Балапан РАБАТОВ. ШИПА СҰРАП ШЫРЫЛДАЙДЫ ШЫНДЫҚТАР

АРМЫСЫҢ, АДАЛ МАХАББАТ!

Тысында терезенің,
Тіршілік тыраңдаған.
Адамға не дер едің,
Біреуін бірі алдаған?

Әркіммен жөні келсе,
Болады достасуға.
Жан емес, сені көрсе,
Болады қоштасуға.

Мен де бір қос аяқпын,
Жер үстін шиырлаған.
Жармасып жасамақ кім,
Бақытқа бұйырмаған.

Өзімде өз бақытым,
Дәулетім, сәулетім де.
Өткен жоқ аз уақтым
Өлеңнің әуресінде.

«Жай тапсын жаны› десең,
Тастағын мені жалғыз.
Өмірден әлі бәсең
Оп-оңай жалығармыз.

Тәнім – жас, жаным – кәрі,
Тәлейім тәй-тәй басқан.
Керісіп соның бәрі
Кеудемде айқайласқан.

Көңілдің көгі мұнар,
Қаптаған қара қарға.
Дәніксе кәнігі зар,
Өлмеске шара бар ма.
* * *
Күркіре аспан, күркіре,
Сіркіре жаңбыр, сіркіре.
Күндерге ашық мас болған
Басымды менің сілкіле.

Шатырла, шалқы найзағай,
Үніңнің өктем абзалы-ай,
Түндерге түнек қас болған,
Түйреп өт мені найзадай.

Соқ дауыл, бора, бұрқасын,
Қоздырып ақын ынтасын.
Еңіреп тұрған еменнің,
Қиып өт тура қылтасын.
* * *
Сен сыйлаған қызыл
гүл қурап бара жатыр ма,
Өмір көгін өкініш турап
бара жатыр ма?
Біле алмадым, сүйіктім.

Тірлігіме тақуа, тағдырыма тасбауыр,
Келген кісі секілді
жұлдыздардан басқа бір,
Тіл алмадым, сүйіктім.

Жырдан өзге нәрсемен
салтым болып санаспау,
Тұрмысымнан жұпыны,
тұрқымнан да қораштау,
Ұялмадым, сүйіктім.
Тастан тамыр дәметіп,
үміттендім құздан да,
Қылық іздеп, жыр іздеп
қымыздан да, қыздан да,
Қиялдадым, сүйіктім.

Адыра қап арманым,
мылжа-мылжа мұңым да,
Жердің асты болмаса,
жер үстіне шынында,
Сия алмадым, сүйіктім.

* * *
Түймедейден түйедей мұң арқалап,
Қуаныштан көрмеді құмар тарап.
Өтіп жатыр өксіген ай, апталар,
Өтіп жатыр өлмеген мұнар сағат.

Қош, махаббат,
шынымен көріспей ме,
Наз-наласын менімен бөліспей ме?
Жауласқан ел жатқанда татуласып,
Ымыраға екі адам келіспей ме?!

Қош, махаббат,
көңілің нәзік неткен?!
(Оралмайды білемін, қазым кеткен.)
Дәптерімде қаларсың дәтке қуат,
Күңірен – күз, қыс – ашу,
назым – көктем.

Білмеймін, сұрамағын кімді, нені,
Көңілім неткен менің ділгір еді.
Табиғат мен секілді «ақымақтан»
Ақын жасап жатыр ма кім біледі?..

* * *
Болады деп бір тойым
айта алмаймын,
Топалаңсыз, тойсыз-ақ
тарқар қайғым.
Қазынамды қалдырмай елге беріп,
Ой-қазыққа өзімді арқандаймын.

Босағанда арқаннан қайда барам?
Қиялмен-ақ көкке ұшып, айға барам.
Маңып кетсе махаббат маңайымнан,
Мамық төсек,
мақпал қыз қайда маған?..

