жетпейді.
100 алтын құймасын тапқанша баяғыда Қожекең айтқандай «не сен өлесің, не есек өледі».
Құсайын. Африкадан келген жігіт. Қап-қара. Үнемі көңілді жүреді. Бұл жерге ол алтын іздеуге келген адам емес, көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін келген жан секілді әсер қалдырады.
– Бізде, Африкада халық өте кедей тұрады. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Күнделікті тамақ табудың өзі бір проблема. Жігіттер жалданып, жан-жаққа кетеді. Әсіресе, Еуропаға қашады. Ол жаққа барғанда не білімің жоқ, не үйің жоқ, сені кім жұмысқа ала қояды, сандалып-сандалып қайтып келеді немесе қылмыстық ортадан бір-ақ шығады, – деп мұңын шағады ол.
Еуропада да болыпты. Жүріп-жүріп, жұмыс таба алмай күдерін үзгенде, газеттен хабарландыруға көзі түсіп, барған екен, олар осы жерге жіберіпті.
– Сомалидегі қарақшылардың барлығы осындай жолдан өткен. Еріккеннен кеме тонап жүрген ешкім жоқ, – дейді ол.
– Бұл жерге алтын іздеуге өз еркіммен келдім. Дегенмен күн өткен сайын қомақты ақша табам деген үміттен күдерімді үзіп барамын, – дейді ол.
Хомаюн. Ауғандық. Елуді еңсеріп қалған еркек. Дініне берік. Не нәрсе болса да «барлығы Алланың қолында, біздікі тек мойын ұсыну ғана» деп шарасыздыққа салына береді. Бұл бейшараның бұл жаққа қалай тап болғанын ешкім білмейді. Өзі де айтпайды.
Кеңес-ауған соғысына қатысқанын білеміз.
– Кеңестіктер Ауғаныстанда жол салды, мектеп салды, аурухана салды. Халықты оқытты. Біз ақымақ болыппыз. Прогреске қарсы соғысыппыз. Ғасырлар бойы жиналған ескілік пен надандықтан бізді құтқарса, солар құтқаратын еді, ал біз болсақ қарсыласып бағыппыз, – деп еске алады ол өткен күндерін.
– Қазір американдықтар оның бірін де істеп жатқан жоқ. Ауғаныстанға не үшін келгендерін солардың өздері де білмейді-ау деймін. Кәпірлер кетпейінше, менің халқым қолынан қаруын тастамайтынына сенемін, – деп қояды.
– Тәліптерге көзқарасыңыз қалай? – деп сұраймын.
– Олар нағыз ортағасырлық надан дүмшелер. Тәліптер келсе, бәрі құриды. Ауған халқы қасірет шегеді, –деп жауап береді.
Майкл. Австралиядан келген ағылшын. Майкл Мельбурнда тұрған болып шықты. Бала-шағасы жоқ. Істемеген тірлігі де жоқ. Әлемнің көптеген жерлерінде болған. Аляскада алтын қазған. Оңтүстік Америкада қарақшылықпен айналысқан. Еуропада құнды қағаздармен айналысып, алаяқтығы үшін сотталып кете жаздаған. Өз елінде кісі өлтіріп, заң орындарынан қашып жүр. Вагнерді паналаған.
Оған сенуге болмайды. Адамның өмірі ол үшін көк тиын. Өзі де еңгезердей, алып күш иесі. Ол суға сүңгімейді. Бізді бақылаумен айналысады. Яғни, мәдениетті түрде айтсақ, біздің – қауіпсіздік қызметіміз.
Ганс. Германиялық неміс. Патагонияда алтын балқытудың қожайыны. Бізді алып кетуге келген. Бізді ғана емес, осы жерде табылған көп алтынды арзанға алуға келеді. Оны қайда апаратынын біз әзірше білмейміз.
Андрей. Орыс.
– Маған бәрібір, – дейді ол. – Қатыныммен ажырасқанмын. Балаларым жоқ. Ресейде Новосібірде тұрдым. Сол жерде бір австралиялық фирмада жұмыс істедім. Еңбегімді бағалап, маған Австралияға барып, жұмыс істеу ұсынылды. Ресейде мені ұстап тұрған ештеңе жоқ. Әке-шешем де баяғыда қайтыс болған. Маған қай жерге барып жұмыс істесем де бәрібір болатын. Салт басты, сабау қамшылы соқталдай жігітпін, бір жағынан ел көргім келді. Көбірек ақша тауып келіп, үй алып, үйленіп, жаңа өмір бастамақ болдым. Австралияға келген соң маған уәде етілген жалақы төленбеді. Әлемде кризис басталды.
– Сауда жоқ, түсім аз, – дейтін болды мұндағылар. – Сөйтіп жүргенде Майклмен таныстым. Ол маған үйіп-төгіп алтын беретін болып, осында алып келді. Содан бері жүріп жатырмыз. Кетіп қалайын десем, қалай кетем, қайда барам, құжат жоқ, ақша жоқ, арты бірдеңе болар деп жүрмін шарасыздықтан. Елімді сағындым, алтыны да, ақшасы да құрысын. Тезірек кетсем екен, – деп армандайды да жүреді.
– Біз, орыстар, әйелге еркіндікті көп беріп қойғанбыз. Соның кесірінен отбасылық құндылықтар жоғалған. Біздің әйелдер «ә, десең мә» деп тұрады. Еркек сыйламайды. Бәрін құртқан – бостандық, – деп қояды.
Жакшыбек. Қырғыз. Бұл қырғыз, бір қызығы, мен баққан Майктың қойын ол да бағыпты. Австралияда қой бағуға адамдар керек деген интернеттегі хабарландырумен келген. Екі жыл қой баққанда бір тиын да алмаған. Айдалада баратын жер, кіретін тесік жоқ, қой бағып жүре берген. Ақшасын сұраса, өлімші қылып ұрып, осы жерге әкеліп сатып жіберген.
Менен Майкты сұрайды.
Жағдайы жақсы деймін.
– Әлі тірі ме? Ой, оңбаған-ай, ә, біреу болмаса біреу өлтіреді ғой деп жүр едім, әлі жер басып жүр ме? – деп ызасы келеді.
Атының, итінің қал-жағдайына дейін сұрайды. Әбден бауыр басып қалғаны көрініп тұр. Бәрі де жақсы деп көңілін ауладым.
Қырғызстанда Дордой базарында істепті.
– Табыс аз, сондықтан шетелге кеткім келіп жүрді. Сөйтіп жүргенде Австралияға қой бағуға малшылар керек, ақшасы жақсы деген хабарға көзім түсіп, құжаттарымды дұрыстап, осы елге сапар шектім. Басында бәрі де жақсы болды. Жақсылап күтіп алды. Тамағымды, киімімді берді. Келісім-шарт бойынша маған еңбекақым жылына бір рет берілетін болды. Ай сайын алғанда оны не істеймін? Елге қайтарда ала кетермін деп уайым-қайғысыз жүре беріппін. Австралия деген Азия немесе Африканың дамушы, қайыршы елі емес, өркениет бар, заң бар, алдамайтын шығар деп сендім. Сөйтсем, барлық былықтың, алдап-арбау мен қылмыстың небір көкесі осы жерде екен ғой, – деп ол мұңын шағады.
Оны да мен секілді екі азият осы жерге әкеліп сатып кетіпті. Енді не боларын білмейді. Мені көргенде туған әкесін көргендей болды. «Қырғыз-қазақ бір туған» деп тегін айтылмаса керек. Дін бір, діл бір, тіл бір. Екеуіміз ағайынды, туыс адамдардай болып кеттік. Мен оған, ол маған көмектеседі. Жұбымызды бір жазбаймыз.
– Менің орныма да бір қырғыз келді, – деймін оған.
– Ой, атаңа нәлеттер-ай, оның да көретін күні біздікіндей болатын болды ғой, – деп күйіп-піседі.
Хун Ши. Қытай. Арамыздағы ең еті тірісі, жүзіктің көзінен өткен пысығы сол. Жаны сірі. Өте еңбекқор. Өзінің айтуы бойынша, жүз алтын тауып, он пайыздық үлесін алып, еліне жіберіп, екінші мерзімге қалған. Бұнысы өтірік пе, шын ба, біле алмаймыз. Вагнердің адамы болуы да мүмкін.
Өте зымиян. Қытайлықтар кез келген жерде өмір сүре алады. Олар құрған мафия өте құпия, қорқынышты. Торына бір түссең, ешқашан құтылмайсың.
Антонио. Италиялық.
– Италияда қазір кризис, – дейді ол. – Жұмыс жоқ. Үйімді банк тартып алып қоймақ болды. Бала-шағам көшеде қалмақ. Маған бірдеңе істеу керек болды. Кісі өлтірсем де, адам тонасам да ақша табу қажет болды. Сөйтіп жүргенде есіме Майкл түсті. Италияда танысқанмын. Хабарластым. Ол болса уәдені үйіп-төгіп, ақшаның астында қаласың, алтын тауып байыйсың деп осында алып келді, – дейді ол.
Өз еркімен келген адам.
– Әзірше байыйтын түрім жоқ. Бұл корабльдің алтыны, осы маңайдағы қазына бәрімізге де жетеді ғой, соны табу машақат болып тұр ғой, – деп мұңаяды.
Сосын – мен. Мені білесіздер.

