Зейнолла Сәнік. ХАЛЫҚТЫҢ КӨНЕ КӨМБЕСІ

Түйе түлігі

Түйені біздің қазақ «қара жердің қайығы» деп атайды. Ол ғасырлар бойы халқымыздың қатынас құралы есептеліп келген. Әлемге әйгілі «Жібек жолының» негізгі қатынас құралы да осы – түйе.
Түйенің екі түрі бар. Біреуі – қос өркешті түйе. Екіншісі – нар түйе яғни сыңар өркешті түйе. Қос өркешті түйе ыстық-суыққа бірдей шыдамды, қазақ сахарасына үйлескен түйе тұқымы. Ал нар түйе – ыстық өңірге көбірек үйлесетін түйе тұқымы. Түйенің күйіс қайтаратын басқа жануарлардан бір айырмашылығы – үстіңгі жақ сүйегінде екі күрек тісі болады. Өт қабы жоқ, жыныстық жағынан 2-3 жылда жетіледі, інген мен маяны қайытуға 3-4 жасында қосады. Бураны келеге 5-6 жасында түсіреді.
Жасында жақсы бағылып, күтілген түйе қыстық азығын денесі мен өркешіне жияды. Қыста ұзақ уақыт шөп жемей, су ішпеген кездерінде сол бойындағы майымен күнелтетін қасиеті бар. Күші жағынан ол ат пен өгізден әлдеқайда мықты. Түйе жеті тоғыста қайиды. Анықтап айтқанда, қос өркешті түйе қаңтардан сәуірге дейін (көкек) шағылысатын болса (ұрғашысы – інген), нар түйе (ұрғашысы – мая) қаңтардан мамырға дейін шағылысады. Бура мен үлек күйіті келген кезде бір айға дейін оттамайды, су ішпейді, қатып жарайды. Әбден жараған кезде аузынан ақ көбік шашып, шайырланған желкесін иығына соғып, артқы екі санының арасын құйрығымен ерсілі-қарсылы сабалап, тыным таппайды. Мұны «шабыну» деп атайды. Кейде ширығып тіпті адамға айбат шегеді, мұндайда кісі алатын буралар да болады.
Сыңар өркешті түйенің еркегін үлек деп атайды, ол отыз маяға дейін, қос өркешті түйенің еркегі — бура жиырма інгенге дейін шөгеді (қайытады). Қайыған інген 14 айда боталаса, нардың маясы 13 айда боталайды. Боталы түйе күніне 12 рет сауылады. Түйе ботасын 15-18 ай емізеді, екі жылда бір рет боталайды.

Қазақтар нар түйені тұқымына қарай былай деп атайды:
Аруана (араб-парсы тілінде «арбана» дейді) – нар түйенің ұрғашысы. Денесі ірі, аяқтары жіңішке, жүні тақыр, бұйра болып келеді. Суыққа төзімсіз болғанымен ыстыққа шыдамды, бақырып жынын шашуды білмейді. Сүтті болады. Иық жүні ұзын, құйрық ұшының жүні шашақты келетіндіктен кейде қазақтар «шалқұйрық» деп те атайды.
Бекбатша нар – қос өркешті бура мен аруананың шағылысуынан пайда болған түйе. Ол күшті, ыстық-суыққа шыдамды келеді.
Қолбатша нар – бір өркешті үлек пен қос өркешті інгеннің шағылысуынан пайда болған түйе. Суыққа, аштыққа, ыстыққа шыдамды. Табаны батпақты жерде таймайды, бақырмайды, аздап жынын төгеді.
Жампоз нар – бекбатша нардың бурасы қолбатша нардың ұрғашысына шөгуінен пайда болған түйе. Бұл – нардың ең жақсысы, денесі жатаған, сүтті, күшті, ыстық-суыққа шыдамды, бақырып жынын төкпейді. Кеуде төсінің екі жағында екі тұлымы (айдары) бар. Жүні тығыз, түсі боз болады.
