Мақсат Әлсейітов
Қазақстан
Тамырымда маздап тұрған шоқ қаным,
Күлге айналып, күлгін тартып өшкенше;
Мұзға айналып лапылдаған от тәнім —
Біздің дәурен ауған бұлттай көшкенше;
Ажыраспасқа анттасқандай қос ғашық,
Құшақтасып құлағанша кірпігім.
Алау жүрек тауысқанша от шашып —
Жанып біткен бір талындай шырпының.
Шорт үзіліп… ғайып болып лебізім,
Түнге сіңген жұлдыздай боп аққанша;
Екі айрылып жан менен тән егізім,
Бет-бетіне лаққанша;
Топырағыңа бағыш етіп тәнімді,
Құшағыңа жатқанша;
Жұлдыз қылып жарқыраған жанымды,
Аспаныңа жаққанша –
Жанарымнан көз жас емес сел төгіп,
Сен шақырсаң құстай ұшып жетермін.
Көктемдегі найзағайдай өртеніп,
Қазақстан, Сені сүйіп өтермін!
Қазақ
Диірмен тағдыр жіберуге ұнтақтап
тырысса да…
Жаратушым кіл сақтап,
Бүтін қалпың сақталумен келеді, –
Тас тағдырды жарып шығып гүл қаптап
Тас диірменнен бүтін шыққан езілмей,
Жер үстінде халық бар ма Өзіңдей!?
Күн жесе де,
Түн жесе де,
Өшпедің
Тасқа жазған машайықтың сөзіндей.
Жығылмадың алай-дүлей дауылда,
Шыдас бердің жүз жыл жауған жауынға.
Қасарыстың –
Қан алысып, қан бердің
Жер үстінде бүтін болып қалуға…
Тас диірменге езілмеген Асылмын,
Тасты қашап жарқылдаған Жасынмын…
Заман Әже диірменіңді тартпа енді
Тарихтың қойнауына жасырғын!
Қос жанар
Алатаудың қос жанары:
Қазағым мен қырғызым.
Қос қарылғаш секілді
Бір ұядан бірге ұшады ұл-қызың.
Менің де анам көкті емізген шың-құздарың – үрпі ұзын,
Сенің де анаң менің далам-қырмызым.
Түу алысты көре алады,
Бір нүктеге қадалады
Алатаудың қос жанары:
Қазағым мен қырғызым.
***
Біз Сақтармыз,
Қырғыз да сақ, Мен де сақ,
Ызғарлардан болмайды сақ болмасақ!
Бір денемнің екі иығын жылытар,
Алатауым алып ала тонға ұсап.
Көкірегіме шемен толды, шер толды,
Көзден аққан жасым ыстық көл болды.
Сақтанайын, сақ болайын мен енді,
Таптатпайын табандарға кеудемді!
Қос қанат боп бірге ұшармыз шыңдарда,
Қос қол болып жұк артармыз бір нарға.
Дауылдардан, жауындардан сақтанып,
Айналармыз бір денеге-бір жанға
… Абылайдың ақ үмітін ақтармын,
Иманымды-жиғанымды сақтармын.
Бірақ, бірақ,
Оянғанша төсегіне жатқан күн,
Дүр сілкініп құм көрпенің астынан,
Түргелгенше шаһарлары сақтардың,
Сахаларды қалай қылып сақтармын?
Қызылқұмда
Бір шайыр жүр елден безіп, құм кешіп,
Сандырақтап желмен, шөппен тілдесіп.
Оның жанын тірі пенде түсінбес,
Түсінер тек күмбез-күмбез құм мешіт.
Құмдар, құмдар ыңыранған сары інген,
Маңғазданып күйсеп жатыр сабырмен…
Дертке дауа құдық суы құмдағы
Сары інгеннің шұбатындай дәрумен.
Құдық суы қызыл-қия құмдағы,
Мұхиттардың көзі екенін кім білсін!?
Сандырақтан туған шайыр жырлары,
Әруақтардың сөзі екенін кім білсін!?
Сексеуілдер құмды жарып қасқайған,
Көз алдыңда көлбеңдейді жас тайгаң.
Құмды арала күйбең тірлік қажытса,
Мұнда тіпті ойға оралмас бас пайдаң.
Саяқ жүрген сар құмдардың ішінде,
Бір шайыр бар нақ машайық пішінде.
Тірі жанга мұңын айтып шағынбас,
Тек тілдесер әруақтар мен түсінде.
8 комментариев
Шүкірла Шерімбетовговорит
16.02.2020в14:11Мақсат Әлсейітовтың жырларынан жүрекке жағымды адамды бірден өзіне баурап алатын өзгеше бір сарын байқалады. Оның
өлеңдерінен елге жерге деген
мақаббатты, ұлтқа деген сүйіспеншілікті, сұлулыққа деген құрметті көреміз. Қорыта айтқанда Мәкеңнің өлеңдері артық сөзсіз айналасы жұп жұмыр боп әдемі жазылған көркем дүниелер дер едім.
Серик Сейтековговорит
18.02.2020в08:38Мақсат жан, таудай талабың мен талантыңталантың биіктерге шарықтай берсін. Сенің жүрегіңнің түбінде көп нәрселер шықпай жатырғанын білемін. Тарихый отанымызға деген сүйіспеншілігің оттай ыстық жанып тұр екен, алла разы болсын. Жазар жырларың таусылмасын. Биіктерден көріне бер бауырым. Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін !
Тұрғанбай Өмірзақұлыговорит
21.05.2020в07:06Шабытың шарықтасын
Сезімің қамықпасын
Аман бол,інішегім
Раббым өзі сақтасын.
Нұржау Бермағамбетговорит
21.05.2020в07:53Тамаша жазылған өлең.
Шығармашылық табыс тілеймін.
Құрақов Берікговорит
21.05.2020в09:09Ассалаумалейкум Мәке. Терең ойлы және мағаналы өлеңдер. Зейін қойып оқыған пендеге терең ой салады екен. Мақсет аға деніңізге саулық, от басыңызға амандық, творчествалық табыстар тілеймін
Зоя апаңговорит
21.05.2020в17:01Мақсет , талабың өрлей берсін , шабытың шалқи берсін ,алар асуларың мол болсын , қаламың мұқалмасын .
Ағзам Бержановговорит
30.10.2020в17:19Мақсат аға, сізді әруақ қонған ақын деп білемін.
Құралбай Алибаевичговорит
21.05.2020в18:55Өте керемет жазылған,маған ұнады