УЛУРУ. АВСТРАЛИЯДА НЕҢ БАР ЕДІ, ҚҰЛЫНЫМ?!.

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ

УЛУРУ
АВСТРАЛИЯДА НЕҢ БАР ЕДІ, ҚҰЛЫНЫМ?!.
I
ҚОШ БОЛ, АУА!

Соңы. Басы өткен санда


Тағы да біраз уақыт өтті.

Есіме елім түсе береді. Бірде түс көрдім. Түсімде бүркітті ат қылып мініп алғам, бұлттан асып, ұшып барамын. Жерге қарасам, басым айналады. Соған қарамастан жүрегім алып ұшып, қуанып келемін. Өйткені мен туған жеріме ұшып келемін ғой!
Кету керек деп шештім. Бұл ойымды Ауаға айтсам оның жылап-сықтап жүрегімді тағы да ауыртатынын білемін. Сондықтан ешкімге білдірмей, тып-тыныш жоғалғаным дұрыс. Бір жерде өліп қалды ма екен, суға батып кетті ме екен деп ойлағаны жақсы.
Есіме жағалауға келіп-кетіп жүретін кемелер түсті.
Бірде тағы да мұхитқа қарап, ойға батып, жағалауда отыр едім, алыстан бір кеме көрінді. Бағыты біздің жақ секілді.
– О, құдай, тілекті бере гөр, – деп құдайға жалбарына бастадым.
Кеме жағалауға жетпей тоқтады да, бері қарай екі қайық келді. Жиырма шақты адам түсіп, от жағып, бірдеңелерді пісіріп, ішіп-жеп біраз жүрді. Биледі, алысты-жұлысты. Енді қайтады-ау деген кезде мен де жеттім.
Бұл кезде мен испанша көп сөзді жаттап, мағынасын біліп алғанмын. Ең керекті, өзіме қажетті деген сөздерді білемін. Ауа үйреткен.
Оларға «мені де ала кетіңіздерші, Панамаға, Америкаға барамын» деп қоямын. Мені түсінді-ау деймін.
– Панама, Панама, – дейді олар.
Мен басымды изеймін.
«Онда кеттік» дегендей болды бір кісі. Жүгіріп барып қайықтарына отырып, бір шетінен мықтап ұстап алдым. Енді бұл қайықтан мені ешкім де, жер бетіндегі жеті миллиард халық кеп тартса да түсіре алмас еді.
– Қош бол, Ауа, Патагония, Отты жер аралы, мен кетіп барамын. Кешір мені, солай болды. Кетуім керек, елім бар, жерім бар, қатты сағындым, енді шыдай алар емеспін, – деп күбірледім.
Қош бол, Ауа!…
Көзімнен жас шығып кетті. Бұл жерде мен азып-тозып, жүдеп-жадап жүргенде, сағыныштан сарғайып жүргенде, мұңайып жүргенде жолығып, мені сүйген, мені сүйдірген, мені өмірге қайта әкелген жан қалып барады. Махаббатым қалып барады! Жүрегімнің бір бөлшегі қалып барады. Қалайша жыламайын…

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам, болайын, сен аман бол!..

– Мен не болсам болайын, сен аман бол, – деген Абайдың сөзін мың сан рет қайталаған шығармын…
Бұл жаққа енді қайтып келемін бе, жоқ па, бір құдай ғана біледі…

ТЫНЫҚ МҰХИТЫНДАҒЫ АПАТ

Мен мінген параход Тынық мұхитымен жүзіп отырды, алыстан жанартау атқылап жатқанын көзім шалды. Тағы да бір пәлеге ұрынбасақ болды, әйтеуір.
Сантьягоға бір тоқтап, адамдар алып, Перудың астанасы Лиманың жанындағы Кальяо қаласына жете бергенде қатты дауыл тұрды. Аспанды қап-қара бұлт жаба бастағанын бағанада-ақ байқағанмын. Мұхит та толқып, қимылдай бастады. Ақырын-ақырын басталған шағын толқындар барған сайын үйкейіп, кемені тербете бастады.
Біз мінген кеме сондай үлкен де емес. Шағын. Ішіне 20-30 адам сиярлық қана бар. Жолаушылары өңкей бір байлар болар-ау деп ойладым. Әдемі, қымбат киінген қыз-келіншектер, алтыннан жүзік, мойындарына күмістен шынжыр таққан ер адамдар. Барлығы да семіз-семіз. Кеменің палубасы күнде той, күнде би. Музыка. Арақ-шарап, тамақ деген мол. Маған да береді. Тойып жеп аламын. Вискилерінен де ішіп аламын. Көбірек ішуге қорқамын. Мас болып, шу шығарып жүрсем. Сосын мені бір жерге түсіріп кетсе, кім біледі, «артын қысқан бай болады» деуші ме еді, қалай еді?..
Перулік бір адаммен танысып алдым. Аты Андрес екен. Ағылшын тілін аздап біледі екен. Менің ағылшыншам оныкінің жанында тәп-тәуір-ақ. Чилиде жұмыс істеп, еліне қайтып келе жатқан беті екен. Лимада тұратын болып шықты.
Бір уақытта алдымыздан қатты жел тұрды. Желдің күштілігі сонша, кеме алға жүруден қалып барады. Толқындар таудай бола бастады. Аспанның бәрі қап-қара болып кетті. Найзағай ойнап, сатыр-күтір ете қалғанда құлағыңды жарып жібере жаздайды. Кемені таудай толқындар біресе аспанға көтеріп, біресе тастап келіп жіберіп, ұршықша үйіріп келеді. Адамдарда зәре жоқ. Барлығы бір құдайына сыйынып бір-бірлеріне жабысып алып, үнсіз қалған. Осындай кезде ең бірінші құдай еске түседі ғой. Тербетіліп келеміз. Нөсер құйып берді. Алыста жағалау көрінеді. Бірақ оған дәл қазір бару мүмкін емес. Теңіз бетінен шығып тұрған қара жерлер, үшкір-үшкір тастар көрінеді. Біреуі болмаса біреуіне соғылсаң, біттің. Кемеңнің быт-шыты шығып, шашылып қаласың.
Кемені басқарып келе жатқан адамда да зәре қалмаған. Бұндай штормға бірінші рет түскені түрінен көрініп тұр. Не істерін білмей аласұрып жүр. Мен де, қалған жұрт та көздеріміз бақырайып, оған бірдеңе істесеңші дегендей жалбарына қараймыз.
Таудай толқындар, палубаға шапшыған сулар мен қатты жел зәреңді ала түседі. Жаның мұрыныңның ұшына келеді. Біткен жеріміз осы шығар деп ойлағанымша болған жоқ, толқын кемені жоғары көтеріп, тастап келіп жібергенде бірдеңе сықыр-сықыр етті де, артынша сатыр-сұтыр болып, кеме сына бастады. Бірінші бас жағынан бірдеңелер ұшты, артынша кеме де бір жағына қарай қисая бастады. Су палубаның үстіне шығып кетті. Тесік-тесіктің бәріне су кіріп жатыр. Тағы бір көтеріліп түскенде су астындағы тасқа соғылды ма, қайраңға ұрылды ма, әлде өз салмағын өзі көтере алмады ма, білмеймін, бата бастадық.
Жан-жағыма қарасам, адамдар суға құлап жатыр. Біреулерін толқын лақтырып жіберсе, біреулерін қатты жел ұшырып әкетіп жатыр. Кейбіреулер өздері-ақ секіруде. Енді сәл кешіксем, кемемен бірге мен де судың астына кететінімді, иірім тереңге тартып әкететінін түсіндім, түсіндім де суға мен де секірдім.
Тұншығып, ауа жетпей, жанталаса судың бетіне шықсам, біршама жерде бір тақтай, кеменің бір сынығы болса керек, суға батпай қалқып барады. Оны да жел айдап, жағаға қарай ығыстырып келеді. Тез, тез жүзіп барып, үстіне мініп алдым. Мені көтеретін секілді. Тағы да бір толқын келіп үстімізден басқан кезде су бетіне бірге шықтық. Тез тез жағалауға қарай жүзіп келемін. Басқа адамдар да келіп жармасса ағаш көтере алмауы мүмкін, онда су түбіне кетермін деген ой да жоқ емес. Аждаһадан қашқандай қаштым-ау! Жан қандай тәтті десеңші! Тағы да біреулер келіп жармаса ма деп зытып барамын. Адамдар жанталасып жатыр. Төңіректің бәрі айғай-шу, біреулері-біреулерінің үстіне шығып алып, тұншықтыруда, жүзе алмайтындардың дауысы бағана-ақ бірден тыншыған. Өз беттерімен жағаға қарай жүзіп бара жатқандар да бар. Оларды толқындар біресе жауып кетеді де, біресе судың бетіне алып шығады. Байғұстар тұншығып қала жаздап, анда-санда су бетіне шыққанда тереңнен дем алып, құдайларына жалбарынып бара жатқандары анық.
Таудай толқындар мен жағаға қарай соққан қатты жел мені жағаға шығарып тастады. Ешқай жерім жараланбаған, аяқ-қолым сау секілді, тек қатты шаршаппын. Өкпем өртеніп барады. Ентігімді басып біраз отырдым. Менен басқа жағаға тағы да бес-алты адам шықты. Біреуін таныдым. Андрес. Кемеде ол маған үстелге шақырып, тамақ беріп, жаны ашып, көз қырын сала жүрген еді. Екеуіміз біраз сөйлесіп, жөн біліскенбіз.
Жағаға жедел жәрдем машиналары, полицейлер жинала бастады. Өзімнің ешқандай құжатым жоқ екені есіме түсіп, ағаштардың арасына тығылып қалдым. Перулік адам да келді. Келді де «менімен бірге жүр» деді.
Соңынан ере бердім.

ПЕРУ ЕЛІНДЕ…

Лимадағы үйінде болдым. Қонақжай, жақсы адамдар. Үй салып жатыр екен, қолымнан келгенше көмектестім. Қара жұмыс. Жер қазу, кірпіш қалау, ағаш кесу.
Маған бір бөлмені беріп қойды. Сонда жатамын. Тамақты сонда ішемін. Севиче деген ұлттық тағамдары бар. Бұлар ұлттық тағамға ескерткіш қойған әлемдегі жалғыз ұлт. Тірі балықты лайм шырынына маринаттап жейді. Жұмысты жақсы істеймін. Ол риза. Жібергісі келмейді.
Андрестің отбасы үлкен. Қарт әкесі, шешесі қолында, өзінің жеті баласы бар. Әйелі қарапайым, жуас жан. Ептеп ауыратынға ұқсайды. Белі шойырыла береді. Бұнысы остеахондроз болар деп болжадым. Өйткені дәл осыған ұқсас белгіні елде бір адамнан көрген болатынмын. Бұл – жазылмайтын ауру. Емі жоқ. Омыртқалардың арасы зақымдалған. Енді көрге түскенше белің ауыра беретін болады. Аяғың да тартылуы мүмкін. Қан бармай қалады. Гимнастика жасап тұрсаң, сәл-пәл кетеді. Массаж да көмектеседі. Баклажкаға су құйып, соған беліңмен арқа тұсыңмен жатып, әрлі-берлі қозғалып, қимылдасаң, әжептеуір жаның кіріп қалады. Біраз уақыт мазаламайды.
Бір күні шешейге осылай істеңіз деп ақыл бердім. Жаны көзінің ұшына көрінген ол менің ақылымды алып, істеген екен, беліне жан барып, қан жүгіріп, аяғының тартылғаны қойып, әжептәуір есі кіріп қалыпты.
Маған рахметін айтып, қуанғанын көрсеңіз… Өзімді бір керемет емші секілді сезіндім. Шешей тыныш жүре ме, біреулерге айтса керек, енді мені үйге адамдар іздеп келе бастады.
Андрес бұрынғы үйлері шағын, өздері сыймай бара жатқан соң осы үйді салуды қолға алыпты. Чилидегі жұмысы жақсы, ақшасы мол болыпты. Құрылыс материалдарынан тапшылық көрмедік. Тездетпесе болмайды. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, үлкен қыздары да күйеуден қайтып келіпті. Қолында баласы бар. Оған да бөлек бір бөлме керек.
Барлық үлкен қалалардағы секілді бұл жерде де ажырасу көп. Қазір адамдар еркін. Жауапсыздық та көп. Бізде де бауыр еті балаларына қарамайтын әкелер көбейген. Менің құлынымның жағдайы қалай екен, қарны аш, киімі жыртық емес пе деп алаңдаған әке көрмейсің. Туған баласына алимент төлемей қашып жүргендер қаншама. Шешесінің сотқа беріп, артынан қуып жүріп алған, жылына бір-екі рет беріп қойған бес-алты теңгесін бұлдайтындар да жетерлік. Азғындық.
Андрес – еңбекқор жан. Екі жігітті жалдап алғанына қарамай, өзі де оларға қолынан келген бар көмегін береді. Маған да еңбегіңді жемеймін деген болатын. Мен нақты осынша ақша бересің дегенім жоқ. Аянбай жұмыс істеймін. Әпер дегенін әперіп, көтер дегенін көтеріп, сал дегенін салып, бер дегенін лезде-ақ бере қоямын. Кірпіш тасу керек пе, мен сонда. Лай илеу керек пе, мен сонда. Маған қарап, ана екеуі де отыруға ұялады-ау деймін. Олар да бір тыным таппайды. Осыншама қарқынмен істелінген жұмыс өнбей тұрсын ба, лезде-ақ қабырғаны қалқитып, төбесін жауып тастадық. Енді ішкі жұмыстарына кірістік. Қожайын да риза. Енді сәл күтсе, үйі де дайын болмақ.
Менің де белім ауыратынды шығарды. Бұндайды бұрын байқамап едім, не болғанын. Ауыр көтергендіктен бе екен?
Біздің жұмысты қырып жатқанымызды байқаған көрші-қолаңдар, бізге де үй салып беріңіздерші, ақшаларыңызды жақсылап төлейміз деп жалына бастады.
Кешке барлық отбасы мүшелері, ата мен әже, отағасы әйелімен, мен, жаңағы екі құрылысшы жігіт, күйеуден қайтып келген қыз, балалар, бұған қоса көршілерден міндетті түрде бір-екі адам үлкен үстелдің басында тамақ ішеміз. Сонда барлығымыздың санымыз жиырмаға жетіп қалады. Кішігірім бір той болып жатқанға ұқсап кетеді. Бір жанның қабақ шытқанын көрмейсің.
Қайта тамақ жетпей қалды ма екен деп отағасы қысылғандай болады.
Андрестің үлкен қызы Нана толықша келген, өте пысық келіншек. Қолынан келмейтіні жоқ. Үйдің барлық жұмысын бір өзі-ақ тындыра салады. Үй жинау, тамақ істеу, киімдерді жуу, одан қалса су әкеліп, лай тасып бізге де көмектесе кетеді. Баласын да өте таза ұстайды. Інілері мен сіңлілерінің үсті-басына, тамағына өте ұқыпты. Бәріне бірдей қалай үлгереді екен деп таң қаламыз. Шешесіне ештеңе де істеткізбейді.
Бір баласына ие бола алмай, боғын ағызып, үйін қобырсытып жіберетін келіншектер де бар емес пе?
Нана өзі табиғатынан сондай елгезек пе, әлде, кім білсін, мен дегенде ұшып-қонып тұрады. Үстімдегі киімімді күніне екі рет жуады, тамақтың ең дәмдісін маған ұсынады. Жататын жерім, төсегім де тап-таза.
Ана екі жігітке бұнша алып-ұшпайтын секілді. Олар бірге тамақ ішкенімізбен, өз киімдерін өздері жуып алады. Төсектерін де өздері жинайды.
Бірде жұмыстан қатты шаршағам, кешке қарай төсегімде жатқан едім, есік қағылды.
– Кіре беріңіз, – дедім испанша. Біреу кіріп келді. Басымды көтеріп қарасам – Нана. Қолында бірдеңесі бар. Ақырын келіп, менің төсегімнің жанына отырды да, белің әлі ауырып жүр ме деп сұрады.
– Иә, – дедім.
Сөйтсем қолындағы бел ауырғанда жағатын дәрі екен.
Маған етпетіңнен жат деді. Үн-түнсіз орындадым. Екі қолымен беліме маз жағып, оны ұзақ уақыт уқалады. Қолы жұп-жұмсақ екен. Соншама жұмыс істейтін жанның да алақандары мұншама жеңіл, жұмсақ болады екен, ә?
Жатырмын. Үн-түнсіз. Есіме Ауа түсті. Не істеп жүр екен, жаным? Мені өліп қалды деп жүр ме екен, әлде қашып кеткенімді сезді ме? Ол жағын білмеймін. Есіме түсіп кетсе, кәдімгідей сағынып кетемін. Өлең де жазып қойдым:

Сұлу сайтаным-ай құдайдан қалап алған,
Айға, Күнге, Жұздызға балап алған… – деп басталады.

