ЖӨРГЕК ИІСІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Табадан жаңа алынған нан тәрізді қып-қызыл күн көкжиектен алаулап көтеріле берді. Өзен жағасындағы қалың қамыс үстінен бұйра толқын ойнап өтті. Қызылкөлдің тұзды суы күреңіте қарауытып, қайта құлпырды. Күн шапағынан оянған үйрек, қаз көл үстіне таңғажайып сурет салып, баяу жүзіп бара жатты. Қызыл шоқы үстінде сағым толқыды. Азанғы самалмен тербелген даланы жұмсақ нұр аймалады.
Жаз айының жайдары таңында Дәурен қуанып, сергек оянды. Құдықтың мұздай суына жуынып алды да қора маңындағы жинаулы отынның қасына келіп, қоңыр самалға кеудесін тосып біраз уақыт ой құшағында тұрып қалды. Сәлден соң есіне әлдене түскендей жан-жағына барлай қарап, алыстан мұнартқан тауға көз тікті. Таудың ұшар басы бозамықтанып көрінді. «Басында әлі қар жатыр екен-ау. Талай сырды ішіңе бүккен Қаратау, тәкаппарсың-ау» деп бір қойды. Сосын қорадан балта алып шығып, отын жара бастады. Біраздан соң денесі қызды. Кеспек ағаштарды қақ жарып, бөлшектеп үйе бастады. Балта жоғары көтерілген сайын күн нұрымен шағылысып, жалт-жұлт ойнайды. Осы кезде бүйірден анасы шыға келді.
– Ерте тұрыпсың ғой, жарығым!
– Иә, апа. Ұйықтай алмадым.
– Жақында қолыңа құсыңды қондырмақсың. Сені ұйықтатпаған соның қуанышы ғой.
Дәурен қызарақтап төмен қарады. Нарттай болып қызарып кеткенін білдірмес үшін отын жарғансып, бүгежіктей берді.
– Балам, әзірге осы да жетер. Жүр үйге. Жеңешең шай әзірлеп қойған шығар, – деді анасы.
Дәурен қолындағы балтасын қуысқа тығып, анасына ілесті. Есік алдында көйлегін шешіп, мұздай сумен және шайынды. Баласының бұлт-бұлт еткен білектеріне қарап, анасы сүйсініп күлімсіреп тұрды. Үйден қарындасы Барқыт орамал алып шықты.
Дастархан басына жайғасарда қарындасы Сарқыт қасына келіп еркелеп:
– Аға, жеңешемізді қашан әкелесіз? Сұлу шығар, ә? – деп сұрады.
Дәуреннің ойына Тұнжырмен қалай танысқаны түсті.
Олар курстастарымен би кешіне барған. Бастапқыда би қыза қоймады. Дәурен өзіне жақын тартып жүретін Жұманға «мұнда қызық қалмапты, одан да сыраханаға барайық» дегенді айтқалы тұрғанда би залына бір топ қыз кіріп келді. Бәрі де көңілді. Осының алдында ғана әлдебір отырыстан яки туған күннен шыққан ба, бойларында еркелік пе, еркіндік пе – әлдеқандай наз бар. Топтанып келген бойы айналасындағы жастарға назар аудармастан дөңгелене билеп кетті. Музыкант жігіттер де осы бір ілкі шақты күткендей сан түрлі ырғақты құйқылжытты.
Би ырғағымен әсем қозғалған қыздардың әр қимылы тұнып тұрған сурет еді. Жігіттер ауыздарын ашып, көздерін жұмып, таңырқасып қалды. Алғаш болып Нұртай есін жинады.
– Жігіттер, неғып тұрмыз? Құдайдың өзі айдап келген мына қыздармен танысып қалайық, – деп достарына жағалай қарап шықты да биге араласып кетті.
Бейтаныс қыздар оны жатырқаған жоқ. Орталарынан орын берді. Мұны көріп жиналып келгендер түгелдей би алаңына ұмтылды. Дәуреннің көзі Тұнжырды осы сәтте шалып қалған еді.
Осыдан соң-ақ олар жиі кездесе бастады. Тұнжыр Өнер университетінде оқиды екен. Сұңғақ бойлы, тұңжыр көзді, құмырсқа бел, қызыл ерін, аршынтөс бойжеткен жігіт атаулының көзқұрты еді. Ол Дәуреннің ізетін әуелі жай ғана достық деп қабылдап, шығарып салуына қарсы бола қоймады. Расында, осы қаланың барлық жігіті соңынан жүгіріп жүрген. Би кештерінен, басқа да басқосулардан соң шығарып салғаны болмаса бөтен әңгімеге бармағандықтан Тұнжыр да жігіттің шығарып салуына қарсылық танытпады. Үйренісе келе Дәурен оны шығарып салуды өзіне парыз санап алған сыңайлы. Сан қатпарлы құпиясы бар қыз жүрегінің лүпілін кім танып, білген? Тұнжыр оны дос санады ма әлде көшеге шықса болды, өне бойын тіміскілеп, ұры көзбен аймалап тұратын жігіттерден құтылғысы келді ме, әйтеуір Дәуренге ықылас танытты. Оның бұл ықыласы Дәуренге көмескілеу болғанымен, дәмелі көңіліне демеу, тілегіне қолайлы көрінген.
Тұнжыр да алғашында оны тым жақындата қоймады. Бұл жігіттің басқалардай жүрегін ала ұмтылып, сәтін салған тұста қолын қысып, құшағына басып, ай дидарлы жүзінен жұмсақ та болса бір сүйіп қалғысы келетіндерден емес екенін ұнатты. Дәуреннің шығарып салғандағы жүзі шұғыладай құлпырып, аппақ ірі тістерін көрсете риясыз күлімсіреп, қамқорлық пейіл танытып тұратын ізетін бағалады.
Тұнжырды курстастарынан бастап кімдер шығарып салмады, кімдер дәмханаға, түрлі ойын-сауық кештеріне, концерттерге шақырмады десеңші. Олардың ішінде сымбатты жігіттер де болды. Қымбат көліктерін көлденең тартқандар да жетерлік. Әкелері зау-заңғар биік қызметтерде отырған шолжаң­байлар да құрық лақтырып көрді. Әуелі диплом алуды мақсат тұтқан, екіншіден, «өмірім – өнерім» деген қағиданы басты мақсат еткен ол ешқайсысына мойын бұрмап еді. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден Дәурен кезікті. «Несі бар, дос болуға жарап-ақ тұрған ізетті жігіт. Бөтен, жат пиғылын байқамадым. Басқалардың көзін байлау үшін онымен достығымды үзбеуім керек» деп шешті бәлекей бойжеткен.
Ендігі бүкіл университет, қала берді қала жұрты Тұнжырдың теңін тапқанынан хабардар болып үлгерген. Жалаңаяқ біреумен көңіл қосқанына намыстанған әлдекімдер ретін тауып, Дәуренді сабап алмақ та болды. Аңдыған кездерінде қырсық шалып, Дәурен жатақханасынан шықпай қалды. Енді бірде достарымен жүрді. Мұнан соң дәмегөй жігіттер «Кавказ тұтқыны» кинокомедиясындағыдай қызды қапқа салып, алып қашпақ болды. Бір қызығы, дүрегей дәмелі жігіттер бір-біріне тосқауыл жасаған. Тұнжырды жолдан ұстап алып, көлікке енді салғалы жатқанда екінші бір үміткер келіп қалып, екі арада атыс болып, қыз құрықтан оңай құтылды. Әрі-бері ысқырып ұшқан оқтардан шошынып қалғаны болмаса, қыз жүрегі көп өтпей-ақ тыныштық тапты. Өйткені, мұны аңдыған жігіттер қызғаныштан бір-бірімен қырқысып жүргендіктен, көкпардай өңгеріп кетушілердің алдын тосатын еді.
Осы тайталастың арасында қызық қуып жүрген қыз Дәуреннің адал жүрегіне қарсы амалы қалмағанын аңғарды. «Несі бар, есті жігіт. Көрікті. Бірақ, өзі сөз айтпайды. Әлде өзім сезімімді білдіруім керек пе?». Ол жігіттің ынжықтығына күйінгендей болды. Жігіт деген батылдау болмас па? Тұнжыр жігітке өкпелегендей ме, қалай өзі?
Тұнжыр енді Дәуренді көзімен де, көңілімен де іздеп тұратын жағдайға жетті. Тап осы кезде Дәуреннің емтиханы басталып, кітапхана мен университет арасындағы жүгіруі көбейіп кетті. Әсем қала алқызыл гүлдерге, субұрқақтарға, сәнді ағаштарға малынып тұрғанымен, бұл сұлулық қыз жүрегіндегі алау сезімді сөндіре алмады, қайта күн өткен сайын лапылдай түсті. Қаланың құжынаған адамдарының арасынан өзіне етене жанды жабырқай іздейді. Кешегі соңынан жүгірген көптің бірі санаған жігітті сағынатыны қалай? Алаңсыз жүрегінің түкпіріне ұя салған қандай құдірет? Қыз түні бойы дөңбекшіп, бұрын-соңды басынан кешпеген оқшау тілектің орындалуын тағатсыздана күтеді. Денесі бір ысып, бір мұздап, түні бойы тар төсегінде аунақшиды.
Дәуренмен бірге өзі де емтихан тапсырып жүргенімен Тұнжыр сынақтан қорқа қоймаған. Өйткені, оның талантына, шындығына келгенде асқан сұлулығына сұқтанған профессорлар мен доценттер қалаған бағасын қойып береді. Бірақ, Тұнжырмен бақталастар мұнда да бар. Олардың дені әйел оқытушылар. Кімнен қызғанатынын кім білсін, көпшілігі осы студентті көрсе болды, кірпідей жиырылады. «Күйеулерін тартып алдым ба әлде балаларына көнбей жүр ме екенмін? Осыларды-ақ түсінбей қойдым» деп Тұнжыр да аң-таң. Осы бір көзге көрінбес жаулық Тұнжыр университетті бітіріп кеткенше жалғасты.
Әуелі «Университет аруы», соңынан «Қала аруы» атанған Тұнжыр актер мамандығын алғалы жүрген. Ол сахнаға шықты дегенше барша еркектің көзі айналасындағылардың ешқайсысын көрмей, бір ғана нүктеге байланып қалатын. Құлын мүсін, мойылдай қарақат көз, тоқ та түзу балтыр, Қособаның түбіндегі қос анар, соның бәрі жиылып келіп, жігіт-желеңді түгел ішпей мас қылады. Тұнжыр сахнаға шыққанда талай келіншек табан астында түлен түртіп, көрермендер залын тастай қашқаны бар. Бұл кездейсоқ күйзеліс жанындағы күйеулерінің шектен тыс көрсеқызарлығына күйіп кеткеннен немесе іштеріндегі қызыл ит-қызғаныштың ойламаған жерден қауып алғанынан шығар-ау. Бірақ, осы ерсі қылықтары талайдың есінде қалған.
Зымыран уақыт университетті бітіретін кезеңге де алып келді. Тұнжырды үлкен қаладағы үлкен театрға алып қалатын болып шешім шықты. Қоштасар күн жақындаған сайын курстастар басқосуды үдетті. Сондай кездесулердің біріне шыққанда алдынан Ажар кезікті. Бірінші курстан бастап бір-біріне бауыр басқан, сырлас серігі. Тұнжырдың жүрегі атқақтап сала берді. Екеуі құшақтаса кетті.
– Тықырыңнан-ақ сен екенінді біліп едім.
– Мен де. Өзің бүгін құлпырып кетіпсің. Ғашық болып қалғанбысың?
– Біздегі қандай ғашықтық? Мына жұрт сендерді Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға балап жүр ғой.
– Сен де айтасың-ау, Ажар. Сол Дәуренің маған әлі көңілін де білдірген жоқ.
– Соғасың-ау, сен де. Мына албыраған аппақ бетімнен де сүйген жоқ деші.
– Оның да рас.
– Сонда қалай? Жігіт емес пе, бір әрекет жасаған шығар енді…
– Дәуренді сол сыпайылығы, ибалы ізеті, тазалығы мен адалдығы үшін де ұнатамын ғой…
– Сыпайыламай-ақ, сүйемін десеңші.
– Иә, ол да бар.
Ажар сықылықтап күліп жіберді. Тұнжырды белінен ұстап, шыр көбелек айналдырды.
– Белің үзілейін деп тұр ғой. Мынадай белді құшақтаған Дәуренде не арман бар екен?
Тұнжырдың жұқалтаң бетіне қызыл арай ойнап шыға келді.
– Сен оны маған оңаша шығарып берші, – деді Тұнжыр сыбырлап.
– Мен оңашаламай-ақ өздерің де елден жырақтап кетерсіңдер, – деп күлді Ажар.
Қанша жасырдым дегенмен бар құпиясы көзінде еді қыздың. Дәуреннің аты аталғанда Тұнжырдың демі үздігіп шығатынын сезіп келеді құрбысы.
Олар бүгін орталық саябақ ішіндегі кафеде бас қоспақ еді. Бұлар келгенде кафе іші күңгірт тартып тұр екен. Сырттан кіргенде іштегілерді бірден тану мүмкін емес. Бірақ Ажар мен Тұнжыр діттеген орындарын адаспай тапты. Ажар құрбысының қоштасу кешінде бір шешімге келгенін түсінгендей еді.
Түн қоюлана түсті. Аспан сан мың шырағын жақты. Тау жақтан салқын самал есті. Қала әдеттегідей түнгі әуенін шырқады. Көшеде әрі-бері зырылдаған көліктердің дыбысы жаңғырды. Әлдебір жерден шаншыла көтерілген жарық бұлғақтап, аспан төсіне неше түрлі өрнек сала бастады. Сыртқа дем басып алмаққа шыққан жастар шаһардың осы бір сұлу көрінісіне қызыға қарап тұр.
Тұнжыр кафенің ыстық бөлмесінен қашып, кафе жанындағы ақ қайыңға сүйеніп тұр еді. Дәурен келіп иығынан құшақтады. Бойын әлдебір шымыр аралап өткен қыз қорғасындай балқып сала берді. Жігіттің құшағында тұрып іштегі сазды әуеннің сағынышты үнінен ажырай алмады. Әуен жүрегіңнен әлденені жұлып алардай әсерлі де әдемі еді.
Осы бір әдемі ортадан тысқа еріктен тыс сүйреп шығарған көрші үстелде отырған шегіркөз жігіттің тіміскі әрекеті еді. Ол айналаға қарағансып, бұған ішіп-жеп сұқтана түсті. Тұнжыр қанша қашып құтыламын дегенмен, оның ашқарақ нысанына іліге берді. Ақырында Ажарға «сыртқа барып келемін» деп ымдап, далаға түтіннен қашқан түлкідей ытқып шықты. Осы кезде Ажар Дәуренді түртіп үлгерді. Тұнжырды аңдып отырған шегіркөз жігіт қанша қырағы болса да үлгере алмады. Бұл кезде қыз бен жігіт қараңғылық ішіне сіңіп кеткен еді.
Сол түні олар бақ ішін таң атқанша аралады. Ақтарылмаған сыр қалмады. Таңертеңгі саф ауа екеуінің де бойына нұр болып тарап жатты.
– Тұңжыр!
– Ау!
– Жаурап қаларсың. Костюмімді жамылып алшы.
– Ылғи да осылай қорған болып, жауратпай жүресіз бе?
– Иә, жаным!
Қыз жігіт иығына басын сүйеді. Дәурен қыздың ыстық денесін құшырлана қысып, оның от бүріккен ернінен ұзақ сүйді.
Бұл Тұнжырдың кездесіп жүргелі бергі тұңғыш рет ерік беруі еді. Екеуі таңның арайлы шапағы алдында мәңгі бірге болуға серт байласты.
Дәуреннің ауылға келіп, әке-шешесіне дипломмен бірге келін әкелетінін айтып, сүйіншілеп жатқан беті еді бұл.
– Той жасаймыз. Қазан-қазан ет асылады, табақ-табақ бауырсақ пісіріледі. Соған отын керек, – деген ағасы.
Түніменен түсінде Тұнжырды көріп, ерте оянған Дәуреннің ағаш жарып жатуының сыры осы. Иә, ертең той болады. Бақыт құсын қолына қондырады. Не деген қуаныш!
– Қалыңдығың суретте өте сұлу екен, – деді жеңгесі Жұпар.
– Өмірде одан да сұлу!
Үйдегілер жамырай күлді.
– Інім келінге шынымен ғашық екен. Ұзағынан сүйіндіргей! – деп ағасы Дәуірбек дастархан батасын жасады.
