Әбубәкір Қайран. ЗАЯ

Адамды адам түсінбеу – бір ақырет…
Мұқағали

Екі қабатты еңселі үйдің қақпасынан жүгіре шыққан жасамыс әйел есік алдында от алып тұрған көлігіне міне салысымен ытырыла жөнелді. Көп ұзаған жоқ, бір көшені айнала беріп, кілт тоқтады. Басындағы етекті қалпағын арт жағына лақтыра салып, рөлге басын қойған күйінде өксіп-өксіп жылап жіберді. «Мыналар мені өз үйімнен қумақ екен ғой! О, Алла-ай! О, сұмдық-ай!» – деді тарғыл-тарғыл дауыспен. Аздан кейін ойы мен бойын жинағандай болып, өксігін баса алмаса да, қол сөмкесінен айнасын шығарып, өзінің бет жүзіне барлай қарады. Кірпігіне қондырған аз ғана бояуы ақша бетін айғыздап, жаспен бірге жосаланып аққан екен. Оны қол орамалымен мұқият сүрткіштеп, сөмкесінен опа шығарып, бетіне дарытқан болды. Өз жүзіне тағы да қадала қарап отырғанында көзіне тікендей қадалып, көңіліне де дық болып тигені – қарлығаштың қанатындай қос қасының қақ ортасындағы үп-үлкен қара мең. Мұның бала кезінде анасы: «Бұл сенің бағыңа біткен нысана» – деп қайта-қайта айтып отыратын. Есейе келе өзі де осы меңді мақтан тұтып жүрді. Өйткені – мұның бүкіл бет пішініндегі әдемілік пен ажар атаулының бәрін осы қара мең ғана үйіріп әкеліп, үйлестіріп тұрғандай болып көрінетін. Бойжеткен кезіндегі бұл мең туралы жігіттердің айтқан сөзі де – кілең марапат. Ал, енді, міне… Жас жуған жанарынан жай оты ұшқындап отырған жасамыс әйел осы меңіне өшіге қарап отыр. «Сен менің бағыма емес, сорыма бікенсің!» – деді ол ызбарлана күбірлеп.
Әйел бағана жұмысына бармақ болып көлігіне отырғанда, телефонын ұмытып кеткенін біле қойып, үйге қарай қайта жүгірген. Сыртқы есікті ашып, кіре бергенде-ақ жоғарғы қабаттан жас тоқалдың дауысы шаңқылдай естілді. Күйеуіне қатты ашуланып, айғайлап жатыр екен.
– Ал, қане сол айтқаның? Ойбай, өзін қайтсем де көндіріп, екі бөлмелі үй әперемін де жіберемін дедің. Қанша уақыт өтті?! Әлі жүр сүмірейіп. «Үйімізді жинап, баламызды бағып, тамағымызды істеп жүр» дейсің. Жинамай-ақ қойсын! Бақпай-ақ қойсын! Істемей-ақ қойсын! Қызметші жалдаймыз! Мына бала да есейіп қалды. Тәрбиеші керек. Оны да жалдаймыз!
– Бәрі де болады, жаным! Бәрі болады! – деп міңгірледі күйеуі.
Осы сөздерді анық естіген әйел тез-тез басып барып, телефонын алған соң, үстідегілерге білдірмей шығып кеткен.
Әйел енді осы сордың мынау қара меңдей маңдайына жабысардағы ең алғашқы ұмытылмас күнді тізбек-тізбегімен көз алдына елестете бастады.
…Күйеуінің бұған әлденені айта алмай жүргенін екі-үш күннен бері байқаған. Соның сәті бүгін түсетін сияқты. Бағана Сеулдегі университетке биыл түскен қыздарын шығарып салуға кетіп бара жатқанда: «Айкүміс, бүгін сенбі ғой, үйде боласың ғой. Мен көп кешікпей келемін. Әңгімелесетін шаруа бар» – деп ескертіп кетті. Өзінің жиренсарылау өңі тіпті қызара түскендей ме, мейірім төгіліп тұрғандай болып көрінетін көкшіл көздері де мүләйімсіп қалған ба… әйтеуір, бет жүзінде бір өзгеріс бар.
Осы Қасымбектің ең бір жақсы қасиеті – барлық кісінің көңіліне қарап, елпілдеп тұрады. Ешкімнің бетінен алып, дауласып та жатпайды. Шын шамданып, ашулана қалған сәтінің өзінде тұнжырап, төмен қарай қалатынын қайтерсің! Қой аузынан шөп алмайтынның өзі. Бай боп, күйеу боп бұған да ешқашан ақырып-зекіріп көрмепті. «Айкөш» дейді де тұрады сызылып. Тек кейінгі кездері ғана «Айкүміс» деп атын толық атайтын болыпты. Жастары келіп қалған уақытта сонысы да дұрыс шығар. Елу жасқа келіп қалған сары қарын қатынды «Айкөш» деп тұрғаны қай бір жарассын.
«Көптен бері екеуміз дұрыстап әңгімелеспеппіз ғой» деп ойлаған Айкүміс тоңазытқыштан ет алып, тез жібіту үшін суық суға малып қойды да, дастарханды жайнатып қоюға тырысты. Тіпті, үстелдің дәл ортасына ылғи сақтаулы тұратын қып-қызыл алмалары мен жүзімін, оның үстіне бананын да орналастырып, екі-үш жерден тәтті-дәмділерді де қоюды ұмытпады. Көптен бері ішілмей тұрған тәуір коньякты екі рөмкесімен әкелген соң: «Нағыз сюрприз деген – осы!» деп, сылқ-сылқ етіп күліп жібергенін өзі де байқамай қалды. Қос мықынын таянып, дастарханға қарап аз тұрды да, судағы етті алып, таза қуырдақ қуыруға кірісті. Етті турап тұрғанда күйеуінің осындай сенбі-жексенбі күндері, өзі айтқандай, «қатырып тұрып» палау мен лағман жасай қоятынын есіне түсірген Айкүміс, оймақ аузы үйіріліп, тәп-тәтті жымиып қойды. Қасымбектің қолы тумысынан епсекті ме, әлде, оңтүстік жақтың жігіті болған соң ба, тамақ істеуге тым шебер. Саусағынан бал сорғалап тұрғандай. «Жоқ, – деп терең күрсінді Айкүміс, – Бәрі шешесіз жетім өскендігінен ғой».
Ойлап тұрса, әкесінен де жеткіншек кезінде айрылған осы жігіттің жетімдігін де, кедейлігін де кемсітпей, жанындай жақсы көріп өле сүйген өзінің жүрегі де үлкен екен-ау! Бәрінен де дәулеті асып, дәурені жүріп тұрған әкесінің жүрегін айтсаңшы! Осы Қасымбекті бір рет те болса «күйеу бала» деп атап көрмепті ғой. Ылғи «ұлым» деп отыратын. Әлде… Өзінің ұлы жоқ болғандықтан ба екен? Маңдайына басқаны – осы Айкүмісі ғана еді ғой. Малға кедейлік түк емес, перзентке кедейлік батады екен жанға! Міне, Айкүмістің өзі де жалғыз қызы Раушанның асты-үстіне түсумен өмірін өткізіп келе жатыр емес пе! Айы да – сол, Күні де – сол! Әкесі қандай ғажап адам! Ұлының жоқтығын еш бір жанға білдірмей-ақ кетті-ау! Әй, қайдан, өзі білдірмесе де, өзгелер сөз қылмады деймісің?! Өзінің көзі тірісінде-ақ мынау екі қабатты үлкен үйін қызының атына аударып бергенінде де үлкен мән бар шығар. «Егер аяқ астынан о дүнниелік болып кетсем, үй-жайымды, дүние-мүлкімді ешкім талан-таражға салмасын, бәріне қызым ие болсын» деп, мұны заңды түрде мұрагері етіп кетті ғой. Қамқорлық көрсететін ешкімі жоқ жалаңаяқ күйеу баласын бизнеске баулап, қасына алып, ұстаздық еткенін айтсаңшы! Сонысы қандай жақсы болған – «ат тұяғын тай басар» дегендей, өзі өлгеннен кейін де үп-үлкен фирмасын күйеу баласы дөңгелетіп әкетті. Осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған анасы да айтты ғой: «Құдай бізге күйеу баланың да жақсысын берген!» деп. «Бетіне келме, беделін түсірме. Дос-жараңдарын туған құдаңдай сыйла. Сен сөйтсең, ол да сені жерге қаратпас» деген ақыл-кеңестерін өсиетіндей етіп қалдырып кетті, жарықтық…
Айкүміс тамағын істеп жүріп, Қасымбектің аңқаулығы мен адалдығын, іскерлігі мен тиянақтылығын да есіне алып, кеудесін әлде қандай мақтаныш сезімі кернегендей болды. Бірақ, ол сезімі үстіне су құйып жіберген шоқтай болып, тез арада сөне қалды да, оның орнын қоңырсық түтіндей қоп-қою мұң бүркемеледі. Осы бір жексұрын қаяу қашан да жанын жеп, жүрегін сыздататын да тұратын. Тұла бойы тұңғыштары – Раушаннан кейін бала тоқтамай, қайта-қайта түсік тастап, екі-үш жылдан соң бала көтеруден сап тыйылғаны – таусылмас мұңы, қайтпас қасіреті. Соншама таусылып, күнде күңіренбес еді – өзінің әкесі сияқты Қасымбектің де бұл өмірден ұрпақсыз өтетін түрі бар. Япырау, неткен сәйкестік! Әкесі сияқты күйеуі де жаратушы иеден жалғыз қызының амандығын тілеп, жалбарынуымен өмірден өтпекші. Сонда… анау атақты фирмасын күннен күнге кеңейте түсемін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Қасымбектің жиған-терген бүкіл байлығы кімге қалмақшы? Артынан ерген бауыры тұрмақ, туған туысы да жоқ, жал-құйрықсыз азаматтың тапқан табыстарының бәрі асып-төгіліп, бекерден-бекерге қордаланып жатқан жоқ па! Айкүміс осы жайды ертерек ескеріп, күйеуіне «жетімдер үйіне көмек көрсетіп тұрайық» дегенінде, орнынан шоршып түскен болатын. «Қызымызды керемет адам етіп өсіруіміз керек. Оқытуымыз керек. Елде жоқ көлік алып беруіміз керек. Тұрмысқа шыққан соң, сән-салтанатты үй салып беруіміз керек» деп, шетсіз-шексіз «керектерін» шұбырта жөнелген.
