Түп аналарымыз жайлы ойлансақ

Түп аналарымыз жайлы ойлансақ

Найманның әулие келіні
(немесе тоғыз таңбалы найман елінің түп анасы жайлы аз сөз)

Бізге жеткен қазақтың қария сөздері мен көне шежіре жазбаларына зер салсақ, найман елінің түп анасы атанған Ақсұлу ана жайлы қызғылықты деректерді молынан ұшыратамыз. Алты арыстың бірі Найман елі десек, осы рулық бөліністің түп атасы – Найман ата екені өзінен өзі түсінікті. Әңгімеміздің әлқисасын осы атамыз жөнінде жазудан бастасақ дейміз.
Ол өз заманында екі әйел алған адам екен делінеді. Қырғауыл атты алғашқы зайыбынан Ақсақал, Үйелші, Күйелші есімді ұлдары болыпты. Ал, Шүңірекей деген екінші қосағынан Тоқпан атты ұл сүйеді…
…Ол бір ел іргесін беймаза жау жиі торыған, шапқыншылық жылдары болса керек. Бір жолы ерегескен дұшпаны қапысын тауып, Найманның ауылын шауып, еркеккіндіктілерін тегіс опат етіп кетіпті. Найман қарттың төрт ұлын да көзінше өлтіріп, өзін ойрандалған жұртында әдейі тірі қалдырған көрінеді. Қаскөй дұшпандарының бұл қылықтарының астарында «Қартайғанда қу бас атанып, мол дәулеті иесіз қалсын. Жиған-тергені ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, қалған ғұмырын итқорлықта өткізіп, тұқымы осымен тұздай құрысын, ырысы төгіліп, берекесі шашылсын» – деген, арыдан ойлаған арам пиғылдары жатса керек.
Балаларының қазасынан кейін ол ауыр ой азабын тартып, дұшпандары болжағандай аз-ақ күнде шөгіп, уайымнан тұра алмай қалады. Найман қарттың қаза тапқан төрт ұлынын ішіндегі үйленгені – Тоқпан еді делінеді шежірелерде. Ақтайлақ би шежіресінде Тоқпанның жас келіншегінің аты – Ақсұлу деп атап жазылған. Ал екінші бір еңбектерде оның аты Әлпеш деп көрсетіледі. Біз Ақтайлақ би шежіресіне сүйеніп, Ақсұлу деген нұсқаны алуды жөн көрдік.
Осылайша үлкен орданың шаңырағы ортасына түсіп, от басында он сегізге жаңа толған үлбіреген жас келіні мен дәрменсіз қарт атасы ғана қалыпты. Сол кезде Найман қарт сексен үшке қараған жасында екен. Ол төтеден келген қайғыдан еңсесін көтере алмай, төсек тартып жатады.
Найман жастайынан Бұхарада оқыған, тиянақты білім алған сопы молда, әрі ғұлама адам болыпты. Киімді де ақ түсті матадан тіктіріп киіп, аттың да қылаңын таңдап мінетін кірпияз талғамды жан екен. Қария сөздерінде өзінің өңі де аққұба болған делінеді. Әрі оқымысты ғұлама, әрі сопы болғандықтан елі құрметтеп оны Ақсопы деп те атаған. Сол дегдар сопы қария жас келінінің қолына қарап қалады.
Найман қарттың келіні Ақсұлу турасында оны үйсін Дулат бидің (кейбір шежірелерде Дәулетбай деп те аталады) қызы еді делінеді. Ал Ақтайлақ бидің шежіресінде Ақсұлу Алшын Адай бидің қызы деп көрсетіліпті. Төркін жұрағатының кім болғаны маңызды емес, анығы Аллаға ғана аян. Шабылған әулет пен қорғансыз қарттың бар ауыртпалығы енді осы жас келінінің иығына түскендігі сол кездің шындығы еді.
Дәл сол шақта «Ақсұлудың әмеңгері менмін» дейтіндей әулетінде еркеккіндікті қалмаған соң өзі сұлу, өзі жас келіншекті басынып, әркім-ақ сөз сала бастайды.
Бұл уақытта Найманның ағайыны Арғын ата ұрпағының алты ауыл болып, қаулап өскен кезі екен. Найманның жесір отырған жас келіні Ақсұлуды Арғынның бір баласы әмеңгерлікпен аламын деп маза бермепті. Атасы да қарсыласар қисын таппай, ерікті келінінің өзіне беріпті.
Ақсұлу күйеу болмаққа ұмтылып жүрген үміткерді шақыртып: «Мен қарт атамды бағып отырмын. Ол маған ата болса, саған әке емес пе? Оның жайын неге ойламасқа? Мен саған тие алмаймын. Тоқпанның отын өшірмеймін, орнын жоғалтпаймын. Аруақ сыйласаң, мені жайыма қалдыр», – деп және әмеңгерлік жолыңа деп мол мал мен сый-сияпатын беріп, риза етіп қайтарыпты. Сөйтіп, басын босатып алады. Жас келіннің көкейінде не барын ешкім дәл болжап білмепті. Әркім өзінің өресі жеткенінше, әртүрлі саққа жүгіртсе керек.
Ақсұлудың (Әлпештің) бұлай деуінің өзіндік ішке түйген есебі, ешкім де болжап білмес сыры бар екен делінеді шежірелерде. Оны өзінің жесірлігінен гөрі атасының тұқымы үзіліп бара жатқаны қатты қайғыртқан екен. Соны ойлаған келіні атасының жай-жапсарына мұқият көңіл бөледі. Ойы онға, санасы сан тарапқа бөлініп, амал іздейді. Бір күні атасының дәрет сындырған жеріне әдейі барып қараса, қарттың дәреті құмдауыт жерді едәуір ырсита жырып, көпіршіп жатқанын көреді. «Е-е-е, Тәңірім, бере гөр! Атамның бойында әлі де қуат бар екен-ау!» – деген үміт сәулесі оянып, Ақсұлуды (Әлпешті) тәуекелге бел буғызады.
Сол үміт жетегімен Ақсұлу төркін жұртына барып, әкесі Алшын Адай биден ақыл сұрайды: «Атама бір қыз алып берсем бе деймін. Осыны сізге айтып, ақыл сұрай келдім», – дейді. Әкесі Адай би: «Балам тілеуің дұрыс-ақ! Аллам тілегіңді қабыл етсін!» – деп батасын беріпті.
