ЖАНАРТАУДАЙ ЖАЛЫН ШАШҚАН ЖАҺАНША

ХХ ғасырдың басы қазақ даласының кез келген өлкесінде, кез келген бұрышында орыс отаршылдық саясатына қарсылық әрекет өршіген үстіне өрши түсті. Қазақтың ұлыттық өмір сүру дағдысына жат отаршылдық әкімшілік басқару жүйесі, халықтық тәлім-тәрбиеге кереғар зиянды іс-әрекеттер, Дала демократиясына қайшы жосықтар, екі жақты қанаудан титықтаған елдің төзімін шегіне жеткізді. Қазақтың бұған дейінгі тарихында империялық әкімшілік билікке, қоғамдық құрылысқа қарсы шыққан қандай наразылық болмасын, патшалық билік аяусыз басып, жаншып отырды. Бұл үдеріс Қазақианы бас көтертпей, тауын шағып, сағын сындырғанмен рухы өжет жандар бұл дағдарыстан шығудың жолын талмай ізденіп, күрес әрекетін еш тоқтатпады. Қазақтың табиғатынан талантты, батыр, дана халық екенін әбден зерттеп білген империялық саясат қыр баласының рухы оянып кетуден сақтанып, оқу-білім, баспасөз бен баспа ісін, өнер мен кәсіп үйренуден шектеп, ұдайы бақылауда, оқшауландырып, вакуумда ұстауды мақсат етті. Бұл ретте Ресей империясы 1868 жылғы Жаңа Низам заңын қабылдауының мәнісі – енді шет аймақтағы қазақ даласын этникалық-рухани отарлауды жүзеге асырудың мемлекеттік кешенді бағдарламасын қолға алды. Аталған мемлекеттік құжат бойынша Ресей империясының қол астындағы қазақты, төрүктекті ұлыстардың тарихи санасын орыстандырып, рухани мәдениетін түгін қалдырмай зерттеп, зерделеп, түбегейлі өзіне сіңіріп алуды кезең-кезеңімен іске асыру жоспары көзделді. Алайда соншама аумақтағы қазақ пен төрүктекті ұлыстың бәрін бірдей әскери губернаторлық басқару жүйесі арқылы құрсаулап, бақылауда ұстауға патшалықтың экономикалық-қаржылық қауқар қабілеті мен шама-шарқы жетпесін білді. Сондықтан XIX ғасырдың екінші жартысынан бұратана санаған төрүктекті ұлыстарды империяға қызмет етуге дайындау мақсатында орыс мектептерінде білім алуға, кирилл қарпінде миссионер ғалымдардың цензуралық бақылауымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, бірді-екілі идеологиялық құрал ретінде ана тілінде газет-журнал шығаруға тәуекел етті. Төрүк ұлыстарының қоғамдық пікірін бөлісіп, тыныс-тіршілігін, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріндегі жаңалықтарын таныстырып, күллі дүниядағы қал-ақуалдан мәлімет беріп тұратын Қырымдағы Исмайлбек Ғаспралының 1883 жылдан жарық көрген «Тәржіман» газетін Орал өңіріндегі қара таныған қазақ асыға күтетін. Оралда тұратын татар көпестері елдің күнделікті тұтынатын қажетті бұйымдарымен қатар дүкен сөрелерінен «Ұлфат», «Азат», «Қазан мұхбирі», 1905 жылдан Камил Мұттығұлұлы Тухваттуллин редакторлығымен басылған «Фикир», Орынбордан шығатын «Уақыт» газеті, «Шора» журналы, тағысын тағы мерзімді баспасөз құралдарын сатып алуға болатын-ды. Ресей империясының төрүк ұлыстарын отарлаудың жеңіл жолы өз тілінде сана-сезімін улап, «идеологиялық саяси ағарту» дәмесінен ештеңе шықпады. Еркіндік сүйгіш қазақ, төрүктекті ұлыстардың өкілдері ортақ жауымен күресте рухани шыңдалып, бір-бірінің демеуімен ортақ жауын жеңетініне көздері жетті.

Қазақтың төл газет-журнал, баспа ісімен шұғылдануына патшалықтың ресми тиым салған тосқауылы 1905 жылғы орыс революциясының дүмпуімен босаңсыды. Бұдан былай отарлық билік жүйесін өзгертудің күрес әдісі мен пішіні басқаша түр мен сипат алды. Отарлық езгіден көп зардап шеккен қазақ қоғамы ұрпақ сауатын ашуды, рухани ағарту мәселесін басты шарт деп таныды. Бұл ретте жаппай шама-шарқынша мұғалімдік, заңгерлік, дәрігерлік, мал дәрігерлік, ауылшаруашылық мамандықтарды игеруге халықтық бетбұрыс жорық басталды. Шындығында, төрткүл дүниенің рухани көзін ашып, метал қорытып, киген киімі мен мінген атының ер-тоқымын алтын-күміспен әбзелдеген, тарихын тасқа бәдіздеген, еркіндік сүйгіш, текті ұрпақты тұмшалап, үздіксіз шектеумен ұстап тұра алмасын өмір өзі дәлелдеді. «Батыр аңғал болады» демекші, сол аңғалдықтан биіктен құлаған ұлытымыздың арда ұлдары бұған дейін кеткен есесін қайтаруға жүрек майын шам ғылып, жанын салды. Сондай буын талапкердің бірі ЖаҺаншаһ [Жаһанша, Жанша] 1887 жылы Орал облысы Жымпиты ауданына қатысты Қарақұдық бөлімшесінің №3 ауылында малшылықпен күнін көрген Досмұхамед отбасында дүниеге келді. Досмұхамедұлы Жаншаның арғы тегі он екі ата байұлы ішіндегі тана ұрығының [руының] қарақұнан тармағынан. Тана руы ежелден жауынгерлік ерлік дәстүрімен дүниені дүбірлеткен, «тарих атасы» саналған Геродот дәуірінде қазіргі Дон өзені – Танаис, яғни Тана руының есімімен әлемдік геосаяси карта бетіне таңбаланған. Бұл деректі Мұхамежан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» (– Алматы, 2009, 119-б.) атты еңбегінен де оқимыз. Ол – ол ма, Дон өзені түгіл Қара теңіз – Тана теңізі аталғанын мәлімдейтін мұра сақталған (Иоан Галонифонтибус. «Книга познания мира». 1404 г.). Жанша Орал әскери реалдық училищеге 1899 жылы қабылданып 1905 жылдың 31 мамырында сәтті бітірді. Табиғаты алғыр, сөзге шешен, жүріс-тұрысы ширақ, қимыл-қозғалысы құйын соққандай өте ұшқыр Жанша айналасындағылардың назарын бірден өзіне аударатын еді. Ол не істесе де өте тез, өткір, тындырымды. Ауыл молдасынан сауат ашқаннан өзбетімен көп ізденіп, қолына түскенді оқып, сын көзбен қарау оның кәдуілгі әдеті. Оның осы тағатсыздығы білуге құштарлығын жігерлендіріп, желіктіріп тұратындай. Жаншаның баспалдақтап оқуға, тоқуға ынтызарлығы біліммен қаруланып, ел-жұртына қызмет ету – алдына қойған асыл мұраты-дүр. Оның бала жастан сүйегіне біткен өркөкірек мінез-құлқы – қоршаған ортасын аузына қаратып, үйіріп, соңынан ертіп кететін жетекшілік, көшбасшылық қасиеті. Өз дәуіріндегі шет аймақтағы патшалықтың отарлық езгісі мен көре көзге әділетсіз шектен шыққан жүгенсіздік, қанау, талау, озбырлық ауадай жайлаған қасіретті көріп өскендіктен бе, орыс пен татар баспасөздеріндегі бірде ашық, бірде тұспалдап, астарлап айтылған шындық пен кереғар саяси ағыстардың сыр-сипатын електен өткізгендей талдап, сараптамалық сүзе бағалағандықтан ба екен қарапайым әлеуметтің көкейіндегі уайым, қайғысы мен көңіл түкпіріндегі алаңы Жаншаның бас қазанында қайнап, пісіп, себеп-салдары аузына түсіп тұратын. Осының шешімін табудың жолын училищеде оқыған жылдары жанындағы дос-жарандарымен талай мәрте бөлісіп, айтысып-тартысып, ортақ іс жолында ант-су ішіп, қазақ ұлытының еркіндігі мен азаттығына жетуге сөз байласты. Жанша, Халелдердің көкейіндегі ізгі арман мұратын Жұбан аға Молдағалиевтің