Айкүміс бұрыннан байқаушы еді – Қасымбектің бұған айтатын сөздерінің көбі «керек» деген бір сөзбен тиянақталып отыратын. «Бұл не деген бітпейтін көп «керек!» деп, күйеуінің осынша ашқарақтығына намыстанып та қалатын.
Қуырдағын қуырып, шайын қайнатып, дап-дайын отырған кезінде, арнайы шақырған қонағындай болып, Қасымбек те келді. Ол жасаулы тұрған дастарханды көргенде, аң-таң боп, состыйып тұрып қалды.
– Не, қонақ келді ме? – болды бірінші сауалы.
– Міне, келіп тұр ғой, – деді Айкүміс.
– Кім?
– Сен. – Айкүміс сәл жымиып еді, Қасымбек қарқылдап күліп жіберді.
– Сонда мен өз үйіме өзім қонақ болғаным ба?
– «Адамдар бір біріне қонақ екен» деген сөзі бар өлеңді жақсы көруші едің ғой. Сен бағана «әңгіме бар» деген соң, дастархан жасап, дұрыстап отырайық дедім. Әлде, саған ұнамай тұр ма?
– Жоқ… Неге?.. Ұнайды! – деп қалбалаң қаққан Қасымбек тез шешініп, қолын жуып, дастархан басына отыра кетті.
Үстел үстіндегі коньякты көріп:
– Қазір рөлге отыруым керек. Мынаны алып таста, – деді Айкүміске.
Тамақтарын ішіп бола бергенде, Айкүміс Қасымбекке қарап:
– Ал, баста әңгімеңді, – деп еді, күйеуінің өңі құбылып, екі қолы алдына симай, тықыршыған үстіне тыпыршып кетті.
– Саған не болды? Әбігерленіп отырсың ғой, – деді сұңғыла әйел әлде бір ұнамсыз жағдайды сезінгендей, күйеуіне сұғына қарап.
Қасымбек орындыққа шалқалай отырып, қампая бастаған аумақты қарнының үстіне қос қолын айқастыра қойып, тамағын бір қырынып алды да: – Айкөш! – деді. Дауысы құмығып шықты.
– Айкөш! Саған осы сөзімді айтайын деп жүргеніме біраз болды. Өзің білесің, сені ренжітпек түгілі аздап болса да өкпелетуге де батылым бармайды ғой менің. Екі-үш рет оқталып тұрып, тайқып кеттім. Тіпті, айтуға да аузым бармайды. – Қасымбек екі көзін тарс жұмып, сілейіп отырды да қалды. Басы кекжиіп, енді-енді салбырай бастаған бұғағы бүлк-бүлк етеді. Қайта-қайта жұтынып отырған болуы керек.
– Ал, айт! Төзімім таусылып барады! – деді Айкүміс.
– Өзің білесің, – деді тағы да Қасымбек – менің сен дегенде жаным бөлек. Саған еш адамды теңгеріп те көрмеппін. Міне, екеуміз отасқалы да он сегіз жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес. Қызымыз да бойжетіп қалыпты. Құдайға шүкір басымыз аман болса, бәрі бар. Ешкімнен кем емеспіз. Тек… бір ұлымыздың жоқтығы ғана жанымызға батады. Жиған-терген дүние-мүлкімізді кімге мирас етіп қалдырамыз? Әрине, сенің әкеңнің бәрін саған тастап кеткені сияқты, мен де қызыма бәрін тастап кете аламын. Дегенмен, мұрагеріңнің ұл бала болғанына не жетсін! Сен «жетімдер үйінен бір бала асырап алайық» деп едің. Оған мен көнбедім. «Етектен кесіп, жең болмас. Өзіңнен тумай, ұл болмас» деуші еді ғой бұрынғылар. Асырап алғаныңмен, бәрібір көңілің жарым болып тұратыны анық қой.
– Иә-ә, дұрыс айтасың, – деді Айкүміс терең күрсініп. Мұң құрсауыңда қалған аялы көздеріне жас тола бастапты.
– Сонда… не істемек ойың бар? – деді көзіндегі жасты саусағымен сілкіп тастап.
– Артымда өзімнен қалған ұрпағым болуы үшін не істеуім керек екені белгілі емес пе?
Қасымбек Айкүмістің бетіне жалына қарағандай.
– Менімен ажырасып, басқа біреуге үйленуің керек шығар.
– Айкөш-ау, сен не деп отырсың?! – деп, Қасымбек орнынан ұшып тұра жаздады, – Мен сенсіз қалай өмір сүремін?
– Сүресің. Жас әйелмен.
– Жоқ. Сен ешқайда кетпейсің! Бәріміз бірге тұрамыз. Хан сарайындай мына үйге бәріміз сиямыз.
Айкүмістің онсыз да аялы көздері үлкейген үстіне үлкейе бастады. Қолындағы үлкен қасықпен үстелдің үстін тықылдатып отыр. «Ашу үстінде бетіме жіберіп қала ма?» деп, күйеуі біресе әйеліне, біресе қасыққа қарағыштайды. Осыны сезгендей, қолындағы қасығын үстелдің үстіне тастай салып, Айкүміс те екі қолын кеудесіне айқастырып отырды.
– Иә, – деді сонсоң күйеуіне жымия қарап, – сонда менің үстіме тоқал алайын деп отырсың ғой?
– Егер сен келіссең… Ұрпақ үшін ғой.
Айкүміс қарсы қабырғаға қадалған күйінде міз бақпай отырып қалды. Жүзінде түк реніш жоқ, керісінше, бота көздерінің тереңінде әлде бір байламды ойлар жатқандай.
– Иә-ә, Қасеке! – деді сонсоң күйеуіне мұңдана қарап, – Ұрпақ туралы мен де ойланбай жүр дейсің бе? Сені жүрегіммен сүйгелі бері, саған әйел боп тигелі бері менің бар ойлайтыным – сенің болашағың, сенің бақытты болуың. Мен сол үшін бәріне бас тігуге баяғыда өзіме өзім ант бергенмін. Сондықтан да ұл бала сүйе алмай қалғанымыз саған батқаннан да, маған қатты батады. Мен не түрлі ойға түспеді дейсің. Сені ұрпақсыз қалдырмау үшін ажырасып кетсем бе деп те ойладым. Егер сен сондай тәуекелге бел байласаң, мен де бірден келісуге даяр едім. Ажырасып кетсем де, сенің бала сүйгеніңді, шат шадыман өмір сүргеніңді қалар едім. Соны күн сайын құдайдан тілер едім. Енді, міне, мынандай байламға келіп отыр екенсің, дегеніңді жаса, ойлағаныңды іске асыр. Бірақ…
– Иә, айта бер, – деді Қасымбек, жасаураған көзін қайта-қайта уқалаған болып. – Не «бірақ»?
– Бірақ, алатын тоқалың ақылды, арлы адам болсын. Менің тарапымнан оған ешқандай қысым болмайды. «Күндестің күлі де – күндес» деген сөздің мән-мағынасы маған жүрмейді. Одан туған баланы өз баламдай көремін. Анасындай аялап, бағып-қағамын. Үлкен шешесі боламын. Әне-міне жер ортасы жасқа жетейін деп отырған әйелмін ғой. Әжелік те алыс емес. Тек қана айрандай ұйыған берекеміз бен бірлігіміз бұзылмасын де.
Айкүміс айтып отырған сөзінің осы жеріне келгенде, Қасымбек қос алақанымен бетін басып, еңіреп жылап жіберді.
