Отбасындағы қысым зардабы

Қазақ қоғамында ақ некемен қосылған жастардың ажырасуы жиілеп барады. Кезінде қазақ отбасыларының тату тұрмыстарына қызыға да қызғана қарайтын өзге ұлт өкілдері бүгінде мұндай жағдайға қалай жетті деп те таңырқайды. Біздің де бұл сорақылыққа етіміз үйреніп кеткендей. Осындай оғаш қылықтардың кең таралуына кімді кінәлаймыз?
Жалпы, асыл дініміз Ислам ақыл тоқтатқан жастарды харам іс-әрекеттерден тыю үшін ертерек үйлендіруді үгіттейді. Бұл – көркем дініміздің негізгі талаптарының бірі. Желіккен жастарды ізгілікке шақыратын шариғат талаптарының құндылығы осында болса керек. Пайғамбарамыз (с.ғ.с.) жағдайы жеткен әрбір мұсылманның ертерек түтін түтетуін бұйырады. Оған көптеген құдси хадистерден қанықпыз. Хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, қиямет күні үмбеттерімнің көптігіне мақтанамын», – десе, енді бірде: «Кімде-кім үйленуге қарсы болса, ол біздің топтан емес», – дейді. Демек, ислам әр уақытта жастардың ертерек үйленіп, адал жолмен қосылып, отбасы болуын қалайды.
Дегенмен соңғы кездері ақ некеге немқұрайлы қарайтын­дардың саны артып отыр. Мұны сенімді дерек көздері де рас­тайды. Соның ішінде ажырасып қана қоймай, әйелдерге зорлық көрсететіндер азаймай тұр. Мысал келтірейік. Түркістан облысы Полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, зорлық-зомбылыққа көбіне оқымайтын және жұмыссыз әйелдер ұшырайды екен. Сондай-ақ 18 бен 50 жас аралығындағы әйелдерге күйеулері мен жақын туыстары тарапынан түрлі қысымдар жасалынатыны тіркелген.
Мәселен, Түркістан облысында оқымаған және жұмыссыз 1060 әйел (2021 жылы – 1588), жеке кәсіпкер 13 (2021 жылы – 233), жалдамалы жұмысшылар 20 (2021 жылы –277), мемлекеттік қызметкерлер 33 (2021 жылы – 88), жоғары және арнайы орта оқу орындарында оқитындар 10 (2021 жылы – 33), жалпы білім беру мектептерінде оқитындар 18 (2021жылы – 17).
Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің жас ерекшелік сипаты төмендегіше: 18 жастан 29 жасқа дейін – 213 адам (2021 жылы – 486), 30 жастан 39 жасқа дейін – 347 (2021 жылы – 726), 40 жастан 49 жасқа дейін – 298 (2021жылы – 625), 50-ден жоғары – 296 адам (2021 жылы – 377).
Сонымен қатар, 306 жағдайда зорлық-зомбылықты әйелдерге таныстары жасаған (2021 жылы – 410). Әйелдер жағынан 254 (2021 жылы – 217), жақын туыстары 41 (2021 жылы – 55), күйеуі тарапынан 30 (2021 жылы – 58), бірге тұратындар 4 (2021 жылы – 10).
Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бойынша, Түркістан облысының ПД ЖПҚБ-ның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарымен қызметін жақсарту және жетілдіру мақсатында нақты жұмыстар жүргізілді. Өзге де мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, бірқатар ұйымдық іс-шаралар жүзеге асырылды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, мемлекеттік органдармен және үкіметтік және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен ұйымдасты.
Атап айтқанда, «Қазақстан іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысының филиалы, «Көмек», «Сана сезім» Әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Онда жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмек көрсетіліп, зомбылықтың түрін талдап, категориясын анықтап, медициналық және психологиялық кеңестер беріледі.
Түркістан облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын 1 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы бар. Мұндағы ерекшелік орталықтың баспанасы бар. Орталықта қыз-келіншектерге психологиялық, заңгерлік қызметтер және медициналық көмек ақысыз көрсетіледі.
Айта кетейік, 2021 жылдың соңғы алты айында «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығына» көмек сұрап 648 адам жүгінген, олардың барлығына дерлік заңгерлік кеңес пен әлеуметтік көмек көрсетілді. Алайда олар орталықтарға орналастырылған жоқ. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ретінде теңестірілмеген. Бұлар негізінен әл-ауқаты нашар толық емес отбасынан болып келеді.
