Әли ЕРБОЛАТҰЛЫ.  АЛТАЙ-ТАРБАҒАТАЙ АРХЕОЛОГИЯСЫ – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

 

Әли ЕРБОЛАТҰЛЫ

«Шығыс Қазақстан – кең байтақ еліміздің інжу-маржаны іспеттес өңір. Тәуелсіз еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан, өнеркәсібі қарыштап дамыған аймақтардың бірі. Бұл өңірде жүзден астам ұлттың басын қосып отырған Шығыс Қазақстан облысы еліміздің рухани орталықтарының бірі болып саналады».
Қазіргі уақытта әртүрлі өзгерістер барысында, тарих ғылымының зерттеулер аумағындағы деректер жүйесін қайта екшеп және оның көптеген зерттеу әдістерін жоғары деңгейде жетілдіріп, бір қызығы жаңа түсініктер қалыптастыруды, яғни кеңес заманында зерттелген мәселелерді жаңаша талаптар тұрғысынан қарастыруды талап етіп отыр екен. Өйткені, осы жағдайға байланысты ең алдымен көршілес Қытай, Маңғолия және Ресеймен шекаралас шектесетін аймақта орналасқан археологиялық ескерткіштерімізді тыңғылықты зерттеу қазірде біздің пікірімізше кезек күттірмес өзекті тақырып. Негізі Шығыс Қазақстанның тарихи топографиясына зер салар болсақ. Ондағы тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастаған тұста ел тарихының жеткіліксіз зерттелген дәуірінің бірі – Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірін объективтік шындық тұрғысынан зерттеу жұмыстың арқауы болып отыр.
Ерте темір дәуіріндегі Қазақстанның шығысы мен Батыс, Солтүстік Шыңжан аймағында антикалық және Қытай жазба деректері бойынша ондағы патшалық тиграхауда сақтары және «алтын қорыған грифтер» елі, үйсін тайпалары өмір сүрген деседі. Атап айтқанда, Қазақ тарихы және мәдениетінің негізгі тамыры терең жатқанына дәлел, ол осы Шығыс Қазақстанда орналасқан қорғандардың қыстау мен жайлауға барар жолдарда ұзақ уақыт бойы бір аумаққа жүйелі түрде тұрғызылғанын және жерлеу құрылыстары мен жерлеу тәсілдерінің, тұтыну бұйымдары мен қару-жарақтарының ұқсас келуі сол ескерткіштерді қалдырған тұрғындардың этникалық, мәдени және т.б саласынан бізге хабар беретіні анық.
Сақ дәуірі жататын голоценнің субатлантикалық кезеңінде ауа райы барлық өңірлерде де бірдей болмағандығын көруге болады. Осылайша осы қарастырылып отырған кезеңдегі табиғат жағдайларының белгілі бір аудандарда өзіндік ерекшеліктері болғандығын аңғартады. Яғни мамандардың айтуынша, оның алдындағы субареалды кезең Еуразия үшін салыстырмалы түрде салқынырақ болған еді. Әрине атлантикадан алыс болғандықтан Алтай мен Батыс Сібір аумағында ауа құрғақ болды. Мәселен, бұған Иткөл көлі терассаларындағы әктәс шөгінділері дәлел бола алады, себебі ол құрғақ климатты көрсететін бірден-бір индикатор болып табылады.
Сақ дәуіріндегі немесе геологиялық кезеңдестіру негізінде айтар болсақ голоценнің соңғы кезеңінде Шығыс Қазақстанның климаты шаруашылық қаракеттерге өте қолайлы, ауа-райы біршама қоңыржай болды. Әрине бұндай климат мал шаруашылығының дамуына сақтардың тау жүйесіне тарала қоныстануына, тіпті орташа биіктіктегі таулардың кең жайылымдарына жаппай орналасуына жағдай жасады.
Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан өңірі табиғи жағынан алып қарағанда еліміздегі ең бір қызық та ерекше аудандарының бірі болып табылады. Ол әлемдік тарихнамада өзінің сұлу табиғатымен, саф ауасымен, сарқылмас табиғи байлықтарымен, кен көздерімен ғана емес, сонымен қатар бірегей тарихи мәдени ескерткіштермен белгілі. Осы тарихи ескерткіштердің қалыптасып дамуына ауа райы да, табиғи орта да тиісті дәрежеде өз әсерін тигізетіні анық.