СИЫР ҚҰДАЙ

Кеменің бортында алып тасбақалар бар. Олар Оңтүстік Американың жағалауында, Үнді мұхитында тіршілік етеді. Кейбіреулерінің салмағы 300-400 килограммға дейін жетеді. 200 жыл өмір сүреді. Бір жылға дейін ешқандай тамақ ішпей жүре береді. Сондықтан қарақшылар оларды өздерімен бірге алып жүретін болған. Бұрын аталған аймақтарда 250 мыңға дейін осындай тасбақалар болса қазір азайып, 10 мыңдайы ғана қалған деседі. Ал негізі соңғы 300 жылда теңізде жүзушілер 10 миллиондай тасбақаны жеп қойған. Мұздатқыштың керегі жоқ, свежий ет қасымызда. Соларды сойып жейміз. Олар теңіз ауруынан сақтайды. Витамин. Олар болмаса, біздің тістеріміз түсіп, баяғыда-ақ қырылып қалады екенбіз.
Адамдардың түр-түсіне қарап Үндістанға келгенімізді түсіндім. Шри-Ланканың маңайы болса керек деп болжадым. Әлде Шри-Ланканың өзі ме?
Бізді біреулердің қолына тапсырды. Түрлері адам шошырлық төрт жігіт бізді автобусқа отырғызып ала жөнелді.
Жаңбыр құйып тұр. Тропиктік маусым басталды. Енді бұл жауын толассыз екі-үш ай құяды. Бізді бір жерге әкелді. Осы жерде түсіріп, бір лашыққа жайғастырды.
– Бүгін дем алыңдар, ертең жұмыс, – деді кетерінде түрі адам шошырлық қара жігіт. Түрі негр мен азиялықтың шағылысуынан шыққан бір мулат па, бір пәле әйтеуір.
Құлай-құлай кеттік.
Қатты ұйықтап кетіппін.
Теуіп кеп жіберген бір қатты соққыдан оянып кетсем, жаңағы жігіт тұр. Кеттік деп бәрімізді алдына салып, айдай жөнелді. Біраз жер жүрген соң бір плантациядан бір-ақ шықтық.
Күріш ектік, жер жырттық. Шай жинадық. Соқаға өзің жегілесің. Бұл жақта сиырдан өткен қасиетті жан жоқ. Ол – құдай. Бәрі оған табынады.
Жергілікті адамдармен араласып кеттік. Негізі адамдар өте кедей тұрады. Бірақ қай жерде жүрсем де мен жақсылықты, жан ашушылық пен қол ұшын берушілікті осы қарапайым адамдардан көріп келдім. Өз елімде де солай болды. Мен түрі қорқынышты деген адамның өзі бізге ештеңе дей қоймайтын. Жұмысымызды жақсы істесек, айтқан тілін алсақ, болды, басқа ешқандай зорлығы, жамандығы жоқ, жуас адам еді.
Бұл жерде көрген біраз сұмдықтарым болды. Соның бірі – бір отбасындағы бірнеше жігіттің, тіпті бес-алты ағайынды жігіттің бірігіп, бір әйел алатындығы. Баланың дәл кімдікі екенін біліп болмайды. Ол маңызды да емес. Әкелері барлығы туыс адамдар ғой, бір әкенің балалары болып есептеледі. Сондықтан сенікі, менікі деген жоқ бұл жақта. Қатын ортақ, үй ортақ, тамақ ортақ.
Неге бас-басына қатын алмайды екен деп ойлап, түсінгенім, қалыңдық қымбат тұрады. Оның қалың малын төлеуге екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Және әйел баласы аз бұл жақта. Оларды анасының құрсағында жатқанда-ақ қыз екенін білсе немесе жарық дүниеге келген соң да өлтіріп тастай салады. Осыған байланысты есіме бір оқиғаның түсіп отырғаны. Алматыда оқып жүргенде Африкадан келген Сейіт Берке деген жігітпен бір бөлмеде тұрдым.
Бізде ауылды жерлерде біреудің үйіне келгенде есікті қақпай кіріп келетін әдет бар. Менің ауылдан келген достарым маған келгенде де сөйтетін. Соған көндіге алмай жүретін.
– Сенің достарың неге есікті қақпай кіріп келеді? – деп менен таң қалып сұрайтын.
– Бізде ондай әдет жоқ. Біз – қонақжай халықпыз. Кімге болса да әрқашан есігіміз ашық, – деп құтылатынмын.
– Сейіт, сенің қызың бар ма? – деп сұрадым бірде.
– Бар, – деді де төс қалтасынан бір қыздың суретін алып көрсетті.
Көмірдей қап-қара қыз екен. Ұзын шашын тарқатып жіберіп, баспалдақтың жанында ыржиып тұр.
Тістері маржандай ап-пақ.
– Қашан үйленесің? – деп сұрадым.
– Ооо, оған ақша жинау керек, қыздар қымбат тұрады, – деді ол.
– Қанша?
– 200-300 сиыр.
– Сиыр?!
– Иә. Сиыр.
Көзім атыздай болды.
Бұншама сиырдың қанша тұратынын кім біліпті. Мысалы, бізде, Қазақстанда өте көп ақша болар еді. Қазір әр сиырың 1000 доллардан аспаса, кем емес. Ал Моңғолияда су тегін екен. Моңғолияның халқы 2-3 миллион ғана болса, елде 65 миллиондай мал бар. Яғни, жан басына шаққанда 20-30 малдан келеді деген сөз. Қойың – тауықтан арзан.
Елде жүргенде «Нашнл жаграфик» арнасы Моңғолиядағы қазақ отбасының өмірін көрсетті. Мың шақты қойы-ешкісі, көптеген сиырлары мен жылқылары бар. Біздің Қазақстанда тұрса, бай болатын еді. Бірақ жұпыны тұрады. Өйткені малдың бағасы арзан. Оларда да солай шығар. Қалай болса да аз мал емес, әрине.
– Сейіт, сендерде жастардың арасында ажырасу деген болады ма? – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді.
– Ажырассаң, тағы да қатын алу үшін 200-300 сиырды қайдан табасың? – деді.
– Рас-ау, – дедім ішімнен.
Негізі бұл сиырдың бәрін жігіттің жалғыз өзі бермесі анық. Оған достары, туыстары көмектеседі. Қарындасың болса кейін шығарған шығының, сиырларың қалың мал болып қайта оралады. Сондықтан «бүгін – сенікі, ертең – менікі» деген алма-кезек дүние деп бір ойлап қойдым…
Шығыстағы көп елдерде, мұсылман әлемінде қызға қалың мал төлеу дәстүрі бар. Бұрын бұл бізде де болған. Бұның бір жақсы жағы жігітті жалқаулықтан арылтады, өзін үйдің иесі, отбасының қожайыны ретінде сезінуіне көмектеседі. Жігіт әйелі мен бала-шағасы үшін жауапты екендігін түсінеді, ажырасу деген пәледен аулақ болады. Қайта-қайта қалың малды қайдан табады? Яғни, қызға қалың мал төлеген – дұрыс. Ата-бабамыз дұрыс істеген. Қалың малсыз қыз – жетім қыз секілді. Тегін қыз. Ал тегіннің қадірі болмайды. Арзан қыз. «Арзанның жілігі татымас».
Сосын, бұл жерде тышқандарды көптеп өсіреді. Бұл малғұндар өте тез көбейіп кетеді. Тышқандар дегеннен көрі егеуқұйрыққа көбірек келеді десем дұрысырақ болар еді. Кім біліпті. Соның күнде біреуін сойып, шөп-шаламмен араластырып, ащы дәмдеуіштер қосып, күрішке тұздық жасайды. Ет, нан, картоп деген бұл жақта атымен жоқ. Оның не екенін ешкім білмейді де. Сосын күн ыстық болғаннан кейін адамдар тамақ жеп те қатырмайды. Жолда кездескен бананды жұлып жеп, жылдап жүре беретін адамдар көп. Ал бұл жерде бананнан көп нәрсе жоқ. Жұмақ.
Бұл жерге келген соң бір жарым айдың ішінде италиялық Антонио малериядан өлді. Бейшара қатты қиналды.
– Ешқайда кетпеші, менің жанымда болшы, – деп көпке дейін менің қолымнан қатты ұстап алып, жібермей қойды. Бір уақытта қолы әлсіреп, ақырын кетіп бара жатқанын сездім…
Сосын бұл жерде екінің бірі есірткі шегеді. Бала деген өте көп. Бір үйде он-он бес-жиырма бала болмаса, ол отбасы нашар, бақытсыз жандар болып есептеледі. Біз бұл жерде көп аялдағанымыз жоқ, екі айдан кейін келіп, алып кетті.
Бұл жерге бізді неге әкелді екен деп ойлап жүретінмін. Күріш егу, жер жырту, шай жинау соншалықты пайда түсіретін шаруаға ұқсамайды
Сөйтсем, олар алыс жолға шыдас бере алатын үлкен кеменің келуін күтіпті…
АФРИКАДАҒЫ СОҒЫС