Келісілгендей әуелі қыз жақта, сосын ұл жақта ұлан-асыр той болды. Аққудай жарасқан жұпқа таңырқамаған адам қалмады. Талшыбықтай бұралған, жан біткенді жасқандыра сүйсіндірер сымбатты келіншектің ту сыртынан қарағыштаған тойшыл топ түгелдей демін ішке тартқандай тынши қалып еді. Басқа тойларда қауқылдасып, бір-біріне сөз бермей даурығып, айдарларынан жел есіп отыратын той қонақтары бұл жолы сурет көрмесіне келгендей ауыздарын ашты да отырды. Оны айтасыз, ата-әжелерімен, әке-шешелерімен еріп келген балақайлар да сиқыршының арбауына түскендей, асыр салып ойнауды сап тыйыпты. Бала неме нені ұғып, не біледі дегенімізбен, төрде тотыдай таранып отырған жеңешелеріне енді ғана сүндеттелген бала да, құлағын жаңа тестірген балғын қыздар да жалтақ-жалтақ қарайды. Қонақтарды тыныштандыра алмай әлекке түсетін асабаның да құдайы беріп қалды. «Осы тойда тыныштық сақтайықшы» деп барлығы бірдей келісіп келгендей, құттықтауға шыққандар да бұрынғы шырмауықтай шырматылған ұзақ-сонар мылжың, іш пыстыратын татымсыз тілектерінен тайқып, қысқа да нұсқа сөйлеуге көшіпті.
Япырай, барлық сиқырдан сұлулықтың сиқыры қуатты екен-ау! Осыншама шыдамсыз да мақтаншақ тобырды ай жүзімен жасқап, момақан мәжнүнге айналдырған Тұнжыр келінге қалай разы болмассың! Көркінен Айдың өзі ұялған жас келіннің қасында сан мың қолды жалғыз жайратып келгендей масайрап әрі жайраң қағып Дәурен отыр. Неткен бақытты жан еді! Мынадай аруды құшқан жігітте арман бар ма? Осы баянды бақытын сезгендей күйеу жігіт таңырқай тесілген талайларға тоқмейіл де тәкаппар қарап, басын еріне изеп, қолын еріне көтереді.
Ой, несін айтасыз, айта қаларлықтай, көпшіліктің көңілінен көпке дейін кетпейтін теңдесі жоқ той өтті. Той тарқаған түні талай жігіт жанторсығын жолатпай, азанға дейін аһылеп-үкілеп шықты. Олардан келіншектер де қалысқан жоқ. Дәурендей сымбатты жігіттің ер тұлғалы кейпі, насат жүзі, батырларға лайық өр кеудесі түсіне кіріп, дөңбекшіген. Ал, бойжеткендердің үміттерін үсік шалып, түнімен еңіреп, жастықтарын сулап шықты.
Қойкент ауылындағы осы тойдың жыры бір-екі жылға азық болды. Біреулер той туралы әлденені тарата айтқысы немесе мақтанғысы келсе «Дастан атаның баласы Дәуреннің тойы ше? Түгенше көкемнің тойы одан бір мысқал да төмен болған жоқ» деп бөсетін. Тіпті, ауылда «Дастан атаның тойы» деп басталатын әңгіме көбейді. Бұл ауылда той өтетін болса үлкендер «Балалар, Дастан атаның тойындай тыныш та тамаша, тартымды етіп өткерейік» деп кеңес құрып отыратын әдет тапты.
Сөйткен Дәурен мен Тұнжыр жарқ етіп қалай көрінсе, жалт етіп солай жоқ болды. Екеуіне де үлкен қаладан қызмет табыла кетті. Тұнжырға әу бастан театр құда түсіп қойған. Ал Дәурен таныстарды жағалап жүріп, әкімдіктің бір басқармасының білдей қызметкері болып шыға келді. Қашан да күлімсіреп, шырын сөйлеп, шындықты жақтап жүретін оны басшылары да ұнатты. Үлкенге де, кішіге де иіліп тұратын жас маман тындырымдылығымен де, тиянақтылығымен де көзге түсті. Оны енді басшылары бөлім меңгерушілігіне жоғарылатамыз деп жүр.
Қалаға қайта оралған соң Тұңжырымыз бұрынғысынан бөтенірек бейнеге бөленгендей. Қызғалдақтай құлпырды деу оған аз сияқтанады. Тіптен түрленіп кетті. Театр режиссері оған ә дегеннен басты рөл беріп, аяғын тұсаулап тастады. «Образды шынайы шығарамын» деп айна алдынан шықпайтын бір өнер ашты.
– Театрда күні бойы не істейсің? – деп таңырқайды дүдәмал ойлы Дәурен.
– Дайындық. Режиссердің сын-ескертпелерінен қорытынды шығару, образға ену, осының барлығы жұмыс қой, жаным-ау.
Дәурен ғашығының ыстық еріндерінің арасынан сыбызғының үніндей сан құбылып шығатын осы «жаным-ау» деген бір ауыз сөзге елітіп қалады. Күні бойы екеуі екі жақта болып, сағынысып қауышқан қос ғашық ыстық төсекте тәтті табысады. Дәурен осы шырын шақ үзілмесе екен дейді. Жарының құлай беріліп, ыңырсып басталған ынтық ықыласы алапат ышқынысқа ұласқанда ғажайып әлемге сүңгіп, дүние-дүрмекті ұмытып, өзін қамшылай түсіп, зорға сабасына түседі. Мұнан соң жарының аршыған жұмыртқадай аппақ та хош иісі бұрқыраған төсін аймалап, мас болып жатады.
Күз айы еді. Биіктен қалқып тербеле түскен сары жапырақтар жол үстіне төгіліп жатыр. Маңайдың барлығын сарғыш рең жапқандықтан ба, жүрекке бір тәтті мұң келеді. Қараптан қарап отырып, әлдекімді сағынасың. Япырай, Дәуреннің сағынатын жөні бар ма еді? Жұмысынан кешігіңкіреп жатқаны болмаса үнемі жанында. Сонда жүрекке тыншу бермей тұрған қандай құдірет? Осындай бір сезім жетегінде отырғанда Тұнжыр күлімсіреп кіріп келді. Бөлме жарқ етіп жарық жанғандай сәулеленіп, жарқырай түсті. Тұнжыр аса көңілді еді. Екі алақанын шарт еткізе соғып, Дәуреннің иығына асыла кетті. Екі беті албырап тұр. Оның ерке болмысы қандай тоңды да жібітіп жібереді. Томсырайып отырған Дәуреннің ашуы тез тарқады. Тұнжыр ауызын әнтек ашып, шиедей ернімен күйеуінің бетінен өпті. Осы аңсаулы сәтті күтіп тұрғандай екі қолы аш беліне жыланша орала кетті. Келіншек қуатты қолдың аясында майдай еріді.
Дәурен жұбайы кіріп келгенде-ақ қуанышты хабар айтқысы келгенін балбұл жанған жүзінен аңғара қойған. Осы демалыста енесі мен балдызы келуі керек. Соның хабарын айтқысы келген шығар деп ойлады. «Жақында айлық жалақымды аламын. Екеуіміз бір жерден тамақтанып қайтайықшы» деп жүрген. Онда екеуі жақын жердегі кафеден тамақтанып қайтуы тиіс. Бірақ Тұнжыр асыға қоймады. Түпкі бөлмеге өтіп, үй киімімен келді. Демек ешқайда бармайды. Ендеше енеден жеткен хабар бар.
Тұнжырдың өзі қандай шырын болса, даярлаған тамағы да сондай дәмді. Бұл жолғысы бұрыңғыларынан да өтті. Ол жарына тамақты ықыластана құйып, Дәурен ұзатқан кесені қағып алып отырды. Осындайда күйеуінің қолына тиіп кеткен нәзік те ыстық саусақтары сүйкімді шымыр ойнатады. Жалт-жұлт еткен жанары бейкүнә, пәк болмысынан хабар бергендей. Әсем еріні әнтек ашылғанда маржан тістері жарқ етеді. Білектей қос бұрымы төсінен төмен құлап, етегіне барып тоқтапты. Ақ тәніне жабысқан көйлегі оның құлын мүшесін бұрыңғыдан да айшықтап, құндыздай құлпырта түсіпті.
Кешкі тамақ жарасымды отырыспен ішілді. Майыса бұралып ыдыстарды жинастырып жүрген Тұнжырдың әр қимылында еркелік пен наз басым еді. Оның ұшқын шашқан тұнық жанары ғана емес, бүкіл өн бойы мөлдір махаббатқа, сырлы сезімге, қайталанбас қуанышқа тұнып тұрды.
– Ал, енді айтшы, қойны-қонышыңа сыймай тұрған қандай қуаныш? – деп сұрады Дәурен жанына келген келіншегін құшақтап.
Тұнжыр томаға-тұйық бір түрге еніп барып, қайта жадырады. Ол күлгенде бұрынғысынан да ажарланып кететін еді. Екі бетінің ұшындағы шұңқыршалар өзіне сондай жарасымды. Ол бүгінгі жаңалығын жарына жеткізгенше асығып келген. «Қалай қабылдайды? Құптар ма екен?» деген дүдәмал оймен кібіртіктеп барып, Дәуренге сүйкене жақындады.
– Дәукеш!
Ол күйеуіне еркелегісі келгенде немесе әлдені айтар кезде күйеуін осылай атар еді.
– Иә!
– Саған айтсам, тіпті де сенбейсің.
– Сендіріп көр. Немене апамдар келе жатыр ма?
– Жоқ, одан да маңызды.
– Япырай, қызға анасының келе жатқанынан асқан қандай маңызды қуаныш болушы еді?
– Енді болып тұр ғой.
– Болып тұрса, мені де ынтықтырмай, зарықтырмай айтсаңшы енді.
– Айтсам, бас режиссер мені бас кейіпкер Джульетта рөліне бекітті.
– Құтты болсын!
– Дәукеш! Шынымен қуанып тұрмысың?
– Неге қуанбайын! Жан жарым бас кейіпкердің рөлін сомдамақ. Режиссер оған сенім артып, осы рөлді беріпті. Мұны жуып жіберу керек еді. Жаңа үйден тамақ әзірлемей-ақ қойғаныңда ғой. Жақын жердегі кафеге барып тамақтанып келер едік.
– Жоқ, Дәукеш! Қуанышты хабарды өз шаңырағымызда жеткізгім келді. Ал, көшеде ол бөлшектеніп кетеді ғой. Сыбырлаған жел ұрлап кетуі мүмкін. Тылсым аспан тұңғиығына тартып кетсе ше?
Дәурен келіншегінің мұншама қиял кезіп кеткенін осы уақытқа дейін көрген емес. Дегенмен, келіншегінің осы балдай тәтті еркелігі, бала қиялы ұнады. Тұнжырдың нәзік нақышты назы мен тәтті қылығы Дәуреннің көңіл түкпіріндегі күдік-күмәнді үнемі шайып кетуші еді. Бұл жолы да ол жарының жарасымды назына елітіп қалды.
Жалпы, театр туралы түсінігі таяз болмаса да, Дәурен қойылымдарға көп бара бермеуші еді. Ромео мен Джульетта хикаясын білетіні болмаса, оқиғасына терең бойлаған емес. Сондықтан келіншегінің басты рөл ойнайтынына аса мән бере қоймаған. Несі бар, өз ортасында сыйлы болса жетеді емес пе? Оның үстіне режиссер Тұнжырдың актерлік шеберлігіне, берілген рөлді шынайы алып шығарына сенген шығар. Осы оймен ол жарын бар жалынымен құшырлана сүйді.
– Бір айдан соң қойылымның премьерасы болады. Сен да келесің ғой, ә? – деп Тұнжыр күйеуінің иығына басын сүйеді.
– Міндетте түрде. Бірақ алдын-ала айтып қой. Ұмытшақ екенімді білесің ғой.
– Есіңе екі-үш күн бұрын саламын. Міндетті түрде келуің керек. Бірақ алдыңғы орындықтардың біріне отырып алма. Саған көзім түсіп кетсе жаттап алған сөздерімді шатастырып алармын.
– Сенің зейінін мықты емес пе еді?
– Сонда да ортаңғы немесе артқы орындықтардың біріне отыршы. Мені алыстан бақылайсың.
– Япырай, қайдан ойыма келмеген? Сені алыстан да бір байқап көру керек екен.
Дәурен бұл сөзді ойланып айтты ма, әлде ауызыңа түсе кеткенді ақтара салды ма, кім білсін, алыстан байқағанның азабын тартармын деп ойламаған.
Сол күннен бастап Тұнжыр түсініксіздеу әдет тапты. Үйге келсе айнаның алдынан шықпайды. Джульетта болып күледі, Джульетта болып күңіренеді. Бөлмеде әрі-бері жүгіріп, еденге аунай кетеді. Жалын ата күрсініп, ауыр мұңға батады. Кейде өзін қоярға жер таппай, шарқ ұрады. Белгісіз нүктеге көзін қадап, дауысына діріл араластырып ұзақ монолог оқиды. Екі көзі шоқтана жанып, ғашықтық сезімін ақтарып тұрған сәті адам шошырлық. Осындайда бөлмеге кіріп келген Дәуренді сыртқа қуып та шығады.
– Болмайды, Дәурен, болмайды! – деп кеудесінен итеріп басқа бөлмеге бара тұруын өтінеді.
«Мынаған шайтанның шапалағы тиген бе? Әлде Ләйлі боламын деп есінен адасқан ба?» деп Дәурен шошынады. Ол еркелегенде «Дәукеш!» деп сызыла қалушы еді. Бүгін «Дәурен» деп тікесінен тік тартып тұр. Япырай, арамызға көзге көрінбейтін сызат түсе бастағаны ма?
Дәурен теледидар көруден жалығып, таза ауамен тыныстап қайту үшін сыртқа шығып бара жатыр еді, Тұнжыр отырған бөлмеден ән естілгендей болды. Дәурен кілт тоқтап, әнге құлақ түрді. Мына ғажап әнді қайдан тыңдап еді? Адам бойына шымырлап кіріп, жан-дүниеңді астан-кестен ететін бұл әнде қандай құдірет бар? Дәурен ән ырғағына еріксіз шырматылып қалды. Біреу аяғын тұсап қойғандай, бір адым алға баса алсашы. Әннің әдемі иірімдеріне бөлмедегі барлық жиһаздар да ұйып қалған тәрізді. Төбеде салбырап тұрған аспашам да жалт-жұлт етіп, ән ырғағымен баяу тербелетіндей. Ғажайып сиқырлы әлемге тап болған Дәурен бір орнында тапжылмай тұрып қалды. Барлық еркін түгел тұтқындап алған әуезді ән тұла бойын шымырлатып, бөлекше бір сезімге бөлеп тұрды.
Әлден соң Дәурен ұйқысынан шошып оянғандай селт етіп, ән естіліп жатқан есікке қарай жүрді. «Демек, қойылымда ән ырғағымен билейтін жері де бар екен ғой». Есікті ұрылардай ептілікпен ашқан Дәурен өз құлағына өзі сенбей қалды. Әсем қозғалыспен әдемі ән салып жүрген Тұнжыр болатын. «Менің жарым әнші де екен ғой!». Дәурен жұбайының образға кірген шабытты шағын бұзғысы келмей, аяғын мысықша басып сыртқа шығып кетті.
Трагедия бірер айдан ұзаңқырап барып, сахнаға шықты. Сол күні театрда ине шаншар орын болған жоқ. Көрермендер залының алдыңғы қатарына облыс әкімдері, олардың орынбасарлары, басқарма басшылары, танымал қаламгерлер, өнер қайраткерлері, биіктеу биліктің дәмін татқан бұрынғы шенеуніктер отырды. Дәурен бұл тәртіпті бұрыннан білетін еді. Сондықтан, алға ұмтылмады. Оның үстіне келіншегінің ескертпесі есінде. Оны қолайсыз жағдайға қалдырып, не ұтады?
Бір кезде көрермендер көгершіндей дүр етіп орындарынан көтерілді. Өз қиялымен отырған Дәурен де орнынан тұра берді. Артынша келгендер жайғасып, сахна пердесі түріле бастады. Дәуреннің құлағынан қоңырау үні кетпей қойды.
Сахна шымылдығы қалай сыпырылды, солай ию-қию арпалыс басталып кетті. Бір кезде ортаға Ромео мен Джульетта жұлқынып шыға келді. Үстіне тар шалбар мен көйлек киіп алған актер Джульеттасын айналдыра қуып, бұрышқа тақап, ұстамаған жері, сүймеген тұсы қалмады. Бұдан әрі Дәуреннің көзі тұманданып кетті. Бұл жерге не үшін келгенін, мына тобырда не үшін отырғанын ажырататын қалде емес еді. Орнынан тұрып кетіп қалайын десе оның да ретін таппады. Бір кезде көзін ашса трагедия аяқталып, актерлер легімен көрермендерге бас иіп тұр екен. Дәурен соншама актердің ішінен келіншегін бірден таныды. Жүзі таңғы арайдай мың құбылған Тұнжырының құшағы гүлге толыпты. Сонда да оған гүл тықпалап жатқандар тіптен көп. Ортаға облыс әкімі атынан гүлдесте қойылды. Оны «ықылас гүлі» деп атайды екен.
Ұзақ қол шапалақтаудан құлақ тұнды. Онсыз да ызадан жарылардай болып тұрған Дәуренге мына қошемет аярлықтың, көрсеқызарлықтың, біреудің пісіп, жетіліп тұрған бақшасына ұрлыққа түскендей қылмыстың айнымас айғағындай көрінді. Онсыз да Тұнжырға гүл сыйлаушылар оның бетінен, Дәуреннен басқа жан ұстап көрмеген нәзік саусақтарынан шөпілдете сүйіп, бұрын-соңды болмаған дара құрмет көрсетіп жатыр. Театр тарихында Джульетта образын тап Тұнжырдай бұрын ешкім сомдап шықпағандай-ақ құшырлана сүйетіндерін қайтерсің? Тіпті, арқасын қаққансып, кең құшақтарына сіңіре құшақтап, қос анарынан байқатпай сыйпап өтіп жатқандарды да аңғарып қалды. Бұдан әрі шыдап тұрудың өзі азап еді. Дәурен жылыстап сыртқа беттеді.