Шығыс Қазақстан географиялық жағынан алып қарағанда шығыс ендікте 76-87 ̊ аралығы мен солтүстік бойлықта 47-51 ̊ аралығында орналасқан үлкен аумақ болып табылады. Өлкенің шекарасы, негізінен, әкімшілік жағынан бірнеше бөлікке бөлініп отыр: солтүстігінде – Ресей Федерациясының Алтай өңірі, шығыс, оңтүстік шығысы – Қытай Халық Республикасымен шектессе, ал оңтүстік-батысы республиканың Алакөл және Сасықкөл көлдеріне дейіңгі аралыққа созылады екен. Яғни, мамандар тарапынан Шығыс Қазақстан өз кезегінде Кенді Алтай, Оңтүстік Алтай, Зайсан қазаншұңқыры, Сауыр-Тарбағатай, Шыңғыстау Аякөз-Көкпекті сынды бірнеше тарихи мәдени аудандарға бөлінеді. Олардың әрқайсысы белгілі бір мәдени-тарихи кезеңдерде осында тіршілік еткен тайпалар мен халықтардың тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқарды. Әсіресе Шығыс Қазақстан жер бедері құрамына өзіндік ерекшеліктер беріп тұратын бірнеше аудандар бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, Кенді Алтай мен Оңтүстік Алтай және Сауыр-Тарбағатай тау жоталары мен тауаралық Зайсан ойпаты сияқты ірі топографиялық орталықтар ежелден-ақ мәдени-тарихи дамуды бастан кешіргені мәлім. Сол Сауыр Тарбағатай жөнінде қысқаша тоқтала кетсек, қазақ елінің асыл мұралар қазынасында Тарбағатай өңірінің де өзіндік үлесі қомақты. Баяғы заманнан – бүгінге дейін таңғажайып рухани құндылықтарды сақтап келген Шілікті қорғандарының бірінен табылған «үшінші алтын адам», көне түркі тайпасының айтулы тұлғасы болғандығы дәлелденіп отыр. Яғни, Өр Алтаймен иықтасып, қарт Қалбамен бауырласқан киелі өлкенің көк байрақты тайпалар мекені болғандығының куәсі. Демек, дала төскейлеріндегі ғасырлар бойы күн қақтап, аяз қарыған тұнжыр тас мүсіндер бағзы дәуірлердің көнекөз шежірелері. «Қалба мен Маңырақтың екі арасы, бөрі құлан жортқан кең даласы» деп жырланған ежелгі Тарбағатай өңірінің тағылымды тарихына ортағасырлық жиһанкездер мен Еуразия шығыстанушылары аяқ басып, тылсым сырларына ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл лектегі түркітанушылар ізімен өлкеміздің тылсым сырларын ашуға бетбұрған отандық тарихшыларымыздың елеулі ізденістері қосылып отыр. Тарбағатай өңіріндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұралар ғылыми танымдылықпен зерделене түсуде. Бұл бағытта жергілікті өлкетанушылардың да ізденістері айта қаларлықтай болған.
1997 жылы республикадағы әкімшілік-территориялық өзгерістерге байланысты ірілендірілген Тарбағатай ауданының мұражайы, 2005 жылдан Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Тарбағатай тарихи-өлкетану мұражайы болып қайта құрылды.
Мұражай шығыс сәулет үлгісіндегі жеке ғимаратқа орналасқан, көлемі 636,5 шаршы метр оның 500 шаршы метр алаңында тұрақты құрылымы, қызмет бөлмелері, ғылыми қорлары және мұрағат бөлімдері жұмыс істейді.
Мұражайдың тұрақты көрмелік құрылымы тәжірибеге сәйкес, өлке табиғатын таныстырудан басталып, көне дәуірлер кезеңдеріндегі тарихи -мәдени мұраларын зерделеуге арналып жабдықталған кіріспе, табиғат, көне дәуір, қазіргі заман бөлімдерінен құралған.
Тоқсаннан астам жеке көрсетілімдер арқылы өңірдің табиғатын, көне дәуірлердегі тарихи тылсым сырларын, қазіргі заманғы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл мұражайдың заман талабына сай екендігін анық аңғартады.
