Туған жерім – Құлыстай
Әлдиін тыңдағандай әр сағаттың,
Білмеймін бесігіңде қанша жаттым?
Аунатып ақ ботадай топырағыңа,
Сен мені бәйге атындай алшаңдаттың…
Бір тамшы бабам қаны тамып кеткен,
Жүрегім соғыстарда қалыпты өрттен.
Бір тамшы ыстық жас боп аунап түстің,
Көзіме сағыныштан толып кеткен.
Боз дала– ай, саумал ішіп жадыраған,
Ерке өзен көк лақтай жамыраған.
Тауларым, салма– салма бұлақтарым,
Бойынан ақ уызы арылмаған.
Саяңда, қара ормандар көз ілдіргем,
Қарақат, таңқурайын төгілдірген.
Боз жылқы шалғыныңа аунап тұрса,
Бауырынан қан ағызар қой бүлдірген.
Көп заман көңілді алтын күн қақтаған,
Қаз, үйрек қиқу салып құрғатпаған.
Сыңсиды жағасында бала құрақ,
кідей қыз бөркінде бұлғақтаған.
Мен келем дәм– тұзыңды ардақтаумен,
Ел қонып, емірене жайлап келген.
Сықылды жар төсегі қара жер– ай,
Намысқа ер жігітті байлап берген.
Менің көзім
Мен туғанда анашым ғұмыр сұрап,
«Өс — өс» — депті, денемді созып, сылап.
Ана мейірін, әлдиін, ақ мамасын,
Анадайдан таныған екі шырақ…
Осы көзбен әкеме еркеледім,
Жамандықтан бой тартып жеркенемін.
Осы көзден жарыма нұр ұшқындап,
Өмірімді жарыққа жетеледім…
Қарақаттай қап– қара қарашығым,
Бойымдағы өлшеусіз бар асылым.
Рентгендей көремін достарымның,
Саулығы мен отбасы жарасуын.
Сүйіп мәңгі өмірге берілгенім,
Қасиетті махаббат сезімдерім.
Қан төгілсе қарайып сөніп кетер,
Тыныштыққа үйренген көзім менің…
Әке сөзі
(Перзентханадан Думанды алғанда)
Перзентхана, сенен ұрпақ тарасын,
Барлық көздер сол есікке қарасын!
Күліп келіп, гүл ұстатып жарына,
Бір жас жігіт алып жатты баласын…
«Іңгә» дауысы оятқандай санамды,
Дәрігер қыз қолға ұстатты баламды.
Сағынғанда көрген мынау жалғызды,
Жасты көзбен сүймегенде не қалды?!
«Әлди – әлди», түздің желі гулесіп,
Аякөзде, тербетілді бір бесік.
Уа нәресте, тағдырыңа масаттан,
Бір перзентпен тұрғаныңа күн кешіп.
Жүрегімді «бесік жыры» жайлаған,
Арманымды ұрпақтарға жалғаған.
Көлден ұшқан балалы үйрек сықылды,
Қайта – қайта бөбегімді айналам.
Ақ сүт
Үйірімді қымыз дерттің бәріне ем,
Сар сабадан иісі аңқыған шырын ең.
Егер менің аласыма сүт тисе,
Қара нардай сусап келген сімірем.
Рахатым да, қасіретім де сүт менің,
Оразамды ашар дәмім, сүт менің.
Ақ сүтіңді бердің әзиз анашым,
Бірақ оның ақталғанын күтпедің.
Біреу сүт деп у ұсынса бүкпелеп,
Ақ жаныңды қорғауға да күш керек!
Жетім қозы сияқтымын, расы,
Ақ бұлттарға жүгіремін сүт пе деп…
Қайыршы
(Әжемнің әңгімесі)
Боз үйіне тұрғанда асылып – ай,
Әйелі өлді, қазаның жақынын-ай!
Жалғыз ұлы соңынан дүние салды,
Жас топырақ беті де жасырылмай.
Бір жоқшылық бәйге аттай
жандай берді,
Қасарысып қара шал алмай көрді.
Келе – келе жас жетіп, қартайған соң,
Қара дорба артынан қалмай қойды…
Кездері бар жалғызға дауыс салған,
Күндері жоқ тіленбей, қалыс қалған.
Рыздық үшін алақан жайса-дағы,
Ар – ожданы артында намыстанған.
Біреу басын алдынан иіп өтер,
Біреу сайқымазақ қып күліп өтер.
«Садақа» деп күн сайын зарлай берді,
Көкке қашан сорлының дәті жетер?
Есіл шалдың өмірі нала– қайғы,
Қысқа жіптей күрмеуге жарамады.
Е, қарағым – қарағым, сол пақырды,
Өлген күні қара жер аялады…
Ауладағы айтыс
Қоңыр құлын аула ішінде ерке еді,
Көк күшіктің үргені оны өртеді.
Ойнақ салып, аузын аша тұра қап,
Шалқар түсте ішкі сырын шертеді:
-Ит баласы, орның жоқ қой
бұл жерде,
Әркім жүлде бере қоймас үргенге.
Арс-арс етіп, тірсегімнен аларсың,
Жалғыз озып келе жатқан күндерде.
Күшік айтты:
-Көкжалдығым, азудан-ақ танылар,
Ауыз салсам, қазір терің жайылар,
Қан-жыныңа қарға, құзғын жабылар.
Мысық айтты:
– Азуы алты қарыстан,
Туыстарым бар, қабылан,
барыс, арыстан.
Сабаншы, сілеусін ағаларым
тағы бар,
Бөпелерім-ай, өздері болған данышпан.
Бұл айтысқа қатысқандар ақырғы,
Алты құлаш ала бұқа атылды.
-К-ка-ре-ку!
Төрт сөзді ән ғып қайырып,
Аулада әтеш мойнын соза шақырды…