ТАҢҒАЖАЙЫП ТУҒАН ЖЕР

Кеңгір-тұра – Тасқорған – Өскемен

Шыңырау түбінде қалған тарихи құндылықтарды шыңға шығаратын мезгіл жеткен сияқты. Өткенге мұрағат, ұрпаққа ұлағат қалдыру әрбір адамзат баласы үшін, қала берді халқымыздың тарихы үшін қажетті құндылық деп түсіну заманымыздың талабы.
Біз осы күні бүгінге дейін өткенімізге бойлап тереңдеп бара алдық па, ол жағы белгісіз. Әлде соны ойлап саралай білуге әлі де уақыт құрғыр жетпеген секілді. Өткен өмір, болашақ өмірдің жалғасы кешегісі емес пе?! Өз халқымыздың тарихын қайтадан жаңғырту, өткен заманның артық-кемінен арылтып таза күйінде өскелең ұрпақтың санасына жеткізу мынау жаңғырған тәуелсіздік заманымыздың басты мәселесі болуға тиіс. Жан-жағымызға зер салып қарап, төңірегіміздегі барымызды түгендеу, жоғалтқанымызды іздеп орнын толтыру, шашырап көнеленген тарихымызды жаңғырту – халқымыздың игілігіне жарату екенін біздер ұмытпауымыз қажет. Осынау төл тарихымызды танып түсіну үшін өткенге үңілу, егемен елдің талабынан туындайды.

Ол өткен тарихымыздың қоспасыз таза екеніне көзімізді жеткізетіндей болуы керек. Төл тарихымызды тану негізін өз туған жерімізден, қала берді өзіміз өмір сүріп жатқан қаламыздан бастағанды жөн көрдім.

Сонау алыста қалған тарих қойнауларына үңіліп, шегініс жасауға мүмкіндік туған сияқты. Біздің қаламызға байланысты орыс жазбаларына зер салсақ, Өскемен қаласының іргетасын 1720 жылы лейф гвардия майоры Лихарев қалаған деседі. Ал енді тарих дөңгелегін кері айналдырсақ Еуропаның алдыңғы қатардағы дамыған мемлекеттері адам аяғы баспаған жаңа жерлерді игеру мақсатында отарлау саясатын бастап кеткен. Осы ғасырда қазақ елімен көршілес қытай және орыс империясы жан-жағына құзғынша төніп, жемсауларын бөтен елдің жерімен толтыруды көздеп, алдымен өз арасындағы шекара мәселесін көтерді.

Бұл шекара мәселесі сонау он жетінші ғасырда сөз болып келіп, араға уақыт салып 1689 жылы Нерчинский келісіміне қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, екі елдің арасындағы Қиыр шығыстағы шекара бөлісі өз шешімін тапқан-ды. Ал енді Қытайдың Шыңжаң өлкесімен шектесетін жерлер өмірде болып жатқан кейбір тарихи жағдайлар мен саясатқа байланысты кешеуілдей берген. Оған басты себеп екі алып империя арасындағы қазақ даласының теріскейі орыстардың меншігіне айналғанымен, әлі түстік жағы мен Орта Азиядағы басқа да елді мекендер Ресейдің қол астына түгелдей кіру керек болатын. Ауғанстан мен Иран мемлекеттеріне жақын орналасқан кішігірім хандықтар алып айдаһардың қаһарына қарсы өздерінше жанталаса қарсыласқандарымен, хиуа мен қоқандықтар бәрібір жеңіліске ұшырады.

Ресей патшасы 1-ші Петр алдыңғы қатарлы дамыған Еуропаның мемлекет­терінен жаулап алып, отарлау мақсатын кешірек бастағаннан соң өз ұпайын толтыру үшін жанталаса кірісіп кетті.

Қанды жорықтың басы Сібір жұртын жаулап алудан басталған еді. Сол жылдары мұхиттың арғы жағынан үлес тимей қалған соң, өз еншісін Орта Азияның үлкенді-кішілі елдеріне өршелене ілгерілей еніп, бекіністерін салып, жер таңбалай бастады.
Ақ патша Ібір-Сібір жұртының жартысын ұртына толтырып жұтып болған соң, қазақ жерінің теріскейі мен шығысына келіп қонақтады. Сонымен ұзақ сонар шекара бөлісі Ресей мен Қытай арасында, 1860-жылдары Пекинде тағы да жалғасын тапты. Осы келісімге сәйкес екі жақтың шекара комиссиясы Шәуешек қаласында бас қосып, жер бөлісін бір шеттен жүргізе беруге тиіс еді, бірақ қытай жерінің батыс өлкелерінде ұйғыр-дүнген көтерілісі бұрқ ете қалып, оның жалыны Алтай, Тарбағатайды мекендеген барлық қазақ жұртын шарпыды. Бітуге аз қалған келіссөздер еріксіз үзілген соң, араға біраз жылдар салып, жалғасын тауып 1881 жылы Петербургте екі жақ келісімге қол қойды. Осы келісімге сәйкес Ресейге қарап қалған Іле аймағындағы жерлер Текес жазығы мен Мұзарт асуы Цин империясына қайтарылып, оның есесіне бұрынғы Қытайға тиесілі Зайсан көлі мен Қара Ертіс бойындағы біраз жерлер және Катонқарағай өңірі Ресейге берілетін болды. Осылай шекараға жақын Қытайдың шағын қаласында екі елдің арасындағы келісімді жүзеге асыру үшін Шәуешекте негізгі құжатқа қосымша протоколға қол қойылды. Сонымен 1884 жылы «Шәуешек протоколы» деген атпен саяси құжат тарих сахнасынан өз орнын тапты. Оған дейін, нақтырақ айтсақ 1881 жылы – Жетісу генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский бастаған орыс әскері қытайдағы дүнген-қазақ көтерілісін талқандап, сол өлкеде тұрақтап қалған болатын. Ресей әскері Құлжа арқылы өтіп бірнеше жылдар өткен соң ғана кері қайтарылды.

Өз заманында Қожаберген жырау да Шығысты сонымен қатар көне Алтай тауларын өз жырларына қосқан еді. Сөзімнің дәлелі ретінде «АТА ТЕК» дастанынан үзінді келтіре кетейін.
Түріктің бір дегдары – Алтай қаған,
Оның да өткеніне талай заман.
Сол Алтай оғыз елін қондырмаққа,
Шығыстан таулы өлкені таңдап алған.

Таулы өңір сонан Алтай атанады,
Мекендеп қалың түрік шаттанады.
Оранған қарағайға биік тауға,
Бекініп оғыз халқы сақтанады.

Алтай деп тауда ердің аты қалды,
Тастарға ойып жазған хаты қалды.
Ол кезде араб жазу тарамаған,
Түріктен көне жазу таңба бар-ды.

