Толымбек ӘБДІРАЙЫМ. ҚОҢЫР ҚОЗЫ


ҚОҢЫР ҚОЗЫ

(Балаларға арналған әңгімелер)

 

Ауыздықпен алысып, күш бермей келе жатқан кер атты қалқан құлақ қара бала зорға тежеді. Құнан шыққан жас мал кішкентай иесіне ырық берер емес. Неге тізгіндейсің дегендей басын шайқап-шайқап қояды.
Қара бала жан-жағына қарады. Тыныштық ұйып қалғандай; көк аспанда әуелеп ұшқан бозтарғайдан өзге тіршілік белгісі білінбейді. Ақселеу мен изені аралас маң дала тоң-торыс қалпында. Ауыл үйлері көз ұшында бұлдырап көрінеді.
Айтқазының құнанға алғаш мінуі. Ағасы Әмірғазы атты ерттеп аттандырар алдында: «Ұзақ шаппа, құнанның басы қатты әрі қызбалығы бар, байқа», – деген құлағына құйып. Ағасының осы сөзін жадында ұстап, желдіртіп келе жатты да аяқ асты делебесі қозды білем, тізгінді шыжымдай босатып тебініп қалғаны сол еді, ытырылып кетті жануар. Әп-сәтте тасырлата шауып, зулай түсті. Алға ұмсына түсіп бұққанымен жас парлады көзінен. Біраз уақыт басын жіберіп-жіберіп алды да, тізгін тартты. Асаулау жас мал барып-барып аяңға зорға көшті. Әлі де ауыздығын шайнап, құйғытқысы келген сыңай танытты.
– Осы да жетер!..
Қара бала тізгінді күшпен ұстап келеді. Шашылған асықтай бытырап қой отары тау бөктерлей жайылуда. Аласа бойлы, тақыр бас, құс мұрын жігіт ағасы Сейілхан тортөбел атын отқа жіберіп, өзі дәу қойтас жанында малдасын құрып отыр екен.
– Ассалаумағалейкум! – деді бала атынан түсіп.
– Уағалейкумассалам!
Шопан да орнынан тұрды.
– Келдің бе?! Бәрекелді-і! Азамат болды деген осы! Жә, саған ақыл айтатын емес. Малды жаңа бағып жүрген жоқсың. Қойлар әбден тойды. Соңыра бері қайырарсың. Әзірше жайыла берсін. Көкжайдақтың осы бір тұсында қой баласы жатып алады жабысып. Әне-е, көрдің бе шөп дегенің белуардан. Еміп тұр-ау жарықтық! Ұмытпай тұрғанда есіңе салайын, бір кішкентай қоңыр қозы жатқыштай береді. Көзіңнен таса қылма! Қаға берісте, ши түбінде қалып қоймасын.
Шопан атына мініп ауылға тартты. Отарға ие болып Айтқазы қалды.
Қол сағаты бесті көрсетіп тұр. «Кешкі тоғызға дейін төрт сағат бар, «біраз уақыт» деп ойлады ол елегізіңкіреп. Сейілхан ағаның манағы мақтау сөзі есіне түсіп, көңілі көтерілді.
Айтқаны рас. Жазғы каникулға шыққалы Әмірғазы ағасының сенімді серігі. Бас шопан Сейілхан да, өз ағасы да сенбесе табыстай ма малды. Адам баласына көп дүниенің керегі жоқ. Көңіл. Сыйластық. Әсіресе балаға…
Көгілдір шыныдай ашық аспаннан сызат таппайсыз. Сонау-у батыс жақтан шыққан ақша бұлттар жүзіп келеді. Шөп бастарын қозғап самал жел есті. Қара баланың аузына ойнақы әуен түсіп ыңылдап қояды. Кер құнанның алдыңғы аяқтарына тұсамыс салып, шылбырын шұбатып қоя берді. Жайылсын, ұзай қоймас деп ойлады. Өзі ат көрпені шиыршықтай басына жастап көк майсаға жантайған. Аспанға қарап армандап жатқанда көзі ілініп кетіпті. Селк ете басын көтерді. Недәуір уақыт ұйықтаған сияқты. Орнынан атып тұрды. Кер ат кішкентай иесін көріп, басын кегжитіп құлағын қайшылады. Тау бөктеріндегі қойлар әлі де көк шөпке кенеше жабысуда. Әне бір етек жағы түріліп, қозғалғанға ұқсайды.
Батуға тақаған күн қыр асып көрінбей кетеді көп ұзамай. Кер құнанға мініп, шашыраған отар бетін қоғамдап, ауыл жаққа бағыттаған. Кенет маңыраған малдың дауысын естіп, көз тіккенде бір көк саулық кері қарай еңкілдей безіп барады екен. Атын шаужайлап, көк саулық соңынан жетсе, қалың шидің түбінде қоңыр қозы үйелеп жатыр. Көзі жәудіреп, тілі салақтап қатты зорыққан қозы ентіге демалады. Жалма-жан тәлтіректей тұрып, алға аттамақ еді, шойнаң етіп қайыра жата кетті. Атынан түсіп қараса, артқы бір аяғы былқ-сылқ етеді. Жаны ашып жерден көтеріп алды. Недәуір жер жүріп еді, қолдары салдырап қалды. Кішкентай болғанымен салмағы әжептәуір.
Қайтсе екен? Тыпыршып, байыз таппайтын құнанға өңгеру оңайға түспес. Одан да осылай көтеріп, арасында демалып отарға жетіп алармын. Бір абыройы асау аты жұлқынбай, тартынбай жетекке үнсіз еріп келеді.
Қозының енесі мұндай балажан болар ма?! Айтқазыға сес көрсетіп, аяғымен жер тарпып қояды. Отардан недәуір ұзап кетіпті. Күн әлдеқашан ұясына қонақтаған. Аздан соң ымырт үйіріліп, қараңғы түседі. Қоңыр қозыны қалдыруға болмайды. Ит-құсқа жем болуы кәдік. Қозымен әуреленіп жүргенде отардан көз жазып қалса қайтеді?!. Қара баланың үрейі ұшты. Дереу бір шешімге келуі керек.
Осы кезде көз ұшынан қараңдап салт атты көрінді. Жүрісі екпінді. Кім болса да бұған келе жатқан біреу. Жақындағанда таныды. Әмірғазы ағасы екен. Қуанған мен қорыққан бірдей, көзінен жас домалап түсті.

