Ғаламтордағы «махаббат»

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

Ымырт үйірілген шақта шаһардың төменгі жақ етегіне қаз-қатар тізілген жалқы қабат әсем үйлердің бірінің қақпасы сарт етіп ашылды да, шашы иығына төгілген, жалаң аяқ, үстіне үлбіреген жұп-жұқа, көгілдір жібек іш көйлек киген жап-жас қыз атып сыртқа шықты. Сол бойы көше бойлап, жанұшыра жүгіре жөнелді.
Күн ұзақ қабағы түйіліп, тұнжырап, дым бүркіп, сіркелеп тұрған бұлыңғыр аспан да осы кезде сіркіреп жауа бастаған. Қыз мұны елең қылар емес. Жоғары тау баурайына қарай көсілген қасқа жолдың сорабына түсіп алды да, аяғы аяғына тимей безек қақты. Жол бойында кештете жұмыстан қайтқан машиналар легі де көп еді. Қыз сол қаптаған қалың машинаны да бұйым құрлы көрмеді. Тура ашық ажалға бел буғаны анық еді. Және сол шақтың зарықтырып көп күттірмей тез болуын тіледі. «Тез болса екен сол шақ, – деп тіледі ішінен, – мүмкін болса тезінен болса екен. Мынау құрыған жарық жалған жаман май шамдай жалп етіп өше қалса екен. Енді қайтып, жан баласының көзіне тірі күйімде көрінбесем екен. Жек көре қараған жыртқыш көздердің арбауына түсу, әлдекімдердің жаныңды жеген сұрқия сұрақтарына жауап беру, өзіңді-өзің ақтау, жат алдында өзіңнің ең жақын адамдарыңды жерге қарату, жо-жоқ, ол әсте бола қоймас және болмайды. Мен енді жоқпын. Бұл істің солай шешілгені жөн»
Қыз бір көшенің шуын екіншісіне қосты. Жол бойындағы алдынан, бүйірден шыққан машина атаулы жалаң аяқ, жалаң бас көше бойлап қашып бара жатқан қыздан секем алып, жан даусы шыға, ышқына бебеулеген. Бірде мына машина, бірде ана машина сақтандыру дыбысын іске қосып, қылғына тіл қатқандай болған. Тіпті кей машиналар ашық адам өлімінен бас тартып, қыздың амандығын ойлап, бір-біріне соқтығысып та жатты.
Қыз енді батысқа қарай созылған даңғыл жолдың сұлбасымен зымырап еді. Бұл арада машина тіптен көп болатын. Алдынан да, артынан да, тіпті бүйірден де андыздай шығып, жан- жаққа жамырап, ағылып жатқан. Қыз келесі көшені кесіп өтіп, тағы да алға ұмтылған. Қапелімде сол аяғы өзіне таяу келген машинаның артқы дөңгелегіне соқтығысып , тіпті жаншылып та қалып еді. Қатты шыңғырып жіберген ол жандалбаспен аяғын зорға дөңгелектің астынан сурып алмақ болып, оң жағына қарай бүйірлей құлап түскен. Осы кезде өңкиген үлкен жүк машинасы да жанталаса тежегішті басып, жақындап қалып еді. Қыз орнынан тұрмақ болып, жанұшыра шыңғырып, екі қолын ербеңдетіп, бейбағыт әрекетке көшкен, алайда енді бәрі кеш еді. Қыз жүрген жол бойына сызаттап түскен қып-қызыл қан жосағы бейне күре жолға тастаған жұп- жұқа жібек қызыл орамалдай болып, қылаңытып жатты…

* * *
Өмірдің алды үміт, арты өкініш деген сөзде көп мағына бар. Бұл бір бастауы бұлақ суындай тұнып, мөлдіреп басталған, ал ақыры ашық күні аспаннан жәй түсіп, тамыры қиылғандай болған тым-тым өкінішті махаббат мұңы еді.