Ертіс Өр Алтайдың мұздақтарынан басталатын Қара Ертіс, Қу Ертіс, Бала Ертіс, Бұлғын-Шыңғыл, Қыран, Буыршын, Қаба өзендері суларын қосып алып, тасқынды тау өзеніне айналып шекараға шығады. Шекарадан оған Алқабек саласы құяды, одан кейін Қалжырды қабылдап, «Қара Ертіс» деген атпен мол суын әкеліп, Зайсанға құяды.
Көптеген елді мекен, жер-су аттары тіліміздегі көне дәуір сөйлеу тілінің қалпын бұзбай сақталу ерекшелігімен бірге, халық бастан кешкен тарих көшінің кей тұстарынан шежірелі сыр да шерте алатын қуатқа ие. Шығыс Қазақстан жеріндегі ескі атауларды түгелдей дерлік тарихи топонимдерге жатқызуға болады.

Өйткені олар сол жерді мекендеген халықтардың өткен тарихын, тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын сол заманға сай етіп көрсете білген. Оның дәлелі – Өскемен қаласынан небәрі 40 шақырымдай шамада Қанай қонысынан табылған орта палеолит дәуіріндегі адамдардың тұрмысын бейнелейтін жәдігерлер.
Енді Өскемен қаласы және оның маңайынан табылған қорған мен оны зерттеген ғалымдардың сөзі мен тұжырымды зерттеу нәтежелеріне зер салайық.
Ертіс жағасында алғашқы адамдардың қауымдық тіршілік дәуірі 80 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Оған негіз – Өскеменнің айналасындағы көне қорымдарға ХVIII ғасырдың алғашқы жартысында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Ресейдің ең алғашқы археологы Г.Миллер Ресей патшасының тапсырмасы бойынша сонау С.Петербург қаласынан сапар шегіп, Тасқорған шаһарының маңынан кездестірген көне қорғандарға 1734 жылы бірінші болып қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Осы оқиғадан үш жыл бұрын, яғни 1731 жылы 19 ақпанда орыстың сол кездегі патшасы Анна Иоанновна кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қалауымен өз қарамағындағы қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы ресми құжатқа қол қойып тарих сахнасынан өз орнын алған кезең болған еді. Бұл жұмысқа С.Петербург университетінің студенттерін де қоса жұмылдырылды. Сонымен қатар олар сол жылы Үлбі жағалауының оң жақ қапталындағы ескі қорымдардың зерттеу жұмыстарын қатар қамтыды.

Г.Миллер өз жазбаларында сол кездің өзінде «Болашақта бұл жерден тарих үшін маңызды талай құндылықтарды табуымыз мүмкін» деген болжам айтқан екен. Алайда бұл қазба жұмыстары толығымен аяқталмады. Оның басты себебі сол жерді мекендеген жергілікті халықтың қарсылығына тап болды. Ескі қорымдарды қайта қазу мұсылман дініндегі бұрынғы қимақ тайпаларының негізін қалаған сол кездегі найман, керей руларының салт-дәстүріне жат қылық, аруақты қорлау екенін ашық білдіріп азғана қорғаушы солдаты бар ғылыми топқа шабуыл жасады. Сөйтіп олар сол замандағы Тасқорғанға орыс отаршылдардың атауы бойынша Өскемен қамалына қашып барып әзер аман қалды. Қалмақ-қазақ арасындағы ұзаққа созылған соғыс басталар кезде Ертіс өзенінің оң және сол жағалауын найманның бура, саржомарт, қарауылжасық рулары мекен еткен болатын. Ол кезде Ресей патшасы қазақ жеріне аяғын аңдап басатын. Қазақ-қалмақ арасындағы шиеленіс ушығып тұрған кезеңмен сайкес келген заман еді. Екі көшпенді ел арасындағы алғашқы және жойқын соғыстар 1716-1718 жылдары басталып одан кейін 1723 жылы ұзаққа созылған қанды жорықтарға ұласып, қалың қазақтың «ақтабан шұбырынды алқа көл сұлама» деген атпен зар заманға жалғасты. Осы кезде ақ патша екі жақтың соғысын бақылап екі шоқып, бір қарап отырған жылдар еді. Тарих дөңгелегі тоқтамады, арада ғасырдан астам уақыт өте Ұлы жоңғар мемлекеті Маңшың патшасы қытай елінің қырғынына ұшырап оның жемсауында кетті. Жылдар өте орыс патшасының қол астына қазақ елімен қоса орта Азия жұрты түгелдей қарап қалған заман туды. Дәл осы кезеңмен сәйкес, нақтырақ айтсақ, 1865 жылы кешегі өткен Миллердің қазба жұмыстарын жалғастыруға Шығысқа В.Радлов келді. Ол Шығыс жеріндегі көне қорғандарды қазып сол жерден тапқан жәдігерлерді С.Петербуркке жіберді. Осы елдімекендерді тізімдеп санасақ:

1. Өскемен қаласы маңындағы Қанай, Ахмер, Үлбі, Прапорщиково, Меновное қорғандары;

2. Бұрыңғы Катон-Қарағай ауданына қарасты қазір Ресей қарамағына өтіп кеткен Ақалақа, Пазырық, бүгінгі Катон-Қарағайға қарасты Берел қорғандары;

3. Тарбағатай ауданына қарасты Шілікті қорғандары;

4. Ақсуат ауданына қарасты көне қорған зираттарды түгелдей дерлік зерттеп, керегін алып кебегін қалдырды.

Оған дәлел өзінің естелігінде былай деп жазды: «Ертіске келген кезде біз кең-байтақ даладан, өзен жағалауларынан әр аттаған сайын ерте заманнан сақталған, топ-топ болып алыстан көзге түсетін ауқымды қорғандарды кездестірдік. Мұндағы қорғандар ерте заманда бұл жерде біршама халық тұрғанын, үлкен елді мекендер орналасқанын көрсетеді. Олардың біраз бөлігі өзіндік жоғарғы мәдениетке ие болған. Мұны қорымдардан, олардан табылған көне заттардан анық аңғарамыз», – деп сол жерді мекендеген жергілікті халықтардың болғанын мойындағанын көреміз. Асылы әділіне келсек, жоғарыда айтқан орыс ғалымдарының пікірі шындыққа айналып, Қазан төңкерісіне дейін одан бері Кеңестер Одағы тұсындағы көптеген ғалымдардың Фирая Арсланова, Галина Куш, А.Ткачевтардың археологиялық зерттеулерінің нәтежесінде Ахмер (бұрынғы атауы Қарасу), Меновное (ескі атауы Күсебай шарбағы), Қанай ауылы, қазіргі пристань (бұрынғы атауы Ботбай тауы), Глубокое (Ақтасты) тағы сол сияқты Өскемен маңайындағы ауылдардың маңайынан тас дәуіріндегі, Энеолит кезеңіндегі, тіпті біздің дәуіріміздің алғашқы мың жылдығында өмір сүрген Қимақ қорғандары мен қыпшақ одағы кезіндегі жәдігерлердің табылғанын Өскемен жұртшылығына аян. Қай кезеңде қандай жәдігерлер қай жерден табылғанын дәлелдеп жатпай-ақ, Өскемен қаласындағы мұражайлардан көруге болады. Енді 30 жылдан астам уақытқа созылған қазақ-қалмақ соғысының соңы қазақ-қытай арасындағы соғысқа жалғасып, ақыры Маңщың императоры Цяньлуң мен қазақ ханы Абылай арасындағы келісім керей Ер Жәнібектің ауылында Аягөз маңындағы Мамырсу-Байпақ бұлақта 1757 жылы 7 шілдеде өз мәресіне жетті.