Болашаққа болғанмен өнер үлгі,
Біле бермес былайғы ел өлеріңді.
Күйіп-жанып жазғанмен
әйел жайлы,
«Көріктілер› көрмейді өлеңіңді.

Сарқылдаса сайқалдың сағанағы,
Әдемілік әйелге мағыналы.
Ақынсың деп,
жүрекке жақынсың деп,
Бірі ғашық болған жоқ маған әлі.

Самал сынды сәтке бір есіп өткен,
Махаббат та бейшара есі кеткен.
«Сүйем» деген бір ауыз сұлу сөзден,
Айлы кеште, ағайын, есінеп пе ең?!

Сағыныштар сарғайып қауышқанда,
Қызғанышты, қылықты тауысқанда,
Жабығасың, бәрінен жалығасың,
Махаббатың тұрмысқа ауысқанда.

Қапияда жалғанып үзген үміт,
Жоғалған жіп жаздағы күзде өріліп.
Опасыз боп кетесің одан ары,
«Біреудікі біреуге қыз көрініп».

* * *
Ай, бала, мыналардың түрі жаман,
Жөнімен қарамайды бірі маған.
Білсе егер, бошалаған мен бір түйе,
Болсын деп, әнім – есен,
жырым – аман.

Халқыма мұнан артық не беремін,
Шабытсыз шайқы
болсам не керегім?!
«Шарапты шишасымен көтергенде,
Тапқаның кәне» десе не дер едім?

Ақынның түсіме еніп аш аруағы,
Жанарым бейуақытта жасаурады.
Жанымды түсінетін жақсыларым,
Апыр-ай, шаһит болған қашан бәрі?!

Жерім жоқ сөз мәнісін жұмбақтаған,
Мен бір жан өзін-өзі құндақтаған.
Далам да, ауылым да, бауырым да,
Балам да, әйелім де қымбат маған.

Емхана… Терезеден тысқа қарап,
Тұрамын өлеңімді құсқа балап.
Ұшады жүрегімнен ауыл жаққа,
Ылайым, талмасын де қысқа қанат.
Бәрін де қой, қой, бала!
Болсақ аман,
Аспайды көпіргенмен көл сағадан.
Жатпай ма тебіреніп терең теңіз,
Тоқтау су тобықтағы сол садағам.

* * *
Ұласады бір хатыңа бір хатың,
Қыр асады сағым болып сымбатың.
Тыныш екен кешегі ойын-күлкілер,
Қиын екен қиырдағы қымбатың.

Сенесің бе, сыйынатын күні мен,
Елесің де мазалайды түнімен.
Махаббатың бола тұра біз жаққа,
Шапағатың бұйырмай ма шынымен?!

Күз де келді, жапырақтар сарғайды,
Түз де келді, түмен күдік арбайды.
Ішкен асын ақтамаса ауылда,
Кішкенесін «көгерме» деп қарғайды.

Өмір бірақ көгереді, көктейді,
Көңіл «шырақ» қараңғыны тектейді.
Алғысы да даналардың, нансаңыз,
Қарғысына аналардың жетпейді.

Күйік мынау, күнім ерте бата ма,
Сүйіктім-ау, атай көрме, атама.
Әнімізді естиміз деп той күні,
Әлі бізді тосып жүр ғой ата-ана.

* * *
Жыламашы, шек бола ма арманда,
«Жетпедім деп арманыма» қарғанба.
Шипа сұрап
шырылдайды шындықтар,
Өмір-өлең өзегімді жарғанда.

Жыламашы, шек бола ма арманда,
Көзіңді сал көлеңкелі бар маңға.
Арманына жетпегендер қаншама,
Мынау бес күн ауыспалы жалғанда.

Жыламашы, шек бола ма арманда,
Қанатың да қарлығашым талған ба.
Төзімің де тегеурінді тозып құр,
Сезімің де серпілуден қалған ба?

