Қазақ тілін оқыту қашан оңалады?

Айзат РАҚЫШ

Тәуелсіз ел болып, көк туымызды желбіреттік. Егемен ел атанып, бұғаудан босап шықтық. Алайда отыз жылда оңалмай-ақ қойған бір ауру мәселеміз бар. Ол – отандық оқулықтар жайы. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін мектептерде оқыту мәселесі жыл өткен сайын құлдырап, сазға батып бара жатқандай. Айта-айта бұл қасіретке құлақ үйреніп, ет өліп кетті. Бүгін сол жауыр болған тым кеселді тақырыпты қайта қозғамақпыз.
Қазақ тілін оқыту мәселесін сөз еткенде, ойыма Ғабит Мүсіреповтің «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді…» – деген қауіпке толы алаңды пікірі үнемі орала береді. Қазіргі орын алып жатқан олқылықтар кемеңгер Мүсірепов атаған «қол үзу» қарекеттері емес пе екен деген дүдәмал ойға қаламын. Бұл қорқынышымызды ешкім теріске шығара алмас, өйткені қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері турасында жан-жақты сөз еткенде сөзіміз нанымды шықпақ. Енді осы ұлт мәселесіне қатысты бірнеше ақиқатты ақтарайық.

Оқулықтарға қойылатын талаптар сақтала ма?

Бүгінгі жаңа ғасырда мектеп оқулықтарына қойылатын арнайы талаптар бары анық. Сол талаптардың ең басты өзегі – оқулық идеологиялық, дидактикалық, эстетикалық, психологиялық, логикалық, тілдік, әдістемелік, полиграфиялық, экономикалық негізгі талаптар деңгейінен шығуы тиіс. Енді рет-ретімен осы талаптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқулықтары бойынша тоқталып көрейік. Алдымен, идеологиялық талапқа назар аударайық. Ұлттық идеология, отаншылдық, патриоттық тәрбие оқулыққа қойылатын талаптардың көш басында тұр. Солай болуы заңды да. Ұлттық идеологияға жауап бере алмаған оқулықтың құны қара бақырға тең. Қазір әр сыныптардағы осы талаптың орындалу деңгейін анықтайтын боламыз. Білім негізі – бастауышта. Енді осы қасиетті негіздің қалай қаланып жатқанына көз жүгіртейік. 2-қазақ сыныбына арналған «қазақ тілі» оқулығы Ә. Е. Жұмабаева, Г. И. Уайсова, Г. Т. Сәдуақастардың авторлығымен Алматы қаласынан «Атамұра» баспасынан 2017 жылы жарық көрген еді. Аталған оқулықты ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларымен келісілген. Игі жақсылар бір кісідей қолдаған оқулықтың идеологиялық қыры қаншалықты терең екенін алғашқы беттерден-ақ аңғаруға болады. Оқулық «Өзім туралы» деген бөлімнен басталады. Алғашқы тақырып жан қуантады: «Менің ана тілім – қазақ тілі», «Өзіме киім үлгісін таңдаймын» тақырыбында да ұлттық идеология тамыры тереңдей түсіп, оқушыларды ұлттық киімдер туралы орайлы хабардар еткен. Бұған қоса грамматикалық тақырыптар қысқа, түсінікті түрде ережесімен бірге келісті етіп берілген. Дәл осындай ажарлы қалып бастауыш сыныптарда ғана береке тапқандай. Орта сыныптардан бастап ұлттық идеология талабына жауап беру жағдайы еріген қар суындай сұйылып кеткен. 6-қазақ сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығында (Б. Ә. Әрінова, Г. М. Раева, Г. С. Кәрімова, Л. К. Жұмекеновалардың авторлығымен Алматы қаласынан «Атамұра» баспасынан 2018 жылы мектептерге жол тартқан) 1-бөлім «Қазақстандағы көрікті жерлер» деп аталады. Алғашқы «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбы аясында ұлттық идеология жайы қамтылмаған. Тақырыпта ашылуы тиіс болса да, бұл жайт қалыс қалған. М. Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңінен үзінді беріп, оның мазмұнын айту тапсырылса да, отаншылдық рухы бұл тақырыпта көмбеге жасырылғандай тасада қалған. Табиғат, өзен-көлдер тақырыбына дендеп еніп, қазақ тілін географияға бұра тартқан. «Қазақстандағы көрікті жерлер» бөлімінен соң екінші бөлім «Ұлттық және отбасылық құндылықтар» тақырыбымен ұсынылған. Бұл бөлімде сөз болып отырған басты талап орынды орайластырылған. Ал, ұлттық идеология талабынан шыға алмай, ауа тартқан бөлімдер де жетерлік. Мәселен, «Тарихи тұлғалар» деген 5-бөлімді «Су – тіршілік көзі» атты 6-бөлім логикалық тұрғыдан жалғастыра алмай, «айдаладағы ақ отаудай болып» оқшырайып тұр. Он тақырыпқа созылған бұл бөлім «Тарихи тұлғалар» тақырыптар топтамасымен берілген білімге сәтсіз сабақталған жіп тәрізді. Әлде су туралы он сағат айтылмаса, тарихи тұлғаларымызды тани алмау қаупі туа ма екен? Ол жағы оқулық авторларына ғана аян. Яғни, дәл осы тұста логикалық бірізділік болу талабы кілт үзілген. Ұлт тарихынан берілген білімді су шайып кеткендей. 