Жоңғар жұртының бойы арбаның дөңгелегінің ортасындағы өзегінен (орысша ось) асқан ер баладан бастап еркек кіндік атаулыны түгел қырып жоңғар қонтайшысы Қалден Цереннің қарындасынан туған соңғы ханзада Әмірсананың көзін жоймақ болып соңына түсіп, қазақ жеріне басып кірген қытай шеріктері екі бағытта жылжыған еді. Бірі Жаркенттен өтіп Қаратал Көксу өзендерінің бойымен Ілеге жеткенде, екінші бір бөлігі Жоңғар қақпасы арқылы Балқаш бағытына беттеген кезде Аягөзде бас құраған қазақ қосындары қарсы жүрген еді. Бұл оқиға 1756 жылы көктем мезгілінің соңғы айларынд болған. Қазақ жеріне екі бөлек тұстан басып кірген қытай қосындары Алтынемел тауының теріскейіндегі Ақсу өзенінің аңғарында түйісіп, ары қарай аттануды жоспарлаған Маңшың шеріктеріне қазақ әскері күтпеген жерден тарпа бас салды. Сол жылы түлкібұланға салып, күздің қара суығына дейін оларды көк жұлын етіп созғылаған соң ақыры бітім сұрап, жаяу жалпы бір бөлігі жоңғар қақпасы арқылы екінші бөлегі Ертіс бойымен өрлеп, Катон-Қарағай жері арқылы Алтай асып әзер дегенде өз елдіріне жетті. Келесі жылы аз ғана қақтығыстар болып екі ел бітім шартына қол қойды. Бұл келісім тарихта «Мамырсу келісімі» деген атпен қытай-қазақ арасындағы құжатпен бекітілген болатын. Осы жылдары болған қазақ-қытай қақтығыстарының басы қасында болып әрі түмен бас генерал, кейін екі ел арасына елшілікке жүрген Шундэна әр апта сайын императорға жіберіп тұрған мәлімдемесінде былай деп жазыпты:

«Біз 1757 жылы 6 айдың 16-сы күні Эсюньчоцетэ тауынан асып, Та – эргунь өзеніне жеттік. Осы арадан қарақшылардың («Әмірсананың қасында жүзден аса сарбаздары болған екен) із дерегін білдік. Келесі күні орыс территориясындағы Кенгер-Тұра қаласына барып, адам жіберіп жайымызды хабарладық. 18-і күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп, бізбен кездесті».

Қытай императоры Цяньлунның орда картасы бойынша 1769 жылы жорық жолдары сызылған деседі. Осы дерекке сәйкес қытай ғалымдарының пікірі бойынша, Та-эргунь өзені – қазіргі Ұлан ауданына қарасты Тарғын өзені. Ертіс өзенінің жағасындағы Кеңгір–Тұра Өскемен қаласы. Ал енді Ертіс өзеніне батыстан барып қосылатын Та-эргунь қысқаша «Талигунь», Тарғын осыдан соң Ертіс өзені солтүстік шығысқа қарай ағады да, Кэнге-эр туланың шығысын жанай өтеді делінген. Ал Кенгір-Тұра орыстың шағын қаласы, одан ары тағы солтүстікке қарай ағып, Сэнболотэ қаласынан (Семипалат, қазіргі Семей) өтеді. Қазақ-қытай арасындағы соғыс қазақ жерінің шығысынан басталып арқа жеріндегі Есіл өзенінің аңғарларына дейінгі жерді қамтыған еді. Енді түркі әлемі және түркі елінің көне сөздерін зерттеген ғалымдардың пікірінше, қала аттарының құрамында (тұра) деген сөз қосарлана жүргенін бұл сөз көне түркі тілінде «қалашық», «қамал» деген мағына берсе керек. Бүгінде Ресей мемлекетіне қарап қалған Тобольск қаласының негізі 1594 жылы қаланды деп тарихқа енгенімен, онда ежелгі қазақ тайпалары мекендеген Тара-Тұра қаласы болатын.

Шығыс жеріне алғашқы экспедиция 1720 жылы лейб гвардия майоры М.И.Лихарев бастап келіпті. Осы жайында кеңірек тоқталайық. Асылы әділіне келсек, ақ патша Азия жерін отарлауды солтүстіктегі Сібір хандығын бағындырудан бастады. Ол үшін орыстар жоңғарларға мылтық пен доп ататын пушкаларын беріп айналасындағы көшпенді елдерге айдап салды. Сөзімнің дәлелі ретінде сол заманда өмір сүрген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанынан үзінді келтіре кетейін:

Омбы өзенін тартып алды,
Ертіске орнап Халхи жатып алды.
Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп,
Жауыздар сахарамда лаң салды.
Алмақ боп көп мылтық пен жақсы қару,
Мақсұты болғаннан соң жұртты шабу, –
Керейден тартып алған Омбы өзенін,
Орысқа кәпір қалмақ етті тарту.

Енисей бойындағы Алтын-ханның қол астындағы төлеңгіт, телес, қазақ, ұранхай тайпаларын, сонымен қатар татар ұлыстарын бағындырып, 1604 жылы Томск бекінісінің іргетасын қалап, 1609 жылы сол жерді мекендеген төлеңгіт қазақ халқының құрамына кіретін басқа да тайпаларды өздерінің құрамына қосып алды.
Енисей өзенінің аңғарлары сонымен қатар сол кездегі алғашқы руда өндіріп балқытқан Кузнецскі қаласының төңірегі 1634 жылы түгелімен ақ патшаның иелігіне айналып шыға келді. (Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Иператорского русского географи­ческого общество. Выпуск. 5.1911 г. стр. 5.). Тарих дөңгелегі тоқтамастан айналып жаңа ғасырдың басында нақтырақ айтсақ 1712 жылы орыс өкіметі Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен бекіністерінің іргетасын қалап үлгерді. Әрине бекініс салынған жерге көп ұзамай 1726 жылы орыстың ірі кен өндірушілерінің бірі А.Н.Демидов қазіргі Ресей мемлекетіне қарап қалған бұрын қазақ хандығының теріскейі Торайғыр тауының күнгей қапталының жоталарының аяқталар тұсына өзінің алғашқы заводы ашылып, енді Алтай тауының арғын найман руларының жаз жайлауы мен қүзеулері нақтырақ айтсақ, солтүстігі мен шығысының жартысы Ресей мемлекетінің жұтқыншағынан өтіп кетті.

Орыс патшасы І Петрдың жарлығына сәйкес қазақ жерінің Қытаймен шекаралас тұсы Нор-Зайсан көлінің жағасына қамал тұрғызу ниетімен 1715 жылы Тобылдан тақтайдан жасалған 6 сал (баржа) және бірнеше қайықпен жабдықталған отрядтың ұзын саны 3000 солдатты басқарған бригадир Бухольц Ертіс өзенінің бойымен жоғары қарай өрлей жүзіп, Қамысты (Ямышенск) қорғанын ағаштан көтеріп бітпей-ақ шығыстағы қазақ руларын ығыстырып енді ғана жерге иелік жасай бастаған жоңғарлардың қатты қарсылығына кездесті.
Ертіс өзенінің ағынды ағысынан сескенген орыстардың әскері қайықпен жағаға жақын садақ оғы жетер мөлшерде жүзіп келе жатқанда, өзен арнасын көмкерген ағаш арасынан жоңғар қосындарының жебелері қарша борады. Ол кезде жоңғардың қалың атты әскері қазақ елінің шекарасына шоғырланып шабуылға дайындалып жатқан уақыт болатын. Бухольцтың адамдарының көбі сол әлгі іргесі қаланып бітпеген Қамысты бекінісінде қаза болып, (командный) бригадирдің өзі араларында жаралылары 200-ге тарта солдаттарымен судың ағысымен төмен құлдай қаша жүзіп, Обы өзенінің Ертіске құяр айлағына арып-ашып күз тоқсанның ортасында әзер жетті. Келесі жылы көктем шыға 1716 жылы жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы басталып та кеткен еді.

Бухольцтың адамдары Омбы өзенінің Ертіспен түйіскен аңғарына қорған бекініс салуға сол жылы кірісіп кеткен болатын. Арада жылға жуық уақыт өте Омбы қамалы 1716 жылдың соңына қарай салынып бітті. Бухольцтың қазақ жеріне жасаған алғашқы жорығы осылайша сәтсіз аяқталғанымен, көздері қанға толған ақ патша өкіметі екпінін бәрібір тоқтата алған жоқ.

Қыран құстың қанаты талатын, құлан киіктің тұяғы тозатын қазақтың сайын даласы мен жазиралы жоталары асты қазынаға, үсті шұрайлы ну мен суға толы өлкеге қанды көзін тіккен орыс патшасы, араға тағы да бес жылдан аса уақыт салып, 1720 жылы Петроградтан іс-тәжірибесі мол лейф гвардия майоры Лихаревты арнайы тапсырмамен шығысқа аттандырды. Ол енді қазақ жерін отарлау мақсатымен сапар шеккен алғашқы экспедицияның қателіктерін қайталамауға тырысты. Бухольц адамдарының саны 3000 болғанымен, көбі әскери адамдар емес, бекініс салуға ыңғайы бар шеберлер мен қорған құрылысына әдейі жасақталғандар болатын. Сібір жұртымен шекаралас жатқан жерлер иен бос жатыр, ешқандай кедергісіз, көліксіз өзен бойымен өрлей жүзіп барып қорған, бекініс салып орнығып ала қоймақшы оймен жанталасқан еді. Жоңғар әскерінің шабуылынан аман қалған 200 адамның барлығы да соғыс жағдайына бейімделіп шыңдалғандар болатын. Сонымен, Ғайсаның туғанынан санағанда 1720 хижраның тышқан жылы Ертіс өзенінің мұзы еріп, теңізшілердің тілімен айтсақ, новигация ашылған алғашқы күні Тобылдағы қорғаннан шағын ғана отряд ұзын саны 440 адамнан құралған әскери топты басқарған лейф гвардия майоры Лихорев

Ертісті өрлей жүзіп өзеннің бастау алар тұсына дәлірек айтсақ Нор-Зайсан көліне қарай бет алды.
Лихаревтың қол астындағы адамдар түгелдей сол кездегі от қарумен қаруланған, талай рет соғыстарға қатысқан тәжірибелі әскерлер еді. Сонымен қатар бірнеше артериялық пушка (зеңбіректер) жабдықталып, қосымша оқ-дәрілермен толық қамтамасыздандырылған жасақ болатын. Қару-жарақ пен азық-түлікті алып жүретін суға батпайтын жеңіл тақтайшадан жасалған салдың (баржалар) саны 34-ке жетіп оларды су бетімен ағысқа қарсы алып жүретін жеңіл желкенді ескекті қайықтарды қыс бойы дайын етті. Ертістің мұз көбесі сөгіле Тобыл қамалынан аттанып кетті. Ол кезде орыс флоты мен теңіз әскері Еуропаның дамыған елдерінің қатарына қосылса да, Ертісті өрлеп ағысқа қарсы жүзетін параходтарын бұл сапарға аттандыра алған жоқ. Оның басты себебі Ертіс өзенінің (фарватер) тереңдегі жағасындағы су түбі зерттелмегендіктен кемелері қайраңға тоқтап қалатыны ескеріліп, көп адам отырып ескек ететін қайықтарын пайдаланды. Тобылдан аттанған қайықтар Ертіс жағасына бұрынырақ салынған Қамысты (Ямышенск) қамалын қалпына келтірді. Осының алдында Бухольц көтерген бекіністі жоңғар әскері қазақ жеріне шабуылын бастаған жылы тып-типыл етіп өртеп жіберген болатын. Жалпақ етіп тақтайдан өрілген сал (баржаға) зеңбіректерін, кішірек жасалынғандарына азық-түлік пен қару-жарақтарын, сонымен қатар жаңбырлы күні жауыннан қорғайтын күркелер жасалып орналастырды. Олар Ертіс өзенінің жағасына тым жақындамай, садақ жебелері жете бермейтін қашықтыққа келіп, қайықтарының якорьлерін тастап, әрбір тамақ ішетін мезгілдері мен түн уақытында жағалауды жіті бақылап зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайраңдарды анықтап (фарвоторлерді) орналастырды. Азық-түлік орналасқан тақтайшаларға биіктігі 30-50 см дейін, ұзындығы мен ені 2 м-ден аса ошақ орнындай топырақ жайып төмпешік жасап, оның үстіне от жағып, ішер астарын дайындап, өзен арқылы 12 күн жүріп Ертістің Нор-Зайсанға құяр айлағына жетіп экспедиция қайықтарының якорьын тастады. Ертеңінде таңғы астан кейін айлақтан көтеріліп, Зайсан көлінің үстіне шыққан олар күн ұзақ көлге жақын бекініс салуға қолайлы жер іздеп шарқ ұрып ұзақ жүзді.