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген

Жөргегімде  таныстым мұң тілімен,

Жылағанда  жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім!..», – деп тұрғандай әсер етеді…

Мәскеу университетінің заң факультетінде жүргенде Жанша жан-жақтағы ірі-ірі қалаларда оқып жүрген достарымен жиі хат алысып, азаттықты ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды қазақ азаматтарының әрбір еңбегін қадағалап, үнемі жібермей танысып отырды. Студенттік жылдары жер шарындағы мемлекет құрылысына қатысты тәжірибелер мен заң ғылымының тарихы, даму жолдарын айқындайтын еңбектерді үңіле зерттеп, зерделуге бар күшін сарқа жұмсады. Әсіресе Исмайлбек Ғаспрәлінің XIX ғасырдағы патшалық отарлық жүйе Қырымның жергілікті тұрғындарын қалай ығыстырып, өзге халық өкілдерін қоныстандыру саясатын күшпен жүргізгенін тілге тиек ете отырып, башқұрт жерін, сол үлгімен қазақ даласына орталық Ресейдің қара топырақты аудандарынан жаппай кешегі құл-құтан мұжықтарды, тіпті абақтыдағы қылмыскер, азғын кәпірлерді киелі топыраққа қасақана аударып, құтын қашыру, басып алу мақсатын ашық сынап, зұлымдыққа ұлыс болып қарсы тұруға жар салып, жасаған үндеуімен танысты. Жаңа ғасырдың 10-шы жылдарындағы төрүктекті ұлыстардың әдебиеттегі ұранына «Оян, қазақ!», «Оян, татар!», «Бақытсыз Жамал», «Бақытсыз жігіт», тағысын тағы қоғамдық-әлеуметтік теңсіздік тақырыбына жазылған шығармалар заман сыры мен зарына жауап іздеген, басқа түскен тығырықтан шығар жол табуды меңзеді. Күллі аумақты ұлыстың мұң-зары, тағдыр-талайы Жанша, Халел сынды жасты ерте есейтті, өткен ғасырлардағы туған елін, жерін сыртқы жаудан найзаның ұшымен, білектің күшімен және даналық іліммен қорғаған аруақты батырлар сияқты мұратына жетіп, халқын бақытты қылғысы келді. Қазақтың эпостық жырларындағы елін, жерін жаудан қорғаған батырдың мыңға қарсы шауып, жеңіске жетуін әдебиеттанушы ғалымдар мифке, аңызға балап, көркемдік әдіс ретінде гротеск, әсерлеу деп түсіндіреді. Дегенмен мұның астарында шындық барын екінің бірі біле бермесі анық. Өйткені ол оқиға өткен заманның келбеті басқа, соған сәйкес қазақ ұлытының табиғи болмыс-бітімі мен күш-қуаты да мүлдем өзгеше. Махамбетше «Батыр болмақ ойдан-ды». Ол дәуірдегі батыр – көп қырлы, әмбебап жан. Оның бойында тасыған қара күш те, қанды қырғын шайқаста жалғыз өзі мыңға татырлық қажыр-қайратты ат үстінде атой салып, алып та жығатын, шалып та жығатын бесаспап өнерлі, ілімді меңгерген ойшыл, дана, қабілетті, дара тұлға. Сондықтан бүгінгі өлшеммен алғанда 99 Бельгия, 5 Франция сиятын Қазақиа аумағын батыр ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, ең бастысы – іліммен жеңген. Сол мыңға қарсы жалғыз шапқанда аруақты батыр аталарымыз іліммен виртуальды өзін-өзі оқ өтпейтіндей брондап тастаған. Нөпір жаудың атқан оғы батырға дарымаған соң ет пен сүйектен жаралған жаудың үрейі ұшып, басы ауған жағына тым-тырақай, жапатармағай қашып-пысып жан сауғалаған ғой. Керісінше, батырдың атқан оғы жауын шетінен күйретіп, сұлата берген. Бізге көз алартқан талайдың маңымызға жолауға жүрегі дауаламағаны батырлық жыр болып халқымыз жадында мәңгі қалған. Міне, бұл тарихи оқиғалардың астарын керемет түсінген Жанша мен Халелді рухтандырып, еңсесін тіктеп, ілім-біліммен жан-жақты қарулануға себеп болды.

 Сарыауыз балапан шағында Қуанай хазірет бастаған игі жақсылардың батасын алған Жаншаның кеудесінде отаршылдардың құқайынан зардап шеккен халқының азаттыққа жетуіне ұйытқы болам деген үкілі үміті үнемі қос қолтығынан демеп, құйын соққандай жон арқасынан дедектетіп, итеріп тұратын тылсым күш, шұғыл жетуге асыққандай неге ұмтылса да жүріс-тұрысы суыт, қимылы қауырттығын көлденең көз жазбай аңғаратын. Жанша мен Халелдің ішкі жандүниесінде қазандай қайнаған ел-жұртының көрген тауқыметіне жауап іздеген сұрақтың тоқетер түйіні пісіп, кемелденген тұсы 1916 жылғы ұлыт азаттық көтерілісіне дөп келді. Лап еткен жанартаудай буырқанған қазақтың ашу-ызасын басуға патшалық соғыс өтінен қарулы жазалаушы жендеттерді арнайы шақырып, даланы отқаруымен қанға бөктіріп, жайратып салды…

Заңгер маман ретінде Жанша еңбек жолын Оралдағы «Қоныстандыру мекемесінде» статист қызметінен бастап, Ішкі Істер министрлігінің жиналған құпия деректерімен, Қазақ Даласын отарлаудың кешенді жаңа жоспарымен танысады. Осы мемлекеттік құжаттарды оқудан туған ойларын «Уральский листок» газетінің 1911 жылғы бірнеше санында заңның жергілікті халықтың құқықтық-шаруашылық кәсіби ерекшеліктерін түсінбеген кемшіліктерін сынға алып, ұлыт араздығын туғызатын зиянды жақтарына ашық соққы береді. Әлбетте, жас заңгердің бұл пікірі мен ұстанымы Орал генерал-губернаторына, патша шенеуніктеріне ұнамағаны сол – Жанша Досмұхамедұлының қызметін жедел Батыс Субиер [бағзы қазақтың Сулы жер атауы], орыс тілінде бұрмаланып Сибирь аталған өлкеге ауыстыруға шешім шығарады. 1912 жылы Омбы сот палатасында қызмет еткен Жанша тәжірибе жүзінде империяның мүддесі тұрғысынан әділдікті белден басатын келеңсіз, көлеңкелі тұстарға талай куә болады. 1914 жылы көктем туа Том округтік сотының Қайыңды үйезінің прокуроры болып тағайындалады. Осы қалада Батыс Субиер Халықтық училишесінің инспекторы Константин Колосовскийдің қызы, болашақ жары Ольга Константинова арумен сөз байласып, мұсылманша мешітте некесін қиғызып, Ольгаға Зайра есімін береді. Басқа ұлыттың, өзге діннің өкілін империяның ішкі заңы бойынша мұндай лауазымды биік мәртебелі қызметке тағайындау бұрын-соңды сирек кездескен, қазақта мүлдем болмаған оқиға.

