АСЫППЫН ТАЛАЙ БЕЛДЕН, АСУЛАРДАН…
ӨСПЕППІН…
Өспеппін жуас болып біреулердей,
Өскеннен шығар сірә тіреу көрмей.
Аз болды айналамда қатарларым,
Жастықта өмір көрген
жүдеу мендей.
Болған жоқ алда аға, апаларым,
Білмеп ем тағдыр қайда апарарын.
Әке кетіп, тым ерте мойыныма,
Әке, аға борышын қатар алдым.
Дегендей ат сұраман жаяу тұрып,
Жазғам жоқ күтіп
жұрттан аяушылық.
Себебі шығар көрген қиындықтың,
Кей сәттер көрсетпесем баяу қылық.
ҰРЫСПАҒЫН
Жүрген бар бірді мақтап,
бірді даттап,
Мен әлі бұрыңғыдай жүрмін аттап.
Естіп, оқып барлығын ұмытам тез,
Есімде бірер сағат, бір күн сақтап.
Қалғам жоқ деп,
өмірден құр алақан,
Дәрежем жоқ біреуден сұрап алған,
Айтқаным ән боп елде
айтылып жүр,
Кезім де бар көңілден шыға алмаған.
Көрсетпеуге тырыстым, пенделікті,
Тәкаппар, билік құмар,
мен-мендікті.
Бірімін тырысқанның өмір бойы,
Болуға өз-өзіне сенген мықты.
Ұмтылғам жоқ біреуге ұқсағым кеп,
Орнымды биіктерде ұстағым кеп.
Байқалғанда бойдағы кемшілігім,
Сынаңыз, тек орынсыз,
ұрыспағын көп…
БІЛЕЙІК
Өзге түгілі оқымай өз тарихын,
Білмейтін, көршілер бар
біз танитын.
Ілесіп жалған дақбырт жазғандарға,
Айтып жүрген, ойланбай,
сөз налитын.
Тарихы болмаған деп басқаларда,
Үйреткен-ау, шамасы, жас балаға.
Өз тарихын түгендей алмай жүріп,
Сөйлейді кейбіреулер бос далаға.
Тыңдамайды басқаның түзетпесін,
Айтып салып өзінің тез өкпесін.
Әйтсе де, кей қылықтың терістігін,
Түсінер түбі біраз кез өткесін.
Қайтеміз шыдаймыз ғой бәріне де,
Тереңдей бермейікші әрілерге.
Тарих, тағдыр, қасиет адамына,
Бергенін білейік тек әрбір елде.
НАУРЫЗ
Наурызда ораза бар, көрісу бар,
Кешіріп,өкпе,назды тоғысу бар.
Алланың шапағаты,нұры жауып,
Кетпегей қазағымнан ұғысулар!
Әдет-ғұрып, дін сыйлау бабалардан,
Тербие, бүгінгіге ала алған.
Кінәлап, сынамайық ағайынды,
Кейбірінен әзірге ада қалған.
Орта, уақыт түзейді бәрімізді,
Бұзып алдық біркездер әрімізді.
Заманның діннен безіп,
тіл ұмытқан,
Кейбірі тастаған жоқ әлі бізді.
Азайғай қазағымның әттең-айы,
Наурыздай болғай көбі өткен айы.
Тілейік алдыменен бейбіт ғұмыр,
Елімнің тыныш жатқай тек маңайы.
БАҚЫТ ОРТАҚ
Бақытыңды табасың қосағыңнан,
Бақытыңды табасың ошағыңнан.
Бақытты қыл жігітім сол бір қызды,
Аттаған бір кез еріп босағаңнан.
Бақыт ортақ ұстасқан қолдарыңда,
Бақыт тапқан
қызың мен ұлдарыңда.
Бірге көріп қызық пен қиындықты,
Өткізіп келе жатқан жылдарыңда.
Бақыттысың қуантсаң жұбайыңды,
Бөлісетін қиналсаң мұң, уайымды.
Бақыт ортақ жанында жүргеніңде,
Бола білсең азамат шын айбынды.
АЛЫП САБАҚ…
Кем емеспіз біз қазақ басқалардан,
Әл-Фараби, Жошыдан бастау алған,
Бейбарыстан
Мысырда сұлтан болған,
Мәмлүк боп, әкеден жастау қалған.