Жөнек нар – бекбатша мен қолбатша нардың үлегі аруанаға яки жампозға шөгуінен пайда болған түйе тұқымы. Мұны «кеңқолтық» деп те атайды.
Қалбағай нар – жөнек нардың бір тұқымы. Шаруаға қолайсыз, суық пен ыстыққа шыдамсыз, ешкі жүндес, сүті аз, шудасы болмайды.
Қылағай нар – аруананы немесе жөнек маяны жөнектің үлегіне қайытқаннан пайда болған түйе. Мұның түсі бозғылт, денесі жіңішке, сида, аяқтары маймақ келеді. Ауыр жүк көтере алмайды. Бұл – нардың ең нашар түрі.
Өқбақ (соқбақ) нар – қырысты қоспақ қылағай нар мен қоспақты қылағай нардың үлегін шағылыстырудан туған түйе. Жүні селдір, шудасы аз, бойы биік, сымбатсыз, арқасы дөңес, қомы болмайды, бурасы кісі алады.
Ләйлік нар – үлектің інгенге немесе бураның аруанаға шағылысуынан туған түйе. Бұл түйе әлсіз, бақырауық, ыстық-суыққа шыдамсыз, өркеші ат арқалы келеді. Бурасы адамға жүгіреді.
Әленар – үлектің таза қандысын таза қанды аруанаға шөгеруден пайда болған түйе. Сирақтары әлді, аяқтары орнықты, өркеші қомды болады. Өте сүтті келеді, бір өзінен бір көнек сүт шығады. Үлегі кісі алмайды.
Желмая – таза қанды үлекті әленардың таза қанды ұрғашысына шағылыстырудан туған түйе. Бұл түйе өте жүйрік болады. Жеті сөтке бойы оттамай, су ішпей жүгіруге шыдайды. Жүрісіне, шабысына бәйге аттар да жете алмайды. Бақырып жынын шашпайды. Саны үлкен, аяқтары қуатты, сүтті келеді.
Ләкір нар – бураның аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе тұқымы. Лақ жүнді, шудасыз болады. Сирақтары әлсіз, табаны тайғақ келеді. Бақырауық, жатып алғыш, жынын көп төгеді.
Біртуар нар – таза қанды үлектің таза қанды інгенге немесе таза қанды бураның таза қанды аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Мұның бойы өте биік, сирақты, қуатты, шудасы қысқа, қомды келеді. Жүкті көп көтеруде ешбір түйе тұқымы бұған жетпейді. Оның үстіне өркеші берік, жүкті орнықты ұстайды. Қыста шанамен – 60 пұт, жазда арбамен 30 пұт жүкті емін-еркін тартады. Бұрын қазақ байлары ұзақ жолды тоғанаққа осы біртуар нарды пайдаланған. «Нар жолында жүк қалмас» деген тәмсіліміз де осыған қаратылып айтылған болар.
Қызыл нар – таза қанды үлекті таза тұқымды аруанаға яғни біртуардың інгеніне шағылыстырудан туады. Түгі қызылдау, өзі күшті, ыстық-суыққа, шөлге шыдамды. Бақыруды, жын шашуды білмейді.
Кезнар – бура мен аруананың шағылысуынан туған түйе. Түсі – қоңыр, шудасыз, күшті, ыстық-суыққа шыдамды.
Көрт нар – үлек пен кердері маяның шағылысуынан туған. Түсі қара, қоңыр, қылшық жүнді, күші әлсіздеу, ыстық-суыққа шыдамсыз.
Кердері мая – үлек пен маяның шағылысуынан туған түйенің ұрғашысы. Денесі кішілеу, алшын тайпасының кердері руының атымен аталған.
Қос өркешті түйе – көшпелі қазақ тұрмысында көп қолданылған, нар түйеден қалыспайтын түйе тұқымы. Оның піштірілмеген еркегін «бура», ұрғашысын «інген» деп атайды. Мынадай түрі бар:
Айыр – екі таза қанды айырдан немесе айыр мен қоспақтың арасынан туғаны. Өркеші баладай, әрі қомды, өркеш аралығы кең, саны үлкен, сирақтары әлді, түбіт жүндес, шудалы, сүтті, ыстық-суыққа шыдамды, күшті келеді. Бурасы кісі алмайды, бақырмайды, жынын шашпайды.