Ақыры ыңғайлы орын таба алмаған Лихаревтың әскері Зайсан көлін қақ жарып Өр Алтай Мұңғыл жақтан келіп құятын Қара Ертістің аңғарына шықты. Дәл осы жылдары жоңғар әскерінің алғашқы қосындары қазақ жеріне шабуылдауға дайындалған кезеңге тұспа-тұс келген заман еді. Тақ мұрагерлері Әмірсана мен Дабашы тәйжінің түмендері Қара Ертіс бойында қалытқыдай қалқақтап жүзіп жүрген орыстың қайықтарына қара майдан білте байланған жебелерін садақтарының адырналарынан қарша боратып, жағаға жақын жүзген бірнеше қайық, салды (баржа) суға батырып жібереді. Лихаревтың әскерлері де зеңбіректен оқ атып екі арада үлкен шайқас басталып та кетті.

Орыс әскері мен жоңғар қосындарының арасындағы айқас үш күнге созылып, ақыры Лихарев пен Әмірсана арасында бейбіт бітімге келген соң ғана толастады. Зайсан көлінің жағасына орыс бекінісін сала алмайтынына көзі жеткен Лихарев солдаттарын ертіп, көптеген қайықтары өртеніп кеткен соң тақтайшадан жасалған салмен өзен ағысымен жүзіп он күннен аса уақыт өте Ертістің Үлбі өзенімен түйіскен тұсына келіп тоқтаған. Өскемен бекінісінің қабырғаларын су жағасындағы адам аяғын алып жүре алмайтын қалың жынысты ағаштардан қиюластырып көтерді. Келесі жылы, яғни 1721 жылы күз айлары басталған шақта Өскемен бекінісінің қабырғалары көтеріліп, кейбір құрылыс жұмыстары аяқталмастан Ресейдің Еуропалық бөлігіндегі әскерлердің бір бөлігін (драгунский Колыванский полк) әкеліп төге салды. Өйткені қамысты қорғанын күзететін әскерлер саны аз болғандықтан ол бекініс ұзаққа бармай, ұзын-саны екі-үш айдың ішінде жоңғар қосындары күзетіп тұрған шағын отрядты қырып салып, қамалды өртеп жіберген болатын. Осылай жоңғар-қазақ арасындағы жойқын соғыстың салдарынан екі түйе арасында қалған шыбындай Қамысты (Ямышенск) қамалының орнында күлі ғана қалды. 40-пахотный Колыванский полк орыс патшасының ең сенімді әскері құрылған. Бұл құрама Сібір өлкесіндегі Колыван қаласында жасақталғандықтан сол қаланың атымен аталған еді. Оған дейін Өскемен бекінісінен 70 шақырым қашықтықта Абылайкет қорғаны 1654 жылы қазақ елінің шығысын жаулап алған жоңғарлар өздерінің меншігіне айналдырып, құдай үйі – күре салып айналасын қорған – бекініске айналдырған. Сол кездегі бекіністің 3,5 м сланцевый плитадан қабырғалары көтерілген. Енді неміс еліндегі 1744 жылы жасалынған картадағы түсініктемеге зер салайық. Қазақ мемлекетінің жері солтүстігінде Башқұрт, Татар, Ноғай хандықтарымен шектессе, шығысын қалмақ-жоңғар хандығымен шекаралас ұлан-ғайыр кең дала – Абылай даласы алып жатыр. Бұл ұлы даланы қазақтар жоңғар-қалмақ хандығымен сегіз жыл соғысып қорғап қалған. Осы жылдардағы жойқын шайқастардың бірі – 1730 жылғы Аңырақай шайқасы. Жоңғар хандығы шығысты жаулағанда ерекше етіп салынған пұтхананы талқандап, оның орнына Абылай даласының шығыстағы шегіне қорғанды қала салдырып ол Абылай кенті деген атпен Азия саяси картасына енгізілді деген деректер бар. Ол саяси картаны құрастырған Хоманна Хайрса мен Маттеуса Хвасса 1744 жыл деп анық көрсетіліп жазылған мұрағат деректерін зерттеушілер жариялап отыр бүгінде. Сол кезде болған адамдардың көзімен көріп, қолымен жазған деректері мен дәйектері орнынан ешкім қозғалта алмайтын ақиқатты аксиома екені айтпаса да белгілі.

Енді Өскемен бекінісі Қамысты сияқты өртеніп кетпеу үшін барлық амалдарды қарастырып 1 га жуық бекіністің тік қабырғаларын айналдыра терең қазылған ормен, суға жақын тұстарын топырақ үйінділерімен қоршап, әрбір бұрышын ағаш мұнараларымен қорғандады. Сырттан ешқандай қауіп болмастай етіп бекітті. Бекініс жұмыстары біте салысымен жергілікті халықтың немесе жоңғарлардың шабуылынан оны қорғау үшін , Сібір жерінен драгунский колыванский полктарының әскерлері келіп жетті. Олар негізінде Новосібір қаласы маңындағы Колывань елді мекенінде жасақталған құрамалар еді. Ресей өкіметі қай кезде болмасын әскерімен бірге шіркеуін қалдырмай алып жүретін әдетінен осы жолы да тайған жоқ. Келген бір полк әскермен бірге уақытша шатыржайдағы шіркеуін (походный церковь) алып иеромонах Георгийді өздерінің дін басы етіп бірге ала келген еді. Орыстардың осы уақытша шатыржайдағы шіркеуі әрі жеңіл, әрі тез жиналып құрастырылатын шіркеу үйі болатын. Емен тақтайларынан жасалып рамаларына көгілдір қытай матасы керіліп, оның бетіне орыс құдайлары мен пайғамбарларының суреті салынған. Осы уақытша шіркеу, кезінде Омбы шіркеуіне Ресейдің Смоленск қаласындағы құдай ана шіркеуінің халықтан жиналған ақшасына әдейі арнап жасалған деседі. Уақыт өте келе бұл уақытша шатыржай шіркеу араға ғасырдан астам жылдар салып 1843 жылы Ақмола шіркеуіне жіберіліпті деген сөз қалды ел аузында. Өскемен бекінісін күзететін әскер саны алғашқы жылдары 383 адам болса, қазақ-жоңғар соғысындағы қатерлі жағдайларды ескеріп ақ патша 1725 жылы көбейтіп әскер санын 785-ке дейін апарып, екі полк солдатты құрады.