Тағы да корабль. Бұл жолғысы үлкен-ақ. Палубада аштықтан, шөлден қаңсырап жатқан адамдар. Іште отыратын орын жоқ. Лық толы. Корабль оңтүстікті бетке алып, ҮНДІ МҰХИТЫНДА жүзіп келе жатқанына бір айдан асты-ау дегенде Мадагаскар аралынан өттік. Енді қайда барады екенбіз деп мен отырмын. Оңтүстік-батысқа бағыт алды. Түсінікті – АФРИКА!
Кеменің бортында ешкімді жолатпайтын жүк бар. Күндіз-түні күзетеді.
Оңтүстік Африка Республикасына да жеттік. Кейптаунға жетпей, Айдаһар таулары деген жер бар екен, соған аялдадық. Осы жерден кеме капитаны азық-түлік, тұщы су алып аламыз деді.
Кеме бір айлаққа келіп тоқтады. Бірнеше адам суға кетті. Жағалауда тұрғанбыз. Аяқ астынан атыс басталып кетті. Бір қарасам, бізден, кемеден барған адамдар қашып келеді. Қап-қара адамдар қуып келеді. Қап-қара болғанда көмірден де қара түстері. Тек көздері мен тістері ғана аппақ, жарқ-жұрқ етеді.
Біздің кемедегі жігіттер мылтықтарынан оқ жаудырып, қарсы тұра ұмтылды. Сонда ғана олар тым-тырақай болып келген жақтарына қарай қаша жөнелді.
Екі өкпелерін қолына алып, алқына жеткендердің сөздерінен түсінгеніміз төбелес суға таласудан шыққан. Бізден барғандар қаруларын кезеніп, суды бірінші алмақ болған екен, бұлақ басындағылар кетіп қалып, біраздан соң қарулы адамдарды ертіп, қайтадан келген. Содан атыс басталып, бізден екі адам – орыс Андрей мен қытай Хун Ши өліп, қалғандары қашып құтылған.
Бұл жақта адамдардың бас-басында қару болса өкімет, билік деген жоқ болып тұр-ау шамасы. Әлде көшіп-қонып жүрген тағы тайпалар ма екен? Кім біліпті. Африка деген әлі табиғаты тұмша, адамдары жабайы болып суреттелетін еді мен оқыған кітаптарда. Десе де ол баяғы замандар болатын. Содан бері ештеңе де өзгермеген бе?
Бәрімізге қару таратып берді. Сусыз өмір жоқ. Мына ми айналдыратын ыстықта онсыз алысқа бармайсың.
– Соғысамыз, – деді капитан. – Бәріміз қырылсақ та су алып алуымыз керек. Сусыз бәрібір өлеміз.
Рас айтады. Мына ми қайнатқан ыстықта тамақтың керегі жоқ. Су керек.
Сөйтіп, соғысқа қатыстым. Олар мұздай қаруланған болып шықты. Атыс басталды. Қолымда – шолақ мылтық. Гүрсілдетіп атып жатырмын. Тисе терекке, тимесе бұтаққа. Әйтеуір, бір уақытта олар қаша жөнелді. Біз қуып бердік. Біраздан соң бір көп күркеге келдік. Қабырғалары балшықтан, төбелері қамыспен жабылған үйшіктер. Бірақ іштерінде ешкім жоқ. Бәрі қашып кеткенге ұқсайды.
Үйлерді аралап көрдік. Ештеңе жоқ. Тонайтын ештеңе таппадық. Осыншама да кедей тұруға болады екен! Ештеңе жоқ-ау, ештеңе. Төсектері де шөп, сабан секілді бірдеңелер. Нағыз алғашқы қауымдық құрылыстың адамдары дерсің! Барлық жеуге жарайды-ау деген азық-түліктерді сыпырып алдық. Бес-алты ешкі сойып алдық.
Екі қап-қара, жап-жас қыз қолға түсті. Жастары 14-15 шамасы. Тыр жалаңаш. Капитан оларды каютасына кіргізіп алды. Содан оларды көргеніміз жоқ.
Анандай жерде жирафтарды көзім шалды. Мүйізтұмсықтар жүр. Су сиырлар мен қолтырауындар көлге бірігіп түсіп кетіпті. Ағаштардың көлеңкесінде арыстандар мен жолбарыстар жатыр. Гиеналар кетіп барады, бір зебраны қуып. Бір ағаштың түбінде сілеусін қабанды мүжіп жатыр. Оны күтіп маймылдар отыр. Құзғындар да жинала қалыпты.
Корабль аузы-мұрнынан шыққанша толды. Осыған қарап-ақ мен шынында да өте алыс жаққа кетіп бара жатқанымызды түсіндім.

БҰЛ ШЫНЫНДА ДА АНТАРКТИДА ЕДІ…

Күннен күнге, байқаймын, күн суып келе жатыр. Аспанға қарасам Жеті қарақшы өте алыста, жердің шетінде ғана жымың-жымың етеді. Екі жұмадан кейін айсбергтер кездесе бастады. Біз Антарктидаға келе жатқан сияқтымыз. Бір жұмадан кейін айсбергтер көбейе бастады. Күн суып, дірдектей бастадық. Жылы киімдер берді. Тағы бір жұмадан кейін мұздан қаланған ұлы қорғанға келіп тірелдік. Жүзіп отырып, биіктігі 7 метрдей болатын жеріне келіп тоқтадық. Бұл шынында да АНТАРКТИДА еді…
Осы жерде мен бірінші рет жақыннан тірі пингвиндерді көрдім. Пинг­виндер ұша алмайды. Ал суда жүзу, сүңгу жағынан алдына жан салмайды. Қалың, тығыз жүндері оларды суықтан қорғайды. Су жұқтырмайды. Асыққанда суда сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Адамға бауыр басып кетеді. Ұзақ уақыт жанында болсаң, сенен қорықпай, жаныңда жүре береді.
Біз тоқтаған үйдің маңында толып жүрді. Адамдардан артылған ас қалдықтарын соғып алады.
Судан торпедо секілді атып шығады. Биіктігі 5 метр жардың үстіне келіп бір-ақ қонады. Судың астында 18 минутқа дейін бола алады. 250 метрге дейін тереңдікке сүңгіп, балық аулайды.
Жағадан азық іздеп 1000 шақырымға дейін кетіп қалады. Ең ірісі Император пингвині деп аталады. Оның бойы 120 сантиметр, салмағы 50 килограммға дейін барады.
Ғалымдар олардың су астында жарты шақырымға дейін баратындарын анықтаған. Күн сәулесі мұхитта бар-жоғы 10 метрге дейін ғана түсетіндігін ескерсек, соншама тереңдікте, қараңғыда олар не істейді екен?
Олар Оңтүстік Америка, Оңтүстік Африкада да бар.
Антарктиданың кейде 70 градусқа дейін жететін өте суық ауа-райында бір-бірлеріне тығылып, кезек-кезек орын ауыстырып отырып, жан сақтайды. Балаларын екі аяғының астындағы жылы қалтасында ұстайды. Өте балажан. Әкесі де, шешесі де баланы асырап, жеткізеді. Тіпті, өліп қалған баласын да көпке дейін бағып-қағып, жылы жерде сақтайтындары бар.
Осы жерде біздерді бір сақал-шаштары өскен, әбден суық сорып қарайған, еуропа нәсілдес адамдар қарсы алды. Бізге пингвин етін қуырып берді. Жердің түбінде мұз бен қар жастанып, не істеп жүрген адамдар екенін біле алмадым. Оларға әкелген жүгімізді түсіріп, кері бұрылдық.
Бағыт – батыс.

АТЛАНТ МҰХИТЫНЫҢ ТАУДАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ

АТЛАНТ МҰХИТЫНДА келе жатырмыз. Шексіз-шетсіз су басталды. Толқындары таудай. Кемені тербеткенде аударып тастай жаздайды. Қатты жел соқса желкендерді түсіріп тастаймыз. Айсбергтер де көп. Жанымыз мұрынымыздың ұшына келіп, құдайға жалбарынудан басқа біздің қолдан не келеді? Осы жерде суыққа шыдамай африкалық Құсайын қайтыс болды. Денесін суға тастай салды. Қатарымыз күннен-күнге азайып келеді.
Барлығы елудей адам бармыз. Жиі-жиі төбелес болып тұрады. Біреу біреуге тиіседі. Тамағын тартып алады. Құл қылып жұмсағысы келеді. Күш көрсетпек болады. Маңайда әйел затынан ешкім жоқ. Зорламақ та болады. Әлсіз, әдемі еркектер қатын болып шыға келеді. Әйелше киіндіріп, бет әлпетін бояп, әдемі қылып қояды. Кейде өзің де қызығып кетесің.
Жап-жас екі қап-қара қыз туралы да сыбыс шыға бастады. Миығынан күліп, ыржиып жүргендерді де байқадым.
– Ақшаң болса, жас иіс искеуге болады, қалайсың? – деді маған бір жігіт.
– Құры бар, – дедім. Сұмырай!
Өз-өзіңе сенбесең, қарсылық көрсетпесең, итше жұмсайды. Қор қылады. Ат қып ерттеп, мініп алады.
Бір айдан асқан мезгілде алыстан биік таулардың аппақ ұшар бастары көрінді.
Мұздықтар!
Қуанғанымызды көрсең!
«Жұмаққа кірдің» дегендей әсерде болдық…