Жaлпы, aлaштың кө­сем тұлғaлaры Әлихaн Бө­кейхaн, Ах­мет Бaйт­ұр­сы­нұлы, Мұстaфa Шоқaйұлы, Ел­дес Омaрұлы өмір­лік жaрын қaзaқтaн қыз тaбылмaғaндaй еу­ропaлық ұлыт өкіл­де­рі­нен тaңдa­уын­дa бір гәп бaр сияқ­ты. Не­ге? Өйт­ке­ні бұл aрыстaрдың қaй-қaсы­сы дa екі ғaсыр бойы им­пе­рия­лық aяу­сыз отaрлaу мен ез­гі­де­гі ұлы­тын aзaт ету­ге бе­лін бе­кем буғaн кү­рес жо­лын мұрaт тұт­ты. Сон­дықтaн бұл жaуaпкер­ші­лік жү­гі – зіл бaтпaн, өлім мен өмір aрбaсқaн қым-қуыт, шым-шы­ты­рық сыннaн өту­де сүй­ге­ні­нің отбaсындa ті­рек әрі се­нім­ді се­рік болуын­ қaлaды. Жaншaның дa қaзaқтың ғұр­пы бо­йын­шa тек­ті тұ­қымнaн aтaсты­рып қойғaн қaлың­ды­ғы бaр еді. Алaйдa бұл ше­шім­ді ол өз қо­лы­мен хaт жaзып бұ­зып, қызғa рұқсaтын бе­ріп, те­ңін тa­уып­, бaқыт­ты болуынa ті­лек­тес­ті­гін біл­дір­ді.

«Бәд­рисaфa жең­гей­мен Торғaйғa кел­ген ке­зек­ті сaпaрындa aуыл­дың қaдір­лі aқсaқaлдaры­ның бі­рі Ахaңa – Ахмет Байтұрсынұлына: «Өзің қaзaқ бо­луың қaлaй, қaзaқ болa тұрa, кә­пір­мен не­ке­ге тұ­руың қaлaй!», – де­се ке­рек. Сондa Ахaң бө­гел­мес­тен:

«Мынa отырғaн Алексaндрa Ивaновнa,

Ризaмын мaғaн тaғдыр­дың қиғaнынa.

Бір қaзaқ бір кә­пір­ді мұ­сылмaн қылсa,

Тaти­ды он қaзaқтың имaнынa», – деп жaуaп бе­ріп­ті». Сол айтқандай Зайра Досмұхамедова жеңгеміз қазақ тілін меңгеріп, ағайын-туыстың арасында тастай батып, судай сіңді. Жаншаның өміріндегі биікке көтерілген белесті кезеңінде де, басына бұлыт үйіріліп, құздан құлағандай «халық жауы», «контрреволюциялық-пантөрүкшілдік астыртын ұйымның жетекшісі», «ұлыттық алашорда партиясының көсемі», «кеңес өкіметінің қас дұшпаны», тағысын тағы жалған айыптаумен тұтқындаған, абақтыға жапқан, жер аударған, ату жазасына кесілген қайғы-қасіретке толы зұлмат заманда да Зайра Константиновна Жаншаға деген кіршіксіз махаббатына адал, тағдыр тауқыметіне мойымай азаматының туыстарымен ауыр зауалды бірдей бөлісті.

ДЕРБЕС ЕЛДІКТІҢ ТУЫН КӨТЕРУГЕ КҮРЕС

«1917 жылғы желтоқсанның 5–13 күндерi Орынборда өткен екiншi Жалпы қазақ-қырғыз сиезiнiң қаулысына сәйкес Алашорда Үкiметi Семей қаласында iске кiрiстi. Әлихан Бөкейханның жетек­шiлiгiмен Алашорда Субиердің [Сiбiрдiң] Уақытша үкiметiмен және Зәки Уалиди басқарған Башқұрт автономиясымен арадағы одақтық ынтымақтастығын орнатты. Осыған орай оқиға барысының бет алысын жiтi бақылап отырған Кеңес үкiметiнiң басшылары Алашордамен тактикалық байланыс орнатып, ортақ мәмлеге келуге шақырды.

1918 жылдың 19-шы наурыз күнi Кеңес үкiметiнiң мүшесi, Ұлыт мәселесi жөнiндегi Халық комиссары Иосиф Вис­сарионович Сталин Мәскеуден Семейдегi Алашорда бастығы Әлихан Бөкейхан һәм орынбасары Халел Ғаб­басұлымен төте телеграф арқылы Алашорда автономиясы туралы ауызба-ауыз пiкiр алысты. Келесi күнi Иосиф Виссарионович Сталин Халел Ғаббасұлымен байланысып, Кеңес үкiметi атынан төмендегiдей мәлiмдеме жасады. Бұл саяси мәнi бар өте маңызды құжат болғандықтан сол тұстағы аударма нұсқасын сол күйiнде толық келтiрудi жөн деп бiлемiз.

«Руссиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық Комиссарларының шығарған белгiлi ережесi бұл күнге шейiн ұлыт мәселесi тақырыпты саует хүкүметiнiң негiзгi қызмет жобасы болып келедi. Үшiншi сауеттер сіиезi осы ереженi жайғастыруға қаулы қылды. Өзiңiз бiзге тапсырып отырған Жалпы қазақ-қырғыз сіиезiнiң қаулысы түгелiмен жоғарғы жобаға муафиқ келедi. Бiрақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сiздiң сіиездiң қаулысы өкiлдерiңiздiң саует хүкүметiн тануға хилаф болмаса болғаны.

Үшiншi сауеттер сіиезi сауетски федератсиа низамын жасап һәм бұл низам төртiншi сауеттер бекiтуiне салынсын деп қаулы қылды. Бұған қарағанда ендi сөздi қойып iске кiрiсу керек, йағни һәр бiр тұрмысы, салты басқа халықтар жергiлiктi сауеттермен қосылып, афтономиа, федератсиа алу хұты басы­байлы бөлiнiп кету секiлдi ұлыт ниеттерiн жарыққа шығаруға сіиез шақыратын комиссиа құруға тырысу керек. Бiз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкiлдерi тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткiзбей жергiлiктi сауеттермен бiрiгiп, әлгiдей комиссианы құрар. Сiзден өтiнемiз, бiздiң осы жобамызды Алашордасының кеңесiне салып, жауап қайтарсаңыздар екен.

Әдiресi: Мәскеу, Кремiл. Халық Комиссарларының бастығы Ленинге һәм Халық Комиссары Сталинге.

Ұлыт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталин» [Қуаныш құтты болсын! // Абай. – 1918. – №3.].

