Жалғанның сиқын көзбенен көріп…

Ақылбек Шаяхмет

Алмасып жатар келгендей қатар
жақсы мен жаман оқиға,
Жұмақ пен Тозақ басталып жерден,
жалғасын табар Бақида.
Әр заттың орны, жаралған тегі,
бағы мен соры бір бөлек,
Қорытып, қайта құйғанменен
білезік болмас сақина.

Фәниде қиын жаныңа жақпас
күйелі жерге жоламау,
Жұмақ пен Тозақ, Бақыт пен Азап –
секілді екі жағалау.
Құстайын ұшсаң төбеңнен төніп
аңдиды зұлым қарақұс,
Балықтай жүзсең, тұрады тосып
Әзәзіл құрып саған ау.

Көздерің ашық, жүрегің ғашық,
бауырың жұмсақ болса егер,
Азамат болсаң жүретін таза,
сөйлейтін тура, ел сенер,
Мұратқа жетсең, аман-сау өтсең
тағдырдың құрған торынан,
Келерсің күнге таразы тартқан,
салмағың сонда өлшенер.

***
Көрген кезде қара бұлтты торлаған,
Жауын жауса балапанын қорғағаң,
Бұршақ жауса әлек болған басымен,
Торғайды ешкім дей алмайды онбаған.

Сол торғайдың кебін кисе еліміз,
Шырылдаған балапанын көріңіз.
Тірілерге азық болып өлгендер,
«Шүкір!» деумен күн өткіздік көбіміз.

Ақсақалдан алға шықса бай, мырза,
Төрелерге бас тартқанға қой да «ырза».
Е, Құдайым!
Жыртық үйге назар сал!
Қайырым қыл жалбарынған жалғызға.

Бабам өлді «Алаш туы кием!» – деп,
Атам өлді «Совет елін сүйем!» – деп.
Қалай шыдап, қалай сабыр қыласың,
Жатжұрттықтар жатса бізді иемдеп.

Сөз есітіп, жығылса да таяққа,
Ер намысын таптатпаған аяққа.
Мәз боп жүрміз тойып ішкен, жегенге,
Бұл жалғанға келген жандай қонаққа.

Жыр жазсақ та іштегі шер қозғалсын,
Жәдігөйді шыңғырта алса сөз-қамшым,
Кейінгіге үлгі болар іс болсын,
Арттағыға айта жүрер сөз қалсын.

***
Мен білмеймін – жатқан жандар мамықта
Біле ме екен кісілерді қамыққан.
Көре ме екен адамдарды ашынған,
Қорқа ма екен тамұқтан?!

Мен білмеймін – жая менен жал жеген
Көтере ме жатқан тасты көлдеңен.
Аз па, көп пе оның тапқан олжасы,
Тапқан маңдай терменен?!

Мен білмеймін – шарап ішіп есірген,
Қыз-қырқындар көп алдында шешінген,
Әзәзілдің тіліне ерген әумесер
Шыға ма елдің есінен?!

Мен білмеймін – тойлағанын бақ санар,
Ішкен-жеген, ел билеген патшалар
Міскіндерге көрсетті ме қайырым,
Жасады ма жақсы амал?!

Мен білмеймін – байлыққа әбден құныққан,
Безіп жүрген салт пен дәстүр, ғұрыптан,
Тәубаға кеп, Хақтан кешу тілей ме,
Шыға ала ма былықтан?!

Пенде ме екен қапаланған, тарыққан,
Пенде ме екен мына өмірден жалыққан.
«Жақсы адам ба?» – деп сұрайды молдадар
Жаназада халықтан.

Кемдік көрмей астан, киім, ақшадан,
Тәтті жеміс теріп жеген бақшадан,
Бір ғажабы, қайтқан күні солар да
Болып шығар «жақсы» адам.

***
Қар астында қалған жолдар,
Кеткен жолдар шөп өсіп,
Өзім талай барған жолдар,
Естен шықпай келесің.

Табан тиген ізім қалды,
Жұрты жатыр бұл күнде.
Шаң-тозаңнан сол жолдарды
Аршып алу мүмкін бе?!

Көз алдымда, шіркін, елес,
Қанша жолмен жүрдім мен.
Өткен күнді мүмкін емес
Қайта оралту сол жолмен…

***
Тән қартайып, қайрат кеміп,
Жүректегі жалын сөніп
Жатқан кезде тас төбеңнен
Тұрады екен күдік төніп.

Жүрген кезің жігіт болып
Гүл секіілді қалар солып.
Жасты көрсең желпінесің,
Көкірекке үміт толып.

