* * *
Тауық жылғы шіліңгір шілде. Бесін ауған шақ. Жұмабек Ахметұлы іссапардан оралып, бірер шаруамен кабинетіне кіріп-шығуға ғана келген. Шаруасын бітіріп, енді шыға бергенде тікелей телефоны безілдеп қоя берді.
– У-уһ, келгеніңіз қандай жақсы болды, Жұмабек Ахметұлы! Сіз болмасаңыз құрып едік! – деді арғы жақтағы дауыс амандық сұрасқан соң. Тілеулес інішектердің бірі екен. Жұмекең салқынқанды мінезінен айныған жоқ.
– Не болды? Аманшылық па?!
Ол мән-жайды қысқаша баяндады. Орталық Комитеттің бюросында «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерін жабу мәселесі қаралмақ көрінеді. Бұл басылымдардың бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіні, пролетариат мәдениетіне жат дүниелерді аңсайтыны, қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырғаны сынды елеулі кінәраттар тағылыпты. Осы қазір «ұлтшылдыққа ұрынған» газеттердің жабылып-жабылмауы шешілмек екен. Жұмекең үйіне соғып, жуынып-шайынып, бір сыйлы азаматтың үйіне қонаққа баруға тиіс болатын. Қазақтың көз-құлағына айналған газеттердің тағдыры қыл үстінде тұрғанда не қылған қонақ?! Мұндайда тамағыңнан ас өте ме?! Дереу шақырған кісіге ескертті де, Орталық Комитеттің мәжіліс залына қарай тартты.
Жұмабек Ахметұлы кіргенде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Сырбай Мәуленов мінбеге беттеп келеді екен. Орта бойлы, толқынды бұйра шашты, қазақтың дархан даласындай мол пішілген кісі мұның тұсынан өте бергенде шықпай жатып, екі иығы салбырап, жүнжіп қалғандай көрінді. Қазақстанның бірінші басшысы Яковлев бастаған, Журин, Иванов, Гаврилов қостаған топтың мысы басып тұрғаны анық. Ешкімді көзге ілмей, болмашыдан ілік тауып үйренген қулар осы қазір «Қазақ әдебиеті» газетін не ендігіәрі бас көтерместей тұқыртып, не мүлдем жауып тастауға тас түйін бекініп алған сияқты. Қабақтары қатулы, деректері қаттаулы көрінеді. Естуінше, оларға қол ұшын созып, ақпар теріп беріп жүрген өзіміздің қаны сұйық қандассымақтар. Тәшенов өздері бір төбе болып отырған Сақтаған Бәйішов, Нұрымбек Жанділдин, Қасым Шәріпов сынды «ақжүректерге» қарап қойды. Бәйішов араб әліпбиімен шыққан көне газет-журналдарды жинап алыпты. Шамасы Байтұрсыновтың төте жазуын тани білгені ғой. Жанділдин «Қазақ әдебиеті» газетінің тігіндісін алдына жайып тастаған. Басшылар «Мұның қолы неге бос, тапсырмаға салғырт қарағаны ма?» демесін дегендей Шәріпов алдына папкісін жайып тастап, әлденені түртіп қойып отыр. Ана екеуін қайдам, қызметтен өсуіне өзі көмектескен Жанділдиннен мұндайды күтпеп еді. Бұлары жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының кері ғой. «Әй, найсаптар-ай, ұлтыңды даттап, еліңді сатып жиған ұпайларың құрысын, – деп ойлады Жұмекең, – сол сендерді ұшпаққа шығара ма, құрдымға құлата ма… Алды-артыңа қарамай, далақтай бермей, бір уақ осыны да ойласаңдар етті…»
Осының бәрін әп-сәтте ойлап үлгерген Жұмабек Ахметұлы қасынан өтіп бара жатқан Сырбай ақынға қарап: «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деп, қатал ескертті. Мұны естігенде қанша жыл Қазақстанда ел басшылығында жүрсе де қазақша бір ауыз сөз үйренбеген екінші хатшы Журин шоқ басып алғандай шоршып түсіп, қасындағы Құрман Оспановты шынтағынан қаттырақ қағып қалып: «Тәшенов не деді?» – деп күбір етті. Жайшылықта сыпайылық сақтайтын идеология хатшысы бұл жолы әріптесінің оқыс қылығына қитығып, бетіне бажырая қарағаны болмаса, үндеген жоқ. Онысы «не дегенін білгің келсе, қазақша үйрен» деп, ерегескендей көрінді.
Төралқа төрағасының әлгі сөзі ақынға жекпе-жекке шығуға бел буған батырға рух беріп, ұран шақырғандай елестеп, жон арқасы шымырлап кетті. Арқаланған ақын талайдан бері көкірегінің терең түкпіріне жиылған шер-шеменді түйдек-түйдегімен боратты-ау бір. Ара-арасында қолақпандай жұдырығымен мінберді қойып кеп қалады. Мәжіліс төрағасы «регламент» деп, ескерте берген соң қарқынын күштеп тежеп: «Қазақ халқының басынан қорғасындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы станса бар. Ал Алматыда «ұлтшылдарды» қолдан жасайтын фабрика жұмыс істейді!» – деп тоқтады.
Тәшеновтың не дегенін біле алмай, пұшайман болып отырған Журин:
– Қалай болса, солай сөйлейді, неткен жауапсыздық, – деп, басын шайқады.
Сырбай Мәуленов оқ тиген кемістеу қолымен бетін бір сипап жіберіп:
– Сіз бас шайқамаңыз, жолдас Журин! Екеуміздің арамыздағы таяудағы әңгімені ұмытпаған шығарсыз, ұмытсаңыз еске түсірейін! – деп, біреу сөзін бөліп кетпесін дегендей асығыс-үсігіс айта бастады:
– Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың тыңға барып, комбайнмен бидай орған сәтін газеттің 1-бетіне беріп, астына «Енді батыр бидай орып жүр», – деп жаздық. Ертеңінде мені мына Александр Тимофейч кабинетіне шақырып алып, «Қошқарбаевтың тың көтеруге қандай қатысы бар? Бірде-бір орыс комбайншысының суретін таппадыңдар ма? Осыдан асқан ұлтшылдық бола ма?!» – деп үстелді тоқпақтады.
Иванов орнынан атып тұрды:
– Шып-шылғи өтірік! Жала! Мұндай сөз аузымнан шыққан емес! Міне – крест! – деп ол бұрышқа қарап тұра қалып, шоқынып жіберді. Отырғандар «мынаны жын қаққан шығар» дегендей, бір-біріне таңданыса қарасты. «Қалай ғана танып шығады, ә?! Осыған қор болған қайран сөзім-ай…» дегендей, Мәуленов түңіле қолын сілтеп, орнына беттеді.
Әйгілі партизан ақын Жұмағали Сайын қатулана тіл қатты:
– Ех, неткен сужүрек едіңіз, Александр Тимофейч! Біздің отрядта болсаңыз, партизандар сізді баяғыда-ақ атып тастар еді!
– Чудак! – деді бюро басқарып отырған Яковлев Ивановқа қарап.
– Дурак! – деп күбір етті әлдекім залдан.
Сонда ғана бұл сөздің Ивановқа ғана емес, өзіне де айтылып жатқанын түсінген Журин дереу ара түсіп:
– Несіне тіксіне қалдыңыздар? Онда тұрған не бар? Тыңдағы жайқалған бидайды көргенде Никита Сергейчтің өзі шоқынып салған, – деп, шоқынудың еш сөкеттігі жоқтығын Хрущевтің қылығымен дәлелдеп, зорлана күлген болды…
Әйтсе де, манағы «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деген бір ауыз сөз бен Сырбай ақынның жалынды лебізі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушылардың көңілін көкке көтеріп, жігерлендіріп тастаған еді. Манадан бері «сөйлесем бе, жоқ па?» деп, екі ойлы болып отырған тағы бір-екі жігіт бойына тың күш құйылғандай суырылып шығып, өз дәлелдерін ортаға салды. Осыдан соң қазақтың еңсесін зіл болып басқан қорғасындай қара бұлт сейіліп, таразы басы соларға қарай ауып кеткендей сезілді.
«Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушылар күшейіп бара жатқан соң Яковлев істі насырға шаптырғысы келмей:
– Келесі сөз сарапшы Сақтаған Бәйішовте! – деп хабарлады.
Араб әліпбиіндегі бір топ газет-журналды қолтығына қыстырған орта бойлы, дөңгелекше жүзді, қыр мұрынды, қалың қасты, шашын сиыр жалағандай етіп, артына жылмита тараған елулердегі кісі мінберге көтерілді. Жүріс-тұрысында қызыл комиссарларға тән ресмилік пен ширақтық бар. Бұл кісі Мәскеудегі Қызыл профессура институтының Алматыдағы бөлімшесін тәмамдаған, қан майданда қазақтың әйгілі 100-ұлттық атқыштар бригадасының комиссары, құраманың саяси бөлімінің бастығы болған, соғыстан соң Партия тарихы институтын басқарған «ақжүрек» коммунист еді. Қазір қазақ оқымыстыларына үлгі көрсетіп, марксизм-ленинизм классиктерін қазақшаға аударып жүрген болатын. Ол мінберге келе сала тамағын кенеп алып:
– Жолдастар, ұлтшылдық деген – қазақ феодализмі мен алашордашы-лардан қалған сарқыншақ! Көзге шыққан сүйел, басы артық без десе болғандай! Біз оның қазақ қоғамындағы көріністерін дереу анықтап, хирургиялық тәсілмен сылып тастауымыз керек! – деп бастап, недәуір көсілді. Ахмет Байтұрсынұлы басқарған «Қазақ» газеті мен оның «Маса» кітабын парақтап, қазақ санасына сіңірілген ұлтшылдықтың дертінен бірталай мысал келтірді. «Қазақ» пен «Қазақ әдебиеті» газеттерін салыстырып, ұлтшылдық көзқарастарындағы ұқсастықтарын тілге тиек етті. Маңдайы тершіп кеткен соң қылғындыра байланған галстугын сәл босатып, су жұтты.
– Мына газеттің, – деді сосын «Қазақ әдебиеті» газетінің екі-үш данасын жоғары көтеріп, – әр өлең, әр мақаласында Алашорда көсемі Ахмет Байтұрсынов шығарған «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр!
Бюроны жүргізуші тағы да сөзге араласты.
– Жолдас, Бәйішов! Мұның бәрі бізге жазып берген анықтамаңызда бар. Осындағылардың әрқайсының алдында жатыр. Енді нақты ұсынысыңызды айтыңыз!
Қызыл комиссар еш шіміріккен жоқ. Тершіген маңдайын тағы бір сүртіп қойып, жұлқына тіл қатты.
– Қандай ұсыныс болушы еді? Газетті жабу керек! Бұлардың арманы – Алаш партиясының құлаған туын қайта көтеру! Алашордашылардан ұлтшылдық дертін қожановшыл, сәдуақасовшыл, рысқұловшыл элементтердің жұқтырғаны баршаға мәлім. Өткенде газетте нағыз бүлікшіл Сәдуақасов туралы мақаланың жариялануы – бұлардың ештеңеден тайынбайтынының дәлелі. Ертең онда Бөкейханов, Байтұрсыновтардың суреті мен өмірбаяны жарияланбасына кім кепіл?
Намысқой қазақтар Бәйішовтың сөзіне бір қызарып, бір бозарды. Осы сәтте «Маған қашан сөз бересіңдер?» дегендей, төралқа жаққа жалтақтап отырған Жанділдинге Журин иек қағып қалды.
Орта бойлы, бұйра шашты, шынысы қалыңдау, қара көзілдірікті, дүрдік ерін, май мұрын жігіт орнынан ұшып тұрып, мінбеге беттеді. Жасы қырықтар шамасында. Шалт қимылына қарағанда кесіп сөйлейтін, қызуқанды жанға келіңкірейді. Қолтығында әр жеріне ақ қағаздың қиындысын қыстырған «Қазақ әдебиеті» газетінің тігіндісі бар.
Ол мінберге жете бере жөткірініп алды да, сарнап ала жөнелді. «Бір қызым бір қызымнан сорақы шықты» дегендей, Нұрымбек Жанділдин тікелей шабуылға көшті.
– «Қазақ әдебиеті» газеті тұңғыш санынан бастап алашордашыл, ұлтшыл болып шықты! Кез келген материалы зарлауға, саруайымға толы. Қызметкерлері тыңгерлерді «бұзақы, маскүнем, қылмыскер» деп жазады, – деп, тықсырып бара жатыр еді осының алдында ғана партия қатарынан шығып қалып, жуасытудан өткен соң қатарға қайта қосылған әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов оның сөзін бөліп, нақты дәлел айтты:
– Жолдас Жанділдин! Алысқа бармай-ақ мына менің әкемнің құлпытасын осы тыңгерлер талқандап тастады ғой! Өзім қайта қалпына келтірдім! Осының өзі бұзақылықтың нақты айғағы емес пе?!
– Ол – өзіңіздің жеке жауларыңыздың әрекеті! Сіз тыңгерлерге жала жаппаңыз! – Жанділдин бет қаратар емес. Тың игерушілердің жалдамалы адвокаты ма дерсің.
Сәбең шыдамай күліп жіберді.
– Әй, антұрған! Саған дауа жоқ екен! Дауасыз адамда иман да жоқ!
Орталық Комитеттің білдей бір хатшысы анасына шағымданған баладай баж ете қалды:
– Иван Дмитрич, Мұқанов жолдас менің арыма тиіп жатыр!
Осы кезде Яковлев басшыға тән әділеттілік пен кеңпейілдік байқатты.