Нананың маған деген көңілінің ерекше екенін үй иесі де, шешесі де аңғаратын секілді.
Андрес: «Сен осы жақта қал, құжат жасап берейін, бірақ біраз күт, оған біршама ақша, уақыт керек», – дейді.
Мен: «Ешбір әуре болмай-ақ қойыңыз, бір жөні болар, кейін көрерміз», – деймін.
Үйдің еденін төсеп, терезелерін орындарына қойып, сырлап, әктеп болған едік, Андрес енді екі күн дем алуға мұрсат берді.
– Бояулар кепсін, үй құрғасын, сосын тұсқағаз жапсырамыз, – деді.
– Мен сіздерге ерекше бір тамақ істеп берейін, – деп біріншіге сиыр етінен кеспе істеп, екіншіге палау жасадым. Жұрт таң қалып, мақтап жеді. Нана рецептін жазып алды.
Сөйтіп, енді мен күнде кеспе ішіп, палау жейтін болдым.
Адамдармен араласқаннан кейін испаншам біраз түзеліп қалды. Бірде Андреске Патагония, Отты жер аралындағы адамдардың жай-күйін, құлдық, адам саудасы туралы айтып бердім.
– Халықаралық ұйымдарға хат жазып, осыны білдірсеңіз жақсы болар еді. Олар тиісті орындарға хабарлап, қылмыскерлер жазасын алатынына сенемін, – дедім.
Қоғам, жұртшылық бұндай сұмдықтың болып жатқанынан хабар алса, ел үкіметі тиісті шаралар қабылдауға амалсыз болса да баратынын білемін. Ол міндетті түрде өз елінің Сыртқы істер министрлігіне, БҰҰ-ның жергілікті бөлімшесіне хат жазатынын айтты. Қуанып кеттім.
Қырғыз досымды, егер де ол әлі тірі болса, осылай құтқарудан басқа амал жоқ.
Андрес маған берген уәдесінде тұрды. Тиісті жерлерге хат жазды. Алла амандығын берсе, енді қырғыз еліне менен де бұрын жетуі мүмкін деп ойлап жүрмін.
Лима – Перудің астанасы. Бұнда 9 миллиондай жан тұрады. Үлкен қала. Әдемі қала. Ақтар барлық тұрғындардың 40 пайызын, метистер 40 пайызын, азиялықтар 10 пайызын құрайды, қалғандары үндістер, негрлер. Қалада инктердің байырғы өркениеті сезіліп тұрады. Кечуа тілі де ресми тіл болып саналады. Сары түске көбірек мән беретін секілді.
Менімен бірге үй салысқан екі жігіт таудан, даладан келгендер. Біреуі ұзын бойлы, мұртты, 40-тан енді асқан, қоңыр-қошқыл түсті, денелі адам. Аты – Хеан. Екіншісінің аты – Луис. Ол да орташа бойлы, шашы ұзын, ақкөңіл жан. Жасы отыздан енді асқан. Екеуінің де ауылда отбасы бар. Луис қылжақбас адам. Ананы-мынаны айтып, күлдіріп жүреді. Екеуі де қалаға ақша табуға келген.
Кейінгі кезде адамдардың ауылдардан қалаға көшуі қатты қарқын алып кетіпті. Яғни, урбанизация. Соның кесірінен астананың жанында кедей-кепшіктер тұратын көптеген кварталдар пайда болған. Ешқандай жоспарсыз, басып алынған жерлерге қалай болса солай салынған үйлер қаптап кеткен. Ондай жерлерде не жол, не аурухана, не мектеп жоқ. Су да, канализация да жоқ. Инфрақұрылымнан жұрдай.
Қылмыстың көкесі осы жерде.
– Далада малдарыңды бағып жүре бермедіңдер ме? Қалада проблемадан басқа ештеңе жоқ қой, – деймін Хеанға.
– Қазір ауылда күн көру қиын. Жұмыс жоқ, малдың бағасы төмен. Еккенің өтпейді. Жұрт қытайдың арзан заттарын алады, – дейді ол.
Дәл біздегі жағдай.
Перудің астанасы өте үлкен қала. Туристер көп. Жан-жақтан жұмыс іздеп келген еркектер де көп. Сондықтан қалада қонақ үй атын жамылған притондар, жезөкшелер жиналатын түнгі клубтар да бар. Шетелдіктер, әйелінен алыста жүрген еркектер мен бойдақ жігіттер көбінесе сол жерлерді жағалайды. Бір ай бойы ақ тер, көк тер болып тапқанын сол жерде бір-ақ күнде құртатындар да жетерлік.
Бір жағынан қарап отырсаң, бұл да – бір табиғат заңы. Егер де еркектер әйелдерге қарамай қойсыншы, не болатынын білесіз бе? Әйелдер тумай, дүниеге ұрпақ келмей, адамдар құрып бітер еді. Сондықтан құдай оны солай жаратқан. Еркекті әйелге ынтықтырып, құмартып, қызықтырып қойған. Әттең, заңнан қорқады. Әйтпесе еркек көзіне көрінген қыз-келіншектің, қатын-қалаштың бәрін зорлап тастағысы келіп тұрады. Ал әйелде бұндай сезім онша дамымаған. Ал дамып кетсе ше? Онда құдай сақтасын. Ақырзаман болады. Баяғыда біреу «алла тағала ақырзаман әйелдің еркекке артылған күні болады деп айтты» деп жүретін.
Сол – рас сөз.

СҰЛУЛАР, САЙҚАЛДАР, БАЙҒА ЖАРЫМАҒАН БАЙТАЛДАР

Бірде жанымдағы екі жігіт «бүгін демалыс қой, аздап бой жазайық, жүр, жүр» деп қоймаған соң ілесіп мен де бардым сол жерге. Қаланың шетіндегі екі қабатты сұрғылт үй. Бірінші қабаты үлкен, кең зал. Жұрт көп. Даңғұр-дүңгір музыка ойнап тұр. Арақ-шарап өзен болып ағып жатыр. Біраз отырдық. Тамаққа, виски мен сыраға тапсырыс бердік. Анда-санда жанымызға жартылай жалаңаш, төстері мен арттары ашық қыздар келіп күлімдеп, көзін қысып «дәмелендіріп» кетеді. Әлі елтій алмай отырмын. Алғашқы рет келгеннен соң ба бойда үрей, қорқыныш бар. Ана екеуі ондай емес секілді. Жымың, жымың етіп, оларға бірдеңе деп, қолдарын мықындарына, төстеріне жүгіртіп-жүгіртіп қояды. Мен ыңғайсызданып барам….
Қыздың неше түрі жүр. Өңшең мас еркектер. Көк түтін. Негр қыздар, азияттар, еуропалықтар, арабтар, үндіс қыздар, испан, тай қыздары, қытай…
Сұмдық!
Таңдау көп. Іштерінде әдемілері де, албастылары да бар. Семізі дейсің бе, арығы дейсің бе, ұзыны, қысқасы….
Бір албасты сайқал кеудесін үрлеп алған ба, денесінің жартысын алып кетіпті. Онысы жүрген кезде екі жаққа шайқалып, артын қиқаң-қиқаң еткізеді.
«Өй, әкеңнің..!».
Қара шаштар, ақ шаштар, көк, жасыл, сары шаштар. Қызыл, қара, көк еріндер. Ұзын, қысқа саусақтар, жылтыраған сандар, төстер, беттер…
Ақша көрсе, жалмаңдап, жымиып шыға келеді. Ақшаң көп болса, күнде бір қатын алуға болады. Бірақ құрысын бұндай қатыны. Ақшаны қатты жақсы көретін қатын екі дүниеде де еркекке опа бермейді.
Шақырмасаң да өздері-ақ ырбыңдап, жырбыңдап жаныңа келіп алады. Біраз отырған соң келісіп, жоғарыға қарай кетіп бара жатқандарды байқайсың. Екінші қабаттың бәрі жатын бөлмелер. Бұл жерге ыңқылдаған, шиқылдаған, шыңғырған қатындардың дауысы, мас еркектердің айғайы, боқтығы, қатты-қатты естіліп жатады. Оларға өлесі мас болсаң тіпті жақсы. Бар ақшаңды сыпырып алады. Өзіңді күзетші жігіттер далаға лақтырып тастай салады.
– Сен бұл жерге жиі келіп тұрасың ба? – деп сұраймын жанымдағы үстелде отырған еуропалық жігіттен.
– Әрине, – дейді ол.
– Қалай?
– Жақсы.
– Несі жақсы?
– Бәрі жақсы.
Испанша әндер залды жаңғыртып тұр. Бір жігіт пен екі қыз қайта-қайта келіп ән шырқауда. Жиналған жұрт қайта-қайта барып, ақша ұсынып, әр түрлі әндерге тапсырыс беруде. Кейбір әндер бойыңа қан жүгіртіп, еріксіз билетіп жібереді. Испан тілі музыкаға керемет үндеседі. Жаныңды алып, жүрегіңнің қыртыстарына дейін жазып береді. Кейбіреулері тангоға шақырады. Жиналған жұртта ес жоқ. Музыканың ырғағымен аласұрып билеуде. Арақтың буы мен сайқал қыздардың сұлу бейнесі көзіңді алдап, еліктіріп, ынтықтырып, ес-түсіңнен айырады.
Әнші: «Мен әлі жаспын, ештеңе түсінбеймін. Қара періште қосқан бізді. Бірақ қайтадан айырылдық. Сен енді алыстасың. Жанымды берер едім саған шайтан, келші, келші, менің ыстық құшағыма», – деп күңіренеді.
Енді бірде: «Жанымды ал деп қиыласың сен маған, сенің жаның кімге дәрі жалғанда, көмек қолын соза ала ма ол маған, құдай алдына барғанда», – деп зарлайды…
Бір уақытта: «Сұлулар, сайқалдар, байға жарымаған байталдар, күнәңді жу, жыла, күңірен албасты, сені тозақ оты күтіп тұр алғашқы», – деп сарнайды….
Ән ырғағына мас болып, елітіп барам. Бір ашаң жүзді, жартылай жалаңаш жұқалтаң келген бикеш маған қосылып алды. Жақсы билейді.
Дүниені ұмытып, ғажап бір әлемге еніп, бойыма қан жүгіріп, бой жазып қалдым.
Сыраны сіміріп отырмын. Біраз масая бастадым. Буын-буындарым босап, өзімді еркіндеу сезіне бастадым. Басыма неше түрлі ойлар келе бастады. Неге екенін білмеймін, менің басыма неше түрлі керемет идеялар осындай кезде келеді.
Орыстардың жеңіл жүрісті қызды, әйелді сыбайтын бірнеше сөздері бар. Айтуға, жазуға ұят.
– Қазақта осы неге жеңіл жүрісті әйелдерге қатысты сөздер жоқ екен? – дейді бір ой.
– Бар ғой, – дейді бір ой.
– Қандай?
– Жәлеп!
– Қой, жәлеп деген қазақтың сөзі емес, өзбектікі, – дейді бір ой.
– Соған қарағанда бұрын қазақта жеңіл жүрісті, оң жақта отырып некесіз бала туып алатын қыз болмаған, – дейді бір ой.
– Дұрыс. Дұрыс. Болмаған соң ондай сөз де жоқ, – дейді бір ой.
Қазақ қызы бұрын бұндайды білмеген. Сондықтан қазақтың сөзінде ондай ұғым жоқ.
– Қазір ғана бірдеңелер шығып жатыр, – дейді бір ойым.
Бір уақытта менің де жаныма келіп қап-қара бір сайқал отырып алды. Негр қыз. Аузында темекі. Бетіне опа-далапты аямай-ақ жаққаны көрініп тұр. Бұйра-бұйра шаштарын артына қарай тартып, қысып тастапты. Бұтында тар, қысқа юбка, Үстінде көкірегі ашық, жеңіл көйлек. Екі анары тырсиып, тартпасына әзер сыйып тұр. Шешіп жіберсең, атылып кететін секілді. Саусақтары ұп-ұзын. Тырнақтары сояудай. Фигурасы ұрып тұр.
Екі ерні қап-қалың. Мырза деп сөйлейді екен.
– Мырза, қалыңыз қалай? – деп күлді.
– Жақсы, – дедім.
– Мен сізге ұнаймын ба?
– Жоқ. Ешқайсың ұнап отырған жоқсыңдар.
– Ә, солай ма, қызық екен, онда неге келдіңіз бұл жерге, – деді.
– Жәй, жолдастарым алып келді, – дедім.
– Сіз әлі азырақ ішіп отырсыз. Еркекке ұнамайтын әйел болмайды. Арақ азырақ болады. Тағы да ішіңіз. Келіңіз, ішіп қояйық, – деп жымиды.
Талайды көрген пәлекет емес пе? Кіммен қалай сөйлесуді біледі. Тауып айтқан сөзіне күліп жібердім.
– Кел, – деп виски құйып бердім. Екеуіміз тартып жібердік.
Көңілденейін дедім. Жаңағыдай емес, ойыма жақсы нәрселер келе бастады.
– Қай жақтансың?
– Малидан.
– О-О-О!
– Неге қуанып кеттіңіз?
– Малида менің досым бар. Алматыда бірге оқығанбыз. Аты – Сейіт Берке. Мүмкін танитын шығарсың?
– О-О-О! – Мырза, Мали үлкен ел.
– Түсіндім.
– Иә, солай де! Сонда бір түндерің қанша тұрады?
– 100 доллар, мырза. Бар болғаны – 100 доллар. Бірақ өмірі мені ұмыта алмайтын боласыз, мырза, – деді. – О, кей!
– Но, Но…
Басымды шайқадым.
Ақыры менен түк шықпасын білді ме, кетіп қалды.
– Неге жібердің? Маған бермедің бе қаншықты, мен қызығып отыр едім, – дейді Луис. – Ап-пақ төсек, қап-қара қатын… О, қандай романтика!
– Құрысын. Бұндай романтикаң құрысын, Луис.
– Ха-ха-ха, – деп күледі.
Көзі жайнап, ынтығып, өліп отыр жартыбас. Қатын көрсе көзбен ішіп-жеп, тесіліп қарайтынын бұрын да байқаған едім. Мынауың бүгін қайтпатын секілді.
– Қой, мына жер жын-шайтанның ордасы екен. Бір ауру жұқтырып алсам қайтемін. Мен кеттім, – деп шығып кеттім.
Такси ұстап, түнгі қаланы араладым. Жап-жарық шамдар. Тіп-тік көшелер. Биік, темір, бетоннан құйылған шыны үйлер. Қаланың орталығы көз жауын алады. Еуропалық қала. Таза қала. Алайда біраз былай шыққаннан кейін ескі қалаға келіп кіресің. Бұл жақта тарихи ғимараттар көп-ақ. Сонау отарлық кезеңнен қалған кеңселер, мекемелер. Көбі тастан, кірпіштен қаланған. Сары түс басым секілді. Елді бірнеше ғасыр билеген Испанияның табы сезіледі. Түнде де адамдар көшеде көп жүреді екен. Біреулер жұмысынан, біреулер түнгі серуеннен, біреулер рестораннан шығып келе жатқан болар. Қол ұстасқан жастар да көп. Ақыры үйге келдім.
Үйде жатырмын. Ой үстіндемін.
Жалпы, деймін де, жақсы көрмеген соң, сезім болмаған соң, қалай ұрғашының жанына жатуға болады?
Малдық қой, малдық….
Адам мен малдың айырмасы аз-ау осы кейде.
Осы әйел баласының ақшаға жақын болатыны несі екен? Баяғыда шешем «қыздың көзі – қызылда» деп айтып отырушы еді. Бірдемені біліп айтқан да. Ақша барлық жамандықтың да, жақсылықтың да көзі.
Жап-жас қыздардың әкесіндей адамға тоқал болып жүргендерін көргенде бір түрлі болады екенсің. Бастарында тауықтың миындай да ми жоқ-ау солардың. Қайбір жақсы көргеннен тоқал болып жүр дейсің. Ақшаң біткен күні тоқал да жоғалады. Ондайлардың талайын көрдім. Бірақ деймін де, жақсы көрмеген соң жиіркенбей, қалай жандарына жатады екен, ә?
Әлде махаббат-сахаббат дегендер жындылардың, әумесерлердің шығарып жүргені ме?
Қазақтың ғашықтық жырларын, қиссаларын тыңдап отырсаң бірін-бірі сүйген екі жастың қосылмайтыны несі?
Әлде жыраулар, ақындар тыңдаушыны жылату үшін, аяғын осылай аянышты қылып бітіре ме екен?
– Нана! – деп айғай салдым. Іштегі қызу әлі тарқамаған. Батыл болып кеткем. Тез жетіп келді. Бетінен сүйіп алдым. Ол қызарақтап, ұялып қалды…
– Бұл дүние сендей әйелдердің арқасында дүние болып тұр. Рас, сенің еркек қызығатындай түрің, қылығың жоқ, бірақ сен адал, иманды әйелсің, жақсысың, – деп ойладым.