Ойлап қарса, Айнаштың ешкімге, әсіресе, жанұясына тіптен өкініші, өкпесі жоқ секілді. Асқан бай болмаса да, өз нәпақасы өзіне еркін жеткен, тіпті артылып жататын бақуатты жанұяда өсті. Әкесі мал дәрігері, анасы бірлестіктің есепшісі еді. Алдында ағасы, артында інісі бар, екі ұлдың ортасындағы бұлаңдаған ерке қыз еді. Айнаш туылған жылы әкесі ырым қып есік алдына солқылдаған ақ қайыңның көшетін отырғызған. Есік алдында сол ақ қайың қандай қайғысыз, мұңсыз өссе, үй ішнде Айнаш та тап сондай бұлықсып, бұла өскен.
Бар өкініш Айнаш орта мектепті бітірген жылы басталған. Өкінеді дегенде пәлендей ештеме болған жоқ. Бар болғаны тест қортындысы бойынша өзі ойлағаннан тым төмен баға алды. Тест кезеңіне біз де араласайық, ананы өйтейік, мынау былай болсын, ақшасыз ештеменің түйіні шешілмейді, тест тірлігіне теңге араластырайық, сонда бәрі ойлағандай болады, артынан өкінбейтін боламыз деген әке-шеше сөзін бір шетке ысырып қойып, тәуекелге бел буған Айнаш білім жолында діттеген жерінен көріне алмаған. Осы қолайсыздық Айнаштың бұдан былайғы кезінде қолына бұғау, аяғына матау болған. Кешегі алысқа шақырғандай болған үлкен соқпақ енді тарыла келе тар жол, тайғақ кешуге айналған. Өзі болжаған оқуға да түсе алмады. Баға саны аздық етті. Ойламаған тұста опық жеп, қағылып шетке шықты. Оқуға түсе алмағаннан кейін ауылға келді де, аз күн жүріп, тағы қала кетті. Ойы үйде отырғанша, қала барып, жұмыс істеп, ақша тауып, өз күнін өзі көру еді. Оның үстіне үлкен оқуға түсердің алдында үлкен шаһармен танысып, жан-жағын жіті біліп алғысы келген. Ал, әке-шешесі жұқалап, назын айтты. «Он жыл оқыдың ғой, енді бір жыл дем ал, кейінгісін тағы көре жатармыз. Қазан аузы жоғары, жақсылықтың бәрі алда. Босқа шабылма» деген. Қыз алған бетінен қайтпаған.
Қалада кел деп тұрған етжақын жамағаты, ашына айналып, тоғына толғанар туысы да жоқ болатын. Бірақ өз ауылының қыздары, өз құрбылыстарының пәтер жалдап тұратынын іші сезетін. Айнаштың ойы соларға қосылу еді. Қалта телефоннан маза кеткен. Ақыры ауылдас қыздарына да қосылған. Оны қалада күтіп алған пәлендей баянды тірлігі болмаса да, әр жерде жаңа жұмыс істеп, итпектеп күн көріп жүрген өз тұрғыластары Айжан мен Тоғжан еді. Екі қыз бұл кезде көк базарда үстеме саудаға әр қилы ұсақ тұтыну заттарын алып, соны базар аралап сатып, нәпақа табатын. Ақшасын күнделікті алып тұратын. Енді үшеу болып тірлік кешкен…
Күнделікті күйкі тірліктің Айнашқа ұнамайтын ең бір жаман тұсы кәдуілгі аптаның соңғы күндері үйіне келіп жататын бозбалалар, мезгілсіз қонақтар еді. Бірі кетсе, екіншісі келіп жатады. Олар келді деген сөз, үйден тыныштық пен береке кетті дей беріңіз. Алды сыбызғылытып сөйлеп, сыпайы шай ішіумен басталған әрекет келе-келе дамылсыз ішкен ішімдікке ұласатын. Келгендер көбіне неше қилы былапат сөздер айтып, мас болып, тәлтіректеп, орнынан тұра алмай, өзінің де, өзгенің де ығын кетіретін. Айнаш болса, мұндайларға қосылмай, ішкі үйде, өзінің төсегінде қинала дөңбекшіп жататын. Не болмаса келгендер кеткенше кітап оқып, иә болмаса кино көріп дегендей, уақытты зорға өткізетін. Екі құрбысына деген өкпесі қара қазандай еді. Алайда өзіне тікелей залалы тиіп, зардап шектірмегеннен кейін үндемейтін. Іштей түйіліп, қинала қабақ шытатын. Айжан мен Тоғжан болса, бұл қызыққа әбден еті өліп, үйреніп кеткен секілді…