Бекер ғана қамығасың қарағым,
Кел жұтайық жұбаныштың шарабын.
Арманыңа дәрменің сай болғанда,
Орындалар, орындалар талабың.
* * *
Өмір атты жолы бұраң жорықта,
Қоңыр атты жолаушымыз қорықпа!
Жамыратып қозы-лағын тірліктің,
Шаңырақты көтереміз торықпа.

Алдымызда асыл аймақ, арай бақ,
Артымызға айланбайық қарайлап.
Тілегіміз бірге екенін білем мен,
Жүрегіміз бірге болса жарайды-ақ.

* * *
КӨҢІЛДЕГІ КӨЛЕҢКЕЛЕР

Ей, ағалар, ағайындар, бермен кел,
Көмескіні көңілімен көргендер.
Білместікті бір-ақ айдап санадан,
Күндестікті күні бұрын жерлеңдер.

Төзім болса кете қоймас төл есе,
Шаң қабады сайқымазақ, келеке.
«Бірлік болмай, тірлік
болмас» дегендей,
Берекесіз бола қоймас мереке.

Құрғақ қасық сияқты ма құр уағыз,
Қоянға да, жоянға да жүрді ауыз.
Бей-берекет бебеулемей, ендеше,
Беу, ақыным,
былайша бір жырлаңыз.

* * *
Ау, ағайын, сүрінсем қуанбаңдар,
(Кеше ғана кемсеңдеп уанғандар)
Атойлаған ұрыста ең әуелі,
Жығылмай ма қолына ту алғандар.

Қуанбаңдар, ағайын, алақайлап,
Не қыласың соңыма қара сайлап.
Көңіліме – кептірген терім куә.
Өміріме – жүректің жарасы айғақ.

Қуанбаңдар жығылсам, беу, ағайын,
Тұнып тұрған төгілер толағайым.
Жетегіне сезімінің ере бермей,
Етегіне шындықтың оралайын.

Ақиқатым, айбыным, арым қайда?
Нанымдарым, намысым –
нарым қайда?
Қоқаңдаған қожаның түрі жаман,
Қолбала боп кетті ме «қарынбайға».

Жығыламын, сүрінем, түрегелем,
(Елдесуге ертемен жүреді өлең).
Алаңдама, ағайын, арысам да,
Жантаятын жерімді күреп өлем.

ШАҒАЛА ШАБЫТ ШАҢҚЫЛДАП…

Бойымды түзедім бе құбылаға,
Ойымды ұғын, бауыр, ұғын аға.
Уәжімді (уағыз емес) айтылмаған,
Айтайын деп отырмын «шұғылаға».

Қайтеді, құлата ма сезім жарға,
Берейін төрелігін төзім-нарға.
Мен, сірә,
жүре алмаспын шалқымасам,
Шалқары шабытымның өзің барда.

Туылма…
Турашыл боп туыл әмән!
Құбылма,
Кесірткедей құбыл, адам…
Көмескі ой, көр көкірек,
сарсаң сана,
Сара жол ізде мынау «шұғыладан».

* * *
Отауым ұмыт болса да,
Отаным – анам көкейде.
Болмыста мынау бодаусыз,
Борышын балаң өтей ме?!

Жазғаным емес жай ғана,
Жанарым сенде, жаным пәк.
Өкпесін айтып өзіне,
Өтпесін деймін жалын шақ.

Адуын арман тұрғанда,
Қайтейін өлез өкпені.
Азамат болып ауырдан,
Аянып тұрғам жоқ тегі.

Бүгілер белі, түңілер,
Түндері түмен, күні аздар.
Керексіз ұлың болғанша,
Дерексіз кеткен мың абзал.
Керекке жарау үшін де,
Керек те шығар бұл өмір.
Әмәндә маған әз-анам,
Қарасаң болды күле бір.

* * *
Қамдансам қалам алып
халқым жайлы,
Алдымен ар-ұятым алқымдайды.
Қанымда қара теңіз тасып ерек,
«Жанымда жігер оты жарқылдайды».

