ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ!

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза: «Ассам­блеяның қағидаты мен бағыты Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс қағида­тына толық сәйкес келеді», – деп еліміздегі халықтар достығы ұйымының жұмысына жоғары баға бергені белгілі. Бүгінде бір тудың астында қаншама ұлт өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Иә, қоғамды біртұтас ағзаға теңесек, ол қоғамға қан жүгіртетін алуан түрлі қан тамырлары сынды барлық салаларды біріктіретін, бәрінің жолын бір арнаға салып, бір арнаға бағыттайтын бір жүрек бар. Оның аты – бірлік. Елімізде бірлік пен татулық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің өзара ынтымағы арқылы келіп отыр. Осы тұрғыда біз Түркістан облысында тұратын бір топ өзге ұлт өкілдерімен арнайы сұхбаттасқан едік.

Юлдаш СҰЛТАНОВ, ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, «Парвиз» тәжік этномәдени орталығының төрағасы:

– Өткенімізге көз тастап, елдегі достықты нығайтып, татулықты тұғырлы еткенде ең әуелі қазақ жұртын еске аламыз. Қазақ халқы түрлі этностың ұлт ретінде сақталуына мүмкіндік берді. Бұл – үлкен кісілік! Сол үшін біз бауырымыздай болып кеткен қазақ халқын шексіз сүйеміз.

Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлт пен ұлыс өкілдеріне кең құшағын ашып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Қазақ халқының осы жүрек жылуын, ыстық ықыласын ешқашан ұмытуға болмайды. Қазақ – киелі халық, ұлы халық. Түрлі себептермен тағдыр қосқан тәжік бауырларын да туысқан санап, төрден орын берген осы қазақ бауырларымыз. Қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіруіміз керек. Құтты мекен болған Қазақстанда ұлттық құндылығымызды сақтап, өмір сүріп келеміз. Бүгінгі таңда тек Жетісай ауданының өзінде 40 мыңға жуық тәжік өмір сүруде. Бұл жергілікті халықтың төрттен бір бөлігін құрайды. Осыдан жиырмашақты жыл бұрын бар-жоғы он пайызға жетер-жетпес болсақ, қазіргі таңда екі есе көбейдік. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің, жәрдемнің барлығын дерлік алып, жақсы жағдайда өмір сүріп келеміз. Күн санап қалталы кәсіпкерлеріміздің де қатары көбейіп келеді. Егін, мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп, табысын еселеп жүргендер де аз емес. Арыз-шағымдарымыз да дер кезінде қаралады. Қазақстан халқы Ассамблеясының көмегін көріп жүрміз. Оны құрған Елбасы Н.Назарбаевқа, бүгінгі Президентіміз Қ.Тоқаевқа ерекше алғыс айтамыз. Сондай-ақ, бізге төрінен орын беріп, құрмет көрсетіп жүрген жергілікті ұлт өкілдеріне ерекше алғыс айтамыз.

Жавлон СӘБИТОВ, Қазығұрт аудандық өзбек мәдени орталығының төрағасы, Тураб Тула атындағы жалпы орта мектебінің директоры:

– Даласы дархан, тарихы терең Тұрбатта 10 мыңнан астам тұрғын тұрады. Оның 55 пайызын өзбек ұлты құрайды. Қасиетті өңір талай тарихтың куәсі болды. Көне замандардан үзілмей келе жатқан қазақ-өзбек достығы кім-кімді де сүйсінткендей.
«Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап, дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігі­нің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белес­терге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып отыр. Әрине, еліміздегі ұлтаралық келісім мәселелеріне ықпалын тигізіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы екені белгілі. Ассамблеяның бір бөлшегі саналатын Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылдық округіндегі өзбек мәдени орталығы 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тұрбаттағы достық пен ынтымақтың ұйытқысы болып отырған мәдени орталыққа әр жылдары Бахром Сабитов, Рихсибай Абдуллаев, Ботир Сабитов жетекшілік етті. Аталмыш орталықты 2015 жылдан өз қарамағыма алдым. Мұнда жастарға өзбек халқының тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлері үйретіледі.