– Әйелдердің өз құқықтары туралы құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жеңгетайлықтың келеңсіз салдары, қорда (притондарды) ұстау жөнінде проблемаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және оларды жинақтап қорыту үшін, сондай-ақ әйелдер саудасының алдын алу мен болдырмау деңгейін көтеру үшін азаматтар арасында үгіт-түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, жыныстық немесе басқа да қанау мақсатымен адамдарды шетелге алып кетумен айналысатын фирмалар туралы материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Бұдан басқа, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру үшін халық арасында үгіт-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Отбасылық қатынастар, моральдық-этикалық, руханият пен адами құндылықтарды нығайтуға арналған өзекті әлеуметтік тақырыптар, сонымен бірге нәзік жандылардың құқықтары мен тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды барынша айтып, насихаттап жатырмыз, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева.
Бір мысал келтірейік. Былтырғы наурыз айында облыс аумағында әр отбасында болып жататын түрлі тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылық мәселесін зерттейтін социологиялық сауалнама жүргізілген. Қоғамда қыз-келіншектер мен бүлдіршіндерге қатысты жасалынатын зомбылық пен күш көрсетудің тәсілін және әдісін, жанжалдың шығу себептері мен жағдайлары туралы оқып танысу үшін халық арасында социологиялық зерттеу жұмыстарына 1630 респондент қатысыпты. Социологиялық сауалнамаға ұйымдар мен кәсіпорындардан 16 – 800 респондент, жоғары және орта оқу орындарынан 16 – 700 респондент, жұмыссыз әйелдер арасынан 5 – 130 респондент қатысқан. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 378 жағдайда зорлық-зомбылық қызғаныштан, 265 жағдайда спирттік ішімдікті қолданғандықтан, 477 жағдайда ұрыс немесе жағымсыздықтан, 210 жағдайда мүліктік келіспеушіліктен, 300 басқа себептерден жасалынған екен.
– Негізінен, отбасы институтын біздің қоғамда кеңінен насихаттай беру керек. Бір жағынан отбасы – адамдардың сезімдері арқылы байланысқан одақ. Мұнда қамқорлық пен бағып-қағу, жылулық пен сенім өзара бірге дамиды. Алайда екінші жағынан кейбір отбасы – әйелдер мен балалардың құқықтары қысымға ұшырайтын, оларға күш көрсететін әлеуметтік институт болуы мүмкін. Себебі, әлімжеттік пен күш көрсету зорлық-зомбылықты туғызады, – деді полиция подполковнигі Жанар Балтабайқызы.
2021 жылдың соңғы 6 ай мерзімінде облыс көлемінде әйелдерге қатысты 5385 қылмыс тіркелген (2020 жылы – 5379). Оның ішінде тұрмыстық қарым-қатынаста 575 (2020 жылы –1469) анықталған.
Енді әлем бойынша отбасылық және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайына шолу жасап көрейік. Дүниежүзі Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әр үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2021 жылы органдарға 17 842 әйел шағым түсірген. Бірақ жартысынан көбі шағымын қайтарып алған. Себебі елімізде әйелге қорған болар заң әлсіз.
Бұл – «Немолчи KZ» қоғамдық қозғалысының дерегі. Мұндай қозғалыстар әлемнің әр елінде бар. Еуропа елдері, Америка мен Азия нәзік тақырып төңірегінде бірлесуді қалайды. Өйткені бұл – әлемдік тақырып. Қанша заман алға жылжыды дегенімен, әйелдің кейбір мәселеде әлсіз екені белгілі. Аталған жайт көш ілгері елдерде де күн тәртібінде тұр. Дамыған елдер әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан құтқару үшін миллиондап қаржы бөледі. Психологиялық түрде көмек көрсету үшін жылдар бойы бағдарлама құрады.