ОТТЫ ЖЕР АРАЛЫ НЕМЕСЕ ТОЗАҚ

Бұл ОҢТҮСТІК АМЕРИКА еді! Отты жер аралы. Магеллан бұғазы. Бізді суық желімен қарсы алды. Бұл жерді баяғыда ең бірінші рет Магеллан ашқанда өте ірі адамдарды көріпті. Олардың аяқтарының іздерінің өзі жай адамдардыкінен екі есе үлкен болыпты. Сондықтан ол бұл жерді Патагония деп атаған екен.
Яғни, үлкен аяқ деген сөз.
Бұл жерде қарақшылар Үнді мұхитында тапқан алтындарын пеште қайтадан ерітіп, 999 сынамалы құймаларға айналдырып, саудаға алып шығады. Бұрынғы заманда құйылған алтындар саф таза болмайды. Құрамында неше түрлі заттар болады. Қазіргі заманның талабына сай емес. Сондықтан қайта балқытып, тазалайды. Сондай бір пешке алтын балқытушы болдым.
Алтын деген өзі қызық металл. Тазасы жұмсақ болады. Адамдардың қолдарына, мойындарына тағып жүргендері таза алтын емес. Олар жартылай ғана алтыннан тұрады. Жартысы басқа металл болады. Қандай болса да алтынның адамды өзіне тартып тұратын керемет бір тылсым күші болады. Біздің қазақта «алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген мақал бар. Періштенің жанында адам деген не тәйірі. Бір қап боқ емес пе?
Мен аяғым жерге тиісімен, бірінші рет дұрыстап ойлана бастадым. Алтын құюшылардың бастығы Педро деген аргентиналық жігіт. Адам емес. Адамнан садаға кетсін. Сөз ұқпайды, сөз түсінбейтін нағыз малғұнның өзі. Қит етсең, қолында таяғы бар, сабалай жөнеледі. Өлімші қылып ұрып тастайды. Өлсең де бәрібір оған. Адам жетеді. Адам табылады. Мен секілді құлдар толып жатыр. Күніне бір кемесін әкеледі. Кейбіреулерінің жүрегін, кейбіреулерінің бүйрегін, кейбіреулерінің бауырын, ішкі органдарынан түк қалдырмай алады. Өлі, құр денені иттерге тастай салады. Олардың адамның денесін мүжігендерін көрсең, төбе шашың тік тұрады. Итке жем болмаудың бір-ақ жолы бар. Ол – Педроның құлақкесті құлы болу.
Әдемі еркекті көрсе, ол бірден өзінің гареміне алып алады. Құдайдың түр бермегені қандай жақсы болған. Бірінші рет мен оған шын көңілімнен рахмет айттым.
Есіме қай-қайдағылар түседі. Төңіректің бәрі тау. Мұздықтар, көлдер. Суық жел өңменіңнен өтеді. Жабайы аңдар да көп. Пингвиндер жүр жағада. Біздер жатқан барак типтес ұзыннан-ұзын салынған үйлер бір жылынбайды. Интернет, телефон деген атымен жоқ. Бұл жақты билік органдары да естерінен шығарғанға ұқсайды. Өкімет адамын көрсек, жағдайымызды айтар едік, әлде бұлар олардың бәрін сатып алып қойған ба, ешкім бізге жоламайды.
Жұмыстан тыс уақытта арақ ішу, карта ойнау, төбелесуден басқа ермек жоқ. Кейде тіпті екі адамды шағыстырып, әдейі төбелестіреді. Қан-жоса болған бейшараны ешкім керек те қылмайды.
Педро құмар ойыны, есірткі, төбелес десе жанын береді. Бәс тігетіні де бар. Екі адамды төбелестіріп, екі итті таластырып қойғандай, «анау жеңеді, жоқ, мынау жеңеді» деп бәс тіккенде, ақшаны пора-пора тастайды. Ұтылып қалса бітті, бізге маза жоқ, ашуын бізден алады, ұтса көңілденіп, вискиден ішуге бізге де береді.
Осы жерде бұрыннан істеп жатқандар мен жаңадан келгендердің арасында қырғын төбелес болды. Бұрыннан істеп жатқандар жаңадан келгендерге зорлық көрсетеді, жұмсайды, тілін алмасаң ұрады, тепкінің астына алады. Маған қатын бол дейді. Болмасаң, таяқ жейсің. Болсаң, адамның қоры боласың, бәрі сенен жиіркенеді, адам құрлы көрмейді, құрысыншы…
Солармен жағаласып жүріп ауғандық Хамаюн мен индонезиялық Малака да өлді бір күні. Итше текпілепті. Ешкім байқамаған. Түнде болған іс.
– Бірақ ер жігіттер екен, қайтпады, беріспеді, – десті жұрт.
Қалғанымыз – мен, неміс Ганс, қырғыз Жақшыбек, Хасан мен Майкл.
Мен Алматыда жүргенде Мұстафа Өзтүріктің таэквондо мектебінде шыныққанмын. Мұстафаның ол кезде аты дүрілдеп тұрған кезі. Жігіттердің бәрі таэквондошы болғысы келеді. Қара белбеу – сенің мықтылығыңның белгісі. Оған қолы жеткендер де бар, жетпегендер де бар. Оныншы данға қол жеткізгендер шынығудың шыңына шыққандар болып есептеледі. Оған қол жеткізгендер әлемде саусақпен санарлық-ақ. Мұстафаның өзі оған әлі жете қоймаған болатын.
Одан бері, рас, көп уақыт өтті. Сонда да болса анау-мынау адамға дес бере қоймаймын. Қырғыз қолдап жүреді мені, мен оны қорғап жүремін. Екі адамға тістері бата қоймайды.
Бірде қырғыз маған «сақ бол, сені біреулер сыртыңнан аңдып жүргенге ұқсайды, екеуіміз жұбымызды жазбайық» деді.
Сақтанып жүрмін. «Ойбай-ау менде нелері бар екен?» деп ойлап қоямын. Әзірше ештеңе байқалмайды. Ақыры менің орыныма біреулердің қызығып жүруі мүмкін деген шешімге келдім. Менің орыным – табысты жер. Байқатпай әжептәуір алтын жинап алуға болады. Ал алтын жинап алсаң, бостандығыңды сатып аласың.
Майкл мен Ганс – өз адамдары. Ал Хасанның әлі тірі жүргеніне таңымыз бар. Құдайы сақтап жүр-ау шамасы. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Нағыз мұсылман. Өзінің ешкімге зияны да жоқ. Оқыған-тоқыған, көзі ашық, қазіргі дүниедегі көптеген оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар, сауатты адам.
Дінге деген көзқарасы да заманға сай.
– Хасеке, – деймін мен оған, осы жер жүзінде 7 миллиард халық бар. Оның 1 миллиарды – мұсылман. Қалғандары мұсылман емес. Сонда қалған 6 миллиард адам өлгенде қайда барады, тозаққа бара ма?
– Жоқ, – дейді ол. – Құдай – біреу. Оған баратын жол әр түрлі…
Біз тұрған жер күзетіледі. Бір таудың етегінде тұрған ескі, аңғал-саңғал, ХХ ғасырдың 60-70 жылдары салынған, әбден тозған барактарды айнала тікенегі бар сым тартып, оған ток жіберіп, терең ор қазып тастаған. Жағалай қару асынған, қабаған ит жетектеген еңгезердей негр жігіттер жүреді. Түрлерінен адам қорқады. Бір жегенде бес адамның тамағын ішеді. Еңгезердей, екі иықтарына екі адам мінгендей еркектер. Еріндері қап-қалың. Көздері ғана ағараңдап, анда-санда сөйлегенде тістері жарқ-жұрқ етеді. Сақал-мұрттары қауғадай. Кейде есірткі шегіп алып тауға, аспанға оқ атады. Жәйдан-жай адамды ата салу түк емес оларға. Калашников автоматының дауысы шықса, зәрең ұшады. Тағы да кім өлді екен деп ойлайсың.
Түнде де ешкім ұйықтамайды. Әскери, өте құпия обьекті де бұлай қатаң күзетілмес. Олардың көзіне түспей үстімізден құс та ұшып өте алмайды, астымыздан тышқан да жүгіріп өте алмайды. Күзетшілер ешбір ескертпестен ата салуға құқылы.
– Қашпақ болды, – дейді. Болды.
Ешкім тергеп, тексеріп жатпайды. Сондықтан сым, ор жаққа ешкім де аяқ баспайды. Әдейі өлгісі келгендер болмаса, әрине.
Бірде бір күзетші автоматы атпай қалған ба, әлде ерігіп отыр ма, қаруын шашып тастап, бір-бірден жинап отырған ғой, Хасанның өзі барып соқтығысыпты. Калашников автоматын ол көзді жұмып тұрып жинай беретінін бірнеше рет айтқан болатын. Жалданып Вьетнамдағы соғысқа қатысқан. Американдықтармен шайқасқан. Соғысқа еті үйренген. Қару-жарақты шашады.
Хасан «қаруыңды әкел, мен жинап берейін» десе керек, жанына жақындай берген оны күзетші басқаша түсінген. «Тоқта» деп пе, әйтеуір бірдеме деп айғай салыпты, екінші күзетші қуыстан атып шығып, атып кеп жіберген.
Осылайша аяқ астынан ол да қаза тапты….
Енді бірге келгендерден қырғыз екеуіміз ғана қалдық. Бізден басқа да бұл жерде жүздей адам бар. Арасында кімдер жоқ дейсің? Қытайлықтар, малайзиялықтар, пәкістандықтар, үндістер, негрлер, арабтар, еуропалықтар да бар. Бір моңғол жігіті де жүрді. Жапондықтар мен мексикалықтар, кәріс, тай, лаос та бар. Қырық рудан құралған құрама халықпыз.
Бәріміздің сөйлесетін тіліміз – ағылшын тілі. Қайда барсаң да ағылшын тілі. Ағылшын тілі болмаса, осыншама жердің әр түкпірінен жиналған қырық сан ұлттың өкілі қалай түсінісер едік?
Тамақ беріп те жарытпайды. Қолдарына не түссе, әйтеуір аштан өліп қалмаса болды деп ойлайтындары болуы керек, бере береді. Жесең де, жемесең де өзің білесің.
Аспазшы жігіт «тамаққа келіңіздер» деп айқай салғанда балалар секілді істеп жатқан жұмыстарымызды тастай-тастай жүгіреміз. Бір-бірімізді итере-митере, таптай жаздап, есікке сығылысып, асханаға әрең кіреміз. Кім бірінші кіреді, сол ұп-ұзын қылып қойылған үстелдің үстіндегі тамағы молырақ құйылған ыдысына ие болады. Оны тез-тез асап жеп, қылғытып, тағы да сұрауға болады. Обалы не керек, ең бірінші бітірген он-он бес адамға тағы да қосымша құйып береді. Екі тілімнен қара нан да болады. Өзіңдікіне тоймай қалсаң өзіңнен жуастау, әлсіздеу біреудің нанын, кейде тамағын тартып алып жейтін жындылар да бар.
Ет деген атымен болмайды емес, болады. Бірақ оны су татыған сорпаның ішінен тауып алғанша біраз уақытың өтеді. Ламаның еті. Кейде қабанның еті болады. Пингвиннің етін де береді.
Екіншіге үстіне етсіз тұздық құйылған күріш, кейде жарма береді.
Ал үстелдің ең бас жағындағы екі-үш орынға ешкім де отырмайды. Ол жерлер кімдердікі екенін бәріміз білеміз. Шаш ал десе бас алатын бандиттердікі. Пәлесінен аулақ.
Ал қытайлықтар, кәрістер мен тайлықтар ештеңені талғамай жей береді. Бірде кәдімгі құртты қуырып жегендерін көзіммен көрдім. Лоқсып, жүрегім айнып кетті.
