Құланды жазығының қуаң сайындағы қотыр түбірдің панасындағы тар апанда сүті тартылған қу шандырды ырылдаса тартқылаудан жақтары талған құнжыңдаған қос бөлтірік тұмсықтарын анасының бауырына тығып, енді ғана рахаттанып, бырылдаған тәтті ұйқыға кеткен.
Тістері жаңа білініп келе жатқан бұларды аналары қазір дәнге ауыздандырып жүр. Жат дыбыстан қуаң сайдың қиыршық тасы мен ақ шоқалағы аралас құнарсыз сорына өскен бұйырған, бұзаубас, көкпек секілді селкем шөптердің арасына бұға қалған жерлерінен атып тұрып, алдынан қуана секіріп шығатын аш бөлтіріктерін ол бауырына бірден жолатпайды. Алдымен ішіне сақтап келгендерін құсады. Құсықтың иісін жатырқап, бастарын алып қашып, емшек сұрап қыңсылап, бауырына ұмтылатын бөлтіріктерге қаншық өткір тістерін ақситып, суық ырылдайды. Амалы жоқ, қарыны ашқан бөлтіріктер сонда ғана анасына көзінің астымен жасқана қарап қойып, жемтікті түрткілей бастайды. Кейбір тұтас түскен кесектерді ұяластар балаң тістерімен таласа жұлмалап, тақыр-таза жеп, қанағаттанған соң ғана анасы жұмсақ бауырын апанның сыздауыт топырағына төсеп жата кететін. Сол кезде ғана қуана секірген бөлтіріктер ырылдаса келіп, емшектерге жабысады. Алты емшекті қу шандыры қалғанша тартқылап, енді ғана тақат тапқандары да сол.
Күндізгі таласқандары есіне түсе ме немене, кейде ұйқыда жатқан екеуі жоғарырақ үймелеп, бірін-бірі жұмсақ желіннен тықсырып, ырылдасып қояды. Екеуіне дүниеде осы шақтан артық рахат та жоқ сияқты…
…Кенет аспан айрылып, дүние төңкеріліп кеткендей, гүрс еткен дауыспен бірге дәл үстеріне келіп қалған даң-дұң, тасыр-тұсыр дыбыстар естілді. Арс етіп атып тұрған қаншық бауырындағы бөлтіріктерін төңкере тастап, апаннан атқып шыққан. Онымен бірге шыққан екінші гүрсіл тіпті жақыннан естіліп, бөлтіріктердің құлағын тұндырып жіберді. Тәтті ұйқыдан арылмаған қос бөлтірік, қорыққандарынан қыңсылауға да шамасы келмей, ұйлығып, бір-біріне тығылуды білді. Күннің енді ғана құланиектеніп көтеріліп келе жатқан шағына қарамай ерте жеткен жаулары қоян-қолтық келіп қалған екен, қаншық апаннан ұзай алмады. Екінші шыққан гүрсілмен бірге аналарының қаңқ еткен дауыспен соңғы демі де шыққанын бөлтіріктер сезбеді. Өздеріне қарай топырлай жүгірген табан тарпылдарымен бірге «здесь, здесь» деген қуанышты дауыстарды естіп, дыбыстарын шығармауға тырысып, бір-біріне жабыса түскен.
Ендігі кезекте, кеше ғана асыр салып, емін-еркін ойнақтап жүретін жәудіреген күнәсіз көзді, тік құлақ, сүйкімді сұр бөлтіріктің басына тұтқынның тұмылдырығы мәңгі киілген еді. Мұның әлсіз ырылдағанына қарамаған бір әлеуетті қол желкесінен бүре ұстап, қолқаны қабатын жағымсыз иісі бар, бір сасық дорбаның ішіне тоғытып жіберді. Содан кейін жарық дүние бұл үшін қап-қараңғы көрге айналып жүре берген. Ұяласының да қайда қалғанын да білмейді, тек оның өзіне таныс қыңсылы бір естіліп қалған-ды, бірақ мұны салған дорбаға оны әкелген жоқ.