Есік алдында көзтаныс жігіттер мен олардың келіншектері кездесіп қалды. Аялдамасқа амалы қалмады.
– Дәурен, құттықтаймын! Тұнжыр рөлді асқан шеберлікпен ойнап шықты. Өзі де Джульетта десе Джульетта ғой, шіркін!
Асанның аярлықтан тыс сүйіспеншілікпен айтқан бұл бағасы Дәуреннің жүрегіне шаншудай қадалды. «Кәззап! Аярлықпен айтып тұр. Келіншегіңді сүймеген адам қалмады ғой, абай болмайсың ба деп тұр ғой!» деп өзінше жорыды. Біреуі киім ілгіштен күрткесін алып, енді бірі танысын күтіп, олар біраз бөгеліп қалды. Осы кезде қайдан шыға келгені белгісіз, Тұнжыр қастарына жетіп келді. Өзі қошеметшіл көрермендердің арасынан зорға босанған ба әлде күйеуін іздеп әрі-бері жүгірген бе, ентігіп тұр.
– Дәукеш! Банкет болайын деп жатыр. Бізді облыс әкімі күтіп тұр, – деп Тұнжыр күйеуін қолынан ұстап жетелей жөнелді.
Дәуренге салса осы жерден үйге тартып кетпек еді. Облыс әкімінің аты аталған соң шегінерге жол таппай қалды.
Банкет залы өңшең ығай мен сығайға толы екен. Ортадағы үстел тағамның неше түрінен қайысып тұр. Ішімдіктің неше атасын солдаттардай сап түзетіп қаз-қатар тізіп қойыпты. Бағана сахнада көрсетілген қошемет-құрмет тағы жалғасты. Облыс әкімі әуелі театр директоры мен бас режиссеріне алғыс айтып, бас рөлді сомдаған Тұнжырға келгенде дауысы дірілдеңкіреп кетті.
– Өнер айдынына Тұнжыр Таңатарова деген жаңа талант келіп қосылды. Мен оны бүгінгі жеңісімен құттықтаймын! – деп қасында қарқарадай қарауылы бар сүйріктей келіншекті құшақтап бетінен, көзінен сүйді.
– Қаншама жыл режиссер болдым. Бірақ, Джульетта рөлін дәл Тұнжыр Таңатаровадай алып шыққан актер көргенім жоқ, – деп режиссер Мүзір Арғынбеков әкімнің сөзі үшін тост көтеруді өтінді.
Жиналғандар сусап тұрған жылқыдай алдарындағы рюмкеге жапатармағай қол созып, кідірместен тартып-тартып жіберді. Дәуреннің ішімдік атаулыға құмары да, ықыласы да жоқ болатын. Бұл жолы вискидің өзін шімірікпей алып қойды. Аздан соң денесі қыза бастады. Бойында бұрын байқала бермейтін батылдық пайда болды. Көзі қызарып, тиісерге қара таппай тұр.
Әлгінде сахнада Джульеттасын қуыршақтай иіріп, қалаған жағына идіріп, құшырлана құшатын тар шалбарлы актер бұл жерде де еркінсіп алыпты. Тұнжырдың қасына келіп, онымен баяғыдан бекем байланысы бар адамша, ретін тапса иығынан құшақтамақ ойы бар. Осыны сезе қойған Дәурен әлгінің қолын қағып жіберді. Ромео сасқалақтап, айналасына «мынау қайтеді-ей» дегендей сұраулы жүзбен қарады. Осы кезде Тұнжыр ортаға шығып:
– Осы ортада менің күйеуім бар. Біз бір-бірімізді сүйеміз. Дәурен бүгін мені қолдау үшін келді, – деді.
Сұлу да ақылды келіншектің әр сөзі бұйрықпен тең еді. Ішімдіктің уытымен сұлу да сымбатты актрисаны меншіктей бастағандардың арыны басылып қалды. Осы кезде Тұңжыр Дәуреннің қолтығына кіре түсіп:
– Танысып қойыңыздар, менің жолдасым Дәурен, – деді.
Үнінде мақтаныш сезім бар. Жиналған көпшілік енді Тұнжырдың тамаша жолдасы үшін алып қойды.
Бұрын ішімдікті татып алмайтын Дәурен қызара бастады. Орынды-орынсыз сөйлеп, келгендердің берекесін алды. Түсінігі мен танымы бөлек Дәурен енді болмағанда әлденені бүлдірер ме еді, Тұнжыр күйеуіне наздана қарап:
– Жаным, жетеді енді. Үйге қайтамыз, – деді.
Дәурен жұбайының өтінішін екі еткен жоқ.
Олар үйге дейін таксимен келді. Дәурен ваннаға түсіп алды да жатып қалды. Тұнжыр үйдің шаруасымен біразырақ бөгеліңкіреп келгенде күйеуі бүк түсіп жатыр еді.
– Жан! Ұйықтап қалғанбысың? Көрдің ғой, айтсаңшы, Джульеттаның рөлін қалай ойнадым? Көрермендер риза болғаны соншалық, құшағыма гүл сыймай кеткен жоқ па?
Дәурен бері аунап түсті.
– Қатырады екенсіңдер!
Тұнжыр осы бір ауыз сөздің өзінен көп жәйтті көңіліне тоқыды. Дәуреннің ішіне шоқ түскенін біліп жатты.
Сол күні екеуі де дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты.
Арада бірер апта өткенде Дәурен келіншегінен:
– Осы Ромео мен Джульетта дегендерің кім? – деп сұрады.
Тұнжыр күйеуінің ашуы қайтып, өнер атты құдіреттің сырын білуге талпын­ған екен деп қуанып қалды. Сосын барын салып түсіндірмекке талпынды.
– Дәукеш! Өзің де білесің, бұл Уильям Шекспирдің трагедиясы. Оны қазақ тіліне аударған қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев.
Кекілбаевтың аты аталғанда Дәурен елең ете қалды. Демек, жаман қойылым болмады.
– Иә, сонымен?
– Оқиға Верона мен Мантуяда өтеді. Монтекки мен Капулетти әулеттері өзара өштесіп жүр. Қырсық шалғанда осы екі әулеттің жігіті мен қызы бір-біріне ғашық болып қалады.
– Ана тар шалбарлы, сені сәт сайын құшақтай беретін жігіт сияқты ғой.
– Қойшы, жаным! Бұл – өнер ғой! Өнерде ондайлар бола береді.
– Сонда менің жарымды кім көрінген құшақтап, сүйе бермек пе?
– Онда сен ұнатпасаң, театрдағы жұмысымды тастайын.
– Солай еткенің дұрыс болар.
Бірақ Тұнжыр театрдағы жұмысын тастай алмады. «Көрермендер күтіп қалды», «Бір жарық жұлдыз жоғалды деп сені күткендер көп», «Театрға келушілер азайды. Бізді өлтіремісің? Сені күтіп отырмыз», «Сенсіз театр жабылады» – деген көпшік қойыла айтылған сөздер Тұңжырды еріксіз театрға қайта әкелді.
– Жарайды, басқа кез келген рөліңді ойнай бер. Бірақ, ана тар шалбарлының қасынан екінші қайтара көрмейін, – деп Дәурен өнерді сүйетін, онсыз бір күн тұра алмайтын келіншегіне рұқсат берді.
Ол театрға бармаса, тиісті рөлін сомдамаса су құйылмаған құмырада жайқалып өсіп тұрған гүлдей ерте солатынын жүрегімен түйсінді. Тұнжыр өнер үшін туған жан еді. Сахнаға шықса бұрынғысынан да жайнап, көріктеніп кетеді. Өзіне тиесілі образды шынайы шығаратыны сондай, оның бейнелеуіндегі кейіпкерге екінің бірі еліктеп, сырттай ғашық болып қалатын.
Ең жаманы сол, театр гастрольдік сапарға жиі шығады. Ондайда Дәурен өзін қоярға жер таппайды. Үйге бір кіріп, бір шығып, уфілеп жүріп алады. Арқасынан құшақтап, иығынан сүйіп, жұбатқалы сөз айтқалы келген келіншегінің қолын қағып жібереді.
– Дәукеш! Бұл жолы тым ұзаққа кетпейміз. Бір жетіде ораламыз!
Бірақ осы бір жетінің өзі Дәуренге жылдай көрініп, тағатын тауысатынын келіншегі білмейді емес. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығы. Ол театрдан кетсе болашағы қандай боларын болжай да алмайды. Әлде Өнер академиясына барып, студенттерге дәріс оқи ма? Ал сонда құдіретті сахна қайда қалады? Тұнжырдың осыған миы жетпейді. Сахна арқылы елімізге, одан да тыс елдерге аттары мәшһүр болған өнер қайраткерлерін еске алады. Олардың бірқатары өзімен қоян-қолтық қызмет істеп жүр. Солардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибесінен үйреніп жүре берсе халық артисі атанбаса да белгілі бір шыңға қиналмай шығатынын жақсы біледі. Сондықтан қанша қиналса да, қызғаныштың отына өртеніп жүрген күйеуін аяса да театрсыз өмір сүре алмайтынын ұғынып қалған еді.
Бір күні Дәурен келіншегінің бұрынғысынан толысып, ажарлана түскенін байқап қалды. «Тағы бір жігітке ғашық болып қалғаннан сау ма?» деп көңіліне күдік алды. Бірақ күйеуінің сұқтана қарап қалғанын сезген ерке келіншек күліп келіп мойнына асылды.
– Жан! Біз бөпелі боламыз!
Мұны Дәурен күтпеген еді, абдырап қалды. Әлден соң ес жиып, келіншегін құшақтай алды. Сол бойы көтеріп, жатын бөлмесіне өтті.
– Қойшы, Дәукеш! Қытығым келеді!
Тұнжыр қуаныштан талықсып жатты. Сол түні Дәурен оны көп аймалады.
– Бұрын неге айтпадың?
– Саған тосын сый жасағым келді.
Толысып, дөңгелене түскен Тұнжыр театр жаққа сирек барады. Мұның өзі Дәуренге майдай жағады. Ол енді бұрынғысындай келіншегіне алаңдай бермейді. Көңіліне күдік ұялап, ішінде қасқыр ұлып жатқан кезде жұмысын қожыратып алып еді, босбелбеу жүрген шақтарының есесін түгендеуге мықтап кірісті. Басшылары оны қайтадан мақтай бастады.
Көптен күткен күн де келіп жетті. Тұнжыр айы-күні жақындағанда шешесін шақыртып алды. Оған ілесе сіңлісі де келді. Дәуреннің үйі шаттыққа шомылды. Тұнжырдың анасы Күмісай кексе тартқанымен ажарын бере қоймаған әйел. Күйеу баласын қызынан артық көрмесе кем көрмейді. Дәурен жұмысынан келгенде енесі мен балдызы Жәудір дастарханды жайнатып қойыпты.
– Апа-ау, мұнша әуреленгеніңіз не? – деді енесіне еркелеп.
– Әуреленгені несі? Осы да жұмыс болып па? Тұнжырым өмірге балапанымды әкеле жатқанда бұл үйде күнде той болуы тиіс. Қара да тұр, тұңғыштарыңды қырқынан өзім шығарып кетемін. Мені оған дейін үйлеріңнен қумаңдар, – деді енесі.
– Апа, сізді үйден кім қуып жатыр? – деп бұртиды Дәурен.
– Әрине, қумайсыңдар. Қуып көріңдерші, қане?
Енесінің де барымтаға қарымтасы дайын. Сосын күйеу баласын еркелетіп, бетінен сүйеді.
– Аллаға мың қайтара шүкір! Осы күнге де жеткіздің-ау, – деп тәубеге келіп отырады.
Бір күні таңертең Тұнжыр бебеулеп қиналып оянды.
– Жедел жәрдем шақыр. Бөбектеріңнің дүние есігін ашар күні келіпті, – деп Күмісай қызының қасына кетті.
Көп ұзамай жедел жәрдем көлігі де келіп қалды. Ішін басып, қиналғанын білдіргісі келмей, ернін тістеп алған Тұнжырды шешесі мен күйеуі көлікке сүйемелдеп мінгізді. Дәуреннің де барғысы келген, дәрігерлер хош көрмеді.
– Әйел адамның баруына болады, – деді дәрігерлердің бірі.
Амал қанша, «онда өзім барайын» деп Күмісай қызының қасына жайғасты.
Үйде Жәудір екеуі қалды. Дәуренге уақыт өтпей қойған сияқтанды. Таңғы тамағын асыға ішіп, жұмысына кетті.
– Аға! Апамнан хабар келсе сүйінші сұраймын, – деді балдызы.
– Сүйіншің дайын, алтыным, – деп Дәурен балдызының маңдайынан сүйіп, қызметіне кетті.
Жұмысыңа жеткені сол, балдызы қоңырау шалды. Үніңде шаттық белгісі бар. Келіншегі қыз босаныпты. Дәуреннің жүрегі атқақтады. Әке атанды. Бұдан артық қандай бақыт керек?
– Атын мен қоямын, – деді кешке қарсы алған балдызы.
– Қуыршақтай қызды болдың! Қуаныштарыңды ұзағынан сүйіндірсін! – деп енесі бетінен сүйді.
Айарудың өз үйіне келгені ерекше аталып өтілді. Екі жақтан да келушілер көп болды. Қызметтестер, достар, көршілер той қызығын еселей түсті. Дәуреннің шаңырағынан бірнеше күн бойы адам үзілмеді.
Қуаныштың үлкені Тұнжырды перзентханадан алып келген күні болды. Дәурен кішкентай мұрнын тыржитып, тыс-тыс етіп ұйықтап жатқан қызына қарай береді.
– Қарай берме. Көзің өтеді, – деді ауылдан келген анасы Сұлушаш.
– Тұңғышы ғой, қайтеді енді! – деп енесі құдағиына басу айтты.
Қалай дегенде де Дәуренге құртақандай қызы ыстық көрінді. Қандай қыз болып өсер екен? Анасына тартып, ажарлы болатын шығар? Мінезі кімге тартар екен? Осы сияқты сан сауалдың жауабын таба алмай айран-асыр күйде жүреді.
Айару қылық шығара бастағанда қуанышы тағы да еселене түсті. Бұрын жұмыстан соң жора-жолдастарымен бөгеліп қалатын Дәурен қолы босай қалса үйіне қарай зымырайды. Айаруды иығына салып алып, ауладағы бау ішінде ұзақ жүріп алады. Күні бойы бала бағудан қолы босамайтын Тұнжыр да күйеуінің келгенін асыға күтеді.
Зырлауық уақыт толас тапқан ба, бір күні Айару еңбектегенді қойып, сүрініп-қабынып жүре бастады. Міне, осы кезде ұйқысынан шошып оянғандай Тұңжыр тосын шешім айтты.
– Айаруды балалар бақшасына береміз. Үйде отыра-отыра жалықтым. Ұжымымды, жұмысымды сағындым. Театрға қайтып барамын, – деп жұбайына тоқетерін бір-ақ айтты.
Дәурен енді оны тоқтата алмасын білді. Көз алдына жайраң қаққан Ромео мен Джульетта келді. Айтпақшы, Тұнжыр осы рөлден соң Қыз Жібекті, артынша Баян Сұлуды ойнап еді. Неге бұған бас кейіпкердің рөлі бұйыра беретінін білгенімен, шындықтан қашып құтыла алмайсың, бас режиссердің де Тұнжырдан дәмесі бар екенін іші сезетін. Кешке театрға барып, келіншегін алып қайтпақ болғанда Мүзірдің айналшықтап, Тұнжырды жібергісі келмей сипақтап тұрғанын талай көрген. Бірақ Дәурен келіншегінің адалдығына, оның нәзік жүрегі өзі деп соғатынына күмәнданған емес. Қаншама көрермен таланты мен көркем келбетіне ғашық болып, қаншама қошемет көрсетіп, сый-сияпатын ұсынғанмен, актриса жүрегінің кілтін ашпады. Бір ғана адамға деген махаббатынан айныған жоқ. Дәурен сол үшін де оны бағалай білді.
Дегенмен, жарының жұмысқа қайта шығамын дегені Дәуреннің ішін тырнаған. Сыртқа ештеңе білдірмесе де ішінде бір күдік жатты. Айаруды балалар бақшасына орналастырып, оны жаңа ортаға бейімдегеннен соң, Тұнжыр театрды бетке алып бара жатты. Театр директоры Тілеулі өлген адамы тіріліп келгендей қуанды. Сол күні-ақ театр ұжымына дастархан жайып, Тұнжыр Таңатарованың қайта оралуын атап өтті. Көптен ұжымнан жырақтап, бала күтімімен үйінде отырыңқырап қалған Тұнжырға жаңа бір әлемнің есігі ашылғандай. Оған есіктен кіріп үлгермей жатып бас кейіпкер рөлі тиді. Төңірегінде топырлап, айналасын қоршап жүретін талантына табынушылар көбейді. Олардың арасында есебін тауып, сұлу артисті қармаққа ілгісі, қолтықтап жүргісі келетіндер де бар. «Өнерімді бағалайды, талантыма сүйсінеді» деп ойлайтын періште пейілді жас актриса солардың көбісін байқамағансиды. Бәріне күле сөйлеп, күле жауап береді. Ашулануды білмейді. Қашан да күміс күлкісі төгіліп, айналасына ерекше бір сәуле шашып тұрады.