Наурыздың 21 Кеңес үкiметiнiң жоғарыдағы ұсынысына Алашорда тарапынан мынадай жауап берiледi:

«1918-iншi жылдың 21-iншi наурызында бiз Алашорданың мүшелерi ұлыт жұмысын басқарушы Халық комиссары Сталиннiң Алаш афтономиасы туралы айтқан сөзiн тексер­геннен кейiн саует хүкүметiн Руссиадағы барлық афтономиалы халықтардың кiндiк хүкүметi деуге қаулы қылып мынаны бiлдiрдiк:

1) Декәбiрдiң 5-нен 13-не шейiн Орынборда болған Жалпы қазақ-қырғыз сіиезiнiң қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш афтономиасын жариалаймыз. Алаш афтономиасына кiретiн облыстар: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдариа, Ферғана, Жетiсу, Бөкей ордасы, Закаспи облысының Маңғышлақ үйезi, Самарқанд облысының Жизақ үйезi, Әмудариа отделi, Алтай гүбернасына қараған Биiскi, Барнауыл, Земиногор үйезiндегi қазақтар;

2) Жалпы қазақ-қырғыз сіиезiнiң қаулысы бойынша Алашордаға қазақтан басқа халықтардан көбiнен көп, азынан азша он кiсi сайланып кiредi;

3) Алаш афтономиасында закон шығаратын һәм ел билейтiн хүкүмет «Алашорда» болады;

4) Учредителны сіиез шақырудың билiгi «Алашордада» болады, оған обласной сауеттер жәрдемшi боларға керек;

5) Алашқа қараған облыстардың һәм үйездердiң билiгi қазақ пен мұжық көбiнен көп, азынан азша сайлап жiберген депутаттардың сауетiнде болады; қалалардың билiгi қала халқы һәм қалада жұмысшы, солдаттардың сайлаған депутаттарының сауетiнде болады;

6) Жалпы халық көптен көп, азды аз саует сайлап шы­ғарғанша областной, үйездни қазақ комитеттерi һәм мұнан басқа да қазақ сайлап қойған махкамалар бұрынғы күйiнде тұра бередi. Земства һәм шаһар думалары да бұрынғы күйiнде елдiң шаруасын һәм оқу-оқыту жұмыстарын басқарып тұрады;

7) Қазақ-қырғыз өз арасындағы iстерiн өздерi сайлап қойған обласной һәм үйездни соттары бiтiредi;

8) Жалпы сіиезiмiздiң қаулысы бойынша қазақ-қырғыз арасында милитсиа құрылады;

9) Жергiлiктi сауеттердiң бұйрығы бойынша ұсталып абақтыда жатқан «Алашорданың», оқу комиссиасының қазақ комитеттерiнiң һәм Земски управалардың мүшелерi тоқтаусыз босатылсын. Мұнан бұлай оларды өтiрiк шағым, жаламен қуғын-сүргiнге ұшырату тоқталсын;

10) Қазақ-қырғыз iстерi туралы елшi ретiнде саует хүкү­метiнiң қасында болуға Алашорда мүшелерi Халел һәм Жаһаншаһ Досмұхамедұлын өкiл еттiк (Халел мен Жаһаншаһ кәзiр Мәскеуде афтономиа туралы Алашорда атынан сөйлесiпатыр);

11) Алашорданың жоғарғы шарттарын саует хүкүметi тексерiп тез жауап қайтарсын» [Кiндiк камисариат мәжiлiсi // Қазақ мұңы. – 1918. – №2. – 26(13) әпiрел].

Алашорданың ресми жолдаған нотасынан соң Ленин мен Сталиннен Әлихан Бөкейхан мен Халел Ғаббасұлының атына телеграмма келдi.

«Һәр халықтың өз билiгiн өзiне беремiз деп шашқан закон жарлығымыз әлi со қалпында – айтқанымыз айтқан. Сiздердiң өкiлдерiңiз [Жаһаншаһ пен Халел Досмұхамедұлы – А.Мек.] бiзге әкелiп тапсырған Жалпы қазақ сіиезiнiң қаулысын түгелiмен қабыл аламыз; жалғыз-ақ саует хүкүметiн танисыздар. Ендi бiздiң билiк беремiз деген сөзiмiздi iске асыру керек. Ол жердегi тұрған хәкiмшiлiкпен бiрiгiп сіиез шақырып, афтономианы жариа қылу жолында болатын комиссиа жасаса­ңыздар. Қазақ сиақты тұрмысы, ғұрфы, елi, жерi басқа жұртқа өз билiгiн өзi алуға ерiк. Қазақтың қамқорлары тезiнен комис­сиасын жасап, афтономиасын жариа қылуға асығар деп бiлемiз. Ондағы бiр ниет, бiр тiлектегi адамдармен ақылдасып, байлаған сөздерiңiздi бiзге бiлдiрiңiз» [Қуаныш құтты болсын! // Абай. – 1918. – №3.] – деп Ленин мен Сталиннiң қолы қойылған.

Семейде шығатын «Абай» журналының 1918 жылғы №3 саны теріліп қойғаннан кейін жеткен қуанышты хабарды «теңдікке, билікке сусаған алаштың ұлын қуантқалы» басқарма журнал мұқабасына асыға жариялады:

«Ал, алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің; ілгері басқан айағың кейін кетуге тайанып еді. Бостандық көріне түсіп, жоғала жаздап еді… Құдай берді, жарылқады! Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі қазақ – қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді! Көрдің кеудесінде жаны бар, денесінде қазақдың қаны бар, жүрегінде алашдың намысы, ары бар, алашдың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл алаш! Сілкін алаш! Қуан алаш! Жаса алаш!» [Сонда]. Сол күндері күллі қазақтың қуанышында шек болмады. Алаш жұрты аңсаған арманына жетіп, бақыттан басы айналғандай күй кешті. Күн көзінен шашылған ақ сәуле шапақтай иісі қазақ нұрланып кетті. Дербес елдіктің туын биік көтерген алаштың ардақты ұлдарына деген ризашылық асқақ сезім тебіренісі ерекше толқыды. Шалқыған шаттыққа бөленіп, жүрек жарылардай бек масаттанатын жөні бар еді. Алаш баласы азаттық пен теңдікке жетті! Ленин мен Сталин алаштың автономиясына қолын қойып, шын бейілімен мойындайтынын білдірді. Кремль көсемдері қол қойған бұл құжатты алаш арыстары ішкі күмәні бола тұра заңды саяси кепілдік деп қабылдамасқа амалы жоқ еді.

21 наурыз күнi Жаһаншаһ пен Халел Досмұхамедұлы Мәскеуден Әлихан Бөкейхан, Халел Ғаббасұлы, Әлiмхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы атына мынадай мазмұнда тағы жеделхат жiбердi:

«Халық комиссарларымен сөйлесiпатырмыз, Алаштың афтономиасына қарсылығы жоқ. Бүгiн-ертең Алашордамыз атына Ленин ауызба-ауыз сөйлеседi» [Сонда].

