Әлібек Асқаров. ОДАҒАЙ ОҚИҒА

Родина лучше видится на расстоянии, из далека.
И.С.Тургенев

 

– Мынау ескі суретті қайдан алып жүрсің? – деді менің ел жақта түскен бір топ фотосуреттерімді ақтарып отырған Байғали.
«Ағамыз нені айтып отыр» деп мен оның қасына жақындап, иығынан аса үңілдім.
– Е, мынау ма? Былтырғы фото ғой… Былтыр жазда ауылға барғанда Көрқарағайда түсіргем.
– Көрқарағайда дейсің бе?
– Иә, Көрқарағайда…
– Былтыр дейсің бе?
– Иә, былтыр…
Байғали иығынан төнген маған бар денесімен бұрылып, бажырая қарады. «Осы сен не деп тұрсың» дегендей сұраулы жүзбен бірер сәт қатты да қалды. Қашанда жүзінен мейірім есіп тұратын сыйлас ағайдың бұл оғаш қарасы мені тіл-жағымнан айыра жаздады.
– Иә, иә! – дедім мен Байғалиға емес, суретке ақтала шұқшиып. – Былтыр жазда түсіргем… Шілде айында болатын.
Байғали қайыра басын бұрып, шарасы жоқ шаршаған жандай ауыр күрсінді.
– Ау, Байеке, бұл суретке соншалықты мән бергеніңіз не? – дедім, енді мен таңданыс білдіріп.
– Біліп тұрмын, бұл сен түсірген сурет емес, қайдан алғаныңды менен жасырып тұрсың-ау, шамасы? – деді де, ағамыздың көзі күлімдеп маған қулана қарады.
– Жоқ, Байеке, олай демеңіз? Сізді алдап мені қара басып па? Былтыр жазда өзім түсіргем… Оллаһи!
Ағамыз жаңа көріп тұрғандай мені бастан аяқ бір шолып өтті де:
– Сен өзі мына кісілердің кімдер екенін танисың ба? – деп, фотосуретті желпілдетіп қолыма ұстата берді.
– Жоқ, танымаймын… бірақ бұл ақсақалдармен кешкі ымыртта кездесіп, костер жағып, от басында әңгімелескенім рас.
– Сен, інім, «мен, мен» деп өбектей бермей, бұл суретті қайдан алып жүрсің? Соншалықты құпия емес шығар, жасырмай айтсаңшы? – деп, Байекең ендігі мезетте шындап кейістік білдіргендей болды.
– Ой, көке, айттым ғой, өзім осы соткамен түсіргем! Мына Айфоныммен! – деп мен қалта телефонымды куәлікке көлденең тарттым.
Байғали бәрібір менің өңештеген уәжіме сенген жоқ, көзілдірігін сүртіп, фотосуретті көзіне қайыра тақады да, ұзақ шұқшиды. Айтқан сөзімнен қайтпасымды ұқтырып, мен оның иығынан төніп тырп етпей тұра бердім.
– Мынау кісі сенің арғы бабаңмен бірге туған Танабай деген атаң болады, бала кезімде талай көргем. Мына кісі де есімде… Төреғали ақсақал ғой! – деп Байғали оң жақтағы екеуді саусағымен шұқып көрсетті. – Ал қырын қарап қалған мынау кісіні әзер шырамытып отырмын… Түр-пошымы ертеректе Секер таудың арғы етегінде тұрған Есалы шалға келеді екен. Иә, сол шығар… Орманшы болатын. Ол кезде менің ер жетіп, азамат боп қалған шағым. Кейінгі бір қыста шаңғымен тауда келе жатқанында ерте оянып кеткен шатун-аюға тап болып, қаза тапқаны есімде.
– Қызық екен… Менің бұл кісілерді көргенім де, танысқаным да рас, Байеке! Бірақ өзім таудан шаршаңқырап түскен соң ағаларымның аттарын жазып алуды ескермеппін. Костер басында олардың әңгімесін тыңдап отырғанда, бір заматта көзім ілініп кетіпті. Содан таң ата бірақ оянғам. Мен тұрған кезде ол кісілер ізі-қайым орындарында жоқ, кетіп қалыпты.
Байғали менің айғағымды тыңдамаған секілді, өзімен өзі күбірлеп сөйлесіп кетті.
– Тегі, ол заманда да цветной сурет болған екен-ау, а? Жарықтықтар, бәрі де ескінің қарақұлақ қариялары, салтанатты үлкен көштің адамдары еді ғой… күркіреп өткен ақбура ақсақалдары болатын. Кәдімгі тірі жандардай-ақ мына суретке көк-жасыл бояумен айқын түсіпті! – деді де, басын изектеп таңдайын тақылдатты.
– «Ол заманы» несі? Бұл кісілер өліп қалып па еді? – дедім мен әлі де дәнеңе түсінбей.
– Сенен соны сұрап отырмын ғой, «бұл ескі суретті кім түсіріп жүр» деп. Сен адамды шатастырып «мен-мен» деп өзеурей бересің? Оданда есіңе түсірші? – деді Байғали енді маған өтінгендей болып. – Көненің көздеріндей бұл кісілер атам заманда, менің бозбала күнімде өліп қалған. Одан бері жарым ғасырдан астам уақыт болды, сүйектеріне баяғыда қына біткен шығар! Ұқтың ба?
Байғали иығын кере терең демалды, алыстан толғап түйінді сөзін маған енді жеткізгеніне риза болғандай.
Мен тіл-аузым байланып, қолым дірілдеп суретті қолыма ала бердім. Апырмау, сонда мен нені есіме түсірмекпін? Ақылымнан әлі алжасқам жоқ, өткен жазда бұл суретті өзімнің мына қалта телефоныммен өзім түсіргенім рас. Ешқандай өтірігі жоқ, шыққан күндей шындығым осы! Бәрі де есімде, бәрі де жадымда, қалай жүріп, қалай тұрғаныма дейін көкірегімде күні кешедей сайрап тұр. Сол сапарда тау-тас, орман-тоғайды аралап табиғат көркін тартқан көптеген суреттермен бірге топтап, қалаға қайтып келген бойда қағазға да шығарып қойғанмын. Байекең ақтарып отырған фотоальбомға да жапсырғаным сол сурет-ті.
Сонда бұл қалай болғаны? Шақша басты шарадай қылар одағай әңгіме, таза мистика ғой мына жағдай!
Шынын айтсам, Көрқарағайдағы әлгі жұмбақ кездесу адамның миы жетпес тылсым құбылыс екенін өзім де сезіп, көптен бері қарадай күдіктеніп жүруші едім. Ақыры басымды албаты қатыра бермей, ол оқиғаны мүлдем ұмытуға тырысқам, көңіл төрінде жылы жауып тастағам. Байекеңнің әңгімесі соның бәрін қайта көтеріп, шаңын қағып қайыра жаңғыртты, менің күдігімның негізсіз еместігін растағандай болды.

* * *
Былтырғы жыл еді ғой, иә, былтырғы жазда болатын. Шілденің ми қайнатқан шіліңгір уағы. Астанадан Алтайды аңсап арнайы келген біз ой мен қырды армансыз аралап, Шабанбай төріндегі Қаумыш көлінің жағасынан бірақ шыққанбыз. Қасымызда бастаушымыз – Катонқарағай Ұлттық табиғат паркінің бас директоры Ерен Жұмағұлов досымыз, Алматыдан «Мектеп» баспасының бастығы, аудармашы-жазушы Ерлан Сатыбалдиев құрдасымыз, Астанадағы «Аударма» баспасының директоры, жазушы-журналист Қайырды Назырбаев ағамыз бен Ұлттық парктің егерь екі жігіті бар, бес-алтауымыз қырды асып, белді басып кештетіп көл жағасына да жеткенбіз. Жеткен бойда мініс аттарымыздың терін суытып, көк шалғынға арқандадық та, жадағай тепсеңге палатканың бірнешеуін жарқырата тігіп тастадық.
Екі арада егерь жігіттер ақшасын беріп, көлдің арғы бетіндегі Далынтай тепсеңінде отырған қойшыдан бір тоқтыны өңгеріп алып келіпті. Ішіміздегі сыйлы қонағымыз Ерланға бата жасатып, жігіттер тоқтыны ілездің арасында жіліктеп сойып та тастаған. Ортаға жерошақ қазылып, қазан көтерілді. Төстік қақтап, шарбы майды бауырға орап кәуап дайындасты. Піскен кәуап тілді таңдайға жапсырғандай дәмді шығып, малжаң қағып рахаттана жегенбіз. Мұндай жеңсік ас жолан жігіттердің құлқынынан ішімдіксіз қашан өткен… Табиғат аясында жақсы демалуымыз үшін жар салған жақсы тілектер айтылған, ұрандаған елірме тостар көтерілген.