Аңшылар да екеу екен. Көптен ізіне түсіп, бүгін ғана қақпандарына түсірген көкшулан қаншықты алғандарына екеуі де мәз. Осыдан бір айдай бұрын, бұрынғы апандарында боз арланды да осылар сұлатқан. Ол жолы да екі бөлтірік олжалап, қарқ болған-ды. Құтылып кеткен қаншықтың соңынан ай бойы қалмай, ақыры бүгін, Құланды жазығындағы жаңа апанының үстіне дәл түсіп, екеуі тағы да екі бөлтірікті олжалағанға тіпті масайрап, белбеулеріне қыстырып жүретін фляжкаларын суырып шығарып, бір-біріне торс еткізіп қағыстырып алды да, кенезелері кеуіп қалғандай ұзақ қылқылдатты.
* * *
Аңшылықпен айналысуды кәсіп қылған екі маскүнем бөлтіріктерді жаңадан ашылған зоопаркке сатып жіберіп, түсірген ақшаға күнімен ішті. Айналасы бозала шаң болып тұратын жаздық кафенің талай ішкіштің түрегеп тұрып сіміруіне сүйеніш болған жуантық үстелінің дөрекілеу жонылған қалың тақтайлы дөңгелек беті мен жуан аяқтары ғана бұларды құлаудан аман сақтап тұр. Әйтпесе, екі аяқтан әлдеқашан әл кетіп, қайта-қайта сүрінгендер беттері мен иектерін биік үстелге дүрс-дүрс ұрумен зорға түзеледі.
Әңгімелері тек аңның қызығы болған екеу ақыры езулерінен шұбырған сілекейге шашалып, үнемі боқтық араластырып, даурығып, қатты сөйлегеннен дауыстары да қарлығып, дыбыстары шықпауға айналған шақта бөксесі бес биенің сабасындай болатын буфетші Соня оларды кафенің ішінен желкелерінен бір-бір түйіп, қуып шыққан. Тәлтіректеген күйінде бір-біріне сүйенген екі алқаш үйді айнала беріп, түзге тұрды. Бірақ бұл жер кафенің ауласы емес, көшеге шығатын қабырғасы еді, ешкімнен именбей, қабырғаға сүйенген күйі дәрет сындырып тұрған екеуге жиіркене қараған жұрт айнала қашып, тез-тез өтіп жатыр. Тек үсті-басы бітеу милицияның мәшинесі ғана сыр етіп тоқтап, екеуін желкелеген күйі торлы қорапқа басып алып, жүріп кетті.
…Зоопарктегі қос бөлтірік іші біршама кең, ұзынша қораптарға екі бөлек салынған. Аңдармен айналысатын Камила есімді келіншек Шыңғыс Айтматовты көп оқыған жанның бірі болу керек, еркегін Тасшайнар, ұрғашысын Акбара деп жаздырды. Үсті тұтас, асты жартылай тақтайлы, жарымдай торлы, ал бергі беті тұтас тормен қоршалған бұл кілетті зоопарк басшылығы жақында ғана жасатқан. Төңірегінен жас қарағайдың иісі шығып тұратыны содан. Өзі жерден біршама биік етіліп, төрт тағанға орнатылған.
Кілеттің ірге жақ бұрышына апан тәріздес етіліп, аузы жартылай ашық қорап жасалыпты. Күндіз Тасшайнар қорадағы ел-жұртқа көрінбей, соның ішіне кіріп жатады.
Мұнда салған күні ол тұра қашпақ болып, тар қораптың ішін айналып, ұзақ жүгірген. Бірақ қалай жүгірсе де қу тақтай мен торлы темірге соғыла берген соң әлі бітіп, көзін жалт-жұлт еткізіп ұзақ жатты. Біраздан соң атып тұрып, барын салып тағы да зырлап көрді. Неге ешнәрсе өзгермей, бәрі де сол, баяғы күйінде қала беретініне ақылы жетпей-ақ қойды. Бір кезек әбден әлі біткенше шауып, басы айналып құлаған да еді. Екі өкпесі өшіп, тілі салақтап, көзін ашса – бәрібір сол, торлы темір мен қу тақтай… Мұндай қорлыққа шыдай алмай, ырылдап, тістерін шықырлатып, ашу да шақырып көрген, одан да қайран болмады. Темір торды қауып, үзіп тастамақ болып, ұзақ тістеледі. Бірақ оған қалың сым былқ еткен жоқ. Іргені қопармақ болып, қалың тақтайды тырналап еді, балаң тырнақтары қопара алмай, сынып қалды. Ауырған жерін жалап, амалы таусылып ұзақ жатқан.