Дағдарыс орталығы одағының мәліметінше, елімізде әрбір үшінші әйел тұрмыстық қысым көреді. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 2007 жылы – 32 556, 2008 жылы 32 632 әйелге күш көрсету дерегі тіркелген.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов депутат болып тұрған кезде Azattyq-қа берген пікірінде республикамызда 500-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұматынын айтты. Германияда 2017 жылы отбасылық қысым көрген әр үшінші әйел қайтыс болыпты. Осыған байланысты шара қолдану қолға алынған. Weißer Ring гуманитарлық орталығы құрылып, қысым көрген әйелдерді тыңдап, көмек көрсету жұмыстарын жүргізген. Ұйым жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында қызыл-сары түсті негізге алады. БҰҰ мен Боннадағы DW ғимараты қызыл-сары түске боялады. Германияның отбасы, әйелдер мен жастар ісі министрі Франциска Гиффай 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларға 35 млн еуро бөлетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Weißer Ring бастамасымен «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Әлемнің 17 тілінде қызмет көрсетіп, әртүрлі жастағы әйелдерге көмектеседі. Ұйым жетекшісі Петра Зехтингтің айтуынша, әйел затына ең бірінші әйелдің жаны ашуы керек. Сонда ғана қолдаудың қоғамдық аясы кеңейеді екен.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар үшін арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінде арнайы бөлімшелер бар. «Дағдарыс орталықтары одағына» зорлық-зомбылық бойынша 2021 жылы 1 518 әйел хабарласқан. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған кризис орталығы 2019 жылы 20 қазанда ашылған. 2019 жылы – 18 әйел, 2020 жылы – 95 әйел, 2021 жылы 83 әйел орталық қызметіне жүгінген.
Тұрмыста әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің мәдениетке, экономикаға, наным-сенімге қатысы жоқ. Бұл адамның жеке ерекшелігіне байланысты. Азаматтың ішкі күйіне, психологияға тәуелді әрекет. Психологтар ерлердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратынын осылай түсіндіреді. Сонымен бірге отбасылық қысым көрсететіндердің 80-90 пайызы кішкентайынан ұрыс-керісті көріп өскендер дейді. Санада сақталғанды, бейсанадағы әрекетті іске асыру деп түйіндейді. Тіпті мұны ғылым тілінде түсіндіретіндер бар. Психолог Серікгүл Сәли әйелдердің зорлық-зомбылықты көре тұра, ажыраспай, шешім қабылдамай жүретінін өзінше түсіндіріп берді.
Қазіргі статистика бойынша, әйелдердің 50 пайыздан жоғары бөлігі үйде тұрмыстық зорлық-зомбылық көреді. Бірақ бәрін біле, түсіне тұра ары қарай бірге өмір сүруді жалғастырады. Мұның психологияда анықтамасы бар. Әр адамның өмір сүру бағдарламасы өзінше құрылған. Ол кішкентайында жазылады, түзіледі. Бұл – психика. Мида адамның қуаныш сезімін сақтап қалатын А5 деген бөлік бар. Эндорфинді адам қуаныш арқылы алды ма, жоқ, зорлық арқылы алды ма түсіну керек. А 5-ші бөлік осыған құрылады. Мидағы эндорфин екі түрде бөлінеді. Мысалы, баланы мадақтап, арқасынан сипап, мақтау сөз айтсаңыз эндорфин қуаныш есірткісіне айналады. Егер бала күніге таяқ жеп, зәбір көрсе, эндорфин балаға көмек беру үшін бөлінеді. Осыдан кейбір балалар рақат алып, таяқ жемесе тұра алмайтынға айналады. Сөз ұқпай, көнбей жатады. Біз қуанышпен өмір сүреміз. Соған адам қалай жетеді? Таяқ жеуге бейім бала өскесін де соны қалайды. Басы күні бойы ауырып, тісі қақсаса да, шыдап жүре беретіндер бар. «Неліктен, жұлғызып тастамайсың, дәрі ішпейсің» десе, «жұмыстан қолым босамады» дейді. Мұның себебі жұмыс емес, эндорфин. Міне, тұрмыста зорлық-зомбылық көретін әйелдер де осы категорияға жатады. Қанша таяқ жеп, аяғы сынып, көзі көгеріп жатса да, ажыраспайды. Өйткені олар эндорфинді осылай алып отыр. Мұны саналы түрде түсіну қиын. Себебі аталған процесс бейсанада жүреді. Қол жұмсайтын адамның бағдарламасы да осыған ұқсас. Барлығын ауырсыну сезімімен байланыстырады. Мұны бейсаналы түрде орындайды. Тәуелділік пайда болады. Кейін әдетке айналып кетеді. Емдеу жолы өмір сүру сценарийін өзгерту арқылы жүреді. Психолог мақсатты түрде зерттеу керек. Қазір біздің орталықта осы категория бойынша емделіп жатқандар бар», – дейді психолог.