– Жолдас Жанділдин, сөзіңді жалғай бер! Тың игерушілердің бәрі періште емес! Арасында ұры-қарысы да, қылмыскері де бар. Тіпті алғашында үй салуға несие ақша алып, тракторын жардан құлатып жіберіп, тайып тұрғандар да табылды. Қазір нашары кетіп, дұрысы қалды. Соның жаманын да, жақсысын да көрсетпесе, газеттің несі газет? Сіз одан да редакциядағы ұлтшылдықты дәлелдеңіз…
Жанділдин Яковлевке «түсінсем бұйырмасын, мен сенің сөзіңді сөйлеп тұрсам, сенің ұлтшылдарға болысқаның қалай» дегендей, көзілдірігінің үстінен ызғар шаша қарап алды да, қайтадан сайрап ала жөнелді:
– Газет: «Қазақ тілі құрып бара жатыр! Барлық жерде орыс тілінде сөйлейді» – деп, зар еңірейді. «Барлық іс орыс тілінде жүреді. Қазақстанның басшыларының бәрі орыстар», – деп, аттандап, дабыл қағады. Бұдан асқан ұлтшылдық бола ма?! Ертеңгі күні ұсақ тілдердің бәрі ұмытылып, барлығымыз да тек қана ұлы орыс тілінде сөйлейтінімізді газет қызметкерлері қасақана білгісі, түсінгісі келмей отырған жоқ па…
«Қайран, қазағым-ай! Мынандайларды тайраңдатып қойғаның басыңнан бағыңның тайғаны шығар… Әттең, әттең! Нағыз хирургиялық тәсілмен сылып тастайтын көзге шыққан сүйелдер осылар ғой! Әй, Жанділдин-ай, кезінде мұндай иттігіңді білсем, өлсем де қолдаймын ба?!» – деп, іштей егілді Тәшенов. Қарсы жақ: «Ә-әә, бәлем! Қалай екен?! Сол керек сендерге! Шоқ, шоқ!» деп, масайрай түскендей.
Осы кезде Журин орнынан атып тұрып, айғай салды:
– «Америка даусы», «Би-би-си» радиостанциялары осы «Қазақ әдебиеті» газетіне сүйеніп, «орыстар қазақ жерін қайта отарлап жатыр» деп, жалпақ әлемге жар салуда!
Иә, бұл газеттегілер «Қазақ малшыларының көрген күні күн емес! Шопандар киіздің астындағы күркеде күнелтеді» деп, Совет өкіметіне жала жабады.– Иванов та қарап қалмай, даттаушыларды қостап бағуда.
Тәшенов Яковлевке бұрылып:
– Қазақ малшыларының жағдайының қиын екені рас қой! Иван Дмитрич, былтыр осы туралы Үкімет комиссия құрып, қаулы қабылдады емес пе?!
– Иә, иә, қаулы қабылдағаны рас!
Бірінші хатшы мен төраға өзара күбірлесіп, бірдеңені талқылап кетті. Тәшенов әріптесіне әлденені негіздеп дәлелдеп жатқандай. Яковлев сөзін қоштап, бас шұлғыған соң ғана ол еңсесін көтеріп, әлдене есіне түскендей, отырғандарды көзбен шола бастады. Іле-шала Жұмабек Ахметұлы Яковлевке қайта бұрылып, даусын шығара:
– Иван Дмитрич, қазақ тілінде шығатын әдебиет газеті туралы мәселе қаралып жатқанда, осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге көрінбейді, неге олар бюроға қатыспайды? – деді байыппен ғана.
Көзілдірігін сүртіп, қайта киіп жатқан Яковлев біреу алқымнан ала түскендей қызарып кетті. Сасқанын сездіргісі келмей, стақандағы судан жұта бастап еді, қапелімде шашалып қалып, қиқылдап-шиқылдап, әбден берекесі қашты. Зорға есін жиып, бұл сұраққа не дерін білмей, Оспановқа шұқшиды:
– Жолдас Оспанов! Төрағаның сұрағын түсіндіңіз бе? Шынында да қазақ жігіттері қайда өзі?
Идеология хатшысы құмырсқа жүргендей желкесін серпе қағып, орнынан шоршып тұрып, «осының бәрін бүлдіріп жүрген сенсің ғой, айтшы өзің?» дегендей Ивановқа ажырая қарады.
Иванов сасқалақтап, біреу аяғын басып кеткен мысықтай:
– Николай Иванович! – деп, баж ете қалды. Бұлардың дем берушісі кім екені енді мәлім болды. Барлық жоспары мен пасық ойы әшкере болған Журиннің қаны басына теуіп, шаптығып шыға келді:
– Немене Николай Иванович? Қайда әлгі өзіңнің орынбасарың Жандосов?
Сонда ғана Ивановқа тіл бітті:
– Жандосов – демалыста, Ысмағұлов – іссапарда, ал Шалабаев… – деп, одан әрі не айтарын білмей күмілжіп, қипыжықтап қалды.
Сол кезде есін жиып үлгерген Яковлев Ивановқа шұқшиды:
– Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?
Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық, Иван Дмитриевич, – деді Иванов жұлып алғандай.
– Олар қазақ па еді?
– Жоқ, әрине! Қазақша жақсы білетін Мария Харлампиевна Полубапкина жолдасқа аударма жасаттық…
– Жетістірген екенсіңдер!? Жолдас Оспанов, бұларың қалай? Түкке түсінсем бұйырмасын…
Мұны естігенде Сәбит Мұқанов шала бүлініп:
– Сонда мұны Қазақстан Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да өз көзіммен көрдім ғой! – деді.
Тырнақ астынан кір іздеушілер де, Яковлев те не айтарын білмей, состиып отырып қалды. Өйткені әр нәрсені сылтауратып, «Қазақ әдебиеті» газетіне астыртын көр қазушылардың арам пиғылдары отырғандардың бәріне, әсіресе, төл газеттерін жапқызғысы келмей, жанұшырған қазақ зиялыларына жария болып қалған еді…
Сәлден соң Жұмабек Ахметұлы өз кабинетінің терезесінен сырттағыларға сүйсіне қарап тұрды. Төменде «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің жабылмай, аман қалғанына қуанған қазақтың ақын-жазушылары бір-бірін құшақтап, құттықтасып жатыр еді. Әсіресе, өзі бас редакторлықтан түссе де, төл газетінің жабылмай қалғанына сүйінген Сырбай Мәуленовтың қуанышында шек жоқ сияқты. Сәби жүректі, балуан бітісті ақын әркімді бір құшақтап, көтеріп алып, сілкіп-сілкіп, қоя қояды да, құшағын айқара ашып, келесісіне тұра жүгіреді. Көзіне түскен бұйра шашын сол қолымен қайыра сілкіп тастап, жұдырығы түюлі оң білегін көкке білеп, әлдекімге сес көрсеткендей, сермеп-сермеп қояды. «Қазақтың мүддесі үшін күресерде үнемі осындай жұдырықтай жұмылған ынтымақ көрсетсек қой, – деп ойлады Жұмекең. – Әттең, кейде ұлттық мүдде мен ру-тайпалық мүддені, тіпті ат төбеліндей аз ғана топтың қамын жиі-жиі шатастырып ала береміз-ау. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алмайтынымыз да содан болса керек… Әйтпесе, жыршылар айтқандай «Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы, Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы…» емес пе?!»
* * *
Тағы бір қараса, Бектұрғанов қызына сөйлеп тұр екен. Мұны да сценарий бойынша алдырған болды ғой. Ел жақтан сын айтуға тиіс екінші адам осы болса керек. Негізі Ақмола облысының тумасы. Алматыға келгенше Тәшенов басқарған Ақтөбе облысы партия комитетінің басшысы. Иә-ә-ә, Димаш досым бюроны еш мүлтіксіз етіп әбден-ақ дайындаған екен. Бұрын-соңды бас-аяғы жинақы, мұқият дайындалған мұндай бюроны өткізбеген шығар-ау…
Негізі Хасан Бектұрғанов жеке пікірі жоқ жігіт болатын. Мансап қуған жігіттердің тағдыр-талайы, бастан кешкендері егіздің сыңарындай ұқсас қой өзі. Әуелі партия қатарына кіргенше неше қайтара сүзгіден өтеді. Тарпаңдау мінезі, ерсілеу пікірлері болса, сүргіленіп, жонылып, жып-жылмағай болып шығады. Әлгіндей мінездері ғайыптан тайып партияға өтерде байқалмай қалса, істе сыналады, партия жиналыстарында мінеледі. Сөйтіп Үкімет үйіне, қазақ ұғымындағы аузы дуалы, сөзі пәрменді Үлкен үйге келгенше, мекеме, аудан, облыс секілді елек пен сүзгінің неше атасын көріп, иненің көзінен өткендей жылпос, көз тоқтатар кедір-бұдыры жоқ жып-жылмағай болып шыға келеді. Ағынмен бірге сусып, айтқанға көніп, айдауға жүріп үйреніп алады. «Сен бастық болсаң, мен – ақымақ, мен бастық болсам, сен – ақымаққа» көндігіп кетеді. «Партия қайда болса, жеңіс сонданы» ұстанады. Сөйтіп басым көпшілігінің жеке пікірі жоғалып, «Азшылық көпшілікке бағынады» ұстанымына көніп, еті өліп кетеді. Әйтпесе, дәл осы Хасанның бұған өшігетіндей еш жөні жоқ еді. Жұмекең Қызылжарда қызметте жүргенде бұл жігіт бәйбішесі Бәтестің көмекшісі болған, қолынан талай рет дәм татқан азамат. Ендеше ара түспесе қойсын, тым құрығанда басқалармен қосылып таламаса қайтер еді.
«Жә, өстіп, Үлкен үйдегі ойыннан шықтым де, Тәшенов, – деді Жұмабек іштей өзіне-өзі. – Иә, иә, шықтың! Әйтеуір бір кетерің бесенеден белгілі еді. Дәл мынадай тұтқиылдан кетеріңді… жо-жоқ, оны да білдің! Есіңде ме, Мәскеуде Хрущевтің қабылдауынан шыққанда Димаш: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау», – дегенде: «…Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын», – демеп пе едің?.. Жә, қызметті қойшы, облысқа жіберсе де, далада қалмас! Оған есек қайғырсын! Алайда бұдан былай қасиетті қазақ жерін, әсіресе, дәл қазір нысанаға іліккен Сары Арқаны Хрущевтің қанды шеңгелінен кім құтқармақ?! Кім? Мынау Жанділдин мен Бектұрғанов па?! Әлде Мәскеудің қоқан-лоққысына төтеп бере алмай, ләббай тақсырлаған Қонаев па, әлде көпе-көрінеу отқа май құйып отырған өлке басшылары мен Юсупов па?!
* * *
Доңыз жылғы қоңыр күз. Аспан шайдай ашық. Бейжің қаласы көздің жауын алардай қызылды-жасылды гүлге оранып, құлпырып тұр. Қытай шеберлері бар өнерін салған екен. Табиғи гүлі қайсы, жасандысы қайсы, айырып болмастай. Көше бойын қанық бояулы қызыл, сары, көк түсті жалаушалармен көмкерген. Алайда басым көпшілігі айдаһардың көмейінен шыққан алаулы жалындай қанқызыл түс. Қос қапталдағы бағаналардың басын қосқан маңдайшаларға да қызыл мата керіп, ақ түсті иероглифпен әлденелерді жазып тастапты. Тегі, Қытай компартиясының ұрандары мен Мао Цзэ дунның сөздері болар деп шамалады делегация құрамында мейманханаға келе жатқан Жұмабек Ахметұлы.
…Осыдан бірер күн ғана бұрын бесін ауа қызмет телефоны безілдеп қоя берген еді. «Сұр кординал» Сусловтың көмекшісі екен.
– Жұмабек Ахметович! Сізге Михайл Андрейичтің айтуымен хабарласып тұрмын!
– Иә, құлағым сізде!
– Ертең сағат онға дейін осында жетуіңіз керек! Түстен кейін Пекинге ұшасыздар! – деп, бастырмалатып ала жөнелді. Орталықтағылардың көмекшілері де өктем сөйлеп үйренген.
– Сіз бастырмалатпай, рет-ретімен айтыңызшы! Пекинге 30-ы ұшпақшы едік қой! Бұл не қарбалас? – деп таңданды Жұмабек Ахметұлы.
– Қытайлар парламентінің мерейтойлық сессиясын 1 қазаннан 26 қыркүйекке ауыстырыпты. Сондықтан тез жетсін деді.
– Ә-ә! Енді түсінікті. Уағында жетем, алаңдамаңыз. Сау болыңыз!
«Мао Цзэ дун Хрущевке тағы да қыр көрсеткен екен-ау, – деп ойлады Жұмабек Ахметұлы телефонды ұясына қондырып жатып. – Сонда Никита Сергейчтің АҚШ-қа сапарының тас-талқанын шығарып, берекесін кетірмекші ме?!» Екеуінің арасындағы текетірес әуелде КСРО мен ҚХР арасындағы бәсекелестіктен басталған болатын. Қытайда азамат соғысы жүріп жатқанда Мао Цзэ дун Мәскеуден көмек сұрайды. Жан баласына сенбейтін Сталин оған көмектесе тұра Чан Қайшыны да естен шығармаған еді. Әрине, бір мезетте оған да жәрдем жасайын деген жоқ. Бірақ кіріспейтін жерге кірісе беретін АҚШ араласып, соңы жойқын соғысқа ұласуынан қауіптеніп, Янцзы өзені арқылы Қытайды қақ жарып, солтүстігін Мао Цзэ дун басқарған коммунистерге, оңтүстігін Чан Қайшы қарауындағы ақ қытайларға қалдыру нұсқасын да ойластырған. Енді қайтсін, ол КСРО-ның соғыстан соң енді ғана ес жия бастаған әрі атом қаруын да жасап үлгермеген кезі еді.
Ақыры қызыл қытайлар жеңіп, 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасы құрылған соң Мао Цзэ дун Мәскеуге келеді. Ол – Сталиннің көмегімен революционер болып қалыптасқан, әрі соның жәрдемімен билікке қолы жеткен коммунист. Сондықтан мұртына мұз қатқан көсемді өзіне ұстаз санайтын. Сөйлеген сөзінен әзілі мен шынын ажыратып болмас мысты да сұсты Сталин осы жолы шәкіртін әбден тәлкек қылады. Сынағаны ма, бөзек қылғаны ма, итім біліп пе?! Біресе жай ғана сұхбаттасып отырып: «Мао Цзэ дун, Сіз шынында да революционерсіз бе?» – деп, шалқасынан түсіре жаздайды. Енді бірде «Жолдас Мао, маған Қытайда Коммунистік партия қайта құрылып, өз Титосының билікке келуі мүмкін сияқты», – деп қойып қалады. Осындай тұтқиыл сынақтардың бірінде Сталиннің Кунцеводағы саяжайында Мао Цзэ дунның басы айналып, көзі қарауытып, құлап қала жаздайды. Мұндайды күтпеген мұртты көсемнің өзі оған жастық ұсынып, жеке дәрігеріне қаратады. Ес жиған Қытай көсемі ұстазының қонып шығыңыз деген ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартып, өзі тоқтаған Заречьеге тайып тұрады.