Жат иісті бір әйел жылы сөйлеп, төбесіндегі тақтайды сәл көтеріп, сүт қойып кетеді. Ол келгенде ырылдап, бұрышқа тығыла қалатын Тасшайнар әйелдің қарасы әбден үзілгенде ғана итаяқтағы сүтті тез шалпылдатып, көзінің астымен жан-жағына алақ-жұлақ қарап қойып, жалап-жұқтап қояды.
Алғашқы кезде итаяқтағы сүтке де жоламай көрген, бірақ нәпсі шіркін шыдатпады, аштық жеңді. Итаяққа бір басып, екі басып ақырын ғана жақындап көрсе, еш қауіп жоқ. Ішіндегі иісі мұрынды жарған ақ сұйықтықты көргенде шыдай алмай, шалпылдатып, асығып-үсігіп тілімен қарпи жалап іше бастаған. Содан бері оны бір-ақ қотаратын болды.
Үш күннен кейін көрге де үйренедінің кері Тасшайнардың да басына келген. Алғашында барлық дыбыстан шошынып, селк ете қалып, құныса түссе, қазір кейбір дыбысқа ырылдап, айбат шегіп, атылғысы келгендей қоразданып қояды. Әсіресе, астындағы тордан жерге түскен нәжіс пен зәрді тазалауға келетін боқтампаз шалдың қолқаны жарған күлімсі иісі мұрнына келгенде, баратын жер таппай ырылдап, апанның ішіне тығылады.
Бұл – Тасшайнарға таныс иіс. Апанда ұйлығып жатқанда анасынан айырып, желкесінен бүріп алып тоғытқан кір қапшықтан да осындай иіс шыққан. Тасшайнар сондықтан өзінің ата жауы осы екен деп біледі. Одан хабары жоқ шал да бір кәззап, мұны айналдырып, жұмысын бітірсе де тез кетпей, ұзақ уақыт тұрып алады. Қалтасынан бірдеңелер алып шығып, жұмсақ дауыспен мұны өзіне шақырған болады. Бірақ оған Тасшайнар барушы ма еді, анасынан айырған жағымсыз иіске барлық ызғарын шашып, ырылын күшейте түседі. «Ах, ты моя злюка, ах, ты волчонок мой» деп күбірлеген шал әйтеуір кетіп тынады.
Кешке қарай сам жақтан күңгірт жарық түсіп тұрады. Адам дыбысы білінбеген соң бір күні Тасшайнар сол жаққа қарап ақырын ұлыды. Аяғында тіпті дыбысын шығарып, үріп те көрген. О, ғажап, оған басқа жақтан жауап келді. Өзінің ұяласы Акбараның дауысын жаңылмай таныған Тасшайнар қуанып кетіп, қайта-қайта ұлыған.
Неге екенін білмейді, басында екеуін екі бөлек қамаған зоопарктегі қожайындар біршама уақыттан соң екеуін бір кілетке тоғытты. Тасшайнар сол күні осында келгелі алғаш рет қуаныштың не екенін сезініп, күні бойы Акбараға сүйкеніп, жалап-жұқтап, оған қатты үйкелумен болды. Өзінің бойы да, күші де Акбарадан артық екендігі сезіліп тұр, бұл қатты үйкелей берсе алғашқы уақытта қуанатын Акбара кейде ауырсынып, құнысып та қалып жүреді.
* * *
Бұл қалада зоопарк жаңадан ашылғанымен цирк көптен бері бар еді. Цирк директоры Ақылбек Алдоңғаров жуырда ғана Белоруссиядан тәжірибелі аң үйретуші шақырған. Зоопаркке қасқырдың қос бөлтірігі алынғанын естіген директор жаңадан келген аң үйретушіге соларды сатып алып, үйретуді ұсынды. Өзі соншалықты қиын жұмыс деп білмейтін бұл ұсыныстан Игорь Бовк бірден бас тартты.
– Қасқырды үйрету өте қиын. Оған тым ұзақ уақыт керек. Өйткені, оның ақыл-ес жүйесі басқа аңдарға қарағанда анағұрлым күрделі, жоғары дамыған, сондықтан ол барынша сақ. Үйреткен нәрсені бірден ұққанымен қайталай бергенге қатты күдіктеніп, әлденеден қауіп алып, жоқ жерден сылбырап, ешнәрсеге зауқы соқпай қалады. Ал қасқырға өзіңе қажеттіні мәжбүрлеп жасату мүмкін емес. Мәжбүрлегенге ол бірден ерегісіп қалады. Оның үстіне ол адамнан күшті априори, оңайлықпен бағынбайды.