25 қараша – Халықаралық әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау күні. Осыған орай, әр елде түрлі шара өтеді. Елімізде жыл сайын 25 қарашадан бастап 10 желтоқсанға дейін «Зорлық-зомбылыққа қарсы – 16 күн» акциясы жүргізіледі. Әсіресе, әйелдер құқығын қорғау туралы заң қабылданғанын қалайтындар көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң болғанымен, шара қолдану аясы тар екенін алға тартады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көретіндердің нақты санын болжау қиын. Өйткені олар арнайы органға тіркелмейді. Елдімекендерде мұндай мысалдар көп. Күйеуі соққыға жықса, ертесі бетіне күліп қарап отыра беретін әйелдер бар. Мұны психология кешірмейді. Психологтардың айтуынша, ішкі мүжілудің салдары жаман. Ол үйдегі бала-шағаға әсер етеді. Егер әйел жүкті болса, тіпті қауіпті. Әрине, соққының салдары әйел мен бала денсаулығына кері әсер етеді. Одан бұрын әйелдің жан дүниесі қалыпты жағдайда болуы керек. «Адамзатты ой бұзарды» еске түсірейікші. Психологияда да сондай екен. Жүкті әйел оқиға салдарынан ой тұңғиығына түсіп, іштей қиналса, баланың мүгедек болып туу ықтималдығы жоғары болады екен.
Әлем тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баршаның назар аударғанын қалайды. Тіпті ескерткіш орнатқысы келетіндер бар. Түркия суретшісі бәрінен асып түсті. Әрі оның идеясы да ерекше. 2018 жылы Түркияда 440 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болыпты. Елдегі әйелдердің 40 пайызы зардап шегеді екен. Көпшілікке белгілі, Twitter-де #Susma хештегімен елдегі отбасылық қысым жайлы мәлімет береді. Вахид Туна осыған қарап отырып, ой түйген. Содан Стамбұл орталығындағы көпқабатты үйдің қабырғасына 440 туфли орнатылған. Жанына арнайы тақтайша іліп «Есімсіз» деп жазылған. Себебін түсіндіргенде, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көретіндер ақтарыла бермейтінін алға тартқан. Мұны отбасылық құпия есебінде көретіндері таңдандыратынын жеткізген. Суретші әйелдер қоғам тарапынан қорғалатынын түсіндіргісі келген. Ол Түркиядағы әйелдердің білімін тереңдете түскенін қалайды. Менталитеттің айналасында ғана емес, жаһан төңірегінде шешім қабылдағанын қалайды.
Вахид Туна ойының астары бар. Әйел адам өркениеттің бастауы, өмірдің шырағы екенін жете түсінгені дұрыс. Мұны әртүрлі ұйым басшылары растап отыр. Бәрінің қалауы бір – тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз қоғамдағы ана мен сәби күлкісін көру.