Мырза қоспақ – бекбатша мен жампозды бураға шағылыстырудан немесе бекбатша мен жампоздың бірін айырдың інгеніне шөгеруден пайда болған түйе. Өте ірі, күшті, шудалы, сүтті, ыстық-суыққа шыдамды. Бұл жағынан нардың ешқайсысынан қалыспайды. Өзі өте сұлу келеді, бақырып, жынын шашпайды, сондықтан малшылар оны көп малданады.
Бұдан сырт «қырысты қоспақ», «ара қоспақ», «айыр қырысты қоспақ» деп аталатын түйе түрлері бар. Олар ыстық-суыққа шыдамдылығы, күштілігі, шөлге төзімділігі, шудалылығы, т.б. жағынан мырза қоспаққа ұқсап кетеді. Нар түйе көбінесе қазақ сахарасының оңтүстік және батыс аймақтарында, ал қоспақ тұқымдастары көбірек солтүстік және шығыс аймақтарында малданылады.
Түйе түлігінің тұрақты атаулары төмендегідей:
Буралар: бура, үлек, буыршын (3 жасар бура), жұңбай бура (үлектің шатыс түрлерінен келеге түскен жас үлек), шақа нар бура, жараған нар бура, белгісіз бура (бураның інгенге жарамайтыны), шартық нар бура (бураны пішкенде бір ені ішінде қалғаны), аю нар бура (жараған кезде маңына адам жолатпайтыны), т.б.
Атандар: құр атан, бордақы атан, ақта атан, төл атан, тума атан, азған атан, ығыр атан, тоқ атан, тұнған атан, ашаң атан, дәу атан, атанша (піштірілген түйенің бес жастан асқаны), т.б.
Інгендер: боталы інгендер – шар інген, қайытқан інген, қаймалы інген, бұзбаша інген, бошалауық інген деп бөлінсе, бойдақ інгендер – ту інген, бодақы інген, қысыр інген, інгенше (3 жастан асқаны), інгеншік (екі жастан асқаны), тайлақ (еркек, ұрғашы), тел тайлақ (еркек, ұрғашы), тайлақша (еркек, ұрғашы), кенже тайлақ, т.б. делінеді.
Боталар: ақ кемік бота, қара кемік бота, бұралқы бота, жасық бота, арамза бота, марқа бота, сүт бота, құдыра бота, қос кіндік бота, нар бота, қоспақ бота, үлек бота, т.б.
Түйені шақырғанда: «көс-көс», шөгергенде – «шөк-шөк», үйірге қосқанда – «келе-келе», емізгенде «кәуіс-кәуіс» дейді. Түйеге қарғыс айтқанда: «шелегің түскір», «қатпа келгір», «жайрағыр» дейді.
Түйеде мүйізгек, су ауруы, ақбас, ақшелек (жілік майының бұзылып, суға айналуы), қышыма, құмыр (мұрын құрты), шау немесе шаулау (түйедегі сар буын), қара өкпе, түйнеме, аусыл, қос кіндік (ботада), шешек, көмей құрт, т.б. аурулар болады.
1970 жылдары мен Жың ауданында болдым. Сонда Жармұқамет деген түйеші қарияға үйір болып жүрдім. Сол кісінің түйе туралы айтқан үш сөзі әлі есімде: «Біріншіден, түйе өте кекшіл мал, өз кезінде емес, жыл өткізіп, тіпті ұмыттырып жіберіп, бірнеше жылдан кейін өзін ұрған, жәбірлеген адамнан кегін алмай қоймайды. Менің бір түйгенім – осы. Екіншіден, түйе оңайшылықпен үрікпейді. Ал бір үріксе қатты үркеді. Мына таудан ана тауға, мына өңірден ана өңірге өтіп кетеді. Үшіншіден, есіңде болсын, «түйе көбейту» деген сөздің екі түрлі мағынасы бар, бірі – түйенің санын арттыру, дамыту, екіншісі – құда мен құдағидың арасындағы көңілдестікті «екеуі түйе көбейтіп жүр екен» деп қояды».