Ал Никита Сергейұлы билікке келгенде Мао Цзэ дунның абыройы асқақтай бастаған еді. Бірінші бесжылдық жоспарын артығымен орындап, өзіне деген сенімі нығая түскен. Енді ол Сталинге кеткен есесін Хрущевтан қайтаруды ойластырады. Сөйтіп, таққа жаңа отырған КСРО басшысын Мао Қытай Халық Республикасының бес жылдық мерейтойына шақырады. Берияның көзін құртқанымен, В.Молотов пен Г.Маленьков бастаған басты қарсыластарын тұқырта қоймаған Хрущев елп етіп жетіп барады. Ол тумысынан шебер ұйымдастырушы әрі жауын қорқыта да, алдай да білетін саясаткер еді. Бірақ қажет жерде мәмілегерлік қасиеті жетіңкіремей жататын. Сондықтан КСРО-ның тәжірибесіз басшысы Қытайға жүздеген кәсіпорын салысуға көмектесетінін, келер жылы Порт-Артурдан одақтың әскерін әкететінін еш бұлдап жатпай-ақ, бірден лақ еткізіп айтып салады. Осынша жалбақтап, Маоның қолдауына зәру екенін сездіріп қояды. Ал қулығына құрық бойлатпас әккі Мао сол жолы-ақ Хрущевтің осал тұсын жазбай танып, барлық мінезін жаттап алады.
Мұны Ворошиловтың орнына Мәскеуде бір ай істегенде Жұмабек Ахметұлы Хрущевтің өз аузынан естіген болатын. «Мао Цзэ дун әбден еркінси бастады. Оны тәубасына түсірмесе болмас» деп еді бірде Никита Сергейұлы. Мао да бүкіл социалистік елдер басшыларының арасынан айлакерлігі мен мәмілегерлігі жағынан өзімен иық тірестірер жан таппаған соң еркінсімей қайтсін. Хрущевтің Қытайға атом қаруын, тіпті, оның жасалу технологиясын беруден бас тартуы және оның шетелдік бір де бір коммунистпен кеңеспей тұрып, Сталинді көсем емес, қылмыскер деп жариялауы бұл дертін ушықтыра түскен. Маоның әлгі мінезі 1957 жылы Хрущевтің шақыртуымен Мәскеуге екінші рет Қазан төңкерісінің 40 жылдығын тойлауға және дүние жүзілік Коммунистік партиялардың мәжілісіне келгенде ап-айқын байқалады. Ал келесі жылы Хрущев Тынық мұхиты флотындағы пікір қайшылығын реттеуге Қытайға барғанда Мао КСРО басшысын көпе-көрінеу мазақ қылады. Шылымның иісіне Хрущевтың шыдамайтынын біле тұра Мао жеке кездесуде темекісін будақтатып отырып алады, оны да місе тұтпай, кейде байқамағансып, КСРО басшысының бетіне үрлейді.
Осы текетірес доңыз жылы одан сайын ушыға түсті. Никита Сергейұлы АҚШ-қа аттанар қарсаңда Қытай мен Үндістан шекарасында кішігірім қақтығыс болды. Шет елдерде Хрущевті сұрақтың астына алмас үшін ТАСС тілшілері бауырлас екі елдің арасында келіспеушілік орын алды дей келе: «Біз олардың келіссөзге жүгініп, таласты ың-шыңсыз реттеуін шын жүректен тілейміз» деген мәлімдеме жариялады. Әйтсе де, ТАСС-тың бұл мәлімдемесі Мао Цзэ дунның шабына түскен шоқтай болыпты: сондағы КСРО басшысына қояр бар кінәсы, бауырлас социалистік ел мен қайдағы бір капиталистік Үндістанды қалай ғана бір деңгейге, тең дәрежеге қояды? Осылайша қытайлардың талағы тарс айырылады. Бұл кезде америкалықтар өздеріне келген қып-қызыл коммунист Хрущевтің толеранттығына таңдай қағып, тамашалап жатқан. КСРО басшысы Голливудқа барып, киножұлдыздармен фотоға түсті, америкалық фермерлерге жүгеріні қалай өсіруді «үйретті», қысқасы, оның АҚШ-қа сапары таңғажайып табыстармен өтіп жатыр еді…
Мінекей, Хрущевтің АҚШ-қа осы сапарының ең шарықтаған сәтінде Мао Қытай парламентінің мерейтойлық сессиясын 1 қазаннан 26 қыркүйекке ауыстырып, бәсекелесінің лепірген көңілін су сепкендей басқысы келді. Никита Сергейұлы екінің бірін таңдауға мәжбүр болды: не АҚШ-тағы сәтті сапарын үзу, не мерейтойлық сессиядағы сөзін басқа біреуге оқыту. Ол соңғысына тоқтады. Нәтижесінде Қытай парламентінің мерейтойлық сессиясына КСРО делегациясын Суслов басқарып келіп, СОКП-ның бірінші хатшысының салтанатты сөзін «сұр кординал» оқып берді. Алайда Хрущев қыркүйектің соңғы күні кешкісін ұшып жетіп, 1 қазанда Тяньаньмэнь қақпасындағы мінберде Мао Цзэ дунмен қатар демонстранттарға қол бұлғап тұрды.
ҚХР-дың құрылғанына он жыл толуына арналған мерекелік шаралар аяқталған соң екі жақ бірігіп, дүниежүзілік социализмнің қордаланған шаруаларын шешуге кірісті. Дәл осы сын сәтте екі қошқардың басы бір қазанға симай, текетірестері қайта қозды.
Өз дегенін өткізерде бетіне көн керіп алғандай бедірейетін Мао Цзэ дун:
– Кеңес Одағы – сөз жоқ, ұлы ел, ал біз – Ұлы Қытаймыз, – деп, таластың көрігін қыздыра түсті. КСРО-ның дәрежесі кеміп қалғандай көрінген Хрущев:
– Солайы солай ғой, бірақ СОКП – дүниежүзілік коммунистік қозғалыстың авангарды емес пе, – деді. Мао Цзе дун да қалысқысы келмей:
– Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп екенін ешкім де жоққа шығара алмайды, – дегенде Хрущевтың аузына айғақты сөз түспей, тосылып қалды.
Сонда Жұмабек Тәшенов өз басшысының сөзден тосылуын жуып-шайғандай:
– Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Олар кейін Қытай коммунистерінің билікке келуіне көмектесті. Тіпті, Сіздерге комсомолды құрысып, жасақтап берген де СОКП емес пе,– деп, тығырықтан жол тауып кетті. Бұл уәжге қытай жағы жауап қата алмай, аузына құм құйылды.
Сәлден соң Қытай коммунистері қайта жанданды. Маркс ілімінің қазіргі социализмдегі орны, пролетариат диктатурасының заманауи сипаты деген пікірлерін алға тартып, отырысты теориялық таласқа айналдыра бастады. Практик Хрущев мұндай пікірталасқа шорқақтау еді. Громыко, Андропов, Шелепиндердің де оңып тұрғаны шамалы болатын. Ал тісқаққан идиолог Суслов сол күні ежелгі сырқаты қозып, отырысқа келмей қалған. Қытай жағы зілді сұрақтар қойып, КСРО делегациясының жанын қоймай тықсырып барады. Бүйте берсе, істің насырға шабатынын сезген Жұмабек Ахметұлы қаттырақ жөткірініп қалды. Елдің бәрі жалт қарағанда:
– Біз мұнда марксизм-ленинизмнен емтихан тапсыру үшін емес, салихалы саяси келіссөздер жүргізу үшін келдік емес пе?! – деді сыпайы да салмақты үнімен. Сазырайған сап-салқын жүздерге күлкі үйірілді. Екі жақ та ерегесе берудің сырт көзге оғаштау көрінерін ұғып, сабасына түсті.
Хрущев үзілісте Тәшеновке шын пейілімен риза болып:
– Иә-ә, ішіңде буырқанып, қайнап жатқан жастық жігеріңе бұрыннан тәнті едім! Оның үстіне өзің мықты марксист екенсің ғой! Менің ғана емес, барша СОКП-ның есесін жібермедің, – деп, арқасынан қақты. Ал Жұмабек Ахметұлын алғашында делегация құрамына аз ұлттың өкілі болған соң қоса салған біреу деп қабылдаған Қытай басшысы енді үзілісте құшақтап қолын қысып, естелікке фотоға түсті.
Сол күні Кеңес делегациясының құрметіне Мао Цзэ дунның саяжайында түскі қонақасы берілді. Ең үздік қытай аспаздары әзірлеген тағамдар көздің жауын алады. Мұнда не жоқ дейсің, шіркейден бастап, айдаһардың етіне дейінгі барлық жеңсік ас пен дәм-тұз бар. Самсап тұрған ішімдіктердің ішінен КСРО басшысы өзіне етене таныс таза орыс арағын таңдады. Мао мен Хрущев бастаған үш-төрт қайраткер жалынды сөз сөйледі. Отырғандар әрқайсына қошемет көрсетісіп, шүпілдеген рүмкелерін босатысты.
Біраздан соң ащы су аш өзегіне түскен Хрущев қызара бөртіп, босап қалған бокалын қасықпен шықылдатып, жұлқына сөз бастады. Май басқан кішкене шегір көзіне таудай Мао торғайдай ғана көрінді ме, қайдам, бүгінгі әлемдік социализмнің әкесі де, көкесі де өзі екенін ескертті. Сталиннің қылмысын басқа емес, бір өзі әшкерелегенін нығарлап айтып, «менің кім екенімді біліп қойыңдар бәрің, ал танығыларың келмесе, танытамыз» дегендей сес көрсетіп, біресе сұқ саусағын шошаңдатып, біресе жұдырығы түйілген оң қолын білемдеп, әлекке түсті. Қасындағы Жұмекең басшысы үшін қолайсызданып, оны елеусіз ғана шынтағынан тартты. Хрущев тоқтаудың орнына одан сайын өршеленіп, «тище» деп қойып сөзін жалғай берді. Мұны байқап қалған Мао Цзэ дун аудармашыға әлдене деп ақырын тіл қатты. Іле аудармашы Тәшеновке таза қазақ тілінде сыбырлап: «Сіз қысылмай-ақ қойыңыз, біз қонақтың еркелігін көтере білеміз», – деді. Тәшенов Маоға қарап, бас изеді. Осымен бәрі біткендей болған. Сөйтсе, кекшіл Мао бәсекелесінің астамшылығын кешіре алмай, орайлы сәтті күтіпті…
Кешкісін Қытай басшысы Хрущевтің жалғыз өзін Сишань тауындағы резиденциясына шақырған болатын. Міне, осы кездесуде екеуі ат құйрығын кесісіп тыныпты. Қас қарайып, ел орынға отырған шақ еді. Михайл Андрейұлы мен Жұмабек Ахметұлы үкімет делегациясы түскен мейманханада ертеңгі сапардың жай-күйін әңгімелесіп отырған. Кенет дәлізден шаң-шұң шығып, допша домаланған Хрущев алқын-жұлқын кіріп келді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады.
Оқиға былай болыпты. Никита Сергейұлы шақырған жерге барса, көмекшісі Мао бассейнде жүзіп жүргенін, дереу сонда келуді өтінгенін айтады. Бұл қабақтай қарны мен таяқтай сирақтарын көрсете шешініп, тізеге түскен қара сәтен дамбалымен бассейннің шетіне ғана қорқасоқтай отырып, аяғын суға малады. Хрущев бейшара жүзе алмайтын және терең судан өлердей қорқатын еді. Соны білетін Мао оны тәубасына түсіру үшін әдейі суға түсуге шақырғанға ұқсайды. Өзі атшаптырым бассейннің арғы жағына балықша жүзіп барып, бұны қол бұлғап шақырып, бірдеңе дейтін көрінеді. «Өзің келсеңші!» деп айғайлайды бұл! «Жоқ, сен кел!» дейді ол орысшалап. Бұл оған не құлаштап жүзіп бара алмай, не жүзе алмайтынын айта алмай, әбден қорланады. Екеуі тауық пен үйректің достығындай қиюсыз күй кешеді. Ақыры айғайлай-айғайлай даусы қарлыққан Хрущев қолын бір сілтеп, киімін киіп, тайып тұрыпты. «Әдейі істеді иттің баласы! Менің суға жүзе алмайтынымды біле тұра бассейнге қасақана шақырды!» деп, Хрущев ызалана боқтанды. Громыко мен Андропов оны екі жақтан қолтықтап, өз бөлмесіне алып кіріп кетті. Алайда есік тарс жабылған соң да Хрущевтың шаң-шұңы ап-айқын естіліп жатты.
Ертеңіне кеңес делегациясы бес күндік сапармен Шанхайға баруы тиіс болатын. Әр қалаға тоқтағанда қайда баратыны, не айтатыны бәрі күні бұрын келісілген еді. Хрущев бастаған кеңес делегациясы соның бәрін тәрк етіп, Мәскеуге тайып тұрды. Оларды шығарып салуға Мао Цзэ дунның өзі келмей, Лю Шаоци, Дэн Сяопин, Чжоу Эньлай сынды Қытайдың мемлекеттік және саяси қайраткерлерін жіберіпті.
Ұшақ ішінде Хрущев: «Ал айтшы енді Кормчи, Мао Цзэ дунды ол солай атайтын, иә, Кормчи кеше саған не деді?» – деп сұрады. Бастығының шолақ ойлап, кем пішкеніне жыны қозып отырған Жұмабек табан астында қитығып: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», – деп шорт кесті. Мұндай жауапты күтпеген Хрущев қызараңдап: «Байқа, бала, байқа!» – деп, Тәшеновке сұқ саусағын безеп, сес көрсетті.
* * *
Орталық Комитеттің хатшысы Нұрымбек Жанділдин мінбеге көтеріліп барады екен. Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітірген, аспирантура тауысқан жігіт. Қасын бастыра киген қара көзілдірігіне қарасаң, көп оқитын, ғылымға бейім жан сияқты. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын бұл жігіттің қызметтен өрлеуіне көмектесіп еді. Сондықтан жылы сөз дәмететін де жөні бар. Алайда Тәшенов біреуге қылған көмегін бұлдап көрген емес. Оның үстіне Журин, Бәйішев, Ивановтармен бірге «Қазақ әдебиеті» газетіне шабуылынан кейін Жанділдинмен жеке сөйлесіп, теріс қылығын бетіне басып, айыбын мойындатқаны бар. Сонысын кек тұтпаса, оның бұған тағар кінәсі жоқ. Әйтсе де, Жанділдиннің де мұны қостамауға мәжбүр екені кеше мәлім болған.
Кеше кешкісін сыртқа серуендеп келіп, кабинетінде кітап қарап отырғанда үстеліндегі қара телефон безілдеп қоя берді. Осы Нұрымбек екен. Амандық-саулықтан кейін де кібіртіктеп, діттегенін айта алмай қиналды.