Ауылына қайтып келген соң атасына лайықты қыз айттыру ниетіне әбден бекінген Ақсұлу қалыңмалға қажет болар деген малды молынан қамдап, үйсін еліне аттанады. Бір шежіреде керей еліне барыпты-мыс делінеді. Бір қызығы, бізге ұшырасқан қазақтың қария сөздері мен шежірелердің бірінде Ақсұлуды (Әлпешті) кіші жүз Алшын Адай бидің қызы еді деседі, енді бірінде – үйсіннің, тағы бірінде керей елінің қызы еді деп айтылады. Осыған сәйкесінше, атасына қыз айттыруға төркін жұрағаты – үйсін еліне немесе керей еліне барыпты-мыс делінеді. Қалай десек те, оның қай елдің қызы екендігі үлкен мәнге ие емес. Бар мәнділігі атасының үзілген ұрпағын қайтсем жалғаймын деген ниетінде жатыр еді. Осы ойын жүзеге асыруға бар ықыласымен кіріскендігінде шын жанашырлығы мен көрегендігі байқалады. Төркін жұртына мол малмен келген ол сол елден атасына лайық қыз таңдайды. Гүлше есімді бір қызды көріп, көңілі толған соң айттырып, қалыңмалын сол арада өтеп, жасау-жабдығымен еліне алып келеді.
Ақсұлу әлгі қызды әкеліп түсіргенде төсекте жатқан атасы басын көтеріп:
– Балам-ау, мына ертіп келген қызың кім? – деп сұрапты.
Сонда Ақсұлу:
– Ата, бұйырса, бұл қыз енді маған ене болады, – деп жауап берсе керек.
Ақылды келінінің сөзінің астарын түсінген сексен үш жастағы Найман қарт молда алдыртып Гүлшемен некесін қидыртыпты.
Ал Ақсұлу болса, атасын кәрісінбей еш наразылықсыз бойұсынған Гүлше қызды мейлінше құрметтеп: «Енді сен маған ене болдың», – деп атын да тура атамай «Қызене» дейді екен.
Осыдан бастап Гүлше есімі ұмытылып, жас қызды елдің бәрі «Қызене» атап, алдынан қия өтпепті. Ақсұлудың өзі Гүлше түскен күннен бастап ата-енесін ерекше күтімге алыпты, әсіресе атасының ішіп-жеміне мұқият көңіл бөліп, қадағалап отыруды дағдыға айналдырыпты. Қарт адамның бойына күш-қуат беретін, қоректік қасиеті жоғары нәрлі асты атасының аузынан үзбей, таңдап беріп отырыпты дейді қазақтың қария сөздерінде. Ол атасына тоқты сүтінен сүзілген сүзбе құртты езіп, астан соң тоқбасарға ішкізетін көрінеді. Тұмса туған түйе сүтінен бөлек қымыран ашытып береді.
Ақсұлудың ниетіне орай өзі таңдап әкелген Гүлше қыз да он саусағынан өнері тамған, ас-суға қылап жан болып шығады. Бұған да шүкіршілік айтып, Ақсұлу қатты қуанады. Атасына арнайы құнан шыққан жас малды сойдырып, белдеме омыртқасы мен жаясынан астырып, оны үгіп қырғызша туратып, қазының үлдірік майын да турап араластырып, тұздықтап, кейде қазы орнына майдалап жалдан турап қосып, «Тісіңізге жұмсақ, жеңіз», – деп күнделікті бергізеді, үзбей қадағалап жегізеді.
Гүлшені ер кісіні күтіп-сыйлау дағдысына Ақсұлу өзі баулиды. «Қызене, енем болсаң да айтайын, сен қылтың-сылтыңы көп ерке келіншек емессің. Сенің жөнің басқа. Сен бір тайпа елдің басиесі абыз қарттың бәйбішесісің. Осыны сезін, өзіңді осыған лайық ұста. Мен келінімін, атама жақындап қол тигізе алмаймын. Сенің ерің ғой, еріңді өзің сылап-сипап, оны аялап күтімде, көңілін тап. Зайыптық қызметіңді бар пейіліңмен атқар. Батасын аласың! Тәңіріміз сені жарылқайды», – деп, үнемі құлағына құюмен болады.
Гүлшенің өзі де үлкен сыйлап өскен көргенді жердің қызы екенін танытып, Ақсұлудың айтқанын екі етпейді. Ол Ақсұлудың әкесімен бірге туысқан Ақмырза атты қадірлі кісінің қызы еді делінеді бір шежірелерде.
Ерекше бапты күтімнің арқасында күш-қуаты бойына оралған Найман қарт та біртіндеп еңсесін көтере бастайды. Бұған бәрінен бұрын Ақсұлу қуанған еді:
– Қызене, сенің аяғың атама жақты. Көпке созбай енді бір перзент тауып берсең ғой, шіркін! – дейді түпкі ойын да жасырмай. Тілегі Жаратқан иеміздің құлағына шалынса керек, келін болып түскен соң алты айдан кейін Гүлше бала көтереді. Бұл жаңалықты ауыл-аймақ түгіл, жалпақ жұрт естіп білгенде Ақсұлуға таң-тамаша қалып, шексіз ризашылықтарын білдіріп жатады. «Найманның мына жап-жас келіні әулие-ақ екен! О бастан-ақ атасына жас қыздан сәби сүйдіртейін деген ниеті болған екен-ау!» – деп тамсаныпты. «Несі бар?! Таза қаннан түзілген жас қыздың баласы дені сау, шымыр да ширақ болып туады емес пе? Ақсұлудың осыны арыдан ойлағанын көрмейсіздер ме?» – деп, кейбіреулер қызғаныштарын да жасыра алмапты.
Осыдан кейін-ақ Ақсұлуды «Әулие келін» деп атайды. Ал ол болса: «Тәңірім бізді тілден, көзден сақтай гөр! Атамның ұрпағы дүниеге аман-сау келіп, атам өзі ұрпағын көріп кетсе екен!» – деген тілеумен, күнді-түнді Жасағанға жалбарынумен өткізеді.
Алайда тағдырдың жазуына шара бар ма? Найман қарт аяқ астынан сырқаттанып, төсектен тұра алмай қалады. Әлі кетіп, төмендей бастағанын сезген қария Арғын ағайындарын шақыртып: «Төрімнен көрім жуықтап, келмеске бет бұрғандаймын. Өмірден енді тұқымсыз өтем-ау деп өкіріп жылап жүргенде көремін бе деген перзентім еді. Егер мына Қызенеден ұл туса, оның жауабын о дүниеде Тәңір алдында сендерден сұраймын», – деп, арыздасар сөзінде өсиет қалдырыпты.
Содан көп ұзамай-ақ Найман қарт көз жұмса керек. Құрсағындағы нәрес­тенің тоғыз ай, тоғыз күні толып, Гүлше шекесі торсықтай ұл туады. Бұған бәрінен бұрын, атасының орнында үлкен әулеттің басиесі болып отырған Ақсұлудың қуанышында шек жоқ еді. Сол қуанышының көрінісіндей алты Алаштың басын қосып ұлан-асыр той жасапты.