Баяғы қарбалас, репитиция, гострольдік сапар Тұнжырға ғана қарап тұрғандай бірінен соң бірі қос-қабат келіп жатты. Дәурен келіншегінің үйде қанша күн түнемегенінің санынан жаңылысып қалды. Таңертең Айаруды балалар бақшасына апарып тастап, жұмысына асығады. Қуыршақтай қызын бақшадан алып қайтады. Бақшадан шыққанда сәби күлкісімен арсалаңдап келіп, әкесінің мойынына асылатын Айару үйге келгеннен соң қиғылық салады.
– Мамам қайда? Қашан келеді? – деп жұбанбай жылайды.
Қызын түрлі амалмен алдаусыратқанымен, кіп-кішкентай Айару оңайлықпен бой бермейді. Дәурен қызының бойынан анасының көптеген мінезін көргендей болады. Айару бірбеткей, айтқанынан қайтпайды. Бір жыласа, жұбануы қиын. Ал, ойын қызығына түсіп кетсе қашан қалжырағанша жүре береді. Қарнының ашқанына да қарамайды.
Дәурен енді келіншегі гастрольдік сапарға кетер алдында ауылдан анасын шақыртатын болған. Оның қолы тимей жатса енесіне хабар береді. Айару екі әжесіне де бауыр басып алды. Қайсысы келсе де әлденені былдырлап алдында отырады. Айналасында құлдыраңдап ойнап жүреді.
Тұңжыр қандай сапарынан да көңілді оралады. Айаруды айналып-толғанып, әкелген сыйлықтарын беріп, алған киімдерін бірінен соң бірін кигізіп шығады. Қуаныштан жүзі балбұл жанған Айару анасына еркелеп, шаттана күледі. Бұл күні олар бір-бірінен оңайлықпен ажырамайды. «Ана махаббаты деген осы ғой енді» деп келіншегінің бар ынта-ықыласы қызына ауып кеткенін түсінгісі келсе де өзіне келгенде көңіл бөліңкіремейтіні немесе уақыт жеткізе алмайтыны ішіне шоқ түсіреді.
Ол ішіндегі осы шоқты өшіре алмай жүргенде Тұнжыр Таңатарованың бойында бұрын байқала бермейтін бір мінез пайда болды. Бұрын жұмысынан көңілді оралатын ол соңғы кезде әлдебір тұңғиық ойдың шырмауында жабырқап, тұңжырап келетінді шығарды. Үйге келісімен киімдерін тез ауыстырып, тамақ қамына кірісетін әдетінен де жаңылды. Жатын бөлмеге кіріп алып, ұзақ уақыт шықпай отырып алады. Дәурен «Сан мың көз сұқтана қарайтын актерлік жұмыс та оңай емес» деп ойлайды келіншегін түсінгісі келіп. Оған анасының бір келгенде: «Соншама адамның алдына шығып, өнер көрсету оңай ма, балам. Көп болған соң ішінде көзінің сұғы бары да кездеседі. Сондықтан, келіншегіңді мықты молдаларға апарып, үшкіртіп отырсаң артық болмас еді» деген. Бір жолы жұмыстан басының сақинасы ұстап, қатты ауырып келгенде анасы молдаға апарып, оқытып қайтқаны бар. Молданың үшкіргені әсер етті ме әлде дәрінің шипасы тиді ме, Тұнжыр көп ұзамай басын көтерді. Содан былай жұбайы жұмысынан қалжырап келгенде о бастан әйеліне қарап жекіп көрмеген Дәурен оған аяушылықпен қарайтын.
Соңғы кездері әйелінің бойындағы өзі түсінбейтін оғаш қылық асқынып бара жатқанын аңғарды. Расында, бұл баяғы Тұнжыр емес. Елдің еркесі, көпшілік көрерменнің сүйікті актрисасы. Барлық гастрольдік сапардан олжалы оралып жүр. Былтыр «Жылдың ең үздік артисі» аталымының иегері атанды. «Театр көктемі» атты республикалық байқауда өзі жұмыс істейтін ұжым бас бәйгені, бұл «Ең үздік әйел бейнесі» аталымының иесі болды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Театр ұжымы оны енді мемлекеттік марапатқа ұсынып жатқан көрінеді. Осының барлығы көңіліне желік бермейді ғой деймісіз?
Алайда, қызметтегі мансапты, атақ пен абыройды отбасылық құндылықтар мен қарым-қатынасқа араластырудың қаншалықты қисыны бар? Қызметте кімдер абыройға бөленбей жүр? Кімдер марапат алмай жатыр? Бір кездегі басқарманың қатардағы қызметкері Дәурен бүгінде қала әкімінің білдей орынбасары. Енді оны облыстық әкімдік лауазымды қызметке шақырып отыр. Дәурен мен сондай екенмін деп кеудесін керген емес. Үйде қандай қарапайым болса жұмысында да сол қалпы.
Осыларды ойлай келіп, Дәурен келіншегімен ашық сөйлеспекке бекінді. Бірақ көпке дейін орайы келе қоймады. Бірде үйге қонақ келіп қалады. Тағы бірде жұмысынан өзі кешігіп келеді. Тұнжырдың жұмыстан шаршап келуі әдетке айналған. Соңғы кезде ол әлдекімдерді сырттан ғайбаттап отыратын да өнер ашты.
Мұның құпиясы көп кешікпей ашылды. Таланты мен ажарын көре алмай күңкілдеп жүретін мыстан саясаттың жезтырнақтары бұл мемлекеттік марапатқа ұсынылғанда жоғарыға арыз айдапты. Арыз болғанда да бәле баққан бақастар қара күйені аямай жағыпты. Ойбай, несін айтасың, жақпаған жаласы, айтпаған қарасы жоқ. Тұнжырды әуелі кемталант деп жазғырыпты. Сонысына қарамай театр басшыларының қолтығында жүретіндіктен қамқор қолдың ғажайып сыйы арқылы барлық мақтау-марапатты алады деп бір тоқтапты. Бұған да қанағаттанбай, неше түрлі пәлені үйіп-төге берген. Ең соңында күйеуі әкімдікте үлкен орынтақта отырғандықтан да қолтығынан демеушілер көп деп көкіпті.
Бұған енді қалай жаны ауырмайды? Жұмысынан кетіп қалайын десе, кінәлары әшкереленген соң да қарабет болып қашып кетті деп сырттай табалайтындар табылады. Екі оттың ортасында қалған Тұнжыр ойлана келе ешқайда кетпеуге бекінді.
– Осы жұмысыңды қоя салсаң қайтеді? Менің табысым қай жағыңа жетпей жатыр? – деген күйеуінің сөзіне шат-шәлекей ашуланып қалды.
– Сен шынымен шала ойлайсың-ау осы. Мен жұмыстан кетсем, соңымнан ерер бықсық әңгіменің тыйыларына сенімің бар ма?
– Бықсық әңгіменің еруіне өзің ырық беріп жүрген жоқсың ба? Соңғы кездері қылтың-сылтыңың да көбейіп кетті. Байқа. «Көп жортқан түлкі терісінен айырылады» деген сөз бар.
– Қандай қылтың-сылтыңымды көріп едің? Мені бір түсінсе сен түсінеді деп ойлаушы едім. «Сенген қойым сен болсаң…».
Тұнжыр таусыла сөйлеп, жылап қалды. Бұдан әрі салғыласа берудің жөні жоқ екенін білген Дәурен бөлмесіне кетті.
Тұнжыр тұнжырап екі-үш күн жүрді де қабағы шайдай ашылды. Күлім қаққан жүзінде күйеуіне деген реніштің ізі де қалмапты. Қайта Дәуренге деген ынтық сезімі қайта оянғандай.
– Дәукеш! – деді ол кешкі тамақ үстінде жадырай түсіп. – Ерегіскенде бар ғой, театрдан кетпеймін. Қызғаншақтардың іштеріне шоқ түсіріп, әлі талай шыңдарға шығамын. Талай рөлді сомдаймын. Құдайдың өзі беріп тұрған абыройынан бас тартып нем бар! Беріп жатса, марапаттарын да алармыз.
Сүйгенінің іш тарта, өзімсіне айтқан сөзіне Дәурен майдай еріді. Иә, несі бар, сыңары шыңға шықса абырой емес пе? Тұнжырдың көкірегіне кек сақтай бермей, лезде жадырап, күйеуімен кеңесуі оның өзіне деген құрметі мен сенімінің белгісі. «Тұнжыр Таңатарова театр үшін жаратылған жан. Бұлбұлды торға қамап шырқата алмайсың. Оны еркіндікке жіберу керек. Көңіліме кірбің салатындай артық әрекетке бармайды. Ол мені сүйеді» деп Дәурен елжіремелі ойға шомды. Шытынап жүрген көңіл шынысы осылай бүтінделді.
Күн артынан күн аунап, уақыт зымырап өтіп жатыр. Облыстық әкімдікке қарасты басқарма басшысы болып қызмет ауыстырғалы жұмысы бастан асады. Келетін қонақ та, комиссия да көп. Әкімдікте өтетін жиынның есебіне жету қиын. Қарбалас үстіне қарбалас. Тұнжырдың да жұмысы бір басына жетіп артылады.
Тұрлауы жоқ қу тіршілік пенде шіркінді дегеніне қашан жеткізген? Ана шаруа бітсін деді, мына жұмысты реттеп алайық деді, уақыт деген ұрлықшы ғұмырының небір шуақты, шат-шадыманды шақтарын келместің кемесіне мінгізіп аттандырып жіберіпті. Енді безбендеп қараса өмірінің жуан ортасына да барып қалған екен. Кеше ғана құндақтаулы жатқан Айаруының өзі бүгін-ертең мектеп бітіргелі тұр. Тұнжыр Айарудан кейін құрсақ көтермеді. Тіршілік атты тоқтамас жүйріктің қарбаласынан ба әлде шаңырақтағы шаттықтың шамы өшпей үнемі жарқырап жанып тұрғаннан соң ба, отбасында әлдебір нәрсенің жетпей тұрғанына екеуі де көңіл бөлмепті.
Бәріне де сол той себепші. Дәурен сүйіктісін ертіп, досының тойына барған. Ол екі ұлын бірдей сүндеттеген. Ортаға шыққан әнші «шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін қашан да» деп тұрып алса болар ма? Әлден соң шыққан тағы бір әнші басқа ән құрып қалғандай тағы осы әуенді боздатсын келіп. Шараптың буымен шалқып отырған Дәуренге бұл ауыр соққы болды. «Ит-ай, мені меңзеп айтып тұр-ау! Мына зәнталақ әдейі айтқызып тұр. Болмаса бір рет шырқаған соң басқасына ауыспас па?» деген ой Дәуренді мүжи түсті.
Тойдан тұңғиық ойға беріліп қайтты. Үйге келген соң да дөңбекшіп ұйықтай алмады. Орнынан тұрып, асханаға өтті. Бір шыны көк шай демдеп ішті. Далаға шығып, есік алдындағы орындықта түнгі тынық ауаны құшырлана жұтып, ұзақ отырды. Аспанда ай қалқып жүзіп барады. Маңайындағы сан мыңдаған жұлдыздар жымың қағады. Дәуренге ай балапандарын ертіп жүзіп бара жатқан қаз сияқты көрінді. «Егер жұмыс, жұмыс деп шапқылай бермесек, біздің де балаларымыз осындай көп болар еді» деп қамықты. Ең өкініштісі де сол, соңында атбайлар ізбасары жоқ. Айару болса, болмаса да басқа шаңырақтың адамы. Сонда ертең қартайғанда екеуден екеу шошайып қалмақ па? Осы ой есіне түскенде Дәуреннің денесі түршікті. «Қой, болмас, бір әрекет жасайық» деп ойлады үйге кіріп келе жатып.
Тұнжырдың көрпесі ашылып қалыпты. Кеудесіндегі қос анары бір көтеріліп, бір басылып, әдемі кейіпте жатыр. Тоқ балтырлар ай сәулесімен шағылысып, құмарлық құртын оятады. Білектей қос бұрымы тарқатылып, жастыққа шашылып түсіпті. Жеңіл ғана тыныс алып жатқан ол сәбидей балғын еді. Осы жатысында тұңғышы мектеп бітіргелі отырған келіншек емес, кәмелетке жаңа толып, соңғы қоңырауға қатысқалы тұрған бойжеткенге көбірек ұқсайды. Ұйқыдағы ару. Осы аттас суретті қайдан көріп еді? Әрі ойланып, бері ойланып, есіне түсіре алмады.
Дәурен ұйықтап жатқан келіншегінің тәтті ұйқысын бұзғысы келмесе де құштарлықтың құрығынан шыға алмады. Келіншегін өзіне қаратып алып, үлбіреп жатқан бетінен, ыстық ернінен құшырлана сүйді. Оянып кеткен Тұнжыр:
– Дәукеш! Мұның не? Қойшы! Ұйқым келіп жатыр, – деп теріс аунап түсті.
Дәуреннің бойындағы жаңа ғана бас көтеріп келе жатқан құмарлық құрты су сепкендей басылып қалды. «Осының бір бәлесі бар. Ертең сөйлеспесем болмас» деп Дәурен өз ойымен әуреленіп кетті.
Оның бұлай ой сорабынан шыға алмайтынындай да бар. Ана бір жолы екеуі оңаша қалғанда шаңыраққа ие болып қалатын осы үйге бір еркек кіндік бала керектігін айтқанда Тұнжыр шоршып түскен.
– Мен әлі діттеп жүрген атағымды алғаным жоқ. Егер бала көтерсем, мына тал шыбықтай бұралып тұрған мүсінім сабындай еріп, мүскін халге түспеймін бе? Сосын кімге керекпін? – деген мұрыны қусырылып.
«Бұған ұрпақ сабақтастығы, менің ертеңім керек емес екен ғой. Бар есіл-дерті абырой-атаққа ауыпты. Мұны енді тоқтату қиын шығар» деп бір қойған. Содан беріде түнгі тоятын бөліспей, талай рет меселін қайтарғаны бар. «Білесің бе, Дәукеш! Тән тояты адам мүсінін кәдімгідей бұзады екен. Әбден сағынғанда барып мақұл дейін саған» деп наздана бетінен сүйген. Енді қарап отырса осының бәрі бәленің басы емес пе екен? Қаусап отырған қарт емес, сағынбайды дейсің бе! Сағынады. Сонда қолын қақпайлай беретіні несі? Әлде жасырын біреуі бар ма? Тұнжыр ондайға қиятын келіншек емес еді ғой. Ол өзі күмәнданған жәйттердің барлығын жарына жайып салып, басын тұмшалаған түйткілдерден біржола құтылғысы келді. Егер күмәні расқа айналса бұдан әрі ерлі-зайыпты болып, бір шаңырақ астында өмір сүрудің мәні де, маңызы да қалмайды.
– Осыдан таң атсын, бәлем!
Кешкісін түрлі ойлардың шырмауында жатқандықтан ба, кеш оянды. Бүкіл денесі зілмауыр тартып қалыпты. Үй іші алакөлеңке. Терезеден тырс-тырс еткен жаңбыр дыбысы естілді. Терезені айқара ашып еді, салқын ауа лап қойды. Аспанды қою бұлт тұмшалапты. Денесін көтертпей тұрған салмақтың сыры белгілі болды. Иә, бүгін денеге ғана емес, жүрекке де салмақ түсетін күн.
Жуынып ас үйге өткенде Тұнжыр таңғы асын ішіп болып, кеткелі жатыр екен.
– Қайда асықтың?
– Жұмысқа да.
– Мұншалықты ерте шықпаушы едің.
– Шаруа көп.
– Иә, сенің-ақ шаруаң бітпейді.
– Дәукеш! Тиісе бермей, әңгіменің турасына көшші.
– Көшсем, маған шаңыраққа ие болып қалатын ұл бала керек және олардың біреу емес, үш-төртеу болғаны жөн.
– Онда тоқал ал!
– Ерегіскенде әкеліп қойсам ше?
– Рұқсат беріп тұрмын ғой енді…
Тұнжыр тап осылай табан астынан тосын шешімге келіп, өзіне тоқал алуға рұқсат бере қояды деген ой үш ұйықтаса да ойына келмепті. Әлде «ұл керек, ұл керек» деп құлағының құрыш етін жей берген соң ерегісіп айтып тұр ма? Жүзіне барлай қарап еді, ешқандай қызғаныштың ізі байқалмайды. Қайта күйеуінің тілегін құптағандық рай бар. Үнінде реніш те, зіл де жоқ, қайта күйеуінің дегеніне көнгендік пейіл байқалады. Сонда бұл не? Шын тілегі ме әлде күл болмасаң бұл бол деп белгісіз бағытқа ұшып кетпек пе? Қай әйел де күйеуін басқа келіншектен қызғанады. Ал Тұнжырдың барлық сезімнен ада күйде басқа әйел ала бер дегені несі? Расында, әңгіменің басын ашып алу керек екен!