– Айкөшім! Айкөшім менің! – деп өксіді булығып, – Керегі жоқ! Керегі жоқ тоқалдың! Сен аман болсаң болды! Сенің бір басың мың тоқалдан артық!
Айкүміс орнынан тұрып, қарсы отырған Қасымбектің қасына барып отырды. Баласындай еркелетіп, арқасынан қағып жұбатты.
– Бүйтіп босама! – деді сонсоң жігерлі дауыспен, – Сен өзіңнің қандай адам екеніңді білесің бе? Алған бетінен қайтпайтын қайсарсың. Уәдеге беріксің. Айтқанынан айнымайтын бірсөздісің. Егер осылай тайқып шығатын болсаң, алайын деп жүрген сүйіктіңе не бетіңді айтпақсың?
Қасымбек жылап-жылап жаңа уанған баладай болып, Айкүмістің жүзіне аңтарыла қарады.
– Сен оны осында алып кел. Таныстыр. Бірақ сендер заңды некеге отыра алмайсыңдар. Сондықтан, мешітке барып дін жолымен некелеріңді қидырыңдар, – деді Айкүміс түрегеліп тұрып. Сөзін айтып болған соң, тамағын буып бара жатқан ащы өксікті сезе қойып, тез-тез басып өз бөлмесіне қарай беттеп кетті.
Төсегіне жеткен соң, құс жастықты құшақтап, етбетінен түскен бойында ұзақ-ұзақ тұншығып жылады.
«Күйеуім артымнан келіп, мазамды алмаса екен» деп тілеп еді, сол тілегі орындалып, Қасымбек те бұған сездірмей, үйден шығып кеткен екен…
Алты жыл бұрын басынан өткен осы бір күннің әр минуты мен әр секунтын қалдырмай есіне түсіремін деп көлігінің ішінде көбірек отырып қалыпты. Өз жүрегіне қандай ем табамын деп, біраз ойланды да, қалта телефонын алып, ең жақын сырлас құрбысы Мейізбен хабарласты. Ол үйінде екен. Қатты қуанып, тезірек жетуін өтінді.
Айкүміс бұрынғыдай ішқұса болып жүре бергенше, бір жақын адамына алты жыл бойы көрген қорлығын, шеккен жапасын сыртқа шығарған запырандай етіп айтып беруді жөн көрді. Солай істесе, іші босап, көңілі сергіп қалатындай.
Мейіз құрбысы шыдамсыздана күтіп отыр екен, көптен бері көріспеген соң, қатты сағынып қалған ғой. Бас салып құшақтап, бетінен сүйіп жатыр.
– Не ғып жүдеп кеткенсің? Түрің сұп-сұр ғой, – деді Айкүмістің бет жүзіне таңырқай қарап. – Жас тоқалды олай да, бұлай да жұмсап, қолыңды жылы суға малып отыр екен десем.
– Айтпа, Мейіз. Сенімен жолыққым келгені де сол жас тоқалға байланысты. Әйтпесе, аяқ астынан сені мазалап, маған не бопты, – деді Айкүміс, қонақ бөлмеге өтіп бара жатып.
Мейіз дастархан жасап, даярланып отыр екен. Шәйға отыра салысымен-ақ Айкүміс құрбысына үйдегілердің өзін қумақшы боп жатқандарын айтып салды. Үстіне біреу суық су құйып жібергендей шошып кеткен Мейіздің екі көзі тас төбесіне шықты.
– Бә-ле-е! – деді сонсоң дауысын созып. Бұйраланған қап-қалың қара шашының арасына салалы саусақтарын матырып жіберіп, маңдайын сүйеген күйі мелшиіп отырып қалды да, кенет ашулы кейпімен ызалана сөйлеп кетті.
– Мен саған баяғыда айттым емес пе – сол тоқалды байымен қосып үйіңнен қуып шық деп. Қасыңа Раушанды қалдыр да, фирманың да бар билігін өзіңе алып, ана екі сұмырайды қаңғыртып жібер деп. «Ойбай, Қасымбекке обал болады. Оған бала керек, ұрпақ керек» деп, майыстың да қалдың. Ал, енді көр, көр – сұр жыланды қойныңа кіргізгеннің қалай болатынын! «Бала! Бала!» дейсің. Сол бала төртке толды деп той жасағандарыңда көрдім ғой – «Жаман апа! Жаман апа!» деп сенің сирағыңнан қалай тепкілеп тұрғанын. Маймылға ұқсап бетін тыржыңдатып, сені мазақтайды, еще!». Ал сен болсаң, оған қалбалақ-қалбалақ етесің. Сол жолы жынымның ұстағанын-ай! Тура жағына тартып-тартып, отырғызып қойғым келді. Төртке толып, есі кіріп қалған баланың сендей мейірімді үлкен адамға сөйтіп тұруы мүмкін бе? Бұл – ана жылан тоқалдың тәрбиесі!
Мейіз екі иінінен дем алып, ентігіп тоқтағанда, Айкүміс те осы сәтті күтіп отырғандай:
– Сабыр, сабыр етші, Мейізжан! Саған келіп отырғаным да сол тоқалдың өзіме көрсеткен қылықтарын айтып беру үшін ғой. Ішіме сияр емес. Осы уақытқа дейін сол туралы бір ауыз жаман сөз айтып көрмеппін. Кейін түсінер, қалыпқа түсер деп ойладым. Ал, сен мені тыңда, – деп көкейінде көлкілдеп тұрған зарлы мұңын құрбысына баяндай бастады.

* * *
Қасымбек болашақ тоқалын үйге алып келіп, таныстырамын деген сәттен бастап, оны көрген кезде өзін-өзі қалай ұстауды білмей әбігер күй кешіп кеткенін әлі ұмытпас. Олар келгенде ас-сумен айналысқан болып, асүйде жүрсе ме, әлде, қонақ бөлмедегі креслода аяғының үстіне аяғын қойып, екі қолын айқастырып, иегін көкке көтеріп, міз бақпай отырып алса ма? Жоқ. Онысы бұрын көрмеген кісіден ұят болады. Не деген тәкаппар, сызданған адам деп, бұны сол сәттен бастап-ақ жек көріп кетер. Адам мен адамның сыйластығы алғаш танысқан уақыттан басталатыны белгілі емес пе?! Өзінің аты да жақсы екен. Гүлжамал. Сол Гүлжамал байқұс та қайбір қарық болып жүр дейсің, бүгін. «Бәйбішесі қандай адам екен? Қалай қарсы алады екен?» деп, ол да алуан түрлі ойға түсіп жүрген шығар. Өзі министрдің немере қарындасы дейді. Бойында бекзаттығы да болуы керек. Әйтеуір, кеудесін керген тікбақай болмаса екен. Сондай болған күнде де, оның әлдебір лауазымды адамның туысы екендігі кімге керек?! Айкүміс үшін ол… Ол – Қасымбектің екінші қатыны, өзінің күндесі. Оның жолы – кішілік. Қазақша айтқанда – Қасымбек оны кішілікке алып отыр. Ал, Айкүміс кім? Ең алдымен, кезінде бүкіл қалаға танымал болған ардақты адам – Баймағамбеттің жалғыз қызы! Бүгінгі бет-беделді азамат Қасымбектің бәйбішесі! Үлкен фирманың бас дизайнері! Жоқ. Жас тоқалдың алдынан жүгіре шыққаны тіпті жөн емес екен. Не сасатыны бар?! Сабырлы салиқалы қалыпта қарсы алады. Сөйтеді.
Айкүміс осындай тоқтамға келіп, өзі ойлағандай, жас тоқалды бір қалыпты жағдайда ғана күтіп алды. Өзіне екі көзімен ішіп-жеп қарап тұрған Гүлжамалдың назарынан сәл қысылып қалғандай болды да, бұнысын тәрбиелі мәдениеліттілігі сияқты көрсеткісі келіп: – Қош келдің! Төрлет! Менің атым – Айкүміс, – деді.
– Менің атым – Гүлжамал. – Жас тоқал екі қолын алдына ұстап, тіп-тік күйінде қаздиып тұр. Бір көрмеге тәп-тәуір әдемі келіншек екен. Жасы отыздарда шығар.
– Гуля, – деп, Қасымбек Гүлжамалға қарады, – бұл кісі – менің бәйбішем. Жан досым. Жанашырым. Жалғыз қызым Раушанның мамасы. Сен екеуміздің қосылуымызға ең бірінші ақ батасын берген де – осы кісі!
– Рахмет! – Гүлжамал дауысын естілер-естілмес етіп, ернін жыбырлатты. Бет жүзінен де, көзінен де ешбір толқудың белгісі білінбейді. Немқұрайлы.
– Жүр, Гуля, – деп Қасымбек болашақ тоқалына төрді нұсқады. Өзі абыржып жүрген адамдай, шешіп қойған аяқкиіміне сүрініп, құлап қала жаздады.