7-қазақ сыныбына ұсынылған «қазақ тілі» оқулығында да аталған олқылық орын теуіп, ойсырап тұр. Оқулық авторлары Г. Қосымова, Р. Рахметова (Алматы, «Атамұра» баспасы, 2017 жыл) 7-сынып оқушыларын «Ауа райы және климаттық өзгерістер» бөлімімен бірден қуанта алмаған. География арқылы қазақ тілін үйретудің қаншалықты тиімді екендігін автор ханымдар айтса игі еді. Осы бөлімдегі «Климат пен табиғат», «Ауасыз тіршілік жоқ» деген тақырыптар ұлттық идеология талабынан мүлде шыға алмайды. Климат тақырыбынан негіз алған 2-бөлім «Көшпелілер мәдениеті» деп аталып, оқулық жазуға қойылатын басты талап межесінен шыққан. Осылайша оқулықтың қос авторы ұлттық идеология мен логикалық жүйелілікті бір үзіп, бір беріп отырған. Аталмыш оқулықта 6-бөлім «Ғаламтор және әлеуметтік желілер» деп аталады. Ол өзінің алдындағы «Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы» бөлімін логикалық тұрғыда жалғастыра алмай тұр. Әрі оқушыларға ғаламтор туралы он сағаттық бөлім берудің не қажеті болғаны түсініксіз. 8-бөлім «Дұрыс тамақтану, гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар» деп ауа жайылып тұрса, 9-бөлім «Жеңіс күні. Ұлы ерлікке тағзым» деп ұлт тарихын меңгертуге күш салады. Сонда алдымен тамақ туралы айтпаса, ұлт тарихын сөз ету қиынға соға ма?.. Оқулықтың соңғы бөлімі «Ғылыми фантастика» деп аяқталады. Мұнда ұлттық идеология былай тұрсын логикалық жүйе жоқ. Осылайша 7-сынып оқушыларын қос автор көкпарға тартқандай өзара логикалық бірізділігі жоқ, қазыналы қасиет – ұлттық идеология талабынан бір шығып, бір жауап бере алмаған тақырыптармен тұйыққа тірегендей.
Сөздің реті 8-қазақ сыныбына келіп тірелді. Бұл сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында да жоғарыда аталған кемшіліктер жосылып жүр. Алматы қаласы «Мектеп» баспасынан 2018 жылы Б. Қапалбек, А. Омарова, Г. Закиряева, Г. Абнасы­рова­лардың авторлығымен жарық көрген оқулық «Көне түркі жазба­лары және қазақ жазуы» деп қуанышты басталып, «Ғарышты игеру жетіс­тіктері» мен «Биологиялық алуантүрлілік. Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер» тәрізді бөлімдермен айқын мақсат-ұлттық идеология быты­рап, бөлшектеніп кеткен. Бөлімдер арасында логикалық байланыс жоқ. Авторлар оқушыға біресе «ғарышты игертеді», біресе «жануарлар мен өсімдіктер» жайын жайдақтатады. Өсімдіктер турасы тәмамдалды-ау дегенде, «Қоршаған орта және энергия ресурстары» деген білдей бөлім беріп, оқушыларды қазақ тілі пәнінде энергетикке айналдырады. Энергияның ізін ала, «Жасөспірім және заң» бөлімі қылтияды. Жай сөйлемнің түрлерін «Жасөспірім физио­номиясы», «Балалардың жас ерекшеліктері» тәрізді физиономиялық және психологиялық тақырыптармен «тереңнен» меңгер­туді мақсат тұтқан. Энергетиканың жасөспірімдер мен заңға қандай логика­лық байланысы барын оқулық авторлары таратып айта алар, бірақ бұл мұғалім мен оқушыға жұмбақ. Заң бөлімінен соң, «Театр өнері және мәде­ниеті» бөлімі көктен түскендей қажет болса да, ретсіз тұста пайда бола кетеді. 8-сынып оқушылары қазақ тілі пәнін «Қазақстандағы туризм және экотуризм» бөлімімен аяқтайды. Театр бөлімінде алған білімдерін туризм тақырыптарында сабақтастыра алмай, абдырап қалары айдан анық. Міне, қазақ сыныбы өз ана тілдерін осындай логикалық жүйеден жаңылған, ұлттық идеология талаптарынан толық шыға алмайтын оқулықтармен оқып жүр. Оқулық жазуда қойылатын ең асыл алғышарт сақталмаса, өзге негіздерді сөз етудің өзі артық.