Иә, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993 жылғы 20 желтоқсанында 48/104 Қарарымен қабылданған «Әйелдерге қатысты зомбылықты түбегейлі жою туралы» Декларациясы бостан-босқа қабылданған жоқ. Мұны қазір әлемнің барлық зиялы қауымы қолдап отыр. Отбасында зорлық-зомбылық көретіндер өзіміздің қаракөздер екені жанымызға батады. Көп жастар әлеуметтік қиыншылықтардың салдарынан ажырасып жатады. Тапшылықты сылтауратып, барлық жағдайды қардыға әкеліп тіреп қоятындар да бар. Ал, байыппен қарар болсақ, шалыс басқандардың көбі қазақы дәстүрлерімізден, сосын асыл дінімізден хабарсыздар. Исламның көркем құндылықтарын жете сіңірмегендіктен, осындай келеңсіздіктерге ұшырап отырмыз. Осы орайда, дін тұрғысынан ажырасудың негізгі себептерін саралап көрсек, отбасындағы кикілжіңдердің басым көпшілігі ажырасуға апарып тіреледі екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ажырасу – бұл Алланың алдында рұқсат етілген амалдың ішіндегі ең нашары», – делінеді. Ажырасудың ең негізгі себептерінің бірі өмірлік жарды дұрыс таңдай алмаудан. Анығырағы, жастар ислам дінінің негізгі талаптарын білмейді. Көп жағдайда асыра мақтау мен өтірік айтудың соңы өкінішке соқтырып жатады. Бұл, басты ескеретін жәйт. Сондықтан екі жастың мінез-құлқының сәйкестігі, діни көзқарастарын жете біліп алған дұрыс. Екіншіден, отбасы мәселесіне ата-аналарының орынсыз араласуы бірден-бір себепкер екен. Әрине, ата-ананы ренжітуге қақымыз жоқ. Барынша разылығына бөленуіміз керек. Алайда, кейбір ата-аналар жас отбасының ішкі ісіне араласып, үйдің шырқын бұзады. Шаңырақты шайқалтуға әкеп соғатын жағдайлардың бірі – материалдық теңсіздік. Яғни, ерлі-зайыптылардың «бәлкім мынаны таңдағанда жағдайым дұрысталып кетер ме еді?» деп мұңаюы да қайықтай қалт-құлт етіп, шаңырақ беріктігіне зиянын тигізеді. Расында, жас жұбайлардың бір-біріне сенімсіздігі, өсек-аяңға жол беруі де өкінішті жағдайларға ұрындырады екен. Осы орайда бір ғибратты әңгімені айта кетсек.
Құл иеленушілік кезең екен. Бір бай базарға барып, құл сатып алмақшы болыпты. Байдың көзі бір құлға түседі. Сатушы оны жатып кеп мақтайды.
– Күшті. Жұмысты жақсы істейді. Тындырымды. Бұдан артық не керек? – Бірақ мұның жалғыз ғана кемшілігі бар. Онысы өсек айтатыны, – дейді сатушы.
«Таңертеңнен кешке дейін қара жұмысқа салып қоямын. Өсекті қай уақытта айтады?» деп ойлаған бай әлгі құлды сатып алады. Ол келген күннен жұмысты жапырып істейді. Қожайын оны жақсы көре де бастайды. Алайда құл ерлі-зайыптыларды араздастырып, дүние-мүлікке өзі ие болғысы келеді. Ол бірінші байдың әйеліне келеді.
Сені бай жақсы көрмейді, – дейді құл.
Әйел аң-таң қалады. Құл сендіріп бағады. Соныңда құл:
– Сен оның сүйіктісі болғың келсе, әбден ұйықтады деген шамада оның бір тал сақалын кесіп ал. Сонда саған деген махаббаты ашылады, – дейді.
Осы арада құл әлгі әйелдің күйеуіне де келіп, өтірікті судай сапырады.
– Әйелің сенен құтыла алмай жүр. Қалай болғанда да, сені өлтіруге әрекет жасамақ. Сенбесеңіз, түннің бір уағында ол сізге келеді. Өтірік ұйықтаған болып, жасамақ әрекетін көріңіз. Сонда менің айтқаныма көзіңіз жетеді, – дейді.
Әйел күйеуінің сүйіспеншілігіне бөленбек болып, түн жары­мын­да еңбектеп жетпей ме? Міне, сол кезде күйеуі атып тұрып, әйелін пышақтап тастайды.
Бұдан шығатын қорытынды не? Әрине, ерлі-зайыптылар құл­дың сөзіне сенбеулері керек еді. Ақыры немен тынды? Жаманатты естіген келіншектің туыстары байды жазасыз қалдырмаған. Олар өтірікке сенгені үшін күйеу баланы өлтіреді. Міне, өсек-аяңның осындай өзекті өртер өкінішке ұрындыратынын әсіресе, жастар ұмытпағандары жөн.
Жас жұбайлар бірін-бірі сыйлауды алғашқы күннен әдетке айналдыруға тиіс. Ерлі-зайыптылардың тату болуы, мейірімділігі – өнегеліктің белгісі.