ҚОШ БОЛ, ПЕРУ! УКАЯЛИ…

Мен мектепте оқығанда да, университетте де, одан кейінгі өмірде де физикалық карталарға құмар болатынмын. Үйде картаның небір түрлері бар. Әсіресе, әлемнің картасын қолыма алып, ұзақ уақыт зерттейтінмін. Жатарда да ұзақ қарап жатып барып ұйықтап кетуші едім. Континенттер, мұхиттар, биік таулар, суық, ыстық ағыстар, елдер, олардың шекаралары, өзендер, шөлдер бәрі-бәрі мені қызықтыратын. Қай өзен қай жерден басталып, қай жерде бітеді. Қай елде таулар көп, Қай шөл ыстығырақ, Гренландияны неге мұз басып жатыр, Еуропа неге жылы, Сібірдің өзендері қайда барып құяды, Африкада қандай ормандар бар, қай көл үлкен, бәрін-бәрін білгім келеді.
Оңтүстік Американың да географиялық жағдайын жатқа білемін. Менің қазір жүрген жерім Перу елі, осы жерден Амазонканың бір басы басталатынын да білемін. Дәл қай жерден екенін әлі бағдарлай алмай жүрмін. Соған жетіп алсам деген ой келді.
Амазонкаға бір жетіп алсам, шіркін. Ар жағы оңай. Ағыспен ағып отырып-ақ Атлант мұхитына, одан әрі Еуропадан бір-ақ шығамын.
Бірде Перудің картасын сатып алып қарасам, бізге ең жақын Укаяли өзені Амазонкаға құяды екен. Қуанып кеттім.
Үй иесі маған көмектескісі-ақ келеді. Дегенмен ешқандай құжатым жоқ. Елдегі тәртіп қатал. Әскери билік. Қылмыс өршіп тұр. Құжатсыз жүрген адамдарды қамап тастайды.
Мен де жай жүрген жоқпын. Неше түрлі жоспарлар құрып жүрмін.
Бір күні менің кететінімді білген соң Андрес біраз ақша берді. Бәрі жиналып, қимай шығарып салды.
Нана жылап қалды…
Укаяли өзеніне жетіп алдым.
Өзеннің жағасында неше түрлі үлкенді-кішілі қайықтар, яхталар толып тұр. Ретін тауып мініп алып, қаша жөнелсең ешкім сезбей де қалуы мүмкін деген ой келді. Өйткені оларды күзетіп тұрған ешкімді көрмейсің.
Бір қайықты сыртынан бақылап, көріп, ұнатып жүрмін. Алла жазса, Амазонкаға сонымен бармақпын.
Екі-үш айға жететіндей, бүлінбейді-ау деген азық-түліктер, компас, қармақ, қырық литрлік бөшкеге су құйып алдым.
Бір күні «о, құдай өзің қолдай гөр» деп бір аллама сыйынып, ұнатқан қайығыма секіріп міндім. Үсті жабық, ұзындығы 5-6 метрлік, ішінде жататын төсегі, тамақ ішетін үстелі, орындығы бар, әжептәуір жабдықталған, ұзақ жолға төтеп беретін секілді. Моторы да бар. Багы бензинге толып тұр. Бірақ мен қоспадым. Қатты ағыс өзі-ақ ала қашты. Осылайша ағып отырып, бір жұмадан кейін-ақ Амазонкаға келіп кірдім…

АМАЗОНКА, ҚАҚПАС ШАЛ

АМАЗОНКА! Әлемдегі ең ұзын өзен!
Үндістер Амазонканы «Парана-Тинг» деп атайды. Оның қазақшасы «Өзендердің патшасы» деген сөз.
Кейінгі кезге дейін әлемдегі ең ұзын өзен Африкадағы Ніл өзені деп саналып келді. Оның ұзындығы – 6665 шақырым.
1995 жылы бір топ ғалымдар Амазонканың басы деп саналып келген Укаяли өзеніне дейін келіп, оның өзі де Апуримака және Урубамба деген екі өзеннің қосылуынан пайда болатынын анықтады. Ғалымдар Апуримактың басталатын жеріне дейін барып, өлшегенде 7025 шақырым шыққан. Яғни, Амазонка ұзындығы жөнінен әлемдегі ең бірінші өзен болып шыққан.
Айтса айтқандай, бұл өзен өзінің сипаттамалары жағынан өзіне әлемдегі ешқандай өзенді шақ келтірмейді. Ол дүниежүзіндегі барлық өзендердің мұхитқа құятын суларының төрттен бірін жалғыз өзі-ақ құяды. Оның аумағына барлық Австралия немесе АҚШ сиып кетеді. Кей жерлерде Амазонканың екі жағасының арасы 200 шақырымға, тереңдігі 100 метрге жетеді.
Бұл әлемдегі ең зор өзенге 500-ден астам өзен құяды. Олардың 17-сінің ұзындығы 1800-ден 3500 шақырымға жетеді.
Амазонканың алып келген суы Атлант мұхитының суын жағалаудан 400 шақырымға дейін тұщыландырады. Ғажап!
Амазонканың бір жеріне келгенде күнұзақ жүзуден ерігіп, шаршап кеттім. Өзеннің суы да молайып, екі жағалау көрінбей кеткелі қашан. Судың бір жақ шеті лай түстес, бір жақ бөлігі қап-қара болып кетті. Әне жерден бір, мына жерден бір шағын аралдар, суда өсіп тұрған ағаштардың бастары қылтияды. Осындай бір аралға тоқтамақ болып едім, ол ойымнан тез қайттым. Өйткені ұзындығы 10-12 метрдей, құшақтасаң екі қолың бір-біріне жетпейтін бір анаконданы көзім шалды. Ол үлкендігі қойдай бірдеңені жұтып жатыр. Жартылай жұтып та қойыпты. Сондықтан бұл жерге аялдамай, жағаға шығып дем алып алғым келді. Ақырын жүзіп отырып, шетке шықтым.
Қайығымды бір ағашқа байлап, сәл тынығып отыр едім, екінші бір ағаштың түбінен жеңіл қайыққа мінген суыт жүріп келе жатқан бес-алты адам шыға келді. Қолдарында найзаға ұқсайтын ұштары үшкір ұзын ағаштар, арт жақтарынан садақ пен оның жебелері көрінеді, бұттары жартылай бір шүберекпен жабылған, түрлерін қызғылт қылып бояп, сурет салып алыпты. Екі жігіт тез-тез ескек есіп келеді.
Келе салып, әй-шәй жоқ менің қайығымды тінтіп шықты.
Сосын ғана маған амандасқандай болды.
Мен де испанша «Hola» деп сәлем бердім.
– Осы жерден бір қайық өткен жоқ па? – деп сұрады біреуі.
– Жоқ, – дедім.
Түрлері әбіржулі, асығыс екендіктері көрініп тұр.
– Не болды? – дедім бірдеңенің болғанын сезе қалып.
– Олар біздің бір қызымызды ұрлап кетті. Сол адамдарды қуып шыққан бетіміз. Ұстасақ өлтіреміз, – деді ірілеу келген, жауырынды бір жігіт.
– Ұрлап кеткендері қалай, пісіріп жеуге ме?
– Жоқ. Қатын қылуға. Бірақ оған қыз әкесінің рұқсаты жоқ. Соның бұйрығымен қуып келеміз. Қызымыз әлі жас. Әйел болуға келмейді. Сосын «ол қызды әкесі мына жігітке беремін деп уәде беріп қойған» деп шалға ұқсайтын бір тырбиған адамды нұсқады.
Шаш жоқ, тіс түскен, қап-қара албастыдай біреу. Екі ұрты суалған. Бойында күш-қуат бар жанға ұқсамайды. Ап-арық. Сүйектері ырсиып-ырсиып көрініп тұр.
«Өй, әкеңнің…»
Сүйегің шашылып қалайын деп жүргенде жас қыз саған не керек. Топас. Алжыған қақпас. Бірінші артыңды жауып алсайшы деп ойладым іштей. «Қазақ байыса қатын алады» деуші еді елімде, бұл да соның бірі ме?
Есіме:

«Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға, – деген Абайдың өлең жолдары келе қалды.
Данышпансың ғой, Абай!
Менің білуімше, жігіттің қызды ұрлап қашуы мүмкін емес. Арты жаман болатынын, соғыс болатынын ол білмей отырған жоқ. Қыз жігітіне «мені алып қаш» деген болар мына албастыны көрген соң деген ой түйдім. Кім болсаң да еркек екенсің, бейтаныс қыз! Жолың болсын! Мына әпербақан жартыбастар сені таба алмасын.
Апырым-ай, ә, айдаладағы Амазонканың жабайы адамдары да қыз алып қашады екен-ау деп қайран қалдым…
– Қыздың қалың малы төленген бе еді? – деп сұрадым тілім қышып.
– Қалың малы төленсе, қуып неміз бар, тегіннен-тегін ұрлап кетіп, күйдіріп отыр ғой. Ол күйеуі бар, атастырылған қыз. Ұстасақ қызды да, жігітті де өлтіреміз. Сол тайпамен соғысамыз. Біздің жігіттер дайын отыр. Қайықтарын қамдап, балықтарын сүрлеп, құдайдың рұқсатын алып жатыр. Оған дейін біз олардың қай жерде екендіктерін анықтауымыз керек, – деді ол.
– Мүмкін қыз өз еркімен қашып кеткен шығар? – дедім мен.
Мынаның есі дұрыс па дегендей бәрі маған қарап қалыпты. Әсіресе – анау шал.
Осы кезде ғана басыма «қой, құрысын, біреудің қызында нем бар, шатақ шығып, анау найзасын түйреп алса, біттім ғой, есім барында елімді табайын» деген ой келе қалды.
Бірақ кеш еді.
– Сен өзің алып қашқан жоқсың ба? Шыныңды айт. Әйтпесе өлтіреміз, – деп төніп кеп қалды.
– Ойбай, қайдағы қыз, әйелім бар, балаларым бар, жай жүрген адаммен, – дедім шошып кетіп.
– Қайдан келесің?
– Перуден.
– Перуден?
– Иә.
– Қайда бара жатқан жансың?
– Ешқайда да. Амазонканың бойымен жүзіп, оның ұзындығын өлшеп, зерттеп жүрген өкімет адамымын, –деп өтірікті соға салдым.
Түріме қарап, өздеріндей емес, басқашалау адам екенімді көріп тұр, өздері секілді жабайы тайпадан емес екенімді қайығым да растап тұр. Киімім де бар. Газет-журналдар жатыр қайықта. Компас тұр. Әсіресе өкімет адамымен деген соң тартыншақтап қалды. Сенген секілді.
Тез-тез қайықтарына отырып, кетіп қалды.
Уф! деп тереңнен бір дем алдым-ау!
Алдағы уақытта сақ болмасам, тіліме ие болмасам!
Амазонка – жер бетіндегі ең көп құстар мен жан-жануарлардың патшалығы. Батпақ пен джунглиден адам өтіп көрген емес. Бұл өзенде дүние жүзіндегі балықтардың 2000 түрі немесе үштен бірі жүзіп жүр. Әсіресе пиранья деген балықтан жергілікті үндістер ғана емес барлығы зәресі ұша қорқады. Тістері қанжардай өткір. Бұл балықтар суға түскен тірі мақұлықтың шамалы секундта ғана құр скелетін қалдырады. Жергілікті малшы үндістер өзеннің арғы бетіне өту үшін алдын ала бір сиырды жарақаттап, өзенге жібереді, қалған сиырлар өтіп болам дегенше жаңағы сиырдың тек мүйізі мен сүйектері қалады. Сондықтан оларда «Үш пираниден бір қалтырауын жақсы» деген нақыл сөз бар. Қабандарды, ягуарларды жұта салатын 18 метрлік анакондаларды көзің шалса бүкіл денең дірілдеп кетеді.
Бір кітаптан оқығаным бар, Амазонканың 10 шаршы шақырымында гүлдердің 1500 түрі, ағаштардың 750 түрі, құстардың 400 түрі бар екен. Ағаштардың бойы 90 метрге, ені 2 метрге жетеді.
Ең көп ағаш – пальма. Оның 100-ден астам түрі бар. Жер бетіндегі ең ұзын ағаш ротангтық пальманың бойы 300 метрге жетеді. Өткір, ұзын инелері ағаштарға оратылып, шырмауықтай шырмап аспанға қарай созыла өседі. Ол бар жерден адам өтуі мүмкін емес. Сондықтан оны жергілікті тұрғындар «шайтанның арқаны» деп атайды. Салмағы екі пұттық тышқандарды көргенде төбе шашың тік тұрады. Бұл жерде Азиядағы, Африкадағы маймылдарға ұқсамайтын маймылдар да көп. Біреуінің түрі адамның бас скелетіне ұқсайды. Ал біреуі құйрығын қол ретінде пайдаланады. Ал айғайшы деп аталатын маймылдың дауысы 5 шақырымға жетеді. Жолбарыс пен арыстанның ақырғандағы дауысы оның жанында баланың дауысы ғана болып көрінеді.
Ал жалқау деп аталатын мақұлық 8 секундта бір рет дем алып, минутына 20 сантиметр ғана қозғалады. Көлемі арадай ғана колибри атты құс бар. Оның жүрегі минутына 2000 рет соғады.
Әсіресе сакасайя атты құмырсқалардың жолында тұрып қалмайын деп тіле құдайдан. Оның жолында қалып кетсең, біттім дей бер, миллиондаған жалмауыздар үш секундта құр сүйегіңді ғана қалдырады. Ягуарларды, қабан мен ешкілерді олар бір секундтың ішінде жалмап қояды.
Құдай барлық халықтарға ештеңені де аямаған. Тек қазаққа келгенде ғана ол сараңдық танытқан. Асқар таулар да, шалқар көлдер де, ұзын-ұзын өзендер де, орман-тоғай да соларда, жан-жануарлар, құстар, жәндіктер… мыңдаған түрлері…
Қазаққа қу дала ғана тиген. Қыста қасқыр, жазда киік, болды…
Амазонка ормандары жердің өкпесі секілді. Өте көп ауа бөліп шығарады.
Бұл өзеннің басынан аяғына дейін ең бірінші рет испан конкистадоры Франсиско Орельяна 1842 жылы жүзіп өтіпті. Еріккеннен емес. Мәжбүр болған. Бұл өзенді ашқан да сол. Оны Амазонка деп атаған да сол ержүрек жиһанкез. Ол үндістермен шайқаста олардың қатарында садақ асынған бойшаң, әдемі, жалаңаш қыздардың болғандығын көрген. Бұл жәйт оның есіне амазонкалар туралы антикалық аңызды түсірген. Сондықтан ол өзенді Амазонка деп атаған.

ҮШ ҚЫЗ ЕМЕС, БЕС КЕМПІР БЕРЕЙІК

Күнұзақ қайықтың ішінде жатамын. Қарын тоқ. Жалғыздықтан ішім пысып, кейде өзенге бір сүңгіп аламын. Есіме өткен-кеткендер түсіп, ұзақ ойға батамын. Күн шыжып тұр. Жиі-жиі жаңбыр жауады. Еріксем, өлең айтамын.

Бойында Арыстың,
Өзіңмен таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен,
Жағада тұрдың сен…
Жаз еді күлкің де,
Қайдасың бұл күнде.
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.

Бірде:
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр… деп ыңылдаймын.
Өмірдің өткіншілігіне, бүгін бар, ертең жоқ болатындығымызға налып, көңілім түсіп қалады. Бұл өмірге тағы да қайтып келеміз бе екен, әлде мәңгі-бақи жоғаламыз ба? Мүмкін басқа планетада өмір сүрерміз. Ғаламдағы миллиардтаған планеталардың барлығы бірдей бос, өлі болуы мүмкін емес. Оларда да тіршілік болуы мүмкін. Адам осылай мәңгі-бақи бір планетадан бір планетаға көшіп-қонып жүре бере ме? Миым жатпейді. Ал:

Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербеледі кеме, ойнайды қайық.