Егерлер айдаладағы еркекқос тірлігіміздің мәнісін алдын-ала ескеріп, барынша дайындалып-ақ келген екен. Дастарқанға қажет ыдыс-аяқ, пышақ пен қасық дегендей асай-мүсейдің бәрін салдырлатып қоржындарынан шығарысып жатты. Мұндай жабайы тірлік, төтенше жағдайға әбден әккі болып алғандары іс-әрекеттерінен көрініп-ақ тұрды.
Келген күні ортаға лаулатып костер жағып, әңгіме соғып түн асырып барып төсеніштерімізге қисайғанбыз. Келесі күні салт аттармен жер көріп, жайлау қыдырдық, уылжыған табиғат көркін әр қырынан суретке тарттық. Ботатірсек бала күнімізде қошақан қуып қой жайған, майрағай да тайрағай балғын шағымыз өткен таныс жерлерді араладық. Құс ілдіріп, аң шалдырған бозөкпе жастығымыз өткен саңғал тау мен сеңгір жоталарды шарладық. Алыс қалған сол жылдардан Майжүрек адырындағы балабал тас есіме түсіп, жігіттерді шұбыртып, ол жаққа да барып қайттық. Шүкір, қолына кесеге ұқсас ыдыс ұстаған, шиырған мұрты бар балбал сол баяғы орнында екен. Атам заманғы бәдізшінің қолынан шыққан өнер туындысы белуардан жерге батып қисайыңқырап тұрды. Бабалардан қалған бұл тасмұра Ерлан құрдасымыздың көңілін толқытып жіберді ме, ол жайлап аттан түсіп, балбалдың шаң басқан қасбетін орамалымен мұқият сүртті. Сосын қасында біршама уақыт үнсіз тұрды да, басын бір шайқап, ойға батқан күйде қайыра атына мінген. Біз қаламгер досымыздың Алтайға алғаш келіп, атажұртының киесіне мінажат еткен жан толғанысын айтпай-ақ түсінгеміз. Осылайша төр жайлаудың уыздай ажарын қызықтаумен екінші күнді де батырған едік.
Өз басым әр жазда ауылға келген сайын өмір кітабын қайта парақтағандай тебіренетінім бар. Осы жазда да сол кітабымның кейбір беттерін жаңадан жазғандай күйге түскен едім. Бұл бір шыбынсыз жаздың жаңбырсыз, жаныңды жадыратқан мамыражай ашық күндері болатын.
Үшінші күні Ерен бастаған топ ерте сәріден аттарын ерттеп, мойнағаштай иілген айдынды көлдің теріскей басына балыққа кетті де, мен әр нәрсені сылтауратып қос басында қалып қойдым. Екі күндік жүрістен атсоқты болған қара саным сазып, өне бойым біреу езіп тастағандай дел-салмын. Содан түске дейін тырп етпей ұйқы соқтым.
Түс әлетінде сығырайып палаткадан шықсам – Қайырды мен Қайрат деген егерь жігіт екеуі көк шөптің үстіне қызылды-жасылды дастарқан жайып тастапты. Өздері дастарқан басында салдай шалқып шай ішіп, әңгіме соғып отыр. Алдарында тоқаш пен кәмпит, тұздалған қияр, қарақат тосабы мен буы бұрқыраған бір табақ ет. Дастарқанның молдығы ен жайлаудың келбетінде көзге тосындау болғанымен, көңілді көтеріп, жаныңды жадыратар сирек көрініс екен. Қайрат маған қарап қипақтап тұр.
– Иә, Қайреке, не айтқың келіп еді?
– Бас жазбайсыз ба дегенім ғой?
Мен Қайырдыға бұрылдым. Бұл ағамыздың денсаулығына байланысты көп жылдан бері ащы суды қойып кеткенін білетінмін. Күткенімдей-ақ ағамыз естімегенсіді, Қайраттың ұсынысын қолдай қоятын рай танытпады. Масаттана шайын сораптап, мұндай жөндекі әңгімеге қатысы жоғын сездіргендей ай далаға лаға қарады.
– Ендеше маған жүз грамм әкел, бойыма қан жүгірсін, сол жетеді. Мына ыстық күнде ішімдікке абай болмаса жағдай қиын… Ол жағын білетін шығарсың? – деп ескерттім Қайратқа. Бірақ менің ақылыма айылын жиған Қайратты көрмедім:
– Бізге бәрібір, біз бұл мәселеде ыстық пен суыққа қарап жатпаймыз! – деді де, қисалаң қағып орнынан тұра берді.
– Олай болса шәрбат судан өзіңе де құй! – дедім мен есемді жібергім келмей. – Табиғат аясындағы бұл отырысымызды мәдени шараға айналдырып жіберейік!
Қайрат сызылған сыпа жігіттің нағыз өзі екен, бұлақ басынан суға салқындатып қойған шөлмектің бірін мойнынан қылқындырып алып келді. Мөлдіретіп екі рюмкаға құйып ұсынып жатыр. Ат аяғы азар жетер мына жер түбіне рюмкаға дейін сыңғырлатып алып келген жігіттердің іскерлігіне дауа жоқ па дедім.
Қайырды шайын ішіп болған соң, бірдеңе деп күбірледі де, сопыларша бетін бір сипап созалаңдай орнынан тұрып кетті. Тағы бір рюмкадан тост көтеріп дастарқан басында состиып Қайрат екеуміз қалдық.
– Көлдің төменгі шүмегі қайда апарады? – деп сұрадым мен Қайрат рюмкелерді жинап, шама келгенше дәмнен алып, ар жағымызға ел қондырған соң.
– Білуімде, бұл шүмектің төменгі ағысын Қарайрық деп атайды. Осы өзен Шорнауаның қасынан өтіп, Шыңғыстай ауылының тұсында Бұқтырмаға барып құяды. Шорнауа жұрты оны Шу өзені деп атап жүр.
Қайрат бар денесімен бұрылып төмендегі үлкен аңғарды қолымен нұсқап өтті:
– Анау көрінген жалпақ сайдың бергі басы жадағай болғанымен, оның етек тұсы қысалаң шатқал. Ол жақта жол жоқ, қалың қорым, ат жүре алмайды. Кержақтың жүрек жұтқан балықшылары ғана жаяу барып жүр деп естиміз. Соның өзінде бір шал тасқа аяғын сындырып, екі күн бойы сүйретіліп Далынтайда отырған Мүсәйіп қойшыға әзер жетіпті. Сөйтіп жаны аман қалған екен. Сондықтан қолайсыз жер деп ол маңайға балықшылар көп бара бермейді. Тастары үйдей, бұрылысы көп, бірақ жағаны соғып шыр айналған иірімдері мол деседі. Балығы да ірі сияқты. Одан өткен соң, төменде Көрқарағай дейтін ұйысқан орман, қалың теріс бар. Біздің қазақ ол аймақты ежелден аюдың мекені санаған…
«Шыр айналған иірімдері мол, балықты жер» деді-ау мына азамат? Адамды қарадай еліктіретін мұндай әзәзіл мәлімет менің делебемді қоздырып, көңіліме желік бітіргендей болған.
– Бірер мезгіл бой жазып су жағалап қайтайын! – деп Қайратқа ескерткен болдым. – Алысқа ұзамаспын, осы төңіректе болам.
Қайрат «қазір талтүс, балық қаппайды, босқа әуре боласыз ғой» дегендей жаны ашығандық танытып жатыр.
– Енді қашанғы борсып палаткада жата берем, тым болмаса бой жазып сергіп қайтайын? – деп ақталдым мен.
Қайрат біліп айтқан екен, күн дегенің шыжып тұр, тас қайнатқандай шақырайған аптап. Теңіз деңгейінен пәленше метр биіктегі мына таулы өңірде күн шуағы шашыңды өртеп жіберердей ашты, таңдай кептірген өткір. Жан-жағы түтілген мақтадан гөрі ешкінің түбітіне ұқсаған селдір бұлттар көкте дамылсыз жөңкілгенімен, олардан пәлендей пана жоқ, көлеңке түспейді. Көл маңайы зіл тыныштық, бидайықтың үкісін желпіп, үп еткен желден де ада. Мұндай аптапта ызыңдаған шыбынға дейін қайда жоғалғаны белгісіз, айнала құлаққа ұрған танадай. Тек шегірткенің ми қажаған мазасыз шырылы ғана маңайға жан бітіріп, мынау меңіреу өңірде де тіршіліктің барын сездіргендей.