Таза бұлақ

Нұржан үйге бір кіріп, бір шықты. Байыздап отыра алатын түрі жоқ.
– Астыңнан су шықты ма? – деді анасы кейіп.
– Жоқ…
– Неге ары-бері жүре бересің? Қарамайсың ба, аға-әпкеңнің қозғалмай сабақ қарап отырғанын. Отыр шошаңдамай…
Расында, бесінші сыныпта оқитын Жандос ағасы да, жетіншіде оқитын Ақбота әпкесі де, алдарындағы компьютерге үңіліп, онлайн-сабақ оқып отыр. Бұл ғана жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр. Ас үйге бірнеше барды. Бір жолы су ішті, екінші жолы алма жеді.
Нұржан карантин басталған алғашқы аптада уақытты тиімді пайдалануға талпынып, ертерек тұрып дене шынықтыру жаттығуларын жасайтын. Тездетіп шайын ішіп онлайн-сабақ оқуға отыра қалатын. Бастапқыда қызық көрінген. Ерекше ынтамен, барынша ұқыптылықпен оқып жүрген.
Бір күні түске таяу жалп етіп электр жарығы сөнді. Екі-үш сағат бос отырды.
– Күнде бұлай бола бермес, кітап оқы, – деді Ақбота.
Ол Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітәбін алып оқи бастады. Кітәптің қызығына кездессе керек, басын көтерер емес. Жандос та шұқшия қалыпты. Оның қолында – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы». Бұрын Нұржан кітап оқыса, есінеп ұйқысы келетін. Бұл жолы өйтпеді. Қызық кітап өзіне тарта берді. Содан бастап кітап оқуға ынталы бола бастады…
Іші пысқан Нұржан, міне, енді қиялға беріліп отыр. «Короновирус деген пәлекет қайдан шықты екен? Тезірек бұл індеттен құтылып, бұрынғыдай сағат тоғызға дейін ұйықтап, асықпай түс ауа мектепке барып жүрсек қой, шіркін!.. Ойынға ештеңе жетпейді-ау!.. Әбден жалықтым!.. Немен айналыссам екен?!.»
Нұржан ағасы мен әпкесіне назар аударды. Олар әлі тапжылар емес.
Терезеден далаға көз тастады. Ашық күнге, сары жапырақтары сыбдырлаған ағаштарға қарап қызығып кетті. Орнынан тұрып, аяғын ұшынан басып, сырт киімін кие бастады. Жандос інісіне қабағын түйе көз тастады.
– Қайда барасың?
– Аулаға.
– Не істейсің аулада?
– Таза ауа жұтам… Аздап ойнаймын…
– Жалғыз өзің бе?
– Иә…
– Далаға шығуға болмайды! Короновирус ауа арқылы ұшып келіп, мұрныңа, аузыңа кіріп кетуі мүмкін. Ауырып қаласың! Ұқтың ба?!
– Соқ өтірікті! Сонда короновирустың қанаты бар ма ұшатын?
– Бар болғанда қандай!.. Бар, олар ауа арқылы да тарайды!..
– Кім айтты?
– Өткенде ғаламтордан оқыдым.
– Жандос дұрыс айтады. Тыңда ағаңды. – Әңгімеге Ақбота араласты. – Сенің бұлайша ары-бері жүре беруің, шынын айтқанда бізге кедергі. Көңіліміз бөлінеді… Өткенде «Балалық шаққа саяхат» қатты ұнап еді ғой. Бұл жолы мен саған Ыбырай Алтынсаринның «Таза бұлақ» деген жинағын оқуды ұсынам,– деп кітап сөресінен мұқабасы ақшыл кітап алып берді.
Нұржан әпкесі берген кітапты қолына алды. Ары-бері парақтап отырды да, «Таза бұлақ» деген әңгімені оқи бастады. «Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен…»
Нұржанды жып-жинақы, мөлтек әңгіме тарта жөнелді. Әңгімеде «тынбай еңбектен, ешуақытта жалқауланба, сонда ғана мұратыңа жетесің. Мөлдір бұлақтай таза бол» деген мағына бар екен.
Ақсары бала сол отырғаннан мол отырды. Кітаптың біраз бетін тауысып қана бас көтерді. Келген жеріне белгі қойып: «Қалғанын ертең оқимын», – деді ішінен. Содан бастап ол қолы босай қалса, кітап іздейтін болды. Қалай кітапқұмар болып кеткенін өзі де байқамай қалды.
Үш тал гүл