Осындай екі бірдей талапқа жауап бере алмаған қазақ тілі оқулықтарының жайын 9-қазақ сыныбында және бір аңдап байқадық. Қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсыратын 9-сыныпта аталған мәселелер қордаланып келіп, қиын қыспаққа айналғаны көрініп тұр. Ж. Дәулетбекова, А. Рауандина, М. Дусимбаева ханымдардың авторлығымен Алматы қаласы «Атамұра» баспасынан 2019 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілі» оқулығында орта сыныптарда кездескен кемшіліктерді айны-қатесіз қайталап отыр. «Мәңгілік ел – мұратым» деген бөліммен сәтті басталған оқулық «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік», «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бөлімдерінде мақсаттан адасу байқалады. Аталған бөлімдерде ұлттық идеология талабы былай қалып, бөлімдер арасындағы логикалық жүйе бірізді сипатынан жаңылған. Ал, 10-11-қазақ сыныптарында ұлттық идеология мен логикалық жүйе талаптары біршама сақталған. Бұл сыныптарда бөлімдерде ұлттық құндылықтарды дәріптей меңгертуге көңіл бөлінген және бөлімдер арасында азды-көпті логикалық байланыс бары байқалады.
Осылайша, барлық сыныптардағы дерлік қазақ тілі оқулықтарының басты олқылығын анықтадық. Олар ұлт мүддесін көздеу мақсатынан толықтай шыға алмай отыр. Қазақ баласына өзінің ана тілін ұлттық тұрғыда меңгерте алмаған оқулықтар өзге талаптарда төбеден түскендей күй кешкені айдан анық.

Ұлт сыныптарында ұлттық идеология насихаттала ма?

Қазақ тілін ана тілі есебінде қазақ баласына оқыту бір мәселе, ал қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде өзге ұлт өкілдеріне меңгерту өз алдына бір бөлек мәселе. Аталмыш мәселе соңғы 5-6 жылда қайтып түзелместей күзелді. Оған бірден-бір себеп – ұлт сыныптарында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері кірігіп, бір ғана «қазақ тілі мен әдебиеті» деген жалпы атаумен жалпылама сипатқа ие болуы. Тілдің заңдылықтары бір бөлек, оған әдебиет теориясы мен әдеби кезеңдерді қалай ғана кіріктіруге болады? Екі түрлі жемісті будандастырып, одан белгісіз өнім күткен диқанның адаспа халін кешіп жүрміз. Өйткені, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті үндес пәндер болғанмен, ғылыми жүйесі дербес, даму заңдылықтары мүлде өзгеше екі әлем. Сол екі әлемді бір-біріне теліп, мемлекеттік тілді оқытуда айды аспанға шығарғандай болып жүрміз. Ұлт мектептері бастауыш сыныптарда «қазақ тілі» деген дербес пәнді оқиды, бастауыш ұлт сыныптарында «қазақ әдебиеті» пәні қарастырылмаған. Ал 5-11-сынып аралығында кіріккен жаңа пәнді – «қазақ тілі мен әдебиетін» жалпылама үйренумен жүр. Отыз жылда өз дәрежесіне жете алмай-ақ қойған мемлекеттік тілдің мәртебесі мәселесі алдағы жылдары тек қана құлдырай берері хақ, оған себеп – ұлт мектептерінде қазақ тілінің дербес пән ретінде оқытылмауы. Қашан осы киелі қос пән жеке-дара оқытыла бастайды, сонда ғана мемлекеттік тілге деген құрметтің жүйесі артары да ақиқат. Енді төменде ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде әдебиеттің қаншалықты оқытылып жатқанын, ұлттық идеология мен тілдік, логикалық қағидалардың талапқа сай болу шарттары сөз болмақ.
5-ұлт сыныбы оқулығын зерделеуден бастайық. Мұнда қазақ сыныптарына оқулық жазған авторлардың есімдері қайталанып отыр. Оқулық Ф. Оразбаева, Ж. Дәулетбекова, А. Рауандина, Р. Рахмеова. Қ. Жайлаубаевалардың авторлығымен «Көкжиек – Горизонт» баспасынан 2017 жылы оқушыларға жол тартыпты. Екі бөлімнен тұратын оқулықта қазақ әдебиеті қаншалықты қамтылған? Бұл кіріккен пәнді қазақ тілімен қосарлап, қазақ әдебиетінің де оқулығы деуге негіз бар ма? Сөз болып отырған оқулықта бүкіл оқу жылы бойында жеті-ақ ақын-жазушының есімі аталады. Онда да олардың өмірбаяндары, туындысы толық қамтылмайды, белгілі бір шығармасынан үзінді ғана қылаң береді. Бұл жеті қаламгерді қамтумен оқулықты қазақ әдебиетін меңгертіп жатыр дегенге сене алмаймыз. Әдебиеттің даму тарихы, кезеңдері, әдеби тұлғалар сабақтастыра берілмесе, әрі туындысы шолтиған қысқа болса, онда қазақ әдебиетінің белгісі де болмағаны. Сондықтан 5-ұлт сыныптары қазақ тілін дербес оқудан қағылғанымен қоймай, қазақ әдебиетін меңгеру бақытынан да құралақан қалып отыр.