Әйтсе де мұнан кейiн келiссөз үзiлiп қалды. Кеңес үкiметi басшыларының түпкi көздеген мақсаты – Алашорданы өз ыңғайына көндiру үшiн дәмелендiре тұрып, күш жинағанша уақыт ұту, сөйтiп қолайлы сәттi пайдаланып алдап соғу едi. Аумалы-төкпелі саяси теке тірес жағдайында Алаштың сөзін сөйлеген тұлғалардың ұлыттық мүдде тұрғысынан ортақ шешімге келуі өте күрделі мәселе болды. Әсіресе 1917–1918 жылдары Ресейде большевиктерге қарсы саяси күштердің ортақ мүдделік ауызбірлігі болмауы қарулы қақтығысқа ұласты. Қазақ елінің аумағы ақ пен қызылдың майдан алаңына айналды. Алаш арыстары тығырықтан шығудың қолайлы жолын іздеп, қарманып бақты. Ең әуелі оларды қарулы шайқастың өтінде қалған халқының қауіпсіздігі мен Алашорда автономиясын сақтап қалу міндетін шешу ерекше толғандырды. Сол күндері алаңдаған ел-жұрттың көзі мен құлағы болған баспасөзде жазылған оқиғалар сүреңі:

 «… Қазақтың милиция-әскеріне қару-жарақ беру жағынан бұлар тоқтау қылатын емес. Жоғарыдағы Досмұхамедовтар Орал қазағының әскері үшін Самар үкіметінің 200 мылтық, бірнеше пулемет алып, Орынбор арқылы елдеріне жіберіпті. Досмұхамедовтар осыдан Челябі қаласында болатын Государственное совещаниенің алдыңғы жиылысына бармақшы. Ол совещанияға Самар үкіметінің мүшелері тегіс бармақшы.

Бастығы Вольский мен Вединапин болып, Башқұрт үкіметінің бастығы Зәки Уәлиди бармақшы.

Алашорда атынан Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұр­сынов, Түркістан автономиясының бастығы Мұстафа Шоқаев бармақшы, алдыңғы жиылысы 20 августа болмақшы.

Бұл жиылыста қаралатын үлкен жұмыс әр автономиялы үкіметтерден бас біріктіретін ортадан барлығына бірдей үкімет тұрғызу.

Егер де бұл жиылғандар ынтымақтасып, сөзді бір жерден шығарса, бұлар бұзылмайтын болып бекімекші.

Бұл совещаниеден үміт зор. Алашорданың ұнатуы бойынша совещаниеге бұрынғы Учредительное собраниеге сайланып шыққан бар члендер кірмекші һәм автономиялы үкіметтердің сайланып, белгіленген мүшелері кірмекші.

Досмұхамедовтар Алашорданың бар мүшелерінің Самар үкіметімен сөйлесуге түгел келулерін ұнатады. Өздері екі мың­дай қазақ милициясын сайлап шығарды. Бұлар Орынбор казак-орыстарымен қосылып Ақтөбе уезіндегі большевик әскерлеріне қарсы жүргелі жатыр. Бұл туралы әуелі атаман Дутовпен сөйлесті. Досмұхамедовтардың түнеу күнгі Орал облысының үкіметі деп сайлаған үкіметі Алашорданың бір бөлімшесі деп танылды» [Жас азамат. – 1918. – №5. – 1 қазан.]. Ақпараттар ағыны саяси жағдайдың күздегі ауа райындай мың құбылып, айқындалмай тұрғанынан хабар береді. Әрбір саяси күш өз тарапынан көздеген мүддесін қорғауға жанын салып күресті. Алашорда үкіметі мүшелері бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға ізденудей-ақ жанталасты. Алайда көздеген мақсатқа күш-қуаты жетіңкіремеді.

1919 жылы Ұлыт мәселесi жөнiндегi Халық Комиссариа­тының органы, Мәскеуде шығып тұрған «Жизнь националь­ностей» газетiнде Ахмет Байтұрсынұлы «Төңкерiс және қазақтар» атты мақаласында, сол кездегi сахарада қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалды былайша баяндайды:

«Қазақтар үшiн Ақпан төңкерiсi қаншалықты түсiнiктi болса, Қазан (Әлеуметтiк) төңкерiсi де оларға соншалықты – түсiнiктi болып көрiндi.

Олар бiрiншi төңкерiстi қандай қуанышпен қарсы алса, сондай-ақ екiншiсiн де қорқыныш, үреймен қабылдауына тура келдi. Алдыңғы һәм кейiнгi төңкерiске деген қазақтардың мұндай көзқарасының өте орынды әрi нақты болуы қазақ халқын етене жақсы бiлетiндер үшiн аян. Iлкi төңкерiстi қазақтардың дұрыс түсiнiп, қуана қарсы алуының себебi, бiрiншiден, ол патша өкiметiнiң езгiсi мен қанауынан азат еттi және екiншiден, өзiнiң ежелгi арманы дербес басқару саяса­тының жүзеге асырылу үмiтiн нығайта түстi…» [Байтурсынов Ахмет. Революция и киргизы // Жизнь национальностей. – 1919. – 29. – 3 апреля.].

Ресейдiң орталық бөлiгiндегi большевиктер қозғалысының қалай жүргендігінен қазақтар бейхабар едi. Ал шет аймақтарда оның қанаумен, тонаумен, зорлық-зомбылық арқылы үкiметтiң өктем үстемдiгiмен жүзеге асып отырғандығын Ахмет Бай­тұрсынұлы ашық жазды. Аталған мақаладан Қазақстанның саяси басқару құрылымының федерациялық бiртұтас одаққа енетiн дербес, өз алдына автономия болуы үшiн келiссөздiң қандай қиын жағдайда өткендiгiн төмендегi жолдардан айқын аңғаруға болады.

«Қырғыз (қазақ) қайраткерлерi заңнан тысқары деп жария­ланды, олардың әрқайсысының басына 25 мың сомға дейiн бәйге тiгiлдi. Мұндай жағдайда болған қазақ зиялылары орталықтағы Кеңес үкiметiмен тiкелей байланысу мүмкiндiгiнен айырылды, ал ара ағайын арқылы келiссөз жүргiзу ниетiнен түк шықпады. Содан кейiн Алашорда мүшелерi 1918 жылғы наурызда тiкелей байланыс арқылы орталықтағы үкiметпен келiссөз жүргiзбек болып едi, бiрақ Алашорда ұсынған келiсiм шарты жобасына ешқандай жауап қайтарылмағандықтан, бiздiң бұл келiсiмiмiз аяқсыз, үзiлiп қалды. Ал бұл келiсiмнiң жоба­сында Кеңес үкiметi жариялаған «Россия халықтары құқық­тарының Декларациясындағы» негiзгi қағидаларына сәйкес кел­мей­тiндей ештеңе болмағандықтан, Кеңес үкiметiнiң ешқандай үн қатпай, келiссөздi үзiп тастауы Алашорда үкiметiне, жұм­сартып айтқанда, түсiнiксiз едi, сондықтан бiз бұл бағыттағы талабымыздан мүлде үмiт үздiк…» [Байтурсынов Ахмет. Революция и киргизы // Жизнь национальностей. – 1919. – 29. – 3 апреля.].

Кеңес үкiметi «көсемдерiнiң» келiссөзге деген ықылас, ниетi мен көзқарасы да жоғарыдағы мақала үзiгiнен тайға таңба басқандай ап-айқын көрiнедi. Коммунистiк идеологияның бұл келiссөздiң халқымыздың азаматтық тарихынан алатын орнын сыңаржақ пайымдап келген «бұлжымас пiкiрдiң» негiзсiздiгiн дәлелдеу үшiн толық дәйек болары шүбәсiз [Мектеп-тегі Аманқос Құлтанұлы. Көсемсөздің көсемі: монография / – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 384 б. + 22 бет жапсырма.].