Бойы аласа, денесі нәзік болған соң былайғы жұрт Ақеркені бала бақшаға баратын қыз деп ойлайды. Шынында олай емес. Ол – қаланың нақ ортасындағы, былтыр ғана пайдалануға берілген судай жаңа мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы.
Бірде анасының қолы тимей, түскі ас дайындап, екінші жағынан үй жинап жатқанда:
– Ақерке, құлыным, менің әмиянымнан бір мың теңге ал да, жүгіріп «Береке» дүкеніне барып келе қойшы? – деді өтініш айтып.
– Не әкелейін?
– Бір нан мен екі сүт керек.
– Қазір, анашым, – деді тіл алғыш елгезек қыз елп етіп.
Сөйтті де оқып отырған сабағын қоя тұрып, әмияннан керек ақшаны алды да, киініп шығып кетті.
Дала күндегідей емес, күн ерекше шуақты. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Қыс бойы бекіген қар ери бастапты. Мәшине жүретін асфальт пен аяқ жолдар қарайып қалыпты.
«Ертеңнен бастап бір мезгіл аулаға шығып ойнау керек екен» деп ойлады тыпың-тыпың шапшаң келе жатқан Ақерке маңайға көңілдене көз тастап.
– Оу, біздің кішкентай «бойжеткен» де далаға шығыпты ғой? – деді қарама-қарсы үйде тұратын Аллаберген ата Ақеркеге қарап.
– Амансыз ба, ата? Қалыңыз қалай?
– Қалым жақсы, көрмейсің бе күн шуақтауға шықтым. Жыл басы – Наурыз да жақындады. Әлгі қазақ бабамыздың: «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» – деген мезгілі келіп қалды.
– Ата, жаңағы сөзіңізде сіз «мүйіз, киіз» деп айттыңыз. Неге олай дедіңіз?
– Бәрекелді-і!.. Дұрыс аңғарғансың, балам! Қазақтың сөзі бай әрі шұрайлы ғой, шіркін! Бұрнағы ғасырдағы ата-бабаларымыз қалай-қалай шешен сөйлеген?! Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің бірі – шешендік өнер. Үйсін Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің таспадай өріліп, кестедей төгілген тұжырымды билік кесімдері, нәзік сезіммен, жан толқытқан ғажайып құлшыныспен айшықты да асыл ойлары көнермейді. Ғасырдан ғасырға кете береді, зердеге жете береді…
Ой-бу, балам-ай!.. Кешір атаңды!.. Сен сұраған мақалдың мәні былай. Мүйіз дегеніміз – қатқан қасат қар болса, киіз дегеніміз – сол қардың түс ауа күн шуағымен жібіп, еруі деген мағына білдіреді. Демек, наурыз келісімен жер-ана бусанып, қыс бойғы қар еріп, жылға-жылғамен сылдырап ағады, көп ұзамай көк қылтиып шығады, күн мен түн теңеледі. Түсіндің бе?
– «Түске дейін – мүйіз, түстен кейін – киіз» деген мақалдың мағынасын енді білдім, ата.
– Жол болсын! Қайда кетіп барасың?
– Дүкенге бара жатырмын.
Азық-түлік сататын «Береке» мини-маркетінде әдеттегідей кісі ығы-жығы. Ақерке кезектің соңын сұрап тұра қалған. Біраздан соң анасының өтінішімен қажет заттарын алып, үйге қайтты.
Көрші Аллаберген атаның әңгімесінен соң Ақерке ұзақ ойланды. Әуелі 8 наурыз – аналар мерекесі келеді ғой. Шешесіне қандай сыйлық жасаса екен?.. Ә, тапты-тапты, өткенде әкесі керек болар деп екі мың теңге берген. Соны ешқайда жұмсамай, стол тартпасына сақтап қойып еді.
Ертең, 8 наурыз деген күні Ақерке жақын жердегі гүл сататын дүңгіршектен үш тал гүл сатып алды да, үйдің кіре берісіндегі дәлізге жасырып тығып қойды.
Әдеттегідей сағат сегізде ұйқыдан тұрған Ақерке ас үй жақтан піскен бауырсақтың иісін бірден сезді. Ақырын тұрып ас үйге келсе, дастархан үсті жайнап тұр. Әдемі торт, ваза толы жеміс-жидектер, неше түрлі кәмпиттер.
Үй ішіндегілер столға отыра қоймапты. Ақерке кешегі қойған жерінен үш тал гүлді алды да, орауын жазып табалдырық аттаған.
– Асыл анашым, мерекең құтты болсын! – деді хош иісті әдемі ашық түсті алқызыл раушан гүлдерін ұсынып жатып.
– Ақылыңнан айналдым! Рахмет, алтыным!
Әкесі, бауырлары Ақеркенің тапқырлығына таңқалды. Анасы кішкентай қызы мен әдемі раушан гүлдерін құшағыныа қысып, бәріне мейірлене қарады.
Күрде