Дәл осы сыныпта ұлттық идеология қаншалықты насихатталғанына және бір көз жүгіртейік. «Отбасындағы дәстүрлер мен мерекелер» деп әдемі басталған оқулық жүре келе жүгі ауып, «Қазақстандағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі», «Су – тіршілік көзі», «Денсаулық – зор байлық», «Компьютердің тілін табу – өнер» бөлімдерінде мақсат көмескіленіп, ұлттық мүдде ұмыт қалған. Осы себептерден де аталған «қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығын не қазақ тілін, не қазақ әдебиетін жеткілікті оқыту басшылыққа алынатын оқулық сапасында қабылдау еш мүмкін емес. Тұтас бір оқу жылында жеті-ақ, не бары жеті ақын-жазушының есімдерін еміс-еміс естіген бала қазақ әдебиетін меңгерді деу жаңсақ пікір. Ал тіл теориясынан ажырап қалған мәтіндер арқылы өзге ұлт өкілдерінің тілін шығарамын деу – бос әурешілік.
Кезекті талдауымыз 6-орыс сыныбының қазақ тілі мен әдебиеті оқулығына келіп жетті. Бұл оқулықты Ф. Оразбаева, Ж. Дәулетбекова, А. Рауандина, Р. Рахметова, А. Юсуп жазып, «Көкжиек-Горизонт» баспасынан 2018 жылы жарыққа шығарған екен. Оқулық қазақ әдебиетін меңгерту жүгін көтеріп тұр ма? 5-сынып оқулығында кеткен қазақ әдебиетін меңгертудегі олқылықтың орнын толтыруды көздеді ме, авторлар он үш ақын-жазушының есімін атапты. Тек М. Әуезов пен Абайды, Ш. Айтматовты таныстыруға жеке тақырып арнаған, өзге қаламгерлер ешбір мәліметсіз, тек туындылары ғана берілген. Әңгімелерден үзінді тым шолақ, 3-4 абзацтан арыға аспайды. Ал ақындардың өлеңдері 3 шумақ пен 5-6 шумақ аясында ғана қысқартылып берілген. Әдебиет теориясы жүйелі берілмеген. Сондықтан да он үш ақын-жазушыны да оқушылар жеткілікті дәрежеде меңгеріп кетерлік іргетасы шамалы болып тұр. Міне, осы себептерден де 6-ұлт сыныбы да қазақ тілін бөлек, қазақ әдебиетін жекелей оқытуға мұқтаж болып отыр. Оқулықта бір көңіл қуантқан жайт – ұлттық идеология талабы жүйелі сақталып, өзге сыныптардағыдай су мен тауды, аспан мен жұлдызды мадақтау жоққа тән. Керісінше қазақ тарихы, көшпелілер өмірі, ұлттық дүниетаным тақырыптары логикалық сипатта өзара жалғасып жатыр.
7-орыс сыныбындағы ахуал нешік? Оқулық авторлары – Ф. Оразбаева, Ж. Дәулетбекова, Р. Рахметова, А. Рауандина, Б. Мукеева. («Көкжиек-Горизонт» баспасы, 2017 жыл). Оқулықтың өн-бойынан қазақ әдебиеті пәнінің исі аңқымайды. Әлем әдебиетінің екі өкілі, сегіз қазақ ақын-жазушыларының есімдері ара-тұра көзге шалынады. Сонда сегіз ақын-жазушының шығармасын үзіп беріп, қазақ әдебиетін меңгерттік деп ауыз толтырып айтуға негіз бар ма? Әрине, жоқ! Оқулықта бөлімдер арасында логикалық бірізділік жоқ. Дәлел келтірейік. 7-бөлім «Ғаламтормен жұмыс жасау – мәдениеті» деп аталса, 8-бөлім «Музыка. Қазақтың киелі домбырасы» деген атпен алдыңғы бөліммен логикалық байланыссыз берілген. Ғаламтор мен домбыраның қандай логикалық байланысы барын авторлар тап басып айта алар.