Оның басты себебі қазақ-жоңғар соғысы ғасыр басында басталып, нақтырақ айтсақ, 1716-1718 жылдары кішігірім қақтығыстар болып жатқан кезең болатын. Ең үлкен жойқын соғыс екі ел арасында 1723-жылдары басталып кеткен кезде екі жағын аңдып қарап отырған орыстар енді, Қамысты қамалы сияқты алапат өрттің ортасында қалу қаупін ескеріп әскер санын екі есе көбейткен еді.

Тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатын екі көшпенді хандық арасындағы жан алып, жан беріскен қанды шайқастың нәтижесінде ұлы жоң­ғар мемлекеті жер бетінен жойылып тынған кезең 1735-1758 жылдар еді. Қазақ хандығы мен жоңғар қонтайшыларының арасында соғыс болған уақыт­та інге кірген аюдай Өскемен қамалына кірген орыстар үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай жылдар болды. Алапат соғыстың салдарынан иемденіп отырған жерлері мен елді мекендерін тастап босып кеткен қазақ жұртының орнына ақ патша мұндай мүмкіндікті өз пайдаларына шешіп, Өскемен қамалының айналасына Еуропа аймағынан ағылған қалың қарашекпенділерді (переселендерін) қаптатып-ақ жіберді. Ұзақ уақытқа созылған соғыстың салдарынан қазақ елі есін жиғанша, олар өздерін еркін сезінгені сондай, енді осыншама көп халыққа арнап қамал ішіндегі уақытша шіркеу таршылық жасап жатқанын сылтауратып, қамал жанындағы орманнан ағаш тартып әкеліп қиюластырып үлкен азаншы бөлмесі бар қоңыраулы кішігірім шіркеудің қабырғасын жылдан астам уақытта көтеріп, 1740 жылы қолданысқа берді.

Екі көшпенді ел қазақ пен жоңғар арасындағы соғыс жиырма жылдан аса уақытқа созылып енді туған жері мен қараорман атажұрты өз мекеніне араға бір ұрпақ ауысқан жылдар салып қайтып оралғанда, орыстар Ертістің оң жақ жағалауын түгелдей, оң жақ қапталының көп жерін иеленіп алған еді. Оған дәлел – Ресей үкіметі 1716 жылы Омбы бекінісін, 1718 жылы Семей, кейін араға елу жылға таяу уақыт өте ол бекіністің орнын ауыстырып қазіргі Семей қаласының орнына салды. Екі жылдан аса уақыт өткен соң 1720 жылдың соңына қарай Өскемен бекінісінің құрылысын бастап, бір жылдан кейін оны толығымен салып бітірді. Ақ патша өкіметі енді жаңадан салынған Өскемен бекінісінің айналасына жаяу-жалпы Ресей жерінен ағылған переселендерді орналастырды. Олар қамалды қорғап тұрған қарулы әскерлерге сенім артып, қала қорғанының маңына өз мекен-жайларын салып-ақ тастады. Баспаналары көбіне жерден қазылған жерүйлер мен шарбақ үйлер. Ертіс өзенінің бойын иін тіресе, өскен қалың шіліктен екі қабат етіп шарбақ тоқып арасын топырақ пен сабан араластырып, толтырып, төбесін жалғыз ағаш бөренеден мәтке қойып соған қатарластырып тал-шілікпен жапсарлай жауып уақытша болсын қоныстарын бір жайлы етіп алған-ды. Сол заманның переселендері Ресейдің Еуропа аймағынан қашып келген қылмыскерлер мен каторжниктер және кержақтар еді. Олардың көбі Смоленск өңірінен келген босқындар мен польша жерінде орыстарға қарсы көтеріліске қатысқан поляктар мен австрия жерінен қашқан ескі дінді ұстағандар болатын. Тарих өзінің дөңгелегін айналдырып арада 40 жыл өткенде, Орталық Ресейден ағылған қарашекпенділер Өскемен бекінісінің маңайына көптеп шоғырланып, сыймай бара жатқанын көрген орыс өкіметі, енді қазақ жеріне ішкерлей еніп, Бұқтырма өзенінің Ертіске құяр айлағына 1763 жылы Бұқтырма бекінісін салып үлгерді.

Қазақ жұрты қалмақтарды талқандаған 1758 жылдан кейін екі жылға жуық қытайдағы Маңшың патшалығы мен соғысып бірде жеңіп, бірде жеңіліп бейбіт келісімге келген соң өз мекендеріне қайтып оралды. Қайтып келсе олардың жаз жайлауымен күзеулеріне орыс переселендері қаптай жайғасып баспаналарын салып, өздерінің елді мекендеріне айналдырып үлгеріпті. Енді дандайсып алған олар қазақ жерін иемденіп алып, өздерін сол өлкенің қожайыны ретінде жергілікті халықтан малға жайылым, суатқа түскен төрт түлік малдан санына қарай жер, су салығын төлеуге мәжбүрледі. Қазақта мынандай аталы сөз бар: «Орыс ойына келгенін істейді» деген әйтседе осы сөздің жаны бар. Енді орыс переселендері мал салығы, су салығы жер салығын алғанына тояттанбай, бекініс маңында көшіп жүрген жергілікті қазақ руларының ауылдарын шауып, ұл-қыздарын төрт түлік малдарын тартып ала бастады. Қазақ жұрты жаратылысынан момын да шыдамды ел ғой, орыстардың осындай қылықтарына алғашқы жылдары көніп бейбіт көрші ретінде тыныш өмір сүргісі келді. Осының алдында жоңғармен отыз жылдан аса соғысып, одан кейін қытайдың айдаһарымен алысып әбден қажыған еді. Бірақ шыдамның да шегі бар арада бес жылға таяу уақыт өте бұндай қорлық пен қиянатқа шыдамаған найман керей рулары 1765 жылы Өскемен бекінісін түн ішінде шауып, ағаштан салынған қорғанды ішіндегі шіркеулерімен қоса алыстан масақтарына отты білте байланған жебелерін қардай боратып қамалды өртеп жіберді. Ол оқиға орыстың қызыл жұмыртқа «пасха» мейрамымен тұспа-тұс келген болатын. Сол уақытқа дейін қазақ ауылдарын шапқан орыс атты казактары қамал ішіне тығылып, қазақ қосындарын бекініске жолатпай күндіз-түні от қарудан зеңбірек пен мылтықтарынан оқ жаудырып қарсы алатын. Қаңтар айының соңына қарай басталатын орыс мейрамдары ұзаққа созылатынын біліп алған қазақтар түн қараңғысын пайдаланып ағаштан салынған бекініс қабырғаларына от қойды. Қызыл жұмыртқа мейрамының соңғы күні өліара түні айсыз қазақта он екі айдың амалдары наурыз айының басы Үркер жамбасқа түсіп, босаға жұлдызы туып Босаға басталар Бесқонақтың алғашқы күні басталатын шақ болатын.