Осы тойда үйсін Дулат би: «Найман – қаны араласқан қадірлес құдам еді, мына нәрестеге ат қою жолы менікі. Асыл текті арыстың артында қалған белгі ғой, аты Белгібай болсын», – дейді. Ал Ақсұлуға қолдары жетпеген күншілдер: «Әкесі өкіріп өліпті-мыс. Баласына Өкіреш деген ат лайық», – деп өзеуретіпті. Содан Өкіреш деген лақап ат балаға қоса таңылады. «Балаға ат қою біздің жолымыз еді, Найман қария көз жұмарда оны бізге аманаттап кетіп еді» – деп арғындар тілек білдіріп, дау айтады.
Ақсұлу ат қою рәсіміне орай, ат қойғандарға да, ат қоюға тілек білдіргендерге де атасынан қалған қисапсыз мал мен мол дәулетті аясын ба, ақ бас атан бастаған тоғыз атап, үстіне бір-бір кілем жауып, жолын беріп, риза қылады.
Бұл жөнінде ел аузында мынандай өлең жолдары сақталған:
Баланың атын қойды Белгібай деп,
Атадан туып қалған белгі ғой деп.
Ару ана Ақсұлу (Әлпеш) баланы ардақтайды:
«Тәңірім бір тілекті берді ғой» – деп.
Дүние есігін жаңа ашқан шақалақты Ақсұлу өзі бауырына салып, бабын тауып күтімдеп, өсіреді. Іштей: «Бұл бала менің қайным. Атамның кенжесі. Тоқпанның інісі. Соншама боздақтардың өтеуіне келген жас өркен, үзілген ұрпақ жібін жалғайтын осы бала аман-есен өссе екен», – деп тілеуін тілеп, ер жетуін күтеді.
Ақсұлудың әулиелігі сонда, ол өзі таңдап түсірген Қызенесінен де ұрпақ өрбітіп, Найман атасының тұқымын көбейткен. Атасының жылын өткерген соң жап-жас қалған Гүлшені әлдекімдер басынып, қолжаулық етпес үшін орнын тауып ұзатуды ойлайды. Гүлшенің төркінінің рұқсатын алып, оны Найманның ұлы атасы Сарымен бірге туған Шомақтың немересі Елтайға қосуды жөн көреді. Кейбір шежіре дерегінде Елтай Найманның інісі Наймантайдан (Найманбай деп те айтылады) туған еді делінеді.
Ақсұлу осылайша, әмеңгерлік жолымен Гүлшені Найманың он екі қос жылқысына ие болып, басшылық жасап жүрген Елтайға қосады. Гүлшені оған қоса отырып, Елтайға үлкен міндет жүктелгенін де ескертеді:
– Атамның орнына енді сен ата болдың. Саған бұдан былай «Елата» деген ат жарасады, – деп «Елата» атап кетеді. Елтай аты бірте-бірте ұмытыла бастайды.
Елата мен Қызененің арасынан бір ұл бала дүниеге келеді. Ол нәрестені Белгібайға серік болсын деп ырымдап, атын Серікбай қояды. Ағайын арасының ажырамауын ойлаған Ақсұлу:
– Сендерге бала қайда? Бұл бала да – атасының баласы. Егер бала керек
болса, өздерің тағы тауып алыңдар, – деп қалжыңдаған болып, Серікбайды өз бауырына салып, Белгібаймен екеуін егіз қозыдай бірге өсіріпті. Белгібай мен Серікбай жұптары жазылмай, біте қайнасып, бір туғандай болып кетеді. Осылайша, Қызенеден туған балалардың бәрін де атасының атына еншілетеді.
Арада күндер зулап, жылдар жылжып өтіп жатады. Найман қарттың артында қалған тұяғы Белгібай да көз тартарлық көркем бозбала болып өседі. Сонда Ақсұлу:
– Міне, менің нағыз әмеңгерім ер жетті, – деп әулетіне жария етіп, жеке отау тіктіріп, екеуі некелесіп, бас құрайды. Сол шақта Ақсұлу отыз алтыда, Белгібай он сегіз жаста екен.
Әулие келін Ақсұлу Белгібаймен некелесіп бас құрған соң арада жыл өтіп, тұңғыш нәрестелері туады. Ақсұлу алты Алаштан «Атамның немересі дүниеге келді», – деп сүйінші сұратып, атын Сүйініш қояды. Мейірімі шексіз Алла Тағаланың жарылқағаны ғой, уақыты толғанда Ақсұлу тағы жүкті болған екен. Бұл жолы да ұл бала көреді. Оның атын Сүгірше қояды.
Екі перзенттен кейін Ақсұлу баладан тоқтайды. Белгібайға: «Мен келген босағамды сыйлап, Тоқпанның отын өшірмеймін деген ниетпен отырдым. Атамның тұқымын үзбеймін деп сенің өмірге келуіңді тіледім. Содан сен ер жеткеніңше күтіп, саған жеңгелей қосылдым. Артымда ұрпақ қалдыру бақытына қол жеткіздім. Әкем мен атама берген сертімді орындадым. Енді сенің басыңды босатамын. Өзің таңдап жүріп, жүрек қалауыңмен қыздай қосақ ал», – дейді.
Сөйтіп, Белгібайға өзінің Тоқсұлу есімді сіңлісін айттырып алып береді. Белгібайдың бұл әйелінен Өтеген деген ұлы туады.
Қазақтың қария сөздерінде: Қаскөй дұшпандары «тұқымы тұздай құрысын» деген Найманның тұқымы құрымай, керісінше үзілген түп-тамыры осы әулие келінінің тұсынан бастап қайта бұтақтаныпты. Ұрпақтың үзілген жібі қайта жалғаныпты. Қашанда пенденің дегені емес, Алланың дегені болады ғой, – дейді. Тоғыз таңбалы қалың Найман елі осы үш жеткіншектен өсіп-өнген еді делінеді. Осындай халге жеткізген Ақсұлу (Әлпеш) сынды дана әйелді қазақтың қария сөздерін айтушылар күні бүгінге дейін «Найманның әулие келіні», «күллі Найманның ардақты түп анасы» деп қадір тұтады. Бұндай иманды сөзге біз де иланамыз.
Келесі сөздің кезегін қазақтың қария сөздерінде «сегіз арыс, тоғыз таңбалы» деп аталып келген қалың Найман елінің өркендеп өсуіне негіз болған Белгібай мен Ақсұлудан (Әлпештен) тараған ұрпақтар жайына арнасақ дейміз. Бізге жеткен көне шежірелерде оны былай тарқатады: Сүйініштен Төлегетай туады. Төлегетайдан – Қытай (кейбір шежірелерде Қатай деп те аталады). Ал Қытайдан – Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр атты төрт ұл өмірге келген. Қытай ерте дүние салып, осы төрт ұл үлкен әкелері (аталары) Төлегетайдың бауырында өсіп, жетіліп төрт Төлегетай деп аталады.
Серікбайдан Домбауыл би, Домбауыл биден Келбұқа, Кетбұқа есімді екі ұл тарайды. Ұрпақ көбейтуді ойлаған әулие келін Ақсұлу Белгібайға үшінші әйел әперген дейді. Ол Қарашаш атты қыз екен делінеді бір шежірелерде. Келбұқа мен Кетбұқа осы Қарашаштан туған, одан Балталы, Бағаналы елі тарайды деп те айтылады. Әрине, анығы Аллаға ғана аян. Біздікі – өзіміз жолықтырған деректерді қағаз бетіне түсіру ғана.
Белгібай мен Ақсұлудың екінші перзенттері – Сүгіршеден Қарабек, Толымбек атты екі ұл туады. Толымбектен Сарымырза туады. Сарымырзадан Асылбек, Амансадық дүниеге келеді. Бір жылы қыста қатты жұт болып, Найман елі ашаршылыққа ұшырайды. Сонда Сарымырза жүз бие сойып, жұртқа таратып беріп, елін қыстан аман-есен алып шығып, аштықтан да құтқарған екен?.. Осы оқиғадан кейін Сарымырзаның атағы шығып, Сарыжомарт деп аталады. Пейілінің кеңдігіне орай болса керек, Сарыжомарт әулеті қаулап өскен үлкен ата болыпты. Сарыжомарт есімі руының атына шығып, үрім-бұтағы үш болыс елді құрайды. Торқа деген тоқал әйелінен туғандарынан тарағандарының өзі бір болыс ел еді делінеді қария сөздерінде.
Сүгіршенің екінші ұлы Қарабекке тоқталар болсақ, одан Бағанас, Тоғанас деген екі ұл туады. Осы екі бала шөп биік шыққан бір жазда шабындықта ойнап жүріп адасып кетеді. Адасқан жерлері керуен жолына таяу болса керек. Жол бойында ары-бері өтіп жатқан керуендерді қызықтап, солардың біріне ілесіп, елден тым ұзап кетіп, қайтар жолды таба алмай адасса керек. Ел-жұрт іздеп-іздеп таба алмай, күдер үзіп қояды. Арада біраз жылдар өтіп кетеді.
Айдың-күннің аманында екі бірдей баладан айырылғандарына ел-жұрт қатты қайғырады. Бір жағы қатты намыстанады. Намысына булыққан Сары­жомарт Қарабек ағасының екі баласын өзі іздеп шығады. Әуелі сол балалар жоғалған жаздағы ел үстінен өткен керуендер туралы сұрастырып біледі. Соны білгеннен кейін, керуендердің ізімен жүруді жөн көреді. Керуен ізін қуалай келе, Тоғанасты Үргеніш деген қалада бір молданың қолында сабақ оқып жүрген жетім балалардың арасынан табады. Баланы сұрап алу үшін ие болып, оқытып жатқан молдаға қасындағы жолдасының мініп барған көк жалды айғырын сыйға беріпті. Баланы аман-сау еліне алып қайтады. Осыдан соң көкжал айғырға айырбасталып келген Тоғанасты Көкжарлы деп атап кетеді.
Елге келген соң оны аяқтандырып, аяғына мықтап тұсау салған екен дейді. Көкжарлыдан жеті ұл туып, олардан тараған ұрпақ өсіп-өніп, сегіз болыс ел болған дейді қазақтың қария сөздерінде.
Сарыжомарт Бағанасты да іздеуін тоқтатпапты. Оны Бұхара қаласының маңынан тауыпты. Бір бай түйекештің түйесін бағып жүрген жерінде көріп, таныпты. Түйекешке азық-түлік артып жүрген бурасын беріп, баланың басын босатып алады.
Елге келген соң оны «бураға айырбасталып келгенсің», – деп келемеждеп, Бура деген лақап ат береді. Оны да үйлендіріп, отау етіп, бөлек шығарады. Бурадан үш ұл туады. Осы үш ұлдан жеті ұл тарайды. Олар өркендеп өсіп, жеті болыс ел болған дейді.
Қазақтың қария сөздері Сүгіршеден туған Толымбек пен Қарабектің ұрпақтары турасында осылай ой толғайды. Бүгінде әрқайсысы бір-бір ата, тіпті бір-бір ру болып қалыптасқан Сарыжомарт, Көкжарлы, Бура – Сүгірше ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзенінің екі қапталында кең жайылған ауқымды елге айналған.
Белгібай мен Ақсұлу анадан туған Сүгірше ұрпағының арасынан шыққан тұлғалар жайлы қазақтың қария сөздерінде ерекше бөлектеп айтылатын тағы бір есім бар. Ол – үш Ергенектінің Көкжарлы аталығынан тарайтын көкжал Барақ деген атпен үш жүзге мәшһүр болған батыр.
Ол Жоңғарларға қарсы күресте Қабанбай қолының бір қанаты – Көкжарлы, Сарыжомарт рулары жігіттерінен құралған сарбазарды басқарған. Қазақтың қария сөздерінде оның көкжал атануына орай жорамалдар көп. Соған қарап, бұл ат оған қайсарлығы, ерлігі үшін берілгені анық.
Ол Ертіс өзенінің оң жақ қапталынан бастап Алтай тауына қарай кететін кең алқапты қалмақтардан тазартуға қатысқан. Аягөз жазығы, Алтай – Сауыр – Сайқан таулары арасындағы Маңырақ даласын жат жұрттық басқыншылардан арылту үшін болған барлық шайқастарға қатысып, ерлік үлгісін көрсеткен. Әсіресе, шешуші бір ұрыста қалмақтың Доланқара атты алып батырымен жекпе-жекке шығып, жеңгені жайлы аңыз әлі де ел аузында:
…Батыр қалмақ құлады,
Таудай болып сұлады,
Доланқара алыптың
Батыр Барақ үстінде
Тау басында отырған
Қаршығадай көрінді, – деп жырға қосып айтады.
Алыптан күш-қайратын, айласын асырған батырына риза болған Абылай хан сонда көкжал деген ат берген екен дейді қазына кеуделі қарттар.
Көкжарлы көкжал Барақтың Абылайдың сайыпқыран сарбаздарының сапында болғанын қариялардың мына бір сөздерінен де анық аңғаруға болады:
«Абылай атақты хан болған күнінде:
Уақ Сары Баянсыз,
Балтакерей Тұрсынбайсыз,
Шанышқылы Бердіқожасыз,
Көкжарлы көкжал Барақсыз,
Сырым Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен», – деп, үлкендер айтып отыратын.
Көкжарлы көкжал Барақ батыр әлгі жекпе-жектен кейін де әлденеше шайқастарға қатысып, топ жарып, қалмақтарды таудан асырып қуып тастағаны, елін-жерін қасық қаны қалғанша қорғағаны аян. Әйтсе де, ажал шіркін жетсе, қайран бар ма? Таудай алыпты жекпе-жекте жеңіп, көкжал атанған Барақ батыр 69 жасында қырғыздармен болған Жайыл қырғынында қаза табады. Хақ тағаланың бұйрығы осылай… Артында аңыз болып ерлігі мен аты қалды…
Белгібайдан туған үшінші бала – Өтеген, одан – Асан, Асаннан –Қарауыл, одан – Жасық, Жасықтан – Құдас болып өрбиді. Өтеген ұрпақтары да Шығыс Қазақстандағы Самар ауданында өсіп-өніп өркендеп отыр. Кезінде бір болыс ел болған деседі. Бұл атадан атақты Байқадам би шыққан делінеді шежірелерде. Бұл елді қазір Қарауыл – Жасық елі деп үлкен құрметпен атайды.
Сөз реті келгенде, Байқадам би туралы да айтсақ, Байқадам би 1862- жылдары шамасында Көкпекті уезінің биі болады. Ол өзі ақын әрі шешен, дәулескер күйші, балуан адам болған дейді қазынакеуде қариялар. Әлі күнге дейін оның өлеңдері ел ішінде сақталған деп отырады. Байқадам би тоқсан жас жасап дүниеден өтіпті. Ол өмірінің соңғы жылдарында Ұлан ауданына қарасты Желдіөзек деген жерді мекен етіпті. Желдіөзек деп қазіргі Горняк ауылының айналасын атаса керек. Мүрдесі сол жерге қойылыпты.
Сүйініштен, Сүгіршеден, Өтегеннен тараған ұрпақтардың бұлай өркендеп өсуі Ақсұлу ананың тілеуі мен дұғасының қабыл болғаны, Алланың оны алқағаны дейді бізге жеткен қазақтың қария сөздерінде. Әлбетте, оған қарсы кім дау айтсын?!.
Әулие ана Ақсұлу (Әлпеш) Белгібайдан тараған ұрпақ бір-біріне «жат болып кетпесін» деп, жиырма ауыл болғанша еншілерін бермей, мал-жандарын ортақ ұстапты дейді. «Байдың малы ортақ болсын! Батырдың жаны – ортақ! Шебердің қолы – ортақ, шешеннің тілі – ортақ! Балуанның күші –ортақ, біреуге біреу зорлық жасамасын!» – деген өсиет осы Ақсұлу (Әлпеш) анамыздан қалған сөз екен», – дейді қазақтың қария сөздері.
Әйтсе де жыл өткен сайын ел қарасы көбейіп, мал-жан өсіп, өріс тарыла бастайды. Сонда Ақсұлу (Әлпеш) ана қартайып, егде тартқан шағында Найман атасының тұқымы өспесе, енді өшпейтініне анық көзі жеткен соң әр балаға еншісін бөліп беріп, қоныстарын белгілеуді ойлайды.
Ақсұлу (Әлпеш) ана енші бөлу билігін жас та болса алғыр, ақылы кемел әрі әділетті, болашақ ұлық би Кетбұқаға беріпті.
Ағайынды балаларға енші бөлер алдында әрқайсысына таңба үлестіріледі. Сол таңба еншіге алған жылқыларына басылатын болған. Әркім өз малын осы таңбасына қарап ажыратқан.
Кетбұқа алғашқы төрт таңбаны Төлегетай әулеті – Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садырға беріпті. Одан кейінгі үш таңбаны Қарабек пен Толымбек ұрпақтарына беріп, – Көкжарлы, Бура, Сарыжомарт алған көрінеді. Олардың таңбасы ергенек екен. Ергенек деп көне тілде кигіз үйдің есігінің маңдайшасын айтқан. Таңбасына қарай, содан кейін әлгі үш атаны «үш Ергенек» деп топтап айтатын болыпты. Төрт Төлегетай, үш Ергенек десе, оларға кімдер жататынын жұрт өздері-ақ білетін, таратып алатын болған.
Таңба иеленгендер – Төлегентайдың төрт ұлы, Сарыжомартпен бес, Көкжарлымен алты, Бурамен жеті, Балталымен сегіз, тоғызыншы таңба иесі Бағаналы – Кетбұқаның әулеті. Тоғызыншыға таңба белгісі жетпей қалған екен деседі. Содан Кетбұқа бір інісінің таңбасын алып, атының қамшылар жақ санына теріс жағынан салған дейді шежірелерде. Содан бастап Кетбұқа елі Терістаңбалы деп аталып кетіпті. Қазақтың қария сөздерінің айтуына қарағанда, тоғыз таңбалы Найман елі деп аталуы осыдан, таңба санына орай шықса керек.
Қазақ, әлбетте, ерттеулі аттың сол жағынан мінетіні белгілі. Ол аттың мінер жағы – «оңы» деп аталып, әркім өз атасының таңбасын атының осы мінер жағындағы санына күйдіріп басатын болған. Ал аттың оң жағы – қамшылар жағы «теріс жақ» деп есептелген. Кетбұқа өзіне тиесілі малдың, оған таңбасын берген інісінің малымен шатаспауы үшін, өз таңбасын әдейіге атының теріс жағына салған болуы керек дейді бізге жеткен аңыз әпсаналарда.
Қазақтың қария сөздерінде айтылғандай, Найман ата ұрпақтарының ен-таңбаларын белгілеп, еншілерін дау-дамайсыз бөліп бергені үшін Кетбұқаны «күллі Найманның ноқта ағасы» атандырыпты.
Ноқта ағасының міндетіне – көште ең алдыңғы түйенің ноқтасын ұстау жатады, яғни көшбасшылық. Ас пен тойда, тағы басқадай келелі жиындарда Кетбұқа елінің (Терістаңбалының) бір адамы кіріп келсе, сол арада отырған Найманның басқа балаларынан тараған ұрпақтары орындарынан тұрып, ізет білдіруге міндетті екен. Той-томалақтағы сыйдың кәделісі де, негізгі сыбағаның жолы да алдымен Терістаңбалыларға таратылатын болыпты. Ежелгі рәсім осындай. Ол рәсім бертінге дейін сақталып келгендігін, көнекөз қариялар оны әлі де ұстануға тырысатындарын айтып отырады. Ата жолы осындай еді дейді. Қайран, көпті көрген, дәстүр-салтына берік көнекөз үлкендер-ай!…
Шежірелерде, қазақтың қария сөздерінде Кетбұқаның елі, яғни Теріс­таңбалы наймандар Ұлытау өңірін мекен еткені көп айтылады. Келесі бір шежіре деректерінде Терістаңбалы наймандар қоныс аударып, Шығыс өңіріне келіп, Қалба тауының баурайынан орын тепкені сөз болады. Ол жер, қазіргі әкімшілік бөлінісіне орай, Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданының аумағына кіреді. Ақтайлақ би шежіресінде көрсетілгендей: «Терістаңбалы найман деп аталатын бір рулы ел Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданын мекендейді»,– делінеді.
Терістаңбалы наймандардың Қалба тауының шұрайлы бауырына қай ғасырда, қандай жағдаяттың салдарынан келгені жайлы сол кездегі тарихи оқиғаларға сүйене отырып, ой жүгіртіп, сөз қозғағымыз келеді.
Кетбұқадан тараған ұрпақтардың шетінен жауынгер болғаны, олардың арасынан атақты батырлардың көптеп шыққаны туралы деректер мол. Сол батырлардың ел басына күн туған кешегі жоңғарлармен, қалмақтармен болған шайқастарда ерлік үлгісін көрсеткендері туралы ел аузындағы жыр-дастандар қаншама?!
Мысалы, Кетбұқаның бір ұрпағы Қожагелді батыр. Ол туралы тарихи анықтамалықтарда: …«Қожагелді батыр – қазіргі Ұлан ауданына қоныстанған Кетбұқадан тараған Сатыбалды, Сати, Тойбике, Сарықұл, Айтқұл, Есіркеп руларының атасы. Ол еңсегей бойлы Ер Есім ханның балалары Жәнібек пен салқам Жәңгір хандардың бас батырларының бірі болған. Ол – Қазақ Ордасы тарихында аса ірі әскербасылар қатарына жататын тарихи тұлға. 1644 жылдан 1704 жылға дейін Найман жасағын басқарған. Жәнібек хан тұсында (салқам Жәнгірдің үлкен ұлы) қалың әскерімен Аягөз, Қызыл су, Шар, Ұлан өзендерінің бойына келіп, елді басып алып, қынадай қырып, сүліктей сорып жатқан қалмақтың хошауыт, торғауыт тайпаларынан жерді босатқан…»
«Бос жатқан жер жау шақырады» деген қағиданы мықтап ұстанған бабаларымыз қалмақтан тазартқан жерлеріне кезінде қалмақтан қашып босқан жұртты қайтадан әкеліп және орталық аймақта тығыз орналасқан елді көшіріп қоныстандыруды ойластырған. Ұлытаудан Терістаңбалы найманды шығысқа қарай көшіру үрдісі осылай басталғаны анық.
Қожагелді батырдың балалары да өзіне сай кілең батыр туған ұландар екені көп шежірелерде айтылған. Оның Сарықұл, Айтқұл, Жарлығап, Жәйліміс атты батыр ұлдарының да қалмақ пен жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте көрсеткен ерліктері өлшеусіз.
Қазақтың қария сөздеріне сүйеніп әрқайсысының ерлігін жеке дара сөз етсек, Сарықұл батыр – қалмақтармен болған Қарақұм, сосын жоңғарлармен болған Аягөз, Бұланты-Бөленті, Аңырақай шайқастарында ерлік көрсеткен қаһармандардың бірі.
Ал, Айтқұл батыр Қожагелді батырдың екінші бәйбішесі қыпшақ қызы Бағжамалдан туған еді делінеді шежірелерде. Оның көзсіз батыр, алапат күш иесі екені жырларға қосылыпты. Ол – 1711 жылдан бастап 1752 жылға дейінгі қазақ-жоңғар арасындағы соғыстардың барлығына дерлік қатысқан айтулы батыр, тарихи тұлға. Оның есімі М.Тынышпаевтың, Ә.Бөкейхановтың, М.Мұқановтың шежірелік шығармаларында жиі айтылады.
Қожагелді батырдың тағы бір жауынгер ұлы – Жәйілміс. Жастайынан әкесінің қосынында болып, соғыс тәсілін жетік-ақ меңгерген екен. Алайда 1728 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Бөленті өзендерінің бойындағы атақты шайқаста қазаға ұшырайды.
Жәйліміс қаза тапқанымен оның күрескер рухын қос батыр ұлдары Сатыбалды мен Сати жалғастырғаны тарихтан аян. Тарихи еңбектерде: …«Сатыбалды – Терістаңбалы найман Жәйілмістің батыр баласы. Ол 1698 жылы Ұлытауда дүние есіген ашқан. Бұл да әкесінің қосынында ер жетіп, жастайынан соғыс тәсілін жете меңгерген. Ол жоңғарлармен болған жеңісті Бұланты-Бөленті (1726 – 1728 ж.ж.), Аңырақай (1729 – 1730 ж.ж.), Алакөл, Шорға, Шаған шайқастарында ерлік үлгісін көрсеткен айтулы батыр. Оның атағын қазақтың үш жүзіне мәшһүр еткен сексен күндік Шорға соғысы еді (1759 – 1762 ж.ж.)» – делінеді.
Сатыбалды да аталары бастаған үрдісті жалғастырып, жоңғарлардан босатқан жерге – Қалба тауының бауырына елін көшіріп әкеліп, қоныстандырып, өз ордасын да сонда тігеді. Бұл жер қазіргі Ұлан ауданының аумағына жататынын жоғарыда айтық.
Сатыбалдының інісі Сати да шығыс өңірді жоңғарлардан арылту соғыстарына белсене қатысқан өжет өрен болған. Оның да Ұлытаудан Терістаңбалы наймандарды Ұлан өңіріне әкеліп қоныстандырушы батырлардың бел ортасында болғаны анық.
Сатыбалды батыр Ұлан ауданының қазіргі Жанұзақ ауылының оңтүс­тігіндегі өзі таңдап қонған қонысында талай жыл ғұмыр кешіп, сол арада 1767 жылы 69 жасында шайқастарда алған жарасының асқынуынан дүние салған. Ол жерді Қаумен қажының күздігі деп те атайды. Мазары сол арада.
Бүгінгі күнде Қалба тауының етегінде кеңінен жайылып өркендеп отырған елде Сатыбалды, Сати есімдері Кетбұқадан тараған бір-бір рудың атына айналған. Ел аузында «Сатыбалды, Сати бір туған» деген сөз тәмсілі қалыптасқан. Есімі Терістаңбалы найман елінің ұранына айналған тағы бір көрнекті батыр – Жарлығап батыр. Ол Қожагелді батырдың бас бәйбішесі Данагүлден туған. Ол қалмақтармен, жоңғарлармен болған барлық шайқастарда Терістаңбалы – Байталы елінің жауынгерлерін бастап ұрысқа кіретін жаужүрек батыр болған. Ол да өзіне қарасты елді Ұлан ауданының Қанай, Ащылысай, Тасөткел, Жартау деген өңірлеріне әкеліп қоныстандырған. Сол арада ұрпақтары өркен жайып, өсіп-өніп келе жатыр.
Осы арада тағы бір батыр есімін атағымыз келеді. Ол – Шотқара батыр. Ол да Сарыжомарт руының Асылбай, Амансыдық аталарының әулетін Қалба баурайына әкеліп, қоныстандырушылардың бірі. Сарыжомарт руынан Шотқарадан басқа да Танаш, Әшен, Тәбіке атты батырлар шыққанын қазынакеуде қарттардың аузынан көп естиміз. Олар да – елін-жерін жоңғарлардан босатуда қаны мен терін аямаған хас батырлар. Бұлардың қай-қайсысы да – өткен дәуірдің батырлары. Осы батырлар рухын жалғастырған Ізғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсеновтей тұлғалар екінші дүниежүзілік соғысқа Ұланнан қатысқан жауынгерлер арасынан шыққан ерлік үлгісін көрсеткен бүгінгі күннің батырлары. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр беріктігі деген осы шығар?!.