– Априори деген не сөз?
– Ол жан иесіне іштен туғанға дейін берілетін білім десе болады. Яғни табиғи… Жаңа туған жас бала мен қасқырдың жаңа туған бөлтірігін салыстырсаң, екіншісі өмірге әлдеқайда епті болады. Өлетін жерін де бірден болжап, сақтана бастайды. Адам баласы ондайды санасы дами бастағанда өмірлік тәжірибе арқылы ғана біледі емес пе? Адамның өмірге санасының қалыптасуын апостериори деп атайды. Бұл априориге қарсылықты егізі десе боларлық сөз.
– Ой, Алла-ай, ондайды кім білген? Бәсе, цирктерде басқа аңдар көп болғанымен қасқырдың сирек болуының сондай мәнісі бар екен ғой. Сонымен мына ұсынып отырған екі бөлтірікті не істейміз? Бұрын қасқыр үйретіп көрмеген бе едіңіз?
– Көргенмін, бірақ, айтып тұрмын ғой, оны сахнаға шығарғанша өте көп уақыт керек. Сонша көп уақыт беретін болсаңыз, тырысып көрейін.
– Сонда қанша уақыт керек?
– Бөлтіріктердің неше айлық екен? – деді үйретуші қарсы сұрақ беріп.
– Анығын қайдан білейін, бізге айтқаны 3-4 айлық болса керек…
– Олай болса кем дегенде 5-6 айдан кейін ғана оларды аренаға шығаруға болады.
– Болсын. Қазір шаруашылық басшысымен бірге зоопаркке барып, бөлтіріктерді алып қайтыңыздар…
Сөйтіп, Тасшайнар мен Акбараның цирктегі жаңа өмірі басталды. Ерлі-зайыпты Игорь мен Наталья Бовктер олардың сеніміне кіру жолында ұзақ тер төкті. Алғашқы кезде екеуінен де қауіп алып, құныса қалатын бөлтіріктер қазір оларға әбден үйренген: келгендеріне қуанып, қатты сүйкеніп, беттерін де жалап, өліп-өшіп қалады. Күннен-күнге денесі күдістеніп, күші көбейіп келе жатқан Тасшайнардың «құшағы» да қатты, ол Игорьдың арқасына жабысып, қысып тұрып алатыны да бар. Әсіресе, бірнеше күн көрмесе «сағынып» қалғандары сезіліп тұрады. Үйретушілердің еркелеткен үндері қатты ұнайтын болса керек, Акбара мұндайда тіпті олардың үстерін былғап, қуаныштан дәретін де жіберіп қояды. Игорь олардың алдында беделді болуға тырысып, еркелетумен қатар айтқанын да екі қылмай істетеді. Қасқырлар оны үйірдің арланы деп ойлайтын болуы керек, айтқанынан шықпай, көрсеткенін құр жібермей, әйтеуір талап еткенінің бәрін орындап жүр.
Қазір қасқырлардың тұрағы әрі биік, әрі кең, үлкен вольер. Тар кілеттен құтылып, кең дүниеге шыққанына екеуі де мәз болып, ұзақ жүгірген. Бұл жерде еркін тыныстап, көп қимыл жасайтыны екеуіне де ұнайтын сияқты. Қапелімде ұшып кірген торғай болса, екеуі де қуалап, әбден қалжыратып, әйтеуір ұстап алғанша бір тынбайды. Ал аренадағы жаттығуға шығу тіпті қызық. Бұл жерде Игорь мен Наталья да бірге болып, өздерімен бірге ойнайды. Дауысы қатты шығатын музыка мен көрермендердің жазылып алынған дабырынан Тасшайнар алғашқы кезде қатты сескеніп еді, бірақ қасындағы Игорьдің бұлтартпас талабы қорқынышын сейілтіп тастаған. Одан әрі өзіне берілген тапсырманың «қызығына» беріледі. Бірақ оңай тапсырманы неге қайта-қайта жасататынын түсінбей, кейде қажып қалады. Әйтеуір айтқанын бұлжытпай істесе үйретушілердің көмейлеріне тығып жіберетін бір түйір бауыр мен жүректің дәмі ғана сілекейін ағызып, тезірек соған жеткенді қалайды. Екеуі үйретушілер көрсеткен жерге жатып, алдымен «ән салуы» керек. Онысы, бастарын есік жаққа қаратып, басқа бастас-тарын шақырып, ұлу. Сол кезде аренаға ақ тоқты атып шығып, аренаны айнала жүгіреді. Көлденең жатқан екеуінің үстінен қарғып өтіп, жүгірісін жалғастыра береді. Бұлардың қасқыр деп шақырғаны қой болып, және ол бұлардан қорқпай үстерінен секіріп кеткені көрермендерге қатты ұнайтын болса керек, бұлар бауыр мен жүректі қылғытып жатқанда олар ұзақ қол соғады. Осындай болмашы тапсырмаларды орындау екі қасқырға да түк емес.