***
Артқа қарасам
Тапталған қар жатыр.
Алға қарасам
Ұзақ жол жатыр.
Шегінбе!
Бөгелме!
Көз қорқақ, қол батыр…

***
Кейбіреулер ұлықтарды
Жалықтырса бара беріп,
Кейбіреулер құлыптарды
Кілтсіз ашар пара беріп.
Таң қаласың кез келгенде
Тұрғандай-ақ жаңа көріп.
Бұл жалғанның илеуінде
Құмырсқадай барады өріп.

***
Онға нольді қоса салып біреулер
Жүз болғысы келеді.
Бұл ісіне көріп тұрған күледі ел,
Онға тоқсан қосу керек, себебі.

Оннан бірді алып тастап біреулер
Ноль қылғысы келеді.
Сан бастайтын Бірге ғана сенеді ел,
Бірсіз нольдің өмірі жоқ, себебі.

Шындық қана көгертеді тірлікті,
Барлығын ел біледі.
Бабамыздың аңсап өткен бірлікті,
«Бір болайық!» деген сөзі жөн еді.

***
Тағы жаңа ай туды,
Талай тілек айтылды.
Айды көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім.
Ескі айым есіркесін,
Жаман сөздер естілмесін!
Жаңа айым жарылқасын,
Көрген кісі таңырқасын.
Тосын келер өрт болмасын,
Айықпайтын дерт болмасын!
Тырнақтай боп туған айым,
Ел-жұртыма болма уайым.
Шартабақтай толсын айым,
Елге құтты болсын айым!
Айды көрдім, аман көрдім!
Келер күнге алаң болдым…

***
Уақыттың зайғы, бос өткен
Пайдасы бар ма дамуға?!
Лақтырған маған кесектен
Болады қора салуға.

Тұрса да жүрек кешірмей,
Дұшпанға қастық қылмадым.
Суға да түстім шешінбей,
Жағадан қарап тұрмадым.

Ашам деп бетін жалғанның,
Тыңдаушым болса сөз ұғар,
Көрем деп басқа салғанын,
Отқа да кірген кезім бар.

Құтқармақ болып шындықты,
Айтыспен өткен күндерім
Жүрсе де жеңіп сұмдықты,
Жүйкені жерін білмедім.

Бабында, бірақ, тіл-көмей,
Ит үріп жолда жатса да,
Жүретін көпті елемей,
Ұқсаймын кейде патшаға.

Сабырдың ұстап ноқтасын,
Берілем сосын ойға көп:
«Тудырған сөздің патшасын
Абайдай болмақ қайда?!» — деп.

Санаға жұғын жұқтырмай,
Қинаған ойлар Абайды
Түрмеде жатқан тұтқындай
Тағы да мені қамайды.

***
Жүрмедім жалғанда
Қамымен өңештің.
Қалмадым арманда,
Жақсымен кеңестім.
Орта бойлымен
Бойым теңесті.
Болса да той кілең,
Ойым. Ол өсті.
Алайда, жүрген жол
Тұманды, көмескі.
Астағы көлігім
Тозған, ең ескі.
Күн болса кешкірген,
Алдымда белес мың.
Сонда да ешкімнен
Қалысар емеспін.

***
Бүгінгі қазақ шыдамды.
Кешірсін десең күнәңді,
Ерінбей оқып шығыңдар
Алланың сөзі – Құранды.

Шырмауындағы өзгенің
Қазақтың қара көздері
Оқыңдар және ұғыңдар
Абайдың қара сөздерін.

Тамыры терең таралған,
Жерінен туған нәр алған,
Қазақтың салт пен дәстүрі
Мирас боп қалған бабаңнан.

Қадірін біліп шешенің,
Қадірін біліп әкенің.
Ұмытпай айтып жүріңдер
Ұлтымның мақал-мәтелін.

Еш болмай тұрса еңбегің,
Беу, өмір! Неткен мәнді едің ?!
Шырқатып сосын салыңдар
Қазақтың әсем әндерін.

Көрмесе қорлық сүйгенің,
Көкейде болса түйгенің,
Жақсылап ұғып алыңдар
Қазақтың қоңыр күйлерін.

Қазақтың жері – кең дала,
Қоңысты байтақ былғама.
Ғасырлар бойы сақталған
Қазақтың сөзі – ең дана.