Бұл қалай еліру ме, еліктеу ме?
Көрмеп ем бұрын-соңды керіп кеуде.
Дәрменің, «дәуріш бала»,
жетер ме екен,
Ерлігін бабалардың дәріптеуге.

Жетпесе неменеңе сілкінесің,
Кіжінген кімге керек ілкі десің?
«Еріңдер, ояныңдар, елім» деген,
Түсіңді түсте көрген түлкі жесін.

Кесірлер, кедергілер, көлденеңдер,
Өлсе де махаббаты, өлмегендер.
«Забайды» не қылады запыранды,
Абайдың ақылына көнбегендер.

Осылай түңілесің, таусыласың,
(Көкейде шың шағылып, тау сұласын.)
Жоныңды сана деген суық қарып,
Тоныңды торыққанда қаусырасың.

Салғаның күрең мініп «әрий-айдай»,
Көңілің көпіршиді дариядай.
Мен жүрмін ұйқы қашып,
тыным кетіп,
Оянған таң бозынан қариядай.

* * *
Кеш кірді, міне,
келмеске кетті бір күнім,
Сумаңдап суық сүйетін болды
қыр гүлін.
Ызғарлы түнмен жарасар десең жарық күн,
Сен айтшы қане, «білгірім».

Сөйлеші, қане, табиғат заңын әуелгі,
(Өмірдің бағы, тағы да саған тәуелді.)
Есерім, бірақ естіген жоқсың, сұңқылдап
Қурайдан шыққан әуенді.

Жүгенсіз ұлдан жүдеген
халық жырғай ма,
(Жүдеген жандай жүрегім менің
жүр қайда?..)
Адамнан аулақ қалып бір
қойған секілді,
Даланың зары қурай да.

* * *
Түңілме дейсің өмірден,
Түңілген жерім жоқ, тәйір.
Көмірдей қара көңілден,
Көміліп қалды көп шайыр.

Шабыт та керек шайырға,
Шабытсыз қалай күн көрсін.
Осынау елді қайырға,
Досым-ау қайтып үндерсің.

Өрендер енді келесі,
Өлеңмен өмір сүрмейді.
Ақынның сонда төресі,
Ақымақ болып жүрмейді.

Атасы жырдың Абай да,
Батасын беріп тұрмайды.
Қарая берсек қалайда,
Халайық көңіл бұрмайды…

Айырлып қалған халқынан,
Ақындық, сірә, неғылсын.
Салқыны тиген салтыма,
Сананың тауы шағылсын!

Ұмытқан елін есерді,
Қабылдап қана есіктен.
Келешек келер кеселді,
Аластау керек бесіктен.

* * *
Көзімнің алды ақ сағым,
Адасқан жанға ұқсадым.
Басымнан ауып барады,
Баянсыз бағым, бақ-сәнім.

Қаншама қиыр жол бастым,
Қаншама шиыр жалғастың.
Осының бәрін түн бойы,
Ойлана берсем оңбаспын.

Көрейін медет ертеңді,
Қояйын сезім-селтеңді.
Серігім болып сенімім,
Сүйеніш болғай серт енді.

Өзегі жалын, өрт өңді,
Жанымнан аулақ дерт енді.
Оятып жібер, періштем,
Көрейін есен ертеңді.

* * *
Шағала-шабыт шаңқылдап,
Көкірек-теңіз тулады.
Телегей мынау теңіздің,
Асты мен үсті шулады.

Жағаны жалмап жұтардай,
Долданды көңіл-дария.
Жайымды бірден сұрады,
Қайыққа мінген қария.

Ағамын, – дедім, – алысқа, –
Барамын, – дедім бір жаққа.
Шөліркеп жатқан шөлдерге,
Қаталап жатқан құрғаққа.

Тотыққан қартым толғанып:
Шапқыла, – деді, – шарықта.
Теңізден алып тізгінді,
Жіберді салып арыққа.

Шағала-шабыт шаңқылдап,
Билігін айтты биіктен.
Торқалы туған жеріме,
Кетейін дедім сіңіп мен.

Пікір қалдыру