…Халық ертегілері «Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен» деп басталушы еді. Өзге ұлт сыныптарындағы ұлттық идеологиялық талап пен тіл мен әдебиетті оқыту жүйесі де осындай бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ күйде жалғасып отырады. Өзге ғылым салалары, атап айтқанда, география, биология, биотехнология, медицина, космонавтика тақырыптары неге тарау-тарау болып беріліп, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытылуы сипатын күңгірттендіріп жібергені тіптен түсініксіз. Негізгі оқу мақсаты судың түсі қандай екенін үйрету ме, әлде қазақ тілінде сауатты сөйлеп, еркін жазуға төселдіру ме? Дәрумендердің пайдасын білу негізгі білім бе, әлде тілдік теорияны меңгеру маңызды ма? Көп сұрақтың жараса кетер жауабын таппай есеңгіреп жүрміз. Ұлттық мүдде толық жүйелі көзделмейтіндей, жеке-дара оқытылмайтындай бұл қазағымның тілі мен әдебиеті кімнің алдында не жазды?

Қазақ баласы өз әдебиетін қалай оқиды?

Ұлт сыныптары қазақ әдебиетін оқуға зарығып жүргенде, қазақ баласы өз әдебиетін бастауыштан бастап сіңіруге мүмкіндік алған. Бастауыш сыныптарда «Әдебиеттік оқу» деп аталатын бұл пән 5-11-сыныптарда «Қазақ әдебиеті» деген дербес пән болып табылады. Енді осы пәндегі әдебиеттану теориясы мен әдеби кезеңдердің берілу сипатын бағамдайық. Сөзімізге мысал ретінде бірнеше сыныптағы аталмыш пәннің оқулығын алға тартамыз.
А. Ақтанова мен А. Жүндібаеваның авторлығымен Алматы қаласынан «Атамұра» баспасынан 2017 жылы шыққан оқулық 5-сынып оқушыларына арналған. Оқулықты ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларымен келісілді. Бұл сыныпта қазақ әдебиеті аптасына екі сағат, оқу жылы бойына 68 сағат оқытылады. Жүктеме саны төмен емес, ал меңгертілуге ұсынылған қаламгерлер саны – сегіз қазақ қаламгері, бір әлем әдебиеті өкілі, бір халық ертегісі, бір батырлар жырынан үзінді. Алпыс сегіз сағатқа сегіз-ақ қаламгерді түйіп беру мәселе түйінін тарқата алмайды. Өйткені, қазақ әдебиеті кезеңдерінде бұдан да көбірек тұлғалармен таныстырып, олардың шығармаларын кезең-кезеңімен беруге әбден-ақ болатын еді. Оқулықта әдебиет теориясы анықтамаларымен қоса түйдектеліп оған сәйкесінше тапсырмалар ұсынылып отырған.
Б. Керімбекова мен Ж. Мұқанова 6-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығын Алматы қаласынан «Мектеп» баспасынан 2018 жылы жарыққа шығарған екен. Бұл оқулықтың бір ерекшелігі – қазақ әдебиеті тарихын, даму кезеңдері мен тұлғаларын сәйкесінше ұсынып отырған. Абайға жеке бөлім арналған. Өлеңімен қоса қарасөздері де назарға ұсынылған. Ұлттық идеологиялық тұрғыдан да, логикалық жүйе жағынан да оқулық кемшіліктен ада қалыпта.
7-сыныпқа берілген қазақ әдебиеті оқулықтары 6-сыныпта меңгертілген білімді ары қарай жалғастырып әкетуімен қуантады. Мұнда авторлар әдеби кезеңдерді атап, тұлғаларымен айшықтап сәтті орайластырған. Бұл логикалық жүйенің барынша сақталуы 6-сыныптың оқулығын жазған қос автордың 7-сынып үшін жазылған оқулық авторлары болуымен де байланысты болар.
5-7-сыныптарда қазақ әдебиеті пәні аптасына екі рет, оқу жылы барысында 68 сағаттық жүктемемен оқытылады. Бұл жүктеме 8-9 сыныпта көбейіп, аптасына үш рет, оқу жылында 102 сағаттық межені құрайды. Есесіне аталған сыныптарда қазақ тілінің жүктемесі 3 сағаттан екі сағатқа кемиді. Қазақ әдебиетін артығырақ оқыту қазақ тілінің жүктемесінің азаюына алып келді. Енді осы 102 сағатта қазақ әдебиеті қандай тақырыптармен байытылған? Бағамдап байқайық. 8-сынып оқулығының авторлары – Р. Зайкенова, С. Тұрсынғалиева. («Арман ПВ» баспасв, 2018 жыл) Оқулық 4 тараудан тұрады, 13 қаламгерді қамтыған. Көлемді поэма, роман, хикаяттардан үзінділер берілген.
9-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті пәні оқулығы 102 сағаттық жүктемені құрайды. Оқулық авторлары – А. Ақтанова, А. Жүндібаева, Л. Жұмекенова. («Атамұра», 2019 жыл). 102 сағат аясында 13 тұлға қамтылған. Олардың әрқайсысына бірнеше сағаттан, яғни жеткілікті деңгейде жүктеме мөлшерлемесі беріліп отыр. Бұл – қуанарлық жайт. Алайда әдебиетті оқыту тілдің жүктемесіне кері әсерін тигізбеуі керек еді.