Алаш зиялылары XX ғасырдың басында жаппай ағарту мәселесіне шақырып, оқуға ықыласты жасты да, ересекті де қолдап, еркіндікке, дербес мемлекеттікке жетудің тетігі – білім, ғылымды, кәсіпті игеру деп ұқты. Бұл мәдени-рухани қозғалыс қазақ ұлытын әжептәуір сапалық биікке көтеріп, саналы серпіліс жасағанын дос түгіл жауы да сезінді. Осыны електен өткізген қазақ еліне үстемдік жүргізіп, теспей сорып, тонап үйреніп қалған отаршыл шовинистік пиғылдағы басқыншылық биліктен айырылғысы келмегендер көзбояушылық саясатпен алаш арыстарын алдаусыратып, босаңсыған империялық мемлекет тізгінін берік ұстағанша, күшін бір қолға жинағанша уәдені үйіп-төгіп, уақыт ұту мақсатын да аз-кем тактикалық шегініс жасауға мәжбүр болды. Онымен қоймай алашты іштей ірітуге түрлі арандату, айлакерлік әдіспен араларына жік салуға әрекеттенді. Сөзге тұратын, уәде бұзуды күнә санайтын, аңғал жұртымызды адастырып, табан астында сөзінен айнып кету, екіжүзділік, алаяқтық саясатты ұстанды. Жаңа орнаған коммунистік кеңес одағы билігінің ресми сөзі мен ісі екі басқалығына сенер сенбесін білмеген алаш арыстары кереғар жөнсіздікке қарсы тұрып, қайсарлықпен қасіретке ұшырады. Қазақ «итпен құда болсаң, боқпен той жасайсың» деген кеңестік дәуірдегі қызыл саясаттың алаш арыстарының ар-намысына тиген, ұлыт мүддесіне қарсы заңдар мен әрекеттердің тексіздерден еш үміт жоқтығына әбден көзі жетті. Патша өкіметінің төрүк ұлыстарына жасаған отаршылдық саясаты большевиктердің билікке келуімен фашистік диктатураға ұласты.

«…ТҮ­БІ ҚAЗAҚ РОС­СИЯҒA БAҒЫ­НЫП ОТЫРМAЙДЫ»

«Сырым шыққан төбеден» соң әйгілі батыр, шешен, бидің аруағы желеп-жебеді ме, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген аталысөз айнымай келді ме, әйтеуір жасынан зерек, таңдайы тақылдаған баланың тілге жүйрік, сөзге шеберлігі өскен сайын өрістеп, бойына қасиет болып қонды. Жаншаның бұл ерекшелігін досы түгіл, дұшпаны да, серіктес, қанаттас, замандастарының бәрі бірауыздан мойындағанын өмірдің өзі дәлелдеді.

Қы­зыл им­пе­рия­ның aқ де­ге­ні aлғыс, қaрa де­ге­ні қaрғыс, бaршa әлем­ді aузынa қaрaтып, дү­ріл­деп тұрғaн ХХ ғaсыр­дың 60-жылдaры Хaмзa Есенжaнов «Ақ Жaйық» три­ло­гиясындa:

«Екі Дос­мұқaмбе­тов­тің§ мі­нез­де­рі де, түр­ле­рі де екі бaсқa, сырт көз­ге де бір­ден кө­рі­не­тін aйырмaлaры мық­ты еді. Жaншa сүйек­ті, кел­бет­ті, aшық, би­леп-төс­теп ер­кін сөй­лейт­ін жә­не әрі жиі, әрі қaтты кү­ле­тін aдaм. Ал, жез сaғaқты сопaқ кө­зіл­ді­рік ки­ген ортa бой­лы, дөң­ге­лек қaрa сaқaл қойғaн, қaрaто­ры док­тор өр мі­нез­ді жaн. Қaзір ол қaдaлғaн же­рі­нен қaн aлaтын сү­лік сияқ­ты, қaбaғын шы­тып орын­дықтa тік шaншы­лып отыр. Ес­кі зaмaнның кө­зі – aяқтaры ой­мыш­ты үл­кен қо­ңыр үс­тел­дің жaнындa тұрғaн бойшaң Жaншaның қaсындa Хaлел ұсaқ кө­рі­не­ді, оның үс­ті­не қaқырaйғaн биік, aрқaлы үл­кен орын­дық оны шaмaдaн тыс кі­ші­рейт­іп көр­се­тіп тұр, ол, – бей­не ұядa отырғaн өт­кір көз­ді кіш­ке­не күй­кентaй сияқ­ты» [Хaмзa Есенжaнов. Ақ Жaйық. Три­ло­гия. – Екін­ші кітaп. Шыңдaлу. – Алмaты: Жaзу­шы, 1988. – 234 б.], – деп Екі Дос­тың обрaзын дәл сипaттaйды.

Жанша мен Халел Досмұхамедұлы 1918 жылы 21 наурызда Мәскеуге елшілік сапармен Кремль көсемдері В.И. Ленин және И.В. Сталинмен бетпе-бет сұхбаттасқанда Алашорда ұлыттық автономиясын тануға, мәжбүр болғанын өз ауыздарынан мойындап, уәде берді. Алайда кеңестік билік күш алғаннан кейін жағдай басқа арнаға ауғаны мәлім. Пруссияның Президенті Отто фон Бисмарк (1815-1898) айтқандай «Орыстармен жасасқан келісімшарттың құны жазылған қағаз құнына да тұрмайды» [«Договоры с русскими не стоят той бумаги, на которой написаны»] деген көрегендік пікірін өмір талай мәрте дәлелдеді. Ата-бабамыз «Орыспен дос болсаң, айбалтаң жаныңда болсын», – деп тектен-текке айтпаған.

     Сегіз қырлы, бір сырлы, тәкаппар Сәкен Сейфоллаұлы «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романында Жаншаның ораторлық өнеріне таңдай қағуы, қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгірұлының саяси тапсырыс ретінде жазған «Хан адвокат» деректі әңгімесінде Жанша:

« – …Бү­гін­гі зaмaн – зaмaн емес, aз ғaнa aуыл До­се­кең (Қaзaқстaн) aтaғы болмaсa, әлі Рос­сияғa бaғы­нып отыр. Бaғынғaны былaй тұр­сын, Қaзaқстaн Рос­сияғa жем бо­лып отыр. Оғaн мысaл, осы күн­гі Қaзaқстaндa ұн жоқ. Жұрт­тың бә­рі нaнғa зaр. Сол aш Қaзaқстaнның өзі Рос­сияғa 35 000 пұт ұн жі­бе­ріп отыр. Ол – ол мa, қaзaқтың же­рін орыс­тың мұ­жықтaрынa aлып бе­ре­йін­ деп отыр. Бaсқa бе­ріп жaтқaн те­рі-тер­сек зaттaрдың есе­бі жоқ…

…Бірaқ, зaмaн өте­ді. Өз­ге­ре­ді. Тү­бі қaзaқ Рос­сияғa бaғы­нып отырмaйды. Күн­дер­дің кү­нін­де өз aлдынa өкі­ме­ті болaды. Сөз жоқ…

– Жaстaр, көп aйт­ып не ке­рек. Аз ғaнa aуыл До­се­кең – қaзaқ хaлқы қaзір ел бо­лудa емес, жем бо­лудa. Жaлғыз үміт өз­де­рің, өз­де­рің­дей оқып жүр­ген жaстaр болмaсa… Біз болсaқ, о дү­ниеге ке­тіп бaрaмыз…» [Жaнсү­гі­ров Ілияс. Бес том­дық шығaрмaлaр жинaғы (ҚaзССР Ғы­лым aкaде­миясы М.О. Әуе­зов aтындaғы әде­биет пен өнер инс­ти­ту­ты. – Алмaты: Жaзу­шы, 1986. –) Т. 4: Әңгі­ме­лер, очерк­тер, фельетондaр. – 1988. – 359–361 бет­тер.], – дейді.