– Отырсаңшы, сөйлесейік.
– Асығыспын дедім ғой. Кешке сөйлесеміз.
– Осылай қысыр жыландай қайқаңдап жүре бермекпісің?
Дәурен жұбайына ешқашан айтқысы келмеген ауыр сөз аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды. «Ренжітіп алдым-ау» деп келіншегіне күдіктене қарап еді, ол «түбінде осы сөзді еститінім рас қой» дегендей тас-түйін бекініп алыпты. Жүзінен ашу-ызаның табын табу мүмкін емес. Күйгелектеп жүрген ерінің тілегін құптағандай кейіп танытады. Бірақ ернін қымқыра тістеп алыпты. Сонысына қарағанда шындық шымбайына батқан да тәрізді.
– Жарайды. Кешке сөйлесеміз. Машинаны мініп кете берейін бе? – деп еңкейіп келіп күйеуінің бетінен сүйді де сыртқа асығыс шығып кетті.
Дәуреннің ойы онға, санасы санға бөлініп, айран-асыр күйде қала берді. «Мынау пері ме, жын ба?».
Күні бойы Дәуреннің жұмысынан береке кетті. Алдына кірген мамандарға себепсіз ұрсып, берекесін алды. Әншейінде жайдары қалпынан айнымайтын бастығының қас-қабағы нілдей бұзылып, ашуланшақ болып алғанының себебін бағыныштылары түсіне алмай әлек. Хатшы қыз аяғының ұшымен жорғалап, шақырып кел деген басқарма басшыларын лезде тауып әкелуге тырысып бақты. Жұмысынан ағаттық жіберіп, екі оттың арасында қалғысы жоқ.
Түскі тамақты әкімдікке таяу мейрамханадан ішкенді тәуір көруші еді. Мұндайда машинасын жіберіп, Тұнжырды алдыртатын. Кейде үйіне барып, бір сағаттай ұйықтап алады. Бұл жолы барлық жолынан жаңылысып, қаладан шығандап шығып кетті. Тау бөктеріндегі демалыс орнынан оңаша коттедж алып, кешке дейін жатып ұйықтады. Күн ұясына қонақтар алдында тұрып, кешкі тамақ алдырып ішті. «Енді үйге қайта беруге болады» деп сыртқа шықты. Жүргізушісі күні бойы бау ішінде жүріп тынығып қалыпты. Бастығының қас-қабағынан айтқызбай-ақ не дегелі тұрғанын танитын Жағыпар көлікті қалаға қарай құйғытып келеді. Бастығын үйінің ауласына кіргізіп барып, көліктен түсірді.
Дәурен дәлізге кіргеннен үйде бір көңілділік барын аңғарды. Ас үйден мұрын жаратын тәтті тағамдардың иісі келеді. Радиодан әуезді әуен төгіліп тұр. Тұнжыр дастарханды жайнатып қойыпты. Үстел үстінде бойжетіп келе жатқан ұялшақ қыздай қылтиып әрі қызарып жеңіл шарап көрінеді. «Құрбыларын шақырды ма екен?» деп ойлап үлгергенше болған жоқ, бөлмесінен Тұнжыр шықты. Үстіне күлгін түсті жұқа көйлек киіпті. Онысы денесіне құйып қойғандай. Тұнжыр күйеуін көріп күлімсіреді. Көңілінде таңертеңгі кірбіңнің бірі де қалмапты, жаңа атып келе жатқан таңдай жарқ ете қалды. «Бауыздар кезде малдың көзінше пышақ қайрамайды деседі ғой. Мұнысы соның амалы шығар?».
Екеуі дастархан басына жайғасты. Тұнжыр жайраңдап жүріп тамақ ұсынды.
– Айару қайда?
– Құрбысына кеткен.
– Осындай кеште ме?
– Қызың бойжетіп қалды.
«Ал, сен оған әлі бауыр сыйлай алмай келесің. Жалғыз өскен бала шолжаң болады» дегелі оқталды да, онсыз да тұтанғалы тұрған отқа бірінші болып май құймайын деп іркілді.
Тұнжыр фужерлерге шөпілдете шарап құйды.
– Не үшін ішеміз?
– Бақытымыз үшін!
– Қайдағы бақыт?
– Сенің қиялыңдағы бақыт үшін!
Дәурен таң-тамаша. Тұнжыр оған қандай бақыт сыйламақ? Әлде құрсақ көтеріп қойды ма екен? Жүрекжарды қуанышты мынадай көл-көсір дастархан басында жеткізгісі келген екен ғой. Дәуреннің жүрек тұсы шым ете қалды. Ақыры түсініпті. Дегенмен, өзінің ақылы бар. Мұндайда шарап емес, у ішуге де болады. Дәурен шарап толы фужерді қолына алып, сарқа ішіп қойды. Бал шарап лезде басына шауып, ыстық қан бой-бойын аралап бара жатты. «Өмір деген осы, бірде қатты, бірде тәтті. Кейде барымызды бағалай алмаймыз. Жанымыздың жартысы бізге қашан да бақыт тілеп жүреді. Оның талпынысын, жақсыға ұмтылысын басқаша жоримыз. Адамдар тегі, осы қайшылықтардан, бірін-бірі түсінгісі келмейтіндіктен бақытты бола алмайды. Сосын бәрі де кеш» деп ойлады. Дәл жанына келіп өзіне сүзіле қарап отырған Тұнжырды байқамады. Ыстық саусағымен бетін сипап, ернін аузына тақағанда барып, ұйқысынан оянғандай селк етті.
Олар жуынып, қайтып келіп дастархан басына жайғасты.
– Дәукеш! Саған тосын сыйым бар, – деді Тұнжыр тағы да махаббат жалынымен өртей отырып.
– Иә, ол қандай тосын сый?
– Мен бір келіншекпен келісіп жүрмін. Ол қарсы емес. Саған ұлды сол туып береді.
– Сен ше?
– Мен әлі өнердегі биігімді бағындырған жоқпын. Бөпелі болсақ, өзің білесің, үйде отырып қаламын. Сосын фигурам да бұзылады. Ал, сарықарын қатынды Қыз Жібектің рөліне шақырмайды.
– Қыз Жібектікі болмаса, анасының рөлін сомдарсың.
– Иә деген! Сен де бір айтасың осы. Ендігі жетпегені кемпірдің рөлі еді!
– Нағыз талант үшін қыздың бейнесі не, кемпірдің бейнесі не? Шынайы шығарса жетіп жатыр емес пе?
– Жоқ, жетпейді. Басты рөлдің аты қашан да басты рөл!
– Ана бейнесі бар емес пе? Болмаса Раушан – коммунист сияқты белсенді әйелдің бейнесі бар. Тайлағына жар іздейтін Әмина Өмірзақова апай ше? «Менің атым Қожадағы» Қожаның әжесі қандай? Мұғалімі қандай? Бұлар неңе жетпейді? Саған үнемі басты рөл тие беруі керек пе? Уақыт өз дегенін істейді. Ертең сенің де бетіңнен әрін тайып, кемпір боласың. Сонда да Жібектің рөлін мен орындаймын деп жағаласа бересің бе? Төмен түссеңші.
– Сен мені түсінбейсің!
Тұнжыр жылап жіберді. Оны түсінбейтін несі бар? Үнемі бірінші болғысы келеді. Облыстың басқарма басшысының оймақтай келіншегі. Осы оймақтай қалпынан ажырағысы жоқ. Пенде шіркіннің желкөрік көкірегі қашан байыз тауып еді? Бірақ, өмір ағымы мүлде басқа ғой, қарағым-ау!
Жалпы, әйел атаулының бір ғана қорқынышы бар. Ол қарттыққа қадам басу, бойындағы бар сымбатынан, ажарынан айырылып қалу. Бірақ, уақыт атты ұлы күш өз дегенін істейді. Оған қарсы келер құдірет жоқ. Мұндайда келіншектік кезеңнен өтіп, әдемі әйелге айнала бастағандардың бір ғана амалы бар. Ол – айна алдында отырып, күні бойы сыланып-сипалану, өзін күту. Соңғы кездері Дәурен әшейінде айнаның алдын босатпайтын әртіс әйелінің күні бойы тапжылмай отыратынына еті үйрене бастады. Ал орнынан көтерілгенде жиырма жасар уылжып тұрған бойжеткенді көрер едіңіз. Тұнжыр әлемнің сылқым әйелдері тұтынатын косметикалық бұйымдардың бәрін алдырған. Бөлмесіндегі бір қойма шетелдік иіссу, бояуға толы. Ол көшеде келе жатқанда өн бойынан тараған жұпары бір шақырым қашықтықтағы адамды да жалт қаратар еді.
Көпшіліктің алдында құрмет пен қошеметке бөленіп жүретін өнер адамдарының көрермендер тарапынан мақтау естісе шекесі шодырайып шыға келетін әдеті бар емес пе? Тұнжыр да театр табалдырығын аттағалы сый-құрметтен кенде емес. Қаншама адам өнері мен сұлулығына сұқтанып, соңынан сүметіліп еріп жүргенімен асып-төгілгенді білмеуші еді. Өзінің тұла бойындағы жарасымды әзілқойлығы мен ақжарқын мінезінен өзгермеген. Рас, көрермен атаулы, одан қалса театр басшылығы алақандарына салып, жалғыз қыздары сияқты әлпештеп-қолпаштағалы бері ерке мінезіне аздаған тәкәппарлық пен паңдық ене бастаған. Кейде менменсігендей әлдекімдерді көзіне де ілмей, сазарған қалпы сұп-сұр болып өте шығатын әдет тапты. Кімсің, басқарма басшысының кербез де көрікті келіншегі! Осы даңқтың өзі бас айналдырмай ма? Оның үстіне өнердегі табысы күн сайын өрлеп барады. Ол атақты өзі іздемесе де, атақ оны өзі іздеп тапты. Адам атақты болған сайын шатақты жерді айналып өте алмайды екен. Бұл әсіресе, қызғаныш пен көреалмаушылық жайлаған жерде аяққа жыландай оралады. Әшейінде театрды мәдениеттіліктің, әдептіліктің, әсемдіктің киелі мекені, тәрбие ошағы деп ойлағанымызбен ішіне терең үңілсеңіз небір қитұрқылықты, мардамсыған мансапқорларды көріп, желбіреп барған көңіліңіз жертезек болып жасып қалар еді. Дәурен кейде осыларды ойлап келіншегінің көңіліне тимеуге тырысады. Тұнжырдың тәкаппарсынған жүзінен сәуле көргісі келіп тұрады.
Өнер – бәсекенің ғана емес, бақталастың да ордасы. Мұнда биікке көтерілсең аяғыңнан тартатын, құдилап кетсең күресінге лақтыра салатын жаны қарау, пейілі бұзық адамдар күпінің битіндей өріп жүр. Сонда да осы ортаның адамды жадылап алатын бір пәлесі бар ма, театрға жұмысқа орналасқан әртіс атаулы сыртқа, басқа жұмысқа оңайлықпен кетпейді. Есіктен шығарып жіберсе, тесіктен сығалап тұрады. Театрдағы талас-тартыстан хабары бар Дәурен келіншегіне «Бұл жұмысыңды таста, басқа қызмет тауып берейін. Кітапханаға директор бол немесе музейге басшы етіп жіберейін» деп талай айтқан. Бірақ театрдағы жұмысынан шықса елеусіз қалатындай үркектеп, күйеуінің айтқанына көнбей келеді. Оның үстіне Асқар Ерімбетов алған атақты бұл неге алмайды? Сол талайдың арманына айналған атақты алған күні жұмысынан босайтын шығар деген дәмегөй ойы да адастырып кетті.
Көктем айының көрікті бір күнінде театрға жұмысына кеткен Тұнжыр үйге ойламаған жерден көңілді келді. Әншейінде шаршағанын алға тартып, қабағы түйіліңкіреп келетін ол бүгін алабұртып тұр. Жүрегінің түкпіріндегі жасырынулы жаңалығын жеткізгенше асығулы екені алабұртқан жүзінен байқалады. Ол келе тамақ қамына кірісті. Үйдің ішін мұнтаздай етіп тазалап шықты. Қимылы ширақ, жүрісі жылдам. «Мынаған бүгін әлдененің шалығы тиген бе, қауырсындай жеңіл қозғалады ғой. Бәлкім, өзі қалап жүрген рөлін алды ма екен?» деп көзінің астымен қарап Дәурен отыр.
Тұнжыр көп күттірген жоқ. Қарлығаштай қалықтап келіп, қасына отырды. Ақбөртеленіп толыса бастаған әйелі бұрыңғысынан да ажарлана түскендей. Екі беті албырап, жанарынан мейірім төгіліп тұр. Барлық әйел атаулы тәрізді ол да жарына мөлдір махаббатпен қатар бақыт сыйлағысы келетін. Сол бақыт бүгін оның уысына түскендей.
– Дәукеш! Ол келісті! – деді үні дірілдей.
– Неге келісті?
– Бастапқыда бұлғақтап бағып еді. Енді бәріне дайын.
– Сонда неге дайын?
– Саған ұл туып беруге!
Дәурен шоршып түсті. Жүзі күреңітіп шыға келді. Маңдайынан шып-шып тер сорғалады. Шошынғаны ербеңдеген қолынан байқалады.
– Сен не деп тұрсың?
– Саған ұл тауып беретін келіншек ақыры келісті деймін. Неменеге ашуланасың? Тоқал аламын деп қутыңдайтынын қане? Енді келіп мүләйімсіп қалыпсың. Сыртың сыр бермей тұрғаныңмен, ішін жек көріп тұрмаған шығар…
– Маған ақ некеден туған адал перзент керек. Көлденең жүрістен ұлды болғым келмейді. Ондайға бара алмаймын.
– Саған кім көлденең жүріс жаса деп тұр? Бәрі де адал, бүгінгі өмір талабына сай медицина жолымен болады. Саған ұл тауып беретін құрсақ-ана тауып қойдым. Бірақ айтпады деме, ол келіншекпен төсектес болмайсың.
– Сонда қалай? Тауық сияқты күлге аунап туа бере ме?
– Ақымағым-ай! – деп күліп жіберді Тұнжыр, – Адам тауық емес қой. Медицина бәрін де реттейді. Тек сен рұқсат берсең болғаны.
Келіншегіне аңғал көрінгісі келгенімен, Дәурен қаражаяулар қатарынан емес. Жасанды ұрықтандыру, құрсақ-ана дегендерден хабары бар. Алайда, қызметтегі бетке ұстар азаматтың суррогат ана жалдап жүргені қалай болар екен? Бұл жағдай сол күні-ақ бүкіл қалаға, қала берді облысқа тарамай ма? Бүгінгінің кісілері қарап жүруші ме еді, түрлі әңгімені суша сапырар, мұны белсіз екен деген қорытындыға келер. Құрсақ-ана арқылы пайда болған ұлын кім көрінгенге теліп жүрсе ше?
Осыларды ойлап Дәурен бірауық отырып қалды. Күйеуінің келіскенін не келіспегенін ұға алмаған Тұнжыр жанын қоярға жер таппай тұр. Тосыннан айтқан ұсынысқа ашу шақырса қалай құтыларын да ойлап қойған бәлекей келіншек әліптің артын бақты.
– Шын айтып отырмысың осы?
– Шыным. Жаным, сенің атбайлар ұлың болғанын мен де қаламайды деймісің? Өзім-ақ туып берер ем, енді кеш. Дәрігерлер маған тууға болмайды дейді. Әйелдік құрылыстарымнан кінәрат тауып отыр.
– Қашан қаралып едің?
– Сен айта бастағанда-ақ барғанмын.
Дәурен «менің қамымды ойлап жүр екен ғой» деп іші жылып қалды. Соны сезгендей Тұнжыр бастырмалатты.
– Жап-жас келіншек. Әдемі. Күйеуі көлік апатынан қайтыс болыпты. Бір қызымен отыр. Бір бөлмелі пәтер алып берсе, қайтемін енді, тағдырдың ісі шығар, туып берейін дейді.
– Е, е, есебі де бар десеңші…
– Бүгінде есепсіз жүретін кім бар? Оныкі де жөн. Пәтерлі болса жалғыз қызын асырауға шамасы жетіп қалар. Біреудің босағасында жүргенше осы дұрыс емес пе?
Дәурен бұл жолы қарсылық білдірмеді. Түнде қойнында жатқанда Тұнжыр: «Жаным, ол келіншекпен төсектес болмайсың. Төсек қызығын менімен ғана бөлісесің» деді бауырына тығыла түсіп, нәзік саусақтарымен кеудесінен сыйпалап жатып. Дәуреннің ойына «Қыртты езген жеңеді, езгенді Құдайдан безген жеңеді» деген сөз түсті. «Мына бәлекет мені де жеңе бастағаны ма» деп қамықты.
Сол күннен бастап Тұнжыр күйеуін қатаң бақылауға алды. Оның дәрігерлерге барып қаралған-қаралмағанын, тиісті анализдерді тапсырған-тапсырмағанын күн сайын ежіктеп сұрайды. Бұл «бардым, көрдім» деп алдаусыратады. «Кімге жолықтың? Дәрігердің аты кім екен?» деген сауалдарға келгенде бөгеліңкіреп қалады.