– Әй, Нұрымбек! Менің күлбілтелегенді жақтырмайтынымды білесің ғой! Қипақтамай турасын айт! – деп талап етті бұл.
– Турасын айтсам, Сіз дұрыс түсініңіз, Жұмеке! Ертең бюрода Сіз туралы сын пікір айтуға тура кеп тұр!
– Неге тура кеп тұр? Мәжбүрлеген біреу бар ма?!
– Жо-жоқ, ешкім мәжбүрлеген жоқ! Бірақ с-с-сценарий солай екен! Ел жақтан да бірер адам сын айтуға тиіс көрінеді.
– Ә-әә, онда түсінікті! Сценарий солай болса, сынай бер!
– Сіз ренжімейсіз бе, Жұмеке… ренжісеңіз… бас тартайын!
– Бас тартпа! Сенімге селкеу түсіп, жолың кесіледі. Ал мен неге ренжимін?! Кеше ғана атқа міндім бе?! Сценаридің аты сценарий!
– О-оо! Түсінгеніңізге рахмет, Жұмеке! Үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым ғой! Рахмет Сізге!
Жұмабек қоштасып, телефон құлағын ұясына қондырған соң ойға батты. Иә, сценариі дап-дайын екен! Авторы – әрине, бірінші басшы Қонаев. Идея авторы, тапсырыс беруші, қолдап-қуаттаушы – Хрущев. Рөлдер де бөлісіліп қойыпты. Енді қалғаны тек сценарийден ауытқымай бюроны өткізіп, мұны тағынан біржола тайдыру ғана! Рөлді де әр шенеунік әр түрлі атқарады. Таланты мен актерлік шеберлігіне байланысты…
Бір қараса, Жанділдин басы салбырап мінбеден түсіп барады екен. «Е-ей, бейшара! Саған да оңай деймісің!? Енді менімен жерлес не пікірлес болған, баяғыда болсын әйтеуір бір жақын жүрген жандардың бәрінің басына қара бұлт үйірілер. Соңына аңду түсіп, әрбір ісіне күдікпен қарайтын болар,– деп ойлады Жұмекең Жанділдинге қарап отырып. – Бұл – біздің өмір салтымыздың 37-ден қалған жазылмаған заңдылығы. Оған етінен ет кесіп алсаң да былқ етпейтін нағыз нарқасқалар ғана қасқайып қарсы тұра алар. Ал сендердің араларыңда ондай отты, табанды жігіт бар деймісің? Әй, қайдам… қайдам».
* * *
Тышқан жылғы ерте көктем. Алыстан аты асқақтап, ысқырына ызғар шашқан Мәскеу қаласы. Кремльдің бас ғимараттарының бірі Министрлер Кеңесінің Президиум залында Үкімет мәжілісі өтіп жатыр. Сықиған, сымға тартқандай қатал тәртіп. Күрең қабақ, күңіренген үн. Әлдекімге жаназа шығарып, соңғы сапарға аттандырып жатқандай басқосуға қатысушылардың қабағы мен жүздерінде салқын сыз бар. Өйткені ұйымдық-шаруашылық мәселелері қаралып болып, мәжіліске қатысушылар тәртіп мәселесіне ауысып еді.
Орта бойлы, бурыл шашты, шүңірек көзді ер адам ширақ басып мінберге көтерілді. Бұл – кезінде атышулы Маленьковтың өзін «Ленинград ісіне» қатысы бар әрі «қолы қанға малынған» деп айыптап, оның саяси сахнадан тайғанауына зор үлес қосқан Козлов еді. Өзі Хрущевтің бірінші орынбасары әрі оның аса сенімді адамдарының бірі болатын. Бүгін енді кімге шүйлігіп, кімнің басына әңгір таяқ ойнатар екен дегендей, отырғандар оның әрбір сөзі мен қас-қабағын жіті бағып, іштен тына қалыпты. Бірінші орынбасар әуелі күн тәртібіндегі мәселеге байланысты бұралаң-бұлталаққа толы кіріспесін бастады. Әлден уақытта жұрттың жалыға бастағанын сезіп, тоқ етерім мынау еді деп, емеурін жасағандай тамағын кенеп, әр сөзін шегелеп, қадап тұрып айтты:
– Жолдастар! Кейінгі кезде одақтық республикалардың басшылары менмендікке салынып, әр түрлі өнер шығара бастапты. Өз басым осыған дейін мемлекеттік «бөлінбес қорға» қол сұғуға болмайтынын барлығыңыз да бес саусақтай білесіздер деп ойлайтынмын. Сөйтсек, біздің арамызда бұл мәселеден мүлдем бейхабар жолдастар да бар көрінеді. Назар аударыңыз: жатқа білмек тұрғай, мүлдем бейхабар, мақұрым қалған! – Козловтың үні ысқырына шықты. Отырғандардың бәрі де араларынан біреудің төбесіне қорғасындай қара бұлт төніп келе жатқанын ап-анық сезді:
– Ертеректе Ленинград тұрғындары ашығып жатқанда, Киров жолдас мемлекеттік «бөлінбес қорды» жұмысшыларға карточкамен таратқанын бәріңіз де білесіз. Осы үшін Сергей Мироновичтің басы кеткен болатын! Иә, иә, басы кеткен! – деп, шешен айналасына айбат шеккендей сұстана қарап, отырғандарға қарай сұқ саусағын шошайтып қойды. Әлгі сұқ саусақ басқаны емес, дәл өзін ғана нұсқап тұрғандай қосүрей ахуалдан әлі арылмаған пенделердің жүректері суылдап ала жөнелді. Біреулердің маңдайы тершіп, арқа-басы шымырлап кетті. Екіншілердің көз алдына жендеттер осы қазір өзінің қолын артқа қайырып, дедектетіп сүйреп бара жатқан сұмдық сурет елестеді. Ал мәжілістегілер санасына жан түршіктірер үрей ұрығын сеуіп тұрған Козлов сөзін жаңа леппен жалғады:
– КСРО тарихында содан кейін мемлекеттік «бөлінбес қорға» қол сұққан Тәшенов деген жалаңаш батыр шығыпты. – Осы кезде ғана елдің бәрі өзіне төнген қауіп еместігін біліп, «үүһ» деп, терең тыныстады. Іле-шала барлығы да енді Тәшенов қайтер екен деп, сол жаққа елеңдей қарасты. Хрущевтің бірінші орынбасары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасына қаһарын төгіп, ызғар шаша шүйлігуде. – Бұл неткен бейбастақтық? Бұл неткен бассыздық? Қане, осы Үкімет мәжілісінде елдің алдында дұрыстап тұрып жауап беріңіз, Тәшенов жолдас! Одақтық қордағы астықты орталықтың нұсқауынсыз неге таратасыз? Рұқсатты кім берді сізге? – деп мінберді тоқпақтап, Қазақстан Үкіметінің басшысына осы жерде тарс жарылардай шатынай қарады.
Козловтың айтып тұрғаны бекер емес болатын. Былтырғы доңыз әу баста-ақ қағынып басталып еді. Көктемнен бері бір тамшы тамбай, тобылғы біткен ерте бүр жарып, ұрығын тастаған соң көнекөздер жаз қуаң, қыс қатаң болады деп болжаған. Солардың айтқаны айдай келіп, жаз қуаң тартып, қураған қу түп көделер ораққа әрең-пәрең ілініп, шөпшілердің еңбегін еш қылды. Облыстағы басшылар шұғыл қаулы қабылдап, қараған-тобылғы, ши-қамысқа дейін көзге іліккеннің бәрін шауып, қыстауға таяу маңға тасуға бұйырды. Обалы не керек мал азығын дайындаушылар бұйрықты екі еткен жоқ. Айтқанның бәрі орындалды.
Доңыздың алғашқы қары қазан бастала сала жауып, ауа-райы күрт суытып, жел терісінен тұрды. Бұл Семей облысының малды аудандары үшін аса қолайсыздық туғызды. Көпті көрген, көнектің түбін тескен қариялар боқыраудың мұндай мінезін жақсылыққа жори қоймаған. Айтты айтпады қыс ерте басталып, қар қалың жауды. Ал ақ түтек боран қарлы дауыл тұрғызып, тоқал тамдардың, қора-қашарлардың үстінен жүріп кетті. Қардың қалыңдығынан қойды былай қойып, жылқының өзі тебінге шықпай қалды. Болмашы мал азығы көптеген совхоз, аудандарда ақпан айының ортасында таусылып, шопандар кеңселерді жағалап, тентіреп кетті. Басшылардан еш қайран болмаған соң қыстауына қайтып келіп, Құдайына жалбарынды. Ең атеист шопанның өзі: «Жаратқан-ау, өкіметтің малы қырылып, мойныма мініп, мені түрмеде шіріте көрме!» деп жалынды. Қас қылғандай барлық тас жолдар тарс жабылды. Әскери техникалардың аршығанын ақ түтек боран іле қайта жауып, көліктерді тыпыр еткізбей тастады. Сөйтіп облыстың басқа аудандарынан келетін көмекті жеткізудің өзі мұң болды.
Ал мілади жыл санауынша, тышқан жылғы ақпанның аяғы, қазақша доңыз жылының соңындағы өлара шақта табиғат шіркін тұтқиылдан тағы бір тоң-торыс, қырыс мінез көрсетті. Әншейінде арқырап тұратын Арқаның аязының беті қайтып, аяқ астынан жаймашуақ тартып, жылынып шыға келді. Кәдімгі көктемдегідей күн жарықтық шуақты нұрын төгіп, төңірек тегіс жібіп, балбырап сала берді. Бірер күн осылай алдаусыратып тұрды да, кенеттен сылпылдап жаңбыр жауып, аяқ жағы сырғақ пен апақ-сапақ ақ түтекке ұласты. Ал ертесіне қыс қаһарына мықтап мініп, сақылдаған сары аяз қысып, айналаны тоң мінез, қырыс қабақ мұз құрсады. Кәдімгі төрт-бес мүшелде бір айналып соғып тұратын ақ қар, көк мұз жұты. Әдетте мұндай жұт «қоян», «мешін», «тауық» жылдарында келуші еді. Жайшылықта жайбарақат, жайлы тиер доңыз жылы да мұндай тосынсый ұсынар деп кім ойлаған?! Бе-е-еу, дүние-ай десеңізші! Алты атанға жүк артып, алты жыл қоныс қараған қайран Асан Қайғы бабамыз Арқаның ақырған аязын көргенде: «Түйе бойы қары бар, Аша тұяқ қырылып, Қардың беті қан болар, Аштық келіп алашқа Бір түйір етке зар болар», – деп, осыны мегзеді ме екен?! Әлде басқа бір мәнісі бар ма?!
Ақ қар, көк мұз жұты ең әуелі шалғайдағы малшылар мен тебіндегі қой мен жылқының сорын сорпадай қайнатты. Қары күрелген жолмен тебінге беттеген жабағы, тайлар жып-жылтыр, көк мұздан тайғанақтап, шатқаяқтап жығылып, шаты айырылды. Сақсынып, әккіленіп алған кәрі-құртаң лақсалар тізерлеп жылжимын деп, тізесін оңдырмай жырғызып, жарақаттады. Одан әрмен мұз бетті қасат қарға жете сала шашасын жырып, сирақтарын қып-қызыл қанға бояды.
Дәл осы доңыз Жұмекең үшін де жайсыз жылға айналды. Қаңтар айында Қазақстан Компартиясының Пленумы өтіп, Қонаев елдің екі шылбыр, бір тізгінін қолына ұстады. Ал оның орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына Жұмекең отырды. Жаңа міндетіне кірісе сала мал біткенді қынадай қырған жұтпен білек сыбана күресті. Екі күннің бірінде Семейге келіп, облыс белсенділермен жиналыс өткізеді. Кей күндері Семейдің Абай, Ақсуат, Шұбартау сынды мал саны мол аудандары мен Павлодар, Өскемен, Қарағандыға дейін ел аралап шығандап шығып кетеді. Тәшенов елдің қатты қиналғанын көріп, жоғарыдағыларға мәлімдеп еді, «өз мүмкіндіктеріңізбен шешіңіздер» дегеннен басқа ештеңе естімеді. Ақыры бар жауапкершілікті өз мойнына алып, мемлекеттік бөлінбес қордағы астық пен керек-жарақ құрал-сайманды аудан, облыстарға таратып берді. Ф.Р.Козловтың айтып отырғаны осы мәселе болатын…
Жұмабек Ахметұлы еш қобалжымастан, мінберге жедел басып барды да:
– Жолдастар, заңдық тұрғыдан алғанда Фрол Романовичтың талабы орынды. Мемлекеттік «бөлінбес қорға» аса қиын және төтенше жағдайда ғана қол салуға болады. Бірақ Қазақстанның солтүстік өңіріндегі, әсіресе, Семей облысындағы биылғы жағдай дәл осындай «аса ауыр және төтенше, тұтқиыл жағдай» болды. Оны шалғайдағы малшы ауылдарды аралап, өз көзімен көрген адам ғана біледі. Мен соны өз көзіммен көрдім. Аномалия. Ақпан айында кәдімгі көктемдегідей күн жылынды. Ал бір күннен соң кенеттен жаңбыр жауып, ақыры ақ түтек боранға ұласты, – деп, Жұмабек Ахметұлы Козловтың айыптауын батыл тойтарып, өзінің дәлел-айғақтарын жіліктей таратып айта бастады.
– Шалғайдағы малшылар мен тебіндегі қой мен жылқының сондағы жағдайын көзімен көрген жан шыдап тұра алмас еді. Жып-жылтыр, көк мұздан тайғанақтап, шатқаяқтап жығылып, шаты айырылған, мұз бетті қасат қардан шашасын жырып, сирақтарын қып-қызыл қанға бояған жылқылар. Бірінің жүнін бірі жеп болып, мұз боп қатып, қынадай қырылған қойлар. Тіпті малды қойып, қоғам малын аман сақтап қалам деп, екі малшы үсіп өлді, бірнешеуінің аяқ-қолы үсіп, кемтар боп қалды.
– Жолдас, Тәшенов! Сіз төбемізге қара бұлт үйіріп, төндіре бермеңіз, Семей облысының аязы Сібір мен Тайгадан қауіпті де қаһарлы емес! – деп Ф.Р.Козлов өре түрегелді.