Көл жағасын қанша айналдырғаныммен балық құрғыры қаппады. Қармаққа байланған кәдімгі қара шыбынды божылдаған сона түстес жасылға ауыстырдым. Аздан соң ирелеңдетіп тірі жылаушанмен салып көрдім, қармағыма шырылдатып шегірке ілдім – бәрібір тірлігім бос әурешілік болды. Балық атаулы мені жатырқады ма, әлде олар да ыстықтан ығып тереңге түсіп кетті ме – белгісіз. Амалым жоқ, ендігі кезекте көлді тастауға тура келді. Балықтан әлде де үмітімді үзбей өзенді жағалап, етек жаққа құлдадым. Көлден ағып шыққан ақөркеш шүмектің екі бүйірі жадағай төскей, табаны жылмағай жазық екен. Асау өзен аңғар бойымен күміс шашбаудай мың бұратылып, анау төменде бұлдыраған көк мұнарға сіңіп жатты.
Айғайлаған дауысқа жалт қарасам, Қайырды екен. Шөбі шүйгін күнгей қағырда қымыздық пен саумалдық теріп жүрген сияқты. Бірдемені көрсетіп дауыстап сөйлеп жатыр. Не айтқанын ести алмасам да, түсіндім. Қымыздық жейік, бүлдірген терейік дегендей ишара ғой. Мен қос қолымды қайшылап, маған ештеңенің керегі жоғын ұқтырып, бос емес екенімді жеткіздім.
Қаншалықты үміттенгеніммен, көлдің төменгі шүмегінде де балық қаппады, тым-тырыс. Әлде балықшылық тәжірибем жетпей жатты ма, әйтеуір балық біткен бұл өзенді тастап басқа жаққа ауып кеткендей.

* * *
Иірімнен иірім қуалаймын деп қостан әжептәуір алыстап, көп төмендеп кетіппін. Не заматта басымды көтеріп қарсы алдыма қарасам – жалпақ сайдың тұңқима тұйығына да жетіп қалған екем. Әр тұста селдір бұта, сұйық тал, адырмақты қыр жағында шоқ-шоқ күрең тобылғы. Сардиған сайдың екі жақ төскейін қымтай жапқан көкорай шалғын телегей теңіздей толқиды. Ғылым тілінде «альпі шалғыны» деп күпитіп жататын тау алқымындағы құйқалы белдеуіңіз осы! Несін айтасың, жер шырайы көз тоймастай келісті-ақ екен, самал желпіген бұйра желеңіне қызыға да, құмарта қарайсың. Нағыз пішендіктің балғын шөбі! Ат сауырынан келетін жауқазын шүйгін, барқыт бел, қайтіп көркіне сүйсінбессің! Өкініштісі сол, қазіргі кезде бұл маңайдан ешкім пішендікке шөп шаппайды, мал да жаймайды, ауылдан тым жырақта жатқан соң бұл жақта малды да қыстатпайды. Мал демекші, жалпы осы жайлауларға мал шықпағалы да көп жылдар болған екен. Ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздікке аман-есен қол жеткізіп, көк туымызды көкте желбіреткеннен кейін, нарықтың жөні осы екен деп оған дейін жиған-терген берекеміздің біразынан айрылып қаппыз. Ұрандатып-шулатып жүріп көп дүниені босқа шашып алыппыз. Қазына байлығымыз текке рәсуа болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барыпты. Соның кесірін кейінгі отыз жыл бойы тартып келе жатқанымызды мойындамасқа амал жоқ. Шаруашылықтарының шып-шырғасын шығармай ұстап отырған колхоз-совхоздарды бірер айда түгін қалдырмай таратып жібердік. Малдың бәрін қылдай етіп жекеге бөліп тастадық. Сол шаруашылықтармен бірге әр ауылдағы МТМ, ондағы ауылшаруашылығы техникалары – бәр-бәрі қолды болды, құрып кетті. Тілімдеп белгі салып, шошайтып қада қағып жерді де кескілеп бөліп тастадық. Тіпті ауыл мен аудандағы жарқыраған мәдениет үйлеріне дейін жекелерге қалдық құнына арзанға сатып, балаларды өнер мен білімге баулып жатқан ол жердегі түрлі үйірмелермен қоса кітапханаларды да жаптық. Жекелер болса қолына тиген малды көктен түскен олжадай көрді. Оларды жаудың малындай күнде біреуін сойып жеп, оның аяғы бітіп бермес тойларға ұласты, қалғаны бартерлік тәсілмен араққа сатылды. Енді біреулердің қолға тиген малын ұстап тұруға шамалары келмеді. Алтайдың алты айға созылған қытымыр қысы бар, малға шөп шабу керек, азық қамдау керек, қора-жай жөндеу керек дегендей. Ол үшін техника қажет болды, ал дәл осы ретпен ауылшаруашылық техникасының баршасы әр үйге таралып кеткен соң, жекелер күш біріктіріп ұжымдасуды, жұмыстарын қалай жалғастыруды білмей, адасып қалды. Сөйтіп, қоғамның мыңғырған малы айналасы бір-екі жылда жоғалып тынды, техника атаулы қосалқы бөлшек таба алмай, ақыры көбісін тот басып, шіріп-тозып, бірер жылда олар да күйреп бітті. Дәл осы Катонқарағайдың сол кездегі әкімі Жәнімқан Құндызбаев бұл оспадар ұйғарымның ақыры қазақ ауылдарын құрдымға апаратынын түйсігімен түсініп, шаруашылықтарды бей-берекет таратпай жасырып қалыпты. Совхоздың аттарын өзгертіп, ұжымдық топтар құрып біраз уақыт ұстап бағыпты. Бірақ ол қулығы аудандағы кейбір жандайшаптардың жеткізуімен әшкере болып, облыстағы волюнтаристік санадан әлі арыла қоймаған әпербақан әкімдер Жәнімқанды орнынан жұлып тастағаны есімізде. Сол жылдарғы сорақы саясаттың салдарынан бұл өңірдегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы күрт нашарлай бастаған. Содан жаман-жақсылы болсын қоғамдасып өздерінше ғұмыр кешіп, уыздай ұйып отырған халықтың іргесі сөгілді. Ауылдарда жаппай жұмыссыздық белең алды. Жұмыссыз тентіреп бос қалған жұрт тіршіліктің қамын күйттеп қалаға қарай қопарыла көшті. Халқы азайған ауылдарда біртіндеп мектептер жабылды. Ел ерге қарады, ер жерге қарады, жер елсіз қалды, ел жерсіз қалды. Мына шабындықтар секілді тегін жатқан орасан байлық, қабағат сұлулық еш пайдасыз қалың қардың астында босқа шіріді… Біз де қоғамды ақсирақтың жұтындай жайлаған сол жылдарғы қиындықтардың куәгері болғанбыз, сондықтан ол өзгерістердің көбісі көз алдымызда, бәрі де жадымызда. Бұл әңгімені малы жоқ мақпал кілемдей құлпырған мына жайлаудың жетім жатқанын көріп, соған жанымыз ашып, есімізге түсіріп отырмыз. Әйтпесе бәрі де өтті-кетті, кешегінің садақасы боп қала берді ғой. Десек те кейде ойлайсың, Тәуелсіздіктің елең-алаңында жіберіп алған өрескел осы қателіктерімізді кімнен көрмекпіз, кімнің мойнына салмақпыз? Сол жөнсіздіктердің тақсыретін созылмалы дерттей әлі күнге тартып келе жатса да, менің көнбіс қазағым бәріне шыдап бағуда. Алдарын аққа жорып, ендігі кезекте олар Алла-тағаладан қолда қалған азын-аулақ игіліктерінен айыра көрмеуді тілеумен отыр!
Жайқалған шалғындықтың етек жағы күнгелді гүліне бөгіп тұр екен, қалың өскен сарыала гүл жер өртеніп жатқандай көз жауын алады. Адамның көңілін толқытқан сұлу көрініс! Жалғанның жамалындай көркемдіктің көкесі осы жайлауда ма дерсің! Өзен бойындағы бұта-қарағанның маңайы да қып-қызыл шине гүлдері. Несін айтасыз, шілде төріндегі жайлау сипаты дәл қазір өз бабында шалқып, ұзатылар қыздың жасауындай жасанып-ақ тұр екен!