Аталған оқулықтарда кей кезде әдебиет теориясы тым қоюлата, түйдек-түйдегімен беріледі және жаттауға ұсынылады. Мәселен, 5-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының 6-бетінде «есте сақтап, жатқа меңгеру» белгісімен он екі әдеби термин берілген. Әдебиетті меңгеру жаттап алу дегенді білдірмесі анық. Мұндай тым көп әдебиет терминдері оқушының туған әдебиетіне деген сүйіспеншілігін артырудың орнына, мазасын қашыруы ықтимал. Сондықтан да бұл он екі терминді әр сабақта сәтімен сабақтастырса игі еді. Осы оқулықтың 17-бетіндегі 6-тапсырмада «Ертегінің композициясы бойынша сценарий құрастырыңдар» деген тапсырма 5-сыныптың жас ерекшелігі деңгейінен асып түсетіндей.
Қазақ әдебиетін оқыту қазақ тілін меңгертудей тым кем соғып жатқан жоқ. Қайсыбір тұстары ұсыныс айтуға сұранып тұрса да, әдебиет теориясы да, әдебиетттің даму тарихы да жақсы жіліктелген. Тіпті әлем әдебиетінен бірді-екілі өкілдерді қосып отырған. Бұл тұста ұлттық мүдде, ұлттық көзқарас, қазақтың өз «менін» ояту әрекеттері жүйелі жолға қойылған. Тіпті жоғары сыныптарда қазақ әдебиетінің жүктеме санын арттырып, ұлт әдебиетін қазақ баласы мейлінше меңгерсін деп оңтайлы мүмкіндік туғызып отыр. Әдебитті оқытқанда, тіл теориясына қарсы шығып, оны отап тастаған қазақ тіліндегідей емес әдебиет теориясы жақсы, ұтымды жүйеленген. Яғни, оқу бағдарламалары мен оқулық авторлары әдеби кезеңдерді әдебиет теориясынсыз меңгерту жалаңаш қолды лапылдап тұрған отқа салумен бірдей екенін біліп отыр. Сондықтан да әдебиет теориясын тұлғалардың туындыларымен бірге оларға сәйкестендіріп бір жүйемен жемісті сабақтастырған. Сонысымен де қазақ әдебиеті оқулықтары анау айтқандай олқылықтармен жүдеп тұрған жоқ. Бұл тұста ұлттық идеология атой салып, логикалық байланыс пен теория бір-біріне қалтқысыз жарасып тұр.

Тілді теориясыз қалай үйретпекші?

Бүгінгі қазақ тілі оқулықтары ұлт мектептерінде тіл теориясына аса зәру, тым мұқтаж күйде. Баланың сөйлеу тілін, еркін ойлау дағдысын қалыптастыру басты мақсат деп қай жылдары жаппай ұрандап, ақыры соның салдарынан тіл теориясы етінен ажыраған сүйектей болып қалды. Тіл теориясы тілді үйренудің қазыналы кілті екенін естен шығардық. Жаңартылған мазмұнға көшеміз деп, қазақ тілін оқытуды ақсатып алдық. Бұның қазір тек салдарымен ғана күресіп жүрміз. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкелі бері жазбаша сауатсыздық жайлап алды. Бұл сөзімізді кез келген қазақ тілі пән мұғалімдері дәлелдей алады. Оған мынадай себептер бар.
Біріншіден, тіл теориясы жүйесіз берілгендіктен, бала тек лексикалық тақырыптарды ғана қаужап жүр. Яғни, оқушы судың түсі қандай екенін, дәрумендердің пайдасы қаншалықты екенін ауызша айта алады, ал жазбаша жұмыс орындағанда грамматикалық, стильдік қателерден көз сүрінеді. Бұл тіл теориясынан мүлт кеткеннің кесірі.
Екіншіден, жаңарту нәтижесінде бұрынғы кеңестік оқытудан біржолата бас тарттық. Оның жақсы тұстарын алуды ескінің сарқыншағын көрдік. Салдарынан жоспарлы жазба бақылау жұмыстары – диктант, шығарма, мазмұндама алу игі дәстүрін ұмыттық. Тіл теориясынан ада қалған оқушыға мұғалім күнделікті сабақта сауатты жазу қағидаларын үйретіп баққанмен, жоспарлы жазба бақылаулар болмағандықтан, оның лексикалық тақырыпты меңгеруін көбірек бағалайды. Сондықтан оқушылар арасындағы жазбаша сауатсыздық деңгейін төмендету үшін міндетті жазбаша бақылау түрлерін қайта енгізу ауадай қажет.
Үшіншіден, жазбаша сауатсыздықтың қаулап кетуіне тағы бір себеп – күнделікті айқын бағаның қойылмауы. Қалыптастырушы бағалау кезінде балдық жүйемен бағаланса да, тоқсан сайын екі бөлім бойынша бақылау жұмысы, бір тоқсандық бақылау жұмысы алынады. Тоқсандық қорытынды баға тек осы үш бақылаудың негізінде қойылады. Ал күнделікті қалыптастырушы бағалау тек журнал бетіндегі балл болып қала береді. Осы себептен де оқушылар жаңартылған білім мазмұнына көшкелі бері тіл теориясының жетімсіздігінен де сауатсыздыққа ұрынып жүр.
Жаңаруға дейін әр тоқсанда екі диктант, екі мазмұндамаға дейін міндетті жазбаша бақылау жұмыстары жүргізілетін. Онда баланың ойын жеткізу дағдыларымен қатар жазба тілінің сауаттылығы айқын тексерілетін. Ал қазіргі бөлімдік, тоқсандық бақылау жұмыстары айқын бағалауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында жоспарлы жазбаша бақылау жұмыстарын енгізу көкейтесті мәселеге айналып отыр.
Енді осы үш себепті тіптен ушықтырып отырған қазақ тілі оқулықтарының тапсырмаларына үңіліп көрейік. 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының (авторлары – Т. Ермекова, Ж. Отарбекова, Р. Мұнасова, «Арман ПВ» баспасы, 2017 ж) 7-бетінде 2-тапсырмада былай делінген: «Түсініп оқып, жаттап алыңдар. Тірек сөздерді тауып, дыбыстық талдау жасаңдар». Ал, жаттауға берілген мәтін мынадай: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек». Нұрсұлтан Назарбаев) Бұл мәтінді жаттауға беруден оқушының ешбір дағдысы (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) асқақтап кетпесі анық, әрі жалаң жаттату білімді байытпайды. Осы оқулықтың «Жеті жұрттың тілін біл» тақырыбында 1-тапсырмада «Мәтінді түсініп оқы. Жанрлық ерекшеліктерін анықтаңдар» делінген. Бірақ жанр туралы бұған дейін жақ ашпаған оқулық авторлары тосыннан мәтін жанрын анықтауға тапсырма беріп отыр. Тапсырмаға сәйкес ереже мен мысалдар назардан тыс қалған. Мәтін мәскеулік полиглот Бэлла Девяткина турасында. Бұл тұста оқулық авторлары ұлттық идеологияны жайына қалдырып, орыстың қаршадай қызын қазақ балаларына үлгі етеді. Одан да қазақтан шыққан арғы-бергі полиглот тұлғаларды термелеп өтсе, қандай орынды болар еді! Аталған оқулықтың 102-бетінде 4-тапсырмада былай делінген: «Оқылым мәтініндегі сан есімдерді анықтап, болжалдық сан есімнің жасалу жолдары бойынша түрлендіріңдер. Сол сөздерге қатысты мақал-мәтелдер мен жұмбақтар тауып жазыңдар.» Енді оқылым мәтініне оралсақ, онда бірнеше жерде кездесетін жалғыз сан есім – «екі» сөзі. Тапсырмада «сол сөздер» деп көпше түрде айтқанға оқушы мәтіннен бірнеше сан есім іздеп әуреленеді. Алайда «екі» сан есімінен басқаны жолықтырмайды. Бұдан шығатын қорытынды оқулықта грамматикалық тақырып (сан есім) лексикалық тақырыпқа сай емес. Кіші сыныпта қазақ тілі оқулығы осылайша кемшіліктерімен көзге ұрып тұр. Жоғары сыныптағы жағдай қалай екенін білмек болып, 9-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығын аштық. (авторлары – Ж. Дәулетбекова, А. Рауандина, М. Дусимбаева, Алматы, «Атамұра,» 2019 жыл). «Тәуелсіздік таңы» тақырыбындағы 1-тапсырма «сұрақтарға жауап бер» десе, 2-тапсырма да оны қайталап, «мәтінді тыңда, сұрақтарға жауап беріңдер» дейді (6-бет). Осы тектес жаттығулар баланың сөйлеу тіліне көбірек назар аудартып, жазба тілінің сауаттылық деңгейін екінші орынға қоюға әкеліп отыр. Осы оқулықтың 67-бетінде 5-тапсырма бар: «Мәтінді оқып, қарсылықты салалас құрмалас сөйлемді тап.» Ең өкініштісі сол – аталған мәтінде қарсылықты салалас құрмалас сөйлем мүлде жоқ. Мәтінде берілген сегіз сөйлемнің төртеуі жай сөйлем, біреуі аралас құрмалас, дегенмен өзге сөйлемдер қарсылықты салалас құрмалас болып табылмайды. Сондықтан мұндай «тауып көр» деген тәрізді «тым ойнақы» тапсырмалардың мақсаты бұлыңғыр. Оқулық авторлары берілген грамматикалық тапсырмаға лексикалық мәтіннің сай екендігіне толық көз жеткізіп барып таңдаулары шарт.