– Сен… мені алдап жүрсің. Мен ғой сенің ертеңіңді ойлап… Неге бармайсың енді? – деп Тұнжыр жыларман болады.
Осыдан соң Дәурен ойға шомды. Жарының айтып жүрген адамы кім? Салихалы адам ба? Түр-түсі, мінез-құлқы қандай? Кейде бала нағашыларына да тартып кете береді деседі. Түп төркіні тиянақты адамдар ма екен? Ертең баланы туып бере салысымен аяғын иығына артып қойып, күн сайын теңге талап етіп отыратын біреу ме? Шыққан тегі қандай? Бүгін жаны қиналғандықтан келіскенімен, ертең өзінен зор болып шықпасына кім кепіл? Басқа бақыт қондырамыз деп жүріп бәле тілеп алып жүрмесін?
Тұнжырға осы күдігін жұқалап жеткізіп еді, ер-тоқымын бауырына алып туласын келіп.
– Немене, мен адам танымаймын ба?
– Онымен кездесіп қайтпексің?
– Демек, маған сенбейсің ғой…
Қосағының қарсы сауалы балалап көбейе бастағанда-ақ Дәурен ішін тартып қалды.
– Жарайды, онда. Құрсақ-ана болғысы келетін келіншекті көрсетпе де, бұл туралы екінші қайтара әңгіме айтушы болма. Әңгіме осымен бітсін.
Дәурен тарс кетті. Аулаға шығып, есік алдындағы сәкіге отырып, темекі тұтатты. Ол темекіні мүлдем ұнатпаушы еді. Көкірегіне осылай қаяу түскенде немесе күрделі істің қиюы келмей жатқанда ғана қолына темекі алады. Онда да құшырлана екі-үш рет сорған соң тұқылын лақтырып тастайды. Бұл жолы темекіні түбіне дейін шекті. Қолын темекі шоғы күйдіріп бара жатқанда ғана селк етіп, тұқылын қоқыс жәшігіне лақтырып жіберді.
Бұл кезде Тұнжыр оны терезе саңлауынан бақылап тұрған. Қарап отырса, соңғы кездері Дәуреннің де мінезі өзгеріп бара жатқандай. Күліп отырып, ашулана салады. Ұйықтап жатып, әлдекімдерге кіжініп, балағаттап ұрсатыны бар. Кейде іс-сапарға кеттім деп ұзақ уақыт жоғалып кетеді. Қайта оралғанда бұрынғысындай өліп-өшпейді. «Шаршап келдім, қоя тұршы» деп ұйықтап қалады. Осының барлығы Тұңжырды қалай шошытпасын? Күйеуін шынжырлап ұстаудың ендігі амалы баламен қадамына құлып салу ғана. Осы ойға мықтап бекіген Тұңжыр құрсақ-ана іздеуге шындап кіріскен еді.
Дәуреннің оңайлықпен ырық бермесін білетін Тұнжыр ақыры күйеуінің дегеніне көнді. Ол Ақеркені Дәуренмен таныстыратын болды. «Байқа, көз сүзіп жүрме» деген ескертуін де ұмытқан жоқ. Сонымен, олар жұмыстан кейін «Арал» мейрамханасында жолығатын болып келісті. Ақеркені Тұнжырдың өзі ертіп келеді, ал Дәурен джельтенмендерге ұқсап, оңаша бөлмеде дастарханын жайнатып, сыйлықтарын әзірлеп күтіп отырады.
Неге екенін өзі де білмейді, Дәуреннің жүрегі атқақтай берді. Қашан олар кіріп келгенше тағаты таусылды. «Япырай, маған не болып кеткен? Баяғыда Тұнжырды күткенде де осылай асып-саспаушы едім. Не үшін қуанамын? Ұйықтап кетіп, байыз тапқан жүрегім неге лүпілдей береді? Бұл әлде балаға деген сағыныш па? Әлде беймәлім жанға деген қызығушылық па? Қызығушылық болса, қай мағынада? Оны несіне жақсы көруім керек? Айтпақшы, ол маған ұл сыйлайды екен ғой. Демек, арманым мен бақытымды қолыма қатар ұстатпақ. Ендеше, оны неге асыға күтпеске?». Осы ойлармен екіұдай сезім арпалысында тұрғанда өзіне қарай келе жатқан аяқтардың дыбысын естіді. Мына еденге тік-тік қадалып, жаңғырық шығарып келе жатқаны Тұнжырдың аяғы. Ал, тартыншақтап аяғын жеңіл ғана басып келе жатқан бейтаныс бақыт сыйлаушы келіншек болар. Ол осылай тық-тық еткен аяқ дыбысынан бейне құрап, иелерінің мінез-құлықтарын ажыратамын дегенше күткен қонақтары да келіп кірді.
– Е, мұнда отыр екенсің ғой, – деп келіншегі бетінен сүйді.
Ақерке амандасудың ретін таппағандай состиып тұрып қалды. Тіпті, амандасудың ишаратын білдіруге де қымсынатындай.
Дәурен оны мұншалықты көрікті деп ойламап еді. Тіпті, бір қыздың анасы деуге қимайтындайсың. Найзадай кірпіктерімен шаншып өткенде Дәуреннің жүрегі шым ете қалды. Торғын көйлегінің омырауы болар-болмас ашық қалыпты. Соның өзінде қос анары көріктей басылып, көтеріліп, көз арбайды. Езуінде болмашы күлкі табы бар. Ақерке сәлден соң есін жинағандай, басын көтеріп:
– Саламатсыз ба? – деп сыңғыр етіп тіл қатты.
Дәурен құлағының түбінен қоңырау үнін естігендей болды.
– Саламатта боларсыз? – деп келіншектің сүйріктей саусақтарын салалы алақанына салып аялап тұрды.
Күйеуінің сіріңкедей лап ете қалған ілкі сәтін қалт жібермеген әккі Тұнжыр:
– Біз отырмайтын ба едік? Осылай тұра береміз бе? – деп қонағына орындық ұсынды.
Дәурен тамақ үстінде не айтып, не қойғанын білмейді. Тізгінді Тұнжыр алған болатын. Соның ығына жығылған сыңай танытып, ыржалақтап күле берген. Кейін ғой, «осы мен бала сықылданып неге күле бердім?» деп өзіне өзі ренжіп жүрді.
Не керек, Ақерке оған барынша ұнады. Көшенің шошақай қыздарына мүлдем ұқсамайды. Байсалды. Бір басына жететін ақылы да көрініп тұр. Ажарына көркі сай, менің жұбайым болса екен деп армандайтындай-ақ жан. Бірақ аз ғана ғұмырында тағдырдан таяқ жеп үлгерген мұңлық. Мұндайды кім басына тілейді дейсіз. Ал басқа түскен екен, жазмышқа көнбеске шара бар ма? Дегенмен, Ақерке жалғыздық пен тіршіліктің күйігін қатар тартып жүргенімен тағдырына бас имеген асау тәрізді. Ойын ашық айтады екен. Бастапқыда қобалжығанымен, өзін еркін ұстап отыруы да жарасымды.
– Ауылға қайтып кетсем де болар еді. Бірақ ағаларыма, жеңгелеріме көзтүрткі болғым келмеді. Ағаларыма «қарындасың байы өліп қайтып келіпті, қатыны өлген пәленшеге қосайық» дейтіндер табылар. Жеңгелеріме қолқа салатындар да болмай тұрмайды. Сонда да анам байғұс ішіне сыйған қызын сыртына сыйдырмас дейсіз бе? Оның да көз алдындағы күйігі боламын ғой. Сондықтан өз азабымды өзім тартқым келді. Қай қыз бақытын іздемейді? Мен де бақытымды таптым деуші едім. Ақыры осылай болды. Енді маған басқа жақтан бақыт құсы келмейтінін де білемін. Кіп-кішкентай құндақтаулы қызымның тумай жатып тағдырдан таяқ жейтіндей не кінәсі бар? Періште емес пе ол? – деп Ақерке жылап қалды.
Ақеркенің мына сөзі Дәуреннің ішіне шоқ салды. «Осы келіншекті бақытты етуім керек» деген оқыс оянған сезімін тұншықтырып бақты. Келіншекті құшақтап сүйгісі келді. Қолынан келсе, еркінде болса уысындағы бақытымен бөліскісі бар. Өйткені, оның жан тазалығы, сұлу сезімі, сәбидей сенгіштігі жүрегін бүлк еткізді. Сөйтіп отырып ол «жігіттің екі бірдей әйелді сүюі мүмкін бе?» деп өзіне өзі сұрақ қойды. Сәлден соң «бәрі де амалсыздықтан ғой» деп өзін жұбатты. Бірақ, Ақеркені ұмыта алмайтынын түсінді. Себебі, бұйыртса ол болашақ ұлының анасы! Мұндай аяулы жанды қалай сүймейсің? Қалай қадірлемейсің?
Олар алдырған тағамдарын сыпайы ғана ішіп-жеп отырды. Басы артық әңгіме өрбіген жоқ. Тұнжыр күйеуіне қызметтегі құрбысын таныстыруға ғана келгендей ашық-жарқын, күлімсіреп жан-жағына шуақ шаша қарайды. Ақерке де шарасыздықтан келгенін ұмытқандай, қысылып-қымсыну шеңберінен шығып кетіпті. Оның албырт та байсалды жүзіне қараған сайын Дәуреннің дегбірі қалмай барады.
Әлден соң әдемі бір әуен қалқи жөнелді. Адамды ырқына қояр емес, делебе қоздыратын сиқырлы саз.
– Мен Ақеркемен билеп келейін, – деп Дәурен келіншекке қолын ұсынды.
Ақерке тартынған жоқ. Шығып бара жатып Дәурен жұбайының ызғарлы жүзін, ызалы көзін көріп қалды. Бірақ енді тартыншақтауға болмайтын еді.
Олар ортада дөңгелене ұзақ биледі. Дәурен қыбын тауып, келіншектің телефон нөмерін сұрап алды.
Тұнжырдың үйге орала қиғылық салатынын сезген, қателеспепті.
– Сен неге онымен ұзақ биледің?
– Өлетін өгіз сияқтанып оған қарап мөлиіп қарағаның не?
– Дәмеленбе. Бұдан былай кездеспейсіңдер. Ендігісін гинеколог дәрігерлер реттейді.
Тұнжыр бәрін өзі кесіп-пішті. Ыдыс-аяқ сылдырлап, соңынан боран бас көтеріп келе жатыр еді, абырой болғанда Айару қоңырау басты. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Дәурен төсегіне зып берді. Тұнжыр қызының тамағын беріп келгенде ол өз ойымен арпалысып жатыр еді. Ұйықтап қалғансып, теріс аунап жатып алды. «Бүгінгі әңгіме санасына жеткен болар» деп ойласа керек, Тұнжыр күйеуін мазалаған жоқ.
Ойлана келе Дәурен Ақеркемен тағы кездеспек болып шешті. Көңілінің түкпірінде Ақеркенің телефон нөмері жаттаулы еді. Жүрексіне телефон соқса да Ақеркенің даусын тағы бір рет естігісі келді. Мейлі меселін қайтарар, мейлі ренішін білдірер, бәрібір болашақ баласының сүйкімді анасы емес пе, онымен жалғанған жіптің үзілмегенін қалады.
Ақерке көп күттірген жоқ. Лезде-ақ сыңғыр еткен дауысы естілді.
– Бұл кім екен?
– Мен ғой, Дәурен!
– Иә, сіздің қоңырау соғатыныңызды сезіп жүр едім.
– Демек, күттіңіз ғой.
– Солай десеңіз де болады.
– Ендеше, кездессек қайтеді?
– Қашан?
– Бүгін. Тап қазір.
– Мұншама сабырсыз болармысыз!
Ақерке тағы да сыңғырлай күлді. Дәурен оның күлгенде маржандай тістері жарқ ете қалатынын көңіліне түйіп қалған еді. «Маржан тістері жарқырап, әдемі күліп тұрған шығар» деп ойлады. Сол-ақ екен, Ақеркені көргісі келді.
– Бүгін қолым босамайды. Ертең, жоқ арғы күні бола ма?
– Болғанда қандай!
Дәуренге екі күн екі жылдай көрінді. Әншейінде қауырт жұмыстармен күн зыр етіп өте шығушы еді, уақыт шіркін тұсаулы аттай алға жылжымай-ақ қойғаны.
Міне, енді сарғайтып күттірген күн де келіп жетті. Олар қаланың шетіндегі әсем мейрамханалардың бірінде кездесетін болып келісті. Дәуреннің жүрегі қызбен алғаш жолыққалы тұрған албырт жігіттікіндей алып-ұшты. Оңаша алған бөлмесіне сыймай, бір шығып, бір кірді. Сағатының сырт-сырт еткен дыбысы секундтардың өзін байлап тастаған ба, баяу қозғалатыны несі? Әлден соң ол өзіне қарай келе жатқан Ақеркені көрді. Ақерке үстіне жұқа көк көйлек киіпті. Онысы құлын мүсініне жараса кетіпті. Күлімсіреп келіп қолын ұсынған келіншектің жәудір жанарына тамсана да сүйсіне қарап қапты. Алдыңғы кездесуде билеп жүріп те аңғармаған екен, Ақерке ерекше сұлу көрінді.
Өткен жолғыдай емес, Ақерке ашық-жарқын, еркін отырды. Кібіртектеп басталған әңгіме уақыт өте арнасына түсті.
– Бір ғана бөлме. Соған қолым жетсе, арғысы оңай болар еді. Қызымды балалар бақшасына беріп, жұмыс істеймін. Ауылдан анам мен бауырларым келгенде аяғыма тұрғанымды көріп қандай қуанар еді. Ал сіздің мазаңызды алмаспын. Тұнжыр апайдың да жүрегіне жара салғым жоқ. Апайдың жүрегі нәзік. Елімізге танымал талантты әртіс. Оны танымайтын, сыйламайтын, өнеріне табынбайтын адам жоқ. Мен де ол кісінің талантына тәнтімін. Сондықтан ғой, айтқанына тез көніп қалдым. Ондай адамның бақытты болуға қақысы бар. Сол бақытты менің қолым арқылы жасағысы келеді екен, ойлана келе бір отбасын қуанышқа бөлегім келді. Сіз мені дұрыс түсініңіз, – деді Ақерке қызарақтап.
– Ұлымның анасы сен болғаныңа мен де қуанамын, – деді Дәурен аузына басқа сөз түспей.
– Білмеймін, көзге көрінсе қимай қалатын шығармын, – деді Ақерке тағы да толқып.
– Оның да рас. Іштен шыққан шұбар жылан ғой. Қимайсың. Қиналарсың.
– Апай үшін мақұл деп қалдым. Нартәуекел!
– Рахмет, алтыным! Өмірімнің соңына дейін қастерлеп өтермін.
– Жоқ, аға! Баланы қолдарыңызға берісімен, көздеріңізге қайта түспеймін. Ол сіздерге де, маған да ауыр болады. Сырттай тілеулес болып жүрейік енді. Сол дұрыс.
Дәурен толқымалы бір сезім жетегіне еріп бара жатқанын сезді. Неткен аяулы жан еді? Осындай аяулы жанды тағдырдың қинап қоятыны несі? Кім біліпті, Жаратқан Иеміз де қиындықты көтере алатын адамға беремін дейді екен ғой. Демек, Ақерке ерік-жігері мықты, қайсар жан болып шықты ғой. Тән сұлулығы мен жан сұлулығы жарасқан мұндай келіншекті сүймеудің өзі күні емес пе?
Олар өзара оңаша ойларымен қалып, біраз уақыт бір-біріне тіл қатпады. Әлден соң Дәурен батылданып, орнынан тұрып, Ақеркенің жанына иық тірестіре келіп отырды. Ақерке «неге бүйттіңіз?» деп қарсылық білдірмеді. Сүйріктей саусақтарымен қасықты шымши ұстағанының өзі қандай сүйкімді еді. Ақерке сәл қозғалақтап еді, иығы иығына тиіп кетіп, тұла бойында сүйкімді шымыр жүгіріп өтті. Олар бір-біріне жалт қарады. Өртенген сезімге тежеу табылмай, жігіт келіншектің ерніне сүліктей жабысты. Ақерке тартыншақтай беріп, жігіттің ырқына ерік берді. Әлден соң Ақерке:
– Әй, осы біз не істеп қойдық? Адалдықтың шеңберінен аттап кеттік-ау деймін. Мұнымыз жарамайды. Апайға енді не айтамын? – деп төмен қарап отырып қалды. Дегенмен көрікті келіншектің бұл сөзіңде зіл де, реніш те жоқ еді, қайта құмарлық отына алғаш берілген қыздың ұялғандағы қызарақтаған бейкүнә бейнесін көргендей болды. Сонымен бірге осы кездесуге деген разылығы мен Дәуренге деген жасырын құрметін жасыра алмады.
– Сіз енді, бұдан былай мені бүйтіп ұятқа қалдырмаңыз. Ұстамды жігіт пе десем, осындай да өнеріңіз бар екен ғой…
Қаншама қарсылық танытқысы келгенімен келіншектің үнінде құштарлықтың ғажап бір құпия сыры жатыр еді. Ақерке үстелдің қарсы бетіне барып отырды. Төменшіктеп, көзін жасырғысы келгенімен, жаңағы бір ілкі сәттегі асау сезімнің тұтқынында қалып, аз да болса тоят тапқанына разылығы алаулаған жүзінен аңғарылып тұрды.