Түйе туралы мақал-мәтелдерден:
«Аруана – түйеден, ат жақсысы – биеден», «Түйе – малдың қасқасы, жылқы – малдың патшасы», «Жүк ауырын нар көтерер, сөз ауырын ер көтерер», «Түйе жисаң нардан жи, сиыр жисаң пардан жи», «Бақырауық демесек, бағалы көлік түйе ғой», «Соңғы түйенің жүгі ауыр, жүйелі сөздің түбі ауыр», «Атан алты асаса тояды», «Атанның күші – қомында, азық-жемі – жолында», «Алты күн атан болғанша, бір күн бура бол», т.б.

Сиыр түлігі

Археологиялық қазындыларға негізделгенде сиыр түлігі «тур» деп аталатын жабайы сиырды қолға үйретуден үй сиырына айналған. Қазақ сиыры еттілік, сүттілік, көліктік жағынан ерекше жетілген бірнеше түрге бөлінеді. Қазақ сиыр малын жасына қарай – атан өгіз, бесті өгіз, дөнен өгіз, құнан өгіз, өгізше, сақа бұқа, азбан бұқа, бесті бұқа, дөнен бұқа, құнан бұқа, тайынша бұқа, бұқашық деп, ал сиырды – сақа сиыр, бесті сиыр, дөнежін сиыр, құнажын сиыр, тана, тайынша, торпақ, бұзау, т.б. деп атайды. Жынысына қарай – өгіз, бұқа, бұзаулы сиыр, қысыр сиыр, ту сиыр, қашар, еркек тайынша, ұрғашы тайынша, еркек торпақ, ұрғашы торпақ, еркек бұзау, ұрғашы бұзау, т.б. деп атайды. Ал, жалпы, сиырды ірі қараға жатқызады.
Қазақ сиырларының мынадай түрлері бар:

Қазақтың ақбас сиыры. Бұл сиырдың етті тұқымы, асыл-тұқымды сиыр тобына жатады. Жергілікті ауа-райына төзімді келеді. Кеудесі кең, сирақтары мығым, сан еті толық, түсі қызыл, ақбас, денесінің төмен бөліктерінде ақ жолақтары бар.
Қырдың қызыл сиыры – қазақ арасына кең тараған сиыр тұқымы. Бұл сиыр байырғы қазақ сиыры негізінде тұқымы жақсартылған сүтті сиырлар тобына жатады.
Әулиеата сиыры – қазақ сахарасының оңтүстік өңірлерінде, қырғыз жерінде өсірілетін сиырдың будандастырылған (голланд бұқаларымен) жаңа тұқымы. Ауа райына төзімді, түсі қара, ақ болып келеді.
Латыштың қоңыр сиыры латыштың англер, айршир, қызыл қоңыр сиырларының бұқаларын жергілікті сиырларға будандастырудан пайда болған.
Тарбағатай қоңыр сиыры Шыңжаңда асылтұқымды сиырдың қатарына жатады. Сиырдың аттан қалыспайтын асқан жүйрігін «сиырдың қара тілі» деп атайтын үлкендер.
Алатау сиыры – қырғыз сиырымен будандастыру негізінде пайда болған сиырдың сүтті тұқымы.
Қалмақ сиыры – ХХ ғасырдың басында пайда болған сиырдың жаңа тұқымы. Қатаң ауа-райына төзімді, аяқтары күшті, бұлшық еті мол, сүбесі қалың келеді. Қалмақ сиыры мен жергілікті сиырды будандастыру негізінде пайда болған. Бұдан бөлек дүниежүзіндегі сиырдың жақсы тұқымдарынан абердина ангус, керефорд, галлобей, т.б. тұқымдардың қазақ сиырларымен будандастыру негізінде пайда болған аралас қанды сиырлар да қазақ жерінде бар.