Қазақ сыныптарындағы ахуал осылай аһ ұрғызады. Ал ұлт сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті оқулығындағы жайт қандай? 9-орыс сыныбына арналған жоғарыда аталған оқулықтың 38-бетіндегі 1-тапсырмада былай делінген: «Жолаушы көліктері» тақырыбы бойынша кластер құра.» Оқулық авторлары 9-сынып оқушыларына кіші сыныпқа бағытталған тым оңай тапсырма беріп, олардың дамуына кері ықпал етіп отыр. Тым оңай жаттығулар оқушыны ширатпайды. Және де осы оқулықтың 76-бетіндегі 6-тапсырмада «Мәтіннен ырықсыз етістері бар сөйлемдерді теріп жаз. Жасалу жолдарын түсіндіріңдер», – деп күтпеген жерден тіл теориясынан тапсырма береді. Тапсырмаға сай оқулықта не ереже, не тілдік бағдар көрсетілмеген. Бұл да бір «тауып көр» тәрізді тапсырма болып тұр. Оқулықтың 5-бөлімі тұтастай Президент күні мерекесіне арналған. Нақтырақ айтсақ, бөлімнің атауы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Тәуелсіз Қазақстанның айбынды мерекесі. Маралтай Ыбыраев «Елбасыма» Аталған оқулықтың 106-бетінде «Еңбегі ерен Елбасы» тақырыбында 1-тапсырма берілген: «Жай сөйлемдерді құрмалас сөйлемге айналдыр. Н. Ә. Назарбаев туралы айтылған пікірлерді мысалмен дәлелдеп айт.» Тапсырманың өзінде стилистикалық қате бар: бір ғана сөйлемде «айтылған» және «айт» деген бір ғана сөз қайталанып тұр. Бұл аздай оқушыларға құрмалас сөйлем туралы грамматикалық түсінік мүлде берілмеген. «Мықты болсаң, тауып көр» деген мұндай тапсырмалар оқулықта молынан кездеседі. Дәл осы беттегі 2-тапсырмада «суреттер бойынша шағын мәтін құра» дейді. Суреттерде Елбасының өзге ел басшыларымен отырған бейнесі ұсынылған. Сонда қандай ауызша мәтін пайда болуы мүмкін? Мәтін жазу үшін суреттерде оқиға желісі көрініс табуы тиіс еді. Ал 114-беттегі 7-тапсырма өзіне-өзі қайшы келіп тұр: «Өлеңді оқы. Күрделі сөздерді теріп жаз. Осы сөз тіркестерін пайдаланып сөйлем құра». Мұнда оқулық авторлары өздері күрделі сөз бен сөз тіркесі терминдерінің аражігін ажырата алмай отыр. Тіл теориясында күрделі сөз бен сөз тіркесі – екі бөлек термин.
Айта берсе мұндай теориядан сүрінген теріс тапсырмалар, жеріне жете алмаған жеткіліксіз жаттығулар көші тым ұзаққа созылады. Бұдан шығатын қорытынды жалғыз – айтары бұлдыр тапсырмалардың берері жоқ. Күрделі сөз бен сөз тіркестерін ажырата алмайтын тапсырмалар оқушыны адастырады. Ең сорақысы да осы. «Бәлен ұғымды тап» деп, тапсырмада дәл сол түсінікті қамтымау да білместіктен тумаса керек. Оқулық авторлары оқулық жазуға ұлтының болашағының дәнін сеуіп отырмын деп қарауы керек. Шектен тыс жауапкершілік пен ұлтына құлай берілген сүйіспеншілік қазақ тілі оқулықтарын құтқарар деген үмітіміз бар.
Түйін: Мақала барысында көп жайтты ақтардық. Түйін біреу: қазақ тілін ана тілі, сонымен қатар мемлекеттік тіл дәрежесінде оқыту ісін оқулықтар көшін оңдаудан бастау керек. Бізде бар талаптарға жауап бере алмайтын оқулықтарды мектеп маңына жолатпау ләзім. Өйткені, олардың залалы мұғалім мен оқушыға көптеп тиіп жатыр. Әрі «Алдағы оқу жылында қазақ тілі пәні топтарға бөлінбей оқытылады екен» деген суық сөз тарап, мұғалімдерден маза қашқан. Егер қаңқу сөз шындыққа айналса, онда қазақ тілін оқыту тіптен күрделі мәселеге айналайын деп тұр. Иә, ұлттық идеологиядан жұрдай оқулықтардың берекесі болмайды. Ұлттық мүддеден тысқары кеткен оқулықтар ұлт келешегін қамдай алмайды. Сондықтан да қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтарына азды-кем талдау жасадық. Қуанғанымыздан қамыққанымыз көп болды. Қазақ тілінің жайын оңдамасақ, «тұрмысымыз түзу, пейіліміз кең» деп құр кеуде қағуымыздың өзі ұзаққа бармасы ақиқат.

Пікір қалдыру