Бұрылып артыма қарап едім – көл жағасындағы палаткаларымыз көз ұшында бұлдырап, күншілік жерде қалыпты. Сол төңіректен көлбей көтерілген селдір түтін білінді, жерошақ басында түскі тамақтың қамымен жүрген Қайрат болар? Көз ұшындағы палаткаларға қарағанда ел ішінде құбыжық лақапқа айналған шатқал әлдеқайда жақыннан, барша ажарымен алдымнан айқара ашылып салған. Балықты қызықтаймын деп жүріп, мен қияндағы мына каньонға да жетіп қалыппын-ау!
Терістік тұстағы таудың таз биігінен суыр аңқиттады. Көгілдір сағымға оранған адырлы шалғайдан әлдебір сазды әуен естілген. Құлаққа жағымды, жүректің көзін ашқандай сонда бұл нендей әуен болды екен? Маңдайымнан күн өтіп, шалық тиіп жүрмесе жарар еді осы маған?
Анау бұлдыраған бұйра таулардың арғы астырты Ойманның жері, алтай дейтін түркі тектес ағайындардың жайлауы. Менің білетінім – қазаққа қарағанда алтайлық ағайындар табиғатқа бір табан жақын жұрт, олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті ежелден табиғатпен бірге бітісіп, табиғатпен үндесіп кеткен. Олар Алтайдың бір аты Құдай-тағала деп біледі де, әрдайым қол қусырып дұғасын оқып, батасын жасап, тау мен тасқа мінажат етіп жүреді. Өздері сыйынатын Алтай тауымен олардың арманы бір, сыры да бір, мұңы да бір. Олардың ырым-жоралғылары жайында мен де біршама кітаптар ақтарып, өзімше зерттеулер жасағам, алтайлық зиялы азаматтармен де тілдескем. Олар өздерін қоршаған ортаны жанды дүниедей қабылдап, тауларға аруақтай табынады, кепиет тұтады, таулардың рухы барына имандай сенеді. Судың иесі, жердің киесі барына нанады. Алтайды мекен еткен аңы мен құсының баршасын қасиет санайды. Олар Алтаймен тілдесе де, мұңдаса да біледі. Мұзтауды «Үш Сөре» деп атап, оның қысы-жазы күнге шағылысқан үш шоқылы ақбас шыңдарына Тәңірдей табынады. Тау алқымындағы кие тұтқан ағаштың бұтақтарын қызылды-жасылды лентамен әспеттейді. Тауға қарап көк биенің қымызын шашыратқыдай бүркіп шашады, отқа арша жағып, оның хош иісімен тауды жын-шайтаннан аластайды. Ол ағайындардың табиғатпен үйлесім тапқан осындай салт-дәстүріне, әсіресе өзінің Алтайына деген наным-сеніміне қызығасың да, қызғанасың да. Қалай болғанда да, таулық ағайындардың әлгіндей ырым-жоралғыларының бәріне құрметпен қарауға мәжбүрсің. Бір қызығы, алтай жұртының қос қолын көкке көтеріп, Тәңірден сұраған көп тілегі орындалып та жатады екен. Ғасырлар тереңінен алтын жіптей жалғасып келе жатқан дәл мұндай тәлімді салт-дәстүрдің, киелі рәсімдердің біздің қазаққа жетпей жатқанын ойлағанда – өз-өзіңнен назырқайсың.
Төмендегі шатқалдың өңеші ұры түскендей үңірейіп көрінген. Құрғырдың сырт пошымы бойына үрей бұқтырған қараңғы, жүрек шайлықтырғандай сұсты екен. Қалай десек те тас төбеңнен төнген ащы күннен қорғайтын қалқа осы каньонның іші екенін ұқтым. Мынау ағаштан ада, дарадай көсілген кең аңғардың бойында тастың астына тығылмасаң – бас сауғалар көлеңке жоқ. Өзен жағалаймын деп екі бетім манардай бөртіп, мөмзігім қызанақтай қызарғанын сеземін. Сипап едім, мұрынымның бір қабат терісі сыдырылып қолыма тиді. Ерінім де кезеріп, тілімделіп кетті, жалақ болудың аз-ақ алдында қалғандаймын. Дәл қазір маған мынау шыдатпай тұрған ыстық аптаптан осы қараңғы шаттың қапас көлеңкесі ғана пана болмақ.
Алдымда саздауыт көгарыш майса көрінді. Майса дегенім – жап-жасыл боп жайқалып өскен қалың сарымсақ екен. Біздің елде сарымсақтың бұл түрін «саз сарымсақ» деседі. Әдетте саз сарымсақ ғұмыры суы кеппейтін сүмелек батпақта өседі де, тамыз туа бас жарып қатып кетеді. Қатып кеткен сарымсақтың ішіне құрт түсіп тез сарғаяды. Сарғайған сарымсақтың түйдек тамыры болмаса, сабағы жеуге жарамсыз боп қалады. Қазір оның сабағы әлі балауса, қата қоймаған балдыр күйіндегі жұмсақ кезі. Манағы таңғы тамақтан соң да бірер сағат өтті ғой, дәл қазір менің ішім жылан жалағандай еді. Сарымсақтың бірер талын жұлып алып, екі бүктеп күйсей бастадым, қышқылт дәмі одан бетер тәбет шақырған. Қасымдағы қыраттың етегінен қымыздық тердім. Қыратта бек те бар екен, оның да бірнешеуін қазып, топырағын сүртіп кіршілдетіп жеп алдым. Бала күнімізде талай жеген жеміс пен жидек қой, десек те бектің дәмін ұмыта бастаппын. Шикідей жей беретін тамырдың бұл түйдегі – кәдімгі өзіміздің картоп сияқты болады. Бұта басынан көкбояу жинадым. Соңынан бүйірдегі бұлақтың қайнарынан су ішіп жүрек жалғадым. Дәтке қуат дегендей, осы жеген шөп-шалам менің ұли бастаған асқазаныма кәдімгідей талмау қорек болды.
Жарықтық, Алтай жазы қаншалықты жаныңды жадыратар әсерлі болғанымен, қыз ғұмырындай қысқа келеді. Қызығына тоймай жатып, жаңбырлатып-желдетіп қоңыр күздің қай жағыңнан жеткенін аңдамай қаласың. Иә, шындығы сол, ағайын… Ендеше мен де ит арқасы қияндағы мына торғындай төгілген жайлау көркін күнде қызықтап жатқам жоқ қой, күнде келіп жатқаным тағы жоқ. Не де болса түксие түнерген анау каньонның ішін көріп қайтайын деп ұйғардым. Сол оймен құрығымды сүйретіп, қоржынымды арқалап қорым тасты шаттың ішіне бойлап кіре бердім.

* * *
Күн сәулесі биікте көлбеп, шатқал іші алакөлеңке, күңгірт екен. Қойнауды бойлап шалқи соққан салқын самал бар, жанның рахаты осында сияқты. Таудан құлап аққан долы өзеннің көбік шашып, сыз бүріккен салқындығы сезіледі. Шаттың кіре берісі бөтен бір әлемге бастағандай тар қапас, қабан шошқаның азу тісіндей ақсиған жартастар. Екі бүйірі жалама құз, көкке шаншылған шапшыма шың, қарасаң басыңдағы бөркің түскендей. Жықпылға тартқан жылым жолы жоқ, кейде тұяқты аң салған қылдырықтай сүрлеу ғана нобайланған. Бірақ ондай сүрлеудің өзі суды жағаламай, қия тартып тау қойнауына сіңіп жатты. Өзен жағасы бұлың қаққан бұлтарысы көп шоғыр-шоғыр қорым. Қорымның ар-арасымен аттап-бұттап, тарбаяқтап жүре алмай біраз әуреге түстім. Жан-жағын анталап жартастар қысқан тар аңғарда күркіреген тау өзенінің дауысы да жаңғырығып, өрескел қатты шығады екен.
Ойлағанымдай-ақ, күн түспеген көлеңкелі жерде балық та жақсы қаба бастаған. Оның үстіне балықтың қабатын мезгілі де жетті ғой, күн дегенің бесіндікке еңкейіп қалыпты. Ірісін қоржынға салып, ұсағын қайыра өзенге жіберумен болдым. Әлі де өсе түссін, көбейсін, кейінірек мен болмасам басқа бір балықшының адал ниетіне бұйырар… Адал ниет демекші, ел жаққа келген сайын байқап жүрмін, біздің жақтың қазағы әлі күнге балықтың қадіріне жетпеген тәрізді. Қармаққа ілінгеннің бәрін «мынау кесек екен, мынау ұсақ екен» деп іріктеп-сұрыптап жатпайды, бас-көзсіз қоржынға тоғыта береді. «Шабақ қой, өссінші» деп табиғатқа аяушылық таныту, майда шабақтарды қайыра суға жіберу қадеттерінде жоқ. Бұл жөнінен менің жерлестерімнің аңшылық құмарлықтары таудың тағысынан бетер.