Қайырмасы:
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық , – дегенде көңілім көтеріліп қалады. Қайта-қайта айта беремін.
Неге екенін білмеймін, өзімнің де қайығым тербеліп келе жатқаннан соң ба, есіме түсе береді.
Қазақтың әндері көбінесе сезімге, көңілге арналған. Билеуге емес. Бір әнді тыңдасаң жылағың келеді, ал біреуі ұзақ ойға шомдырады. Сүйгеніңе ғашық етеді, арманыңды, үмітіңді білдіреді.
«Ах, шіркін, жалған-ай!» – дегің келеді.
Кейде тағы да жағаға келіп тоқтаймын. Жер басып жүргенге не жетсін, шіркін! Адамдар жинала қалады. Үйлеріне қонаққа да шақырады. Бір ауылда болдым. Үйлері жеңіл ағаштан тұрғызылып, төбесі қамыстармен жабылған. Бұттары ғана матамен жабылған жалаңаш адамдар. Әйелдердің барлығына жуығының қолдарында көтеріп алған жас балалары бар. Емшектерін жаппайды. Салбырап тұрады. Солып қалған. Менің бір көңілге түйгенім, әйел баласы ұятты жерлерін жауып, көзден таса ұстағанда ғана ол бір тылсым күшке ие болып, еркекті өзіне тартып, ынтықтырады. Ашық әйелдің денесіне көз тез үйреніп, сезімің өліп қалады. Бұрынғыдай құмартпайсың, ынтықпайсың.
Олар киімді жоқ болғаннан соң кимейді емес, күн ыстық болғаннан соң сөйтетін секілді.
Кішкентай балалар да көп-ақ. Олар тыр-жалаңаш. Екі-үш бала бірдеңені мойнынан арқандап, жетектеп алыпты. Бұл не болды екен деп таяу келіп, қарасам – кәдімгі өрмекші. Үлкендігі – қойдай! Бірінші көргенде зәрең ұшады екен. Ал олар болса бұған үйреніп кеткен. Көз салып, қарамайды да.
Бір қабан сойып қонақ етті. Көңілдеріне рахмет, мен оларды сынауға келген жоқпын. Барына ризамын. Еркектердің әрқайсысының 2-3-еуден, тіпті кейбіреулерінің 4-5 әйелі бар. 30-40 баласы бар еркектер де бар. Табиғаттың арасында, жел мен судың ортасында жүргендіктен бе, маған олар тез қартайып кеткен секілді көрінді. Беттері әжім-әжім, тістері сирек-сирек.
Кешке қарай от жағады. Барлық ауыл жиналып сол оттың басында отырып тамақ істейді, әңгіме айтады. Бүкіл ауыл бір қазаннан тамақ ішеді. Сенікі, менікі деген жоқ. Материалдық құндылықтардан тек ең керекті, қажетті деген заттар ғана бар.
Тамақты барлығы ортақ қазаннан қолдарымен алып, жейді. Ешкімде ақша жоқ. Өйткені ақшаға сатып алатын маңайда ешқандай дүкен де жоқ. Сондықтан ол тек шылым орап шегетін қағаз болуға ғана жарайды.
Бірақ бұл адамдар маған бақытты адамдар болып көрінді. Бай, кедей деген жоқ. Күнделікті тамақтарын аң ұстап, балық аулап табады. Одан артық жинамайды. Дүние-мүліктен тек ең қажетті деген заттар ғана бар. Теледидар көріп, газет оқып бүлінбеген, ақкөңіл, бала секілді таза жандар.
Бізде үйсіз-күйсіз жүрген адамдар қаншама. Ешкімнің ешкімге жаны ашымайды, ешкім ешкімге көмектеспейді. Бірінен-бірі қайтсем асам деп жүрген жұрт. Дүние жарыс. Қу тірлік, әйтеуір.
Кеше ғана жап-жақсы адам болып жүрген біреу қолы байлыққа жете қалса, қызметі өссе шіреніп, сені танымай шыға келеді.
«Ей, топас, байлық та, қызмет те қолдың кірі емес пе, бүгін бар да ертең жоқ, кішкене түс жерге» деп айтқың келіп кетеді.
Бұл жерде асығыс-үсігіс жүрген біреуді көрмейсің. Уақыт тоқтап қалған секілді. Бұлар табиғат арасында жаймашуақ өмір сүріп жатыр. Түтін, шаң-тозаң жоқ. Ипотека, кредит, ақша деп бас қатырып жүрген ешкімді көрмейсің. Барлығының үйлері бар.
Мен осы жерде төрт-бес күн аялдадым. Амазонкада жүзіп келе жатқанымда бір қайыққа мінген жігіттер келіп, қайығымды тінткенін, бір қызды іздеп жүргендігін, оны бір жігіттің алып қашқандығын, тапса өлтіретіндігін бағана жазғанмын. Сол қызды осы ауылдың жігіті алып қашып келген болып шықты.
Мәссаған!
Жігітті де, қызды да көрдім. Қыз расында да әлі жас екен. 12-15 шамасы. Жігіт 18-ге келіп қалғанға ұқсайды. Жап-жас екі жас. Қандай жарасымды. Тамаша. Қуанғаннан екі езуім екі құлағыма жетті. Бақытты болыңдар деп барып құшақтап, беттерінен сүйдім.
Мынандай періштені көздері қиып шалға қатындыққа қалай берді екен?
Қыздың шешесі осы ауылдың қызы болып шықты. Бұрынырақта көрші тайпаның көсеміне төртінші қатын болып ұзатылыпты. Көсемнің аты көсем, ішіп-жеп қалған, бақуатты, қызын кімге тегін бере қойсын, кім көбірек дүние береді соған ұзатпақ болған. Қалыңмал. Ал ең көп бергені – жаңағы арық, қақбас шал. Жұрттан естігенім, 10 қабан беріпті, тағы біраз алтын-күміс жылтырақтар қосқанға ұқсайды.
Шешесі қызын алып, төркініне келіп жүргенде, жастар бір-бірімен танысқан. Бірін-бірі ұнатқан. Қызын кімге беретінін оның әкесі шешеді. Егер де ол қызын өзі қатарлы біреуге, жас жігітке беретінін білсе анасы үндемес еді. Шалға беретінін естігенде түнімен жылап шыққан. Ертеңінде бір шешімге келіп, төркініне адам жөнелткен. «Осындай да осындай, ана жігітке айтыңдар, шын сүйсе, қызын алып қашсын» депті.
Жігіт те өр екен, достарын ерітіп барып, алып қашып келген. Сүйенері жоқ емес. Тоғыз ағасы бар. Келсең кел деп отыр. Бүкіл ауыл жиенімізді ренжітпейміз деп қолдап тұр.
Байқаңдар деп бағана басымнан кешкен жәйтті үлкен адамдарға айтып бердім. Тез арада жігіттер жиналып, қаруланып алды. Сақ отыр. Көрші ауылдың да жігіттері шақырылды, қаруларын алып, олар да жетті. Барлығының қолдарында ұзын-ұзын найза. Бірақ темірден жасалған қылыш, айбалта, пышақ секілді адамды ұрса, өлтіретіндей ештеңе байқалмайды. Оқ ататын қару-жарақ ешкімде жоқ.
Жүзге тарта жігіт жиналды.
Шіркін, бір гранатам немесе тапаншам болса ғой деп армандап кеттім. Қаптаған жауға жалғыз өзім шауып, Қобыланды немесе Алпамыс батырдай бәрін қырып-жойып, Амозонка халықтарының аңыз, жыр-ертегілерінде жырланып, өлмес атаққа кенеліп, ұлттық батыр атанып, атағым айдан асып кетіп…
– Тоқта, тоқта, Тұреке, жерге түс. Есіңді жи, – дедім қиялымды ақылға жеңдіріп.
Соған қарағанда соғыс болса да ешкім өлмейтін секілді. Соғыс емес төбелес болатын түрі бар.
Жастарды тығып тастадық. Балалар да үйге қамалды.
Барлауға мен де бардым. Қайығымның моторын іске қосып, келген жағыма қарай он шақырымдай барып қайттым. Ешкім жоқ. Тыныштық секілді.
Түні бойы ешкім ұйықтаған жоқ. Той болды. Екі жасты әдемілеп, бастарына үкінікі секілді қауырсын тағып, көздерін, еріндерін, денелерін неше түрлі түстерге бояп тастапты. Жартылай жалаңаш. Келін құлпырып кетіпті. Танымай қалдым.
Бірнеше қабан сойылды. Оларды сол қалпы ағашқа асып қойып үйтті. Өмірімде бұндай тәтті тамақ жегенім жоқ.
Түні бойы жанып тұрған отты айнала айқайлап, әндетіп секірумен болдық. Ой, қатты шаршағаным-ай. Екі аяғым көтертпей қалды. Қарыным өмірі бұлай ашпаған шығар. Бағана ғана сылқия тойып алғаным қайда кеткенін түсінбей қалдым. Үндістердің ішінде неге бір де бір семіз адамның жоқтығын енді ғана түсіндім. Олар осылай секіріп-секіріп билеп, жеген тамақтарының көзін құртады-ау?
Бәрі таң ата басталды. Қайдан біліп қойғандарын, әлде шешесі айтты ма екен, әлде түнде тыңшылары келіп кетті ме, оншақты қайыққа мінген 60-70 жігіт сау ете қалды. Бәрі де найза, шоқпар, таяқпен мұздай қаруланған. Бағанағы қуғыншылар мені көріп, көздері бақырайып кетті.
– Бәсе, бәрін бүлдіріп жүрген сен екенсің ғой, – деп ойлады ма, бір құдайым біледі.
Бірінші елшілер ме, жаушылар ма, келді. Екі-үш шал. Тілдерін тақылдатып бірдеңе-бірдеңе деп ұзақ сөйледі. Біздің жақтың шалдары да мықты екен. Берісетін емес. Қолдарын әрі-бері сілтеп, сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр.
Бір уақытта келгендер тез-тез тұрып, кетіп қалды.
Талаптары қатал.
– Қызды қайтарасыңдар. Оған тағы да екі қыз қосып бересіңдер. Айыппұл төлейсіңдер. Бітті. Ешқандай келісімге келмейміз, – депті.
Мәссаған!!
– Сұмдық, – дедім. Айыппұл төлеуді түсінемін, жарайды, ана екі қыздың жазығы не?
Біздің шалдар да қайтпапты.
– Жиенімізді ешкімге бермейміз. Бітті. Қолдарыңнан келсе тартып алып көріңдер, – депті.
Қарсы жақ жиналып, ақылдасып, қайта-қайта бір-бірлерімен ұрсысып, көп тұрды.
Не істейміз? – деген мәселенің талқыланып жатқанын біліп тұрмын. Біздің көп екенімізді олар соқыр емес, көріп тұр. Қайдағы бір қақпас шал үшін ешкім де таяқ жегісі келмейтін секілді.
Жүрістері сылбыр, қимылдары баяу.
Бір найзаны мен де ұстап алғанмын. Бірдеңе болса ата-бабамның аруағына сыйынып «Аруақ, Аруақ» деп аттандап тұра шаппақпын. Әділдік үшін жан пида!
Бір уақытта жаушылар қайтып келді. Ішінде «күйеу» де бар.
– Жарайды, – деді ол, бұл бұзылған қыз қала берсін, осы жүргенде қатын алайын деп жүрген жоқпын, қыз керек маған, орнына 3 қыз, 30 қабан бересіңдер. – Үш қыздың біреуін таңдап мен аламын, – деді «күйеу».
Өй, есалаң! Жарымес. Қызшылын бұның! Қаным басыма шапты.
– Байқаңдар, өзім тексеремін, бергендерің қыз болмай шықса, осы отырған барлығың жауап бересіңдер. Отқа тірідей қақтаймын сендерді, – деп қолындағы шыбығымен жерді салып-салып қалды.
Осы кезде сөзге мен араластым. Атақты Қазыбек би шыққан Орта жүздің жігіті емеспін бе, қызыл тілім сайрап қоя берді.
– О заман да, бұ заман, шалға тиген қыз жаман, тең – теңімен, тезек – қабымен. Қақпас шалға қатын керек болса үш қыз емес бес кемпір берейік. Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық. Келісесіңдер ме, осыған? – деп «күйеуге» қарадым.
– Мынаның есі дұрыс емес екенін бағана-ақ білгемін, – деді «күйеу» мені қолымен көрсетіп. – Қайдан жүрген пәле өзі?
– Ол – біздің қонағымыз. Оның бұл іске ешқандай да қатысы жоқ. Кегің болса бізден ал, біз дайынбыз. Соғыс керек болса тұрысатын жеріңді айт, – деп қыз алып қашып келген жас жігіттің тоғыз ағасының бірі Гуа шарт кетті.
«Күйеу» бірдеңе-бірдеңе деп өз жағына қарай айғай салып еді, олар бізге қарай барлығы таяқтарын көтеріп, қиқулап, айғайлап жүгіре жөнелді.
Біздің жігіттер де лап берді. Мен де тұра шаптым. Әйда, басталды! «Өлгенде көрген бір соғыс болсын» деп орталарына қойып кеттім.
Менің найза деп жүргенімді баяғыда біздің батырлар жауды түйреуге қолданатын еді, бұл жерде оны сабауға қолданады екен. Біздің жігіттердің бәрі бастарын ақ түске бояп алған. Ал олардың бастары қызылға боялған. Рахат. Шатаспайсың. Сарт-сұрт, тарс-тұрс, гүрс-гүрс ұрып келемін. Оңды-солды сермеп келемін. «Қызыл» көрсем оңдырмай, бар күшіммен бір салам. Ол тәлтіректеп кеткендей болады. Біреулері құлап жатыр. Тырп етпейтіндері де бар. Маса шаққандай көрмейді. Бастары тастан ба әлде қоладан ба?
Әттең, жекпе-жек болса ғой, таэквонданың тәсілдерін қолданып, қырар едім бәріңді деп ойлап қоямын.
Байқаймын, біз жеңіп бара жатқан секілдіміз. Қанша айтқанмен, біз – көппіз. Көп – қорқытады, терең – батырады.
Бір уақытта көзім жарқ ете қалды. Құлағым шың ете түсті. Құлап бара жатқанымды білемін.
Көзімді ашсам, көзіме бірден қамыс түсті. Төбедегі қамыс. Үйдің ішінде жатыр екенмін. Басымды байлап тастапты. Бір алба-жұлба киінген, қолында таяғы бар, Сібірдің шаманына ұқсас адам айғайлап би билеп, мені айналып жүр.
– Е, мені емдеп жатыр екен ғой, маған не болды екен? Тірі секілдімін ғой, әйтеуір, – болды менің ең бірінші ойым.
Мені оянды деп жұрт жиналып жатыр. Су берді. Іштім. Түрегелдім. Ештеңе болмаған секілді. Тек талып қалған екенмін.
Ана «күйеу» мені аңдып жүріп, арт жағымнан келіп басымнан таяқпен бір салыпты.
– Не болды, жеңдіңдер ме? – болды ең бірінші қойған сұрағым.
Мен құлағаннан кейін-ақ көп өтпей олар қаша бастапты. Араларында басы жарылған, көзі шыққан, қолы сынғандар көп болыпты. Оншақты жігіттерін шайқас алаңында тастай-тастай қашыпты. Бұлар қайықтарына дейін қуып барыпты да кері қайтыпты.
– Оңбай таяқ жеді, енді келмейді, – дейді бұлар.
Тұтқындарды қамап тастапты.
– Жібере салыңдар, қайтесіңдер. Олардың жазығы жоқ. Көсем айдап салған соң келген ғой, – деп босатқыздым.
Ал олар болса рахметтерін айтып, кешірім сұрап, енді келмейміз деп кетті.
Енді келмейтіндерін мен де сезгем. Өйткені көп жігіттер «күйеудің» туысы, ауылдасы, танысы болғандықтан көңілін жықпай, амалсыз келгендерін түрлеріне қарап-ақ түсіне қойғам.
Шалдың жап-жас қызды аламын деуін жақтырмай, қайта анау қыздың тілеуін тілеп жүргендерін байқағам. Амал жоқ, көсем айтқан соң, қолға қару алған. Көңілжықпастық.
– Оу, сорлы шал, қызды сен алғанмен, қызығын сен көресің бе, көрші жігіт көре ме, соны ойламайсың ба, – деп неге айтпайды екен?
Соғыста кейде құр сан ғана емес рухтың да жеңетін кездері болады. Жауың қаншама көп болса да шын ашынып, әділеттілік өз жағыңда екенін шын сезініп, бар ашуыңмен, өршелене ұмтылсаң, жайпап тастайсың.
Олардың жеңілген себебі о баста-ақ олар өз істерінің әділ емес екенін сезінді. Сосын тайсақтап, тартынып тұрды. Біз жеңдік. Өйткені біз қаршадай қызға ара түстік. Жанымыз ашыды. Әділетсіздікті көрдік. Қанымыз қайнады. Сосын соғысқа міз бақпай кірістік.
Осы жерде біраз болдым. Ағаштан қалай сағыз алатынын көрдім. Үлкен бір ағашты пышақпен, балтамен тіледі. Сол жерден аппақ қаймақ секілді бірдеңе ағады. Соны шелекке құйып алады. Кейіннен қайнатып, илегенде аппақ, жұмсақ резеңке секілді зат пайда болады. Шайнасаң, нағыз сағыз.
Бір күні аңға шықтық. Ну орман. Ештеңе көрінбейді. Бес-алты адам аяғымызды ақырын-ақырын басып, жылжып келеміз. Анда-санда ағаштарға оралып тұрған жыландар кездеседі. Денем дір ете қалады. Гуа үйден шығарда, бір бақаны ұстап алып, инедей ағаштарды соған сұғып-сұғып алған болатын. Бұл не істеп жатыр деп таңырқай қараған едім. Сөйтсем, «иненің» ұштарына бақаның уын жағып жатыр екен. Бұл удың күші керемет екенін кейін көрдім.
Бір уақытта ағаштың басында отырған бір құсты байқап қалдық. Тым-тырыс отыра қалдық. Гуа жапырақты орап, арасына жаңағыны салды. Салды да құсты көздеп тұрып, қатты үрлеп қалды. «Ине» құстың кеудесіне барып қадалды да ол құлап түсті. У бірден әсер етеді екен. Құс ұша алмай, мәңгіріп жатты да, өліп қалды.
Қабанды да осы әдіспен алды. Аңға шыққанда ең бастысы оған білдіртпей, ық жағынан барынша тақау келу. Ештеңені байқамаған олар шөптерін жеп, тұра береді. Кейбіреулері дем алып жерде жатады.
Гуа ақырын басып келеді де, дәл көздеп «инесін» атып кеп жібереді. Қабан шыбын шаққандай көрмейді. Бірақ бір уақытта басы айналып, есеңгіреп, айналып, қайта-қайта құлай береді. Бұл у әсер етіп жатыр деген сөз. Сәл күтсең, құлап түседі. Бар да, арқаңа салып ал.
Бүгінгі түскі ас дайын!