Түн айсыз қараңғы тым қорқынышты еді. Қамал қабырғаларына от қойылған сәтте ішіндегі ағаш үйлерге қарай масақтарына отты білте байланған жебелер қамал ішіне жаңбырша жауды. Осылайша қамал қабырғалары мен ішіндегі ағаш үйлерге от бір мезетте қойылды. Қамал ішіндегі күзетші казактар қайда барарларын білмей қасқыр тиген қойдай жан-жаққа қашып бас сауғалады. Біразы жалын шарпыған от ішінде қалып тірідей жанып кетіпті. Бұл уақытта қазақ ауылдары көктемнің алғашқы айының басы әлі қыстауларынан қозғала қоймаған кез еді. Қазақ қосындары қамал шетіне көзге түспей қалай келсе дәл солай бір мезетте ғайып болды. Таң атып күн көзі көріне Бесқонақтың бораны басталып кетті. Тоқтаусыз соққан боран үдей түсіп, тоқтаусыз үш-төрт күнге созылып қазақ қолының кеткен ізін жасырып та үлгерді.

Дәл сол жыл төрт жылда бір айналып келетін кібісе «високосный» жыл болатын. Осы кібісе жылы сонау көне заманда ежелгі Мысырда пайда болған екен. Сол кездің өзінде Египеттің атақты астроном ғалымы Сотис «Сүмбіле» аспандағы ең жарық жұлдызды біраз уақыт зерттеген. Зерттеудің қортындысында түйгені, жыл басталғанда ол жұлдыздың таңертең көкжиектен көрінуінен бастап сол жылдың соңына дейін 365 күнге созылатынын санап шығарған деседі. Ғалымның Сүмбіле жұлдызын зерттеуіне себепкер болған кей жылдары көктемнің алғашқы айларында Мысырдағы Ніл өзені тасып шаруаларға көп зиян шектірген көрінеді. Осылайша ғалымдар көпшілікке судың таситын мезгілін ескертіп жүріпті. Сөйтіп Мысыр ғалымдары күн мен түн теңелгенінің арасын жыл деп атайды. Ал жылдың төрт мезгілін қыс, көктем жаз, күз деген атаулармен төртке бөлген. Әбір жылда сүмбіле жұлдызының уақытында сағат алшақтығы туындап, үш жыл өтіп төртінші жылда бір күнге артық қалған екен. Осы бір күн жылдың он екі айының ақпаныны сәйкес келгендіктен әрбір төрт жылда мұсылман елдерінде «Кібісе», славьян халқында «високосный» деп атайтын жыл болды. Осылайша біздің өмірімізге басы артық бір күн пайда болып ол «кібісе жылы» деген күнтізбе тарихына енді. Дәл сол жылдан бастап кібісе жылында ағаш қамал отқа оранып Өскемен қамалы келесі жылы Тасқорғанға айналды деген Алтай жеріндегі халық аузында сөз қалды. Қамалдың айналасына орналасқан переселендердің шарбақүйлері мен жерден қазылған баспаналарын тастай сала, Үлбі өзенін өрлей қашып жан сауғалады. Жергілікті елді мекендердегі қазақ жұрты осыған дейінгі қорлық пен қиянаттың көбі бекініс ішіндегі әскерлерден екенін білгендіктен, Өскемен қамалының маңына орналасқан бейбіт орыс халқының малы мен жанына тиіспеді. Олардың жатақтарының түгелдей дерлік шарбақтан тоқылған баспаналар мен жер үйлер болатын.

Орыс өкіметі өртенген ағаштан салынған Өскемен бекінісінің орнына енді тастан қамал салу жұмысын бастапта кетті. Алғашқы өртенген бекіністің аумағы бір гектар болса, одан кейін салынатын жаңа қамалдың қосалқы құрылыстарымен қоса есептегенде жеті гектар болатын тастан қаланған бекініс бой көтерді. Бұл бекіністің ірге тасын қалауға қорған әскерлермен бірге қала маңындағы орыс шаруалары түгелдей жұмылдырылды. Енді бекініс құрылысын күзет әскері күні-түні күзетке алды.

Қамал сыртындағы шарбақ, жер үйлерде тұратын переселендер әскери адамдар жарылғыш заттармен қопарған жарқашақ тастарымен қамалдың ірге тасын және қорғандарын түгелдей таспен қорғандап, бекініс ішіне өздеріне тұрақты баспаналарын салып алды. Сол кезден бастап Өскемен қорғанын жергілікті қазақ жұрты Тасқорған деп атап кетті. Тастай берік қамалдың қабырғалары мен қоршауын бекіткен құрылыс материалдарын сол арадан онша қашық емес қазіргі «Прапорщиково» ауылының шығысындағы «Бүркіт» тауының сілемдерінен тасып әкелген еді. Бүгінгі таңда Өскеменнің күншығыс тұсындағы «Қазақстан» деген жазу тұрған иықты келген тау шоқысы сол «Бүркітті» тауының теріскей тұсындағы дегелең жоталарының бірі еді.

Сөз соңында айтарымыз, ел тарихы мен жер тарихын тереңірек зерттеп, көнеден келе жатқан халықтың қайталанбас қазынасын қадірлей білу оны өзінің иесіне бүлінбеген бұзылмаған күйінде қайтару бүгінгі және болашақ ұрпақтың жүрегіндегі парызы мойнындағы қарызы екенін ұмытпағанымыз жөн.

Тас мүсін әйел

Өскемен қаласынан онша алыс емес мөлшері 16 шақырымдай жерде қазіргі Прапорщикова ауылының жанында Қызыл тал деген жер атауы бар. Бұрынғы замандарда сол жерде үлкен ауылды елді мекен болған. Осы Қызылтал қонысының басы ойпаңдау болып басталатын жылғалы аңғардың түстік жағында қой қотанының орнындай қалың тал мен терек өскен тоғай бар.