Дастархан үстінде тоқтамай сөйлеген тек Қасымбек қана. Ол болашақ тоқалының сегіз қырлы, бір сырлы адам екенін жан-жақты түсіндіру үшін арнайы дайындалып алған сияқты. Оның айтуынша Гүлжамалдың атасы атақты күріш өсіруші болыпты. «Ленин» орденінің иегері. Депутат болған. Ал, оның інісі облыстық, республикалық жоғары орындарда қызмет атқарып, өнегелі ұрпақ өсірген. Міне, соның нәтижесі – ең үлкен баласы қазір қаржы министрі болып отыр! Гүлжамалдың өз әкесі де оңай адам емес. Ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болып, содан соң аудандық оқу бөліміне ауысып, ақырында меңгерушілік еткен. Ал, мамасы болса, сегіз бала тәрбиелеп өсірген батыр ана! Гүлжамалдың өзі мектепті алтын медальға бітіре жаздапты. Тек бір сабақтан ғана «төрт» алып қалыпты. Мединститутқа өз күшімен оқуға түсіп, жақсы бітіріп шыққан. Қазір көз дәрігері. Офтальмолог. Тәжірибелі маман.
Алдындағы шәйі баяғыда суып қалса да кесеге ернін тигізбей, Қасымбектің сөзін тыңдап отырған Айкүміс кенеттен Гүлжамалға қарап:
– Бұрын тұрмысқа шыққан жоқсыз ба? – деп сұрады.
Гүлжамал селк ете түскендей болып, бойын тез жинай қойып еді, Қасымбек одан бұрын жауап берді:
– Егер бұрын тұрмыс құрған болса, саған айтар едім ғой. Бұл Гуляны Алла тағала алғаш жаратқанда бізге бұйыртыпты.
– Қасым, – деп наздана жымиды Гүлжамал, – «Бізге» демей, «маған» деп айтсаңшы.
– Енді сен… осы үйге… не боп түсіп отырған соң… айтқаным ғой, – деген Қасымбек абыржып қалғанын білдіргісі келмей, әңгімесін негізгі тақырыпқа қайта бұрып жіберді.
– Ал, мына Айкүміс біздің фирманың бас дизайнері. Талай-талай сәнді киімдердің моделін жасаған айтулы шебер! – деп, өз міндетін толық орындап болған адамдай, орындығына шалқалай отырды.
Айкүміс сол отырыстың үстінде Гүлжамалдың қандай адам екенін аз да болса сезбек түгілі, көзге түсіп тұруға тиіс ерекше мінез ұшқындарын да байқай алмады. Дастархан басына қалай тік келіп отырса, солай тік тұрып кетті. Үйдің бәйбішесі ғой, үлкен адам ғой деп, бұған назар да аудармады. Тек Қасымбектің бетіне қарады да отырды. Онда да сүйсініп, сүйініп емес, сынай, кекей жымиып, кейде мүсіркеп, тіпті, менсінбейтіндей болып қарайды. Өзінің дөп-дөңгелек қара көздерінде әйел адамдардың көбіне тән жылылықтан гөрі жалғысбасты әйелдерде ғана болатын суықтық бар сияқты.
Әлде, өзі сүйіп, отбасы бар екеніне қарамай тиген күйеуіне ашық түрде-ақ ортақтаса беретін күндесіне деген қызғаныштан туған қылығы ма екен бұл суықтық? Егер, әзірше сондай сезімнің үстінде отырса, үйренісе келе бұл келіншектің өзіне деген бүкіл жаман ойларының бәрін ыдыратып, көңілін жайландыратынына осы бастан дайындалып отырған Айкүміс: «Жасы отызға келіп қалса да, әлі өмір көрмеген жас қой. Көзімен көріп, көңіліне тоқыған соң, ернімен татып, ащы мен тұщыны айырған соң, бәрін өзі-ақ түсінетін болады» деп ойлады.
Өзінің тоқал алып жатқанын жақын достарына жария еткен Қасымбек бір сенбі күні кафе жалдап, солардың барлығына шағын той жасады. Гүлжамалды танысқан күннен кейін бір аптадан соң көріп отырған Айкүміске күндесі бұл жолы мүлде басқа адам болып көрінді. Ол Қасымбектің достарының арасында тым еркін, тым ерке екен. Әсіресе, еркектермен жайраңдай сөйлесіп, әншейін әзілдің өзіне ішін басып, шегі қатқанша күле бергені де – тым орынсыз, тым сорақы.
Жаңа түсіп жатқан жас тоқал еркектермен жарысып виски ішемін деп, тойдың аяғында қызыңқырап қалды. Музыканттарға ақша шашып жіберіп, өзі микрофонды жұлып алып, атақты «Дудар-ай» деген әнге салып кеткені де Айкүмістің жанына қатты батқан. Басқа жұрттың барлығы орындарынан тұрып, қол соқты, қайырмасына қосылып шырқағандар да бар. Әрине, той болған соң, ән салғанға не жетсін! Бірақ, жаңа түсіп жатқан жастау тоқалдың әрпіл-тәрпіл дауысымен ән салғанғанын былай қойғанда, Мәриямнің бейнесіне кіремін деп, бұраңдағаны мен жыламсырағаны, Қасымбекті орнынан тұрғызып алып, сүйрей жөнелгені, ән аяқталған уақытта ернінен жабысып тұрып сүйгені – Айкүмісті жерге кіріп кетердей ұялтты.
Үйге келген соң, қызулығы мастыққа ұласып, Қасымбекке жабысып алып, неше түрлі сүйіспеншілікке толы сөздерін жаудырумен қоймай, «кәрі арыстаным», «кәрі бұқам» деп оның танауынан жұлқылап, құлағынан созғылап әбден мазасын кетірді. Бір кезде күйеуінен жалыққандай болып, Айкүміске ауысты. «Жүр біздің бөлмеге. Екеуміздің ортамызға жат» деп, қайта-қайта қолынан сүйреледі. Ақырында Қасымбек араласып, алдап-сулап өз бөлмелеріне алып кетті. Сірә, өзі де масаң болған соң, тоқалының қылықтарына онша мән бермесе керек, ертеңінде басы ауырып жатқан сүйіктісіне аяқ-табақ пен арақ-шарап тасумен жүрді.
Айкүміс түндегі қылығы үшін жас тоқал өзінен кешірім сұрар деп ойлап еді, өйтпек тұрмақ, жуынуға шыққан кезінде иығына асқан орамалын шұбалтып, бұрылып та қарамай, дәл жанынан өте шықты.
Түске таман Қасымбек бөлмесінен шығып, тамақ істеп жатқан Айкүмістің қасына келіп:
– Мында отыршы, Айкүміс! – деп, орындықты нұсқады.
Екеуі бір-біріне қарама-қарсы жайғасқан соң, әдеттегідей тамағын қайта-қайта қырынып алып, сөз бастады.
– Айкүміс, мына бірінші қабаттағы бөлме бізге өте жайсыз екен. Бұл өзі жұбайлардың жатуына арналмаған бөлме ғой. Балконы да жоқ, ауасы да тарлау. Түнде Гуляның қайта-қайта тынысы тарылып, мазасызданып шықты. Сен былай етсең қайтеді… түсінесің ғой… ана… екінші қабаттағы сенің бөлмеңе ауыссақ… ыңғайлы болар еді. Оның ең жақсысы – балконы бар ғой. Ал мына бөлме – саған ыңғайлы. Асүйге де жақын. Саған қажеттінің бәрі – осы қабатта. Өзіңе де жақсы болар еді. Айтпақшы, ертеңгі күн жексенбі болған соң, Гуляның аға-бауырлары мен жеңге-келіндерін үй көрсетуге шақырып қойып едік. Солар да Гуляның бөлмесін көріп, қуанып қалсын… Ә, сенің де ол кісілермен танысқың келетін шығар?– Жоқ. Солардың менімен танысқысы келіп тұр дейсің бе? Ең дұрысы, Мейізге барып, әңгімелесіп қайтпаймын ба?
Қасымбек әйелінің бұл сөзіне қарсылық білдірмей, басын изеген болды да, әлгі әңгімесіне қайтып оралды.
– Сонымен… ана… бөлмелерді ауыстырамыз ба?
– Өзің солай деп шешсең, маған бәрібір, – деп, Айкүміс орнынан тұрып кетті. Сөйтіп, Айкүміс бала күнінен тұрып келе жатқан бөлмесінен де айырылды. Бұл жағдай жүрегіне қатты батса да, Қасымбектің көңілі үшін және үй ішінде айқай-шу басталып кетпесін деген оймен келісімін берген болатын.
Астыдағы бөлмеге көшіп алған соң, Гүлжамал тұрмақ, Қасымбекті де сирек көретін болды. Оның кабинеті мұның бұрынғы бөлмесіне көрші болған соң, кіргенін, шыққанын да біліп отырушы еді. Енді бірінші қабаттың түкпіріндегі мына бөлмеде отырып, жарық дүниеден хабарсыз қалғандай жағдайы бар. Бұрын күйеуімен, тым құрымағанда, таңертенгі шәйді бірге ішуші еді, енді жас жұбайымен екеуі Айкүміс дайындаған тамақтарын жоғарыға апарып ішетін болыпты. Ертелі-кеш астабақты көтеріп алып, жоғары-төмен жүгіріп жүретін – Қасымбектің өзі. Әрине, Айкүміске тасытып қоюға ұяты жібермейді ғой. Ал, Гүлжамал болса, жұмысынан ылғи шаршап келеді. Сенбі, жексенбі күндері не күйеуімен, не өз бетімен қыдырумен болады. Айкүміс осы жасқа келгелі сан түрлі қыдырымпаз қыз-келіншектерді көріп еді, бірақ дәл Гүлжамалдай қызыққұмар әйел баласын көрмепті. Ол осы қалада өтіп жатқан жаңа фильмдер мен спектакльдердің жарнамасын күн сайын оқып, біліп отыратын сияқты. Қасымбек те шаршамайды екен. Кермаралдай керілген тоқалын қолтығына қысып алып, шапқылайды да жүреді. Өзіне осы жүрісі ұнайтын секілді. Кейінгі кездері сылаланып, сұлуланып келе жатқандай. Өте көңілді. Онысы жақсы ғой, бірақ бәйбішесіне де анда-санда назар аударуды ұмытып бара жатқандай.
Үйленгендеріне төрт-бес ай өткен соң-ақ Гүлжамалдың іші білінді. Көптен бері зарығып күткен әулет жалғасы – ұл бала екені анықталып, көп ұзамай, дүниеге аман-сау келетініне де еш күмән болмаған соң, Айкүмістің де көңілі көтеріле түскендей. Күндіз сәл демалып отыра қалса да, түнде төсегіне жата кетсе де, кіп-кішкентай бөпенің қызылшақа түрін көз алдына елестете береді. Ұйқтар алдында сол бөпеге амандық тілеп, өзі білетін дұғаларды оқиды. Бұл сәби, құдай қолдап, өмірге аман-есен келсе, есімін өзіме қойдырса екен деп үміттеніп, екі-үш күндей ойланып жүріп, «Абай» деген атқа тоқталды. Абай атасының өзіндей болмаса да, сөзін ұғар, жолын ұстанар ұл болып өссе екен деген тілеуі ғой. Оның үстіне қай тілде дыбысталса да өзгеріске түспейтін, ашық, анық айтылатын мұндай есімдер кем де кем! Айкүмістің өзіне адам есімінің өзгеріп дыбысталғаны ұнамайды-ақ. Мысалы, орыстар өзін «Айкумус» деп атап отырғанда, жап-жақсы есімнің мүлде бұзылып кететінін бала кезінен байқаған.
Туашақ балаға ат қойғысы келіп жүргенін Қасымбекке ақырындап ескертіп қойды.
Күн санап күтіп жүрген бала да туды. Аты да қойылды. Бірақ, Айкүмістің таңдаған аты емес. Гүлжамалдың министр ағасы «Нұрсұлтан» деп қойғандарын жөн көрген екен. Айкүмістің жүрегі аздап шаншығандай болса да, «нағашының жөні бөлек қой» деп, бұл өкпесін кішкентай Нұрсұлтанды әуектеп жүріп-ақ ұмытып кетті.
Баланы бірге бөлеп, бірге шомылдырып жүрген соң, Гүлжамал екеуінің арақатынастары да жақындай түсіп еді, амал қанша, қырқынан шығарған күні қарыншашын алып жатқанда, сәби басын еңкейте қалып, нәрестенің құйқасын қанатып-ақ алғаны. Сол-сол-ақ екен, тоқалдың көзінен – жасы, ауызынан сөзі сорғалап-ақ кеткені! Оның айтуынша, Айкүміс осы балаға арам ойменен жабысып жүр екен. Сәбиді өзіне үйретіп алып, кейіннен оған ойына келген жамандықтарын істеуі әбден ықтимал. Өткен бір жолы, сүт орнына беретін ақ ұнтақтан осы баланың іші өтіп кеткенде де, бұл пәле Айкүмістің қастығынан болғанын сезген екен. Жас баланы көп көтеріп үйреткені де – қастандық. Күні бойы қолға көтеріп, жаман үйренген бала шешесімен оңаша қалғанда, «көтер-көтер» деп, маза беруші ме еді?!
Гүлжамал сөйлеп-сөйлеп болғаннан кейін, Айкүміс: «Сәл ақылға келші, Гүлжамал! Бар тілеуім осы баланың үстінде екені бір Аллаға аян» деп еді, қанын ішіне тартып алған жас тоқал үн қатпаған күйі тымсырайып алды. Сол күннен бастап, айналып-үйіріліп баласының маңынан шықпайтын болды. Өзінің бала жандылығы сонша – бөпесін неше түрлі орысша, қазақша тәтті атаулармен атап, аймалап, сүйеді де жатады. Айкүміс оның өзіне айтқан сұрапыл сөздері мен қап-қара жаласының ауырлығынан біраз уақыт есеңгіреп жүрсе де, ерегесіп отырып алмай, сәбидің жаялықтары мен киімдерін өзі жуып, өзі кептіріп, өзі үтіктейді. Егер ерік өзінде болса, арбасына жатқызып, серуендетіп, таза ауа жұтқызып қайтар еді, амал жоқ. Бұл туралы ойын Гүлжамалға ақырындап сездірген еді, ол: «Жас сәбиге жаздың күнінде де суық тиеді» деп, шоршып түсті.
Бала бір жасқа толды. Той тойланды. Тәй-тәй басып жүре бастаған соң, Айкүміс оның қолынан жетелеп жүріп, аз-ақ уақыттың ішінде жүргізіп жіберді. Сонда қуанғанын-ай! Кішкентай ұл да оны көрмей қалса, іздеп, жылайтынды шығарды. Көрсе болды, жылағанын қоя қойып, «апа, апа» деп тұра ұмтылады.
Бұл кезде Гүлжамал да күндесіне жапқан пәле-жаласын ұмыта бастағандай болып, Нұрсұлтанды далада қыдыртуға рұқсат берген. Ол сөйтіп, Айкүміске пейіл көрсетіп жүрді де, декреттік демалысын аяқтап, жұмысына шығып кетті. Енді Нұрсұлтан басы бүтін өзінің қарамағына ауғандай сезінген Айкүміс сәбимен бірге шат-шадыман тірлік кешіп жүрді. Тілі шыға бастаған баламен күні бойы әңгімелеседі. Үйдегі, даладағы заттардың атауларын, олардың неге керек екенін түсіндіруден де жалыққан емес. «Нұрантайым менің! Нұрым менің! Күнім менің!» деп еркелеткенде, сәбидің сықылықтап күле беретіні де – бір дәурен!
Осындай жайма шуақ жақсы өмірдің тыныштығы Нұрсұлтан екіге келгеннен кейін бұзылады деп кім ойлаған?!
Ұлдың екі жасқа толуына байланысты өте үлкен той өтіп, бәрі масайрап жүрген шақта, Қасымбек пен Гүлжамалдың арасында қан майдан басталды да кетті. Бәрі аяқ астынан. Таңертеңгі шәй үстінде Гүлжамал бір әңгіме қозғады.
– Нурик те екі жастан асты. Жүгіріп жүр. Жақсы сөйлейді. Енді мұны ясли-балабақшаға апаруымыз керек, – деді, – Мен анау «Ласточка» деген жекеменшік яслимен келісіп қойдым. Ертең таңертең өзім алып барамын.
Айкүміс пен Қасымбек жас тоқалдың жүзіне таңдана қарады. Қасымбектің қабағы түйіле бастады.
– Әй, Гуля, сенің бұл айтып отырғаның қай сөзің? – деп, үстелден сәл шегініп, екі қолын айқастырып, қарнының үстіне қойды. – Баламыз балабақшасыз-ақ жақсы өсіп келе жатыр. Айкүміс апасы фирмадағы жұмысына да аңда-санда ғана барып, осы баланы бағып, тәрбиелеп отыр. Байқайсың ба, Нурик қазақшаны сен екеумізден де жақсы сөйлейді.
Қасымханның сөзін Айкүміс те іліп әкетті:
– Иә, Қасекең дұрыс айтады. Мен – Нұрантайсыз, Нұрантай менсіз тұра алмайтын болдық қой.
Гүлжамалдың дөп-дөңгелек көздері мұзға айнала бастады.
– Сонда… балабақшаға апармайық деп отырсыңдар ма? Не деген артта қалған, қараңғы адамсыңдар! Қазіргі заман талабы мүлдем басқа. Бала жаңаша тәрбиеленуі керек, жаңаша білім алуы керек. Айтшы, Қасымбек, бір білімсіз кемпірдің етегінің астында жүріп, осы баламыз не болады?
– Әй, Гүлжамал, тіліңді тартып сөйле! Не деп отырсың өзің?! Осы Айкүмістің саған жасаған жақсылығынан басқа не жазығы бар? Осы бәйбішенің байы мен емес, сен сияқты – дікеңдейсің де отырасың. Біз сені әлі жас қой деп еркелеткен сайын төбемізге шәй қайната бастадың ғой! Бәріміз бір отбасы болғаннан кейін әрбір шаруаны ақылдасып істеуіміз керек емес пе? Ал сен «өзім білемге» салынып, бізбен санасуды да доғардың. Давай, мұндайыңды қысқарт! – деді Қасымбек шыдай алмағанын білдіріп.
Гүлжамал орнынан атып тұрып, күйеуінің көзіне қарай сұқ саусағын безеп-безеп жіберді.
– Феодал! – деді сонсоң түкірігі шашырап, – Феодал! Айттым ғой, артта қалғансыңдар деп. Мен бұл жерде анамын! Жас анамын! Баланы қалай тудым, солай өсіру де – менің міндетім! Баламды «Ласточкаға» апарам дедім, апарам!
– Сабыр ет, Гүлжамал. Келісіп қойсаң, апарасың ғой енді, – деді Айкүміс ұрыс-жанжал шығып кетпесін деп.
Қасымбектің жиренсарылау беті өрттей лапылдап отыр. Жалтырай бастаған төбесі жарқ-жұрқ етеді.
– Сонда не… «Ласточка» деген орыс балабақшасына апарамысың? – деді сызданып.
– Иә, соған апарамын.
– Әй, баламыздың тілі жап-жақсы қазақша шығып келе жатқанда, бүлдіресің ғой, қуатым-ау! – деді Қасымбек, енді жалына қарағандай болып.
– «Бүлдіресің» дейді. Бүлдіріп отырған – мен емес, мына сен! Сонда, осы құдайдан сұрап алған жалғыз балаңды ешкімге керегі жоқ қазақ тілімен қалдырғың келіп отыр ма? Орыс тілін бала кезінен үйретпесе, қалады мүгедек болып! Мен өзім ауылдан қазақша оқып келіп, мединститутқа түскенімде, көрдім ғой көресіні. Милау, мылқау адам сияқты.
– Балабақшаға апарсаң да, қазақшасына апарасың! – деп, Қасымбек те орнынан түрегелді.
– Надан! Скотина! Какая же я дура, что вышла за такого кретина как ты! – деді Гүлжамал ащы дауыспен.
Қасымбек қатты ашуланып, ұмтылып барып, тоқалының жағынан тартып кеп жіберіп еді, соққысы мұндай ауыр болар ма, Гүлжамал айналып барып, ұшып түсті. Маңдайы үстелдің бұрышына соғылып, қаны саулап қоя берді. Айкүміс тез қимылдап, жығылған келіншекті орнынан тұрғызбақ болып еді, аяқ-қолын бірдей ербеңдетіп:
– Кет! Кет! – деп, құтырынған үстіне құтырына түсті.
Қасымбек орысша, қазақша боқтықтарын боратып, жоғарыға көтеріліп кетті. Айкүміс жүгіріп барып, йод пен мәрлі әкеліп, Гүлжамалдың жарасын таңды.
«Енді бұл тоқал қандай өнер шығарар екен?!» деп, Айкүміс қатты үрейленіп еді, мұны таңқалдырып, Гүлжамал жағының жігін ашпастан, үнсіз қалды. Сол күннен бастап, Айкүміс бұл келіншектің ес-ақылында аздаған ауытқу бар екенін байқап, жүрегі сыздап, оған бұрынғыдан да жанашырлықпен қарайтын болды.
Осы оқиғадан кейін-ақ Гүлжамалдың кіші жеңгесінің қайынсіңілісі туралы өзіне айтқан бір әңгімесі Айкүмістің есіне қайта-қайта орала берді.
Жас тоқал алғаннан кейін Қасымбек қайын жұртын жарылқағыш, нағыз ақлескер күйеу балаға айналып кеткен. Кіші қайынағасын әйелімен бірге фирмасына қызметке қабылдап, үлкен балдызына дүкен ашып беріп, кенже қыздарын жоғары оқу орнына түсіргені де – үлкен шаруа! Қазір фирмада істеп жүрген Гүлжамалдың әлгі кіші жеңгесі – Сара деген әйел сөзі көптеу болса да, адамға үйір, ақкөңіл жан екен. Сол, бірде, Айкүмісті қояр да қоймай кафеге апарып, өз әулеттері туралы бірталай әңгімені сапырып тастаған.
Оның айтуынша, Гүлжамал қыз күнінде өте әдемі, тым асқақ бойжеткен болыпты. Ол мединститутқа оқуға түскеннен кейін, лауазымы жоғары бір адамның баласымен сөз байласып, өзінің әке шешесімен де таныстырып үлгерген. Жігіті де қызды болашақ келін ретінде үйіне апарып тұрыпты. Үлкендер құдандаласып та қойған. Өкінішке орай, әлгі жігіт оқу бітіретін жылы нашақорлыққа салынып, құдай атқанда, дипломын да ала алмай, қаңғырып кетіпті. «Байтал түгіл, бас қайғы» деген сияқты.
Міне, осы кезден бастап Гүлжамалдың бүкіл арман-мақсаты ойрандалып, кейде мас болғанша шарап ішетін, шылым шегетін, аузына келген сөздерді айтатын нашар мінездер шығара бастаған. Егер достарымен көңіл көтермесе, көңілі күрт төмен түсіп, үн-түнсіз отырып қалатын әдетті де содан бері шығарып алыпты. Тіпті, бірде өле қалмақшы болып у да ішіп жіберіпті. Құдай сақтап, дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, аман қалған көрінеді. Ерке қыз бала жасынан еңкейіп ештеңе істемегендіктен, қыз болып, көк инені көзге түртпегендіктен, үй шаруасына ебедейсіз, ең жаманы – ниетсіз болып қалған. Жалпы, бастық болуға лайықты. Қызметіне берік, мақсатына табанды. Солай бола тұра өзінен көп үлкен адамға тоқал боп тигеніне кіші жеңгесі осы күнге дейін таңқалып жүр екен.
Айкүміс осы сырды естіген соң жас келіншек туралы он рет ойланып, тоғыз рет толғанып, енді гүлдейін деп тұрған уақытында өмір ызғары соғып өткен осы бейшара жанның жүрегіне аз да болса бір шаттық сыйлағысы келді. Әйелдер мерекесі таяп қалғаны да жақсы болды. Соған орай Гүлжамалға қандай ерекше сыйлық алсам екем деп, ұзақ ойланды. Ақыры, ыңғайлы ештеңе таппаған соң, сувенирлер сататын дүкенге баруды жөн деп тапты. Қолы бос. Нұрсұлтан «Балдырған» деген қазақ бөбекханасына берілген. Гүлжамал сол таяқ жеген күні үн-түнсіз өз бөлмесінде жатып-жатып, кешкі ас ішуге үстел басына келіп отырған. Әдеттегісіндей, тіп-тік күйінде ұзақ отырды да, бір кезде:
– Мені кешіріңіздер. Ағат кетіппін. Нурикті қазақ балабақшасына берейік. Қазақ – қазақ болып өсуі керек қой, – деген болатын.
Қасымбек пен Айкүміс мәз болып шаттанып қалған…
Айкүміс сувенирлер сататын дүкенді ұзақ аралады. Көкейіне қонатын бір сувенир табылсайшы! Іздегені – жай сувенир емес, ерекше статуэтка.
Үмітін үзіп, енді кетуге айналғанда бір статуэткаға көзі түсті. Мынаны қара! Керемет! Жүрелеп отырған жас ана кішкентай ұлдың маңдайынан сүйіп отыр.
Статуэтка күміспен күптелгендей. Ана мен бала Күн нұрына малшынып, бақытты өмірдің байнесіне айналып кеткендей. Көлемі де, көркі де көз тартарлық осы статуэткадан артық сыйлық бола ма?!
Айкүмістің талғамы алдамайды екен – осы сыйлықты көргенде Гүлжамалдың қуанғанын-ай! Айкүміске оның сондағы келбеті өзін-өзі нағыз ана деп тұңғыш рет түйсінген әйелдің бейнесіндей болып көрінді. Шындығында да мүсіндегі келіншектің шаш қою үлгісі Гүлжамалдікіне ұқсаушы еді.
– Міне, ұлың мен екеуіңнің мүсіндерің мына жерде тұрады! – деп, Айкүміс статуэтканы қонақ бөлмесінің төргі бұрышында тұрған тумбаның үстіне қойды. Терезеден түскен күн сәулесімен шағылысқан ана мен бала мүсінінен шашыраған нұр бүкіл үйдің ішіне таралып бара жатқандай.
Гүлжамал кабинетінде отырған күйеуін шақырып: – Айкүмістің маған сыйлаған статуэтканы көрші! – деп, қуана хабарлады.
Қасымбек кәдімгідей қомақты статуэтканы екі қолдап көтеріп тұрып, тағанына жазылған жазуды дауыстап оқыды. Онда: «Гүлжамал! Ұлыңмен бірге ұлы мақсаттарды бағындыр! Айкүміс» деп жазылыпты.
– Шындығында маған қатты ұнап тұр! – деді Гүлжамал. Жанарында жас пен нұр қатар толқып тұрғандай.
– Өйткені, ананың балаға деген махаббаты – бәрінен күшті. Сондықтан да аналар барлық адамға мейірімді болады, – деген Айкүміс, ана мен бала мүсінін Қасымбектен алып, орнына қойды. – Қараңдаршы, адамға тән барлық қасиет осыған сиып тұрған жоқ па?!
– Иә. Дұрыс айтасыз, – деді Гүлжамал…
Әйелдер мерекесінен көп өтпей-ақ, сәуір айының басында Гүлжамал отыз жасқа толды. Оның мерейтойы қаланың ең жақсы мейрамханасында өтіп жатты. Міне, осы сәтте Қасымбек те Гүлжамалға ең үлкен тосын сый жасады. Ол өзінің құттықтау сөзін айтып тұрып, қолындағы автокөлік кілтін көкке көтеріп:
– Менің жүрегімнің кілті Гүлжамал жанымның қолында ғой. Ал, мынау мерейтойына өзім мінгізген көлігінің кілті. Бұл кілт те өзінің қолында болсын! – деп қызыл бантик тағылған кілтті Гүлжамалдың қолына ұстатты. Жиналған жұрт айғайлап, ысқырып, орындарынан тұрып қол шапалақтап, Қасымбекті көтермелеп тастады.
Осындай шаттықты да шарапатты сәттер Гүлжамалды мүлде өзгертіп, ол енді ибалы да, инабатты қазақ әйеліне ұқсап келе жатыр еді, бәленің бәрі Раушаннан шықты. Әлі есінде, Қасымбек екінші әйеліне үйлене салысымен-ақ Айкүміс Оңтүстік Кореядағы қызына хат жазды. Ол хатта күйеуінің екінші әйел алу себептерін барынша түсінікті етіп, баяндауға тырысқан. Раушан да бәрін ұққандай болып, тіпті, жазғы, қысқы демалыстарына келіп-кетіп жүргенінде де ешқандай қырыс қабақ көрсетіп, артық сөз айтқан жоқ болатын. Ол Нұрсұлтан інісіне Кореядан не түрлі керемет ойыншықтар мен сыйлықтар, киім-кешектер алып келетін. Өзі қашан қайтып кеткенше бауырына жиі-жиі назар аударумен болатын.
Кейінгі келгенінде оқуын тәмамдағанын, енді бір жыл іс-тәжірибелік жұмыстары бар екенін айтты. Екі-үш күндей достарымен қыдырып, содан соң фирмадағы кішкентай күнінен таныс адамдарға барып жүрді. Солардың біреулері әкесіне және тоқал шешесіне қарсы үгіттеген болуы керек – жаз күніндей жайдары қыз бір күні қаңтардан жаман қаһарланып келді. Келе салып, әке-шешесін өз бөлмесіне шақырып алды. Сөзін көп созбай, бірден өз байламын айтуға көшті.
– Папа, сен артымда мұрагерім жоқ дегенді сылтау етіп, ұялмай-қызармай жап-жас әйел алдың. Менің шетелге кетуімді ғана күтіп жүр екенсің. Айтпақшы, сонда жіберген де өзің ғой. Менің аңқау, маубас мамамды әбден басынып, пластилинше илеп алыпсың. Жүрегі жұмсақ адамды осылай қорлауға бола ма екен?! Мен сенің екінші әйел алғаныңды естігенімде, қалай назаланып, жылағанымды білесің бе? Ондағы жолдастарыма да айтқам жоқ. Не деп айтам?! Ал мұндағы достарымның бәрі біліп алыпты. Ұят пен намыстан өртеніп кете жаздадым. Мен енді, мынандай шешімге келдім. Саған мамам да, мен де қажет емес екенмін. Мамам қартайыпты, мен де қыз бала болғандықтан, мұрагерің болып қала алмайды екем. Ендеше, біз бұл жерден, бұл үйден не іздейміз? Міне мен, сондықтан, мамамды алып Сеулге кетейін деп отырмын. Ал сен жас әйеліңмен, мұрагер ұлыңмен осы жерде бақытты өмір сүре бер! – деп зорға тоқтағанда, Қасымбек пен Айкүміс бірінің бетіне бірі қарап, тастай болып қатты да қалды. Қыздарының жүріп-жүріп өзгере қалғанына таңданып отыр ма, әлде, «шешемді Сеулге мүлде алып кетем» дегеніне абдырап қалды ма?
Алдымен ес жиған Айкүміс болды.
– Айналайын қызым-ау! – деді ол сазырайып отырған Раушанға телміре қарап, – Кеше ғана жап-жақсы едің, аяқ астынан қалай құбылдың? Мен саған жағдайдың бәрін айтып, тым ұзақ хат жазбап па едім. Сен бәрін түсінгендей болып, жып-жылы жауабыңды бермеп пе едің? Енді, мұның не?
Раушан: – Әкем менен рұқсат сұраған жоқ! – деп дүңк ете түсті.
Осы кезде бағанадан төмен қарап, жер шұқылап отырған Қасымбектің қатты өксіген дыбысы естілді. Ол қос алақанымен бетін басып алыпты. Ащы өксігі еңіреуге ұласты. Айкүміс оны жұбатуға ұмтыла берем дегенде, бөлмеге Гүлжамал кіріп келді.
– Не боп жатыр мұнда? – деді ол бұларға шошына қарап.
Раушан орнынан ұшып тұрып, оның алдына жетіп барды.
– Осының бәрі сенің кесірің!
– Мен не істеппін?
– Сен… Сен жап-жас басыңмен менің әкемнің басын айналдырып, тиіп алдың. Байлығына қызықтың. Енді шешемнен де, менен де құтылғың келіп жүр. Кеше кешке «Менің анама неге біртүрлі қарайсыз?» дегенімде, «Шеше керек болса, алып кет» дедің ғой. Ал, міне, алып кетейін деп тұрмын.
Гүлжамал состиып тұрып қалды да: – Жоқ, сендер кетпейсіңдер, мен кетемін! – деп, шалт бұрылып шығып кетті. Оның артынан Қасымбек пен Айкүміс қатарласа ұмтылды. Естері шыққан екеуі келіншекпен ұмар-жұмар қабаттасып, бөлмесіне бірге кірді. Жарты сағаттай жалынып-жалпайып отырып, осында қалуға зорға көндірді.
Бұлар Гүлжамалдың қасында отырғанда, Раушан үйден кетіп қалған екен. Айкүміс қызына қайта-қайта телефон шалса да, ол ешқандай жауап бермеді. Тек бір аптадан кейін ғана, өзінің Сеулде екендігін жазып жіберіпті. Басқа ештеңе айтпаған. Айкүміс пен Қасымбек қыздарының өздеріне деген өкпесі мен ашуы көп ұзамай-ақ тарқайтынына, алыста жүріп сағынғаннан кейін, іс-тәжірибе мерзімі аяқталған соң, ұясына қайта оралатынына сенімді болатын. Бірақ, амал қанша, бес-алты айдан кейін-ақ Раушан өзінің сол жақта тұрмысқа шыққанын, қызметке орналасқанын хабарлады. Бары сол ғана. Мекен-жайын да жазбаған.
Қасымбек пен Айкүмістің содан бергі өмірлері қара түнекке еніп кеткендей. Жалған дүниенің жарығынан да жеріп болғандай. Жап-жас кездерінде шын сүйісіп қосылған өте тату жұбайлардың арасы бұл күндері әбден суысып кеткен. Бір-біріне айтатын да еш нәрселері жоқ. Қасымбек болса, тоқалының илеуіне әбден көніп, айтқанынан шыға алмайтын халге жетті. Бұрынғыдай көңіл көтеруге де, қыдыруға да, той тойлауға да көңіл хошы жоқ. Бар ермегі – баласын жетелеп, соның көңіл ауанымен саябақтарға ертіп барып, ойын ойнату, тирге апарып, нысана атқызу.
Міне, бүгінге дейін бір үйдегілердің бәрінің өмірі осындай біркелкі, күңгірт күндермен өтіп жатыр…
Айкүміс жан баласынан жасырып келген, өзгеге айтпақ түгілі өзіне де сыр қылып сақтаудан қорланатын барлық ащы мұңдарын Мейіз құрбысына өз әлінше баяндап берген. Ол кешқұрым үйіне қайтарында: – Мейіз, мен енді олармен бірге тұра алмаймын. Қасымбекпен ажырасамын. Дүние-мүлкімді заңды түрде бөліп аламын. Әкемнен қалған ана жекежайды Нұрантайға қалдырамын. Бұл – менің сертім! – деді.

* * *

Жалғыз тұрып жатқанына екі жыл болыпты. Сыңғырлаған үш бөлменің ішіндегі заттардың бәрі өзіне ғана тиесілі. Басқа біреуге аз да болса қатысы бар бір зат жоқ. Сіресіп тұрған қымбат жиһаздар мен әдемі картиналарға да ешкім қызықтап қарамайды. Ойлап отырса, осы заттардың ішіндегі анау төсегі мен креслосы, мынау үстелі мен орындығынан басқаларының бәрі өзіне де керегі шамалы екен. Айтпақшы, теледидар мен кір жуатын машинасы бар екен ғой! Е-е, кітаптары ше?! Ермегі теледидар болғанда, сырласы кітап емес пе?! Теледидардан мына әлемде не боп жатқанын біліп, ел жаңалықтарын естіп отырады. Өзіне ұнаған бір-екі телехикаяттарын қызықтайды. Ал кітап деген жарықтықтың қасиеті – өмір сырлары мен адам тағдырларының қоймасындай, тіпті, ішкі жан дүниеңді жаңартып, түлетіп тұратын данагөй досыңдай. Ол, әсіресе, жалғызбасты адамның жақын жанашыры ғана емес, өмір сапарында жол бастап отыратын жетелеушісі, жүрекке нұр құятын жарылқаушысы. Бір Аллаға аян, бала жасынан өскен, бақытты, бақытсыз күндерін өткізген үйінен тағдыр жазуымен безіп, жүрегінің жартысындай жақсы көрген жан-жарымен заңды түрде ажырасып, оның жас тоқалымен бет көріспестей кетісіп, дүниесін бөліп алып, жаңадан салынған зәулім үйден үш бөлмелі пәтер сатып алғаннан бері кітап оқу дегенің өзінің ең басты құмарлығына айналыпты. Кейде күн кешкіріп кеткенін сезбей қалып, қара көлеңкеде кітапты әлі оқып отырғанын байқағанда, өзінің көз жанарының әлі қартаймағанына қуанып, масайрап та қалады. Бұл да бір Алланың рақымы емес пе?! Көзі ғана емес, өне бойының ауырып-сырқайтын бір тұсы жоқ. Қол-аяғы балғадай. Тәуба! Жұмысына уақытында барып, уақытында қайтады. Көлік жүргізуідің хас шебері. Жақында Кореядан келіп-кеткен қызымен күйеу баласы мұның көлік жүргізу шеберлігіне таң қалып, мақтасты ғой. Қазақтың кең байтақ даласы мен асқар тауларын, айдын шалқар көлдерін, адам таң қалар тосын табиғаттары бен тарихи орындарын кәріс күйеу баласына көрсетейін деп, оның үстіне туған Отанынан алыста жүрген қызын да армансыз аралатайын деп, жиырма күндей өз көлігімен алып жүрді ғой. Тау мен тасқа, оқалақ-шоқалаққа қарамайтын, жол таңдамайтын жуанбел көліктің рөлінен бір түспеді-ау, сонда! Айтпақшы, кәріс күйеу баласы қазақ тілін кәдімгідей үйреніп алыпты. Өзі Айкүмісті «Ай-апа» деп атайды. Сірә, Раушан үйретіп қойса керек. Қызы анасының тым кітапқұмарлығына қайран қалып, таңдана берген соң, реті келіп тұрғанда көрсетіп қалайын деп, өзінің ой түйіндерін жазып отыратын қалың дәптерін оқуға ұсынды. Раушан соны оқып отырып, бір күлді, бір жылады. Күлгені – мұның кейбір адамға деген пікір-көз қарастарында әзіл аралас сөздер көп, жылағаны – бұл жазбаларда анасының өз өмірі туралы және әкесі жайында алуан түрлі ой байламдары бар. Әкесін жамандау, даттау жоқ, көбінесе оның мінез өзгерістеріне психологиялық талдаулар жасалған.
Қарап отырса, қызының діні өте қатты сияқты. Өйткені, ол оқып отырған қалың дәптерде әкесінің қатты сырқаттанып жүргені туралы сөздер мен оның аман-сау жүруін жаратушы иеден жалынып сұраған тілектері де бар еді. Қызы соны оқығаннан кейін: «Папам ауырып жүр екен ғой» деді де, дәптерді ары қарай оқып кетті. «Қандай ауру?» деп сұрамады да. Өзін мойнына мінгізіп, әлпештеп өсірген әкесі емес пе – барып жолығып, көңілін сұраса қайтер еді?! Құтты бір жүрегі тас болып қатып қалғандай, көңілін сұрамақ түгілі, ол туралы аузын да ашпайды. Өзі мұздай суық сөздер айтқанда, сол әкесінің қалай еңіреп жылағанын да көрді ғой. Әкесі… Ол да бір басы дуаланып, жүрегі жұлмаланып қалған сорлы емес пе?!
Ақыры кетіскен соң, ат құйрығын кесісейік деп, бұл өзіне тиесілі бүкіл байлықты бөліп алғанда, Қасымбек тарылып, қызғанар деп еді, жоқ, керісінше, ең соңғы рет қоштасып тұрғандарында: – «Өз үлесіңді әділ, таза алғаның жақсы болды. Алмай кетсең, менің мойныма ғана емес, жүрегіме де жүк болар еді» деп, мұның шешіміне рахмет айтқандай болып еді. Сонда бұл оның бет жүзіндегі сезім сәулелерінен, көзіндегі көгілдір ұшқындардан бұрынғы жан-жарын мәңгі сүйетінін, мәңгі ардақтайтынын және өзінің өте әлсіз, аңғал, қорғансыз адам екенін мойындайтынын оқып тұрды.
Сол шақта өзінен жиырма екі жас үлкен әкесіндей кісіге тұрмысқа шыққан тоқал әйелі: «Жаялық жуып жүрген жаман қатын еді, бір байып қалатын болды ғой» деп, бір кекеп қалды. Бұл оған сөзін шығындағысы да келген жоқ, тіпті, назарын да аудармады. Тек қана оның қасында тұрған кішкентай ұлдың бетінен қос алақанымен аялай ұстап, маңдайынан сүйді. «Арлы бол, азамат бол!» деп батасын берді. Мұны көріп тұрған әкесі сол сәтте, әдеттегісіндей, өксіп-өксіп жылап жіберіп еді.
Міне, сол «жылауық кісі» жаман ауруға шалдығып, екі дүниенің ортасында жатқан көрінеді. «Жылауық» деп қазір ғана атап отыр ғой. Жиырма бір жыл бірге өмір сүргенде мінезінен бір оғаштық байқамапты. Өн бойынан бір кемістік көрмепті. Негізінен, көп адамдар өзінің шын сүйген адамының көрнеу тұрған мінін байқамайтын көрсоқыр ғой. Керісінше, кейбіреулер жек көрген адамының елеусіз мінін де бірден көріп тұрады. Тіпті, міні болмаған күннің өзінде, оның жүріс-тұрысы да, киген киімі де сөйлеген сөзі мен күлген күлкісі де жүрегін айнытып, жынын келтіреді.
Кенет үйдің телефоны шырылдады.
Айкүміс орнынан тұрып тұтқаны көтерді.
– Сіз Айкүміс Баймағамбетқызы боласыз ба?
– Иә.
– Мен онкологиялық ауруханадан хабарласып тұрмын. Сіздің бұрынғы жолдасыңыз – Қасымбек Бектұров өте ауыр жағдайда жатыр. Келіп, жолығып кетуіңізді сұрайды. Келгеніңіз өте дұрыс болар еді.
Айкүміс аңтарылып тұрып қалды да, аурухананың мекен-жайын сұрады.
Ауруханаға жедел жеткен Айкүміс бұрынғы күйеуін көргенде, мүлдем танымай қалды. Төсек үстінде ұзынынан сұлап тірі аруақ жатқандай. Бұрынғы қызылжирен өңінен азғантай да белгі жоқ. Оңған шыттай боп-боз. Әбден арыған ірі денесінде бір жапырақ ет қалмаған сияқты – төсекпен-төсек, көрпемен-көрпе боп жатқан қу сүйек.
– Айкөш… – деп, әлсіз үн шығарып еді, арғы жағын айтуға шамасы жетпей, ернін жалады.
– Иә, Қасеке, мен келдім, – деді Айкүміс төсек қасындағы орындыққа отырып жатып. – Қалайсың?
Қураған ағаштай қолынан ұстады.
– Айкөш… менің уақытым аз… Сен мені кешір… Екі дүниеде… Сенің сеніміңді ақтай алмадым… Мен… Мен өзіме бейіт соқтырып қойдым… ана тоқалым тонап алмай тұрып… Осы дерттен өлетінімді біліп… Жоқ… Мен сен кеткен күні-ақ өлген болатынмын… Рас… Өлген болатынмын… Бәрі зая… Зая…
Ауыр науқас Айкүмісті ғана күтіп жатыр екен, ақырғы сөздерін айтып болып, бір ышқынды да, кеудесі бір көтеріліп, бір басылып барып, үзіліп кетті.
Айкүміс бұрынғы күйеуін құшақтап, жыламады. Тек қана: «Кештім!» деген бір сөзді үш рет қайталады да, алақанымен ақырын сипап, ашық қалған көзін жапты…
Қасымбек тірісінде өзі салдырып қойған бейітіне жерленді.
Өзі айтқандай, оның жан дүниесі мен арман-мақсаттарының бәрі тірі кезінде-ақ өліп қалған болатын. Ал, Айкүмістің оған деген пәк махаббаты мен ақ тілектері де марқұмның өзімен бірге көмілді.

Пікір қалдыру