2009 жылы мұражай ғимараты қайта жаңғыртылып, күмбез орнатылды. Осы күмбездің ішкі алаңына көрмелер өткізетін орын дайындау жобасы жасалуда. Аталмыш үлгі Елордамыз Нұрсұлтан қаласында Президенттік мәдениет орталығының көк тіреген көк күмбезін еріксіз еске салады.
Әлемдік өркениетте зор үлесі бар халықтың тарихи-мәдени мұраларын сақтаушы, жинақтаушы, ғылыми танымдылықпен насихаттаушы орталық, облыстық және жергілікті мұражайлар қатарындағы Тарбағатай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының да өзіндік даму тұжырымдамасы бар. Бұл үрдіс ұйымдастыру кезеңі деп аталатын игі бастамалардан бергі кемелдену жылдарында жалғасын табуда. Мұражай келушілердің рухани қажеттілігіне сәйкес қызмет жүргізуде. Негізінде мұражай өлкенің табиғаты мен оның ежелден бергі тұрғындарының қоғамдық даму іс-әрекеттерін, тарихи оқиғалардың, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін тарихи-мәдени құндылықтары арқылы қазіргі уақыттағы ғылыми мақсаттарға бағыттауда. Мұражайдың табиғат бөліміндегі көрсетілімдерге өлкені әр кезде зерттеген саяхатшы-ғалымдарының жазбалары, ғылыми басылымдардағы деректер, «Қазгипрозем» ғылыми-зерттеу институты мен Семей университеті мамандары сондай-ақ елімізге белгілі археологтарының қорытындыланған мәліметтері кеңінен пайдалануда. Ал көне дәуір бөлімінде өлкені алғаш мекендеген тұрғындардың тыныс-тіршілігінен бастап, тарихи кезеңдерді ғылыми жүйелікпен көрермендер танымына сай мағлұматтар беретін көрмелік құрылым қалыптасқан… Тарихи оқиғаларды жәдігерлер мен құжаттар топтамалары арқылы жергілікті өлкетанушылардан әйгілі шығыстанушыларға дейінгі зерттеушілердің жазбаларынан түсініктемелер, айғақтық бағыттар беріледі. Ежелгі тарихи кезеңдерді баяндауда өлкемізде сақталған б.з.д. І мыңжылдықта мекендеп, ғасырлар қойнауына кеткен ерте көшпенділердің қалдырған мұраларының орны ерекше және жетерлік. Аудан көлемінде көптеген қорымдар мен қорғандар бар. Олардың зерттелгендері арасында «Шілікті» қорғандарынан табылған мұралар еліміз бен жақын-алыс шетелдерге мәлім рухани құндылықтарға ие екендігі белгілі. Ал, Кіндікті өңіріндегі көне түркі мәдени ескерткіштерінің тарихи маңыздылығы әлі де зерттеушілерін күтіп тұрған асыл мұралар. Мұражай осындай көне мұралардың сырын ашуда түркітанушы ғалымдармен тығыз байланысып, ғылыми тұжырымдамалар жасау тәжірибесін қалыптастырып келеді. Сондай-ақ, бұл мұражайда тағы айтып кететін жәйт ол 1855 жылы әйгілі қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың қазақ даласы картасына Тарбағатай өңірінің сызбасын енгізуі сияқты көптеген маңызды деректер бар. Тағы бір игілікті шара қорындағы асыл мұраларды сақтаумен қатар, жаңғырту жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені, рухани құндылықтардың «өмірін ұзарту» мұражай ісінің басты міндеттері. Өлкедегі 1990 жылы табылған киелі қола шырағдан мұражай қорына бүлінген қалпында алынған болатын. Елімізге белгілі жаңғыртушы-академик Қырым Алтынбековтың басшылығымен жәдігер толық зерттеліп, алғашқы нұсқасындағы толық жаңғырудан өтті. Сөйтіп, б.з.