ПОРОРОКА

Амазонкада ерсілі-қарсылы жүріп жатқан қайықтар, паромдар, кемелер көп-ақ. Маңайың толған адамдар. Олар саған назар да салмайды. Адамдар жүргеннен кейін онша қорқа да қоймайсың.
Күнұзақ жатқаннан ішің пыса бастайды. Балық аулаймын. Қайығым ағыспен өзі-ақ жүзіп келеді. Моторды іске қосқан жоқпын. Бензинді сақтау керек, алдағы уақытта керек болуы мүмкін деген ойым бар.
Жиі-жиі өткен өмірім, достарым, бала-шағам, әке-шешем, туыстар, таныстар еске түседі.
Әсіресе әкем…
Өмір бойы ауылдан ұзап шықпаған әкем менің әлемді шарлап шығатынымды білді ме екен?
Әкем екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жан. Майданға алғанда әлі бала екен. Басқарма өз баласының орнына жасын үлкейтіп көрсетіп, бұны салып жіберді ме, кім білсін? «Мылтығым жерге сүйретіліп жүретін еді» дейтін ол.
– Бірде қатты шайқас болды. Екі жақ та өлермендікпен атысудамыз. Алға, алға деп уралап ұмтыла береміз. Шегінуге болмайды. Өйтсең, арттағы өз адамдарың атады. Оқ бітіп қалса да алға ұмтыла беруің керек. Бір уақытта алдымнан еңгезердей неміс шыға келді. Баламын. Бойым кіп-кішкентай. Оқ таусылған. Не істерімді білмей, мен тұрмын. Ол мені бастан-аяқ көзімен қарап шықты да, басын шайқап «кет» дегендей болды. Зытып бердім. Атқан да жоқ, найзасымен түйреген де жоқ. Әлде үйіндегі өз баласы есіне түсіп кетті ме екен? Сөйтіп, мен тірі қалдым, – деуші еді.
– Сендер ғой мені аман алып қалған, – деп бізді иіскейді. Біз әлі баламыз. Шынында да оны өлімнен аман алып қалған секілді көреміз өзімізді.
Соғыстан бір винтовка арқалап келіп еді, жазуы бар болатын, соның оғын далаға тасып, құмда ойнап, құрттық. Ал мылтықтың өзі қайда кеткенін білмейді екенмін. Қазір қолымда болса ғой, акулаларды қырар едім. Бұл жалмауыздар менің қаншама достарымды жеп қойды.
Есіме Үнді мұхиты түседі…
Бір уақытта қарасам өзеннен барлық қайықтар, кемелер, паромдар қашып жатыр. Жағаға қарай. Бір қатты шу естіледі.
Не боп қалды екен?
Маған да біреулер «қаш» дегендей қолдарымен көрсетеді. Моторды іске қосып жіберіп, жағаға зу етіп жетіп келдім. Біраз уақыттан кейін алдымыздан алдындағысының бәрін жапыра-мапыра биіктігі бес метрдей өте үлкен толқын өтті. Қатты шу шығып, құлағымыз естимей қалды.
Жұрттың бәрі «поророка» деп шулап жүр.
Бұның мәнісін кейін түсіндім. Амазонка ылғи да экватордың бойымен бір қалыпты ағатындықтан кейде мұхиттан келетін қарсы толқын болады. Ол жолындағысының бәрін жайпап кетеді. Сондықтан одан бәрі қорқады.

Ай ЭМ ФРОМ КУБА

Амазонка ағызып отырып Атлант мұхитына алып келді. Күн ашық, ауа райы тыныш болды. Су тұщы екен. Ыдыстарды суға толтырып алдым. Тамақ әлі мол. Ыстықта тамақ та жегің келмейді. Осы жерде Антарктида жақтан солтүстікке ағып жатқан Гвиан суық ағысы өзі-ақ қағып ала жөнелді. Ол Мексика шығанағында Голфстримге қосылады. Бұны жақсы білемін. Голфстрим Еуропаның жағасына апаратынын географиядан оқығанмын.
Көңілім көтерілейін деді. Тамақ бар, су мол, тек қатты жел соғып, теңізде дауыл болмаса болды. Бір жақсысы күн ашық, мұхит беті тыныш. Құрлыққа жақынырақ жүзуге тырысамын.
Кариб аралдары, Куба, Флорида, Багам аралдары артта қалып барады.
Осы жерде бір оқиға болды.
Күнделікті тып-тыныш ағып келе жатқам. Өзім ұйқылы-ояу жатырмын. Бір уақытта құлағыма бір дауыс келетін секілді болып көрінді. Алғашқыда жалғыздықтан есім ауыса бастады ма екен деп шошып кеттім. Бір дауыс тағы қайталанды. Адамның дауысына ұқсайды. Әлде адам дауысты балық бар ма екен?
Не де болса көрейін деп төсегімнен тұрып, шағын кабинамнан сыртқа шықтым. Маңайдың бәрі су. Толқындар үлкейе бастапты. Шағалалар жүр су бетінде қалықтап. Соған қарағанда жағалау жақын болар деп ойладым. Жаңағы дауыс тағы естілді.
«Хелп!», «хелп!» дейтін секілді. «Хелптің» ағылшынша «көмектесші» деген сөз екенін білемін. Жан-жағыма қайта-қайта дұрыстап қараймын. Бір уақытта көзім шалды. Бір адам ашық теңізде маған қарай жүзіп келеді. Бір ағаштың үстіне шығып алған. Қап-қара болып күнге күйіп кетіпті.
Моторымды іске қосып, қайығымды соған қарай бұрып, жанына жүзіп келдім. Келе сала ол менің бортыма жармасты. Қолымды беріп көтеріп алдым.
– Куба, Куба, – дейді ол. – I am from Kuba.
Түсіне қойдым. Кубадан Америкаға қашып бара жатқан адам. Қандай жанкешті десеңші! Атлант мұхитында құр ағашпен жүзіп келеді. Мүмкін қайықпен шықса жағалау күзетшілерінің көзіне түсіп қалам деп ойлады ма екен?
Ап-арық. Құр сүлдері қалыпты. Мен кездеспегенде өлетін бе еді, кім біліпті?
Бағы бар екен, өзі секілді бір бейбаққа жолыққан.
Өмірімде бұлай қуанбаспын. Адам. Жанымда адам бар. Адаммен сөйлеспегелі қанша болды. Уақыттан жаңылысқалы қашан. Әбден тынығып, тамақ жеп, әлденіп алғанынан кейін көптен бері ең бірінші рет испанша сұрағымды қойдым.
– Қайда барасың?
– Америкаға.
– Неге?
– Америка жақсы.
– Куба ше?
– Бізде жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Өмір сұрғылт. Демократия жоқ. Бұлайша өмір сүргім келмейді.
– АҚШ-та бәрі бар деп кім айтты?
– АҚШ – бай мемлекет. Онда жұмыс істесең барлығына қол жеткізуге болады. Демократия бар. Адамдар ауқатты тұрады. Бізде ештеңе жоқ.
– Бірақ сендердегі адамдар жақсы ғой. Әлі ақша бұзбаған. Қарапайым. Бір-бірлеріне жаны ашиды, адамгершілік дегенді біледі, –деп жатырмын кезіндегі социалистік жүйеде өмір сүрген Совет Одағындағы адамдар есіме түсіп.
Куба да социалистік жүйедегі ел еді. Совет Одағы көп көмектесті. Алайда қазір қиыншылықтарды басынан кешіп жатыр деп еститінмін.
– Маған ұнамайды.
– Онда неге басшыларыңды кетірмейсіңдер? Жетеді. Ұнамаса, басқаны қойыңдар.
Осының есі дұрыс па дегендей маған қарайды.
– Сіз қайда бара жатырсыз? – деді бір уақытта.
– Еуропаға, – дедім.
Тағы да көзі бақырайып кетті. Мына қайықпен қалай Еуропаға жетпек деп ойланғанын түсініп тұрмын.
– Қызың бар ма? – деймін әңгіме болсын деп.
– Бар, – дейді.
– Оны кімге тастап кеттің?
– Ол да Америкаға келеді.
– Қалай келеді? Сен секілді бөренемен жүзіп пе?
– Жоқ.
– Енді?
– Мен шақырып аламын.
– Сен шақырғанмен, билік оны жібере ме?
– Жібермейді. Бір амалын табармын, – дейді ол.
– Менімен бірге жүр, Еуропа да жақсы. Сол жақтан жұмыс табасың, – деп үгіттей бастадым.
Ойым енді қасымда біреу болса жаным тынышталатынын сезіп тұр.
– Жоқ. Мені Флоридаға жеткізіп салыңызшы, – деді жалына.
Амал жоқ, батысқа қарай бұрылып, жағалауға қарай жүзуге тура келді. Десе де жағалауға тым жақын барғаным жоқ. Алыстан көрінген жерден түсіріп кеттім. Ол өзімен бірге бөренесін де қайығыма көтеріп алған болатын, тағы да суға тастап, соның бір шетінен ұстап, жүзіп кетті.
Кейіннен бәрібір жағалауға соғуға тура келді. Судан шаршап, жерді сағындым. Тыныштау, ешкім жоқ-ау деген жерге келіп тоқтап, дем алып алдым. Осылайша аяғым СОЛТҮСТІК АМЕРИКАНЫ да басты.

МҰХИТТАҒЫ «ПОШТАЛАР»

Голфстрим! Бұл жерде де әрі-бері кетіп бара жатқан кемелер кездеседі. Кейбіреулері маған бақыртып тұрып гудок береді. Кімсің, не қылған жансың, көмек керек пе дейтін секілді. Әлде жай амандасқаны ма екен?
Голфстрим туралы адамдар ең бірінші Христофор Колумбтан естіді. Ол жаңа дүниеге 1492 жылы сапары барысында көрген. Ал одан жиырма жыл кейін конкистадор Понсе де Леон Флоридадан Мексика бұғазына өтпек болады. Сонда ол арт жақтан жел соғып тұрса да, барлық желкендер көтеріліп тұрса да кемесінің артқа қарай кетіп бара жатқанын байқаған.
Еуропадан Америкаға кемелер екі айдай жүрсе, керісінше Америкадан Британ жағалауына аттанған ауыр жүк кемелері бір айға жетпей-ақ баратын болған. Кейіннен ғалымдар бұл қызық құбылысты зерттеп, жер бетіндегі ең орасан жылы ағыстың бар екенін анықтаған. Атлант тұхитындағы бұл ағыс жер бетіндегі барлық өзендердің суларынан 20 есе көп суды ағызады. Секундына – 25 миллион шаршы метр су.
Ағыстың ені – 75 шақырым, тереңдігі 700 метрге жетеді. Жылдамдығы тәулігіне 150–200 шақырым. Бұндай қарқынмен Еуропаға ертең-ақ жетіп баратындай сезінемін.
Кезінде осы ағыс арқылы Америкада тұратын адамдар Ұлыбританияға хат та жіберіп тұрған. Жазғандарын бөтелкеге салып, аузын мықтылап жауып, өзенге тастайтын болған. Ал ол болса ағып барып, Мексика шығанағынан бір-ақ шығып, әрі қарай Голфстрим арқылы Англияға жетеді. Англияда бұндай бөтелкелерді жағалаудан тауып алған адамдар адрес бойынша жеткізеді. Бар болғаны – осы.
Тіпті, кезінде Ұлыбритания ханшайымы мұхиттар мен теңіздерде табылған осындай барлық «пошталарды» патшалықтың меншігі деп жариялаған.
Көбінесе бұндай «поштаны» суға батып бара жатқан корабльдердің жолаушылары жазатын болған. 1856 жылы американдық «Пасифик» параходы Нью-Йорктен Ливерпулге дейін 9-10 күнде келетін болған. Бұл сол кездегі ең қатты жылдамдық еді. Сондықтан оның бортына жұрт таласа тармаса отыратын болған. Сол жылы ол бортына 200 адам алып, Нью-Йоркке бағыт алған. Жететін жеріне жетпеген. Оған не болғанын ешкім білмеген.
Білмейтін де еді. Егер осы «бөтелке поштасы» болмағанда. Бірде Ирландияның жағасынан бір балықшы аузы бекітілген бөтелке тауып алған. Ашып қараса «Пасифик борты. Кеме суға батып барады. Палубада айқай-шу. Маңайымыздың бәрі айсбергтер. Мен өзімнің тірі қалмайтынымды білемін. Бұл хатты достарым бізге не болғанын білсін деп жазып отырмын. М. Уэльям» деп жазылған екен.
Кейде судың бетінен көз алмай ұзақ қарап отырамын. Анда-санда аузы тығындалған бөтелкелер кездеседі. Оларды ұстап алып, ішіндегі жазбаларды оқимын. Көбінесе жастар жазады.
Америкалық Джон деген жігіт Англияда тұратын қызына хат жазыпты. Хатында ол оны өзінің сүйетінін айтып, тұрмысқа шығуын өтініпті.
Ал бір «поштада» бір жігіт әке-шешесіне өзінің халы жақсы екенін, таяуда баратынын жеткізіпті.
Ал бір бөтелкедегі хат мені қатты таң қалдырды. «17 сәуір 1880 жыл. «Атланта» кораблі. 27 норд және 32 вест қиылысында суға батып барамыз. Бұл хатты тапқан адам газетке беріңіздер. Джон» депті.
Бұл «пошта» жүз жылдан астам уақыттан бері ешкімнің қолына түспей мұхитта жүзіп жүрген-ау.
Бұл бөтелкені сақтап қойдым.
Басқаларын қайтадан бөтелкеге салып, аузын тығындап, қоя беремін.
Голфстрим Канада жағалауында Ньюфаундлендке жеткен соң қарсы аққан суық Лабрадор ағысына кездесіп, бір бөлігі Еуропаға қарай бұрылады. Лабрадор Гренландиядан айсбергтерді алып келеді. Атақты «Титаник» осындай айсбергке соғылып, батып кеткен.
Голфстримнің солтүстік-шығыс жалғасы Солтүстік-Атлантикалық ағыс деп аталып Еуропаға жылылық әкеледі. Міне, Еуропаны жылытып тұрған пеш осы. Норвегияның бір өзі ғана одан минутына 100 000 тонна мұнайды жаққандай жылу алады. Еуропаның жылылығының құпиясы – осы!

ҚҰДАЙ БАР!

Қайықта түнгі аспанға қарап, сансыз жұлдыздарды санап, мына дүние туралы шексіз-шетсіз ойларға берілемін. Біз қазақша ғалам деп жүрген галактиканың қандай шексіз-шетсіз дүние екендігін ойласаң, ақыл-ойың жетпейді. Ал бұндай галактиканың өзі кеңістікте миллиардтап саналады. Ал жұлдыздардың қанша екендігін ешкім білмейді. Біздің құс жолы галактикамыздағы жұлдыздардың өзі жүз миллиардтан асып жығылады. Бұлардың әрқайсысының ең аз дегендегі көлемі жерден кем емес. Кеңістіктің қаншалықты шексіз екендігін осыдан-ақ біле беріңіз! Және бұлардың барлығы да үнемі қозғалыста болып келеді.
Бір жаққа қарай кетіп барады…
Ал уақыт ше?
Ғалымдар күннің жаратылғанына 4,5 миллиард жыл болған деседі. Жерге де соншама уақыт беріледі. Енді бір 4,5 миллиард жылдан кейін күн сөнеді дейді. Яғни, жанып бітеді. Ал жердегі тіршілік 200-300 миллион жылдан кейін құриды екен. Оған себеп күннің қатты жануынан жер беті күйіп, айналаның бәрі шаң-топыраққа айналады-мыс.
Егер де күндердің күні бәрі де бітетін болса, жер түгілі күннің өзі сөнетін болса, тіршілік мәңгілікке жоғала ма? Мүмкін ол басқа планетада жалғасын табар? Қазірдің өзінде ол басқа галактикада бар шығар? Бұны енді әзірше ешкім білмейді. Көрген де, естіген де адам жоқ.
Жалпы, құдайдың, бір жаратушының бар екендігі рас. Жер бетіндегі тірлікке қарап отырсаң барлығы да жөн-жосығымен, ойластырыла істелгеніне таң қаласың. Қай тіршілік иесі болса да жұп-жұбымен жаратылған. Әрқайсысының өз орны бар. Адамның, тіршіліктің болуына қажетті бар жағдай жасалған. Басы артық немесе кем ештеңе жоқ секілді.
Тіпті, жердің өзі де күннен тіршілік үшін қолайлы қашықтықта орналасқан. Жер басқа планеталар секілді сәл күнге жақындау немесе алыстау болғанда тіршілік болмайды екен. Сол секілді жердің айналып тұруында да үлкен мән бар. Егер де ол айналмаса тіршілік болмас еді. Жердің бір жағы қатты күйіп кетіп, екінші жағы өте суық болар еді. Оны айналдырып тұрған не? Ол неге тоқтап қалмайды? Кез келген нәрсе өзінен өзі қозғалмайды. Ал жер қозғалады. Ол қозғалғаннан соң күн мен түн, жаз бен қыс болады.
Ай ше?
Ай болмаса да тіршілік болмайды екен, өйткені ол жерді тез айналып кетуден сақтайды.
Су ше?
Сусыз да өмір жоқ. Ал оның неден пайда болғанын ешкім білмейді. Ол жоғалмайды да. Тек қатты, жұмсақ, бу күйінде мәңгі айналыста болады. Жылына жер бетіне 550 триллион тонна жаңбыр жауады. Соншама су буға айналады. Бу қайтадан суға айналады.
Адам өлгеннен соң қайда барады? Дінге сенсек, не жұмаққа, не тозаққа барады.
Басқаша болуы мүмкін бе?
Бұны білу адамның пешенесіне жазылмаған.
Бұл – құдайдың құпиясы!
Құдай адамдарды да әдейі әр түрлі қылып жаратқан. Бірін бірі білсін, аралассын, бірінің бірі тілін үйренсін, бірін бірі танысын деген оймен. Әйтпесе барлық адамдар қазақ болса немесе барлық адамдар ағылшын, испан, қырғыз немесе моңғол болса несі қызық? Барлық адамдар бір құдайдың пендесі. Егер де сен бір халықты жек көрсең, онда құдайды жек көргенің. Оның сүйген құлын жек көргенің. Сондықтан Абай «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дұрыс айтады. Ешқандай адамды тіліне, дініне, діліне, терісінің түсіне қарап, алалауға болмайды. Жақсы адам ол барлық жерде жақсы адам. Жаман адам барлық халықта да бар. Бір адамға бола барлық халық туралы түсінік қалыптастыруға болмайды.
Ең жақсы адам, ол – қарапайым адам.
Жүрегінде құдайы бар адам – ең бай адам.