Келесі сәтте осы тірлік тағы жалғасып, үйге ақ құба өңді, әдеміше келген, ерні қаймыжықтай, көзілдірік киген сыпа жас жігіт келіп еді. Аты – Асан екен. Ол да екі қызды танитындарға ілесіп, қонақ ретінде келіпті. Айнаштың әдеті сол, сырттан осындайлар келсе, ығысып орнынан тұрып, қағылып шетке шығып кететін. Бұл жолы өйтпеді. Олай болатыны ол түпкі орындықтардың біріне жайғасқан еді. Сол үшін де ә дегенше болмай жайғасып отырып алғандарды дүрк көтеріп орнынан тұрғызғанды әбес санаған. Суып қалған шайын баппен ішіп, орнында отыра берген. Асан болса дәл қасынан орын теуіпті. Қызға қиыла қызмет көрсетті. Ыстық шай ұсынды. Атын сұрап, қайдан келгенін анықтап дегендей дегбірі кетті. Бір қызғы өзгелердің бәрі ащы суды әкесінің асындай қылғытып ішіп жатқанда, бұ татып та алмады. Ішпейді екен. Айнаштың осы бөлмеге келгеннен бері ішпеймін деп, арақтан өзін алыс ұстаған жігітті көргені осы. Жігіттің сыпайылығына, әсіресе ішпеймін дегеніне іші жылып қалып еді. Ішетіндер үстел басында қалып, ішпейтін екеуі түпкі үйге озған…
Айтуына қарағанда, Асан кәнігі қалалық, яғни Алматылық екен. Қаланың қақ ортасында заманауи үйі, әлденеше жеке меншік дүкені, тіпті мейрамханасы да бар көрінеді. Көк базардың өзінде екі-үш дүкені бар екен, тек киім– кешек емес, фотосурет, көрсеткіш дөңгелекше, дыбыс тартқыш аппараттар, сол секілді бейне түсіргіш түтікшелер табумен және оларды сатумен айналысатын көрінеді. Айтуына қарағанда ақша деген қағазға айналыпты. Дегенмен, сонша байлықты белшесінен кешіп, теңгені судай шашып, доллардың ақ айдынында шортандай шоршып жүрген жігіттің бойдақпын дегені қыз көңіліне көлеңке түсіре берген.
– Асан мрыза, – деді қыз тана көздері жәудіреп,– басқасына сенсем де, сіздің бойдақпын дегеніңізге сене алар емеспін. Айтыңызшы, неге солай?
– Үйлену деген, – деді жігіт, маңдай шашын саусағымен салалап сипап қойып, – үйлену деген тым қиын нәрсе. Әуелі үйленетін, болашақта жар болатын қыз таба білу керек. Сол құрғырдың табылмай келе жатқаны. Ал, табылмаса қайтем, табылмаса, міне, өстіп жүремін де қоямын.
– Қызық екен, – деді қыз.
– Несі қызық, – деді жігіт қабағын түйіп, – қатарыңнан қалған, үйлене алмаған да қызық болып па?
– Шын тілесеңіз, Аллатағала сәтін де салып қалар.
– Дұрыс айтасыз, міне, мен де сол сәтті күтіп жүрмін. Қыз көп, – деді қолын қиясынан сілтеп қалып,– көптігіне тіпті қайран қаласың. Басқасын қайдам, сол қыз дегендерің ауызғы үйде отыр. Айжан мен Тоғжанды айтамын. Шынын айтыңызшы, қалқам, ештемеден қысылмай адалдығын айтыңызшы, сол екеуі қыз ба? Әрине, аты қыз, ал заты ше? Мен ондай қызды тіпті де қыз санатына қоспаймын. Бәлкім, сен де осы ойда шығарсың.
– Мүмкін, – деді Айнаш шын пиғылын жасыра алмай, – мүмкін…
– Ал, – деп ол әңгімесін соза түсті, – сен секілді айдын көлдің аққулары қолға түсе бермейді.
Айнаш төмен қарап, мырс етіп күліп қойды. Ештеме демеді. Не десін. Өзінің туа біткен кербездігіне салып, бойын паң ұстады. Жігіт әңгімесін бір жақты ғана тыңдап, немкетті пиғыл танытқан.