1990 жылы «Тұрбат» сегіз жылдық мектебінің жалпы орта мектеп болып қайта құрылуына және осы мектепке Тұрбат ауылының перзенті, Өзбекстан халық жазушысы Тураб Туланың есімін беруге атсалыстық. Әр жылы облыста ұйымдастырылатын «Өзбек халқының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрлері күніне» тұрақты қатысамыз.
1995 жылы қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай «Әдебиеттер достығы – халықтар достығы» тақырыбында облыс көлемінде шығармашылық сайыстар өткізілді. 1991 жылы облыстық «Дустлик байроғи» газетінде Тұрбат ауылы мен аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі туралы мақалалар жарық көрді. Бұған орталықтың белсенді мүшесі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Баходир Собиттің қосқан үлесі мол.
1999 жылы аудандық мәдени орталықтың кубогі үшін жоғары сынып оқушылары арасында футболдан дәстүрлі жарыс өткізуді қолға алдық.
2010 жылдан салт-дәстүрлерді қадірлеу мақсатында «Достық дастарқаны» палау фестивалі көпшіліктің асыға күтетін шарасына айналды. Орталық тарапынан ауылымыздағы Ұлы Отан соғысының 2 ардагеріне құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, орталық ауыл округіндегі 80-ге жуық «Батыр ана», 300-ге жуық «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін түрлі мерекелік іс-шараларға шақырып, олардың еңбектерін жастарға паш етуді перзенттік борышы санайды. Мектебіміздің бітіруші түлектері ҰБТ-ға қатысады.
2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылында Қазығұрт аудандық өзбек мәдени орталығы көптеген ілкімді істерге ұйытқы болды. «Адабий дустлик – абадий дустлик» тақыры­бында Ташкент облысының «Қибрай садосимен» бірге ұйымдасты­рылған шара өте жоғары деңгейде өтті.
Аудандық мәдени орталықтың тарапынан «Атоий» шығармашылық бірлестігі құрылды. Бірлестік Тула Турсунмурод, Қундузой Каримова, Шаходат Толяева және Нигора Соипова сынды ақындарды әдебиет әлеміне танытты.

Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері ынтымағы жарасып тұрмыс кешуде. Олардың тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір.
Қашанда елдік пен бірлікті тәуелсіздіктің тұғырына айналдырған қазақ халқының шоқтығы биік. Егер қазақтың ұлылығы, дарқандығы болмаса жағдай қандай боларын бір Алла біледі. Сондықтан да қазақ халқына мың алғыс!

Айжан АХАЕВА, Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының маманы:

– Ұлтаралық татулық– поляк қызы Вера апамыз үшін айрықша. Неге десеңіз, ол – өзі тұратын шалғайдағы қазақ ауылына шарапаты тиген дәрігер. Турасын айтқанда, поляк қызы Вера Пустовалова гинеколог-дәрігер ретінде Көксарай ауылында дүниеге келген талай қазақ баласына 1970 жылдан бері кіндік шеше атанып жүр. Ол – кеңес өкіметі кезінен ел алғысын арқалап жүрген абзал жан. Көксарай ауылында соңғы елу жылда дүниеге келген балаларға «кіндік шешең кім?» деп сұрасаң, бәрі бірауыздан «Вера апа» дейді.
Отырар ауданының Көксарай ауылында тұратын ол ұзақ жыл бойы Қаракөл, Шеңгелді елді мекендерінде гинеколог-дәрігер болып жұмыс істеді. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарда талай ананы босандырып, бірнеше отбасыны бақытқа бөлеген Вера апай сол ауылдың балаларының кіндік шешесі ретінде үлкен құрметке ие. Дүниеге шыр етіп келген нәрестенің кіндігін кескен адамды әу бастан «кіндік шешей» деп құрметтейтін ауылдастары Вера апайды көшеде көре қалса, қос қолдап амандасып, құшағына алады, үйіне шақырып, құрметтеп төрге шығарады. Оған алғыстан басқа айтары жоқ.
Вера Пустовалованы Сырдың жағасында тұратын интернационал отбасының отанасы десек жарасады. Ол болгар жігіті Геннадий Стоматовпен тұрмыс құрған. Күйеуі Геннадий көкеміз музыкалық аспапта ойнап, Шәмші әндерін шырқағанда айналасын шаттыққа бөлейді. Қазақша мақал-мәтелдің майын тамыза айтатын абыройлы асаба. Бір сөзбен айтқанда, Вера апамыз бен Геннадийдің қазақ дегенде шығарға жаны бөлек.
Бүгінде Вера апайды Көксарай жұртшылығы кіндік анамыз деп көкке көтерсе, күйеуі Геннадий Стоматовты «біздің Гена» деп ардақтайды. Тойшыл қазақ оған тойын басқартады, кешін жүргіздіреді. Қазір Вера апай мен Геннадий ағай екеуі де бейнеттің зейнетін көріп отыр. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін құрметтеп, өзінің ғана емес, ауылдағы әр қазақтың отбасылық қуаныштарын қазақы әдет-ғұрыппен өткізуге өнерімен атсалысып жүрген өрелі жандар ретінде оларға мың Алғыс! Олардың да қазақтарға айтар алғысы аз емес.
Тельман