Осы шағын дөңгелек тоғайдың теріскей тұсында бетегелі дегелең жотаның үстінде тас үйінділері мен ескі қорым зираттар алыстан көзге шалынады. Кейін Кеңестік заманда атеиістік кезеңде тастарын алып тастап тегістеп егістік жерлерге айналдырып тастаған болатын. Осы зираттардың орта тұсына таяу мөлшерде қолына тастан ойып жасалынған құманы бар әйел адамның мүсіні тұрған екен сол кезде. Осы құлпытастағы әйел бейнесінің шығу тарихын сол жерді мекендеген қазақ жұрты әртүрлі мағанадағы аңыздар арқылы орыс зерттеушілеріне жеткізген екен. Бірінде олар әке-шешесінің ризашылығының куәсі ретінде баталасып ұзатылмай өз сүйгеніне қосылу мақсатымен жақсы көрген жігітімен үй болып бас қосыпты. Ғұннан келе жатқан ғұрпымызға, сақтан келе жатқан салтымызға қарсы болып елге қарар бетіміз қалмады деп әкесі теріс батасын, шешесі ана қарғысын айтып алладан қыздарын қатаң шариғат жолымен жазалауын сұраған деседі. Сонда раббым ата-анасының тілегін қабыл алып, қызды тас мүсінге айналдырып жіберіпті. Енді бір аңызда сонау баяғыда көне замандардың бірінде сол қорымға артында ұрпақ жібін жалғастырар баласы жоқ бір адамды бар байлығымен бірге жерлепті. Шарихаттың заңында мәңгілікке тыныс тапқан аруақтар мекенін ешкімде тыныштығын бұзып аруақтарды мазаламайды деген қағиданы ұстанған көпшіліктің ешқайсының жүректері даулап көп байлықты қайта қазып алуға батылдары бармаған екен. Арада талай жылар өтіп көп байлыққа қызыққан бір бейбақ әйел ел-жұрт көрмесін деген ниетімен қас-қарая сол қорымға барып, көмілген алтын күмісті алуға ниеттеніп қаза бастапты. Түнімен тотамастан қазған ол таң алдында қабір ішінен алтын құман тауып алған сәтте күн де шығыстан алабарқындай бастаған сәт болса керек. Таң атып қалғанын көрген әйел ел орындарынан тұрып, өзі көшіліктің көзіне түсіп қалармын деген ниетпен ары қарай қабірді қазуын тоқтатып, кеш бата тағы келермін деп тапқан олжасы алтын құманын қолына ұстап шұңқырдан шығып, енді ауылға бұрылғанда, күн шығып кетіпті де алланың әмірімен жаңағы әйел тас мүсінге айналып кетіпті. Аз уақыт өте ел тұрып ескі қорым басындағы биік құлпы тасты көздері шалған көпшілік таңырқай бәрі жыйналып зират басына келсе қазылған қабір мен тас мүсінге айналған өз ауылдасын көріпті. Қалың көпшілік қазылған қабірді қайта топырақпен толтырып қалпына келтірген екен. Ал қарғыс атып тасқа айналған әйелді қалған дәуірде де қай заман болсын осы қорымдарды тонамақшы болған қара ниеттілерден қорғап тұрсын деген ниетпен, сол орнында сол қалпында қолына ұстаған құманымен көмусіз қалдырыпты деген сөз бүгінгі күнге дейін ел аузында.

– Бұл оқиғаның тарихта болғаны рас та шығар.
Жылдар өте қазақ-жоңғар соғысы тұсында Қызылтас аңғарындағы жерлерін тастап, босқын болып жергілікті қазақ жұрты көшіп кетеді. Көп ұзамай иен қалған жерлерге орыс переселендері көптеп келіп Прапорщиково ауылының ірге тасын қалайды. Енді осы ауылға қатысты әлқисаның жалғасы былай өрбиді.
Сол ауылдағы бір орыс шаруасы ескі қазақ зиратындағы қолына құман ұстаған әлгі құлпытасқа көзі түсіп өзінің ауласын көркейту мақсатымен орнынан қазып әкеліп үйінің жанына қойыпты. Сол күннен бастап орыс шаруасының алдымен қаз-тауықтар соңынан малдары күнде бір-бірден қырыла бастаған екен. Біраз уақыт өткен соң әйелі де көз жұмған деседі былайғы жұрт.

Осы уақытқа дейін өзінің үйінде мұндай кесапатты көрмеген орыс шаруасы әйелін жерлеп болған күні тас мүсін құлпытасты өз орнына қайта апарып қойыпты. Сол күні түнде орыс шаруасының түсіне құлпытастағы қазақ әйелі мені тура өз орныма қоймадың және бір жағыма қисайтып орналастырдың деп қаһарлы дауыспен аян беріп мазасын алған десе-ді. Ертеңінде таң ата орыс қорым басына қайта барып тас мүсін құлпытасты өзінің бұрынғы орнына сол қалпында орналастырып үйіне қайтады. Сол күннен бастап оның ауласындағы малы мен үйіндегі жаны тыныш аман-есен өмір сүре бастаған екен.
Осы уақиғадан кейін Прапорщиково ауылын мекендеген орыс переселендерінің көбі ескі дін ұстағандар (староверы, баптисты, кержаки) сол ескі қазақ зираттарына баруға қорқып сырт айналып жүретін кезге жеткен еді.Ел айтады.

Алла жер бетіне адамзат баласын жаратқанда бір-біріне қиянат жасамасын деген. Мына орыстардың жергілікті қазақ халқының жерін тартып алып, ұрпағын күң мен құлға айналдырып бодандыққа басын байлады сол үшін ол қаһарын төкті деседі. Тағы да ел айтады.
Сенің олардың жерін тартып алып иелік еткеніңе шыдасамда сонау заманда өмір сүріп бүгінде сүйегіне қына бітіп кеткен аруақтар мекенін қарашекпен қиянатшыл қаратаяқтарыңа қорлатып қоймаймын дегені деседі.

Бұл сөздің астарында әділдік пен шындықтың қатпарлары жатыр.
Дегенменде осы сөздің куәсі іспеттес сол құлпытас құман ұстаған тас мүсін араға қаншама жылдар мен ғасырлар салып төмендеп жерге бірте-бірте сіңіп болғанша сол мекенді жайлаған переселендердің ұрпағының үрейін ұшырып, маңына жоламай айналып жүретін халге жеткізгені де рас еді. Енді біреулер айтады жоқ ол тас мүсінді Өскемен қаласындағы орыс әскерінің басшылары кемемен сонау Ресейдің Петербор қаласындағы эрмитажға жіберген екен сол жақтан көрген адамдар айтып келді деседі. Мүмкін ол сөз рас та болар, орыс қарашекпенділері күпінің битіндей қаптаған кезеңде орыстың жолы аппақ қазақтың жолы батпақ деген заман болатын.
Иә, солай зымыраған заманмен бірге адамда өзгеріп бара жатқан кезең келді. Содан бері қаншама ғасырлар өтті.
Уақыт пен бірге заң да рәсім де өзгерді.

Тоқтар МАҒЗҰМОВ

Пікір қалдыру