Сиыр түлігіне қатысты кейбір атауларға түсінік:
Ақ тамақ – сиырдың бір жастан үш жасқа дейінгі ұрғашысы;
Қашар – сиырдың бір жастағы ұрғашысы;
Тайынша (тана) – сиырдың бір жастағы еркек-ұрғашысына бірдей қолданылатын ортақ атау;
Торпақ – сиыр төлінің бір жасқа келгенге дейінгі еркек-ұрғашысының ортақ аты;
Баспақ – сиыр төлінің (еркек-ұрғашысының) алты айға толғанға дейінгі аты.
Сиыркен (бұқа). Бұл атау – «сиырдың бұқасы», «аталығы» деген сөз;
Күжбан бұқа – сиырға шағылысар кезде өзін сабырлы ұстайтын, аталығы жағынан жетілген нән бұқа;
Азбан бұқа – күш-көлік үшін 6-7 жасында піштірмей, «уыз ағызу» (енін сылымай ақ уызын ағызу) әдісі арқылы жыныстық қуатынан мақұрым етілген бұқа. Сиыр күйлеген кезде ол да бұрынғы дәмесі бойынша қарманады. Сиырға артылып жатады.
Жылдым сиыр – ерте туып ұзақ сауылатын (екінші бұзауы тууға жақындағанға дейін) сиыр тұқымы;
Тұмса сиыр – 3-4 жасқа дейін бұқаға тоқтамай, бұзауламай жүріп, кейіндеп бұзаулаған сиыр;
Қызыл ащы сиыр деп шөп жұқпайтын, семірмейтін түрі аталады;
Жемір сиыр деп жем-шөппен қоса жайып қойған кірді, даладағы азық-түлікті қоймай жалмап қоятын сиыр аталады;
Мөңіреу. Сиырдың сауылар уағында, бұзауын іздегенде, бұзаудың енесін іздегенде білдіретін дауыстау белгісі «мөңіреу» деп аталады.
Өкіру. Өздерін қасқырдан қорғаған кезде, сойылған немесе өлген сиырдың қан-жынын көргенде, бұқалар бір-біріне айбат шеккенде білдіретін ащы дауыс. Күжілдеу бұқалардың күйіті келген кезде шығаратын дауысы. Күж-күж күйлеген аналық сиырларды бұқаға қосқанда шабыттандыратын дыбыс белгісі. Бұл – адамдар тарапынан білдірілетін дыбыс.
Аухау-аухау. Сиырды адамдар осылай дауыстап шақырады. Кей жерлерде «әукім-әукім» дейтін көрінеді. Бұзауынан жеріген сиырды алдамалау үшін немес сүтін сауып жатқанда идіру үшін адамдар оның әукесін қасиды.
Сиыр түлігінде болатын аурулар қарасан (өте қауіпті ауру, адамдар сиырды қарғағанда «ой, қарасан келгір» деп жатады), қара талақ, мәлік (ала өкпе), сарып, аусыл, қызыл шу (сиырдың бұзау тастауы), қара түйнек, айырбақай, бақайқұрт, ақбайпақ, бұзаутаз, тентек, ақтышқақ, көнтек, оқыра, қылау (бұзауда болатын тілі бөртіп, іші өтіп жүдететін ауру), т.б.
Сиырды суарғанда «шөу-шөу», ал кейде сиырға қаратып «қарасан келгір», «арам қатқыр» деп жатады.
Жалпы алғанда, бір бұзаулы сиыр бір үйлі жанды асырап, оларды өгіздей өрге сүйреп жеткізгеніне қарап, қазақтың Зеңгі баба әулетін айрықша қадірлегені білінеді. Сол себепті «Адам баладан өседі, сиыр танадан өседі», «Балуан – баладан, өгіз — танадан», «Сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғыл ал», «Өгізге туған күн бұзауға да туады», «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер», т.б. мақалдар туған.

Жалғасы бар.

Пікір қалдыру