Осы үзік сырдaн ел­ге ес, хaлқынa қорғaн, пaнa болғaн зaңғaр тұлғaның күл­лі бол­мыс-бі­ті­мі ерек­ше­ле­ніп тұр. Ке­йіп­кер aузынaн шыққaн пaйымдaудың ло­гикaлық қи­сын­ды еке­ні боль­ше­ви­зм­нің қaзaққa жaсaғaн сұм­дық ойрaнын кө­зі­мен көр­ген ұрпaқтың мәң­гі есін­де қaлды. Мaң дaлaғa сыймaғaн мың­ғырғaн мaлы мен жaнын қынaдaй қы­ру­ды сaясaтқa aйнaлдырғaн боль­ше­ви­зм­нің сaлғaн ойрaны мен қaйғы-қaсі­ре­ті­нен қaзaқ әлі есін жиып, aйы­ғып үл­ге­ре қоймaғaн еді. Бей­кү­нә хaлық­ты aштaн қaты­рып, ен дaлaғa сүйегі шaшылғaн, aузындaғы­сын жы­рып, бaр aстық­ты шет жұртқa aсырғaн, тaлaуғa түс­кен, тоз-то­зын шығaрып, бaс сaуғaлaтып қaңғы­тып жі­бер­ген зұлым­дық­ты қaлaй aйып­тaмaсқa. Бaс кө­тер­ген aзaмaтты жер-көк­ке сый­ғызбaй қудaлaп, бұйдaлaнғaн тaйлaқтaй же­тек­ке ер­ген Мыр­қымбaйлaрғa ел бaсқaртқaн қы­зыл сaясaттың есе­бі әри­не тү­гел. Тaғдыр­дың мaңдaйғa жaзғaны сол – ниет-пи­ғы­лы хaрaм қоршaғaн қaрa күш­ке қaрсы тұрaр шaрa жоқ. Бaс кес­пек болсa дa, тіл кес­пек жоқ де­ген өзек­ті өр­те­ген, жaның­ды жaрaлaғaн, қa­уіп­ ет­кен­ді өсиет қып aйту пaрыз. Тaлaй сaбaзбен бет­пе-бет кел­ген­де мы­сы бaсып, ойын­дaғы­сын aйт­пaй-aқ бі­ле қоя­тын тaбиғaт жомaрт жaрaтқaн жaн бәл­ше­бек­тік би­лік­тің сұ­ры жaмaнын, әлі бaсты дa, тіл­ді де ке­се­ті­нін сез­ген. Бaсқa не сaлсa дa мой­ны­мен кө­те­ру­ге дa­йын­ еді. «…Бірaқ, зaмaн өте­ді. Өз­ге­ре­ді. Тү­бі қaзaқ Рос­сияғa бaғы­нып отырмaйды. Күн­дер­дің кү­нін­де өз aлдынa өкі­ме­ті болaды. Сөз жоқ…». Жaстaр, aлaштың елі мен же­рі­нің болaшaқ тaғды­ры сен­дер­дің қолдaрыңдa еке­нін ұмытпaғaйсыңдaр! Әң­гі­ме­нің идея­лық нысaны – aлaштың aрдa ұлын қaрaлaу болғaнмен, оның өмір­де­гі жaсымaғaн жі­ге­рін, жaлындaғaн өр ру­хын, aрындaғaн қaйрaткер­лік өре қуaтын, aзaмaттық биік ұстaны­мын, елін-же­рін қaнaттығa қaқтырмaй, тұм­сық­тығa шо­қыт­тырмaуды көк­се­ген aсыл aрмaн-aңсaрын бей­не­лі тіл­мен дaрaлaу бaсымдaу сияқ­ты. Қaлaмгер ке­йіп­ке­рі­нің жaй-кү­йін­, кө­зі ті­рі­сін­де ой-aрмaны­ның орындaлмaғaнынa опын­уын­, «рухa­ни қaзaсы ер­те кел­ге­ні­не» күй­реу, қaмы­ғу, күй­зе­лі­сін мыс­қылдaп, тaбaлaғaн сыңaймен, уыт­ты тіл­мен сипaттaғaн. Бірaқ бұл оның тaуы шaғылғaн пес­си­мис­тік то­ры­ғуы емес, дұшпaны­ның қо­лындaғы қaруынa aйнaлғaн өз ұлы­тынaн шыққaн то­быр­лық сaнaғa, тек­сіз­дік­тің уaқытшa үс­тем­дік құрғaнынa ызa буғaн, жaнын же­гі­дей же­ген қaйнaғaн кек­тің күйігі еке­ні бі­лі­ніп тұрaды.

Башқұрд ұлытының көсем тұлғасы Зәки Уәлиди Тоған 1917 жылы жеке-дара, дербес автономияға ұмтылудағы күресте Жанша Досмұхамедұлы қайраткерлігін еске алып, былай деп жазады: «Түркістан өлкесінен Бүкілресейлік мұсылмандар форумына сайланған 12 өкіл құрылтай ашылатын 7 мамыр күні Мәскеуге жетті. Құрылтай жұмысына алдын ала жүргізілген тыңғылықты дайындық барысы өз нәтижесін берді. Тек қана Башқұрд елінің әр түкпірінен 50 өкіл келді. Құрылтайды ұйымдастырушылар федерализм идеясына қарсы тұруға төтеп береді деп Ахмед [Салықов] Цаликов, Шәкір Мұхамедияров, Ғаяз Исхакилерге иек артып, сенген еді. Алайда Әзербайжаннан, Қырымнан, Түркістаннан келген федерацияны қорғаушы жақтастар көп болды. Ташкенттегі бас қосудың президиумында унитаристер, яки Ресей құрамындағы ұлыттардың біртұтас мемлекеттігін қолдаушылар басым еді. Мәскеудегі құрылтайдың президумынан негізінен федерацияны бір ауыздан қолдаушылар орын алды. Мәскеу құрылтайында Орталық мұсылман Кеңесіне Алимарданбей Топчибаши төреағалық етті. Алимарданбей Топчибаши, Мәмед Расулзаде, қырымдық Джафар Сейдәмет және қазақ Жақанша Досмұхамед, бұлар ешбір ымыраға көнбей тек федерацияны жақтаушылар, олардың сөйлеген жалынды сөздері құрылтайға қатысушылардың көкейіне қонып, федерация идеясын көпшіліктің қолдауына өте күшті әсер етті. Сонымен автономия мен федерация идеясына қарсылар саны 271, қолдаушылар 446 дауыс басымдықпен жеңіске жетті. Мұсылмандардың атқарушы комитеті [ИКОМУС] құрылып, оның құрамына 12 мүше сайланды, соның ішінде Түркістаннан адвокат Убайдолла Қожа, адвокат Жақанша Досмұхамед, Заки Уәлиди, адвокат Уәлидхан Танаш және қазақтың жазушысы Аққағаз Досжанқызы. Бүкілресейлік мұсылман құрылтайында башқұрд пен қазақтың территориялық автономиясына қатысты сөз қозғалғанда қазандық татарлар бұл біржақты мәселе деп, қайткенде де әңгімені басқа арнаға аударып, дін, мүфтидің міндеті, ағарту саласын талқыға салды» [Тоган Заки Валиди. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестана и других восточных тюрок за национальное существование и культуру. Пер. с тур. – Москва, 1997. С. 121-123.].