Кейде асханада кезекші боламыз. Отын жару, су әкелу дегендей ұсақ-түйек жұмыстар. Картоп ашуға көмектесеміз. Ыдыс жуу. Есесіне қарын тоқ, қалағаныңша жейсің, кетерде жолдастарыңа тағы да ала кетесің.
Бірде жұмыстан шаршап келіп түнде ұйықтап жатқам, біреу оң жақ иығымнан түрткендей болды. Екінші қырыма аунап түсіп, жата бердім. Түс көріп жатыр екенмін. Түсімде ауылда жүрмін. Төрт-бес бала суға түсіп жүрміз. Күн ыстық. Бір-бірімізге су шашып ойнаймыз. Суды жалаң аяқ кешіп, жүгіреміз. Шолп-шолп етіп шашыраған су тамшыларына қызыға қараймыз. Бір бала тас жалатып әуре болуда. Бұл қандай ойын екенін кейбіреулер білмес. Айта кетейін, екі жағы жылтыр сопақ келген тасты тауып аласың да су бетіне бар пәрменіңмен лақтырасың, сонда тас су бетіне бірде тиіп, бірде тимей бес-алты рет, кейде он-он бес рет секіріп, секіріп барып, суға батады. Кімнің тасы суды көп жаласа сол жеңген болып шығады. Мен тас жинап жүр екенмін. Енді менің келген кезегім еді, лаостық жігіт оятып жіберді.
– Жай ма? – дедім ұйқылы-ояу, көзімді әлі аша алмаған қалпы.
– Сені далада біреулер шақырады, – деді.
– Шақырғаны несі? Түн ішінде мені не істемек?
– Білмеймін. Екі жігіт сені шақыр деп мені жұмсады, – деді ол.
Жүрегім бірдеңені сезе қойды. Өткенде қырғыз жігітінің айтқаны есіме түсті. Жәйдан-жәй емес деп ойладым мен.
Біраз отырып, есімді жинап, далаға шықтым. Прожектордың жарығы ауланы жап-жарық қылып тұр. Ешкім көрінбейді. Қара көлеңке болып тұрған үйдің артқы жағына қарай келдім. Қараңғыда тығылып тұрған екі адамның сұлбасы байқалды.
– Сендер ме мені іздеген, бері қарай келіңдер, – дедім дауысымды қаттырақ шығарып, мені қорқып тұр деп ойламасын деген түрмен.
– Өзің кел, бері таман, – деді біреуі.
Келдім. Тани қойдым. Қытайлық пен анголалық жігіт. Қытайлықты бәріміз Му деп атаймыз. Қандай мағына берерін кім біліпті, соның атын атасам болды, әйтеуір менің есіме сиыр түседі. Қазақтың сиырлары «мөөөө… мөөөө…» деп мөңірейді емес пе? Өзі де сиыр секілді жардай. Ал анголалықтың аты — Бома. Екеуі де өздерінің мінез-құлықтарымен, тәртібімен басқа жұрттан бөлектеніп жүретін. Әлсізге әлімжеттік жасауға дайын тұратын. Бір-екі рет сөзге келіп қалғанбыз. Бір болмашы нәрсе үшін Жақшыбекке тиіспек болғандарында мен килігіп, орындарына қойғам. Біз екеу болып кеткеннен кейін шамаларымыз жетпей қала ма деп қорықты ма, жым-жырт бола қалған еді сол кезде. Енді әрқайсымызбен жеке-жеке есеп айырыспақ болды ма екен?
Бір адамның өлгенін осы екеуінен көретінбіз. Қолда нақты дәлел жоқ. Оқиға түнде болған. Ешкім көрмеген.
– Сен, қазақ, алтын ұрлап жүр екенсің ғой, – деді қытай. – Мен бәрін білемін.
– Білсең қайтейін, – дедім. Бұнысы тек жай, мені ұру немесе өлтіру үшін сыныққа сылтау іздеу екенін сезе қойдым. – Ұрласам, сенің әкеңнің алтынын ұрлап жүргенім жоқ қой!
Менен бұндай сөз естимін деп ойламаса керек, не айтарын білмей әбіржіп қалды. Ол мені қорқып кетіп, бөлісейік, ешкімге айтпа, жартысын саған беремін деп айтады деп ойлаған-ау деймін, күмілжіп қалды. Осы кезде «ангола» жағама жармаса кетті.
– Мен білемін, қазақ, сен алтын ұрлайсың, тірі қалғың келсе бізге бересің, әйтпесе… дей бергенінде, баяғыдан көзіммен бағып тұрмын, екі аяғының арасы талтайып, ашық тұр, өзі маған жабысып алыпты, тіземмен теуіп қалдым, бар күшіммен, бейшараның жанды жеріне дәл тиген екен, әлде жарылып кетті ме екен, шыңғырып жіберді, екі қолымен баса қалып, жата кетті. Бірдеңе-бірдеңе деп өзінің тілінде айғайлап жатыр. Не болғанын бірден түсіне алмай Му қатты састы. Қатты дауыстан жұрт тез жинала қалды. Жалғыз қалған «қытай» қаша жөнелді.
– Не болды саған, не болды? – деп қырғыз да жетті.
– Таэквондоның арқасы! Мұстафа Өзтүрік ағама мың рахмет! – деп оған күлімдей қарадым.
Кейін белгілі болғанындай, анголалық қатты жарақат алыпты. Емдейтін дәрі, дәрігер жоқ, оған инфекция түсіп кетіп, іріп-шіріп, ақыры өлді. Жалғыз қалған қытай жігіті қойдан жуас болып кетті.
Бейшара, сүмірейіп, мәдениетті, тәртіпті адам бола қалды.
Кейбір адамдар болады. Өзінің тек қара күшіне ғана сенеді. Күшінің асып, шамасының жететінін білсе, құтырып шыға келеді. Ал әлсіз екенін түсінсе бетегеден биік, жусаннан аласа, моп-момақан.
Бір көргенде қандай жақсы адам деп те ойлауың мүмкін.
Бірде Педроны сатып алуға бел будым. Алтын балқытқанда кей кезде күлдің арасында қалып қойған сынықтары болады. Соларды байқатпай жинай береміз. Олар ешқашан да пештен алынбайды. Басқа алтындармен бірге балқып жата береді. Оларды қозғамаймыз. Күн өткен сайын олар көбейе береді, көбейе береді. Соларды Педроға берсем ше? Мені өліп қалды деп айта салады. Кім санап жатыр бізді? Ит жеп қойды дейді. Ал сен өз жөніңе кете бер. Кімге керексің? Жолың ашық. Дәл осылай істеген бір жігіт болды. Қазір үйіне барған да шығар.
Менің ағылшыншам әжептәуір дұрысталған. Жақсы сөйлесемін. Педро да ағылшын жігіт. Дұрысы Петр. Испан мақамымен айтқанда Педро болып шыға келеді.
Бір күні Педро келді қасыма.
– Сенің атың неге казақ? – деді ол.
– Мен қазақпын. Казақстаннанмын, – дедім.
Бұндай ел бар екенін естімеген болуы керек, иығын қиқаң еткізді.
– Педро, – дедім мен. – Мен сенен өзімнің бостандығымды сатып алғым келеді. Маған азаттық бер. Қанша керек?
– Немене алтының тасып бара ма? – деп көзі бақырайып кетті оның.
– Жоқ. Бірақ тауып беремін, – дедім.
Жан жағына қарады, ұрлана, ақырын басып қасыма келді.
– Қанша бересің? – деді.
– Бір келі, – дедім.
– Аз, – деді.
– Екі келі.
– Жоқ.
– Үш.
– Тағы қос.
– Төрт.
– Жарайды, – деді де, кетіп отырды.
Ура!!! Мен азатпын. Мен бақыттымын. Ура!!!
Келгелі жинай берген, тығып қойған алтындарыма көз салсам біраз болып қалғанға ұқсайды. Екі келі бар-ау. Енді аз-ақ қалды. Аз-ақ. Сәл шыда, Тұреке! Шыда! Шыда! Шыда!!!
Ертеңінде Педро келді. Асығыс.
– Ей, қазақ, – деді.
Қарадым.
– Мені ертеңнен бастап басқа жерге ауыстырып жатыр, қанша алтының бар, бер де кете бер, бүгінгі түннен қалма, қалсаң, өз обалың өзіңе, – деді ол.
Жанып жатқан оттың ішіне қолымды салып жібердім де қолымның күйгеніне қарамай күлдің бір бұрышында жатқан қомақты қанқызыл металды алып шығып, суға тастап жібердім. Ол быж ете қалды да тынышталды. Педроға ұстата бердім.
Көзі жайнап кетті.
Жалпы, қай жерде жүрсе де, қай кезде болса да қолына алтын ұстаған адам өзгеріп сала береді. Көздері жайнап, бетіне, көзіне қан жүгіріп, жүрісі, сөйлеген сөзі өзгеріп кетеді.
– Бүгіннен қалмай жоғал, – деді ол.
Сондай бір әмірмен айтты. Мен сенің қожайыныңмын, мен сенің құдайыңмын, мен саған бостандық беремін деп масаттана, салтанатты түрде әмір еткендей болды.
Сол түні мен жоқ болдым. Күзетшілерге Педро берген бір жапырақ қағазды ұстата беріп ем, қақпаны ашып жіберді… Қараңғыға сүңгіп кеттім.
Педро мені өліп қалды, иттерге тастадым деп есеп бергені анық. Мені енді ешкім іздемейді. Іздеп, уақыт кетіріп қайтеді. Уақыт – ақша. Тезірек барынша көп алтын балқыту керек. Сонда сен адамсың. Сен – байсың. Сен Еуропада, Америкада тұрасың. Сән-салтанаты келіскен сарайлар мен жеңіл көліктер сатып аласың. Сыйлы, білімді адамдармен араласасың. Қонаққа барасың. Қонақ шақырасың. Ол жерде өзіңді білімді, зиялы, мәдениетті адам ретінде көрсетесің. Әйел деген аяғыңның астында жатады. Ана жерде бір үй, мына жерде бір үй, ана жерде бір тоқал, мына жерде бір тоқал. Әдемі актрисалармен, сұлу келіншектермен, жас қыздармен сайран саласың. Ақшаның мөріне қарамай жұмсайсың. Ара-арасында балалар үйіне, кедей-кембағылдарға тиін-тебен беріп қоясың. Жай жарнама үшін. Жомарт, меценат атану үшін. Жалпы сен туралы жұрт жақсы айтуы үшін. Соның бәрін есеппен, әдейі істейсің. Ал шындығына келгенде олар бірі қалмай қырылып қала ма, аштан өле ме, оған бас қатырып жатпайсың…
Патагонияның бір жақсы жері, таулы, орманды жер. Тығылатын, көзге көрінбей жүретін жер жетеді.
Қолымда бір баклашка су ғана бар, үш күн жүрдім. Солтүстік-батысты бағытқа алып жүріп келемін. Жүріп келемін дегенім жәй сөз ғана, қашып келемін, жүгіріп келемін. Екі өкпемнің өшкені қай заман. Оған қарайтын уақыт па? Зытып келемін. Аяқтан аяқ, қолдан қол қалмады. Жүгіремін, жығыламын, екі қолмен жерге құлаймын. Олар тасқа соғылып қанайды. Аяқтағы қай бір жақсы етік дейсің, олар да жыртылып жолда қалды. Жалаңаяқ қалдым. Жалаңаяқ жер басып жүгіріп келемін. Қан-қан болған аяққа қарайтын уақыт жоқ. Сол жүгіргеннен ұйықтамай үш күн жүгірдім. Үшінші күн дегенде құлаған жерімнен тұруға мұрша болмады. Қатып қалыппын.
Қанша жатқаным, ұйықтағаным есімде жоқ. Тұрсам, әжептәуір тынығып қалыппын. Тек қарыным ашып, асқазаным бүріп әкетіп барады.
Мен қашқанда таулы жер, таулы жер деп батысқа қарай қаша берген екенмін. Бір уақытта жағаға келіп тірелдім. Маңайда жан баласы жоқ. Менің білуімше, бұл – ТЫНЫҚ МҰХИТЫ.
Австралияға дейін 12 мың шақырым. Қазақстанға дейін 40 мың шақырым.
«Өлдің, Мамай, қор болдың» деген осы Тұреке дедім де құлап түстім.
Сол жатқаннан тұрмадым…