Қора жаққа бет алған Әсет, бие сауып отырған апасын көріп таң қалды. Күрең биенің артқы оң аяғына жіп байлап, алдыңғы аяғына тарта байлап тастапты. Шелек түбі күрп-күрп дыбыс шығарады. Үлкен ағасы Еркін де осында екен.
– Аға, бұл не? – деді Әсет таңданып.
– Мінезі шәлкес болған соң, осылай істедік.
– Шәлкес деген не?
– Тентек, содыр… Тыныш тұрмайды…
– Бұрыннан солай ма?
– Солай.
– Ана жіп аяғын ауыртпай ма?
– Ой-бу, балам-ай! Сұрақтарың не деген көп?! Бар, атаңнан сұрай ғой, – деді апасы мойын бұрып.
Қала баласы Әсетке бәрі таңсық, бәрі қызық. Ауылға келгелі талай тамашаны көрсе де, мынадай нәрсені білмейді екен. Өз үйіндегі жағдай белгілі, көбінесе көретіні – кино, интернет, қала берді әлеуметтік желіге шұқшия қарау. Зейнеткелік демалысқа дейін мектепте мұғалім болған атасынан не сұраса да, тәптіштеп түсіндіріп береді.
Атасы әдеттегідей төргі бөлмеде малдасын құрып, Құран-Кәрім оқып отыр екен.
– О-о, батыр кел-кел! Бүгін өзенге бармағансың ба? Достарың кетіп қалған шығар?
– Түске тақау барамыз… Әлгінде көршіміз Хамитты көргем, сол айтты.
– Жөн екен, құлыным. Суға түсіп, күнге қыздырынған баланың денсаулығы күшті болады.
– Оныңыз рас, естігем.
– Әке-шешеңнен бе?
– Ғаламтордан оқығам.
– Қалай ауыл ұнап жатыр ма?
– Ұнағанда қандай!.. Керемет!.. Бір сұрағым бар, ата?
– Сұрай ғой. Апам бие сауып жатыр. Бірақ артқы аяғын байлап қойыпты. Неге өйткен?!
– Ондай әдіс – жылқы түлігін бекітудің, қозғалысын шектеудің тәсілі. Яғни күрде, күрделеу деп аталады.
– Қызық екен.
– Күрделеу тәсілі мінезі шәлкес және саууға әлі толық үйренбеген тұмса жас биелерді сауу кезінде жиі пайдаланады. Мұнымен қоса, жылқы күзеген кезде жуас бие, байталдарды уақытша бекіту үшін қолданылады. Атты тағалағанда және емсектердің мал емдеу кезінде де бұл тәсіл қолданады.
– Ғажап!
– Ол үшін ұзын арқанның бір ұшын жылқы мойнының алқым тұсына таман күрмеп байлайды. Әлгінде өзің де көріпсің ғой. Яғни, арқанның екінші ұшын абайлап, қамшылар жақ артқы аяқтан іліп алып, мойынға байланған тұйығынан өткізіп тартады да, жылқының аяғы жерге тимейтіндей байлап бекітеді.
– Құлап қалмай ма?
– Құламайды. Артқы аяғын жерден көтертіп қойған жылқы тепе-теңдігін бұзып, құлап қалмау үшін орнынан қозғалмай түруға еріксіз көнеді. Және бұлай тұру тым ұзаққа созылмайды. Ал күрдеге арналған қысқалау жіпті күрдебау немесе күрдежіп деп атайды. Түсіндің бе?
– Жаттап алайын, қиындау екен.
– Сен былай істе, балам! Бұрын естімеген жаңа сөздерді жазып жүр. Сонда есіңе жақсы сақтайсың. Ауылда көрген қызықтарыңды да ара-тұра қағазға түсіруді ұмытпа.
– Мақұл, ата!..
Тосын сый

Бекболат – арманшыл бала. Таңғажайып ертегілерді тыңдағанды жаны сүйеді. Одан соң өзі де қиялдап кететіні бар. Қояр сауалы көп әрі қилы-қилы. Шуағы мол жаз айы жалғаса бермей ме? Күзде ағаш жапырақтары сарғайып, жерге түсетіні неліктен? Қыс айында да күн жылы болса ғой. Аталар мен апалар неге қартаяды?
Сақалы аппақ қыраудай атасынан қашан сұраса да жауабы дайын.
– Өмір заңы солай, құлыным, – дейді дәйім.
– Мен де, үлкен болғанда қартаямын ба?
– Пешенеңе жазылса, жүзге де келесің.
– Рас па, ата?!
– Шын, жарығым. Сені қашан алдап едім?!.
– Алдаған жоқсыз.
– Пешене деген немене?
– Пешене деген – адамның тағдыры. Адам баласы жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылатын өмірі. Түрі, жасайтын жасы, мамандығы, істейтін қызметі… Осылай жалғаса береді…
– Ол туралы естіген жоқпын.
– Естімесең – естисің, білмесең – білесің.
– Кім айтады сонда?
– Біреудің айтуы шарт емес. Білімді кітаптан аласың, онда бәрі-бәрі жазылған.
– Балабақшадағы апайымыз әріп үйрете бастады. Бірнеше айдан соң өз бетімізбен оқитын боламыз.
– Әне-е, көрдің бе?!. Білім теңізіне жүзу осылай басталады. Одан соң мектеп табалдырығын аттайсың, үлкен жігіт боласың. Жоғарғы оқу орнында біліміңді жалғастырасың.
– Алақай! Менің тезірек үлкен болғым келеді!..