Ақпандағы бурадай буырқанып жатқан тентек өзеннің жартасты соғып, шыр айналған иірімдері молынан екен. Әдетте бас айналдырған мұндай иірімдердің тереңінде хариус қана емес, тәймен де болуы ықтимал. Бірақ тәймендей азулы жыртқыш мен ермек еткен шыбынға да, мармышкаға да қақпайды, жылаушан мен шегірткені де місе тұтпайды. Әккі балықшылар оған тышқан салады, немесе қармақтарына шабақ іліп ауласады.
Шүкір, арада өткен біршама уақыттан соң арқалаған қоржынымды жарым-жартылай балыққа толтырғандай болдым. Бәріне де нысап керек, қоржынды көтеріп жүру де оңай шаруа емес, ұстаған осы олжам да бүгіндікке жетер! Осыған да бек ризамын! Иірімнен иірім қуалаймын деп, жолы жоқ балдырғанды-қурайлы бытқыл ішінде діңкем әбден құрыпты. Екі тізем қалтырап қалжырап қаппын. Тіпті, күннің қалай батқанын да аңдамаппын-ау!
Әдетте мұндай алагеуім аңғар бойында таң кеш атады, ымырт ерте түседі, түні сағыздай созылған ұзақ келеді. Бұдан ары кешіксем – қараңғы түсіп, мына тараң дүзде қаңғырып қаларымды ұқтым. Қараңғыда басқаның да, балықтың да қызығы жоғалады. Балық та жыбырлаған тіршілік иесі ғой, сенің қармақтың ұшына ілген жылаушаның мен шыбыныңды иіскеп білмесе, олар да тастай түнекте түкті көрмейді.
Осындай оймен көңілдің көк дөненін тізгіндеп, елерген екпінімді сабырға шақырғандай болдым. Дамылдап есімді жинап, айналамды шолуладым. Өзеннің арғы бетінде – қарсыдағы қорымнан тас домалады. Тегі, қорым биігінде таутеке мен бұғы сияқты тұяқты аң жүрген шығар? Әлде «маймақ апамның» өзі ме екен? Етек тұста кең көсілген қара орманды айлапат алқап байқалды. Таңертең Қайрат айтқан Көрқарағай дегені тегі осы болар? Ойпырмай, сонда мен балықтың соңынан желпілдеп жүріп атышулы бұл жерге де жетіп қалғаным ба? Көрқарағайдың арғы жағында алақаттанған жолбарыс жон, саңғал таулар, ақбас шыңдар мұнартады… Расында да, жұрт біліп айтады екен. Мына Көрқарағайдың жайқалған орманы жоғарыдан қарағанда тұңғиық көсілген, көз суырған шалқар теңізге ұқсаған. Алыстан-ақ байқап тұрмын, бойына мұң шақырған шұңқыр-шұратты бай мекен, байтақ атырап. Ит тұмсығы батпас сойқан тайга. Тайга дегенің жазық жердің жөнтек тоғайы емес, зеңгір көкке найзадай шаншылған зәулім қарағай мен самырсын, бойына қорқыныш бұқтыра түнерген қара орман. Бұл жақтың қазағы тайганы «теріс» деседі. Терістің іші аң-құсымен қоса балқарағай, қарақат, көкбояу, саңырауқұлақ, көкбүлдірген сияқты жеміс-жидекке де бай. Терістің арасы айқыш-ұйқыш жығылған мыңжылдық ағаш, сида бұтақ, мүк басқан қожыр тас, балдырғанды-қурайлы шым-топырақ. Мына Көрқарағайың да еңсеңді езіп жіберетін әлгіндей тайганың көкесіне ұқсайды. Айғайлаған атына сай өзі де бойына әлдебір беймәлім сыр жасырғандай, сырт нұсқасы көрдей қарайған жатбауыр әрі айбынды. Атының өзі адамды елең еткізгендей-ау, шамасы! Ұйқыдағы жанды серпілтіп, көңілге үрей шақырғандай. Қазақ дегенің осы ғой, ат қойып, айдар тағуға келгенде алдарына жан салмайды-ау, жан салмайды!
Жүректің қыл пернесін шерткендей төмендегі сұңғыла сұлулық – бір жағынан сұмдық суық сурет екен. Қараған жанды сабырға, тәубесіне шақырғандай. Жаһанға жайылған табиғаттың алапат аясы сенің көбелектен де кетеу, шыбыннан да қауқарсыз екеніңді мегзегендей. Табиғат деген тылсымға толы ерек дүние, жұмбағы көп ересен әлем екенін еріксіз мойындатқандай.
Қарағайлы қалың орманды күргейлей қоршаған күдері жондардың биігінде батар күннің кешкі жалқыны қызара бөртіп ойнағанымен, төмендегі кең алқаптың табанын түн түндігі тұмшалай бастапты.
Балықтың желіктірген құмарымен жүремін деп, мен шынында да тым шығандап, көл жағасынан көп ұзап кеткенім санама енді жеткен. Масқара, сөйтіп жүріп шатқалдың шығар аузына да келіп қаппын-ау! Енді не істесем екен? Бүйір жаққа көзім түсіп еді, дәл қасымда алтын тамырдың тұтас плантациясы жайқалып жатты. Әлі шілде айы ғой, тамырдың пісе қоймаған уағы, бастары енді ғана гүл жарып бозара бастаған. Шырқау биікте қалықтаған күйкентай көрінді. Бір орнында дірілдеп қозғалыссыз аз-кем тұрды да, саршұнақ көрді ме екен, келесі бір мезетте төменге сорғалай жөнелді.
Сонымен, расында да мен енді мен не істеуім керек? Қайда барып, қай жерге тоқтасам деймін? Алдым қылқанды қалың орман, күншілікке созылған апайтөс алап. Артым шайтан сирағын сындырғандай қия-тас, мыстан жыра, өзім жүріп өткен қиралаң жол. Бар болмысыммен сезіп тұрмын, шатқалды өрлеп қайта қайтып кетуге менде дәрмен жоқ, сілем қатып тәлтіректеп, жығылудың аз-ақ алдындамын. Әупірімдеп етектегі қара орманға түсіп, мәуелі бір самырсынның түбіне қонып шықсам қайтеді? Ондайда ақырған аюы қалың, сілеусін мен қасқыры жортқан жат түзде ит-құсқа жем болып жүрмеймін бе? Ондай қауіптің барын да ескермеске болмайды! Ендеше қай жағын таңдасам екен?
Шамам құрып, қасымдағы көк тастың біріне сылқ етіп отыра кеттім.
Неге екенін білмедім, жон арқам шымырлап, әлдебір бұлдыр түйсікпен алаңдап оң жағыма бұрылайын… Алдымен шолпыдай сылдыраған тұма бұлақ көзіме түсті. Бұлақтың екі жағасы ұйысқан тал мен қарабұта, одан жоғарыда ұзаққа созылған жадағай сай нобайланады. Сайдың басында тал арасынан бір көрініп, бір жоғалып қорбаңдаған әлдебір мақұлықты байқап қалдым. Көзімді сүртіп қайыра қарадым… О тоба, мынау аю ғой!
Өгіздей өңкиген әлдебір сары аю емпең қағып төмен түсіп келеді екен, соңында ерткен қос қонжығы бар.
Жүрегім тас төбеме шықты. Шашым басыма симай тікірейіп кетті, киген бейсболкамды көтеріп жібергендей. Арқам бір ысып, бір суыды. Шүкір, аю әзірге мені байқамағанын, иіс алмағанын білдім… Өйткені майда желпіген жеңіл самал жоғарыға емес, сайды бойлап мен жаққа, төменге қарай лекіп тұрды. Тырағайлатып бас ауған жаққа қаша жөнелсем бе, әлде етбетімнен түсіп өлген жандай жата қалғаным дұрыс па? Қоңыр аюға қарағанда Алтайдың сары аюы шамшыл, қазымыр келеді деген әңгімені талай естігем. Оның үстіне қонжық ерткен кірекейлер өрескел қызғаншақ, кездескен жанды құтқармайды, пәрше-пәршесін шығарады. Тіпті қонжығын қорғап аюдың еркегін де қанжоса қылып жаралап тастайды деседі. Ондай ашуқор жыртқыш менің өлген боп өтірік жата қалғаныма алдана қойсын ба!
Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас деген! Мен пақырдың қапыста қақпанға түскен жері осы шығар! Қайдан келіп, қайда тұрғанымнан жаңылып, өлердей састым. Ойланып тұруға уақыт қайда, құрығымды тастай бере төменге қарай баспалап безе жөнелдім. Аяғым аяғыма жұғар емес, жаңағы әлім құрып шаршап тұрғаным да ізі-қайым жоғалған. Тастан тасқа шоршып, алды артыма қарамай, көлденең қарабұтаны қақ жара қаштым. Ырғай мен бүргенге бетті жыртқызып, жабағыдай ұйысқан қалың шалғынды жапыра жығылып-сүрініп зытып келем. Әйтеуір иығымдағы балық салған қоржынды тастағам жоқ, оны салпылдатып, құстай ұшып қауіпті жерден біршама алыстаған сыңайлымын. Сәл тоқтап, ентігімді бастым да, жалтақтап жоғарыға қарадым. Жымдасқан бұта мен талдың тасасынан ештеңе көрінер емес, қуғын жоқ сияқты. Өзенді құлдап соңымнан қуғандай болса – ол мақлұқ мені аттап бастырмас еді. Соған қарағанда өз жөнімен алыста қалғандай, өзеннің дамылсыз сарынынан өзге дыбыс естілмеді.
Жүрегімді тоқтатып, бойымды байыпқа шақырған өзімнің дүдамал топшыма да сенер емеспін. Екі өкпемді қолыма алып тағы да төмен қарай лоқылдай жүгірдім. Жүгірісіме жанымда салпылдаған қоржын көп кедергі, бірақ оны тастап кетуге қимадым. Күн беделгі әуре болып ұстаған олжам ғой, құрғырды қайтіп көзің қиып лақтырып кетерсің?
Біраз жерге ұзадым-ау, қауіпсіз жерге жеттім-ау деген кезде, тағы тоқтап демалдым. Алды-артымды абайлап, қайдан келіп, қайдан тұрғанымды бағамдап, ендігі әрекетімді ойластыра бастадым. Кері бұрылып, қосқа қайтудың жолы мен үшін мүлдем жабылды. Енді өзім іздеп барып сары аюға жем болғым жоқ менің!
Деп алақ-жұлақ етіп, екідай ойда тұрғанымда пар-р-р етіп бір құс аяқ астынан ұша жөнелген. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Шошығаннан шалқамнан құламасам да, дүңк етіп жерге отырып қалдым. Атасына нәлет, ұлар екен, қалықтап барып өзеннің арғы бетіндегі қалың шөп арасына сіңіп жоғалды.
Құстан да осыншалық үрейленіп… менің жағдайымның қиындағаны, тегі, осы шығар! Не ойда жоқ, не жонда жоқ қаңғырып далада қалғанымды қарашы! Жыртқыш аңы жыртылып айрылған анау Көрқарағай маған пана бола ма? Ертеңгі күні сабылып мені іздеген ағайын ит-құсқа жем болған өлігімді де таба алмай, айдалада көрсіз, көмусіз қалып жүрмейін!
Өзім тап болған тұйықтан шыға алмай қиналып тұрған сәтімде көзіме сонау етекте, қарақұрықтанған орман алаңқайында маздап жанған от шалынған… О, жасаған, мына көріп тұрғаныма сенейін бе, сенбейін бе? От бар жерде адам бар, тіршілік бар, қол ұшын жалғар көмек бар!
Несін айтасың, қара орманның қалың нуындағы болымсыз алау менің алаң көңіліме жарқ етіп үміт ұшқынын ұялатқан. Әлде де суішкілігім барын, дәм-тұзым таусылмағанын ұғып, жаман қуандым. Тіпті көзімнен ыршып жас шығып кеткендей болды. Қуаныштан бір мезет аюдан қашқанымды да, қалжырағанымды да ұмытқандаймын. Қоржынымды салпылдатып маздап жанған отты бетке ұстап, етекке қарай томпаң қақтым.
Тағдырға қараңызшы, енді мына мен атының өзі адамның зәресін алғандай сол Көрқарағайдан қорған іздеп бүрсеңдеп келе жатқан жайдамын. Құдай басқа салған соң бәріне де көнеді екенсің!
Жүгіре-қабына шалғыны жайқалған ат арқанындай алаңқайға жеттім-ау әйтеуір!
Иә, тәуба, аңырап алып-ұшқан үмітім ақталғандай екен! Алаңқайдың ояң тұсындағы маздап жанған оттың маңында қараң-құраң қыбырлап адамдар жүр. Екеуі малдас құра жайғасқан жайбарақат, біреуі отты демдеп ағаш салып, қызмет қылып әбігер. Олардың сөйлескен дауыстары жақындаған сайын айқындала түсті. Жақындаған сайын көлбей ұшқан көк түтіннің иісі мұрынды қауып, жыбырлата бастады. Иен орманның заң-зәкүнін мен де бір кісідей білемін ғой, бейуақта салаң етіп от басындағыларды шошытып алмай, түшкіріп-пысқырып, келе жатқан дабырымды алыстан естірте жақындадым.
Отты қоршаған үшеуі де үлкен жастағы адамдар екен, өздері мені арнайы күтіп отырғандай-ақ бейқам. Қызыл іңірде көктен түскендей болған менің келісіме таңданысты байқай алмадым. Үстеріндегі киімдері де жұпынылау, бастарындағы бөріктері де ескі үлгідей көрінді. Келген бойда арқалаған қоржынымды былай тастап, дауыстап сәлем бердім. Сосын үшеуіне де қос қолымды ұсынып, кезек-кезек амандасып шықтым. Олар да қозғалақтап, араларынан орын ұсынды. Аяғымды қайшылап, шаршап келгенім бар, өтірік бәлсінгем жоқ, ұсынған жерлеріне етектесе жалпая кеттім.
Орталарына алаулатып от жағып қойғандарымен, бұл кісілердің асылған ошағы, көтерген қазандары көрінбеді. Қайнатып қойған шайы, жайнатып қойған дастарқандары тағы жоқ. Сонда ағалардың бұлары не отырыс деп таңдандым да қойдым.
– Иа, шырағым, жөн-жосығыңды айта отыр, кім боласың? – деп сұрады мен жайғасқан соң, нәтіні батырлар әулетіне ұқсаған ортадағы мығым денелі ағамыз.
Мен ел қыдырып қаладан келгенімді, су жағалап жүріп, қос басынан алыстап кеткенімді, мына отты көріп әдейі осылай бұрылғанымды айттым.
– Жазушы едім, – деп, аты-жөнімді де қосып қойдым.
Байқаймын, бұл ағалар мен жайынан бейхабар сияқты… Өзіміздің ел ғой деп жазған-сызғанымызды малданып, бұл жақтың үлкен-кішісіне дейін атыма қанық шығар деуші едім. Тегі оным бекер секілді. Атымды естіген кезде отырған кісілердің біреуі бүлк еткен жоқ.
– Ұстаған біраз балығым бар еді? – деп, қоржындағы балықтарды көк шөп үстіне жайрата төгіп тастадым.
Бәрі жамырай жердегі балықтарға қарады.
– Қарының ашса өзің бір-екеуін отқа қақтап жеуіңе болады, біздің қарнымыз тоқ, – деді түрегеп от демдеп жүрген мұртты кісі.
– Жүрек жалғап балығыңды өзің жей бер, бізге алаң болма, сүйт шырағым? – деп келесі бір ағамыз да ризашылықпен маған бұрылып, басын изеді.
Мен жерде жатқан балықтың ірілеу біреуін таңдап алдым да, әрідегі бұлақ басына апарып ішін жарып тазаладым, мұқият тұздадым. Содан оны қашанда қоржынымда дайын жүретін жұқалтаң қатырма қағазға орап, қағазды шылқыта сулап кері қайттым. Істікпен шоқты бермен тартып, қағазға оралған балығымды солғын бозарған қозаның астына тығып жібердім. Қалған балықтарды жинап-теріп, бұзылмаудың қамын жасап, ақпайтын салқын суға салып қойдым. Енді балық піскенше уақыт бар, ағалармен жақын танысуға кірістім.