Жаһаншаһ Петерборда Мұсылман атқару комитетінде ұлыттық-территориялық автономиялық дербестіктің маңызын әлемдік бай тәжірибелерге сүйене, сан алуан мысалдарға жүгіне, құқықтық-заң жүзінде ғылыми негіздеп, жанын сала қорғап, жалынды сөз сөйледі. Ол бұл ұлыттық-аумақтық саяси субъектіге бей-жай қарамай Мұсылман атқару комитетінің жұмыла қолдау көрсетуіне үміт артты. Кезінде Жаһаншаһ Досмұхамедұлы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайында ұлыттық автономия мен федерация идеясына қарсы шыққан осетин Ахмет Салықов [Цаликов] пен татар жазушысы Ғаяз Ысқақидің саяси дүмбілездігін беттеріне басып, олардың ұлыттық мемлекеттердің дербестігі мен азаттығына тосқауыл болатын «унитарлықты» қорғауы империялық отарлау саясатына адал қызметі екендігін масқара әшкере етіп, екі жүзді өтірікшілер деп айыптады. Зәки Уәлиди Тоған көп жыл өткен соң Жаншаның [Жаһаншаһ] осы азаматтық ұстанымы мен ержүректік әрекетіне айырықша құрмет таныта, ерекше ризашылық сезіммен еске алды. Унитаристердің беделі әбден түсіп, жеңіліске ұшырағаннан кейін, олар Мәскеу құрылтайының шешімдерін жоққа шығару мақсатында құжаттарды саналы түрде өздерінің ыңғайына бұрмалаған. Бұл олардың тарапынан жасалған – мемлекеттік ауыр қылмыстық іс еді [Тоган Заки Валиди. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестана и других восточных тюрок за национальное существование и культуру. Пер. с тур. – Москва, 1997. Стр. 134.].

Жымпитыдағы Алашорда музейі – шындығында, сол дәуірдің куәсі, Жаһаншаһ, Халел Досмұхамедұлы бастаған Алашорданың батыс қанаты орналасқан тарихи ғимарат. Ұйымдастырушылардың бағына, ұлытымыздың ниетіне қастерлі ғимараттың сол қалпында сақталуы – қандай ғанибет десеңізші. Музей табалдырығынан аттаған сәттен Алаштың аңызға айналған тұлғаларымен жүздесуге беттегендей тұла бойыңды бір ерекше тебіреніс билеп, толқыған сезімің асқақтай түседі. Көненің көзі екі қабат мұрағатты тамашалаған сайын аяулы асыл жандардың киген киімдері мен тұтынған бұйымдары тарихтан сыр шерткендей ерекше әсер етеді. Бір қызығы, Хамза Есенжановтың суреттегеніндей Жанша мен Халелдің қарама-қарсы жұмыс орнында отырғанын мұражай қызметкерлері қаз-қалпында бейнелемек болған-дүр. Бүгінгі ғылыми технологияның дамыған дәуірінде тарихи тұлғалардың образын тірілткендей сомдау еш қиындық тудырмасы анық. Өкініштісі, Алаштың ардақтысы, қазақтың парламенттік жаңа тұрпатты ұлыттық мемлекетінің негізін салушылар Жанша мен Халел бейнесі – кеңестік идеологияның арсыздықпен «халық жауы» деп қасақана жәбірлеп, әжуа-мазақ етіп, қорлаған шарш-плакаттарын немесе бау-бақшаны ит-құстан қорыған қарақшыны еске түсіргендей шарқ ұрған көңіліміз лезде су сепкендей басылып, еңсеміз түсті. Ел мен жерін анталаған жаудан қорғап, таласып-тартысып, ақырғы демі қалғанша күресіп, шейіт кеткен асыл жандарға көрсетілген құрметтей қатты қапа болдық. Біле білгенге Жанша мен Халел Досмұхамедұлы Жымпитының ғана емес, барша қазақтың мүддесін көздеп, онан қалса күллі төрүк әлемінің маңдайына біткен мемлекет қайраткерлері, биік парасаттың иелері екенін ұмытпағаны абзал. Жымпитыдағы Алашорда мұражайы – тәуелсіздіктің рәмізі, Алаш арыстарының көзіндей сақталып қалған мемлекеттік деңгейдегі жалғыз нысан. Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі бұл мәселені ұдайы жауапкершілікпен назарда ұстағаны жөн.

Алашорданың Қаратөбе сиезі өткен қасиетті орынға осы өлкеге аты мәлім азамат Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану мұражайы тұрғызылған.     

Жанша Досмұхамедұлы өзімен тағдырлас, серіктерімен Ресейдің отарлық билік жүйесіне қарсы қазақ халқының азаттығы жолында идеялық бір сапта саяси қажет кезінде қолына қару алып күресіп, тұңғыш рет парламенттік үлгімен Алашорда автономиясын құруға ұйытқы болған Міржақып Дулатұлынан 2 жас, Халел Досмұхамедұлынан 4 жас, Мұхамеджан Тынышбайұлынан 8 жас, Ахмет Байтұрсынұлынан 15 жас, Әлихан Бөкейханнан 21 жас кіші, Мұстафа Шоқайұлынан 2 жас үлкен екен. Жаңа тұрпатты ұлыттық тәуелсіз мемлекетіміз Алашорда Үкіметінің негізін қалаған алып тұлғалармен жас ерекшелігіне қарамай қанаттас, үзеңгілес қатар күресу, сол жолда мақсатына жету – Жанша Досмұхамедұлының интеллектуалдық деңгей өресін, саяси көсем тұлға екенін айғақтайтын фактор. Әлбетте, аңдыған дұшпан ебін тауып, дегеніне жетсе де, ел мен жерінің азатығын, мемлекеттік дербестігін қорғап, ұлыт мүддесіне бар саналы ғұмырын арнаған Батыс Алашорда қанатының көсемі Жанша Досмұхамедұлы атажауының қолынан шейіт болды.

Ілияс Жансүгіров «Алаш» кіндігінің ағасы, батыс орданың төбесі» атаған Жанша [Жаһаншаһ] Досмұхамедұлы есімі – күллі қазақтың аса аяулы даңқты перзенті. Оның парасатты бітім-болмысы, үлгі-өнегесі, ел мен жерін қорғаған ғибратты ісі, ұлытына сіңірген ұшан-теңіз қызметі ұрпақ жадында мәңгі қалуы мақсатында алдағы Жаһаншаһ Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуы мерейлі жасына Оралдың көрнекті орнынан замандастары «Екі Дос» атаған Халел Досмұхамедұлы екеуінің сәулетті мүсін ескерткіші бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Саналы өмірінде жұбы жазылмай ұлыт болашағы жолында жаумен алысып-жұлысып бірге күрескен идеялас екі тұлғаның бейнесі – ұрпақ көз алдында ажырамауы тиіс. Кешегі қара түнек заманда тас қамалды бұзып-жарып, ұлытын нұрға бөлеген алашордашыл арыстарды еске алғанда, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Мұстафа сынды алып тұлғалармен бір сапта Жанша, Халел Досмұхамедұлылар ойға оралары сөзсіз.

 Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ

 

 

 

 

 

 

 

  • Мұрaғaт қо­рындa сaқтaлғaн құжaттaр мен aвторлaр ең­бе­гін­де Дос­мұқaме­дұлы, Дос­мұқaме­дов, Дос­мұқaмбе­тұлы бо­лып aлaқұлa тaңбaлaнғaнын ес­кер­те­міз – А.Мек­теп-те­гі.



ПІКІР ЖАЗУ