д. І мыңжылдықтағы Шығыс Қазақстанның аса құнды мәдени мұрасы ретінде ұлттық руханият жәдігерлерінің асыл қазынасына қосылды. Бұл мекенде көсемдер, шешендер, әділ билер, жауға қол бастап шыққан батырлар, күйшілер, күміс көмей әншілер, ақындар, көріпкел әулиелігімен аты аңызға айналған емшілер, жауырыны жерге тимеген палуандар өмір сүрген. Ежелден табиғатына бай «Барқытбел» атанған қарт Тарбағатай ерте замандардың көнекөз куәсі. Бұл өңірде біздің жыл санауымызға дейінгі бірнеше мыңжылдықта ерте көшпенділер мекендеген. Бұған дәлел тау төскейіндегі далалардағы үйінді обалар. Қазақстан тарихи зерттеулерінде «Алтын – оба» аталып кеткен Шілікті аңғарындағы қорғандардан осы дәуірдің көне мәдениет ескерткіштері табылған. Археологиялық қазба кезінде 500-ден астам алтын бұйымдар шыққан. Бұлардың көпшілігі еліміздің ұлттық мұражайында және әлемдегі ең үлкен мұражайлардың бірі Санкт – Петербургтағы эрмитажда сақталуда. Шыбынды елді-мекені маңындағы обадан табылған барыс мүсіні орнатылған қос шырағдан, Кіндікті өңірінен түркі қағанаты дәуіріндегі тас мүсіндер табылған. Жермен елдің тұтастығын сақтап қалған ұрпаққа ұран, халқына мақтан болған Қаракерей Қабанбай, Би Боранбай, Дәулетбай бабаларымыздың Тарбағатай өңірінің тумасы екендігін, ұлы ерлігіне лайық дарабоз, батыр атануы ұрпақтар үшін зор мақтаныш. Ел қорғаудағы ұлы ерліктер Тарбағатай өңірінде өткені белгілі. Аудан жеріндегі Қалмаққырған, Долаңқара, Кергентас, Баспан, Майлышат, Құбас кезеңі, Шорға, Мауқыбай, Шаманна тағы басқа тарихи жерлер осы оқиғаға байланысты аталған. Осы өңірдегі 1826 жылы орыс патшалығына бодан болмаймыз деп алғаш рет анықтап, ашық қарсы шығып ақыры сол үшін құрбан болған Қожагелді батыр, Сатының ұраны болған Бұтабай, Маңырақ айқасында аты шыққан Байотар, ел бірлігін көксеген Сасан, Шәкі билер, Сатының биі қажы, бүкіл исі қазаққа әйгілі Тана мырза мен Кенжелі шешен, Найман елінен алғаш рет қажыға барған Шал қажы, Құрбан қажы, Әулие емші Ырғызбай, Оразбай дуана, қарадан шығып аға султан болған Қисық, сұлтандар Тарбағатай жерін мекендеген.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында бізгі белгілі ол емдік минералды суға бай екенін білеміз. Пайданылатын емдік 4 кен орнының қоры бекітілген. Олар: Рахман қайнары (тәулігіне 250 м3), арасан-талды (370 м3) Барлық-Арасан (340 м3) және құмырларға құйылатын емдік-ахналық Жеменей суы. Шығыс Қазақстан облысының жер беті ағын суына бай. Басты өзендер Ертіс және оның ірі оң салалары: Қалжыр, Күршім, Бұқтырма, Үлбі, Уба. Негізгі өзендерінің суы мол, ағыны қатты келеді. Бұл өзендердің алқаптарынан да ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер мол ұшырасады.
Соңғы уақыттарда біздің елде зерттелген ерте темір кезеңінің мәдениетін айқындайтын түрлі ескерткіштерден құнды көне жәдігерлердің табылуы археологиялық қазба жұмыстарының материалдары бойынша классификациясы және интерпретациясын, ескерткіштердің мәдени атрибуциясы мен хронологиясы, оның типологиясы сынды әлі де түйінді мәселелерді шешуге итермелейді. Сондай-ақ, тәуелсіз еліміздегі археологиялық қазба жұмыстарының зерттеулерін қарқынды дамуы гуманитарлы зерттеулерге жаратылыстану ғылымының дамуы мен техникалық ғылымның жетістіктерін ескерсек, көп ұзамай осы зерттеулердің іске асатынына толық сенімдімін.

Пікір қалдыру