Сондай-ақ, «үй болғаннан соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бұл – қазақы психология. Маскүнем күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншек «ел-жұртқа масқара болмайын» деп қазақы ұяңдыққа салып, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасына сүйеніп, мәселені жылы жауып қоя салуға бейім. Неге? Өйткені, көрші-қолаңға масқара болғанша, үйдегі бықсықты сыртқа шығармау керек. Алыстағы әке мен шеше де көзі көгеріп келген қызына оң қабақ таныта қоймайды. Әрі кеткенде күйеу баланы кінәлар.
– Тіліңді тарта сөйлесең, мұндай жағдайға душар болмас едің ғой. Бәленің бір ұшы өзіңде, – деп бақанын асынып, қызуы тасынып шыға келетін шешейлер де кездеседі.
Мұның соңы енді дауға айналады. Сосын күйеу бала жауға айналады. Дұрысы – «құлақтың тыныштығы керек».
Есті келіншектер күйеуінің қол көтергенін қалыпты жағдай деп есептейді. Себебі, ескіден келе жатқан тәмсіл бойынша «Әйелдің бір иығында шайтан отырады. Оны күнара сабап, қуып отырмаса әйел долыға айналады». Ауылдық жерде қазақы тәрбие көрген келіндер осыған имандай сенеді. Болмашы ұрыс-керістен шаңырағының шайқалғанын қаламайды. Сөз жоқ, қалған көңіл – шыққан жан. Отбасы берекесін бір кетіріп алған жан оны қайта қалпына келтіре алмайды. Шаң-шұң ұрыс үдей түседі. Мұның соңы ажырасуға әкеліп тірейді. Жастай жесір қалу ешкімге абырой әпермейді. Ана тәрбиесін алған қыздар отбасын сақтап қалады. Ал, әзәзілдердің тіліне ергендердің ертеңі бұлыңғыр.
Десек те, Түркістан облысындағы «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығы басшысының орынбасары Шахноза Хасанованың мәлімдеуінше, оларға көмек сұрап келетін әйелдер әжептеуір. Орталық оларға үш бағытта жәрдем береді екен. Біріншісіне – психологиялық. Екіншісіне – құқықтық. Үшіншісі – материалдық көмек. Жұбайларынан жәбір көрген келіншектер балаларының тағдырына көбірек алаңдайды. Отбасындағы берекесіздік, күн сайын қайталанатын дау-дамай, ұрыс-керіс балалардың да психологиясына кері әсер етеді. Осыны білетін әйелдер өзі болмаса да балалары үшін күреседі. Орталық осындайда олардың тығырықтан шығу жолдарын қарастырады. Ең басты құндылық – отбасын сақтап қалу. Сол үшін де психологтар мен дәрігерлер әйелге барынша қолдау білдіреді. Егер білместікпен аяғын шалыс басқан жағдайда алдағы өмірінде мұны қайталамау керектігін ескертеді. «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығына келіп жүгінетін жәбірленуші келіншектер көп ретте отбасын сақтап қалады екен.
Жастықтың желігімен жүріп аяғын қия басып алатын қыздар да көп жағдайда тығырыққа тіреледі. Секектеп жүріп құрсағына шарана бітіп қалғанын өзі де сезбейді. Ал, уақыт өте келе іші біліне бастағанда «Аспандағы айды әперемін» деп жүрген сүйгені асау аттай жалт береді. Қыз байғұс шырылдап жігіттің соңынан жүгіреді, жалынады. Ал, жүрегінің жартысына балаған жігітсымағы жылы сөзін айтудың орнына қарасын да көрсетпейді. Енді қыз тұңғиыққа терең батады. Әке-шешесіне барайын десе жүзі шыдамайды, дәті бармайды. Егер ол студент болса, құрбылары шошына қарайды. Міне, сонда ол барар жер, басар тау таппай дағдарады. Қазір балалықпен аяғын шалыс басқан бойжеткендерге көмек қолын созатын орталықтар бар. Солардың бірі – «Жас аналар» дағдарыс орталығы. Мұнда жас аналарға жап-жақсы көмек көрсетіледі. Психологтар мен дәрігерлер кеңесінен өтеді. Есесіне жас аналар шақалақтарын шырылдатып далаға тастап кетпейді. Қазақта «аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар. Бір рет аяғын жаза басқан бойжеткен екінші рет қателеспеуге тырысады. Әрине, оның екінші шырағы жанып жатса қолдау, қуану керек.