Жаңа байқадым, бұл кісілердің үстінде ескіліктің шобыт киімдері екен. Менің қасымдағы шидем шекпен жамылған толық бет, бөдене сақал шымыр шал Танабай деген кісі боп шықты. Ол кісінің басында бүркеме жалбағай, масадан қорғанып, өзін милықтата басып алыпты. Танабайдың оң жағында Төреғали деген тайжақы жамылған еңкек денелі, қарағайдай қарасұр ағай отырды. Бұл екеуі жас шамалары қарайлас, түйе құрдастар сияқты. Жарғақ бешпетін иығына жеңіл ілген қияқ мұртты Есалы деген кісі ана екеуіне қарағанда мүшел жас кіші ме дедім. Осы шүмек бет шүңкиген таразы ағай жүгініп отырған жерінен қайта-қайта тұрып, отқа демдеп ағаш салып, қызмет жасап жүр. Араларындағы Төреғалида ғана жайтабан аяқ киім, қалған екеуінің кигені кәдімгі керзі етіктер екен.
Аздан соң әңгіменің қызығымен үшеуі де менің бұл арада бар-жоғымды ұмытқан. Әр нәрсені арыдан қайырып, беріден шалып, өзара күбірлесіп-шүйіркелесіп кетті. Маған бұл кісілердің әңгіме ауандары да ерекше көрінді: бірін-бірі ықыласпен тыңдайды, біріне бірі бас изетіп мақұлдатып қояды. Кейде бір нәрсеге келісе алмай әжік-күжік сөз таластырып та қалады. Аңдып отырып, үшеуі қатарласа қалған ыңғайлы бір сәтті пайдаланып, мен алаулаған оттың жарығымен оларды суретке түсіріп алдым.
Көзім кілмиіп, ілініп кеткен екен, не заматта ояна келсем ағаларым әлі кеу-кеу әңгіме соғып отыр. Сөзге араласайын десем, олардың айтып отырған әңгіме-кебіне өрем жетер емес, маған бейтаныс әлемет, баспаған бағдар… Белсеніп бүйірден киліккенде не демекпін бұл кісілерге? Оның үстіне діңкем құрып, құр сүлдерімді сүйретіп жеткен менде олармен сыр тартып сөйлесуге де зауық жоқ еді. Ойым онсыз да маталып, сөзім тілімде тұсалып ес-ақылым шығып отыр. Әрі үлкендер отырған жерде суырылып сөз ашпай, өңмеңдеп сыр шашпай, артын бағуды бала жастан дағыдыға айналдырған қадетіміз тағы бар.
Танабай ағамыз әңгіме арасында насыбайдың бір шөкімін алақанына салды да, ана екеуіне мүйіз шақшасын жүгірте ұсынды.
Насыбай атып көңіл көтеріскен арадағы біршама үнсіздіктен соң Есалы маған бұрылып:
– Шырағым, өзіңнің сүйегің қай ел болады? – деп сұрады.
– Дәулетпін… оның ішінде Есбол ұрпағымыз, – дедім мен тақылдап.
«Есбол» дегенге ана екеуі бұрылып, Танабайға қарады. Осылар маған сенбей отыр ма деген оймен:
– Есболдың ішінде біз Мәметек биден тараймыз! – деп дауыстай қосып қойдым.
Осы кезде қасымдағы Танабай ағамыз созалаңдай қозғалақтап, маған мейірлене көзін төңкерді. Ләм деп тіл қатқан жоқ, орнынан көтеріле бере маңдайымнан бір иіскеді де, қайыра өз орнына шөге жайғасты.
– Ағалар, өздеріңіз қай жерденсіздер?
– Шыққан жеріміз Шорнауа болады, шырағым. Қазір мына қырдың астындағы ауылда тұрып жатырмыз, – деп Есалы құбыла тұсты қолымен сілтеп, бәрі үшін жауап берді.
Анау ойда ордадай елі бар, жағалай жұрты бар бұл «шорнауалық» ақсақалдар иесіз жайлаудағы қай ауылды айтып отыр? Бұл маңайдағы елдің әл-ахуалын, жердің жағдайын мен де әжептәуір білем ғой… «Мына қырдың асты» дейді, ол айтқандары қайсы ауыл болды сонда?
– Қызық екен… Бұл жақта ауыл бар ма еді?
– Бар, шырағым, ауыл бар! Үлкен ауыл…
– Ондай ауылды мен білмейді екем…
– Әзірге білмегенің де жөн шығар… Асықпа, балам, кейін оны да көре жатарсың.
Шоққа қақтаған балығымның көзі ағарып піскенінен хабар беріп, ораған қағаз бықсып жана бастаған. Жүрегімнің қарайып, қарнымның ашқаны сонда есіме түсті.
Балығымды талмап жеп отырып та алуан ойға батайын… Мені ғой, анау қос басында, көл жағасында қалған достарым сабылып іздейтін болды. Екі арада оларды әуреге салып ыңғайсыз жағдайға қалғандаймын. Олар менің қайда кеткенімнен де бейхабар-ау? Сонда қай жақтан іздемек? Айтпақшы, Қайырды құрық көтеріп өзенді құлдағанымды қыр басында жүргенде көрді ғой. Ендігі бар үміт сол ағамыздың шешімді тоқтамында болмақ… Мейлі ғой, мына жеті қараңғыда оларға қаншалықты жаным ашыса да көмек етуге менде дәл қазір қайран жоқ. Қолыма қанат байлап ұшпасам, қанша уайымдағанмен енді оларға бүгін жете алмасым белгілі. Оларды аяймын деп өзім аюға жазым боп жүрермін. Болмаса, сайрап жатқан жолы жоқ, қорым таста аяқты майып қылсам, бұта-қарағанға көзді шұқытып, бетті жыртқызып тас қараңғыда жарақаттанып қалсам қайтпекпін? Не де болса ертеңді күткеннен басқадай амал да, шама да қалмағандай менде.
Жынысты орман іші ғой, оқта-текте тоқылдақтың тоқылы, шауқар­ғаның шарылы құлаққа шалынады. Үкінің ентіккен үһілі мен еліктің әупілін де естігендеймін. Әлдеқайдан адамның сай-сүйегін сырқыратып байғыз зарлап қоя берді. Байғыз бақытсыздық шақырады деседі, іштей «зарлағаны өзіне көрінгір» дедім де қойдым. Жұрттың бұл араны аң-құсы көп аюлы мекен дейтіндері тегін емес шығар. Қалай болғанда да, қарағай-самырсынды орманның қалыңы емес пе, түнгі тымық ауада шайыр иісі аңқиды. Танау жарғандай жағымды иіс! Алыстағы бірқалыпты өзен сарыны да тұмшалаған бұл түннің құпия сыры тереңде екенін айғақтап жатқандай.
От басындағы үлкен кісілерді ауыз тұшырлық әңгімеге тарта алмай, шешіліп сырласа алмай шаршап қалғаныма өкіндім. Бұл ағаларды егілтіп, төгілтіп әңгімеге тартса – қаламгер үшін таптырмас қазынаның қайнары ғой шіркін! Қазақ сөзінің құнары да, көркемдіктің көкесі де осы үлкендердің көкірегінде сайрап жатыр! Амандық болса, таң атсын бәлем, сол кезде кең отырып шешіліп те, көсіліп те сөйлесе жатармыз. Жырдай ғып айтқандарын мұқият жазып алармын.
Балық болса да ішіме аздап қорек түскесін бе, бойым балқып шаршағаным қатты білінді. Қайта-қайта көзіме ұйқы тығылып, мазалай берді. Дәрменсіз мүсәпір күйімді білдірмей, үлкендерден ұялғанымнан біразға дейін шыдап бақтым.
– Шырағым, сен шаршаған екенсің. Бізге қарама, осы араға қисайып көз шырымын ал! – деді менің мүскін күйімді байқап қалған Есалы.
Күткенім де осы сөз еді, қоржынды басыма жастанып, бүктетіліп жата бергенде Танабай ақсақал өзі жамылып отырған шидем шекпенін шешіп, маған ұсынған. «Керек емес» деп қарсыласқаныма қарамады, «қаладан келген қаратаяқ балалар нәзіктеу болады, бүйіріңнен сыз өтіп ауырып қаласың» деп, шекпенді екі бүктеп астыма салып берді.