Сол күннен бастап, Айнаштың күнделікті тірлігіне күрт өзгеріс енгендей еді. Ертесі Асанның айтуы бойынша, көк базарға барып, басқа жұмысқа ауысты. Бұрын қолына күнделікті сататын заттарын алып, базардың ана бұрышы мен мына бұрышына табанынан тозып, зыр қағып жүгіруші еді, енді жылы да әдемі дүкеннің ішінде орнықты сатушыға айналды. Бір бөлменің заттары түгелімен өз қармағына өтті. Мұнда тек қана бойжеткен қыз балаға қажетті заттар сатылады екен. Айнаш алғашқы күні ештеме сатпады. Кәнігі сақа сатушының байқауынан өтті. Ақылын тыңдады. Заттардың бағасымен танысты. Оны қалай сатудың тәсілдерін үйренді. Жалпы сатушылықтың алғашқы дайындығын бастан өткерді.
Бұрын қолындағы заттары қалай сатылып бітті үйге қарай заулайтын қыз, енді ол дағдыдан айырылған. Жұмыс уақыты қалай аяқтасты бітті, Асанның ақ түсті шетелдік машинасы дайын. Айнаш бұрала басып барады да, артқы орындыққа жайғасады. Одан арғысы белгілі, майрамхана, түнгі сауық үйлері, би алаңдары, сауна тағы сол секілділер болып жалғасып кете береді. Апта емес, арада ай өткенде Айнаш Асанаға кәдімгідей бауыр басып, қолтығына кіргендей болып, үйреніп қалып еді. Киім түрлері де неше алуан құбылып, жаңғыра түскен. Оның үстіне қалтасы да күрт қалыңдаған. Күн өткен сайын үлкен бір қызыл өңешке жақындап, жұтылып бара жатқанын аңдамай да қалған.
Сол түнді олар қаладағы оңаша пәтерде қарсы алды. Бір бөлмеде екеуара оңаша отырып, еркінше ішіп-жеді. Сол түні екеуі еркін аймаласып, нәпсі құмарлығына берілді. Сол түні мың күнде сынбаған шөлмек сынды…Сол түннен кейін қыз бұл бөлмені көрмеді. Жігіт те келуін сирексіткен.
Осыдан соң Айнаш екі құрбысына қалай жақындап қалғанын, жақындады емес, емін-еркін араласып кеткенін өзі де бағамдамаған. Қонақ келген сайын дастарқан басында екі қыз ғана қара көрсетуші еді, енді үшеу болған. Ішімдікке де үйренді. Арақтың да от қызуына балқыды. Баянсыз жігіт құшағының да ләзатін татты. Ол ол ма, келе-келе Асанның қол астында істейтін әлдекімдердің арбауына түсіп, ақшаға қызығып, жартылай жалаңаш, тіпті тырдай жалаңаш күйлерінде бейне тартқыш түтікшеге түсті. Оның есесіне алақыны уыс-уыс ақшаға толды. Ол ол ма, ашыққаннан құныққан жаман деген, қыздар ішімдікке сылқия тойып, не істеп , не қойғанан білмеген масаң күйде, дәл өздері секілді арақты әбден ішіп, есі кеткен жігіттермен жанды қозғалыс, төсек әрекеті үстінде де бейне тартқыш түтікшеге түскен. Кейде жеке күйінде, кейде екі-екіден жұптасып та …
Алдыңғы екі қызға қарағанда, жас жағынан болсын, дене мүсінінің сұлулығы жағынан болсын, Айнаш көш ілгері еді. Сол себептен д, бейне тартқыш түтікшеге көп түскені, әрі қомақты ақша тапқаны Айнаш болатын. Екі бөлмелі пәтер бұл кезде үй дегеннен гөрі жын-ойнақ алаңына айналып кеткендей еді. Өз дегенін асықпай жүріп жүзеге асырған Асан да анда-сонда болмаса, төбе көрсете қоймайтын. Енді оны зарыққандай болып, санасы сарғайып Айнаштың өзі іздейтін болған…
Айнаштың өзі істейтін әйелдер дүкеніне келіп, есікті ашып, ішке кіріп жайғаса бастағаны сол еді, Асан келген. Өзі бірдемеге абыржулы секілді. Өңі түтіккендей болып, әбден мазасы кетіпті. Келген бойда Айнашқа қарап:
– Айнаш, – деді асыға сөйлеп, – жағдай жаман. Алдын ала қамданып қалмасаң, істің арты насырға шабатын түрі бар.