Сабыр сақтаңыз, Фрол Романович! Әңгіме қай жердегі аяздың қаттылығында емес, төтенше келген жұтта! Мен Сізге сол кезде телефон шалып, кеңес сұрадым ғой! Сұрадым ба, жоқ па?! Естілмей жатыр, көпшілік естісін, анықтап айтыңыз!.. Міне, өзіңіз айттыңыз! Ал сұраған болсам, менің сөзіме сенбейді екенсіз, неге келіп көрмедіңіз? Әйтпесе сенімді өкіліңізді жібермедіңіз бе? «Жоқ, апатпен өз күштеріңізбен күресіңіздер! Өз шаруамыз да шаш етектен» деп, қолды бір-ақ сілтедіңіз!
Жұмабек Ахметұлы енді жоғарыдағы басшыға есеп беріп тұрған бағыныштыдай емес, терезесі тең адамша жоталанып, айбар шаша сөйледі.
– Жолдастар, біз бір нәрсенің басын ашып алайық! Орталық, яғни Мәскеу – тек төбеден бақылап, сын айтатын, өзіне жақпаса жазалайтын орган емес, қажет кезде көмек қолын соза білетін көңілдес дос, шын жанашыр да бола білуі керек! Әйтпесе несіне одақпыз? Ал одақтық республикалар – өз құқығы бар, қажет деп таппаса, сол одақтан шығып кетуге де құқығы бар бөлек ел екендігін, өз байлығын қалай жұмсауды сол елдің үкіметі шешетіндігін де естен шығармайық! КСРО мен одақтық республикалардың Конституциясында дәл осылай жазылған! Сенбесеңіздер, осы қазір ашып оқыңыздар! Біз бәріміз де сол Конституцияға бағынуға міндеттіміз! Әйтпесе ешкім бағынбайтын, басшылыққа алу қажет деп таппайтын Конституцияны өзгертіп тастайық! Екінің бірі! Мәселенің анық-қанығы сол!
Үкімет мәжілісіне қатысушылар есеңгіреп қалғандай ләм-мим деген жоқ. Мұндайда үнсіз қалмайтын Хрущев әлгінде АҚШ Президенті Эйзенхауермен телефонмен сөйлесуге шығып кетіп еді. Жиналысты жүргізіп отырған Косыгин ұйқысынан жаңа тұрғандай:
– Жолдастар, Жұмабек Ахметұлына сұрақтарыңыз бар ма? – деді жалма-жан. Жан баласы үн қатқан жоқ.
– Меніңше, жоқ сияқты. Отыра беріңіз, жолдас Тәшенов!
Қазақстан Үкіметінің басшысы аяңдап орнына бара жатқанда Белоруссияның Мәскеудегі тұрақты өкілі Қазақстанның тұрақты өкілінің қолын қысып, құттықтап тұрып:
– Апырмай, талайдың түбіне жеткен Козловтың өзінің аузын аштырмай тастаған мынадай отты премьерді бұрын-соңды көрмеп едім. Өзі жап-жас екен! Бұл жігіт не зау көкке аспандап шығар, не көп ұзамай орнынан мұрттай ұшар,– деп, сәуегейлік айтты. Қасындағы Латвияның Мәскеудегі тұрақты өкілі:
– Иә, алғашқысы-ақ болсын деп тілейік! Кеңес өкіметі құрылғалы мынандай үлкен жиында бірінші рет өз республикасының дербестігін айтқан сөз естідім. Енді КСРО-ның да ғұмыры ұзаққа бармайтын шығар-ау! – деп оның сөзін қуаттап қойды.
Кеңес елі басшысының бірінші орынбасары, іс жүзінде елдегі екінші адамға қарсы одақтас республика өкілінің мұндай сөз айтуының өзі ерлікпен парапар болатын. Әлгінде ғана мемлекеттік «бөлінбес қорға» қол сұққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Тәшеновті тәртіпке салып, бері салғанда қатаң сөгіс бергіземін деп ойлаған Козлов бұл әрекетінен ештеңе шығара алмай, шиқандай қызарып, жарылып кете жаздады.
* * *
Кең маңдайлы, қыр мұрынды, бүйрек бетті, қысқалау алынған толқынды, қара шашты, елуді еңсерген жігіт ағасы бір аяғын сылтып басып мінберге беттеді. Бұл қызмет баспалдағымен бірте-бірте өрлеген, салмақты, салиқалы азамат, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәсімхан Бейсебаев болатын. Қан майданда ротадан бастап, дивизияның саяси жетекшілігіне дейін көтеріліп, бір аяғынан жараланып қайтқан еді. Елге келе сала Алматы облыстық атқару комитетінің төрағалығына тағайындалды. Әрине, оған бұрынғы әріптестерінің көмегі тимей қалған жоқ. Алайда соғысқа дейін Алматы обкомының бөлім меңгерушісі болғаны, Горький облысы партия комитеті қызметкерлерінің жетекшілер дайындайтын курсынан өтіп, қан майданда от пен оқтың арасында құрыштай шыңдалғаны ескерілгені тағы рас.
Жұмекең Мәсімхан Бейсебайұлын Ақмола обкомының екінші хатшысы болып жүрген кезден бастап танитын. Әрдайым партия съездерінде, республика белсенділерінің жиналыстарында кезігіп, пікірлесіп жүретін. Өзіне тапсырылған істі адал да мүлтіксіз атқаруға тырысатын, көзге түсуге құмарта бермейтін біртоға кісі. Димекеңнен төрт жастай, Жұмекеңнен жеті жастай үлкендігі бар еді. Соған қарамастан қажет кезде кішірейе де білетін, орайы түссе ағалығын да алға тарта алатын қазақуар жан.
Мәсекең мінберге шыққан соң жөткірініп, менің айтқандарым көпшілігіңе ұнай қояр ма екен дегендей, жағалата қарап шықты. Содан соң «осыным қалай болар екен» деген кісіше сәл кідіріп, екіұшты күйде тұрып қалды.
– Сөйлеңіз, Мәсімхан Бейсебаевич! Біз сізді күтіп отырмыз, – деп, Димаш Ахметұлы оны мұқият тыңдайтынын сездіріп, ықылас қоя қарады.
Жолдастар, жоғарғы партия және кеңес органдарын басқарған әрбір маманның өз орны бар. Әйтпесе, оларды бұл орынға ешкім сайламас та, тағайындамас та еді. Тәшеновті де Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы етіп сайлаған өзіміз. Меніңше, Жұмабек Ахметович ол міндетті өте жоғары деңгейде, сауатты да адал атқарды. Бұл – бір деп қойыңыз, – деп, Мәсімхан Бейсебайұлы сол қолының бас бармағын оң қолының сұқ саусағымен бүгіп тұрып көрсетті. – Ал, екіншіден, оның Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуы да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында бекітілді. Сондықтан мен манадан бергі жаппай кінәлауларға таңырқап отырмын. Меніңше, Жұмабек Ахметович Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы міндетін бар пейілімен атқарды. Егер өйтпесе, осыдан 15 күн ғана бұрын өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің 6-сессиясында КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Новиков жолдастың баяндамасында Қазақстанның 1960 жылғы экономикалық жетістіктері атап өтілер ме еді?! Меніңше, аталмас еді, қайта сыналар еді… Мен мұны түсіне алмадым. Бұл қалай? Әуелі мақтаймыз. Содан соң жарты ай өтер-өтпестен іске алғысыз етіп даттаймыз! Жолдастар, сонда біздің коммунистік принципшілдігіміз қайда қалды?
Алматы облысының басшысы отырғандарға аңтарыла қарады.
– Ал сонда кемшіліктерді көрсек те көрмегенсіп, сезсек те сезбегенсіп отыра бермекпіз бе? – деп қалды Орталық Комитеттің мәскеулік өкілі Тужиков. Сірә, Мәсекеңнің ақтай сөйлегенін жақтырмай қалса керек.
Мәсімхан Бейсебайұлы табан астында жауап қатты.
– Кемшілік кімде жоқ дейсіз? Шындап іздесеңіз, кез-келген маманнан кемшілік табуға болады. Күн көсеміміз Владимир Ильичтің өзі: «Ештеңе істемеген жан ғана қателеспейді. Бірақ оның қателігі – ештеңе істемеуі!» – деген жоқ па?! Мәселен, Жұмабек Ахметович Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы міндетіне кірісе сала Қазақстанның солтүстік облыстарында жұт болды. Оны осы отырған жолдастардың бәрі біледі. Тәшенов еш аянып қалған жоқ, қолынан келгеннің бәрін жасады. Тіпті, артығымен жасады. Мен ол кісіні судан ақ, сүттен таза деп отырған жоқпын. Әсіресе, бетің бар, жүзің бар демей, тура айтатыны да рас. Сол мінезі жоғарыдағыларға жақпай жатады. Бірақ талай жыл қатар қызмет атқарған адам ретінде Тәшеновтің өз ісін бір кісідей білетін, адал коммунист екеніне куәлік бере аламын. Сондықтан бірден орнынан алып тастамай, бір рет ескерту жасап, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беру керек деп санаймын!
– Ол мәселе дауысқа салынғанда шешіледі, – деді Димаш Ахметұлы.
– Иә, иә! Оны көпшілік дауыс шешеді! – деп, Тужиков та қостап қойды.
Залда отырғандар арасында бір пәстік үнсіздік орнады.
– Мәсімхан Бейсебаевич! Сөзіңізді аяқтадыңыз ба? – деп сұрады Пленумды жүргізуші Димаш Ахметұлы.
– Иә, мен айтарымды айтып болдым.
– Мархабат! Онда отырыңыз, жолдас Бейсебаев!
Жұмекең ойланып қалды. Иә, бар мәселе дауысқа салынғанда шешілеріне күмән жоқ, әрине. Алайда бюроны өткізу барысын күні бұрын жан-жақты ойластырып, елдің бәрін мұқият дайындап қойса, түпкі нәтиженің қалай болары бесенеден белгілі емес пе?! Одан кейінгі дауысқа салу тек нәтижені мықтап бекіту ғана… Мәсекең азамат екен! Мынадай қиын сәтте жігіттің жігіті ғана өз болашағын бәйгеге тігіп, ақиқатты айта алады. Басқасы айтса, қане? Қасқыр көрсе, қыңсылайтын бұралқы иттердей бұғып отырған жоқ па?! Қолдап жүрген азаматтардың көздерін ала қашқанынан-ақ әрқайсымен бөлек-бөлек әңгіме өткізіліп, не басшылықты қоштау не қалыс қалу туралы уәдесін алғаны байқалып тұр. Қайтсін енді байқұстар-ай, бұдан әрі Қонаев пен Хрущевсіз олардың күні күн бе?!
* * *
Милади жыл санауынша, тышқан жылының соңғы айы. Бесін ауған шақ. Атағынан ат үркетін, айбатынан кісі қаймығатын КСРО-ның астанасы Мәскеу қаласы. Желтоқсанның ызғары мен Кремльдің қаһары қосылып, әлемді аузына қаратқан елдің айбарын одан сайын аттыра түскендей. Тізеліні бүктірем, басы барды идірем деп тұрғандай. Кремльдің Бас сарайына ең соңғы депутат та кіріп болып, зілдей болған емен есіктер жайлап жабылды. Көп ұзамай КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті мәжілісі басталмақ.
Түскі асын ішіп, ар жағына ел қондырып келген А.Н.Косыгин бастаған ел басшылары, КСРО Жоғарғы Кеңесі мен Үкімет мүшелері лоджаға беттеді. Ал Ұлттар Кеңесінің төрағасы Я.В.Пейве бастаған тағы бір топ төралқаға көтерілді. Бетіне көк мауыты жабылған төрдегі ұзыншақ үстелдің дәл ортасына орта бойлы, жылы жүзді, көгілдір көзді, қос самайы мен желкесінде ғана сұйқылтым шашы бар, қалған жері жып-жылтыр, елулерді еңсерген кісі жайғасты. Бұл түстен кейінгі мәжілісті жүргізетін Ұлттар Кеңесінің төрағасы әрі Латвия Үкіметінің төрағасы Ян Вольдемарұлы болатын. Ол мәжілістің беталысын қысқаша түсіндіріп өтіп, Бюджеттік комиссия мүшесі И.Ф.Климовқа сөз берді.
Қасын бастыра киген қара көзілдірікті, ұзын бойлы, қушық иықты кісі өңкеңдеп шығып, мінберге қос қолын тіреп тұра қалып, баяндамасын заулатып оқи жөнелді. Бұл Беларуссия Үкіметі төрағасының 1-орынбасары әрі Беларуссия Орталық Комитетінің Бюро мүшесі Иван Фролұлы Климов болатын. Өңкиген түріне қарамай, шешеннің тілі майда екен. Анда-санда мүйізден жасалған қара көзілдірігін белдеуінен сұқ саусағымен көзіне тақата түртіп қойып:
– 1960 жылдың дәл қазіргі сәттегі қорытындылары біздің еліміздің шаруашылығы мен мәдениетін жан-жақты әрі жедел көтеруге бағытталған Советтер Одағы Коммунистік партиясының ХХІ съезінің тарихи шешімдері мен СОКП Орталық Комитетінің кейінгі Пленумдары шешімдерінің сәтті орындалып жатқанының айқын айғағы, – деп, аузы-аузына жұқпай заулатуда.
Жұмабек Ахметұлының есіне Климовтың баяғыдағы бір әңгімесі түсті. Онымен соғыстан соң Солтүстік Қазақстанда бірге істеген болатын. Қойын-қолтық араласып, қиын-қыстау күндерді бірге өткізіп, сырмінез болғаны тағы бар. Ашық-жарқын мінезді Иван Фролұлы оңаша бір отырыста өзінің жау тылындағы партизандық қосындарды басқарған сәттерінен қилы-қилы қызықты сыр шертіп еді. Тіпті қыза келе Совет әскерлері Беларуссия мен Украинаны азат етіп жатқанда немістермен жылап қоштасқан қарапайым тұрғындар болғанын айтқан.
– Біз оларды тек фашист деп қабылдаймыз ғой. Бірақ немістердің арасында да совет халқына адамгершілікпен қараған, ізгілік үлгісін көрсеткен небір жайсаң офицерлер болды, – деп еді ол бар шындықты жайып салып.– Осыны айтқаны үшін де халық жауы атанып, айдалып кеткендер қаншама.
Жұмекең алпамсадай адамның шын пейілмен айтқан әңгімесін қызыға тыңдап отырып:
Иван Фролович! Сіздің осы әңгімеңізді салпаңқұлақтарға жеткізіп қояр деп, менен қауіптенбейсіз бе? – деп, әзілдеген сонда.
