Жүрсін ЕРМАН. ТАҒДЫРЫМ ДА СЕКІЛДІ БІР ЕСКІ ӨЛЕҢ…

Өз үйім

Өз үйім – өлең төсегім,
Осында өніп, өсемін.
Осында келіп құтылам
Даңғазасынан көшенің.

Осында бүкіл қазынам,
Кездерім болса қажыған
Әңкі де тәңкі басымды
Осында тығып жазылам.

Көлденең көздің сұғынан
Осында келіп тығылам.
Үйректей атса біреулер
Үйіме жетіп жығылам.

Айта алман сүттей ақпын деп,
Үйімнің дәмін татқым кеп,
Қансырап келіп осы үйге
Қанымды жалап жаттым көп!

Көңірсіп жанса ошағым
Күн менен түнді қосамын.
Күтеді мені осы үйде
Күдерін үзбей қосағым.

Әкемнен қалған шаңырақ
Қалмасын дедім қаңырап.
Жамырап келіп жатса екен
Ұлым мен қызым жадырап.

Алтыннан ардақ босағам,
Айтармыз әлі қош-аман.
Білдірмей алшы осы үйде
Жанымды бір күн, Жасаған.

Асыл жар

– Неге үйіне асығады бұл кісі? –
Деп біреулер келетіндей білгісі.
Мен үйіме асығатын себебім –
Менің жарым – асыл жардың үлгісі.
 
Күн шыққандай – күлсе оның күлкісі.
Оның көзі – көз біткеннің мұңдысы.
Кейде менің өңменімнен өтеді
Секілденіп қосауыздың ұңғысы.
Мен сияқты баласының тұңғышы
Кейде мені келеді оның ұрғысы.
Соның ыстық пейіліне ынтызар
Мен аялап келе жатқан жыр құсы.
 
Мен жәйлі оның келер бәрін білгісі
Айырбастай алмас оны мың кісі.
Анамдай боп аймалайды бетімді
Басқа түгіл, оның жұмсақ сүлгісі.
 
Келеді оның қасымда ылғи жүргісі,
Жарасады менімен тек тұрмысы.
Қызықпайды басқалардың бағына –
Тек менімен келеді өмір сүргісі.
 
Тек менімен келер өмір сүргісі
Жер бетінде бар болған соң бір кісі
Асығамын, асығамын үйіме –
Болмайын деп сағындырған жыл құсы!

* * *
Жұртында Жамбыл менен Сүйінбайдың,
Күзетіп жүргендеймін үйін байдың.
Сөлкебайлы ұлықтың қалтасында
Шылдырлаған құнсыздау тиындаймын.

Жолымды бірде – қара,
бірде – ақ қылып,
Қойды ғой заманақыр зыр қақтырып.
Ниетіне қарайған бұзық қоғам,
Қойнына тыққан тасын тұр лақтырып.

Ат үшін, шапан үшін арланбаған,
Жарымес болдым-ау деп жарбаңдаған.
Жанымды қоярға жер таппай қалам,
Итеріп жіберер деп жардан қоғам.

Жол тосып әккі болған жырынды ұлық,
Қалпымнан қалбаңдаған сырымды ұғып,
Қылтадан қылт етсем де қиып түсіп,
Қапыда жібереді сүріндіріп.

Салты осы өзгермейтін бұрынғының,
Ұғар деп жырдан басқа сырымды кім,
Шалғайын паналайын деп келіп ем,
Шапаны Абайдың да жырым-жырым…

Іздеу салу

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,
Жиреншені,
Алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,
Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған,
Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?
Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,
Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,
Тектілігі қанымен тұнып бойда,
Қарындастың басына күн туғанда,
Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,
Бұрышында тұрмайтын әр көшенің
Ару қайда – ар, ұят, иманымен
Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай,
Келін қайда – аспанның ашығындай
Омпысына қорғасын құйып қойған
Бала қайда – құлжаның асығындай?!

«Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда»…
деп жүргенде,
ағарып көз ақпай ма?
Алты Алаштың арманын арқалаған
Асып туған атадан қазақ қайда?!

Бар азапты арқама тиегендей,
Мен өлуім керек қой,
Кием өлмей.
…Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,
Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!

Ақынның жары

Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.

Тізгіні қолға тиген сәт енді,
Сабаға түспек үйленсе әпенді.
Сабылып іздеп, Сабырсыз жүрек,
Сағынып құшты сүйген Сәпенді.

Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды.
Сәпен сұлу да серігім деді
Сұр шинель киген сері Қасымды.
Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба?
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп
Тағдырын Сәпен берді Қасымға:

– Айналсын, – деді, – сертіңе сертім,
Дертіңді менің дертім етермін,
Әніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.

Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың,
ардақтым.
Пейілін маған нәсіп ете гөр
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!

Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп,
Сәпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек келісті елжіреп.

– Дауасыз жалғыз себепке айналып,
Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сәпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!

Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні,
Қасымның жары қасында жүрді
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.

Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.

Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың
Кейіген сөзін естімей кетті.

«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.

Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.

Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Ләйласы.

Деген жоқ дертке басым
байланды,
Ақынды көрді досындай мәңгі.
Зәредей селкеу арада қалмай,
Сәпеннің өзі Қасымға айналды.

Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып
Тәңірге емес, жарға табынды.

Күзгі жыр

Жоғал әрі санамнан, сары уайым,
Қыркүйегім, келдің бе, шаруа айым?
Қырдың қызыл дүзгенін
бір иіскемей
Мейіріміне даламның жарымаймын.

Жауа берсін ақ жауын себелеген,
Тауып алам бір қуыс шөмеледен.
Шайырлардың көзіне бір шалынбай,
Ши басынан тамшылап өледі өлең.

Қытықтаса желкемді тынысымен
Көк бестінің көремін мұнысын ем.
Саз-саз қылып шетелдік қалпағымды
Толтырамын көсікке құм ішінен.
Шуылынан мезгілдің мезімін бе –
Сабандалып қалғандай сезімім де.
Бір тал изен қыбырсыз салбырап тұр
Көкбестінің қап-қара езуінде!

Күн ашылды.
Бауырлап бу ұшуда,
Қара жидек езілді уысымда.
Бәтіңкемді жалатып маң төбетке
Маужыраймын маяның қуысында.

Тауан тауып таусылған тағатыма
Қарамаймын жаутаңдап сағатыма.
Күздің исі аңқыған күйлі жырды
Оқып берем көнтерлі көк атыма!

Ұлытаудың қымызы

Қанеки, қымызыңнан құйшы, ал, қызым,
Шанақтан ән төгілсін күй шалқысын.
Қымыздың шалығымен жазған жырдан
Көк майса шабындықтың исі аңқысын.

Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
«Сусынын махаббаттың қанып іш» деп
Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.

Бал дәмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы.
Қымызбен қоса жұтқың келеді екен
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

Қымыз құй!
Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,
Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.

Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын
Басылар алаулаған жалыны іштің.

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.

Телміртпей тостағанға, қымызды бер,
Қымызға қазақтай боп кім үздігер?!
Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны
Елестей көлбеңдейді көз алдымда
Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!
Абай ескерткіші
I
Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

II
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген
Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!

Адамгершілік айырылды өз бағасынан,
Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай – отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей, аға, Сіздің ғасырға!

Дилемма
Қимайтын жанды қапа еттім,
Жақындарымды жат еттім.
Ортасында ылғи қаламын
Ербеңдеп жатқан екі оттың.

Мойындап өмір өкімін,
Берік болмаққа бекідім.
…Сетінеп кете беремін,
Біреу емеспін.
Екімін.

Жібектен болса бір тінім,
Бір тінім – талы шырпының.
Тұтанып қоя беремін
Ойылып отпен жыртығым.

Екімін,
Екі бөлекпін.
Есемді жатыр елеп кім?
Біресе отпын маздаған,
Біресе сулы көнекпін.

Арбаса нәпсі-ыбылыс,
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың
Көзіме сыйған құбылыс?!