Қыз да селк еткендей болған.
– Не болды сонша,– деген бір түрлі тіксінгендей болып.
– Айттым ғой,– деді жігіт әлгі сөзін қайталап,– жағдай жаман.
– Сонда қайт дейсің?
– Мен сені өзге базарға орналастырамын.
– Неге?
– Оны тәпіштеп сұрап қайтесің. Ана екі қыз өз денесін саудадап, жыныстық қатынас жасаған бейнетаспасын сатамын деп жүріп, осы кәзір ғана қолға түсті. Енді олармен заң орындары айналысады. Сені де ұстауы мүмкін.
– Не дейсің, – деп қыз жанары әнтек жарқ ете түскендей болған.
– Айттым ғой, енді сені де ұстауы кәдік. Сен түскен бейнетспалар да бар.
– Олар көп пе?
– Ешкім санаған жоқ.
– Енді не істемекпін.
– Кәзір дүкенді жап та, ізіңді суыт. Турасынан басқа пәтерге кет. Мұнда жағдай тынышталғанда өзім шақырып аламын.
– Сөйтесің бе?
– Әлбетте, сөйтемін.
– Жақсы, ал ұсталып қалса не болмақ?
– Тура түрмеден бір-ақ шығасың. Сол үшін бірталай уақыт жасырына тұрғаның жөн.
Сыбайлас серіктері арқылы осы жағдайды алдын ала білген Асан жағдайды Айнашқа түсіндіріп жатқанда, екі қыз ұсталып, қалалық тергеу орнына аттанып еді. Айнаш « Мені іздемеңдер, өзім хабарласамын » деген жазуды қалдырып, құпия пәтерге ауысқан.

* * *
Сансызов Сұлтанды кім білмейді дейсіз. Елдің бәрі болмаса да, басым көпшілігі біледі. Әсіресе, спортың осы түрімен айналысатындар, түстеп айтқанда зілтемір көтерушілер жақсы біледі.
Сұлтан сопрттың осы түрінен әу баста мектеп, қала чемпионы болды. Отандық жарыстарға да қатысып, құры қол қайтпады. Тіпті, Азиялық жарысқа да қатысқаны бар. Соның бәрінде де ел намысын қолдан бермей, үміт отын жағып, қанжығасын майлап қайтты.
Айдан астам уақыт болды, сол Сұлтан үйде еді. Үйде болғанда өзгелердей уақытты бос өткізіп, ішкенін мәз, жегенін тоқ санап, жәй қарап жатпады. Әр күн сайын жаттығыу ережесін бұзбай, тыңғылықты дайындықты жалғастыра берген.
Сұлтан бүгінгі әдетін компьютер әйнекшесін ашудан бастап еді. Әйнекшедегі неше алуан шым-шытырық көріністер көз жасқайды. Тіпті қайсысының не екенін зерделеп, біліп болар емес. Сұлтан өзіне белгісіз сайттарды ашып келе жатып, кезектісіне тоқтаған. Асықпай оқып шыққан. Бір бойжеткеннің өзі туралы анықтамасы жазылыпты. «Ермекбаева Айнаш, жасы он тоғызда, оқуға түсе алмаған, әйтседе сол оқуға түсу жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін істеп жатыр. Өнегелі, зайырлы жанұяда өскен. Имандылыққа көп көңіл бөледі. Үлкенді сыйлауы да ерекше. Бір інісі, бір ағасы бар. Жанұялық жағдайы ешкімнен кем емес, ауқатты десе де болады. Сәті түссе, жасы жиырма бестен аспаған қазақ жігітімен танысқым келеді» деген сөздер жіпке тізген моншақтай мөлдіреп көз тартады. Одан кейін қалта телефонының нөмері беріліпті. Ал, суреті менмұндалап, жанарыңды жасқайды. Кең ашылып, сол жақ тұсына қадала қараған бота көздері, ұшы сәл биіктеу қыр мұрны, оң жақ көзінің астындағы өріктің көлеміндей қап-қара меңі мен дәл маңдайының ортасындағы кішкене қара түймедей қалы, оймақ ауыз, үлбіреген еріндері бәрі-бәрі бірін-бірі толықтырғандай болып, қыз сұлулығын еселей түскен.. Суреттен көз алмай қадала қарап қалған Сұлтан «Мә, – деді ішінен таңданысын жасыра алмай, – компьютер әйнекшесінде де мұндай арулар болады екен-ау, ә. Міне, тамша, біз тегі дүние құпиясынан құр қалғанға ұқсайды екенбіз ғой. Компьютер тетігінде осындайлар болады деп кім ойлаған. Осы бір жақсылықтың басы болар, ылайым солай болса екен. Ата-анам да жасың жиырма бестен асып кетті, үйлен де үйлен деп тақымдап жүр еді. Енді сол мәселе шешілетін секілді. Іске сәт, Сұлтан, зілтемірді қалай көтерсең, бұл жолы өз махаббатыңды да солай қайыспай көтеретін бол!»
Жігіт қалта телефонын қолға алып, қыз нөмерін тере бастаған…
Белгіленген мерзімде сыртқа шыққан Айнаш әудем жерде шетелдік келісті жеңіл машинаның қасында өзін күтіп тұрған екі иығына екі кісі мінгендей, жауырыны қақпақтай, сом денелі, атан жілікті, атпал жігітті көріп сәл тоқтап, именшіктей берген. Сол ма, әлде өзге ме деп, әліптің артын баққан. Жігіт те бұл кезде өзіне қарсы жүріп еді.
– Айнаш, армысың, – деп ежелгі танысындай қол беріп амандасты.
Қыз да қолын созды.
– Сәлем, спортсмен жігіт, – деді жадырап күле тіл қатып, – біз секілді ауылдың қарабайыр қызын жатырқай қоймассың.
– Жо-жоқ, – деді Сұлтан қызға қораздана қарап,– мен негізі қаланың емес, дәл өзің секілді ауылдың қыздарын жақсы көремін. Жауқазынды ұнатамын. Сен де сол жаңа өскен жауқазын сықылдысың ғой…
– Иә, – деп Айнаш күрсініп қойды, – өткен жылы,– деп енді ол әңгімені шұғыл өзге жаққа бұрды, – оқуға түсе алмадым. Екі бағам ғана төмен болды. Мақсатым оқуға түсу.
– Ол ойыңды мен қолдаймын, – деді Сұлтан, – оқу деген жақсы ғой. Мақсатың тек ғана оқу болса, ол жағы реттелді дей бер. Мен сені сол өзің айтқан оқуға түсіретін боламын. Оған менің беделім де, қаржым да жетеді.
Қыз қуана қол соқты.
– Рахмет, Сұлтан.
– Жүр, ендігі әңгімені ас іше отырып айтайық, – деді жігіт, – Мен бүгін боспын. Зауқың соқса, Қапшағай жаққа барып қыдырып та қайталық.
Қыз үнсіз бас изеді.
Олар сол күні күні бойы бірге болды. Әуелі шағын мейрамханадан ас ішті. Жеңіл көлікпен Қапшағай барды. Көл жағалап, көп сейілдеді. Кеш бата екеуі ғана бір қайыққа отырып, ақ айдында аққудай жүзді. Қыз қуанышында шек жоқ еді…
Сұлтан оған а дегеннен құлап түсті. Құлап түскені сол емес пе, өзі бақылауға алып,, компьютердегі Айнаштың сайтын өшрітіп тастады. Қалта телефонын да ауыстырып, нөмерін жаңалады. Керек десе, қаланың ортасынан пәтер де тауып берді. Ертелі– кеш айналып, қасынан шықпады. Қолы қалт еткен бос уақытының бәрін қыз қасында өткізді. Көзінен таса етпеді десе де болады. Қызға да керегі осы еді. Асығы алшысынан түскен қыз бір сәт өз тағдырының осындай жақсылыққа бет бұрғанына іштей тәубе ететін. Аузы күйген үріп ішідінің кебін киген ол енді абайлай бастап еді. Екі құрбымен де, Асанмен де байланысын үзген. Ендігі жалғыз тілегі, соңғы үміт – Сұлтан еді.