ҮНДІС ҚЫЗЫ – АУА

Мені балықшылар тауып алыпты.
Патагония Аргентинаның үштен бірін алып жатқан қазақтың Бетпақдаласындай бос жатқан дала. Отты жер аралы да Патагонияның жалғасы секілді. Екеуін Магеллан бұғазы бөліп жатса да табиғаты ұқсас. Жартысы Чилиге қарайды. Бірақ нақты белгіленген шекарасы жоқ. Ешкім күзетпейді де. Басында мәңгі мұздықтар жатқан биік таулар мен шағын қыраттар көп. Өзен-көлдер де жетерлік. Орман да бар. Табиғаты өте әдемі. Мыңдаған аралдар бар. Жағаларын күндіз-түні мұхиттан келген толқындар соғып, көбіктеніп жатады. Сосын Антарктидаға ең жақын жер болғандықтан оның суық лебі сезіліп тұрады. Жазда күннің жылылығы он-он бес градустан аспайды. Анда-санда бір шағын ғана қыстақтар кездеседі. Оларда жергілікті тәуелше, араукан деген үндістердің тайпалары тұрады. Олар мал шаруашылығымен айналысады.
Бұл жерді 1520 жылы Магеллан ашқаннан бері ол көптеген уақыт қарақшылардың мекені болып келген. Климаты қатал, үнемі соғып тұратын суық желдер, сондықтан халық аз қоныстанған. Негізінен жергілікті үндістер. Шамалы еуропалықтар да бар.
Оңтүстікте атақты қарақшы Дрейктің бұғазы жатыр.
Мені тауып алғандар да осындай бір балық аулап, мал ұстап жандарын бағып жүрген жергілікті үндіс отбасы екен.
Олар менің алғашқыда кім екенімді білмей бастары қатыпты. Қойнымды ақтарып қараса ешқандай құжат таппаған. Менің құжаттарым Австралияда жоғалған болатын. Рестораннан шығып, темекі тартып тұрған кезде екі азиялық адам келіп темекі сұрап, мен оларға берейін деп қалтама қол сала бергенде бірдеңе болып, есімнен танып қаламын ғой, содан айдалада оянғаннан көрген емеспін.
Үндістер мені жапон ба, қытай ма деген ойда болыпты. Өйткені Аргентинада да, Чилиде де олар көп-ақ.
Көзімді ашсам үйдің ішінде, кереуетте жатырмын. Шешіндіріп, төсек салып, ыңғайлап жатқызғандары көрініп тұр. Бас жағымда бір қыз ба, жас келіншек пе отыр. Ол менің көзімді ашқанымды көріп, қуанып кетіп, бірдеңе деп дауыстап, бөлмеден шығып кетті. Бір уақытта жаныма бір еркек пен толықтау келген әйел келді. Менен бірдеңе деп сұрағандарын естіп жатырмын. Түсінетін емеспін. Үндісше ме, испанша ма, екеуі де маған белгісіз тіл.
– Менің атым қазақ, мен Қазақстаннанмын, – дедім қазақшалап, түсінсе де, түсінбесе де өздері білсін. Бұл соншалықты маңызды емес.
Олар бір-бірлеріне үнсіз қарады.
Түрлері қоңыр-қошқыл, шаштары қара, пішімдері азияттықтарға келетін осы бір жандар туралы елімде жүргенде талай-талай кітаптардан оқып, кинолардан көргенмін. Олардың бәрінде бұл халықты жартылай жалаңаш, қолдарына садақ, найза ұстаған ержүрек адамдар қылып суреттейтін. Олардың барлығы да еуропалықтардың Америкаға жаулап алу мақсатында, қоныстануға бірінші рет келгендегі кездерді суреттеуші еді. Осыдан төрт-бес ғасыр бұрынғы оқиғаларға небір аңыз-ертегілерді қосып, адам сенбестей қылып баяндайды. Олардың салған пирамидаларын, күнге табынатындығын, адамдарды құрбандыққа шалатындарын талай рет кинодан көргенмін. Майя тайпасының өркениеті туралы да әдебиеттерді көп оқығанмын. Олардың жасаған күнтізбелері өзінің дәлдігімен әлі күнге дейін ғалымдарды таң қалдырады. Қазір ХХІ ғасыр ғой. Бұрынғының барлығы қазір тарих болып қана қалды. Дегенмен санаға осылай сіңіп кеткендіктен жүрексінеді екенсің.
Мені тауып алғандарына қуанып, өз құдайларына құрбандыққа шалып жіберсе, не етпекпін?
Қой, құрысын, әзірше ондай ештеңе де байқалмайды.
Төсегімнен тұрып, далаға шықтым. Таудың етегіндегі ағаштан салынған жұпыны, ескі үй екен. Үйдің жанында қоралар, қоршалған аран, ескі сарайлар, бақша бар екенін көзім шалды. Сиырлар тұр байланып, тауықтар жүр қыт-қыттап. Ат тұр. Кәдімгі жылқы бар ғой, сол. Алыстан Анд таулары көрінеді. Бастарында ағарып мұздықтар жатыр. Етектерінде де қар әлі кетпепті. Анандай жерде тағы да бір-екі үй көрінеді. Далада ламалар жайылып жүр. Ұсқындары біздің түйелерге келеді. Тек өркештері жоқ демесең.
Осылайша менің бостандықтағы, бірақ танымайтын жат елдегі, жат жердегі өмірім басталды.
Үй иесінің ұл баласы бар екен. Ол Буйнэс-Айресте жұмыс істейтін болып шықты. Соның киімдерін маған берген, маған шап-шақ. Аяғымда жылы етік. Үстімде шапан секілді ұзын етекті, мол пішілген киім. Бұл жақта жылы киініп жүрмесең болмайды. Суық жел жиі соғады. Далада ызғар бар. Аяқ астынан қар да жауып кетеді. Суық жаңбыр да сіркіреп өтті.
Күнұзақ Тынық мұхитының жағасына барып, ұзаққа көз тастап ойға шомып отырамын. Үлкен-кіші аралдар көп-ақ. Алыстан Ушуая деген қаланың шамдары көрініп тұрады. Есіме қай-қайдағылар түседі. Австралияға дейінгі өмірім жұмақ болған екен ғой деп ойлап қоямын. Сүйген жарым, балаларым жанымда, тәп-тәуір жұмысым, үйім бар, ерігіп, көз көріп, құлақ естімеген жерге қалай ойланбастан кетіп қалғаныма таң қаламын.
Есіме:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан, – деген өлең шумақтары түсіп, сәл де болса ерік-жігер бергендей болады. Қайраттанып қоямын. Кейде жалғыздық жүрегімді ауыртып, шарасыздыққа бой алдыра беремін.
Австралияда болған жәйтқа Смиттің еш кінәсі жоқ шығар деп ойлаймын қазір. Аяқ астынан далаға шығып кеткен өзім кінәлімін. Мені шарқ ұрып іздеп, қазір күдерлерін үзіп, қойғандарын да білемін.
Мені аяқ астынан жоғалып кетті деп үйіме хабар берді ме екен? Дос-дұшпандарым Австралияда несі бар еді, ақымақтың деген шығар?
Үй иесі жуас жан. Аты – Хуан. Оңтүстік Америкада Бразилиядан басқа елдердің барлығының мемлекеттік тілдері – испан тілі. Сондықтан испан мәдениетінің тигізген әсері барлық жерден білініп тұрады. Жаңағы үндістің атының да испанша болуы осының бір көрінісі. Балалар да испанша оқиды. Газет-журнал, радио, теледидар барлығы тек қана испанша шығады.
Ол ұзақ күндер ешкімге тіл қатпастан, үй жұмысын істеп, темекісін тартып қана жүре береді. Анда-санда балыққа барады. Мен де ілесіп барамын. Кішкентай ғана қайығы бар. Көлдер көп. Қаптаған бұғаздар мен айлақтар. Ауымызды бір алғанда қайығымыз балыққа толып қалады.
Хуан мен оқыған кітаптардағы немесе кинолардағы үндістерге еш ұқсамайды. Заман өзгерді, уақыт басқа, адамдардың түсінік-танымы мен өмір сүру дағдылары да өзгерген.
Әйелі өте ширақ, еңбекқор жан. Таңертеңнен кешке дейін бір тынбай қыбырлайды да жүреді. Қыбырлап жүреді, сөйлеп жүреді. Егер де ол бір минут сөйлемей қойса, кәдімгідей елеңдеп қаламыз.
Маған туған шешемдей қарады. Жылы-жұмсағын алдыма қойып, баласындай күтті. Құдай деген жан.
Біз әлі күнге дейін дұрыстап, түсінісіп сөйлескен емеспіз. Менің тілімді олар түсінбейді, олардікін мен түсінбеймін. Кейде ымдап бірдеңе айтамын. Олар да маған бірдеңе айтқысы келсе қолдарымен, қимылдарымен түсіндіреді. Күн сайын бірнеше сөзден жаттап жүрмін. Ертең-ақ испан тілін біліп шығатыныма ешқандай күмәнім жоқ. Жалпы, адам баласы жайдан жай біреудің тілін үйренбейді, тек мәжбүр болса, қажеттілік туса ғана қимылдайды.
Кейде мен далада Тынық мұхиты жаққа ұзағырақ қарап, ойға батып отырып қалсам, жаныма үй иесінің қызы келеді. Аты – Ауа. Қалада оқыған. Жасы жиырма-жиырма үштегі әйел баласының көз тартарлық түрі, нәзік денесі бар екенін алғаш оянған кезде-ақ байқағанмын. Ұп-ұзын шашын жайып жіберіп, айна алдында таранып тұрғанында бір-екі рет көз алмай тесіле қарап қалған болатынмын. Кеудесіндегі төсі ашық, жеңіл лыпадан екі анары тырсыйып білініп тұратын. Бұтындағы шолақ джинсиі де оның дене мүсінін тартымды қылып көрсетуші еді. Қыпша белі мен жұп-жұмыр саны қай еркекті болмасын еріксіз өзіне қаратары анық. Қараторының сұлуы десе, сұлуы-ақ. «Қыз он беске толған соң, шашынан көп жаласы» дегендей, бірдемені бүлдіріп қоймаса игі еді деп қашқақтап жүремін. Осыны сезгендей, кейбір қылықтарымен мені өзіне ынтықтырып-ақ қояды. Бұған қоса ол өзі ашық, ақкөңіл қыз.