Тереңнен тарайтұғын тарихы бар,
Халықпыз заман көрген
сан қилы тар,
Кең байтақ жерімізге көз алартып,
Талай бір танымайтын, танитындар.
Халықпыз жатта жау боп аталмаған,
Талай бір халықтардан бата қалған.
Өмір сүрген жер ауып келіп бір кез,
Тудырғанда біреулер қатал заман.
Алауыздан сорлады талай ізгі,
Түбіне жеткізді де абайсызды.
Алаштың абыздары жанын берді,
Жүргенде ел қылам деп қалай бізді.
Белгілі бір ағаның жазғанынан,
Айырылды қазақ Сәкен, Мағжанынан.
Мекіренген сол ағам қалып тірі,
Көп кейін өтті өмірден ажалынан.
Жетеміз әлі талай биіктерге,
Әркімнің жүр пайдасы тиіп елге.
Етіп еңбек бізде де басқалардай,
Өтеді Өз бақытын жиып пенде.
Әр ел, халық кешеді өз тағдырын,
Өстік біз сыйлай біліп сөз қәдірін.
Болар ел бірін бірі батыр дейді,
Мақтан тұтып жүрейік озған бірін.
Жамандамай біреуді алып ұшып,
Әркімді жүргей елдің ары қысып.
Алып сабақ өткеннен, қонған басқа
Кетпегей қазағымның бағы ұшып
СЫЙЛАСТЫҚ
Сыйласқан дұрыс кейде алыстан да,
Дейді бірде жақындау қарыстан да.
Қалыптасып қалады екен бірден,
Бұл түсінік адамдар танысқанда.
Сұрап ала алмайсың сыйластықты,
Сезім бойда болатын қимас мықты.
Қолдап, қорғап жүретін бірін бірі,
Сыйластық адамдарда
сый бас мықты.
Бұл бір бөлек құндылық болатұғын,
Арасына жандардың қонатұғын.
Бір бірін жақындатып жүретұғын,
Сыйластық баға жетпес дара ұғым.
ҚАЛМАСЫН ДЕСЕҢ ЕСТЕ…
Жасқанам кейбіреудің күңкілінен,
Ортаның үндемеген үн-түнінен,
Кейбіреу көрінеді осындайда,
Жандай боп өмірінен тым түңілген.
Тынымсыз тыпырлайды
пенде шіркін,
Тыныштықты табасың
сен де бір күн.
Әкетпейсің арқалап ана жаққа,
Қалады түзде малың, үйде мүлкің.
Басады екен адам қадам мықты,
Бойында сақтай білсе адалдықты.
Өлгенде де артынан сөз ілесер,
Тірісінде көрсетсе арамдықты.
Қалады есте жұртта сыйластығың,
Естелігі талай бір қимас күннің.
Аулақ жүргін қулықтан,
арамдықтан,
Қалмасын десең есте кей лас мінің.
ОЙЛАП ЖҮРЕМ…
Шаршамай келем
өтіп шабыстардан,
Көрініп арман оты алыстардан.
Жетпесем де бәріне ұмтылғанның,
Кезім жоқ өз ортамнан
қалыс қалған.
Келемін қалмай еріп қиялдарға,
Тұрғандай көрінбейтін сый алдарда.
Көңілге қанат бітіп, кетем кейде,
Биіктеп, ұшып ұзақ, қияндарға.
Мүмкіндіктің бойдағы шектелгенін,
Мойындамай,
қашан да жек көргенмін.
Әкеле жатыр ғой деп, ойлап жүрем,
Жеңістерге жетелеп өткерген күн.
БИЛІК
Адамға сын қолына билік тиген,
Көріне білу әр кез биіктерден.
Шығармау керек естен айналаңның,
Құрметін, қарап саған,
сый ғып берген.
Ұлық болсаң кішік бол, дейді қазақ,
Мүмкіндігің болса да кейде аз-ақ,
Ренжіме, көмектес, сұрағанға,
Жүрген жоқ қой
бекерге беймазалап.
Жеңесің қиындықты көппен бірге,
Бола біл ортасында өткелдерде.