* * *
Күн кірпігі құлақ шекемді қыздырып, көзімді шамырқата берген соң оянып кеттім. Күн түскен маңдай алдым шым-шымдап қыза бастағанымен, арқам мұздай, дірілдеп тоңып жатыр екем. Әйтеуір жамбасымнан сыз өтпепті, астым төсекте жатқандай-ақ жып-жылы. Түндегі от әлдеқашан сөніп қалған ба, орнында шоқ түгіл қара көмір де жоқ. Көмір деймін-ау, кешегі алаулаған оттың орнын да таба алмай аң-таңмын. Жаққан отымыздан бір белгі қалуы тиіс еді, ондай ештеңе байқалмады. Айналамның бәрі желмен жайқалған көк шалғын. Түнде ағаларым отырған жердің шөбі жапырылып, кісі аяғымен біраз тапталған сияқты болатын. Оның да ізін таппадым. Тегі мен ұйықтап жатқанда біреулер көтеріп, қалың шөптің үстіне жатқыза салды ма десем, қоржыным орнында, алшымнан түсіп жатқан жерім мынау. Тіпті талшықтап өзім жеген балықтың сүйек қаңқасы да ағара шашылып алдымда жатты.
Бірақ кешегі үлкен кісілер маңайда көрінбеді. Шаршап келіп қатып ұйықтағаным сондай, олардың қашан тұрып кеткенін де аңғармаппын. Астыма төсеніш еткен Танабай ақсақалдың шидем шекпені де жоқ, көк шөп үстінде бос домалап қаппын.
Ағаларымды іздеп, алақтап айналамды шолдым. Жоғарыда тоқал тамға ұқсаған, қарағайдан қиған ауыз үй нобайланады. Дәу де болса бұл жақтың кәсіпқой аңшыларының қыста паналайтын лашығы болар. Басқадай көзіме ештеңе шалынбады, айнала қарағай-самырсынды тұнжыраған қара орман.
Басым қатып мең-зең тұрғанымда бүйір жақтан дабырласқан адамдардың дауыстары естілген. Е, бәсе, деп ойладым, кешегі үлкендер осы маңда жүр екен ғой!
Іле қараң етіп қарағайлы орман ішінен аттылы төртеу көрінді. Алыстан танығандаймын – бұлар тіпті де кешегі кісілер емес, көл жағасындағы қоста қалған Ереннің тобына ұқсаған.
Солай болып шықты да… Күншіліктен дабырлай сөйлесіп, дүрліге жеткен бұл топ – сары ала таңнан балыққа кеткен өткен күнгі өзіміздің жігіттер екен. Соңындағы екеуі бір-бір аттан салт жетектеп алыпты.
– Әне, айттым ғой… Әлекең өзенді құлдап Көрқарағайға түсіп кетті деп, айтқаным айдай келді емес пе? – деп Ерен досым қақалған, қарлыққан үнмен дауыстай жетті.
– Әлеке, өзіңді түні бойы уайымдап, кірпік ілгеміз жоқ! Тірі екенсің ғой! — деп, құлазыған кейіппен Ерлан келіп мені жаңа көргендей құшақтап жатыр.
Қасыма бипаз басып, қашанда сөзі мен ісіне сауысқаннан сақ Қайырды ағай келді. Келді де менің бар екеніме көзін әбден жеткізгісі келгендей бетіме тесіп жіберердей тесірейді. Сөйтті де, артық сөз шығындаған жоқ, басын бір шайқады да, жөткірініп өз жөніне кетті.
– Мынау сіздің мінген атыңыз, анау біреуісі Қайраттың торысы, – деді Ерен жетектегі аттарды көрсетіп. – Қайраттың өзін Қарайрықты құлдатып, сіздің ізіңізбен жібергеміз. Сіз бір жерде тастан құлап мертігіп, аяғыңызды ауыртып далада қалған жоқ па деп те қауіптендік. Ондай жағдай болса Қайратқа «тауып ал да, ағаңды көтеріп етектегі Көрқарағайдағы аңшылар қосына түсір» деп тапсырғамыз. Енді көріп тұрмыз, аман-сау екенсіз, Әлеке, соған шүкір дейміз!
Онсыз да менің күнге күйген бетім тұз жаққандай дуылдап ашып тұр еді. Жігіттер қажаса да, ренжісе де ләм деп жақ ашпадым, кінәлі жандай басымды изеп үнсіз тұра бердім. Тек қана Ерен айтқан менің ізіммен Қайрат өзенді құлдап кетті деген сөзі ғана елең еткізген. «Кешегі сары аюға кезігіп, жазған бала мерт болып жүрмесе» деп дегбірім қашты. Іштей аласұрып қиналсам да, қонжықтарын ерткен сұрапыл сары аю туралы жігіттерге ауыз ашпадым. Түз тағысы бір жерде тұрады деймісің, кеткен шығар қарсыдағы қырды асып деп өзімше тоқтам жасап, алаң көңілді байыпқа шақырғандай болдым.
Аздан соң көйлегінің етегі делегейленіп, самайынан тер сорғалап арсалаңдаған Қайрат та жетті жоғарыдан. Мені көргеніне ол да балаша қуанып, апалақтап басын қайта-қайта изектеп жатыр.
Түндегі тосын кездесу, ғайыптан пайда болған үлкен кісілермен әңгіме жайында мен ешкімге тіс жарғамын жоқ. Оқығанымыз бар, тоқығанымыз тағы бар, оның үстіне лауазымды қызметте жүрген көзі қарақты азаматпыз дегендей… Алдымен өзім бастан кешкен кешегі ахуалдың болған-болмағанына күдік келтіре бастадым. Соңынан оны шырғалаң шатқалдан шайлыға шаршаған, ес-ақылым шығып аюдан қашқан менің аусар қиялымнан туған елеске баладым да қойдым. Әлпеншек әсермен біреулерге айтып қалып, қабадай қалың жұрт өзімді жындыға балап жүрер деп те жасқандым. Содан ол оқиғаны ешқашан еске алмауға, тіпті мүлдем ұмытуға тырысқам.
Астанаға келіп, таусылып бермес жұмыстың қайнаған қазанына түсіп кеткен соң, расында да бәрі ұмытылғандай болған. Сөйтіп жүргенде үйіме Байғали қонақтап келіп, альбомды ақтарамын деп менің көңілімді тағы алаңдатып кетті. Беймаза күйге түсіріп, көргенімнің бәрі елес емес екенін меңзеп кетті. Санадан өше бастаған көріністердің шаңын қағып, қайыра жаңғыртып кетті.
Ойпырмай десеңші, мен кездескен әлгі кісілердің о дүниелік болғанына жарым ғасыр деп соқты-ау? «Сонда бұл ескі суретті кім түсіріп жүр» деп, өзі де таң-тамаша қалды емес пе! Көңілін күпті еткен сұрағына мен пақырдан тұшымды жауап ала алмай қапаланды. Қабағы кіртиіп, менің өзеуреген, тіпті қылқынғандай болған куәлік сөзіме иланбай кетті.
Байғали кеткен соң, арада бір апта өткенде-ау деймін, қолым босаған бір әредікте әлгі фотсуретті іздейін… Өзіне лупамен үңіліп бір көрейінші, паранормалды құбылыстарды зерттеуші мамандармен ақылдасайын, ғалымдарға көрсетіп, ғылыми тұрғыда дәйектейін деген оймен, сөредегі альбомды ақтардым. Басқа суреттердің бәрі бар, тек іздеген әлгі сурет қана ізі-қайым орнында жоқ. Әлде сол жолы Байғали алып кетті ме екен деп те күмәндандым. Ол ағам алмаса керек еді. Өйткені ол кісінің альбомды суретімен қоса жапқанын өз көзіммен көргем, ал альбомды сөредегі орнына мен өз қолыммен апарып қойғам. Бәрі жөн, бәрі есімде. Ендігі кезекте мен суреттің цифрлық нұсқасын іздеп қалта телефоныма шұқшидым. Жеке тасымалдағышқа арнайы сақтап қоймаған соң, бұдан бір жыл бұрынғы түсіргендерімнің бәрі автоматты түрде жойылып кетіпті.
Оу, сонда қағазға шығарған менің әлгі фотосуретім қайда кеткен? Айдың-күннің аманында, мына өрістеген өркениет заманында бұл не құпия, не сиқыр? Көзім бақырайып тұрып өзім куә болған, былайша санаға симайтын құбылыс қой бұнысы! Қалыптан тыс мұндай уақиғаның мәнісін қалай түсінуге болады? Оллаһи, өрем жетер емес!
Әйтеуір, бұл жағдай мен үшін шешімі табылмаған табиғаттың астарлы көп жұмбағының бірі болып қала берген.

Түркия, Кемер қаласы, 2022 жылғы наурыз

Пікір қалдыру