АНАНЫ ҚҰРМЕТТЕУ

Төсегін ақырғы рет жинағасын,
Аһ ұрып, «апам-ау» деп қиналасың.
…Құдықтан су әкеле жатқаныңда
Алып па ең иығынан иінағашын?
Аңдап па ең ана белі иілгенін?
Ойлап па ең жүдеу-жадау киінгенін?
Салдырап екі қары талған кезде
Қолынан алып па едің диірменін?
Есіңе алып па едің сүйінгенде,
Қасыңда болып па едің күйінгенде?
Қолына су құйып па ең құрақ ұшып,
Кебісін салып па едің киінгенде?
Ұмытып шаруаның асығысын,
Қасында отырып па ең ашып ішің?
Салып па ең бар ақшаңды уысына
Анашың алаңсыз бір шашу үшін?
Дей қалса: «Балам, істің ретін тап»…
Тауып па ең,
Кетіп пе едің жүре тыңдап?
Малып па ең екі қолын жылы суға
Алып па ең дұрыс келін, білетін бап?
Көріп пе ең шаршағанын, деміккенін?
Көлікпен отын тасып беріп пе едің?
Қасында отырып па ең үнің шықпай,
Мұқатса оған қасын керіп келін?
Қаныңды тамызғандай екі беттен,
Зіңгіттей ұл өсірген жетімектен, –
Анаңды әлпештеп пе ең алақанда,
Сөзіне сөз қайтарып зекімеп пе ең?..
Күйінсең, көкірегің шын күйінсін,
Пейіште дидарласар күн бұйырсын.
Тірлікте жете алмасаң қадіріне,
Жылама!
Көзіңе онда құм құйылсын!

ЕСКІ ЭЛЕГИЯ

(Д.Кәпұлына)

Домбыраң – тағдырласың, жан серігің,
Сыйқыр бар уілінде әр шегінің,
Сен маған сарқытындай көрінесің
Қазақта қалған ақын, сал-серінің.
Өзің де көне дыбыс, мұңлы күйсің,
Күйінсең, көкірегің шын күйінсін.
Тынысың ашыла ма – жұтқаныңда
Жылқының жалындағы күннің исін?
Серінің көңілінің бәрі осалдан,
Қаяу көп жүрегіне жара салған.
Қамығып қараша үйде есейдің бе
Қасірет күйін тыңдап қара шалдан?

Сол ғой, сол – сендегі шер, мендегі шер,
Жолықпай жан жарасын емдегіш ер,
Жүреміз жалғыз-жарым саяқ құсап
Жарымес болмаған соң демге пісер.
Жүр дейсің дертке сендей ұшырап кім?..
Қырға шық, қамау терін түсір аттың.
Қағаз шай, ащы насыбай табылмаса,
Қымызын құнығып іш қысырақтың!
Сонан соң ер-тұрманын сайла атыңның,
Қалмаған алтын басы қайда ақынның.
Сүңгіп кет туған жердің қойнауына
Төсегінен тұрсаң да қай қатынның!
Киіп ап түлкі тұмақ, саптама етік,
Қасқыр қағып қайтуға тоқтам етіп,
Қарагердің белінде қайқая шап
Жар демей, жыра демей таптап өтіп.
Құла дүз, қу даладан құбыла тап,
Алмаған кісідей боп ғұмыры атақ,
Қарайып көкжиекке сіңген қандай,
Жалғызға жалғыздық та шын рахат!
…Биіктен сорғалаған мұзбалағым,
Тағдырлас тағысы едік біз даланың.
Сарқыты серілердің деп мен сені
Қаланың шуылынан қызғанамын!
Нансаң да, шыным осы, нанбасаң да,
Саяқ қой сертке туған жан қашанда.
Баяғы бабалардың елесіндей
Төбеңді көрсетіп жүр анда-санда.
* * *
Жүректе – жыр,
Көңілде – күй тұрғанмен,
Өтіп жатыр өмірім ит-ырғаңмен.
Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан
Оянудың орнына сыйқырлы әнмен.
Уақыт – зая, самалдай жыр еспеген,
Тағдырым да секілді бір ескі өлең.
Өтіп жатыр түндерім қамығумен,
Өтіп жатыр күндерім күреспенен.
Айтылғанда өтірік бет қызармай
Ызаланам бәріне кекті жандай.
Бәрін алып-сататын қанбазарда
Шындығымды жүремін өткізе алмай.
Ию-қию шығарар есебін кім,
Әділетпен толмаса есе бір күн.
Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,
Несі аяулы өксіген осы өмірдің?..

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ

Неліктен немересі Есдәулеттің
Қумады қыр соңынан еш дәулеттің?
Ол сірә адал ұлы болса керек
Ел даңқын еселейтін есті әулеттің.

Қулыққа Ұлықбекті қылыпты епсіз,
Тұрғаны қандай жақсы күліп кексіз.
Ұлықбек өлеңсіз де күнін көрер,
Өлең күні не болар Ұлықбексіз?!

Таба алмай ағалары берер баға,
Жасынан атандырды шебер бала.
Дән болып түскен жері
дарынды ұлдың –
Өсірген топырақ қой нелер дана.

Болмады ол жақсыларға жайдақ іні,
Оқалап өлең етіп ойдағыны.
Ішіне интернеттің ине сұғып,
Табады қайдағы мен жайдағыны.

Тамшысы текті Зайсан толқынының
Алады аспанға ұшып ол тынымын.
Сенбесең, шешіндіріп көріңдерші –
Қанат бар астында қос қолтығының.

Өтеді жыр ғұмыры жарыспенен,
Ол үшін бөрі де – өлең, барыс та – өлең.
Құлағының ішінде антенна бар
Жүреді хабарласып ғарышпенен.

Тәңірім қуат берсін талапқа тың,
Жанына жарық түсір, жолатпа түн.
Ұшуға талпынасың сен де көкке –
Қасыңда жүргеннен соң
қанатты ақын!

ҚАЛАСАҢ, ҚАБЫЛ АЛАРСЫҢ

Қаласаң, қабыл аларсың,
Салайын деп ем бір қолқа:
Көңілге демеу боларсың –
Көрініп көзге жүр, қалқа.

Сағынып өмір сүрейін,
Сырыңнан сиқыр құр қалдым.
Сыңғырын естіп жүрейін –
Сыңарын берші сырғаңның.
Ынтықса жүрек шерменде
Басайын іштің күйігін.
Қасымнан өте бергенде –
Көзіңнің қишы қиығын.

Көлденең кісі сенер ме,
Арайлап атсын нұр таңым.
Тұтатсам, жетіп келерге –
Шашыңның берші бір талын!

АҚЫННЫҢ ҮЙІ

немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату

Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді…

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
…Біздің үй соның іргесінде еді!

ЕРТЕРЕКТЕУ ЕРЖЕТІППІН

Ертеректеу ержетіппін
өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.
Уатылып төзім бордай,
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай,
Суынды ерте қаным ыстық.

Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.

Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.

Жүрегімен арыстанның,
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін.

Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір.
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?

ЕКІ СУРЕТ

Сұлу көрсем, соңынан жүгіретін
Мынау – менің жас күнгі сүгіретім.
Шарап берсең, шалқалап сіміретін
Мынау – менің бүгінгі сүгіретім.

Осы менің бүгінгі сүгіретім,
Қарай берме қажыма түріме тым.
Аяғына жем түскен тұғыр құсап
Етегіме болыппын сүрінетін.

Қашан, қалай келтірген кім ретін
Көн секілді тартылған сірі бетім.
Күндер қайда жоғалған
Көлге барсам, –
Қармағыма ақ сазан ілінетін?

Жігіт едім жақсыға жүгінетін,
Жөнім бар-ау жалғаннан түңілетін.
Сындыр барлық айнаны!
Жырт альбомды!
Көрінбесін көзіме сүгіретім…
Сен не деген шеберсің, құдіретім!?

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙҒА

Ғалым, сенің ауылың «Жеңіс» құмы,
Топырақтың сол жерде ең ыстығы.
Аттың басын арудың бәсі көрген
Құмды ауылдың сен едің
келісті ұлы…

Көп жүріп ең алалы жылқы ішінде,
Жазамысың налалы жыр түсіңде.
Алматыда алшаңдап басқан ұлдың
Қайдан білсін не барын жұрт ішінде.

Жеңіс құмның көбейді дерті мүлде,
Барғыштайсың болса да жер түбінде.
Құлындары ауылдың жетім қалып,
Тұлпарлары ауылдың мертігуде.

Көнбіс болып үйренген азаматтар
Жоғарыға жалпақтап жазады ақпар.
Жеңіс құмның ішінде жөтеледі
Тұяғынан кетілген қазанаттар.

Тұнжырайды жыр жазып текті ұл неге?
(Тектілердің бақытын тек күндеме.)
Адамзатқа зияны жоқ болғанда,
Қылқұйрыққа жақпайды
гептиль неге?!

Жеңіс, солай тұлпардан
айырылдыңдар,
Көтереді қайысып қайғыңды ұлдар.
Тұсыңа кеп жүреді Байшұбарлар,
Түсіңе көп кіреді Тайбурылдар.

Үнсіз нәубет секілді, үнсіз қырғын,
Құпиясын кім ұқсын
тылсым жырдың.
Жүген ұстап жүреді қыр баласы
Мойнына асып бір ұшын
қылшылбырдың.

Көлігіміз болған соң мінген арық
Күдігіміз етеді күнде ғаріп.
Сырымызды айтамыз өлеңменен
Мұңымызды шағамыз
кімге барып…

Пікір қалдыру