Басқасы басқа, дәл Сізден қауіптенбеймін, Жұмабек Ахметович! Мен Сізден гөрі біраз көйлек, көйлек қана емес-ау, бірнеше тон тоздырдым ғой! Оның үстіне жау тылында қызмет қылғаным бар. Сондықтан кімге сыр ашуды, кімге жұмған ауызды ашпауды мына бурыл самайлы бас біле-е-еді… Өте жақсы біледі!
Иван Фролұлы екі иығы селкілдеп, кеңк-кеңк күлді. Ол кісінің: «Сізден гөрі бірнеше тон бұрын тоздырдым», – деу себебі Жұмекеңнен бір мүшелдей үлкендігі бар болатын. «Тоқта, тоқта! Бұл мәселе Қазақстанға да қатысты ғой…» – деп ойлады Жұмабек Ахметұлы баяндамашының сынына елең етіп. Дереу ойын жинап, Иван Фролұлының тізбектеген деректерін қалт жібермей, мұқият тыңдауға кірісті. Осынау қалпынан көпке дейін айныған жоқ.
Кіші бесінде бүгінгі барлық баяндамаларды талқылауға арналған жарыссөздер басталды. Ақ басты, қасқа басты, қайратты қара шашты депутаттар кезек-кезек шығып, пікірталастың көрігін қыздырды. Әрине, кез-келген орта сияқты Жоғарғы Кеңес мәжілісінің де тайға таңба басқандай етіп жазылған, әрі ұзақ жылдар бойы сынақ пен електен өткізілген заңдары мен дәстүрлері бар еді. Депутат атаулының барлығы да сол заңдар мен дәстүрлерді еш бұлжытпай орындауға тырысатын. Осы жолы да дәл солай дәрте теуіп, шығандап шыққан ешкім болмады.
Екінді ауғанда Жұмекең жарыссөзге шықты. Қырық бестер шамасындағы, орта бойлы, дөңгелекше келген нұрлы жүзді, самайлары мен желкесін қысқалау, ал төбесін қайыруға келердей етіп алдырған, аққұба өңді жігіт ағасы ширақ басып бара жатқанда оны біреулер бір-біріне таныстырып жатты. Шешен мінберге тақап келгенде ел сілтідей тына қалды.
– Жолдас депутаттар! – Жұмабек Ахметұлы ақ-қарасы айқын шаралы көздерімен залдағыларды шұғыл шолып шықты да, күмбір қаққан қоңыр даусынан төңірегіне шуақ шашқандай жағымды әсермен сөйлеп кетті. Тым асығып, аптықпайды. Тым баптанып және созбайды. Үнінде тыңдаған жанды еріксіз баурап алатын бір сиқыр бар сияқты. Мәжілістің соңына қарай шаршап, қалғып-шұлғи бастаған жандарды сергіту үшін әдейі шығарған ба дерсіз.
Ең әуелі жазылмаған заңға айналған СОКП ХХІ съезінің тарихи шешімдері, Мәскеуде өткен дүние жүзі жұмысшы және коммунистік партиялары өкілдерінің әлемдегі барлық халыққа бейбітшілік туралы мәлімдемелері тілге тиек етілді. 1960 жылдың Мемлекеттік жоспарын Қазақстанның қалай орындағанын, келер жылға не жоспарланып жатқанын салыстыра талдады.
Өткен жылдың 11 айының ғана қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпы өнімді өндіру тапсырмаларын 104.2 пайызға орындады. Жетіжылдықтың өткен екі жылында республика кәсіпорындары жоспардан тыс 2,371 миллион сомның өнімін өндірді, – деп баяндады Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. – Ал жетіжылдықтың алдағы үшінші жылында Қазақстанның кәсіпорындары, көлік және құрылысшылар ұжымдары өндірісті шұғыл көтеру және жоспарды орындау мен асыра орындауға берік негіз қалайтын мүмкіндіктер мен резервтерді іздеп табуға ұмтылмақ…
Жұмекең бала кезден көп сөзді, көбік сөзді жақтырмайтын. Күні бұрын біреуге бірдеңе тындырам деп уәде беруден де қашқақтайды. Өйткені уәдесін қилы себеппен орындай алмай қалса, хас масқара емес пе?! Ал алда-жалда сөз берді ме, оны орындап болғанша тағы тыным таппайды. Қысқасы, «Арық сөйлеп, семіз шығуға» барын салатын. Қазіргі жарыссөзде де, көбік сөзге жоламай, тоқ етерін ғана айтуға тырысты.
Тәшеновтың тағы бір қанға сіңген әдеті – ақты ақ, қараны қара деп, әр нәрсені өз атымен айтқанды ұнатуы. Ал келіспесе, көмейінде іркіп қалмай, бетің бар, жүзің бар демей, айтып-айтып тастайтыны тағы бар. Қазақстанға Хрущев жіберген Яковлев, Брежнев сияқты өкілдер де, Мәскеудегі Козлов, Гарбузов секілді азуы алты қарыс басшылар да қайсар қазақтың айтқыштығы мен өткірлігінен талай рет таяқ жеп, оның осы турашылдығынан көпе-көрінеу тайсақтап, санасып отыруға мәжбүр болатын. Осы мінезімен Жұмекең орыс-қазақ демей, айналасындағы басшылардан айбыны асып, мерейі тасып, оқ бойы озық тұратын. Содан ба екен Тәшенов қатысса алғашында Димаш Ахметұлы да мәжілісті жөнді жүргізе алмай, білгенінен жаңылып қала беретін. Сол кезде әріптестерінің көбі бірінші басшы әсіресақ та ұстамды Қонаев емес, шешімтал да өткір Тәшенов болатын шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, Алланың қалауы мен тағдырдың таңдауы мүлдем басқаша болады екен…
Бұрындары Тәшеновтың осы турашылдығын «нағыз коммунистке тән принципшілдік» деп, барлығы да мойындап, әспеттеп жатушы еді. Сөйтсе, сын дегенің басқаны сынағанда ғана орынды көрінеді екен. Ал пенденің өз мінін бетіне бассаң, ол іштей жауығып, бір бармағын ішіне бүге беретін тәрізді. Осылайша Тәшеновтың көзге көрінбес жаулары біртіндеп көбейе түсіпті. Күндердің күнінде ол азуы алты қарыс Хрущевпен ұстасқанда, әлгі үндемес жаулары тасадан тас атып, домалақ арыздарын Кремльге қарай қарша боратты. Дәл осы жағдай Қонаевтың айын оңынан тудырып, таразы басы күн санап соған қарай ауа берді. Сөйтіп өткірлігі мен турашылдығынан әуелде Тәшеновтің мерейі үстем болса, кейінгі кездері осы мінезінен көбірек жапа шеге бастады.
…Жұмабек Ахметұлы Кремль мінберінен Қазақстан магниткасы мен Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатының алғашқы табыстарын, Бұқтырма ГЭС-і агрегаттарының кәсіпорындарға электр қуатын бере бастағанын, Ақтоғай – Достық темір жолының пайдалануға берілуі Қытаймен байланысты, алыс-берісті жақсартқанын тілге тиек етті. Бір жағынан экономика мен қызмет көрсету, өнеркәсіп пен құрылыста әлі де жеңістік бермей келе жатқан кемшіліктер мен олқылықтар барын да жасырмады. Кей мекемелердің жоспарды орындай алмайтынын, кей жерлерде рәсуашылдық пен қаржыны орынсыз пайдалануға жол берілгенін сынап, осы олқылықтарды жоюға бар күшті жұмылдырып жатқанын мәлімдеді.
Ақыры істі ілгері бастыратын нақты ұсыныстарын тізбелей келіп:
– Советтік Қазақстан еңбекшілері алдағы уақытта да коммунистік қоғамды құру жолындағы жалпыхалықтық күреске өз үлесін қосу үшін барлық күш-қуатын аямай еңбек етеріне Сіздерді сендіруге рұқсат етіңіздер! – деп, биік нотамен аяқтады. Залдағылар әдеттегіден тыс ұзағырақ қол шапалақтап, қошамет көрсетісті.
* * *
…Жоғарғы Кеңес мәжілісінің соңғы күндерінің бірі. Кешкі сағат ондар шамасы. Ел орынға отырған шақ екеніне қарамастан, алып империя қожайынының Кремльдегі кабинеті араның ұясындай гу-гу етеді. Арнайы шақыртылған Қонаев пен Тәшенов Хрущевтің қабылдауын күтіп отыр. Әншейінде лып еткізіп қабылдай қоятын Никита Сергейұлы бұл жолы мен сендердің ғана емес, мұқым он бес республиканың басшысымын, шаруам шаш етектен деп қыр көрсеткісі келді ме, әлде зәуде бір жол түскенде барлық басшылар да Мәскеуден құр қол қайтқысы келмей, жанталасып жатыр ма, әйтеуір төзім сынағандай ұзақ-ұзақ күттірді. Іші пысқан Димекең сол жерден бір журнал тауып алып, парақтай бастады. Ал Сары Арқаның тағдыры толғандырып, санасы санға, ойы онға бөлініп отырған Жұмекеңнің ештеңеге зауқы соқпай, алдағы Хрущевпен болар текетіресті көз алдына елестетті. Иә, істің түйіні шырмауықтай шырмалып, шиеленісіп кетті. Қазір ел басшысының тізеге салары анық. Бұл да алған бетінен қайтпауға бекінген. Не бел кетпек, не белбеу кетпек. Ақыры не болары бір Аллаға мәлім. Әрненің басын шалып келіп, бір қараса, Кремль қожайынының таққа өрлеу жолындағы тар жол, тайғақ кешулерін ойша шолып кетіпті.
…Асылы, Хрущев – халық арасынан шыққан қарабайырлау кісі еді. Сырт көзге момындау, ақкөйлек, ақжүрек көрінгенімен, бір кісідей қулығы да, сұмдығы да бар әккі басшы болатын. Бүкіл халықты отыз жылдай қалтыратқан мұртты көсем мұрттай ұшқанда ел тізгінін ұстауға төрт-бес-ақ адам үмітті еді. Олар – айлакер де жырынды Берия, ысылған аппаратшы Маленьков, Лениннің досы, бірбеткей де қыңыр Молотов, шебер орындаушы Каганович және әсіресақ Булганин. Ал шала сауаттылау Никитаны ел билейді деп ешкім есепке де алмаған болатын. Сталин көз жұмғанда Министрлер Кеңесі төрағасының мансабын «жетекші бестік» өз арасындағы ысылған аппаратшы әрі басшылыққа икемді Маленьковқа ұстатты. Оның бірінші орынбасары әрі Ішкі Істер министрі болып Берия бекітілді. Булганин Қорғаныс министрі, Молотов Сыртқы Істер министрі болып тағайындалды. Ал осыған дейін әріптестері партияны ұжымдық түрде басқаруға келіскендіктен, Хрущев Орталық Комитеттің көп хатшыларының бірі ғана еді.
Бұл – өтпелі кезеңдегі көз алдау ғана болатын. Нағыз тақ үшін талас осыдан соң басталды. Таққа үміткерлердің әрқайсысы да өліспей беріспеуге, тіпті күш қолдануға дайын еді. Алайда әріптестерінің әр қадамы жіпке тізілген мағлұматты уысында ұстаған, әрі күш қолдану органдарын басқаратын Берияның мүмкіндігі аса мол болатын. Қасындағылар одан кез-келгенімізді әп сәтте тұтқындайды-ау деп зәресі ұша қорқатын. Берия Мәскеу түбіне екі дивизия әкеп қойған соң қарсыластары оған қарсы күш біріктіруге кірісті. Бұл ахуалды шебер пайдаланған Хрущев Булганин мен Жуковтың көмегімен Мәскеуге екі таңдаулы танк дивизиясын кіргізіп, орталықтағы ең негізгі нүктелерді бақылауға алды. Берияны Президиумның кезекті мәжілісінде тұтқындап, үстінен дереу жабық сот өткізіп, КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен атқызып тастады. Сталин өлгенде бір қуанған әріптестері қызылкөз Берия мен оның жақтастарынан құтылған соң тағы бір терең тыныстады.
Сол қуаныштардың бірінде Хрущев өзін бірінші хатшылыққа ұсыну туралы идеяны Булганин арқылы Маленьковтың аузына салып жібереді. Қаперіне ештеңе кіріп-шықпаған Маленьков айт дегенді айта салыпты. Сөйтіп қыркүйек пленумында Хрущевтің құқығы Министрлер Кеңесінің төрағасымен теңесіп шыға келеді. Енді елде Хрущев пен Маленьковтың қос билігі орнайды. Никита ескі достарынан дереу құтылуды ойластырады. Өзінің өткен өмірі мен жасаған күнәларын жатқа білетін, әсіресе, Сталиннің саяжайындағы оңаша отырыстарда мұртты көсемнің мұны атан түйеше тапыраңдатып билетіп, мазақ қылған сәттеріне куәлардың көзін құртпаса болмайтын еді.
Ол Сталиннің: «Орыс халқына өз айтқанын бұлжытпай орындататын жуан жұдырықты билеуші, қаһарлы патша керек» деген сөзін еш ұмытпаған болатын. Осы деңгейге жету үшін Хрущев ең әуелі партиялық аппаратты арнайы қызметтердің бақылауынан босатты. Іле-шала Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетін құрып, оның басшылығына өзіне шын берілген генерал-полковник Серовты қойды. Бұрын Берия сақтаған барлық құжат соның қолына көшті. Серов осы құжаттармен мұқият танысып, ең қажеттілерін Хрущевқа іріктеп беріп отырды. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы ол мәліметтерге максизм-ленинизм еңбектерінен бетер мән беріп, шұқшия оқыды. Осыдан соң КСРО-дағы ең негізгі тетіктерге партиялық бақылау орнатты. Осылайша ол барлық көзір қолында отырған карташыдай ойына келгенін істей бастады. Ешкіммен кеңеспей-ақ «Артур» портын Қытайға, Қырымды Украиндарға сыйлап жіберді. Бұл оның сенімінің күшейіп, жуан жұдырықты қаһарлы патшаға айнала бастағанының айғағы еді.