Тасшайнарға тамақ беретін Антонның қылығы ғана ұнамайды, ол кілеттің тесігін ашқан бойы етті лақтыра салып, оны тез жабуға тырысады. Өзінен қорқатынын сезетін жыртқыш та оны бір бөксергісі келіп, қызығып жүр. Тесікке жетіп барғанымен анау алыстап кетіп, тістерін ақситып, ырылдап қала береді. Бірақ түбінде бір бөксеретінін адам да, аң да біліп алған. Антонның бұл қылығын бір күні көріп қалған Игорь жыртқышты ызаландырғаны үшін оған қатты ұрысты. Содан бері Антон көрінбейді, оның орнына Ермолай деген шал тұрыпты. Бұл Тасшайнардан қорықпайды, әкелген етті вольерге кіргізіп, бір уақ отыратыны да бар. Бірақ оның үстінен шығатын жағымсыз иіс баяғы өзін салған дорбаны еске салып, ол келгенде қасқыр бұрышта көзін жұмып қойып, кектенген түрін жасырмай, отырып алады. Акбара болса өзіне тиесілі етті қақшып алып, сүйегін бытырлатып, шайнай бастайды.
* * *
Күндер осылай өтіп жатты. Тасшайнар бұл уақытта дүрдей болып өсіп, нағыз арлан кейпіне енген. Бірде… Мезгіл қыс ортасынан ауған шақ еді. Біртекті, бірсарынды уақыт пен тірлік бір күндерде Тасшайнарды сарыуайымшылдыққа сала бастады. Үстіндегі жүні де түсіп, түлеген жабағы түрін де аздырып жіберген. Көңілсіз күйден бір кезек ол ұзақ ұлып, түн баласында маза таппайтын жағдайда жетті. Вольердің ішіне сыймай, шарқ ұрып бұрыш-бұрышын кезіп кетеді. Кейде ашу шақырып, ұяласын да талап тастайды. Оның мінезіндегі өзгерісті сезген Игорь цирк бастығына оны ұйықтату арқылы өлтіруді немесе ашық далаға, еркіндікке қоя жіберуді ұсынды. Бірақ «қасқырлар ойын көрсететін цирк» деген көрерменді қызықтырғыш лақаптан бас тарта алмаған бастықтар оның ұсынысына мән бермеді. Тіпті жаңа бағдарлама жасап, қасқырлардың «қызығын» арттыра түсуді тапсырды. Бұл іске қосымша ақша бөлінетіндігі Натальяны да қызықтырып, ол да Игорьдің қаупін сейілтуге тырысқан.
…Сол күні қасқырлар кезекті «өнер көрсетуге» шыққан. Тасшайнар түнімен ұлып, дамыл таппаған еді, сондықтан ба қимылы сылбыр. Игорь оның көңіл-күйін дәл танып, дауысын ызбарландыра шығарып қояды. Міне, қасқырлар қатар жата қалды. Аренаға жүгіріп шыққан ақ тоқты алдымен Акбараны, сосын Тасшайнардың үстінен секіре берген… Сол кезде қасқыр арс етіп оны бүйірден қауып алды. Бір-ақ сәттік көрініс. Бүйірінен қан саулай жөнелген тоқты жаны шыға ышқына бақырып, аренадан тұра қашты. Игорьдің ақырған даусынан өзінің бірдеңені қатты бүлдіргенін сезген Тасшайнар жалы күдірейіп бұға қалды. Көрермендер «Ах» деген ащы дауыстарымен бірге іштен тынып қалған.
Жұрттың бәрі естерінен танып қалғандай сәтте ең бірінші болып есін жинаған Игорь болды. Ол қасқырларға аренадан шығуға команда беріп, өзі публикаға бас иіп, ілтипат білдірді де олардың соңынан Натальяны ертіп жүгіре жөнелді. Сол сәтте ғана ес жиған халық қатты қол соғып жатты.