***
Нағыз тұлпар ерге лайық,
Болса-дағы өзі майып,
Бөгделерге ұстатпайды жалынан.
Құлаған соң тұрып кету,
Және ілгері жүріп кету
Келмейді екен кез келгеннің қолынан.
Қи жинаған дүниеқоңыз,
Семірсе де болып доңыз,
Мал мен мүлкін артық көрер жанынан.
Қоянжүрек намысы жоқ,
Болса-дағы танысы көп,
Айырылады киіп жүрген тонынан.
Сертті бұзып, ант атқандар,
Таза жерді шаңдатқандар
Құтыла алмас Әділеттің торынан.
Тіршіліктің ебін білер,
Тек өзіне сенімділер
Жарық күтер атқан әрбір таңынан.

***
Зырлады өмір, ұлғайды жасым…
Кеміді сенім, торығу басым.

Көбейді жалған,азайды шындық,
Азайды арман, көбейді сұмдық.

Көбейді дұшпан, азайды жолдас,
Көбейді мыстан, азайды сырлас.
Көбейді обал, азайды сауап,
Көбейді сауал, азайды жауап.

Бізге де дейін, бізден де кейін,
Өтеді өмір, оған не дейін?!

***
Қалада бақта қарқылдап қарға,
Өкпек жел тынбай тұр есіп.
Кеткісі келмей кірлеген қар да,
Жатыр ма қатып, сіресіп?!

Қартайған қыстың ызғары кетпей,
Көктемді аңсап, мұңайсам,
Жүретін жолым тұр тағы кеппей,
Аяқтың асты – лайсаң.

Көкпеңбек мұзды тастаған үйіп,
Қақаған қыстың кәрінен
Жүрсем де жылы тонымды киіп,
Құтылмай жүрмін әлі мен.

***
Жел еседі биік үйдің сыртынан,
Қозғалады терезенің пердесі.
Ынсапсыздар күліп жүрген мұртынан,
Өмір сүріп жатырмыз ғой елде осы.

Қалай табам сырқатымның дауасын,
Терезені ашып қойсам, желеспе
Қатты соқса үйдің ішкі ауасын
Алмастырып, тазалайды емес пе?!

Неге жиі түнереді қабағым,
Кездерім көп қапа болған, күйінген.
Суық тисе ауырады тамағым,
Шаншу келіп қадалады бүйірден.

Жүрек мұңын көтереді қайысып,
Төрт қабырға – мызғымайтын қамалым.
Бой тоңазып, отырамын шай ішіп,
Одан басқа бар ма менің амалым?!

***
Ар-ұяттан жұрдай болса көргенсіз,
Көпті көрген даналар да дәрменсіз.
Ар-ұяты тұрмаған соң бақылап,
Білген ісін жасайды екен ақымақ.

Жаманатқа қалқан болып тұра алған
Иманың да ар-ұяттан құралған.
Жаман жолдан, арам істен тиятын
Ол өзіңнің арың менен ұятың.
***
Су тимесе кірлететін тәніңді
Жаман ойлар кір екен ғой кәдімгі.
Тазартатын, бірақ, сенің жаныңды
Жақсы ойларың алмастырар сабынды.
Сондықтан да айтпай тұрып ойыңды,
Кір-қоқыстан аулақ ұста бойыңды.

***
Қанша пенде қанымызды қайнатты,
Майдан емес көрсететін айбатты.
Ішке сақтап қалдым сөйлер сөзімді,
Айтпаймын деп ғайбатты.

Қолдан келсе қылар едім шөлді көл,
Тіл қатпауға, үндемеуге көндігем.
Запыранға ішім толып кетті ғой,
Қайтсем екен енді мен?!

***
Келемін айтып танысқа кеңес,
Кәрілік ауылы алыста емес.
Ауылға сол бір жетем деп бұрын,
Менімен ешкім жарысқан емес.

«Болар деп қалай?» – кетпейді мазаң,
Ел ерте тұрып, айтылып азан,
Келер деп сыйлы қонағым күткен,
Тұрғындар жатыр көтеріп қазан.

Жастықтың ауылы қалған соң жырақ,
Туыстар келер халіңді сұрап.
Құлағың мүкіс, көздерің нашар,
Он екі мүшең сау емес, бірақ.

Жалғанның сиқын көзбенен көріп,
Қайратың қайтып, басылып желік,
Кейінгі жастың тілеуін тілеп,
Тұрасың сосын тәубаға келіп.

***
Көп сөздерге қоятын сұрау белгі
Жайлап алды, досым-ау, мынау жерді.
Жауап берер аз сөзбен леп белгі
Таяғына сүйеніп, жүдеп келді.

Ортасында сөйлемнің үтірлер көп
Деп тұрғандай: «ақырын күтіңдер!» — деп.
Сөйлем қалай бітерін күткенде адам,
Кім қояды, білмеймін, нүктені оған.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Базылбек Калиулы Жармухамедовговорит

    Тамаша! Заман көрінісі.

Пікір қалдыру