* * *
Биыл ауылда қар қалың. Қараша айы басталысымен жапалақтап көп жауды. Көкелері ертемен жұмысқа кетіп бара жатқанда өздері жүретін жолды ғана тазалайды, өйткені жұмысқа асығады.
Үй ауласы, көше, дала бәрі аппақ қар. Ойын балаларына керегі осы. Тоңып-жаурағандарына қарамай, аққала соғып, сырғанақ теуіп жырғап қалады.
Күн жексенбі еді. Достарымен Отияр тауында сырғанақ теуіп, түске жақын үйге бет алған Бекболат тұра қалды. Көптен бері әжесі сырқаттанып, төсекте жатыр. Іші пысып, жалығатын шығар. Атасының сөзімен айтқанда ол дағы әжесінің «пешенесіне жазылған тағдыр» ма?!.
Қаңғажақтай қара бала әжесінің көңілін көтеріп, қуаныш сыйлағысы келді. Қандай амал-айла бар?!. Не істесе болады?!.
– Ә, таптым-таптым!
Ол басына келген жақсы ойды іске асыруға асықты…
Үйге бір құшақ аяз ала кірген Бекболат төргі үйдегі әжесінің қасына дереу жетіп келді.
– Әже, қалыңыз қалай? – деді көздері күлімдеп.
– Аллаға шүкір, жақсымын. – Әжесінің жүзі жайдары. Кім сұраса да «шүкір, жақсымын» деп жауап қайтарады. Осы сөзді жаттап алған сияқты, бір жаңылмайды.
– Мен сізге тосын сый жасайын деп едім.
– Ол қандай сый, ботам?
– Қазір көресіз.
– Сыйыңнан да, өзіңнен де айналдым!
– Сауалым бар, сұрауға бола ма?
– Сұрай ғой?
– Сіз қыстың түскенін бізден естисіз және терезе арқылы ағаш бастарындағы қардан білесіз, солай ма?
– Солай.
– Ендеше менің сыйым – мынау!
Екі қолын айқастыра артына ұстап тұрған кішкентай ұл:
– Міне! – деді көлемі жұдырықтай домалақ ақ қарды әжесіне ұсынып жатып.
– Рахмет, жарығым! Тең құрбыңның алды бол!
Мейірімді жанары жарқ еткен кейуана немересін айналып, толғануда.
Жұмбақтас

– Есте жоқ ерте заманда бір бай өмір сүріпті. Байдың бірнеше ұлы мен жалғыз қызы болыпты. Қызы асқан сұлу, мейірімді және ат құлағында ойнайтын шабандоз екен. Сұлу қызға құда түсуге негізінен байлар мен билер ғана келетін. Өзгелері баймен құда болуға жасқанатын.
Бір күндері жапсарлас жатқан елдің ханы бойжеткеннің сұлулығын естіп, қыздың ауылына барып құда түспекші болады. Дәл осы кезде, кетіп бара жатқан ханды ақын жігіт басып озады. Қасында ерткен нөкерлері бар тәкаппар бай, жабы ат мінген жалғыз жігітті көзіне де ілмейді. Әншейін жүрген көп жолаушының бірі деп ойлайды.
Жігіт те сұлуды көруге құштар, ынтық. Байдан бұрынырақ барып, ғашығын көруге асығулы болатын. Жас жігіт жарлы болғанымен, күміс көмей әнші әрі домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйші еді. Байдың қызы кедей жігітті бір көргеннен ұнатып қалады.
Қыздың әкесі кедей жігіттің өнерлі екендігін білсе де, оны менсінбейді, тіпті үй маңына да жолатпайды. Бірін-бірі жүрекпен ұғысқан екі жас қашып кетуге уәде жасайды. Сөйтіп қыздың ақылымен ең жүйрік екі тұлпарды таңдап мініп, түн ішінде ауылдан қашып шығады. Олар таң атқанша жол жүреді. Көгілдір Көкшетау жеріне жетіп, Бурабай көліне тоқтағанда, қыздың қуғыншы ағалары екі жасты тауып алады. Бұл кезде әнші жігіт ғашығымен бірге көл бетінде сейіл құру үшін қайық жасап бітірген болатын. Олар қайықпен көлге түскен кезде байдың қаныпезер ұлдары екі жасты садақпен дәлдеп ата бастайды. Зуылдап ұшқан жебенің біреуі кедей жігіттің жүрегіне келіп қадалады.
Қыз Алладан қайықпен қоса жігіт екеуінің тасқа айналуын жалбарына сұрайды. Тәңірі қыздың тілеуін қабыл етіп, тасқа айналады.
Осылайша Бурабай көлінде, Жұмбақтас жартасы пайда болады.
– Жұмбақтас жартасы туралы бұл аңыз, жер жәннаты – Көкшетау хақындағы сандаған аңыздарды бірі ғана, – деді Елімайдың атасы аңыз-әңгімесін аяқтап.
– Ғибраты мол оқиға, – деді кішкентай Елімай таңданысын жасырмай.
– Бұл ғажап өлкені «қазақтың Швейцариясы» деп атайды, – деді атасы тағы бір әңгіменің шетін шығарып. – Қазақтың небір дүлдүл ақындары мен атақты композиторлары жер жәннаты – Көкшетау жайлы көп өлеңдер мен әндер жазған. Оны, мектепке барғанда кітаптан оқып білесің.
Қайшы – ойыншық емес