ӘЛИЕВ, Түлкібас аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Кіндік қанымның тамған жері – Түлкібас ауданының Корниловка (қазіргі Жаскешу) ауылы. Көп балалы отбасының сүт кенжесі екенмін. Алдымда тоғыз әпкем мен ағам болды.
Әкем Дүниемалы Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралған ардагерлердің бірі еді. Кезінде аштықты, түрлі қиыншылықтарды бастан өткізген. Майданда белуардан қан кешкен. Ол кісінің айтуынша, 1944 жылы Грузиядан көшіп келген екенбіз. Сталиннің бұйрығымен тарихи Отанымыздан күштеп Қазақстанға қоныстандырылдық па, әлде басқалай себептері болды ма, ол жағын үлкендер ашып айтқан емес. Қазбалап мен де сұраған емеспін. Өйткені, менің Отаным – қиын-қыстау кезде депортацияға ұшыраған халықтарды кеудеден итермей, қайта құшағына қысқан Қазақ елі. Мұны бұрын көнекөз қариялардан еміс-еміс естіп жүрсек, бертін келе тарихтан біліп жатырмыз. Қонақжайлылық пен кеңпейілділік танытып, төріне оздырған, бүтінін бөлісіп, жартысын жарып, аузынан жырып берген қазақ халқының жақсылығын ұмыту мүмкін бе?! Біз оларға мәңгі бақи қарыздармыз.

Ауылдастарымыздың көпшілігі – қазақтар. Әрине, Корниловкада орыс­тар мен басқа ұлттың өкілдері де бар. Дастарқан басында әке-шешем осы күнімізге мың мәрте шүкіршілік айтып, жергілікті жұрттың адал ниетін әрдайым үлгі етіп отырушы еді. Анам біртоға жан болатын. Тек үй шаруасымен ғана айналысты. Ол айналысатын шаруа бастан асатын. Әкем екеуі 10 перзент өсіріп, бәрімізге дұрыс тәрбие бере білді. Үлкен әпкем Тұрар 1938 жылы туған. Одан кейінгілері Аслар, Нариман, Аспандияр, Әбдішария, Гүлнәр, Қызылгүл, Құрбан, Жолаушы. Кенжесі – мен. Құдайы көршілерімізбен қазан-ошағымызға дейін араласып кеткен. Той-томалақта қуанышымыз, қазаларда қайғымыз ортақ. Сондықтан қазақ халқының салт-дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан хабардармын. Жөн-жоралғыларды олардан кем білмейміз. Әкем колхозда су мұрабы болып жұмыс істеді. Ол кезде жұмысқа жарамды азаматтардың барлығы еңбек ететін. Тіпті, қыз-келіншектер де үйде отырмай, кетпен, күрек, айыр, тырмасын иығына салып, егіс алқаптарына шығатын. Дақылдарды суарады, арам шөбін отайды, шөп шөмеле салады, тағы басқа шаруалармен де айналысады. Түздің де, үйдің де жұмысына үлгеретін. Ес білгелі өзіммен қатар құрбы-құрдастарыммен тай-құлындай тебісіп өстік. Қазақ мектебінің табалдырығын аттадым. Оқушылар да күзгі жиын-терімге қатысатын. Бауда алма тердік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Осылайша бізді еңбекке баулыды. 1980 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық институттың емдеу факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықтым. Сөйтіп, туған жеріме келдім.
Қазір аудандық ауруханада халыққа медициналық қызмет көрсетіп жүрген жайым бар. Менің достарымның барлығы дерлік қазақтар. Қаңтар айында 60 жасқа толдым. Әйелім Майшекер үйдің ұйытқысы. Екі қыз ұзаттым. Менің жолымды екі қызым қуды. Бірі – Шымкент қаласында онкологиялық орталықта білікті маман. Екіншісі – медицина қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орнында студент. Шүкір, ұжымымыз ынтымақты. Барлығы 1300-ге жуық адам бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыла жұмыс істеудеміз.
Біз қазақ халқына әрдайым ризамыз.