Олар бұдан кейін еркін отырып, сырласты. Ақерке өз ұстанымында қалатынын, баланы аман-есен босанып, қолдарына ұстатқан соң бұлардың көзіне түспеуге тырысып бағатынын қайталады.
– Жоқ, жаным, біржола жоғалып кеткеніңді қаламаймын. Енді сен жүрегімнің бір бөлшегісің!
– Тұнжыр апай ше? Осы жігіттерде қанша жүрек болады өзі?! – деп Ақерке сыңғырлай күлді.
– Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз, Бәріңе бірдей бөліп берер ем, – деп Дәурен баяу әндетті.
– Ә, сіздер солайсыздар ғой, – деп Ақерке тағы да күміс күлкі шашты.
Осы кездесуден Дәурен екіұдай сезіммен қайтты. «Жоқ, оны қалай да бақытты етуім керек!».
Жолайрыққа келгенде Ақерке басын әнтек бұрып:
– Біз енді кездеспейтін шығармыз, – деді.
Үнінде қимастық бар. Сонда да тез-тез басып кетіп қалғысы келетіндей.
– Ақерке! Қайтадан кездескің келмей ме? Ренжітіп алдым ба? – деді Дәурен келіншектің соңынан айқайлап.
– Жоқ, – деді Ақерке аққудың сұңғағыңдай мойынын бұрып. – Ренжіген жоқпын.
– Онда неге кездеспейміз?
– Соны да білмеймісіз?..
Ақерке жүгіре басып, ұзап кетті. Дәурен қызды алғаш рет шығарып салып, бойжеткеннің не оймен кеткенін біле алмай қалған аңғал жігіттей состиып тұрып қалды.
Сөйтіп Дәуреннің көңіл күйінің тағдыры Ақеркенің бір ауыз жылы сөзіне байланып қалды. Қызметінде жүрсе де, үйінде отырса да жүрегінің бір шетін жылытып Ақеркенің аяулы бейнесі елестеп тұрады. Жұмыста анау-мынаумен айналшықтағанымен, оңашада, қолы бос кезде өзін қоярға жер таппайды. Алабұртқан көңілі әлденені тілегендей ыстық сезім қанаты оны қауырсындай көтеріп, далаға шығарады. Сонда да алау көңілі тыншымайды. Көшедегі қыз-келіншектің барлығы оған Ақерке болып көрінеді. Қарауытқан адамдардың барлығына көзі талғанша қарап, жанары жасаурайды. Өзі аңғармайтын шығар, былайғы адамдарға деліқұлы жандай көрінетін одан қызметтестері де шошына бастады. Әрі ойлап, бері ойлап, ешқашан да қаралып көрінбеген ауруханаға барып, дәрігерге жүгініп, біраз күн емделіп шықпаққа бекінді.
Есік сықыр еткенде Дәурен басын жастықтан жұлып алды. Палатаға жұпар иіс ілестіріп Ақерке кіріп келе жатты. Онымен бірге палатаға шуақ шашылды. Палатада жалғыз өзі жататын Дәурен орнынан атып тұрып Ақеркені құшақтай алды.
– Сізді жатып қалды деп естіп… жаным қалмады, – деді Ақерке ала келген сәлемдемесін үстел үстіне жайғастырып жатып.
– Кімнен естідің? Тұңжыр апайыңнан ба?
– Жоқ.
– Онда кім?
– Жүрегім айтты.
Осы бір ауыз сөздің өзі Ақеркенің тұнық махаббатын аңғартып тұрды. Дәурен оның шашынан сүйді.
– Мен кетейін. Мейірбикелер тез шығыңыз деп еді. Тұңжыр апай да келіп қалар.
Ақерке кетуге ыңғайланды. Оны жібергісі келмеген Дәурен өзіне қаратып алып, шиедей ернінен ұзақ сүйді. Аздан соң келіншек бұлқынып, құшағынан босап шықты.
– Жағдайыңызды білейін деп келсем, бұзықтық жасайсыз.
Үнінде жұмсақ бір наз бар. Еркелік бар. Дәурен қайта құшақтамақ болып ұмтылып еді, бұл жолы үлгере алмады. Ақерке кілт бұрылып, палатадан шығып кетті.
– Сау болыңыз!
Ауада Ақеркенің жұпар иісі мен күміс күлкісі қалқып қалды. Осы бір мезеттік қуаныш бойына шымырлап дарыған жігіт көзін жұмып, масайрап жатты. «Сүйеді екен, сүйеді екен» деп күбірлей берді.
Араға екі-үш күн салып Ақерке тағы да асығыс кіріп-шықты. Бұл жолы да Дәурен сахараның шөлінде келе жатып, шыңырау құдықтың мұздай да мөлдір суынан қанып іше алмаған адамдай ерні кезеріп қала берді. «Жоқ, бұлай болмайды!» деді ол шалқасынан түсіп, төбеге қарап жатып.
Ақеркенің елесі бөлмені кезіп жүріп алды. «Осы мен жынданғаннан саумын ба? Отбасым, Тұнжырдай тотым, Айарудай аяулы қызым бар. Сонда менікі не жорық? Олар мені ауырып қалды деп жан ұшырып жүр. Екеуі де маған арқа сүйейді, сағынады. Айкамның сабағынан шыға сала маған қарай құстай ұшатынының өзі әкеге деген махаббаты емес пе? Сірә, мен отбасыма сатқындық жасап жүрген шығармын?» деген ой денесін тітіркендіріп өтті. Ол бір қырына аунап түсті. Екінші бір ой көкейіне қонақтап, дөңбекшіп мазасы кетті. «Бұл қадамға итермелеген Тұнжырдың өзі емес пе? Ендеше, мен неге кінәлі болуым керек?». Дәурен қалың орман ішінде келе жатып адасып, кенеттен жол тапқан адамдай қуанды. Алыстан жылт-жылт еткен жарық сәуле өзіне шақырды.
«Несі бар, Ақерке бақытты болуға лайық жан. Мен оны да бақытты етуге тиіспін. Өйткені, ол өз жанына жара салынатынын біле тұрып, бізді бақытты етуге тәуекел жасады. Мұндай адамның жолына гүл төсеп қойсаң, жараспай ма?».
Кенет оның ойына «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мақал түсті. «Япырай, бұл мақал ойыма қайдан түсті? Мен бұған амалсыздан барып отырғаным жоқ па? Ақерке құрсағындағы баласын аман-есен босанып, қолымызға ұстатқан соң, азат емес пе? Бірақ, ол ішіндегі шырынын сорып болып, қабығын лақтыра салатын шабдалы емес қой. Жан дүниесі бұлақ суындай таза, ал өзі саф алтынның өзі емес пе? Мұндай жанды өзгеге қалай қиярсың? Өмір неткен күрделі еді? Біреу сені бақытты болса екен деп жанын қиюға даяр. Енді бірі сарғайып жолыңды тосып отыр. Қайтсем екен? Тағдырдың маған жазған сыйы осы екен де. Соңғы кезде Ақерке неге есімнен шықпайды? Әлде оны сүйіп қалдым ба?».
Дәуреннің ойын палатаға кіріп келген дәрігер бөліп жіберді.
– Халіңіз қалай, Дәурен Дүйсенұлы! Қане, қан қысымыңызды өлшеп жіберейін. Ұйқыңыз тыныш па?
Ұйқы қайдан тыныш болсын! Ақеркені көргелі албырт жігіттей албырап, сең соққан балықтай теңселіп, беймаза күйге түскен жоқ па?
– Қан қысымыңыз жақсы. Қосымша дәрілердің керегі шамалы. Жатып, тыныға беріңіз, – деп дәрігер құрал-саймандарын жинастырып, шығып кетті.
Келесі күні емдеуші дәрігерінен сұранып шықты. Бұл кезде қас қарая бастаған еді. Ақерке уәделескен жерге күттірмей келді. Бір мейрамханадан тамақтанып алған екеуі көлікпен тау қойнауындағы қонақүйге қарай кетіп бара жатты.
Бұрын мұндайға келіп көрмеген келіншек тартыншақтап еді, Дәурен ырық бермеді. Түкпірдегі қонақ үй сәнді безендіріліпті. Бөлмеде керектінің бәрі бар. Ақ жамылғылы төсегінің өзі тоят іздеп тұрғандай. Әлден соң Дәурен оны қолынан ұстады. Қолы от болып жанып тұр екен. «Япырау, қолы мұншалықты ыстық болғанда, құшағы қандай екен?». Осы оймен Дәурен келіншекті өзіне тартып, алаулап тұрған бетінен алма-кезек сүйді. Соншалық жалынмен жігітке бой ұрған келіншек қызуын ірке алмады. Аппақ қардың үстіндегі бүркіт пен түлкінің айқасы ұзаққа созылды.
Арада бірнеше күн өткенде Ақерке бойынан өзгешелік байқады. Жүрегі өзінен өзі атқақтап, алдынан бір қуаныш күтіп тұрғандай көңілі алабұртып, әлдекімді іздейтіндей жан-жағына жалтақтап қарайтынды шығарды. Кіндік асты сыздаңқырап, артынша дөңгеленіп көтеріле бастады. Ашаң жүзі суалып, құр сүлдері ғана қалды. Артынша әлденені жегісі келгендей, дүкен жағалап кетті. Сондай беймаза күндердің бірінде Тұнжырмен ойда-жоқта ұшырасып қалды. Әйел емес пе, Тұнжыр оның бойындағы өзгерісті бірден байқады.
– Қарның шермиіп қалыпты ғой, – деді ол амандық-саулықтан соң келіншектің дөңгеленіп шығып келе жатқан ішіне қарап.
– Иә, апай! Дәрігерге барғанбыз.
– Дәурен ештеңе демеді ғой.
– Ол кісіні мен де көрмедім. Гинеколог-акушер апайлар сол кісінікі деп еді. Айтуға ұялды ма екен?
– Төсектес болмадыңдар ғой, әйтеуір?
– Астапыралла!
– Байқа! Енді оның көзіне көрінуші болма. Не керектің барлығын да өзіме айт.
Ақерке «ол кісі бәрібір бәрін білуі керек қой» дегісі келіп тұрды да Тұңжырдың тұңжырап кеткен түрін көріп үндеген жоқ. Ол неге мазасызданды екен? Жадырап тұрған жарқын жүзі неге демде солғын тартты? Осы сауалдарға жауап таба алмай есеңгіреп қалған келіншек Тұнжырдың алдында өзін кінәлі жандай сезінді. Бірақ, ол мұны қаламаған еді ғой. Бәріне себепші Тұңжырдың өзі. Ал Дәурен бәрінің де табиғи жолмен болғанын қалады. Бар кінәсі сол ғана. Ендеше, ол да айыпты емес. Өз ойымен арпалысып тұрғанда Тұңжыр оның қолынан жетектеп жол бойына шығарды да қолына бір уыс теңге ұстатты.
– Әзірге осыны қажетіңе жарата тұр. Таусылса айтарсың, – деді де тез-тез басып кетіп қалды.
Аңырып тұрып қалған Ақерке есін жиғанда ол ұзап та кетіп еді. «Екеуіміздің арамызда көзге көрінбейтін бір сызат пайда болған екен. Одан енді қашып құтыла алмаспын» деп ойлады ол. Сол сызаттың өрши келе үлкен жараға айналарын ол іштей сезді. Нартәуекел! Нені көрмеген Ақерке. Бұған да төзіп бағады да.
Дәурен сөзінде тұрды. Бұған айтқызбай-ақ әрі баланың дүниеге келуін күтпей-ақ Ақеркеге екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Кісі есігінде жүрген Ақерке хан сарайына кіргендей қуанды. Несін айтасыз, Дәурен құрылысшылар жіберіп, бөлмелерді күрделі жөндеуден өткізіп жұтындырып қойған еді. Оның үстіне керекті жиһаздары да түгел сап түзеп тұр.
– Рахмет! Енді осының барлығы менікі ме? – деді ол Дәуренге еркелей қарап.
– Иә, біздікі!
Екеуінің ендігі тағдыры ажырамастай біріккенін әйел жүрегі сезіп, қуаныштан лүпілдеп соғып тұрды.
Әшейінде жұмыстан қолы босамайтын Тұнжыр да жаңа пәтерге келгіштей беретін болған. Ақеркенің жүктілігі қалай өтіп жатқанын білгісі келіп бір келеді. Ақеркенің Зересі қалай өсіп жатқанын көргісі келіп екі келеді. Тамақтары таусылып қалмады ма екен? Дүниеге келер бөбектің керек-жарағын дайындап қоя бергеннің зияны жоқ. Ақерке жалғызсырап қалмады ма? Осындай себеп-салдарлармен жиі бас сұғатын Тұнжырдың өз есебі де бар. Дәуреннің Ақеркемен байланысының қаншалықты екенін біле алмай-ақ жүр. Бірақ, Дәуреннің пәтерге келген «ұрлығының» үстінен түсе алмай-ақ қойды.
«Іс-сапарға кеттім» деп талай түнін Ақеркенің пәтерінде өткізген Дәуренге құлдыраңдап ойнап жүрген Зере де бауыр басып қалған. Дәурен енді жүрегінің бір бөлшегін осы ұяға тастайтынын жақсы түсінді. Ақеркенің босанар шағы жақындағанда тіптен мазасызданып кетті. «Дүниеге ұлым келе жатыр! Ұлым!» деп дүрсілдей соққан жүрегі кеудесін жарып жібердей атша тепкілейді.
Осы шақта Тұнжыр «декреттік» демалыс алып, үйінде сәбидің өмірге келуін күтіп жатты. Жүрегі қан жыласа да ол күйеуінің тілегі отындалатын болғанына қуанулы. Кім білген, ендігі өмірінің қуанышы, екеуінің ынтымағы осы сәби арқылы келіп, бекемделе түсетін шығар. Бақыттың өзі құс тәрізді деуші еді ғой. Басынан айналып ұшып жүрген бақыт құсы көрінетін күн де келер… Алаңсыз өмір солай жарасымды жалғасар…
Көп күттірген қуанышты күн де келіп жетті. Ақерке перзентханаға түсті. «Өзім босанамын» депті. Екі күннен соң Тұңжыр күйеуінің баласын перзентханадан өзі алып қайтпақ. Солай болды да.
Ұзақ күттірген қуанышты атап өтпеске бола ма, тойдың тамашасы мен қызығы басылмаған. Алайда Тұнжырдың бала күтімінен шығып қалғаны соншалық, сәбиді қолына ұстап отыра да алмайды.
Осы күндері Тұнжырдың бойын өзге бір өгейлік сезім билеп жүрді. Ол Арманның күйеуінің баласы екенін, оның жарық дүниеге келуіне өзі ықпалшы болғанын біле тұра, жүрегі жібімей-ақ қойды. Сәбиді құшағына алып, құшырлана сүйіп, бауырына басқысы келгенімен, әлдебір тосқауыл жолын бөгей беретін тәрізді. Сәбиді қолына алса-ақ болды, бойын белгісіз бір үрей билейтіндей. Ол қандай үрей? Оны өзі де түсіне алмай жүр. Түсінетіні жазықсыз сәбиді жатсына беретіні. «Мынадай сезім маған қайдан келді? Мен Дәуреннің бақытты болуын қаладым емес пе?» деп өзін-өзі сабырға шақырғанымен, жүрегінің басына байланған түсініксіз түйін тарқамай-ақ қойды.
– Әй, баланы неге емізбейсің? Қарасаңшы, шырылдап жылап жатыр ғой, – деп ұрсады енесі.
– Көз тиеді деймісің? Неге бөлек бөлмеге қамап тастағансың? – деп кейиді анасы.
Емшегінен сүт шықпасын білген Тұңжыр сәбиді жасанды сүтпен қоректендіреді. Оған тоймай ма әлде сүтті жатырқай ма, кім білсін, шырылдап жылауын қоймайды.
– Зарығып көрген осы баланы өлтіріп алмасаң нетті, – деп ренжіп енесі кетті.
– Сенің мына тамақтандырғанын маған ұнамайды. Арманды аштан қатырарсың. Сүтана тап. Жат болса да сол емізсің. Ана сүтіне жететін не бар? Бедеу қатындай қайқаңдап ұзақ жыл бала таппағандықтан омырауың тас болып қалған ғой. Балаға жөндеп қара, – деп шаншудай қадалып туған шешесі ол кетті.
Той тарқап, қуаныштың ыстық-суығы басылған соң Тұнжыр баланы құндақтап көтеріп Ақеркеге өзі келді.
– Баланы өзің еміз. Мен қарай алмайды екенмін. Ақысын жемейміз, – деді сызданып.
Омырауы тырсылдап сыздап, сағыныштан сарғайып жүрген Ақерке баласының үстіне құлай жаздап, аңырап жылап жіберді.
Сол күні Дәурен бесікті, баланың барлық киімдерін, тамағын, емізік, басқа да керек-жарақты әкеліп тұрып осы пәтерге біржолата байланып қалғанын түсінді. Жүрегінің бір бөлшегі, қуанышы мен аңсаған бақыты осы бір ұядай ғана пәтерде екен. Ендеше, одан ұзап қайдан бақ-береке таппақ?