Маңайда еркек кіндікті некен-саяқ. Табиғат өз дегенін істемей қоймайды. Еркектің әйелсіз, әйелдің еркексіз күні жоқ.
Адам – ақылды хайуан. Сезімін жасыра біледі.
Ал жан-жануарлар олай емес. Олар күйлегенде ештеңеге де қарамайды. Мысықтар күйігін баса алмаса, өліп қалады. Ал түйенің еркегі бура ұйыған кезде құдай көзіне көрсетпесін. Шайнап, өлтіріп тастайды. Ал иттер бір-бірлеріне құмартатындары соншалықты, жыныс мүшелері бір-біріне жабысып қалады. Жолбарыстар бес минут сайын жақындасады. Ал адам…
Менің әйел баласын көрмегеніме екі-үш жылдың жүзі болды. Сондықтан оның әрбір қылығы, жүріс-тұрысы мені әжептәуір елеңдетеді. Ғаламат бір күш денемнен сыртқа ытқып шыққысы келеді.
Үй иесінің маған деген мейірімі мен сый-сияпаты ерекше болғандықтан мен ол қыз туралы ойлаудың өзінен ұяламын.
Бір күні алыста жайылып жүрген ламаларды үйге қайырып әкелуге кетіп бара жатыр едім, артымнан жүгіріп Ауа келді. Екеуіміз ымдап сөйлесіп келеміз. Ол испанша сөйлеседі. Бұдан былайғы жерде ағылшын тілі түкке жарамай, испан тілінің құдіреті жүріп тұр. Бүкіл Оңтүстік Америка испанша сөйлеседі. Ауа мектептен кейін оқымаған. Үндістердің қыз баласын еркін ұстайтындығын байқап жүрмін. Бірақ ешқайда жібермей үйлерінде ұстайды. Күйеу жігіт те қыздың үйінде тұрғанын қалайды.
Адамдар менің неғылған кісі екенімді, қайдан келген, не істеп жүрген жан екенімді әлі түсінген жоқ. Бәрін айтып беруге тіл жоқ. Бірдеңе айтқан болам, олар түсінбейді, сосын қолды бір-ақ сермейді. Менің ешкім мазамды ала бермейді.
Лама өте қырсық мал. Бір жатса тұрмайды, тұрса жатпайды. Тіпті, оны орнынан тұрғызбақ болып, қолыңдағы таяғыңмен түрткілеп, итеріп-итеріп жіберсең, бетіңе түкіріп те жібереді.
Маңайдың бәрі таулы-тасты жер. Байқамасаң, сүрініп құлап түсуің де мүмкін. Оның үстіне жабайы аңдар баршылық. Ягуар, пумалар кездеседі. Ал страустың бір түрі нандуды атпен қуып жете алмайсың. Байқап жүрмесең болмайды.
Бүкіл дүние жүзіне белгілі шиншалланы да көзім шалып қалады. Әсіресе, кондорды айтсайшы. Бұл жыртқыш құс қанатын жайғанда оның ұзындығы үш жарым метрге жетеді.
Кондор жер бетіндегі ең ірі құстардың бірі. Ол бес шақырымға дейін аспанға көтеріле алады. Еркіндікті жақсы көреді. Қолға үйретпек болсаң, өліп қалады. Инктар оны «Анд тауларының жаны» деп атапты.
Ауа менен «Сен бұрын қай жақта тұрдың?» деп сұрайды. Мен «Қазақстан, Астана» деймін. Ол қай жерде? – десе түсіндіріп бере алмаймын. Ресейді білесің бе? – десем, білем, – дейді. Соның жанында деп жерге сызып көрсетемін. Мынау Ресей деп жерге Ресейдің суретін саламын, сосын мынау Қазақстан деп оның да суретін салып көрсетемін.
– Енді түсіндім, – дейді ол.
– Біздің жаққа қалай келдің? – дейді ол.
– Білмеймін, – деймін мен.
Тілім жетсе айтып-ақ берер едім.
Ішімнен оның жанымда жүре бергенін де қалап тұрамын. Оны көрсем күлімдеп, көңілім көтеріліп сала береді.
Кейде екеуіміз алысып-жұлысып ойнаймыз. Мен бастамаймын бұл ойынды. Ол бастайтын. Мен далаға шықпақ болсам, сыртқы киімімнің тұрған орнында жоқ екенін байқаймын. Киімім қайда дегендей Ауаға қараймын. Бұл кезде үйде ешкім болмайды. Ол болса басқа бөлмеге кіріп кетеді де алып шығады. Маған ұсынады. Мен қолымды соза бергенде ол киімімді қайта тартып ала қояды. Мен бер деймін, ол бермей тұра қашады. Мен қуып беремін. Бір уақытта қабырғаға барып тіреліп, тұрып қалады да киімімді артына тыға қояды. Мен киімімді тартып алмақ болып, қолымды оның арт жағына созғанда, денеміз денемізге тиіп кетеді. Ыстық демін сезініп, балқып қоя беремін. Ұрғашының исі сезімімді қытықтап, жылы қан өне бойыма тарап, жүрегім аласұрып кеудеме симай кетеді. Осыны сезгендей-ақ ол да құтырына түседі. Қылығы тәтті-ақ. Сонда байқайтыным — мен ғана емес, ол да қызарып кетеді. Ауының ылғалданғанын сеземін. Денесі жып-жылы болып кеткенін байқаймын. Көзі жымыңдап, ерекше бір тәтті күйді басынан кешкенін аңғарамын.
Жасы келген, пісіп тұрған қыз. Еркек құшағын аңсайтын да болар. Табиғат өз дегенін істетпей тұра ма? Оның үстіне менің де әйел көрмегеніме қаншама жыл өтті. Түсіме жиі-жиі әйелдер кіреді. Талай рет аймаласып жатып оянып кеттім. Бұндай кезде еркектің өзін-өзі ұстап тұруы қандай қиын десейші!
Бірақ бұл ойынның әр жағында оның да маған деген құмарлық сезімдерінің жатқанын аңғарамын.
Ауаның әке-шешесі бізге көңіл бөлмейтін секілді. Әлде сондай қалып байқатады ма екен? Мүмкін қыздарының маған күйеуге шығып, менің өз қолдарында қалғанымды қалайтын болар? Отағасы шал болды, әйелі де қартаң тартып келеді. Басқа балалары жоқ. Баласы қалаға қолына шақырған екен, бармапты. Осы өмір өздеріне ұнайтын секілді. Қазақтар сияқты туған жер, ата-баба мекені деп отыр ма екен? Ол жағын білмеймін.
Бұл жақта ер-азаматтар аз. Үлкен кісілер. Балалар. Қыз-келіншектер. Жігіттер жұмыс іздеп кетеді екен де, көбінесе сол жақтарда қалып қояды.
Құжатым жоқ болғаннан кейін мен ешқайда да бармаймын. Елдімекен көрсем айналып өтемін. Ұстап алып, бұл не қылған адам деп жауып тастаса, біттім ғой. Аргентинада, Чилиде Қазақстанның елшілігі де жоқ. Бұлар түгілі Оңтүстік Америкадағы ешқандай елде біздің елдің елшілігі жоқ. Сенің кім екеніңді анықтағанша тағы да екі-үш жыл өтеді. Шаршайсың. Жүдейсің. Қамығасың. Қамауда жазым болуың да мүмкін.
Әзірше өз-өзіме келіп, тынығып, ес жинап алайын, сосын бір жөні болар деп жүрмін.
Жағалауда толқындар мен жиі-жиі болатын тұмандарға қарап отырғанда бір байқағаным солтүстікке қарай кемелердің жиі-жиі кетіп бара жататындығы. Қайда барады екен, қай жақтан келеді екен? Ол жағы маған жұмбақ. Кейбіреулері тоқтайды, жағаға қайықпен біраз адамдар келіп түседі, от жағып, тамақ істеп, ойнап, билеп қайтадан кетіп отырады.
Бірде осындай адамдарға Ауа екеуіміз бардық. Чилиліктер екен. Қыдырып, сейіл құрып жүрген еріккен жандар. Бір төбенің басына жайғасып алып, сырттарынан ұзақ бақыладық. Табиғат аясында дем алып, серуен құрып, бой жазуға шыққандары көрініп тұрды.
Қас қарая бастады. Қып-қызыл болып Тынық мұхитына күн де батып барады. Ауаға «кетейік» дедім ымдап. Ол «сәл отыра тұрайық та» дегендей болды. Кешкі салқын түсті. Мұхиттан ескен жел қоныш-қонышыма кіріп, сәл тоңа бастадым. Ауаға қарасам, оның денесі де сәл дірілдейтін секілді. Жаурай бастағанға ұқсайды. Өзімнің үстімдегі жылы жеңі, етегі ұзын киімімді оның үстіне жаптым.
– Сен өзің тоңып қаласың ғой, – деді ол.
«Ештеңе етпейді, мен қазір жүгіріп-жүгіріп, қимылдап жылынып аламын» дегендей қозғалып, қолдарымды сермеп, денемді қимылдата бастадым.
«Кел, екеуіміз бірге жамылайық» дегендей киімнің бір шетін ашты. Бір киім екі адамға қалай жете қойсын? Денесі денеме тиіп, жүрегім дүрсілдеп, дем алысым жиілеп барады. Ол да маған жабыса түсті. Ақырын белінен ұстап, өзіме тартып едім, еш қарсыласпады. Қайта тығыла түседі. Ернінен, тамағынан аймалай бастадым. Көп жылдардан бері бірінші рет әйел исіне мас болып, буын-буындарым балқып бара жатты. Екеуіміз белуардан келетін көк шөптің үстіне қисая кеттік…
Айқасқан құшақ, сүйіскен ерінді енді ешкім де айыра алмас еді…
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.