Айана анасына қолғабыс жасап, үй ішін жинап жүрген. Аралары тете алты-жеті жастағы екі інісі Қайсар мен Хайдар өз бөлмелерінде күбірлесіп, арасында дауыстары шығыңқырап мәре-сәре ойнап отырған. Аз уақыт өтпей кенже Хайдар:
– Әпке, Қайсарға қой деңізші! Қағаз қиып отырған қайшымды тартып алды. Онымен де қоймай, қолымды қанатты, – деді жыламсырап.
Айана шаруасын қоя салып, көрші бөлмеге еніп еді, Қайсардың жүздері ашылған қайшыны інісіне қарата сілтеп жатқанын көрді.
– Қане, қолыңдағы қайшыны маған бер! Сөйтіп те ойнауға бола ма екен? – деді қабағын шытып.
– Менің барлық ойыншықтарымды иемденіп алған өзінен көрсін, – деді Қайсар інісін бірден сөге жамандап.
– Аһа, көкем әкеліп берген мына автомат менікі. Сондықтан онымен мен ғана ойнауым керек, – деді Хайдар да өз сөзін дәлелдегісі келіп.
– Өйтіп бөлінбеңдер! Осы үйдегі ойыншықтың бәрі де екеуіңе тиесілі. «Менікі, сенікі» деп сөйлеу – қызғаншақ, іші тар баланың ісі! Ондайды атамыз қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» деп айтқан. Түсіндіңдер ме?! Бұдан былай дау-жанжал шығармайсыңдар ма? Жауап беріңдер, қане?
Екі ұл бастарын изеді.
– Қайшы туралы мына бір әңгімені тыңдаңдар, – деді Айана сөзін әрі қарай сабақтап:
– Кішкентай кезінде бір қыздың қайшыны ұстап, олай-былай сілтеп отырғанын көрген анасы:
– Балам, қайшы ойыншық емес, ол – тігіншінің құралы, – деп қолы­нан алып қояды. Оған ерке-тотай қыз көне ме? Көз жасын көлдетіп, үйді басына көтеріп, бақырып-шақырып жылап отырып алады. Жылауын қойма­ған соң қыздың анасы қайшыны тығып қойған жерінен алып береді.
Анасы үй жұмысымен айналысып, қызын назардан шығарып алады. Бір кезде шар ете түскен дауысқа жалт қараған анасы, қайшыны қатты сілтеп қалғандықтан қызының бір көзінің ағып түскенін көріп аһ ұрады. Сөйтіп қаршадай қыз өзінің шолжаң мінезінің, еркелігінің, анасының сөзіне мән-мағына беріп, тыңдамауы себепті бір көзі соқыр болып қалады. Кейін бойжетіп, үлкейгенде:
– Шеше, кішкентай кезімде қайшыны неге бердің? Менің сөзімді тыңдамай, қайшыны бермегенде өзге құрбыларым сияқты менің де қос жанарым болар еді? – дейді кейіп.
– Қай кезде өз сөзіңді орындатып үйренген, ерке-шолжаң мінезіңнің нәтижесі ғой. «Қайшыны қолымнан алып қойдың» деп, қоярда-қоймай бақырып-шақырып жыладың емес пе? Ол оқиға есіме түссе, менің де жүрегім ауырады, – дейді анасы мұңайып.
– Бекер тыңдағансыз мені?! Бір сағат жылармын, екі сағат жылармын, үш сағат жылармын, соңында шаршап қояр едім ғой! Ал қазір өмір бойы жылаумен, өкінумен келе жатырмын, – депті сонда қыз.
Жалпы, қайшыны қолға ұстағанда абай болу керек! Қайсар, жаңа сен қолыңдағы қайшыны Хайдарға қарай сілтеп жатырсың. Олай етуге болмайды! Байқаусызда бетін жарақаттап, болмаса көзіне тиіп кетсе қайтер едің?! Қайшыны ұстама демеймін, ұстаңдар, пайдаланыңдар. Бірақ болған соң, қабына кигізіп тиісті жерге қойыңдар!
– Қайшы – ойыншық емес! Ұқтыңдар ма?!
– Ұқтық. – Әпкелерінің ғибратты сөзін ұйып, үнсіз тыңдаған Қайсар мен Хайдар ойланып қалды.
Көлбайдың көмегі