Мэлс ХИКМАТОВ, Сарыағаш ауданындағы С.Айни атындағы жалпы орта мектебінің педагог-психологы:

– Алдағы Бірінші Мамыр – ұлт пен ұлысты жақындастыратын мереке. Себебі, біз өткеннің сабағын ұмытпауымыз керек. Кешегі қызыл империя­ның зардабынан қаншама ұлт Қазақстанға келді. Оларды қазақы орта жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. Сондықтан өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтамыз.
Біздің ата-бабаларымыз Өзбекстанның Бостандық ауылынан 1955 жылы көшіп келген екен. Сәйкестік дейміз бе, Қазақстанда тұрақтаған жеріміздің атауы да Бостандық болып шықты. Қазір Жартытөбе ауылына қарасты осы аттас елді мекенде 5 мыңдай тәжік ұлты тұрады. Жалпы, қазақ пен тәжік халықтарының байланысы ежелден қалыптасқан. Ол сан ғасырлардан бері жалғасқан екі ел мәдениетімен де астасып жатыр. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері Қазақстанда тұрып жатырмыз. Осыдан кейін бұл менің Отаным емес деп қалай айтпайсың?
Біраз жылдан бері мектептегі қызметімнен бөлек, ауыл биі ретінде қоғамдық жұмысты қоса алып жүрмін. Ауылдағы 24 көшенің өздері сайлаған билері бар. Солармен бас қосып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында жиі кеңесіп тұрамыз. Бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Бірлік, ынтымақ болса, жарқын болашақ та болады. Сондықтан қазақ халқына алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз, сыйластығымыз.
Жаса, қазақ халқы!

Асан АТАХАНОВ, кәсіпкер, Түркістан қаласы:

– Халықтар достығы – тұрақтылық пен татулықты нығайтады. Құдайға шүкір, елімізде көптеген ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлтты бауырына тартты. Сондықтан өзге ұлт өкілдері қазақ халқының ыстық ықыласын ешқашан ұмытпауы тиіс.
Ата-бабаларымыздың айтуынша, біздің Түркістанды мекен етіп келе жатқанымызға бірнеше ғасыр болыпты. Олар «Алла Тағала бізге осындай құтты жерде тұруды нәсіп етті» деп отыратын. Міне, сан ғасырлардан бері жергілікті ұлттың мейірбандығын, кеңпейіл қонақжайлылығын, жүрек жылуын сезініп келеміз. Атам Абдулла аман болса, екі-үш жылда жүз жасты еңсереді. Ал, әкем соғыс уақытында ферма басшысы болған екен. Майданға ет жөнелтіп, елде қалғандарға пана болыпты. Кейін сол фермада мен де жұмыс істедім. Өтеген деген атамыздың зергерлік өнерін бұл маңайдағылар жақсы біледі. Содан дарыды ма, қолөнер бұйымдарын жасауға құмартып өстім. Кесене маңындағы қолөнер шеберханасында біраз жыл жұмыс істедім. Жасаған дүниелерімді туристер аттай қалап алып жатады. Қазір екі туындым Түркістандағы музейде тұр. Қайбір жылы Президенттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында несие алып, қаладан кафе ашқанбыз. Қазір отбасымызбен осының жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бір жағынан қазақпен құда-жекжатпыз. Бір балам келінді қазақтан алса, есесіне, қызымды қазаққа ұзаттым. Демек, біз туысып кеткен жоқпыз ба?!