ИТ ЖЕККЕН ЖЕР

Бір уақытта алдымнан айсбергтер кездесе бастады. Тұман. Киттерді де көрдім. Бес-алтауы кетіп барады. Тұмсықтары суды фонтан қылып атқылап барады. Бір уақытта біреуі судан атып шығып, бар денесімен құлағанда таудай толқын пайда болды. Жаңағы толқын менің қайығымды аударып тастай жаздап, әупірімдеп аман қалдым.
Акулалар да жүр. Құйрықтарын-ақ байқауға болады. Менің қайығыма келеді де, тұмсықтарымен бір соғып, иіскеп, тістеп дәмін татып кетеді, жеуге жарамды ма, жарамсыз ба деп тексеретін болулары керек арамдар. Шіркін деп маған қарап тамсанып, еріндерін жалап-жалап қоятын секілді.
Қармағыма балық көп түседі. Шикідей жей беремін. Қалғанын тазалап, қақтауға іліп те қоямын. Оның исіне теңіз құстары, шағалалар көптеп жиналады. Кейде барлығын жеп кетеді. Қызық көріп, үркітпеймін. Жей берсін, менде тамақ жетеді. Керек болса тағы да аулаймын.
Тек маған жолың болсын деп тілесеңдер болды деп ойлаймын.
Бір рет акула да түсті. Жалтырауығымды үзіп кетті.
Голфстрим мені Еуропа жағалауына емес, Гренландиядан бір-ақ шығарды.
Бәсе, барлығы да ойдағыдай, тамаша болып келе жатқанына күдіктене бастап едім. Түңілгенімді көрсең. Бірінші рет аһ ұрып, қатты жыладым. Қақырғанда қан шықты. Қайығым ақырын ағып келіп жағалауға тірелді.
Жерге түстім.
Осылайша мен ойламаған жерден Гренландиядан бір-ақ шықтым.
ГРЕНЛАНДИЯ деген «жасыл жер» деген мағына береді. «Жасыл жер» дегеннен гөрі «мұзды жер» деген дұрысырақ болар еді. Исландия десе шындыққа жақын. Исландияны Гренландия деп, Гренландияны Исландия десе атына заты сай болады. Біреу шатасқан болып тұр-ау.
Гренландияда әлемдегі ең бірінші парламент пайда болған. 930 жылы. Жұрт жиналып, жоғары кеңес құрып, оны альтинг деп атапты.
Бұл жерге аң алғашқы адамдар Исландиядан келіп орналасқанға ұқсайды. Тарих солай дейді. ХVI-ХVII ғасырда болған «шағын мұз дәуірінде» климат қатайып, ел жоқшылыққа ұшырап, арал бос қалған.
Аппақ қар мен мұз басып жатқан ең үлкен арал елсіз болып көрінгенімен менің бақытыма қарай, бұнда да адамдар тұрады екен.
Нуук деген аралдың батыс жағындағы жағалаудағы шағын қыратта орналасқан қала. Халқы 15 мыңдай. Негізінен даттықтар, еуропалықтар. Гренландияның барлық тұрғындарының саны 60 мыңнан аспайды. Оның 90 пайызы – эскимостар.
Жер үйлермен қатар ұзыннан ұзын салынған екі-үш қабатты үйлер бар. Көбі қоңыр, ақ түсті. Қаланың негізін 1728 жылы норвегиялық миссионер Ханс Эгеде қалаған. Ол қалаға «Готхоб» деген ат берген. Оның дат тілінен аударғандағы мағынасы «Ақ сенім» дегенді білдіреді. Ол 1721 жылы осы жерде тұратын 12 эскимостық отбасын христиан дініне кіргізу үшін келген. Қазір шіркеуде университет пен мұрағат орналасқан.
Шіркеу бос қалған. Халық құдайға сенбейді. Адамдар құдайды басына іс түскен кезде ғана, жамандыққа жолыққанда ғана еске алатын болып барады. Бұның арты не болады? Ешкім білмейді.
Халық аң, балық аулап күн көреді. Аз халықтар еуропалықтардың жақсы жағымен қатар жаман жағын да тез қабылдап алады. Солардың жегенін жеп, ішкенін ішіп, құрып барады. Маскүнемдер көп-ақ. Бұл әлеуметтік проблемаға айналған.
Өзім мініп келген моторлы қайықты 3000 долларға саттым да жібердім. Иесі ренжімес, жағдай солай болды, қайтейін.
Бұл жерде климат онша суық емес. Бұған оңтүстіктен келетін жылы ағыстың өз әсері бар. Күн үш-төрт-ақ сағат шығады. Оның өзінде көкжиектен әрі аспайды. Ағарып шығып, қызарып батады. Лезде. Қалған уақытта қараңғы болып тұрады. Ал жазда күн батпайды. Ақ түндер.
Бір қонақ үйге келіп, жұмыс болса тегін істеймін, бірақ маған қонатын жер берсеңіздер болды деп едім, тегін жұмыс күшіне қуанып кетті-ау деймін, сөзге келмей бір бөлмені беріп қойды. Істе деген тапсырмаларын тиянақты орындаймын.
Қонақ үйге адамдар сирек келеді.
Кім көрінгенмен сөйлесуге құмар болып алғанмын. Көптеген уақыт бойы сөйлесетін жан болмағаннан кейін бе, маған құр сөйлесудің өзі үлкен бақыт секілді көрінеді. Жергілікті арақ, сыра ішуді ұнататын эскимостарға қосылып алдым. Басқа қайда барамын? Ешкімді танымаймын. Солармен сөйлесу арқылы жалпы осы жердегі ахуал туралы, адамдар жайында көбірек білгім келеді.
Күні бойы бір дәмханадан шықпаймыз. Күн деп жай айтып отырмын. Бұл жерде негізінен түн болып тұрады. Күн бұлыңғыр, суық, ызғарлы, климат қатал болғаннан кейін бе, бұл жерде ащы су ішетін адамдар көп. Ән айтамыз, би билейміз. Кейде арамызға әйелдер де қосылады.
Ішіп-жеп әбден тойған соң үйлеріне ертіп барады. Онда да тойлаймыз. Көршісі қонаққа шақырады. Оған да барамыз. Осылай отыз күн ойынмен, қырық күн тоймен өтіп жатты. Уақыттың қанша екенін қарамайтын болдық. Қай ай, қай жылды да ұмыта бастадық.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтқандай еріге бастадық. Бірде бір үйде қонақта отырғанда бір адамнан бұл жерге орыстардың да келіп-кетіп жүретінін естідім.
– Корабльмен, кейде сүңгуір қайықпен де келеді, – деді ол.
Қуанып жүрмін.
Сол күнді асыға күтіп жүрмін.

МЕНІҢ ДОСЫМ – ӘЛЕУІТ!

Кейде маған ит жеккен шанасымен эскимос досым келеді. Түрі қазаққа ұқсас. Көзі қысық, жалпақ бет. Моңғол типтес халықтың өкілі. Аты – Әлеуіт. Қырықтан асып кетсе де үйленбеген. Өзінің айтуынша, қыз жоқ. Қыз түгілі әйел де жоқ.
Аюдың терісінен тігілген ақ ішік киіп алған. Бұндай киімде 50 градус суықтан да қорықпауға болады. Бұтында да теріден тігілген шалбар. Аяқта да теріден тігілген орыстың унтиіне ұқсайтын бірдеңе.
Жалпы, моңғол типтес халыққа сақал шықпайтыны бар. Мұрт та шығып жарытпайды. Тарам-тарам екі-үш тал сақал-мұрты бар. Тістері де әр жерге бір шығатын талдардай ана-мына жерден бір қараң береді.
– Қыз керек болса бізге, Қазақстанға кел, қаптаған кәрі қыз, ажырасқан қатын, таңдап жүріп аласың, – деймін.
Маған шын ба дегендей көзі бақырайып қарайды. Жартыбас.
– Жүр, кеттік. Біраз қыдырып келейік, – дейді ол. – Мен саған туған жерімді көрсетейін.
Ұзын шанасына отырып аламын. Қаланың сыртына шығып кетеміз. Ұзыннан-ұзақ бір арқанға бірге жегілген оншақты ит қарды бұрқыратып, ала жөнеледі.
Күн ызғарлы. Алдан ескен жел, бораған қар бетіңді қарып жібереді. Бірақ иттер «қыңқ» демейді. Қайта жүгірген сайын жылынып, терлері бұрқырап, жандары кіретін секілді. Алыста ақ аюлар жүргенін көзім шалады. Олар адамдарды көздеріне де ілмейді. Әбден үйреніп кеткен. Тамақ іздеп, қалаға да кіріп кетеді. Сондықтан адамдар үйден шыққанда абайлап шығады.
Ақ аю – жер бетіндегі ең үлкен жыртқыш аң. Оның ұзындығы кейде 3 метрге жетеді. Ал салмағы 1 тонна болады. Өмір бойы қар мен мұздың үстінде жүретіндіктен бүкіл денесі, табанына дейін жүн басқан. Арктикада, солтүстік полюсте де өмір сүреді. Балықтармен, теңіз жәндіктерімен күн көреді. Оның жүнінің ақтығы соншалықты, тіпті қардан ажырата алмайсың. Ешкімге көрінбеу үшін кейде қап-қара тұмсығын да алдыңғы аяғымен жауып алады.
Ақ аюдың иіс сезу қабілеті керемет. Ол тіпті 20-30 шақырымдағы «тамағының» исін сезіп қояды. Ол ешкімнен қорықпайды. Үйткені оған ешкімнің шамасы жетпейді. Оның ең басты жауы – адам.
Адам болғанда да жай адам емес, қолында қаруы бар адам. Терісінің өте бағалылығына бола оны екі аяқты жыртқыштар қырып болды. Қазір аз қалған.
Климаттың жылынуы оларға да оңай болып тұрған жоқ. Өйткені олар тамақтарын мұздың үстінде жүріп табады. Ал мұз еріп кетсе, ол қайтып оралғанға дейін айлар бойы аш жүреді. Тіпті, қатты ашыққан ақ аюлардың бір-бірін жеген оқиғалары да кездескен.
Ақ аю осыншама үлкен бола тұра оның баласы туған кезде бар болғаны 500 грамм ғана тартады. Тез салмақ ала бастайды да 2 айда 10 килограмға жетеді.
Жер бетіндегі ең алып жыртқышқа тамағын тауып жеу үшін мұз керек. Мұз үстінде жүріп ол тюленьдерді ұстайды. Ал арктиканың мұзы жыл сайын 1 пайызға қысқарып келе жатқанын еске алсақ, ертеңгі күндері не болатыны белгісіз.
Баяғыда адамдардың біреудің өте алысқа кеткенін білдіргісі келсе «ит жеккен жаққа кетіпті» деп айтатынын талай естігенмін.
Енді міне, сол «ит жеккен жақта» өзім жүрмін.
Негізі итті шанаға жылқы, бұғы шыдап бере алмайтын немесе олар жейтін шөбі жоқ жерлердің адамдары жегеді. Ресейдің солтүстік Сібірінде, Якутияда, Аляскада, Шпицбергенде, Канада мен тағы бір-екі жерде осылай істейді.
Солтүстік полюсті де, оңтүстік полюсті де бағындыру кезінде иттер көп пайдаланылған.
Ғарышқа да ең бірінші ұшқан – ит.
Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Өйткені ол иесіне адал. Адамның малын, дүниесін күзетеді. Ал төбет, тазы деген иттер туралы неше түрлі аңыздар бар. Бұрын серілерде тұлпар ат, қыран құс, жүйрік ит болмаса оған ешкім сері деп қарамаған. Ал қасқыр алатын иттер ән-жырға қосылып мадақталған.
«Ит жанды» деп өте төзімді, шыдамды, қырық жаны бар адамды айтады.
Әлеуіт ит жеккен шанамен ызғытып жүріп, талай жерді көрсетті. Негізі шегі-шеті жоқ, қар жамылған аппақ дала секілді болғанымен таулар, қыраттар бар, жағалауда талдар, сирек болса да өсімдіктер кездеседі. Бұғылар, қойлар жайылып жүргенін көзім шалды. Ақ қар, көк мұздан тұратын үңгірлерде де болдық. Аю аттық. Ақ аюдың терісі қымбат тұрады. Оны аулауға тыйым салынса да эскимостар ретін табады. Қар, мұз басқан айдалада кім-кімді аңдып жүр дейсің?
– Сенің түрің бізге ұқсайды. Солтүстік халықтарының барлығының да түрлері ұқсас. Сенің ата-бабаларың да біз жақтан болар? – деп сұрайды Әлеуіт.
– Дәл айта алмаймын, – деймін мен.
– ?
– Бірақ мен өз халқым қазіргі тұрып жатқан жеріне Сібірден, атап айтқанда Байкал жақтан келген секілді деп ойлаймын. Ол жақтың халқы да қазақтарға ұқсас. Түрлері, жейтін тамақтарына дейін бірдей. Киіз үйлері, оюлары да бірдей. Тәңіршілдіктің қалдықтары бізде әлі күнге дейін бар. Олар құртты да біз секілді құрт деп атайды. Жылқы жейді. Қымыз ішеді. Дариға атты қыздары бар. Тарбағатай деген жер де бар ол жақта. Біз секілді мал бағады. Басқа қандай дәлел керек, – деймін мен.
– Иә, – дейді ол.
– Бүкіл қазақ болмаса да екі-үш рудың сол жақтан келгені анық.
– Айттым ғой, сондай бірдеңе бар, – дейді ол.
Енді ол маған өзінің туысы секілді қарай бастайды.
Бірде ит жегіп ызғытып жүріп айдалада, теңіздің жағасында отырған эскимостардың тұрағына келдік. Теңіздің жағасы мұз бен қардан бос. Табиғаты тундраны еске салады. Оншақты үй. Олар ұзын ағаштардың бастарын бір-біріне тигізе байлайды екен де үстін қасқыр, аю терілерімен жауып тастайды.
Тастан, ағаштан қаланған үйлер де бар. Ортада пеш жанып тұр. Жып-жылы. Морждың етін беріп, шикі балықпен қонақ етті. Түнде әйел-еркектің барлығы араласып жата береді. Ақкөңіл жандар. Бала аз.
Солтүстікте адам баласының өсіп-өнбейтіні неліктен екен деп ойладым. Солтүстікті мекендейтін қай халықты алып қарасаң да селдіреп қалған. Ненецтер, чукчалар, хантылар, сахалар, эскимостар. Барлығы да аз халық. Ыстық жаққа қарай адам көбейе береді. Бір Үндістанның өзінде халық саны миллиардтан асып кетті. Қытайда да солай. Пәкстан, Бангладеш, Малайзия, Индонезия, Иран, Түркияда да осындай жағдай. Ал соншама жерде бұл жақта бір миллионға да жетпейтін адам тұрады.
Қазақтар да әупірімдеп әзер көбейіп келеді. Бұған ашаршылық, соғыстың тигізген зияны көп болды. Ал қазір жігіттер аз, қыздар көп. Қаншама әйел баласы тұрмыс құрып, бала сүйе алмай жүр. Обал. Амалсыз шетелдіктердің етегінен ұстап жатқандар да бар. Енді олар арабты, түрікті, қытайды көбейтетін болады. Қазақты емес. Біздің кең-байтақ жерімізде ең аз дегенде 40 миллион қазақ болса ғой, шіркін!
Таңертең киттің етін жедік.
– Бұл жақтың климаты қатал. Өмір сүру қиын. Жылы жақтарға көшу туралы ойламадыңыз ба? – деп сұраймын отағасынан.
– Біз жылы жақта өмір сүре алмаймыз. Ата-бабам бұрыннан осылай өмір сүрген. Мен де, менің балам да осылай өмір сүретін болады. Кит, морж, бұғының еті – біздің тамағымыз. Олар болмаса біз өмір сүре алмаймыз. Ақ қар, көк мұзсыз қалай эскимос болуға болады?
– Бұныңыз дұрыс, – деймін мен.
– Бізге осы өмір ұнайды, – дейді ол.
– Мен Данияда оқыдым. Жоғары білім алдым. Маған ол өмір ұнамады. Қазіргі заманғы қалалар адамды құртады. Бетон үйлер, шыны терезелер, жердің өзі қап-қатты. Қаптаған машиналар. Тынысың тарылады. Кеңістік жоқ. Өмірдің демі сезілмейді. Адам табиғаттың бір бөлшегі. Ол қоршаған ортамен етене араласып, өмір сүруі тиіс. Мал бағып, балық аулап, құс атып, кең даланың суығына тоңып, желіне қақталып жүрмегеннен кейін оның несі өмір, – дейді ол.
Есіме дәл осылай істеген бір қазақ жігіті түсті. Ол туралы елде жүргенде тв-дан көрген едім. Ол да осы эскимос секілді бала кезінде далада өскен. Мойынқұмның ыстық құмын табанымен басып, күніне күйіп, жерін сүйіп өскен. Ер жетіп, оқу оқып, кәсіп ашып, байып, Лондонға көшкен. Ол жақта бес-алты жыл тұрғаннан кейін бәрін сатып, жақсы жұмысын, қызметін тастап, туған жеріне көшіп келген.
Қазір сол баяғы туған жерінде, Мойынқұмда үйір-үйір жылқы, табын сиыр, бір отар қой ұстайды. Атқа мініп жүреді. Шапан киіп алған. Ішкені қымыз, айран, жегені қазы-қарта, құрт. Төбет иттер асырайды.
– Сіз басқа жұрттар армандайтын биікке шықтыңыз. Соның бәрін қалай қиып тастадыңыз? – деп сұрақ қойды журналист.
– Мен бұрын өзімді шынында да арманыма жеттім деп ойлап келіппін. Бірақ мен ол өмірге көндіге алмадым. Жатсам-тұрсам есімнен туған жерім, балалық шағым өткен кең далам кетпеді. Бір күні бәріне қолымды бір-ақ сермедім. Арманыма мен енді ғана жеттім, – деп жауап берді ол.
Сол кезде мен де ойланып қалған болатынмын. Кімге болсын өзінің туған жері, өскен мекені ыстық.
Бірде солтүстік шұғыласын көрдім.
Аспанды қызылды-жасылды, сап-сары-көкпеңкөк от жайлап алды. Билейді-ай келіп неше түрлі түске айналып. Біресе ұзарып, біресе кішірейеді. Тозақ оттары жанып жатқан секілді. Әлде жұмақтың жарығы ма?
Алла тағала ұзаққа созылатын полярлық түнде бұл жерде не болып жатыр деп сіріңкесін жағып, қарайды ма екен?
Не нәрсені болмасын ең алғаш көргенде қатты әсер аласың. Сондықтан қызықтап, көбірек қарап қаламын. Ал эскимос досым басын бұрып қарамайды да. Тамағын ішіп алып, ұйықтайды да жатады.