Осы кезде Үкімет басшысы Маленьков туралы «Лениннің асыранды баласы, тіпті жиені» деген дақпырт тарады. Маленьков та қарап жүрмей, бірде колхозшылардың бұрынғы барлық қарызын кешіріп, бірде елдің салығын төмендетіп, абырой-бедел жинай бастады. Алғашқы болып жанталаса қарулануды сынап, қорғанысқа кететін шығынның есебінен халықтың әл-ауқатын күшейтуді ұсынды. Хрущев оның бұл ұсыныстарын бастапқыда қолдады. Кейін Министрлер Кеңесі төрағасының өз сөзін өзіне қарсы айғаққа тартып, тұтқиыл шабуылға шықты. Бірінші хатшы ең әуелі қарсыласының термоядролық соғыста жеңістің болуы мүмкін емес деген сөзіне шүйлігіп, оны капиталистік елдерге тізе бүгумен парапар деп бағалады. Осы сәтте Маленьков та қағынып, шен-шекпенді шенеуніктердің қосалқы ақшасын қиып тастады. Ол кезде жоғары мансапты партия қайраткерлеріне өз еңбекақысынан екі-үш, кейбіріне он шақты есе көп ақша берілетін. Онысы еш жерде тіркелмейтін, одан салық та ұсталмайтын. Маленьков, міне, осыған тыйым салды. Елдің түкпір-түкпірінен Хрущевке «осыны қайта қалпына келтіріңіз» деген хаттар келе бастады.
Осылайша Никита Сергейұлының көктен іздегені жерден табылады. Ол жергілікті жерлердегі партаппараттың осы қолдауын пайдаланып, Министрлер Кеңесінің әлгі қаулысының күшін жойды. Әрі Молотовтың қолдауымен Орталық Комитеттің Пленумында «Маленьковтың көзқарастары қате, саяси сандырақ» деп сынады. Ақырында «Маленьков жолдас туралы» деген арнайы баяндама жасап, ескі досының тас-талқанын шығарады. Тіпті оның әуелде Бериямен әмпей-жәмпей болғаны да қаперге алынады. Қорғаныс министрі Булганин бірінші хатшының сөзін іліп әкетіп, «Маленьков – сарабдал саясаткер емес, авантюрист, қаскүнем» деп айыптайды. Төраға қатердің шындап төнгенін сезіп, ақталуға көшеді. Бірақ ол кеш қалған еді. Пленум Маленьковты қызметінен босатып, орнына Булганинді бекітеді. Маленьковты тақтан тайдырған соң Хрущев енді жеке-дара қожайынға айналады. Министрлер Кеңесінің төрағасы Булганин де, Қорғаныс министрі Жуков та, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің басшысы Серов та өз адамы болатын.
Иә-ә, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма?! Бірде Хрущев те ешкіммен ақылдаспай, түрлі мәлімдемелер жасап, ескі достарының да, елдің де қанын қарайтады. Әуелі ол Ленинградта ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің алдында сөз сөйлегенде ет пен сүт өндіру жағынан АҚШ-ты бес жылдың ішінде қуып жетіп, басып озу қажеттігін айтады. Көп ұзамай мұны да місе тұтпай, осыны бір-ақ жылдың ішінде орындап тастайық деп айды аспаннан бірақ шығарады. Ал айтқанын орындату үшін үкімет малын былай қойып, жеке меншіктің малына ауыз салады. Елдің қолындағы «артық» малды үкіметке өткіздіреді. Әр қазаққа бір сиыр, бес қой, бір жылқыдан артық ұстауға рұқсат бермей, халыққа біраз қысым жасайды. Мұнысын бүркемелеу үшін «Кеңес үкіметі көп ұзамай коммунизм орнатады… ол кезде жеке мал ұстаудың еш қажеті жоқ, бәрі ортақ болады, адамдар ортақ байлықтан керегінше алып тұрады, жаппай бақытқа кенелеміз» деп алдайды.
…Осы туралы ел арасындағы анекдот есіне түсіп, Жұмекең еріксіз мырс етті. Халықтың ішінде небір жатыпатарлар бар ғой, солар шығарса керек.
Хрущевтің АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу идеясы жалпы жұртқа жария болған кез. Сонда көмекшілерінің бірі былай деген екен:
– Никита Сергеевич, АҚШ-ты қуып жетсек, қуып жетейік, алайда Құдай үшін, басып озбай-ақ қояйықшы!
– Е, неге?! Ақыры қуып жетуге шамамыз келген екен, басып озбасақ, несіне қудық?! Басып озайық! – деп өршеленеді Хрущев түкке түсінбей.
– Болмайды ғой, Никита Сергеевич, болмайды!
– Неге болмайды. Неге??? Айтсаңшы күлбілтелемей!!!
– Болмайды! Басып озсақ, артымыз жалаңаш, масқара болып, ұятты жеріміз көрініп қалмай ма?! – депті көмекшісі.
– Иә-ә, жұртты алдай-алдай, өз өтірігіне өзі иланып, елдің бәріне күлкі болған дөкейің артының жалаңаш екенін тарс ұмытып кетсе керек.
Айтпақшы, қазақ қушыкештері де Маленьков пен Хрущевтің ел басқарғандағы қылықтарын талай-талай жырға қосты емес пе!? Мәселен, соңғысының жеке меншіктің малына ауыз салғанын «Маленьков берген байталды Хрущев келіп қайта алды…» деп түйрейтіні бар. Бұл екеуі де қазаққа ешқандай байтал сыйлаған жоқ. Тек Хрущев жекеменшікке бір-ақ жылқы, ал Маленьков екі жылқы ұстауға рұқсат берген еді. Айтып жүргендері осы болатын.
…Иә, әбден зығырданы қайнаған ескі достары да Хрущевке қарымта ретінде күтпеген тосын сый жасады ғой. Тағынан тайдырылса да, Орталық Комитеттің Президиумынан әлі қуылмаған олар Хрущевке қарсы топ құрады. Енді екі жақ та бұдан әрі төзуге болмайтынын түсінеді. Хрущев те, жаулары да қырғын шайқастың таяп келе жатқанын сезіп, білек сыбана бастайды. 18 маусымда Кремльде Орталық Комитет Президиумының кезекті мәжілісі өтеді. Ең соңғы сәтте бірінші хатшы үшін күн тәртібі күтпеген жерден өзгеріп, үш күндік пікірталасқа ұласады.
Осы мәжілісте Маленьков партияны бірлесіп басқару принципінің өрескел бұрмаланғанын әшкерелеп, «Хрущев үсті-үстіне қателіктерге жол беруде, ол менменсіп кетті» деп айыптайды. Молотов «Хрущев сыртқы саясатта аса қауіпті бұлталақ-бұралаңдарға жол беруде» деген мін тағады. Ал Каганович «Хрущев Президиумда қорқыту мен үркіту ахуалын орнатты» деп жазғырады. Шепилов «Хрущев Совет жетекшілерінің соңынан кісі салып, аңдытып қояды. Сөздерін жаздырып алады» деп, Мәдениет министрі Фурцеваның сөзін айғаққа тартады. Фурцева отырған жерінен атып тұрып: «Бұл – жала!» деп айғай салады. Булганин Шепиловті қостап: «Мен үйден кеткенімде бүкіл ауламды әлдекімдер қазып, құпия құрылғының желісін тартыпты» дейді. Тек олардың бүкіл әрекеттерін аңдып, бірінші хатшыға сөз тасып жүрген Брежнев қана жұмған аузын ашпай аласұрып, өзін-өзі іштей мүжиді. «Аяқ астынан бұлар жеңіп кетсе, менің күнім не болмақ? Хрущев сонда өз тапсырмасын тарс «ұмытып», «Сендердің барлық әрекеттеріңді жіпке тізіп, шағыстырып жүрген, осы» десе, мен қайтпекпін?» деп, ойы онға, санасы санға бөлінеді. Қатты қайғырғаны сонша шешуші дауыс берерде есі ауып құлап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі.
Дәл осы кезде халық естімей қалған тосын оқиға болып, Президиум бірінші хатшыны көпшілік дауыспен қызметінен алып тастайды. Дауыс бергенде тек Хрущевтің өзі мен Микоян ғана қызметтен алуға қарсы қол көтереді. Министрлер Кеңесінің төрағасы Булганин Ішкі Істер министрі Дудоровқа Орталық Комитет Президиумының шешімін жергілікті органдарға шифрланған жеделхатпен жеткізу, ал ТАСС пен Мемлекеттік Телерадио комитеттерінің жетекшілеріне осы өзгерісті БАҚ-тарда жариялау туралы бұйрық береді. Алайда олар тағынан тайдырылса да, ықпалы жоғалмаған Хрущев пен оның жақтастарына бағынып, бұйрықты орындамайды. Бірінші хатшының орнынан алынғаны халыққа жетпей қалғанын естігенде оның қарсыластарының арасына іріткі түсіп, жанұшыра бастайды. Сол сәтте азшылыққа айналған Хрущевтің жақтастарына маршал Жуков көмекке келеді.
Бұл кезде ленинградтықтар қаланың 250 жылдық тойын еш алаңсыз тойлап жатыр еді. Хрущевтің көптеген жақтастары оның нұсқауымен осы мерейтойда болатын. Кремльде Орталық Комитет Президиумы бірінші хатшыны тағынан тайдыруға айналғанда іргелес кабинетте маршал Жуков пен генерал-полковник Серов мерейтойдағы Президиум мүшелерін самолетпен шұғыл жеткізуге кіріседі. Көп ұзамай жеткен тойшыл қауымды Жуков, Серов және Фурцева кәрі тарландарға қарсы үгіттеп, Хрущевті жақтап дауыс беруге көндіреді. Олар үшін қосалқы ақшаларынан айырған Маленьков пен оның жақтастарынан гөрі соны дереу қайтарған Хрущев сүйіктірек еді. Ленинградтан келген Президиум мүшелері ахуалды бірден өзгертеді. Маршал Жуков өз сөзінде Молотов, Каганович, Маленьковтың жаппай қуғын-сүргінге қатысты әрекеттерін құжатпен әшкерелеп, Компартияның ХХ съезінде бұлардың күнәларын мойындап, халықтан кешірім сұрамағанын тілге тиек етеді. Залдағылар: «Жендеттер! Қане, дереу жауап беріңдер!» – деп, айқайға басады. Ауруынан айығып шыққан Брежнев бірден Шепилевке шүйлігеді. Ол жас жағынан қарайлас әрі саяси сауатты Шепилевті өзіне ең қауіпті бәсекелес санайтын. Сондықтан сәті түсіп тұрғанда оның көзін құртуды көздейді.
Ақыры сегіз күнге созылған шайқастан соң Хрущев пен оның жақтастары толық жеңіске жетіп, «Маленьков, Каганович, Молотовтың антипартиялық тобы» туралы Орталық Комитеттің атышулы қаулысы жарық көреді. Жеңілген жақтың қуғын-сүргінге ұшырап, сазайын тартары айдан анық. Жеңген жақ Молотовты Моңғолияға елші қылып жібереді. Маленьковты Өскемендегі ГЭС-тің, Кагановичті Свердловскідегі «СоюзАст-бест» тресінің басшылығына тағайындайды. Ал ежелгі жауларға тың күш қосқан өте сауатты әрі аса қауіпті Шепилевке бәрінен қатты жаза бұйырып, ол Қырғызстанға жер аударылады. Ал «мені мыналар азғырды» деп, сыбайластарын сатып, көзінің сорасы ағып, Хрущевтен кешірім сұраған Булганинді әзірге қозғамай, бір жылдан соң тағынан тайдырып, қызметін өзінікіне қосып алады. Өзін ең қиын сәттерде құтқарған маршал Жуковты да бірер жылдан соң қызметтен алып тастайды. Осылайша айналасын өз қалауынша тазалаған Хрущев енді жуан жұдырықты қаһарлы патшаға айналады.
Асылы, бұл кісінің ел басқару тәсілі өз ізашарыныкіне мүлдем кереғар еді. Сталин отыз жыл билегенде екі-ақ рет қана шетелге шықса, Хрущев таққа отырған жеті-ақ жылда отыз шақты елді аралап үлгерген еді. Иосиф Виссарионұлы елді бүкіл әлемнен оқшаулап, темір пердемен құрсауласа, бұл темір құрсаудың быт-шытын шығарып, әлемге есікті де, терезені де айқара ашып тастады. Мұртты көсем елдің бәрін түрмеге тықса, Никита Сергейұлы соның бәрін бостандыққа шығарды. Алайда айналасын жиі-жиі тазалап, алды-артын аршып отыру жағынан бұл ұстазынан асып түспесе, ешбір кем түскен жоқ. Ол мақсатын жүзеге асырарда кешегі досы, әріптесі, мүдделесі атаулының бірде-бірін аяған емес. Осындай азуы алты қарыс Хрущевке енді қазақтың арыстан жүректі азаматы Жұмабек Ахметұлы қарсы шығып, қазақ жері үшін өліспей беріспеуге белді бекем буған еді.
…Билікке әбден орныққан соң Хрущев қазақ жерін бөлшектеуге белсене кіріскен болатын. Бар желеуі – Қазақстанның аумағы тым-тым көлемді, осы күйі басқару мүмкін емес. Мұны естіген Ниязов Хрущевпен бірге оқығанын пайдаланып, қазақтың недәуір шұрайлы жерін өзбектерге қаратып алды.
Ойындағысын орындатпай тынбайтын Хрущев мұнымен де тоқтамай, енді терістіктегі Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сынды 5 облысты біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып тастады. Ақмоланы орталық қылып, Тың өлкесін көп ұзатпай Ресейге қосуды көздеп отыр. Өлкенің басшылығына орталықтан Т.И.Соколовты жіберді. Оның еркінсігені сонша қазақ басшыларына бағынудан бас тарта бастады. Мұндай бассыздыққа төзе алмаған Жұмекең Соколовты да, оның бірінші орынбасары Козловты да тәубасына түсіріп, кешірім сұратып еді. Мұның бәрі ең әуелі Мәскеудегі басшының құлағына тиетіні бесенеден белгілі. Өзі жіберген өкілдерді Тәшеновтың заңмен бұғаулап, партия жарғысымен құрсаулап, тырп еткізбей жатқаны оның қанын қарайтары тағы анық. Алайда ол ашуланады екен деп, айқасқа бел буған Жұмекең де алған бетінен қайта қоймады.
…Бұрын жылы шыраймен қарсы алатын Хрущев бүгін қабағын қарс жауып алыпты. Бұлар отырар-отырмастан-ақ ол үнемі әлденеге асығып жүретін әдетімен төпелеп ала жөнелді:
– Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі – үкімет пен партиямыздың көрегендік саясатының арқасы. Осыны басқалар білсе де, әлі күнге дейін соған онша мән бермейтіндер де бар көрінеді. Саяси бюрода Қазақстанның саяси-экономикалық тұрғыдан алға басуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептерді анықтадық, – деді ол.– Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың заманауи талапқа сай келмейтіндігі, өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте көлемділігі және өндіріс салаларының тым-тым көптігі… Осы кедергілерді дереу шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарастырармыз, қазір кезектегі және шұғыл шешетін мәселе – республиканың жер көлемі. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын!