Герман КИМ, Атакент ауылының тұрғыны, кәсіпкер, Мақтаарал ауданы:

– 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстан жеріне, оның ішінде Қызылорда облысына жеткізілген кәрістердің арасында менің де ата-анам болған екен. Олар ұзақ жолда көп қиыншылық көріп, пойыздың жайсыз вагондарында көрген азаптан талайы қырылып, тірі қалғандары Қазақстанға әзер жеткен. Тарихи мәліметтерге қарағанда бұл – кәріс халқының басына түскен зор нәубет. Арып-ашып келгенде қазақтар оларды бөтен ұлт деп жатсынбай, бауырларына тартып, жанашырлық танытып, өздерінің күйі тасып бара жатпаса да үйді-үйлеріне бөліп алып, бір үзім нандарын бала-шағасының аузынан жырып бергенін әке-шешем жиі еске алып отырушы еді. Ата-анам әрдайым қазақтардың жақсылығын ұмытпай, қатты сыйласып, олармен тату көрші, дос-жар болды. Бір-бірінен көп нәрсе үйренді. Барлық қазақ көршілерімізбен жақын аралас-құраласта болдық. Қазақ ұлтының ерекше қайырымдылығының, қонақжайлылығының, адалдығының арқасында біз олармен біте қайнасып кеттік. Сондықтан бізге қазақтан артық туысқан халық жоқ деп шынайы көңілмен айта аламын.
Біз тағдырдың жазуымен атажұртымыздан алыста болдық. Осы елде туып-өстік. Қазақстаннан басқа елді көрген жоқпыз. Сондықтан Қазақстанды өзіміздің Отанымыз деп санаймыз. Біздің оқып-тоқып, кәсіби маман атанып, арманымызды жүзеге асыруымызға ешбір кедергі болған жоқ. Отбасын құрып, балалы-шағалы болдық. Өзім ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысамын. Үш келінім бар, үлкені қазақ, одан кейінгісі иран, кішісі татар ұлтынан. Осындай реті келіп тұрғанда, қазақ жұртына алғыс айтуды жөн санаймын.

Бабуржан ХАСАНТАЕВ, Қарабұлақ ауылындағы «Адал» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы:

– Біздің қордың құрылғанына көп бола қойған жоқ. 15-ке жуық мүшеміз бар. Былтыр жауын-шашын кезінде үйі құлап қалған Төлеби ауданындағы көп балалы отбасына қордың атынан баспана салып бердік. Алда Қарабұлақ пен Ақсу ауылдарының арасынан жер алып, мұқтаж жандарға баспана салып берсек деген жоспарымыз бар. Бір жағынан егін егіп, табыс табуға болады. Жалпы, мұндай қайырымдылық істерге тектен-тек келгенім жоқ. Бұған қазақ бауырларым себепші болды десем де болады. Түркістан және Шымкент өңірлеріндегі белсенді жастармен етене араласқан соң осындай шешімге келдім. Бұл бір жағынан қазақ халқына деген құрметімді бұрынғыдан да арттыра түсті.
Өткен сайлауда «Nur Otan» партиясы атынан праймеризге қатысып, партиялық резервке іліндім. Бұл да қоғамдық істерге белсене араласуыма жол ашты. Сондықтан осындай мүмкіндіктер сыйлаған қазақ халқына деген алғысым шексіз!
Иә, түркістандықтар осылай дейді. Бұл – олардың жүрек түкпірінен шыққан шынайы тілектері! Алғыстары! Жалпы, Қазақстанды мекендеген түрлі ұлт өкілдері татулықты ту етіп, Мәңгілік Елді тұғырлы ету жолында күресе бермек. Бұған талас болмаса керек.

Сұхбатты жүргізген С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ

Пікір қалдыру