Ұмытпа отыруды өзі өзіңе,
Есеп беріп ісіңе өткен күнде.
Сызат алар бір сәтте ұлағаттық,
Билік айтып, жіберсең бір ағаттық.
Басқарса қай істі де адал басшы,
Әкетер өрге тартып, туралап тік.
Уақытша билік қолда, ғұмырың да,
Ерекше мән берген жөн бұл ұғымға.
Қалады тек ісің мен алған бағаң,
Кеткенде жетіп соңғы тұғырыңа.
ЕСКЕ АЛЫП…
Қылышын талай істің сан жылдарда,
Байладым белді буып қанжығама.
Дәрежем жоқ екенін сұрап алған,
Айтқым келіп тұрады ән жырларда.
Тырмыстым мақсатыма
жетемін деп,
Көрген жоқпын біреудің
жетегін көп.
Сезіндім тұрғандай боп кей кездері,
Бағыт беріп алдымнан төте бір леп.
Болмаса да кейбірде алдым ашық,
Межелерге жеткем жоқ арып-ашып.
Сағымдай арман болып бір кездері,
Тұратын-ды көз жетпей,
бәрі қашық.
Тырыстым айналамды аңғаруға,
Сын көз барын сезініп
жан-жағымда.
Есіме сақтап өстім деген сөзді,
Дос, жолдас тап басыңда
мал барында.
Араладым талай ел ес білгелі,
Еліме тең келмейді ешбір елі.
Екенін Отаныңнан артық емес,
Біреу ерте, ал біреу кеш біледі.
Бірімін азаматтың пейілі кең,
Қараймын кішілерге мейіріммен.
Қалса деймін есінде білгендердің,
Естелік бірге жүрген кей күнімнен.
Өтіппін баспалдақтар басып аман,
Асыппын талай белден, асулардан.
Еске алып жүресің екен жиі,
Кез келгенде есейіп, жас ұлғайған.
БІР ХАЛЫҚ БАР…
Бір халық бар ежелден, ескілерден,
Өмір сүрген адамзат ес білгеннен.
Тым ұзақ, аса қиын тағдыр кешкен,
Таба алмай бақытын ешбір елден.
Тарихы өлшенетін ғасырлармен,
Атағы шыққан талай асыл жанмен,
Сақтаған ұлтын,тілін,дінін,салтын,
Жан төзгісіз азапқа бас ұрғанмен.
Жарамай кездесуге көз қаратып,
Болмаған соң қасиет өзге артық,
Қызғаныш кейбіреуде сыймай ішке,
Жүреді күңкіл, ұсақ сөз таратып.
Бұл халық мойындатты өзін әбден,
Ұрынғанға таусылса төзім, дәрмен,
Келеді өз орнына қойып бәрін,
Болу үшін елінен көзі әрмен.
Дұрыс шығар сыйлаған ұлылықты,
Халықты анасы бар,ұлы мықты,
Арқасында ананың бұл ұлт бөлек,
Өз тегін басқалардан бұрын ұқты.
Қатысы бар адам көп бұл халыққа,
Аз емес шыққандары тұлғалыққа,
Қасиетін сақтаған бойларында,
Тұратын көп өзгермей бір қалыпта.
Тіршілікті дамытқан осы халық,
Басқаларды қасына қосып алып,
Мойында,мойындама әлікүнге,
Келеді көш ілгері жосып анық.
АРДАҚТАЙ БІЛШІ
Ойланбай жылдам
сөзге ергендерден,
Уәдеге тұрмай өзгергендерден,
Жүретін, білмей, кез келгендермен,
Өзгені сынап, тез күлгендерден,
Байқам боп, балам,
аулақтай-жүрші.
Аттасы бөлек адымы бардың,
Жаныңда жүрген алғыр ұлдардың,
Өнерлі, шешен сан қырлылардың,
Ақылгөй аға алдыңғылардың,
Айтқан дөп сөзін салмақтай жүрші.
Талай бір жылдар салып із азап,
Кең байтақ жерде қалыппыз аз-ақ,
Бүгінге жеттік талып біз қазақ.
Қай жерде кім боп жүрсең де ұлым,
Қазақтың атын ардақтай білші.
ШЫДАЙЫҚ
Өзге түгілі білмейтін өз тарихын,
Айтып жүр кейбіреулер
сөз налитын.