Абай! Қандай керемет айтқан.
Армансыз иіскеп, аймалап, құмарымды бастым.
Ал Ауа болса:

Тал жібектей оралып,
Гүл шыбықтай бұралып.
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып, – дегендей бауырыма тығыла түседі. Ол тығыла түскен сайын мен құшағымды сыға түсемін. Тырсиған қос анары дір-дір етеді, тамағынан иіскеп, ернінен тістеп, ыстық лебіне балқып барамын. Салмағыммен жаншып, жабысып қалғым келеді, бір дене болып кеткім келеді.
Мауқымды басқандай боламын. Сәл жатқан соң тағы да құмарым оянып, ынтыға бастаймын. Тоймаймын.
– Сен мені жақсы көресің бе? – дейді ол.
– Әрине , – деймін.
– Te quiero.
– Мен де.
Қырықтан асқан шақта жас, сұлу әйелдің құшағы еркекті бір есеңгіретіп тастайды екен. Әсіресе, қыз сұлулығымен қатар қылықты болса, еркек ақылынан адасты дей бер. Енді оны ешкім де тоқтата алмайды. Махаббат бар жерде ақылдың керегі жоқ. Сезім патшалық етеді.
Түнде әке-шешесі жатты-ау дегенде тағы да қасыма келіп алады. Екеуіміз енді ерлі-зайыптылардай бір төсекте жататын болдық. Аймаласып, құшақтасып, ойнап-күліп таң атқанша көз ілмейміз.
Жас ару қандай тартымды болады десейші! Егер де ол қылығына қоса, әдемі болса тіпті сұмдық! Көзіңді ала алмайсың. Қарай бергің келеді…
Осылай ойнап-күліп жүргенде екі-үш айдың қалай өткенін де сезбей қалыппын. Ауа екіқабат сияқты. Жүрегі айнып, құсқанын да байқап қалдым. Енді маған бір-ақ жол қалды. Ол – Ауаға үйлену. Ал оған үйленсем осы жерде мәңгілікке қалып қоятыным түсінікті. Ал маған елге жету керек.
Үй иесінің бетіне қарайтын шама жоқ.
Бірде қорада атты суарып, сиырларға шөп салып, астын тазалап, тауықтарға жем шашып жүр едім, жаныма Ауа келді.
– Менің екіқабат екенімді шешем біледі, – деді ол.
Маған үйленесің бе, қайтесің дегендей төмен қарады.
– Тұрған тұрысың, айтқан сөзің, жүрген жүрісің, бәрі-бәрі де ұнайды маған, жаным менің, күнім менің, келші бері, – дедім.
Төмен қарады. Екі беті қып-қызыл болып кетті.
Ақырын жанына келдім де ерінінен сүйіп, мойынынан иіскедім. Ерекше бір иіс, ұрғашының иісі қанымды басыма шаптырды. Нәпсім оянып сала берді. Ол екі қолын менің екі иығыма салып, бар денесімен маған жабыса түсті. Сол жерде шөптің үстіне-ақ жата кеттік. Тағы да сүйіс, ыстық құшақ, ынтықтық, құмарлық…
Шіркін, дүние-ай, десейші!!!

(Жалғасы келесі санда.)

2 комментария

  1. Reply
    Нығымет Ермекговорит

    Керемет!

  2. Reply
    Темирговорит

    Керемет, осы заманғы Қазақ прозасының локомотиві деуге болады

Пікір қалдыру