Осыдан кейін цирк басшылығы мен үйретушілер Тасшайнардың болашақ тағдыры туралы ұзақ таласты. Үйретілген қасқырдың аяқ астынан мұндай оқыс «өнер» шығарғанын немен түсіндіруге болады дегенге бәрі де іс ассистенттің шалалығынан болды дегенге сайды. Қасқыр үйретушілердің жас ассистенті ешкіммен ақылдаспай тоқтының мойнына «сәндік» үшін шар байлап шығарған екен. Ал ондайды жаттығу кезінде көрмеген Тасшайнар жаңа нәрседен бірден қауіп ойлайтын дағдысымен «қатерге» қарсы шыққаны сол десті. «Ондай-ондай ханның қызында да болады» дегенге сайған басшылық Тасшайнарды әлі де пайдалануды қалаған еді. Алайда жыртқыштың психологиясын жақсы білетін үйретуші Тасшайнардың бойына қорқыныш енгенін және ол енді санадан гөрі жабайы инстинкті басым қыла беретінін айтып тұрып алды. – Қазір бұл қасқырдың ақылынан гөрі жыртқыштың инстинкті басым тұр. Мен оны бұрыннан да байқап жүргенмін. Оны ұйықтату керек дегенім де сол еді. Бүгінгі оқиға, одан кейін болған жазалардың бәрі қосылып оның жыртқыштық болмысын арттыра түсті. Қазір құтылмасақ бұл аңнан бүгінгіден де ауыр қауіп күтуге болады, – деген Игорьдің бұлтартпас сөздері ақыры жеңіп шығып, Тасшайнарды орманға апарып еркіндікке жіберу туралы шешім қабылданды.
…Тасшайнарды қамаған тар кілетті артқан жүк таситын ескі «Уазик» сар даланың икі-тикі жолымен ыңылдап жүріп келеді. Қаладан кем дегенде 50 шақырым әрі апарып, орманға қоя беріңдер деген бұйрықты бұлжытпай орындауға тырысқан шопыр мен шаруашылық басшысы Сәркен спидометрге анда-санда көз салып қояды.
Міне, межелі жерге де келіп, жүргіншілер машинадан түсті. Бұл жер елді мекеннен біршама қашық, қалың орманның шеті болатын. Машинаның кузовындағы ауыр кілетті көтеріп түсіруге ерінген жүргіншілер бортты түсіріп, оның есігін ашып еді, атып шығып, кең далаға ата жөнелуге тиісті Тасшайнар оның бұрышына барып тығылды. «Өй, мына сорлы, қайтеді, кет бар, шық, деп кабинаға кіретін басқышқа шыққан екеу ұзын ағашпен оны түрткілеп жатыр. Бірақ Тасшайнар түсер емес, керісінше оларға ырылдап, айбат шеге бастады.
– Мәшинені шұғыл қозғап жүріп кетейік, сонда құлаған кілеттен өзінен-өзі секіріп түспей ме? – деді завхоз.
Оның сөзін дұрыс санаған шопыр машинасын күрт қозғап, жүріп кеткен еді, айтқанындай Тасшайнар асты жылтыр кілеттен сыпырылып, жерге түсіп қалды. Бірақ орманға, бостандыққа қарай жүрудің орнына машинаның соңынан жүгіріп, тоңқылдаққа кідірген оның кузовына бір-ақ қарғып, қайтадан мініп алды.
– Өй, мына жазған қайтеді? Бар орманыңа, бар, – деген екеуі ақыры Тасшайнарды ұзын таяқпен ұрып, зорға қуып жіберді. Бірақ біршама жерге барып тоқтап, арттарына қараған еді, түскен жерінен тапжылмай, бұлардың соңына аңырап, тұрып қалған қасқырды көрді.
– Ой, жазған-ай, туғалы еркіндік көрмеген басы не істерін білмей тұр-ау, – деді көпті көрген Сәркен.
– Нешауа, үйреніп кетеді, өзінің даласы ғой, – деді шопыр…
…Үш күннен кейін жергілікті газетке аш болғаннан ауылға кіріп кеткен қасқыр туралы оқыс оқиға жарияланды. Қасқыр ешкімге шаппаған, тек қоқыс төгетін жерден өзіне нәпақа таппақ болып жүрген екен. Ауылдың ит атаулысы оған үріп, у-шу болып жатқанда мылтығы бар бір аңшы оны атып салып, ел-жұрттың алғысын алыпты…