ЖЕРДІҢ ЕКІНШІ ШЕТІ немесе ҚАЙРАН ДҮНИЕ-АЙ ДЕСЕЙШІ!

Эскимостар морж, кит аулайды. Халықаралық ұйымдар оларды аулауға ұлттық тағамдары болған соң тыйым салмаған.
Осындай бір кит аулау сапарына мен де бардым.
Көк кит – әлемдегі ең үлкен сүт коректі. Оның ұзындығы кейде 33 метрге жетеді. Ал салмағы 150 тоннадан асады. Көз алдыңызға 2500 адамды келтіріп көріңізші. Міне, осыншама адамның салмағы 1 киттің ғана салмағы. Ол африкалық пілден 30 есе үлкен.
Осыншама денені ұстап тұру үшін оған күніне 1 миллион калория керек. Тілінің қалыңдығы 3 метрге жетеді. Ал салмағы бір пілдей.
Ал жүрегі туралы айтайын ба? Оны тек өз көзіңмен көру керек!
Бұрын Арктикада 250 мыңдай кит болған екен. Қазір 10 мыңдайы ғана қалыпты. Негізі киттер бұрын құрлық жануары болған деген де сөз бар. Оған дәлел – сойғанда қолтығынан аяққа ұқсайтын мүшені көруге болады.
Көк кит барлық мұхиттарда жүзіп жүре береді. Мұхит деген оған шағын бір көл секілді. Бұл жаққа қыс түсіп, су қатқанда жылы жаққа қарай кетіп төрт айға дейін ештеңе жемей жүре алады.
Киттер бір-бірімен «сөйлеседі». Олардың шығарған дыбыстарын 2000 шақырымда жүрген бауырлары естіп, көмекке келеді.
Бірде мен, оншақты эскимос екі-үш үлкен қайықпен ашық теңізге шықтық. Күн ашық. Теңіз тыныш болды. Жағалаудан ұзап кеттік. Бір айдай жүздік. Бір уақытта алдымыздан мұз басқан жер көрінді. Бұл АРКТИКА еді. СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТЫ. Соған дейін келдік. Есіме Антарктида түсті. Енді, міне, жердің екінші шетіне шығып кетіппін. Қайран дүние-ай десейші! Қайда шырқап кеткенмін!
Бұл жерде уақыт тоқтап тұрады. Күн, түн деген жоқ бұл жақта. Таң, түс, кеш деген де жоқ. Күн бір орында тұра береді. Уақыт – жоқ!
Осылайша жүзіп отырып, кетіп бара жатқан киттер шоғырын аңдыдық. Көрсек, қуып жетіп алмақпыз. Жетіп алсақ бастары үшкір, темір найзаларымызды денелеріне дәлдеп атпақпыз. Найзаның екінші шеті арқанмен қайыққа байланып тұрады.
Жүзіп-жүзіп әбден күдерімізді үзе бастағанда қайықтың еденіне құлағын қойып тың тыңдап отырған эскимос бірдеңе деп, қуана түрегелді. Келе жатыр, келе жатыр деді ол қуана.
Киттердің шығарған дыбысын осылайша естіп қойды. Қай жақта екенін де дәл анықтады. Қол сілтеген жағына тез-тез жүзіп бердік. Бір уақытта алыстан бес-алты мақұлық көрінді. Қыр-қыр етіп, фонтандарын атқылап барады. Қуып жетіп алдық. Кішіректеу келген біреуімен қатарласа бере үшкір найзаларымызды дәлдеп лақтырдық. Біреуіміздікі дәл тиді. Киттің шыңғырған дауысы шықты. Байғұс аласұрып, тулай бастады. Судан атып шығып, қайта құлағанда таудай толқындар пайда болды. Кайығымыз аударылып кетуге сәл-ақ қалады. Маңайдың бәрі қып-қызыл қан болып барады. Кит жайдан жай беріле салмайды. Кімге болсын жан тәтті емес пе?
Киттің артынан қуа бердік. Ақыры бір жерге келгенде кит те әлсірей бастады. Қаны азайып, күші кетіп, жан тапсырды. Бірден жанына бара алмадық. Бірнешеуі қоршап алып, кетпей тұрып алды. Тұмсықтарымен түртіп-түртіп қояды. Жүрсейші, не болды саған дейтін секілді. Ақыры күдерлерін үзді-ау деймін, біртүрлі дыбыстарын шығарып, әрі қарай жүзіп кетті.
Қайықтарымызға байлап, сүйретіп алып келдік. Жағаға алып келгенде таудай болып жатты. «Дүниедегі ең үлкен мақұлық – балық» деп ата-бабаларымыз көрмесе де, қалай дұрыс айтқан.
Китті тезірек сойып алмасаң ол быршып, саси бастайды. Денесіне жиналған газдар кішігірім жарылыс та жасайды. Сондықтан оны тез бөлшектеп, сойдық. Жиырма-отыз адам бір жұма жүрдік. Ет тау-тау болып үйіліп қалды. Бір ауылды бір жыл асырайтын ет шықты. Міне, молшылық қайда жатыр? Тамақ көп, қарын тоқ, уайым жоқ.
Енді эскимос құтырмағанда, кім құтырады?

ҚОШ БОЛ, ӘЛЕУІТ!

Көп кешікпей кететін күн де туды.
Бір күні қонақ үйдегі нөмірімде шаршап келіп, ұйықтайын деп жатқанмын. Күні бойы қонақ үйдің алдындағы қарды күредім. Біреу жүгіріп келіп есікті қатты-қатты дүрсілдетіп ұра бастады. Не боп қалды екен деп, зәрем қалмады. Жылдам барып есікті аштым. Эскимос досым тұр. Шала мас.
– Улустар келді, улустар, – деді ол.
Қуанып кеттім.
«Улус» дегені орыс екенін бірден түсіндім.
Екеуіміз жүгіріп, түнгі барға бардық. Орысша сөйлесіп жүрген матростар көзіме оттай басылды. Амандасып, таныстым. Қонақ еттім. Біраз іштік. Ішкен адамның көңілді болып кететіні белгілі. Бір-бірімізді құшақтап, «Катюша»-ға бастық:

Расцветали яблони и груши,
Поплыли туманы над рекой.
Выходила на берег Катюша,
На высокий берег на крутой…
Жағдайымды айтуға ұрымтал сәтті күтіп отырмын.
– Бұл жақта не қылып жүрген жансың? – деп сұрар, сол кезде айтармын деп ойлап қойғанмын. Ақыры, менің жағдайымды сұрай бастады.
– Елден жырақта жүрген бейбақ едім, құжаттарым жоқ, Қазақстаннан келдім, – дедім.
– О, біздің жақтан екенсің ғой, – деді олар.
– Мені ала кетіңіздерші, ақша керек болса төлеймін, – дедім.
Ақша дегенге елең ете қалды.
– Жарайды, командирге айтып көрейік, біраздан кейін шығамыз, бізбен бірге жүр, – деді біреуі.
Бір Андрей деген матрос жерлесім болып шықты. Қазақстанда дүниеге келген екен. Павлодарда. Кішкентай кезінде әке-шешелері Ресейге қоныс аударыпты. Менен ананы-мынаны сұрады, жауап бердім. Сенді.
Туған жерін сағынатын секілді, бір көрсем деп армандайды-ау деймін. Онысын ашық айтпайды.
Екеуіміз бір-бірімізді «жерлес» деп атап кеттік.
Эскимосты жақсылап бір суардым. Ол менімен қатты-қатты құшақтасып, қоштасты.
– Жолың болсын, – деді.
– Рахмет, – деп көзіме жас келіп, қимай қоштастым.

СҮҢГУІР ҚАЙЫҚ

Сүңгуір қайықтың дөңгелек терезесінен сыртқа қарасаң тек қана суды көресің. Анда-санда балықтарды көзім шалып қалады. Мені ешқайда шықпайсың деп шеттегі бір бөлмеге қамап тастады. Сүңгуір қайық әскери құпия нысан болып саналады. Жарғы бойынша оған бөтен ешкімді кіргізуге де, бортына алуға да болмайды. Жасыл қағаздың күші мықты. Жасыл қағаз бүкіл әлемді жүргізіп, тұрғызып тұр емес пе?
Кішкентай, тар бөлмелер. Іштері пысқан матростар. Оларға басымнан кешкендерімді айтамын. Қызығып тыңдайды. Бірақ ешқайсысы сенбейді.
– «Ну, ты даешь, казах», – деп бастарын шайқайды. Айта түссе екен деген ойларын көздерінен ұғамын. Оларды да түсінуге болады. Әңгіме тыңдаудан басқа ермек жоқ. Бір жағынан мені тыңдап, уақыт өткізгендеріне де мәз болатын секілді.
Бұрын сүңгуір қайықтың қалай су астына бататынына түсінбейтін едім. Сөйтсем, ол су бетіне шығарда ішке сорып алған суын далаға айдап шығарады екен де, су астына батарда қайтадан ішіне су сорып алады екен. Судың салмағымен осылайша суға батады.
Капитан жігіт сақа, әскерде қызмет еткеніне жиырма бес жыл болып қалған тәжірибелі, ысылған, беделді офицер. Солдаттар айтқанын екі етпейді.
Далада түн бе, күн бе, айыра алмайсың. Сағат күндізгі үшті көрсетіп тұр ма, түнгі үшті көрсетіп тұр ма, оны да ұға алмайсың. Су бетіне шығуға орталықтан рұқсат болмаса, тағы болмайды.
Сенің қай жерде жүргеніңді дұшпан білмеуі керек. Мүмкін, Вашингтонның дәл қасында тұрған шығармыз, мүмкін Лондонның?
Оны капитан ғана біледі.
Матростармен әңгіме дүкен таусылып, тар бөлмеде, жалғыздан жалғыз ішім пысып ойға беріліп жатамын. Есіме әжем түседі. Жүзден асып қайтқан әжем соңғы жиырма жылында үйден шыққан емес. Бір бөлмеде намазын оқып, таспиғын тартып отыра беретін. Тв көрмейді, радио тыңдамайды. Қалай іші пысып, жынданып кетпеген?
Кейде бой жазсын деп домбырамды қағып-қағып жіберіп, ән айтып беремін. Сәл сергігендей болады.
Матрос Андрей мені «жерлес» деп жаны ашып жүреді. Тамақ әкеліп береді. Шай ішкім келсе айта қоямын, әп сәтте жеткізеді.
Менен Қазақстан туралы көп білгісі келеді. Ананы-мынаны сұрайды. Білгенімше айтып беремін.
– Қазақша сөйлеңізші, – деп сұрайды.
– Қазақстан кең-байтақ ел. Халқы да жақсы. Жомарт, мәрт. Бай. Елімді сағындым, енді ұқтың ба? – деймін.
Бәрібір мені ешкім түсініп жатқан жоқ қой. Ойыма не келсе соны айта беремін.
– Не дедіңіз? – дейді.
– Сен жақсы жігітсің. Қазақ пен орыс ғасырлар бойы көрші болып келе жатқан халық. Тамырмыз, – деймін.
– Иә, иә, – деп мәз болады.
– Қазақстанға кел, – деймін. Туған жер ыстық болады.
– Келемін. Өзім де туған жерімді бір көргім келіп жүр. Армиядан босаған соң міндетті түрде барамын, – дейді. Менің адресімді жазып алды.
–Енді ән айтыңызшы, – деп сұрайды.
Бала кезімді қазақтың барлық әндерін жаттап алуға тырысатынмын. Кейін домбыра үйрендік. Ән айтатын болдық. Бірақ жасыңа жас қосылған сайын, күнделікті тірлік ақырын-ақырын барлығын да ұмыттыра бастайды. Сонда да болса тасқа қашап жазғандай миыңның бір түкпірінде мәңгі өшпес болып жазылып қалатын әндер болады.
Соның бірі Сәкеннің «Тау ішінде» әні:

Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.

Қайырмасы:
Ақ боз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің….
Екі қолымды сәл көтеріп, опера айтып тұрған адамдай болып, шырқай жөнелемін. Жауынгерлер ән тыңдауға жинала қалады. Капитан да келеді.
«Браво, хорошо поете, еще давайте» деген дауыстарды естимін.
Канаданың солтүстігі арқылы жүздік. Солтүстік магниттік полюсінен өттік. Беринг бұғазы да артта қалды. Камчаткадағы Петропавлда су бетіне шықтық. Осында түсіріп кетті…

ҚИЫР ШЫҒЫС ҚЫЗЫҚТАРЫ

Камчатка – Қиыр Шығыс. Күн суық. Охот теңізі буырқанып жатады.
Ресейдің осы өлкесі әлі адам аяғы баспаған, тамаша жер, табиғаты керемет әдемі, вулкандар елі. 140 жанартау бар. Оның 30-ы лапылдап жанып, аспанға отын шашып жатыр. Сұйық лава атқылағанда 300 метрге дейін жетеді. Еуразиядағы ең биік жанартау – Ключевская Сопка осы жерде. Ол соңғы 300 жылда 55 рет атқылапты.
Таудың басынан пештің мұржасынан шыққан секілді түтін шығып жатыр. Анда-санда бірдеңе гүр ете қалады.
Камчаткада гейзерлер көп. Табиғи ыстық сулар фонтаны әлемде үш-ақ жерде бар. АҚШ-та, Исландияда, сосын осы жерде. Жер астынан ыстық сулар атқылағанда 40 метрге дейін жетеді.
Балық аулап жүрген аюларды да көптеп кездестіруге болады.
Бұл жақта өзбектер, қырғыздар жүр. Мені бірден қатарларына қосып алды. Құрылыста істеп, біраз ақша таптым.
Бір байдың коттеджін салдық. Қожайын ірі денелі, семіз орыс. Қалалық әкімшілікте істейді. Сондықтан милиция тексеріп, мазамызды алмайды.
Жұмыс көп. Бірақ жергілікті орыстар жұмыс істегеннен көрі арақ ішіп, бос сандалып жүргенді ұнатады. Байларды жек көреді. Олардың бәрін ұры, арам көреді. Үйлерін өртеп те жібереді.
Олардың ойларынша, барлық адамдар бірдей тұруы керек. Ешкім ешкімнен артық емес. Сыйлағанның құлы бол. Арақ құйды ма, іш. Әйтпесе сен мені сыйламағандығың. Өздері таң атпай мас болып жүреді.
– Сендердің жүрмейтін жерлерің жоқ екен, – деймін қырғыз жігітіне. – Австралияда бір қырғызды көрдім, Оңтүстік Америкада бір қырғыз қалды. Сен жүрсің мына жақта.
Аты – Манас.
– Оу, қырғыз, Кенесарының басы қайда? – деп тиісем кейде.
– Мен қайдан білейін? – дейді.
Кейде ән айтады. Алыстағы елі, туған жері еске түсіп, сағынып, сарғайып жүр-ау деп ойлаймын. Дауысы жақсы-ақ. Көз жасын бір сығып алады. Көңілімде біраз жатталып қалыпты:

Асыл бер тұқым мінген ең,
Салқын төрт тшай болұп жүргенің.
Еріктің джылқы қайтарып па,
Қайдасың келчей сүйгөнүм.

Мен джылқышы сен чапан,
Айтатын асым бар саған.
Шаныма неге келмейсің-ай,
Арманың болсам аңсаған.

Не едіңдей осы жайлауың,
Шоқ екен батыл байламың.
Сыртымнан ойнай бергеніңше,
Батылдау болсай бойдағың.

Мен болсам егер арманың-ай,
Түспейді неге қармағың.
Келіп пе ең джылқы қайтарып па,
Қайдасың келчей сүйгөнүм.