Арманның қылығы шығып, былдырап сөйлей бастағалы Дәуреннен тіптен ес кетті. Жұмысынан шыға сала дүкен аралап, Ақеркенің тыйым салғанына қарамастан киімнің, ойыншықтың неше түрін үйіп тастады. Ұлын мойнына мінгізіп, бөлмелерді аралап жүріп алады. Әкелі-балалы екеуінің қызығына қарап Ақерке үнсіз ғана жымиып күліп тұрады. Есін біліп қалған Зере әкесін інісінен қызғанып, мойынына асылады. Дәурен екеуін де көтеріп, беттерінен кезек сүйеді.
Ақеркеге Дәуреннің Зерені туған қызындай көретіні, Арманға не әкелсе оған да соны әкелетіні, кейде ұлынан бұрын қызын көтеріп сүйетіні ұнайды. Мұндайда Арман аяғына оратылып, жібергісі келмейді. Дәурен оны көрмеген болып, Зерені еркелете береді. Ақеркенің жүрегі елжіреп, балауса көңіліне алғаш рет аяныштың бал уы дарыды. Кімді аяйды? Неге аяйды? Бәлкім, алғашқы махаббатын, сүйіп қосылған жарын сағынатын шығар? Әлде күйеуінің ғұмыры тым қысқа болғаны үшін тағдырына лағынет айта ма?
Бірақ жазмыштан кім қашып құтыла алған? Оның ендігі тағдыры отбасылы жігітке байлаулы тұр. Арман ертең тәй-тәй басып, жүре бастағанда бауырынан жұлып алып кетсе ше? Онда Ақерке тірідей өлмей ме? Бауыр басып қалған адамынан айырылып, бір рет өліп-тірілді. Бұл екінші рет қайталанса жер бауырлап жатып қалмай ма? Өмірдің соншалықты қатал болатыны несі? Бұған келгенде тағдыры тасбауырлық танытатыны қалай?
– Сен неге жылап тұрсың?
Оқыс дауыстан Ақерке селк етті. Жанарындағы жылт еткен жасты көрсеткісі келмей теріс айналды. Өн бойын белгісіз толқын аралап өтті. Шай қоймақ болып асханаға өте бермек еді, Дәурен келіп ту сыртынан құшақтады.
– Толқып тұрсың ғой.
– Жоқ, қорқып тұрмын.
– Неден?
– Зере мен Арманды бір-бірінен қалай ажыратамын деп…
– Ақымағым-ау, оларды ажаратайын деп жатқан кім бар?
– Еңбектеген соң Арманды алып кетпейсіндер ме?
– Оны кім айтты саған?
– Апай солай деген…
– Ә, сол екен ғой. Бірақ, енді Зере мен Арманды ешкім де ажырата алмайды. Екеуі апалы-інілі болып бірге өседі.
Ақерке «өтірік айтып тұрған жоқ па?» дегендей Дәуренге аңтарыла қарады.
– Жаным, енді бізді ешкім ажырата алмайды, – деп Дәурен келіншекті көзінен сүйді.
Ақерке толқымалы бір нәзік сезім құшағында тербеліп тұр еді. Жанарынан аққан мөлдір тамшы омырауына қарай құлдилап жатты. Дәурен енді оны өзі ғана жұбата алатынын ойлап, ыстық жасты құшырлана жұтты. Келіншектің ыстық демі кеудесін ғана емес, жүрегін де күйдіріп бара жатқанын сезді.
Бір күні Дәурен жұмысынан шығып, Арманды ойнату үшін Ақеркенікіне соқты. Ұлын сағынып та қалып еді.
Әншейінде жадырап жүретін Ақерке бүгін тұнжырап қарсы алды. Асүйге қарай кетті де сол жақтан шықпай қойды. Балалардың қызығымен отырған Дәурен уақыттың зымырап өткенін байқамай да қалыпты. Әлден соң «Бұл неге шықпайды? Әлде тамақ жасап жатыр ма екен?» деп ойлады. Көкірегіне көрейінші деген бір ой сап ете қалып еді, орнынан өрт шыққандай атып тұрды. Осы бетпен асүйге кіргені сол бұрышқа тығылып алып, боп-боз болып отырған Ақеркені байқады.
– Жаным-ау, ауырып қалғаннан саумысың? Түрің не болып кеткен өзі? Жедел жәрдем шақырайын ба?
Дәурен бәйек болып, не істеп, не қойғанын білмей састы. Ақеркенің маңдайына қолын басып көрді. Тоңазытқыштан су алып оны жылы сумен томытқалап ішкізбекке әрекеттеніп бақты. Ақерке ұрлық жасап қойған баладай төмен қараған күйі томсарып отырып алды.
– Саған не болған деймін? Бір жерің ауырып тұр ма? Дәрігер шақырайын да.
– А-а! Не дейсіз? Дәрігер дейсіз бе? Керегі жоқ. Мен қазір…
Ұрлық үстінде қолға түскен баланың көзі бақырайып, не істерін білмей сасқалақтап қалатын кезі болмаушы ма еді? Ақеркенің мына тұрысында сол ұры балақайдың кейпі бар.
– Не болды? Айтып өлтірсеңші…
– Мен… Мен… тағы да байқамай… көтеріп қойған сияқтымын… Кешіріңіз…
Дәурен алғашқында түк түсінген жоқ. Әлден соң санасына саңылау түскен ол Ақеркені құшақтай алды.
– Арман енді жалғыз емес. Жалғыз емес, – деп Ақеркені тұрған жерінде көтеріп алды да шыр айналды.
– Қойыңызшы. Түсіріңізші. Басым айналды, – деп Ақерке наздана тіл қатты.
Бұл кезде олар Арманнан соң Нұрман, оған ілесе Нұрлан бірінен соң бірі тізбектеліп өмірге келетінін білмеп еді. Араға тағы үш жыл салып Тельман дүниеге келді.
Тұнжыр тағдырдың салғанына мойынсынып, күйеуінің кешіккеніне күмәнмен қарауды, салғыласып ұрыса беруді пышақкесті тиды. Бәлкім өзінің қателігін түсінді ме, әлде бақыты қолдан сусып шығып кеткеннен соң көңілі суыды ма, бұрынғыдай күйеуінің аяғын аңди бермейді. Айару студент атанып, басқа қалаға кеткенде ғана жалғыздықтың зарын тартты. Қиналған үстіне қинай түскісі келді ме екен, Айару университет бітірерде шалғай облыстың баласымен көңіл қосқанын айтып келіп тұр. Сүрініп-қабынып Дәуренге келді.
– Қызымыз бойжетіпті. Тұрмысқа шығамын дейді.
– Қызға анасы ие. Кімге шығады екен? Құдалар қай жақтан? Күйеу баламыз қандай екен? Білетін шығарсың?
– Айару сенің де қызың. Өзінен сұрарсың.
Әке мен баланың арасындағы махаббатты көргіңіз келсе Дәуреннің отбасына бір түнеп шықсаңыз жеткілікті. Дәурен қызын барынша бұлғақтатып, еркелетіп өсірді. Айару не қаласа әкесі сол затты айтқызбай-ақ сатып әкеліп береді. Қалағаны болып, айтқаны орындалып тұрған Айару бақытты еді. Жетінші сыныпқа дейін әкесінің мойнынан түскен жоқ. Тек омырауы бұлтиып біліне бастағанда ғана өзінің жаратылысы бөлек жан екені есіне түскен болуы керек, әкесінің мойнына мінуді кілт тоқтатты. Бұдан былай жұмыстан келген әкесінің алдынан жүгіріп шығып, бетін тосатын болған. Өзі де әкесін құшақтап бетінен сүйеді.
Әке мен қызының арасына өмірге Арман келгенде сызат түсті.
– Папа, бұған қалай дәтіңіз барды? – деп Айару әкесіне кектене қараған.
– Қызым, бұл шешеңнің қалауы. Әйтпесе ондайға барар ма едім? Арман – сенің бауырың. Ертең есейгенде ық жағыңда жүріп қорғайтын панаң болады. Табиғаттың заңы, ертең сен де басқа босағаны аттайсың. Сонда соңыңнан іздеп барар төркін керек. Бауыр керек. Қуанбайсың ба қайта, – деген.
Айару сазарып отырып қалды. Содан бері әкесімен сирек сөйлеседі.
Осы екі арада ауылдан әжесі келген. Сұлушаш немере санасына ақыл-кеңесін қалай құйды? Не айтып, не ұғындырды? Бұл жағы көмескілеу болғанымен, Айарудың ішіне қатқан тоңы еріп, әкесіне бұрынғысынша еркін еркелемегенімен, оның бұл әрекетін қоштағандай сыңай танытты. Әлдеқайда баратын болса әуелі әкесінен рұқсат сұрайды. Жұмысынан келген әкесінің жанына келіп, бұрынғысынша кеңесіп отырады. Міне, сол жанындай жақсы көретін қызы өмірлік сыңарын тауыпты.
Не керек, Дәурен екеуі қыздарының ұзату тойын жасап, қолдан берді. Шалғай шаһарда тұрады демесеңіз, құдалар да, күйеу бала да жаман адамдар емес сияқты. Айарудың Дәурен мен Тұнжырдан туғаны рас болса, жаман күйеу таңдамасы әу бастан белгілі. Екіжақты той өткен соң екеуі де қызметке орналасты. Тойдан соң Дәурен Тұнжырды үйіне арнайы шақырды. Үзіп-жұлқып болса да тоқал мен күйеуінің үйіне келіп тұратын ол шақыруды құп алғандай уақтылы қоңырау басты. Балаларға түгелдей сыйлық ала келіпті. Оларды жатсынбай шетінен беттерінен сүйіп, бауырына басты. Албырт шағының алқызыл гүлі, тұңғыш қуанышының көзі емес пе, Тұнжыр кекселеу тартса да боянып-сыланып құлпырып келіпті. Оны мына тұрысында алпысты алқымдап қалған әйелден гөрі отызға енді іліккен кербез келіншек дерсіз. Үстіне кигендері де өзіне қонымды. Бұл әйел шіркіндер қай жерде жүрсе де есеп құрып жүреді ғой. Мына келісінде Ақеркеге көрсеткен қыры бар. «Бес бала тапқан сен қандайсың? Бір қыз тапқан мен қандаймын?» деген бақай есепті Дәурен де, Ақерке де айтқызбай біліп отыр. Дәурен «Екі әйел алғанның дауы үйінде, жаман әйел алғанның жауы үйінде» деп бір қойды. Артынша «Жақсы еркектің ішінде алтын ерлі ат жатады, жақсы әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатады» деп көңілі тоғайды.
Дәурен келіншегіне ұрлана қарап қойды. Бес бала тапқан жардай қатын емес, сүйкімі келіскен, бұрынғысынан толысып, ажарланып кеткен оны ханым десе де, жаным десе де жарасады.
Арбасу мен аңдысу ұзаңқырап бара жатқан соң Дәурен әңгіменің төтесіне көшті.
– Тұнжыр! Айаруды құтты орнына қондырдық. Құдайға шүкір, барған жері жаман емес. Енді құда-құдағилар келіп тұрады дегендей, барыс-келіс көбейер. Сонда олар келгенде жалғыз қарсы алмайсың ғой. Біз бармыз. Міне, үйіміз кең, бөлмелер де жетерлік. Осында келіп тұрсаң қайтеді? Айару да алаңдамас еді, – деді Дәурен салмақтырақ сөйлеуге тырысып.
Тұнжыр тарс кетті. Бар қоясы ішіне сыймай, тығылып отыр екен. Ақтарылды. Ойындағысын айтып тынды.
– Жоқ, мұнда қала алмаймын. Жалғыз емеспін. Үйде күтушім бар, – деп бір тоқтады.
– Күтуші жақын адамың бола алмайды. Жас емеспіз, бас ауырып, балтыр сыздайтын кезіміз болады. Сондайда бірімізге біріміз сүйеу болайық, – деп Дәурен алдағы күндердің есебіне жүгінді.
– Бар айтарың осы болса, түсінікті. Ал мен кеттім, – деп Тұнжыр орнынан тұрды.
Оның алған бетінен қайтпайтын өр мінезі барын білетін Дәурен жолын бөгеген жоқ. Ойына «бала таппаған әйелден лақтаған ешкі артық» деген қайдағы бір қаңғыбас мақал оралды.
Жібек мінезді Тұнжыр еді, өмір шыңдаған, шарболаттай қайралған, қайратты әйелге айналыпты. Бұл да өмірдің сыбағасы. Бұралаң-бұлтарысы, жеңілі мен ауыры, қиындықтары мен қызықшылықтары, иірімдері мен соқпақтары, жықпылдары мен жарқын күндері алма-кезек ауысып тұратын өткінші өмір-ай десеңші! Дәурен осы тағдырды Жаратқаннан сұрап па еді? Ол Тұнжырды соншалықты жалынымен сүйіп еді ғой. Оны басқамен ауыстырамын деген ой түсіне де енбепті. Өмір-өзен кімдерді толқынына батырып, кімдерді жағалауға лақтырып кетпеген? Тіршіліктің тарғыл түсті тағдыры кімдерді адастырмады? Өмірге келген кім болсын, бақытқа барар жол таңдамай ма? Тауып та жатады. Бірақ, олардың бақытты шақтары соншама келте болатыны несі? Сен қала, қалама, бақыт, қуаныш басыңда мәңгі тұрмайды. Жалпы, мәңгі ештеңе де жоқ. Өмір өңің жиі ауыстырып тұратын сағым сынды өзгермелі құбылыс.
Дәурен осыларды ойлап сабасына түскендей болды. Жабырқап тұрған көңілі шайдай ашылды.
Күн артынан күн аунап, зырлауық уақыт шылбырын ұстатпай-ақ қойды. Тынымсыз тіршіліктің толассыз күйбеңімен кейде адамдардың жақын-жуықтарының да хабарын алуға мұршалары бола бермейді. Мүмкін бұл адамдардың жаны бөлек-бөлек болатындығынан да шығар. Пенде денесіне уақытша қонақтаған сол жан қашан шығып кеткенше өзінің ғана мүддесін ойлайтын да болар. Өйткені, «жаным» деп басқаны қанша жақсы көргеніңмен, сүйгеніңмен ол жазатайым немесе Аллаға қайтатын мерзімі келіп, қайтпас сапарға аттанса, соңынан бірге кеткен пенде жоқ. Қазақ сондықтан «өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейді. Дәурен де Тұнжырдың жалғызілікті тағдырына алғашқында өзін кінәлі санап, өкініштің уын жұтып жүргенімен, уақыт өте бәрін де қалыпты жағдай сезіне бастады.
Бұл кезде Тұнжыр да тұрлаусыз тағдырының байламына бас иген. «Тағдыр салды, біз көндік» ұйғарымында жүр. Сонда да жалғыздығына көндіккен сыңай танытқанымен, өзін қоярға жер таппайды. Ұзақ түнді кірпік айқастыра алмай өткізеді. Ойына Дәурен екеуінің бақытты шақтары түседі. Бақытты шақтары дейді-ау. «Мен Дәуренді бақытты ете алдым ба?» деген сауал оны соңғы кезде жиі мазалайтын болды. Рас, күйеуін махаббаттан кенде қылмапты. Атақ-абыройы үшін барын сатса да арын сатпады. «Аспандағы айды алып беремін. Сенен жұлдыз жасаймын» деген небір әзәзілдердің уысына түспеді. «Ендеше саған не керек, жаным!». Ол ауыр күрсінді.
Сергелдеңге салынып жүрген осындай алаңжарлы күндерінің бірінде Айарудан сүйінші хабар жетті. Қызы аман-есен босанып, шекесі торсықтай ұл тауыпты. «Мама, тез келіңіз. Балапанды қырқынан шығарып беріп қайтасыз» дейді қызы. Сағынып жүрген қызына осындайда бармағанда қашан барады? Күйеу баласы дайындап қойған билетпен ол сол күні-ақ ұшаққа отырды.
Кішкентай шақалақты қолға алғанда Тұнжырдың жүрегі атша тулады. Япырмау, неткен сүйкімді! Неткен аяулы! Кішкентай көзін аша алмай, мұрыны пыс-пыс етіп жатқан сәбидің әлсіз бұлқынысы қандай! «Өмірге мен келдім. Қол-аяғымды байламаңдар, еркіндікке жіберіңдер!» деп талпынатындай.
Баланы бесіктен шешіп алып, қолына алғанда мұрынына ғажап иіс келді. Дүниеде теңдесі жоқ мынадай жағымды жұпарды иіскемегелі қашан? Оның ойына Айаруды жаңа босанғанда аналық махаббаты оянып, қаншама рет елжіремелі ерекше сезімге бөленгені түсті.
«Менің түбіме өзімшілдігім жетті. Жөргек иісін иіскеп, Дәуренге шұбыртып бала тауып беріп отырғанда мынадай күйге түспес едім» деп Тұнжыр қатты өкінді. Әлдеқайда кетіп бара жатқан пойыздың дауысы талып жетті. «Отарба тым ұзап кеткен-ау, шамасы. Енді оны қуып жете алмайсың» деп ойлады Тұнжыр.
Өзінің де қанша алаөкпе болып қуса да жеткізбейтін артта қалған желмая жылдары есіне түсіп, жүрегі өртенді.

Пікір қалдыру