Арада ай жаңаланғанда Сұлтан Айнашты үйіне ертіп барған. Үй ішімен таныстырған. Ұлының үйленер сәтін тәңіріден тілеп отырған әке мен шеше уыздай мөлдіреген жас қызды көргенде төніп түскен…Бұдан соң екеуінің үйге келгені де жиілей берген…Сондай бір сәтте Айнаштың туған күні де аталып өткен. Сұлтанның жанұясы Айнашқа су жаңа шетелдік машинаны тарту етті…
Бүгін той болатын күн. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, әке мен шешенің пәлен жылдан бергі жинаған қорының жақсылықтың ақ жолында шашу болып шашылатын күн. Бүгін төрт жүзден аса шақырылған қонақтарды күтіп алатын қаланың қақ ортасындағы үлкен мейрамхананың қуаныш пен шаттықтың, ән мен жырдың ақ айдынында ақ кемедей теңселіп, той аяғы от шашумен аяқтасатын шақ еді. Тойға қажеттінің бәрі жасалды. Пәлен мың долларға асаба жалданды. Арнайы ансамбль шақырылды. Әлденеше лимузин шақырылып, оның соңына еретін машиналар да тізімделді. Қыз жолдасы да белгіленіп, ол Айнашқа қалтықсыз қызмет етті. Енді күйеу жолдас ғана еді келмегені, сол келсе, бәрі де реттелгені. Ал, күйеу жолдас басқа емес, Сұлтанның бала кезден бірге өскен терезесі тең құрдасы, ит жейдені бірге киген жылдасы әрі сыныптасы Құмар болсын деп шешілген. Сол құрғыры неге екенін кім білсін кешігіңкіреп жатқаны. Бірақ ол қаланың баласы. Осында тұрады. Фото салоны бар, магнитофон, бейне тартқыш түтікшелер сататын өзінің жеке меншік дүкенінде жұмыс істейді. Табысы да мол, тірлігі жарасымды, пысықай жігіттердің бірі еді. Екі қабат үйдің астындағы кең залда құдаларды күту рәсімі жасалып, тойдың алғашқы бөлігі әбден қызған шақта Құмар да келіп еді. Бәрі де оны жік– жапар болып, қуана қарсы алды. Құмарға бұл үй өз үйі секілді еді. Сол Құмар екінші қабатқа көтеріліп, тура қарсы алдынан шыққан қалыңдыққа қарсы ұшырасқан.
– Менің атым – Құмар, – деп қол созды да, біреу төбесінен суық су құйып жібергендей сілейіп тұрып қалған.
Қыз да бұрала басып кеп, бұлаң етіп, күлімдей қол созды.
– Айнаш.
– Айнаш дейсіз бе, – деді жігіт, – Айнаш, Айнаш, олай дейтінім, осы мен сізді көрген секілдімін.
– Мүмкін, – деп көзінің қиығын тастаған қыз қасынан қияс өте берген.
– «Айнаш, – деп күбірледі ішінен өзі оңаша қалған шақты пайдаланып,– Айнаш дейді. Мен осыны көрген секілдімін. Алайда қайдан көрдім. Көшеден бе, жоқ. Былайша таныстық бар ма, жоқ. Енді қайдан көрдім. Е, е,бейне тартқыш түтікшеден бе, содан ба, иә, иә содан секілді. Тоқта әуелі анау осының өзі болып жүрмесін. Әсіресе, маңдайындағы қалы мен, оң жақ көзінің астындағы үлкендігі өріктің көлеміндей меңі айнытпай сол қызды көз алддыма елестетіп тұр. Бәлкім, ол емес те шығар. Бәлкім, соның алдындағы әкпесі, иә болмаса артындағы сіңлісі шығар. Әуелі анықтайын, анықтайын. Егер ол болмаса, құдайыма құдайым, күйеу жолдас болуға қамбылмын. Егер дәл сол қыздың өзі болып шықса, онда, онда, мен бұл істен бас тартамын. Анықтаймын, одан кейін бәрі де айдан айқын болады.
– Сұлтан, – деді күйеу жолдас оны жеңінен тартып, оңаша шақырып.
– Айта бер, – деді ол.
– Айтса былай, осы қыздың, яғни Айнаштың әкпесі, не болмаса сіңлісі бар ма?