«Бөріктінің намысы бір» дегенімізбен, базбір желөкпе, өмірді жеңіл түсінетін жігіттерге айтар базынамыз да бар. Біреудің қаршадай қызын қорлап, жылатып кеткеннен шыққан мүйізің қане? Бойжеткеннің наласы, көз жасы сені алысқа жібере қояды ма? Әрі-беріден соң қарындасыңның тағдырын ойлап көрші. Өзің сияқты бір өктемшіл оны алдап кетсе не етер едің? Сондықтан бөріктілер қыз сеніміне адал болуы керек дер едік.
Әпербақан, ұр да жық, өз дегені болмаса қайтпайтын қырсық мінезді жігіттердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әйелі қит етсе болды жуан жұдырығын ала жүгіретіндер де жеткілікті. Ерлердің ең осал тұсы – ішімдік. Аузына арақ тисе отбасына қырғидай тиетіндерді де көріп жүрміз. Оларға айттың не, айтпадың не, өз дегенінен қайтпайды. Жүрегінде сәуле жоқ мұндайлардан дауасы «құтырғаннан құтылған» дегендей алыс жүру керек. Міне, осындай тұста әйелдерге ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңнамасы көмекке келеді. Аталмыш заңнаманың 8,9-баптарында әйелдер мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар мәселелер де қарастырылған.
Жалпы, статистикаға жүгінсек, зорлық пен қорлықты көп көретін әйелдер мен жасөспірімдер екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін республикалық статистика мәліметіне жүгініп көрелік. Былтыр 200-ге жуық әйел, 30-ға тарта жасөспірім қыз айуандықпен өлтіріліпті. 220 әйел, 50-ге жуық жасөспірім ауыр жарақат алған. 2500 әйел мен кәмелет жасқа толмаған 170 қыз зорланған. Елімізде педофилдерге қарсы қатаң заң қажет. Сенат депутаттары палатаның 2016 жылғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау жөніндегі бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңды мақұлдады. Құжат негізінде Қылмыстық кодекс, Қылмыстық – процессуалдық кодекс, Әкімшілік заң бұзушылық кодексі мен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне «Кәмелетке толмағандарды зорлағандарға қарсы жазаны күшейту», «Педофильдерге мәжбүри химиялық кастрация жасау» жөнінде өзгерістер енгізілді. Егер осыдан соң тым құрығанда бір баланы қорғап қала алсақ-ау. Сенатор Бірғаным Әйтімованың айтуынша «Химиялық кастрация – бір реттік инъекция түріндегі уақытша шара. Сондықтан кастрацияны түбегейлі ету жағын ойластырған жөн сияқты. Қаршадай қызды алдап оңашаға шақырып, білгендерін істейтіндерге ауыр жаза қолдану керек-ақ. Сонда ғана педофильдерден арыламыз.
Көріп отырсыз, қазір қоғамдағы қорғансыздар – нәзікжандылар мен жасөспірімдер екен. Ендеше, оларға сіз болып, біз болып көмек көрсетіп, жауқазындай майысқан жаһұттарымызға пана болуымыз керек. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ал, балалар – болашағымыз. Адами тұрғыдан алып қарағанда да адам өз болашағына балта шаппауы керек қой. Осы тұрғыда айбалталы айуандарға ортамызда орын болмауы тиіс.
Келген ойдың санама ізгі бәрі,
Көкірегімді өкініш сызғылады.
Мен өзім-ақ айтар ем бар сырымды,
Жібермейді бірақ бұл қыздың ары, –
деп ақын Ақмарал Леубаева жырлағандай, өз ар-ұяты, намысы, отбасының тұтастығы үшін барлық сырын ақтаруға қыздың ары жібермейді.
Барлық құпиясын құндақтап, жүрек түкпірінде ұстайтын көркемдеріміздің шыдам шідерін үзіп алмайық, бөріктім. Жылы қабағың мен ыстық махаббатыңды арнағанда ғана құшағын саған ашады көріктің. Әйел жаны өте нәзік. Оны бір өкпелетсең морт сынады. Қисық қабырғадан жаратылған қимастарымызды қадірлей білейік. Өйткені, олар жер бетіне өмір ұрығын себеді.

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ

Пікір қалдыру