Бұл жаққа келерден бұрын Мәскеуде жұмыс істепті. Бұл жақта ақшаны көбірек төлейді деген соң осында келген. Ай сайын еліне ақша салып тұрады. Бұндағы отбасын да асырап отыр.
– Бұнда екінші әйелің барын бірінші әйелің біле ме?
– Жоқ. Кейіннен білетін болады. Алып барамын.
– Бәйбіше, тоқалдың ортасында жүрмексің ғой, қу неме?
– Енді не істейін. Жағдай осылай болды. Бір жөні болар, – дейді ол.
Өзбектің аты – Акрам. Демалыс күні барлығымыз демаламыз. Сол кезде өзбек бақыртып, өзбек әндерін қойып қояды. Сонда бір байқағаным, өзбек әндерінің екі сөзінің бірі «мехнет» болып келеді. Мехнет – еңбек деген сөз. Ала тақиясын киіп алып, ала шапанын жамылып алып, кетпенін арқалап жер қопарып жүрген дихан елестейді көз алдыма. Өзбек – еңбекқор халық. Ұлтарақтай жерде 30 миллион өзбекке күн көру оңай дейсің бе? Үйінің алдындағы алақандай жерден бала-шағасына жететін өнім алып, артығын базарға алып шығатын, жер емген халық. Көретіні тек өзбек сериялдары. Бас кезінде біртүрлі қарап жүрдім. Ақырын, ақырын қызығып, қарай бастайды екенсің. Бітпейтін сериалдар. Назар аударып, мұқият тыңдасаң, түсінесің:

Ҳар юракда бор экан бу дарду алам,
Мени эзиб қўйди бундай оғир ғам.
Кунлар санаб бўлди, юрак-бағрим қон,
Келмаганинг ёмон, кетганинг армон…

Тамақты жақсы істейді. Палаудың неше түрін жедік. Әйелді тамақ істеуге жолатпайды. Әйел істеген тамақты «харам» дейді.
Қырғыз бен қазақ ошақ басына жолауды намыс көреді. Тамақ істеу әйелдің міндеті деп санайды.
Қазақ әндерінде серілік, жастық шақ пен ғашықтық, махаббат көбірек жырланады. Тер төгіп еңбек еттім, бейнеттен белім қайысты демейді қазақ. Бұл оның жалқаулығы емес, өмір сүру дағдысы сондай.
Кең-байтақ жер де халықтың мінез-құлқында белгісін қалдырған. Қазақтың кең, ашық, жомарт болатыны да сондықтан. Басқа халықтарға қарағанда қазаққа күн көру оңай. Соғымын сойып алады да жарты жыл жатады. Жаз сүт, айран, қымыз. Ал Карл Маркс айтқандай «тұрмыс сананы билейді».
Көрші тұрған халықтар болсақ та айырмашылықтар бар. Енді бір 100 жыл, тіптен басқа халықтарға айналатын шығармыз.

ТҮРМЕ

Мен Отты жер аралында жүргенде күн Тынық мұхитына батып бара жататын. Бұл жерде күн Тынық мұхитынан шығып келе жатады. Бір күні барлығымыз қыдырып, теңіз жағасына бардық. Охот теңізі буырқанып, көбіктеніп жатыр екен. Жағада морждар жүр. Олар бір-біріне тығылып, жағада күні бойы күнге қыздырынып жата береді. Еркектері ұрғашыларын мұқият күзетеді. Гареміне басқа жақтан біреу келсе, өлгенше төбелесуі бар, қайтсе де қуып жібереді.
Түрлері де қызық. Аяқ біткен бір тонна май секілді. Ауыздарын айқара ашып, кеуделерімен бір-бірін әбден қан-қан болғанша соққылайды. Ұп-ұзын найзадай тістері кірш-кірш қадалады. Қан-жоса болады.
Тағы бірде тау жаққа бардық. Күрілдеп аққан өзендер, ағаш көп. Биік таулар да баршылық. Екі таудың бірінде жанартау атқылап жатады. Төменге қарай ағылған ып-ыстық лавалар көрінеді.
Ыстық гейзерлерге халық көп түседі. Жер астынан ып-ыстық болып атқылап жатқан гейзерлер дайын ванна. Әсіресе емдік қасиеттері көп дейді жұрт. Неше түрлі ауруларға ем.
Алыстан қоңыр аюлар көрінеді. Олар өзеннің ортасында тұрып алып, балық аулайды. Жазды пайдаланып, балыққа тойып, май жинап алмаса ұзаққа созылатын қыстан аман-есен шығуы екіталай.
Мен жақынырақ барып көремін деп аюға жем бола жаздадым. Қызығып кетіп, таяу барып, көргім келіп кетті. Тып-тыныш балық аулап жатқан аю бір уақытта мені көрді де бар күшімен маған қарай жүгіре жөнелсін. Әуелде қатты сасып қалдым. Не істеймін деп ойлап үлгергенше жаныма жақын келіп қалды. Енді тұра қашсам да жетіп алатын секілді. Айғай салып, қаша жөнелдім. Сол кезде ғана бір кісі ағаш арасынан атып шығып, аспанға мылтық атты. Аю шошып кетіп, ағаш арасына кіріп, жоқ болды.
Жергілікті орыстар бізге жақтырмай қарайды. Бұлар қайдан жүрген адамдар, шұбырып бұл жаққа келетіндей бастарына не күн туды екен деп ойлайтын секілді. Бірақ өздерінің де жетісіп тұрғандары шамалы. Еркек біткеннің барлығы алқаш. Әйелдері де олардан қалыспайды.
Отбасымды қалай асыраймын деп бас қатырмайтын, жұмыс істемейтін, арақтан басқа ештеңені ойламайтын орысқа тигенше, арақты ауыздарына алмайтын, жұмыс істейтін, отбасын асырайтын, қорғайтын азиятқа тигенім артық, – деді қырғыздың тоқалы Анна.
Анна – Мәскеудің қызы. Бірінші күйеуі араққа салынып кетіпті. Маған бала керегі жоқ деп тудырмапты. Манаспен базарда танысыпты.
– Ортаазиялықтарға екінші әйел болып тиіп жатқан орыс әйелдері көп, – дейді ол. Өзінің Манастан екі баласы бар.
Жергілікті халық азиятқа тиген әйелді кемсітіп, иттің етінен жек көреді. Бұндай әйелдің сыртынан неше түрлі боғауыз айтады.
Бірде үлкен төбелес болды. Жергілікті ұлтшылдар біздің бұл жерден табанымызды жалтыратуымызды талап етті. Біз де аз күш емеспіз. Келсең кел деп, қарсы шықтық. Бірнеше адам олардан да, біздерден де жарақат алды.
Олар бізді адам қатарына санамайды. Кемсітіп, қорлап сөйлейді. Неше түрлі балағат сөздерді айтады. Қашанғы шыдап жүре береміз.
Милиция қаптап кетті. Барлығымызды қамап тастады. Еліме енді жеттім-ау дегенде түрмеге түскенім жаныма қатты батты.
Түрмеде саған ешкім де осы адам баласы екен-ау деп қарамайды. Төрт кісіге арналған бөлмеде жиырма, жиырма бес адам жатамыз. Дем алуға ауа жоқ. Қапырық. Сасық. Өзіңе өзің ғана доссың. Әсіресе аузыңа сақ бол. Байқаусыз айтылған бір ауыз сөз өміріңе қауіп тудырады.
Түрмедегі орыстар біздерді, азияттарды қуана қарсы алды. Істейтін тірлік жоқ, еріккен, іштері пысқан. Енді жаңа әңгімелер, жаңа жаңалықтар естиді. Әлсіздерді қорлайды.
Бұл жерде неше түрлі адамдар отыр.
Бізден ананы-мынаны сұрайды. Бірдемені байқамай, ағат айтып қойсаң, қармаққа іліндің деген сөз. Өмір бойы артыңнан қалмайды. Тиісуге, ұруға, қорлауға себеп табыла кетеді. Біз бәріміз жұбымызды жазбай, бір-бірімізді тастамай, қорғап, қолдап жүрдік.
Осы өркениетті деген елдердің бәрінде де түрме бар. Онсыз болмайды да. Ондай елдерде олар үй секілді болады. Жинақы, таза, барлық жағдай жасалған. Ең бастысы сенің адамдық ар-намысыңа, абыройыңа ешкім нұқсан келтіріп, аяққа таптап қорлай алмайды.
Ресейде басқаша. Түрме – Сталин заманынан бері келе жатқан қылмыскерлердің ешбір өзгермеген ордасы.
Түрменің жазылмаған өз заңдары бар.
Бірде Сергей деген бір орыспен қатты шекістім. Жасы менімен қатарлас. Бұл жерде ол әйелін өлтіріп, денесін пышақпен бөлшектеп, лақтырып тастағандығы үшін отырған болып шықты. Бір қарағанда сондай зұлым екендігі байқалмайды.
– Бәрі де арақтың кесірі, – дейді ол. – Өзі де қанды ішетін еді. Тілі ұзын-ақ. Арақ іштік, ұрсыстық, әрі қарай не болғанын білмеймін деп ақталғысы келеді.
Сол мені өзіне қолбала қылып алмақ болды. Бір-екі рет адамгершілігім ұстап, айтқанын істей салғанмын. Енді байқасам, «ананы істе», «мынаны әкелі» көбейіп барады.
– «Ей, Серега, ты что? Меня пацаном считаешь, что ли? Кончай, давай», – деп ескерттім. Жоқ, қоймайды.
Енді бірде «Ей, казах, ты что, крутой, что ли? Чай принеси мне», – дейді.
«Өй, әкеңнің…!»
Жыным бұлай ұстамас. Жанына жетіп бардым. Барған бойда отырған жерінен көтеріп алып, басыммен маңқасынан бір салдым. Қан бұрқ ете қалды. Сүмелек.
Ешкім араласпады. Қан-жоса қылып тепкіледім. Енді менен басқалары да аяқтарын тарта жүретін болды.
Бұл жерде күшті ғана сыйлайды. Күшті болсаң сыйлайды, әлсіз болсаң ерттеп, мініп алады.
Александр Солженицын түрме, айдауды, тұтқынның халын «Архипелаг ГУЛАГ» кітабында өте нанымды суреттеген. Өйткені ол бұның бәрін өз басынан өткерген. Бірақ одан бері 50 жыл өтсе де сол өмір бір мысқалға да өзгермепті. Біз бұл жерде ұзақ болған жоқпыз. Сондықтан көбірек ештеңе айта алмаймын.
Совет Одағындағы барлық атақты қылмыскерлер отырған атышулы Магадан, Анадырь осы жақта. «Халық жауы» деген жаламен сотталғандар да осы жаққа жер аударылған.
Кезінде «Қазақтың атақты ақыны Мағжанның сүйегі Магаданда жатыр екен, бұл туралы онымен бірге айдауда болған бір шал айтты» деген қауесет те шыққан болатын. Біреулер іздеп барған да еді. Шалың алжый бастады ма екен? Әлде шын ба?
«Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» дейді ғой «білетіндер». Ақырын-ақырын бұл жерге де көз үйрете бастадық.
Басымызға іс түскенде ғана құдайымызды еске алатын халық емеспіз бе, оған да жалынып, жалбарынып қоямын.
Кейде есіме Мәди ақынның әні түсіп кетеді:
Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жаман-жақсы толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.
Гик-кай, гик-кай,
ги-ги-ги-ги-гик-кай-ай…
Қой, бүйтіп жата бергенше бір әрекет жасап көрейін деп шештім. Бір күні әжетханаға бардым. Оған да жалғыз жібермейді. Қарауыл ілесіп барады.
– Бізді шығар. Біздің жазығымыз жоқ. Сұрағаныңды береміз, – дедім сержантқа. Ол түріме бір қарады да кетіп қалды. Бастығына жеткізетін шығар деп мен жүрмін…
Менің сеніп отырғаным, Гренландияда қайықты сатқаннан түскен ақшаның 1000 долларын сол жерде-ақ кафе, ресторандарда құртқан болатынмын. Жергілікті эскимостардың барлығын армансыз суардым. Жылы киім алдым. Мырза, бай жан атандым. 1000 долларды сүңгуір қайықтың капитанына бердім. Енді 1000 доллар қалған болатын. Соны бердім.
Барлығымызды босатып қоя берді.

ҰШАҚ

Бірақ барлығы бірдей парақор, шовинист емес, әйтеуір. Құдай деген адамдар да бар.
Менің бір түсінгенім барлық жерде де, егер де жағдайыңды дұрыстап айтсаң, қол ұшын беретін адамдар табылады. Бұл жерге ұшақ аптасына бір-ақ рет келеді екен. Мәскеуден Омбы, Якутск арқылы жетеді.
Қайтарда да сол маршрут.
Ақшам бар. Бар қауіпім – құжатымның жоқтығы. Құжатсыз сен барлық жерде де ешкім емес екеніңді баяғыдан білемін. Әсіресе құжатсыз ұшаққа ешкім де отырғызбайды. Пойызға жолсерікпен келісіп отырарсың-ау, ұшаққа отыра алмайсың. Ал бұл жаққа пойыз да, жеңіл машина да келмейді. Владивостокқа кеме қатынайды. Жолды ұзартып, уақытты жоғалтып нем бар?
Кетерімде жерлестерім бірі қалмай шығарып салды.
Әуежайда ұшқышты аңдып жүрмін. Бір уақытта келді-ау. Жүгіріп бардым.
– «Қазақстаннанмын, осы жаққа қонаққа келіп едім, құжаттарымды жоғалтып алдым. Мені Омбыға дейін ала кетіңізші, ақшасын төлеймін», – деп едім, келісе кетті.
– Жарайды, біраз жүктер бар, соны артуға көмектесесің, – деді.
Қуанып кеттім. Қанша ауыр жүк болса да көтеруге мен дайынмын.
Ұшақ Якутскіге қарай ұшып келе жатыр.
Осы жерде менің есімді қатты шығарған бір оқиға болды.
Кресломда жайғасып алып, көңілім орнына түсіп, отырғанмын. Стюар­десса келді жаныма.
– Сізді ұшқыш шақырып жатыр, – деді.
Неге шақырды екен? Әлде берген ақшам аз болып қалды ма екен деген неше түрлі ойлар келіп кетті басыма ұшқыштың кабинасына жеткенше.
Есікті ашып, кіріп келсем ұшқыштар арақ ішіп отыр. Мәссаған. Зәрем ұшты. Қорқып кеттім.
Менің түрім бұзылып кеткенін байқады.
– «Ау, казах не бойся, сейчас все самолеты летают по автопилоту», – деді.
Сол кезде ғана жүрегім орнына түсейін деді.
– Мынаған қалайсың? – деді иегімен бір жартыны көрсетіп.
– Құй, – дедім.
Қырлы стақанды шөлпілдетіп толтырып құйып берді. Қағып салдым. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.
Қисалаңдап барып, орныма отырдым. Басыма небір тәтті ойлар келіп, қиялдап жатып ұйықтап кетіппін…

БУРАБАЙДАН ӨТКЕНДЕ, АҚКӨЛГЕ ЖЕТКЕНДЕ…

«Уважаемые пассажиры! Пристегните ремни. Наш самолет приземляется в аэропорт Омска» деген стюардессаның дауысы жүрегімді тулатып жіберді.
Омбыны аралап көрдім.
Омбыда Астананың машиналары қаптап жүр. Бір қазақпен сөйлесіп едім, ала кететін болды. Оған өткен өмірімді айтып, басын қатырып қайтемін, бәрібір сенбейді. Құжаттарымды, ақшамды жоғалтып алдым дедім.
Қазақстанға кіргеннен көңілім көтеріліп, жүрегім дүрс-дүрс етіп, қатты қуандым. Көзімнен жас пора-пора ағып келеді. Жүргізуші жігіт мынаның есі дұрыс па дегендей маған қарап-қарап қояды.
Ол ештеңені де білмейді ғой…
Солтүстік Қазақстан, ақ қайыңдар, Бурабайдан өткенде, Ақкөлге жеткенде, бір жасап қаламын. Жол теп-тегіс. Автобан. Көңілім құстай ұшып келеді. Өйтпей ше? Елімді, жерімді сағындым. Балаларымды, жарымды сағындым. Барлығын сағындым!!!
Алыстан Астана көрінді….
Осылайша әлемді айналып шыққан тұңғыш қазақ ретінде елге келдім.
Алты құрлықта, төрт мұхитта болыппын!
Жан ұшырып үйге жеттім, есік қақтым. Жүрегім дүрс-дүрс етеді. Сақал-шашым өскен. Өзім ап-арықпын. Мені танымай да қоюы мүмкін-ау деп ойлап қоямын. Әйелім ашты есікті. Ол мені көргенде ес-түссіз құлап түсті…
Кейіннен білгенім, менен баяғыда-ақ күдерлерін үзіп, жаназамды оқып, денемді жер қойнына «тапсырып» қойыпты.
Ұлым үйленіп, қызғалдақтай қызым тұрмыс құрыпты.
Мен келді деп барлық туыс-туған, дос-жарандар жиналды.
Бір уақытта алыстан аңыраған бір дауыс естілді. Шешемнің дауысы екенін бірден таныдым. Біздің үйге келе жатқанын да бірден сездім. Жылдам басып барып есікті аштым. Шешем! Есіктің алдында анам тұр еді! Ағам мен інім екі қолтығынан демеп алыпты. Әзер жүріп келеді. Шаршағаны, қажығаны білінеді. Қартайыпты. Жылап келеді. Ол кірген бойда жас балаша мойнына асыла кеттім. Ерекше бір иіс, жұмақтың исі, анамның иісі тұла бойыма тарап, буын-буынымды босатып бара жатты….
Үйге кірді. Таяғын қабырғаға сүйеп қойды. Орындыққа отырды.
Сосын бүй деді:
Тағдыры қиын құлыным,
Не болып кеткен тұлымың?
Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген,
Тұяғы едің ұлының.

Тағдыры қиын құлыным,
Қадірін білмеген сұлының.
Қазақтың кең даласы жетпеді ме?
Австралияда нең бар еді, құлыным?!

Тағдыры қиын құлыным,
Үзіліп кетті-ау жұлыным.
Көзімнің жанған шырағы ең,
Жалғыз-ақ күнде құрыдың,
Австралияда нең бар еді, құлыным?!
– Австралияда нең бар еді, құлыным? – деп шешем жылағанда, жиналған жұрттың бәрі қоса егілді…

Пікір қалдыру