– Оны қайтпексің, құда түсейін деп пе едің. Асықпа әулі мына той өтсін, одан кейін ол жағын көре жатармыз.
– Шын айтам, осы сұрағыма жауап берші.
– Ол бір үйдің жалғыз қызы. Ата– анасы алыс ауылда тұрады.
– Өзі не істейді екен?
– Әуелі оқуға келіпті. Түсе алмапты. Енді соған дайындалып, әрі жұмыс істеп жүрген тәрізді.
– Қандай жұмыс істейді екен?
– Ол жағын тәпіштеп сұрамадым. Той біткеннен кейін оқу жағын да, жұмыс жағын да өзім реттеймін ғой.
– Мұнда бір гәп бар, үлкен бірдеме бар. Мен кәзір үйге барамын да келемін. Одан соң, екеуміз тағы сөйлесеміз.
–Жақсы…
Құмар үйіне де барып келген. Екеуі оңаша бөлмеде жеке қалып, компьютерді іске қосып, әлдебір дөңгелек қобдишаны тиісті орнына орнықтырған. Соның арасынша болмады, әйнекшенің бетіне тыр-жалаңаш қыз бейнесі шыға келген. Қобдиша тағы бір айналғанда, жалаңаш бейне тірі қозғалыс күйінде жыныс қатынасына түскен.
– Айнаш, – деді тосын ашудан өңі түтігіп, көгеріп кеткен Сұлтан.
– Нақ соның өзі, – деді Құмар да шыр-пыр болып, – енді не істейміз?
Енді не істеп, не қоятынын Айнаштың өзі біледі.
Солай болсын.
Ашудан үні дірілдеп, түсі бұзылып кеткен жігіт осыны айтып, тысқа атылған. Лезде Айнашты қолынан сүйреп, дедектетіп, әкеліп еді. Бұл кезде Құмар компьютердің әйнекшесін арқасымен қалқалап тұрған. Сұлтан жеткен бойда Құмарды бір шетке итеріп жіберіп, әйнекшедегі жалаңаш қызды көрсетіп:
– Мынау сен бе? – деген.
Қыз үнсіз еді. Біреу төбеге ұрғандай қалшиып тұрып қалған. Жалаңаш қыз ары кетіп, әйнекше бетінде қыздың қатысуымен жыныстық қимыл- қозғалыстар көрініс бере бастаған.
– Оңбаған, – деп Сұлтан тұрған орнында компьютерді аяғымен теуіп, анандай жерге ұшырып түсірген. – Сен сайқалсың, – деп Айнашқа қарап айқай салды, – сен Алматының сайқалысың. Кет!
Сұлтан осыны айтып, қызды жақтан шапалақпен қатты тартып жіберді. Үстіндегі әшекейленген, келісті той көйлегін дал-далын шығарып, дар-дар еткізіп айырып тастаған.
Манадан бері істің не болғанын бағамдай алмай, есі кетіп тұрған қыз санасы бар жағдайды енді шындап түсініп еді. Шындап түсінді де өзінің құрығанын, оңбай опық жеп, от басқанын, түзелместей қылмыс жасағанын, енді бұл қылмыстың ешқашан және қай кезде болмасын түзелмейтінін пайымдап үлгірген. Өңі өрт сөндіргендей әлем-тапырақ болған қыз әуелі жандалбаса шыңғырып жіберген. Сөйткен де жанталаса екінші қабатқа түсіп, қақпаға қарай жүгірген…
Соның арасынша тосын, жат хабар бөлме-бөлмелерді суық желдей, жыланның ысылындай арлап шыққан.
– Ойбай, қыз қашты, қыз қашыпты, – деген тосын қаусет үй ішінде өрттей лапылдаған. Үстеріне ашық күні аспаннан жай түскендей болған жұрт сеңдей соқтығысты. Істің не болғанын білмей дал болды. Естері кетіп, бөлме ішінде аз ұйлығысыты да, артынша дүр көтеріліп, көшеге ағытылды.
Үлкен даңғыл бойында машина біткен өңкиген қызыл машинаны айналып өтіп, ары да бері жөңкіліп жатты. Ақ жаңбыр болса, бұрынғысынан да күшейіп, екпіндеп жауып тұр еді…

Пікір қалдыру