Қалба тауының баурайына қоныстанып, қанатын кең жая өсіп-өркендеген Терістаңбалы найман елінен тек батырлар ғана шықпағаны анық. Заман өзгеріп, батырлықтан басқа ғылым-білімге өріс ашылған шақта жаңа өзгерістерге бет бұрып, оқыған зиялы азаматтар мен ғалымдардың да көптеп шыққанын білеміз. Бүгінгі әңгімемізде соның ішінде бір тұлғаға ғана арнайы тоқталғымыз келді. Ол – Райымжан Мәрсеков еді. Райымжан туралы шежіре былай деп сыр шертеді: Терістаңбалы Қожагелдіден – Жәйілміс, одан – Сатыбалды, одан – Бибол, Биболдан – Белгібай, одан – Сасықбай, Сасықбайдан – Мәрсек, одан – Райымжан және Шериаздан туады деп келеді.
Сасықбай бидің баласы Мәрсек жастайынан еңбекқор екен. Сол тынымсыз еңбекке бейімділігімен көзге түсіп, шығыс өңіріне жер ауып келген орыс жатақтарына жалданып жұмысқа кіреді. Жұмыс жасай жүріп, орыс тілін әжептәуір меңгеріп алады. Оның орыс тілін білетіні уезд басшыларының дәрегейіне дейін жетеді. Уезд басшылары әртүрлі шаруалармен қазақ ауылдарын аралай қалса, Мәрсекті тілмәш ретінде қастарына ертіп жүреді екен. Оның өзіне тапсырылған істі мүлтіксіз атқаратынына риза болған уездік жер аударылып келгендер басқармасы Мәрсекке Санкт-Петербургке патша ағзамға баруға шақыру береді. Бұл шақыртудың мәнісін өзінше ұққан Мәрсек енді тірі қайтпаспын деп сапарға аттанар алдында барлық туыс-туғандарын жинап, өзінің жаназасын тірідей шығартады. Алайда патша ағзам оны жылы шыраймен қарсы алып, алтын жіппен зерленген шапан жауып (кафтан), мол сыйлық ұсынады.
Сонымен бірге, оған түрлі салықтардан босатылатыны және балаларының Ресейдің кез-келген мектебінде, оқу орындарында оқуына болатындығы жөнінде Грамота береді. Мәрсек елге аман-есен оралған соң осы қағазға сүйене отырып, Райымжан мен Шериазданды Өскемендегі уездік орыс мектебіне оқуға береді.
Райымжан уездік мектепті жақсы бітіреді. Жасынан зерек, алғыр жас Омбы қаласындағы классикалық гимназияға түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдап шығады. Озық ойлы, оқымысты ұстаздары оған осы оқумен шектеліп қалмай, үлкен қалаға барып оқуға кеңес береді. Сол кеңесті басшылыққа алған жас Райымжан Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі император университетінің заң факультетіне түседі. Оны 1902 жылы алаш арыстары Жақып Ақбаев, Әлихан Бөкейхановтармен қарайлас бітірген. Ол – сол кездегі саусақпен санарлықтай оқыған жастардың бірі.
Оның қоғамдық-саяси қызметі Алаш партиясымен, Алашорда үкіме­тімен тығыз байланысты болды. «Алаштың» белді мүшесі әрі ұйымдастырушыларының бірі бола жүріп, партияның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене арласқан. Алған білімі мен қажыр-қайратын осы жолға арнады. Алайда ол өз мүмкіндігін толық ашып, қызмет жасай алмады. 1920 жылдардан кейін «Ұлтшыл», «Буржуазияшыл» деген айыппен қуғынға түседі. 1922 жылы бас сауғалап, басқа да «Алаш» мүшелерімен шекара асуға мәжбүр болады. Өкініштісі, оларды ол жақта да аңду, қуғындау күтіп тұрды. Ол Құлжа маңына барып, сол жақтағы татар достарының көмегімен орысша-қазақша мектеп ашып, ұстаздық жасайды. Ол қызметті де ұзақ атқара алмайды. Шығыс Түркістанның қытай губернаторы Ресей әкімшілігімен астыртын жүргізген келісімі бойынша артына аңдушылар салып, тыңшылар қояды. Сол тыңшылардың көрсетуімен Үрімші түрмесіне қамалады. Оның сол қамаудан аман шықпағаны ғана айтылады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің жарқын ғұмыры осылай аяқталады…
Ақсұлу анандан тараған Қалба тауының баурайын мекендеген ұрпақтары арасынан шыққан қоғамдық еңбектің әр саласында үздіктердің үздігі атанған айтулы ардагерлеріміз аз емес. Олар жайлы сөз қозғар болсақ, тұғыры биік ғылым қайраткерлеріне тоқталмауымыз өрескел әбестік болар еді деп ойлаймыз. Олар – ғұлама ғалым, қазақ тіл білімі саласының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті түріктанушы, Қазақ Ғылым Академиясының мүше корреспонденті болған Сәрсен Аманжолов, одан кейінгі тілші ғалымдар Кәкен Аханов, Алтай Аманжолов, сондай-ақ әдебиетші, филология ғылымдарының докторы, зерттеуші ғалым, педогог Зәки Ахметов. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әдебиетші ғалым Шерияздан Елеукенов. Олардың есімдері ғылыми ортада әрқашан зор ілтипатпен аталады. Ұланнан шықан үздіктердің үздігі саналатын тұлғалардың бір парасы осындай. Біздіңше, бұл да Ақсұлу ананың мейір шапағатынан тамыр тартқан болмыстың көрінісі. Сүйініш, Сүгірше, Серікбай, Өтеген болмаса бұлар қайдан шығар еді?!…
Ақсұлу ана – ұрпақтары тарапынан құрмет пен тағзымға әбден лайық!
Қадірлі оқырман, бұған сіздер де келісесіздер ғой деген ойдамыз!
Жатқан жерің жарық болғай, пейіште нұрың шалқысын, рухың ұрпақтарыңа әрдайым медет болғай, ғазиз Ана!

ҰРАНҒА ШЫҚҚАН ӘЙЕЛДЕР
Қарқабат ана

Қарқабат ана жайлы жазбас бұрын оның есімінің аңызға айналуына себепкер болған дана әйел Нұрпиядан бастап айтуды жөн көріп отырмыз.
Кезінде данышпан Абылай хан екі сөзінің бірінде айтып отыратын: «Осы бес Мейрамның баласы деген ел, пайғамбар мен шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлдүлін түгел туған ел. Батыры көп, жаудан қорықпайды. Шетінен шешен туады да даудан қорықпайды», – деген сөзі бізге ғұлама әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеев атамыздың жазуында жеткен.