Қаңтар айы. Күн түске тақағанымен ызғар беті қайтар емес. Ауыл шетіндегі биіктеу төбе басында ойын қызығына берілген ұлдар тоңғандарын енді сезді.
– Ища-ай!..
Көлбай ара шағып алғандай шың-ң ете түскен беттерін уқалап-уқалап қойды. Ұзынтұра Келдібек мойнындағы бөкебайымен көзін ғана жылтыратып, бет-аузын орап тастапты.
– Келдібайды қараңдар? Не деген қу?! – деді тапал қара Қайырбек жаңалық ашқандай алақайлап.
– Оған неменеге таң қаласың? – деді Айбар. – Қазір-ақ сыпырылып түседі, одан да жалаңаш қолыңмен қос бетіңді жақсылап уқала, ілезде жылынып кетеді
Айбардың айтқаны келді. Көп өтпей Келдібайдың бөкебайы мойнына ысырылып түсті. Оны елейтін Келдекең емес. Ойын қызығына беріліп, төбеден төмен зулап барады шанамен.
Бір сағат өтті ме, өтпеді ме, балалардың беті-қолдары піскен алмадай қызарып үсуге жақындаған соң еріксіз үйлеріне тарады. Ойын қанша тәтті болғанымен, ащы аяз дірдектетіп жіберді.
Ұшып-жығылып үйіне жеткен Көлбай сырт киімдерін шеше сала пешке жылынды:
– Қандай жылы! – деп қояды аяз сорып, тоңған қолдарын ыстық пешке тақай түсіп.
– Сабағыңды қарамайсың ба? – деді көкесі. – Бір мезгіл үйдің шаруасына қолқабыс жаса, анаң ренжиді ғой жұмыстан келгенде.
Көлбайдың әкесі екі-үш күн бұрын мал жайлап жүргенде жазатайым құлап, аяғын мертіктіріп алған болатын. Ертеңіне емханаға барғанда, айнаға түсіріп сол аяғының тобығы жарықшақтанғанын анықтап, гипске салып тастады.
Қазір қос балдақпен жүр. Тізесі бүгілмейтін аяқпен жеңіл мәшинені де жүргізе алмайды. Көкесі Көлбайды көлікпен күнде мектепке апаратын. Енді недәуір жерге жаяу баратын болды.
– Бейнет – аяқ астынан, қайта сынбағанына шүкір, – дейді көкесі тоқ көңілмен.
– Неменеге риза боласыз? – Көлбай таң қалды.
– Алғашқы күндегідей қатты ауырмайды. Балдаққа сүйенсем де үй ішінде жүрмін емес пе?!.
– Иә, аяғыңыз сынса, бәлкім ауруханада жатар едіңіз. Үйде болғаныңыз қандай жақсы.
Кешке таман жел екпіні күшейді. Ізінше жапалақтап қар жауды. Көлбай таңертең тұрғанда аула ішін қалың қар басып қалғанын көрді. Ауыл үйлері мен ағаштар, көшелер бәрі-бәрі аппақ.
– Алақай! Аққала соғамыз, шана тебеміз, – деп Көлбай мәз-мейрам.

* * *
Мезгіл бесіннен ауған. Бұл уақытта мектептен келетін Көлбай кешікті. «Баламысың деген, достарымен ойнап жүрген шығар» – деп ойлады отағасы.
Көз шырымын алуға жантайған Көлбайдың көкесі ұйықтап кеткенін байқаған жоқ. Оянса, сағат төртті көрсетіп тұр. Көлбай қайда жүр? Ә-ә, үйге келген екен ғой?! Бәсе-бәсе, мектеп формасын әдеттегідей киім ілгішке іліп қойыпты. Түскі шайын ішіп, ыдыс-аяқты да жинапты.
Кенет тықыр-тықыр дыбыс естіген Сүлеймен аға есік алдында қараңдаған біреулерді терезеден көрді. Көлбай бастаған екі-үш бала қар күреп жүр. Аула іші тазаланып қалыпты.
– Талабыңнан айналдым! – деді Сүлеймен аға жүрегі елжіреп.

Бір үзім нан

Бес қабатты тұрғын үйдің подъезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай-жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайыра үйіне жүгіре жөнелді.
Бұны көзі шалып қалған Ғаббас кәрия:
– Әй, балам-ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подъезд есігіне зып бере кіріп кетті.
Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші кәрияның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.
– Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді сәлемдескен соң.
– Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді… Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз тоғыз-он жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Медет оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Медеттің шырқырап жылағаны ойымнан шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейтінбіз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз.
Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса, қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай жасауға болмайды! Бір үзім нанның қадір-қасиетін білген жөн! Обал-сауап деген қайда?!
Нұржан кәрияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады.