Мәймөңкені білмейтін Жұмабек Ахметұлы сөзбұйдаға салмай, бірден төтесіне көшті:
– Никита Сергеевич, Сіздің меңзеп отырғаныңыз Тың өлкесінің Ресейге қосылу мәселесі ғой. Мен дұрыс түсіндім бе?
– Айна-қатесіз, дөп бастыңыз!
Хрущев енді не дер екенсің дегендей, көзін сығырайта сынай қарады.
– Тың өлкесі туралы пікірім мынау: мен өзім Ақмолада туып-өстім. Он екі жыл Солтүстік Қазақстан облысында қызмет еттім. Ата-анамның, ата-бабамның жаны осы қасиетті мекенде жай тапқан. Енді бұл жерді Қазақстанның құрамынан алып, Ресейге қоспақсыздар! Мұндаймен бірде-бір қазақ келіспейді!..– дей беріп еді, одақ басшысы сөзін бөліп:
– Қалайша «бірде-бір қазақ келіспейді» дейсің, қасыңдағы Қонаев келісіп отыр ғой! – деді мысқыл аралас мырс етіп. Ол сізден сенге қалай көшкенін байқамай қалды.
– Қонаевтың жөні басқа! Ал мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын! Айтқаным айтқан: Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді!
Мұны естігенде Хрущевтің беті қызарып, көзі аларып, екеуіне кезектесе жалтақтап отырып қалды. Маймұрнының сол жағындағы меңі бадырайып, оның үстіне өскен екі қылтанақ тікірейіп кетті. Аузына сөз түспей, тұтығып қалды. Сәлден соң есін жиып:
– Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның – мынау. Әрі-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес Одағы – біртұтас мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру – КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі, – деп, өз артықшылығын сездіріп, шабынып шыға келді.
Реңінен ашуының қайтып, сабасына түсе бастағаны білінді. Сонысын пайдаланған Жұмекең қазақтың «шешінген судан тайынбас» дегені есіне түсіп:
– Никита Сергеевич! Егер КСРО Жоғарғы Кеңесі әр республиканың жерін жергілікті органдардың келісімінсіз шеше берсе, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын мүлдем жою керек! Өйткені ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға, тіпті, одақтан шығуға құқығы бар деп жазылған. Республиканың келісімінсіз, шекарасын өзгертуге ешкімнің, ешбір органның, тіпті Саяси Бюроның да, Жоғарғы Советтің де хақысы жоқ!
Қонаев Тәшеновке бұрылып:
– Жұмабек Ахметович, қатты кетпеңіз, сабыр сақтаңыз! – деді орысшалап. «Қызым, саған айтам, келінім сен де тыңда!» деген емеурін жатқандай. Оны екеуі де елең қылған жоқ.
– Жолдас, Тәшенов, есіңізде болсын! Егер бар мәселе Конституцияға тіреліп тұрса, оны өзгерте саламыз! Қолда тұрған нәрсе!
– Өзгерте алмайсыз, Никита Сергеевич!
– Неге?! Сен не деп тұрсың? Менің құзіретіме шәк келтіргің келе ме?! – Хрущев тағы да қызарақтап, алқымы ісіп, қаны басына теуіп шыға келді.
– Никита Сергеевич! Сіз БҰҰ-ның мәжілісінде де, биылғы қарашада Мәскеуде өткен дүние жүзі жұмысшы және коммунистік партиялары өкілдерінің мәжілісінде де «ұлт республикаларының құқығын күннен-күнге кеңейтіп келеміз, кеңейте де бермекпіз» деп мәлімдедіңіз! Өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығасыз ба?
– Сен менің сөзіме жармаспа, Тәшенов!
– Ал тіпті өз сөзіңізді өзіңіз мансұқтап, Конституциямен санаспасаңыз, онда біз БҰҰ-ның Халықаралық ұйымдарына, Гаагадағы Халықаралық соттарға шағым беруден тайынбаймыз! – деді Жұмабек Ахметұлы. Туа бітті қайсар жанның ештеңеден тайынбайтыны бүкіл болмысынан байқалып тұр еді.
Одақ басшысы қапелімде қисынды уәж таппай орнынан атып тұрып:
– Әй, сен өзіңді ана Молотов, Каганович, Маленьков, Шепилевтерден артықпын деп тұрмысың? Солар сияқты сенің де көзіңді оп-оңай құрта саламын, біліп қой… – деп, орыстың былапыт сөзімен боқтап жіберді. Мұны күтпеген Жұмекең де дәл өзіндей қылып қарымта қайтарды.
Хрущевтің көзі алақтап, қылқына жаздап, айғайға басты. Көмекшісі емен есікті ашып:
– Никита Сергеевич! Не істейін? Қандай көмек керек?! – деп, кабинетке жүгіріп кірді. Қонаев та көзі бақырайып, қапелімде не істерін білмей апалақтап: «Никита Сергеевич! Никита Сергеевич!» – деп құрақ ұшып жүр.
– Пошел, вон! – Кет, жоғал! Жап есікті! – деді Хрущев көмекшісіне.
Жұтындыра киінген, сыптығырдай сары жігіт табалдырыққа сүріне-қабына кері шықты да, есікті жапты. Никита Сергейұлы сонда ғана есін жиып, жөткірініп:
– Бұл әңгіме осымен аяқталсын! Ақыры келісе алмайды екенбіз, басқа жолын қарастырамыз! Орыстың «Кешкі ойдан таңғы тағылым артық» дейтін нақыл сөзі бар, қалғанын кейін көрерміз… – деп, асығыс-үсігіс тұра жөнелді. Соңынан Қазақстанның қос басшысы да ілесе шықты.
Былай шыға бере шартпа-шұрт мінезді екі тентектің арасынан аман қалғанына қуанған биязы мінезді Қонаев:
– Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау, еш қаймықпай қарсы шаптың! Есемізді де жібермедің,– деп сүйсінгенде Жұмекең жайбарақат қана:
– Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын, – деп, қонақ үйге қарай тарта берді. Кенет тоқтап, өкшелеп келе жатқан жолдасына қарап:
– Әлгінде «есеміз» деп қалдыңыз! Әй, Димеке-ай, екеуміз бірлесе қимыл-дасақ, ешқашан ешкімге есемізді жібермес едік қой! Бірақ ондай қайда-а-а…
Жұмекең ырқынан тыс күрсініп жіберді.
– Иә, оның рас! Бұл туралы талай рет өзара айтыстық та, тартыстық та ғой! Екеуміздің мінезіміз де, көзқарасымыз да, жұмыс тәсіліміз де екі бөлек болып шықты емес пе? – деді Димекең де қамығып.
– Енді мүлдем екіге бөлінетін болдық. Көп ұзамай Хрущев Сізге хабарласып, мені орнымнан алып таста дейді.
– Алып таста десе, алмағанда қайда барамыз? Бас амандығына тәуба дейсің. Басқа амал бар ма?
Барлық мәселенің беті ашылған соң екеуі елге екі бөлек қайтты. Арада екі апта өтпей, Тәшеновтың мәселесі майшаммен қаралды.
* * *
Қазақстан Орталық Комитеті Саяси Бюросының жабық мәжілісі шырқау шыңына шыққан еді. Сценарий бойынша Тәшенов әбден сыналды, кемшіліктері термеленді. Енді тек қорытынды сөз сөйлеп, күні бұрын дайындалған қаулыны қабылдау ғана қалды. Димекең Тужиковке бұрылып, бірдеңе дейсіз бе дегендей күбір етіп еді, ол басын шайқады.
Жұмабек Ахметұлы да әріптестерінің сыны мен міні туралы ақтық сөзден бас тартты. Не айтпақ? Бәрі бесенеден белгілі емес пе?! Күні бұрын құрылған сценарийде кім өз рөлін сәтті ойнағанын айта ма, әлде жаздым, жаңылдым деп, жазықсыз жазғырғандардан кешірім сұрай ма? Әлде нақақ күйіп барам деп ақтала ма? Не айтсаң да, жаныңды түсініп, жүрегіңе үңілу былай тұрғай, қисынға жүгініп, араша тұрар адам бар ма бұл жерде? Жалғыз Бейсебаев болмаса, қалғандары жабыла жамандап, үйтіп жеуге шақ қалған жоқ па? Ендеше сөз шығындап, төменшіктеудің қандай қажеті бар?!
Қонаев қорытынды сөз сөйледі. Жұмабек Ахметұлы оған да аса мән берген жоқ. Өйткені не айтатыны белгілі еді. Сықиған, сірескен таптаурын сөздердің арасынан тек: «СОКП Орталық Комитетінің өкілі Тужиков жолдас республика Министрлер Кеңесінің, оның ішінде тікелей Тәшеновтің жұмыстарындағы кемшіліктерін қолмен ұстатқандай жіліктеп, бұлтартпас дәлелдермен баяндады», – дегенді ғана ап-анық ұқты…
Жұмекең Димекеңнің жүзіне тура қарады. Бір сәтке жанарлары түйісіп, емеурінмен үн қатысқандай күй кешті. Бірінші болып Жұмекең «тіл қатты».
– Димаш-ау, сертімізді тарс ұмытқанбысың?!
– Қай сертті айтасың, Жұмаш?
– 1955 жылы Леонид Ильичтің жалғыз ұлы Юрий үйленгенде. Түн ортасында Леонид Ильичтің үйінен қайтқанда…
– А-а?.. Иә… Тоқта! Мен бұл сертті бұздым ба, – Димаш Ахметұлының түрі бұзылып кетті. Өңі қуқыл тартты. Содан соң сөзімнен жаңылмайын деді ме, әлде басқа себебі бар ма, кім білсін, бетін бұрып әкетті…
Брежневтің үйінен жаяу қайтқанда шыңға қарай өрмелеген екі азамат ұзақ-ұзақ пікір таластырып, бір-бірін жеңе алмай, алда-жалда кім басшылыққа қол жеткізсе, бір-бірімізді жарылқаймыз деп, жалған уәде бермей-ақ қояйық, тек шыңға шыққанымыз шыға алмағанымызды басқаның талауына қалдырмайық. Ың-шыңсыз ғана төменге сырғытып жіберейік деп келіскен еді.
Бүгін сол бес-алты жыл бұрынғы берілген серт, айтылған уәде орындалған болатын. Жұмекең Саяси Бюроның жабық мәжілісін өткізіп, өзін орнынан алған Димаш Ахметұлына қарап, ішінен: «Қалай дегенмен, Хрущевке қарсы шықпағаның ақыл болды, Димеке! Егер сен де қарсыласқанда, екеумізді бірдей алып тастап, қазаққа мүлдем жаны ашымас біреуді орталықтан әкеп қонжитар еді. Сонда онсыз да құлағынан қиқу кетпей жүрген қазақ қайтіп күн көрмек!?» деп күрсінді.
* * *
«Ух, бітті ме әйтеуір…» деп ойлады Тәшенов «бұйраланып» шыққан соң. «Ал керек болса?! Алар сыйыңды алдың ба?! Бұл – әлі бастамасы ғана. Көресіңді әлі көресің… Шоқ! Шоқ! Саған керегі осы еді ғой…» деді ішінен бір дауыс. Осылай боларын білдің ғой?! Әрине, білдің. Әйтпесе Димаш Ахметұлы: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау», – дегенде: «…Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын», – деп бекерден бекер айттың ба?!
Жұмабек Ахметұлы кабинетіне келсе, телефоны үздіксіз безектеп тұр екен. Көңілін аулағысы келген тілеулестер ме, әлде табалағысы келген біреулер ме, деп, екіұдай халде сөйлескісі келмей, сәл кідіріп барып, тұтқаны көтерді. Мәскеуде іссапармен жүрген Сағындық Кенжебаев екен.
– Естіп жатырмын, Жұмабек Ахметович! Сіздің көңіліңізді көтерейін, Сізден сүйінші сұрайын деп, әдейі хабарласып отырмын! Сіз жеңдіңіз! Айтқаныңыз келді! Ол Сізді орныңыздан алғанымен, Тың өлкесін Ресейге қосу идеясынан бас тартыпты!
Жұмабек Ахметұлының жанары жарқ ете түсті.
– Сақыш, шын айтамысың? Анық солай ма?
– Иә, иә! Анық солай! Тек әзірше дымыңыз ішіңізде болсын! Жаңа ғана өзіміздің Леонид Ильичтен естідім.
– Апырай, мынауың керемет жаңалық қой! Сары Арқаны сақтап қалсақ, Төрағаның орынтағы деген сөз бе, тәйірі! Ол мансабың Сары Арқадан садаға кетсін! Рахмет саған! Сүйіншіңе не сұрасаң да берем! Тек қалауыңды айт!
– Жо-ға, Жұмабек Ахметович! Ештеңе керек емес! – Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы жөпелдемеде сөз таппай сәл кідірді де:
– Қалауым Сіздей дос-ағаның көтеріңкі көңіл-күйі ғой! – деп, шын жүректен шаттана күлді.
– Рахмет, Сақыш, рахмет!
Жұмекең тұтқаны орнына қойған соң қуаныштан толқып, әлгі сөзін күбірлеп, тағы қайталады: «Сары Арқаны сақтап қалсақ, Төрағаның орынтағы деген сөз бе, тәйірі! Ол мансап Сары Арқадан садаға кетсін! Өйткені мансап – қара бастың қамы, ал Сары Арқа – халықтың мүлкі, ұлттың құндылығы. Оны сақтап қалу – халықтың есесін жібермеу, есебін түгелдеу. Түптеп келгенде, тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар. Түптің түбінде сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады».
– Иә-ә, дәл солай! «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп, жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» дегенде Абай атамыз нені мегзеді екен?.. Қыран мен жылан. Халық үшін осының қайсысы пайдалырақ? Қыранша оқтай атылып, аз ғана уақытта көп іс тындырғаның абзал ма, әлде жыланша жер бауырлап, асықпай арбамен қоян алып, біреуді алдап, біреуді арбап жүріп, ұзақ-ұзақ ел билегенің бе? Халық үшін де, өзің үшін де осының қайсысы пайдалырақ? Қайсысы қайырлырақ?.. Әрине, алғашқысы. Халық үшін осы пайдалы, ал қара басыңа ше?! Өзіңе қайсы пайдалы?..
Ол терезеден батыс көкжиекке көз жүгіртті. Күн жарықтық батыс жақты қызыл жалқынға бояп, қабаржып батып барады екен.
20.04. 2020 жыл
Комментарий (1)
Ерекболат Қабылдаговорит
17.08.2021в05:08Көп рахмет! Тау тұлға ерлігі туралы жазған үшін!