Нұрпия – Мейрамсопының бәйбішесі. Шежіре деректері бойынша Нұрпия Кіші жүздегі алшын Құдаспай деген кісінің қызы екен. Шешесі ерте қайтыс болған көрінеді. Оны ұзатқанда үлкен жеңгесі: «Еркежанға анасының жоқтығын білдірмеймін, өзім апарып саламын», – деп оны құтты орнына қондыруға бірге аттаныпты. Қалыңдықтың жасауын теңдеген түйенің бұйдасын ұстап жүру үшін тағы бір жетім қызды ілестіре шығыпты.
Нұрпияны құтты орнына әкеліп жайғастырып, құдаларының сый- құрметін көріп, енді қайтуды ойластырады ғой. Сол кезде ел ішіндегі бүлік асқындап, жаугершілік заман туып, қалыңдықты алып келген жеңге мен жетім қыз еліне қайта алмай қалады. Елге келген басы бос келіншекке әркім көз сала бастайды. Сонда жаңа түскен келіншегі Нұрпия Мейрамсопыға өтініш айтады: «Елден бір мен деп еріп келген көзжақсыларым еді. Үшеуіміз де бір босағада болайық. Жеңгеме ағамның тәні тиіп еді, басқаға қимаймын. Өзіңіздің адамыңыз етуіңізді қалаймын. Еріп келген жетім қызды да шеттетпей, бауырыңызға бассаңыз екен. Сіз – жалқы жігітсіз. Ұрпағыңыз көп болып өсіп-өнсін. Мен өз тарапымнан еш уақытта таршылық жасамаймын» – деген сөзін жарына өткізіпті.
Осылайша қыз жеңгесі де, еріп келген жас қыз да сол шаңырақта қалып қояды.
Мейрамсопы Нұрпиядан Қуандық, Сүйіндік, Нұрпияның жеңгесінен Бегендік, Шегендік, Нұрпияға еріп келген Қарқабат атты жетім қыздан Болатқожа (лақап аты Қаракесек) атты балалар көріпті. Кейбір әдебиеттерде Шұбыртпалыны да Нұрияның жеңгесінен туған деп келтіреді. Әрине, анығы
Аллаға ғана аян. Біз өзіміз кезіктірген деректерді тегіс қағаз бетіне түсіруді ғана мақсат тұттық. Осы балалардан өсіп-өнген ұрпақтар бір-бір рулы елге айналған дейді шежіре беттерінде. Осы балаларды топтап «бес Мейрам» деп те атаған. Олардан тараған елді Абылай хан айтып отырғандай «Бес Мейрамның баласы» деген ел атандырыпты.
Мейрамсопы бұрынырақ дүние салып, одан қалған әлгі балаларға Нұрпия бәйбіше қамқор болып, тәрбиелеп өсірген. Содан ол «Бес берекенің ұйтқысы» атанған жан екен.
Жас жарының қалауымен алған жас қызды Мейрамсопы аялап ұстайды. Ол да ерін қадірлей біледі. Жастық албыртықпен, ынта-ықыласымен шын сүйген көрінеді. Ері Мейрамсопыны ерекше құрметтеп, қадір тұтып, қызмет көрсетуші еді дейді аңыз шежірелерде. Отасқан бар ғұмырында Мейрамсопының табанынан сыз өткізбей, етіне суық тигізбей бабын таба біліпті.
Дала төсіне тезек тере шықанда қу көдені жұлып әкеліп, отағасы отыратын жерге аяғының астына төсейді дейді. Қу көде жердің сызын өткізбесе керек.
Құмандағы ертеңгілік дәрет алатын суын да жылы орап, түнімен жылытып қоятын болыпты.
Қарқабаттың осындай қалтықсыз ықылас-пейілін көрген ері риза болып: «Ой, көсегең көгергір, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның артылып туып, аса берсін! Өсіп-өнген ұрпағыңның ұранына шық!» – деп бата беретін көрінеді. Аруақты атаның сол батасы қабыл болып, Қарқабаттан туған Қаракесек ұрпақтары іргелі елге айналыпты. Шежірелерде кезінде жиырма бес-жиырма алты болыс ел болған деседі. Бұл елден елі мен жерінің айбары мен мақтаны сияқтанып небір жақсылар мен жайсаңдар шыққан.
«…Шоқанның пікірінше қазақ билері өздерінің шешендігімен, тапқырлығымен беделге ие болып, билік алатын көрінеді. Сонымен қатар, би болу, шешен болу тұқым қуалайды деп санаған. Шоқан мұны дәлелдеу үшін қаракесек руынан ХVІІІ ғасырда шығып, Қаз дауысты Қазыбек би аталған адамды мысалға келтіреді. Қазыбек биден – Бекболат, Бекболаттан – Тіленші, Тіленшіден – Алшымбай туып, бәрі де атақты би болған» – дейді Шоқан.
«Бірақ «тұқым қуалау» барлық биге шарт болмаса керек, өйткені би, шешен атану әркімнің жеке басына қонған қасиет екені мәлім» – деп жазады академик жазушымыз Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты тарихи- этнографиялық шолу еңбегінде. («Өлке» баспасы, 2017 жыл, Алматы, 66-бет). Біз бұл үзіндіні Қаракесек руынан бұдан бірнеше ғасыр бұрын қандай атақты адамдардың шыққанынан хабардар ету үшін ғана алып отырмыз…
Қарқабат ананың есімі бар Қаракесектің ұранына айналған. Қарқабат десе бүгінгі ұрпақтары да тікелерінен тік тұрады. Ана есімі – ұлағат үлгісі, ұрпақтарының басын біріктіретін ұлы күш.

* * *

Қадірлі қаламгеріміз Сәбит Мұқановтың жоғарыда аталған еңбегінде («Халық мұрасы». Тарихи-этнографиялық шолу. «Өлке» баспасы 2017жыл.) мынандай деректі кездестірдік. «…Ұранға шыққан әйелдер де бар. «Қырық болыс ел болдық» деген Дулат руларының ұраны – Домалақ ана.
Бұл жайында айтылатын аңыз бойынша ол осы рулардың түпкі шешесі.
Арғының бір руы (Сәкен Сейфуллиннің елі) «Енең» аталған. Ол да шешелерінің аты, елі оны ұран тұтады. Керейдің бір руы «Биеке», олар да солай, аналарының атын ұранға шығарған. Тағысы тағылар»… 34-бет.
Қазақ тарихын жақсы білген жазушының бұл жазғанына қарағанда ұранға шыққан тағы басқа да аналар болған сияқты. Өкініштісі, әзірге біздің қолымыздағы бар деректер осы ғана.

Шәрбану БЕЙСЕНОВА

Пікір қалдыру