Көкіректегі көз

Оңаша бөлмеде ертеңгі сабаққа дайындалып отырған қара бала кенет селк етті. Тырс-тырс еткен бұл не? Зәресінің ұшқанын қарашы! Ә-ә, жайымен терезеге ұрылған жаңбыр тамшылары ғой. Қараша айының қара суығында жаңбыр жауады да, артынша орай-борай қар түсетіні бар. «Пай-пай, қар жауған қандай тамаша! Қалың киініп, аққала соғып, шана, шаңғы тебеміз!..»
– Ұмыта жаздаппын. «Ана тілінен» Абай атамыздың бір өлеңін жаттау керек екен-ау!
Ержігіт кітап сөрелерінен мұқабасы қалыңдау ақшыл кітапты қолына алды. «Жыр жауһары». Абай. «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп…» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы. «Раритет». 2008 жыл.
Қара баланың есіл-дерті кітапқа ауған. Оқып отыр, оқып отыр. Біраз өлеңдердің мағынасына терең бойлай алмады. Жүз жетінші беттегі «Білімдіден шыққан сөз» деп басталатын өлеңді қайыра-қайыра қайталады.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын білуге,
Көкірегінде болсын көз…
«Бірінші-екінші шумақтары түсінікті. Нұрын, сырын деген сөздің төркінін де шамалаймын. Ал төртінші шумақтағы «көкірегінде болсын көз» деген сөйлем миына қонбады. Көз! Кәдімгі екі көз. Онымен көреміз. Ал көкіректегі көз қайдан келген?!.»
Ержігіт жүгіріп далаға шықты да, аулада атарба дәртесін жоғары көтеріп, байлап жатқан атасына жетті.
– Ата, ат-оу! Бес минөтке уақытыңыз бола ма?
– Жайшылық па, құлыным?
– Сұрайын деп едім.
– Нені?
– Абай атамыздың өлеңдерінен.
– Үйге бара бер, мен қазір келем.
Міне, атасы мен немересі әңгімелесіп отыр. Ержігіттің бар назары атасында. Апырым-ау, атасы не деген білгіш? Көп оқығанның пайдасы-ау?! Шоқша сақалы өзіне жарасымды, иманжүзді кәрия бірінші сыныпта оқитын немересінің қойған сауалын тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Тегінде сөздің бояуы, үні, сыры, нұры болады. Оны білмекке талпынған, көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы жақсы саралайды.
– Біз білетін көз екеу емес пе?
– Дұрыс айтасың, балам! Ол адамның мынау жарық дүниені көрер көзі, яғни қос жанары. Сол сияқты көкіректе де көз болады. Көкіректегі көз оқуға, білімге ұмтылған адам баласына тән сипат. Мәселен, сенің хәкім Абай бабамыздың өлең шумақтарын ұғынуға талаптанғаныңның өзі көкірегіңнің ояулығын, сергектігін сездіреді. Білім бұлағы – кітапта! Жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді. Сол үшін кітаптцы көп оқыған ләзім. Оқып қана қоймай, ондағы жауһар ойларды ойға тоқу керек. Түсіндің бе? Ыбырай Алтынсарин бабамыз да:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық, – деп өсиет етті емес пе?!
– Рахмет, ата! Түсіндім. Бұдан былай Абай атамыздың да, өзге ақын-жазушылардың да кітаптарын түсініп, санама сіңіріп, ыждаһатпен оқитын боламын.
Қолқанат

Күн сенбі. Бес жасар Жанар үйде. Бүгін балабақшаға бармайды. Рақат! Шайын асықпай ішіп, есік алдында ойнап келуге жиналды. Шешесі ауызғы бөлмеде кір жуғалы жатыр. Бұрыштағы телефон шылдыр етті. Қысқа-қысқа тіл қатысқан анасы алжапқышын жүре шешіп, төргі бөлмеге сөйлей кірді.
– Жұмысқа шақырып жатыр. Түсте бір-ақ келем. Үйден көп ұзама, құлыным! Жарай ма?!
Үйде жалғыз қалған Жанар көрші қыздармен ойнамақшы болған райынан тез қайтты. Ауызғы бөлмеде екінші сыныпта оқитын ағасы Жарастың, өзінің, серіктестікте мәшине жүргізуші болып істейтін көкесінің кір киімдері үйіліп жатыр. Кішігірім төбедей.
Жанар анасын аяды. Жаңа жүгіріп кеңсеге кетті. Келе салысымен түскі ас әзірлейді. Қолдағы сиыр мен қойға да қарайтын сол. Дүкенге де барады. Көкесінде кінә жоқ. Ақ таңнан қара кешке дейін мәшинеден түспейді. Жұмысы бастан асады. Әсіресе, жазды күндері.
Жанар басына келген жақсы ойдан қуанды. Гүлді қызыл көйлегінің екі жеңін білегіне дейін түрді де, шылапшындағы кірді сабындап жуа бастады. Нәзік, жіңішке саусақтарымен жейделерді мыжып, уқалап-уқалап қояды. Жұмыстан оралған анасы Жанардың жасап жатқан тірлігіне анадайдан қарап біраз тұрды. Жанар үйіліп жатқан кірдің тең жартысына жуығын жуып, суын сорғалатып, орындық арқалығына іліп қойыпты. Маңдайынан шып-шып тер білінеді.
– Құлыным сол! Қолқанатым менің! – Шешесі жүгіріп келіп кішкентай қызының бетінен шөпілдетіп сүйе бастады.

Пікір қалдыру