Солардың жүрміз көріп көбісінің,
Сауатсыз екендігін біз танитын.
«Қала салып беріпті» басқаларға,
Жүріпті бәрімізді «бастап алға».
Үйретіпті «ең керек» тіл мен дінді,
Билігі жеткен елде жас балаға.
Күн кештік талай жылдар қосарланып,
Саналып қастарында осал халық.
Тыңдаудан пәтуасыз сандырақты,
Әлі де толық әбден босанбадық.
Ешкімге тіл тигізіп ұрынбадық,
Сақтай білді, шуламай,
мұңын халық.
Шыдайық буынымыз бекіген жоқ,
Болған жоқпыз аяққа тұрып анық.
ДЕП ТІЛЕЙІК…
Біз қазақпыз тегіміз көк түріктер,
Шашыраған бір кездер бөлтіріктер.
Қорғап жерін халқымның
ұлан байтақ,
Жүріппіз арпалысып, жөңкіліп ел.
Жерді жаулау болған-ды жат қиялы,
Талатын құс қанаты, ат тұяғы.
Жүріппіз жолда туып, қомда өсіп,
Жағалап, тар жол тайғақ, тап қияны.
Тарихымыз тым терең болса дағы,
Жеткен жоқ әлі бізге онша бәрі.
Деректердің көп жылдар бұрмаланған,
Біткен жоқ санамызды қоршағаны.
Біз бүгін түркілердің кіндігіміз,
Ашылды жатқан жабық түндігіміз.
Алладан деп тілейік күткен ұзақ,
Мәңгілік болғай енді бірлігіміз !
МАҢҒЫСТАУ
Өр Маңғыстау ерекше ел аймағы,
Дүниеге келтірген талайларды.
Әулиелер ұрпағы жерін қорғап,
Өзгелеу, өжет туған адайлары.
Жаңа Өзен, Шетпе, Бейнеу,
жаңа Құрық,
Ақтаудай көз тартатын қала тұрып,
Қарт Хазар сәлем беріп
жатыр мұнда,
Каспийдің толқындары жаға ұрып.
Бір бөлек ел байлығы осы жерде,
Үлесін үстемелеп қосып елге,
Қазақтың қара алтынын игеруде,
Шетелдермен, іргелес досымен де.
Шашылған тарыдай боп
талай ұлдар,
Оралды Маңғыстауға ағайындар.
Мекенжайдан шағын бір ата жұртта,
Көрініп, басқа жақтың сарайы тар.
Маңғыстау маңғаз қиян бір шеттегі,
Тарихқа сыр шертеді жыр шекпені.
Абыз Әбіш төрінде тұр қасқайып,
Бір ғасырда туатын пір тектегі.
ӘТТЕҢ-АЙ…ӘТТЕҢ
Әттең-ай, әттең ғұмырдың шіркін,
Көрермін соңғы тұғырын бір күн.
Қайтпайтын жақтың есігіндегі
Ұстармын жетіп, ұңғының кілтін.
Еске алар мені сыйласқандарым,
Көрсеткен кезек үй, дастархандарын.
Той, думан, күлкі, қызықты пенде,
Кетеді екен қимастан бәрін.
Қалмайды арттан мұң,
қайғы жылжып,
Бойыңды түбі шырмайды бір жіп.
Кетерің тастап фәниді мәңгі,
Болса да ащы шынайы шындық.
ӨЗІМ
Қымсынбай кірдім ортаға талай,
Кезім жоқ қалған жол таба алмай.
Өзіме сеніп, өтіппін бәрін,
Қиналған шақтар болса да талай.
Қалғанда кей сәт жалғыз бір өзім,
Демеді мені албырт мінезім.
Іштарлық маған көрсетсе біреу,
Қойған ба деймін тар ғып жүрегін.
Кетіп қап кейде төзімнен жырақ,
Алдымен тұрып сөзіме бірақ,
Келемін екен алдымен әр кез,
Өзімді сынап, өзіме шыдап.
Өзім дегенді ұнатпасам да,
Өзіме қойып сұрақтар қанша,
Өзгермей енді қалсам ба деймін,
Өзімді-өзім сынап қарасам да.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ





